Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

КРЕСТ


Қарамайлы шпалдайын қарапайым теміржолшылықтан түксіз-дымсыз күйде зейнеткерлікке шығып, арзымас ақшамен күнелтетін Бісмілләнің асырап алған баласы бес-алты апта ауырып қайтыс болды.
Стансаның алып акациялар қоршаған амбулаториясынан шақырылған фельдшер Бісмілләнің баласын алғашқы күні жан-жақты тексеріп көріп, облыс орталығындағы арнайы ауруханаға, психиатрларға апаруға кеңес берген. Бісмілләға салса, қарызданып-қауғаланса дағы бір сағат та кідірмес еді, алайда Андрей ешқайда аяқ баспайтынын білдіріп, Тәңіртаудың шыңылтыр көк аспанындай көздері айрандана қарағанда, лажсыздан амалсызданған.
Асыранды ұл Андрейді бала дейтіндей де емес-ті. «Андрей бала» атанып кеткенімен, жасы жиырмаға жетеқабыл болатын. Он екі жасында тү-у Тула жақтан тауарлы пойызбен ауып жетіп, Сағыр стансасында тентіреп жүрген жерінен Бісміллә біржолата үйіне ертіп келген. Жергілікті өкімет тарапынан тергеп-тексерген ешкім жоқ. Тек Тұрымтай ғана тоқтамай өтпес түнгі пойызға апаратын алмасына бір, балаға бір қарап:
— Үрерге итің, сығарға битің жоқ, байқұс-ау, төрт ұлың тентіреп төрт жақта жүр, бұ баланы не бетіңмен әкелдің, обалына қалмайсың ба? — деген. Бәрібір, бұл үйде Бісмілләнің айтқаны болатыны аян.
— Тұрымтайдың тұсына бұ балапан басын иіп кеп тұр дә, — деді Бісмілләнің өзі де иіліп сәлем берудің ишаратын жасап. — Үрерге жабысқақ, сығарға сірке көп екен баланың тал бойында.
Жүдеп-жадаған, жыртық киімдерінің тігіс-тігістерін түп-түгел сірескен сірке мен ашқарақ жабысқақ басқан баланы жан-жақты жуындырудан жиіркенбеді, шомылдырудан шошынбады. Жыртық жейде мен шолақ шалбар майсіңді шпалдың жаңқаларына қосылып шағын шарбақ шетінде шатырлай жанып жатты.
Төрт ұлы мен бір қызы бар Бісмілләнің алтыншы баласына айналған Андрейге айжарымдай уақыт өткенде тиісті тәртіппен қағаз-құжаттар жасалып, мектеп тізіміне тіркелген. Есепке ерекше жүйрік екен. Тәуелсіздігіміздің әуелгі жылдарында станса мектебіндегі орыс сыныптарында оқитын шәкірт қалмай, жабылып тынып, қазақшаның бесіншісіне барған. Алғашқы айларда азаптана қиналған Андрей бала, обалы нешік, оқу жылының ортасы ауа қазекемнің тілінде мақалдата сұрақ қойып, мәтелдете жауап қатуға дейін жеткен. «Сағыр» сегізжылдық мектебінің түбінде тұратын Асықбай ақсақалға үйірсектеп, ескі әңгімелерді жалықпай тыңдамаққа құлағы құныққан.
Өкінішке қарата, жасы он беске жеткенде, оқуға деген ынта-ықыласы бірден бәсендеп, мектептен мүлде бас тартты. Көк аспан түстес көздерінің аздап қана айранданып барып басылғанын Бісміллә бірінші рет сонда байқаған. Андрей бала ағаш ұстасы болып жұмыс істегісі келетінін жеткізді. Бала біткенді бетінен қағуды білмейтін Бісміллә Андрейді темір жол стансасының бір бүйіріндегі жәшік жасайтын цехқа (бұрынғы білдей кәсіпорынның тамтығы ғой) апарды. Орналасуы онша қиынға соқпады. Толар-толмас цехтың болар-болмас бастығы зейнеткер Бісмілләні сәл де болса сыйлайтындардың бірі еді. Оның үстіне баланың ұсталыққа ұсынақтылығы таңырқатқаны тағы рас. Осылайша үйренуші ретінде жұмысқа қабылданған жұқалтаң Андрейіңіз жәшік цехына тастай батып, судай сіңіп кете барған.
Айтпақшы, сол баяғы он екіден он үшке шыққанында ше, Андрей бала мен Бісміллә әкенің арасында күтпеген жерден қызық шүйіркелесудің болғаны бар. Жалпы, Андрей баланың айтуына қарағанда, өзі әкесі мен шешесін мүлде білмейді. Біраз жылдар балалар үйінде және аз уақыт біреулердің қолында жүрген, кісі есігінде зықана көрген. Балалар үйінен де, әлдекімдердің қолынан да қашып кетіп, көбінше тентіреп, панасыз, жападан-жалғыз күн кешкен. Бісмілләні бірден, Тұрымтайды бірте-бірте ұнатқан. Енді қуса дағы кетпес. Аузынан «әке» деген сөздің алғашқы мәрте осында шыққанын һәм жасырмас.
— Әке, — деген Андрей бала.
— Әу, балам, — деген әкесі.
— Мен сіздің балаңызбын ба?
— Иә, — деді Бісміллә.
— Тегім — Бісмілләұлы ма?
— Тап солай. Оны неге сұрадың?
— Балалар маған күледі, — деді баласы.
— Е, неге?! — деп секемденді әкесі.
— Мені сүндеттетіңізші! — деді Андрей бала.
Аузын аңқайтып отырды да қалды әкесі. Ойланды-ау қатты, ойпырай! Төрт ұлы да өзі сияқтанып, темір жолдың тақыл-тұқыл тіршілігін, қарамайлы шпалдайын қарапайым, қатардағы кәсібін нәсіп етіп, қаратабан тірлік кешеді. Тараздан Түркістанға дейінгі аралыққа тарап кеткен, төбе көрсетулері сирек. Тоз-тозы шығып, ыңыршағы айналған, реңсіз разъездерде репеттері кірмей-ақ жүріп жатыр бәрі де. Қызы күйеуге тиіп, ауданның ауруханасындағы кілдіреген кіші медбикелікке әзер іліккен. Әжетке жарап, қас-қабаққа қарап жүрген Андрей бала, әйтеуір. Сөйтсе дағы, сүндеттетпек мәселесі миына кіріп-шықпапты ғой, масқара. Аңқайған аузынан сілекей-су айғыздала ағуға айналғанда ғана барып есін жиып, езуін сүрткен отағасы қисая біткен бірер түп алма ағашының арасында алма сорттап жатқан Тұрымтайына қарай төрт-бес аттап:
— Сенсация! — деген осы заманғы өзгеше тілмен.
— Көтек! — деп, Тұрымтай баяғының қатындарынша ескішелеу шоршып түскен.
— Андрей бала сүндет мәселесін қозғап отыр, шешесі!
— Дұрыс қой, — деді қатыны пойызға алып шығатын апорт алманы жалтырата сүртіп отырып. — Бірақ баламыз бірталайға кеп, буыны қатып қалған жоқ па?
— Буында нең бар? Оған жатпайды ғой ол.
— Е, мен қайдан білейін, бола бере ме?
— Айналайын-ау, ақыл қалтам өзің емеспісің?!
— Бұ баланы баяғыда ақылдаспай-ақ әкеп едің ғой өзің, анау амбулаториядағылардан сұрасайшы.
— Сөйтейін, — деп, Бісміллә биік акацияларды бетке алған. Не керек, көпке бармай, Андрей бала өз өтінішіне сәйкес сүндетке отырғызылған. Әкесі бес ешкісінің біреуін сойып, көрші-қолаңдары мен ағайын-туыстарына және жақын маңдағы жекжат-жұраттарына тойшық жасап тастады. Той емес, тойшық еді ғой ол...
Бісмілләнің көңілі босап ағыл-тегіл жылады-ай. Андрейдің қазасын естігендер көңіл айтпаққа келе бастады. Тұрымтай екеуі екі жақтан дауыс салып, келгендермен көрісіп жатыр. Көршілері, жәшік цехының бірер адамдары ойбайлаған ерлі-зайыптыны қой-қойлап әзер тоқтатты.
— Жалған дүние ғой, — деді жәшік цехының бастығы саналатын егде кісі байсалдылық танытпаққа тырысып. — Біле-білгенге адам баласының бүкіл өмірі — өлімге дайындық деген сөзді бұрынғылар қалдырған. Стансабасы інімізге, полиция өкіліне, ұлдарың мен қызыңа, жақын-жуықтарыңа хабар жіберейік, Андрей баланы ақырғы сапарға дайындайық. Ойбай мен байбайдан ештеңе шықпайды ендігі жерде. О дүниесін берсін.
— Рас-рас, — десті өзгелер.
Бісміллә мен жәшік цехының және бір өкілі бастап, бірер көршісі қостап, Андрей баланың денесін сыз боп жататын түкпіргі бөлмеге жайластырды. Әкесі сәл ашықтау қалған көздерінің қабақтарын уқалап жауып, аяқтарын аялай сипап, ақырындап соза түзуледі. Кенет баласының сол жақ жұдырығын қатты жұмып алғанын аңғарып, айналасындағыларға қараған. Олар дағы байқап тұр екен, бірі батылырақ, екіншілері қорқыңқырап еңкейісті. Әуелгіде әкесі жайлап қана жазбаққа әрекеттенген. Жымырыла жұмылған жұдырық жазылмады. Бәрі бас шайқасып, мәйіттің бойын түгел жауып, шығып кеткен. Сәлден соң стансабасы, полиция мен амбулатория өкілдері келді. Көңіл айтысып, өздерінің міндеттерін атқарысып болып, олар дағы Андрейдің тастай түйілген қолына қайран қалысты. Ақырында амбулатория фельдшері мен полицей екеуі әжептеуір әрекеттеніп, көбірек күш жұмсап жүріп, әзер дегенде марқұмның жұдырығын жазды.
Алақан ақырындап қана ашылған, саусақтар баяулап барып сылқ түскендей сезілген.
Бірінші дауыс Бісміллә тараптан шықты. «Аһ!» — деп қалғаны рас еді. Тұрымтай сырттатұғын. Көріп тұрғандардың көбісі сыр бермегенімен, бәрібір бір гуіл араларынан арадайын ызың салып өткендей еді сол сәтте.
Андрейдің алақанында ағарандаған майда шынжырлы крест жатты. Иә-иә, кәдімгі крест. Күреңкейлеу ме, қоңырқайлау ма, крест, әйтеуір. Шынжыры ақшылтым. Қашан, қандай жағдайда, қайдан алып, алақанына қалай салып, жұдырығын қай кезде жұмғанын кім білер. Әйтеуір, алақанының шынашақ жақтағы иірлеу сызығында жылап аққан жіп-жіңішке жылғадайын қанның ізі білініп тұрды.
— Оп-по-о-о! — деді станбасы кісіңіз. — Бұ бала біраз проблема туындатайын деп тұр ғой өзі, а? Бұ қалай болды, а?
Осы кезде Бісмілләнің аудандық ауруханада медбике боп істейтін қызы:
— Бауыр-е-ем! Тумаса дағы, туғаннан бетер болған бауыр-е-е-ем! Андре-ей-е-ем! — деп, дауыс сала жылап жеткен.
Қызының бауырымайына бордай үгітілген Бісміллә біразға дейін басыла алмады. Кенеттен крест ойына түсіп, көз жасын тез тыйып ала қойып, тылсым ойларға да берілді.
Бір жолы, баяғыда-а-а-а, баланың мойнындағы кішкентай ғана кресті байқап қалған. Кейін қайда кеткеніне, тағып-тақпайтынына назар жықпаған. Сағыр стансасындағылар діндарлыққа мұқым-мүлде мән-маңыз бермейтіндердің сортынан ғой, ал Бісмілләңіз — солардың бірі. Кейініректе, Андрейдің сүндеттелуіне арналған тойшықтан соң әлі де онша кеткілері келмеген туыстары бөлектеніп қалысып, бірер шыны-шөлмектерді орталарына алысып отырғанда ше, баланың мойнындағы кресті көріп:
— Сүндет жасалғаннан кейін крестің керегі жоқ шығар, — дескені есіне түсті.
— Мойынға шынжыр тағу модыдан қалған жоқ па? — дегендері жадында жаңғырды.
— Мұстақыл мемлекетімізде дінаралық татулық мықты ғой, жүре берсе де болатынытта? — деген және бір араласпай кетіп, енді елжіресе табысқандай күй кешіп отырған туыстарының бірі.
— Бісмілләнің өзі білетініттә? — десіп, тағы бір тост көтеріскен бәрі.
Ақыл-амалдың бәрін шашау шығармай тыңдайтын Андрейдің мойнынан, обалы не керек, сол күннен кейін крест көрінген емес-ті. Жиырма жасқа жеткенше жаманаты шыққан жоқ. Жынды суға үйірсектемеді. Жәшік цехының жап-жақсы жұмысшысына айналды. Кім-кіммен болсын кішіпейіл тілдеседі, үлкен-кішімен бірдей, жатсынбай-жатырқамай әзілдеседі. Қазекемнің тілінде құйқылжыта сөйлегенде, бірде-бір бөтен сөзбен былғамайды. Андрейдің ауыз бекітіп, жарамазан айтатыны аңызға айналды. Түнге қарата Сағыр стансасы сұлулана түсетін еді. Темір жолдың арғы жағынан зораятын заңғар таудың түбіндегі төбе-төбелердің басына бұлтыңыз шәйі орамалдай оралатын. Ай ылғи да жарық боп тұратындай. Асықбай ақсақал үйреткен жарамазан жырын айтып, стансаны бастан-аяқ аралайтын еді Андрей балаңыз. Өзге балалар оған ілесуге ұялатын әлде намыстанатын. Күздің дымқыл демі мұң мен әзіл аралас дауысты Тәңіртаудың құздарына дейін жеткізер. «Өрім өрік бастары қызыл жалқын-ай; қазандағы сүдігер қара барқын-ай; оны-мұны айтпастан, себеп қылып-ай; ораза тұт отыз күн, қайран халқым-ай!» — дер еді Андрей. «Қоңыр күзде ауылда қырман тасар-ай; он бесінде толған ай қырдан асар-ай; жар-рамазан айтпастан қоямыз ба-ай; бір жеңгем бар осы үйде теңге шашар-ай!» — дейді Андрей бала. «Жар-рамазан айтамын ойлай-ойлай-ай; өтіп кеткен Қарынбай малға тоймай-ай; оразада отыз күн бір мал соймай-ай; тартып кеткен қара жер бойлай-бойлай-ай!» — дер еді-ау айналайын Андрей...
Жарамазан айтып тапқан азын-аулақ ақшасын түгелдей Тұрымтай шешесінің қолына салатын Андрей.
— Ойы-бай, менің алма сатып табатын тиынымнан гөрі сенің өлең айтып алатын ақшаң әжептеуір ғой, — дер еді-ау сонда бұ байқұс.
Сондай түндердің бірінде Андрей шағын вокзал басынан тамаққа тойып қайтпаққа бекінеді. Қырсығына қарата, бір бейәдеп, байшыкештеу топ әлдеқайда аттанғалы тұрған екен. Өздері әбден ішіп алысқан, Андрейді көріп мазақ етпек болысқан.
— Әй, бері кел! — дескен өз демдеріне өздері пісіп.
— Келдік, — депті Андрей Бісмілләұлы бәледен қашыңқырай алыстап кетуге намыстанып.
— Сен кімсің-әй? — деседі әлгілер.
— Адамбыз деп жүрміз ғой, — депті Андрей бала жып етіп.
— Ой, мына доңыз доқ көрсетеді ғой-ей! — дейді байшыкештердің бір бұзақысы.
— Доға белді доңыз тоқ, талдырмаштау тақуалар аш боп тұрған кезең дә, — дейді Андрей.
— Тоқта-тоқта! Бұ бәле қалай-қалай құйқылжиды өзі?! — дейді доға белділердің дөкейі. — Тыңдайықшы байыз тауып, пойыз келіп жеткенше. Осында тұрасың ба, бала? Қайда туғансың өзің?
— Осы Сағыр стансасында тұрамын, Тула жақта туғанмын.
— Қазекемшені қалайынша бұлайша біліп алғансың?!
— Мұнда шешендік мектебі бар, деректірі — Асықбай атам, — дейді Андрей одан әрмен әзіл үдетіп, қалжың үстей түсіп. — Алайда о кісіден оқитындар аз.
— Ақша берсем, аласың ба?
— Не үшін?
— Қазекемшені қатырып сөйлейтінің үшін!
— Сіздер мелдектеп, біздер мөлтектеп, мөлтеңдеп жүрміз ғой. Шын ниетпен берсеңіздер, жарамазан айтайын, оразаның айында айып болмас ақша алған.
— Ойба-а-а-ай! Мына бала қалай-қалай сайрайды-ей, а?! — деседі әлгілердің дөкейі. — Сағыр стансасының жағдайы қандай қазір?
— Ашты-тоқты отырған теміржолшылар дә, — дейді Андрей.
— Тәртіп мықты ма? Төбелес, атыс-шабыс жоқ па?
— Қарақшысы көп, алақшысы жоқ, — дейді Андрей.
— Әй, жөндеп қазақшалап айтшы, қарақшың нең, алақшың нең?
— Қарыны қарақшы, қанішерді алақшы дейді Асықбай атам.
Осы тұста күтпеген жағдай орын алады.
— Мә саған, алақшы! — деп, жаңағылардың бұзақысы баланың басын бетонға соғады. Қалғандары оны ұстап үлгере алмапты. — Мә саған, қанішер!
Алма сататындар Андрейдің әр сөзін, болған оқиғаны аңыз етіп айтып жүрді.
Андрей бала алты айға жуық қатты қиналып, кирелеңдеп жүріп, жәшік жасауға әзер жараған.
Айналайын-ай, Асықбай атасы қайтыс болғанда ше, үйіне барып, таяқ сүйеніп тұрды. Оқта-текте оқыстан біреу қойып кеп жібергендей, бетонға соғылған басын ұстап, меңірейіп тұрып қалатын.
Тоқсан төрттегі Асықбай атаның өліміне өңір жұрты көп жиналды. Мұндай жасқа жеткен аз, жетпеген көп. Арманы жоқ Асекеңнің. Той ғой десті бәрі де. Көріспекке келгендердің көбісі күйеулерді кеу-кеулесе күлісіп, жеңгелерімен шымшыласа жұлысып жүрді. «Той ғой бұ кісінікі, той ғой», — деседі қайта-қайта. Жаназасы оқылып, марқұмның мәйітін көшенің арғы бетіндегі белең биігіне әкетіп бара жатқанда, Асекеңнің қаладан келген өрен-жарандары бағзы заманғы ақ күміс орнына жүретін бүгінгі бозғылт шақалардан уыс-уыс теңге шашты. Тұрмыстарының оңдылығын танытып, ақшаны аяйтын емес. Ақ күмістейін теңгелер аспаннан жауып жатқандай. Теберік ретінде таласушылар тіпті көп. Солардың бел ортасында ортекедей орғыған Андрей жүр. Көбірек қармап қалғысы да бар, қалжыңы һәм калың қауымды күлкіге қарық қылады.
— Атам-о-о-ой! Атам-о-о-ой! Ақша бұлтпен ақшасы да араласқан атам-о-ой! — деп биікке секіреді. — Бұлт арасы ақша ғой, Асықбай атам басқа ғой-ой...
— Андрей бала әуенін қайта тауыпты дә, — десті көпшілік.
— Алты ай бойы азап көрді емес пе? — десіп жатты жақсырақ білетіндер...
«Сөйткен Андрейімнен айырылдым ба, шынымен-ақ қасқа жолдан қайырылдым ба?!» — деп егілді іштей күбірлеген Бісміллә бір шетте отырған күйі.
Түн ортасынан ауып, Сағыр стансасының қанша тозса дағы сапа мықтылығынан мізбақпаған қашанғы қазыналық қызыл кірпішті үй-жайлары мүлгіген мезетте стансабасы:
— Бісміллә аға, өмір бойы қатардағы қарапайым теміржолшы болдыңыз, тұрмыс жағдайыңызды жақсы түсінеміз. Бір қап ұн бізден, бір қап күріш вокзалдан, — деді.
— Рахмет-рахмет, тойда қайтсын, — деді Бісміллә.
— Бізден бір тоқты. Ал енді қандай жолмен, нендей дәстүрмен жөнелтесіз? — деді жәшік цехының бастығы саналатын кісі.
— Білмеймін ғой, бас қатып тұр ғой, — деді Бісміллә.
— Сүндеттелгені рас қой? — деді полиция өкілі.
— Рас, — деді Бісміллә. — Мына фельдшер отыр ғой. Ораза тұтып, жарамазан айтқанын жұрттың бәрі біледі.
— Странны! — деді стансабасы.
— Басынан алған соққысы айнытып кетті, әйтпесе нағыз мұсылман менің айналайын Андрейім еді ғой, ойбай-ай, ойбай! — деп, Бісміллә қайтадан боздап қоя берді. Ішкі бөлмеден қатыны мен қызы және көршілес әйелдер қосылды.
— Сабыр етіңіздер, сабыр сақтаңыздар, — десіп, оларды әлденуақта әзер басты былайғы жұрт жабылып жүріп. Ұзақтау үнсіздік орнады.
— Молдеке, сіз не дейсіз? — деді полиция өкілі. — Үндемейсіз ғой, жүдә?
— Айтпақшы, молдамыз осында отыр ма өзі? — деді стансабасы қатты таңданып.
— Осындамыз, ой үстіндеміз біз дағы, — деді молдалық міндетті осындайда азды-көпті атқарып жүрген Күлшебай жөткірініп. — Жаназа оқы дейсіңдер ме, жоқ па?
— Оны сіз шешпейсіз бе? — деді стансабасы.
— Басшылар не айтар, баланың әкесі қалай қарар, күтуліміз, — деді Күлшекең.
— Баяғыда станса кәсіподақ комитетінде көп жылдар бойы төраға болған, алдына екі адам салмай сөйлемес біздің Күлшекең, — деді амбулатория фельдшері.
— Қандай салтты қолданамыз, қалай ойлайсыз? — деді стансабасы кісі Бісмілләға қарап. — Шешуші сөз өзіңізде.
— Қандай болушы еді, қазекемшелеп шығар? — деді Бісміллә.
— Кім біледі, әр кәллада бір қиял тұр дә қазір, — деді стансабасы. — Молдекең маналы бері екіұдай сияқты. Ойланайық. Ертең ел не дейді, жұрт қалай қарайды?
— Орекемшелеп жөнелтеміз десеңіздер, жәшік цехы табыт жасап беруге әзірміз, — деді Андрейдің ұжымына жетекшілік жасайтын кісі есінеп.
— Оның қажеті жоқ шығар, жаназа оқиық, — деді Күлшебай ақырында ақырын күрсініп. — Қазекемшелеп-ақ қояйық.
—   Уһ! Е,бәсе! Бәрекелде! — десті отырғандар.
— Бір өтініш айтқым бар, — деді осы кезде Бісміллә кемсеңдей жыламсырап. — Андрей баламның ақырғы аманатындай анау крест алақанында жатыр ғой, ағайындар. Крестің ұшы кірш етіп кіріп, бір тамшы қаны мөлт етіп тамыпты. Осынысын әбден тазалап жуып, бірге жерлесек қайтеді? Қапа бомасыншы қайран бала... Аһ?!.
— Ол қалай болар екен? Крест түгілім, жай темірдің өзін теріс көреміз, — деді Күлшекең.
— Кресті алақанынан алып, жанына қойса қайтер еді? — деді көршілердің бірі.
— Ақыры бірге көметін болсаңдар, алақанында қала берсін, — деді стансабасы. — Күлшеке, қалай қарайсыз?
— Басшылар солай шешсе, баланың әкесі марқұмның ақырғы аманатындай санап отырса, біз тараптан қарсылық жоқ, — деді молданың міндетін атқарушы.
Андрей Бісмілләұлы Асықбай шал жатқан белеңнің бір бүйірінен топырақ томпайтты.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу