Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

КАНДИДАТТЫҢ ИМИДЖІ


Мамыр айының басында мәслихат өткізіп, мәжіліс шайын берді. Мәжіліс шай мамыражай Күншуақ қаласындағы «Вариант» кафесінде ұйымдастырылды. Жалпы саны жүз жиырма адам болар деп жоспарлап еді, қосымша-алымшасымен жүз елуге жетіп жығылды. Жаман емес, әрине. Тіпті тайсақтаңқырайды-ау, тайғанақтайды-ау дегендер дағы құштарлана қатысты, бой тартпай белсенділік танытты. Аса абыройлы ақсақалдар аз болмады. Биік лауазымдылардан тізімдегілер түп-түгел төбе көрсетті. Бизнесмен бауырлары таудай-таудай тұрпатта тұтасып отырды. Бір жағы сұс, бір жағы сес дегендей.
Жұрттың бәрі айтарын айтып, ішіп-жесіп, тіс шұқыласып тарасқаннан кейін депутаттыққа кандидаттың штаб мүшелері ретінде ілкіде іріктелген топ түкпіргі бөлмеде бас қосты.
— Керемет өтті, жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан сөз артылмады, бәр-бәрін жазып алдық, — деді біреуі. — Саралап, сараптаймыз, қорытып, қоғамдық пікірдің ақпараттық ағынына қосамыз.
— Мұндай мәжіліс шай бұл өңірде бұрын-соңды өтті ме екен-ай, өзі? — деді екіншісі.
— Ойхой, ой-дариялар ағылды-ау. Бүгінде бос сөз, бөстекі пікір азайды ғой, — деді үшіншісі, — кімнің кім екенін, ненің не екенін екінің бірі ішпен сезеді емес пе?
— Бәрін айт та, бірін айт, ақсақалымыз айни бастаған екен. Ақ батаның сөзін журналист көкемізге алдын-ала жаздырып, шалымызға жаттатып қойғанымыз жақсы бопты, әйтпесе «концовка» шықпай қалатын еді, — деді төртінші мүше.
Штаб мүшелері осылайша біраз-біраз пікір алмасып, тоқ басып, көк шайланып, шүйіркелесе, сырласа түсті. Депутаттыққа кандидатыңыз жайбарақат қана тыңдап, жай ғана жымия қараңқырап қояды. «Вариант» кафесіндегі мәжіліс шайдың бүкіл шығынын беделді банк бастығының бірінші орынбасары болып істейтін шәкірті көтерді. Рахмет. Ұстазының еңбегін бағалап, сенімін ақтай бастағаны осы дә. Штабтың келесі отырысы мамырдың ортасы ауа тау ішіндегі керемет көкмайсада өтпек. Бұлақ басында байыпты әңгіме болмақ. Міндет бөлісілмек. Меже белгіленбек.
Бүгінше баршасы емін-еркін, емен-жарқын күй кешсін. Білгендерін айтып, түйгендерін таратсын. Тізгін тартпайды әлі, шылбыр қақпайды әзірше. Мына жерде жазып алатын жасырын жабдық, тың тыңдайтын астыртын аппарат жоқ шығар. Қойылған күнде құпия ашылар күн бұл емес.
Әзіл-күлкінің тиегі ақтарыла ағытылды. Мәжіліс шайға қатысқандардың жүріс-тұрысы, отырыс-ішісі, сөздерінің іші-тысына дейін талқыланып, талданып жатыр. Штабтың аты — штаб, өзінің өзгеше міндетін атқармаққа кірісіп те кеткендей. Төрт көзі түгел деуге де келетіндей. Тау түкпіріндегі түбегейлі мәжілісті күтпей-ақ, міндет бөліспекті табан астында, тап осы қазір тәптіштеп тастағысы келіп бір оқталды дағы, оқтау жұтқандай қайта қатайды. Сіресіп барып, сабыр шақырды. Жеңілдеу жымиыңқырады. Көк шай құйылған құлпынай гүлді кесені қолына алып, баппен ғана бір ұрттап, майлық қағазбен миығын сүртті.
Оң жағында отырған — кандидаттың сенімді кеңесшісі. Сол жағында — сайлау науқанының басшысы болып бекітілетін досы. Қысқаша қайырып, бүгінгі тілмен бейнелегенде, менеджер. Одан әріректе орындығын сәл кері шегіндірген кім десеңіз, шаршаңқылау мүлгіген штаб бастығы. Көбірек ұрттап жіберген шығар, оқта-текте өстетіні бар. Былайырақта — қауіпсіздік жағына жауапты жігіт пен заңгері, журналистері, ең шетінде — есепшісі. Әзірше осылар. Әрине, әлі де біраз адамдар керек. Сенімді өкілдер, талдау-таразылау тобы, жарнамалау жағы, кандидаттық қаржы қорының қорықшысы, тағы басқалар, тағысын-тағылар.
Тау түкпіріндегі өзгеше отырыста сайлау науқанының стратегиялық жоспары жан-жақты және терең талқылануы тиіс. Тап осыны ой-санасында шегендей түгендеген кандидатыңыз тамағын кенеп, тыныштық сақтауға шақырды.
— Былай, — деді байыпты, байсалды кейіпте бәріне барлай қарап, қос уысқа қыса жинағандай. — Осында, мына тарихи «Варианттың» түкпіргі бөлмесінде қалғандарың — менің ең етене жақындарымсыңдар, сенімді серіктерімсіңдер. Ендігі шаруаның бәрі осы отырған сендерге байланысты екенін түсінесіңдер. Екінші, ерекшелеу басқосуымыз мамырдың ортасында, тау ішіндегі бұлақ басында, көкмайсада өтеді. Соған дейін, кеше келіскеніміздей, сайлау науқанының жетекшісі (атын атамады, иек қағып, көзбен ишаралады) мен штаб бастығы (түсін түстемеді, қабағымен аңғартты) стратегиялық жоспар жасап, кеңесшімен кеңінен келісіп, заңгермен ежіктей ақылдасып, жақсылап тұрып бір қайнатып қоюларың қажет. Тауда таза пісіреміз. Ал менің айналып кетейін ардақты журналистерім, сендер БАҚ-пен жүретін жұмыстың жалпы жобасын жүйеге түсіріңдер. Бәріміз жабылып, әсіресе мына маңызы зор мәселеге — кандидаттың имиджі дегенге баса назар жығайық. Жатпай-тұрмай қам жасайық. Бағана ше, мәжіліс шайдың барысында байқадыңдар ғой, «имиджге» тілі келмейтін қариялардың өзі осы сөзге әлсін-әлсін айналып қайта, қайталап тағы, оралып жиі соға бермеді ме? Ойланайық осыны, жарай ма?
— Жарайды, жарайды! — десті бәрі жамырап.
Үйіне сенімді кеңесшісімен бірге қайтқан. Менеджеріне өзі мұрсат берді, мәжіліс шайдан шаршады ғой ол сорлы. Заңгері мен жасамыс журналисті ерте жүргісі келіп еді, кейіннен ол ойынан кілт айнығанды құп көрген. Журналистерді ә дегеннен тым жақындата беру жараспас, белгілі арақашықтық сақтамақ ләзім. Штаб мүшелерінің басын бір-бірімен қосып та, жекелеп-жегенелеп те жұмыс жүргізген жөн.
Саунасы бабында екен. Сенімді кеңесшісі екеуі келісіп алғандай-ақ манағы мәселелер маңайын және шиырлап, мәжіліс шайға қатысқандардың нәт-ниеті, сөз ләмі, пейіл-пиғылы хақында бірқанша шолулар жасап өтті. Бірінші бусану мен жайбарақат жату осыған жұмсалды. Екінші бусану мен шайлануда штаб мүшелерінің әрқайсысы, бәлкім бесінші рет, мүмкін оныншы мәрте, сараптау сүзгісінен өткізілді.
— Сенімді кеңесшіміз сенімді-і-і-і, — деді депутаттыққа кандидат жас күнінде жетік меңгерген мандолиннің төменгі ішегіндей тырсылдай тартылып барып, қайта жазылған жүйке талшықтарына құлақ қойып, манаурай керілгісі келіп.
— Менеджеріңіз — нағыз науқан басшысына лайық, мына заманға бейімдел-ге-е-н, — деді кеңесшісі кандидаттың әуеніне салып.
— Штаб бастығының беделі ба-а-ар, кей-кейде ішіп қоятыны болмаса, — деді кандидат. — Өліспей беріспес адал құлдар да ке-рек-дү-ү-үр.
— Қауіпсіздік жағының құпиялары көп, заңгеріңіз заңға-а-а-ар, — деді кеңесшісі. — Осы журналистеріңіз қалай-қалай, а? Жазбагерлеріңізді жеткілікті білмейді екенмін.
— Мен де сол үшеуінің айналасында ойланыңқырап қала беремін, — деді кандидатыңыз. — Жасырағының жалыны молырақ, жаңаша әдіс-тәсілдерді жақсы меңгерген сыңайлы. Ауызша шешілген кезде қара пиар, қоңыр пиар, ақ пиарларыңды жасыл қиярдай қарш-қарш шайнайды. Бірақ жеме-жемге келгенде, жазу жағына шорқақтау. Орта жасары биіктеу ақырлардан жем жеңкіреп жүріп, жылы орнынан күтпеген жерден, кенет кеткендіктен, кекшілдікке бейімірек. Жазу жағынан оның да көсілісі кемірек, кібіртігі көбірек. Айрықшалау артықшылығы — ұйымдастыру қабілеті. Ал анау жасамысыңыз — мықтының мықтысы. Жазудайын жазады-ай сабазың. Бірақ өмір бойы жағдайы болмай, ылғи ынжық тартып, үнемі төменшіктеп, шегіншектеп үйренген. Әліне қарамастан, әр нәрседен үйлесім таппаққа әуреленеді тағы да. Таба алмаса азапқа түсіп, өзін-өзі табаға шыжғырады.
— Ойпырай, журналистердің жілік-жілігін жаңқалап шауып отырсыз ғой, шыли жүдә! — деп, қатты таңырқады кандидатыңыздың сенімді кеңесшісі.
— Жасамысы көп ақы да дәметпейтіндей. Ал анау алдыңғы екеуінің ашкөздігі мен ашқарақтығы алапат. Жұт көргендей жұтынып, жұрттан бұрын жұлқынады.
— Үшеуі де қажет екен. Жақсы таңдап тапқансыз!
   — Қой, келешекке де керекпіз. Демалайық.
Әдетте, бұл өңіріңізде мамыр айыңыз жылдам жылжып, жедел сусып, сылаң қаға ағатын су сияқты. Әне-міне дегенше, тау түкпірінде, бұлақ басында бас қосу өтер күн келген.
Жуынып-шайынып алған штаб мүшелері бірден ішіп-жемге емес, іске кіріскен. Арша түбіндегі қоңырқайлау қойтасқа жайғасқан бас менеджер стратегиялық жоспардың жалпы мазмұнын, қадау-қадау қамтылған мәселелерді мәністеп, сайлау науқанының жұмыс кестесін асықпай оқып шықты. Көз қарықтырардай ақшаңқан қағазға компьютермен термелеп түсірілген бір-бір данасы алдын ала таратылып берілген болатын. Штаб мүшелері түп-түгел шүйіле шұқшиысып қалыпты. Көп аса ұсыныстар білдіріле қойған жоқ. Социологиялық сауалнамаларға байланысты ғана бірер сұрақтар туындап, оларға қанағаттанарлық жауаптар қайтарылды.
Міндет бөлісу мәселесі һәм іскерлікпен, жан-жақты ақылдасылып шешілді. Сайлаудан төрт ай бұрын, үш айдың әрбір аптасында, екі ай қалғанда, бір айдың бірінші, екінші, үшінші және ең ақырғы аптасында атқарылатын шаруалар кесте арқылы және пысықталып, жауаптылардың аты-жөндері жеке-жеке жазылды.
Бәрі аңғарып, түсініп, сезіп, біліп отыр. Жоспар-кестеге кіргізілген әрбір іс-шараңызға қарасаңыз, байырқалап байыптасаңыз, бүй деп тұр: «Не?» (Мазмұны). «Не үшін?» (Стратегиялық мақсаты). «Қашан?» (Орындалу мерзімі). «Құны қанша?» (Бәрі қаржыға байланысты ғой). «Қайда?» (Аумақ айқындалып, сай-лаушылар топтары, ерекшеліктері ескерілген). «Кім?» (Іс-шараны әзірлеп, өткізетін адамдар дә). «Қалай?» (Ұйымдастыру әдісі мен өткізу тәсілі). «Қалай бағаланады?» (Күтілетін түпкі нәтиже ғой баяғы). «Кім қадағалайды?» (Бұл, әрине, бөлекше мәнді мәселе).
Толымды стратегиялық басымдықтар, толыққанды жауаптылар, тактикалық тетіктер туралы толғамды тараулар таудың таза ауасындай, бұлақтың бал татыр суындай санаға тез сіңіп жатты.
Жеңіл-желпі қуырдақ пен самаурынның шайы жетті. Бұл жолғы басқосудың шығынын осы аудандағы әкім шәкірті көтеріп отыр. Өзі қатыспаса дағы, көзі мен сөзі осында. Құрақ ұша қызмет етушілердің ындын-ықыластарынан, ас-судың дәмінен, шай-пайдың демінен бәрі анық аңғарылады.
Бұдан әрі сайлаудың қаржы-қаражат қоры мен олардың түсу және жұмсалу заңдылықтарын қамтамасыз ету жолдары, аумақ пен аймақтағы, өлке мен өңірдегі БАҚ және олардың таралымдары, электорат топтары мен таптары нық нені оқып, нені тоқитыны талқыланды.
Бас менеджер көбінесе қаржылық көздерге, сайлау науқанының белгілі бір кезеңдерінде «ең басты жау», «жай, қатардағы жау», «ең соңғы қауіпті жау» іздеп табу, табылмаса, қолдан ұйымдастыру арқылы тартыс туындату, драматургиялық шиеленісті ширықтыру, осындай орасан әсерлі әдістермен электорат тарту туралы әсерлене, қызғылықты әңгімеледі. Сенімді кеңесші сұңғақ шырша түбінде түрегеп тұрған күйінде интеллектуалдық, шығармашылық ресурстар, осы заманғы, аса күшейтілген байланыс жүйелері және компьютерлік қуаттар жағына, бағдарлама мен жарнама жағдаяттарына бөлекше назар аударып тастады. Кейбір «көзірлерін» әзірше ашпай қоя тұратынын мағлұмдады.
Қауіпсіздік қызметі мен заңгер көбінесе кіртиіңкіреп, үнсіздеу қала беретін. Бұл жолы да сол дәстүрлерін бұзбады. Сонда дағы ол екеуіне түсіністікпен, төңкеріле қарап, көмкеріле көңіл аударушылар жеткілікті.  
Үш журналист үш жақтан жамырап, аумақ көлеміндегі БАҚ саны мен сапасына, мықты басылымдар мен беделді телеарналардың артында кімдердің тұрғанына тоқталды. Қай басылымның және қандай-қандай журналистің кімдерге сатылуы мүмкін екендігі жайында жасырақ журналист жасырмай айтып, жалындай шабыттанды. Орта жасары да бірталай фактілерді ортаға тастап-тастап жіберді. Жасамыс журналист үнсіз қалды. Үйлесім іздейтін шығар, биік таудың беткейлеріне тесіле телміріп алыпты.
Кандидатыңыздың өзі сөз алып, командасына керемет сенетінін мәлімдеді. Осындай-осындай тұлғаларды табу мен таңдау оңайға соқпағанын, команда мен оны құрайтын адамдардың бедел-бедері, атақ-абыройы, іскерлік-ізденісі ең ерен көрсеткіш екенін баяндап бітіргенде, негізгі тамақ дайын болған.
Түс ауа, тобылғының көлеңкесі ұзарып, сары қымыз сапырыла бастағанда, кандидатыңыз арша мен шырша арасындағы тегістікте, көгілдір көрпеше үстінде жантайып:
— Жігіттер, енді әнеукүнгі «Вариантта» айтылғандай, тікелей имиджге көшейік, — деді.
Бұлақ басын құрайтын қайнарлардың былдыр-былдыр үні анық келді құлаққа. Көкжасыл шалғындағы тербелген гүлдердің үстімен үйлескен ақ көбелектер ойнап ұшып, билеп қалқып барады.
Кандидат ойын одан әрі сабақтап, бұған дейінгі беделі, әуелімгі абыройы, елге сіңірген еңбегі, атқарған қызметтері, бүгінгі бет-бейнесі, болмыс-бітімі, қазіргі кейпі, бары мен жоғы, ашы мен тоғы, барлығы, бар-баршасы ескеріліп есептелуі керектігін қайталады. Солардың бәр-бәрін саралап, сараптап барып, кандидаттың имиджін сапалық биік деңгейге көтеру, көптің көкейінде көркейте қалыптастыру, жұрттың жадында жарқыратып, электораттың есінде ерекшелеу — штаб мүшелерінің ең басты міндеті. Әуелім, әдіс-тәсілдер айқындалса, олар манағы маңызды стратегиялық бағыттарға қарата бағдарланса, нәтижелері нық, еңселері тік болмақ. Кандидаттарыңыз сайлаушылардың санасында, дауыс беремін деп ойлаушылардың ми қатпарларында қандай сапада өзі? Қалай болмаққа керек?
— Мен бастайын, — деді бас менеджер. — Тап қазіргі бейнеңізді типтендіре топшылап, топтандыра талдасақ, тіпті де жаман емессіз. Мәжіліс шайын ақпан айында беріп үлгерген қарсыласыңыздың бірі әрі бірегейі сіздің әрекетіңізден берекеті қашып, жүні жығылып, жағы суалып, жүдеп-жүнжіп барады. Оның сенетіні — Астанадағы ағасы. Бағзыда бір жұқаналау жігіт айтқан екен: «Жеңім жыртық болғанмен, жағам жақсы; өзім жаман болғанмен, ағам жақсы», — деп. Сол жақыбайдың керін келтіріп, ері мойнына, тоқымы тірсегіне түсіп жатса да, қайтпай қасарысып бағады деседі. Білетіндер. Бірақ сайлау туралы жаңа заңды елеп-ескермейтін секілді-ау сол көкелеріне арқа сүйеген ақылдылар. Сіз қазір бір жағынан, бейтараптау бейнесіз. Ал енді, екінші қырыңыздан, ішкі сырыңыздан қарағанда, өкіметтің де өз адамысыз. Зауытта цех, ауылда кеңшар басқардыңыз, төрт өзеннен төрт көпір, аудандағы ауыл-ауылдан екі мектеп, үш-төрт клуб салдырғансыз. Облыс орталығының мекемелерінде біраз жыл және бастық болдыңыз. Жаман атыңыз шыққан жоқ. Аудан басқарып та көрдіңіз, қайтадан қалаға келдіңіз. Елу бес жас — алпыс емес, яғни талтүс емес. Сәске түс...
— Пәске түс, пәске. Пәске түс! — деді депутаттыққа кандидат күлімсіреген күйінен танбай. — Төмендеңкіреңіз, менеджер мырза.  
— Төмендеңкіресем, жалғыз ғана жақсы кемшілігіңізді атап көрсетейін, ол — төмен етектіден тартыңқыраған теперішіңіз. Қоғамдық пікірде, бұрынырақтағы бірқыдыру тұрғындардың жабылау жадында қалып қойған жағымсыздау жаңғырықтар жоқ емес. Басқалай бірдеме таба алмас. Тап-тазасыз мына сіз.
Келесі кезек кеңесшіге тиген:  
— Біздің кандидатымызда бедел деген бедерлі, абырой деген айдарлы, ағайын. Бәрін қайталап, уақтай майдалап, жиып-теріп, үйіп-төгіп, уақытты текке шығындап жатқым жоқ. Жағымпаздықты жақтырмайтыныңыз белгілі. Имидж деген не өзі? Білесіздер бәріңіз. Ол — кандидаттың кәдімгі бейнесі. Сіздің биік бейнеңіз баршамыздың санамызда сайрап тұр. Сайлаушылардың белгілі бір бөліктерінде, пайымды пайызында да тап солай. Жастар жағына сіңіре түспек — өз алдына бөлек мәселе. Сіздің сырт келбетіңіз, жүріс-тұрысыңыз, бұрынғы-соңғы лауазымдарыңыз, мамандығыңыз, кәсіби шеберлігіңіз, ұйымдастырушылық талантыңыз, өмірбаяндық өрісіңіз, хоббиіңіз, жұртпен тіл табысуыңыз, сөйлесе білуіңіз, көпшілікпен кездесу кезіндегі шамырқанар шешендігіңіз, кешіп келе жатқан ғұмырыңыздағы алуан оқиғаларыңыз — осының күллісі, әрине, имиджіңізді құрайды. Мұның бәрі мықты да, осал емес тіпті де. Алайда менің ойымша, электорат санасының саңылауларынан саралағанда, кандидатымыздың күрескерлік кейпі кемшіндеу сезілетін секілді. Біздің қазекем кандидаттардан күрескерлікті көбірек іздейді. Өздері санасыздау, соқыр сезімділеу бола тұра, сөйтеді. Күрес бейнесі, күрескерлік келбет қай кандидатқа да керек. Сіздің күрескерлік қасиетіңіз бұрыннан да бар. Бірақ қазіргі имиджіңізде жеткіліксіз. Сол себепті, айқас алаңдарын, соғыс шептерін, майдан даласын, жырынды жауларды қолдан жасай білмек — өте дұрыс нәсте. Осының бәрін алдын ала, осы бастан ойластырмасақ, уақыттан ұтыламыз. Жау тауып, дұшпан тұтып, үнемі ұпай жинамақтың жолдарын қарастыру штаб бастығына тапсырылса. Ал БАҚ арқылы сіздің имиджіңізді күрескерлік рухына суарып, санаға сіңіру журналистерімізге жүктелсе.
— Социологтарды таңдау үстіндеміз, — деді штаб бастығы, шынымен-ақ таудағы, бұлақ басындағы мына мәжілістің арақ-шарапсыз өтетіндігіне иланғысы келмей, азық-түлік жаққа иек соза қарап қойып. — Әлгінде айтылғаны бар, айтылмағаны бар, барлық кемшіліктер анықталып, айқындала түседі. Барлық параметрлер пайымдалады.
— Төмен етектілерден тартқан теперіштеріңіз және олардың электорат санасындағы жаңғырықтары жайында айтылып қалды ғой, — деді қауіпсіздік жағына жауапты жігіт. — Осы мәселенің зарар-зиянын залалсыздандырмақ, жағымсыз жақтарын мәнсіздендірмек керек. Ол үшін осы бастан отбасыңызбен, әсіресе апаймен бірге жұрт алдында аса көп көрінгеніңіз ләзім. Журналистердің бірі тікелей осы тарапта тартымды жазса. Сіздің ең күшті жақтарыңыз, құнды қасиеттеріңіз тұрғындарға түгел таныс па? Сайлаушылар не күтулі, нені тілейді? Социологтарымыз осы бағыттарда белсенуі тиіс.
Жасырақ журналист алдын ала бірқатар мақала-материалдардың жобасын жасап, нобай-нақышын нақтылап үлгергенін, суыртпаққа салып сынайтын стилімен бірер апта абайлап байқайтынын, одан соң барып суырып алып, қайта жөндейтінін, әбден өңдеп болғанда, штабтың кейбір мүшелеріне оқытатынын баяндап өтті. Ортаншы журналист өзінің бүкіл тәжірибесі мен қалам қарымын кандидаттың қарсыластарына қарата жұмсап бағатынын мәлімдеді. Екі қарсыластың өткен өмірбаяндарынан қазбалап тапқан бірнеше бұлтартпастай фактілері бар. Олар дауыс беруге бір апта қалғанда бомба болып жарылмақ. Үшінші, жасамыс журналист қысыла-қымтырыла, күмілжи міңгірлеп, жанарын жаңа бүрлеген шашыратқылардан шашыраған нұрлы сәулелерден ажырата алмай, кандидаттың күрескерлік кейпін бедерлейтін бірдеме жазбақ уәдесін беруге мәжбүрленген.
Бәрін қайтарып, бұлақ басында кандидатыңыздың бір өзі ғана кідірістеп қалған. Оның себебі былай еді. Өзі бұл өңірде емес, өзге таудың баурайында туып-өскен болатын. Төменгі сыныптардың бірінде оқып жүргенде, әкесі қала жаққа кәттә бастық болып ауысып, ауылдан біржолата көшіп кетерде, бастаудың көзін бірге ашып, аршысқаны бағанағы бас қосудың бел ортасына таман ойына оралып, ерекшелеу елестеп, санасынан шырматылып шықпай-ақ қойғаны. Қарауытқан қоймалжың ұйықпен, қиыршықтанған құммен және шиыршықтанған ажырықшөптің тарамыс тамырларымен тастай қатып, бітеліп қалған бұлақтың бастау көзін әкесімен қатарласа, өзгеше әуестікпен тазалағаны-ай сондағы. Әкесі де шып-шып терледі, бұл да бусанып, қатты ыстықтады. Бұта таяқпен және қолмен ғана әрекет еткен әкелі-балалы екеуінің еңбектері еш кеткен жоқ. Қайнар көздер шүңеттене лайланып біраз жатты. Бірте-бірте шет-шеттен шып-шып тердей тұнық тамшылар мөлтілдеді. Бара-бара олар бір-біріне қосылып, шымыр-шымыр қайнап қоя берді. Қуанғаны-ай сондағы!
Әлдеқашан, мүлде ұмытылған сол бір сәт осы жолы ойына кенет оралып, күні кешегідей көзіне елестегенін қараңызшы енді.
Ол жылдардан бермен қарата қаншама сулар ағып өтті өмір-өзен арқылы. Кандидатыңыз нешеме кез-кезеңдерді кейін серпіп, соңында қалдырып, артқа тастап үлгерді. Депутат болмаққа бел байлағанға дейін бәрін де бастан кешті емес пе? Иә-иә, бәрін, бәрін де! Әрине, шүкіршілік те керек, жоқтық-жұқаналықты білмеді. Жетімдік-жаутаңкөздіктің беті әрмен, олар өз басына түсе қойған жоқ. Өз қатарларынан ылғи да алда болды. Оқ бойы озық жүргені рас. Тозық киім кимеді, жылытпа тамақ ішпеді. Сонда дағы, еркелікке елірмеді, тотайлыққа берілмеді. Әке өнегесі, шеше тәрбиесінен бе, өскен ортасы, оқыған айналасынан ба, кім білсін.
Басшылыққа ерте ілікті. Барша баспалдақтардан өткен, осынау ордалы да қордалы күйіне бірте-біртелеп жеткен. Төрт құбыласы түгел, іргелері нық, ұйқысы қанық, күлкісі анық сияқты. Айхой, ат та болды, атақ та болды, даңқ пен дүние де, дос пен жолдас та, от пен ойнас та болды. Болмай қалған нәрсе жоқтай, байқаса.
Болды. Болған бәрі де. Мінекиіңіз, енді барлығының өнімін терер, жемісін көрер кез келгендей. Жаман емес жемістер. Олқы да емес нәтиже. Бәрі де болмай қалған жоқ. Бүгіндері де еңсесі түсіп, еңкіш тартып, базардан қайтпаққа беттедім демес. Мұндай жаста тыңнан тыныс ашып, осыған дейін алмаған асуларына ыршып шығып, ырғып мініп жатқандар да жоқ емес. Кейбір кемел елдерде елу бесіңізді әлі де тым жас санап, ел басына отырғыза бермес.
Сонымен, осы депутаттыққа неліктен бой ұсынды өзі? Мақсаты қандай, мүддесі нешік? Жұрттың бәрі жұлқына құлшынып жатқан соң, бұл да дүрмекке еріп, дүбірге ілесіп байқамаққа ұмтылды ма? Кім болса сол сайланып жатыр ғой, біз де бір көрейікшінің кері ме? Облыс деңгейіндегі талай-талай лауазымдарды иеленді, бұдан әрмен биіктетпес. Бізден де басқалар бар ғой деді біраз бұрын ойланып. Бизнесті де көрді, ендігі жерде тағы да таққа дәмеленбестен, депутаттық додаға қосылмаққа бел байлағаны ма? Қазақты қалқаланып, халықты арқаланып, қу қара бастың қамын ғана күйттейтіндердің қатарын көбейтпек пе бұл дағы? Иә-иә, солай шығар, сірә. Анау бір биіктерге бұт арта бастаған балаларына, шәлкем-шалыстау баса беретін шалаларына сол жақта, биігіректе жүріп қорған болмақ мақсұт шығар мұныкі? Қазіргі кезеңде, бүгінгі заманда кім бұл өзі? Иә-иә, кіммін дейді осы? Халықтың қамын жеген, қазақтың қамытын киген кейіптегі рөлді ойнай ала ма бұл? Ойнағанда қандай! Өп-өтірік ойлағанда қандай?! Анау заманның ақырғы тұсын көрді емес пе? Халық үшін, ел үшін деп жүріп, сол сорлыларды тобыр санағанның, топыр-топыр тобыр деп есептегеннің бірі өзі ғой, өзі. (Ол айнала-төңірекке алақтай қарады, терең-терең сайлардың теріскей беткейлерінде көлеңкелер қарауыта қоюланып барады екен). Сол жылдарда, сол кездерде ше, тобырлық тым тиімді тұғын. Тырп-тырп етіп тек тірлік тындыра берсе, тынымсыз тымпылдап жүгіре түссе, бұйрықты бұлжытпаса, әміріңді тәңіріндей көрсе. Ойланбаса да, толғанбаса да, ой-санаға салмаса да. Өкім. Өкімет. Қаулы. Қарар. Бұйыру. Орындату. Бірауыздан қолдау. Бір кісідей дауыс беру. Қарсылықсыз қуаттау.
Бір кісідей дауыс беру. Ха-ха-хаһ!
Көрді ғой осыларды.
Кез-кезеңдер келмеске кетті.
Мына заман бөлек, жаңа кезең ерек.
Заң түзелмей, заман түзелмес деп ойлайтындардың да аз еместігін жақсы біледі бұл. Осыған дейін депутаттыққа өтіп кеткендер ше, солар сайлау аса әділ, керемет кемел жүрді десетін. Өтпегендердің өттері аузына құйылып, шындықтың жоқтығын жырлап, зар илеп, запыран құсатын. Сайлау туралы жаңа заң шықты да, талайлардың табанынан шаң шықты. Енді қайтпек керек? Мұныкі қандай күйде? Кандидаттың имиджін меңзеп отырыпты дә.
Штаб мүшелері біледі ғой, талай-талай нәрсені. Біле-е-е-еді бәрін. Бедел биік, абырой асқақ дегілері бар. Дегендері көп. Бірақ бұрынғы биіктер баяғыда-ақ бірқалыпты, бірсыдырғы ғана ұғым тепсеңдеріне түсіп, тым құлдилап кеткен. Әуелгі асқақ асулар аттап-пұттап өтіп кете берердей жайдақтанған. Жаңарған заң, жанданбақ науқаныңыз жанартаудай бұрқ етіп басталар бірдеңені шын тілейтіндей. Әуелей заулап жанатын әлденені күтетіндей. Оны қалай таппақшы, қайтіп тұтандырмақшы? Өмірбаянның, ғұмыр кешкен жолының қай тұсынан, қандай жықпылынан іздемек? Кейбір кемел елдерде кандидаттың имиджін шығандата шырқатуда отбасы, әсіресе әйелі үлкен рөл атқарады-мыс. (Мырс-мырс күліп, бұлақ көзіне түкіре жаздады). Мұның қатыны көріне ала ма халыққа? Күні кешегі тобыр болғанда, бір сәрі еді-ау. Топыр-тобырың жоқ қазір, оянып келе жатыр олар. Өркениетті жұрттарда кандидаттың командасына отбасы мүшелері түгел кіріп, имидждің көкесін көрсетеді деседі. Мұның әйелі қалай кірер командаға? Кір-қоңын жуып қала берер, әрине. Екі қыз бен екі ұл да жұтынып тұрған жоқ. Қатар ағар қос қанның нағашы жағы басымырақ түскен екен де. Кейін тартқан кежегелерді сүйрелеп әзер серпілтерсің. Оның үстіне отбасылық команда деген ұғымды еліміздің электораты қабылдай қоймас әзірше. Бір есептен бұл үшін сондай сана да тиімді.
Кандидатыңыз орнынан түрегеліп, үсті-басын сыпыра қаққыштап, мәшинесіне қарай аяңдаған.
Коттеджіне кештетіп жетті. Жылы ваннада жатқанында, кенеттен кенен ой түсті. Телефонға жармасты. Менеджерін, сенімді кеңесшісі мен үш журналисін таңертеңгі сағат тоғызға шақырды.  
Ертеңіне олар кешікпей келді. Бір сағаттай кеңес өткізді. Түс кезінде Түркияға ұшады. Бұрынырақта да бірнеше мәрте барып қайтқан. Инвестиция мәселесінің талай түйіндерін шешіп, келісіп, кейінге аса тиімді, тиісті сәттерге сақтауға уағдаласқан. Міне, сол сәт жетті енді. Имидждің жанартауы осындай-ақ болар. Бұл қайта оралғанша үш журналист үш-үштен, алуан жанрда, түрлі көлемде тоғыз материал дайындап, қанаттарын қомдап отырсын. Алдын ала «аванс» анау тұрыпты. (Иекпен ишаралады). Қай кәсіпорынға қаншадан, қашан және қалай әкеліп, қайтіп құятынын құпия ұстайды әзірше. Шетелге жалғыз өзі кетеді. Қажет етіліп жатса, менеджерді ме, сенімді кеңесшіні ме, мүмкін екеуін бірдей ме, шақыртар. Тек Түркиямен ғана шектелмес, Әбу-Даби арқылы оралуы да бек бәлкім.
Кандидатыңыз өз үйінен ашқарын шығып, оразасын аэропортта ашты. Обалы нешік, сервисіңіз күн өткен сайын өзгеріп, сағат сайын өңденіп барады. Кофе ішетін үстелге дейін бөлменің ішкі интерьеріне үйлесіп тұрыпты. Қолындағы тіп-титімдей ғана құтының сыртқы сиқыр өрнектері де жалпы дизайндық иірімдердің үйірімдеріне үндескен. Күншуақ қаласында осылай да осылай болады десе, осыдан оншақты жыл бұрынырақта ешкім иланбас еді.
Ұшақтың ортан беліне отырып, белдігін байлай бастағанда ғана жанына мана жайғасқан жас келіншекке көз қиықтаған. Байсалды һәм байыпты көрінетіндей бүкіл болмыс-бітімі қопарыла құлаған ағаштайын солқ ете түсті. Үлкен ұшақ қосыла қозғалғандай.
Қайта қарауға қорықты.
Қорықты ма, қаймықты ма?
Айхой, ат та болды, атақ та болды, даңқ пен дүние де, дос пен жолдас та, от пен ойнас та... Болған бәрі де. Нәтиже нендей? Өнім қандай? Же-же-е-міс... Жанында отырған жас келіншек, әсем әйел — сол ғой, сол. Сойып... Жо-жоқ, құйып қаптап қойғандай сол ғой, сол. Ол емес бұл. Соның нәтижесі. Оның өнімі. Оның ғана өнімі емес, соның ғана нәтижесі емес, мұның да, яғни екеуінің де же-мі-сі-і-і. Солай, депутаттыққа кандидат мырза. Басқаша болмағы мүмкін емес.
Жиырма жаста еді ол. Отыз екі жаста еді бұл. Ауданға басшы болып барған. Бір көргеннен өлердей құлаған. Қыз кетәрілік көрсетпеген. Айхой, болды ғой бәрі де. Қайталанбас ол дәурен, қайта оралмас ешқашан. Атына да, атағына да қызықпады қыз. Пайдаланбаққа талпынбады. Рахмет. Мың да бір алғыс ай дидарлы, күндей көрікті комсомол қызға. Тек бойына бітіп қалған шарананы шығынға кетірмекке көнбеді, алған бетінен қайтпады. Дуылдап өсек, шуылдап әңгіме шықпай тұра, із-түзін білдірмей, көшті де кетті. Өзі ғана емес, өлмелі шешесін бірге әкеткен. Құтылғанына қуанды. Іздеуге ерлігі, еркектігі жетпеді, күрескерлігі кемшін-ді. Одан кейін де болмай қалған жоқ. Болды. Біреу емес, екеу емес, әрине. Әлденешеу. Алайда ол өзгешетұғын. Оны ойнас деуге обал-ды. Бөлекшетұғын. Кеткен жағын айтпады. Білдірмеді, білмеді. Тек талай жылдар жылжып-сусып өткенде, естен де шығып кеткенде, әлдебіреуден құпия-құсни хат беріп жіберген. Ешқашан зиянын тигізбейтінін, ешуақытта ешқандай салмақ салмайтынын, ешкімге жақ ашпайтынын жаза отырып, тек қызды мұның атына жаздырғанына өте-мөте кешірім өтініпті.
Ыстамбұлға баратын ұшақтың жеті мың сегіз жүз елу метрлік биіктікте ұшып келе жатқаны хабарланды. Тамақ таратыла бастады. Лажсыз қарады. Ләм-лимсіз күйде көзін айыра алмастан отырып қалды. Бүйрегін без, бауырын тас, жүрегін мұз етіп ұстамаққа үйренген емес пе, сыр бергісі келмеген. Бірақ бой берместен, без бөгетті, тас қамалды, мұз құрсауды бұза бұлқынып, бәрібір булығыңқырай шыққан діріл дауыспен аты-жөнін сұрады.
Айтты. Аты-жөнін тегімен қоса сыңғырлай таныстырды. Сол екен, соның өзі екен, қызы боп шықты, шіркін-ай...
Тамақ таратылып болған. Нан жеді ме, ағаш шайнады ма? Ет пе, әлде тас жұтты ма? Кофе ұрттады ма, у ішті ме? Білмеді. Сезінбеді.
Ұшақтары Қара теңіздің үстімен ұзақ-ұзақ қалықтады. Кандидатыңыздың ойы одан бетер қалыңдады. Ол өзгеше еді ғой, не керек?! Одан кейінгілері ондай болмады. Бола алмады. Атын да, атағын да, даңқын да, дүниесін де пайдаланбаққа тырысты, өршелене ұмтылды, өлермендене құлшынды. Өсекке ілінбей қала алмады бұл. Біріне бөгесін салды, екіншісінің ептеп тілін тапты, үшіншісінің үнін өшірді...
Штаб мүшелерінің төмен етектілерден теперіш көрдіңіз деуінің мәнісі сол ғой. Солар. Ел де біледі біраз-біраз. Топыр-топыр тобыр емес бүгінгілер. Қорықпайды бұрынғыдай, үркіншілік жоқ қазір.
Қара теңізге қарағысы келді ме, қызы бұған қарай бұрылды. «Ай, айналайын-ай, өзің әдемінің әсемі, көріктінің көркемі екенсің ғой, шешеңнен аумай қалыпсың-ау!» — деді ішін уіл, жүрегін суыл кернеп. Құмығыңқы үнін өзі де әзер естіп, әңгімеге тартыңқырады. Ара-арасында өзінің қайда, қандай мақсатпен бара жатқанын там-тұмдады. Қызы күлімсіреп қойып (беу-беу-беу, дүние жалған-ай, құйып қаптай салғаны-ай), Түркияға тоқсан төртінші жылы қоныс аударғандарын, анасы да, өзі де түріктерге тұрмысқа шыққанын айтты. Кәсіптерінен хабардар етті. Күйеуі бір ірі корпорацияны басқаратын көрінеді. Қанатын кеңге жайып, Алманияда, Болгарияда, Қазақстанда, оның ішінде Күншуақ қаласында да тірлік жасай бастаған екен.
Түсер мезет таянды. Бәрін біліп отырып, іші түгел ұлып отырып, келіншектен шешесінің ныспысын нықтап сұрағысы келіп кеткенін қараңызшы. Батпады. Батылы бармады. Сыртқа шығып, қызы шынымен-ақ алыстай бастағанда, жанұшыра қылғынып: «Қызым, анаңның аты кім, айтшы!» — деді. Айтты. Атын атады анасының. Жанары жалт-жұлт етіп қарады келіп, қарады. Алайда адамдар көбейіп барады. Итермелеген, иінтірескен нөпір жолаушы араларын алшақтата, қызын қашықтата берді. Ал қызы ше, қайта-қайта қайырылып қарады. Әлденуақта ақырғы мәрте бір бұрылды дағы, жүгіріп барып қараторылау, қалың мұртты, қалың қасты, сұңғақ бойлы түрік жігіттің құшағына кіріп, мойнына асылды.
Асыл қызы...
Әлде, есіл қызы...
Кандидат діттеген мерзімінде, белгілеген мезгілінде, кешікпей, уақтылы оралған. Облысыңыздағы отызшақты газет, төрт-бес телеарна түгел шу ете түсті ертеңіне. «Инвестиция!» — десті бәрі әр алуан дауыспен, түрлі-түсті тақырыппен. «Мұндай мөлшерде инвестиция әкелген әкетайлар мен көкетайлар болған емес ешқашан!» — десті олар. Оны әкеліп құйған кім? Кандидат. Біздің кандидатымыз! Сіздің болашақ депутатыңыз!
Деседі-ай бәрі.
Жасырақ журналист жазуға шорқақтау болғанымен, тақырып тауып, ат қоймаққа шебер еді. Ортаншы журналист барша басылымдармен тіл табысып, ұтымды ұйымдастыру жұмыстарын жандандырды. Үйлесім іздеуден басқаны білмейтін үшіншісі «Күрескер» деген очерк жариялап, ерен ерлік жасады.
Ал депутаттыққа кандидатыңыз ше, ол мұқым-мүлде өзгергентұғын. Бұрынғыдан басқа, бөтен-бөгде біреу сияқты. Тіпті кандидаттың имиджін күн санап емес, сағат санап көтермекке кірісіп кеп-кеп кеткен штаб мүшелерінің де біразы таңырқаулы, біразы жабырқаулы. Депутаттыққа кандидатымыздың өзін шет елдіктер алып қалып, бізге «двойнигін» салып жібергеннен сау ма десіп, қауіптенетіндері де рас.
Кандидатыңызға енді бүкіл дүние, жалпы әлем, күллі тіршілік мәнсізденіп, дәмсізденіп кеткен еді. Өзгергені өтірік емес-ті. Депутат бола ма, болмай ма? Сайлана ма, сайланбай ма? Бәрібір бұған.
Нәніпәтір.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу