Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

Айтып-айтпай не керек-ай, ашаршылықтың  алаш санасына түсірген салмағы сараланған жоқ. Әлі күнге дейін. Қазақты жадынан жаңылдырған жағдайлары жан-жақты жазылмаған. Рухын жасытып, жалған намыс жағына қарай жығып сап кеткені безбенделмеді. Егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің ресми реттердегі дәрежесінде де. Ғылыми зерттеу деңгейлерінде де. Көркем әдебиетте де, көркем кинода да, сахнада да. Ал қазақтың санасындағы, қазақтың жадындағы, қазақтың рухындағы, қазақтың «рушылдығындағы», қазақтың намысындағы, қазақтың бірлігіндегі, қазақтың ынтымағындағы, қазақтың тыныс-тіршілігіндегі, қазақтың күллі әрекет-қарекетіндегі ашаршылықтың ақтаңдақтары үрейдің, үрегейліктің, қорқыныштың, жасықтықтың, жағымпаздықтың, жуастықтың, құнығушылықтың, қомағайлықтың, тойымсыздықтың, тағысын-тағылардың түсінікті-түсініксіз көрініс-құбылыстары ретінде анталап, қанталай қабыздайтындай. Менмұндалап та, сығалай сықсиып та, бықсып-бытысып та байқала беретіндей. Өзгеге өлермендене жалпақтап, жалпақшешейлене жалтақтап, өзіне өшіге өжеңдеудің, өңмеңдеудің өзектерінен, бақастанудың болмысынан ашаршылықтың салдары білінетіндей.  Ашаршылықтың ашкөзденген үрейі мен үрегейлігіне отыз жетінші жылдардың ұңғысы үңірейген мылтығы қосылған соң қазағыңыз қай мәз болсын.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу