Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

МАРХАБАТТЫҢ МАЙДАҚОҢЫР МАҚАМЫ

Пістеліде пісіп-жетіліп, Ақсу-жабағалының кекілік өрген миуалы сайларында долана терген әлжуаз бала Мархабат топырағы торқа Түлкібаста аунап-қунап өсіп, өмірге өз көзқарасымен назар тікті. Жеміс-жидегі мәуелеген Оңтүстік кіндігі сұңғыла сөзге, әдемі әуез-ге, маржан жыр мен жемелегі желпілдеген бұла қызға ғашық қылып жаратқан соң қайтсін, Құдайдың құдіретімен қаршадайынан қаламға қол созды...
Өзі туып-өскен оттай ыстық өлкенің қауынындай уылжыған жан сезімімен «Шілдені» (Әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1978 ж.) жазып, алғашқы жинағымен-ақ қалың жұртты елең еткізді. Сосын-ақ «Сырбұлақ» (Әңгімелер мен повесть, «Жалын» баспасы,1980 ж.) сылдырап бұлаң қағып, оқырманын қуантты, соңынан «Интернат-тың баласы» (Повесть және әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1985 ж.) кітабы қолына алғандардың жан-жүрегін тербетті, балалар әлеміне терең бойлатты. Табиғаттың төл перзенті-жұмыр басты пенде сырын ашудағы айқайсыз қаламгерлік сиқыры «Нәуірзекте» (Повестер мен әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1988 ж.) және жамиғатты баурай білді. Мұңға да батырып, мысқылға да мырс-мырс күлдіретін қазақы сөзге ұсталығы «Қорғансыз жүрек» (Әңгімелер мен повестер, «Жазушы» баспасы, 1993 ж.) атты шоқтықты дүниеде ерекше айшықталып тұрғанын көзі қарақты, көңілі ояу пенде біткен сезері анық. Қоңыр дауысты қалам сырына кітап беттерін парақтап, армансыз сусындаған қандай рақат!
Қат-қабат, ірілі-уақты қоғамдық қызметтердің (Махаң бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық Тіл басқармасының төрағасы) қаға беріс сәттерінде әңгіме-повестерін бөбегіндей әлдилеген Мархабат Байғұтов сынды ана тілінің нағыз жанашырына қай қазақтың баласы рақметін жаудырмасын?!
Ақ жауындай себезгілеген сыр дүниесіне ғашық жандарды жарық дүниеге әкелген, тау бұлағындай мөлдір талант сыйлаған қазыналы, қара қордалы Түлкібас-Түркібасына тағзым етсе болмас па?! «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат» кітаптары мен «Қаладағы көңілдес әйел» және «Қарлығаш әулие – Төле би» (бұл туындыны Шойбек Орынбаевпен бірге жазған) пьесаларының, көл-көсір көптеген көркем серке сөздері мен проблемалық очерктерінің астарында ел мүддесі, жер тағдыры қазақ ұлтының қан тамырындай бүлкілдеп жатады. «Тіл төңірегіндегі таза тіршіліктің «түйесі мен биесі, ығай-сығай иесі» болмаса да, киесі бар екенін ұмытуға болмас, – дейді Мархабат қазақ тілі турасындағы бір толғамында, – бабаларымыз Фараби мен Иасауи түркі тілінің тағдыры үшін жүйкелерін жұқартып, жүректерін ауыртып, келер ұрпақтар тоздырып жібереді-ау деп күдіктенген екен. Бірі жат елге кетіп тынған, екіншісі елдегі әулекіліктен, әсіреңкіліктен жерініп, тілдің тозуынан безініп, қылуетке тірідей түсіп кеткен. Олар оралды деп жатырмыз. Біржола оралта аламыз ба, соны ойланайық».
Ана тілінің жанашыры қашан болса да осылайша шырылдап жүргені. Жаны да, қаламы да ұлтының арман-мұңымен, салт-дәстүрімен суарылған.
Сонау Оңтүстіктен ешқайда көшіп-қонбай-ақ, ел ішінде тырп етпей жатып майдақоңыр мақамымен оқырман жүрегін жаулаған күнгейлік жазушы «Жалын», «Қазақ әдебиеті», Тұрар Рұсқұлов атындағы және «Бауырмал» сыйлықтарының лауреаты болды.
Мархабат кемел шағына келіп, шығармашылық әдеби кештеріне жанкүйерлері таласа-тармаса қатысуға ықыласы ауып жатқан осынау бір сәттерде көп оқырманының бірі ретінде ақынжанды қазақ дәстүрімен сөз соңын өлеңмен өрнектесек те жарасатын сияқты. Өйткені, оның жандүниесі де қазақтың қара өлеңдерімен біте қайнасқан. Әңгімелері әдемі әндей емес пе!
Әлқисса, мақамы бөлек Мархабат!

Жамыраған бұлағы
Жерұйықтың ұлысың.
Қанша өмірдің сынағы
Тарылтпаған тынысын.

Балалықтың бал шағын
Мың бір түндей жыр еттің.
Пістеліңді аңсадың,
Сырын шертіп жүректің.

Саған ғашық қыз біткен
Хатқа тізген ниетін.
Көрмей-білмей үздіккен
Ару қанша сүйетін.

Сөз сиқыры – қаруың,
Қаламгерсің – пақырсың.
Жігітін де, аруын
Баурап алып жатырсың.

Тауып қойған атыңды
Мархабат деп келісті.
Барлық махаббатыңды
Барша қауым бөлісті.

Бар құмарың тарқамақ
Жазбаларда – жан сырың.
Мархабат боп махаббат
Тамшылайды бал шырын.


Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ,
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
«Жеті жарғы» баспасының қызметкерлері.

«Халық кеңесі» газеті, 25 қазан 1995 жыл.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу