Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

“Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” акциясының мақсаты – облыс халқының Астана, Алматы қалаларында тұратын республиканың көрнекті, неғұрлым дарынды да талантты ақын-жазушылармен қауышулары арқылы жұртшылықты, әсіресе, жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке, кітапқұмарлыққа тәрбиелеу, көркем әдебиетті, өнердің өзге де түрлерін терең насихаттау, қаламгерлер мәртебесін, ұлысымыздың, ұлтымыздың ұйытқысы ретіндегі Оңтүстіктің абырой-беделін көтеруге септесу. Қаңтар-сәуір аралығында алты кездесу кеші өтті. Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбай сынды саңлақтардан басталып, халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шахановтармен, сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып, тағы басқа да таланттармен жалғаса түскен аталмыш акцияның алты кездесуі өтіп, жиырмаға жуық дарын иелерін қамтыды. Жыл аяғына дейін ең кемі елу ерен қаламгер жұртшылықпен жүздессе, оқырман саны мен сапасы, кітап әлеміне ынта-ықыласы артатыны анық. Себебі, алғашқыда күдік-күмән басым болғанымен, бірте-бірте “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” шарасы зиялылық қауышуы, зияткерлік тілдесуі, зерделерге зер жүгірту, саналарға сәуле сіңіру, көркем әдебиетке, кітапқа қарай бетбұрыс ретінде бағалануда. Көз алдыңыздағы көп оқырманның ойға батып, ұлттық құндылықтар, руханият, мәдениет, әдебиет, тіл тағдыры, қоғам мен адам, небір күрделі құбылыстар хақындағы пікірлерді тыңдап, көркем өнерді, өлеңді, қара сөзді қарадүрсін түсінуден арылып, жан еңбегін жұмсап отырғанын сезінесіз. Шимай-шатпақ пен бәлдір-батпақ қайсы, шынайы дарын мен талант қайсы және әсіре-әулекі бетпақ қайсы, сәл де болса ажырата бастағандарына жұбанасыз.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу