Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

КЕЙІПКЕР ҺӘМ МАХАҢНЫҢ ӨЗІ

Осыдан оншақты жыл бұрын ғой деймін, жұмыста отырған маған Мархабат ағам телефон соқты. Әдетінше хал-жағдайымды, бала-шағаның амандығын сұрады. Сонан соң:
– Ертең күн жексенбі емес пе, қолың бос шығар, ә? – деді.
– Ептеп солай болатын шығар, – дедім.
– Шойбек, төтесінен айтсам, былай, – деді Махаң енді телефон соғуының мәнін түсіндіріп, – ауылдан келген бір оқырманым қонақ болып кетіңіз деп қоймайды, жүдә. Сол ауылға барып қайтайық. Жалғыз бару бір түрлі ыңғайсыз. Көлік таптым.
– Жарайды, Маха, қай жерде кездесеміз.
– Сағат онның кезінде әкімшіліктің алдында.
Сонымен, көк «Жигулимен» әлгі оқырманның ауылына қарай зырғи жөнелдік. Анау айтқан әңгімешіл емес мені Махаң жеңіл шымшылап сөйлейді, әңгімеге тартады. Мен болсам қазақ әдебиетінде астарлы әжуа мәнерімен ерекшеленетін жазушының кейбір шығармаларын еске аламын. Оқып отырып ризалықпен жымиясың. Жымиып отырып, ойға қаласың.
Әдемі әжуаның осындай екі қыры барына таңданасың. Әрине, әжуаның бәрі еріксіз жымитқанмен, көбі ойландыра бермейді. Ал, Махаңның астарлы әжуасы оқырманын терең ойға жетелеуінде құдіретті бір сыр бар.
Сондай көңіл-күймен Махаңның оқырманының үйіне жеттік. Амандық-саулық ұзынсонар болған жоқ, тым қысқа да қайырылмады. Сыйлас адамдардың бір-біріне деген таза пейілді ілтипаттары сезіліп тұр. Көңілге жағымды, бізге, екі-ақ қонаққа көлдей дастархан жайылыпты. Шіркін, ауылдың екі үйінің бірінде кездесетін кеңпейілдік-ай. Сол көлдей дастар-ханды жиектей төселген қалың көрпешелерге мамық жастықтарды шынтаққа ала жамбастай жатып шай іштік. Әңгіме де басталып кетті. Махаң мені оқырманына қатырып таныстырды. Таныстыруының өзінде тағы да жылы әзіл қылаң берді. Үй иесі жымиып қойды. Өзінің сөз саптауы маған таныс секілді. Е, бәсе, мәселе енді түсінікті болды. Екеуінің әңгімесінен ұққаным: үй иесі жазушының оқырманы ғана емес, көп кейіпкерінің бірі секілді ме, қалай өзі?
Жамбастай жатып әңгімелесу маған ұнады. Біртүрлі әсерлі. Бәлкім, жазушы мен кейіпкердің әңгімесі елітіп әкетті. Әйтеуір, басқаша сезімге бөлендім. Махаңның шығармалары туралы басқаша ойлай бастадым. «Қызық, – деймін іштей – Мархабат Байғұт ағамыздың кейіпкерлері тіріліп кетіптіау. Және олар өздері прототип болған шығармалардың оқырмандары. Мұнысы да қызық» Әлгінде келер кезде жөндеп назар салмаған екенмін. Қайтар жолда байқадым, ауыл маңының көркі кереметтей көз тартады. Машинаны тоқтатып қойып төбе басына шықтық. Әрі кейіпкер, әрі оқырман жазушы-ны қимай тұр. Әңгіме әлі де егіл-тегіл ағылып жатыр.
– Міне, сіз суреттеген көрініс. Мынау гүлдердің де, барлық өсімдіктің атын жақсы білесіз, – дейді оқырман.
– Анау қырлардың арғы жағында, тау сілемдерінің етегінде менің ауылым Пістелі жатыр, – дейді жазушы.
Маған да бұл табиғат көрінісі таныс. Махаң шығармаларындағы суреттеу арқылы тіпті етене таныс. Оқыған кезде көз алдыма қалай елесген болса, қазір сол күйінде көріп тұрмын.
Оқырман ауылынан сондай бір басқаша оймен, басқаша әсермен оралғаным бар еді. Бұдан кейін де Махаңның бірталай әңгіме, повестері жарық көрді. Оқып шықтым. Кейбір шығармаларындағы кейіпкерді айнытпай таныдым.
Махаң оқырмандарының бірі – марқұм Беркін Қалмағанов ағамыз болатын. Табынатыны Абай мен Мұқағали еді. Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан секілді мықты жазушыларымызды да оқиды. Кино өнерін жіліктеп талдап-саралайды. Ептеп жазатыны бар. Сол Бекең 90-жылдары Махаңмен танысып, аралас-құралас жүрді.
Бірде Бекең түрлі тақырыптарды әңгіме етіп отырды ба:
– Осы Мархабаттың шығармалары тереңірек зерттеуді керек етеді, – деп бір тоқтады.
– Шынында да, деймін оның пікірін қостап.
– Өзінің мінезі қиындау секілді.
– Оның шығармаларына да баға беру оңайға соқпайды.
– Оның шығармаларына айтылған сындарды да байқап жүрмін. Белгілі бір қалыпқа салынған пікірлермен шектеле береді. Ауыл өмірін жазатын жазушы деп Бейімбетке теңейді. Бірақ соның бәрі де дәл емес. «Шел» деген әңгімесін оқыдың ба?
– Оқыдым. Былай жазылуы күрделі көрінбегенімен, шоқтығы биік шығарма. Заман лебі тудырған типтік бейне жасалған онда.
– Қоғамның шелі ғой, қоғамның. Ешқашан көркемдігі көнермейтін, шырайынан айырылмайтын шығарма. Ой айтып қана қоймайды, ойлантып тастайды оқырманды.
– Бұл да айтылып жүрген пікір ғой, – деп қалдым мен.
– Мені де қай бір жеріне жеткізіп айтатын сыншы дейсің. Сондықтан ғой, Мархабатты тереңірек талдап зерттейтін біреу болса деп отырғаным.
Осылай деген Бекең: «Байқайсың ба, оның кейбір шығармаларында мінезі қиындау кейіпкерлер баршылық, тура өзі секілді» деп өзінің алғашқы ойын шегелей түсті.
– Бір қызығы, Махаңа сырын айтқан адам уақыты келгенде оның кейбір шығармаларында мінезі қиындау кейіпкерлер баршылық, тура өзі секілді деп өзінің алғашқы ойын шегелей түсті.
– Бір қызығы, Махаңа сырын айтқан адам уақыты келгенде оның кейіпкеріне айналып шыға келеді, – дедім мен.
– Ондайы да бар көрінеді, – деді Бекең.
– Әсіресе, хат арқылы сырын ашқандар шабытын қоздырып жібереді-ау деймін.
– Сондықтан, шығармалары өмірден ойып алғандай, шындыққа жақын әрі әсерлі.
– Өмірдің шындығын бәріміз білеміз. Байқаймыз, көріп те жүргендейміз. Бірақ, соны жеріне жеткізіп жаза алмай жүрміз ғой.
Жазушының бәрі Мархабат емес. Шынында қазақ әдебиеті қадау-қадау дарынға кенде емес. Бірақ, солардың бірін асыра мақтаймыз, енді бірін білсек те білмегенсиміз, енді бірі туралы мүлдем ауыз ашпаймыз. Солардың әрқайсысының өз оқырманы бар. Бірінікі көп, бірініңкі аз.
Осыдан үш-төрт ай бұрын денсаулығым болыңқырамай қалды дей ме? Өзі сенің қай жерің ауырады?
– Байқамай, өзіміз сатып алатын ауру ғой, Маха.
– Қайдам, біз барлық сырымызды айтып қоямыз, сен жасырып жүресің, әйтеуір, – деп алып Махаң мені неге іздегенінің мән-жайына ауысты.
Телефонның бергі жағында тұрып ойландым: «Барлық сырымды біліп қойсаңыз, бір кейіпкеріңізге айналып кетіп жүрермін. Одан да сәл-пәл құпиямды сақтай тұрайын» деп.
Осы қағидасымағымды іштей ұстанғандықтан болар, біз жиірек араласқан он алты-он жеті жылдың ішінде Махаңа бір де бір хат жазбаппын. Дегенмен, есімде қалған бір жәйт күні бүгінге дейін өзімнің күлкімді келтіреді. Махаңның қарамағында, ішкі саясат бөлімінде қызмет етіп жүргенмін. Жұмыс мәселесімен болмашы нәрсеге келіспей қалдық. Кәдімгідей ренжіп қалдым да қызметтен кетпек болып өтініш-хат жазып бастығымның алдына тастадым. Махаң оны оқымады да. Сөйтіп, оның кейіпкері бола алмай қалдым.


Шойбек ОРЫНБАЙ,
Жазушы

«Шамшырақ», №42-43, 2005 жылғы, 27-мамыр.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу