Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

МЫНА ЗАМАНҒА ЖАЗУШЫ КЕРЕК ЕМЕС ПЕ?

Жазушы Мархабат Байғұтпен сырласу қадірлі Мархабат аға!

Сіздің шығармашылығыңыз жайлы баспасөз бетінде пікір айтуды көптен бері ойға алған едім. Ия, Сіз туралы майталман сөз зергерлері мен ақын-жазушылардың, сыншылардың, ғалымдардың арнайы мақалалар, пікірлер, рецензиялар жазғанын жақсы білемін. Сіздің жылы юморға құрылған, кейіпкерлердің ішкі психологялық сезім иірімдерін өзіндік нақыштарымен аша білген туындыларыңызды барша оқырманның шынайы қабылдағанын да әбден сеземін.
Дегенмен де кезінде ағалық ақыл-кеңесіңізді тыңдап, қамқорлығыңызды көріп жетілген ініңіз ретінде бір ауыз жүрекжарды тілек айтсам, әрине, артық болмас еді. Бірақ, оған аяқ астынан бір жәйт кесе-көлденең кезігіп, көңілдегі тәтті ойдың дәмін бұзғаны. Содан амал жоқ, Сіздің «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек» атты кітаптарыңызбен сырласып, шыармашылығыңыздың қыр-сырын дәріптеудің орнына, ішке жиналған бар қыжылды өзіңізге ашық айтқалы отырмын...
Таяуда бір той-томалақтың үстінде, жұрттың қолпаштауына елтіген қалталы бір мырза: «Осы сендердің жазғандарыңыды кім оқиды, жазушылықтарың кімге қажет?» – дегені көзімді бақырайтып қойып... Түйілдім де қалдым. Жауаптасып жатуға, байқаймын, сөз ұғатын жанға ұқсамайды. Тілімді тістеген күйі шарасыз кейіппен шоңқидым да отырдым.
Япырай, сонда шынымен-ақ кітап оқитын ешкім қалмаған ба?! Бүгінгі мына жаңа заманға жазушылар керек емес пе?! Жо-жоқ, мен бұған сенбеймін! Бұл бір алды-артын терең ойламай, аңдаусыз айтылған сөз. Әйтпесе, кітап оқымайтын адам бола ма?! Жазушысы жоқ ел бар ма екен?! Әрине, жоқ!
Адамдар кітап оқитын болғасын шығар, Сіздің соңғы жылдары жарық көрген «Қорғансыз жүрек» атты кітабыңыздың отыз мың тиражбен лезде сатылып кеткені. Тіпті, сол кітабыңызды күні бүгінге дейін іздеп, бір-бірінен ауысып оқығандарды көзіміз көріп жүр ғой. «Соңғы кездері қазақ тіліндегі әдеби кітаптар мүлдем азайып кетті-ау!» деп қынжылушылар қаншама!...
Расында да, бұған дейін негізінен бірыңғай қазақ тіліндегі кітаптарды басып шығаратын «Жазушы», «Жалын», «Балауса», «Рауан» баспаларының өнімдері кейінгі уақытта 3-4 есе азайып кеткені де шындық. Ендеше, қолда жоқ кітапты кім оқиды деп, байбалам салуымыз қалай болар екен? Осының өзінен-ақ ақиқаттың алшақ екені көзге көрініп тұрған жоқ па? Бәлкім, мұныма келіспей «Жоғарыда аты аталған баспалардың өнімі азайса, есесіне кітап шығаратын басқа кіші кәсіпорныдар көбейді ғой» деп дау айтушылар да табылуы мүмкін. Жөн-ақ, кітап шығарумен айналысатын сан алуан кәсіпорындардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткені де рас. Бірақ, олар көркем әдебиеттен гөрі, бірінші кезекте «табыс табатын» дүниелерді шығарғанды ұнатады ғой. Себебі, оларға керегі ақша, елдің рухани дүниесінен бұрын өзінің қалтасының томпайғанын көбірек ойлайды.
Есіңізде ме, көрші ауданға барған соңғы кездесуде жұрттың «Жақсы әдеби кітаптар көзден бұл-бұл ұшты ғой!..» деп аз айтқаны қайда. Содан жолда қайтып келе жатып «Байқамайсың ба, ба уырым, айналайын ауыл адамдары қарындарын ашықтырғанмен, жан дүниелерін ашықтырғысы келмейді... – деп қатты тебірендіңіз ғой.
– Сол үшін ел сүйіп оқитын, жақсы кітаптарды ғана шығару керек. Қазір не болса соны жиып-теріп, еш талғамсыз, жаппай кітап етіп шығарудамыз. Ал, соны қолына алған кісі, шикі өкпеден ұшынғандай аяқ астынан кітап атаулыдан үркіп, шошынып жүргені... Сондықтан, кітап шығаруда тамыр-таныстықты, жора жолдастықты, енді біреудің сақалы бар, қайсы біреудің көкесі бар дегенді тоқтату керек қой!..»
Ал, енді осыдан кейін жазущылық кімге қажет деуге қалай аузың барады. Біле білсек, елдің жоғын жоқтап, ұлтымыздың намысын жыртатын ең алдымен жазушылар емес пе?! Күні кешелер қазақ мектептері бірінен соң бірі шетінен жабылып жатқанда, 86-жылдың желтоқсанында жастарымыз соққыға жығылып, қанға батқанда, ана тіліміздің тағдыры талқыға түсіп, бүкіл қазақ пұшайман болғанда, халқымыздың қасіретіне айналған ядролық жарылысты тоқтатуға атой салынғанда ең алдымен бас көтеріп, ұлтымыздың намысын жыртқан ақын-жазушылар емес пе еді?!
Елдің қамын ойлап, ұлтығымыздың болашағы үшін аянбай тер төгіп жүргендердің бірі өзіңіз ғой. Қолына қалам ұстап, жылт етіп көзге көрінгендердің бәрі Алматыға аттанар болса, Сіз туған жерден тырп етіп қозғалмастан Оңтүстіктің қоғамдық, мәдени, әдеби өміріне белсене араласып келесіз. Журналист, публисист ретінде жазған көптеген проблемалық очерктеріңіз, мақалаларыңыз Сіздің нағыз ауыл жанашыры екеніңізді танытса керек. Шымкенттің қорғасын мен фосфордың, цементтің тұманына тұншыққан экологиясы туралы жанайқайыңыз талайларды селт еткізіп, талайларға ой салған жоқ па? Өлкедегі қазақ мектептерінің көбеюіне қосқан үлесіңіз өз алдына бір төбе. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жандандырып, жоғымызды түгендеп, ақтаңдықтардың орнын толтыру үшін «Жібек жолы» журналын ашып, шартарапқа таратуға мұрындық болдыңыз. Әсіресе, қазақтың тілі үшін жанпида деп, түн ұйқыңызды төрт бөіп, күйзеліп, басыңызды бәске тікеніңіз қайда?...
Осының бәрін білмесе, шет елдердің шолжаң әртістерін төбелеріне көтеріп, солардың жолында ақшаларын будақ-будақ шашып жүрген қазақ бизнесмендері, Қазақстанда қос азаматтық, қос тілділік болуы тиіс деп, даңғарақ қағып жүрген намыссыз Отансыздар білмес, ал көзі ашық, көкірегі ояу басқа жандардың бәрі де біледі.
Жазушыларды демеп, сүйеп жүрген, қаламгерлерге қол ұшын созуға бейім Алматыдағы «Матай», Шымкенттегі «Мұхит» сияқты қор, фирмалар бізде аз дейсің бе, көп. Тек осындай алыптардың тізгінін ұстаған мырза жігіттердің бетін бері қайтара білсек игі. Оята білсең, оларда да намыс бар. Жалпы өнем, көгерем деген адам қол қусырып қарап отырмайды ғой, әрекет жасайды!.. – деп біраз көрегендік көрсетіп едіңіз.
Міне, өзіңіздің өнегелі істеріңізді алға көлденең тарта отырып, жазушыны басынбақ болғандарға жауап та тапқандаймын.
Сол үшін де алдыма арқа сүйер Сіздей жақсы ағаның бар болғанына шүкір деймін. Күндердің күнінде жазушы беделінің қайтып оралатына да еш шүбәсіз сенгім келеді. Өйткені, жазушының сезімтал, адал жүрегін қорғай білетін бұқара халық бар ғой.


Әлібек ФАЙЗУЛЛАҰЛЫ

«Ауыл» газеті, 11 қазан 1995 жыл

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу