Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

ӘКІМНІҢ ӘЙЕЛІ

Қызық.
Екі мың он бірінші жылыңыздың қарашасында жер жүзінің жеті миллиардыншы тұрғыны туды.
Тіркелді. «Көксандық» тап осылай хабарлады. Жетінші қарашада. Жеті миллиард деді. Артынша «көксандығыңыздан» «Қоңыр» тобының әні берілді. Ұзын талдырмаш қыз: «Дүние... дүние... дүн-ие-е-е. Дүниеге кім ие-е-е?..» деп әндетті. Екі жігіт қосылды. Біртүрлі ән. Мұңды.
Бес жылдай бұрынырақ, бұның жұбайы айтулы аймаққа әкімдікке тағайындалғанда ше, миллионыншы адами затыңыз іңгәлап, салтанатты түрде тіркелгентұғын. Айпара аймағы аумағында.
Жұртшылық жақсылыққа жорыған. Күйеуі әлгі кішкентайдың кіндік әкесі, ал бұл – әкімнің әйелі кіндік шешесі ретінде қабылданған. Әзіл-шыны аралас, қалжың-қылжағы қоралас қоғамдық пікірде солай саналған. Бәзбіреулер жағымпаздар мен жандайшаптардың әдейі ұйымдастырғаны деп, сыпсың сыпылдатқан.
Содан бері өткен уақыттың бойында бүкіл байтағыңызбен бірге бұл өңіріңіз де өркендеген. Өңіріңізбен өзектесе өздерінің өргектігі өлшеусіз өскен. Жұбайының өргектігін желгектігі білдірмес. Сергектігі сездірмес.
Ал өзін өбек тербеді-ай.
Аңдады. Мына Айпара аймағында әкім болғаннан гөрі әкімнің әйелі болу әлдеқайда әбігерлі екен. Бұлар бизнес белестерінен билікке ауысқандар санатында саналар. Күйеуі әуелден-ақ әкімдікке әзірленіп баққандардың сұрпынантұғын. Бизнестен бастырмалатқан байлығының басым бөлігі осы мақсатының жолына жұмсалған. Қалғанының қомақты қолақпаны қияндағы, қиянатсыз қисапталатын бейбіт елдің банкіне салынған.
Айпарадағы алғашқы айлардың, әуелгі жылдың әуре-сарсаңы аз емес-ті. Екінші жылға қарата естерін жиды. Екеуі де. Әкім күрмеулі түйіндердің түйткілдерін жазып-жаймалауда жеңіске жете бастады. Жұлмаланған жіптер жалғанды. Өзін де, өзгені де аямады. Өршелене өрге сүйреді. Өгіздейін өңмеңдемеді. Бизнесмендерше батпансымады. Қодаңдамады. Қоғамдады. Бар-барша жұртын. Жамап-жасқаған жақтарына дейін айпаралықтар айқын аңғарып отырды.
Жемпазданбады. Әуелгіде. Жағымпаздарды жасқамады. Кейінірек. Кадрларын іріктегендей, оларды һәм маңдайларынан шертіп-шертіп, шебер пайдалануға көшті. Күйеуі. Жандайшаптардың да жадағайларын жанына жолатпады. Өлердей берілгендігіне, өлмей сатпайтынына көз жеткізіп, көңіл сендірген соң ғана, сан-алуан сынақтарға салып барып, өз жағалауына жылмита жүздіріп шығаратын. Жұбайы.
Ерлі-зайыпты екеуі бір-бірінің аттарын аса көп атамайтын. Есімдер сирек естілер. Әкімі жөткірінер. Әйелі жеңіл ғана жөтелер. Жаймашуақтана еркелер. Қабақтарынан ұғысар. Емеуріннен түсінісер. Бірін-бірі қинамас. Ишараға иланар. Жымиысқа жұбанар.
Сәтін салды. Жоғарыдан бөлінетін, жергілікті жерден жиналатын қаржы-қаражат жағы жүздеген есе өсіп, қаулап қоя берер жылдарға да жетті. Айпара аймағы. Триллион теңге дейтұғындай түсініктер, миллиондап мыңғырар тендерлік түсімдер үйреншікті үрдіске етене енген.
Өлшемдер өзгерген. Өрістер кеңейген.
Өбектер көбейген. Өтістер өршеленген.
Өлшемдердің өзгеленгеніне байланысты өрелердің сенделгенін сезді. Сезінді. Бірқатарынан безінгені жөн шығар. Деп те түйетін. Әрине, әкімнің әйелі ретінде алдында толған таңдаулар тұнып тұратын. Небір-небір науалардан толассыз саулай құйылып, тасып-төгіліп, шет-шегі бұлдырап, болжанбасқа айналған ақша ағынына бағынып бағуына да болатын.
Алайда, ақша шіркіннің есеп-қисабына жете алмастан, ентігіске елітетін сәттерінде анасы марқұмның аса сабырлы бейнесі елестеуші еді. Әкесі марқұм аупарткомның үшінші хатшысытұғын. Қайта құруыңыз қозған жылдары. Қызмет көлігі жоқтұғын. Жаяу-жалпылайтын. Күндердің бір күнінде межелі жеріне жете алмай, жол жиегінде қызарақтай қыжалақтап тұрса, бірінші басшының әйелі күйеуінің ақшаңқан «Волгасын» жорғалатып, ары да өтіпті, бері де өтіпті. Кешке үйіне күйініп кірген әкесі: «Атасына нәлет, ауданның үшіншісі болғанша, бірінші хатшының қатыны болсамшы!» деді. Мұның әкесі. Анасына. Қызының келесі бөлмеде сабақ оқып отырып, анық естігенін аңдамастан. Шеше шіркін кейініректе сол салиқалы сапасынан айнымастан: «Құлағыңнан қағып түсіріп, шымшылап шығарып жібер әкеңнің әлгі сөзін», деп, сәл-пәл ыңғайсыздана жымиған.
Сонда, өткен ғасырдың сексенінші жылдары ортасынан ауғанда, он үш жасында, әкесінің ашумен айтқан сөзі санасында мөрленген. Періштелердің құлағына шалынған шығар, жалғыз қыз – бүгінде аймақ әкімінің әйелі.
Ақша шіркіннің шылқығаны соншалықты, бірсін-бірсін бұл есеп-қисаптауды қойыңқыраған. Туған-туыстар мен жақын-жуықтарға бизнесмен кездерінің өзінде біраз-біраз беретін. Тойларында тартынбай тарататын. Күйеуі әкімдікке өткеннен кейін көбейтпесе, кемітпеген. Обалы нешік, Айпара аймағына бірінші басшы бола салысымен-ақ, өз жағынан да, қайын жұрты жағынан да, арзитындарына аянбай-ақ жәрдемдескен. Жұбайы. Бұрындары бизнеске жұмылдырса, әкімдікке тағайындалған соң, осы саланың буын-бунақтарына тартыңқыраған. Бірақ, бағаламайды екен. Басым бөлігі. Түсінбейді тіпті. Тереңдемейді екен. Өздері де тоймайды. Көздері де тоймайды. Жүз мәрте жәрдемдесіп, жүз біріншісінде реті түспесе, тұлан тұтып шыға келеді. Жау көріп кетер.
Қаржыларын қисаптамаса-дағы, өсімдерін есептемесе-дағы, қай жағын да қымтап-қыспаққа көшкен. Жақын-жуықтарға, туған-туыстарға түк татырмасқа кеткен. Баяғы бизнес биіктерінің бұтақ-бунақтарын шығандата шырқатпаққа бел буған.
Әкімдік әйдік лауазымдағылар, мемлекеттік қызметтің құзар басындағылар, ұшар биігіндегілер бизнеспен тікелей де, жанама да айналыспасын деген пәрмен шығыңқыраған. Күлкілі ғой, әрине. Күллі күштілердің күлманы ашылар. Пәрменіңіз паршаланған. Шықпай жатып. Емін-еркіндік есірген. Басынбақ белең алған. Бүкіл байтағыңызда. Айпара аймағында да.
Бұл бағыттағы шырқаған шаттықтарынан жиіркеніш татқандайтұғын. Неліктен? Түсінбейді. Тірліктер тоқсан тарау. Жүріп жатыпты. Өзінен-өзі. Заулап. Зау-заңғарлай зырлап. Жүре берсінші. Бірақ, біртүрлі зерігетіндей ме? Жеритіндей ме? Олар да емес-ау. Іші пысқандайдың да дәл өзі емес. Демес. Сонда не? Ақшаға да құнықпайтын, басқаға да қызықпайтын адам бола ма? Әкімнің әйелі бола ма? Қызық.
Төртінші жылдың аяғына таман Құдай қосқан қосағы бүй деген: «Абайлайық, айналайын. Бізге бір милионнан астам адам мекендейтін аймақтың басында жүруді жазыпты. Туғандағы алғашқы іңгә мен ақырғы іңгәнің арасында пенде шіркін не істемейді? Не көрмейді? Біз, әйтеуір, тек жақсылықты ғана бастан кешуліміз. Жасымыз қырықтың қырқасына жаңа ілініпті, бағамдасақ. Байқайық. Абайлайық...»
«Айналайынды» айрықшалаған. Сирек сөзі. «Абайлайықты» алғаш айтып тұрыпты. Анасы жиі қайталайтын. Марқұм. Күйеуіне аңтарыла көз тоқтатты. Бұл. Ұзын-ұзын кірпіктерімен желпіп жұбатты. Жұбайын. Ып-ыссы, тәп-тәтті демімен құлағының түбін қытықтай қылықтанған.
«Балаға барып қайтасың ба?» дегенді қосқан. Қосағы. Түскі үзілістен соң. Ұжмақтың ұясындай ұнасымды төсектерінен тұрып жатқанда.
Шетелде, ең елеулі, озық оқу орнында білім меңгермекке кіріскен жалғыз ұлға барғыштауды жиілеткен. АҚШ-ыңыздан қайта ораларда қиянатсыз һәм қайырымды есептелетін ерекшелеу елдегі банктің аужайын байқап, қоржын-қосқалаңдарын нығайта нықтап қайтатын. Алғашқы ақшалары мен кейініректегі қаржыларының қатталуынан қаншалықты ләззат алатыны жадын жадырататын. Бірте-бірте сол ләззатшылдықтан да суынғандай, салқындау тартқандай сезінді. Іші пысқандай ма? Зеріккендей ме? Осынау ұғым-түсініктерге орнықпастай, сыйыспастай селқостық па? Бірдеңе. Әйтеуір.
Өте-мөте өзгеше, озық оқу орнындағы, алыс АҚШ-тағы жалғыз ұл да бөтенше. Секілді. Соншама орнықтылығы ойға қалдырады. Салмақтылығы секем алдырады. Білімге құлшынысына қайран. Бұл. Шешесі. Тіл тимесін. Көз өтпесін. Әкім әкесінен әлдеқайда алысқа самғайтыны сөзсіз. Әлдеқандай бірдеңеге ұрынып, бәлеге ұшырап жүре ме деп, уайымдауға негіз жоқ. Себеп табылмас. Бөтенше баланың төтенше қылық шығармағы мүмкін емес.
Әкімнің әйелі ғой, өзге шетелдерге жиі-жиі шығыңқыраған. Бизнесменнің жары шағында да тайраңдаңқыраған. Талай-талай. Тайландтан бастаған. Шет жұрттық жиһанкездігін. Ерлі-зайыпты екеуі бірге барған. Бөлек-бөлек те кетіңкіреген. Бірер ірі-ірі бизнесмендердің сұлулары сыралғы. Сырлас. Сенімді. Бұрыннан. Солармен бірлесе, тізелесе тән баптамақты жан-жақты меңгеріскен. Шетелдетпекті шапшаңдатысқан. Талдырмаштықтан танбасқа анттасқан. Әлем жүзінде «Дольче & Габана», «Армани» сынды стильдер бедерленгелі талдырмаштықтың алдыңғы сапқа шыққаны тауарихтан аян-дүр. Жүдеңкіленіп, арық-тұраққа айналып, талдырмаштықтан талып түсетіндер мың-мыңдап еселенген. Әлем жүзінде әнебір әдейілеп май сылдырудан өліп кететіндер көбейген. Липоксация ғой. Көз қиықтарын тарттыра-тарттыра, түнде ұйықтағанда да жанарлары жұмылмастан, бақырайтып ашып жататындар төрт миллиардтан асатын, құрымағыр қатындардың қатарында миллиондап саналар. Бұл біраз-біраз шетелдерден шебер меңгерген тәжірибесін жүйелі жүзелеуден айнымады. Зерікпеді. Ішін пыстырмады. Талдырмаштық тегінде де жоқ емес-ті. Айпара аймағындағы айрықша сұлулардан саналмағы сондықтан.
«Өзімізде, өз елімізде өмір кешу мен емделу қауіпті» десетін. Сыралғылары.
«Өз өтенімізде, өз аймағымызда бала босану қорқынышты» десетін. Сырластары.
«Өз мемлекетімізде ұл-қыз оқыту онша оңтайлы емес» десетін. Сенімділері.
Жас, жылмағай бизнесмендер мен кәнігі кәсіпкерлердің келіншектері, егделеулерінің келіндері шетелдерде босанады.
Өздері, отбасылары өркениетті елдерде емделіп, демделеді.
Ұл-қыздары, немерелері беделдері биік, тауарихтары әлденеше жүз жылдап саналатын университеттерде оқиды.
Бұл, бірте-бірте шетелдерге шықпақтан да шегініңкіреген. Сол баяғы жалыққандық па? Бәлкім, зеріккендік пе? Мүмкін, саналы түрде бас тартқандық болар ма? Тән баптамақтың бар-барша әдіс-тәсілдері өз үйінен, үш қабатты коттедждің астындағы арнайы жабдықтары жетіп-артылатын, бассейні бар, зербарақты залдан табылар.
Бесінші жыл басталғалы басына бір уайым ұя салуға кіріскендей. Анасы марқұм түсіне жиі-жиі кіретін болған. Бұрынғы байсалды мейірбандық, жаймашуақ жылуарлық жоқ. Кірпік қақпайды. Қиық-миықтарын тарттыра-тарттыра көздері ұйықтағанда да ақырайып, ашық жататын әйелдерден емес қой. Мұның мейірім ғана мәнзелдес есіл шешесі. Асыл анасы. Бір жолы тұп-тура өңіндегідей сұқ саусағын безеп қойып, қатты ұрысты. «Әй, әкімнің әйелі! Абайласаңдаршы! Жоғарыға жөңкеріле берместен, төменге де төңкеріле тірлік жасамайсыңдар ма?!» деді. Бұл, әкімнің әйелі, түсім бе, әлде өңім бе деп таңғалды. Тұлабойының әр жерін шымшыды. Өңі сияқты. «Апа!– деді бұл өз даусын өзі ап-анық естіп. – Апа, әлеміңіз әлділерді ғана мойындайды. Әлемдік деңгейдегі әлділер қатарына қосылыңқырайтын әкімдеріңіздің өзі әредік. Қаталдануы қатты қоғамда Айпараның билеушісі қалайынша қатқылданбас? Илеуі итпектеген заманға неге икемделмес?» Өңіндегідей өрген пікірі саясиланып, ресмиленіп кеткендей. Ыңғайсызданды. Анасынан. «Әй, әкімнің әйелі! Маған лекция оқыма, ақымақ! Бұ жақта лекцияң қабылданбайды. Лүпіл-үлпіл лебіз ғана қисапталады. Мен не дейім, домбырам не дейді?!». Деп, бір бүйіріне бұрылды. Есіл шешесі. Асыл анасы. «Апатай-ау, тұлдырсыз тақырларды түгелімен тойындыру мүмкін емес қой. Ең елеулі ел, дамыған дүние делінетін жапон жұртының өзінде жоқ-жұқаналар мен тақыл-тұқылдар тобыр-тобыр. Өз көзіммен көрдім ғой. Айналайын апа-а-а-а!» деді бұл. Әкімнің әйелі. Анасына. Өңіндегідей сөйлеп. Ал, анасы, біржолата теріс айналғандай.
Артынша ашулана тіл қатқан. Анасы. Бұрылмаған күйі бүй деген: «Жапон елінен не аңғардың сен?! Әкімнің әйелі!? Оларда байлардың зорсынбайтынын, кембағалдардың қорсынбайтынын неге байқамадың, аһ-һ?!»
Бұл жылап оянған. Ғұмырында тұңғыш мәрте. Жұбайы әкім болғалы бесінші жыл басталғанда. Содан бері жиі күрсінетінге кеткен.
Айпара аймағында да, бүкіл байтағыңыздағыдай, артқы жаққа алаңдайтындар мен аяушылыққа аялдайтындар жырынды ағыстардан жырылып қап жатқан. Ана-Жайда, бақи дүниеде жүріп, қайдан білсін. Есіл шешесі.
Құран оқытты.
Қайта-қайта.
Ұмытыңқы тартқан. Түсі. Біртелеп. Жұбайына қонақ шақырғысы келетінін мағлұмдаған. Көптен бері мейман күтпек сирексіген. Осыны ойласқан. Екеуі. Тізім түзіскен. Оңайға соқпаған.Тізімдемек. Кадр іріктемектен қиындау екен.
Бірінші болып олигарх жазылған. Осы өңірдің олигархы. Оспадарсыздау. Онысын жасырыңқырап бағады бірақ. Онша одыраңдамайды. Екіншісі – ең бай латифундист. Талай қызметі сіңген. Міндетсінуі кем. Сый-сияпатшыл. Сыпайы. Үшінші. Төртінші. Бесіншілер. Жазылды. Жалтыр қағазға. Бұрыннан араласатын белгілі бизнесмендер. Әйелдері сыралғы, сырлас, сенімді. Алтыншы адам – мәслихат мәнершісі. Мәсхатшы. Жетіншісі – орынбасар. Аймақ әкімінің орынбасары. Осылар да жетіп қалар. Дескен. Жаңалық, айрықшалық болуы керек қой. Тек осы мақсатпен ғана ғұлама есептелетін ғалымды қосымшаласқан. Отырыстары зиялылықпен зерленіңкіресін. Десіп шешкен. Әлбетте, бәрі зайыптарымен.
Шақырылғандар түгелге жуық тоқайласқан. Ғалымның әйелі ғана тартыныпты. Ыңғайсызданған шығар. Жүдеңкі киінетін.
Отырыс ортасынан ауа олигарх қызыңқырап қалған. Оспадарсыздығын бүркемелей алмай, ғалымды жақтырмайтынын ашық білдіріп, кекесінге кеткен. Мұқасынды бұрқатқан. Осы екеуіне басу айтып, бас-көз болмаққа әкімнің өз орынбасары мен мәслихат хатшысы қалған. Басқалардың бәрі бақтың кереметтерін қызықтамаққа шыққан.
Ауызғы кең бөлменің шалқарындағы шат-шадыман дивандарда олигарх, орынбасар, мәслихат мәнершісі және ғұлама ғалым сұхбаттасып отырған сыңайлы. Сырттай қарағанда. Ал, іштей бұл төртеуі ырқылжың-ырыл шынжырымен шатылғантұғын.
– Ал, дарыным! Соқ пәлсапаңды! – дейді олигарх.
– Обырлық қабынып барады. Сендер халықты тобырлық сана деңгейінде ұстағыларың келеді. Осыным өтірік пе? – дейді ғалымыңыз.
– Абайла. Артыңа қарайла, – дейді олигарх тақырлап қырғызған доп-домалақ басын рахаттана сипап.
– Ғалымдардың арты тазарақ, қызталақ! – дейді ғұлама.
– Сіз қызып қапсыз. Тысқа шығайықшы, – дейді күйеуінің орынбасары сасыңқырап.
– Сөйтіңіздерші. Әйеліңіз де келмепті, – деп дірілдеңкірейді мәслихат мәнершісінің мұңдылау даусы. – Әкіміміздің үйіндеміз. Ұят қой. Әйел кісілер естіп қоймасыншы, әйтеуір...
Әйелдер жағынан, әрине, құлақтар түрулітұғын. Әсіресе, мұның өзі бәрін естулі. Алайда, аса ыңғайсызданбай, салқындау тыңдайды. Бәрі, бүге-шігесіне дейін белгілі ғой. Бұған.
– Әй, мәсхатшы! Маған кет дегенің бе? Мен мас емеспін. Ақиқатын айтамын. Депутатың емеспін мен, біліп қой! – дейді Айпара аймағының дарындысы.
– Өзіңдейін өзгешелеу бір ғалым жазыпты жақында. «Дара дарындар жоқ бізде. Бармыз деп жүргендердікі – өтірік. Ұлт ширек миллионнан аспай, данышпан шықпайды» деп. Дәлелдепті. Әріптесің. Сенің ғылыми жаңалықтарың ағынға қосылып, айналымға түскенше, ұлтың азайып, азып бітер. Ең болмаса, мына біз сияқты бес қатын алып, әрқайсысына үш-үш бала таптырып, қазағыңды көбейтпейсің бе? – деді олигарх одан бетер одыраң қағып. – Біздікі он бес. Бүгінгі таңда. Біліп қой!
– Сенен туған қоңыздардың сапасына жауап бере алмаймын. Жеті миллионға жетпейтін жөйіттерден мыңдап шығып жатқан жоқ па? Данышпандар.
– Қойсаңыздаршы. Ұят қой! – дейді әкімнің орынбасары үрейлене.
– Сіздер кімнің шаңырағында отырғандарыңызды ұмытпаңыздар, – дейді мәсхатшы маңдай терін сүрткіштеп.
– Өзіме де обал жоқ. Кетейін, – деп жинала бастады талантты ғалым. Тәлтіректеп.
– «Әміршінің ақылдысы, ғұламаға өзі барып, сәлем беріп тұрады, ғұламаның ақылсызы, әміршіге өзі келіп, солай құдай ұрады» дегендейін төрттаған кімдікі еді осы? – деп ләззатшылдықтың рахатына батты олигарх.
Бақтың ғажайыптарын тамашалап оралғандар отырысты одан әрмен қыздырмаққа кіріскен.
Аймақ талантын, дарынды саналатын ғалымды жоқтай қойған жан табылмаған.
Аздап қана алаңдаған күйеуіне бұл күлімсіреген. Алаулай лаулауынан айнымайтын алқызыл еріндеріне сүйріктей ғана сұқ саусағын басып, байыздатқан.
Келесі үзілісте еркектер жағы жер астындағы арнайы алаң-залда алуан-алуан жабдықтарға жабыла жұмылысқан. Құрыс-тырыстарын жазбаққа. Тасқаяқ қағыстырмаққа. Әйелдер қауымы үшінші қабаттағы шырын шәй бөлмесінде сырласпаққа ұйысқан.
Әйелдер әшекей жарыстырмақты әзілмен әдіптесіп бастаған. Ләззатшылдықтың төресі осында екенін бұл да біледі. Бірақ, басқалардай естен тана елірмес. Олигархтың келіншегі күміске отырғызылған гауһарлы жүзіктерді жаратады екен. Біреуі бес каратты, екіншісі төрт каратты білдіріп тұрыпты. Ең бай латифундистің бибісі бәрінен озды. Гауһарларының түр-түсі көгілдір көгершіннің тамағын орғандағы тұңғыш қан тамшысының түсіндейтұғын. Он караттан асып жатыпты. Жүзіктерінің құны. Үшінші, төртінші, бесінші бизнесмендердің тотылары тым тотайланбай келгендей. Әкімнің үйіне. Орынбасар мен мәслихат хатшысының ханшалары һәм жеті-сегіз караттың төңірегінен табылған. Сақина-жүзік жарыстырудан.
Лағылдар жарқылы шаттықты шаңырақтан шығандап шығып, шаһарға шашырағандай. Сақина-жүзіктерден кейінгі кезек білезіктерге қарата биіктеген. Мәсхатшы ханымының жуандау білегіндегі жаңалық жарып шыққан. Жарыста. Жарты миллиондық межеден көрінді. АҚШ-тың ақшасымен алғанда.
Бұл, әкімнің әйелі, бәріне түсіністікпен қарап, жып-жылы жымиысымен жайбағыстап, шәй құйып қана жүрді.
Кезек кеуделерге көтерілген. Омырауларға өрмелеген. Мойындарды орай шыр айналған. Тізбе баулар түгенделген. Өрмелер өлшенген. Зүбәржаттар зерлерін жақұттардың жалтылы жалап-жұқтаған.
Сырғалар сыңғыр қаққан. Орынбасардың ханшайымы олигархтың тоқалынан озған.
– Өлә-ә-ә, осы біз мас боп қалған жоқпыз ба? – деген біреуі.
– Емін-еркін демалған жақсы ғой. Бәрі үйдің иесіне байланысты дә, – деген екіншісі.
– Бүйтіп, бұлайша бұйым көрсетіскеннің рахаты бөтенше екен ғой, – деді үшіншісі. – Байқап-бағамдасақ, әрқайсымыздың тал бойымыз әлденеше миллион доллармен әшекейленеді екен-ау!
«Көксандықтан» кәдуілгі «Қоңыр» тобы көрінген.
– Осы «Қоңырды» жақсы көрем. Даусын шығарайықшы, – деді төртінші ханым. – Мынау ұп-ұзын жіңішке қыз қатты ұнайды.
«Қоңырдың» ұп-ұзын, жіп-жіңішке қызы: «Дүние... дүние... дүн-ие-е... Дүниеге кім ие?..» деп әндетті. Екі жігіт ілесті. Біртүрлі ән ғой, өзі.
Әшекейлер бәйгесі бәсеңсіді. Мүшекейлер мәністеле бастады.
– Әнші қыздың белі қанша сантиметр екен-и? – деді әйелдердің бесіншісі.
Тән-тәптіш қызған.
Өзге өңірлерді кім біліпті, бұлардың Айпара аймағында, әсіресе, оның орталығында фитнес-клубтар көбейген. Элиталық есептелетіндері еселенген.
Аңдаған. Олигархтың тоқалы ешкім естіп-көрмеген клубқа күнара баратын көрінеді. Латифундистің бикесі жекеменшік фитнесінде талдырмаштанатыны бұрыннан белгілі. Үшінші, төртінші, бесіншілердің сұлулары да арнайы орындарға барғыштайды. Шетелдерге көбірек шығыңқырайды. Апталап. Айлап. Туған елде түк көрмегендей тымпияды. Мәсхатшының сылқымы сиректеу сымбаттанады екен. Өзі өсек-аяңды, аса ашылғанды жаратпайды екен. Жасырындау сыры да жоқ емес. Айта қоймас. Алайда, айналасында отырғандар, бәрібір біліп қойды. Көзінен көрініп, қабағынан байқалып тұрыпты. Қиықтарын тарттыра-тарттыра біржолата тындырыпты. Түн баласында бақырайтып, ашып жатады-ау, бейшара. Ұйықтағанның өзінде. Жұмылмайды-ау. Жанарлары. Әнебір, әйгілі әнші де сөйтеді. Деседі ғой. Бет-әлпеті бұзылып, қос жанары жансызданып, шишаланып шырқайтын болды, байқұс.
Тән тамашалау тым әсерлітұғын. Бірінен-бірі өтердей. Бәрібір, баршасы мұны мойындасты. Әкімнің әйелі болғандықтан емес, әрине. Ақиқаты солайтұғын. Айпара аймағының сұлу аруы. Көркем келіншегі. Әкімнің әйелі. Болса, несі бар.
– Бәйге береміз! – деді олигархтың көріктісі өзінен көркемірек жаратылысқа қызыға қарап. – Айпара аймағының ай дидарлы ледиіне бәріміз бір-бір қимас дүниемізді тартулаймыз!
– Бір ауыздан қолдаймыз! Қуаттаймыз! – десті қалғандары. Бірі білезігін, екіншісі жүзігін, үшіншісі сырғасын, тағы басқалары тағысын-тағыларын сыйламаққа сапқа тізілісті. Сүзіле сызылысты.
Пауза.
Бұл аң-таңданды. Алайда, алмасқа болмас. Бәлсінген жараспас. Қабыл қылды. Алғыс арнады. Артынша:
– Біз де бәйге береміз! – деді.Шұғыл шешімге келді. Екінші қабатқа түсті. Едәуір кешікті.
Келіншектердің әрқайсысына әуелгі сыйлағандарынан әлдеқайда қымбат қазыналар табысталды. «Алмаймызға» және «ұят боладыға» басқандарды алаулай лаулауынан айнымайтын еріндеріне сұқ саусағын сәл ғана тигізумен ишаралай имендірді.
Қонақтардың бәрі мұндай меймандық, осындай отырыс ешқашан болмағанын қайта-қайта қайталаумен тарасқан.
Қызық.
Көптен бері көрінбей кеткен шешесі түсіне кіріпті. Бұл жолғы түсі біртүрлі. Түсініксізсұғын. Теріс қарайды. Шешесі. Бұрылмайды. Бұған. Мұңды ән айтады. Алыстағы мұнарлы жотаның басында әкесі ұшып жүріпті. Қанат байлап. Анасы әнін сол кісіге арнайтын сияқты. Сөздері ап-анық: «Күн кешіп әлдеқандай жүр екенсің? Сүттен ақ, судан таза, а-а-адалым-ай...» дейді. Мұңды ән. Кенет, шіркін шеше қызына, әкімнің әйеліне бұрылды. Сөйтсе, анасы «Қоңыр» тобындағы қыз екен. Дейді. Ұп-ұзын, жіп-жіңішке, әнші қыз.
Өң мен түстің арасында күбірледі: «Апатайым-ай, Ана-Жайда жүрсеңіз-дағы, социализмнің сойылын соғатыныңыз қалай... Сүт ақ па, су таза ма мына әлемнің жүзінде... Анашым-ау, сүттен ақ, судан тазалар жоқ қой, ондайлар аштан қатады ғой қазір...» Лекция секілденді. Лүпіл-үлпіл лебіз емес. Оянып, көзін ашып алған. Күйеуі қызметіне кетіп үлгеріпті. «Көксандықты» қосқан күйі қалдырыпты. «Қоңыр» тобының қызы шырқап тұрыпты. Үні әзер-әзер естіледі.
Көтеріңкіреді.
Аңғарған. Алғаш мәрте. Анау қыз анасынан айнымайды екен-ау.


САҒЫНЫШ САЗДАРЫ

1. Алтынбек аға

Бос сөз бен бөспелеу пікірге жолай қой¬мас жазбагер Бекболат Әдетовтің жа¬қында ғана жарық көрген “Іңкәр көңіл” атты кітабында Алтынбек Жолдасбеков жайында мынадай жолдар бар: “Әсіресе, Алтекеңнің жөні бөлек. Қарақошқыл жүзі алаулай отырып, ара-тұра бір миығын бүлк еткізіп қойып, қайдағы ұтқыр сөздер мен өткір әзілдерді қарша боратады... Азамат еді ғой Алтекең, несін айтасың. Қиып түсе¬тін айтқыштығы дәл сондай жазғышты¬ғына сай болатын. Сол тұста Шымкентке бірер мәрте іссапарға барып жүріп байқаға¬ным: облыс деңгейіндегі іс басында жүрген аза¬маттар Алтекеңнен кәдімгідей-ақ айбы¬на¬тын. Сыйлайтыны да болар, әйтеуір алдынан қия өтпеуші еді. Тілшінің беделі – газеттің беделі. Соған біз де марқая¬тын¬быз. Сол әлгі Сабыржанның айтуымен бо¬лар деймін, бәріміз “Қара патша” атап кет¬тік. Осы лақап аты өзіне керемет жарасып тұрушы еді”.
“Социалистік Қазақстанның” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) Шымкент облысын¬дағы меншікті тілшісі болып ондаған жыл¬дар бойы жұмыс істеген Алтынбек Жол¬дас¬бековтің бүкіл болмыс-бітімі мен тұлға-тұрпаты Бекеңнің бедерлі жазбаларынан жан-жақты танылып-ақ тұрыпты.
Алтынбек ағамыздың қай тұстан бастап “Қара патша” атанғанын жылы жақтағы журналистер мен жазушылар да жақсы бі¬летін. Бірақ біз ол кісінің бұл лақап атын ашық айтпайтынбыз. Айта алмайтынбыз. Тек өзінің Өскенбай, Нәсіреддин, Әмірсе¬йіт, Пайыз, Зейілбек, Уәлихан, Әбдіманап сынды қатарластарының арасында ғана солай айтатындар табылатын. Алтекеңнің құрдастары ретінде тізбелей келтіріп отыр¬ған ағаларымыздың бәрі дерлік “Оңтүстік Қазақстан” газетінің басшылары, біразы бөлім бастықтары болатын. Нәкең – Нәсі¬реддин Серәлиев Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінде еді.
Алтекең келе жатады. “Оңтүстікке”. Аға¬тайымыздың келе жатқанын ең бірінші болып ең шеттегі мәдениет, әдебиет және өнер бөлімі біледі. Жолдасбековтің жы¬луар¬лығын саздауыт ойпаңдағы, қам кір¬піш¬тен салынған, екі қабатты, қарауы¬тыңқырап тұратын қарапайым кеңсеңіздің өзі де сезінетіндей. Сергек тартар деп-демде. Қаракөлеңкелеу бұрышта бүрісетін қарауыл апаймен ақжарқын амандасып, қатпарланған қабағын жадыратар “Қара патшаңыз” біздің бөлмеге бас сұққанда, дүр серпіліп қалармыз. Не айтар деп қай¬ран қала қарармыз.
“Әй, Зейілбек, күнде-күнде кеп жатқан жоқпыз, басыңды көтеріңкіреп, бір уақ біз¬ге де көз салсаңшы. Газет сенсіз де шы¬ға¬ды. Көп болса бас мақала жазып жатсың дә. Тәрбиеші туралы”, деп шымшиды мең¬ге¬ру¬ші¬мізді. Зекең желкесін қасып, қыза¬рақ¬¬тайды. Келіншегі Кәттә мектеп-ин¬тернатта тәрбиеші. Жылына бір мәрте “Тәр¬¬биеші” деп бас мақала жазатын дәстүрі бар.
“Өскенбай орнында ма? Әлі орнынан алынған жоқ па? Не тындырып отыр өзі?” деп, бас редактордың бірінші орынбасарын құрдасына қағытады.
“Уәлиханға айлық жоспар жасауға жәр¬демдесейін деп келгенім ғой. Әйтпесе, бос¬тан-босқа орыстарға шығын боп, ұзын мой¬ын “Экстрасын” соларға қор қылады ол байқұс”, деп, Темірбековке тиіседі. Ең¬бек¬шілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің бастығы Уәлихан Темірбеков ағамыз орысшаға жоқ. Қазақша газет шы¬ға¬рамыз, бірақ айлық, тоқсандық, жылдық жоспарларды орыс тілінде жасап, обкомға тапсыратынбыз. Уәкең айлық жоспарын орысша жасату үшін көршілес “Южный Казахстан” газетінің жігіттеріне жалынады. Газетке ораңқырап, майы сорғалаған балы¬ғымен бірге ұзын мойын бір шөлмек апа¬ратыны рас.
Алтекеңнің біздің бөлімде көсіле сөй¬леп, есіле әзілдеп, бастықтарымызды мақ¬тамен бауыздайтыны жастарға ұнамайды дей алмаспыз. Сырттай сыпайысынға¬ны¬мызбен, іштей “сойыңқырай түссе екен” дейтіндеріміз де жоқ емеспіз, әрине. “СҚ” тілшісінің келгенінен барлық бөлімдегілер құлақтанып, көпшілігі жұмыс бөлмелері¬нен шыға бастайды. Алтекең қызметкер¬лер¬дің бір де бірін құры қалдырмас. Не жылы сөзімен, не шымшымасымен немесе қатқылдау қалжыңымен қарық қылады. “Очеркіңді оқыдым”, “Фельетоның жақсы екен”, дегендей пікірлері қанат бітірердей әсерлі-ақ. Қашқақтайтындарды әдейілеп, иығынан қаққылай икемдеп, өзіне қаратып алып, “Қара патшаға” ғана тән сұсымен жасқап қоятынын қайтерсіз.
Өмір ғой. Кей-кейде өзара әжептеуір ренжіскендер, басшылыққа қаттырақ өкпе¬леп жүретін қызметкерлер кездеспей тұр¬мас. Ондай-ондайды һәм біліп қоятын “Қара патшаңыз” редакция ұжымындағы ауа райын ашып жібермекке, ренжіскен¬дер¬дің қабақтарын жазып жібермекке құл¬шы¬натын. Басшылықта отырғандар негі¬зінен өзінің құрдастары болғандықтан: “Әй, тәмпік танау, тымпиған қыз! Сен анау біріншіге несіне өкпелейсің? Ол он¬дайға арзымайтын арсызым ғой. Жүйкеңді со бәлеге бола жұқартпағын. Оның орнын¬да болсақ, мен де, сен де сөйтуіміз мүмкін. Біреуді ұғыну үшін өзіңді әлгі бейшараның орнына қоя білші. Бітті! Бәрін түсінесің”, дейтін.
Ағамыздың астарлай тұспалдап болсын, өткірлеу әжуасымен болсын, бәрібір, зілсіз жеткізер әзіл-қалжыңы қарақошқылдау бұлттарды, кінәратты кірбіңдерді лезде сейілтіп жіберетін.
Алтынбек Жолдасбековтің бізге жиірек келетіндігінің және бір себебі бар еді. “Со¬циалистік Қазақстанның” меншікті тіл¬шісі және “Лениншіл жастың” өз тілші¬сі об¬лыстық газет партия ұйымының есебінде тұ¬ратын. Алтекең бастауыш партия ұйы¬мы¬ның мүшесі ретінде жиналыс сайын дер¬лік сөз сөйлеп, газеттің мән-мазмұнын, көр¬кемдік көкжиегін кеңейту, сын мате¬риалдардың салмағы мен журналистің жау¬апкершілігін, білімділік-біліктілік деңгейін арттыру жөнінде нақты-нақты ойларын нақ-нақ мысалдар келтіре отырып, ойып-ойып айтқанда, ұйып-ұйып тыңдап қалатынбыз. Сө¬зін іспен дәйектей тиянақтап, “СҚ” бетте¬рінде сын материалдарды да, талдама дүние¬лерін де “Мінекиіңіз, шамамен осылай жаз¬ған жөн” дегендей өрнектеп, өнеге көрсету¬ден танбайтын.
Күтпеген жерден облыстық газет бастау¬ыш партия бюросының хатшылығына сай¬ландық. “Шал-шауқандармен” салыстырған¬да, сәл-пәл жастығымыз бар, коммунист бол¬мақ – шын мәнісінде кіршіксіздік, тазалық деп түсінетініміз бар, ай сайын өтетін жина¬лыс¬тың сапасын шынымен-ақ көтермекке ты¬рысып, тыраштанып-ақ бағатынбыз. Сон¬дай-сондайымызды сонадайдан сезіп, Бек¬болат Әдетовтің манағы меңзегеніндей “миы¬ғын бір бүлк еткізіп қойып”, мысқылдаңқы¬рай жымсиятынын жақтырмайтынбыз. Жол¬дасбеков жолдасыңыздың. Партбюро хат¬шысы ретінде.
Парторг сайланғанымызға екінші жылға кеткен. Алтекең бірнеше мәрте жиналысқа келмеді. “Қара патшаны” “қаламдастары мен қадамдастары” Алматыда аялдатыңқырап, жі¬бермей қойса керек. “Бір рет емес, үш рет кел¬медіңіз. Аупартком білсе, кемінде қатаң сөг¬іс аласыз”, десек, жұдырығына жөтелетін әдетіне басып, миығы жыбырлап: “Әй, бала, сені партбюро хатшылығына ұсынғандардың жуан ортасында жүрген мен едім. Абай айт¬қан¬дай, балтыр қанатар түрің бар ғой”, деп тұр. Әбиір болғанда, жанымызда ешкім жоқ еді. Зекеңшелеп желке қасумен құтыл¬дық.
Онысы мейлі ғой. Кәмөнес Жолдасбеков мүшелік жарнаны ешуақытта уақтылы төле¬мейтін. Айлықты әжептеуір алатын болу ке¬рек, кейде үш сомның үстінде, кейде төрт сом¬ның төңірегінде төлеуі тиіс. Үш-төрт сомы¬ңызға ол кезде бір апта бойына түскі тамақ ішесіз. Диеталық асханадан түстенер қалқоздың мүшесісіз. Қалқозға қосатын қар¬жыңыздан жырып, Жолдасбеков дейтін кә¬мөнестің жарнасы үшін бір ай төлерсіз. Екі ай¬ға шыдарсыз. Үш айға төзбегіңіз қиындау. Оның үстіне КПСС Уставы (СОКП Жар¬ғысы) бойынша үш ай мүшелік жарна төле¬меген кәмөнесіңіз партиядан шығарылады. “Автоматты” түрде.
КПСС мүшесі Жолдасбеков жолдас бір жолы тағы да үш ай бойы мүшелік жарна тө¬лемеді. Телефонына қоңырау шалып ескерт¬кен сайын: “әне барам, міне жетем”, деген¬нен танбайды. Жұдырығына жөтеледі. Ауы¬рып жүргенін сылтауратады. Алматыға жиі кететіні бар, тілшілігі мен тіршілігі бар, әсі¬ре¬се, елге аян аңшылығы бар деп, аяп, ор¬нына төлеп, жанымыздан күйіп, аупарткомға есепті ай сайын “туралап” тапсырумен жүрдік. Қашанғы шыдаймыз? Кезекті партия жиналысын аман-есен өткізіп, Алтынбек Жолдасбеков жолдастың және партбюро мүшелерінің кідіре тұруын өтіндік. “Не боп қалды?” дегендей бас редактордан бастап бәрі аңтарыла қарайды-ай.
“Сіздердің талқыларыңызға саламын. Ком¬мунист Жолдасбеков жолдастың үш ай бойы мүшелік жарна төлемегендігі туралы мәселені партбюроның кезектен тыс мәжі¬лісіне қойсақ, қалай қарайсыздар?” дедік.
Пауза. Ешкім күтпеген жағдай.
Алтекеңнің жайшылықтағы жаймашуақ¬тығы жайына қалғаны-ай сонда. Жөткірініп, бірдеңе айтпаққа ұмтылып барып, кенет кідірістегені қызық-ақ екен. Сирей бастаған маңдай шашының арасынан майда тер жылт ете түскендей. Бізге соның өзі жеткілікті еді.
Бас редакторымыз Әмірсейіт Әлиев көзәй¬негінің астынан бір, үстінен екі мәрте қарады. “Әй, әзілдерің бе, шындарың ба?” дегенді айта алмай отыр. Жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков Әбекеңе сыбырлап: “Газет онсыз да кешігіп жатыр, мен кете берейінші”, деді. Бастық болар-болмас бас изеген соң, қуана қайқаңдап шығып кетті.
Кенет ауыл шаруашылығы бөлімінің бас¬тығы, бюро мүшесі Әбдіманап Әлшериев қар¬қылдап күліп қоя берді. Күліп-күліп ал¬дыдағы: “Парторг жолдас, Жолдасбеков үшін, бәрібір, біреу төлеп келген болар? Үш ай бойы аупарткомға есепті қалай беріп жүрсіңдер?” деп тағы кеңкілдеді. Бұрын бес-алты жыл партбюро хатшысы болған, тісқақ¬қан тарланның күлкісіне қалғандар ілесе жөнелген.
“Бұл жолы кешірейік. Әй, өзі өмірінде дәл осылай терлеп көрмеген шығар. Пар¬торгымыз “Қара патшаны” қалжың-қыс¬паққа салып алайық деген ғой. Бұдан былай алдын-ала, екі-үш айға бірден төлеп тұрады, – деді Әлшериев. – Он бес минөттен соң Уәкеңнің бұрыштағы бөлмесіне жиналамыз... Жуады Жолдасбеков жолдас”.
Сол жуыстың соңынан Алтекең біздің бө¬лімнің көнетоздау қызғылт креслосында ұзақ отырды. Жөтелін жорта жиілетті ме, әлде шы¬нымен-ақ қолқасы қабынып жүр ме, әй¬теуір қайта-қайта ауыра беретінін әңгімеледі. Аңшылықтың қырлары, саятшылықтың сыр¬лары туралы көлемдірек дүние жазып жүр¬генін, деректілікпен қатар көркемдік құнар жағына көбірек көңіл бөле бастағанын сыр ғып шертті. Ара-арасында үш ай мүшелік жарна төлемегені үшін кешірім сұрап: “Сен өзің сыртың сыпайы көрінгенмен, ішің жүдә жуас емес-ау”, деп шымшып қояды-ай.
Алтекеңнің аңшылығы алапаттұғын. Апта са¬йын болмаса-дағы, ай сайын аңға шыға¬тын. Көптеген кеңшар директорларымен достұғын. Шардараға, Қызылқұмға, Созаққа кетіп қалатын. Кей-кейде біздің ауыл жаққа, Бозторғай асуына, Қайыршақтының қатпар¬ларына баратын. Бозторғайдың аузындағы орман және аңшылық бекетінде біздің аға¬ларымыз Әсілбек, Ілес, Кеңестер отырар еді. “Айтпақшы, ағаларың сәлем айтты. Жүр, мен сені ендігі аптада алып кетейін, газет сенсіз де шығады. Әсілбектің уәдесі бар”, дейтін. Алайда аңшылыққа жоқ едік біз. Мылтық кезене алмайтынбыз. Әсілбек ағамыз аңға алып шыққанда, арқарды әдейі үркітіп, атпай қойған пақырыңыз біз болатынбыз. Елік пен кекілікті де сөйткенбіз. Сонымызды сездір¬сек, Алтекең сеніңкіремейтін. Миығын мыс¬қыл түртетін.
Сексенінші жылдардың соңы мен тоқса¬нын¬шы жылдардың бастапқы тұсында Ал¬тын¬бек аға қатты жалғызсырап жүрді. Талай-та¬лай тұрғыластары бақилық боп кетті. Ден¬саулығы да сыр беріп, сырылдай демігетін. Оқ¬та-текте кеп тұрар еді. Ентігіп, екі иығы¬нан дем алып отырса-дағы, қайран да қайран қалжыңын қалдырмас. “Әй, парторг бала, баяғыда мені шынымен-ақ шып-шып терлет¬кенің есіңде ме? Сонда мына біз сүйікті партияңның тарап тынатынын білген екенбіз ғой”, деп сылқ-сылқ күлетін. Күлкісін қыс¬қарақ қайырып, қатты күрсінетін.
Күндердің күнінде сансыз баптың мекені Сайрам жағында тұратын сардарыңыз да шын дүниеге аттанды. Алтын күздің жазға бергісіз ақшуақ шағы еді. Алтынбек аға күннің күлімсіреген сәулесі молынан түсетін жы¬луар¬лы жотаның бозғылтым беткейіне жерленді.

2. Сәуірбек көке

Тоқсаныншы жылдың тамыз айы болу керек, қазақтың қаранар қаламгері Сәукең – Сәуірбек Бақбергенов жетпіс жасқа толып, туған жеріне табан тіреген. Жанында саф алтындай сарғая сораятын, селдір шашын сулап кері қайыратын Сафуан Шаймерденов бастаған Рамазан Тоқтаров, Тұтқабай Иман¬беков және бірер жазушы бар. Біз Жазушы¬лар одағының облысаралық бөлімшесінен ілескенбіз.
Созақ ауданының орталығындағы “Мың¬жылқы” Мәдениет сарайында керемет кеш өтті. Сафуан ағамыз қазақ әдебиетінің әлеуе¬ті, әлем жүзіндегі алар орны, оқырман деңге¬йі, Сәукең сынды қаламдас-қанаттасы және оның шығармалары хақында шешіле серпі¬ліп, шешен көсіліп, сарайға лық толған жұрт¬тың жанын байытып, жүректерді қозғап өтті. Сәукеңнің сырлас, сыйлас інілері һәм Саф¬ағаң әуеніне әуезе үстеп, үйлесім шіркініңіз әзелдегі Әуезов елтіген, ерекшелеп ен тағып кет¬кен созақы күйдей кенен шертіліп, бозін¬гендей иіп кеп-кеп берсін-ай.
Ал Сәуірбек көкеміздің туған жерге, кін¬дік қаны тамған топыраққа деген перзенттік сүйіспеншілігі, сазды қырағатынан-ақ сезіл¬ген сағынышы талай-талай жанарларды жасау¬ратқан.
Жетпіс жасқа толып, еліне есеп берген Сәуірбек Бақбергеновтің алдына ауыздығын қарш-қарш шайнаған ақбоз ат көлденең тар¬тылды. (Ол жылдары темір көлікпен мара¬пат¬¬тап, кілтін берудің ауылы әлі алыстау¬тұ¬ғын). Ақ киіктің сирағына сапталған сегіз өрім қамшы сыйлады созақтықтар. Түйе жүнінен тоқылған шекпен жабылды иығына. Сафуан Шаймерденовке ақ бота жетектетудің белгісі ретінде ақ конверт ұсынылған. Алма¬тыдан келген өзге кісілерге бір-бір сағат тағылған.
Кешкі тамақтан кейін Шолаққорғанның қарапайымдау қонақ үйінде Сәукең мен Сафекеңдерге ілесіп, астанадан жеткен бір жазушыңыз көтеріңкі көңілімізді су сепкендей басты. Мұндай-мұндайды да кейде келтіре кеткеннің артықтығы болмас.
Әлгі жазбагеріңіздің аты-жөнін атамай-ақ қоялықшы. Н. делікші. Сол Н. қарама-қарсы бөлмеден дауыстап: “Маған кеп кетші!” деді. Кірсек, кереуетте шалқалап жатыпты. Тіпті топылиын да шешпеген. Шалқалай шіреніп: “Әй, сен мәз-мәйрамсың ғой тіпті?!” деді кекетіп. “Енді, аға, кешіміз жақсы өтті. Екі ақ¬сақалымыз да, жұрт та риза. Соған қуана¬мыз дә”, дедік.
Н. сол күйі орнынан тұрмады. Жылтыр қара бет-жүзі, қарауытқан еріндері қуқыл¬данып, діріл буғандай көгереңдеді. Тіксінің¬кі¬реп, іш жидық. “Мәз-мәйрам болмағын сен! – деді әлгі ағамыз. – Жегеніміз бір асым ет, таққанымыз браслет дегендей боп қайтатын түріміз бар. Әдебиетте бұлай жүруге болма-а-а-айды!”.
Қаншама үндемес, жуас атымыз шықса-дағы, шыдамның да шегі бар. “Әдебиетте қалай жүруді тап мына сізден сұрамаспыз! Ал көкейіңізді кеміріп жеп бара жатқан конверт мәселесіне келсек, дүние өртеніп кетсе-дағы беріңдер деп айта алмаспыз, өздері ұсынып жатса, қайтармаспыз”, деп бөлмесінің есігін тарс жаптық.
Ертеңіне түк болмағандай жылмаңдайды. Оң жағымыздан бір, сол жағымыздан бір сөйлейді келіп. “Кешір-әй, сен. Кешегі ән¬ше¬йін әзіл ғой”, дейді. Одан бетер қусырыла тырыстық.
Сәукеңнің шекпені сол қолымызда, қам¬шысы оң қолымыздатұғын. Әзіл-қалжы¬ңы¬мыз қаттырақ кететін ауатком төрағасы Ша¬ла¬тай Мырзахметов (бүгінде білдей Мәжіліс депутаты) түнерген түрімізге қарап, тұтқиыл¬дан тиісті. Қалжыңы онша орынсыз емес-ті. Бірақ, өзімізді өзіміз ұстай алмай, Шалатай¬дың қыртысы қалыңдау жон арқасынан Сәу¬кеңнің сарқоңыр қамшысымен салып кеп жібергенімізді бір-ақ білдік.
Аңғарғандар аң-таң. Рамазан аузын аң¬қайтқан. Тұтқабайдың таңырқауы одан бетер. Өзгелер онша байқамаған. Озыңқырап кет¬кен бәрі де. Сөйтіп, Н-ның ашуын Шәкең¬нен алғанбыз. Н-ға да рахмет. Соның себебі¬нен “Ауатком төрағасын сабаған” атымыз қал¬ды. “Үндеместердің бұрқ етіп тасығаны қиындау болады. Қайын ағамыздың қамшы салғаны рас”, деп Шәкеңнің өзі арқасын қиқаңдатып, анда-санда айтып қояды екен сол оқиғаны.
Екінші күні екінші шатақ шыққан. Созақтың бір қиырында, Сәукеңнің жақын бауырының үйінде, түнгі сағат бірден өте, біразымыз ұйқыға жата бастаған шақта, жетпіске толған мерейтой иесінің өзі әскер¬дегідей, взвод командирінше бұйрық беріп, жолға жиналдық.
Дала шырттай қараңғы. Тамылжыған та¬мыздың соңында жарық жұлдыздарыңыздың жер жарықтықтан жырақтап кететінін кім білген?! Алдымызда атақты Тұрлан асуы. Қа¬ра¬таудың Созақтан Кентауға қарай асып түсер тұсы.
Тұрланның қилы-қилы, қысталаң жолда¬ры¬мен қалың түнде жүріп өту аса қауіп¬тітұ¬ғын. Күндіздің өзінде абайлай-абайлай аса¬тынбыз. Көлік біреу емес, әлденешеу. Бірінің жарығы біріне шағылып, ирелең өткелдерде кирелеңдеп, әбден-ақ азаптандық.
Кентауға жеткенше сағатыңыз төрттен асып, Таңшолпан туғандай. Аспанға қарауға мұрша жоқ. Кеншілердің қонақ үйіне әрең орналасып, меймандарымыз тоңтерістенген күйі таңғы ұйқыға кіріскен. Ал біз жоспарсыз жеткен Кентауыңыздың сол кездегі басшысы Сансызбай Бекбосыновқа қоңырау шалдық. Мән-жайды түсінген текті жетекші Сәкең жақында ғана жол апатына ұшырап, жаңадан жазыла бастағанына қарамады. “Ең болмаса бестен кейін оятсаңдар қайтеді?” деді-дағы, бәрінің ойдағыдай болатынын, уайымдап жүдемеуімізді ескерте есінеді.
Кентауда түске дейін мерекеледік. Сәу¬кеңнің ашуы қайтып, Сафағаңның қабағы жадырады. Тұқаңдар мен Рамазандар әнге басып, Түркістанға межеленген мезгілде жеттік. Сәуірбек көкеміз үшін Түркіс¬тан¬ның жөні бөлек, жосығы ерек. Осындағы ба¬лалар үйінде тәрбиеленген түлек. Толқы¬ды. Тебіренді. Біресе тынымсыз күліп, бі¬ре¬се кеудесін күрсін кернеп, бурыл мұр¬тын қытыр-қытыр сүйкелеп, сытыр-сытыр сипалайды.
Түркістандағы әдеби жиын жаман өт¬пеген. Алайда Сафағамызды бір де бір сөй¬леуші, тіпті мерейтой иесінің өзі де жөн¬деп, дұрыстап айтпаған сыңайлы сезілді. Түркістанның Мәдениет сарайынан алыс¬тамай жатып-ақ “ауа райының бұзылғаны” байқалған. Талай күннен бермен қарата сыпайы-сырбаз, көңілді-кербез келе жат¬қан Сафуан Шаймерденовтің жып-жылы жүзі сұрланып үлгерген. Бір бүйірге ығы¬сыңқыраған ысқаяқ Рамаш (Рамазан) пен титтей нәр¬сеге таңырқай аңқиятын Тұтқаш (Тұтқабай) аға¬ларымыз екеулеп “диагноз” қойысты: “Жаңағы жиында жұрттың бәрі жұмылып, Сәукеңе ауып кетті-дағы, Саф¬ағамыз ұмыт қалды. “Ауа райымыз” бүгін¬дікке бүлінді дей береміз енді”, десті.
Шынымен-ақ “диагноз” дәл қойылған екен. Түркістандықтар по¬йызға аса жылы шырайлы жағ¬дайда шығарып сал¬ға¬нымен, бір купеге жай¬ғас¬қан қос тарланымыз қыр¬ғын шай¬қасты бастады. Қой¬қап¬та¬ғыларын қоз¬ғас¬қан, сұқ саусақтарын безес¬кен сөз соғысынан бә¬ріміз безіп кетуге мәж¬бү¬р¬міз. Бірнеше мәрте кә¬дім¬гідей-ақ тө¬бе¬лесіп қала жаз¬да¬ды. Тоқ¬таров қана тоқ¬татты.
Ақырында ақса¬қал¬дар¬дың екеуі екі купеге бө¬лініп, енші алысты. Бәрібір, қай¬та кездесіп қалса, ке¬рілдесе кетеді. Он¬дайда Тұт¬қабай мен Рамазан қы¬рағы кезек¬шілік етіп, ара¬ларына барып тұра қалады.
Сафекең де, Сәукең де – бәріміздің сүйікті жазушыларымыз. Шаймерденовтің өзге туындыларын былай қойғанда, тек “Инеші” мен “Мәжнүнталы” ше? Неткен ғажап дүниелер?! Сондай ғବжа¬йып¬тарды тудырған сүйрік саусақ¬та¬ры¬нан сүйгіңіз ке¬ле¬тінін қалай жасырарсыз. Ал Сәуірбек Бақ¬бергеновтің даңқты пан¬фи¬ловшы¬лар¬дың дивизиясында взвод ко¬мандирі бол¬ғанын, 1945 жылы журналистік жо¬лын “Со¬циалистік Қазақстанда” бас¬тағанын, Динаны, Кененді, Бауыржанды, Шоқанды, Тал¬ғатты жазғанын жатқа білеміз ғой. Кі¬тап¬тарының аттары қандай?! “Алтын кү¬рек”, “Бозторғай”, “Алтынемелден ас¬қан¬да”, “Қайран шешем”, “Қарға тамған қан”, “Адам және көлеңке”, “Ақбоз атты ару”...
Алпыс төртінші жылдың желтоқсанын¬да Қазақ университетіндей жылы ұямыздан жұлып алынып, әскерге әкетілген пақыр¬лардың біріміз ғой. Қиыр Сібірге кететі¬німізді біліп, бар ақшамызды бір досы¬мызға тастадық: “Оқта-текте жаңа шыққан қазақша кітаптарды салып тұрарсың”, деп өтіндік. Сондай кітаптардың арасында Шыңғыс Айтматовтың “Тау мен дала хи¬каялары” мен Сәуірбек көкемнің “Қасиет” повесі де Чита облысына артымыздан барғаны, қазақ жауынгерлерінің қойны мен қонышында жүріп оқылып, тоз-тозы шыққаны көз алдымызда...
Түркістаннан Арысқа жеткенше қина¬лысып, қиқы-жиқы ой кештік.
Кенет!
Кенет Арыс қаласының темір жол стан¬сасында ән әуелеп, терме тербеліп, күй күмбірлеп тұрыпты. Керемет-ай десеңізші! То¬лайым-тұтас пойыздың күллі жолау¬шы¬лары таңырқай қарап қалысты. Бір тұста топ-топ әнші сұлулар. Екінші жерде ұлт¬тық киім киген домбырашы қыздар мен тер¬меші жігіттер. Одан әрегіректе және шоқ-шоқ өнерпаздар. Одан да арырақ алаңшада ақ шағаладай қалқып билеген мектептің жас өскін өрендері. Айтыс ақындары арнау айтып бастады. Мұның бәрі Арыстың сол сәттегі басшысы Айта¬ханов Қуаныштың шебер ұйымдастырған тірлігі екен. Микрофонды алып, қалам¬герлерді құттықтады. “Қазақтың көрнекті жазушысы, жерлесіміз, мақтанышымыз Сәуірбек Бақбергенов жетпіске толып, кіндік кескен киелі мекені Созақта, Қара¬тау тәжі Кентауда, түркінің ортақ мерейі Түркістанда болып, Арыс арқылы өтіп бара жатыр. Қазақстанның аса көрнекті сурет¬кері Сафуан Шаймерденов ағамыз бастаған бір топ қаламгерлер ортамызда!” деді Ай¬таханов. Қаздай қалқыған қыз-келіншектер қымыран ұсынды. Қойдың басы әкелінді. Арыстың ақ қауыны ақтарылып, қараала дарбызы қақ жарылып, жеміс-жидегі мен жүзімі мөлдірейді.
Тоғыз жолдың торабында әжептәуір аял¬дайтын айтулы пойызыңыз тағы біраз кешіктіріліп, қырық минөтке жуық уақыт қызғын той дүркіреген. Бір қарасақ, бәрі¬міз билеп кетіппіз. Сафекең мен Сәукеңе дейін. Қыздар құрымағырлар еліктіре еліттіріп әкеткен ғой.
Тұтқабай мен Рамазан көкелеріміз екі ақсақалымыздың арасында билеп-билеп жүреді де, кенет ағаларының алақандарын бір-біріне тигізіп, ұштастыра қояды. Сәу¬кең мен Сафекең Тұтқаш-Рамаш сцена¬рийі бойынша айқара құшақ айқастырды-ау ақырында. “Арыста... Арысымызда табысқандарыңыз қандай ғажап, ағалар!” дейді Иманбеков иман тұнған жанарына жас үйіріліп. “Табысамыз! Табыспай не көрініпті?!” дейді Сәукең бурыл мұртын сытырлата сүйкелеп. “Әй, табыспайтындай соншама қатты кетіскен жоқпыз ғой. Не¬тіс¬т¬ік те жай ғана. Мына тамызда жетілетін бала қораздардай қоқиландық та аз ғана”, дейді Сафекең. Тоқтаровыңыздың танадай жанып тұрар “панарларынан” да түйір тамшы тамып кеткендей. Манағы май¬қана-майданды, қырғын соғысты көрген көздердің мынадай мамыражай татуласуға куә бола тұрып, жасқа шыланбауы мүлде мүмкін емес-ті. “Болмашыға бала бола беретін, сәл нәрсеге нала бола салатын қайран даналар-ай!” демеске лажыңыз кем.
Шабыттана шаттанған шығармашылдар шоғыры Шымкентке шейін шалқыған.
Шошайып біз қалып қойдық перронда.
Пойыз жылжи берер сәтте Сәукең мен Сафекең екеуінің бір купеде шахмат ой¬науға кіріскенін әйнектен көріп, бұрын¬ғыдан бетер қуандық.
Сәукең көкем біздің кетпей тұрға¬нымызды байқап қалып, бір түп-түзу, ұзын фигураны ала салып, биік көтере бұл¬ғаңдатты.
“Бәрі дұрыс. Түгел-түзу. Тұп-тура”, дегені болар-ау, сірә.


АҚСАҚ КЕМПІР


Облаткомға жаңа төраға келгенде, көне шаһарымыздағы ақ теректердің жапырақтары енді-енді ғана сарғая бастаған еді. Біздің кеңсеміздің іші-тысында да күбір-сыбыр кенет көбейген. Әлденеше мекемелер мен ұйымдар мекен ететін тоғыз қабатты тозыңқы үйдің алдындағы алып ағаштар ақ теректердей емес, біртүрлі қарауыта қабарып, түптеріне де, төңіректеріне де күн түсірмейтін. Сол сызы кеппес, шірік иісі кетпес күреңқоңыр көлеңкеде темекі тартатын төменірек топтардағы, өмірі өспейтін шенеуніктердің әңгімелері әдеттегідей ызаға буылып, кекесінге көгенделетін-ді. Алайда айтқан ақпараттары мен түйген топшылаулары шындықтың шенейіне де жоламайды дей алмайсыз.
— Бұл келген кісі отыз жетінші жылы алғашқылардың қатарында атылып кеткен аса ірі қайраткердің баласы екен.
— Асылдың тұяғы, алтынның сынығы болды-ау онда?!
— Бәсе, түптің-түбінде осындайлар өсуі керек қой.
Десті. Бұл әрине, өзгерістерді, кадрлардың ауыс-түйісін көбінесе оң байырқалайтындардың беріп жатқан бағаларытұғын.
Ал енді біздің кеңсеміздің алдындағы сыз бүріккен көлеңкенің тым қарақоңырлау түкпіріндегілер басқашалау көген керер:
— Дақпырты дардай әйтеуір. Алайда талай тізгінді бұрын да ұстады емес пе, тындырғаны қайда?
— Мата даңқымен бөз дағы, кете тумағанына кім кепіл?
Ал былайғы жалпы жұртшылығыңыз:
«Жаңа төраға тым қарапайым екен, алғашқы күннен жұмысқа жаяу барыпты», — десті.
«Кішіпейіл көрінеді, баламен де, шағамен де тең дәрежеде сөйлесіп-күлісіп жүре береді екен-әй», — деп таңырқаушылар табылды.
«Ойбай, үйінде ше, кәдімгі етсіз қара көже ішіп отырғанын біздің нағашымыз бар ғой, өз көзімен көріпті», — дегендер де болды.
Аткомның жаңа төрағасы алғашқы аптаның аяғына жетіп үлгермей-ақ, алыстағы ауданға шығыпты. Оқу жылы басталып кеткен ғой, малшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернатқа барса, тәрбиеленушілерге төрт аптадан бері бір қасық сүт берілмепті. Ондай-ондай оқу-тәрбие орындарына ондаған жылдардан бері бірде-бір ірі басшы бас сұғып көрмеген дә-ә-ә. Қайтар жолында аудан орталығындағы кітапханаға кірсе, оқырмандардың санын көбейтіп, өтірік жазады екен. Оны да біліп қойыпты. Кітапханадан шығып, сол маңайдағы Саттар Ерубаев атындағы орта мектептің оныншы сыныбында жүріп жатқан әдебиет сабағына қатысып, артқы партада отырып алған. Сол күнгі соңғы үзіліске қоңырау соғылғанда сұрапты: «Саттардың қандай шығармаларын және қандай кейіпкерлерін білесіңдер?» — деп. Сөйтсе, бірде-бір бала ауыздарын ашпапты. Әлгі мектептің директоры мұндай масқараны өзінше түсіндіріпті: «Ойбай-ау, ойбай! Ауылатком болса мейлі, ауатком болса мейлі, ойбай-ау, облатком келеді, сыныпқа кіреді, соңғы партада отырады деп кім ойлаған?!
Сасып қалған да оқушылар. Олар түгілім, өзіміз де есімімізді ұмытып, есімізді жия алмай жүріппіз...»
Облаткомның тың төрағасы турасында осындай да осындай аңыздар андыздап қоя берген. Қарапайым адамдар қатты қуанатынға айналды. Үміттері үзіліңкіреп, тіршіліктен түңіліңкіреп жүретіндер қай заманда да, қандай қоғамыңызда да болмай қалмақ емес қой. Әсіресе, әлсіреңкіреген әлеуметіңіз әжептеуір үміт жібінің ұшынан ұстағандай кейіп көрсете бастады. «Өйтіпті де бүйтіптінің» өзіне тал қармағандай-ақ талпыныс танытушылар тіпті де аз емес-ті.
Тоғыз қабатты тозыңқы үйдің едені көгеріп жататын бірінші қабатындағы түкпіргі бөлмесі — біздің қоғамның кеңсесі. Бірінші күні ішіңкіреп, екінші күні ауырыңқырап, үшінші-төртінші күндері жарым-жартылай, бесінші күні ғана бүтіндей жұмыс істейтін Иван Иваныч екеумізде ежелгі екі үстел, қажалған төрт орындық және сықырлаған сары диван бартұғын. Биік үйдегі мекемелер мен ұйымдарды санап шығудың өзі оңай емес. Бір қызығы, солардың басым көпшілігінің бір-бірімен мүлде шаруасы жоқ. Бір-біріне ғасырлар бойы бас сұқпайтындары да көп. Шүкіршілік, біздің қоғамның бір бөлмелі кеңсесіне келетіндер баршылық. Әсіресе, екінші қабаттағы бес-алты бөлмені иемденіп отырған табиғат қоғамындағылармен қарым-қатынасымыз қай қырынан қарағанда да, әсіресе, тіларалық тұрғыдан өнеге тұтып, үлгі етерліктей еді.
Табиғат қоғамының бес-алты бөлмесі қашан барсаң да жайнап тұрады. Тоғыз әйел небір керемет гүлдер өсіреді. Бірде бәрі жиналып шай ішіп отырады. Екіншіде жеке-жеке кофе демдесіп жатады.
— Келіңіз, келіңіз! — деседі.
— Мақтап жүреді екенсіз, — десіп қояды.
— Кофе ме, шай ма? — деп еркелетеді.
— Иван Иваныч көрінбейді ғой, — дейтіндері жоқ емес.
— Жалғыз өзіңіз қорықпайсыз ба? — деп әзілдейтін келіншектер де табылып қалар.
Шынымызды айтсақ, біз пақырларыңыздың тоғыз қатын түгел көпшік қоятындай қауқарымыз шамалы. Бұлардың бүйтетіні тілдің арқасы болатын. Табиғат қоғамындағы тоғыздың төртеуі қазақ, бесеуі орыс. Бірде-біреуі қазақ тілінде жазбаша сөз түсіріп, сөйлем тізе алмайды. Іс қағаздары да, ары-бері ағылып жататын хат-хабарлары да толайым-түгел орыс тілінде. Әрине, үлкен, қазақылау өлке болған соң, ара-арасында ауылдың һәм үні бар, тілі бар дегендей, қазақша хаттар мен хабарлар, сыпырадай-сыпырадай сала құлаш арыздар мен шағымдар, тағысын-тағылар болмай тұрмас. Ондай-ондайларды орысшаға аудармақ талап етіледі. Себебі халық депутаттары облаткомында біздің тілде оқитын бастық жоқ. Бұл — бір. Қазақ тілінде жеткен жазба-сызбаларға сол тілде жауап қайтармақ және керек. Бұл — екі. Міне, табиғат қоғамындағылардың мына біздей тайқымаңдайларыңызды төтенше құрмет тұтып, қолпаштайтыны осыдан.
Облыстық табиғат қоғамын Клавдия Кондратьевна дейтін ақсақ кемпір басқарады. Аудармалайтын арыз-шағымды арқалап, көбінесе кемпірдің өзі келетін. Кейде кофеге немесе шайға шақырып, иығымызға жүк тиеп жіберер. Қазақша арыз-шағымдарды орысшаға тәржімелеудің пәлендей бейнеті жоқ. Иван Иваныч сау отырса оп-оңай. Біз аздап жаймалап, нығыздай нақтылап, ауызша аударып айта бастаймыз, ол сүйкектете жазады-ай.
Тиісті тәртіпке сәйкес, табиғат жөніндегі қоғам облаткомға тікелей тиесілітұғын. Облаткомның төрағасы қоғамдық негізде бұл ұйымды да басқарады. Жаңа төраға тағайындалғаннан кейін біразға дейін ақсақ кемпірдің көңіл күйі келіңкіремей жүрді. Өзі әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан, жасы жетпіске жақындаңқырап қалған Клавдия Кондратьевна тоғыздың қалған сегізіндей емес, жүріс-тұрысы жадау, киім киісі жүдеу көрінетін. Оның үстіне, неден болғанын қайдан білейік, сол аяғынан қатты ақсап, шойнаңдап жүретін.
Клавдия Кондратьевна бекерге мазасызданбапты, облаткомның жаңа төрағасы өзі қоғамдық негізде басқаратын барлық қоғамдардың аппараттарын жартылай қысқартып, бірқатар жетекшілерін ауыстырып жіберіпті. Ақырында ақсақ кемпірдің де үш бөлмесі, бес адамы шегеріліп, әйтеуір, абырой болғанда өзі орнында қалыпты.
Аты аңызға айналған атком төрағасының бұл батыл қадамдарын құптаушылар күн санап көбейе түсті. Табиғат қоғамына келетін хат-хабарлар мен арыз-шағымдар тасқыны таңданарлықтай еді. Мұндай тасқынның басты себепкері һәм осы облатком төрағасытұғын. Адамдары азайып, мазасы қашыңқыраған ақсақ кемпіріміз алғашқыда қазақша түскен қағаздарды қаптап апарып еді. Сөйтсе, жаңа төраға да өзінің ана тілінде оқи алмайды екен. Аударып әкеліңдер деген пәрмен беріліпті. Қабын қайта арқалап қайтқан кемпіріміз ыңылдаңқырап, әндетіңкіреп оралды-ау сонда. Түсіндіңіз бе? Ыңылдаған күйінен танбастан, бізді шайға шақырды. Терлеп-тепшіп отырғанымызда, алдымызға арыз тастады. Оқи бастаймыз да. Алты бетке созылған хат ауданнан келген. Ауданнан болғанда, тү-у таулардың түкпірінде жатқан алыстағы ауылдан жеткен. Түкпірдегі Тұрақ Тек дейтін қос-егіз таудың қияндағы қиясынан жазылған. «Облаткомның тың төрағасы әрі облыстық табиғат қоғамын басқарып отырған қазақтың қайраткер перзентіне», — деп бастапты. Одан әрі атком басшысының аты-жөнін келтіріпті.
«Аршаға араша түсіңізші, ағатай! — дейді арыз иесі өзінің хатында. — Сіз облысқа басшы боп келгенде қандай қуандым десеңізші... Құдай-ай, бар екенсің-ау! Ақырында Табиғат-Ананың тілін түсінетін, біздің биік таулармен сөйлесе алатын, даланың ділін ұғынатын кісі, қарапайым қатардағы адамдардың арасында жай, жасандылық үшін емес, намыстанбай, бірге тыныстай білетін басшы бұйырды-ау бізге де деп шаттандым, аға! Апта бойы айқай сала әндетіп, Тұрақ Тектегі Бойтұмар ұштағанын аралап, аман қалған көгалдарға аунадым, сарғая бастаған жапырақтарды сипаладым. «Бақтарың енді ашылады, биік таула-а-а-ар!» — деп айқай салдым. «Аман қалатын болдыңдар, аршала-а-а-а-ар!» — дедім сиреп кеткен сорлыларға қарап, солқылдай жылап. «Сардолана сарбазда-а-а-ар, сендер де көтеріңдерші еңселерінді-і-і!» — деп еңіредім... Алдымен арша жайын айтайыншы, ағажан. Арша туралы білетін боларсыз, әрине. Сіз хабардар қайырымдарды қайталасам, кешіргейсіз. Біздің Боралдайдан Бозторғайға дейін, одан әрі Құлантаудан Дәубабаға дейін тұтасып жатқан аршалы орман болған. Аршаны беталбаты кесу кінә ғана емес, күнә саналған. Көбінесе жеті-сегіз құлаш келетін аршаңыз, кей жерлерде жиырма жеті құлашқа дейін жеткен екен, қайран-ай... Кітапты көп оқиды дейді ғой сізді, біздің бұндай өңірде екі мың жыл жасаған аршалардың ара-тұра сақталғаны туралы жазбаларды көзіңіздің шалмай қалмағы мүмкін емес. Екі мың жыл! Аршаңыз таза тұқымды, текті аршаңыз ешқашан да шірімес. Үгітілмес, үгілмес. Біздің бұндай аймақтың адамдары аршаның киесін кереметтей қастерлепті, ағажан. Айбайлап қана, талғаммен ғана, Табиғат-Ананың талғауымен, таңдауымен ғана жұмсап, меңзеуімен ғана мәністеп қиған. Әйтпесе тіпті тимеген, мүлде кеспеген. Ай мен күнге қалай қараса, аршаға һәм солай қарапты қазекем. Тыныс алар ауа мен шөл қандырар мөлдірге қалай сүйсінсе, аршаға да солай сүйініпті көшпенділер. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында, жиырмасыншы ғасырдың басында жұт басталған аршаға. Қарашекпенділер қара орманға қарақұрт болып тиіпті. Отындыққа кесіліп, күлге айналды, жатындыққа қырқылып, үй салынды. Темір жолдың табанына тепкіленіп, тапталына төселді, кендер мен кеніштерге, жерасты жолдары мен шахталарға қабырға болып өрілді, көпірлерге нөпір болып көмілді. Мың-миллиондаған солдаттардың гимнастерка дейтін киімін боямаққа да біздің таулардың айналайын аршалары қынадай қырылып қырқылған ғой, жан аға! Бір мың да тоғыз жүз отызыншы-қырқыншы жылдарға дейін мынау біздегі жота-жондардың бәрі, ауыл-ауылдардың арасы түгел арша болғанына бүгіндері ешкім де иланбасқа кеткен. Осылайша мың-миллиондаған гектарды алып жатқан аршаңыздан бірер мың түбі ғана қалғанына күйінесіз бе, жоқ па? Осыны ойға салар, тереңінен толғанар жан бар ма, жан аға?! Табылар ма сондай тұлға?!»
Алыстағы ауылда тұратын Сайран Сауранұлы дейтін жігіт осылайша жаныңды шырқырата, жүрегінді шымырлата жазып-жазып келеді дағы, табан астынан кілт айнып, күдік тудыра бастайды. Адамзат баласы алғаш рет Тұрақ Тек маңайындағы Бойтұмар ұштағанында жаралғанын, Адам ата мен Хауа ананың (ол осылай жазады) алғашқы мекені де осында болғанын өзінше дәлелдеп, облаткомның жаңа төрағасын тау төріне, яғни өзінің ауылына шақырады.
Пақырыңыз пысылдап тұрып тәржімелейді-ай келіп. Кесір қылғанда, Иван Иваныч ауруханада. Онсыз орысшаға мынадай хатты әсерлі күйінде аудару, мазмұн-мағынасын өзгертпей жеткізу онша оңайға соқпас. Тәржімелеудің барысында әлсін-әлсін ойларға да беріліп, жаңа келген басшының осындай керемет хаттарды түпнұсқасында, туған тілінде оқи алмайтынына опынып, ол туралы тарап кеткен аңыздарыңыз оңған матадай әрсіздене бастайды.
Ақсақ кемпір орысшаға аударылған хатты асықпай қарайды. Ары да оқиды, бері де оқиды. Екінші қабатқа көтеріліп кетіп, әлденуақытта ақсаңдап қайта түседі. «Ненормальный какой-то», — деп қояды. Шойнаңдай басып жоғарыға және көтеріліп кетеді. Ертеңіне Клавдия Кондратьевна: «Төрағаның қабылдау бөлмесіне тапсырдым. Ондағы көмекші де «Ненормальный какой-то» деп жатыр. Шынында да алыстағы ауылдан келген хаттың иесі ауыңқыраған біреу шығар. Саған да обал болды, соншама қағазды аударып», — деді. Түсте шай ішпекке шақырды.
Арада айға жуық уақыт жылыстап үлгерді. Ақсақ кемпір мазасызданды. Тиісті тәртіпке сәйкес арыз-шағым иесіне ары кеткенде ай ішінде жауап жіберуі керек қой. Бірер күн өткенде, бұлардың жауабын күтпестен, Сайран Сауранұлынан және бір хат жеткен-ді. Ақсақ кемпір аһылап-үһілеп, екі оттың ортасында қалғанына күйінді. Жаңа төраға баяғы, бірінші хатты әлі оқымапты. Уақыты жетпейтін көрінеді. Екі рет Алматыға, бір рет Мәскеуге іссапармен барып қайтыпты.
Екінші хатты да аударуға тура келді. Клавдия Кондратьевна оны да облаткомға ертерек апарып, екеуіне бір-ақ жауап жазбақшы.
«Мен сізге тағы да хат жазып отырмын, — депті Сайран Сауранұлы. — Уақытыңыздың жетпейтінін білемін. Сонда да біздің Бойтұмарға бір келетініңізге сенемін. Жақында бүкіл әлемге масқара боларлықтай оқиға орын алды, ағажан. Қаншама қарсыласқаныма, күрескеніме қарамастан, Бойтұмар ұштағанына кеңшардың малын жаюға рұқсат берілді. Ағатайым-ай, Табиғат-Ананың тілін түсінетін адам табылар ма?! Тек Табиғаттың тілі ғана баршаға ортақ тіл ғой. Ол адамзатқа ғана емес, күллі жаратылысқа түсінікті болуы керек еді. Амал қанша, айналадағы адам атаулының, басшының бәрінің Табиғат-Анамен тіл табысқысы жоқ. Сол тілді бір түсінсе, сіз ғана тереңірек түсінеді деп ойлаудан бір минөт, жалқы секөнт танған емен, жан аға...» — деп, сегіз бет сары қағазға сардолана жырын төгілтіпті-ай келіп. Тұп-тура солай. Өткендегі арша туралы жазғаны алты бет еді, сардолана жайындағысы сегіз бет.
Аударып бердім. Ақсақ кемпір қыздарына мәшіңкелетіп бастырып, аткомға алып кетті. Облаткомға әкетердің алдында ары да оқыды, бері де оқыды. Сөйтіп: «Действительно, этот парень настоящий ненормальный!» — деді ашуланып.
Сол күннің ертеңіне алыстағы ауылдан, Тұрақ Тектің түбінен, Бойтұмар ұштағанынан үшінші хат келіп жеткен. Ақсақ кемпір оны бізге әкеле жатып, баспалдақтан ұшып кете жаздапты. «Вот ненормальный! Вот ненормальный!» — деп кіжінгенде, кем аяғы көтеріліп-көтеріліп кетеді. «Ненормальный» былай деп жазыпты:
«Тұрақ Тек пен Бойтұмар аяқасты болып, мал таптап бара жатқан соң ұштағанды күні-түні бейнеттеніп, қоршап қойғам. Соған байланысты кеңшарымыздың директоры мен партком хатшысы ауданның бас дәрігерін ертіп келіп, менің денсаулығымды тексертпек болып, жеке басымды қорлады. Мен үлкен кісілер болғандықтан, кеңшар басшысына және бас дәрігерге тиіспедім. Ал парткомның хатшысы өзіммен қатарлас қой, сондықтан қалжыңдамақ мақсатта, қатты ашуланған қалыпқа еніп: «Әй, сен несіне жандайшаптанып жүрсің, көп ұзамай компартияң тарайды ғой», — дедім. Бәрінің төбе шаштары тік тұрып, көздері алайып кетті. Қан қысымдары көтеріліп бара жатқан сон, арнайы дайындап қойған шөпшайымды шетінен ішкізуге мәжбүрлендім. Әлгілер демдерін әзер басып, «давлениелерін» дұрыстап алып, мына маған лекция оқи бастады. Олардың айтуынша, мемлекетіміз жерді кеңшарға бергенде, тарихи және табиғи жағдайын қорға деп, қорша деп емес, шаруашылық жүргіз, егін егіп, малыңды жайғын, өніміңді өкіметке өткізіп, жоспарың мен міндеттемеңді орындағын және асыра орындағын деп береді екен...
Бұдан әрі Сайран Сауранұлы облатком төрағасының аты-жөнін жазып, үш леп белгісін қатар қояды дағы, Бойтұмар ұштағаны Табиғат-Анамыздың сақтап отырған ең соңғы аманат хаты екенін, енді екі-үш күнде келмесе, мұндағы басшылар біржола құртып, жойып жіберуі мүмкін екенін жазып, «жан аға», «ағажанына» қайта басады. «Жан аға, жаз аяқтала бергенде, өзіңіз осы облысқа, облаткомға басшы боп келгенде, жаным жадыраған. Күз ортасы ауып барады, әлі жоқсыз, ағажан. Түптің түбінде дәл осы Тұрақ Тек төңірегін мемлекет көздің қарашығындай қорғасын, қорыққа айналдырылсын деп, қаулы-қарар шығаратындарыңыз сөзсіз. Бірақ ол кезде кеш болар. Бойтұмардың өзі түгілім, ізін де таба алмай қаласыздар. Ағатайым-ай, менің хаттарым қолыңызға тимей қор боп жатыр-ау бір жерде», — деп, бұған тобылғы туралы тоғыз бет жырын және қосыпты. Байқайсыз ба, арша хақында алты бет, сардолана жайында сегіз бет, тобылғы туралы тоғыз бет!
Иван Иваныч екеуіміз екінші күннің түсіне таман әзер тәржімелеп тауысқанымызда, Тұрақ Тек жақтан төртінші хаттың келгені мағлұмданды.
Ақсақ кемпірдің қан қысымы көтеріліп, сау аяғы мен оң қолы тартылып қалып, жедел жәрдем мәшинесі алып кетті.
Облатком төрағасы турасында басқашалау күбір-сыбыр көбейген. Волейболды керемет ойнайды екен десті, су бассейнінде жақсы жүзетін көрінеді. Облатком аппаратының адамдары бірі қалмастан волейбол ойнай бастапты. Кешкі сағаттың тілі алтыны соғар-соқпастан стадионға қарай кетіп бара жатады екен. Біздің кеңсенің алдындағы сызы қалыңдап, шірік иісі молайған қарақоңыр көлеңкедегілер темекі түтінін қоюлата түсіп:
«Ол кісіңіз де көптің біріне айналып жөнелді».
«Айналғанда да жылдам айналды ғой, жүдә».
«Айтқанымның бәрі орындалады, көрсеткенімнің көбі жөнделеді, сынағанымның толайымы түзетіледі деп ойлайды-ау осылар».
Десті.
Күндердің күнінде ауруханадағы ақсақ кемпір Иван Иваныч екеуімізді шақырып жатыр екен дегенді естідік. Төртінші күн болғандықтан, әріптесіміз әжептеуір түзутұғын. Барып қайтпаққа бекіндік. Қалтамызды қаққыштап, тиын-тебенімізге айран алдық.
Ақсақ кемпірдің бір қолы мен бір аяғы қозғала қоймайды екен. Тілі бұрыңғыдай тақ-тұқ емес. «Ненормальный» дегенді де онша анық айта алмас.
Ол кісі, яғни ақсақ кемпір немесе Клавдия Кондратьевна апайымыз бізді көріп, қатты қуанды. Төсегінің үстінде түрегеп отырып, қозғалатын қолымен қимылсыз аяғын икемдей жинап, жымиып күлді. Мен пақырыңызға мың да бір рахметін жаудырып, Михаил Булгаковтың төрт томдық шығармалар жинағын тарту етті. «Бұл кітаптың шыққаны — қайта құру заманының заңды жемісі, — деді Клавдия Кондратьевна. — Милый мой, саған не сыйласам екен деп жүргенімде, Мәскеудегі қызым әкепті. Қуанып кеттім».
Мен де қатты қуандым. Мәшине мінгеннен бетермін. Бетімнен сүйген Клавдия Кондратьевна: «Айып етпегін, мына Ванямен бір-екі ауыз оңаша сөзім бар еді», — деді.
Иван Иванычты аурухананың алдында тостым. Ұзақ күтуге тура келді. Ол алабұртып шықты. Басын қайта-қайта шайқайды. Енді бірдеңе әпермесең, ештеңе айтпайды бұл. Екеуіміз ескі аурухананың төменгі тепсеңіне, қаз-қатар тізілген дүңгіршектерге қарай беттедік. Егіз-қатар екі стақан тартып жіберіп, шекесінен шып-шып тер шыққан Иван Иваныч ескі орындықта шалқайып, темекісін рахаттана сорады-ай келіп.
— Үйлі болдым, — деді ол ақсия күліп.
— Құттықтаймын! Қалай? — деймін қуанып.
Иван Иваныч маған алғаш көріп отырғандай, таңырқай қарап тамсанар.
— Өзгенің қуанышына өзіңдікіндей қуанатының ұнайды ғой маған! — деп, орнынан тұрып, темекі мен арақ аралас, алайда мынадай минөттерде пәлендей сүйкімсіз де емес, күлімсілеу иісін бұрқыратып кеп-кеп сүйеді-ай.
Сөйтіп, бекер сүйе ме, дүңгіршіктерге сүзіле көз тастайды ғой баяғы. Үшінші стақанды төңкеріп тастап, ақсақ кемпірдің таңғажайып хикаясын шертеді. Клавдия Кондратьевна ақсақ кемпір бола тұра, Иван Иваныч екеуіміз секілденіп, бекерден-бекер, бостан-босқа аузын аңқайтып, құлақтарын қалқайтып жүрмепті. Біз екеуіміздің не үйіміз, не күйіміз жоқ. Ал ақсақ кемпірдің бір басында бес үйі бар екен. Өз атында емес, әрине. Оның төртеуін табан астында, таяу күндері тездетіп сатып, Мәскеуден келіп жатқан қызымен бірге көшіп кетпекші. Ал біреуін Иван Иванычқа тарту етіпті. Үй сатудың кейбір мәселелерінде Иван Иванычтың аты-жөні, ахуалы, келісімі керек боп тұрыпты.
Бір аптадай уақыт өтер-өтпесте біз ақсақ кемпір мен оның мәскеулік қызын пойызға шығарып салдық. Обалы не керек, Клавдия Кондратьевна кетерінде көзінің жасын көлдетіп тұрып жылады-ей. Біздің шаңытыңқырап тұрған шаһарымызды қимады ма, бүкіл өмірі өткен өңіріміздің өзгешелігін кешірек түсінгеніне өкінді ме, өзге де бірдеңелерге өксіді ме, кім білсін. Ақ бұғағы сүйкімсіз емес, көгілдір көзі күз аспаны түстес қызының ұрысқанына елең етпестен, егілді-ай келіп. Пойыз сәл-пәл кешігіңкіреп жетті. Буыншақ-түйіншектерін көтерісіп, купелеріне орналастырдық. Иван Иваныч таңғаларлықтай қалаймақан түрленіп, сергектеніп кеткен. Лыпылдай ләпбайлап, жүгіріп-ақ жүріпті. Қоштасып, купеден шыға бергенімізде, ақсақ кемпір менің қолымнан қайта тартып, өзіне қаратты.
— Білесің бе, милый мой? — деді ол. — Бәлкім, біз қатты қателесетін шығармыз. Анау арыздардың иесі ше, алыстағы таудың баурайынан хат жазатын жігітті айтамын. Мүмкін, ол нағыз, настоящий нормальный адам шығар. Қалғандарымыздың бәріміз — Иван Иваныч та, мына менің мәскеулік қызым да, мен де, сен де, ол да, олар да, тіпті облаткомдағылар да ненормальныйлар шығармыз. Жалғыз ғана нормальный адам сол жігіт болуы мүмкін бе, а? Айтшы... Мүмкін бе осыным, милый?
Ақсақ кемпір алқынып қалды.
— Мүмкін, бәрі де мүмкін, — дедім мен Клавдия Кондратьевнаға керемет риза болып. — Мен де біраздан бері осылай ойлайтынға айналғанмын. Сізге айтсам ба деп, талай-талай оқталып, батылым жетпеуші еді!
— Сен маған ренжімегін, милый, — деді ақсақ кемпір сау қолымен саусақтарымның ұшын сығымдап қойып. — Қош енді, қош болыңдар. Кемшіліктеріміз болса, кешіргейсіңдер. Егер күндердің күнінде сол жігіт келе қалса, немесе хат жазса, менің жаңағы пікірімді жеткізгейсіңдер, жарай ма?
— Уәде береміз, — дедім мен.
— Обещаем! — деді Иван Иваныч билегісі келгендей байызсызданып.
Ақсақ кемпір көшіп кеткеннен кейін тоғыз қабатты тозыңқы үйдің басынан мүлде бақ тайды. Қоғамдық ұйымдар мен мыңғырған мекемелер шетінен шетіней бастады. Бара-бара бізге дағы кезек жетті. Табиғат қоғамымен бір айда, бір күнде таратылдық. Қобыраған қағаздардың арасында қыз-келіншектермен бірге ақырғы шайды ішіп отырғанымызда, ыбырсықтардың ішінен әлдебір таныс жазу көзіме оттай басылды. Абайлап іліп алып, бүктелген тұстарын тегістей тартып, былғанған жерлерін тазартып, қарап кеп-кеп жіберейін. Сөйтсем, шынымен-ақ Тұрақ Тек тауларының түбінен, Сайраннан келген екен. «Соңғы хат» деп, бас жағына, жол ортасына бадырайта бәдіздепті. Сонсоң: «Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы» деген. Одан кейін аты-жөнін ғана келтірген. Баяғыдағыдай, алғашқы хаттарындағыдай «қазақтың қайраткер перзенті», «ағатай», «жан аға», тағысын-тағылардан түк те жоқ. Салқындау ғана, ресми ресімдепті. Сөйте тұра Тұрақ Тек тұрғыны мына бір жағдайды емін-еркіндеу баян етіпті: «Мен сізге бірталай хат жаздым. Бірде-бір жауап болмады. Жақында Бойтұмар ұштағаны аспанға ұшып кетті. Кеңшардың мәліш қойлары таптай бастағаннан-ақ мен қоршаған бір пұшпағы құс қанаты болып көтерілді, сосын екіншісі, сосын үшінші бұрышы қайырыла оралып, әлденеге оранып, дүр етіп ұшып кеп жөнелді. Мыңға тарта мәліш қой үркіп, Тұрақ Тек етегіндегі жарлауыттан құлап, тұп-тура жеті жүзі түп-түгел мерт болды. Аға шопанымыз ше, ол ордендері мен медальдары сыңғырлаған күйі аузы қисайып, ауруханаға түсті».
Сайран Сауранұлы соңғы хатын аяқтай келе бүй дейді:
«Мен шынымен-ақ үлкен үмітте жүрдім. Енді сенімім сетінеп, үмітім үзілді. Табиғат-Ананың соңғы аманаты Бойтұмардан біржолата айырылдық. Біле білсеңіз, Бойтұмар бүкіл жұртымыздың басындағы бақ еді. Барлықтарыңыз бақты емес, тақты ойлайсыздар. Қош болыңыз. Енді Тұрақ Текке келсеңіздер де, келмесеңіздер дағы, бәрібір. Халық депутаттары облаткомының төрағасына хат жазып отырған — халықтың ең төменгі буынының бір өкілі Сауран Сайранұлы дегейсіздер».
Бұл хат тіпті тіркелмей де, ақсақ кемпірдің тұсындағыдай тәржімеленбей де қалып қойған екен.
Мына пақырларыңыз ақырында шыдай алмады. Бір аптадай кезек күтіп жүріп, облатком төрағасына кіруге қолымыз жеткен. Ол кісі шынында да тым қарапайым көрінді. Орнынан тұрып келіп, қол беріп амандасты. Тек жанарлары жабығыңқылау, тым шаршаулы секілді. «Ешқандай жеке шаруамыз жоқ. Табиғаттың мәселесі еді. Сізге бір кісінің хатын көрсетуге келіп отырмыз», — дедік. Әрине, соңғы хатты һәм орысшаға аударып алғанбыз ғой.
Сөйтсек, облаткомның төрағасына Тұрақ Тек түбінен жазылған хаттардың ешқайсысы да жетпепті. Ол кісі бұған өте қатты өкінетінін, ал мына арзудың айтарлықтай-ақ мәні барын ұғынатынын мағлұм етті. Қайталай көз жүгіртіп, әлсін-әлсін басын шайқап (ненормальный екен деп жүре ме деп қорыққанымыз-ай), түсіністікпен, жеңілдеу ғана жымиыңқырады.
Қазақшасы қораштау екендігін жасырмады. Оған кешірім өтініп, стандартсыз жазу-сызуларды жарататынын екі тілдің егіз-қатар көмегімен аса әсерлі жеткізіп, жылы шырайлы жағдайда, емен есікке дейін шығарып салды. Жолы түссе, жаңағы хат иесінің ауылына қалайда бір барып қайтпаққа тырысатынын айтты...
Оншақты жыл артта қалғанда біз пақырыңыз бағзыдағы тоғыз қабатты тозыңқы үйдің қирандысын көріп, қатты қайран қалдық. Содан бес-алты жылдай бұрынырақта ше,  компартияңыздың тез тарай салғанына түк те таңырқамағанбыз.
Арада және бірер жыл өткенде, әлдебір газеттен «Тұрақ Тек тарихи-табиғи қорығын құру туралы» қаулыны оқыдық.


ЖЫЛЫ ЖАҚТАҒЫ ЖАЛҒЫЗЫМ


Ол төрт жылдан астам уақыт төсек тартып жатты. Аса ауыр операциядан кейін. Сыртқа сирек шығатын. Жұмысқа барарда Жәлелдің үйі жанынан өтетінмін. Телефон арқылы тілдесетінбіз. «Кіріп шығайын ба?» дегеніңді онша жарата бермейтін. Жүдеп-жадаған күйінде көрінгісі келмес. Бірде «Құрдастар» дейтін алақандай әңгіме жазды. Екеуміз туралы екен.
«Мархабат! Мен сені сыртыңнан көрдім дедім ғой. Телефонмен сөйлескенде. Әуелгіде сені танымадым, жапырақтардың тасасынан алашұбар көлеңкенің ішінде қалықтап, бір көрініп, бір көрінбей келе жаттың. Әуелеп өскен шынардың қауқиған бұтағынан төмен сырғып өткен соң шырамыттым: сен екенсің. Иықтарыңды көтеріп, кеудеңді шалқақ ұстап келе жатқан жоқсың, басыңды төмен салып, аяғыңды сүйретіңкіреп басасың. Бірақ аяқ басысың еркін, өмірде өзінің жолы бар кісінің жүрісі. Қолыңды сермесің де еркін. Төңіректе не болып жатқанымен жұмысың жоқ секілді. Қашан ағаштардың арасымен көше бойлап ұзап кеткеніңше арқаңнан қарап тұрдым... Мен терезенің бергі жағындамын... Мен үшін терезенің арғы жағындағы өмір біртүрлі қызық. Енді сол дүниеден сені көргенде ол маған қызық қана емес, ерекше мәнді көрінді. Мен қолына ақ таяқ ұстаған шалды күтіп жүремін. Сол шал бір жолы қарсы жолығып: «Ал, пендем, сырқатыңнан айықтың» деп таяғымен түртіп қалатындай, сол кезде өзімді құлан-таза жазылып кететіндей көрем. Есіл-дертім терезенің арғы жағындағы «жұмаққа» қайта оралу. Гәп солай, құрдасым. Сен ағаштардың тасасынан мүлдем көрінбей кеттің. Бәлкім, ендігіде стадионның алдынан Абай бағына бұрылып бара жатқан шығарсың? Қимылсыз көп тұрдым. Бір қарасам, көзіме жас алып тұр екенмін. Бәсе, бетім мұздап кеткендей болып еді. Ал мен бетімнің мұздағанын байқамаппын да. Ана ақ таяқты шал да жолықпай кетті ғой. Әйтпесе, жерге жүгіріп түсіп, соңыңнан қуып жетіп, амандасып, аяғымызды қатар басып сөйлесіп бара жатсақ, қалай қатып кетер еді, ә?»
Сәл-пәл қысқарған «Құрдастар» әңгімесі – осы. Ол облыстық газетте жарияланды.
Қайран-ай, Жәлел Кеттебек дейтін ғажайып жазушымыз «ақ таяқ ұстаған шалды» күте-күте шаршады. Келмеді.
Жаз ортасында жалқы мәрте ғана жолықтық.
Күз бен қысқа қарата жүздескенді жүдә жақтырмайтынға айналды.
Бірде хат жазыпты. «Есен-сау бармысың! Алла тағала «жатыпатар» ауру-сырқаулардан сақтасын. Шығармашыл кісінің мазасын алу жақсы емес. Оны білем. Бірақ біздің тұрмысымыз кейде ешқандай шарттылыққа бағынбай кетеді. Мына мүгедектік деген мені әбден титықтатты. Кейде, мен төсектен жарық дүниеде жоқ адам секілденіп оянам. Содан кейін қайтып ораламын... Мен  мына бір дүниені жазып бітірдім. Оны «повесть» деп атадым. Повесті «хикаят» деп онша сәтті аудармаған. Сол ескіше атауымыз дұрыс секілді. Повестің бас кейіпкері – өзімнің немерем Қарлығаш. Осыны оқып шығуға қолың тие ме?»
Бұдан әрі Жәлел өкіметке өкпе айтады. Кітаптарымызды басып та, қаламақы төлеп те жарытпай қойғанын жазады. Дәрі-дәрмегіне нәпақа жөніне назар жығады. Сөйтіп, ауыр операциядан кейін бірер жыл өтсе де, оңала алмай жатқанына қарамастан, әлгі «Қарлығаш» атты повесінің негізінде «Ұлттық тәрбие орталығын» құрғысы келетінін жеткізеді.
Бұдан бұрынырақ біз Жәлел достың «Қашқын» дейтін повесінің қолжазбасын оқығанбыз. Компьютерге тергізіп бергенбіз. Көлемді дүние. Алайда, бір бастап кетсеңіз, бас алмастан оқып шығасыз. Ал, мына жаңа шығармасы «Қарлығаш» басқашалау формада, Жәлел Кеттебектің кәдуілгі керемет стилінен бөлектеу бағытта жазылғандықтан ба, онша ұнаңқырамаған.
Біз содан көп уақыт өтпей-ақ ілдалдалап жүріп, «Қазығұрт кz» альманағын ашқан едік. Жәлел құрдастан «Қашқын» повесін сұрадық. «Жөндеймін әлі», деді. Ай сайын, апта сайын сұрадық. «Жөндеп жатырмын», деді. Кейінгі кезде күн сайын дерлік сұрап жүрдік. «Қайта қарап біттім», деген ақырында. Ұлдары Саттар мен Мұхтар «Қашқын» повесінің электрондық нұсқасын қолымызға тапсырды. Арада апта өткенде, үлкен ұлы Саттардың даусы телефоннан дірілдей естілді... Жылы жақтағы жалғыз құрдасымнан да айырылып қалдым сөйтіп.
Міне, «Қазығұрт кz» альманағының биылғы бірінші нөмірі де жарық көргелі айдан асып барады. Жәлелдің жаңа повесін оқығысы келетіндер көбейе түсті. Альманахтың қақ жартысын алған «Қашқын» – іздеп жүріп оқитындай туынды.
Жәлел Кеттебек сонау жетпісінші жылдар соңы мен сексенінші жылдардың басында шағындау әңгімелерімен-ақ елді елең еткізген еді. Мәскеудегі әлемдік әдебиет институтын сырттай оқып тәмәмдаған. Шығармашыл шеберлердің талайынан тікелей сабақ алған. Дүниежүзілік дүлдүлдердің туындыларын талдай-таразылай оқып-үйренген. Ізденуінің түрі төтенше, аңғарымпаздығы бөтенше болатын. Осындай-осындай оқшаулықтарына қарамай, Жәлел Кеттебектің кіндік қаны Қызылдың құмында тамғаны, Сыр-ананың бойында топырақ кешіп, шымырлап аққан айдында жүзгені, Отырартөбенің құмыққан әуеніне елітіп, Шардара теңізіне телміргені, сексеуіл мен тораңғыл түбінде қой бағып жатып та кітап кеміргені бөлекше білініп тұратын. Ұжымдық жинақтарда, газет-журналдарда жарияланатын әңгімелері мен очерктерін оқығандар: «Әй, мынау қайтеді-ей?!» демей қала алмайтын. «Отыз алтыншы тәулік» деп аталған тұңғыш кітабымен құттықтап, қуанып жүрсек,  Жәлел құрдасымыз: «Қысқартып, қырқып-қырқып шығарыпты», деп, сүлесоқтана меңірейіп отыр. «Балалық шақпен қоштасу» дейтін екінші кітабында сәл де болса сергектене жымиып, желпіне сөйлегенін байқағанбыз. «Мен мұнда күллі қазақ ұлтының балалық шағымен, аңғалдығымен, аңқаулығымен қоштасқанын айтпақ ем», деген.
Кезінде «Қарақыз», «Жеңешем, жорға және мен», «Қаңтар» сияқты көптеген повестер мен әйдік-әйдік әдемі әңгімелер жаратқан Нәсіреддин Серәливтің өзіне өршелене қарсы шығып, әрине, бір жағынан еркелеп: «Сіздер бізге жөнді оқырман дайындамадыңыздар», деп, ашуланған кейіп көрсетіп, кейіннен ха-ха-ха-лап тұрып күлетін Жәлел-ай десеңізші! Сол Шардара теңізінің жағасында тұратын үйінде, аудандық газетте істеп жүріп-ақ, небір шымыр-шымыр шығармаларын жазды. Сыр өңірінің  экологиясы туралы тағдыршешті туындылары кезінде жарияланған жоқ. Шардара теңізі жағасындағы үйінің балконында Эрнест Хемингуэйге ұқсап тұрып, телефон соғатын. Шымкентке. «Әй, құрдасым, анау Иван Сергеевич Тургенев деген көкең де, Распутин ағаң да ізденіңкіремесе, мына менен қап кетеді. Білдің бе? Осы гәп ойыңда босыншы», дейтін. Сонсоң ха-ха-ха-лап күлетін. «Распутинге айтайын, Иван Сергеевич ана жайда ғой», дейтін ек. Әзіліне әзілмен.
Ал енді мына «Қашқын» повесі – арнайы сөз қозғайтындай сұңғыла шығарма. Азырақ қана шолып өтер болсақ, күні кешегі, жекешелендіру кезіндегі жебірлердің құнығуы, Қойшыбай сынды жиырма үш жыл қой бағып, не үйі жоқ, не күйі жоқ ахуалда тағы да түксіз-дымсыз, тұлдырсыз қалған қайран қара шаруа қазақтың ақырында ашынып, бір отар қойды Шардара жақтан Шымкентке қарата айдап қашқаны хақындағы аянышты хикая. Шардара мен Шымкентті атап, айтпағанның өзінде бұл повестен Оңтүстігіңіздің өзгеше иісі бұрқырап тұрыпты. «Қауқиып өскен қирық-сирық ағаштар», «шопыр біткеннің осы тұста құшырлана тістенетіні», «пүштей құйрықтарын шиыршықтай орайтын Байшұбарлар», «кірәліннің қолағаштай шишасын мойнына асып, қолына битдәрінің қағазын қысып ұстаған Қойшыбай» – мінекиіңіз, алғашқы беттен-ақ аңғарылар «иістеріңіз».
«Қойшыбай, – деп Қалиев ыс етті».
Көрдіңіз бе, осы маңдағы он тоғыз отар мен тоғыз аға шопанның қожайыны Қалиев «ыс етті». Оның «ыс еткенінен» шошынасыз.
«Деректірден ат сұрап едің ғой?» деді одан әрі Қалиев. «Иә, сұрағам. Жылқы зауыттан құнан берсеңіздер дегем», дейді Қойшыбай шопан. «Да, да, да... Енді саған құнанның да, дөненнің де қажеті болмайын деп тұр», дейді Қалиев. «Болмағаны қалай?» дейді аға шопан. «Малдарың жекешеге кеткелі жатыр».
Қалиев бастаған қонақтар, яғни санақ комиссиясы өз жұмыстарын бітіріп, сес көрсетіп кете барады. Мазақы мысқылмен ақыл-кеңестерін айтып кетеді: «Сауда қыласың ба, жоқ әлде, қайтып бағатын мал іздейсің бе, әлде Шардара қаласына көшесің бе, ерік өзіңде. Қазір қалада тұру мода ғой».
Қойшыбай есеңгіреген. Кәрі аттың қасында жүрелеп, жер сызып отырып қалады. Ертеңіне түс ауа директордың қайын атасына барады. Алты жүз елу екі қойды соған өткізуі керек еді. Әлдебір үмітпен барған. Одан да түңіліп қайтады. Ақырында жан-жақты әзірлік жасап, азық-ауқат қамдап, оқшан тайын толтырып, отарды алға салып, қашып шығады. Қатыны Қыздаркүл дариядан өткізіп, шығарып салады. Екеуі белгіленген мерзімде Шымкентте кездеспек еді. «Есіңе сақта, біздің ешкімге қиянатымыз болған жоқ. Бұл мал – біздің малымыз, біздің жиырма үш жылдық маңдай теріміз... Мен көріп келдім. Кеңседегі активтерің де, завхоз да, деректірдің қайын атасы да біздің бағып-қағып өсірген малдарымызға лайықты адамдар емес. Қашпақ болғаным содан...»
Қойшыбай небір азаптар мен тозақтарды бастан кешеді. Екі аяқты айуандардан да. Қасқырлардан да.Шойғарадай «Джипті» жаңа байлардан да. Полицияның Тазабековтей жемқорларынан да. Тағысын-тағылардан да.
Ақырында қашқын Қойшыбайдың астындағы аты мен жалғыз қойы ғана қалады. Иттері де иелерін қорғаштап, адал өлім құшады.
«Ит орнына мойны қылқиған кәрі саулық ерткен аттылы адам сап-сары аңызбен қалаға бет түзеді», деп аяқталады повесть.
Жылы жақтағы жалғыз құрдасым Жәлел Кеттебектің жарияланбаған жаңа дүниелері тіпті де аз емес. Небір әңгімелері мен повестері, романы бар.


ИТТІҢ ҚҰҚЫҒЫ


Жақында бір оқырманымнан хат алдым. Сексенінші жылдардың басында апта сайын дерлік хаттар келіп жататын еді ғой. Қазір ондай-ондай оқиғаларыңыз таңсық. Хат иесі келіншек екен. «Ағай, «Жас Алаштан» жақсы-жақсы әңгімелеріңізді оқып тұратын едік. Көрінбей кеттіңіз ғой», депті. Мына бір дүниені ұсынып отырғаным сол себептен еді.
Автор.

Парламентіңіздің депутаты Пормабай Дүниемаловтың қалайынша халық қалаулысы қатарына қосылғанын баршаңыз білесіздер. Білмегенсіп қоясыздар. Сайып келгенде, кегейі кегжең доңғалақ-дәуірдің дүмпуі. Дерсіздер. Өздеріңіздің құқықтарыңыз қызылбұзау күйінде сиырдың жатырында жатыпты. Жан бітіп, жарыққа шыға ма? Шықсын-ақ. Делік. Қартаң-құртаң қараның құссүзектенген төліндей мөңіреуінен де танып, меңірейе ме? Бұл жағы да бұлыңғыр. Жылқы мінездеріңізден жаңылып, жадыларыңызға дейін жабыланып бара жатқанын мойындағыларыңыз жоқ. Мыңқ етпейсіздер. Біреулеріңіз. Екіншілеріңіз тыржиып теріс айналасыздар. Үшіншілеріңіз мысықсопылана мүлги қаласыздар.
Күні кеше де сөйттіңіздер. Парламенттегі қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемалов адам құқығының сақталуы хақындағы хал-ахуалға байланысты есеп бергенде ше? Бәрі-бәрі шешілгендей кейіпте кәйіп боп қалғыдыңыздар. Қолдап-қуаттап, қол шапалақтадыңыздар. Сонсоң сайлаушыларына сай депутат не істесін? Өзі сайланған атыраптарда адам құқығы дүниежүзілік деңгейде дерліктей қамтамасыз етіліп, жүзеленіп жатқандығын Мәжілістің арнайы отырысында өзге әріптестерімен бірге масаттана мәлімдеді. Бәрі дұрыс қой. Бірақ, бұның баяндамасына пәлен-пәштуан мән-маңыз берілмеді. Басқа депутаттарды ықыластана тыңдап, ындын  жыққан секілденген. Жиналғандар. Ал Пормабай Дүниемалов адам құқығының тарихына толыққанды талдау жасап барып, өзін халық қалаулысы еткен сайлаушыларының сөздерінен мысалдар келтіре бастағанда ше, бүкіл Мәжілісіңіз манаурап, ең-ең-ең елгезек есептелер есті келіншектердің де есінеуге кіріскеніне қайран қалды. Тіпті төралқадағы спикеріңіздің өзі жанындағы жағымпаздау орынбасарына сыбырлап, әлденелерді әңгімелесіп, түк те тыңдамаған.
Бұл Парламентіңізде адам құқығы туралы мәселелердің бәрі майда-шүйдесіне шейін шешімін тапқан деп есептейтіндер, солай санайтындар олай ойламайтындардан он еседей артықтұғын. Оны да сіздер сезесіздер. Алыста жүріп-ақ. Аймақтарда отырып-ақ. Ешкімге, ештеңеге елеңдемейсіздер. Таңғалмайсыздар. Таңырқамайсыздар.
Неге ғана осындайсыздар? Сіздер. Сайлаушылар. Өткен сайлауда ше, қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемаловтың депутаттыққа барар жолдарындағы жықпыл-жықпылдарға жанарларыңыз жыпылық қаға қарадыңыздар да, қоя-қойдыңыздар. Сөйтесіздер. Сіздер. Ал ол ше? Ол таңдаулыларыңыз таңғалады. Таңырқайды. Таңғалдырғысы, таңырқатқысы келеді. Елдің, электораттың елең етпес енжарлығына таңғалады. Ең-ең-ең елегізетіні – елдегі ен байлығына, зәулім-зәулім, заңғар-заңғар дүн-дүниелеріне тайқымаңдай тақырлардың таңырқамауға айналғаны. Біраздан бері. Біраздан бері емес, бірталайдан бермен қарата. Бұқара жұртыңыз бұл сияқтылардың бұлғаң тотайлығына, бұткерме тұрыстары мен бұқакөз жүрістеріне таңдайларын тақылдатпақтан танғандай. Қайран қалмақтан қалжырағандай.
Десе дәл келетіндей. Депутаттарыңыз.
Белгілі бір мерзімді межелеп, азырақ уақыт аралығында елін және электоратын ұмытпаққа ұмтылған. Пормабайларыңыз. Үңіле қарап, түңіле түйген қорытынды ойларынан арылмақты мақсұт тұтқан. Пақырлары тақырлана түскен аймағына қаншама қаймақ-қайраткерлер, мәжілісмендер мен сенаторлар жау жапырардай аттанып жатты. Ілеспекке шақырды. Дүниемалов денсаулығына сілтемелеп, селқостана шегіншектеді. Сөйтіп, сайлаушыларынан барған сайын алыстап, алшақтауға айналған.
Ал сіздер ше? Сайлаушылар. Өз қалаулыларыңызды іздемедіңіздер. Сұрамаңыздар. Бары-жоғы бәрібір сияқты сиық танытасыздар. Сөйтесіздер. Сіздер. Абынып анау, қабынып мынау жеткен. Аймақтарыңызға. Қаймақ-қайраткерлеріңіздің бекер жетпейтінін, босқа кетпейтінін білесіздер. Алайда, олар-дағы, Дүниемалов сынды депутаттарыңыздың тірліктеріне түк таңғалмайтын сықылды. Ел мен электорат сияқты дә. Еттері үйреніп кеткендері бар. Еттері өліп кететіні көп. Қаймақ-қайраткерлеріңіздің бар-баршасы бір-бірінен қай тараптан да қалыса қоймайтындай-ау. Дейсіздер. Сіздер. Сөйтесіздер ғой. Қалаулыларыңыздан құйқалы қыртыс, құнарлы жыртыс қалмағанын, ағынды арық-атыздың артылмағанын білесіздер. Бәріңіз. Қолдарыңыздан ештеңе келмейді. Ептеріңіз жоқ. Сіздердің де әнебір жылдары әрекеттеніп, қайбір кездері қарманып қалуларыңызға әбден болатын еді. Өздеріңіз ғой. Өңмеңдемеген. Өжеңдемеген. Өз обалдарыңыз өздеріңізге. Кержалқаусыздар. Кержие кіжінесіздер. Болғаны сол.
Жә, жарайды. Еттеріңіз үйренді. Өлді. Жанарларыңыз өлеусіреді. Алғаш аң-таң қалдыңыздар. Қызыл иттеріңіз іштеріңізді тырмалай қыңсылап, қызғаныштың отына күйіп-пістіңіздер. Түтініне тұншығып, тамақтарыңыз удай ашып, жөтел жұттыңыздар. Одан соң одырайып олай, бұдырайып былай қарадыңыздар. Таңырқауға көштіңіздер. Бірте-бірте бәріне көндіктіңіздер. Бүгінде ештеңеге де, ешкімге де таңырқамайсыздар.
Түк те таңғалмайсыздар.
Ал дегдар саналар депутаттарыңыз ше? Дүниемалов. Парламенттегі Пормабайларыңыз. Ол кісі қалай да қалың жұртын қайран қалдырмақ мақсаттан, таңдандырмақ талаптан танбаған. Шат-шадыман шет мемлекеттердің біріндегі вилласында, елінен және электоратынан алыста, жұртынан жырақта жатып, күтпеген жерден жаңалық тапқан.
Әлем жүзінде де, туған республикасында да адам құқығы хақындағы заңнамалық дүниелерден саңылау тауып, саңырау саналарды сілкіп өту мүмкін емес екен. Сондықтан, Парламентіңіздің бірте-бірте беделсізденіп, белгісізденіп бара жатқан (қоғамдық пікірді зерттеудің қорытындысына сәйкес) депутаты, сіздердің қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемалов мырза «Иттің құқығы туралы» жаңа заңның жобасын жасауды қолға алмаққа бел буып, бекем кірісті. Ақылмандары, кеңесшілері мен көмекшілері, қосымша қосшылары мен жасырын жәрдемшілері жаппай жұмылды. Өркениетті мемлекеттердің бірталайында тікелей иттің құқығына арналмағанымен, жалпы жан-жануарлардың, айналадағы аң-құстардың, омыртқалылар мен омыртқасыздардың, қабырғалылар мен қабырғасыздардың, сүтқоректілер мен суқоректілердің, шөпқоректілер мен жемқоректілердің, тағысын-тағылардың құқықтары туралы заңдар мен заңнамалық кесім-шешімдеріңіз жетіп-артылып жатыпты. Сондай-сондайлардың күллісін дерлік алдыртты. Асарлата, асыға зерттесті. Шетелдерге жасалар іссапарларға шек қойылмады. Әлдекімдер алдарын орап алып кетердей сұмдық сезіктеністі. Әлденеше жоба жасалды.
Жобаларды талдау жалықпай жүргізілді. Ит кемірген кеней асықтай кілмиіп, жүдеңкі жүретін жәрдемшісі жарамды шықты. Жобадан жоба туындатып, шұбатылған ұзақ та емес, шолтаң ете қаларлықтай қысқа да емес, орташасын оймыштап жасаған.
Депутаттарыңыз Дүниемалов сарапшыларды шетелдерден шақыртқан. Жобаны одан бетер пысықтатқан. Жетілдірткен.
Тараулары таптана, баптары баптана жұтынған жаңа зәкүн, депутат Дүниемалов дүниесі – «Иттің құқығы туралы» республика заңы деп аталды. Бұл бүкіл Парламентіңіз үшін ғана емес, мұқым мұстақыл мемлекетіңіз үшін үлкен жаңалықтұғын.
Мәжілістегілеріңіз мәттақым мәніспен мәзденген.
Сенаттағыларыңыз сылаң сипанып сүйіншілеген.
Пормабайларыңыз Парламентті таң-тамаша қалдырды. Осылайша.
Мақсатты ойы орындалды. Депутат Дүниемаловтарыңыздың абыройы асқақтады. «Иттің құқығы туралы» заң қарсылықсыз, қалыссыз қабылданған. Жеті қазынаның біріне жататын айтулы айуан турасында қымбат та құрметті құжат жасамақтың жадыларына Пормабайдан бұрынырақ түспегеніне талай-талай қалаулыларыңыз қиналған. Амал қанша?! Депутаттарыңыз Дүниемаловтың заңы дүние жүзіне мағлұмдана бастады. Ойпырай десеңізші! Тіпті бар ғой, осынау орны бөлек заңда «Иттің иесімен бірге тұру құқығы», «Иттің үйшікке ие болу құқығы» дейтін де баптар бар екен. Қамтылмаған, қаралмай қалған қалтарыс жоқ. Жүдә жоқ!
Сіздердей сайлаушылары, Пормабайдай Парламент депутаты бар ел бақытты емес пе?! Ең ақыры итке дейін соншама құқықтармен қамтамасыз етіп, шырқау шыңға шырқатқан мемлекет беделі биіктесе, баршаңыз қуанбайсыздар ма? Қуануға тиіссіздер.
Өкінішке қарата, Өмілдірік өңірінің жұртшылығы түк те қуанбады.
Неге?! Парламентшілеріңіз Пормабай Дүниемаловтың осы өлкедегі өкілдері жағымсыз жағдаяттарды жан-жақты зерттеп-зерделеуге шұғыл кірісті. Ел мен электоратыңыз неліктен селқос? Сүлесоқтық себебі неде? «Иттің құқығы туралы» заңға бүкіл дүние жүзі назар жығып, жоғары бағалап жатқанда, Өмілдірік өңірі қалайша қуанбайды? Таңғалу мен таңырқау қайда?
Көп ұзамастан, зерттеп-зерделеушілер мынадай-мынадай мәселелерді мәлімдеуге мәжбүрленген.
Өмілдірік өлкесінің аудандары мен қалаларында иттердің құтыруы күрт көбейген. Шөлейтті ауылдарыңыздағы қашаннан бергі қазақы емес, мазақы дүбәра иттеріңіз кәдімгі үй хайуанаттарына, ақ-адал малдарыңызға тиісетін бопты. Қойдың қарнын жарып жейтін, ешкінің желінін жұлып жейтін, жас құлынның жұмсақ шабынан қарпып, қызыл етті қарбыта асап, асыға жұтатын шабалаң-шапшаң төбеттер талайдың тынышын қуырып барады. Жануарларыңызды былай қойып, адамдарға айбат шегетінін қайтерсіз. Өмілдірік кентінің орталығындағы он екі қабатты үйде орыс овчаркасы өзін кереметтей көретін келіншекті талап өлтіріп, миын ойып жеп қойыпты. Тағы бір шаһарда неміс овчаркасы (оның да иесі келіншек) әйелдің екі емшегін жұлып жұтыпты.
«Иттің құқығы туралы» заң қабылданғаннан кейінгі айда С. қаласының шетіндегі шағын ауданда бір оқиға бопты. Екі жыл бұрын әскерге кеткен бозым жігіт түн ішінде пойыздан түседі. Стансада бірге оқыған досына жолығады. Сүйген қызына сәлем айтады. Жұлдызай дейтін жұпардай сұлуы алысырақтағы ауылда, аман-есен. Жігітін күтіп жүріпті. Дейді. Досы. Алдымен С. қаласындағы әке-шешесін қуантып, ертеңіне Жұлдызайына жетпекке асығады. Әке-шешесіне бірден, бір өзі барып, қатты қуантпақшы болады. Алқаракөк аспанда жымыңдаған жұлдыздарға қарайды. Ана-а-ау адырлардың арғы жағындағы ауыл маңында Жұлдызаймен қыдырғандарын еске алады досы екеуі. «Бала ғашық» әнін ыңылдайды. «Жұлдызбен аралас-ы-ы-ып... Қырдан  ай барады асы-ы-ып. Үйіңнің сыртында жүр бала ғашық. Далаға шық...» Әлгі әннің қайырмасы ғой бұл.
Досы қоштасып қалып қойған. Түнгі ауысымда екен. Теміржолда. Әскерден қайтқан жігіт «Бала ғашық» әнін ыңылдаған күйі кете барған. Алып-ұшып. Ата-анасын аңсап. Сағынып.
Асыға-аптыға үйіне жеткен сол жігіт. Қазір-қазір... Қақпадан асып түседі... Қалай асып түсуді ұмытқан жоқ әлі. Әкесі мен шешесі... Мұны... Екі жыл бойы көрмеген ұлдарын... Күтпеген жерден көргенде... Қандай қуанады десеңізші! Ит... Иті ғой өзінің. Екі жыл бұрын кішкентай ғана күшік еді. Будан овчарка. Дүбәралау. Дейтін. Әкесі. Тұмсығы қап-қара. Басы, құлағы сарғыштау. Жон арқасы қарақоңыр. Бауыры бозғылт. Еді ғой. Өзгерді ме екен? Таниды.  Таниды ғой. Бос екен. Бос жүріпті. Әдейі, түнге қарай ғана босатады ғой. Ол да сағынған шығар. Рекс. Бұл да сағынды әбден. Әскерде жүргенде ауылдағы итіңді де қатты аңсайсың ғой... Әзірше танымай үріп тұрыпты... Даусы басқашалау. Қорқыныштылау. Танымай тұр дә... Рекс. Қазір таниды. Иісінен. Басынан баяғыдай бір сипап өтсе... Ауп-п-п...
Биік қақпадан асып түскен бозым жігіт.
Әскерден оралған.
Жұлдызайдай сүйген сұлуы күткен.
Әке-шешесін күтпеген жерден, кенеттен қатты қуантпақшы болған Қуаныш атты аға сержантты... Алпамсадай алабауыр овчаркасы... Екі жыл бұрынғы күшігі... Басынан сипамаққа қолын соза бергенде...
Әскери киім керемет-керім жарасқан, сағынышқа тұла бойы тұнып тұрған көркем жігіттің тамағынан азу тістерімен орай орып түскен түнгі овчарка... Бауыздалып баудай түскен бозым жауынгердің көркем жүзін қан жауып, тіл тартпай кете барған. Бақиға...
Жұлдыздар жылаған.
Жұлдызай есінен айырылған.
Әке-шеше аңырап қала берген.
Осындай-осындай оқиғалардың әсері буындыра буған депутаттарыңыз Дүниемалов буынып-түйінді. Өмілдірік өлкесіне өзі келуге мәжбүрленді. Қалаларды да, аудан-ауылдарды да аралады. Абайлап қана аңысын аңдаған. Иесіз иттер шәу-шәу етеді. Шаһарларда да, шет-шелшең мекендерде де. Иелері жетектеген, айбат шеккен айуандар одан бетер. Қай қалада да. Тұмылдырықсыз, түрлі-түсті, тұрпаттарынан адам шошырлық иттер көше-көшені былай қойып, саябақтарға дейін басып апты. Жергілікті газеттерді ақтарып, ақпараттар қараған. «Құтырған ит қапқан қатын қайтыс болды», «Ауданда малдан гөрі иесіз ит көп», «Қойға шапқан төбеттер», «Адамға шабуыл жасады», «Қаламызды қаңғыбас иттер басып барады», «Ит адамның досы ма, жауы ма?», «Ит жеті қазынаның бірі ме, әлде жеті ағайынды жұтқа айналып бара ма?»
Парламентшілеріңіз Пормабай Дүниемалов өзінің туған өлкесі Өмілдірікте отырып, опына күрсінді. Опырыла уһіледі. Өлердей өкінді. Бұрын неге білмеген? Қалай байқамаған? Енді не болды? Не істемек керек?
Самсатып салынған саржалқын коттедждер. Көгілдір коттедждер. Қоршауларының өзі, қорғандарының өзі үш-төрт кісінің бойынан асатындай, аспанға атырылардай асқақтаған коттедждер. Қызғылтым, қабат-қабат, кербез үй-жайлар андыздаған, асфальты қалың, қарақошқылданған көшемен көтеріліп, дөңестеу тұстағы дөй үйге – төртінші тоқалына түнемекке түскен. Көңіл күйінің төмен тартатын тұстарында төртіншісінен таяныш-тоят табатын. Талап-тәлкегі, тәлпіш-тотайлығы жоқ. Түбегейлеп түсінер, сезіксіз сезгір сұлуы. Бұлдануды білмес. Жаныңа дәру дарытар. Бұл жолы да сөйтті. Жылы ғана жымиып, шәй-суын міндетсінбей берді. Жеңіл ғана саз ойнатты. Пормабайға ұнайтын жасыл желеңін киіп, жанына жақындап жайғасты. Қалаулыларыңыздың қатқылдау қабағын бағып, мойны мен иықтарын сылап-сипап барып, мипаздай уқалады.
Бәрін ұмытқысы келіп-ақ еді. Төртінші тоқалының жалын атқан құшағы да жадындағы жүкті сейілте алмады. Өзіне  өзі үңіліп, түңілетіндей тереңдігі сирек оралатын. Мұндай мұңаймаққа тіпті үйірсек емес-ті. Сонда да сана түкпіріндегі ит қыңсыл басылмай-ақ қойды.
Түн ортасы ауып үлгерген екен. Өмілдірік шаһарының таңғажайып тұсында тұрыпты. Қоршаулары мен қорғандары зәулім, коттедждері зау-заңғар зербарақ ауданыңыз осы. Айналасына алақтаған. Қоршауының ішінде тұрып қорықты. Арқасы жылан жорғалағандай шымырлады. Зәресі ұшардай жүрегін сұп-суық суыл булықтырды. Алқымын әлдене кернеп, кептеле атқақтайтындай. Төртінші тоқалының толықсып-бұлықсыған құшағын қайта ойлап, көзіне елестетіп, басылып-ақ баққысы бар. Бірақ, үрегей үрей ойын түгел, бойын тұтас билеп алған. Мұндайлық мұндарлықтың себебін бірсін-бірсіндеп барып сезген. Итжүректеніп тұрғаны иттердің зәрлене үруінен және зарлана ұлуынан екен дә.
Алғаш алыстан талып естілгендей еді ұлыған дауыстар. Сөйтсе, зәулім-заңғар қоршаулар мен қорғандардың қай-қайсысынан да ит ұлып тұрыпты. Ұлып жатыпты. Ұлып-ұлып алып үреді. Үріп-үріп алып ұлиды.
У-у-у-у-у-уау-у...Ауп-ауф...
Ауу-ауп-ауф-ау-у-у-у-у...
Уау-уау-у-у-у-у-уау-у-у... Уа-уа-у-уф...
Ұбақ-шұбақ ұлыған иттердің дауыстары бір-бірімен ұласып, шекесін шыңылдатты. Сұқ саусақтарымен қос құлағын бұрандалай бекітіп көрді. Бәрібір. Болмады. Шеке шыңыл шүйде  шуылға шұбала шабыртты.
Шабаланған қаншықтар кемде-кем секілді. Ұлығандардың бәрі ұрғашыны іздейтіндей. Сезілді. Жоқ. Сезінді.
Үйіне кірді. Ұзын бойлы, бүйірлі үрімкеге аса жоғары сапалы коньякты толтыра құйды. Төңкеріп салды.
Ертеңіне Пормабайларыңыз қарапайым ғана киінді. Ежелгі бір мемлекеттің әзелгі бір патшасындай жұпыны һәм жұқана жұртыңыздың арасында жүрді. «Өмілдірік кентінде түні бойы иттердің  ұлып шығатыны несі?» деді бір қайыршыға. Анау аңтарыла аңқиып: «Білмедім. Естімедім. Естімеймін. Тастай қатып ұйықтап қалам. Қарнымды алдап-суласам, бітті. Қорылға басам», деді ағынан жарылып.
«Иттер адамдардың пейіл-пиғылына қарап бұзылып барады. Түнімен үріп, ұлып шығады. Жақсылық емес», деді кетпеніне сүйенген кейуана.
«Біраз-біраз нәрселерді білгіңіз келсе, осы Өмілдірікке тиіп тұрған Тамдыбұлақ ауданында атақты ит атқыш бар. Соны тауып әңгімелесу керек шығар. Қаласаңыз, қалаға алдыртайық», – деді осы өлкедегі, жергілікті жердегі жәрдемшісі. Туралаңқырай айтқанда, тыңшысы.
Атақты ит атқышты қалаулыларыңыз қалаға алдыртпады. Өзі бармаққа бекінді. Төрт түрлі джиптің, үш түрлі мерседестің біріне де мінбеді. Жәрдемшісінің жайуаттау жаман мәшинесіне отырып, Тамдыбұлаққа тартты.
Ит атқышыңыз – бір кездегі Беріктас мергеннің баласытұғын. Аңшылығы жоқ емес-ті. Алайда, азайып кеткен аңды аяғандықтан, обал-сауаптан танбағандықтан, әкесінің кәнігі кәсібінен біржолата бас тартқан. Бұны – басқашалау бұқпантайлаған депутаттарыңызды бірден таныған. Ит атпаққа дайындалып, қару-жарағын тазалап отырыпты.
«Сізді білмей, өле алмай жүріппіз бе?! Парламенттегі Пормабай Дүниемаловсыз. Депутатымызсыз. Жигулимен жүрсеңіз-дағы, таныдық. Жұпыны киінгеніңізбен, өзгермегенсіз. Келіңіз. Төрлетіңіз», – деді жүзін жылытып.
Артынша: «Иттің құқығы туралы» заңның авторысыз ғой. Соныңыз бекер болды», – деді түсін суытып.
«Неге?» – деді депутаттарыңыз.
«Заңдарыңыз өте сауатты. Көп ізденгенсіздер. Шет жұрттардың заңнамаларын зерттеп, негізге алғансыздар. Алайда тым кешіккен құжат», – деді атақты ит атқыш.
«Қалай? Кешіккені қалай?» – деді Парламентші Пормабайларыңыз.
«Керемет заң. Әттең-ай, әттең! – деді атақты ит атқыш орнынан тұрып, түнере түсіп, мылтығының ұңғысын Мәжіліс депутатына бұра үңіліп. – Заңдарыңызда мін жоқ. Өкініштісі – қазақы құмай тазыңыздың тұқымы тұздай құрып кеткеннен кейінгі ондай құжаттарыңыздың құны көк тиын! Білдіңіз бе?! Әтең-ай, әттең! Қазақы Маңтөбет, Байтөбет, Бақтөбет, Таутөбет, Шыңтөбет сынды шын төбеттер түгелдей жойылып болғаннан соң қабылданған қаулы-қарарларыңыз бен заң-зәкүндеріңіз кімге және неге қажет?! Керек пе енді?! Қажеті бар ма? Осыдан он-он бес жыл, ең болмаса үш-төрт жыл бұрын қабылдау керек еді ғой! Ендігі заңдарыңыз кімге, неге, кім үшін және не үшін қызмет етпек?! Осыны ойладыңыздар ма? А-а-аһ?!»
Мына ит атқышты құтырған ит қапқан ба деп қауіптенуге болар еді. Жанарлары жалтылдап, ағараңдай тұманытып, тілі тұтығып, түкірігі депутаттарыңыздың теп-тегіс, түйір әжімсіз бетіне шашырап-шашырап кеткен. Құтырудың түкірік арқылы да жұғуы мүмкін бе еді? Мүмкін емес пе еді? Заңды әзірлеу барысында бәрін біліп алғандайтұғын. Бірақ, есінде қалмапты. Осы жағы.
«Бі-бі-білдіңіз бе?! – деді ит атқыш адам ескілеу қос ауыз мылтығын Парламентшіге кезенген күйі тұтығуы басылмай. – Біліп қ-қ-қойыңыз! Сі-сі-сіздің к-к-кешіккен з-з-заңыңыздың к-к-кімдерге және н-н-нелерге қ-қ-қызмет ететінін...»
Қалаулыларыңызға қарата қару кезеніп тұрғанын кешірек аңғарып, үңірейген ұңғыны төменірек түсірді.
«К-к-кешіріңіз, – деді ыңғайсызданып. – Біз үшін бір минөт қымбат. Ит атуым керек. Бүгін кешке дейін бір-екі ауылды бітіріп тастамасам, болмайды».
Тұтығуы сейілгендей. «Шай-пай ішіңіз демедік». Деді. Ит атқыш.
«Жоқ, рақмет, – деді Пормабайларыңыз күрсініп қойып. – Қарсы болмасаңыз, сізбен бірге жүрсем... Ит атқаныңызды көрсем...»
«Халықтың, нағыз қарапайым сайлаушыларыңыздың арасына бармақсыз ғой? Байқаңыз, онда қауіптірек. Құтырмаса-дағы, құтыруға беттеген иттер аз емес. Атқызып жатқаны сондықтан. Малды былай қойып, адамға шауып жатыр. Иттеріңіз. Бірдеңеге ұшырасаңыз, жауап берер жайым мен жағдайым жоқ».
«Өзім жауап беремін, – деді депутаттарыңыз. – Қаласаңыз, қолхат жазып тапсырайын».
«Қорықпасаңыз, жүріңіз, – деді ит атқыш ескі москвич мәшинесіне қарай беттеп. – Жеті шақырым жердегі ауылға аттандық онда».
Парламенттегі Пормабайларыңыздың өз москвичіне отырғанына аса сабырлы, атақты ит атқышыңыздың мазаттана мерейленгені-ай сондағы. Шешіле, шешенсіне көп-көп әңгіме күшіктетті.
«Ит атуға жыл сайын аудандық ауыл шаруашылық бөліміне ақша бөлінеді екен, – деді ит атқышыңыз. – Әрбір итке үш жүз теңгеден. Аудан бойынша жүз елу, екі жүз мың теңге. Білдіңіз бе? Бір оғыңыз сексен теңге тұрады. Әр итке біржарым оқтан есептеледі. Ал мына мен, Беріктас мергеннің баласымын дә. Жиырма оқпен жиырма ит атамын. Сеспей қатырамын. Ауылдың бәрінде ит құтырған заман. Балаға шабады. Қыздарды қабады. Үлкендерден де қаймықпасқа айналған. Біреулер айтады, адам өзгерген соң ит екеш ит те өзгереді деп. Құмай тазы емес. Қазақы қайран төбет емес. Олардан жұрнақ та жоқ. Өңшең дүбәралар. Дүбәралар! Бі-бі-білдіңіз бе?! Дү-дү-дүбәралар! Малға шабады. Қой жегеннің түрлі-түрлі тәсілдерін тауып алған. Ай, пәдеріңе ғана нәлеттер-ай...»
Жеті шақырым жердегі ауылда Парламентші Пормабайларыңыз қатты қайран қалған. Таңырқаған. Ит атқышқа. Ауылда да атты. Қорада да атты. Үйшіктерде де атты. Көшеде де атты. Иттердің иелері қандай жерде, қай тұста рұқсат етсе, сол заматта сеспей қатырады. Сұлатып салады. «Иттің құқығы туралы» заң талаптарының ту-талақайын шығарды. Ит атқышыңыз.
«Кешіргейсіз, – деді кезекті қос итті қабаттап, бір ғана оқпен сұлата құлатқан құла мерген қалаулыларыңызға қарап. – Заң-зәкүнге сәйкес қора-қотан, аула-шарбақ түгілім, ауылдың ішінде оқ атуға тыйым салынады. Мылтықты заңды түрде ату үшін елді мекеннен кем дегенде біржарым шақырым ұзап шығуымыз керек. Білдіңіз бе? Ал оған уақыт жоқ. Мүмкіндік тапшы. Атылатын итті соншама қашықтыққа қалай апарамыз? Кім апарады? Немен жеткіземіз? Арқалаймыз ба? Сүйрейміз бе? Москвичке мінгіземіз бе? Міне, мәселе қалай?»
Пормабай Дүниемаловтарыңыз тіл қатпайды. Тек таңырқайды.
«Былтырғы күзде жүз елу мың теңге бөлді. Үш жүз ит атып бердім, – деді мерген. – Биыл екі жүз алпыс мың теңге қарастырыпты. Сегіз жүздей ит ататын шығармын. Бәрі есептеулі. Білдіңіз бе? Оқ-дәріңіз есептеулі. Жанармай есептеулі. Амортизация да есептеледі. Мына қырылып қалған дүбәраларыңызды әлі актілеуіміз керек. Әлдеқандай қып. Арнайы шұңқырға тасып жеткізуіміз керек. Әлгі екі жүз алпыс мың теңгеден таза тиетіні жетпіс мыңдай теңге ғана. Көп боса. Әрине, бізге о да жаман емес. Жұмыссыздық көрсеткішін кемітеміз. Бір ғана өкінішім бар. «Ит атқыш» деген атты жамап алдым. Беріктастай мергеннің баласы ит қуалап кетіпті деген сөз жаман естіледі екен дә-ә-ә-ә. «Қоңыз теріп, тышқан аулап» деген секілді».
Парламентші Пормабай жеңіл ғана жымиды.
«Бұрынғы жылдары да қаржы-маржы қаралады екен. Аздап-аздап ақша бөлінеді екен. Алайда, ит атылмай қала берген. Дұрыстап ататын адам табылмайтын көрінеді. Аудан бойынша. Аңшылар қоғамында да жөнді атқыш жоқ. «Пәлен ит атылды. Түгеншелер атты» деп жалған акті түзіп, тиын-тебенін қылғытушылар  «құныққан күзен құлағымен ін қазадының» кебін киген. Депутатымызсыз. Біліп қойғаныңыз жөн. Майда-шүйде мәселелерді де. Мына менен, Беріктастай мергеннің баласынан он бес пайыздық пара сұрады. Бі-бі-білдіңіз бе? Бі-бі-бірақ, мен шатақ шығардым. «Әкеп беріңіз, әкеп бересіз!» деп әкіреңдейді әкімдіктегілер. «Жоғарыға мағлұм етем! Ит атқыш деген атым шыққаны үшін үстемені сендер төлеңдер! Өздерің ғой, тыныш жүрген адамды жалынып-жалпайып жұмылдырған», дедім. Тайынбайтынымды түр-тұрпатымнан байқады. Шегінді. Лажсыз. Менен артық атқышты таба алмайтындарын түсінді. Білдіңіз бе? Сіздер жүдә жоғарыдасыздар. Құзар-құзар қиядасыздар. Оқта-текте осылай төмендеп тұрсаңыздар, талай тарихты түсінер едіңіздер. Білдіңіз бе?»
Ежелгі бір патшалықтың әзелгі бір әміршісіндей жұпыны жұрттың арасына, қатардағы қарапайым халықтың қалың ортасына барып қайтқан қалаулыларыңыз қас қарайғанда қалаға оралған.
Депутаттық каникул бітуге таянған.
Парламентші Пормабай Дүниемаловтарыңыз асығулы күйде. Ендігі бар беделін, күллі күш-мүмкіндігін өзі әзірлетіп, өзі қабылдатқан «Иттің құқығы туралы» заңды жоймаққа жұмсайтын шығар.
Кім білсін-ай, кім білсін.
Деп, тауыс-тәмәм етуге де болар еді. Әңгімені. Алайда, алакүдектеніп, кімді кейіптеген, қай қалаулымызды қағындылаған, қандай кезеңдегі Парламентті пайлаған деп күдіктенерсіздер. Сөйтесіздер. Сіздер. Мәселе сіздер секемденген сетік себептерде емес. Мүлде басқада. Бұрынғы сайлауларды қайдан білейік. Біз. Бірақ, сіздер келесі сайлауда тап осы Пормабай Дүниемаловтарыңызды депутат етіп сайласаңыздар бар ғой, надұрыс емес, дұп-дұрыс болар-дүр. Ит ырқылжыңға түспектің керегі не. Итжүректеніп қажеті қанша.


КАНДИДАТТЫҢ ИМИДЖІ


Мамыр айының басында мәслихат өткізіп, мәжіліс шайын берді. Мәжіліс шай мамыражай Күншуақ қаласындағы «Вариант» кафесінде ұйымдастырылды. Жалпы саны жүз жиырма адам болар деп жоспарлап еді, қосымша-алымшасымен жүз елуге жетіп жығылды. Жаман емес, әрине. Тіпті тайсақтаңқырайды-ау, тайғанақтайды-ау дегендер дағы құштарлана қатысты, бой тартпай белсенділік танытты. Аса абыройлы ақсақалдар аз болмады. Биік лауазымдылардан тізімдегілер түп-түгел төбе көрсетті. Бизнесмен бауырлары таудай-таудай тұрпатта тұтасып отырды. Бір жағы сұс, бір жағы сес дегендей.
Жұрттың бәрі айтарын айтып, ішіп-жесіп, тіс шұқыласып тарасқаннан кейін депутаттыққа кандидаттың штаб мүшелері ретінде ілкіде іріктелген топ түкпіргі бөлмеде бас қосты.
— Керемет өтті, жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан сөз артылмады, бәр-бәрін жазып алдық, — деді біреуі. — Саралап, сараптаймыз, қорытып, қоғамдық пікірдің ақпараттық ағынына қосамыз.
— Мұндай мәжіліс шай бұл өңірде бұрын-соңды өтті ме екен-ай, өзі? — деді екіншісі.
— Ойхой, ой-дариялар ағылды-ау. Бүгінде бос сөз, бөстекі пікір азайды ғой, — деді үшіншісі, — кімнің кім екенін, ненің не екенін екінің бірі ішпен сезеді емес пе?
— Бәрін айт та, бірін айт, ақсақалымыз айни бастаған екен. Ақ батаның сөзін журналист көкемізге алдын-ала жаздырып, шалымызға жаттатып қойғанымыз жақсы бопты, әйтпесе «концовка» шықпай қалатын еді, — деді төртінші мүше.
Штаб мүшелері осылайша біраз-біраз пікір алмасып, тоқ басып, көк шайланып, шүйіркелесе, сырласа түсті. Депутаттыққа кандидатыңыз жайбарақат қана тыңдап, жай ғана жымия қараңқырап қояды. «Вариант» кафесіндегі мәжіліс шайдың бүкіл шығынын беделді банк бастығының бірінші орынбасары болып істейтін шәкірті көтерді. Рахмет. Ұстазының еңбегін бағалап, сенімін ақтай бастағаны осы дә. Штабтың келесі отырысы мамырдың ортасы ауа тау ішіндегі керемет көкмайсада өтпек. Бұлақ басында байыпты әңгіме болмақ. Міндет бөлісілмек. Меже белгіленбек.
Бүгінше баршасы емін-еркін, емен-жарқын күй кешсін. Білгендерін айтып, түйгендерін таратсын. Тізгін тартпайды әлі, шылбыр қақпайды әзірше. Мына жерде жазып алатын жасырын жабдық, тың тыңдайтын астыртын аппарат жоқ шығар. Қойылған күнде құпия ашылар күн бұл емес.
Әзіл-күлкінің тиегі ақтарыла ағытылды. Мәжіліс шайға қатысқандардың жүріс-тұрысы, отырыс-ішісі, сөздерінің іші-тысына дейін талқыланып, талданып жатыр. Штабтың аты — штаб, өзінің өзгеше міндетін атқармаққа кірісіп те кеткендей. Төрт көзі түгел деуге де келетіндей. Тау түкпіріндегі түбегейлі мәжілісті күтпей-ақ, міндет бөліспекті табан астында, тап осы қазір тәптіштеп тастағысы келіп бір оқталды дағы, оқтау жұтқандай қайта қатайды. Сіресіп барып, сабыр шақырды. Жеңілдеу жымиыңқырады. Көк шай құйылған құлпынай гүлді кесені қолына алып, баппен ғана бір ұрттап, майлық қағазбен миығын сүртті.
Оң жағында отырған — кандидаттың сенімді кеңесшісі. Сол жағында — сайлау науқанының басшысы болып бекітілетін досы. Қысқаша қайырып, бүгінгі тілмен бейнелегенде, менеджер. Одан әріректе орындығын сәл кері шегіндірген кім десеңіз, шаршаңқылау мүлгіген штаб бастығы. Көбірек ұрттап жіберген шығар, оқта-текте өстетіні бар. Былайырақта — қауіпсіздік жағына жауапты жігіт пен заңгері, журналистері, ең шетінде — есепшісі. Әзірше осылар. Әрине, әлі де біраз адамдар керек. Сенімді өкілдер, талдау-таразылау тобы, жарнамалау жағы, кандидаттық қаржы қорының қорықшысы, тағы басқалар, тағысын-тағылар.
Тау түкпіріндегі өзгеше отырыста сайлау науқанының стратегиялық жоспары жан-жақты және терең талқылануы тиіс. Тап осыны ой-санасында шегендей түгендеген кандидатыңыз тамағын кенеп, тыныштық сақтауға шақырды.
— Былай, — деді байыпты, байсалды кейіпте бәріне барлай қарап, қос уысқа қыса жинағандай. — Осында, мына тарихи «Варианттың» түкпіргі бөлмесінде қалғандарың — менің ең етене жақындарымсыңдар, сенімді серіктерімсіңдер. Ендігі шаруаның бәрі осы отырған сендерге байланысты екенін түсінесіңдер. Екінші, ерекшелеу басқосуымыз мамырдың ортасында, тау ішіндегі бұлақ басында, көкмайсада өтеді. Соған дейін, кеше келіскеніміздей, сайлау науқанының жетекшісі (атын атамады, иек қағып, көзбен ишаралады) мен штаб бастығы (түсін түстемеді, қабағымен аңғартты) стратегиялық жоспар жасап, кеңесшімен кеңінен келісіп, заңгермен ежіктей ақылдасып, жақсылап тұрып бір қайнатып қоюларың қажет. Тауда таза пісіреміз. Ал менің айналып кетейін ардақты журналистерім, сендер БАҚ-пен жүретін жұмыстың жалпы жобасын жүйеге түсіріңдер. Бәріміз жабылып, әсіресе мына маңызы зор мәселеге — кандидаттың имиджі дегенге баса назар жығайық. Жатпай-тұрмай қам жасайық. Бағана ше, мәжіліс шайдың барысында байқадыңдар ғой, «имиджге» тілі келмейтін қариялардың өзі осы сөзге әлсін-әлсін айналып қайта, қайталап тағы, оралып жиі соға бермеді ме? Ойланайық осыны, жарай ма?
— Жарайды, жарайды! — десті бәрі жамырап.
Үйіне сенімді кеңесшісімен бірге қайтқан. Менеджеріне өзі мұрсат берді, мәжіліс шайдан шаршады ғой ол сорлы. Заңгері мен жасамыс журналисті ерте жүргісі келіп еді, кейіннен ол ойынан кілт айнығанды құп көрген. Журналистерді ә дегеннен тым жақындата беру жараспас, белгілі арақашықтық сақтамақ ләзім. Штаб мүшелерінің басын бір-бірімен қосып та, жекелеп-жегенелеп те жұмыс жүргізген жөн.
Саунасы бабында екен. Сенімді кеңесшісі екеуі келісіп алғандай-ақ манағы мәселелер маңайын және шиырлап, мәжіліс шайға қатысқандардың нәт-ниеті, сөз ләмі, пейіл-пиғылы хақында бірқанша шолулар жасап өтті. Бірінші бусану мен жайбарақат жату осыған жұмсалды. Екінші бусану мен шайлануда штаб мүшелерінің әрқайсысы, бәлкім бесінші рет, мүмкін оныншы мәрте, сараптау сүзгісінен өткізілді.
— Сенімді кеңесшіміз сенімді-і-і-і, — деді депутаттыққа кандидат жас күнінде жетік меңгерген мандолиннің төменгі ішегіндей тырсылдай тартылып барып, қайта жазылған жүйке талшықтарына құлақ қойып, манаурай керілгісі келіп.
— Менеджеріңіз — нағыз науқан басшысына лайық, мына заманға бейімдел-ге-е-н, — деді кеңесшісі кандидаттың әуеніне салып.
— Штаб бастығының беделі ба-а-ар, кей-кейде ішіп қоятыны болмаса, — деді кандидат. — Өліспей беріспес адал құлдар да ке-рек-дү-ү-үр.
— Қауіпсіздік жағының құпиялары көп, заңгеріңіз заңға-а-а-ар, — деді кеңесшісі. — Осы журналистеріңіз қалай-қалай, а? Жазбагерлеріңізді жеткілікті білмейді екенмін.
— Мен де сол үшеуінің айналасында ойланыңқырап қала беремін, — деді кандидатыңыз. — Жасырағының жалыны молырақ, жаңаша әдіс-тәсілдерді жақсы меңгерген сыңайлы. Ауызша шешілген кезде қара пиар, қоңыр пиар, ақ пиарларыңды жасыл қиярдай қарш-қарш шайнайды. Бірақ жеме-жемге келгенде, жазу жағына шорқақтау. Орта жасары биіктеу ақырлардан жем жеңкіреп жүріп, жылы орнынан күтпеген жерден, кенет кеткендіктен, кекшілдікке бейімірек. Жазу жағынан оның да көсілісі кемірек, кібіртігі көбірек. Айрықшалау артықшылығы — ұйымдастыру қабілеті. Ал анау жасамысыңыз — мықтының мықтысы. Жазудайын жазады-ай сабазың. Бірақ өмір бойы жағдайы болмай, ылғи ынжық тартып, үнемі төменшіктеп, шегіншектеп үйренген. Әліне қарамастан, әр нәрседен үйлесім таппаққа әуреленеді тағы да. Таба алмаса азапқа түсіп, өзін-өзі табаға шыжғырады.
— Ойпырай, журналистердің жілік-жілігін жаңқалап шауып отырсыз ғой, шыли жүдә! — деп, қатты таңырқады кандидатыңыздың сенімді кеңесшісі.
— Жасамысы көп ақы да дәметпейтіндей. Ал анау алдыңғы екеуінің ашкөздігі мен ашқарақтығы алапат. Жұт көргендей жұтынып, жұрттан бұрын жұлқынады.
— Үшеуі де қажет екен. Жақсы таңдап тапқансыз!
   — Қой, келешекке де керекпіз. Демалайық.
Әдетте, бұл өңіріңізде мамыр айыңыз жылдам жылжып, жедел сусып, сылаң қаға ағатын су сияқты. Әне-міне дегенше, тау түкпірінде, бұлақ басында бас қосу өтер күн келген.
Жуынып-шайынып алған штаб мүшелері бірден ішіп-жемге емес, іске кіріскен. Арша түбіндегі қоңырқайлау қойтасқа жайғасқан бас менеджер стратегиялық жоспардың жалпы мазмұнын, қадау-қадау қамтылған мәселелерді мәністеп, сайлау науқанының жұмыс кестесін асықпай оқып шықты. Көз қарықтырардай ақшаңқан қағазға компьютермен термелеп түсірілген бір-бір данасы алдын ала таратылып берілген болатын. Штаб мүшелері түп-түгел шүйіле шұқшиысып қалыпты. Көп аса ұсыныстар білдіріле қойған жоқ. Социологиялық сауалнамаларға байланысты ғана бірер сұрақтар туындап, оларға қанағаттанарлық жауаптар қайтарылды.
Міндет бөлісу мәселесі һәм іскерлікпен, жан-жақты ақылдасылып шешілді. Сайлаудан төрт ай бұрын, үш айдың әрбір аптасында, екі ай қалғанда, бір айдың бірінші, екінші, үшінші және ең ақырғы аптасында атқарылатын шаруалар кесте арқылы және пысықталып, жауаптылардың аты-жөндері жеке-жеке жазылды.
Бәрі аңғарып, түсініп, сезіп, біліп отыр. Жоспар-кестеге кіргізілген әрбір іс-шараңызға қарасаңыз, байырқалап байыптасаңыз, бүй деп тұр: «Не?» (Мазмұны). «Не үшін?» (Стратегиялық мақсаты). «Қашан?» (Орындалу мерзімі). «Құны қанша?» (Бәрі қаржыға байланысты ғой). «Қайда?» (Аумақ айқындалып, сай-лаушылар топтары, ерекшеліктері ескерілген). «Кім?» (Іс-шараны әзірлеп, өткізетін адамдар дә). «Қалай?» (Ұйымдастыру әдісі мен өткізу тәсілі). «Қалай бағаланады?» (Күтілетін түпкі нәтиже ғой баяғы). «Кім қадағалайды?» (Бұл, әрине, бөлекше мәнді мәселе).
Толымды стратегиялық басымдықтар, толыққанды жауаптылар, тактикалық тетіктер туралы толғамды тараулар таудың таза ауасындай, бұлақтың бал татыр суындай санаға тез сіңіп жатты.
Жеңіл-желпі қуырдақ пен самаурынның шайы жетті. Бұл жолғы басқосудың шығынын осы аудандағы әкім шәкірті көтеріп отыр. Өзі қатыспаса дағы, көзі мен сөзі осында. Құрақ ұша қызмет етушілердің ындын-ықыластарынан, ас-судың дәмінен, шай-пайдың демінен бәрі анық аңғарылады.
Бұдан әрі сайлаудың қаржы-қаражат қоры мен олардың түсу және жұмсалу заңдылықтарын қамтамасыз ету жолдары, аумақ пен аймақтағы, өлке мен өңірдегі БАҚ және олардың таралымдары, электорат топтары мен таптары нық нені оқып, нені тоқитыны талқыланды.
Бас менеджер көбінесе қаржылық көздерге, сайлау науқанының белгілі бір кезеңдерінде «ең басты жау», «жай, қатардағы жау», «ең соңғы қауіпті жау» іздеп табу, табылмаса, қолдан ұйымдастыру арқылы тартыс туындату, драматургиялық шиеленісті ширықтыру, осындай орасан әсерлі әдістермен электорат тарту туралы әсерлене, қызғылықты әңгімеледі. Сенімді кеңесші сұңғақ шырша түбінде түрегеп тұрған күйінде интеллектуалдық, шығармашылық ресурстар, осы заманғы, аса күшейтілген байланыс жүйелері және компьютерлік қуаттар жағына, бағдарлама мен жарнама жағдаяттарына бөлекше назар аударып тастады. Кейбір «көзірлерін» әзірше ашпай қоя тұратынын мағлұмдады.
Қауіпсіздік қызметі мен заңгер көбінесе кіртиіңкіреп, үнсіздеу қала беретін. Бұл жолы да сол дәстүрлерін бұзбады. Сонда дағы ол екеуіне түсіністікпен, төңкеріле қарап, көмкеріле көңіл аударушылар жеткілікті.  
Үш журналист үш жақтан жамырап, аумақ көлеміндегі БАҚ саны мен сапасына, мықты басылымдар мен беделді телеарналардың артында кімдердің тұрғанына тоқталды. Қай басылымның және қандай-қандай журналистің кімдерге сатылуы мүмкін екендігі жайында жасырақ журналист жасырмай айтып, жалындай шабыттанды. Орта жасары да бірталай фактілерді ортаға тастап-тастап жіберді. Жасамыс журналист үнсіз қалды. Үйлесім іздейтін шығар, биік таудың беткейлеріне тесіле телміріп алыпты.
Кандидатыңыздың өзі сөз алып, командасына керемет сенетінін мәлімдеді. Осындай-осындай тұлғаларды табу мен таңдау оңайға соқпағанын, команда мен оны құрайтын адамдардың бедел-бедері, атақ-абыройы, іскерлік-ізденісі ең ерен көрсеткіш екенін баяндап бітіргенде, негізгі тамақ дайын болған.
Түс ауа, тобылғының көлеңкесі ұзарып, сары қымыз сапырыла бастағанда, кандидатыңыз арша мен шырша арасындағы тегістікте, көгілдір көрпеше үстінде жантайып:
— Жігіттер, енді әнеукүнгі «Вариантта» айтылғандай, тікелей имиджге көшейік, — деді.
Бұлақ басын құрайтын қайнарлардың былдыр-былдыр үні анық келді құлаққа. Көкжасыл шалғындағы тербелген гүлдердің үстімен үйлескен ақ көбелектер ойнап ұшып, билеп қалқып барады.
Кандидат ойын одан әрі сабақтап, бұған дейінгі беделі, әуелімгі абыройы, елге сіңірген еңбегі, атқарған қызметтері, бүгінгі бет-бейнесі, болмыс-бітімі, қазіргі кейпі, бары мен жоғы, ашы мен тоғы, барлығы, бар-баршасы ескеріліп есептелуі керектігін қайталады. Солардың бәр-бәрін саралап, сараптап барып, кандидаттың имиджін сапалық биік деңгейге көтеру, көптің көкейінде көркейте қалыптастыру, жұрттың жадында жарқыратып, электораттың есінде ерекшелеу — штаб мүшелерінің ең басты міндеті. Әуелім, әдіс-тәсілдер айқындалса, олар манағы маңызды стратегиялық бағыттарға қарата бағдарланса, нәтижелері нық, еңселері тік болмақ. Кандидаттарыңыз сайлаушылардың санасында, дауыс беремін деп ойлаушылардың ми қатпарларында қандай сапада өзі? Қалай болмаққа керек?
— Мен бастайын, — деді бас менеджер. — Тап қазіргі бейнеңізді типтендіре топшылап, топтандыра талдасақ, тіпті де жаман емессіз. Мәжіліс шайын ақпан айында беріп үлгерген қарсыласыңыздың бірі әрі бірегейі сіздің әрекетіңізден берекеті қашып, жүні жығылып, жағы суалып, жүдеп-жүнжіп барады. Оның сенетіні — Астанадағы ағасы. Бағзыда бір жұқаналау жігіт айтқан екен: «Жеңім жыртық болғанмен, жағам жақсы; өзім жаман болғанмен, ағам жақсы», — деп. Сол жақыбайдың керін келтіріп, ері мойнына, тоқымы тірсегіне түсіп жатса да, қайтпай қасарысып бағады деседі. Білетіндер. Бірақ сайлау туралы жаңа заңды елеп-ескермейтін секілді-ау сол көкелеріне арқа сүйеген ақылдылар. Сіз қазір бір жағынан, бейтараптау бейнесіз. Ал енді, екінші қырыңыздан, ішкі сырыңыздан қарағанда, өкіметтің де өз адамысыз. Зауытта цех, ауылда кеңшар басқардыңыз, төрт өзеннен төрт көпір, аудандағы ауыл-ауылдан екі мектеп, үш-төрт клуб салдырғансыз. Облыс орталығының мекемелерінде біраз жыл және бастық болдыңыз. Жаман атыңыз шыққан жоқ. Аудан басқарып та көрдіңіз, қайтадан қалаға келдіңіз. Елу бес жас — алпыс емес, яғни талтүс емес. Сәске түс...
— Пәске түс, пәске. Пәске түс! — деді депутаттыққа кандидат күлімсіреген күйінен танбай. — Төмендеңкіреңіз, менеджер мырза.  
— Төмендеңкіресем, жалғыз ғана жақсы кемшілігіңізді атап көрсетейін, ол — төмен етектіден тартыңқыраған теперішіңіз. Қоғамдық пікірде, бұрынырақтағы бірқыдыру тұрғындардың жабылау жадында қалып қойған жағымсыздау жаңғырықтар жоқ емес. Басқалай бірдеме таба алмас. Тап-тазасыз мына сіз.
Келесі кезек кеңесшіге тиген:  
— Біздің кандидатымызда бедел деген бедерлі, абырой деген айдарлы, ағайын. Бәрін қайталап, уақтай майдалап, жиып-теріп, үйіп-төгіп, уақытты текке шығындап жатқым жоқ. Жағымпаздықты жақтырмайтыныңыз белгілі. Имидж деген не өзі? Білесіздер бәріңіз. Ол — кандидаттың кәдімгі бейнесі. Сіздің биік бейнеңіз баршамыздың санамызда сайрап тұр. Сайлаушылардың белгілі бір бөліктерінде, пайымды пайызында да тап солай. Жастар жағына сіңіре түспек — өз алдына бөлек мәселе. Сіздің сырт келбетіңіз, жүріс-тұрысыңыз, бұрынғы-соңғы лауазымдарыңыз, мамандығыңыз, кәсіби шеберлігіңіз, ұйымдастырушылық талантыңыз, өмірбаяндық өрісіңіз, хоббиіңіз, жұртпен тіл табысуыңыз, сөйлесе білуіңіз, көпшілікпен кездесу кезіндегі шамырқанар шешендігіңіз, кешіп келе жатқан ғұмырыңыздағы алуан оқиғаларыңыз — осының күллісі, әрине, имиджіңізді құрайды. Мұның бәрі мықты да, осал емес тіпті де. Алайда менің ойымша, электорат санасының саңылауларынан саралағанда, кандидатымыздың күрескерлік кейпі кемшіндеу сезілетін секілді. Біздің қазекем кандидаттардан күрескерлікті көбірек іздейді. Өздері санасыздау, соқыр сезімділеу бола тұра, сөйтеді. Күрес бейнесі, күрескерлік келбет қай кандидатқа да керек. Сіздің күрескерлік қасиетіңіз бұрыннан да бар. Бірақ қазіргі имиджіңізде жеткіліксіз. Сол себепті, айқас алаңдарын, соғыс шептерін, майдан даласын, жырынды жауларды қолдан жасай білмек — өте дұрыс нәсте. Осының бәрін алдын ала, осы бастан ойластырмасақ, уақыттан ұтыламыз. Жау тауып, дұшпан тұтып, үнемі ұпай жинамақтың жолдарын қарастыру штаб бастығына тапсырылса. Ал БАҚ арқылы сіздің имиджіңізді күрескерлік рухына суарып, санаға сіңіру журналистерімізге жүктелсе.
— Социологтарды таңдау үстіндеміз, — деді штаб бастығы, шынымен-ақ таудағы, бұлақ басындағы мына мәжілістің арақ-шарапсыз өтетіндігіне иланғысы келмей, азық-түлік жаққа иек соза қарап қойып. — Әлгінде айтылғаны бар, айтылмағаны бар, барлық кемшіліктер анықталып, айқындала түседі. Барлық параметрлер пайымдалады.
— Төмен етектілерден тартқан теперіштеріңіз және олардың электорат санасындағы жаңғырықтары жайында айтылып қалды ғой, — деді қауіпсіздік жағына жауапты жігіт. — Осы мәселенің зарар-зиянын залалсыздандырмақ, жағымсыз жақтарын мәнсіздендірмек керек. Ол үшін осы бастан отбасыңызбен, әсіресе апаймен бірге жұрт алдында аса көп көрінгеніңіз ләзім. Журналистердің бірі тікелей осы тарапта тартымды жазса. Сіздің ең күшті жақтарыңыз, құнды қасиеттеріңіз тұрғындарға түгел таныс па? Сайлаушылар не күтулі, нені тілейді? Социологтарымыз осы бағыттарда белсенуі тиіс.
Жасырақ журналист алдын ала бірқатар мақала-материалдардың жобасын жасап, нобай-нақышын нақтылап үлгергенін, суыртпаққа салып сынайтын стилімен бірер апта абайлап байқайтынын, одан соң барып суырып алып, қайта жөндейтінін, әбден өңдеп болғанда, штабтың кейбір мүшелеріне оқытатынын баяндап өтті. Ортаншы журналист өзінің бүкіл тәжірибесі мен қалам қарымын кандидаттың қарсыластарына қарата жұмсап бағатынын мәлімдеді. Екі қарсыластың өткен өмірбаяндарынан қазбалап тапқан бірнеше бұлтартпастай фактілері бар. Олар дауыс беруге бір апта қалғанда бомба болып жарылмақ. Үшінші, жасамыс журналист қысыла-қымтырыла, күмілжи міңгірлеп, жанарын жаңа бүрлеген шашыратқылардан шашыраған нұрлы сәулелерден ажырата алмай, кандидаттың күрескерлік кейпін бедерлейтін бірдеме жазбақ уәдесін беруге мәжбүрленген.
Бәрін қайтарып, бұлақ басында кандидатыңыздың бір өзі ғана кідірістеп қалған. Оның себебі былай еді. Өзі бұл өңірде емес, өзге таудың баурайында туып-өскен болатын. Төменгі сыныптардың бірінде оқып жүргенде, әкесі қала жаққа кәттә бастық болып ауысып, ауылдан біржолата көшіп кетерде, бастаудың көзін бірге ашып, аршысқаны бағанағы бас қосудың бел ортасына таман ойына оралып, ерекшелеу елестеп, санасынан шырматылып шықпай-ақ қойғаны. Қарауытқан қоймалжың ұйықпен, қиыршықтанған құммен және шиыршықтанған ажырықшөптің тарамыс тамырларымен тастай қатып, бітеліп қалған бұлақтың бастау көзін әкесімен қатарласа, өзгеше әуестікпен тазалағаны-ай сондағы. Әкесі де шып-шып терледі, бұл да бусанып, қатты ыстықтады. Бұта таяқпен және қолмен ғана әрекет еткен әкелі-балалы екеуінің еңбектері еш кеткен жоқ. Қайнар көздер шүңеттене лайланып біраз жатты. Бірте-бірте шет-шеттен шып-шып тердей тұнық тамшылар мөлтілдеді. Бара-бара олар бір-біріне қосылып, шымыр-шымыр қайнап қоя берді. Қуанғаны-ай сондағы!
Әлдеқашан, мүлде ұмытылған сол бір сәт осы жолы ойына кенет оралып, күні кешегідей көзіне елестегенін қараңызшы енді.
Ол жылдардан бермен қарата қаншама сулар ағып өтті өмір-өзен арқылы. Кандидатыңыз нешеме кез-кезеңдерді кейін серпіп, соңында қалдырып, артқа тастап үлгерді. Депутат болмаққа бел байлағанға дейін бәрін де бастан кешті емес пе? Иә-иә, бәрін, бәрін де! Әрине, шүкіршілік те керек, жоқтық-жұқаналықты білмеді. Жетімдік-жаутаңкөздіктің беті әрмен, олар өз басына түсе қойған жоқ. Өз қатарларынан ылғи да алда болды. Оқ бойы озық жүргені рас. Тозық киім кимеді, жылытпа тамақ ішпеді. Сонда дағы, еркелікке елірмеді, тотайлыққа берілмеді. Әке өнегесі, шеше тәрбиесінен бе, өскен ортасы, оқыған айналасынан ба, кім білсін.
Басшылыққа ерте ілікті. Барша баспалдақтардан өткен, осынау ордалы да қордалы күйіне бірте-біртелеп жеткен. Төрт құбыласы түгел, іргелері нық, ұйқысы қанық, күлкісі анық сияқты. Айхой, ат та болды, атақ та болды, даңқ пен дүние де, дос пен жолдас та, от пен ойнас та болды. Болмай қалған нәрсе жоқтай, байқаса.
Болды. Болған бәрі де. Мінекиіңіз, енді барлығының өнімін терер, жемісін көрер кез келгендей. Жаман емес жемістер. Олқы да емес нәтиже. Бәрі де болмай қалған жоқ. Бүгіндері де еңсесі түсіп, еңкіш тартып, базардан қайтпаққа беттедім демес. Мұндай жаста тыңнан тыныс ашып, осыған дейін алмаған асуларына ыршып шығып, ырғып мініп жатқандар да жоқ емес. Кейбір кемел елдерде елу бесіңізді әлі де тым жас санап, ел басына отырғыза бермес.
Сонымен, осы депутаттыққа неліктен бой ұсынды өзі? Мақсаты қандай, мүддесі нешік? Жұрттың бәрі жұлқына құлшынып жатқан соң, бұл да дүрмекке еріп, дүбірге ілесіп байқамаққа ұмтылды ма? Кім болса сол сайланып жатыр ғой, біз де бір көрейікшінің кері ме? Облыс деңгейіндегі талай-талай лауазымдарды иеленді, бұдан әрмен биіктетпес. Бізден де басқалар бар ғой деді біраз бұрын ойланып. Бизнесті де көрді, ендігі жерде тағы да таққа дәмеленбестен, депутаттық додаға қосылмаққа бел байлағаны ма? Қазақты қалқаланып, халықты арқаланып, қу қара бастың қамын ғана күйттейтіндердің қатарын көбейтпек пе бұл дағы? Иә-иә, солай шығар, сірә. Анау бір биіктерге бұт арта бастаған балаларына, шәлкем-шалыстау баса беретін шалаларына сол жақта, биігіректе жүріп қорған болмақ мақсұт шығар мұныкі? Қазіргі кезеңде, бүгінгі заманда кім бұл өзі? Иә-иә, кіммін дейді осы? Халықтың қамын жеген, қазақтың қамытын киген кейіптегі рөлді ойнай ала ма бұл? Ойнағанда қандай! Өп-өтірік ойлағанда қандай?! Анау заманның ақырғы тұсын көрді емес пе? Халық үшін, ел үшін деп жүріп, сол сорлыларды тобыр санағанның, топыр-топыр тобыр деп есептегеннің бірі өзі ғой, өзі. (Ол айнала-төңірекке алақтай қарады, терең-терең сайлардың теріскей беткейлерінде көлеңкелер қарауыта қоюланып барады екен). Сол жылдарда, сол кездерде ше, тобырлық тым тиімді тұғын. Тырп-тырп етіп тек тірлік тындыра берсе, тынымсыз тымпылдап жүгіре түссе, бұйрықты бұлжытпаса, әміріңді тәңіріндей көрсе. Ойланбаса да, толғанбаса да, ой-санаға салмаса да. Өкім. Өкімет. Қаулы. Қарар. Бұйыру. Орындату. Бірауыздан қолдау. Бір кісідей дауыс беру. Қарсылықсыз қуаттау.
Бір кісідей дауыс беру. Ха-ха-хаһ!
Көрді ғой осыларды.
Кез-кезеңдер келмеске кетті.
Мына заман бөлек, жаңа кезең ерек.
Заң түзелмей, заман түзелмес деп ойлайтындардың да аз еместігін жақсы біледі бұл. Осыған дейін депутаттыққа өтіп кеткендер ше, солар сайлау аса әділ, керемет кемел жүрді десетін. Өтпегендердің өттері аузына құйылып, шындықтың жоқтығын жырлап, зар илеп, запыран құсатын. Сайлау туралы жаңа заң шықты да, талайлардың табанынан шаң шықты. Енді қайтпек керек? Мұныкі қандай күйде? Кандидаттың имиджін меңзеп отырыпты дә.
Штаб мүшелері біледі ғой, талай-талай нәрсені. Біле-е-е-еді бәрін. Бедел биік, абырой асқақ дегілері бар. Дегендері көп. Бірақ бұрынғы биіктер баяғыда-ақ бірқалыпты, бірсыдырғы ғана ұғым тепсеңдеріне түсіп, тым құлдилап кеткен. Әуелгі асқақ асулар аттап-пұттап өтіп кете берердей жайдақтанған. Жаңарған заң, жанданбақ науқаныңыз жанартаудай бұрқ етіп басталар бірдеңені шын тілейтіндей. Әуелей заулап жанатын әлденені күтетіндей. Оны қалай таппақшы, қайтіп тұтандырмақшы? Өмірбаянның, ғұмыр кешкен жолының қай тұсынан, қандай жықпылынан іздемек? Кейбір кемел елдерде кандидаттың имиджін шығандата шырқатуда отбасы, әсіресе әйелі үлкен рөл атқарады-мыс. (Мырс-мырс күліп, бұлақ көзіне түкіре жаздады). Мұның қатыны көріне ала ма халыққа? Күні кешегі тобыр болғанда, бір сәрі еді-ау. Топыр-тобырың жоқ қазір, оянып келе жатыр олар. Өркениетті жұрттарда кандидаттың командасына отбасы мүшелері түгел кіріп, имидждің көкесін көрсетеді деседі. Мұның әйелі қалай кірер командаға? Кір-қоңын жуып қала берер, әрине. Екі қыз бен екі ұл да жұтынып тұрған жоқ. Қатар ағар қос қанның нағашы жағы басымырақ түскен екен де. Кейін тартқан кежегелерді сүйрелеп әзер серпілтерсің. Оның үстіне отбасылық команда деген ұғымды еліміздің электораты қабылдай қоймас әзірше. Бір есептен бұл үшін сондай сана да тиімді.
Кандидатыңыз орнынан түрегеліп, үсті-басын сыпыра қаққыштап, мәшинесіне қарай аяңдаған.
Коттеджіне кештетіп жетті. Жылы ваннада жатқанында, кенеттен кенен ой түсті. Телефонға жармасты. Менеджерін, сенімді кеңесшісі мен үш журналисін таңертеңгі сағат тоғызға шақырды.  
Ертеңіне олар кешікпей келді. Бір сағаттай кеңес өткізді. Түс кезінде Түркияға ұшады. Бұрынырақта да бірнеше мәрте барып қайтқан. Инвестиция мәселесінің талай түйіндерін шешіп, келісіп, кейінге аса тиімді, тиісті сәттерге сақтауға уағдаласқан. Міне, сол сәт жетті енді. Имидждің жанартауы осындай-ақ болар. Бұл қайта оралғанша үш журналист үш-үштен, алуан жанрда, түрлі көлемде тоғыз материал дайындап, қанаттарын қомдап отырсын. Алдын ала «аванс» анау тұрыпты. (Иекпен ишаралады). Қай кәсіпорынға қаншадан, қашан және қалай әкеліп, қайтіп құятынын құпия ұстайды әзірше. Шетелге жалғыз өзі кетеді. Қажет етіліп жатса, менеджерді ме, сенімді кеңесшіні ме, мүмкін екеуін бірдей ме, шақыртар. Тек Түркиямен ғана шектелмес, Әбу-Даби арқылы оралуы да бек бәлкім.
Кандидатыңыз өз үйінен ашқарын шығып, оразасын аэропортта ашты. Обалы нешік, сервисіңіз күн өткен сайын өзгеріп, сағат сайын өңденіп барады. Кофе ішетін үстелге дейін бөлменің ішкі интерьеріне үйлесіп тұрыпты. Қолындағы тіп-титімдей ғана құтының сыртқы сиқыр өрнектері де жалпы дизайндық иірімдердің үйірімдеріне үндескен. Күншуақ қаласында осылай да осылай болады десе, осыдан оншақты жыл бұрынырақта ешкім иланбас еді.
Ұшақтың ортан беліне отырып, белдігін байлай бастағанда ғана жанына мана жайғасқан жас келіншекке көз қиықтаған. Байсалды һәм байыпты көрінетіндей бүкіл болмыс-бітімі қопарыла құлаған ағаштайын солқ ете түсті. Үлкен ұшақ қосыла қозғалғандай.
Қайта қарауға қорықты.
Қорықты ма, қаймықты ма?
Айхой, ат та болды, атақ та болды, даңқ пен дүние де, дос пен жолдас та, от пен ойнас та... Болған бәрі де. Нәтиже нендей? Өнім қандай? Же-же-е-міс... Жанында отырған жас келіншек, әсем әйел — сол ғой, сол. Сойып... Жо-жоқ, құйып қаптап қойғандай сол ғой, сол. Ол емес бұл. Соның нәтижесі. Оның өнімі. Оның ғана өнімі емес, соның ғана нәтижесі емес, мұның да, яғни екеуінің де же-мі-сі-і-і. Солай, депутаттыққа кандидат мырза. Басқаша болмағы мүмкін емес.
Жиырма жаста еді ол. Отыз екі жаста еді бұл. Ауданға басшы болып барған. Бір көргеннен өлердей құлаған. Қыз кетәрілік көрсетпеген. Айхой, болды ғой бәрі де. Қайталанбас ол дәурен, қайта оралмас ешқашан. Атына да, атағына да қызықпады қыз. Пайдаланбаққа талпынбады. Рахмет. Мың да бір алғыс ай дидарлы, күндей көрікті комсомол қызға. Тек бойына бітіп қалған шарананы шығынға кетірмекке көнбеді, алған бетінен қайтпады. Дуылдап өсек, шуылдап әңгіме шықпай тұра, із-түзін білдірмей, көшті де кетті. Өзі ғана емес, өлмелі шешесін бірге әкеткен. Құтылғанына қуанды. Іздеуге ерлігі, еркектігі жетпеді, күрескерлігі кемшін-ді. Одан кейін де болмай қалған жоқ. Болды. Біреу емес, екеу емес, әрине. Әлденешеу. Алайда ол өзгешетұғын. Оны ойнас деуге обал-ды. Бөлекшетұғын. Кеткен жағын айтпады. Білдірмеді, білмеді. Тек талай жылдар жылжып-сусып өткенде, естен де шығып кеткенде, әлдебіреуден құпия-құсни хат беріп жіберген. Ешқашан зиянын тигізбейтінін, ешуақытта ешқандай салмақ салмайтынын, ешкімге жақ ашпайтынын жаза отырып, тек қызды мұның атына жаздырғанына өте-мөте кешірім өтініпті.
Ыстамбұлға баратын ұшақтың жеті мың сегіз жүз елу метрлік биіктікте ұшып келе жатқаны хабарланды. Тамақ таратыла бастады. Лажсыз қарады. Ләм-лимсіз күйде көзін айыра алмастан отырып қалды. Бүйрегін без, бауырын тас, жүрегін мұз етіп ұстамаққа үйренген емес пе, сыр бергісі келмеген. Бірақ бой берместен, без бөгетті, тас қамалды, мұз құрсауды бұза бұлқынып, бәрібір булығыңқырай шыққан діріл дауыспен аты-жөнін сұрады.
Айтты. Аты-жөнін тегімен қоса сыңғырлай таныстырды. Сол екен, соның өзі екен, қызы боп шықты, шіркін-ай...
Тамақ таратылып болған. Нан жеді ме, ағаш шайнады ма? Ет пе, әлде тас жұтты ма? Кофе ұрттады ма, у ішті ме? Білмеді. Сезінбеді.
Ұшақтары Қара теңіздің үстімен ұзақ-ұзақ қалықтады. Кандидатыңыздың ойы одан бетер қалыңдады. Ол өзгеше еді ғой, не керек?! Одан кейінгілері ондай болмады. Бола алмады. Атын да, атағын да, даңқын да, дүниесін де пайдаланбаққа тырысты, өршелене ұмтылды, өлермендене құлшынды. Өсекке ілінбей қала алмады бұл. Біріне бөгесін салды, екіншісінің ептеп тілін тапты, үшіншісінің үнін өшірді...
Штаб мүшелерінің төмен етектілерден теперіш көрдіңіз деуінің мәнісі сол ғой. Солар. Ел де біледі біраз-біраз. Топыр-топыр тобыр емес бүгінгілер. Қорықпайды бұрынғыдай, үркіншілік жоқ қазір.
Қара теңізге қарағысы келді ме, қызы бұған қарай бұрылды. «Ай, айналайын-ай, өзің әдемінің әсемі, көріктінің көркемі екенсің ғой, шешеңнен аумай қалыпсың-ау!» — деді ішін уіл, жүрегін суыл кернеп. Құмығыңқы үнін өзі де әзер естіп, әңгімеге тартыңқырады. Ара-арасында өзінің қайда, қандай мақсатпен бара жатқанын там-тұмдады. Қызы күлімсіреп қойып (беу-беу-беу, дүние жалған-ай, құйып қаптай салғаны-ай), Түркияға тоқсан төртінші жылы қоныс аударғандарын, анасы да, өзі де түріктерге тұрмысқа шыққанын айтты. Кәсіптерінен хабардар етті. Күйеуі бір ірі корпорацияны басқаратын көрінеді. Қанатын кеңге жайып, Алманияда, Болгарияда, Қазақстанда, оның ішінде Күншуақ қаласында да тірлік жасай бастаған екен.
Түсер мезет таянды. Бәрін біліп отырып, іші түгел ұлып отырып, келіншектен шешесінің ныспысын нықтап сұрағысы келіп кеткенін қараңызшы. Батпады. Батылы бармады. Сыртқа шығып, қызы шынымен-ақ алыстай бастағанда, жанұшыра қылғынып: «Қызым, анаңның аты кім, айтшы!» — деді. Айтты. Атын атады анасының. Жанары жалт-жұлт етіп қарады келіп, қарады. Алайда адамдар көбейіп барады. Итермелеген, иінтірескен нөпір жолаушы араларын алшақтата, қызын қашықтата берді. Ал қызы ше, қайта-қайта қайырылып қарады. Әлденуақта ақырғы мәрте бір бұрылды дағы, жүгіріп барып қараторылау, қалың мұртты, қалың қасты, сұңғақ бойлы түрік жігіттің құшағына кіріп, мойнына асылды.
Асыл қызы...
Әлде, есіл қызы...
Кандидат діттеген мерзімінде, белгілеген мезгілінде, кешікпей, уақтылы оралған. Облысыңыздағы отызшақты газет, төрт-бес телеарна түгел шу ете түсті ертеңіне. «Инвестиция!» — десті бәрі әр алуан дауыспен, түрлі-түсті тақырыппен. «Мұндай мөлшерде инвестиция әкелген әкетайлар мен көкетайлар болған емес ешқашан!» — десті олар. Оны әкеліп құйған кім? Кандидат. Біздің кандидатымыз! Сіздің болашақ депутатыңыз!
Деседі-ай бәрі.
Жасырақ журналист жазуға шорқақтау болғанымен, тақырып тауып, ат қоймаққа шебер еді. Ортаншы журналист барша басылымдармен тіл табысып, ұтымды ұйымдастыру жұмыстарын жандандырды. Үйлесім іздеуден басқаны білмейтін үшіншісі «Күрескер» деген очерк жариялап, ерен ерлік жасады.
Ал депутаттыққа кандидатыңыз ше, ол мұқым-мүлде өзгергентұғын. Бұрынғыдан басқа, бөтен-бөгде біреу сияқты. Тіпті кандидаттың имиджін күн санап емес, сағат санап көтермекке кірісіп кеп-кеп кеткен штаб мүшелерінің де біразы таңырқаулы, біразы жабырқаулы. Депутаттыққа кандидатымыздың өзін шет елдіктер алып қалып, бізге «двойнигін» салып жібергеннен сау ма десіп, қауіптенетіндері де рас.
Кандидатыңызға енді бүкіл дүние, жалпы әлем, күллі тіршілік мәнсізденіп, дәмсізденіп кеткен еді. Өзгергені өтірік емес-ті. Депутат бола ма, болмай ма? Сайлана ма, сайланбай ма? Бәрібір бұған.
Нәніпәтір.


КАФЕДЕГІ ҚҰДАЛЫҚ


— Біздің қатынды байқашы, — деді Бидайбек.
— Несін? — деді Несіпқұл.
— Қыземшектеніп жүр өзі, — деді Бидайбек жымиып. — Бұрын кіндігіне таман түсіңкіреп кетуші еді.
— Қайдағыны айтады екенсің, — деді Несіпқұл. — Әйеліңді сиырша сауып жүргендейсің ғой жүдә.
— Қарасаңшы, қарасан келгір! — деді Бидайбек. — Қарашы әуелім.
Несіпқұл қарауға мәжбүр. Тоқсұлудың тікірейіп, дір-дір еткен омырауына лажсыз назар жықты.
— Қашаннан бері, — деп, сілекейіне шашалды Несіпқұл. — Қашаннан, қай уақтан бері бұ-бұ-лай?!
— Солай, — деді Бидайбек Американы әлем жүзінде алғаш рет өзі ашып тастап, Амазонка ойпатында рахаттана жамбастаған жағрапияның қайраткерінше жасыл қыжым жастықты умаждай жантайып.
— Сен өзі бұзылайын депсің ғой, — деді Несіпқұл ары да, бері де тербеле басып өткен Тоқсұлудан көзін әзер-әзер ажыратқанын аңғартқысы келмес кейіпте.
― Бұзылайын деген мен емеспін, сенсің, — деді Бидайбек сылқ-сылқ күліп, дүние жүзіне аян Ниагара сарқырамасының суреті салынған қабырғаға қарап.
— Неге мен?
— Сен емегенде, кім? Өзің ойлағын, біреудің қатынына қадалып кеп-кеп қарайсың. Онда да тұп-тура қыземшегіне қадаласың? Бұзылған кім сонда?
— Қатын, қыземшек деген сөздерді айтудың өзі ұят емес пе?
— Қатын деген сөзіңнің әу баста әйел дегеннен әлдеқайда құрметті атау болғанын жазушылар мен ғалымдар қайта-қайта айтып, дәлелдеп жүр. Бұл — бір. Екіншіден, бізге көршілес Созақ ауданында Қыземшек ауылы, Қыземшек ауылдық округі, Қыземшек атты қос шоқы бар. Әнекиіңіз, енді қайтесіз, Несеке?!
— А-а-ал, — деді Несіпқұл. — Сонымен не демекшісің?
— Со-о-ол, — деді Бидайбек. — Тоқсұлу екеуіміз Ерменкүл екеуіңді ертіп құда қаласа, құдалыққа барсақ, қалай қарайсыңдар? Шымкенттегі құдамыз келін түсірмек, құда қаласа. Алдымен сырға тағады екен. Құдалығын қоса өткізеді білем. Соған сайдың тасындай іріктелген төрт кісі келіңдер деп жатыр.
— Ойбай-ау, біз ондай тастардың тізбесіне кіреміз бе?
— Кірмесеңдер, кіргіземіз, — деді Бидайбек, — құда қаласа. Осы кезде Тоқсұлу да дастарқанның бір бүйіріне жайғасқан. Жеңілдеу желеңінің омырауын жоғары, етегін төмен тартқылап қояды. Бұлардың не айтып, не ойлап отырғанына дейін сезетін сұңғылалығы сыртына теуіп тұрыпты. Шашын жуып, жібек орамалды маңдайын бастыра тартқаны да тартымсыз емес.
— Келесі аптаға кафедегі құдалыққа дайын болыңдар, — деді Тоқсұлу шәй кесені шайқап, найқала ұрттап. — Бүгін де бір тойға кетіп барамыз біз. Бірге жүріңдер, әйтпесем. Зыр ете қалғын да, Ерменкүлді әкеле салғын.
— Жо-жо-жо, рахмет. Бүгін өздерің бара беріңдер. Келесі аптаға дайындалып үлгерсек те жетер. Біздің бәйбішеміз сен сияқты емес, жайбасарлау ғой. Айтпақшыдай, бүгінгілерің қандай той?
— Е, мына Борлысайдағы туған нағашымыз дә. Жетпіске толып жатыр, — деді Бидайбек есінеп.
― Қайда өткізбек екен мерейтойды?
— Өзің қалай ойлайсың, қайда жасайды деп болжайсың?
— Ол ауылда тойхана жоқ, клубының құлап қалғанын көргем. Шарбағында жасайды дә.
— Жасамайды шарбағында. Шарбақта той жасау қалған қазір.
—  Енді қайда? Мектебі ескі. Сынып бөлмелері қуықтай-қуықтай еді ғой баяғыда, біз қатынап оқығанда.
— Әй-әй, Несеке! Сен өзі біздің нағашыларды кім деп жүрсің?
― Баяғы, Борлысайдағы белі шойырылып, бозарып отыратын көкеміз емес пе? Бір-екі мәрте бірге бармадық па?
— Қызықсың-әй! Адам деген белі ауырып, бозарған күйі қала бере ме екен? Оңалған о кісі. Оңай адам емес. Қатынымыздың қыземшектеніп жүргенін бекер көрсетіп отқан жоқпыз біз саған. Борлысайдағы боз нағашымыз дағы қызылшырайланған. Белі емделген, елі жөнделген. Ең үлкені Астанадағы кұрылыс салатын компанияның вице-президенті. Ортаншысы «Қазмұнайгазда». Өзі Борлысайдағы кіші ұлының қолында. Ауылда отырса да, сол кенжесінің үйлену тойын Шымкенттегі ең мықты «2030» тойханасында жасамақшы, құда қаласа. Ал сен болсаң, шәр-бә-ә-әк дейсің.
—  Қойдық, ойбай. Қайтайын мен. Айтпақшыдай, Тоқсұлу, Ерменкүлге не тапсырмаң бар?
— Емшегін жөндесін, — деді Бидайбек әйелінің орнына жауап беріп. — Солай, қарасан келгір құрдас! Тоқсұлудан толыққанды кеңес алып кеткін тап қазір.
— Кеңес айтсам, Ерменкүліңді қалаға апарып қайт. Поролон ала ма, сүйек-саяқпен томпайта ма, өзі біледі. Грациясы мен бодиі бар. Вандербра — қаланың ең мықты қатындары киетін көкірекше. Біз сол боди жетеді деп жүрміз ғой, Бидайбектің қалтасын аяп.
— Не бәлелерді былдырлатып жібердің өзі?! Қарапайымдауы қалай аталады дедің?
— Поролон дедім, по-ро-лон, бірақ сен соншама сорлы емессің ғой. Қысқа ыстанын қоса сататыны болмаса, грациясы құба-құп қой Ерменкүлге.
— Туһ, құрып кеткірлер-ай, ояқтарыңды қояқ-қойсаңдар қайтеді-әй енді.
— Әй, неге қояқ-қоямыз?! Қаладағылар да, ауылдағылар да тек тесіліп киіміңе қарайды. Еркектер емшегіңе емінеді. Қазіргі қатындардың бір құдалыққа киген киімін екінші құдалыққа өліп кетсе де кимейтінін, бір тойға ілген емшекқабын екінші тойға ешқашан ілмейтінін білмейсіңдер ме?
— Жіпті мінеміз бе, Мазданы ма? — деді Бидайбек.
— Мазда дұрыс емес пе? — деп, шай кесесін шайқай шалқыды Тоқсұлу.
— Сен қайсысын айтасың? — деді Бидайбек. — Мен бүгінгі тойды меңзеп едім.
— Мен келесі аптадағы, кафедегі құдалықты ойлап отырмын, — деді Тоқсұлу тотайлана көз төңкеріп.

* * *

Шымкентіңіздің тойханалары да, құда шақыратын кафелері де аса жоғары дәрежелі, бірінші, екінші және үшінші дәрежелі, қарапайым және қарабайыр болып бөлінеді. Бұл жолғы құдалығыңыз негізгі, ұлан-асыр, үлкен тойдан төрт апта бұрын бірінші дәрежелі кафеде өтетін еді. Бұл жақта жастардың үйлену тойына дейін екі тарап та құда шақырысады. Ол барлық жердегідей құдалық деп аталады. Құдалыққа бірінші болып жігіт жағы шақыруы тиістігі түсінікті. Кей-кейде ұзатылар қыздың тарабы алға түсіп кетеді. Ондайда құдалығыңыз көбінесе сырға тағу рәсімімен ұластырылады. Бір жақтан екінші жақтағы құдалыққа қатысатындардың құрамы әр түрлі. Кейде жиырма-отыз адамның айналасынан аспаса, көбінесе баршылыққа байланысты, сан тарапты келісімге сәйкес сексен-тоқсанға жетіп жығылатын жағдаяттар да жоқ емес.
Ұзын сөздің қысқасы, бүл жолғы біз сөз етпек құдалыққа жетпіске жуық адам жиналды.
Бас құдалар мен басты құдағиларға сөз берілді. Сый-сияпат жасалды.
Өзге де етжақындар мен қадірменді қонақтар сөйлеп, құттықтады. Құрмет көрсетілді.
Сырға тағу рәсімі барша сән-салтанатымен өтті. Сырғамен бірге күміс білезіктер, алтын сақиналар, асыл алқалар сәуле шашысып, жалт-жұлт еткен еден мен жарқ-жұрқ еткен төбенің арасында жасанды жасын ойнады.
— Құдалығымыз мынадай, тойымыз қандай болмақ-дүр? — деді біреулер. — Бірінші дәрежелі кафеде отырыппыз, ә-ә?!
— Құдайға шүкір, жағдай жақсы ғой, күнде қызық, күнде той, — деді екіншілер.
— Шымкент шәһарындағы бірде-бір тойханаңыз, бірде-бір кафеңіз күндіз-түні бос емес, — деді үшіншілер.
Құдалықтың тек бір ғана кемшілігі бар еді. Арнайы асаба жалдамапты. Дастарқан жүргізуді әлдебір әкімшілікте әжептеуір қызмет атқаратын ағайындарына сеніп тапсырыпты. Дегенмен кафенің көркі баршаның көңіл күйін әуелетіп әкетіп, әзірше төменге түсірер емес-ті.
Өкінішке қарай, құдалық орта тұсынан аса бергенде, асаба әкімқараңыз қызыңқырап қалды. Опыр-топыр би басталып кетіп, біразға созылды. Ауыл адамдары мен қала тұрғындарының арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ есепті. Киім киістерінен, қимыл-қозғалыстарынан, тағысын-тағыларынан бадырайып байқалатындай бірдемені тапсаңыз, кәнеки?!
Былайғылар осылай ойлай бастағанда, Бидайбек ортаға шығып, микрофон сұрады.  
— Биді біраз байыздата тұралық, — деді ол. — Алдымызда, құда қаласа, бір емес, екі тойымыз бар, құмарымыз қанар. Бүгінгіміз — құдалық қой, аз-маздап лебіз айталық. Қалалықтар кінәз мінез қылықпен қызметке қараңқырап сөз беретінін білеміз біршама. Мына менің ныспым — Бидайбек. Несіпқұл құрдасымды ертіп ауылдан келдік. Бәріміз де құдамыз, құда қаласа. Құдеке, құдалық керемет өтіп жатыр. Бірақ асаба жалдамапсыздар. Бізде ауылда он адамнан асса бітті, тамада табамыз. Осы облыс көлемінде көп емес пе асабалар? Мақтаралдық Мейірбек, Шымкенттің өз ішінен Рысбек, Самат, Әбдіхалық, Серік, Досжан, Бақытжан, бәрін білеміз. Көп қой олар қалада. Анау біреуі кім еді, Арыстан көшіп келген? Иә-иә, Құрал, әні мен сәні келіскен. Әселханның баласы да тәп-тәуір тамада екенін естиміз. Біреуін таңдай салғанда болатын еді дә. Кәне, қалалықтар жақтан да біреу шықсын енді. Сөз сайыстырайық, ой жарыстырайық, жүдә болмаса, бой салыстырайық (Бидекеңнің бойы бір метр сексен төрт сантиметр ғой). Айтыс десеңіздер айтысқа, тартыс десеңіздер тартысқа дайынбыз. Қыздырайық та құдалықты, құда қаласа!
Көп күттірместен, ортаңғы тұстан орта бойлылау біреу көтеріліп, Бидайбекке қарай беттеді.
— Қалалықтардан қайбір айтыскер мен тартыскер шығушы еді? Мен — мына қыз ұзататын құдалардың командасынанмын. Алайда ауылбайскиймін. Намысқа тырысып шығып қалдым, ныспым — Ескермес. Қалай, құдеке, мал-жан аман ба? Қанша қойыңыз бар?
— Құда қаласа, бірер мыңға тарта мал бар ғой, — деді Бидайбек масаттанып. — Келешек келініміздің нағашылары Темірлан тұстан деп естіп ек. Түп-түгел тауық бағады деуші еді. Тауықтарыңыз түгел ме?
— Тауық шаруашылығын шырқатып жатқанымыз ып-ырас, — деді Ескермес. — Құс етіне де, жұмыртқаға да қарықпыз.
— Импортный кесел шықты емес пе? Тауық тұмауды айтам. Қытайдан басталды ма, қайдан бастау алды өзі? Вьетнамнан ба әлде? Тауықтарыңыз тұмау-сұмаудан сау ма, әйтеуір?
— Бидайбек құда, біз тауықты тұмау-сұмауымен қоса қуырып жеп қоямыз, — деді Ескермес. — Осы құдалыққа да жүз тауықты жеткізіп бердік. Тұмаудан аман дей алман.
— Естідіңдер ме, қазағым, қайран жұртым?! Ойбай, Есақа, шынымен бе? Тауық тұмауыңыз жұқпалы емес пе?!
Жұрттың бәрі, жетпіске жуық адамның күллісі тым-тырыс тыныш тауып, тауық әңгімесіне құлақ түріскен.
— Шынымен айтып тұр ма? — деді біреулер.
— Құдалыққа келгеннің бәрін қырайын деп жүрген шығар, — деді екіншілер.
— Қай жерде отыр еді өзі? Қай тұстан шықты? — десті үшіншілер.
Бидайбек еңсесін тіктеп, өз иығынан тым төмендеу Ескермеске есіркеп-мүсіркегендей қараған:
— Шын ба, Есеке? Ойбай, кешіріңіз, Есақа!
— Бір түйір де, мекиеннің миындай да жалғаны жоқ. Көздері мөлиіп, тұманыта бастағаннан-ақ бас салып, басын кесіп аламыз. Жүнін жұлып, тырдай жалаңаш тауықты қуырамыз-ай келіп. Қызулары көтеріліп, беттері алаулап, тұмсықтары талаурап тұрғанда сойғандықтан ба, сол шіркіндердің еті тіпті таң қаларлықтай тәтті-дәмді боп кетеді. Сілекейіңіз шұбырады. Ы-ы-ы-ым!
Бидайбек одан сайын таңырқай түседі:
— Тауық тұмаудан қытайлар қырылып қала жаздамады ма осы? Темірланның төңірегі тыныш па?
— Жоқ, Бидеке, тауық тұмаудың пайда-зияны тепе-тең екенін естімеген екенсіздер дә. Зиянды жағын залалсыздандырып, пайдалы пайызын еселемек керек. Ол үшін үйректің етін қолданбақ қажет. Жай тауықтың етін май тауықтың етімен қосып қуырасыз. Бітті. Түк те етпейді. Қайта көп кеселіңізге мың да бір ем. Айтпақшыдай, біз үйрегіңізді май тауық деп атаймыз.
— Ойпырай, Қытай, Вьетнам, Тайландтарыңызда былтыр бес миллиард тауық бостан-босқа өртеліпті де онда?!  
— Олардың өз обалдары өздеріне. Өзге мемлекеттердің ішкі істеріне біздің ауыл араласпайды. Өзіміздің өмірімізден жан-жақты хабардар етіп жатқанымыз ғой жаңа құдаларды, — деді Есақаң құлшына дауыс көтеріп, микрофонды қайқайта ұстап. — Осы құдалықка жүз жай тауыққа қоса елу екі май тауық әкелгеніміз рас. Ас босын, алыңыздар.
Төрде төбедей боп отырған төрт-бес адам өре түрегелді. Біраздарының жүректері айнып, әжетхана жаққа жөнелісті. Толқуды әдепкідегі әкімқара әзер басты.
— Бәрін бастаған мына Бидайбек құда ғой, — деді ол масаңдығынан әп-сәтте айығып. Сонсоң паңдана кекірейіп, сұрып сындылау сұрғылт реңіне таңданған кейіп кіргізген. — Бидекең әдейі, қызық босын деп сөзсайысқа шақырды. Біздің қалалықтар жағынан Есақаң шығып, біраз-біраз састырыңқырады. Әйтпесе, тұтас Ты-Мы-Ды елдерінде, олардың ішінде, әсіресе Қазақстан Республикасында тауық тұмауыңыз атымен жоқ. Мазасызданбаңыздар, қымбатты меймандар, қадірменді құда-құдағилар мен құдашалар! Солай емес пе, Ескермес аға?
— Солай-солай, тап солай, — деді Есақаң. — Мен жеңдім. Бидекең жеңілді. Бір де нөл. Есақаңның есебі ерен, қисабы терең!
— Е-е-ей, Есақа! Мен неге жеңісімді қолымнан берем?—деді Бидайбек.
— Менің тауық тұмау хақындағы өтірігіме иланып қалдыңыз. Илана жаздағаныңызға қалың ел улана жаздады. Демек, жеңілдіңіз. Есеп — бір де нөл.
― Әзіл-өтірігіңізге әдейі ғана сенген кейіп көрсеттім. Мен сөйтпегенде ше, Есақа, сіз де шырқай шығандап, шабыттана алмас едіңіз.
— Жарайды, шегінейін. Бір де бір. Ары қарата айтысамыз ба?
— Жетер, — деді Бидайбек басалқалық та таныта алатынын байқатып. — Біздің командадан, құда қаласа, құрдасым Несіпқұл шығады.
Құрдасы да оншалықты ошарылмады. Орта тұстан кешікпей-ақ көрінді. Қызыңқырап қалыпты. Қарсыласпаққа шыққан қалалық құда жасырақ екен. Ортадан жоғарылау бизнесмен болса керек, қос қолын қалтасына терең салып тұрысынан білінеді. Несіпқұл бүй деп бастады:
— Рақат қой қалалықтарға. Қалталарыңыз қалың. Құдаларды түрлі дәрежелі кафелерде ғана күтесіздер. Қатын-қалаштарыңызды қинамайсыздар, коттедждеріңізді былғамайсыздар.
Қалалықтар атынан шыққан құда жауап қатты. Аты Мінуархан екен.
—  Ауылыңыз қалып қойды демессіз-ау, Несеке! Бидайбек құданың бірер мың қойы, төрт жүз жылқысы бар, сиырына сан жетпес деседі. Жұқа емессіздер-ау сіздер де.
— Біреулердің қорасындағы қойын санамай, қалтасындағы ақшасын есептемей, басқа тақырыптарға көшіп байқасақ қайтеді осы?—деді Несіпқұл Бидайбек құрдасына еліктеп, қалалық құдаға биіктен көз тастамаққа талпынып. — «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, мәселеңки, мына Батыс Африкадағы Матами тайпасының командалары футболды адамның бас сүйегімен ойнайды.
— Айтпадым ба?! Ауылдың білмейтін бәлесі жоқ. Сізге мен бір қызық айтайын. Өркеші қисық көрсеткенімен, ең түзу омыртқа түйенікі көрінеді.
— Ал енді, сіз, қалалық құда, ұрғашы иттер еркек иттерге қарағанда адамды жиірек қабатынын білесіз бе?
—  Бір ұрғашы қара өрмекші күніне жиырма еркек қара өрмекшіні жеп қоюы мүмкін.
— Мүмкін бе, жей ме шынымен?
— Жыны келсе, жеп қоя салады жиырмасын. Аяса, азайтады. Еркектердің біразы аман қалады, — деді Мінуархан.
Несіпқұл ұрғашы қара өрмекшілерге қарағандай-ақ, қатын-қалаш, қыз-келіншек, құдағи-құдашалар отырған жаққа жамандау көзбен ежірейіңкіреді.
— Бұ бәлелеріңіз қи-ы-ы-ен, — деді сонсоң сапалы арақтың санасын торлай бастағанын біржолата мойындап. — Құдашаларды қайдам, құдағилардың емшектері өздерінікі емес. Жасан-ды-ы. Грация, боди-боди. Тағысын-тағылар.
Құдағи-құдашалар тарабы шу етіп барып басылды.
— Сайыса береміз бе? — деді Несіпқұл тағы да.
— Таусылдыңыз ба, құдеке? — деді Мінуархан.
— Жо-жо-жо! Неге таусылам! Кеттік ары қарай. Кафе-кафе, бірінші дәрежелі дейсіңдер шіреніп. Қазақ құданы қара шаңырағына шақырған, өз үйінде күткен. Үйлерің жоқ па, немене? Үй көрсету деген салттан безіп, дәстүрден танып, шетелдерше кафелеткен, кафелдеткен салтанаттарыңның сиқын, еһ!
— Қойыңыз енді, құдеке. Қалай-қалай қисайып барасыз? Үй де бар, жай да бар бәрімізде. Бірталайыныкі —жай ғана үй емес, көз тоймайтын коттедждер. Бірақ қазіргі заманда кафедегі құдалық, қаласаңыз да, қапалансаңыз дағы, дәстүрге еніп, тұрмысқа кіріп кетті. Кафеде күтуге шамалары жетпей ме деп күлетін болды бүгінгі жұртыңыз. Үйге шақырудың шаршататынын елдің бәрі мұқым мойындайды.
— Мойындасаңыздар — мейілдерініз. Мен мойындамаймын, — деді Несекең.
—  Елімізде ерекше демократия ғой, еркіңіз білсін, — деді Мінекең.
— Құдеке, қазақ қалайынша кояқ-қояды үйге шақыруды? Қалайынша қазағыңыз француз немесе неміс бола салады? Немістің өзі қазақ боп көшіп еді ғой күні кеше. Германияға барсаңыз, бізден кеткен немістер қазақтың құртын аңсап, аңырай еңіреп жылайды деседі.
— Болдыңыз ба?
— Әзірше боп тұрмын.
— Болсаңыз, бізге кезек беріңіз. Енді мен жырлайын. Кафедегі құдалыққа ештеңе жетпес, құдеке. Бір-екі жыл бұрынырақта анау отырған менің ағам келін алған. Келтемашат деген жерден. Таулы ауыл ғой. Сол Келтемашатта екі үй, Ұзынмашатта үш үй, Жиынбай деген жерде бір үй, Састөбе кентінде бір үй... Қойшы, әйтеурім, сегіз-тоғыз үй шақырды. Бір үйде бір сағаттай отырар-отырмас опыр-топыр тұрып кетіп, келесі үйге жөнейміз. Анаусынан ауыз тиіп, мынаусына мұрын жақындатып жүріп-ақ, күпті боласыз. Не әңгіме айтып, не жөн сұрасып жарытпайсыз. Не демалып демделмейсіз, не таудың таза ауасын жұтып емделмейсіз. Үйден-үйге, ауылдан-ауылға сансыраған сандалыс. Апас-қапас сабылыс. Түлкібасыңыз түп-түгел тұшпара түйеді екен тағы да. Түйіртпек тағам алдыңнан шыға берген соң, екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді екен. Ал арғы жылы Жетісайдың бергі жағында және қаланың өзінде он төрт үй ме, әлде он бес үй ме шақырған бір құдалықта болып, бәрінен бірыңғай ет жеп, он алты, әлде он жеті қойдың басын мүжіп, ақырында алты-жеті адамымыз ауруханаға түскен. Неден болғанын қайдам, қалалық пажарныйда істейтін подполковник ініміз қайтыс боп кеткен.
— Құдалықтан қаза тапты деп, жаңа жекжаттарыңызды сотқа берген жоқсыздар ма?
— Жоқ, ондай бәледен сақтасын. Енді өзіңіз жан-жағыңызға жайлап қараңызшы, құдеке. Кафе дегеніңіз рахат қой! Мінекиіңіз, төрт көзіміз түп-түгел, тұп-тура тойдағыдай бір жерде отырмыз. Әйелдер жағы әп-әдемі. Шаршап-шалдығып, сүрініп-жығылып, қазан асып, қамыр илеп, от жағып, табақ-аяқ жуып, сілікпесі шығып жүрген ешкім жоқ.
— Бәрібір, кафелеріңізді қабылдай алмаймын.
— Неге? — деді Мінуархан.
— Сол, — деді Несіпкұл.
— Онда, құдеке, айта қойыңызшы, үстіңіздегі кәстөміңіз бен бұтыңыздағы шалбарыңыз қай жақтыкі?
— Чехтардыкі?
— Топылиыңыз ше?
— Италиядан.
— Жейдеңіз қайдан?
— Жапония жақтан.
— Міне, көрдіңіз бе, құдеке?! Кафені мойындамасаңыз, кафедегі құдалықты қабылдамасаңыз, кафені кәперіңізге ілмесеңіз, неге үстіңіздегінің бәрін түгел сыпырып тастамайсыз? Неге шапан киіп алмайсыз? Киім-кешекті былай қоялықшы, мініп келген мәшинелеріңіздің мәркілері қандай? Құдалыққа неге мәшине мінесіз? А? Түйемен, атпен, күймемен келмедіңіз бе? А-а? Мәшинелеріңіздің бәрі шетінен — Мерседесбеніс, Аудижүз, Маздашырақ, Жіпбымды. Ал? А-а-а? Үндемей қалдыңыз-ә-ә-ә...
— Әй, құда! Бәрін доғарып, мәшине салыстырамыз ба?
— Салыстырамыз ба, жарыстырамыз ба?
— Жо-жо-жо! Жарыстырамыз деп, бірдемеге ұшырап жүрерміз. Салыстырайық. Қалалықтарда қалай, ауылдықтарда қандай? Көрелік.
— Кәмәсия құрайық, бәрі бірдей шұбыра шығып жүрмес үшін.
— Жарайды, қалалықтардан үш адам, далалықтардан үш адам. Кәне, кім?
— Кәмәсия емес, қазылар алқасы дейік.
— Бопты.
— Боса, бопты.
Қазылар алқасы жарты сағаттай уақыт шығындап, мәшинелерді санап, маркаларын анықтап қайтты. Қала мен даланың темір көліктері, кейбір айырмашылықтарына қарамастан, тепе-тең түскені мағлұм етілді.
— Жіптойота қанша?
— Қаланыкі — екеу, даланыкі — біреу.
— Жіпниссан ше?
— Қалада — біреу, далада — екеу. Ескілеу екен.
— Мерседесбеністен нешеуден екен?
— Қалада — біреу, далада — біреу. Шаршаған, әрине.
— Далада демей-ақ, ауылда десеңдерші-әй!
— Бы-ым-бы қаншадан?
— Бір-бірден.
— Ал енді Ты-Мы-Дының туындыларына келейік...
— Е, оларды онша есептемедік. Еділ жорғалар да, Жигулилеріңіз де бірталайдан бар екен.
Кафе іші біраз саябыр тартып, күбір-сыбыр көбейген.
— Кәстөм-шалбардың ең кемі бес-алты қалтасы болады ғой, соларының ішек-қарны ақтарылып, бірқатары сыртына шығып жүретін мына біздің Мінуарханға дейін мұншалықты мығым ми мен нығыз дүние бітіп, ақылгөйсініп алған соң, заман басқа, адам қасқа — жүдә басқа демеске лажың қайсы? — деді біреулер. — Бұтынан бұзау өтсе де былқ етпейтін момындар пысықайға айналды.
— Ақылыңыз да ақшаңызға тікелей тәуелді боп қалды емес пе, оның неменесіне соншама қайрансыз? — деді екіншілер. — Мәселенки, кімнің қалтасында қанша қаржы жатқанын сөз ләмдері аңғартып тұрады.
Үшіншілер үнсіз күрсіністі.
Кафеде өткен құдалық жоғары деңгейдегі көңіл күймен, қала мен ауылдың қызу қауышып, құшақтасуы және шөлпілдесе сүйісуі жағдайында тәмәмдалды.
Бидайбек пен Несіпқұл да, Тоқсұлу мен Ерменкүл де бірінші дәрежелі кафеден жаман қайтқан жоқ. Екі қатын қыз дәурендерін қайталай еске алысып, Шәмшінің әндерін әжептеуір шырқап-ақ шырқырағанмен, сөздерін тым шалалау шамалайды. Бидайбек пен Несіпқұл Шымкенттейін шәһардан Өмілдірік ауылына апаратын ұзақ жолда әлсін-әлсін желігіп:
— Анау құдағи ше?
— Поролон ғой оныкі.
— Қасындағысы қалай?
— Сүйек-саяқтан томпайтқан секілді.
—  Оң жағындағы талдырмашты байқадың ба? Кіндігі көйлегіне тимей тұрған?
— Әй, соныкі ғана табиғи, өзінікі.
— Солай сияқты.
— Әкімшіліктегінің әйелі ше?
— Грация, қысқа ыстанымен қоса.
— Бас құдағи боди болар, сірә?
— Дұрыс болжапсың, боди-боди.
— Вандербра жоқ па сонда?
— Жоқ болғаны дә. Оларды аса жоғары дәрежелі кафеден көресіз дә...
Дегендейін мән-мазмұндағы ыңғайсыздау, Өмілдіріктен өзге ауылға таңсықтау пікір алысудан айнымады.
Екі әйел бұрынғыша ыңылдап, екі еркек сәл қалғыңқырап кеткен екен. Жалт-жұлт еткен мәшинеге жалбаңдай ұшқан жамансары соғылып, сергек тартқан Бидекең:
—  Несеке! — деді кенет Кезеңтаудан төмен түсе бергенде құрдасын иықтан тартып. — Құйысқанға қайырыла кетелік. Көңіл күйім бұрылып тұр бұзылып. Етжақын жекжат бартұғын, біраз жыл бойы бармап ек. Ай ғажайып жарық қой, мұндай түнде ұйықтау да айып қой.
— Омай-ей! Біздің Бидекеңнің бауырмалдығы бір ұстаса, бой бермейді, тек  тасып-төгілмей тынбайтыны жаман,— деді Тоқсұлу тотай күйінде. — Жекжатың сені таныр ма, түн ортасы болғанда.
— Өмілдірік озған ауыл, Құйысқаның тозған ауыл саналар. Өмілдіріктің озып тұруы өзіңнің арқаң ғой, Бидеке! Бұрылсақ, бұрылайық, несі бар, — деді Несіпқұл.
— Қалайынша қайырылмаймыз бір жерге деп-ақ едім, — деп, Ерменкүл елірген.
Кафедегі құдалықтан қайтқандар Құйысқан ауылының қиқы-жиқы, шаңдақ көшесімен құлдилай төмендеп, биік жарлауыт түбіндегі тозыңқы тамның жанына тоқтаған. Тарбиыңқы талдың белуарына таман көтерілген бозғылт шаңға дейін айдың сәулесімен ағараңдай бұлаңытып, әлдебір жұмбақты жария ететіндей құпиялана құбылады. Артта қалған ғасырыңыздың алпысыншы жылдарында жаппай сәнге айналған «Т» әрпі тәріздес терезелер, енсіздеу есік, қарауыта қабарған үйтам тым-тырыс мелшиеді. Айдың нұрынан айырылғысы келмеген тозаң тыншу тауып, қонақтардың кұлағы ашыла берген мезет үйдің артқы жағынан «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ» деген дыбыс естілген. Еркектер бір-біріне қарасқан. Әйелдер жырқ ете күліп жібере жаздап, ауыздарын алтын жүзіктер көмкерген кербез саусақтарымен жаба-жаба қойысқан.
Бидайбек пен Несіпқұл ақырындап үй айналған. Екеуден-екеу қалуға қаймығысып, қатындары да ілескен.
Ай астында сары топырақтан құйылған қам кірпішіңіз Кезеңтаудың табанында жыпырлай жайылып жататын мәліш қойдың отары секілді сезілген. Былайырақтағы бірер үймесі қоңырқай қорадайын қалқиып көрінген. Тырдай жалаңаш біреу жарлауытқа жармаса тырмысып, кетпенді құлаштай сермеп, сары топырақ шауып жатыр. Кетпенін әр көтеріп-түсірген сайын: «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», — дейді.
— Сау ма, жынды ма? — деген Несіпқұл жайлап қана.
— Іздеген адамдарың анық осы ма? — деді Ерменкүл күйеуінен де бәсең үнмен.
— Құрысыншы, қайтып кетейікші, — деді Тоқсұлу сыбырлай.
— Кім бар о-о-оу?! — Бидайбек батылдана даусын зорайтқан.
Жалаңаш кісіңіз кілт кідіріс тапқан. Бірден бұрылмаған. Ыңғайсызданбаған да. Ақ теректің бұтағына іле салған бірдемесін бұтына жапсырып бұларға қарата жақындаған.
— Ассалаумағалейкүм, — деген.
Бұлар бәсеңдеу жауап қатқан. Алайда амандасқан адамның қолын алмақтан қаймыға қипақтасқан. Жартылай жалаңаш жанның басқа емес, арнайы қайырылып, іздеп келген етжақын жекжаты екенін кешірек таныған Бидайбек алға қарай ұмсына ұмтылып, қос қолын бірдей ұсынған.
— Жарайды, қол алыспай-ақ қоялық, — деді жекжаты екі иығын кезек-кезек топырақтан тазарта қаққылап. — Құрсан боп тұрғандарыңыз шамалы, біз дағы құмар емеспіз. Саусақтарыңызды жаралап жүрерміз. Қош келдіңіздер, қонақтар, үйге кіріңіздер. Жиіркенбесеңіздер?
—  Кірмейміз, рахмет, — деді Бидайбек. — Қалай, есен-түгелсіңдер ме?
— Түгелміз, бірақ түгесілмекке де таяумыз, — деді жекжаты.
— Не болды соншама? — деп сұрады Тоқсұлу араласып, масаңдығын мазаңдық еңсеріп. — Кемпірің, ойбай, келіншегің қайда?
— Шымкентте.
— Е, жүдә жақсы, қалада тұра ма?
— Жоқ, он айдан бері онкологияда жатыр.
— Бір ұл, бір қызың бар еді ғой?
— Қайбір жылдары қалаға ауған, әлі күнге деуір жұмыссыз сандалып, базар-ошарда жүр. Көріп тұрсыздар, біздің тірлік осындай. Сары топырақтан қам кірпіш құйып, Құйысқанның қарапайым халқына сатамыз.
— Е, оныңыз жөн екен, нарық заманы ғой, — деді Несіпқұл ай астындағы ауырлау ахуалды сәл сейілтпектей сезгірлене.
— Үйге кірсеңіздерші, шай қойып жіберем, — деп, жекжат жақ  жібіңкірегендей.
— Жо-жо-жо! — деді Несіпқұл. — Мына Бидекең бәріміз қаладан, құдалықтан келе жатыр ек. Бидекең арнайы өзіңізге қайырыла кетейік деген соң... Кәне, қатындар, шығарсаңдаршы бұ кісінің сыбағасын! Боңдар-боңдар. Боди-боди.
Үйілген кірпіш үстінде қаздиып «Қазақстан» коньягі, сом-сом жылқының еті пайда болған. Бәрі бір-бір жуан үрімкеден алып-алып қойысқан. Құйысқан ауылының тұрғыны бәрібір бірден ашыла қоймаған. Сом-сом етке қол созбаған.
— Апайымыз айығып кетсін, бала-шаға аман босын, басқа не айтамыз? Жалпы жағдай жөнделіңкіреп, тіршілік түзеліп келеді, қимылдағандар қыр асып жатыр, бәрі дұрысталады, — деді Несіпқұл екінші кезекке көшкенде. — Не айтамыз басқа, ап қояйық.
— Апайың не, Несеке? Бұлар бізден көп кіші, — деді Бидайбек.
— Құда қаласа, келеміз әлі, араласамыз.
— Е, жаман емес екен бұ кісілеріңіз, — деді Ерменкүл есінеп.
— Бұлшық еттері бұлтылдайды!
— Мәселе менде ғана емес қой, — деді Бидайбектің етжақын жекжаты. — Мәселе мынау жер үстіндегі, анау ай астындағы жалпы көңіл күйде. Мінеки, мына сіздер анау ғасырдың аласапыранында аса жоғары көңіл күй орбитасына орнығып алдыңыздар, Өмілдіріктің өзгеше өкілдерісіздер. Біз болсақ, Құйысқан ауылының ең төменгі тақырланған пақырларымыз. Сіздер секілділерден біздер сияқтылар әлденеше есе көп боп тұрыппыз дә-ә. Жалпы көңіл күй пәс тә-ә-ә.
— Жүдә жылай бермеңізші, түн жарымында жап-жалаңаш жүрсіз ғой, жүдә, — деді Ерменкүл қалжыңын қайталай жалғап.
— Тыпыршыған табанға тікен кірер, тыныш тұр, — деді Несіпқұл қатынына сыбырлап.
— Ал жақсы, аман көрісіп, есен жолығайық, — деді Бидайбек.
—  Қайырылғандарыңызға қайранмын, бұрылғандарыңызға бек рахмет, — деді жекжат. — Құндылықтар хақындағы көзқарас, қоғамның психологиясы мұқым басқа ғой бүгінде.
— Батпақ ішінде жүрген сасықтың пәлсапашылын қарашы, — деп сыбырлады Тоқсұлу Ерменкүлге.
— Маған ұнады бұ кісі, — деді Ерменкүл. — Бұлшық еті бұлт-бұлт, бұлт-бұлт...
Бидайбек бір қалтасынан жүз доллар суырып ұсынған.
Етжақын жекжаты ай жарығы арқылы байқап қойып, бүй деген:
— Бұ бәлені ұстап көрген жан емен, қажеті жоқ.
— Жо-жо-жо, алыңыз! — деп, Несіпқұл да елу доллар шығарған.
— Бүкіл жаздайғы бейнетіммен таппайтындай дүние екенін мойындай тұра, мынаны мәлімдеймін, — деді жартылай жалаңаш жекжат. — Кәниегіңізге қызыңқырай тұра, көк қағаздарыңызды қабылдай алмаймын. Ләжі боса, тәуелсіз мемлекетіміздің төл теңгесімен алмастырғайсыздар. Бұ бәлелеріңізді ұстамай-ақ өтейінші бұ дүние-жалғаннан.
— Көңіл күйің көтеріліп келе ме, қалай өзі? — деді Тоқсұлу.
— Мана айтқам, мәселе менің ғана көңіл күйіме тіреліп тұрған жоқ, — деді жекжат қайта қатайыңқырап.
Бидайбек көк қағазын баяғы қалтасына қайта салып, басқа қалтасынан бірыңғай бес мың теңгеліктің үшеуін, Несіпқұл елу доллардың орнына екі мың теңгеліктің төртеуін шығарып, әлгі кісі қол созар деп үміттенісіп еді, бірақ бүлк етпеген соң, пәсірек үйілген қам кірпіштің үстіне тастады.
— Хабар аламыз, араласамыз, келеміз әлі, — десті қонақтар.
— Орбиталарыңыз оған мұрша келтіріп, мүмкіндік берсе, — деді жалаңаш жекжат қыңырая тіс қайрағысы келген көңіл күйін көлегейлеңкірей күлімсіреп.
Оның даусын Бидайбектер әлде естіді, әлде естімеді.


*  *  *

Кафедегі құдалықтан соң көп ұзамай-ақ Өмілдірік ауылының хал-ахуалы мен әл-ауқаты жеткен адамдары, яғни жоғары дәрежелі жандары ұялы телефонмен сөйлесу мүмкіндігіне ие болған. Бидайбек Өмілдіріктің өр жағынан Жіптойотамен, Несіпқұл жатаған жотаның жамбасынан жаңа Нивамен шығып, Кеденшоқыға көтерілген. Екеуінің де биік-биік темір көліктерден секіріп-секіріп түскен сәттері осы заманғы киноларға ғана лайық еді. Ышқырларындағы ұялы телефондар көзге бірден шалынып, шаттық шақырған. Қос құрдас сонылау сипаттағы сәнді сыңаймен құшақ айқастырып, төстерін түйістіре сүйіскен.
Уақыт ұттырмастан, Бидайбек мырза мәлімдеме жасамаққа кіріскен. Ұялы телефонын әлі көп көтеріліп үлгермеген күннің кербез шұғыласына шағылыстыра жарқ-жұрқ еткізген. Аударып бір, төңкеріп екі сүйсінген. Нөумез жымиып, нөмір терген.
— Алоэ, — деген ол. — Алэ-е-е, Астана ма? Астана болсаң, рахмет. Парламент пе? Бәрекелде-е-е. Мәжіліс пе? Сенсің бе? Бұл — мен! Бидайбекпін мен. Мен мына Кеденшоқының үстінен, ұялы телефон арқылы тілдесіп тұрмын. Иә-иә! Ұялы ма, қалталы ма, сотыби дейсіңдер ме? Сол сотыбимен сөйлесіп жатырмын. Жанымда жан құрдасым, күні кеше Шымкенттегі бірінші дәрежелі кафеде құдалықта бірге болып қайтқан Несіпқұл мырза бар. Солай. Осылайша Өмілдірік ауылы да өркениетке қосылды! Мына мен, өмір бойы Өмілдірікте келе жатқан Бидайбек Басқарбекұлы, Парламент Мәжілісіне мәлімдеме жасайым. Астанаға, бас қаламыз арқылы күллі кең-байтақ Қазақстанға, республикамыз арқылы бүкіл әлемге мәлімдеме жариялап тұрған жайым бар. Не деп?! Әй, мынау миғұла ма, мәңгүрт пе?! Қалай депутат боп жүр-әй бұл? Қалай ғана сайлап жібергенбіз-әй бұны, а?! Бағаналы бері не деп, не айтып тұр бұ Бидайбек? Мәлімдеме жасайым дейім! Кеденшоқы басында, Несіпқұл бар қасымда, алғаш рет ауылдан, со-со-сотыбимен сөйлесіп... Деймі-е-е-ен! Өмілдірік өркениет көшіне ұялмайтындай күйде, ұялы телефонды ышқырына іліп, ықыласпен ілесті деймі-е-е-ен. Не деп? Дейді-әй маған барып мынауың. Түсіндің бе? Мәлімдеменің мәнісін? Біздің бұл Өмілдірік ауылы облыстың орталығынан жүз жетпіс төрт шақырым, Алматыдан сегіз жүз алпыс бес, ал Астанаңыздан бір мың да тоғыз жүз қырық шақырым тұста, Кеденшоқының баурайында орналасқан. Соның өзінде қаламен теңесіп тұр. Біздің ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық жойылды деуге болады. Күні кешегі кафедегі құдалықта да ешқандай алшақтық білінбеді. Қай жағынан қарағанда да қалалықтармен тепе-тең түстік. Осыны салтанатты түрде мәлімдеймін. Деймін. Езбелемей, безбендей есептегенде, қысқашасы — осы. Мен болдым. Мәлімдеменің соңы!
Бидайбек мырза ұялы телефонының нәзік-зипа қақпағын бір жауып, бір ашып, аялай сипап өтіп, Несіпқұл мырзаға қарады:
— Телефонды кім ойлап тапты екен? — деді.
— Мынауыңды қайдам, о бастағы телефонның тетігін ойлап шығарған Александр Белл деген адам ғой, — деді Несіпқұл. — Физикадан беске оқығам. Сол Белл байқұсыңыз телефон арқылы не әйелімен, не анасымен сөйлесе алмай, шеркөкірек шерменде болыпты. Себебі екеуі де саңырау екен!
— Ойпырай, осындай-осындайдың бәрін қайдан білесің осы?! Ал ышқырыңа қол салғын, қол салғанда мол салғын, бүгін бір армансыз ақтарылып сөйлесейік. Ертеңнен бастап үнемдерміз, құда қаласа.
—  Айтпақшыдай, есекті есек несиеге қаситын заман, ұзақ сөйлесек, банкрот боп жүрмейміз бе? Неше минөтке дейін оттауға рұқсат өзі? Мынамен?
— Е, көп боса, ай сайын бір тоқтың кетер, сілтей берсеңші.
— Сен солтүстікке қоңырау шалып, мәлімдеме жасап тастадың ғой. Мен мына оңтүстікті қамтып байқайын.
— Алматыны ма?
— Ойбай, төменірек дәрежедегілердің тақиясына Таразың да тар келмес. Құдалық бізде де болайын деп жатыр емес пе?
— Асықпашы, сәл тоқташы, құрдасым, — деді Бидайбек кенет. Өзі Кеденшоқыдан күннің асты мен жердің үстін жаңа көргендей аңтарыла қарап, айнала-төңірекке аса бір ойлы, бөтенше байсалды күйде жанар суарған. Бидекеңмен бірге толқып, бірге тебіренген Несекең:
—  Бір шоқыға бес-алты жол шығады екен, осыны онша түсінбедім, — деді.
— Оның тарихын білмеуші ме ең?!
— Біз баяғыда кеткеннен бертініректе ғана қайта көшіп келдік қой.
— Білмесең, біліп алғын, — деді Бидайбек бір қолымен ұялы телефонын сыртынан сипап, екінші қолын күнге көлегейлеген күйі. — Кеңес тұсындағы кеңшардың кезінде Кеденшоқыға кім боса сол шықпайтын. Бастықтар мен бас мамандар ғана ішіп-жеуге, отырыс жасауға көтерілетін. Сондай-сондай күндердің бірінде бас зоотехник: «Мен өзгелердің жолымен жүрмеймін, төтелетіп тіке түсемін», — деп, бульдозермен басқа бір арна тарттырсын. Тағы бірде бас агроном: «Жер кімдікі, су кімдікі, сүмелектер сезініп, біліп алсын», — деп, бульдозершіге басқалай бұйрық берсін. Бас мал дәрігері: «Тоқалдан туған біз емес»,— деп, өзінің өзгеше ізін салғызсын. Бас инженер бульдозердің тікелей қожайыны емес пе, жаңа ғана өзің келген жатаған жота жақтан жамбастатып қиялау жол қиғызсын. Бесеу ме, алтау ма, білмеймін. Кеңшарда қанша бас маман болса, сонша жол салынған. Осылайша жап-жасыл шоқыңыз алашабырланып, басқаша қасқаланып қала берген. Бүгінде бұл биігіңіз — біздікі. Госакті қолда, Несеке! Тілім-тілім, жырым-жырым етпеспіз, бірақ билігі бұл шоқының өзімізде. Ал сотыбиіңді сытырлата бергейсің енді.
Несіпқұл нөмірлерді асықпай теріп, ұялы телефонды томпақтау мамық бетіне батыра рахаттанып бақты.
— Ало-о, Тараз ба? Жамбыл жәкеміздің атындағы облыстың орталығы ма? («Тараз дейді, дәл түсіппін», — деді Бидайбекке қарап). Ало-о, ало-о, бұл мен ғой, Несіпқұл ғой, нағашыеке! Өмілдіріктен, Кеденшоқының үстінен. Ұялы телефонмен тікелей теріп тұрмын. Несіпқұлмын. Бидайбек құрдасым екеуіміз ше, сотыбимен алғаш рет ауылдан, иә-иә, ауылдан сөйлесіп жатырмыз. («Сенбей тұр», — деді Бидайбекке қарап). Ало-о, ұялы телефонды да қимайсыңдар ма бізге, немене? Әбден әдеттеніп кеткенсіңдер, ә-ә-ә? Бұрынғыдай бейқам, бұйығы ауылды, ауыздары аңқайған аңқауларды емге таппайсыңдар ендігі жерде. Білдіңдер ме? «Сағыны-ы-ы-ып кеттік қой сендерді, аңса-а-а-ап кеттік қой ауылды!» — деп, көлгірсіп келіп, ішіп-жеп, аунап-қунап, шәрілеріңе барып алған сон мазақтап күлетін едіңдер, ә-ә-ә. Ондай-ондайды түстеріңде көресіңдер ендігі жерде. Ало-о, Алматыда Өмілдіріктен өсіп шыққан бес бала бар, Астанада да жоқ емес. Біреуі Бас комитетте, біреуі Бас заңгерлікте, бәрі беделді қызметтерге ілініп үлгерді. Көресіңдер әлі. Бүгінгі ауыл — бұрынғы ауыл емес. Мен де Шымкенттен үш үй алып қойдым. Біліп қойғын, біздің мына Бидайбектің бір ұлы Венада жүр, халықаралық деңгейдегі бизнесмен. Астанада сауда орны мен коттеджі бар. Солай, біліп қойыңдар! Ало-о, ало-о, біздің ортаншымыз да үйленейін деп жатыр. Арғы аптада құдалық өткіземіз. Қатыныңды ертіп келесің. Құдаларымды күтісесің. Кафеде! Түсіндің бе? («Кафесі несі дейді», — деп Бидайбекке қарады). Ало-о, сендер кафедегі құдалықта болып көрмегенсіңдер ме, немене? («Шақырамыз, күтісеміз, кафеге де қосыламыз дейді-әй, жарайсың, нағашыеке», — деп, Бидайбекке көз тастады). Ало-о, ало-о, нағашы, сен әуелім қатыныңмен ақылдасып алсаңшы! Сөзің өзіңді жалмап жүрмесін, абайла, айналайын, абайла. («Қатыным қасымда тұр дейді, жарады-әй мынау»). Ало, сенің анау бетонды, бес қабатты «жатақханаңда» пысынап отыра алмайды менің құдаларым. Шымшықханаңда шып-шып терлеуге шыдай қоятындар емес. Жоғары дәрежелі жандар бәрі. Шымкент жақта құдалық дегеніңіз тек кафеде өтетінге кеткен. Кафенің де кафесі бар. Аса жоғары дәрежелі, бірінші, екінші, үшінші дәрежелі, қарапайым және қарабайыр дейді бізде. Білдің бе? Таразға шақырсаң дағы, барамыз. Тек тәуір деңгейдегі кафеге! Бауыздау құдамыз — бірнеше базардың бастығы... Алоу, алоу... Әй, сотыбиім сөнді ме, нағашымыз өшті ме? Бықсып қалды біреуі...
*  *  *

Сол күні олар Кеденшоқы биігінен түске дейін түспеді.
Өмілдірік ауылының аспанында өркениеттің өркеш-өркеш, кей тұстары қорғасындай ауыр, базбір жерлері боз ұлпадай жеңіл, бұйра-бұйра бұлттары шудалана қалқып бара жатты.


КРЕСТ


Қарамайлы шпалдайын қарапайым теміржолшылықтан түксіз-дымсыз күйде зейнеткерлікке шығып, арзымас ақшамен күнелтетін Бісмілләнің асырап алған баласы бес-алты апта ауырып қайтыс болды.
Стансаның алып акациялар қоршаған амбулаториясынан шақырылған фельдшер Бісмілләнің баласын алғашқы күні жан-жақты тексеріп көріп, облыс орталығындағы арнайы ауруханаға, психиатрларға апаруға кеңес берген. Бісмілләға салса, қарызданып-қауғаланса дағы бір сағат та кідірмес еді, алайда Андрей ешқайда аяқ баспайтынын білдіріп, Тәңіртаудың шыңылтыр көк аспанындай көздері айрандана қарағанда, лажсыздан амалсызданған.
Асыранды ұл Андрейді бала дейтіндей де емес-ті. «Андрей бала» атанып кеткенімен, жасы жиырмаға жетеқабыл болатын. Он екі жасында тү-у Тула жақтан тауарлы пойызбен ауып жетіп, Сағыр стансасында тентіреп жүрген жерінен Бісміллә біржолата үйіне ертіп келген. Жергілікті өкімет тарапынан тергеп-тексерген ешкім жоқ. Тек Тұрымтай ғана тоқтамай өтпес түнгі пойызға апаратын алмасына бір, балаға бір қарап:
— Үрерге итің, сығарға битің жоқ, байқұс-ау, төрт ұлың тентіреп төрт жақта жүр, бұ баланы не бетіңмен әкелдің, обалына қалмайсың ба? — деген. Бәрібір, бұл үйде Бісмілләнің айтқаны болатыны аян.
— Тұрымтайдың тұсына бұ балапан басын иіп кеп тұр дә, — деді Бісмілләнің өзі де иіліп сәлем берудің ишаратын жасап. — Үрерге жабысқақ, сығарға сірке көп екен баланың тал бойында.
Жүдеп-жадаған, жыртық киімдерінің тігіс-тігістерін түп-түгел сірескен сірке мен ашқарақ жабысқақ басқан баланы жан-жақты жуындырудан жиіркенбеді, шомылдырудан шошынбады. Жыртық жейде мен шолақ шалбар майсіңді шпалдың жаңқаларына қосылып шағын шарбақ шетінде шатырлай жанып жатты.
Төрт ұлы мен бір қызы бар Бісмілләнің алтыншы баласына айналған Андрейге айжарымдай уақыт өткенде тиісті тәртіппен қағаз-құжаттар жасалып, мектеп тізіміне тіркелген. Есепке ерекше жүйрік екен. Тәуелсіздігіміздің әуелгі жылдарында станса мектебіндегі орыс сыныптарында оқитын шәкірт қалмай, жабылып тынып, қазақшаның бесіншісіне барған. Алғашқы айларда азаптана қиналған Андрей бала, обалы нешік, оқу жылының ортасы ауа қазекемнің тілінде мақалдата сұрақ қойып, мәтелдете жауап қатуға дейін жеткен. «Сағыр» сегізжылдық мектебінің түбінде тұратын Асықбай ақсақалға үйірсектеп, ескі әңгімелерді жалықпай тыңдамаққа құлағы құныққан.
Өкінішке қарата, жасы он беске жеткенде, оқуға деген ынта-ықыласы бірден бәсендеп, мектептен мүлде бас тартты. Көк аспан түстес көздерінің аздап қана айранданып барып басылғанын Бісміллә бірінші рет сонда байқаған. Андрей бала ағаш ұстасы болып жұмыс істегісі келетінін жеткізді. Бала біткенді бетінен қағуды білмейтін Бісміллә Андрейді темір жол стансасының бір бүйіріндегі жәшік жасайтын цехқа (бұрынғы білдей кәсіпорынның тамтығы ғой) апарды. Орналасуы онша қиынға соқпады. Толар-толмас цехтың болар-болмас бастығы зейнеткер Бісмілләні сәл де болса сыйлайтындардың бірі еді. Оның үстіне баланың ұсталыққа ұсынақтылығы таңырқатқаны тағы рас. Осылайша үйренуші ретінде жұмысқа қабылданған жұқалтаң Андрейіңіз жәшік цехына тастай батып, судай сіңіп кете барған.
Айтпақшы, сол баяғы он екіден он үшке шыққанында ше, Андрей бала мен Бісміллә әкенің арасында күтпеген жерден қызық шүйіркелесудің болғаны бар. Жалпы, Андрей баланың айтуына қарағанда, өзі әкесі мен шешесін мүлде білмейді. Біраз жылдар балалар үйінде және аз уақыт біреулердің қолында жүрген, кісі есігінде зықана көрген. Балалар үйінен де, әлдекімдердің қолынан да қашып кетіп, көбінше тентіреп, панасыз, жападан-жалғыз күн кешкен. Бісмілләні бірден, Тұрымтайды бірте-бірте ұнатқан. Енді қуса дағы кетпес. Аузынан «әке» деген сөздің алғашқы мәрте осында шыққанын һәм жасырмас.
— Әке, — деген Андрей бала.
— Әу, балам, — деген әкесі.
— Мен сіздің балаңызбын ба?
— Иә, — деді Бісміллә.
— Тегім — Бісмілләұлы ма?
— Тап солай. Оны неге сұрадың?
— Балалар маған күледі, — деді баласы.
— Е, неге?! — деп секемденді әкесі.
— Мені сүндеттетіңізші! — деді Андрей бала.
Аузын аңқайтып отырды да қалды әкесі. Ойланды-ау қатты, ойпырай! Төрт ұлы да өзі сияқтанып, темір жолдың тақыл-тұқыл тіршілігін, қарамайлы шпалдайын қарапайым, қатардағы кәсібін нәсіп етіп, қаратабан тірлік кешеді. Тараздан Түркістанға дейінгі аралыққа тарап кеткен, төбе көрсетулері сирек. Тоз-тозы шығып, ыңыршағы айналған, реңсіз разъездерде репеттері кірмей-ақ жүріп жатыр бәрі де. Қызы күйеуге тиіп, ауданның ауруханасындағы кілдіреген кіші медбикелікке әзер іліккен. Әжетке жарап, қас-қабаққа қарап жүрген Андрей бала, әйтеуір. Сөйтсе дағы, сүндеттетпек мәселесі миына кіріп-шықпапты ғой, масқара. Аңқайған аузынан сілекей-су айғыздала ағуға айналғанда ғана барып есін жиып, езуін сүрткен отағасы қисая біткен бірер түп алма ағашының арасында алма сорттап жатқан Тұрымтайына қарай төрт-бес аттап:
— Сенсация! — деген осы заманғы өзгеше тілмен.
— Көтек! — деп, Тұрымтай баяғының қатындарынша ескішелеу шоршып түскен.
— Андрей бала сүндет мәселесін қозғап отыр, шешесі!
— Дұрыс қой, — деді қатыны пойызға алып шығатын апорт алманы жалтырата сүртіп отырып. — Бірақ баламыз бірталайға кеп, буыны қатып қалған жоқ па?
— Буында нең бар? Оған жатпайды ғой ол.
— Е, мен қайдан білейін, бола бере ме?
— Айналайын-ау, ақыл қалтам өзің емеспісің?!
— Бұ баланы баяғыда ақылдаспай-ақ әкеп едің ғой өзің, анау амбулаториядағылардан сұрасайшы.
— Сөйтейін, — деп, Бісміллә биік акацияларды бетке алған. Не керек, көпке бармай, Андрей бала өз өтінішіне сәйкес сүндетке отырғызылған. Әкесі бес ешкісінің біреуін сойып, көрші-қолаңдары мен ағайын-туыстарына және жақын маңдағы жекжат-жұраттарына тойшық жасап тастады. Той емес, тойшық еді ғой ол...
Бісмілләнің көңілі босап ағыл-тегіл жылады-ай. Андрейдің қазасын естігендер көңіл айтпаққа келе бастады. Тұрымтай екеуі екі жақтан дауыс салып, келгендермен көрісіп жатыр. Көршілері, жәшік цехының бірер адамдары ойбайлаған ерлі-зайыптыны қой-қойлап әзер тоқтатты.
— Жалған дүние ғой, — деді жәшік цехының бастығы саналатын егде кісі байсалдылық танытпаққа тырысып. — Біле-білгенге адам баласының бүкіл өмірі — өлімге дайындық деген сөзді бұрынғылар қалдырған. Стансабасы інімізге, полиция өкіліне, ұлдарың мен қызыңа, жақын-жуықтарыңа хабар жіберейік, Андрей баланы ақырғы сапарға дайындайық. Ойбай мен байбайдан ештеңе шықпайды ендігі жерде. О дүниесін берсін.
— Рас-рас, — десті өзгелер.
Бісміллә мен жәшік цехының және бір өкілі бастап, бірер көршісі қостап, Андрей баланың денесін сыз боп жататын түкпіргі бөлмеге жайластырды. Әкесі сәл ашықтау қалған көздерінің қабақтарын уқалап жауып, аяқтарын аялай сипап, ақырындап соза түзуледі. Кенет баласының сол жақ жұдырығын қатты жұмып алғанын аңғарып, айналасындағыларға қараған. Олар дағы байқап тұр екен, бірі батылырақ, екіншілері қорқыңқырап еңкейісті. Әуелгіде әкесі жайлап қана жазбаққа әрекеттенген. Жымырыла жұмылған жұдырық жазылмады. Бәрі бас шайқасып, мәйіттің бойын түгел жауып, шығып кеткен. Сәлден соң стансабасы, полиция мен амбулатория өкілдері келді. Көңіл айтысып, өздерінің міндеттерін атқарысып болып, олар дағы Андрейдің тастай түйілген қолына қайран қалысты. Ақырында амбулатория фельдшері мен полицей екеуі әжептеуір әрекеттеніп, көбірек күш жұмсап жүріп, әзер дегенде марқұмның жұдырығын жазды.
Алақан ақырындап қана ашылған, саусақтар баяулап барып сылқ түскендей сезілген.
Бірінші дауыс Бісміллә тараптан шықты. «Аһ!» — деп қалғаны рас еді. Тұрымтай сырттатұғын. Көріп тұрғандардың көбісі сыр бермегенімен, бәрібір бір гуіл араларынан арадайын ызың салып өткендей еді сол сәтте.
Андрейдің алақанында ағарандаған майда шынжырлы крест жатты. Иә-иә, кәдімгі крест. Күреңкейлеу ме, қоңырқайлау ма, крест, әйтеуір. Шынжыры ақшылтым. Қашан, қандай жағдайда, қайдан алып, алақанына қалай салып, жұдырығын қай кезде жұмғанын кім білер. Әйтеуір, алақанының шынашақ жақтағы иірлеу сызығында жылап аққан жіп-жіңішке жылғадайын қанның ізі білініп тұрды.
— Оп-по-о-о! — деді станбасы кісіңіз. — Бұ бала біраз проблема туындатайын деп тұр ғой өзі, а? Бұ қалай болды, а?
Осы кезде Бісмілләнің аудандық ауруханада медбике боп істейтін қызы:
— Бауыр-е-ем! Тумаса дағы, туғаннан бетер болған бауыр-е-е-ем! Андре-ей-е-ем! — деп, дауыс сала жылап жеткен.
Қызының бауырымайына бордай үгітілген Бісміллә біразға дейін басыла алмады. Кенеттен крест ойына түсіп, көз жасын тез тыйып ала қойып, тылсым ойларға да берілді.
Бір жолы, баяғыда-а-а-а, баланың мойнындағы кішкентай ғана кресті байқап қалған. Кейін қайда кеткеніне, тағып-тақпайтынына назар жықпаған. Сағыр стансасындағылар діндарлыққа мұқым-мүлде мән-маңыз бермейтіндердің сортынан ғой, ал Бісмілләңіз — солардың бірі. Кейініректе, Андрейдің сүндеттелуіне арналған тойшықтан соң әлі де онша кеткілері келмеген туыстары бөлектеніп қалысып, бірер шыны-шөлмектерді орталарына алысып отырғанда ше, баланың мойнындағы кресті көріп:
— Сүндет жасалғаннан кейін крестің керегі жоқ шығар, — дескені есіне түсті.
— Мойынға шынжыр тағу модыдан қалған жоқ па? — дегендері жадында жаңғырды.
— Мұстақыл мемлекетімізде дінаралық татулық мықты ғой, жүре берсе де болатынытта? — деген және бір араласпай кетіп, енді елжіресе табысқандай күй кешіп отырған туыстарының бірі.
— Бісмілләнің өзі білетініттә? — десіп, тағы бір тост көтеріскен бәрі.
Ақыл-амалдың бәрін шашау шығармай тыңдайтын Андрейдің мойнынан, обалы не керек, сол күннен кейін крест көрінген емес-ті. Жиырма жасқа жеткенше жаманаты шыққан жоқ. Жынды суға үйірсектемеді. Жәшік цехының жап-жақсы жұмысшысына айналды. Кім-кіммен болсын кішіпейіл тілдеседі, үлкен-кішімен бірдей, жатсынбай-жатырқамай әзілдеседі. Қазекемнің тілінде құйқылжыта сөйлегенде, бірде-бір бөтен сөзбен былғамайды. Андрейдің ауыз бекітіп, жарамазан айтатыны аңызға айналды. Түнге қарата Сағыр стансасы сұлулана түсетін еді. Темір жолдың арғы жағынан зораятын заңғар таудың түбіндегі төбе-төбелердің басына бұлтыңыз шәйі орамалдай оралатын. Ай ылғи да жарық боп тұратындай. Асықбай ақсақал үйреткен жарамазан жырын айтып, стансаны бастан-аяқ аралайтын еді Андрей балаңыз. Өзге балалар оған ілесуге ұялатын әлде намыстанатын. Күздің дымқыл демі мұң мен әзіл аралас дауысты Тәңіртаудың құздарына дейін жеткізер. «Өрім өрік бастары қызыл жалқын-ай; қазандағы сүдігер қара барқын-ай; оны-мұны айтпастан, себеп қылып-ай; ораза тұт отыз күн, қайран халқым-ай!» — дер еді Андрей. «Қоңыр күзде ауылда қырман тасар-ай; он бесінде толған ай қырдан асар-ай; жар-рамазан айтпастан қоямыз ба-ай; бір жеңгем бар осы үйде теңге шашар-ай!» — дейді Андрей бала. «Жар-рамазан айтамын ойлай-ойлай-ай; өтіп кеткен Қарынбай малға тоймай-ай; оразада отыз күн бір мал соймай-ай; тартып кеткен қара жер бойлай-бойлай-ай!» — дер еді-ау айналайын Андрей...
Жарамазан айтып тапқан азын-аулақ ақшасын түгелдей Тұрымтай шешесінің қолына салатын Андрей.
— Ойы-бай, менің алма сатып табатын тиынымнан гөрі сенің өлең айтып алатын ақшаң әжептеуір ғой, — дер еді-ау сонда бұ байқұс.
Сондай түндердің бірінде Андрей шағын вокзал басынан тамаққа тойып қайтпаққа бекінеді. Қырсығына қарата, бір бейәдеп, байшыкештеу топ әлдеқайда аттанғалы тұрған екен. Өздері әбден ішіп алысқан, Андрейді көріп мазақ етпек болысқан.
— Әй, бері кел! — дескен өз демдеріне өздері пісіп.
— Келдік, — депті Андрей Бісмілләұлы бәледен қашыңқырай алыстап кетуге намыстанып.
— Сен кімсің-әй? — деседі әлгілер.
— Адамбыз деп жүрміз ғой, — депті Андрей бала жып етіп.
— Ой, мына доңыз доқ көрсетеді ғой-ей! — дейді байшыкештердің бір бұзақысы.
— Доға белді доңыз тоқ, талдырмаштау тақуалар аш боп тұрған кезең дә, — дейді Андрей.
— Тоқта-тоқта! Бұ бәле қалай-қалай құйқылжиды өзі?! — дейді доға белділердің дөкейі. — Тыңдайықшы байыз тауып, пойыз келіп жеткенше. Осында тұрасың ба, бала? Қайда туғансың өзің?
— Осы Сағыр стансасында тұрамын, Тула жақта туғанмын.
— Қазекемшені қалайынша бұлайша біліп алғансың?!
— Мұнда шешендік мектебі бар, деректірі — Асықбай атам, — дейді Андрей одан әрмен әзіл үдетіп, қалжың үстей түсіп. — Алайда о кісіден оқитындар аз.
— Ақша берсем, аласың ба?
— Не үшін?
— Қазекемшені қатырып сөйлейтінің үшін!
— Сіздер мелдектеп, біздер мөлтектеп, мөлтеңдеп жүрміз ғой. Шын ниетпен берсеңіздер, жарамазан айтайын, оразаның айында айып болмас ақша алған.
— Ойба-а-а-ай! Мына бала қалай-қалай сайрайды-ей, а?! — деседі әлгілердің дөкейі. — Сағыр стансасының жағдайы қандай қазір?
— Ашты-тоқты отырған теміржолшылар дә, — дейді Андрей.
— Тәртіп мықты ма? Төбелес, атыс-шабыс жоқ па?
— Қарақшысы көп, алақшысы жоқ, — дейді Андрей.
— Әй, жөндеп қазақшалап айтшы, қарақшың нең, алақшың нең?
— Қарыны қарақшы, қанішерді алақшы дейді Асықбай атам.
Осы тұста күтпеген жағдай орын алады.
— Мә саған, алақшы! — деп, жаңағылардың бұзақысы баланың басын бетонға соғады. Қалғандары оны ұстап үлгере алмапты. — Мә саған, қанішер!
Алма сататындар Андрейдің әр сөзін, болған оқиғаны аңыз етіп айтып жүрді.
Андрей бала алты айға жуық қатты қиналып, кирелеңдеп жүріп, жәшік жасауға әзер жараған.
Айналайын-ай, Асықбай атасы қайтыс болғанда ше, үйіне барып, таяқ сүйеніп тұрды. Оқта-текте оқыстан біреу қойып кеп жібергендей, бетонға соғылған басын ұстап, меңірейіп тұрып қалатын.
Тоқсан төрттегі Асықбай атаның өліміне өңір жұрты көп жиналды. Мұндай жасқа жеткен аз, жетпеген көп. Арманы жоқ Асекеңнің. Той ғой десті бәрі де. Көріспекке келгендердің көбісі күйеулерді кеу-кеулесе күлісіп, жеңгелерімен шымшыласа жұлысып жүрді. «Той ғой бұ кісінікі, той ғой», — деседі қайта-қайта. Жаназасы оқылып, марқұмның мәйітін көшенің арғы бетіндегі белең биігіне әкетіп бара жатқанда, Асекеңнің қаладан келген өрен-жарандары бағзы заманғы ақ күміс орнына жүретін бүгінгі бозғылт шақалардан уыс-уыс теңге шашты. Тұрмыстарының оңдылығын танытып, ақшаны аяйтын емес. Ақ күмістейін теңгелер аспаннан жауып жатқандай. Теберік ретінде таласушылар тіпті көп. Солардың бел ортасында ортекедей орғыған Андрей жүр. Көбірек қармап қалғысы да бар, қалжыңы һәм калың қауымды күлкіге қарық қылады.
— Атам-о-о-ой! Атам-о-о-ой! Ақша бұлтпен ақшасы да араласқан атам-о-ой! — деп биікке секіреді. — Бұлт арасы ақша ғой, Асықбай атам басқа ғой-ой...
— Андрей бала әуенін қайта тауыпты дә, — десті көпшілік.
— Алты ай бойы азап көрді емес пе? — десіп жатты жақсырақ білетіндер...
«Сөйткен Андрейімнен айырылдым ба, шынымен-ақ қасқа жолдан қайырылдым ба?!» — деп егілді іштей күбірлеген Бісміллә бір шетте отырған күйі.
Түн ортасынан ауып, Сағыр стансасының қанша тозса дағы сапа мықтылығынан мізбақпаған қашанғы қазыналық қызыл кірпішті үй-жайлары мүлгіген мезетте стансабасы:
— Бісміллә аға, өмір бойы қатардағы қарапайым теміржолшы болдыңыз, тұрмыс жағдайыңызды жақсы түсінеміз. Бір қап ұн бізден, бір қап күріш вокзалдан, — деді.
— Рахмет-рахмет, тойда қайтсын, — деді Бісміллә.
— Бізден бір тоқты. Ал енді қандай жолмен, нендей дәстүрмен жөнелтесіз? — деді жәшік цехының бастығы саналатын кісі.
— Білмеймін ғой, бас қатып тұр ғой, — деді Бісміллә.
— Сүндеттелгені рас қой? — деді полиция өкілі.
— Рас, — деді Бісміллә. — Мына фельдшер отыр ғой. Ораза тұтып, жарамазан айтқанын жұрттың бәрі біледі.
— Странны! — деді стансабасы.
— Басынан алған соққысы айнытып кетті, әйтпесе нағыз мұсылман менің айналайын Андрейім еді ғой, ойбай-ай, ойбай! — деп, Бісміллә қайтадан боздап қоя берді. Ішкі бөлмеден қатыны мен қызы және көршілес әйелдер қосылды.
— Сабыр етіңіздер, сабыр сақтаңыздар, — десіп, оларды әлденуақта әзер басты былайғы жұрт жабылып жүріп. Ұзақтау үнсіздік орнады.
— Молдеке, сіз не дейсіз? — деді полиция өкілі. — Үндемейсіз ғой, жүдә?
— Айтпақшы, молдамыз осында отыр ма өзі? — деді стансабасы қатты таңданып.
— Осындамыз, ой үстіндеміз біз дағы, — деді молдалық міндетті осындайда азды-көпті атқарып жүрген Күлшебай жөткірініп. — Жаназа оқы дейсіңдер ме, жоқ па?
— Оны сіз шешпейсіз бе? — деді стансабасы.
— Басшылар не айтар, баланың әкесі қалай қарар, күтуліміз, — деді Күлшекең.
— Баяғыда станса кәсіподақ комитетінде көп жылдар бойы төраға болған, алдына екі адам салмай сөйлемес біздің Күлшекең, — деді амбулатория фельдшері.
— Қандай салтты қолданамыз, қалай ойлайсыз? — деді стансабасы кісі Бісмілләға қарап. — Шешуші сөз өзіңізде.
— Қандай болушы еді, қазекемшелеп шығар? — деді Бісміллә.
— Кім біледі, әр кәллада бір қиял тұр дә қазір, — деді стансабасы. — Молдекең маналы бері екіұдай сияқты. Ойланайық. Ертең ел не дейді, жұрт қалай қарайды?
— Орекемшелеп жөнелтеміз десеңіздер, жәшік цехы табыт жасап беруге әзірміз, — деді Андрейдің ұжымына жетекшілік жасайтын кісі есінеп.
— Оның қажеті жоқ шығар, жаназа оқиық, — деді Күлшебай ақырында ақырын күрсініп. — Қазекемшелеп-ақ қояйық.
—   Уһ! Е,бәсе! Бәрекелде! — десті отырғандар.
— Бір өтініш айтқым бар, — деді осы кезде Бісміллә кемсеңдей жыламсырап. — Андрей баламның ақырғы аманатындай анау крест алақанында жатыр ғой, ағайындар. Крестің ұшы кірш етіп кіріп, бір тамшы қаны мөлт етіп тамыпты. Осынысын әбден тазалап жуып, бірге жерлесек қайтеді? Қапа бомасыншы қайран бала... Аһ?!.
— Ол қалай болар екен? Крест түгілім, жай темірдің өзін теріс көреміз, — деді Күлшекең.
— Кресті алақанынан алып, жанына қойса қайтер еді? — деді көршілердің бірі.
— Ақыры бірге көметін болсаңдар, алақанында қала берсін, — деді стансабасы. — Күлшеке, қалай қарайсыз?
— Басшылар солай шешсе, баланың әкесі марқұмның ақырғы аманатындай санап отырса, біз тараптан қарсылық жоқ, — деді молданың міндетін атқарушы.
Андрей Бісмілләұлы Асықбай шал жатқан белеңнің бір бүйірінен топырақ томпайтты.


ОСЫ ЖҰРТ ОҢТҮСТІКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?...


Қазақ елінің, қазақ жерінің қарыс-сүйеміне дейін қасиетті де сүйікті болмағының себебі белгілі. Асыл текті ата-бабаларымыз ай¬тып кеткен. Қазақ баласына қазақ жерінің қай тұсы, қандай аймағы, нендей өңірі де етене, қымбат, киелі. Ұлтымыздың жыр сырбаз¬дары¬ның бірегейі Сырбай ақын бір сұхбатында өзінің онша шетелшіл еместігін, шет мемлекеттерге шық¬пағанын, шыққысы да келмей¬тінін, мүмкіндік туып жатса, қо¬лайы түсіп жатса, қайран Қазақ¬станды асықпай араламаққа, та¬би¬ғаты таңғажайып, түрлі-түрлі тұста¬рын тамашалап таңдан¬баққа құш¬тарлығы молдығын меңзеген еді. Сол Сырбай Мәуленов ағамыз Шымкент¬ке, Түркістанға, Отырарға, Со¬заққа, Кентауға, Шардараға, Сарыағашқа, Келеске келіңкірейтін. “Оңтүстіктің тарихи-мәдени орын¬дарын бір кісідей білетін сияқ¬тымын, ал табиғи тамашаларына, таулары мен бауларына, даласы мен құмына, шөлі мен шөлейтіне онша қанық емеспін”, дейтін.
Әдетте зиялы-зиятты қауым болсын, басқалар болсын, туған еліңіз, туған жеріңіз, өскен өлкеңіз, республикаңыз, атамекеніңіз ха¬қында өзара әңгімелей келе: “Біз шынында да өзіміздің тауларымыз бен даламызды біле бермейміз-ау. Қит етсе, шекара асып, алыс-жақын шетелдерге шапқылап кете барамыз. Ал Қазақстанда көрмеген, қадіріне жетпеген жерлеріміз жетіп-артылады ғой...” дейтіні бар. Өкінішке қарай, көбісі осылай айтады-дағы, артынша ұмытып кетеді. Сіз-дағы сөйтіп сөйлеп, со¬лай айтып, алайда, атамекеніңіздің айшықты аймақтарын, өзгешелеу өңірлерін көрмекке, саяхат жа¬са¬маққа соншалықты мән бере қой¬майсыз. Әуелден белгілі әуенге са¬лың¬қырап: “Осы жұрт Оңтүс¬тікті біле ме екен?” деп отыруы¬мыздың мәнісі де осыдан.
Сонау Созақтан басталық. Былайғы жұрт Созақты басқаша елестетер. Бірақ Бетпақдаланың өзі саяхаттаймын деген кісіге та¬рихи жағымен қатар табиғи то¬сындықтарымен талай қызықтарға толы. Мұнда дала да, құм да, сек¬сеуіл мен жыңғыл да, кенет алды¬ңыздан шыға келетін қайнарлар мен құдықтар да басқаша. Шу бойының өзі неге тұрады?! Баба Түкті Шаш¬ты Әзізге, Қарабура, Балықшы, Ақбикеш, Ақсүмбелерге бара жа¬тып, Бабатаға келе жатып, Ащы¬көл атырабын, Тоғызкентау жал¬дарын, Қыземшекті, Тастыны, Жуан¬төбе, Жартытөбені, Қызыл¬көл мен Жылы¬бұлақты ұмытпа¬ғай¬сыз. Қарағұр, Күлтөбелерді көре жүріп, Көкбұлақ, Қарабұлақ, Қа¬расай, Желсайлардан желе-жортып өтіп кетпеңіз. Келіншектау, Мың¬жылқыны білесіз. Айыртауға аял¬даңыз, Суындық дейтін асу бар. Өгізтау арқылы Түркістанға тү¬сер¬сіз. Түркістан төңірегіндегі Қарашық, Қарнақ, Шорнақ, Оран¬ғай, Жүйнектерді, Шаға, Шойтөбе, Иқансу жақтарын тастап кет¬пеңіз. Қаратау тәжі – Кентаудың айналасындағы сауыс-сауыс сеңгір¬лердің саяларына сая¬хаттаңыз, Хантағы, Байылдырды байыптаңыз.
Сыр-анаңыздың бойындағы ен тоғайлардың, тораңғылды түбек¬тердің, жиделі жиектердің, майда талды, майқайыңды маңайлардың, майбалықты, маймаң қаққан қаз-үйректі көл-көлшіктердің көркі мен құнарын қалай-қалай қиярсыз. Түр¬кістаннан төмен тартып, Отырар, Арыс, Шардара, Жетісай жаққа са¬пар шегерсіз. Сырды бойлап, оқта-текте құмға шығып кетсеңіз де еркіңіз. Мырзашөлдің Мақтааралы мерейіңізді тасытар. Қайтарда, әри¬не, екі Келеске келер¬сіз. Қалауы¬ңыз¬ға қарай Сарыағаш¬тың ыстық, жылы, салқын сула¬ры¬на түсерсіз. Сонсоң Қазығұртқа қарарсыз. Ал енді Қазығұртыңыз және оның ай¬нала төңірегі тұнып тұр¬ған тыл¬сым. Алаш баласы “Қа¬зығұрттың ба¬сында кеме қалған; Ол әулие болмаса, неге қалған” — деген жыр жол¬дарын жақсы білгенмен, бұл ай¬мақтың тарихына және таби¬ға¬тына терең бойлап, қадір-қасиетін толық ұғына қоймаған сияқты. Сырттай қызықтаған болады, ары-бері өткенде көз қиығын тастаған болады. Түрін де, сырын да жасырып жатқан қарапайым, қайран Қазы¬ғұртты сонымен білгенге санайды, танығанға балайды.
“Әуесқой Әуесбай” дейтін журналист жігітке айтқызсаңыз, Қазығұрт жайында жеңіл ғана әндетіп жүре берудің уақыты өтті. Қазығұртты ерекше қорғалатын аймаққа айналдырып, қолға алатын кез жетті. Қазығұрт пен Қаржан¬тауыңыздың арасындай кереметіңіз кемде-кем. Өгеміңіз өзгеше. Таби¬ға¬тыңыздың таңырқатар ғажайып¬тарын көрем десеңіз, келіңіз. Көріңіз. Қазығұрттың Ақбурасының өзі – өзінше бөлек әлем. Ғайып Ерен-Қырық Шілтен тас мүсіндері ше? Ататас пен Анатас, Шілдетас, Емдіктас, Түсіктас, Бесіктас, Пай¬ғам¬бар дастарқаны...
Өгем жағына қарата Қырыққыз, Күйеутас және олардың төңіре¬гін¬дегі бастау бұлақтар. Жалпы Өгем¬нің өзгешеліктері өте көп қой, қай¬сы бірін айтарсыз. Оларды тек қана арнайы, асықпай араламақ ләзім. Мақпал көлінің көркін, сұлулығын былай қойғанда, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың туындыларына ар¬қау болған аңыздары аз емес. То¬тиян, Барша көлдері һәм Мақ¬палдан қалыспас. Әуесқой Әуесбай атанған Әбдіразақов Мақпалды әлемдегі ең әсем көлдермен, Іле Алатауындағы жауһарлармен салыстыра тамсана¬ды. “Республикаңыздың басқа жақ¬тары түгілі, осы Оңтүстіктің өз тұрғындары Өгемді біле бермейді” — дейді ініміз. Айтса, айтқандай-ақ. Мақпал көлінің тереңдігі 80-100 метрге жете тұра, Түркі қағана¬тына қараған Байкал көлі тәріздес түбі көрініп жатады.
Тәңіртауыңыздың шығыс та¬ман¬ғы тұстарындағы баршаға бел¬гілі Сұлутөрден, Сусамырдан, Қар¬қара¬дан, Майтөбеден, тағысын-тағылар¬дан хабардарсыз. Ал Өгем өңіріндегі Сусіңген жайлауын білесіз бе? Оның да тылсымдары, сансыз бұ¬лақтар сі¬ңіп кетіп, қайта шы¬ғатын тұстары аз емес. Тіпті Шым¬кентіңіздегі Қошқарата өзені сонау Сусіңгеннен бастау алады дейтіндей де болжам бар. Сайрам тауларына қарата ба¬ғыт алсаңыз, Біркөлік, Дарбаза, Қас¬қасу, Сайрам шыңы, Сайрамсу, Бал¬дыберек, одан ары қарата атақты Ақсу-Жаба¬ғы¬лы қорығы шақырар. Асу-асу белдер мен белестер, балғын шалғындар, гүл¬жазира жазықтар, асау бұлақ¬тар. Қырмызы қыраттар. Ақсу өзе¬нінің бойы, ойы мен қыры, бас¬тапқы тұстарындағы шатқал¬дар, аршалы таулар мен құйқалы жо¬талар. Қай¬нарлар мен көлдер. Мәң¬гілік қар жа¬татын шың-құз¬дар¬дың баурайлары. Биіктен аңтарыла қарап тұрар арқарлар мен таңырқай бас шай¬қайтын таутекелер, қор¬баң¬дап көрі¬нер қоңыр аюлар. Тастан тас¬қа секіріп кекілік сайрар. Қақ төбеңізде қыран қалықтар. Төмені¬рек жақ¬тағы Машат аңғарлары, бағзыдағы марал кешкен машат-бұ¬лақтар, Ұзынмашат, Келтемашат, Дәубаба, қайтадан Қаратауға қарай – Қа¬ра¬үңгір, Қайыршақты, Қанай, Қос¬тұра, Таупістелі, Боралдай, Ақтас, Шыбықбел... Одан түстікке таман Бөген атырабы, барша қаза¬ғыңызға бөлекше қымбат Ордабасы биігі.
Оңтүстіктің туризмге сұранып тұрғанын айтатындар аз емес. Рас, нақтылы іс, тындырымды тірлік, жүйелі шаруа жетіспей тұрыпты. Біраз-біраз талпыныстар да жаса¬лу¬да. Алайда, атамекенімді аралай¬мын, кең-байтақ республикамды танып-білемін, талбесік-табиғаты¬ның қадірін жан-жүрегіммен ұғы¬нып, қасиетін қаныма сіңіремін дей¬тін, елсүйер, жерсүйер кім-кімге де жол ашық, мүмкіндік бар, аса өр¬ке¬ниетті болмаса-дағы, көркем¬ниет¬ті жағдай табылады деген ойдамыз.
Тоғызыншы жылдың алғашқы күнінде Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты таңғажайып тұстарынан фотосуреттер бетін ұсынып отырмыз.


СІЗДІ СҮЙГЕН ҚЫЗ ЕДІМ


«Махаббатым сізге, тағдырым да сізге арнала-а-ад...»
Бегімайдың жыры


Мен сізге қай кезде, қалай және қанша жасымда ғашық боп қалғанымды, неліктен мұндай дертке ұшырағанымды, қалайынша қатты сүйіп қалғанымды білмеймін. Әйтеуір бір күні, кешқұрымғы шақта, қас пен көздің арасында өзімнен-өзім қатты-қатты қуанып-қуанып кеттім. Жүрек шіркін алдымен алқынып, артынша алып ұша атқақтай жөнелді. Алқын-жұлқын күй кеше тұра бал татыған мұндай мезетті оңды-солды ешқашан бастан кешпегенімді түйсіне таңырқадым. Дәл сол сәтке дейін бойыма құйылып көрмеген құпия ағын аппақ құсқа айналып, жүрегімнің қай қалтасынан қанат қағып шыққанын қайдан ғана білейін. Ол омырауымды аялай сипалап бір өтті де, ой-санамды шарлай шығандады.
Әпкемнің балконында тұрып, жаңадан пайда бола бастаған ымырт жұлдыздарына қарадым. Жылы күздің жаймашуақ күндері жаңадан басталғантұғын. Бозқарағанның жапырақтары осы кезде керісінше көбейіп, қоюланып кететіндей көрінетін. Ал сәл былайырақтағы өріктің ұшар басы қызылжалқындана арай шашатын-ды аспанға. Менің болмыс-бітімімдегі бөтенше бұлқыныс, төтенше құлшыныс неден пайда болғанына бозқарағандар да таңырқайтындай. Өріктің төбе тұсынан туған жаңа жұлдыздардан жеткен сәулелер ме екен?! Дей бергенімде, сізді көрдім кенеттен. Ымырт қараңғылығы қоюлана қоймаған еді. Қызылқоңыр жейдеңіз өзіңізге жарасып, жымия күлімсіреп, жаныңыздағы кісіге әлденені әңгімелеп келе жаттыңыз сіз. Біздің балкон жаққа жалқы мәрте жанарыңызды аударсаңыз, ештеңеңіз кетпес еді ғой. Бірақ көз қиығыңызды да қимастан өтіп бара жаттыңыз. Мен балконның пердесінен сығалап, маңдайыңыздың сәл-пәл тершігеніне дейін байқадым. «Шіркін-ай, бір рет бері бұрылыңқыраса қайтеді», — дедім ішімнен. «Шүкіршілік», — дедім сонсоң. Сіздің мен тұрған балконнан бірер қадамдай ғана жерден өткеніңізге, жымия күліп жанымнан қадамдап бара жатқаныңызға шаттанғанымды айтсаңызшы. Сонда ғана, тек сол бір минөтте ғана манағы мезеттің, бал татыған, алып-ұшқан қуаныштың, алқына атқақтаған жүрек лүпілінің, аппақ құсқа айналған құпия ағынның — бар-баршасының себебі сіз, иә-иә, сіз екеніңізді сезіндім.
Сіз екінші қабатта тұратынсыз. Мен бірінші қабаттағы әпкемнің үйіне оқта-текте баратынмын. Сіз некен-нұқан көршіңізге кіріп, нұқыл әпкеммен әзілдесіп, жездеме әдейі ғана қарамағансып, бір шыны ғана шәй ішіп шығып кететінсіз. Бірте-бірте мен сізді қызғанатынға айналып бара жатқанымды және мұндай мінез-құлықтың өз еркімнен тыс пайда бола бастағанын байқадым. Иә-иә, әпкемді сізден емес, сізді әпкемнен қызғанатындай әдетпен де қашан және неліктен дерттенгенімді білмеймін.
Әуелгіде осы кісі маған да қараса екен, маған да әпкеме әзілдегендей әдемі күлімсіреп, қатты-қатты қалжыңдаса екен дейтінмін, олай болмады. Сіз жай ғана, қатардағы бала-шағаларға қарағандай бір көз тастап, кейде менен кішіректердің бастарынан сипалап, өте шығатынсыз. Кейде подъездің алдындағы арқалығы бар ұзынша орындықта әпкемнің балаларын ойнатып отырғанымда да сөйтетінсіз. Әрине, мен ол кезде сіз басымнан сипалай қоятындай кішкентай емеспін, көз тоқтатыңқырап кідірістейтіндей бойжеткен емеспін. Бірақ бұрыннан-ақ сіз көз қиығын салыңқыраса екен, жиірек назар жықса екен дегендей нысай-ниет бартұғын менде. Ал сізді әпкемнен қызғанатындай халге душар болғанымда, осы қылығымды бұлтартпастай мойындағанымда, жасым небәрі он төрттетұғын. Білдіңіз бе?! Білмейсіз оны, сезбейсіз де тіпті.
Біз Күншуақ қаласына жақындау ауданның орталығында тұратынбыз. Әрине, әпкеміздің үйіне жиі-жиі бара бермектің жөні жоқ. Қаладағылардың хал-жағдайы белгілі, сыры мәлім. Жездеміз жантайып жатып, мүлгігенді білер. Жұмысы аса ауыр. Қаншама жылдан бері фосфор зауытында. Айтуларына қарағанда, елу жасқа жетпей-ақ зейнеткерлікке шығатын көрінеді. Қашан барсаңдағы, қалғыған қалпынан айнымас. Амандасуға әзер әлі келетіндей. Әпкеміз ше, ол кісі жездемізді жерден алып, жерге салып, айлықтан-айлыққа аш-жалаңаш жететіндерін, мына жатысымен бұл дүние-жалғаннан дымға жарымай өтетіндерін жырлай жылап, құлақты жейді. Сөйтетін әпкеңе қалайынша қайта-қайта бара берерсің? Бертініректе байқағанымдай, әпкеміз сізге кетәрі емес сияқтытұғын. Көңілденгендей көрінетін сирек сәттерінде сіз туралы әңгіме бола қалса, бет-жүзіне жылу молырақ жүгіріп, бұрқырай беретін самай шаштарын жөндеп, жездемізге бір қарап қойып: «Құрдастардың ішіндегі құдай ұрып қойғаны біздікі ғой», — деп жымиыңқырайтын. Сол подъездегі төрт-бес отбасы иелерінің бәрі бір-бірімен құрдас екенін еститінбіз.
Сөйтіп, сол жолы сол бір бәсеңдеу балконда тұрып, бәріне де сіздің кінәлі екендігіңізге көз жеткіздім. Одан кейін ше, қаншама мәрте мізбақпай күттім сізді. Сол балконда. Әпкемнің ала-құлалау пердесіне жасырынып қадалар едім. Кешқұрым шақта. Бозқарағандар қалқайып, өріктің ұшар бастары өзгерген кездерде. «Кешқұрым шақ, қас пен көздің арасы; Жеті әлде сегіздердің шамасы. Көз тастайды қыз балконнан төменге; Қашан келер сағындырған ағасы?!» деп өлең жазуға дейін жеттім. Он бес жасымды қалада, әпкемнің үйінде атап өтпекті қаладым. Дос қыздарымның бір-екеуін шақырып тойлағанымызбен, ойлағаным сіз едіңіз, білсеңіз. Білмедіңіз бірақ та. Себеп тауып, өзіңізді көргім бар. Сіз жұмыстан оралар-ау деген сәт, сыртқа шығып отырдым. Бақытыма қарата жан баласы жоқ екен. Қызыл-қоңыр жейдемен, қоңырқайлау курткамен келе жатыр екенсіз. Бірер апта алдында пойызға мініп алысқа кетіпті деп естігем. Сағына түскем сарғайып. «Пойыздар, мені алып қаш; Таулардың арғы жағына. Қандай жан дерттен айықпас; Сүйгені келсе жанына!» Деп те жырлар құрағам.
Сіз шынымен-ақ жақындап келе жаттыңыз. Таяныңқырап қалғаныңызда, батылым жетіп орнымнан тұра бергенімде, алақаныңызға алақанымды қондырмаққа талпынып, қолымды созбаққа енді ұмтылғанымда, подъезден әпкемнің шыға бергені...
Әдетіңізше әзілдеп, күлімсіреген кейіпте әпкеме сәлемдесіп, кенет маған бұрылдыңыз. Бұрындары да оқта-текте көріп қалатынсыз, қарап қоятынсыз. Бірақ бұл бұрылысыңыз бөлектеутұғын. Әлде біз он беске толғанда басқаша  сезілдік пе, кім білсін-ай, кім білсін. Кідіріңкіреп бас-аяғыма байырқалай қарағаныңызды әпкем аңғармай қала алмас.
— Бүгін біздің Ақнұрдың туған күні, — деді әпкеміз менің алабұртып тұрғанымды түсініңкіремей, тымырайғысы келіп. — Он беске толып қапты. Дем-демде.
— О-о-о! Он бес жас деңіз. Құттықтаймын! — дедіңіз сіз менің қолымды оң алақаныңызға қондырып, сол қолыңызбен білегімнен ұстап. — Осы подъездегілердің сұлуы сенің әпкең ғой. Ал сен, Ақнұр, әпкеңнен де көркемсің!
Он бес жасқа толған күнімнің, жарық дүниеге келген күнімнің, туған күн кешінің қалай өткені жадымда жоқ. Жадымда — жағымды үніңіз. Алақанымда — алақаныңыздың жылуы. Ешқашан кетпес есімнен. Дос қыздарымның қай кезде келгені, қайтіп құттықтағаны, әпкем мен жездемнің не айтып, не қойғаны... Ойымда түк те қалмапты.
Сол кештен кейін, кім-кімнің болсын туған күнін атап өтпекке барсам болды, өзіңізді көз алдымнан кетіре алмаймын. Кетіргім келмейді. Алақаным ыси береді, білегіме қараймын келіп тесіле. Сіздің жазғандарыңыздың бәрін түк қоймай оқимын. Газеттен қиып алып, омырауымның ортасына бүктеп салып қоямын. Кейде апталап-айлап ештеңеңіз жарияланбайды. Ондайда аһылап-уһілеп шаршаймын. Сөйтіп жүргенде, жарқ ете қаласыз. Бүктелген газет қиындысы көпке дейін кеуде тұсымда сыбдырлап, сыбырлар. Қымбат қазынама айналған қиындыны ұйқыға жатарда жастығымның астына жасырармын. Газеттің бояуы кеуде тұсыма да, киім-кешегіме де, жастығыма да жұғып қалар. Оған қуанбасам, ренжімеспін. Қиындыны бетіме бассам, сіз сүйгендей сезінермін. Аңсап-аңсап кеткенде ше, ерніме тигізермін. Күндердің күнінде дүниедегі ең жағымды, аса ұнамды иіс мына милауыңыз үшін газеттің иісі боп кете барғанын білмейсіз сіз. Жалпы, сіз не білесіз өзі?! Түкті де білмейсіз. Ештеңені де сезбейсіз. Әпкемнің мені милау дейтінін де білмейсіз. Қиялиланып қала беретінімді, меңірейіп отыра беретінімді байқамайды дейсіз бе, біраздан бері әпкем мені Милау деп атайтынға көшкен.
Милау.
Бірер ай өткенде, әпкеммен қатты ұрсып қалдым. Оған да сіз кінәлісіз. Сіз туралы ойлап отырғанымда, әпкем:
— Не ойланып отырсың? Осы сен қыз данышпан ойшылға айналып алдың ғой! Милау болдың ғой! — деп ашуланды. Сізді елестетіп отыратынымды сезетін секілді.
— Сіз кімді ойласаңыз, мен де соны ойлап отырмын, — дедім. Содан кейін ол үйге бармай кеттім.
Сіздің жазғандарыңызды түк қоймастан тақырлап, кеміріп жеп оқимын. Сездірмедім ешкімге. Жан адамға. Қайталай-қайталай жаттап алатынмын. Іздеп-сұрап жүрер ем. Сағына аңсап сұрар ем.
Бірте-бірте сіздің бірдеңеңіз жарық көрді дегеңді өзімнен өзге біреу алдымен айтып қойса ше, ол адам кім болса ол болсын, жек көріп, жау тұтып, жанып кете жаздайтын ауруға ұшрадым. Тоқсан үшінші жылы сіздің қоңыр тысты, сыртқы мұқабасында жүректің бейнесі бар кітабыңызды дүкеннен көріп, қос қолдай ұстап бас салдым. Сөреден жұлып алып, сатушыға бар даусыммен:
— Мына кітап қашан түсті?!  —  деппін.
Айналадағы адамдар аңтарыла қарар, бәрі бірдей бұрылып. Сатушы шошып кетер. Шегіншектеп барып, таңырқай түзелер.  
Қырсықтығымның тұла бойымда тамырлана жасырынып жататынын бұрын да байқайтынмын. Бұлқынып сыртқа шығатынын сезетінмін. Кейінгі кездері мүлде өзгеріп барамын. Міне, мына мұнтаздай тап-таза, тып-тыныш, естері дұрыс кісілер бір-бірімен сыбырласып қана сөйлесетін кітап дүкенінде дүниені дүр сілкіндіріп, бүкіл биік үй-жайды бір сілкіндіріп тұрыппын. Дәл сол сәтте бұл қылығымды бағамдап, бар даусыммен сүрең сала сұрақ лақтырғаныма ұяла қойған жоқпын. Тіпті айқайлағанымды аңғармауым да мүмкін ғой. Жапырлай бұрылып қарағандарды да елемеген сияқтымын. Бар ділім мен дітім сіздің кітабыңызда еді. Қоңыр кітапты қос қолыммен қыса ұстап алып, алдымен ары төңкеріп, бері аунатып, тесілдім-ай телміре. Сыртқы қалың мұқабада жүректің суреті. Үстіңгі жағында сіздің аты-жөніңіз. Жүрек суретінің астында кітаптың аты. Ары да қараймын, бері де қараймын. Ал кітап сөрелерінің маңайларындағы қалың қауым: «Мына бір жап-жас қыз жынданған екен де, кітап дүкенінде несі бар байқұс баланың» дегендейін қоғамдық пікір түйіп үлгергенінде шаруам шамалы. Тек кейіннен ғана шегіншектеп барып таңырқай түзелген сатушының абыржыңқыраған тұрпатынан ғана түсініп, бәсеңірек тартқандаймын:
— Қашан түсіп еді бұл кітап? — дедім дауыс екпінімді еселей кемітіп.
— Көп болған жоқ, — деді сатушы әлі де өзіне-өзі келе алмай.
— Қаншауы келді? — дедім қайтадан қырсыға бастап.
— Үшеуі, — деді әлгі әйел көзін жыпылықтатып.
— Ешкім алмады ма? — дедім тістене.
— Жоқ.
— Онда үшеуін де беріңіз маған!
— Ашуланбай-ақ айтсаң болмай ма, шырағым? — деді сатушы әйел есін енді-енді жиыңқырап.
Сол қоңыр кітабыңыз тоқсан үшінші жылғы маусым айында шыққан. Бағасы бар болғаны елу бес тиынтұғын. Мен жынданған адамдай сіздің сол қоңыр тысты кітабыңызбен сөйлесетінмін. Бір бетін ашып біра-а-аз сөйлеп отырамын. Екінші бетін аударып және бірдеңелерді айтамын. Кітапқа айтамын, кейіпкеріне айтамын, сізге айтамын. Осылайша төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз. Сезбейсіз.
Өзгерейін, енді сізден ұялмауға сөз берейін деп шештім бірде. Есіңізде ме, мен сіздің кітабыңызды қолтығыма қысқан күйімде қолтаңбаңызды қойдырып алмақ мақсатта, алдыңызға бардым. Қайдан қалсын есіңізде, менен басқа да оқырмандарыңыз көп шығар сірә. Ұзыншалау биік үйдің бірінші қабатындағы дәліздің түкпіріне таман отыратынсыз. Буын-буынымды билей алмай кирелеңдеп, оның үстіне көзім бұлдырап, кірдім-ау, әйтеуір. Амандастым. Сіздің не деп жауап қатқаныңызды естімедім. Жанарыңыздан түкті де сездірмедіңіз. Сүлесоқ, салғыртсыз. Көзіңізден ештеңені оқытпадыңыз. Оқи алмағам. Ерініп отырғандайсыз. Табан астынан жыным қозып, қырсығым қабындады. Есіктің жанындағы айнадан да сіздің сықпытты көзім шалып, одан сайын жындана түстім.
— Алдыңғы буын ағалар, неге сонша қатыгезсіздер? — дедім.
— Неге олай дейсің? — дедіңіз.
— Солай, — дедім мен.
— Сендер, бізден кейінгілер алдыңғылардан да қатқыл болайын деп тұрсыңдар ғой, — дедіңіз сіз.
— Мен газеттің иісіне ғашықпын, сенесіз бе? — дедім мен.
— Ә-ә, журналист болайын деп жүрген қыздардың бірі екенсің дә? — дедіңіз сәл тірілмекке талпынып. — Қазір қаламгер қыздар көбейді ғой. Біздің уағымызда бірен-саран еді.
— Мен көптің бірі емеспін, — дедім мен тістене түсіп.
— Көптің бірі деп тұрғам жоқ, айналайын, журналист болғысы келетін қыздар аз емес дегенім де.
— Мендей қыздар көп емес, — дедім сізбен салғыласа ұрысқым келіп. — Мен де жазып жүрмін. Бірақ сіздер оқымайсыздар ғой ондайды.
— Қандайды? — дедіңіз тірілмекке талпынған түріңізді қайта өлтіріп.
— Оны қайтесіз, бәрібір оқымайсыз.
— Әпкелеріңе бармай кеттің-ау, осы? — Тағы да тірілетіндей түрмен осылай дегенсіз.
Жүрегім аузыма тығыла жаздаған. Байқайды екен-ау, іздейді екен-ау мені! Деп үміттенгем. Не дерімді білмегем.
— Мен сізді түк қоймастан, тақырлап, кеміріп жеп оқимын, — дедім батылым жетіп. Әгәрки, сонда бар ғой, орныңыздан тұрып кеп қолымды алғаныңызда, алақанымды алақаныңызға қондырғаныңызда, сіздің мойныңызға асыла кетпекке әзір ем мен...
— Рахмет, — дедіңіз тек қана. Өлі күйде ғана.
Әлі де оянар, неғыпты сонша, бірдеңе дер, ең құрығанда құмығыңқы үнін құлағыма сіңіріп әкетермін дегендейін қиял құшағына еніп, елтіген ем. Бәрібір сіз сол күйі үн қатпадыңыз. Үн-түнсіз отыра бердіңіз. Ұсынған кітабыма селқостау ғана санаулы сөздер жаздыңыз.
Іштей булыға жылап, көз жасымды шығармай еңіреп мен кеттім. Есуастың санасынан шықпайтын елестейін сонда да ойдан кетпейсіз. Салқын жазды деген қолтаңбаңыздың қаншалықты қымбат дүниеге айналғанын білмейсіз ғой қазір. Білмейсіз, түсінбейсіз, сезінбейсіз. Бірер минөт бұлқан-талқан түтігіп, тұла бойымды ыза кернейді де, іле-шала сағына бастаймын сізді. Жастығымның астындағы қоңыр кітапты алып, қысамын-ай кеудеме, басамын-ай бетіме.
Сүлесоқ, салғырт отыратын сізді оятып, өзіңізді өзгерткім келетін. Әншейінде әзілдеп, жымия күлімсіреп жүретін әдетіңізден неге жаңылғансыз? Әлде жұмысыңыз жайсыздау ма? Немесе бірдеңе жазарда осылайша назарыңыз назалы жүресіз бе?
Өзімше өзгешелеу деп санаған бір дүнием газетте жарияланды. Оқыды ма екен деп ойлаумен болдым. Білгенше, көргенше асықтым. Сәті түспеді, ығыты икемделмеді. Қайтадан қырсықтым. Қайткен күнде де бір басылымға орналасып алып, көптің бірі еместігімді дәлелдегім келді. Бір газеттің бас редакторына кірдім. Әлгі дүниемді алып бардым. Қиындысын.
— Мынаны оқып шығуыңызды өтінемін, — дедім бас редакторға шегелеп, шегендей сөйлеп.
— Оқыдым, — деді ол. — Сен қыз бізге мектепте жүргеннен жазып тұрушы ең ғой. Оқта-текте болса да. Бұ жазғаныңда бірдеңе бар сияқты. Ұнады.
— Бірдеңе бары рас па? — дедім.
— Айтып отырмын ғой, жаттанды емес, жасандылық жоқ, — деді бас редактор.
— Мені мектептен білесіздер ғой?
— Білеміз. Жас тілшілердің тізіміне жыл сайын ілігетінсің.
— Олай болса, мені жұмысқа аласыз!
Бас редактор басын қисайта кекжиіңкіреді.
— Орын жоқ қой, оның үстіне...
— Ненің үстіне? — деп қырсықтым мен.
— Оның үстіне мамандық алып үлгерген жоқсың әлі. Солай емес пе?
— Былтыр құлап калғам. Биыл түсемін, — дедім мен.
— Солай де. Сен әуелі түсіп алғын. Сосын бізге оқта-текте емес, жиі-жиі жазғын, жарай ма? Орын босап жатса, көрейік.
— Түсемін. Сырттай бөлімге. Сіздің газетке қалайда орналасамын.
— Батылдығың ұнап тұр, — деді бас редактор жымия қарап. Біздің жақтағы Мәдениет сарайында жерлес қаламгеріміздің мерейтойы өтетін еді. Ондай-ондай кештерді онша жақтырмайтын бәлем бар ғой. Сіздің келетініңізді сезіп, сол тойды асыға күттім. Күнді батыра алмадым. Сәт-сағат соқты-ау ақырында. Қанат біткендей ұша жөнеліппін, сіздің қарсы алдыңызға топ етіп қоныппын. Сағынғаным соншалық, ешкімге де, ештеңеге де мән берместен, жылымай қойған жанарыңызға жақыннан, жаныңыздан қарап, бетіңізден сүйгім келді. «Сүйіңізші мені!» — деп сыбырлағым келді.
Сіз қолымды ғана алып, бас изедіңіз де өте шықтыңыз. Бар елеп-жебегеніңіз сол болды. Онша өкінбедім. Көргеніме, алақаныңызға алақанымның жанасқанына қуандым. Бақытты санадым өзімді. Келмегеніңізде, көрмегенімде ше, нендей күйге түсер едім. Дедім.
Мерейтойдың жиналысы тәмәмдалғанша төралқадағы сізден көзімді алмағам. Тойдың дастарқанына бардық. Қарсы бетіңіздегі үстелге жайғасып, рахаттана көз қанықтырдым. Жалқы мәрте назар жықпадыңыз. Бәрібір, сіз қатысқан жерде бақытты екенмін, көңілім көркейіп, жаным жай тауып, жүрегім елжіреген. Бірақ бидің кезінде бәрі қайта бүлінді. Жан дүнием астаң-кестең, іштегі қырсық сыртқа андыздады. Ыдыс-аяқтың бәрін шетінен қиратқым келіп, аласұра алақтадым. Себебі сол, сіз басқа біреумен қайта-қайта биледіңіз. Мені қаперіңізге алмадыңыз, көзіңізге ілмедіңіз. Бізді біреулер, сізден басқалар шақыра бастады. Созсам қолым жетпеді-ау сізге. Арманда қалып жердің астымен қаштым. Сол жылы сырттай оқуға түсіп, баяғы бас редактор уәдесінің үдесінен шығып, газетке жұмысқа орналастым. Не жазсам дағы, сізден қаймығып, қатты қиналысқа түсетінім нем?! «Осынымды ол кісі оқиды-ау!» — деп, бір жазғанымды мың мәрте жөндейтінім қалай? Сіз оны да білмейсіз. Сезбейсіз. Түкті де білгіңіз, сезгіңіз келмес. Сонда да сіздің анау шығармаңыздағы сұлу қыз сияқты лирикалық кейіпкермен бірге шомылғым келер. Жоғарғы сыныпта жүріп ғашық болатын бозбала кейіпкеріңіздің орнына өзіңізді қойып, ұзақ-ұзақ түндер бойы ұзақ та ұзақ хаттар жазғым келетін. Бірінші болып өзімнің сүйгім келетін. Басқаны емес, тек қана өзіңізді. Әпкемнің балконы алдында жылы жымиып, күлімсірей әзілдеуін мүлде ұмытқан, енді селт етпеуге кеткен сізді сүйгім келе беретін.
Газеттің жаңа, жас тілшісі екендігімді малданып, бозқарағанның биігінен нұрланатын ұмытылмас жұлдызыма алданып, алдыңызға жиірек барғыштадым. Бірер айдың жүзінде он бардым ба, жүз бардым ба, білмедім. Айтпақ түгіл сездірмекке бата алмай, қайта қайтам, қайтейін. Сау қайтпаймын, әрине. От боп жанам іші-сыртым алаулап. Сіз сол күйі манаурап...
Осылайша күндер кетті нешеме!
Айлар өтті қаншама!
Жылдар да жылжып-сусыды!
Баяғыда, сіздің шуағыңыздан шоқ түскенде сары жапырақты күз еді ғой, күз еді-ау. Өріктің басы қызылжалқынданып тұрған. Міне, жетінші күз келіпті. Күні ертең бәрі-бәрі қардың астында қалмақшы, менің жетім сезімім жеті күзді өткерді. Жеміссіз. Ендігі жерде мен сізді мазаламаспын. Бармаспын алдыңызға. Алмаспын алтыннан қымбат уақытыңызды. Елемей-ақ, елтімей-ақ қойыңыз.
Менсінбеңіз мені.
Сүлесоқ, салғырт отыра беріңіз.
Меңірейіп.
Ризамын сізге. Не үшін? Дерсіз-ау бәлкім. Бәрі үшін. Мені өзіңізге ғашық ете алғаныңыз үшін. Үндемеңізші тіпті. Үнсіздік те сізге жарасады. Мың алғыс сізге. Себебі сіз маған емес, мен сізге ғашықпын ғой...
Деп, қоштасып-ақ бақтым өзіңізбен. Болмады. Екі күнге әзер шыдадым. Қайтадан табысып, кітабыңызды аймалап сүйіп, ақын болмасам дағы, әлденелерді шимайлаймын келіп: «Мен сізді сүйген қызбын, бірде от боп жанамын, бірде мұзбын. Өзгелердің бақытын күндемедім, желкен жалғыз, жанымыз бір деп едім. Қиялымда сүйгенде күз еді, күз. Аспандағы жұлдызым сіз едіңіз... Білмедіңіз бе, жеті күз жылағанымды?! Тағдырдан тек сізді ғана, сізді тек қана сұрағанымды. Жеті күн емес, жеті жыл бойы аңсадым сізді. Жаныма серік еттім сыбаға-мұңды...»
Бетімнің сүт шұңқыры ойыла оймақтанушы еді. Жеті күз өткенде ше? Енді қырлауыттана қиылып, қияс сызықтанар. Сұрқайлана тайыз тартып, әжімге айналып кете барар кетіліп; «Ұмытылар сан ғасыр мен сан ғалам. Ұмыт болар сиқырлы үнмен салған ән. Ұмытылмас бейнеңіз бар жанымда. Ұзақ ғұмыр тілейінші Алладан.»
Міне, өзіңізге соңғы рет кірдім.
Сонда соңғы мәрте кіріп отырғанымды да сезбедіңіз сіз. Түсінбедіңіз түкті де. Мейлі дағы, амал қанша?!
Сол күні күйеуге шықтым.
Артымнан қалмастан азаптанатындардың біріне: «Алып қашуға батылың жете ме?» — дедім. «Қаш-ша-шан?!» — деді ол. «Бүгін, дәл қазір», — дедім мен қырсығым түгел сыртыма шығып, ыстығым тұтас ішіме түсіп.
Амал нешік, күйеуге тигеннен кейін де сізге телефон соғатын болдым. Сіздің: «Иә, бұл кім? Тыңдап тұрмын», — деген сөздеріңіз және, әрине, үніңіз мен үшін қаншалықты қымбат екенін білмейсіз. Біле алмайсыз. Сізге содан бермен қарата үнемі қоңырау шалатын беймәлім жанның кім екенін сезесіз бе? Сезбейсіз. Өзіме-өзім ұрсып, жер-жебіріме жетемін. Сөйте тұрып-ақ телефонның құлағына қолымның қалай барып қалғанына таңырқаймын. Тоқтай алмаймын. Даусыңызды, әлгіндегідей сөздеріңізді естіп отырамын дағы: «Бар екен ғой, аман жүрсінші», — деймін іштей күбірлеп, тұтқаны орнына қойып. Күндердің бір күнінде... Арғы жақтан бөтен біреу, бейтаныс дауыс жауап қатып, аңсар-үнді естудің өзі арман боларын ойласам... Зәрем ұшатын.
Осыдан үш күн бұрын сондай сұрапыл сағат соққандай сенделдім. Сөйтсем, сізді әлгі ұзын да биік, үлкен үйден шығарып жіберіпті ғой дөкейлер. Сізге адам көп келеді, басқа кеңсеге көшірілсін. Деп шешіпті де. Ал мен шынымен-ақ шейіт кете жаздадым. Қазір телефоныңыз да жоқ екен. Содан осынау жазбамды шимайлап, бұрынғы біраз хаттарымды да қоса жолдап отырмын. Бәрінің де еркі өзіңізде. Бір бума хаттарымды алып барар сенімді досым айтады: «Кітаптардағыдай дос болып қалмайсыңдар ма?» — деп.
Дос болмай-ақ қойыңыз. Қасым деп қабылдамасым анық.
Тек аман жүріңізші.
Сәлеммен, сізді сүйген АҚНҰР.
2001 жылғы күз басы.


САЙРАМ-ӨГЕМ ДЕГЕНДЕ, САЙРАМ-ӨГЕМ...

      
Өгемге өрлеп келеміз.
       Сайрамның сайдауыл шыңдары сол жақта, қазық жұрттың қазанатындай Қазығұрт тауы оң қапталда қалып барады.
       Өгемге өрлеу оңай емес. Айналма жол арғы бетте. Біз Бадамсуды басынан кешіп, анау-мынау мәшине маңайлай алмас асу-асу белдермен көтерілдік. Жапондар жасайтын жылмағай жүйріктің самдағай жүргізушісі Тасболат батыр меңгерікті (руль) меңгерген-ақ екен. Су терге түскенімен, саспайды-ай.
       Сіздің тілшіңіз темір көліктің есік ендігіндегі, төбе тұсындағы тұтқалардан тастай қатып, қос қолдай қысып ұстап, әрең амалдайды. Ал, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жеңісбек Тұрғанов теп-тегіс асфальтпен келе жатқандай-ақ. Жайбарақат отыр. Қиналмайды, қыңбайды. Ыңылдап қояды тіпті.
     Теңіз деңгейінен екі мың метрге жуық биіктікке көтеріліп, көліктен түстік.
       Өгем өңірі көгілдір-жасыл мұнарға оранып, көз алдыңда көлбеп көрінер. Ана-а-ау арғы беттегі биікте ешқашан ерімейтін үш жолақ қар — Үшқар жатыр. Жолбарыстың жонындағы жолақтар секілді. Бірақ, ақ жолақтар. Батыста бағзыдағы аңыздарға арқау болған Бақшелпек. Шығыстағы шыңылтыр шыңдар Сайрамның ұлы құзарларына ұласар. Тү-ү-у төменде Өгемсудың ирелеңдеген аққайнар арнасы ағараңдайды.
     Өрелі, өрісті Өгемге де, сайлары сулы, шатқалдары нулы, сұлу Сайрамға да, сұқтанушылар әзелден бермен қарата аз болмаған. «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем; Қайғы-уайым шектің бе, қайран Өгем?! Садақ қадап Сайрамға шапса жауың; Қашанғыдай құйылар қайдан өлең...»  деген әуелгі кезеңдердегі әннің сөзі талайлы тағдырдан тауарих танытар.
     Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғанда қатты қуанғандардың бірі біз  едік. Бас директордың байыптауларын тыңдап, темір көлікке қайта қондық. Ұлттық парк дегендеріңіз дүние жүзінің көп елдерінде баяғыдан бар. Америка Құрама Штаттарында алғашқы ұлттық парктер осыдан жүз отыз жыл бұрын құрылған. Бүгінде бүкіл жер шарында олардың саны екі мыңға жетеқабыл. Ал жер көлемі соншама үлкен Қазақстанда оннан аспай тұрыпты. Отызға жетсе шіркін-ай, дейсің ойтолғаққа беріліп.  
     Дүние жүзіндегі ұлттық табиғи парктің бірқатары белгілі бір мемлекеттердің ұлттық байлығы болып қана қоймай, жалпы адамзаттық жауһарлар, бүкіләлемдік маңызды мұралар тізіміне енгізіліп отыр.
   Шынын айту абзал шығар. Қазақ жеріндегі ұлттық табиғи парктер өркениетті елдердегі ұлттық табиғи парктердің деңгей-дәрежелеріне жету үшін әлі көп-көп әрекеттер керек. Түбегейлі түрде көзқарас өзгермегі ләзім. Өкінішке қарай, әзірше олай емес. Табиғат-Анаға деген қарым-қатынасыңыз тап осылай жалғаса берсе, түптің-түбінде өзек өртер өкінішке ұрынарыңыз хақ.
     Әне, бір бүйірден аңыздағы Қырыққыз қылаңытты. Сәл төменірек сайдың беткейінен Күйеутас көрінді. Өгем өңіріндегі кеңшарлар мен ұжымшарлардың малдары кеткелі сай-салалар мен таулы-тасты беткейлердегі бар-барша өсімдік, әсіресе, сиреп кеткен арша қалыңдай түсіпті. Кілдірей көгеретеін кішкентай арша көшетттерін кеміре суырып, тұяқпен қиятын малдың азайғаны бір есептен табиғаттың есесін толтырып жатқандай.
     Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғаи паркі 2006 жылы құрылды. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң да тап сол жылы қабылданған еді. Парк аумағы негізінен төрт аймаққа бөлінеді: 37,3 пайызы немесе 55589,4 гектары қорықтық, 13,2 пайызы немесе 19711 гектары туристік-рекреациялық қызмет, 8,8 пайызы немесе 13124,6 гектары экологиялық тұрақтылық, ал 40,7 пайызы немесе 60628 гектары шектеулі шаруашылық жүргізу аймағы. Парктің жалпы жер көлемі 149053 гектар. Осының ішінде Өгем филиалына  76573 гектары, Төле би филиалына 45509 гектары, Түлкібас филиалына 2697 гектары қарайды.
       Жоғарыда айтқанымыздай, Жеңісбек Тұрғанов басқаратын бұл парктің 110 қызметкері болса, оның 100-і мемлекеттік инспекторлар. Жеңісбек мырза елу сегіз жасқа енді іліккен кәнігі орманшы-маман. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының орман факультетін бітіре сала осы саладағы қызметке қызу кірісіп кеткен. Оның ішінде отыз бір жылдан бері басшылықта. Ондаған жылдар бойы облыстық орман шаруашылығы басқармасын басқарды. Бірер үзілістерден соң осы Сайрам-Өгем тағдыры сеніп тапсырылған. Қазақ жерінің, атамекеннің тамылжыған табиғатын төлтума қалпында сақтамаққа, орман шаруашылығын көркейтпекке қажырлы үлес қосып келе жатқан Тұрғанов «Оңтүстік Қазақстанның таулы өңірлерінде грек жаңғағын өсіру ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Отырар ауданының құрметті азаматы. ОҚО мәслихатының депутаты.
— Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркін құрудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шаньның, яғни Тәңіртаудың  Қазақстан бөлігіндегі таңғажайып табиғатын сақтап, қорғау және адам игілігіне ізгілікті ниетпен пайдалана білмекті жүзеге асыру. Табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен нысандарды ғылыми негізде зерттеп-зерделеу, қалпына келтіру. Табиғи ресурстарлың тұрақтылығы мен тепе-теңдік күйін және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. – Жеңісбек Тұрғанов мырза осылай айтады.
       Десе, дегендей-ақ. Ұлттық парктің 19 пайызы немесе барлық жер көлемінің 27553 гектары — орманды атыраптар. Жазиралы, далалы алқаптардан бастап биік-биік альпі көкмайсаларына дейін кездесер. Аршаның алуан-алуандары 500-600, тіпті 4000 жылға дейін жасайды. Өгемсу мен Сайрамсудың бастапқы тұстарында ешбір жақтың қайыңдарына ұқсамас, қайыспас-қайсар қазақы қайың өседі. Жабайы алма мен жабайы жүзімнің таңғаларлық түрлері, өрік пен алша, сары долана, қызыл долана, жаңғақ, жиде, алмұрт сияқты жеміс ағаштары, шырғанақ, итмұрын, таупісте, қарақат, таушие сияқты емдік қасиеті көп жидекті, бұталы және шөптесін өсімдіктер қаншама! Сондай-ақ тал-теректің нешеме түрлері, шетен, ұшқат, тобылғы, тағысын-тағылар... Қайран-ай! Кезінде шетелдік зерттеуші ғалымдардың аттарымен аталып кеткен Қазақ қызғалдақтарын айтсаңызшы! Олар ғылымда Грейг, Кауфман қызғалдақтары делінеді. Қызыл кітапқа кірген.  Парктің аумағында өсімдік дүниесінің 1635 түрі, шөп жейтін сүтқоректілердің 59, құстың 300 түрі бар. Жануарлар немесе хайуанаттар әлеміне келсек, қоңыр аю, қасқыр мен түлкі, қабан, тауешкі, арқар, елік, борсық, қабылан мен тағылан (жайра) жиі-жиі көрінер. Жақында Сайрам-Өгем ұлттық паркі туралы деректі фильм түсіру қолға алынғантұғын. Осы Өгем орман айналымына келген соң түсіруші топ Мақпал көліне сапар шеккен. Диірменбастау шатқалында парк басқармасының бөлім бастығы Талғат Кенбай бастаған топ дәрілік өсімдіктерді түсіріп жүріп, борсықты кездестірген. Қыратқа көтеріле бере қабан өтіпті қорсылдап. Үшқар биігінің төменгі тұсынан он төрт тауешкі санапты. Кешке қарай Мақпал көліне өтетін асуда күннің батар сәтін камераға түсіріп, таңертең тұз себілген тұсқа (жалаққа) келетін жануарларды бақыламақты жоспарлаған төрт адам қоналқаға жатады. Сол тоғызыншы шілде күні таң ата бере, сағат бес жарымда тауешкілерді түсірмекке әзірленіп, артқа бұрылып қарағанда, мініс көліктерге жақындап қалған екі бірдей тау барысын байқайды. Камераның сыртылынан бір барыс қаша жөнеледі. Екіншісі ешкімнен де, ештеңеден де айылын жимай, «Өгемтаудың қожасы өзіммін» дегендей алара қарап, бір минөт аялдап барып бұрылып кете барған. Түсірушілер тобының төбесінен сол сәтте бес ұлар ұшып өткен. Одан соң жалаққа жиналған таутекелер  сүзіскен. Өгемдегі инспекторлардың бірі Тағайбек Батырбаев: «Тау барысы немесе қар барысы сирек көрінеді. Әлгі екеуі жалаққа келетін тауешкілерді аңдып жүруі мүмкін», деп болжайды. Орманшылардың айтуынша, барыстар 25 жылдан бері алғаш рет көрінген.
Ұлттық парк құрылғалы үш жылда бірталай тірлік тындырылыпты. Инспекторлар жазғы, қысқы арнайы киімдермен қамтылған. 53 мініс ат, 57 рация, 39 қызметтік қару, 6 жеңіл автокөлік алынған.  Жүз инспектордың 43-і орман телімдеріне тікелей бекітілген. Олардың  бәрі тау шатқалдарындағы кордондарда. Электр жарығы жоқ болғандықтан, күн батареясымен қамтамасыз етілген. Парктің төлқұжаты, символикалық рәміздері бар. Инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары жасалған, қаржыландыру жоспары бойынша биылға бөлінген 102 миллион теңге орманды күзету, қорғау, қалпына келтіру, биотехникалық ғылыми-зерттеу және тағы басқа нақтылы шараларға шып-шырғасы шығарылмай жұмсалуда. Қазығұртта,Төле биде және Түлкібаста тәлімбақтар жасалған.
Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті республика бойынша «Парк шеруі» акциясын ұтымды ұйымдастырып жүр. Осы «Парк шеруінде» де Сайрам-Өгем ұжымы озып келеді. Акция барысында қоғамдық ұйымдармен, жалпы жұртшылықпен, әкімдіктерден бастап өзге де  мекемелермен байланыс нығая түседі. Табиғат пен адамдар арасындағы түсіністік жақсарады. Жас көшеттер отырғызылып, бастау-бұлақ көздері, орман алқаптары қоқыстан тазартылады. Бұл іс-шараларға мектеп оқушылары мен студенттер көбірек жұмылдырылады.
Ұлттық  парктің негізгі міндеттерінің бірі – туристер мен демалушыларды молырақ тартып, олардың тынығып, демалуына, табиғат таңғажайыптарын тамашалауына жағдай жасап, қызмет көрсетіп, жергілікті бюджет пен өзінің арнайы есеп шотына қаржы түсіру.2007 жылы парк аумағында екі мың адам туристік және рекреациялық мақсатта демалған болса, 2008 жылы 3718 адам, ал 2009 жылдың өткен айларында төрт мыңға жуық адам демалды.
— Бұл өте-мөте аз, — дейді бас директор күрсініп қойып, темір көлігіміз қинала ышқынып көтерілген қиындау қияны меңзеп. — Жолымыз түсіп, өздерінің арнайы шақыртуымен биыл АҚШ-тың ұлттық парктерінде болып қайттық. Салыстыруға қиналамыз, қазір олардағы мынадай таулардың үстіне дейін ғажайып, сапасы өте жоғары асфальт  жолдар салынып қойылған. Несін айтайын-ай, аға...
Сайрам-Өгем қызметкерлері қолдан келгенінше тырбанып-ақ жатыпты. Үш деректі фильм шығарған. Буклеттер, суретті кітапшалар, плакаттар, күнтізбелер, парақшалар бар. Газеттер мен журналдарда, радио мен теледидарларда оқта-текте көрініп тұрады. Соңғы екі жылда 5 кордон (қызметтік үй) туристерді қабылдауға икемделіп жөнелді. Қазір демалушылар үшін екі киіз үй кешені, аңшылар үйі, 88 демалыс алаңы, 5 шолу алаңы, 6 сауна қызмет етеді. Әрине, олардың бірқатары әжептеуір-ақ, өкінішке қарай, көпшілігі әлі жұпынылау күйде. Анау-мынау кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Көкбұлақ өңірлерінің өзгешелігі білдірмей жіберетіндей. Әттең, көзқарас пен қаржыландыру өркениетті елдердегідей, шын мәніндегі мемлекеттік  және ұлттық тұрғыда болса, ең алдымен жолдар жөнге келтірілсе, кәнеки.
— Біріккен Араб әмірліктері тарапынан Сайрамсу жағына қызығушылық білдірілуде. Заңнамалық негізде, бірлесе пайдалану үшін олар сегіз жарым мың гектар жерді ресімдеуде, — дейді Тұрғанов мырза. — Есесіне инфрақұрылым жағына үлкен жәрдем жасалмақшы.
Айтпақшы, Сайрам-Өгем ұлттық паркінің жерін төлқұжатқа сәйкес түгендемек тіпті де оңайға түспепті. Алғаш 26 тұлғаға заңсыз беріліп кеткен 513 гектар орман қоры сот арқылы қайтарылып алынған. Одан кейін сол Түлкібас және Төле би аудандарының әкімқаралары әкелерінің жері секілді кім болса соған үлестіріп жіберген жерлер бойынша жұмыс басталды. Тексеріп қараса, паркке қаратылған өзендер мен бұлақтардың бойларын меншіктеп алған 44 жер иеленуші шыға кепті. Жер дауы қашан жеңілге түскен дейсіз?! Түлкібастағы 35, Төле бидегі оншақты жер иеленушіден соттасып жүріп, 805 гектарды қайтармақ оңай болған жоқ. Әлі 12 тұлға бойынша сот органдарына тиісті материалдар өткізіліп, қаралуда.
Өгем филиалының директоры Бақтияр Мақатов — дене пішімі кең-мол, даусы күркіреп шығатын жігіт ағасы екен, нағыз таудың перзенті. АШИ-дің орман шаруашылығы факультетін тәмамдағалы жиырма бес жылдан бері осы салада. Маржандай Мақпал көлі, Сусіңген және Баршакөл, Әулиетас, Қырыққыз бен Күйеу тас, аршалы шатқалдар мен беткейлер — баршасы осы Бақтияр басқарған бөлімше аумағында. Үш жүз гектардан аса бау бар. Ескірген, тозған. Жәйлап жаңартып жатыпты. «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес биыл 16 гектар алқапқа Алматыдағы академик Жанғалиевтің тұқым бағынан сұрыпталған алмалардың төрт сортын әкеп отырғызыпты. Осындағы орман инженері Бақберген Батырбеков, аға орманшы Жаңабай Мақұлбаев, мемлекеттік инспекторлар Түменбай Қожанов, Нұржан Дәрібаев, аңшы-биолог инженер Бақытжан Қараев — байырғы орманшылардың ұрпақтары. Осы аймақта Амангелді дейтін ақжүрек орманшы қар көшкінінен қаза тапқан екен. Жап-жас, балғын жігіт шағында. Сол Амангелді Жабаевтың өрен-жарандары тап біз барған күні марқұмды еске алуға кетіп бара жатып, Екіншікескен биігінде жолыққан. Жалпы, орманшылардың басым көпшілігі бұл кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа, атадәстүр ретінде жалғасытрып жүр. Баяғы Түристік База, Біргөлік, Нысанбек шатқалдары, Сайрамсу шыңы зорайған таулар, Қасқасу, Керегетас, Қорғантас, Сарыайғыр, Сілбілі, Сазаната аңғарлары, жота-жондары, өзен-сулары қарайтын Төле би филиалының директоры Еркебай Ережепов, меминспектор Аймахан Омаров, Төртінші айналымда туристер демалатын үйді күтіп ұстап, тәлімбақта (питомник) жас көшет баптайтын Сайрамбай Ақымбеков, Үшінші айналымдағы жылқышы Абзал Тастанбеков пен сол үйдегі сәлем сала иіліп тұратын Жауһар келін, Көкбұлақ, Иірсу, Дәубаба, Машат шатқалдары, балықты көлі мен Балықтысудың бас жағы, Қайыршақты сағасы мен Шүрен айналымы қарайтын Түлкібас филиалындағы Сәбден Қынтаев, Ұласбек Кенбаев, ағайынды Мейірбековтер, тағысын-тағылар — бәрі де өз істеріне керемет берілген, майталман мамандар. Ілгерідегі Мейірбек, Байырбек, Мергенбай сынды атақты орманшылардың ізбасарлары.
— Аға, бізді мақтап, атап-атап жазбасаңыз да болады. «Егемен Қазақстан» ел газеті ғой, жалпы жұртқа бар дауыспен: «Табиғат-Ананы аялаңыздаршы! Ең-ең ерекше ескеретін нәрсе — өртке, иә-иә, өртке себепкер болмақтан сақтаныңыздаршы! Сақтаңыздаршы туған жердің келбет-көркін! Айналайын гүлдерін!» деп жазыңызшы», — деді Өгем филиалын басқаратын Бақтияр гүрілдей қайнап жатқан Өгемсудың үнінен естімей қала ма дегендей, бар даусымен күркірей сөйлеп. — Ең-ең бастысы — өртке жол бермеу ғой, аға! Жетпіс екі шақырым жер Өзбекстанмен шектеседі. Олар шекара қоршауларын тап-тұйнақтай етіп қойған. Ал біздің шекарамызда әлі күнге дейін белгі жоқ. Намысың келеді. Кейде өрт сол жақтан шығады... Құдай сақтағай, әйтеуір. Былтыр жиырма жеті гектар өртенді. Биыл аманбыз, тіпә-тіпә. Мыңтоқым жақтағы Тәңірберген сайына атпен бір тәулікте әзер жетесің. Қайбір кезде бізге қараған Мыңтоқымның кей тоқымдары жер бөлісте Өзбекстанға қарап кетті. Ішің ашиды, амал қанша... Қалған телімдерді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Кеше 539 нөмірлі Джип мәшинесіне мінген екі адамды қуып шықтым аумақтан. Шіреніп, темекі тартып келе жатыр. Жотада Алдаберген, еңісте Әнуар дейтін инспекторларымыз түсінік жұмысын өткеріп, әбден ескерткен-ақ екен. Екі мәрте. Үшінші мәрте маған кездесіп, түтіндет-е-е-п отыр. Қуып шықтым. Джип боса кәйтейін! Дөкейлер боса кәйтейін. Бұлақтардың бойында, өзендердің жағасында темекі тартауға арналған жерлер аз емес. Танауыңды құрт жеп бара жатса, шек шылымыңды сол орында. Жо-оқ! Жолда, мәшинеде тарту керек екен дә ондайларға. Одан соң да, аға, адамның қанын қайнататын прокурорлар, салықшылар, әкімқаралар, полицияның шіренгендері (облыстан, қалалардан, аудандардан жететін), тағысын-тағылар саяхатқа, демалуға келеді де, тәртіпке сәйкес төлейтін титімдей тиынға тіс сындырып, күш көрсетіп тұрып алады ғой. Оларға не дейсіз?! Сондайлар құртады ғой табиғатты!
Бақтиярдың ашуы жуықта басыла қоймады.
Төле би филиалында да осындай әңгіме. Жақында ғана Диқанкөл ауылының үш азаматы ұсталыпты. Ұстау кезінде қаруларымен қарсылық көрсеткен. Үшеуінде де — мықты-мықты мылтықтар. Қызыл Кітапқа әлдеқашан еніп, жойылуға шақ қалған Мензбир суырының екеуін атып алыпты. Шығын 1018400 теңгені құрайды. Қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылды. Сотталып тынды.
— Бағана АҚШ-қа барғанымды айттым ғой, — дейді Жеңісбек Тұрғанов. — Өздерінің шақыртуымен бір айлық оқуға барғанмын. Олардағы табиғатқа көзқарас, ұлттық парктердің инфрақұрылымы, жолдар, иә, әсіресе, жолдар керемет қой, керемет! Халықтың санасы түбегейлі өзгеруі керек-ақ. АҚШ-тың ұлттық парктерінде қасқырлар қасыңда жүре береді. Еліктер де, арқарлар да, құстар да қолыңды қытықтай иіскеп, алақаныңнан жем жейді. «Егемен Қазақстаннан» Өмірбек Байгелді ағайдың «Неге?» деген дүниесін оқыдым. Шынында неге біз жыртқыш боп кеткенбіз?! Сана-сезім, табиғатқа жанашырлық қайтсек өзгереді? Америкада зейнеткерлер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, балалар, жалпы жұртшылық табиғатты аялап-күтуге, қорғауға жаппай жұмылған. Тәртіпсіздікке, бүлдіруге жол бермейді. Жедел қарсылық танытады. Қоғамдық пікірге үлкен мән беріледі. Бізде жекелеген жебірлер көп нәрсені шешіп жатады. Жақында Бекет атаға да барып көрдім. Маңғыстаудағы. Пір Бекет әулиенің маңында арқарлар адамдармен араласып, емін-еркін жүр. Демек, әулиелі, киелі Бекет ата басында адамдар арқарларға тимейді. Жануарлар да соған орай икемделген. Демек, барлық жерде — ұлттық парктерде, орман шаруашылықтарында дәп солай, әулиелі, қасиетті орындардағыдай сана-сезімге көшсек, бізде де басқа елдердегідей жемісті нәтижеге жетуге болады екен. Білдіңіз бе?
Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем... Сіздің тілшіңіз үш күннің ішінде ұлттық парктің бірталай жерін Жеңісбек мырзамен бірге аралап шыққан. Бір таңданарлығы: Қайда барсаңыз-дағы, баяғы біртуар басшы болған Асанбай Асқаровтың ізгі іздері алдыңыздан шығады. «Ай, айналайын Асқаров-ай! Өзіне түк те жағдай жасамай, елге, жерге, мемлекетке болсын деген асыл азамат еді. Сондай абзалды да соттатып жібердік-ау...» деседі ақсақалдар аһ ұра.
Өгем тағдырын ол кісі тереңнен ойлап, шағын су электр стансаларын салуды, Қазығұрт-Келес өңіріне бұрмақты болжап, біраз тірлікті бастап үлгерген екен. Қасқасу шатқалының бір бүйірінен «Кіші Медеу» атты кешен жасауды жоспарлап, жол салып, жоғары кернеулі электр желісінің бағаналарын тартқызып, түкпірге дейін жеткізіп қойған екен. Әнебір жылдары қайран қайраткер жүргіздірген сол биік-биік бетон бағаналардың басындағы сымтемір тоналып бітіпті. Енді бағаналар құлатылып, күл-талқан етіліп, арасындағы арматураларды ала бастапты. Ұлттық парктің қызметкерлері қажыр-қайрттарының жеткенінше қорғап бағуда. Асқаров сынды абзалдың аман қалған, асқаралы шыңдарға ұмтылған бағаналары: «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем ...» деп, ежелгі ән әуеніне үн қосатындай. Осы жерде айта кеткен абзал болар, біржарым жыл бұрын «Егемен Қазақстан» «Дерт дендеген дендробақ» атты көлемді материал жариялап, Шымкент дендробағының аянышты ахуалы туралы жазған еді. Міне, қазір облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен лайықты қаржы бөлініп, дендробаққа су келмек, күрделі жөндеу, емдеу жүргізіліп жатыр. «Шіркін-ай, Асқаровтай асылдың бастап кеткен басқа да істерін Асқардай жаңа әкім жалғастырса ғой», деседі талай-талай аға буын өкілдері.
           Біле-білсеңіз, бұл ұлттық парктің өзекті мәселері аз емес. Ең алдымен, өрт сөндіру автомашиналары, ең кемі алты трактор, екі автомашина, 50 мініс ат, 25 мотоцикл зәру түрде қажет. Одан кейінгі өзекжарды мәселе — орман айналымдары бекітілген мемлекеттік инспекторларды арнайы үйлермен (кордон) қамтамасыз етіп, аумақтың үздіксіз қорғалуын күшейту. Кордондардың тоқсан пайызы 40-60 жыл бұрын салынған ескі-құсқы құрылыстар. Қазіргідей қарқынмен күрделі жөндеу өткізгеннің өзінде он жыл уақыт керек-дүр.
Ұлттық парктің құрылғанына үш жылдан асты. Кәдуілгі талап тұрғысынан қарағанда, өзінің арнайы кеңсесі, ұйымдастыру орталығы, зертханасы, музейі, қоймалары мен гаражы болуы тиіс. Бұл үшін әзірше Шымкент шаһары аумағынан 3,1 гектар жер резерв ретінде белгіленіп отыр. Алайда, Үкімет қаулысы шықпаса, мәселе шешіле қоймайтыны аян.
Ұлттық парк құрылған кезде қасиетті Қазығұрт тауының енбей қалуы өкінішті-ақ. Қазық жұрттай Қазығұртыңыз қазір қатардағы мал жайылымы, тас алынатын кеніш ретінде азып-тозып барады. Қысқасы, Қазығұрт және Төле би аудандарына қарасты осы он мың гектар таулы алқап ұлттық парк қарауына берілуі қажет. Сондай-ақ, сол маңайдағы Ұлыжұрт, Кішіжұрт, Бәйбіше деп аталатын атыраптар, Ақбура аңғары, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен сынды әулиелі орындар да мал жайылымы ретінде аяқасты боп жатыр. Оларды да Сайрам-Өгем ұлттық паркінің құрамына қосу немесе айрықша қорғалатын аумақ мәртебесін беру — бүгінгі ділгір діт.
Байырғы орманшы, майталман маман, білікті басшы Жеңісбек Тұрғановты толғандырар жағдаяттар жетіп-артылар. Орманшы мамандар даярлауды жан-жақты ойластырмақ, жергілікті жерлерден жастарды тартып, гранттар қарастырмақ ләзім. Табиғи аумақтар басшылары мекеменің өз қаражаты есебінен жергілікті жастарды келісімшарт арқылы жоғары оқу орындарына жіберу мүмкіндігіне ие болса. Себебі, өзге жақтан келген жоғары білімді жастар тұрақтамайды. Айлықтары аз, қызметтік тұрғын үйлер жоқ. 2002 жылы республика бойынша орман саласы «оңтайландыруға» ұшырады. Балық шаруашылығы бөлініп кетті. Орман саласының өзі жоғарылы-төменді органдарға бөлек-бөлек бағынатын бірнеше мекемеге қарауға көшті. Осының салдарынан соңғы жылдары бұл сала құлдырамаса, көркейіп дами қоймағаны білетіндердің баршасына белгілі. Бұл орайда да ойластыратын мәселелер жеткілікті. Көптеген өзендер мен бұлақтардың бойында әкімқаралардың, өзге де қолынан келсе қонышынан басар құзырлылар мен бай-бағландардың небір мал-мүкәммәл кешендері көбейіп, Табиғат-Ананың су көздері сұрқайланып барады. Қазақстанда қазір орман шаруашылығына арналған басылым жоқ. Үлкенді-кішілі өзге елдердің бәрінде керемет газеттер мен журналдар шығарылады. Бұл да  — ойланарлық жәйт.
Сайрам-Өгем — ұлт байлығы. Мемлекет мерейі. Оның ойдым-ойдым ормандары мен асқар-асқар алып таулары Оңтүстік өңірін Алатау арқылы Алтаймен, ары қарата Сібір және Моңғолия қыраттарымен, ал түстік тұста Памир мен Қарақорым арқылы Бұланайдай биіктермен жалғастырып жатыр. Теңдесі жоқ тау бұлақтарынан құралар Қашқансу, Сайрамсу, Өгемсу бастаған өзендер, 2100 метр биіктіктегі Мақпал көлі, төрт мың жылдан бермен қарата тербеліп тұрған алып аршалар. Таудың текті барыстары...
Аман сақтайық. Ана-Табиғатты аялайық. Баға жетпес байлықтың қадірін білейік!


САУНА


Кәсіподақ әлемі кеңестің тұсында коммунизмнің мектебі дегенге дейін көтеріліп барып, Сы-Сы-Сыр тарағаннан кейінгі бірер жылда қайта тұрмастай күйреп түскентұғын. Одан соң сегіз-тоғыз жыл өткенде, мына бертінде ғана шалажансарланып болса дағы басын қалқайта бастады ғой. Соның бір дәлелі шығар, осы Ойпаңбел ауылынан, қыста да қып-қызыл күйінде сақтала беретін, қанттан бетер бал татитын қара дарбыз өсіруге маманданған «Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен үш адамға жолдама бөлінді.
Қара дарбыз өсіретін бір ғана серіктестікке үш бірдей жолдаманың                  берілуі — үлкен оқиға. Біреуінікі Сочиге, екіншісінікі Адлерге, үшіншісінікі Анапаға еді. Алғашқыда курортқа баратын үшеуі үрпиісті. Бір-бірімізден адасып қаламыз ба, неге бір жерге бермеген десті. Кейіннен сауал салыңқырап, тәптіштеңкіресе, қорқатын дәнеңесі жоқ, бір-бірін телефон арқылы тез тауып алмаққа, барыс-келіс жасап тұрмаққа мүмкіндіктері жетіп-артылатын сыңайлы.
Жолдамалар желтоқсан айыныкі еді. Мұның өзін де сан-саққа жүгіртушілер табылды. Ешкім алмағаннан кейін, жыл аяқталып, ойбай-ау, жылыңыз не, тіпті толайым-тұтас ғасыр тәмәмдалып бара жатқан соң, күйіп кететін болғандықтан, осы Ойпаңбелге қарата итере салған ғой, баяғы кәсіподақтың күші мен темірдей тәртібі қайда-а-а-а. Дескендер аз емес-ті.
Кім не десе, о десін, Ойпаңбел ауылындағы «Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің серілерінен саналмаса дағы, қыстық қара дарбыз, т.б. өсіріп, нарыққа икемделіңкіреп қалған, жер түбіндегі курорттарды көріп қайтпаққа жағдайлары жетерлік жігіт ағалары табылмай қалған жоқ. Екі мыңыншы жылдың желтоқсан айы жаңа басталған күні Сайрамбай және Тастыбай мен Шубай Шымкент аэропортынан ұп-ұзын ұшаққа отырды. Курорт һәм санаторий мәселелері жөнінде Сайрамбайдың бірқатар жинақтаған тәжірибесі бартұғын. Бұрындары бір-екі рет кеңшар жолдамасымен осы маңайдағы «Манкент» деп аталатын шипажайда, одан соң сексенінші жылдардың соңына таман «Сарыағаш» курортында, тағы бір-екі мәрте аудан жақтың қамқорлығымен Алматыдағы «Алатау» демалыс үйінде болып қайтқан. Сол себепті, Тастыбай мен Шубай айналып келгенде, Сайрамбайдың аузына қарағыштайды. Әрқайсысы төрт-бесеуден қыстық қара дарбыз алды. Өздері еккен, өздері суарған кәдімгі қара дарбыз. Қыс түсіп, қар жауып, аяз қысқан сайын қайта күшіне кіріп, қызылы қыз-қыз қайнайтындай алабұртып, тәттілігі тыз-тыз етіп тіліңді түрткілейді. Сырбаздау Сайрамбайдың ұсынысын терлеп-тепшіп бас изей беретін ұзынтұра Тастыбай да, сәл шермиген қарнын біраз-біраз бұлдайтын Шубай да қызу қолдаған. Сөйткен қара дарбыздың қорлығы да аз болмады. Ұшаққа мініп-түскенде, темір көліктердің бірінен екіншісіне және үшіншісіне ауысқанда, қоржын-қосқалаңдарына қоса төрт-бесеуден алған дарбыздарын домалаңдатып көтеру оңайға соқпады. Шубай әлсін-әлсін «әкенің аузынан» жіберіп, қайта-қайта қарнын сипалап, бұрқылдай берді. Тастыбай екі метрдей ұзын бойы екі бүктеліп ирелеңдесе де, сәл бұйраланып маңдайына жабысып қала беретін бурыл шашының ұшынан ащы тамшылар сорғаласа да, қабағын шытпады. Сайрамбай сол сырттай сыпайы қалпы, кеңес тұсындағы кеңшар кезінде директордың орынбасары болғандығы білініп тұрады екен дә. Қазір де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басында жүр, оның үстіне жасы да үлкенірек қой.
Сочи мен Адлердің арасы жақындау, ал Анапа әжептеуір алыстау екен. Сайрамбайдың жолдамасы Сочиге, Шубайдыкі Адлерге, Тастыбайдыкі Анапаға еді. Шубай тымпиған күйінен танбады, титтей де сыр берген жоқ. Ал аспа жол алтыға жарылар айрық тұсқа тірелген шақта Шубайдың артында имие сорайып тұрған Тастыбай көзінің жиегі жасаурап, шынымен-ақ көңілі босады. Мұны көріп, Сайрамбай бүй деді сонда:
— Мына сықпытыңды ауылдағылар көрсе, машқара-ай, не дер еді?!
— Кім біледі, Сәке аға, — деді Тастыбай ирелеңдеген ұзын бойынан үні әзер шыға дірілге буылып, түк те намыстанбастан, танауын тартып. — Жаман айтпай, жақсы жоқ, көрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегенді арғы-бергі ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Асқазанымның бүрі кетіп, қышқылы кеміп жүргені болмаса, келініңіздің қасынан шыққым жоқ еді, жүдә. Олай-былай боп кетсек, балалар жас қой, аға...
— Жә, жетер-жетер! — деді Сайрамбай мырза түсін суытыңқырап. — Ауған асып баратқан жоқсың, мамыражай маңайға, кеуілімжай курортқа кеп тұрсың. Қай-қайдағыны гөйітіп... Мұның нең-и, а?!
— Жаңағы өзің айтқан, арғы-бергі ата-бабаларың бар емес пе? — деді Шубай Сәкеңді қолдап, «Қазақстан» темекісін тұтатып. — Бергілерін қайдам, арғылары арғымақтарын суарған, өзіміздің өзен-суларға кеп тұрмыз ғой. Сәке, солай емес пе?
— Міне, Шубай шырақ жөн айтады, тауарихты терең біледі бұл, — деді Сайрамбай айнала-төңіректі тұтас бір шолып өтіп. — Сонау Түркі қағанатының тұсында алмауыт мінген ермауыттарымыз емін-еркін жайлаған жерлер ғой бұл.
— Қайдам, Ойпаңбелден Шымкентке жеткенше жүрегім қатты суылдап               еді, — деп, жүдә қоятын емес Тастыбай.
— Бүгін-ертең адаптациядан өтсең, бірсүгүні келіншек іздей бастарсың әуелім, — деп Сайрамбай әзіл араластырды. — Ал жақсы, өзім хабар аламын, үш күннен соң Шубаймен бірге барып қайтамыз, қорықпа!
Бәрібір Тастыбай екі серігімен қайта-қайта құшақтасып қимай қоштасты.
Қара дарбыздың жол-жөнекейгі азабынан курорттағы рахаты әлдеқайда асып түсті. Ойпаңбелдіктер ешқандай кедергісіз, көзді ашып-жұмғанша дейтіндей өте жылдам және аса жайлы орналасты. Қара дарбыздың арқасында Сайрамбайды сәнді ғимараттың төртінші қабатындағы, теңіз жақ беттегі екі адамдық ерекше бөлмеге жіберді. Ең үлкен дарбыз бөлмелерді бөлетін әйелге қарай домалай жөнелгенде-ақ, күлгін шашты сары қатынның кірпіксіздеу көздері күлмеңдей жыпылықтаған. Тағы бір дарбыз дәрігердің тікелей өзіне қарай домалады. Үш дарбызды кейінге сақтап қойды.
— Жаныңызға жайлы адам жіберемін, — деген күлгін шашы сирек, саусағы ирек сары қатын.
Уәдесінде тұрды. Сол күні кешкі сегіздер шамасында, секпіл бет бала жетектеген, жасына қарасаң, Шубаймен шамалас, бойына қарасаң, Тастыбай құралыптас, бірақ толықтау, аса жайдары жігіт кіріп келе жатты. Екі езуі екі құлағынан асып, күллі курортыңызды қоса күлдіріп кіргендей еді.
— Кирилл! — деп, гүр ете түсті де, тағы күлді. Секпіл бет баланың аты Сережа екен, ол дағы ыржияды келіп.
Кирилл Сысоев Кәрелиядан, Петрозаводск деген шаһардан екен. Өзі кім екенін, қайдан екенін саңғырлап айтып жүр, анау-мынауларын жайғастырып жүр, жарқылдап күлуінен тағы танбайды. Танысып-білісіп, қолын ұсынып, диванын жөндеп, секпіл бет Сергейін айналып-толғанып, демнің арасында кішкене кереует алдырып, бәріне үлгеріп, бәрін тындырып жүр.
Сайрамбай адамдарға тым қатты таңдана бермеуші еді, Кәрелиядан келген Кириллге бөлекше сүйсініп отырды. Аққөңіл екен, ашық екен. Суық жақтың адамы сияқты емес. Таныстықтың құрметіне Сайрамбай балконның бір шетінде төбедей дөңкиіп жатқан қара дарбыздың үлкенірегін сойып тастады. Кирилл мен Сережа бұндай бүтін дарбызды жөндеп жеп көрмеген болып шықты. Екеулеп сипалап, ары да қарап, бері де қарап, таң-тамаша қалысты. Ойпаңбелдік Сайрамбайдың қара дарбызды қақыратып сойысына ауыздарын аңқайтты. Қыстық қара дарбыздың иісі Сочидің ең биік тұсына орналасқан жеті қабатты жатынжайдың төртінші қабатын түгел алып кетті. Тіпті кейбір қабаттардан есіктерін ашып, таңсық иіске танауларын тоса таңырқағандар табылды. Сайрамбай рахаттана ләззаттанып, дарбызын тіліп, жаймалай тізіп отырып, Кириллдің қабықты қауын секілді тықырлай кеміріп, ал Сережаның шопақ тастамастан, қылғытып жатқанын байқамапты. Аңдаған сәт абыржып:
—  Ойбай, Кирилл, дарбыздың қабығын кемірмейді! — деп айқай салды. — Қызылын ғана жеп, ақ қабатын бір елідей қалдыру керек. Әйтпесе, басың кеңгіріп, жүрегің айнып бәле болады.
— Дәнемесі де жоқ, білем ғой, бірақ бұл жолы қабығымен қоса жегім келіп тұр, — деп қарқылдай күледі Кирилл.
— Ал сен, Сережа шырағым, шопағын жұтпағын, оны да тастап отыру керек, — деді балаға.
Сережаның өзі бір, секпілдері екі күліп, түсіндім дегендей басын изесе, алтынсары, жібектей жұқа шашы құлдыраңдаған құлынның кекіліндей желпіл қағады.
Үш күннен кейін Кирилл екеуі алдымен Адлерге барып, Шубай мырзаның жағдайымен танысты. Жаман емес. Әжептеуір тыңайып, ыңылдай әндетіп жүріпті. Қара дарбыздың хикаясы онда да осал емес көрінеді. Одан соң үшеуі Анапаға қарай тартты. Алыстау екен. Небір тау қияларында екі мәшине қабаттасып өте алмайтын тар қолтықтар мен ирек иіндер көп. Қарсы келе жатқан темір көлік қашан жетіп, өтіп кеткенше тоқтап, күтіп тұратын жағдай жиі кездеседі.
Тастыбай ыржалақтап күле береді. Көзіне жас алып, қай-қайдағыны сандырақтаған екі-үш күн бұрынғы қылығы есінен шығып кеткен. Ұшып-қонып, ұзын бойы алқын-жұлқын ирелең қағып, жай табатын түрі жоқ. Ақырын Сайрамбайды былайырақ шетке шығарып, інжәпия құпиясын айтып тынды.
— Сәке, сырымды айтпасқа лажым жоқ, — деді Тәкең төрт бүктеле иіліп, әжептеуір алабұртып. — Жан адамға айтпайсыз ғой, әрине.
— Сенбесең, өзің біл, айтпай-ақ қойғын, — деді Сайрамбай алабұртқан ауылдасына бұрабұртып.
—  «Біреудің үйрегі біреуге қаз көрінеді, біреудің қатыны біреуге қыз көрінеді» деген ып-рас екен, Сәке. Біреуді тауып алдым. Көрсетейін бе?! Әне, ана-а-ау отыр, Сәке! Ана-а-ау...
— Кәне-кәне, қайсысы? — деді Сайрамбай жетінші қабаттан төмен қарап. Қалың ағаштың арғы жағындағы оңаша орындықта отырған толық әйелдің денесі, қазақша айтқанда, түйенің жарты етінен кем емес-ті.
— Кер-ремет! — деп күлді Сайрамбай. — Құттықтаймын, Төке!
— Енді, кешіріп қойыңыз, біздің укусы (вкус дегені) осындай, Сәке. Абайсызда алып қойған келініңіз де өзім секілді кирелеңдеген бәле ғой, — деді Тастыбай. — Сіз білесіз бе, мен атақты айтыс ақыны Нөсерхан Нәлібековаға да сыртынан-ақ, айдалада, алыста жүріп-ақ өлердей ғашық болып, үш-төрт жылдай алашқа белгілі ақын үшін аһылап-уһілеп өліп қала жаздағанмын, Сәке. Дертімді жан адамға білдірмей, ішімде тұншықтырып, әйтеуір аман қалдым ғой сонда. Тоқсаныншы жылдардың басында.
— Апыр-ай, а?! — деп таң қалды Сайрамбай.
— Сәке, өте бір қиын жағдай боп тұр, — деді Тастыбай табан астынан қатты қиналыс танытып. Сайрамбай қорқайын деді.
— Немене, ауру тауып қалдың ба, әлде ақшаңды тонатып алдың ба?!
— Жоқ, ә. Келініңіз төртке бөліп негізгісін ышқырыма тігіп тастаған. Ақша жоғалмайды.
— Енді немене боп қалды? Қиын жағдайың — не жағдай?
— Біз тап осы қазір анау төменде отырған ғашығым екеуміз теңіз жағасына, оңаша кетпекке уағдаласқан едік. Алғаш рет! Енді сіздерден шыға алмай қалайын деп тұрғанымды қараңызшы! Қап...
— Ойбай, бара бер! Жолдарыңнан қалмаңдар!
— Ұят болады ғой, Сәке. Пәлен жерден, ердей, үшеуіңіз бірдей кеп қалған екенсіздер, қалай тастап кетемін?! Білмей тұрмын. Басым қатып тұр, Сәке!
— Еш саспағын, ермауытым! Бар, бара бергін, — деді Сайрамбай Тастыбайдың арқасынан қағып, желкесінен нұқып. — Мен себеп тауып айтамын жігіттерге, қыдыртамын оларды. Алаңдамай алға тарт, Тастыбай мырза!
Тастыбай жетінші қабаттан секіріп кете жаздады.
—  Ой, рахмет, Сәке! Жақсылығыңызды ұмытпаспын. Ренжітіп алам ба деп, қатты қорқып ем.
— Кімді? Бізді ме?
— Жоқ, анау төмендегі сүйіктімді... А-а, ие-е, сіз... сіздерді де...
Сонымен, не керек, ойпаңбелдіктер курортта көңілді демалды. Қыз-келіншектерді қойыңызшы, ең бастысы, Кирилл Сысоевтай дос тапты. Аңқылдаған ақкөңіл Сысоевтың бала-шаға дегенде шығарға жаны жоқ. Өзі Петрозаводскідегі, яки Кәрелиядағы баршаға белгілі балалар үйін басқарады екен. Мына Сережа да өзінің ұлы емес, әлдебір ауырлау сырқатынан айыға алмай қиналып жүрген жетімек болып шықты. Алайда өз баласынан бетер асты-үстіне түсіп, мәпелегенін көргенде Кириллді біздің ойпаңбелдіктер одан сайын жақын тартып, жақсы көріп кетті.
«Шірке-е-ен, баяғыда біздің қазекемдер де жетім балаға дәл осындай мейірбан еді ғой», — десті.
Қоштасар күннің қарсаңында Кирилл мырза сауна ұйымдастырды. Бөтен бірдеңе ойлап жүрмеңіздер, саунада қыз-келіншектер болған жоқ, ағай-е-ен. Тек ойпаңбелдіктер оңаша рахаттанды, Кирилл кеңесші ретінде қызмет жасады. Обалы нешік, Ойпаңбел курортшылары ондай саунаны алғаш рет көрген еді. Сүйек-сүйектері саңғырап, буын-буындары балбырап, жұмақтағыдай жадыраған ЖШС белсенділері Сысоевқа алғыс жаудырып, достықтары нығая түскенін мәнерлей меңзеп, мең-зеңдеу күй кешіп отырғанда, ол:
— Бірақ бұл — нағыз сауна емес, — деп мәлімдеді.
— Сауна болмаса, сонда бұл не? — деді буалдырлау бу арасынан Тастыбай мырза.
— Мынау бу болмауы керек шығар, сірә, — деді көзі ашықтау, логикасы мықтылау Шубай мырза.
Сайрамбай мырза сөз шығындамай, рахаттана жантаяды.
—  Шын мәніндегі саунаға түсемін десеңдер, Кәрелияға келіңдер, — деді Кирилл. — Нағыз сауна бізде ғана. Кәрелдер мен финдерде ғана!
— Несі бар, барамыз! — десті ЖШС белсенділері, — Әй, шынымен-ақ бір барып қайтсақ қайтеді, а?!
— КамАЗ-ымыз бар ма, бар. Қара дарбызды лықа толтырайық, айнала-төңірегін киізбен қымтайық. «Қайрансу және К» ЖШС кімнен кем осы, а?!
— Қысыңыз жазға бергісіз боп тұрыпты, қатып кетер еді ғой, барып қайтсақ, ә?!
—  Бізде дарбыздың бір тілігі тоқсан рубль тұрады, — деді Кирилл. — Егер дарбыз апарсаңдар, біз балалар үйіне ем үшін сатып алар едік.
— Қой, Кирилл, ондайды айтпағын, — деді Сайрамбай өзінің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) басында жүргенін аңғартып. — Бізді сен саудагер деп отырсың ба? Бір КамАЗ дарбызды сыйлық ретінде апарамыз.
— Иә-иә, солай, Сысоев! Бізге шын саунаны көрсетсең, сол жетеді, — деді Тастыбай.
— Ең бастысы, сенің елің мен жеріңді, орман-суыңды көріп қайту ғой біздікі, — дейді Шубай.
Осы жерде Сайрамбай іштей аздап намыстаныңқырады. Баяғыда кеңшар директорының орынбасары еді, осал емес-ті. Енді білдей серіктестіктің басында жүрсе де, таяқ тастам тұстағы, бұрындары обкомның демалыс үйі аталған жерде облыс бойынша алғаш салынған саунаға бір барып көрмепті-ау, масқараңыз осы емес пе?! Кириллді керемет жақсы көре тұра, ішіндегі осынау ойына батып-шығып, шығып-батып, тұншығып отырды. Кирилл немістерге қатты ұқсайды екен. Ойпаңбелде де әр түрлі ұлттың өкілдері тұрған. Немісі бар, орысы бар, басқасы бар дегендей. Обалы нешік, осы отырған үшеуі де немістер мен орыстардың пайдасын әбден көріңкіреген. Қалай дейсіз ғой? Ол былай еді. Мәселен, базарға сиыр апарып сатуға бел байладыңыз делікші. Қайран қазекемнің сиырына күдікпен қарап, мұрнын шүйіретін де — сол қазекемнің өзі. Сондықтан бұлар сиыр сатуға неміс таныстарын жалдайтын. Неміс сататын сауын сиырға Қарақұрақтың базарында қырық қазақ таласады да, баға аспандайды ғой, баяғы. Себебі белгілі. Логикаңыз мықты емес пе, аңғарып, бағамдап үлгерген шығарсыз. Өкінішке қарай, сексенінші жылдардың соңына таман Ойпаңбелдің төңірегінде неміс қалмады. Одан соң орысты пайдаланатын болды бұлар. Орыс сататын сиырға отыз қазақ таласар.
Ал енді бүгінде неміс дегеніңіз емге табылмайды, орыс бауырлар да некен-нұқан.
Ойпаңбелдік курортшылар Кириллдермен құшақтасып, сүйісіп, қимай-қимай қоштасқан еді сөйтіп.
Ауылдарына келгеннен кейін Сайрамбай, Тастыбай және Шубай жан-жақты ақылдасты. Ақырында, қазақ дейтін бүкіл бір ұлттың атына кір келтірмеу үшін, қазекемді сөзінде тұра алмайтын, уәдесін орындай алмайтын, алдамшы халық атандырмау үшін Кәрелияға барып қайтпаққа бекінді бұлар. Ұлы сапарға аттанар алдында жолдас-жораларының бәрін болмаса дағы, нарық заманына әжептеуір-ақ икемделіп қалғандарын маңдайларынан қара дарбыздай шертіп-шертіп шақырып, арнайы мәслихат өткізді. Ақыл-кеңестің де, артық-ауыс ақшаның да пайдасы тимеді дей алмайды бұлар. Қазақстаннан шыққанша қай жағынан да қатты қиналыс тапқандарын жасырмайды және де. Сәтін салғанда, Ресейдің һәм, Кәрелияның һәм қысы май тоңғысыз, мамыражай боп тұрыпты. МАИ-лары да біздікіндей емес, дікеңсіз, дігірсіз және нысай-ниеті түзу, нысапты болып шықты.
Бір КамАЗ қара дарбыз Кәрелияны түгел тойдырғандай еді. Кирилл Сысоев басқаратын балалар үйіндегі дарбыз тойы бүкіл дүние жүзінде болып көрмеген ірі оқиғаға айналды. Ойпаңбелдіктер, қаншама нарық заманы дегеніңізбен, қара дарбыз үшін көк тиын алмай, көл-көсір дүниені толайым-тұтас балалар үйіне сыйға тартты. Ұлан-асыр дастарқаннан артылған үйме-төбе қырманның қалғанын Кирилл Сысоев тап-тұйнақтай қоймасына кіргізіп алды.
Саунаның көкесін көрген қазақтар үш-төрт күннің әрқайсысында екі реттен түсіп, бәрібір құмарларын қандыра алмай-ақ қойғаны. Ойпаңбелдіктердің жүректері мықты, әрине. Оған дейін саунаның өзі не, көкесі не екенін бұлар онша біле бермейтін. Сысоев мырза алғаш өзінің саунасына, сосын сол қаладағы орташа мырзаның моншасына, қорытындысында «Элит» дейтін ерекше саунаға апарды. Әр түрлісі туралы қаншама аңыз айтыла тұра бұларға, яғни ойпаңбелдіктерге ұнағаны Сысоевтың саунасы еді. Өзгелерін онша ой-саналарына сіңіріп, түбегейлі түрде түсіне алмады. Кириллдікі кәдімгідей-ақ кәллаға кіреді, оның үстіне сай-сүйегіңе шым-шымдай еніп алатын хош иісті ғажайып бірдеңесі бар. Бассейні де табиғи, қара дарбыздай қарапайым, ішіне түссең, ішіңнің ыстығын алып, сұлу торы аттай қунатып, қуантып шығарады. Қайтадан қайнаған ыстыққа құлшынасың.
Кирилл Сысоев ары ойланып, бері ойланып, ақырында ақылды амал тапты. Қазақстан тараптан келген достарына бір КамАЗ толы кереметтей ағаш тақтай тарту етті. Тарту-таралғы мен сый-сияпат осындай-ақ болар. Қарағайы мен самырсыны аралас, құрылыстың қандай төресі үшін де таптырмас тақтайлар еді. Сысоевыңыз сыйлықтың барлық құжаттарын түгендеп, тіпті Кәрелияның жергілікті ресми өкімет орнынан арнайы хат жаздырып берді. Ол хат Ресейдің, Қазақстанның жергілікті өкімет орындары мен жол-жөнекейгі шекара, кеден, МАИ, т.т. және т.б. органдарына құлаққағыстұғын. Үшбу хатта кеңпейілді қазақ халқының Сайрамбай, Шубай жөне Тастыбай атты ақжүрек азаматтары алыс Кәрелия еліндегі жетім балалар мекендейтін үйге бір КамАЗ қара дарбыз сыйлағаны, мұндай мейірбандыққа жауап ретінде кәрел халқының өкілі Кирилл бір мәшине ағаш тақтай тарту жасағаны баян етіліп, ешқандай бөгет тудырмай, кедергі келтірмей, қайта Ойпаңбелге дейін аман-есен жетуіне көмек көрсету жөнінде өтініш айтылған. Кішіпейіл ғана, түсінікті түрде.
Жол-жөнекей талай жерде тоқтатқандар бұлардың мәшинесіндегі керемет тақтайларға ауыздарының суы құрып тұрып қарайды. Қарайды да, түрлі-түсті еріндерін жалайды. Мәшиненің алдына бір, артына екі шығады. Құжаттарын ақтарады, кілтипан етердей ештеңе таба алмайды. Бірдеңені тауып-ақ алғысы келіп, тағы үңіледі. Ақырында әлгі халықаралық маңызы бар, ұлтаралық мәні зор хатты оқиды. Оқиды да: кейбіреуі күрсінер, кейбіреуі күлімсірер.
Үш күн түгелдей тәмәт-тәмәм етіліп, төртінші күннің ымыртында бұлар Ойпаңбелге де жетіп жығылды.
КамАЗ толы тақтайдан жұртта жоқ сауна салу туралы мәселені бұлар Кәрелияда, Кириллдің үйінде отырып-ақ шешіп қойған. Шынында да бұл дүниенің ұжмағы кәрелдің саунасы екен ғой. Кәрелиядағы Кириллдің саунасындай саунаңыз сонау Сочиде де, Адлерде де, Анапада да жоқ.
«Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің саунасы жаңа жүзжылдықтың алғашқы жылының жазында пайдалануға берілді. Бұл кезде қас қылғандай-ақ Шымкент шаһарын жыпырлаған сауналар қаптай бастаған болатын. Сонда дағы, ауылдық аймақтарда кездесе қоймайтын құбылысқа қайран қалушылар аз емес-ті. Жаңа жайдың лентасын кәттә бір бастықтың өзі келіп кесті. Ауылдағылардан бұрын аудандағылар т.б. жақтағылар жариялы түрде де, жариясыздау, жасырындау жағдайда да түсе бастады.
Тастыбайдың денсаулығы қайта-қайта сыр беріңкіреп, қатты-қайырым мәселелерге қараңқырамай, іссапарларға жараңқырамай қалғандықтан, осы Ойпаңбел саунасына бас-көз болып жүре берсе жетеді деп шешілді. Бойы екі метрдің төңірегінен табылатын Тастыбай мырза көбінесе саунаның айналасында сорайып тұратын болды. Сөйтіп жүріп, Сайрамбайдың сылаңдаған (сырттан әкелген) сұлуларын да көрді.
— Дымың ішінде болсын, түсіндің бе? — дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестік сардарларының бірі.
— Білдіріп, бүлдіріп қойсам ше, Сәке? — дейді Тастыбай қулана күлімсіреп.
— Анападағыны ұмытқан жоқпыз Шубай екеуіміз, — дейді Сайрамбай.
— Айтпақшы, осы Шубай шіркін сыр бермейді-ау, жүдә?! — дейді Тастыбай төрт бүктеліп отырып.
— Шәкең Шымкенттен шықпайды, бізге қарағанда аса сақ сырттан ғой,—дейді Сайрамбай сылқым күліп, сұлуларына кіріп бара жатып.
Міне, түнгі сағат төрт шамасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылығы мен олардың сұлуларын бір мәшине келіп алып кеткен.
Тастыбай тағат таба алмай, денсаулығының дәнемесі жоқ кісідейін көңілі алабұртып, қиялы бұрабұртып, айналасына алақ-жұлақ қарады. Ай аса жарық еді.
Сауна тұрған баудың шетінен карасаң, Ойпаңбел алақандағыдай көрінетін. Тастыбай төрт көшені көзімен түгел тінтіп өтіп, Қарақұрақ бұрылысының бір шетіне жеткенде кілт кідіріс тапты. Ай жарығы Аймеректің үйіне құйылып тұрыпты. Кеңшар тарағалы бері жұмыссыз қалып, баяғы сауыншылыққа зар болып жүргендердің бірі еді ол. Күйеуі Сайрамбайдың немере інісі ғой, осы ай мен күндей Аймеректі ай жарық, күн жылыда тастап, қаладан қатын тауып алған. Ал Аймерек аса мол денесіне қарамастан, өмір бойы сауыншылықтан танбаса дағы, аппақ-ау, аппақ. Тек кейінгі бес-алты жылда Бішкектен тауар тасып, ауыл-ауылды аралап сатып күн көретіндіктен, сәл-пәл ғана қарауытқанын айтпасаңыз, Аймерегіңіз күләлі күйде жүр әлі.
Алайда Аймерек тап сол сәтте ауылда да, ай жарығы құйылып тұрған үйінде де жоқ-ты. Дәл осы кезде Бішкек — Шымкент автобусынан түсіп, алма баудың шетіндегі жалғызаяқ ирелең жолмен ала сөмкелерін арқалап келе жатқан. Тастыбай тас төбеден ұрғандай тұрды да қалды. Алма бақтың жиегімен жай ғана жылжып-қалқып, қалқып-жылжып, жұлдыз арасында, ай астында, қылаңытқан қырау үстінде келе жатқан Аймерек ала сөмкелерін жерге қойып:
— Уһ! — деді.
Сауна солқ ете түсті. Төңкеріліп барып түзелгендей.
Әуелгі заманда кеңшардың, бес-алты жылдан бері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншігі болып келе жатқан алма бағы желдің суылына буылды.
Ойпаңбел ойнап-аунап, ай астындағы Анапаға айналды да жөнелді.
— Амансың ба, Аймерек...
Тастыбайдың үні тас астындағы балықтай бұлқынып шыққан.
— Уһ! — деді тағы да Аймерек.
— Шаршадың ба? — деді Тастыбай.
— Күйік асуында автобусымыз бұзылып, көресімізді көріп... Ессізқағыр, қу тірлік-ай... Уһ! — деді Аймерек. — Күздің күні жылы болғанмен, түні тастай қатып, мұздай суып қапты ғой. Өлдік-ау әбден...
— Сауна... Сау-на-ға түс, Аймерек, — деді Тастыбай тұтығып. — Тап-таяр тұр...
— Тірілгін деп тұрмысың? — деді Аймерек. — Тірілер ме екем? Әлдеқашан өліп қалған шығармын. Тіріле қояр ма екем?
— Саунаға... түсіп алғын, Аймерек, — деді Тастыбай тағы да. — Қайнап тұр...
— Ессізқағыр, түссем, түсіп-ақ алайыншы осы! — деді саудагер қатын сілкініп.
Сауна да бір сілкінді.
Тастыбай Анападағыдай дүр сілкінді...
Қара басып, екеуі де қатыпты да қапты. Сәскеге таяу Ойпаңбел жақ беттегі бөлмеде қатарласа, жап-жаланаш жатқан екеуін қыстық алма мен қара дарбыз жинамаққа бара жатқандар оятқан деседі.
Деседі де дейді.
Дейді де деседі.
Ойпаңбел қазақтары да өзге жақтың қазекемдері секілді ғой. Еркектерін айтып отырыппыз. Бұлар дағы халықаралық және ұлтаралық жағдаяттарды аса шебер шеше алады. Алайда отбасылық орайында орынсыздау оқиғалар орын тепсе, оңтайлы жолын таба алмай, оспадарсыздыққа жиі-жиі жол береді. Көбінесе күйреп тынатындары да аз емес. Тастыбайдың асқазанындағы жараның беті мүлде ашылып, Шымкенттегі ауруханаға түсті. Әдетте мұндайда саунадағыдай кейбір кемшіліктер кешіріліп, кінә біткен өшіріліп кетуші еді, Ойпаңбелде олай бола қоймады. Тастыбайдың әйелі де, бала-шағасы да артынан бармапты. Есесіне «ессізқағыр» деп қойып, Аймерек сынды ақ қатын ала сөмкесін толтырып алып, ауруханаға апта сайын екі мәрте кіріп тұрыпты. Деседі.
Ойпаңбел саунасы содан бермен қарата онша істеңкіремей, мелшиіңкіреп қалған.
Кенет!
Иә, кенет Кәрелия жақтан Кирилл Сысоев біраз достарымен бірге Қазақстанға, атап айтқанда, осы Ойпаңбелге қыдырып келеді деген ақпарат жетті алқынып. Аталмыш ақпаратыңыздың еларалық, қала берді халықаралық мән-маңызы зор екені зайыр ғой. Сондықтан саунаңыз да қайтадан қыз-қыз қайнап кетер. Десіп, алақандарын ысқылаушылар жоқ емес.
Айтпақшы, тарс ұмытып кете жаздаппыз, билік басындағылар мен «Қайрансу және К» ЖШС бірлесе отырып, бұрынғы балалар бақшасының әлдеқашан тоналып, тозып біткен үй-жайларын шұғыл түрде күрделі жөндеуден өткізуге кірісті. Әне, халықаралық мәселенің әсері қандай?! Соңғы жылдары онша оқи алмай қалған балалар алысырақ ауылдарда баршылық қой, соларға сауабы тиетінін айтсаңызшы бәрінен бұрын. Жедел жөнделетін жайыңыз мектеп-интернатқа айналатын көрінеді. Кәрелиядан келетін бауырларға көрсетуге де керек-дүр. Кирилл дос, қанша дегенмен, баршаға белгілі балалар мекемесінің басшысы дә.
Ойпаңбел осылайша бірсін-бірсін жан-жақты оңалып жатыр. Халықаралық және еларалық маңызы бар мәселелердің әсер-ықпалымен кейбір қазақтардың отбасылық тірліктері де түзеліп кетуі бек бәлкім.


САҒЫНЫШ САЗДАРЫ


                                    1. ЖАМПОЗДЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫ

      Жетпіс төртінші жылдың қараша айы сызды, жаңбырлы боп басталған. Сол тұрпатынан танбады. Шымкент қабақ шытынып, жарық тартпай қойды. Күнімен тынбаған жауыннан кейінгі ыбылжыған ымыртта облыстық газеттің ойпаңдағы опырайған үйіне су кіріп кетті.
      Алқа мүшелерінен басқаларымыз жабыла тазалап, құрғатып бола бергенімізде, бастықтың іздеп жатқаны мағлұмдалған. Ылғал тартып ылбыраған көнетоздау күртешені жүре шешіп, кең кабинетіне кірсек, бес- алты ығай-сығай саналатын алқа (редколлегия) мүшелері отырыпты. Бас редактор келесі күні шығатын беттен бас көтерер емес. Қалғандары түгел бұрылып қараған.
    Жалдап тұратын жатаған пәтеріміздің сыз бүріккен бөлмесін ойлап қойып, тереңірек күрсіндік. Үйдің хабары шығып, қуантқалы шақырды ма дегендей дәме де жоқ емес-ті.
      – «Восход» мейманханасында біраз күннен бері Бауыржан Момышұлы жатыр екен. Естуімізше ешкім жолап, жақындай қоймаған сықылды, –  деді бас редактор Әмірсейіт Әлиев басын уақытша ғана көтеріп, көзін уқалап қойып. –Жаңа обкомнан хабарлады. Қысқаша интервью ұйымдастырып, көңілін аулау керек... Қайсың барасыңдар?
    Үнсіздік орнады.
      –  Данышпан барат та, – деді бірінші орынбасар оң аяғының тізесіне алақанын қойып, дірілдетіп отыратын әдетімен.
      – Неге мен барам? Сендердің тоқпақтарың аздай, енді Бауыржанның боқтағанына қарық қылмақсыңдар ма? – деді бас редактор мен оның орынбасарларына құрдас, бетбақтырмас бөлім бастығы, Данышпан атанып кеткен Уәлихан Темірбеков ағамыз.
       – Байқаймын, бәрің баруға қорқасыңдар. Жайшылықта ғой жаужүрек сықылдысындар. Жаңадан келген жас жігіттер жасқанбайды, солай ма? –  деп жымиды Әбекең жабығыңқырап отырған біз жаққа қарап. Одан әрі «мен айтарымды айттым» дегендей бетке (жаңа нөмірге) шұқшия үңілді.
Жаңбыр сызынан жаураған жон арқамыз табан астынан терлеп қоя берген. Бауыржан батырыңыздың кім болса соған сұхбат бермейтінін, жақтырмаса қуып жіберетінін жиі еститінбіз. Рас-өтірігін кім білер, неше алуан әңгімелер желдей есетін. Бас тартпақ қиын. Баруын барып, сөйлесе алмай қайтсаң, одан бетер масқара. Облыстық газетке ауданнан ауысқанымызға көп уақыт өте қоймаған.
      Алқа құрамындағы ағатайлар ахуалымызды аңғарулы. Мысқыл түртіңкіреген миықтар, сынаңқырай рахаттанған көз қиықтар.
       – Ұрсатыны анық. Ұрса да көтересің. Талай майқанасына төтеп бергенбіз. Қашанғы біз барамыз. Оның үстіне осы жылдары мінезі жүдә қиындап кетіпті деп жүр ғой, – деді Данышпан көкеміз.
      – Кімнің кім екенін, білім-білігін бірден байқап қойып, содан қырсығатын көрінеді,  – деді екінші орынбасар.
       –  Шошыта бермеңдер енді. Түнімен әзірлен. Таңертең барып, интервью ал. Көп емес, жүз елу жол. Түс қайта мәтіриәліңді өткіз. «Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында» деген бетке саламыз, – деді бірінші орынбасар.
  Қараңғылық қоюланып барады. Қарашаның қар шақырар жаңбыры қайта басталды. Қалың жұртпен  таласа-тармаса троллейбусқа әзер ілігіп, жалдап тұратын пәтерімізге асықтық.
   Алға озыңқырап айта кетейік, сол жүз елу жолдық сұхбат та жарияланды. Одан кейін он жыл өткенде қайта оралып, тағы да бір мақала мақамдағанбыз. Бәрібір, ол екеуінде де біраз нәрселерді бүгіңкіреп қалғанбыз. Уақыт солайтұғын. Бұл жолы қойын дәптерімізге  жүгіне отырып, толығырақ баян етсек дейміз.
   Бас редактор мен алқадағы ағаларымызға айта алмадық, алайда, Бауыржан Момышұлын екі күн бұрын бір досымызбен бірге күтпеген жерден көріп, сырттай «танысып» үлгергенбіз. «Восход» (осы күнгі «Ордабасы») мейманханасының жанындағы мәжнүнталдар көмкерген алаңда кетіп барады екен. «Бауыржан! Анаң қара! Анаң қара! Бауыржан Момышұлы!» – деді жанымдағы инженер досым. – Сарыағашта емделіп жатыр деп естіп ек. Шымкентке соқпай өтпейді деуші еді. Сол! Сол кісі! Жүр, жақынырақ барып көрейік!».
     Баукең алаңның шетіне қарай жүрді. Оң қолымен таяғына сүйене ақсаңдай басып, сол қолымен трубкасын жүре ұстап, түнере түтіндеткен күйі «Арал» ресторанына қарата беттеді. Өткелдің тақтайын таяғымен тық-тық ұрды. Жанына  жақындауға жүрексіндік. Қашық та емеспіз. Түр-тұрпатына онша көңіліміз толмады. Кәдімгі көп шалдардың бірі секілді ме, қалай дегендей күдік кірді. Сақал қойыпты. Онысы өсіңкіреп кетіпті. Шашы да ретсіздеу, ұйпа-тұйпалау тәрізденді.
Жападан-жалғыз жүргені жараспайтындай.
      Қайтадан үңіліңкірей түсеміз.
Бәрібір, Бауыржанның аты Бауыржан!
Бүгіліңкі. Еңсесі еңкіштеу. Сонда-дағы сұс бөлекше, сес ерекше. Жаңа ғана біртүрлі көрінген бой-басын дүр сілкіне тіктеп алып, «Аралға» қарата  қадам басқан.
     Алғашқы «танысуымыз» осылай еді.
Енді сұхбаттаспаққа кеп тұрыппыз. Есігі жартылай ашық. Дабыр-дұбыр дауыстар естіледі. Бөлменің төр жағындағы төсекте Бауыржан Момышұлы жамбастаған күйі кітапқа қолтаңба жазып жатты. «Ассалаумағалейкүм», деген үніміз құмығыңқырап шықты. Естіді. «Сен кімсің?!» дегендей жақтырмай жалт қарады да, жазуын жалғастырды. Жүрек шіркініңіз су етті. Екі орындықта және еденде отырғандармен қол алыстық. Баукеңе жақындадық. Қолын ұсынып, тұманыта көз қадағанда қатты қуандық.
  Кезекті кітапты иесіне ұсынды. «Маған да жазып беріңізші, аға. Бауыржан деген балам бар еді. Шардараданбыз. Шымкенттің  комбинатына мал әкеп едік»,  – деді  шикіл сары, толық жігіт. Етжеңділігінен-ау, етігіп, салқын бөлменің өзінде терлеп-тепшіп отыр. «Қостан шыққан өгіздей солықтайсың. Из ресторана «Восход» что ли? Или из «Арала»? – деді Баукең оған ежірейе қарап.
     —  Иә-иә. Әбет жасап ек. Сол жерден естідік қой сіздің осында екеніңізді. Бауыржан деген балам бар.
      — Тамақты шамаңа қарап іш. Ит екеш ит те сүйекті бір жеріне өлшеп жұтады, білдің бе, Бауыржанның әкесі! — деп  кеңк-кеңк күлді Момышұлы. Сары жігіт желкесін қасыды. Баукең: «Нөмірі Н-інші Бауыржанға №1 Бауыржаннан», — деп жазды.  
     —  Ты кто? – деп біз жаққа бұрылған. Газеттің тапсырмасымен келген  тілші екенімізді, үш-төрт сұрағымыз бар екенін мәлімдедік.  
     Ол кісі орнынан тұрып отырды. Сақалын сипады. Салалап. Онша жараспайды. Әлде бізге солай сезілді ме, кім білер. Сақалын аса қадірлейтіні, салалап сипағанды жарататыны аңғарылады. Алайда, ебедейсіздігі де байқалып қалады. Біздің ауылдың ақсақалдарына ұқсаңқырауы сәл де болса  батылдандырайын дегендей. Сауалдарымызды саптай тізіп үлгердік.  
— Корреспондент екенсің ғой? — деді Баукең басын көтеріп. Жүзі онша жылымады. Бөлмедегі шардаралық жігіттердің шыққысы жоқ. Қолтаңба қойылған кітаптарын қолтықтарына қысып, кино қызықтағандай аңқайысады.
     —Біле-білсең,– деп сұқ саусағын сұстана шошайтты Момышұлы, —  корреспонденттердің көбі — ақымақтар! Білдің бе, ақымақтар! Интервью алғалы келсең, жаз! Сен, жөндеп жаз! Әр абзацтан кейін маған оқып бересің! Білдің бе? Жаз: «Корреспонденттердің көбінің ақымақ болатыны – халықты алдайды. Шындықты жазбайды. Бояйды. Оқырмандарды сыйламайды. Өтірікті судай сапырады. Сен қандайысың?! Аһ?!»
«Шіркін-ай, мына мәз боп, «кино көріп»  отырған шардаралықтар шығып кетсе екен. Сонсоң не айтса да, қалай ұрысса да, тіпті қуып жіберсе де мейлі еді», деймін ішімнен. Қиналысымды сезгендей қолтаңба алушылар қоштаса бастады. Олардан құтылып, оңаша қалдық. «Аға»,—деп Ұлы Отан соғысының отыз жылдығы туралы  алғашқы сұрағымды қойдым. Ол кісі ашу шақырды.
      —  Какой тебе аға ?! Я тебе — ата! — деді даусын көтеріп.
       Бір сәт үнсіздіктен соң: «Біздің ауылда әкесінен үлкенді ата, әкесінен кішіні аға немесе көке дейді», деп күмілжідім.
      — Баукең бұрылып қарады. Қабағы ашылмады. Бірақ, бір жалтыл жүгіріп өткендей жанары жылуарланды.
      — Жаз! — деді Баукең. — Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталап айтамын. Қайталаудан жалықпаймын. Қайталау керек! Фашистік Германияны жеңуіміздің мерекесі—үлкен мереке. Бұл —  ең ұлы мереке! Бұл жеңіске қазақ хақы аз үлес қосқан жоқ. Біздің халқымыз — батыр халық. Ұлы Отан соғысына қазақ халқы абыроймен қатысты.
      — Жаздың ба? Оқы! —дейді  Момышұлы. Оқимын. Кейбір жерін дұрыс жазбасаңыз, немесе үлгере алмасаңыз, қайтадан қайталайды, түзетіп жаздырады.
— Среди советских народов в смысле  жертвоприношения первое место занимает Украина, исторически известно, что фашисты прошли всю украинскую территорию с боями. Немцы наступали и отошли от территории Украины, а сколько жертв и катастроф — известно одному богу. Второе место в смысле жертвоприношения занимает Казахстан, несмотря на то, что Казахстан находился от Европейской части России за несколько тысяч километров. Это – исторический факт. Я это заявляю официально, как полковник генерального штаба...Жаздың ба? Оқы!
— Мен ешқандай да батыр емеспін. Менен он есе, жүз есе батыр боздақтар, небір бозым жігіттер құрбан болды. Шейіт кетті. Білдің бе? ! Ер намысы — ел намысы. Жігіттердің көбі атасының күшін, анасының сүтін ақтап, елін өрге сүйреді. Халқымның, елімнің намысына дақ түсірмейін деп шайқасты. Ар мен намыс бізді алға бастады. Адамгершілік пен адалдық темірқазығымыз болды. Білдің бе? Жаздың ба? Оқы! Қандай сұрағың бар? Соғыс туралы мен кеш батып, таң атқанша айта беремін...
    Баукең сәл мызғып кеткендей  еді. Қайтадан көзін ашып, сүзіле қарады. Ыңыл әуенге салып бүй деді:  «Мен қазақпын, жаралған сүйек-еттен; Менде ар бар, менде ой бар жан тебіренткен. Халқымның қарапайым бір ұлымын; Жанымды арым үшін құрбан еткен. Найзадан қол босаса, қалам алдым; Толғанып, оқиғаны көп ойландым. Тырмысып әл келгенше көргенімді; Жалтақтамай, именбей ашық жаздым». Жаздың ба? Оқы.
      — Мен саған көп цифрларды айта аламын. Ал, сен, корреспондент, маған бір цифрды айта аласың ба? Жауға атылған әр оқтың нешеуі менің Шымкентімнен шыққан? (Ия, ол кісі сонда тап осылай, «Менің Шымкентім» деген). Аһ?! Айтшы. Осының өзін сендердің әрқайсың әртүрлі жазып жүрсіңдер. Ең болмаса, осы цифрды дұрыс жазу керек қой! Ал менің мына Шымкентке неге келе беретінімді білесіңдер ме? Аһ? Бұл — менің Шымкентім! Мен осында оқыдым. Осында өстім. Өндім. Шымкент — менің өз ауылым. Я не, бездельничаю. Меймандықта жүрген жоқпын мен. Я работаю! Жұмыс істемесең, өмір сүрудің қажеті қанша?! Сарыағашта да жұмыс істедім. Шымкентте де бірнеше күннен бері жатырмын. Жалғыз өзім... Жазбаша емес, ойша жазып жүрмін. Шымкентім ойымды қаттырақ қозғайды. Білдің бе?! Алматыға барып, қағазға түсіремін. Кәне, сен не деп жаздың? Оқы!
      — Мен Ұлы Жеңістің отыз жылдығына арнап интервью беріп отырмын. Солай ғой? Демек, Иван Василевич Панфилов туралы айтпай қала алмаймын. Білдің бе? Панфилов дивизиясы нағыз қиын-қыстау кезеңде батырлықтың, ерліктің, ар мен намыстың, патриотизмнің, халықтар достығының үлгісін көрсетті. Ерліктің ғана емес, достықтың үздік үлгісі! Қарағым, мынау есіңде болсын. (Қарағым дегенін  алғаш рет естіп тамағым булыққандай). Қайталап айтамын. Қайталау керек. Панфиловтың дивизиясындай достықтың дивизиясы сирек. Бүкіл адамзаттың прогресін ерлікпен, достықпен  қорғады Панфилов дивизиясы. Иван Васильевич өте кішіпейіл қолбасшы еді. Қарамағындағыларға, шені кішілерге де әдеппен сөйлейтін. Кіші офицер кезімнің өзінде мені қолтықтай жүріп әңгімелесуші еді. Панфиловтың, сондай үлкен қолбасшы генералдың қызы да майданның алғы шебінде медсестра болды... Білдің бе? Жаздың ба? Оқы...
Баукең тағы біраз үнсіз қалып, қалғып кеткендей. Баяу ғана көзін ашқан соң кезекті сауалымды қойдым. Ол сол кездегі сәнге сәйкес ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық, «ауыл жастары мен қала жастарына қалай қарайсыз» деген секілдітұғын.
       — Ақтайлақ би: «Жалаң аяқ, жалаң бас; Жарға ойнадың сен он бес. Қызыл шекпен желбегей; Қыздар сүйген жиырма бес. Жалаулы найза секілді; Жалаңдаған отыз бес», демеп пе еді, қарағым, — деді Баукең. — Қала  жастарынан гөрі ауыл жастарын жақсы көретінімді жасырмаймын. Осы жазда біздің ауылда, шарбақтың ішінде үш жүз елу адам қатысқан үйлену тойы өтті. Менің бір немеремнің тойы. Бастан-аяқ болдым. Сүйсіндім. Ауыл адамдарының, ауыл жастарының салт-дәстүрге  беріктігі, әндерінің әдемілігі, әдептерінің жарасымдылығы, ынтымақ-ықыласы шүкіршілік дегізді. Сол тойда қызып жүрген бірде-бір жасты байқамадым. Ал қалада... Жә, жарайды, жаздың ба? Оқымай-ақ қой. Қалада көшешіл, секеңшіл жастар көбейіп барады. Дайын асқа тік қасық болғысы келетіндерді, еңбектенгісі, бейнеттенгісі жоқтарды жек көретінімді жасыра алмаймын. Ауылдың жастары жұмысқа икемді. Өз ауылыма жылына екі мәрте келемін. Құры босқа сандалып жүген жастарды көрмеймін. Бәрі бейнеттеніп жүреді... Айналайын, қарағым, маған шәй әкеп бересің бе?..
         Ауылдың қариясынан айнымайтындай. Даяшы зыр жүгірді: «Өзіміз де бір хабар алсақ, шәй апарып берсек деп ойлағанбыз, тарс есімізден шығып...» Бір шәйнек шәй әкеп, бір шыныаяқ құйып бердім. Осы өңім бе, түсім бе деп те қоямын. Бауыржан Момышұлы... Бір бөлмеде өзі ғана, ешкімнен ештеңе күтпей, міндетсінбей, әлдебіреулер секілді айрықша сый-сияпат, сән-салтанат дәметпестен, Шымкентінің көрінісіне  ынтыға қарап, қантсыз шәйді рахаттана ұрттайды.
      Сәлден соң өзінің  ұлы Бақытжанды бала кезінде ауылына жиірек жібергенін, мұнысы өте орынды болғанын, жалпы қазақ баласы ауылға жақынырақ жүрмегі, табаны топыраққа көбірек тимегі керектігін, мүмкіндік туып жатса, атқа мініп, аталардың ақ батасын, әжелердің ертегісін тыңдап өсуі керектігін әңгімелеп  отырды. «Жаздың ба?», «Оқы!» деген  қатқылдау бұйрықтары мен сұрақтарын ұмытты.
  Жазушылық пен ақындық, қазақ әдебиетінің сол кездегі хал-ахуалы хақындағы сауалымыз қаламгерімізді қайта қатқылдандырып жіберді. Сазарып алды. Жанары суық тартып сала берді. Шәй құйылған шыныаяқты төңкере ұрттап, шиыра лақтырды. Сыртта кенет жел көтеріліп, мәжнүнталдарды майыстыра, ұйтқи соқты. Суыл естілді. Ол орнынан тұрып отырып, жастығын биіктетті. Жақтырмай жалт қарап, түйіле қадалды. «Әй, ақымақ корреспондент-ай, әдебиет туралы сұрақ қойып, сауал тастап нең бар еді? Жауынгер жазушыларыңның жанды жеріне тигің келді ме? Әдебиетте нең бар сенің? Бәрібір толық жауап ала алмайсың ғой. Бірлі-жарым айтқанымның өзін жарытып жаза алмассың. Жазғаныңмен, жарияланбас. Неменесіне менің де, өзіңнің де басыңды қатырасың?» дейтіндей.
— «Өзім батыр, жазушы атағым бар; Көп қатын алды деген шатағым бар...» деді Баукең. Мағжанды білесің бе? Мағжан Жұмабаев  деген ақынды естуің бар ма? Білмейсің ... (Осы  жерде Баукең бір-екі шумақ өлеңді әуенге салып, ыңылдап айтты. Бірақ бізге  жаз демеді. Оқы да демеді.Мағжан Жұмабаевтың шумақтары екенін сезгендейміз). Міне, өлең  деген  өнер осылай жаратылса керек-ті. Әдебиет дейсің бе? Қазақ әдебиеті дейсің бе? Қазақ әдебиеті дегеніміз — Абай. Қазақ әдебеиті дегеніміз — Мағжан. Мұхтары, Ғабиті, Тахауиі мен Әбдіжәмілі  бар  әдебиет — бақытты әдебиет. Біліп қой! Бірақ, бәрібір, жалған жазатындарды жаным жақтырмайды! Білмей, көрмей, сезінбей сілтейтіндерді жазалағым кеп тұрады! Мен шешуші-шешуші екі жүз жеті шайқасқа қатысқан адаммын. Жеңіл-желпілерін есептемегенде, жеті жерден ауыр жараландым. Сол жетеуінің бірінде жағдайым жақсара қоймады. Емделуге, азырақ демалуға елге жіберді. Елде де қарап жатқым келмеді. Мұхтар Әуезовтің әсерімен және тікелей ұйымдастыруымен академияда алты күн бойы әңгіме өткіздім. Сонда мен басқа мәселелермен қатар әдебиеттегі шынайылыққа да тоқталғам. Ерліктің өзін өтірік  бейнелейтіндерді аяусыз сойып салғанмын. Ерлік шынайы жазылмаса, ол халықтың қасіреті екенін ескерттім. Егер майдандағы қазақтың бозымдарын, қыршын жастардың қан төккенін, қалай соғысқанын жазбасаңдар, тарих сендерді дарға асады, дегенге дейін бардым. Себебі, сол кезде өтірік жаза бастағандар, білмей жаза бастағандар көбейген... Біліп қой, сен сияқты корреспонденттер де жалған жазуларымен жынымды келтіретін. Мысалы, генерал Панфиловтың қалай қаза тапқанын көп-көп корреспонденттер көріп тұрғандай жазғысы келген. Бірақ, бәрі өтірік бейнелейді. Қалай жының қозбайды?! Оларды жалған жаз деп біреу зорлап  тұр ма?! Бірталай газеттер тілшілерінің  жазуына қарағанда Панфилов ауыр жараланып,  өлер алдында да : «Отан үшін, алға!» немесе «Ура, жолдастар, алға!» деп кезекті айқасты бастапты-мыс. Бұл — нағыз өтіріктің көкесі! Менің қолбасшымның, сүйікті генералымның жүрегіне мина жарықшағы келіп қадалады. Өлер алдында генерал өз жауынгерлерінің жабыққанын сейілткісі келіп: «Я буду жить!» деген. Сөйтіп, жан тапсырған. Көркем, шығармаларда да соғысты, ұрысты, ерлікті, жауынгерлер әрекеті мен психологиясын жазуда жалғандыққа жол беретіндер көп. Тек соғысты ғана емес, жалпы өмірді бейнелеуде өтірік–кешірімсіз! Өтірік жазатындар — әдебиеттің опасыздары! Жаздың ба? Оқымай-ақ  қой! Мен шаршадым. Демаламын. Келгеніңе рақмет . Тағы да шәй әкеп беріп кет. Әйтпесе, қыздарға айтсаң, сенсіз- ақ жеткізеді.
  Шәй әкелдік. Құйып беріп отырып:
     — Аға, ешкім келіп жүрген жоқ па? Жалғыз бола бересіз бе? — дедік-ау өзімізше батылданған болып.
Баукең қаһарланды тағы да. Тілімізді тістедік.
     – Немене, жалғыз қорқады дейсің бе?! Сарыағашқа да жалғыз барғам. Шымкентке де жалғыз келгем. Жалғыз жатырмын. Жалғыз жүрмін. Өзімнің Шымкентім. Өзімнің ауылым. Анау Сыпатаев мектебінде оқығам... Ертең бе, бүрсігіні ме қайтамын. Жуалыға. Жалғыз... Одан ары Алматыға. Жалғыз. Омар Һәйәм: «Не боса соны жегенше — аш жүр; Кім боса сомен жүргенше — жалғыз жүр», дейді. Білдің бе? Абай атаң жалғыздық туралы не деген? «Атадан алтау; Анадан төртеу; Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп; Айтамын ептеп; Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының; Жалғыз қалдым — дәп шыным!» деген! Білдің бе?!  
Бауыржан Момышұлы ағамыз төсектен тұрып, терезе алдына барды. Қарашаның күңгірттеу күні алабұлттана ашылып келе жатты. Алыстан Алатаудың  бір қиық шыңы мен Қазығұрттың  қоңырайған қос өркеші көрінді. Тауға қар жауыпты. Ауа райы енді оңалар. Момышұлының екі иығы тең секілді.  Еңкіш емес. Шашы да артқы жағынан шудаланбай, тікірейіп көрінетіндей. Бірақ, бәрі бір, ол кісіні бір мұң орап тұрғандай. Омар шайыр мен Абай хакімнің жыр жолдарынан кейін, өзінің сөздерінен соң жалғыздықтың әлдебір әуені дүн-дүниеңізді түгелдей торлап алғандай.
Екі бірдей алып ақыныңыз-дағы  жалғыздықтың  бергі жағын ғана айтқандай көрінеді емес пе? Үстірттеу ұғынсаңыз. Шынтуайтында, жалғыздық ұғымының мәні мен мазмұны тым-тым тереңде жатқанын меңзейді емес пе? Сол екі данышпанға үнсіз ғана елітіп, Алатау мен Қазығұртқа қарап қалған орасан ойшыл ағамыз нендей күйде тұрды екен сонда?!
  Екі күннен соң автобуспен жалғыз қайтты деп естідік.Жуалы жаққа.


2. ЖАЙДАРМАННЫҢ ЖАНАСЫМЫ

Тоқсан бесінші жылдың ақпан айында жайдарман мінезді жазушы, ақын әрі сазгерлігі де бар Тұтқабай Иманбекұлы кенеттен қайтыс болды.
  Мен оны кейде Жайдарман деп атайтын едім.
  Жайдарман. Осындай ән де бар емес пе? «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» қарасаңыз, «жайдарманды» ақ көңіл, жарқын жүзді, жайдары деп таратады.Тұқаң тап сондай адамтұғын.
    Тұтқабай Иманбекұлы сол ақпанның аяздылау, алайда ашықтау күнінде Кеңсай зиратында топырақ томпайтқан. Кеңсайда қазақтың небір жақсылары мен жайсандары жатыр. Жайдарман ағамыз жатқан жерден Баукеңнің — Бауыржан Момышұлының бейнесі көрінеді екен. Тұтқаш көкемізді Жер-Анамыздың қойнына тапсырып тұрып, қолбасшы қаламгеріңіздің, ұлтының намыс туына айналған аңыз-ағаңыздың ескерткішіне қарағанымызда, ол кісі інісіне сұстана қарап: «Әй, сен бала бұл жаққа неге сонша асықтың, а-аһ?!» — дегендей сезілген.
  Жайдарман жазушыңыз, ақжарылқап ақыныңыз, сезімтал сазгеріңіз Тұтқабай Иманбекұлы Баукеңнің «Ұшқан ұясын»  тәржімалаған-тұғын. Сол Тұқаңның ең соңғы шығармасы — драмалық эссесі де Бауыржан Момышұлына арналды. Бірақ ол туынды автордың көзі тірісінде жарық көрмеді. Жарияланбады. Бір-екі театрға ұсынғанымен, сахнада қойылмай қалды.  Сол драмалық дүние «Ұлағат ұясы» деп аталатын. Тұқаң «Ұшқан ұяны» аударып, аса қатты берілгені, ерекше елтігені соншама,  бірер жыл бойы Баукеңе ұқсағысы келіп, сол кісіше бата бергісі келіп, Момышұлынша мақамдатқысы келіп, мақалдатқысы келіп жүруші еді. Әсіресе, Баукеңнің өз сөздерін, мақалдар мен мәтелдерге бергісіз қанатты қағидаларын жатқа айтып кеп-кеп жөнелгенде, талайларды таң қалдыратын. Мәселен, былай деп, Бауыржанның өзі ғана емес, әкесі Момышұлының батасын беретін: «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық  үшін күрессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға».
   Кезінде Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұясы» туралы түрлі- түрлі әңгіме айтушылар болмай қалған жоқ. Баукең туралы әр жылдарда нелер айтылмады дейсіз?! Қазір ғой, неғұрлым көбірек айтылып, көбірек насихатталып, Баукеңнің өзінің һәм ондаған томдары жарық көріп, асыл мұралары мен хаттары жиырмалаған томдарға сыймай, асып-төгіліп, «Көз алдымда  бәріңсің...» сияқты туындылары «Жамбыл», «Жұлдыз» журналдарында жарияланып, жеке кітап болып шығып жатқаны. Ал бір кездері басқашалау болғанын бүгінгі жұрт, әсіресе, жастар жағы онша біле бермейді. «Ұшқан ұяны» аударған Тұтқабай Иманбекұлы да талай-талай ескертпелер естіген.  Ауыр-ауыр айыптауларға арқасын тосқан.
  Біреулері шықты: «Сен «Ұшқан ұяны» мүлде өзгертіп, өңдеп-жөндеп жібергенсің, өз өрнегіңе икемдеп бүлдіргенсің. Момышұлының стилі сақталмаған», деп. Екіншілері керісінше кергіді: «Аудармаға өз туындыңнан бетер жауапкершілікпен қарау керек еді. Жүдеулеу жерлері бар екен,  құнарландыра, халықтандыра, көркемдей түсу керек еді», деп. Жайдарман жазушыңыз тым-тым нәзік жүректі-тұғын. Қатты қиналды. Қорғансыздығын білдіріп алды. Сыртынан күліп, келемеждеушілер табылды. Түптің түбінде «Ұшқан ұя» өз бағасын алды. Оқырмандар өте жылы қабылдады. Бауыржан Момышұлының табиғатына тән, туып-өскен топырағының құйқалы құнарына тән, қаламның қарымына тән, ойшыл, дана да дарынды қаламгерге, халықтық, ұлттық  әрі заманауи заңғар қолбасшыға тән туынды ретінде қадірленді. Автордың да, аудармашының да еңбектері еленді. «Ұшқан ұя» жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Терең текті туынды ретінде төрден орын тиді.
      Бертінірек Тұтқабай Иманбекұлы сол мақалдата мақамдатуын үдете түскен. Бауыржаннан бастап, өзге де ақын-жазушылардың афоризмдерімен айшықтап, бұрынғы өтіп кеткен билер мен шешендердің асыл мұраларын талмай насихаттауға көшкен. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Жазылмаса, дерт қиын; Іске аспаған серт қиын. Ақылыңнан адасып; Өзің түскен өрт қиын», дегенін қырағаттағанда, неше алуан тағдырды бастан кешкен қариялар жағы «аһ» десер еді.
   Бірте-бірте Тұқаңның өзі де «Өнеге сөз — өрісің», «Ағайынға — ақ бата» атты қос кітапшасын бірінен соң бірін ұсынған. Баяғыда, жас кезінде, әлі ақындық албырттығы бәсейе қоймаған жылдарында «Бұлақ күліп ағады» деген жыр жинағы жарық көрген. Сол кітабында: «Халқымыз жақсылықтан өрнек салып; Өссін депті өмірде ер мақтанып. Жайдақ жерге жанары тояттанбай; Дүниеге көз салған өрлеп барып», деуші еді ғой. Сол шумақты «Ағайынға — ақ бата» кітабына эпиграф етіп алған.
«Құрдасыңа қуаныш бол; Сырласыңа сынық бол; Жылағанға жұбаныш бол; Туысыңа тұнық бол».
  «Атаның наласынан сақтасын; Баланың шаласынан сақтасын. Ағайынның аласынан сақтасын; Жамандардың жаласынан сақтасын».
  «Атаңның иықтысы бол; Анаңның сүйіктісі бол. Халқыңа қадірі артқан; Мәртебесі биік кісі бол».
  «Басшының  ноқайынан сақтасын; Қоңсының қоқайынан сақтасын. Қалыпты білмегеннен сақтасын; Халықты тілдегеннен сақтасын».
  «Жақсымен жанасып жүр; Жарлыға қарасып жүр. Шалқудың  шамасын біл; Ақ-қараның арасын біл».
  «Жанасып, жұғысып, ұғысып...» деген сөздерді жиірек қолданатын Иманбекұлының өзі жайдарман жаратылысымен жақсыларға жақындап,  жанасып жүрер жан еді.
  Ал біз  кісікиіктеу едік.
  Ауданымыз бір, Абай мектебі дейтін алтын ұямыз бір болса-дағы, Тұтқаш ағамызбен кешірек, университет бітіргеннен кейін ғана таныстық. «Сен екенсің ғой», деді  бас-аяғымызға  асықпай қарап алып.  «Оқып жүрмін анау-мынауыңды. Очерктерің әңгіме сияқты», деді соңсоң. «Үйге барамыз», деді тағы да. « Волга » дейтін боз жорғасына міндік. Ескілеу екен. Сатып алып, жаңадан жүргізуге кіріскен кезі екен. Жол-жөнекей үш мәрте МАИ инспекторы тоқтатты. «Айыппұл» төледі. Соңғысында ашуланып,  тоқтамай кетті. Комсомол көшесіндегі  темір гаражына мәшинесін тездетіп тығып тастамақ еді. Бірден кіргізе алмастан, әуелгіде оң жағын екіншісінде сол жағын сырғызып, аймандай етті. Боз жорғасын айтып отырыппыз. Темір босаға сыдырып, қос қапталы  қарауытып қалған ақсұр «Волгаға» титтей ренжімеді. Арсалаңдап күле береді. МАИ-дың майбасарлау, семіз қызметкері көріне қоймады. Жайдарман көкеміз соған қатты қуанатындай.
  Үйлері тым тар екен. Біржарым бөлмелі деседі. Жеңгеміз қабағын    шытыңқырап қарсы алды. Кеше үйге  қонбапты Тұқаң. «Мына баланы, мына баланы  танып  қойғын. Осы жас жазушымен жүрмін. Бір ауданнанбыз. Бір ауданның орталығындағы бір мектепті бітіргенбіз. Сонда да енді таныстық. Ойбай, айтпақшы, айналайын Мәрияш-ау, сенің де оқыған,  бітірген мектебің ғой! Бұ бала да—сол Абай мектебінің түлегі. Ертең Дулат Исабековпен таныстырам. «Жалын» альманағына апарам. Әкелген шығармаң бар ма?» деді. «Қолмен жазылған, машинкаға басылмаған, үш шағын әңгімем бар», дедім. «Қолмен  дейсің бе?  Почеркің қандай еді?» деді. «Көркем жазудан бес алатынмын. «Абай мектебі» дейтін газет түгел менің қолыммен шығатын», деп мақтаныңқырап қойдым.
   Жарты бөлмелікте жазушымен бірге жаттым.  Қаламгермен, белгілі жазушымен, «Тұт ағашының көлеңкесі», «Үш айдың үш күні» сияқты кітаптары арқылы оқырманға кеңінен танылған  прозашының, одан ертеректе  «Ақ қайың», « Бұлақ  күліп ағады» дейтін жыр жинақтары шыққан ақынның,  «Ем», «Тапсырылмаған гүл» сияқты тамаша әңгімелері  «Лениншіл жаста»,  «Жетім қыран» дейтін ғажап повесі  «Жұлдызда» жарияланған жерлесімнің жанында жатырмын. Түні бойы  әңгіме шертіп,  сырын  да, жырын да, өткен түнде қайда  қонғанын да жасырмады.
Ертеңіне Тұтқаш ағаммен баяғыдан бермен қарата сырлас, мұңдас, дос адамдай сезініп ояндым. Баяғыда ше, үш-төрт  шақырымға  созылатын  ауылымызда қатарлас балалар бір-біріміздің үйлерімізге барып, бір көрпенің астында ертегі айтып  қонып шыққаннан кейін  бұрынғыдан  бетер жақын, дос боп  кететін ек.  Тура сондай күй  кешкендейміз.
«Жалын» альманағының редакциясында Тұқаң Дулат Исабековпен  таныстырды. Дүкең жымиып, жылы қарсы алды. Тұқаңа әлденелерді айтып,  әдемі әзілдесті. Сыртынан Төлен Әбдіковтің әлдебір әрекетін әжуалап,  ұзақ күлісті. Екеуі. «Әкелген әңгімелерің қайда?» деді Дүкең. «Машинкаға басылмаған,  қолмен жазылған күйінде», дедік. «Кәне, көрейікші», деді Исабеков. Ұяла-қызара ұсындық. «Ой, мынауың  мәшіңкеден әдемі, анық қой. Өз қолың ба,  қыздың қолы ма?» — деп қалжыңдайды Дүкең. — Тастап кеткін. Ертең сиыр сәскеде  келгін. Оқып қоямын». Айтқан мезгілінде жеттік. Исабеков қолын ықыласпен ұсынып: «Ауылдың иісі! Нөмірге, кезектен тыс саламыз», деді. «Автор  тапқан адамдарға сыйлықтарың жоқ па?» дейді Иманбекұлы қасқа маңдайын қасып қойып.
     Ойда жоқта  жазушы ағамыздың ауылында тұратын бір  қария қайтыс болып, Тұқаңның әкесі Иманбек  ақсақалмен жолықтық. Тоқсанның төбесіне тақаған, баяғы біздің Келімбет ақынымыз секілді, мол денелі, сақалы салалы, тап-таза  киінетін кісі екен. Иманбек ақcақал көненің көзіндей көрініп,  жайуат-жайдақ сөз айтпай, құнарлы  сөйлеп отырыпты. «Кедейдің пірі – қалтақ ата; Ұрының пірі – жалтақ ата. Шебердің пірі – тепшім ата; Кәрінің пірі – кекшіл ата, – деген екен Досбол деген биіміз. Жаңағы сөзіме кекірейе қапсың, сен-дағы қартайғанға кетіпсің ғой», деді қасындағы кетік шалға кекете қарап. «Жазып ал, түртіп ал сөздерін. Тұтқабай өз әкесінен емес, өзгелерден қор жинап әуре», дейді ауыл мұғалімі Қамысбек. «Тұқаң бала кезінде қандай еді?» деп, өзімізше қызығушылық танытып, Имекеңе сауал тастадық. Елп етпеді. Тұқаң секілді елгезектенбеді. Елпілдемеді. Естімегендей.  Керенау. Газеттің тілімен  сұрағанымызды  жақтырмады. «Бала кезінде  бала-тұғын, сап-сары боп, көзі  бітиіп жүретұғын», деді. «Үлке-е-е-ен жазушы ғой ұлыңыз», дедік айналада тыңдап тұрғандардан  ыңғайсызданып. «Қайдам. Болса болар», деді де қойды. Жанындағы жаман  тымақтыны одан әрмен  қажамаққа кірісті.
Кейінгі кездері, Кеңсай жақа кетердің алдындағы жылдары Тұтқабай Иманбекұлы туған ауданына жиі-жиі келе берген. Кейбіреулер таңырқап, сыбырлай сұрайтын: «Ағаң ауылдан шықпай қойды ғой. Тойдан қалмайтынға айналды ғой», деп. Сөйтсе-е-е-ек, сағынышын баса алмай, көп ұзамастан Кеңсайдың  күнгейлеу  бір беткейінен топырақ  томпайтарын сезген екен дә.
  Бірде Жайдарман көкеміз Жамбыл атындағы ауылда өткен тойға қатысты. Екі апта бұрын ғана Ақбиіктегі әпкесінің келін түсіру тойын ашып  беріп,  тербеліп тұрып, тебірене  сөйлеген. Аудан  орталығынан  барған ансамбльдің әдемі  келіншегіне қосылып, «Әттең,  тонның келтесі-ай» әнін әуендеткен. Енді, міне, Машаттың бойындағы сұлу бақта, шадыман шарбақта өтіп жатқан тойдың қадірменді қонағы болып отыр. Тойды ашып берді. Тартымды  сөйледі. Баукеңнен бастады. «Ұшқан ұядағы» келін туралы шумақтарды келтірді.  Одан кейін өзінің «Өнеге сөз — өрісің»,  «Ағайынға — ақ бата»  деген жинақтарынан теріп-теріп  термелетті. Ол жылдары  тойдағы сөз әжептеуір тыңдалатын. Әсіресе, Тұқаңдайын ақын-жазушылардың айтқандарына қалың қауым құныға құлақ қоятын.
  Жайдарман жазушыңыз орнына отыра салысымен-ақ оқырмандары қоршап алды. Кітаптарына, дәптерлеріне,  жалғыз жапырақ қағаздарына, тіпті салфеткаға  дейін қолтаңба қойдырып алып жатты. Жайдарман жаратылысыңыз мәз-мейрам. Қанат біткендей, сәл-пәлден соң қалықтап ұшып кетердей көрінді.  Қыздар биге шақырса екен дейтіндей. Әне, Машат өзенінің бойында  өскен талдырмаш талдар  мәнзелдес сұлулар бірінен кейін бірі биге шақырды. Жазушының ойын қайдан ғана біліп, қайдан ғана  сезіп қояды десеңші! Жайдарман жасарып кеткен. Қимыл-қозғалысы, бұрылыс- бұралаңы басқаша. Той үш  сағатқа  созылды ма, одан да ұзап кетті ме-ау, бастан-аяқ биледі ғой сонда Тұтқаш көкеміз. Кейбіреулер әжептеуір сөз етісіп,  сыбырласа  күбірлесті. «Ақындарға,  сазгерлерге бәрі жараса береді ғой», десті кекетіңкіреп.
Көп ұзамай-ақ  Тұқаң тағы да тойға келді. Ара-арасында Арысқа, сонсоң  Созаққа соқты. Келеске кетті...
Бір барғанымызда мінезі барлау Мәрияш  жеңгеміз: «Ағаң  отбасының адамы емес. Тойдың, жолдың, сал-серіліктің адамы. Мені түк  түсінбейтін мылқау деймісіңдер? Екі күн демалыста  ше, кейде  ішқұса болғандай   көзінің алды көгістеніп,  көлеңкеленіп,  күрсініп, үйден шығып кетудің амалын  таппай аласұрады. Сондайда: «Бар! Бара бер! Рұқсат!» деймін. «Рас па? Рас па?» деп киіне бастайды. Балконнан қарап көрсең бар ғой...  Кетіп бара жатқандағы қимылына қайран қалып, рұқсат бергеніме өзіме-өзім жүүд-дә-ә ырза боламын»,  деп күлген-ді.
  Жайдарманның жанасымы  жарасымды-тұғын.
  Ол Баукең сынды  жампозға да жанасып, іні  бола білді. «Ұшқан ұясын»  аударғанын айттық. Сәукеңе (Сәуірбек Бақбергенов) де нағыз іні дос, сыйлас, сырлас бола білді. Партизан – патриот  қаламгер Қасым Қайсенов те Тұтқабай Иманбекұлын туған бауырындай жақсы көретін...
   Небір жақсылармен жанаса білер бірегей қасиетіне қайран қалатындар аз  емес-ті. Күресуге жаралмаған  жан екен де. Біреулер әлдебір  себептермен шырақ алып соңына түскенде,  көтере алмады. Жүрегіне  жара салынды. Ең  жақсы  көретін ұлынан  айырылды. Барған сайын сол  жара ұлғайған. Сол бір ақпанда жақсы көретін оқырман інісі, Алматыдан келгенде Түлкібас стансасынан қарсы алатын, қайтарында шығарып салатын жанашыры Өмірәлі Шадырман «Кеңсайдың күнгейінде жатыр көкем» деген қаралы өлең жазды. Тұтқабай Иманбекұлының бейітінен сәл шығыс таманыраққа қарасаңыз, қаһарман  қаламгеріңіз Баукең  бейнесі көрініп тұрады.


СЕКСЕН ҚЫЗ БЕН СЕГІЗ ҰЛ


Мақта терім майданына Макаренко атындағы мектептің жоғары класс оқушылары жыл сайын қатысатын. Сол бір жылы да толық тәулікке жетеқабыл жол жүріп, Шымкент және Ташкент шаһарларын аралап өтіп, Жетісай қаласына жақындау бір ауылға жетіп жығылдық. Жәрдемшілерге арналған жатақхана ауылдың шетінде екен. Бұрындары бастауыш мектеп пе, кеңсе ме, бірдеңе болған сияқты, кейін келе қоржын-қосқалаң бөлмелер қосылғаны білініп тұрыпты. Жапырақтары жалпақ-жалпақ, жемістері бармақтай-бармақтай жиделер қоршаған осы мекенжайдың алдында алқынған автобустар тізілді. Улап-шулаған оқушылар қапшықтарын арқалап түсіп, Абдыраев ағайдың айтуымен ажырық басқан алаңқайда тәртіпті түрде сап түзеді.
Алыстан келгендеріне, ұзақ жол жүргендеріне қарамастан көнетоз, көгілдір көліктер қайтадан кері қарай қайта бастады. Оқушы қыздардың көпшілігі пырылдаған «пазиктерге» мұңая қол бұлғап, жанарлары жасаурады. Кәдімгідей-ақ көңілдері босап, көздерін сүртіп тұрғандар да бар. Екі ай уақыт мақта жинау майданында жүрмек — жеп-жеңіл ермек емес. Өткен жылдары пестицид пен гербицид дейтін дәрілердің әсерінен бе, балалық жасап, мөлдірей ағып жататын каналдың улы суынан ішіп қойды ма, жоқ әлде басқа бірдеңелерден бе, әйтеуір, бірнеше қыз бен бірер ұлдарымыздың бүйрек-бауырлары біржолата бүлініп, кеселденіп қайтқан. Қос бүйрегі бірдей іскеннен оңалмаған сегізінші сыныптың (биыл тоғызыншы оқитын еді) бір қызы қыс бойы азап көріп, өткен көктемде аудандық аурухананың қызыл кірпішті, қоңыр түнікелі үйінде қайтыс болған. Сонда да мақта жинау майданынан қалып кетпекке жан баласының батылы бара қоймас. Біздің жақта солайтұғын. «Ақ алтынға» қолғабыстан қашу — баяғыдағы Ұлы Отан соғысынан қашқанмен бірдей.
Соңғы автобустың түтіні сейіле бере Абдыраев ағай сөз бастады. Ол кісі алдымен жапырақтары жалпақ-жалпақ, жемістері бармақтай-бармақтай жиделерге көз тастады. Оқушылардың бәрі түп-түгел солай қараған.
— Мына жиделер неліктен желінбеген? — деді мектеп директорының орынбасары түп-түзу, тәртіпті сапқа сынай сауал тастап. Баданадай-баданадай, қып-қызыл жемістерге өзі де қызығып кеткендей тамсанып қойды-ау сонда. — Кәне, кім айтады?
—  Мен айтайыншы, ағай, — деді оныншының көзге көп түсетін, баршаға белгілі бір оқушысы.
— Ал, айта ғой, — деді Абдыраев ағай.
— Жыл сайын осы кезде, күз басында мақтаның жапырағын жою үшін дефолиация жасалады, яғни улы дәрі-дәрмектер ұшақпен себіледі. Ал мына жиделерді мақта дәрілегенге дейін жинап-теріп үлгере алмай қалған. Енді мұны мүлде жеуге болмайды.
— Жарайсың, Дүниемалов! — деді директордың орынбасары жадырай күлімсіреп. — Жолың болғыр, рахмет. Түсіндіңдер ғой, балалар? Бәрің құлақтарыңа құйып алыңдар. Жидені жеуге бол-майды-ы-ы-ы! Қандай жеміс, нендей көкөніс жесек те, таза су тауып, жуып жеуіміз керек. Ал мына жиде деген нәрсені жуа алмайсың ғой, солай емес пе? Жусаң, езіліп, мылжаланып кетеді. Сол себептен мүлде жеуге болмайды. Дүниемалов дұрыс айтады.
Абдыраев ағай бұдан кейін де бірталай уақыт сөз сөйледі. Бүгіннен бастап, мақта терім майданы біткенше әскери тәртіп жағдайында жұмыс істейді екенбіз. Бір-бірімізді, мейлі мұғалім болсын, мейлі оқушы болсын, есімдерімізбен емес, тек фамилияларымызбен атайтын боламыз. «Абдыраев ағай», «Саймасаева апай», т.т. деген секілді. Алғашқы аптада әр оқушы күн сайын кем дегенде елу келі «ақ алтын» жинап тапсыруы тиіс. Норма солай. Осы норманы орындағандар мен асыра орындағандар кешкі сағат сегізде сап түзеп жатақханаға қайта береді де, елу келіге жете алмағандар түнгі сағат онға дейін тереді. Облыс көлемінде ауданаралық және мектепаралық жарыстар жан-жақты өрістетіледі. Макаренко атындағы мектеп жыл сайын аудан бойынша алдыңғы орындардың бірін батыл иемденіп келеді. Ал биыл облыс озаттарының қатарына ілігуді міндеттеніп отырыпты. Осындай-осындай мақсаттар мен міндеттерді миымызға сіңіріп болған соң мектеп директорының орынбасары бүйдеді:
— Енді сендер тырп етпестен, біреуің шетке шықпастан күте тұрасыңдар. Діңкелерің құрып бара жатса ажырыққа отыруға рұқсат. Біз бес-он мүйнеттің ішінде кімнің қайда, қалай орналасатынын анықтап, айтамыз.
Алайда Абдыраев ағайдың айтқаны бірден орындала қоймады. Бес-он мүйнеті бірте-бірте ұзарып, бір сағаттан асып, одан да көбірекке созылып бара жатты. Оқушылар ажырық тұтасқан алаңқайға сығандарша шашырай жайғасып, көпшілігі қапшықтарына жамбастады. Алып келген азық-түліктеріне жаудай тиісе бастағандар да жоқ емес.
Бір кезде Абдыраев ағай, Саймасаева апай және жақында ғана жоғары оқу орнын тәмәмдап келген жас мұғалім жігіт үшеуі дәлізден далаға шығып, күбірлесіп тұрып алды. Әлден уақытта үшеуі бірдей қайтадан ішке кіріп кетті. Күн батып, салқындау самал есудің орнына қапырық қамап, маса қаптай жөнелген. Ажырық алаңқайдағы қалың халықтан маза қашып, маса қуып әлекке түсті.
Тағы да біраз күттіріп, үш мұғалім қайта көрінген. Бұл жолы Абдыраев ағайдың ашуланғанын алыстан-ақ анық байқауға болар еді. Үнемі қызарыңқырап жүретін жарты жұдырықтай танауының қаттырақ күреңіткені ымырт алдының өзінде айқын білініп тұрды. Саймасаева апай да, оқушылардың көбісі әлі аты-жөнін толық білмейтін жас мұғалім де әлденеге абыржыңқы секілді.
— Не істейміз енді?! Неғылдейсіңдер маған? — деді Абдыраев ағай айқайлай сөйлеп. — Әй, осындай да жатақхана болады екен-ау?! Мұндай үй-жайды көрсем, көзім шықсын!
— Сексен қызды үлкен залға бірыңғай жатқыза берейік, ұл балалардың бірдеңесі болар, басқа амал жоқ, — деді Саймасаева апай.
— «Бірдеңесі боларыңыз» қалай?! — деп одан бетер дауыс көтерді мектеп директорының орынбасары.
— Солай! — деді Саймасаева апай да үн-әуенін үдетіп, қайтпас-қайсарлығын аңғартып. — Қыздарға жауап беретін — мен!
     — Ұл балаларды қайтеміз сонда? Бірінің үстіне бірі жатпаса, сыймайтынын көріп тұрсыз ғой, Саймасаева жолдас?!
— Ойпырмай, мен сізге қазақша түсіндіріп тұрған жоқпын ба? Қыздар қуықтай-қуықтай төрт бөлмеге бәрібір сыймайды. Қайта сәл де болса ұл балалардың жөні келеді.
—  Қандай жөні?! Қай жөні? Айтсаңызшы соны анықтап! Сонан кейін бар ғой, Саймасаева ханым, қыздарға мен жауап беремін, ұлдарға сен жауап бересің деген сөз болмайды! Білдіңіз бе? Бұдан былай естімейін мұндайыңызды, білдіңіз бе? Бәріне — бәріміз жауаптымыз. Ал бәріңе мына мен — мына басыммен (ағай басын сәл қисайтып, сұқ саусағымен нұқып-нұқып қойған) жауап беремін. Білдіңіз бе?!
— Білдік, ағай, білдік, — деді Саймасаева апай. — Бәрібір, қыздарға мен көбірек жауаптымын.
Абдыраев ағайдың ашуы амалсыздан басылмаққа қарай бет алды. Ауылымыздағы қиқы-жиқы қатындарға ұқсамайтын, ұзын бойлы, тіпті жұп-жұмыр мойнына дейін тіп-тік, аппақ болып тұратын Саймасаева апайды біресе «жолдас», біресе «ханым» деуінің өзі — мектеп директоры орынбасарының майқана майдандағы жеңілісі. Апайымыз да ағайымыздан әлдеқайда басымырақ түскеніне масаттанып, алайда мастанбай, жиырылыңқы жүйкесінен біраз салмақты былайырақ алып тастады. Жұмсарыңқы күйде жас мұғалімге бұрылып:
— Сіз не айтасыз, жас ұстаз? «Асыл — тастан, ақыл — жастан» деген емес пе? — деп, зейнеткерлікке шыққысы келмей жүрген Абдыраев ағайды және бір «нокдаунға» түсірді. Жас мұғалім жұрт күткендей қызарақтамастан, сасқалақтамастан:
— Бөлмелердің орналасуы шын мәнінде түсініксіздеу жағдаят боп тұрыпты. Қыздарды негізгі залға жатқызып, ұл балдарды қалған бөлмелерге кіргізіп көрелік. Артылғандарына дәліздің бір жағын икемдеуге болар, бәлкім, — деді.
Абдыраев ағай қайтадан қайнады:
— Әй, шырақ! Дәліздің едені бетон боп, бетті шырмап тұрған жоқ па? Былтыр бетон еденге сабан төсеп жатқызамыз деп, бірталай баланың бүйрегін ауыртып, бір қызды өлтіріп тынбадық па? Не деп тұрсың өзің?! — деп өршелене өрепкіп барып басылған.
— Алдымен оқушыларды осы үйге кіргізіп көрелікші, — деді Саймасаева апай.
— Сөйтелікші, ағай, — деді жас мұғалім.
Осы кезде қазан-ошақ, аяқ-табақ, отын-су тиелген тозыңқы тележкасы бар трактор көрінді. Көгілдір «Беларусьқа» тіркелген тележканың үстінде титан-самауыр сорая зораяды. Артынша қызыл «Москвичпен» бөлімше басқарушысы жеткен.
Мақта терім майданына аса алыс ауданнан келіп отырған жәрдемшілерді жайғастырмақ хақында Жетісайдың жанындағы белгілі бөлімшенің басқарушысына һәм бірталай уақыт бас қатыруға тура келді. Сексен қыз, сөйтіп, негізгі, үлкен бөлмеге жататын болды. Саймасаева апай жеңіске жетті. Енді ұл балаларды қалай орналастырмақ керек? Олай да ойласты, былай да бас қатырысты. Болатын емес. Төрт-бес бөлменің ені мен ұзындығы ары да өлшенді, бері де өлшенді. Қадамдап та, құлаштап та өлшенді. Қарыспен де, сүйеммен де өлшенді. Қадамыңыз бен құлашыңызға да, қарысыңыз бен сүйеміңізге де сенімсіздік білдіріліп, әлдеқайдан линейка табылып, алдымен метрлеп, дециметрлеп, сосын сантиметрлеп өлшенді. Метрлеріңіз бен дециметрлеріңізге, тіпті сантиметрлеріңізге де күдік келтіріліп, кеңшар тарапынан көмекшілерге бөлінген төсеніштер төселіп, қиырдан қомшаланып жеткен көрпешелер жайылып, оқушы балалар іс жүзінде қатар-қатар жатқызылды. Шалқалап та, етпеттеп те. Оң жамбастап та, сол жамбастап та. Ақырында қорытындысы шығарылды. Бастарын түйістіріп, иықтарын тиістіріп жатқанның өзінде, бәрібір, оннан астам ұл бала сыймай қалады.
— Санитарлық нормаға сай келмейді, — дейді Саймасаева апай төбесіне тікірейте түйіп алатын шашын сығымдап.
— Сол нормаға қай жағымыз сай кеп жатыр? — дейді бөлімше басқарушысы есінеп қойып. — Баяғыда, бала кезімізде, қайта қара көрпенің астында бес-алтауымыз құшақтасып бірге жата беруші ек. Бауырмал ек.
— Екі баланың арасынан екі елідей саңылау қалдырмасақ, обал шығар, сынық сүйемді былай қойғанда, — дейді Абдыраев ағай ашуланбауға тырысып, алақанын желкесіне, сонсоң жарты жұдырықтай танауына апарып, күрең тарта салуға бейімдеу мұрнын сабырға шақырып.
Қайтпек ләзім? Не істемек керек? Барша жұрттың басы қатқан. Соңғы бөлменің ішін өлшемекке әдейі жатқызылған сегізінші сыныптың оқушылары да әбден шаршаған. Қайта-қайта жатқызып-тұрғызудан мезілене езіліп, қалғып-мүлгуге көшкен. Баяғыда, сүндетке отырғызарда, тап осылай, тізіле, шалқалай жатқызылғандары кейбіреулерінің естеріне түсіп кетіп, күлімсіреген болады.
Ақылдасушылардың амалдары таусылып, төмендегідей тұжырымға тоқталды. Ол былай еді. Сексен қыз жататын үлкен залдың бір шеті оншақты адамды орналастыруға болатындай бостұғын. Сыймаған сабаздар сонда жатқызылады. Әрине, ақылдасушылардың арасында, ойласушылардың ортасында тағы да талас пен тартыс өріс алған. Қыз балалар мен ұл балаларды бірге жатқызуға мұқым-мүлде тыйым салынғаны, мұндай жағдайдың, аталмыш жағдаяттың ешқандай этикаға, педагогика қағидаларына, тәлім-тәрбие талаптарына сәйкес келмейтіні қайта-қайта айтылды. Өкінішке қарай, өзге жол жоқ.
— Түн ортасы ауып барады, күн шығар-шықпаста балалардың бірі қалмай, жүйек-жүйектің басында тұруы керек, — деді бөлімше басқарушысы. — Алғашқы күн болғандықтан, аупарткомның адамдары тексереді ғой. Тездетейік.
— Олай болса, жаз! — деді дәліз ортасында тұрған Абдыраев ағай шаңқ етіп. Кеш әлетінде әскери тәртіп жариялағаны енді есіне түскендей, әбжіл қимыл, әйдік қозғалыс танытып, жаңа келген жас мұғалімге сұқ саусағын шошайтқан. — Жаз деп тұрмын мен саған! Саймасаева ханым, бері жақындаңыз. Ең момын, ең қыз мінезді ұл балалардың тізімін тап осы қазір, табан астында жасаймыз. Он баланың іспіскісін тізіп, қыздар жатқан бөлменің бір шетіне жайғастырамыз!
Обалы нешік, осы мәселенің өзі одан әрі қарай да оңайға түспеген. Ең момын, ең жуас, қыздай сызылыңқы ұл балалардың ұзын саны, қанша санап, саралағанмен сегізден аспаған. Сол мөлшерде табандап тұрып алған. Ақылдасушылар ақырында, сол сегізге тоқтаған шақта шығыс жақ аспан бозара бастаған.
Дәліз бойлай қайтадан сапқа тұрғызылған ер балалардың алдында Абдыраев ағайдың айтқаны, шамамен алғанда, мынадай еді. Жатақхана жаман емес. Бұдан да нашар, едендері түгелдей көгереңдеген цемент, немесе бедірейген бетон боп келетін үй-жайлар маңдайына жазылған мектептер де аз емес. Ал Макаренко атындағы мектептің оқушыларына бөлінген мекенжайдың дәлізінен басқа бөлмелерінің едені түп-түгел тақтай екен. Тұп-тұтас сырланған екен. Жетісайлықтарға жүдә рахмет. Тек бір ғана кілтипан боп тұрыпты. Ұл балалар сыйыңқырамады. Осыған орай, қыздар жатқан негізгі, үлкен залдың бір шетіне сегіз ұл бала орналастырылмақ. Ерекше ескеретін нәрсе сол, қыздар тұратын бөлмеге жату ер балаларға ерен жауапкершілік жүктейді. Темірдей тәртіп, мінәйі мәдениет керек. Биязы болмақ ләзім. Осы жағы ескеріле келе, тәрбиелі, тәртіпті әрі үлгілі, үздік оқушылардан сегіз ұл бала қыздар залына өткізілмек.
Мектеп директорының орынбасары осы мәнзелдес мәнді мәселелерді айтып болып, сегіз оқушының фамилияларын атайтынын, олардың саптан шығып, дәліздің зал жағына тізіліп тұруы тиістігін ескертті.
— Айтуғанов, — деді Абдыраев ағай. Бұл — мына мен. Сегізінші сыныптағы ең жуас, ең биязы балалардың бірі болғандықтан, әрі алфавит бойынша алда тұратындықтан, бірінші шығып, дәліздің сол бұрышында сорайдым сонда.
— Арынбеков, — деді Абдыраев ағай. Сәл бұйралау, жұмсақ қара шашына оқта-текте май жағатындықтан, жылтырап тұратын, ойлы көзін көбінесе бір нүктеден айырмайтын кластасым менің жаныма жақындады.
— Әріпбаев, — деді мектеп директорының орынбасары. Тор көз, қызғылт жейдесінің жағасына сәл ұзындау, ырғай мойнының жартысын жасырғысы келіп, жуастар тізіміне іліккеніне намыстаныңқырай қызарақтаған кластасымыз да бізге қосылды.
— Ботанов, — деді директордың орынбасары. Бұрынырақта басына жара шығып, тері ауруларын емдейтін ауруханада шашын түгел түлетіп түсіріп, қайта өсіргендіктен, бұрынғы бұйра-қалың қоңыр кекілі сұрғылт-сұйқылтымға айналған, бірақ бұлшық еттері бұлт-бұлт ететін епсекті де епті, мектептегі спортшылардың қатарынан саналатын досымыздың бір езуі құлағына, екінші езуі бетінің жарты шамасына жетіп, мәз боп келеді.
— Жабағиев, — деді Абдыраев ағай. Алгебрадан гөрі геометрия мен физиканың шым-шытырық есептеріне жүйріктеу, желкесін қаси беретін Жабағиев аса салмақты, байсалды түрде, ересектерше адымдайды.
— Қойбағаров, — деді Абдыраев ағай. Шибарқыт шалбарының ышқырын шымши ұстап, көпе-көрнеу бір көтеріп қойған Қойбағаровтың қарқыны тым баяутұғын. Мектеп директорының орынбасары шыдамсызданып. — Әй, жуас-жуас дегеніміз — жайбасар бол дегеніміз емес, бүйте берсеңдер, мақтаның нормасын қалай орындайсыңдар сендер? — дегенді қосты.
— Серперов, Тұяқов, — деп екі кластасымызды егізқатар қосақтап айтты ағайымыз. Бұған әскери тәртіпті әжептеуір сақтап, түп-түзу тұрған оқушылар бірдемде босаңсып, ду күлді. Себебі, Тұяқов пен Серперовті балалардың бәрі дерлік: «Тұяқ Серперов» деп бірге айтатын еді.
— Ағай, тоғызыншы мен оныншы кластар неге ескерілмеген? — деді Дүниемалов демократиялық жайлы жағдайды жылдам пайдаланып. Шынында да, момын деген сегіздің бәрі түп-түгел біздің сегізінші сыныптантұғын.
— Дүниемалов! — деді Абдыраев ағай. — Көп сөзді қойып, бағанағы тележкадан түсірілген дүниеге ие бол. Жаныңа өзің қалаған бес баланы ал дағы, титан-самауырға шай қойып, қазан-ошақ орнатуға кірісіндер. Шолпан туар шақ жақын. Басқаларың бір сағат көз шырымын алыңдар. Қалған әңгімені таңертеңгі линейкада жалғастырамыз. Саймасаева ханым, сегіз бала — сізге, қабылдаңыз. Жас мұғалім, сіз өзгелерін мұқият қадағалаңыз.
Сәлден соң сексен қыздың сырлы әлеміне ертегі дүниесіне енгендей, кібіртіктей кіріп кете бардық. Сегізіміз бірдей шет жаққа таман, үлкен залдың ағараңдаған қабырғасына қарай жатпаққа жанталасамыз. Соны байқаған Саймасаева апай сыбырлап, шам жақпай-ақ, айдың сәулесімен, жұлдыздардың жарығымен, алфавит бойынша орналасуды тапсырды.
— Алфавит бойынша болғанда қалай, апай? Қабырғадан бастап па, әлде қыздар жақтан ба? — деп сұрауға мәжбүрлендім мен.
— Қыздар жақтан, — деді қушыкештігі ұстап кететін Ботановымыз Саймасаева апайдың алдын орап.
— Жарайды, Ботановтың айтқанын орындайық, — деп сыбырлады Саймасаева апай. — Ортада жатқандықтан, осы балалардың тәртібіне түгелдей сен жауап бересің. Түсінікті ме, Ботанов мырза?
— Түсінікті болғанда қандай! Сонда жетеуі бірдей маған бағынады ғой? Рахмет, апай, — деп шабыттана түсті денесі шымыр, сөзі мір кластасымыз.
— Осы сен онша жуас емессің-ау! Абайлағын, айналайын, — деп тоқтам салды Саймасаева апайымыз.
Жүрегім бір кітапта жазылғандай-ақ: «түм-түп», «түм-түп», «түм-түп» ете солқыл қағады. Қыздар жағынан орналасуға мәжбүрмін.
Қол созым ғана жерде...
Қыз жатыр.
Кім екенін білмеймін.
Айдың сәулесімен, жұлдыздардың жарығымен сағымға буылған сексен қыздың сиқырлы әлеміне тұтас-түгел көз жібермек тіпті де мүмкін емес. Қол созым жердегі жалғыз қыздың өзіне жөндеп қарай алмай, Арынбековтің иығына тұмсығымды тақап, көзімді жұмдым. Ұйықтап кетіппін. Тәтті бір түстің хикаясы енді-енді бастала бергенде:
— Тұрыңда-а-а-ар! — деген дауыс естілгені. Кешқұрымғы қапырыққа жұртымыздың буынғаны қалай, қырауы қылаулаған таңертеңгіліктің соншама суынғаны қалай?! Деп таңданбасқа лажымыз кем. Дүниемаловтың командасы сақыр-сұқыр қайнатқан титан-самауырдан ыстық су ұрттап, ауылдан әкелген азық-түлігімізді қаужаңдасып бола бере линейкаға тұрыстық. Сексен қыздың бәрі дерлік жұп-жұқа футболка мен шолақтау «трико-шалбар» киіп алыпты. Әдемі емес дей алмайсың. Таңертеңгі қыраулы суыққа тоңып, дір-дір етеді бәрі. Дірілдеулерінің өзі ғажайып. Басқаларды қайдан білейін, өз басым түндегіден бетер ұялып, ұзақ қарай алмаймын-ау. Басымды көтеріп, бір шолып шығамын дағы, көзімді тайғанақтатып тайдырып ала қоямын әйтеуір.
Абдыраев ағай мен мақта өсірушілердің бригадирі Өсімбаев деген кісі саптың алдында сөз сөйледі. Ол кісілер өз сөздерінде Отанымыз үшін аса зор стратегиялық мән-маңызы бар «ақ алтын» жинау науқанының атқарар рөліне тоқталды. Бұл шақта анау Арқада, тың төсінде: «Бірде-бір масақ далада қалмасын!» — деген ұран тасталса, мына Мырзашөл өңірінде: «Бір талшық мақтаны ысырап етпейік!» — деген девиз көтеріліп отырыпты. Мына мен, яғни алфавит бойынша бірінші тұратын Айтуғанов: «Ойпырмай, бүкіл тың өлкесіндегі кең далада қалайынша бірде-бір масақ қалмайды?» — деп, іле-шала: «Әр қадам сайын сан талшық мақта ыбырсып жатқанда, бір талшық мақта қалайынша ысырап болмайды?» — деп қайран қалатынмын сонда. Орындалмас мақсатты, іске ешқашан аспайтын міндетті ұран етіп тастайтынымыз, девиз етіп көтеретініміз қалай?! Деп аңқиятын аузым.
Абдыраев ағай мен Өсімбаев деген кісі «ақ алтын» жинаудың нормасы, әр келіге төленетін еңбекақы және үш мезгіл берілетін ыстық тамақ, апта сайын болатын кино мен монша және т.т. туралы да айтып өтті.
— Мына Мырзашөлдің, жалпы Жетісай төңірегінің суы сіздердің аудандарыңыздың суындай емес, айналайындар, — деді мақта өсірушілердің бригадирі Өсімбаев. — Каналдар мен арықтардың сулары сіздердегідей сылдырап-ақ, мөлдіреп-ақ ағып жатыр. Алайда, айналып қана кетейіндер, алданып қалмаңдар. Біздің арықтарымыз бен каналдарымыздағы су — су емес, у ғой, у. Ано-о-оу, жоғарыдағы қырғыз, тәжік, өзбектен бастап дәріленеді, уланады, ақабаға айналады, айналайындар. Сондықтан мына сорайып тұрған самауыр-титанды көріп тұрсыңдар ма? Көріп тұрсаңдар, осындай-осындай сорайған самауырларды мақталықтың басына да, қырманның қасына да қайнатып қоямыз. Тек қана титандардың құйыл-тегіл шүмегінен қайнаған су ішіңдер, қалған суға жоламаңдар. Жарай ма? Дәрігерлер де келер, ақыл-кеңестерін берер. Оларға дейін мен дағы айта түсейін деп жатырмын, айналайындар.
Өстіп сөйлеген Өсімбаевты біздің мектептің оқушылары шынымен-ақ қатты ұнатып, Айналайын ағай деп атап кеткен.
Күн шығар-шықпаста, кешегі бөлімше басқарушысы айтқандайын, мақталықтың шетінде, қыраулы күздің өтінде, жүйек-жүйектің басында қаз-қатар тізіліп тұрдық.
Сол — сол екен, майдан басталды да кетті. Алғашқы аптада есімізді жия алмадық. Сексен қыз орналасқан әсем әлемді де, қайда жатқанымызды да ұмытқандаймыз. Сүрініп-жығылып жүріп, норманы орындауға жанұшыра жұмыламыз. Түскі тамақты ішер-ішпес тағы да «ақ партықты» асынып алып, «ақ алтын» жинауға кірісеміз. Норманы орындасақ, кешкі сағат сегізде сүйретіліп сапқа қосылып, жатақханаға қарай аяңдаймыз. Титықтап, тамақ ішуге әзер жараймыз. Сексен қыздың шет жағындағы орнымызға құлай кетіп, тұяқ серперге шамамыз келместен, тастай қатамыз. Сұмдықтай көретін сөзіміз — қылқима құлқын сәрідегі: «Тұрың-да-а-а-ар!» — деген айқай.
Екінші аптада есімізді жинай бастадық. Екі-үш рет норманы орындай алмай, бүкіл мектебімізге, қала берді қыздарымызға күлкі болып түнге қалғаннан кейін, ондай кемшілікке жол бермеуге айналдық. Қол-аяғымыздың сырқырап, беліміздің сыздап ауырғаны басыла бастады. Түскі тамақтан соң біраз-біраз тыныстап, демалуға дейін барып қалдық. Ондайда Айналайын ағай — бригадир Өсімбаев еңбек тәрбиесіне байланысты әңгіме шертеді. Үйме-төбе мақтаның бір бүйірінде жантайып жататын Абдыраев ағай, жіңішке арық жағасындағы тұт ағашының түбінде тырнағын бояйтын Саймасаева апай, жергілікті адамдармен тең құқықты таразбан қызметіне тағайындалған жас мұғалім — үшеуі де Өсімбаевтың баяу даусымен шертілетін байсалды баяндарды ұйып тындайды.
— Қауашақтарыңа бірдеңе барды ма? — дейді Өсімбаевтың әңгімесі аяқталғанда Абдыраев ағай.
Бұл — мақта термекке тұрыңдар дегені.
Міне, түскі тамақтан кейінгі бір сағаттық үзілісте Айналайын ағайымыз қозаның қауашағын ақтарып, мақтаның шитін санап отырып, биылғы жаздың назын хикаялауға кірісті.
— Биылғы жазда мақталық түгілім каналдар да құрғап қала жаздады ғой, —дейді Айналайын ағайымыз. — Жоғарғы жақтағылар суды жөндеп жібермей, кеңірдегімізден қысып, алқым түймеден қылғындырып құртты. Бірде қас қылғандай-ақ, қаңсып тұрған күн райы күрт бұзылды. Алғаш ауа бұлыңғырланып, айнала кеңістіктің тынысы тарылды. Артынан аздап жаңбыр жауып, аспан астында алуан ағыстар айқасқанмен, жердің шөлі, бәрібір қанбады. Одан соң жел тұрып, сіркіреген сілімтік тамшы сап басылған. Кенеттен күтпеген жерден, күтпеген жақтан бұршақ дегеніңіз борап кеп берсін-ай. Бұршақ болғанда, кәдуілгі тауықтың кішігірім жұмыртқасына барабар. Талдың бұтағы сынып, тұттың шыбығы майысып жатты. Теректің жапырағы жұлмалана жұлынып төгілді. Тал бұтағы, тұттың шыбығы, теректің жапырағы дейміз-ау, оларда неміз бар, мынау мақталықта, қазір, айналып қана кетейін, сендер теріп жүрген «ақ алтын» алқабында көсек байлап үлгерген қозалардың бұтақтары баудай түсіп қиылды ғой, не керек?! Бүкіл бригадамыздың он үш мүшесі түгелдей ашық далада, аспан астында жүрген еді. Бұршақ төпеп жауса да, кішігірім жүмыртқалар тас-борандай атқыласа дағы, қайран бастарын қос қолдарымен ғана қорғаштап, қимылсыз қатып қалғандай тұра берді, тұра берді, тұра берді. Бұршақ басылған соң бір-біріне бірсін-бірсін жақындай бастаған. Бәрі ойласып алғандай, от басып алғандай, ыршып-ыршып түсіп, бастарын шайқасады. Біресе қиылып түскен көсекті ұстайды, біресе біраз уақыт өтсе де кішірейе қоймаған бұршақты уыстайды. Бұршақ көп пе, қозаның қиылып түскен көсегі көп пе, айыра алмай, ажырата алмастан аласұрады. Бәрі, бригада мүшелері түгелдей маған таянып келді. Таянып келгенімен, тіл қатуға қаймықты. Бәрінің де бастарынан, шаштарынан, беттерінен бұршақтың суы сорғалайды. «Басыңыз қанап қалған ба?» — деді бірі самайымды саусағымен сүртіп. «Өсімбаевтың миы шайқалыпты» деген өсек те шыққан сонда, айналайындар. Сө-ө-ө-өй-тіп өсірген «ақ алтынымыз» ғой бұл, балалар. Бірақ асыра сілтеуден аулақ болғанымыз абзал. Денсаулықтарыңа қараңдар. Абайлаңдар, айналайындар. Қазіргі жас өскін балалардың көбі мақта майданынан ауру тауып жатыр. Абайлаңдаршы, айналайындар...
Айналайын ағай осылай дейтін. Өсімбаевтың өстіп сөйлейтіні Абдыраев ағайдың әскери талабын әжептеуір жұмсартатын. Осындай-осындай әңгімелердің әсерінен шығар, сегізінші сыныптың оқушылары үшін мақта жинаудың нормасы азайтылып, отыз бес келіге дейін кемітілді. Нормасын алдын ала және асыра орындаушылар кешкі сағат сегізде емес, алтыдан аса бере жатақханаға қарай сапқа тұрмай-ақ қайтатынға айналды. Орындамағандар түнгі онға дейін емес, сегізге дейін тырбаңдайтын болған. Бәрібір, алғашқы онкүндіктің қорытындысы бойынша Макаренко атындағы мектеп аудан көлемінде алдыңғы орындардан көрініп, ауыспалы туды жеңіп алды. Ауданымыз да облыс бойынша озаттардың қатарына іліккен. Абдыраев ағай алға қойған мақсат та, міндет те орындалды. Ту алған күні ол кісі удай мас боп жүрді.
Бірде норманы бесін ауа бітірген бір топ қыз тым ертерек қайтқан еді. Олар жатақханаға барып жуынып-шайынып, тып-тыныш тырнақтарын тазалап, рахаттанып отырмақтың орнына Жетісай қаласына қарата беттеген.
Бұл — оқыс оқиғатұғын.
Төрт-бес шақырымдағы шағын шаһарыңыздың өзі — алыстағы ауданнан келген, станса да көрмеген көмекшілер үшін үлкен қала. Оншақты қыз Жетісайдың жатаған үйлері жыпырлаған шеткі көшелеріне кіріп, ары да, бері де жүгірісіп жүріседі.
— Адасқан жоқпыз, ә?! — деседі бәрі жамыраса жымыңдасып. — Қалада жүрсек те адаспадық ә?! Келген жағымыз каналдың арғы беті ғой.
Қыздар қалталарын қағып-сілкіп, тиын-тебендерін жиыстырып, балмұздақ алады, самса алады. Бәрі кереметтей көрінген шаһардың теп-тегіс тротуарымен, арғы шеті мен бергі шеті атшаптырымдай аңғарылған асфальт көшемен және біраз жүріңкіреп, тағы да бір-біріне:
— Адаспадық-ә?! Бұрын білмеген, көз ашып көрмеген қаламызда адасып кетпей, аман-есен жүрміз ә, қыдырып! — деседі жымыңдаса қуанып. — Әне, келген жағымыз, міне — каналымыз.
Балмұздақ жеп келе жатқан Бәтес дейтін, біздің сегізінші сыныпта оқитын қыз кенет шыңғырып жіберіп, жиекжолдың шетіне домалап кұлай кетеді. Жетісай қаласының көшесі бос деуге болатындай екен, үлкен-кішінің бәрі дерлік мақта терім майданында ғой. Біздің қыздар не істерін білмей, бүріскен күйі зар илеп шыңғырып жатқан Бәтеске қарап, бәрі состиып тұрып қалады. Бірте-бірте бір-екеуі Бәтеске қосыла жылап, тоғызыншының қызы ғана айналаға жүгіріп, адам шақырады. Өтіп бара жатқан мәшиненің бірін тоқтатып, әлі де бебеулеп, су терге түскен Бәтесті сүйемелдеп мінгізіп, ауруханаға алып барады. Ауруханаға қалай кіреді, біздің кластасымыз Бәтестің бебеулегені бірден басылады. Әлдебір жерінің сырқырап па, сыздап па ауырғаны сап тиылады. Тексеріп байқайтын тұсқа жеткенше тері де құрғай бастайды. Дәрігер келгенше мектебіміздің оншақты қызы оқыс оқиғаны ойға сала саралап үлгеріп, сау етіп сыртқа қарай қашады.
Адасады-ай алайда!
Жетісай қаласының қай жағынан шығарын білмейді-ау біздің қыздар.
— Адастық-ау, абайламай, — деседі он шақты қыз шүпірлесе тоқтай қалып. — Канал қай жақта еді? Қалаға келіп кірген тұсымыз қай шама еді?!
— Көрмеген қаламызда, білмеген шаһарымызда адаспадық-ә, деп мақтанып масайрап ек, масқара болдық-ау, — деседі қайта-қайта ошарылған он шақты қыз. Тағы да тоғызыншы кластың есті қызы есептеп-есептеп жіберіп, біресе бұлыңғырланып батып бара жатқан күнге, біресе бұлттан бір шығып, бір кіріп тұрған реңсіздеу айға қарап-қарап алады дағы:
— Ауыл ана жақта, канал мына тұста, — деп кесім айтады.
Не керек, нормасын елден ерек орындап, жұрттан бөлек ерте кеткен сол қыздар жаяу-жалпылап жәрдемшілер жатақханасына жеткенше, түн ортасына таянып қалған.
Кешкі линейкадағы түгендеу-түстеу тұсында орындары ойсырап тұрған бір шоғыр қыздың жоқ екенін білгенде, Саймасаева апай шоқ басқандай ыршып түскен. Абдыраев ағай адырайып кеп-кеп қараған. Ішкендері іріңге, жегендері желімге айналған ағайлар мен апайды аяп, әсіресе сексен қыздың шетінде жататын сегізіміз үрегейлене үрпиістік. «Ей, біздің сегізіміз түгелміз бе өзі?» — деп қояды Ботанов мырза тұт ағашының иірқобыз, құж-құж бұтақтарын шынықпақ мақсатта шауып отырған күйі. — Әй, Айтуғанов, жетеуің де бармысыңдар?
— Жетеуіміз де дін аманбыз, желкеміз қиыла қоймас,—дейді менің орныма жауап беруге әуес Жабағиев.
— Тұяқ Серперлер тым-тырыс қой? — дейді Ботанов.
— Тұттың түбінде шахмат ойнап отыр екеуі, — дейді Қойбағаров.
Абдыраев ағай жоғалған қыздарды іздемекті ұйымдастыру үшін бөлімшенің кеңсесіне кетті. Саймасаева апай жетпіс шақты қызды зіркілімен-ақ желкелеп, залға қуып тыққан.
Бүгінгі биге тыйым салып, адыра қалдырған Абдыраев ағайдан хабар жоқ.
Түн ортасына таяп қалған шақта он шақты қызымыз ақырын басып, аяқ дыбыстарын білдірмей ғана бір-бірлеп кіре бастады. Бірақ бәр-бәрі біліп қойған. Әлдебір шуыл ма, гуіл ме, қоржын-қосқалаң бөлмелерді бір аралап барып, біздің залда тұншықты. Саймасаева апай орнынан ұшып түрегеліп, төбесінде үнемі тіп-тік болып шошайып тұрар түюлі шашы біз көргелі бері тұңғыш рет қисайыңқырап:
— Қане, тұрыңдар мында! — деп бұрышты нұсқап бұйырды.
Қисайыңқыраған шашын қайта түзеп, жоқ қыздардың тізімін ішінен оқып, іштей түгендеді. Содан соң:
— Әй, әтеңе нәлеттер! Саусыңдар ма? — деді.
Бір шоғыр қыз үн-түнсіз.
Алыстан байқап отырмын, біздің Бәтестің мандайы тершіп, айдың селдір сәулесімен, жұлдыздардың нұрымен және солғын шамның жарығымен сәл-пәл жылтырайды. Қаракөлеңкелеу тұста тұрғандықтан, қоңырлығы білінбей қарақошқылданып көрінетін қою шашының бір сығымдайы самайына жабысыпты. Шаршаңқы сияқты-ау біздің Бәтесіміз. Көздерінің алды көлеңкеленіп тұрғаны несі екен?!
— Әтеңе нәлетілер! Саусыңдар ма деймін мен сендерге?! — деп долданды Саймасаева апай. Соншалықты сымбатты, сүйкімді, ұзын бойлы, жұп-жұмыр мойнына дейін аппақ, тіп-тік көрінетін апайдың сумаңдаған сұп-суық сөздерді сексен қыз бен сегіз ұлдың көзінше көгереңдеп тұрып соққанына сенбейтіндейсің.
— Саусыңдар ма деймін мен сендерге?! — деп ысылдады Саймасаева апай.
Қайран қыздар сонда «саусыңдар ма?» дегеннің мән-мағынасын мұқым-мүлде түсінбеген сыңайлы. Мұндай-мұндайды тергеу тезіне түскендерден гөрі сот залында отырғандар тезірек пайымдайды ғой. Шоғыр қыз шынында да түсіне қоймапты. Біздің де біразымыз онша ұғыңқырамағанбыз. Біздей милауларға ұғындырған Ботанов болды-ау сонда.
— Төбелес болған жоқ, апай. Саумыз, — деді тоғызыншының қызы. Қалған қыздардың бәрі біздің сегізінші сыныптантұғын. Олар үн қатқан жоқ, бірақ «Саусыңдар ма?» дегенді түп-түгел: «Төбелестен тыспыз, таяқ жеудан аманбыз» деп түсініп тұрыпты.
Саймасаева апай жоғалып табылған қыздардың жер-жебіріне жетіп, жарты сағаттан астам уақыт ұрысқаннан кейін он шақтысын түгелдей картоп тазалау жұмысына жекті.
Абдыраев ағайдың қай кезде оралғанын да, он шақты қыздың қай шамада қайта келіп жатқанын да білмедік біз.
Сол оқиғадан сон, қырсық көбейе бергентін. Екі-үш күн өтер-өтпесте сорайған самауыр-титан құлап кетіп, Дүниемаловтың бір аяғы мен бір қолы күйіп қалды. Жедел жәрдем шақырылып, Жетісайға жөнелтілді. Арада апта аунап түсер-түспесте ымырт қараңғылығын пайдаланған біреулер дүкеннен қайтып келе жатқан Әріпбаев пен Қойбағаровты ондырмай таяқтап кетті.
— Әй, Әріпбаев! Дүкенде нелерің бар? Қойбағаров, қалай ғана қараңғыдан қорықпай шыға қалдың-а далаға? — дейді ғой Абдыраев ағай күйіп-пісіп.
— Ағай, опамай мен сықпамай алғалы барып ек, беті-қолымыз жарылып кетіп, — деп күмілжиді Қойбағаров пен Әріпбаев.
Екеуі де ескілеу тілде сөйлейтіндердің сортынан. Опамай дегендері — ұнамды крем, сықпамай дегендері — ұнамсыздау вазелин. Мектеп директоры орынбасарының тергеуі кезінде Әріпбаевтан опамайдың, Қойбағаровтан сықпамайдың иісі бұрқырап тұрды. Әріпбаевтың көздері көгеріп, қастары жарылған. Койбағаров оң қолын мойнына асып алыпты. Оқушылардың денсаулығын тексеріп тұратын ауыл фельдшеріне сенсек, сол қолы шибарқыт шалбарының ышқырын көтермектен босай бермейтін бұл кластасымыз бір апта бойы мақта теріп жарытпас.
Күндердің күнінде: «Жүйек-жүйекке салатындай тақта (мақта егістігі ғой) қалмады, қайдан терсеңдер де өздерің біліңдер, тек норманы орындау керек» деген нұсқау берілді. Сегіз ұл мен бір Бәтес (кластас қызымыз ғой) Қарақас-Арқас каналынан бөлініп, өзен секілдене бұралып ағатын үлкен арық бойындағы бітік мақтаның ішінде жүрдік. Ботановтың білмейтін бәлесі жоқ, арық бойындағы тақтада қоза биік, қауашақ ірі, «ақ алтын» салмақты болмақ. Айтса, айтқандай-ақ екен, екі сағаттың ішінде ақ «партықтарымыздың» аузы-мұрнынан мақта төгіліп, қарындары қампиып шыға келді. Бұрындары түске дейіннің өзінде толтыра алмай тырбаңдап, таразыға апарарда арқамызға лақтырып тастап, лақша секіріп жүре беретінбіз. Енді ешқайсымыз да көтере алатын емеспіз.
— Бәтестің тергені бәрімізден көп екен, таразыға жеткізуге көмектесуіміз керек,— деді Ботанов. — Мен арқалаймын, ал бір-екі бала қала тұрсын, өз мақтама қайта ораламын, үш-төртеуіміз бірге қайтамыз. Кімдер қалады?
Арынбеков тұңғиықтана түйіліп, ауа райы бұзылуға бет алды. Өзгелеріміз сыр бермедік. Өйткені Бәтесіміздің бір жарым еседей артық мақтасын көтермек түгілім, өзіміздікін жеткізу қиындау боп тұр. Ботановпен тек қана Арынбеков тайталаса алар. Мойындамасқа лажымыз кем.
— Біз де бір кісідей жүк көтереміз, — деді тістенген Арынбеков тұтасқан тұттар мен қарауытқан қараталдарға қарап.
— Қойыңдар, — деді Бәтес сонда сыңғырлап. — Жартысын төгіп тастап, қалғанын әкете берейін. Жарымына жарты сағаттан соң қайтып ораламын. Біреуің ілесіп келерсіңдер, ұрлап кете қоймас.
Сегіз ұл түгел тым-тырыстанып, ойланып қалдық.
— Жарайды, алдымен су ішіп алсақ болар еді, қанымыз кеуіп кетті ғой, — деді Ботанов.
Бәріміздің таңдайларымыз бірден удай ашып, шытынай жарылып, қақ-қақ айырылып жөнелді-ау сонда. Шынымен-ақ бір жұтым су ішпесек, жүре де алмайтын, күле де алмайтын, «ақ партықтарға» толған «ақ алтынды» арқалай да алмайтын сияқтымыз. Тұяқов пен Серперов тіпті тақыр жерге отыра кетті. Қойбағаров пен Жабағиев былтырғыдан қалып қойған бір шекім қозапаяға жантайды.
— Суды қайдан табасың қазір? — деді Әріпбаевтың үні әрең шығып, ұзын кеңірдегі шодырайып.
— Е, міне, жанымызда мөлдіреп арық ағып жатқан жоқ па? — деді Арынбеков қырсықтығынан арыла алмаған күйі.
— Айналайын ағайдың айтқанын ұмытпайық, ағай-е-ен, — дедім мен. Яғни, Айтуғанов.
— Көрейік те биікке шығып. Ең болмаса, ауыз шайып жан шақыруға болар, — деді Ботанов бітімгершілікке мойын ұсынып.
Бәріміз биіктеу тұсқа көтеріліп, қарасора қаптаған қабақтан сылдыр-сылдыр ағып жатқан арықтың суына сұқтанғанбыз. Мөп-мөлдір, тап-таза.
— Өлсем де ішемін, — деді Жабағиев есепті тез шығаратынындай тақ еткізіп.
— Мен де, — деді Қойбағаров ышқырын бір көтеріп койып, қарауытқан қалың ернін жалап.
— Біз де, — деді Тұяқов пен Серперов.
Мөлдірей ағып жатқан суға қақ-қақ жарылғандай құп-құрғақ таңдаймен, кіреукеленген көзбен құр қарап тұра беру мүмкін емес-ті.
— Битейік, — деді Ботанов бұл ретте де білетіндігін байқатып, көсемдігін көрсетіп. — Бәтестің орамалын су бетіне төсеп сол арқылы сүзіп ішейік. Аздап қана таңдай жібітейік сөйтіп.
Мұңғиықтана тұңғиық тартқан Арынбеков жөткіріне булыққан. Өзгелеріміз Бәтеске бұрылғанбыз. Ботановқа тұтас таңырқап, түгел мойындағанбыз. Арықтың тұнып ағатын, тып-тыныш тұсын тауып алып, Бәтестің орамалы (қызыл ала еді ғой) арқылы су ішкенбіз. Сылқылдатып тұрып. Обалы не керек, Ботанов: «Ал-фавит бойынша бастайық», — деген. Әрине, мен де мәзбін, Арынбеков те аздап қана жұмсарып жібігендей көрінген. Бір қызығы сол, бәріміз ішіп, Бәтесті ұмытыппыз. Ол ең соңында ішкен.
Бірақ бұлжытпай орындалуға тиісті тәртіпті бұзып, ағын судан ішкенімізді ешкімге де айтпадық. Ештеңе ете қоймас, толық тәулікке жетеқабыл жүретіндей жерде қалып қойған ауылымызда ағып жатқан судың бәріне бірдей бас қойып, аузымызды батырып, қылқ-қылқ, сылқ-сылқ сіміре беруші едік қой. Деп ойладық. Бәтестің орамалы барлық зиянды, зардамды нәрселерді жойып жіберген шығар, судың уын өткізбеген болар, бәріміз де ауырған жоқпыз ғой. Дейтінбіз. Ал Бәтестің қалған мақтасына Ботанов пен Арынбеков бірге кеткен. Әрине, орталарында Бәтес. Өзгелеріміз тыпыршып, бір қызарып, бір бозарып, Бәтесімізді қызғанып, түскі тамаққа дейін мақта термей қойғанбыз.
Төртінші әлде бесінші аптаның аяқ жағына таман Ботанов пен Арынбеков Қарақас-Арқас каналының бойындағы ең биік жерде қатты төбелескен. Ешқандай куә жоқ болғандықтан, екеуара жекпе-жекте қайсысының басым түскенін біле алмай, далмыз. Ботановтың бойы мықырлау, бірақ шып-шымыр, шыныққан бала екендігін әңгімеміздің бастапқы бір тұсында тұспалдағанбыз там-тұмдап. Ал Арынбеков мүңғиықтанып, көп уайымдайтын бала бола тұра, мұзшарықтай өткір қырлары көп. Бұлардың екеуі де Бәтеске ғашық еді. Қарақас-Арқас каналының бойындағы жекпе-жектің басты себебі — сол. Бәтеске бәріміз ғашық едік. Біздің кластағы он екі қыздың он бірі бір төбе дағы, Бәтестің бір өзі басқа төбе. Сексен қыз сылаңдаған сондай әлемде бола тұра сегізіміздің көңілімізде де, көкейімізде де, көз алдымызда да өз кластасымыз ғана екен-ау сонда! Айтпақшы, мақтадағы алғашқы түн ше, сексен қыз жатқан залға сегізіміз бірдей, ертегі дүниесіне енгендей кіріп кеп-кеп кеткенімізде ше?! Қол созым ғана жерде жатқан қыз... Өзіміздің Бәтесіміз болып шыққан.
Алфавит бойынша бірінші болмағандарына Ботановтың да, Арынбековтің де іштері күйіп, өртеніп кете жаздаған. Әріпбаев та, Жабағиев те, Қойбағаров та, Серперов пен Тұяқов та Бәтеске ғашық емес еді дей алмаспыз. Алғашқы аптада шаршап-шалдығып, аяқ-қолымыз сыздап, беліміз сырқырап, титықтаудан тас боп қатып ұйықтағанымызды да ескертіп өттік-ау. Бірде Бәтеспен көп билегенімді, сол түні көпке дейін күбірлесіп, күлгенімізді Ботанов пен Арынбеков аңғарып, бәле болған. Бәтестің өзі: «Әңгіме айтсай», — дегенде ғана ғой, әйтпесе қол созым жердің өзінен қарай алмай, қою-қоңыр, ұп-ұзын бұрымдарының ұшын уыста-а-а-п ұйықтағым келетінін ойлағанымның өзіне ұялып, Ботановтарға бұрылып жататынмын.
Ботановтың қызғанышы ешбір негізсіз еселеніп, Саймасаева апайға сыбырлады ма, қайдам. Үшінші аптада сексен қыз бен сегіз ұлдың арасындағы шекара мәселесі қайта қаралып, тіксандық әкеліп қойылды. Тіксандықты тік көтеріп әкеп қойған Ботанов мырзаның тікелей өзітұғын.
Бірте-бірте сексен қыздың шетінде шеп құрып жатқан сегізіміз де баяғы биязылығымыздан арылып, ең жуас, ең момын, қыздай сызылыңқы мінезімізден жаңылып, түні бойы көз ілмейтінге кеттік. Норманы да әзер-әзер орындап, түске әрең-әрең ілініп, бесін ауа Қарақас-Арқас каналының бойындағы қалың қара талдың арасында қорылдап тұрып ұйықтап алатынға айналдық. Аудан бойынша «ақ алтын» жинаудың жоспары түгілі, міндеттемесіне дейін артығымен орындалып, Макаренко атындағы мектеп мерзімінен әлдеқайда ерте қайтады деген қуанышты хабар жеткендіктен, Абдыраев ағай әскери тәртіпті түгел өзгертіп, «тыныш жүрсеңдер боптыға» көшкен. Өзі жиі-жиі ішіп алатынды шығарды. Тек таңертеңгі және кешқұрымғы түгендеу-түстеу ғана бұрынғыша қатаң жүргізіледі.
Сексен қыздың ішіндегі сегіз ұл түні бойы көз ілместен күрсінеміз-ай келіп. Көбінесе бір-бірімізді жақтырмай, өзімізбен-өзіміз өзгеше қиялға беріліп, алабөтен аһылап-үһілейміз. Кейде екеу-екеу, үшеу-үшеу шүйіркелесе шүңкілдесіп, сегізіміздің бірдей бас түйістіре сыбырласатын шақтарымыз да болады. Бірде Ботанов екеуіміз сыбыр-күбірге беріліп, елітіп жатқанбыз.
— Саған бір секрет айтайын ба? — деді Ботанов әдеттегіше бір езуі бір құлағына жетіп, екінші езуі бетінің бел ортасына барыңқырай тоқтам тауып. — Саймасаева апай жұрттың бәрі тегіс ұйқыға кеткенде, тысқа шығып жоғалады. Тұттың түбінде қызыл мәшине күтіп тұрады. Әне, сол-ла-ай.
— Ұятсыз екенсің ғой, ұстазымыз туралы осылай айтқаннан ұялсаң қайтеді?! — деп қапаланып қалғам сонда.
Бір-екі күн өткенде көзді ашып-жұмып, ұйқысыз ғана жатқанда, Ботанов бүйірімнен бір түртті. Шошып оянып, шамданғанымды жасырмадым.
— Мені ұятсыз деген сіз бе едіңіз, Айтуғанов ағай? — деді ол мүләйімси сыбырлап.
—Иә, ы-ым, біз боламыз, ар-ұяты азырақ оқушым, — дедім мен.
— Онда дыбысыңызды шығармай, жылдам киініңіз, ағай, — деді Ботанов. — Тез-тез!
Киінбеске болмас, көнбесіңе қоймас. Ботановтың даусындағы бұла бір сиқыр бұлтартпас.
Сәлден соң екеуіміз секеңдей секіріп, жасырына жүгіріп отырып, сап-салқын күздің жап-жарық түнінде, жиделердің түбінде тұрдық. Ажырықты алаңқайдың арғы жағындағы қызыл мәшине жарығын жақпай, алайда жылжи алмай қиналатындай. Ішінде біздің Саймасаева апай, ал сыртындағы әлдекім айтарлықтай абыржып, сасқалақ қағатын сияқты. Ақыры, ай астында қызарыңқыраған мәшине жылжымай-ақ қойды-ау.
— Қап-ай, а?! — деді еркек қыстыға, кіжіне ызаланыңқырап. Саймасаева апай да сыртқа шығып, ақ жүзін айдан жасырып, біз жаққа қарата бұрылып тұрды.
— Сіз де қайтыңыз, мен де қайтайын, — деді апай.
— Жоқ, неге қайтамыз? Қайтпаймыз! — деді мәшиненің иесі. — Абдыраевты әбден ішкізгем. Дүние-әлем шырт ұйқыда. Екеуіміз ғана ояумыз, екеуіміз ғана...
Қызыл мәшиненің иесі біздің апайымызды құшақтады-ау. Сүйген де секілденді. Көзіміз бұлдырап кетті ме, жанарымыз жасаурап кетті ме, бірдеме боп барады, әйтеуір. Қараптан-қарап отырып, қызғанады екен дә адам. Апайды.
— Таныдыңыз ба, ағай?—деді Ботанов біртүрлі рахат сезімге берілгендей есінеп қойып.
— Кімді? — деппін ғой мен сонда.
— Ай, Айтуғанов ағай-ай?! Айтуғанов ағайым-ай, ағатайым-ай! — деді Ботанов. — Кімді дейді ғой маған барып. Ер-кек-ті!
— Жоқ. Кім ол? — дедім мен.
— Бөлімше басқарушысы емес пе? Шынымен-ақ аңғармай тұрсыз ба, Айтуғанов ағай, жок әлде аңқаусынып аңқиясыз ба?
— Иә-иә, мәшине сол кісінікі. Даусы да...
Құшақтасқан күйі келісті ме, сүйіскен күйінде сыбырласты ма, екеуі топырағын селдір-бозғылт қырау басқан ақтандақ жолмен ауыл бағытына беттеді. Жарықтан жасырынып, қаракөлеңкелеу тұстарды тандап, ұрланып кетіп барады. Үнсіз ғана ұғынысып, біз дағы ілеспекке бекіндік.
Мектептегі үлкен үзілістің шамасындай уақыт өткенде олар «Аралас тауарлар» дүкенінің жанындағы биік-биік жәшіктер жинаулы тұрған тұсқа таяп, тоқтасты. Саймасаева апай тұттың түбінде тұрып қалды да, бөлімше басқарушысы екі кісінің бойындай етіп жиналған жәшіктердің тасасынан көрінбей кетті. Мектебіміздегі кіші үзілістің уақытындай мерзім жылжып-сусып бара жатқан шақта қарны барлау, қараторылау бөлімше басқарушысы тұттың түбіне қайта оралды.
—  Қорықпа, — деді біздің апайымыздың қолынан тарта жөнеліп. — Жүдә жақсы жер таптым. Әдейі арнап әзірлегендей екен, айналаны түгелдей жәшікпен қоршап қойған. Ортада таразы бар, тақтай төсек бар. Қатып кеткенін қарашы. Қарауылы өзіміздің адам еді, қайтарып жібердім. Жаным мені-і-ің-ң...
—  Бәлесін қарашы! — деді Ботанов қос жұдырығын түйіп, томпақ бетінің тұсына дейін көтере кіжініп. — Бұ бөлімше басқарушысы деген бәлелердің бәрінің де барлық жерде де ауыздарының салуы бар, төсектері салулы тұрады білем ғой, өзі а?!
Бөлімше басқарушысы біздің Саймасаева апайымызды «Жа-ным-жаным!» — деп жетелеген күйі биік-биік жәшіктердің арғы жағына алып кете барды. Ай сәулесі сәл-пәл солғын тартып жұлдыздардың жарығы көмескіленгендей ме, қалай өзі? Деп ойлап едім, Ботанов бүйірімнен бағанағыдан бетер қатты түртті-ау, айқайлап жібере жаздадым.
— Жүр! — деді ол.
— Қайда?
— Жәшіктердің ара-арасынан кино көреміз.
— Жындандың ба, немене?!
— Осылай қала береміз бе енді?
Кенет Ботановтың бүкіл денесі қалшылдап қоя берді. Баяғы жара шығып жазылған басының іші сақырлай қайнайтындай. Қайта шыққан сұйық-селдір, жұқа шашы тікіреюге тырысатындай, бір көтеріліп, бір басылатындай.
Табан астында мен де дірілдеп-қалтырап жөнелдім-ау сонда.
— Қой, қайтайық, — дедім дірілімді баспаққа бар күшімді жұмылдырып.
— Жоқ, қазір барып анау тау-тау жәшіктерді түп-түгел қопарып құлатам!
— Не болады сонда?
— Масқара болады, екеуі таудың астында қалады. — Ботанов әлі де басылар емес. Барам десе, бара салар бәле ғой бұл. Не істемек керек? Қандай амал бар? Ойлан, Айтуғанов! Деп қайраймын өзімді.
— Тау қопарып, жәшік құлатып, дүниені қиратпай-ақ қоялық, — дедім мен Ботановтың өз мәнеріне салуға тырысып. — Бір ашуыңды ағатайыңа бере ғой бұл жолы. Жарай ма?
— Сонда не демекшісіз, Айтуғанов ағай? — деді тістенуінен танбаған ол. — Бәрін көріп, бәрін біліп тұрып, сүмірейгеннен-сүмірейіп, салбырап қайта бермекпіз бе?!
— Жарайды енді, екеуі шығьп қалса, қазіргімізден бетер қиналып қалармыз. Одан да бар ғой, мәшинесіне барып, быт-шыт қылайық. А?!
— О! Оһ! Мынауың мықты екен! Жүр, дабай! — деп көне кетті Ботанов.
Содан жүгіргеннен-жүгіріп отырып, тұт ағашы мен жиделердің, тал мен теректердің қарауытыңқыраған қалқаларын қуалап, жатақхананың жанындағы ажырықты алаңқайдың шетіндегі қызыл мәшинеге жеткенбіз. Біздің ауылда томпайып-томпайып жататын, әр аттаған сайын сүріндіре беретін тас атаулыдан түк жоқ қой, түк те жоқ. Дүниемаловтың дүние-мүлкіне қол сұғуға тура келген. Ботановтың өзі бұтап-кескен тұт кеспелтектер кәдеге асқан. Қызыл мәшиненің быт-шытын шығармасақ та, біраз бүлдіріп, төрт доңғалағын солдырып, болдырып барып ұйқыға кіріскенбіз.
Бір жолы мақталықтан қайтып келе жаттық. Шаршаңқылау едік. Айнала сұрғылттанып, аспан бұлттанып, каналдың бойындағы ирелең жолмен кирелеңдеп көңілсіздеу келеміз. Бет-жүзі түтігіңкіреген Ботанов бірден бұрылып, бүйдеді:
— Ай, Айтуғанов! Алфавит бойынша алдасың. Арынбеков те алда. Оңашада айтып қояйын, бүгін үстеріңнен асып түсіп Бәтеске барамын.
— Қойшы-ей!
—  Солай. Барамын деген соң барамын. Арынбековтің бір жақсы жері бар, басы жастыққа тиді, бітті. Өледі де қалады. Ал сен бар ғой, білмеген боп жатасың.
— Барамын дейсің, ә?!
— Иә, барамын Бәтеске!
— Не... неғыласың сонда?
— Неғыласың дегенің нең? Жанында жатып сырласамын. Сөйлесуім керек.
— Өзімен келістің бе?
— Жоқ! Бірден барамын. Не боса о босын, сөйлесу керек.
— Өзің біл, маған бәрібір.
— Сен мені түсінгін, — деді ол сәл басылыңқырап. — Анау Арынбеков жыныма тиіп жүр. Саған да, қалған сумұрындарға да титімдей ренішім жоқ.
— Сонда мен де сумұрын боп шыға келдім бе?
— Жо-о-оқ, сенен басқаларды айтамын. Алфавит бойынша «А»-дан басталғандарда арман жоқ қой, арман жоқ.
— Алғашқы күні алфавитті айтқан — өзің, енді келіп өлердей өкініп тұрған — тағы өзің. Сырлассаң, сырлас. Сөйлессең, сөйлес. Шекарада орын жеткілікті ғой, — дедім мен.
— Айтуғанов ағай — нағыз нарқасқа жігіт тә-ә-ә! — деді ол.
Айтқанынан қайтатын Ботанов па, Арынбеков алаңсыз ұйықтап кеткен шақта, екеуміздей екі «жотадан» асып түсіп, қанша өжет, қаншама батыл болғанымен, менің жанымда біраз уақыт дір-дір қағып жатып, ақырында сексен қыз бен сегіз ұлдың арасындағы шекарадан өтіңкіреп барып тыншыды-ау. Қасақана қыздар жақтан жөтелдер естілді. Оныншының ба, тоғызыншының ба мақташы сұлуларына суық тиіп қалған-ау. Жөтелгенде де жарыса жөтеледі-ай тіпті. Олар басыла бергенде, Жабағиев па, Қойбағаров па, біреуі сандырақтап сөйлей бастады: «Мақтаның ішіне су топырақ салып, салмағын көбейтейік те», — дейді. Жоқ, Жабағиев емес, Қойбағаров екен.
Жүрегімнің дүрсілі күшейді. Жаңа ғана Бәтесімізді қатты қызғанып, бетім дуылдап жатқандай едім, енді Ботанов үшін уайым жей бастағандаймын. Не сөйлер екен, қалай сырласар екен? Бәтесіміз нендей мінез, қандай қылық көрсетпек? Дауыстары естіле ме, естілмей ме?
Әне-әне! Сыбыр да сыбыр, күбір де күбір басталды. Құныға құлақ түрмекке мәжбүрсің, әрине. Алдында, біраз уақытқа дейін сөздері анық жетпеді. Аһ ұра өкініп, бармағымды тістедім. Алғашқы сөздері керек еді дә-ә-ә... Міне-міне, енді-енді естіле бастады. Ботанов батылдана түскен шығар. «Мен сені ұнатамын, Бәтес, — дейді Ботанов сыбырлап. — Айттым ғой, соны жөндеп жеткізейін деп ем. Білдің бе? Біліп қой, мен сені жақсы көремін». «Соны осылай, осында, өстіп жатып айтуың керек пе, немене? Мақталықта жүріп-ақ айтпайсың ба?» — дейді Бәтесіміз де сыбырлай үн қатып. «Талай рет айтпақ болғам, мың мәрте, миллион мәрте ұмтылғам. Батылым жетпеді». «Жарайды, ұйықтайық енді». «Ұйықтай алмаймын мен. Көптен бері көз ілмеймін». «Неге?» «Біліп тұрсың ғой, Бәтес». «Түк те түсінбеймін. Білмеймін». «Білесің, Бәтес. Мен сені жақсы көремін. Басқалардың жақсы көргенін қаламаймын. Біреуінің де саған қадалып қарағанын көтере алмаймын. Білдің бе?» Осы жерде Ботановтың даусы каттырақ шығып кетті. «Ақыры-ы-ын, — деді Бәтес. — Білдім. Түсіндім. Енді ұйықтайық, орныңа барып жата ғой, жарай ма?
Ботановты қайтадан жеккөре бастағандаймын. Бәтесімізге сәл-пәл ашуым келетіндей. Үнінде аздап қана келемеждеу жоқ емес, алайда жібек желдей жап-жайлы, жұп-жұмсақ. Демек Ботанов мырзаға кетәрісі жоқ деп ой түйеміз дә-ә-ә. Деп жының келеді дә-ә-ә.
Екеуінің сөйлесуі ме, сырласуы ма, қайсысы екенін қайдан білейін, әйтеуір күбір-сыбыр одан ары жалғасын тапты. Аз ғана кідірістен соң Ботанов: «Шаш... Шашыңнан бір мәрте ғана иіскейінші», — деді. Тура солай дегенін өз құлағыммен естідім. Үнін әдейі ғана үзіп-үзіп, әдейі ғана дір-дір еткізе ме, қайдам-ау! Бәтес ренжи бастады, онысы даусынан анық білінді. Мен әжептеуір-ақ ризамын. Жарайсың, Бәтес! «Қой енді, қоя ғой! Әйтпесе, ашуланамын», — дейді Бәтесіміз. «Ашуланғанда не істейсің?» — «Айқайлаймын. Масқара боласың.» — «Өзің де масқара боласың ғой онда.» — «Ұятсыз екенсің!»
Біразға дейін үнсіздік орнайды. Сонсоң қайта жалғасады сөйлесу. «Сендікпін деші, Бәтес!» Бәтес түрегеп отырады: «Қой енді». «Бір сүйейінші. Бір-ақ рет!» — дейді Ботанов. «Дәмең күшейіп барады ғой сенің.» — «Сендікпін деші, спакойна жүрейін, сенейін сөзіңе.» — «Айтпаймын да, айта алмаспын да.» — «Өйтпеші, Бәтес! Олай демеші. Жатшы. Жатып әңгімелесе берейікші. Өтінем, жатшы. Отырып сөйлегенімізді біреулер көріп, естіп қойып жүрер. Өтінем».
Бәтес күрсініп, қайтадан жатты. Екеуі де үн-түнсіз. Үзіліс көпке созылды. Бәрібір, ұйқым келер емес. Бәтестің көзі ілініп кеткен болу керек, Ботановтың не істегенін қайдам, қолын созды ма, Бәтесіміздің денесіне денесі тиіп кетті ме, кім білсін-ай, кім білсін, қыздың даусынан селк еттім мен де. Бүкіл зал естіп қойғандай әсер етіп, қайтадан Ботановқа жаным ашып, тың тыңдап едім, түп-түгел ұйқы құшағында сияқты. «Бәтес, — деді Ботанов үздіге үн қатып. — Е-е-емшегіңді... Жа-жа-жалқы рет қана, көйлегіңнің с-с-с-сыртынан с-с-с-сипайыншы...» Осы сөздерді айтқанда батыл дейтін Ботановымыздың толқығаны, даусының дірілдегені соншалықты (бәлкім, Бәтеске бұл ұсыныс тым-тым тосын көрінді ме екен), үшеуміз де үнімізді де, тілімізді де жұтып қойғандай, тұншығып бара жатқандай күй кештік-ау, әсте. Ақырында Бәтес: «Ақырғы рет айтамын, Ботанов! Орныңа барып жатасың ба, жоқ па?» — деді. «Жалқы рет дедім ғой?» — «Үшке дейін санаймын.» — «Сендікпін деші, спакойна, тып-тыныш жүрейін.» — «Айта алмаспын. Үшке дейін санаймын. Бі-і-ір...» Енді Ботанов ашуланайын деді: «Сендікпін деп кейін де айтпауың мүмкін бе? Жоқ, ойланасың ба?» — «Екі-і-і», — деді Бәтес. «Ойланасың ба деймін.» — «Жоқ, ешуақытта айта алмаспын. Ү-ү-үш...» — «Онда мен ертеңнен бастап анау тоғызыншының қыздарына кетем». «Жолың болсын, жолаушы.» — «Ертеңнен бастап Палымбетова мен Палмаханованың қақ ортасына барып жатам!» Осыны айтқан Ботанов бізді баса-көктеп өтіп барып, орнына гүрс етіп құлаған.
Тоғызыншы кластағы Палымбетова мен Палмаханова, кешіріңіздер, «емшектері ерте шыққан екеу» атанғандар еді. Былай қарағанда топ-толық, жұп-жуан, бірақ емшектері ол кемшіліктерін түп-түгел болмаса дағы, біраз-біраз жойып жіберетіндей. Жұрттың жиі-жиі карағыштай беретіні де сондықтан-ау. Мәселеңки, біздің кластың қыздарына қарасаң, Бәтестен бастап, бәрі де талдырмаш, көйлектерінен болсын, басқалай жұқалтаңдау киімдерінен болсын, өріктің түйініндей ғана бірдеңе-бірдеңелер білініп тұрады ғой. Көп қарай бермейміз, ұяламыз. Ал анау екеуінікі бүкіл тоғызыншы бойынша бөлек, тіпті оны айтасыз, оныншының бойжеткендерінен де озып кетеді.
Ботанов біразға дейін бүлініңкіреді. Шынымен-ақ «емшектері ерте шыққан екеудің» ортасына барып, біразға дейін аялдап қайтып жүрді. Естуімізше, ешқандай да оғаш қылықтарға бармай, жай ғана әңгіме айтып жататын көрінеді. Палмаханова мен Палымбетова омырауларындағы «өртеңгірлерін» көйлектерінің сыртынан ғана, ақыры-ы-ын ғана сипататын көрінеді. Саймасаева апай қонаққа жиі-жиі кетіп қалатындықтан (жұрттың бәрі осылай ойлайды), оныншының қыздары да ерігіп, біздің Әріпбаевты әкететін әдет тапты. Әріпбаев сынды сыныптасымыздың саяси-сезгірлік ерекшеліктері жетіп-артылатын. Армян анекдоттарының өзінен алпыс шақтысын әсірелеп айтады. Бұл — бір. Дүние жүзінде, жер шарында қанша мемлекет болса, солардың бәрінің астанасы қай қала, президенттері немесе премьерлері, әйтпесе билеуші партияларының бас хатшылары кім, бәр-бәрін біледі. Бұл — екі. Әлем құрлықтарында қандай ірі-ірі өзендер бар, олар қай теңіз бен қай мұхитқа құяды, қандай-қандай сарқырамалар сарылдайды, соларды да түп-түгел санамалап, суреттеп бере алады. Бұл — үш. Әнекиіңіз, Әріпбаев солай. Жә, жетер енді осы да.
Кешқұрым күн бұлттанып, жел тұрып, Қауыс тауы бағытынан қара суық соққанда, ұйқы-тұйқы күйдегі жатақхананың ішіндегі тіксандықтың түбінде біздің Бәтесіміз әнебір күнгідей, Жетісай қаласының көшесіндегідей, табан астынан тыпырлап құлап, жан даусы шығып шыңғырды-ай. Елдің көбі жиналып қалған. Абдыраев ағай ішіп келіп, ұйықтап жатқан. Жуық маңда есін жинамас. Саймасаева қабағымен-ақ халықты қуып жіберіп, жас мұғалімді ауыл кеңсесіне жұмсады. Екі-үш қызды ғана жанына алып қалды. Бәтес бебеулейді-ай келіп. Саймасаева апай сүйемелдеп басын көтерді. Суыған шай ішкізді. Сығалап көзімізді салып, сыналап құлағымызды тосамыз.
— Апай, анада ше, Жетісайға кетіп қалып, кешіккенімізде ше, сонда да Бәтес тура өстіп құлаған, — деді тоғызыншының пысық қызы.
— Әтеңе нәлеттер! Сонда неге айтпадыңдар?! — деп апшып-шапшып жөнелген Саймасаева апайымыз сонда.
Біздің Бәтесімізді жедел жәрдем мәшинесі Жетісайға алып кетті. Саймасаева апай және екі қыз ілесті. Кейін естідік қой, Бәтестің ауруын «приступ почек» деп тауыпты. Қазірше қауіпті емес, алайда абайлап, күтініп жүрмек ләзім. Деп жұбатыпты. Аудандық ауруханада орын жоқ болғандықтан, дәрі-пәрілерін жазып беріп, жатақханаға қайтарыпты. Үш күн мақта терімге шықпау үшін арнайы анықтама жазылыпты. Мақта жинау майданынан қайтқаннан кейін, ауыл-ауданына барып, дұрыстап емделу керектігін ескертіпті. Сонда да Саймасаева апайымыз аса сақтық жасап, қырағылық танытып, аудандық ауруханадағыларға сенімсіздік білдіріп, біздің Бәтесіміздің бетінен отын шығарып, перзентханаға да апарып тексертіпті. Бұл сұмдықты естігенде, нендей күйге түскенімізді еске алғымыз жоқ.
Күбір-сыбыр көбейді.
Бәтесіміз бірден өзгерді.
Үш-ақ күнде үндеместің нағыз өзіне айналған.
Бір адамның бетіне қарамай, қарай алмай, қарағысы да келместен, меңірейіп мақта тере беретін болды. Бәтесіміз мақтаға шықпаған үш күннің ішінде сегізіміз бірдей сағыныштан жарылып кете жаздағанбыз.
Үш күн өткенде біз басқа Бәтесті көріп ек.
Сегізіміздің бірдей іштеріміз қан жылап, қалтырап ек.
Қауашақтың тікенектей ұшымен алақанымызды тілгілеп отырып, күңірене күрсініп ек.
Біздің Бәтесіміздің түр-түсін, бой-басын, қасы-көзін, ерні-мұрнын — ешқайсысын суыртпақтай суреттеп, келістіре кестелегім келмейді. Осы әңгімемізді кем дегенде мың адам оқитын шығар, неғыпты сонша. Сол мың адам көз алдына аса сұлу, керемет көркем, айрықша ақылды қызды елестетсін. Деп өтінер едік. Сонда мың ғажайып тізіліп тұрар. Ал енді, сол мың кереметтің ең-ең ғажап жақтарын біріктірсеңіздер, бір Бәтестің бойынан бәрі-бәрі табылар...
Міне, солай!
Бәтесіміз осындай жаратылыс еді.
Сол ғажапты азаппен қинаған, үш-ақ күннің ішінде меңірейтіп қойған қиянат дегеніңіз қандай қиын кесапат еді?!
Саймасаева апай Абдыраев ағайды да көпе-көрнеу былайырақ ысырып, билікті біржолата алып қойғандай. Сегізімізді және бір кеште бетон еденді дәліздің бұрышына түп-түгел тізіп қойып:
— Сен сегіз ит! — деді сұқ саусағын безеп. Обалы нешік, саусақтары әп-әдемі, сүйріктей-сүйріктей, сұлу еді. Бәріміз қызығып қарап, шынымен-ақ ит екендігімізді мойындағандай кейіп көрсеттік. — Әтеңе нәлеті сүмелектер! Бүгіннен бастап, тұншығып өліп қалсаңдар да, біріңнің үстіңе бірің емес, бәрің жатсаңдар да, еркек балалардың бөлмелеріне ауысасыңдар!
— Неге, апай? — деді Ботанов.
— Қандай жазығымыз бар? — деді Жабағиев.
— Бомайды ғой, апай. Өздері де бірінің үстіне бірі жатқандай, — дедім мен.
— Өшіріңдер үндеріңді! — деді Саймасаева апай. — Білемін бәрін. Бәріңді де. Бәрің Бәтес дейтін бәлеге ғашықсыңдар. Көрсетейін мен сендерге ғашық-машықтың не екенін. Ботанов, сен не істеп жүрсің?!
— Не істеппін, апай?
— Кімдердің, қандай қыздардың арасына барып жатып жүрсің? Не істеппін дейсің тағы!
Сонымен, осылайша батылымыз, бірбеткейіміз деп жүрген Ботановтың да үні өшті.
— Төртеуің — тоғызыншы жататын, төртеуің — оныншы класс жататын шеткі бөлмелерге кетіңдер! Тұп-тура қазір кетесіңдер. Бес минөт уақыт берем, — деді Саймасаева апай.
—  Жарайды. Біз де біраз нәрсені білеміз ғой, — деп күңк етті Ботанов.
Бір жақсысы, Саймасаева апай бұл кезде біздей иттерден жиіркенгендей, жиырыла бұрылып бара жатып, естімеді.
— Мәшиненің быт-шыты шыққанын бізден көреді-ау, байқайсыз ба, Айтуғанов ағатай? — деп сыбырлайды Ботанов көрпе-жастығын жинап жүріп.
Сексен қыздың бір шетінде жатқан күндеріміз бен түндеріміз шын жұмақ екен. Тоғызыншының тобына қосылғандарымыз да, оныншының ортасына орналасқандарымыз да тозаққа түскенімізді түсіндік. Көрмеген қорлығымыз жоқ. Отырсақ, опақпыз. Тұрсақ, сопақпыз. Алғашқыда жататын жағдай болмай, жоғарырақ кластағы ер балалардың аяқ жағында тізелерімізді құшақтап, қалғып-мүлгіп отырып, құлай кеткенімізді білмейтінбіз. Кейініректе: «Сексен қыздың жұмағынан шыққан ұлдар-ей!» — деп кекетіп-мұқататынға айналды. Бәрі жабылып кеп-кеп мазаққа ұшыратқанда, басымыздың мың-дыңы шығатын. Ол дағы түк емес екен, үшінші-төртінші күндері таяқ жеуге тура келді. Қалай қараңғылық орнап, ұйқыға жатысады, сол сәтте-ақ бөлмедегілердің бәрі (алдын ала келісіп қойған да) еденді, қабырғаны дүрсілдете сабалап жөнеледі де, бірінен кейін бірі біздің үстімізге қонжия қонып, төпелей кеп төмпештейді-ай. Тұншықтыратындары тіпті жаман. Ботанов бастаған төртеуіміз де, Арынбеков бастаған төртеуі де тап осылай бірнеше түнді тамұқта өткеріп, бет-аузымыз көгеріп, ұнжырғамыз түсіп, ұсқынымыз қашып, ақырында Абдыраев ағайға жалбарындық.
— Бізді біржола бітсін демесеңіз, сексен қыздың шетіндегі шебімізге қайта оралтыңыз, — деді Ботанов. — Әйтпесе, екінің бірі — не өзіміз өлеміз, немесе өзгелерді өлтіреміз.
— Егер көнбесеңіздер, қазірден бастап аштық жариялаймыз, — деді Әріпбаев саяси жағынан аса алғырлығын танытып. — Ресми түрде. Жазбаша мәлімдемеміз дайын.
Абдыраев ағай абдырады. Көбірек ішіп жүргеніне ұялыңқырап кібіртіктеді, күбіжіктеді. Сөйте тұра Саймасаева апаймен оңаша жағдайда, жеке-дара сұхбаттасты.
Жұмақ жағдайымызға қайта оралдық-ау, әйтеуір. Адамдар өз басына іс түсіп, азапқа кезіккенде мәз бола ма, біз Бәтесіміздің өзін де естен шығара жаздаппыз. Сегізіміз қайта оралған сәтте оның соңғы кездегі сүлесоқтығынан сәл-пәл ғана сергігеніне қатты қуандық.
Алтыншы аптаның ортасында оқыстау оқиғаның көкесі өз басымнан өтті. Әлдебір жайсыз дауыстан оянып кетіп, айналама құлақ тостым. Жым-жырт сияқты. Сәлден соң: «Уһ, жаным-ай! Ішім! Ішім әкетіп барады!» — деген үн шықты. Ә дегенде Бәтес пе деп, жаным шығып кете жаздаған. Ол емес екен. Бәтестен әріректе, жеті-сегіз қыздан соң жатқан біреуі. «Ішім-ай! Көмектесіңдерші!» — деп жалынды әлгі қыз. Ойпырай, ешкімнің естімегені ме? Саймасаева апай қайда? «УҺ, өлдім-ау!» — деді жаңағы қыз әлсіреген, әлсіз үнмен. Шыдай алмай Саймасаева апай жататын жаққа сүріне-қабына жүгірдім. Ары қараймын, бері қараймын. Жоқ. «Апай! Апай!» — деймін. Жоқ! Қыздың даусы жаңағыдан гөрі жайырақ, бірақ адам аярлықтай жалынышты күйде жалғасып жатыпты. Амалсыз жанына жақындадым. Тоғызыншыдағы Палмаханова екен. Созған қолының дірілі ай жарығында анық аңғарылған. Терге малшынған саусақтарынан ұстап тарта бергенім сол еді, Палмаханованың  шошына шыңғырған даусынан дүр-р-р етіп, бүкіл зал оянды. Ботанов бір секірсе, электрдің қара түймесіне жетпей ме?! Жарқ етіп шам жанды. Бәрінің көз ашып көргендегі суреті белгілі. Бір бүйірін басып шыңғырған Палмаханова. Оның жанында тізерлеп, айнауқасқа айналғандай апалақтаған Айтуғанов.
Әрине, тоғызыншының қызы жедел түрде Жетісайдың ауруханасына жөнелтілген. Палмаханованыкі баяғы біздің Бәтестікі сияқты «приступ почек» емес, соқырішек болып шығып, аман-есен ауылға қайтты.
Жетінші аптада бәріміз де ауылға қайттық қой. Макаренко атындағы мектеп ұжымының қуанышында шек жоқ. Әрине, біраз-біраз көңілдерде кірбің бар. Ағайлар мен апайларды алыстан бақылау мәселесін біржолата доғарғам. Ботанов екеуіміздің бір таңданатынымыз: «Палмаханова приступ болған түні сіз қайда едіңіз, Саймасаева ханым?» — деп айта алмаған сияқты Абдыраев ағай. Соқыр ішек болған Палмаханованың кесірінен Бәтес маған біртүрлі, сап-салқын қарауға көшкен. Бұған балалардың бәрі қуанады ғой, әрине.
Жаңадан келген жас мұғалім ағайымыздың айтуынша, көп ұзамай мақта терім майданы мұқым-мүлде өзгереді.
Жер жекешеленеді. «Ақ алтын» жинауға жәрдемші атаулының түк те қажеті болмай қалады...
Біраз жылдар жылжығанда, жас мұғаліміміздің сондағы болжамы жүз пайыз жүзеге асты.
Біздің буыннан былайғы жас ұрпақ — мектеп оқушылары жарытып мақта терген жоқ.
Біз секілді бәле-бәтірлері көп ауруларға шалдыққан жоқ.
Жәрдемшілерге арналған жатақханалар бос қалды.
Бірақ бәрібір, иә-иә, бәрібір адам баласы шыдамастай азаптарды бастан өткерсек те, «ақ алтын» толы «ақ партықтардың» салмағына жаншылып, сорайған титан-самауырдың шайына қанбай, қаншама қаңсысақ та, тіпті кесапат-кесірлері жетіп-артылатын кесел-дерттерді жамап қайтсақ та, бәрібір, сол бір шақтарды сарыла сағынудан танған емеспіз. Жетісай дейтін жұмақ қаланы да, оның айналасындағы айналайын ауылдарды да, тақта-тақта мақталықтардың жүйек-жүлгелерін де, тізіле тұтасқан тұт ағаштарын да, Өсімбаев ағай «суы — су емес, у ғой» дейтін үлкенді-кішілі каналдарды да осы кезге дейін аңсап, сағынамыз да жүреміз.
Бір барып қайтпақты ылғи да ынтыға армандайтынымыз рас.


* * *

Эпилог ретінде ескертсек, Бәтесіміз алфавит бойынша менен кейін жазылатын Арынбековке қосылды. Обалы нешік, басқаларымыз бұйығы тартып, көбінесе үн-түнсіз қалар шақтарда, тек Ботанов қана Бәтестейін бөлекше қызға ғашық болғанын әзіл-шынын араластырып, жан адамнан жасырмай, жиірек айтып отыра беретін.
Қайран-ай, десеңізші, мақта терім майданында жабысқан сырқаттың салқыны ма, әлде басқа бірдеңенің әсері ме, Бәтесіміз бұ дүниеден тым ерте кетті. Біреулер бүйрегі десті, біреулер жүрегі десті. Бір жыл өткенде зайыбының артынан Арынбеков те аттанған. Біраз уақыттан кейін оларға бірбеткейлеу Ботанов ілесті.
Ертерек кеткендерді еске алған бертініректегі бір кешімізде сегіз биязының тізіміне кірмейтін кластасымыздың бірі Кенжеғұловтың кәдімгідей-ақ кемсеңдеп: «Бәріңдікі — жай нәрсе. Бәтеске шын ғашық мына мен едім ғой. Бірақ білдірмегем. Сезімімді сездірместен, жүрегімнің түбінде тұншықтырып өлтіргем», — дегені, сонсоң іштей егіле езіліп, үн-түнсіз, ұзақ өксігені бар-баршамызды қайран қалдырған.
Қайран-ай...


СҮМБІЛЕНІҢ СУЫ


Ыстықкөлге күтпеген жерден жолым түсе қояды деп ойлаппын ба?!
Жұрт дегеніңіз барып-келіп жатады, ауыздарының суы құрып айтып жатады. Ал біздікі «барғызбасың — барғызбас» қой, баяғы. Күрсіністі, күреңіткен мұнарлы мұң ағыстарының кенеркөгінен ғана көрінер аңсарлар қатарындағы ақ кемелі көгілдір көл туралы біздің білетініміз бәріңізге де белгілі. Барып-келушілердің таңдай қаға тамсануы және әлемге әйгілі жазушының атақты шығармасы.
— Ыстықкөлге баратын болдыңыз, — деді Астана жақтағы басшыларымыздың бірі. — Ертең Алматыға шұғыл жетуіңіз керек. Одан ары автобуспен апарады. Дебатшылардың халықаралық форумы өтеді, соның ақылдастар алқасына кірдіңіз.
Біз пақырыңыз сасқалақ қағып:
— Рахмет, мың да бір рахмет! — дейміз дегбірден айырыла                 абыржып. — Ыстықкөлді бір көрмекті армандайтынымыз рас. Бірақ...
— Не бірақ? — деді бастығымыз күліңкіреп. — Шынымен-ақ бас тартайын деп тұрсыз ба? Әдеттегіңізше?
Қайбір жолы да Бурабайдағы осыған ұқсас бір басқосудан қалып қойғанымыз бартұғын. Соны айтып тұрғаны.
— Жо-жоқ! Бас тартып нем бар? Бірақ дебатшы дегендеріңіз өңшең өрімдей жастар, ал біз...
— Ал сіз сол жастарға бас-көз боласыз. Оның үстіне сценарий бойынша халықаралық форумды ашарда бата беру керек екен, — деді басекең.
Жолға жедел жиналдық. Алматыға апарар жүрдек пойызға жетіп үлгеруіміз керек-ті...
Алматыдан ертеңіне түн ортасы ауа шыққанбыз. Ыстықкөлге таң бозында іліндік. Жұрттың бәрі дерлік тәтті ұйқының құшағында еді. Көлді көрмей қалмайық деп көз ілмейтіндер де жоқ емес секілді. Солардың бірі — біз пақырыңыз.
Алғашқыда Ыстықкөліңіз онша ұнаған жоқ. Әлемге әйгілі жазушының шығармасындағы ғажайыпқа да, мына пақырыңыздың қиялындағы арман-аңсарға да келіңкіремеді. Сұлқ жатқан су айдынынан салқындау бір леп келгендей, автобустың іші суып сала бергендей. Бір-екі студент өзара сыбырласып: «Ыстықкөл!», «Ыстықкөл!» — десті. Қалғандары Солтүстік Мұзды мұхитқа келгендей, бойларын жиырыңқырап, аяқтарын жиыңқырап, ұйқысыраған күйі әлдебір жылы киімдерін тауып жамылып, әжептеуір әбігерге түсті.
Шолпан туған шақта белгіленген пансионаттың бозарған қақпасынан өтіп, бөлініп қойылған бөлмелерге орналастық. Жуынып-шайынып алғаннан кейін де жүдеу көңілдің түкпірін тіміскілеген ұлыма күшік жадау сезімнен түк те арыла алмағаныма қайран қала жүріп, жападан-жалғыз серуендемек мақсатпен тысқа шыққанмын. Өзгелердің бәрі, жасы да, жасамысы да ұйқыға кіріскен.
Пансионаттың баулары буалдырланып, буға буылып тұрыпты. Аққайың мен ақтерек және арша мен шырша араласа, кезектесе көмкерген күре жол көлге жетеледі. Енді ғана елгезектене елеріп, ентелей елеңдедім-ау. Көлге қарата қадамым жиіледі. Ойпаңдау жатқан жиектен жүрек лүпілдеткен айдын шеті ағараңдады. Сейілгісі келмей сәл ғана селдірленген бу үстімен бір бұрқақ бұлқып жылжыды, ара-арасынан керіле сызылып, кенеркөкті тұтас алып жатқан Алатаудың ала-бөтен бөлігі көрінді. Сәлден соң барып, аршыла түскен айдын таң бозында танытқан салқындығына ғафу өтінгендей ғажап қылықпен жалт етіп, жантая аунады. Ыстықкөліңіз түгел-тұтас лықси толқып, жағажайды түгелдей толқын-тасқын алып кетердей сезілді.
— Ықыласыңнан айналайын, Ыстықкөлім, амансың ба?! — дедім балалығыма оралып. Айналама алақтап, қуыстана қарап қоям тағы да. Бір байқасам, көз жасым көлге тамып жатыпты.
Күрсіне күліп алып, бетімді жудым.
Ыстықкөлге.
Арғы беттегі Алатау сілеміне дейінгі керенауланған кеңістікте нешеме ағыстар пайда бола бастағандай.
Басым айналып, көзімді жұмдым. Көп тұрдым теңсетіліп.
Құбылыстарға толы толқындар артымда қалды. Қайта-қайта қарайлап қойып, пансионатқа қайттым. Күні бойы қарбалас, қызу шаруалар мен шаралардан қолымыз қалт етпеді. Кешкі салқын лебімен бірге дебатшылардың халықаралық форумы салтанатпен ашылды. Сценарий бойынша басқосуға құт қадам тілеп, бата берілуі керек екендігін сыбырлай ескертушілер аз емес. Халықаралық шара болғандықтан, Америкадан, Англиядан, Алманиядан, Түркия мен Ресейден өкілдер бар. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысып отыр. Ұйымдастырушысы — өзіміздің бұрыннан бастамашыл Қазақстан. Бір таңданарлығы, бәрі де — ағылшын және орыс тілдерінде дағы, тек бата беру рәсімі ғана қазақ тілінде болып шықты.
Әне, жүргізуші қазақтар ағылшынша да, орысша да сайрап тұрыпты. Қазақстан өткізіп отырған шараңызда қазақша ештеңе жоқ екен. Бұл бейшаралыққа не шара?! Бірақ бәтуалы батаның сценарийге кіргеніне де шүкіршілік. Мінекиіңіз, шет елдерден келген топтардың бір-бір өкілі сөйледі, тағы басқалар құттықтады. Кезек бізге келді. «Жасы үлкен кісі бата береді», — деген сөз де алғаш ағылшынша, сонсоң орысша айтылды. «Бісміллә!» — дедік қолымызды жайып. Біз пақырыңызға қарап, бәрі де қолдарын жайды. «Еларалық ерекше басқосудың қадамы құтты болғай. Керегесі кең, уығы мықты болғай. Пікірсайыс — дебаттар қызықты өткей, кейбір кеберсіген ұғымдарды бұзып кеткей. Бұл басқосуға қатысқан жастардан келешекте көсемдер шыққай көсіліп, шешендер шыққай шешіліп. Уа, небір Парламенттердің депутаттары да, Президенттер де шыққай есіліп! Біздің Бурабай, Ыстықкөл мәнзелдес көлдеріміз бүтін болғай. Жер жүзіндегі бар-барша елдердің түтіндері түзу ұшқай. Айналайын албырт жастар, ынтымақты бағалай білер барша достар аман болғай. Әумин!»— дедік бетімізді сипап. Бәрі де сөйтті-ау сонда.
— Ал, ағай, ендігісін өзіңіз біліңіз, — деді Астана мен Алматыдан келген алқалы топ мүшелері. — Біз өткізетін іс-шараларға қатыссаңыз да, емін-еркін демалсаңыз да — өз қалауыңызда. Үш күн бойы жақсылап тынығыңыз. Төртінші күні қайтып кетуіңізге де болар, себебі құрметті қонақтарға арнайы автобус келеді. Бірақ сізге Алматы арқылы емес, көгілдір тауларды көктей өтіп, Бішкек арқылы тікелей Таразға түсіп, Шымкентіңізге желе-жортып жетіп барған әлдеқайда жеңіл-ау, әсте.
Біраз-біраз іс-шараларға қатысып та байқадық. Англиядан жас шамасы біз құралыптас бір ғалым келген екен, жаһандану жайынан лекция оқыды. Жаһанданудың жағдаяттары біз пақырыңыздың жарғақ құлағымызға жағыңқырамады. Әңгімесінің бас жағы әжептеуір еді, бірте-бірте белгілі әуенге ауыңқырап бара жатқан соң, білдірмей ғана сыртқа сытылдық.
Көл жағасында жүріп, сол көлдің айдынын аңсаған қызық екен де.
Сүмбіленің салқындау самалы Ыстықкөлдің ықыласты демінен саулайтын ыссы сәулелерді терек бұтағандай типылдап үлгеріпті. Жағажайдағы адамдар анда-санда ғана. Тамылжыған тамыз айымен бірге талай қызықтар қол бұлғай қош айтып кетіп қалғандай, қабаржыңқы қалдық-ағыстар ғана тау мен баудан қылау бүркеді. Тү-у түстік тұстағы алыс-алыс ақбас таулардан ақ мұнар, күнбатыс жақтағы жасыл белбеулі жатағандау қыраттардан көк мұнар, терістіктегі тарғыл таулардан қоңырқошқыл, ал күншығыс беткейлерден буға оранған бұйра-мұнар осы маңайға мың құбыла құйылатындай.
Бізбен бірге келген жастар өздерінің пансионаттағы пікірсайыстарымен, жасамыстар халықаралық мән-маңызы зор түрлі тақырыптардағы талқылауларымен әуре. Ертегідей арша-шыршалардың арғы жағындағы, шойын өрнекті қалқандармен қоршалған өзгешелеу төрт-бес коттедж кербездене зораяды. Солардан кіріп-шығатын бірер адам бар секілді. Біздің корпуста жататын демалушылар да бірен-саран. Жағажайға көбінесе бірер сағатқа соғып, үш-төртеуден алқа-қотан отыра қалатындар, суға бір-бір сүңгіп алғаннан кейін әйда-а-а, ішіп-жеп, айқай-сүрең сала билеп, күн батпай қайтып кететіндер жиірек. Жападан-жалғыз немесе жұптасып келіп, суына бастаған суға түссе де, түспесе дағы, қимағандай қиыла қарап отыратындар да жоқ емес. Ал енді аяқ-қолдары күнге күйіп, қарғаның сирағынан бетер шидиген арық қатындар мен мектеп жасындағы ұл-қыздарда қисап жоқ. Жағажайды жалықпай жүз айналып, зорықпай мың аралап, қайта-қайта айқайлайды: «Сыра-сыра-а-а-а!» — дейді біреулері. «Қымыз-қымы-ы-ы-з-з!» — дейді екіншілері. «Ысталған балы-ы-ық!» — дейді үшіншілері. «Шабақ, шаба-а-а-ақ! Кепкен шаба-а-ақ!» — дейді төртіншілері. «Алма-а-а, қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді бесіншілері.
Демалушылар мүлде аз, табыс мандырымсыз болса да, қызмет көрсететін қайықтар, катерлер, тағысын-тағылар әзірше азая қоймапты. Бір керемет катер бар екен, адам тіркелген арнайы парашютті көш-құлаш ұзын арқанға жалғап алады дағы, су бетімен сырғыта сүйреп жөнеледі. Бірте-бірте әлгі парашютті жел кернеп, адамымен қоса көкке көтеріле береді де, құс ұшар биікке дейін шығандайды. Көз ұшына дейін ұшырып апарады екен, сонсоң моторлы қайық көл айдынымен, ал адамы бар парашют аспанда құстай қалқып, қайта оралады. Есепті ендіктердің, болжалды бойлықтардың бойымен шеңбер сыза жүзіп жеткен катеріңіз әлгі адамды қатерсіз тұсқа қондырар.
Біз де қызықтық бұған. Көл үстінде анау-мынау айдын емес, Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтап көрмекке бекіндік.
— Қорықпаңыз, — деді парашютке бекіте байлап жатқан қырғыз жігіт.—Тізеңізді сәл-пәл бүгіңкіреп алыңыз. Көл бетімен сырғанағанда да, жерге қонарда да, тіпті шағалалар шарықтайтын аспанда ұшқанда да қазақ пен қырғызша шіренбей, қытай мен жапонша сәл иіліп-бүгіліңкіреңіз. Ұқтыңыз ба?
— Ұқтық, — дедік біз. — Өзіміз де шірене алмайтындардың бірі едік.
Қырғыз жігіт тағы да талай-талай ақыл айтып үлгеріп, нүсқауларын нығыздады.
— Қай тұсқа түскіңіз келеді? — деді ең ақырында.
— Қайда болса да мейлі, аман-есен кондырғайсың, әйтеуір.
— Алла жазса аман келіп, есен отырасыз, жүрексінбегейсіз, — деді ол. — Суға ма, құмға ма? Адамдардың арасына ма? Қыз-келіншектердің қасына ма? Таңдаған тұсыңызға қондырамыз. Қалауыңыз білсін.  
— Оңашалау, адам жоқтау, жұмсақ құмға түсейінші, әлдеқалай болады тағы да, — деп, қорқып тұрғанымды жасырмадым.
Бекер қауіптенбеппін. Алғашқыда, су бетімен сырғанай жөнелгенде асып-сасып, бой-басымды билей алмай, серіппедей бүгіліп-жазыла білмек керектігін ұмытып, осынау іске бел байлағаным үшін өз-өзімді жазғыра сыбап, өлердей өкіндім. Ұшамын деп нем бар еді?! Құстай ұшпаққа ұмтылу менің не теңім?! Жағажайдағы жұрттың бәрі көздерін тігіп қарап отыр. Ұшпай жатып-ақ, көл бетінен көтеріліп үлгермей-ақ бір бүйірге аунап түсіп, қайық қайырылып жеткенше тұншығып қалып, қас масқараға ұшырасам, не бетім?! Қол-аяғым қытайша емес, қазақша қалтырап, жұлын-жүйкем жапонша емес, қырғызша дірілдеп, көз алдым бұлдырай мұнартып, жанарымнан жас парлап, енді біттім-ау, әттесі-ай, демекке кете бергенімде, кенет қанат байланғандай қалықтауға көшіппін. Сенер-сенбесімді білмеген күйімде, сол бір рахат минөтін сезінуден айырылғым келмей, төмен қарауға қорқып, көзімді бірден ашпағам. Барған сайын көркем әлемге кірігіп, аспан астарымен бірігіп, көл жағасынан ғана көретін мұң-дірілді мұнарлармен араласып бара жаттым-ау! Жұлқына бұлқынған жүрегімді әзер басып, көзімді ашып, құс қалықтар биіктен Ыстықкөлдің айдынына қарадым-ау, ақырында. Аңтарыла телміремін. Тербеле қалықтап, арман құстай ұшып келемін. Ұшпа мұнарларды, ақ ұлпа ағыстарды ақ шағаладай құшып келемін. Аппақ ұлпа ағыстардың бір тұстары ыссы, бір тұстары жылы, енді бір тұстары салқын сезіледі. Төменнен қарағанда, көбінесе бос кеңістік көрінер аралықтарыңыз аспан жақтан араласып кеп кеткеніңізде, дүрия дүниеге айналады екен дә.
Құс боп ұшып келемін. Ыстықкөлімді құшып келемін. Кенет табан астынан әндеткім келгені-ай. Баяғыда, бесінші класқа көшіп каникулға шығып, қойдың кезегін өз еркіммен, қуана-қуана баққаным бартұғын. Сонда, Сарқыраманың жасыл жазығында қой мамырлап қозғалмай қалғанда, елбіреп ертеңгілік самал ескенде, желбіреп желкекшөптің үлдірегі ұшқанда, көктем мен жаз арасының күні нұр дидарынан сәуле төгіп тұрғанда, үлбірек бұлттар қыземшек төбелердің үстін үкідейін сипап өтіп бара жатқанда, жаңа-жаңа түйін тастаған сардолананың ою-өрнекті жапырақтары жаппай жамырап, жыпырлағанда ше?! Ән салғым келген. «А-а-а-а-аха-ау-у-у!» — деп бастап, сөзін де, әуенін де «өз жанымнан шығарып», біраз жерге барып қалған екенмін. Кенет:
— Пай-пай! Біздің ауылдың Пақырғалиы да ән салады екен ғой, пай-пой! — деген дауыс естілді. Сарқыраманың жасыл жазығы жанындағы Пұшықкезең шатқалынан шығып, көк есегінің қайшыланған құлақтарымен қосыла, ұрлана тыңдап тұрған падашы Пернетай екен. Әттесі-ай, әнімді бастамас бұрын әбден-ақ айнала-төңірекке қарап алғандай едім. Ешкім жоқ сияқтытұғын. Енді қайттім?! Құлағымның түбіне дейін дуылдай қызарып, алаулап жанып барады-ау. Бүкіл ауылға ғана емес, жарты әлемге жариялайтын болды ғой, пәдеріңе пәле келмегір Пернетай! Бір айтып қана қоймайды, күн сайын қырық қайталайды-ау енді. Деп пұшайман болғаным, содан кейін «әу» деп көрмегенім өзіме аян. Міне, енді Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтаған, шағала шарықтар көгінде көлбеңдеген кезімде ән салғым келгенін түсінуге тырысарсыздар. Күйкілеу тірліктің күнделікті күйбеңінен, түртінектеп тынбайтын тірнектердің тартылыс күшінен тырбана алыстауға тырмыса тырысып, біршама биіктегендегі сыңайымыз дағы. Ақ ұлпалы ағыстар аймалаған бір тұста еркімнен тыс еліріп: «Ау-у-у-уа-у-у-уа-ау-у-у!» — дедім бе, қайдам. Салған әнімнің сияғы осындайға, турасын айтсақ ұлығанға да ұқсап кетті. Көл бетімен сырғанаудан бір танбай, парашютке байланған біз пақырыңызды аспанда қалықтатқан катер-қайығыңыз кеуірттей ғана еді, бірсін-бірсін үлкейді. Жағажайға жақындап, «ұлыған құсты» қондырмақ мақсатпен қайтадан қашыққа қарай құйындата, құйғыта зырлады. Ақылды ағыл-тегіл айтатын қырғыз жігіт жымиған күйі, сынай қарап қойып, жұмсақ құмды жағажайдың бір бүйірінде жападан-жалғыз жатқан әйелдің жанына қондырды. Қызылды-жасылды парашют қанаттарының бір шеті көл толқындарына малынып, біз пақырыңыз ғарыштан оралғандай тәлтіректеп, әлгі әйел жалпақ қалпағын көтеріп қарауға мәжбүрленді.
Жиегі жалпақ қалпақтың астынан қараған жанарлардан мың қабат мазмұнның андыздағанын аңғармау мүмкін емес-ті. Ыстықкөлдің бүкіл жағажайы, әредік қана көзге шалынар шоғыр-шоғыр адамдар, қолдарындағы барша дүниесін базарлап қалмақ үшін аянбай айқайлап, дауыстары қарлыққан, карауытқан қатындар мен ұлардай шулаған ұл-қыздар — бәр-бәрі бір бөлек, ал мына әйел мүлде басқа екендігі байқалып тұрды. Сымбат бітімі соншама салтанатты бола тұра, тәні қаншама таза асыл, бекзада бола тұра, сүмбіле сызы бүрке бастаған, салқын тартқан жағажайда жалқы жатқаны кім-кімді де таңдандырмай қоймас-ты. Бұған қоса жиегі жалпақ қалпақтың астындағы жанарларда күрең күрсіністің, тіпті қайғы шіркіннің арғы жақ, бергі жағынан табылатындай мұнарлы мұңның тұнып тұрғанын байқамау мүмкін емес-ті. «Ғарышкеріңіз» теңселіп барып, сусыма сары құмға отыра кеткен. «Ұлыған құс» күйінде әлгі әйелге қараған. «Құс ұли ма?» — деп, өз-өзіне сауал тастаған. «Неге ұлымасын?» — деп бір үн жауап қатқан. Құм астынан шыққандай құмыққан үн өзінен естілді ме, жоқ жаңағы әйел жақтан ба?! Деп, тағы да таңырқаған.
Ғажабы сол, ғарышкеріңіз әлгі әйелмен үнсіз-тілсіз сөйлесе бастағандай.
«Жалғыз екенсіз ғой?» — деді бұл.
«Түсінбедім», — деді мұңы мың қабат, сыры сан қабат әйел.
«Жағажайда жалғыз жатқаныңызды айтам», — деді бұл.
«Иә-иә, онда тұрған не бар. Жалғыз емеспін, мұнда мен өз мұңыммен бірге келгем», — деді әйел. Жанарларындағы мұң-мұнарға ұзын-ұзын, қап-қара кірпіктері діріл араластырды.
«Жалғыздық жақсы емес қой», — деді бұл.
«Иә, оның несі жақсы дейсіз. Бірақ мен мұңды жалғыздықты жаратам», — деді әйел.
Ғарышкеріңіз бұдан әрі үнсіз-тілсіз сөз қатысқан батылдығынан жаңылып, әйелдің соншалықты сұлулығынан ынжықтана ығып, Ыстықкөлге бұрыла қарап қана құтылды. Көл үстінде, құс ұшар биікте қиялдай қалықтап, кірбіңді көңілі көтеріңкі тартқан ғарышкеріңізге соңғы секөндтер аса ауырлау соққан еді. Алайда аспандағы айдың ғайыптан тайып жерге түскеніндей тамылжыған жаратылыстың жанында отыруы, жай ғана отырмастан, үнсіз күйде тіл қатысып, сыр бөлісе бастауы ауырлық езіп, азап жаншып жүретін жан әлеміне желеміктеу жеңілдік әкелген. Сары құм сүйкімді болып барады. Себебі сол, әлгі әйел және бір аунап түсіп, сызықсыз, дақсыз санына, Түркібасы терегіндей тік балтырына жабысқан сары құм саулай төгілген.
Әйел орнынан тұрған еді.
Ғарышкеріңіз тосын тербеліс сезінген. Әйелге біресе отызды да, тіпті қырықты да беруге болатындай. Отызға жетпеген десеңіз және еркіңізде. Талдырмаш, өзгелердей тым жалаңаш емес, кіндік тұсы торғын тормен шілтерленген. Қою қара шашын желкесінен бір байлаған. Тұнжыр жанарларын және бір бұған қарата бұрған. Ғарышкеріңіз тәлтіректеп қалған. Әйел жағажайдан көлге қарай бір аттаса, көгілдір таулар бір қадам; екі аттаса, екі қадам берірек жылжитындай.
Тағы да үнсіз-тілсіз сөз қатысты екеуі:
«Су бетінен сәуле жимаққа жиналдым», — деді әйел.
«Сізге ілеспекке батылым бармай тұрғаны», — деді бұл.
«Ғарышкер емессіз бе?» — деді әйел. Сөйтіп, сәл-пәл ғана күлімсірегендей көрінген. Оның сол жымиысынан жағажай жарық тартыңқыраған. Мұң-мұнарлы ағыстарға өзгеріске толы өзге құбылыстар құйыла бастаған.
Отызға жетпеген, әлде қырыққа жетпеген қыпша бел әйел қырлауыттаған құм қыраттан асып түсіп, жағажайды жиектей иектеген толқындарды тізесіне таман кешіп үлгергенде, ғарышкеріңізге һәм ес кірген. Беймаза жаны байыз таппаған күйінде, алайда айнала-төңіректің де, әйелдің де мұң-мұнардан аздап та болса арыла бастағанына батылданып, сергектене серіктеспекке бекінген. Бұл сәтте әйел су бетіндегі сәуле біткеннің бәрін бір өзіне ілестіре үйіріп алып, ағараңдай жүзіп, алыстай бастаған.
Ғарышкеріңіздің өзегі өртенбей жана жаздады. Жүзуге тіпті жоқтұғын. Әлде жылы, әлде салқын екені сол бір сәтте түк те сезілмеген суды бірте-бірте бойлап бара жатып, кеудесінен асқанда, көл түбіне кеткендей, тұншығыс тапты. Шуақ шымырлаған торғын толқындардың үстіндегі әппақ әйел сол күйінде сонау кенеркөк-көкжиекке де жүзіп-сусып жететін секілді. Ыстықкөліңізді қақ жарып, арғы беттегі ақ нұрлы тауларға өтетін де секілді. Ғарышкеріңіздің амалы құрып, құс емес, мыш болып ұлып шегінді, сүмірейе сүйретіліп, құмдауыт жағаға суы сорғалай ілінді.
Әлден уақытта әйел оралды. Оны жаңа ескерткеніміздей, отызға жете қоймаған, әлде қырыққа жете қоймаған деуге болатындайтұғын. Суға түсіп шыққанға дейін солайтұғын. Ал енді, мінекейіңіз, Ыстықкөліңізге шомылып шыққан соң, сүмбілесудың бетінен сәуле жиып оралған сәтте, жиырмадан жаңа асқан деуге келетіндей кейіпте, қап-қара, қою, шолақтау шашын сілкіп қойып, әппақ, алайда нып-нығыз, талдырмаш денесіндегі тамшылар мөлдіреп, мұң шілтерлеген жанарлары жәудіреп, жанына келіп отырды.
«Қасыңызға жайғасқаныма қалай қарайсыз?» — деді үнсіз-тілсіз.
«Тілсізбін, — деді бұл. — Мұңсызбын, сірә, дей алман».
«Мұң — менің де серігім, мұңсыздықтан жерідім», — деді әйел.
«Бар мұңым сол, суда ілесе алмадым, — деді ғарышкер, — құмда қалдым құмығып».
Жиырмадан жаңа асқан деуге келіңкірейтіндей әйел әлгінде ғана, суға түсер сәттегі сәл-пәл күлімсірегеніндей кейпіне қайта енген. Үстіндегі тамшылар әлдеқайда азайып қалыпты. «Шіркін-ай, мына мөлдір тамшыларды Ғабит Мүсіреповше бір-бірлеп, санап сүйер ме еді?!» — деп армандады ғарышкеріңіз.
Жылы жымиыстың ұлғая түскенінен рахат табу бұйыра қоймады пақырыңызға. Қарға сирақ қара қатындар мен экватордың арғы жағындағы эфиоптардан аумайтындай ахуалға түскен айналайын балалар айналадан анталап, тұс-тұстан тауарларын тықпалай бастады. «Ысталған балы-ы-ы-ық!»—дейді біреулері. «Ша-бақ, шаба-а-а-ақ! Тұздалған, кептірілген шаба-а-а-ақ!» — дейді екіншілері. «Сыра-а-а-а! Ара-а-а-а-ақ!»—дейді үшіншілері. «Сам-са-а-а-а! Алма-а-а-а! Қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді төртіншілері. Әйел орнынан тұрды. Ғарышкеріңіз һәм ілесе түрегелуге мәжбүр. Сауда жасаушылар кәнігі шабуылшылардай шеп құрып, шегінер емес. Әйелдің тұла бойынан төгіліп тұрған мұң-мейірім мен ғарышкеріңіздің болмысынан сезілетін шын қайырым әсер ете ме, кім білсін-ай, кім білсін.
— Кешіріңіз, тіліңіз шығатын уақ жеткен шығар? — деді әйел. Оның дауыс әуенінен демін жоғалта жаздап барып бұл:
— Мына мүсәпірлерге ұрсып, шептерінен шегіндіріп тастайын ба? — деді демігіп.
— Жо-жоқ! — деді әйел ән садаға кететін әуенді үнімен жер-дүниені үкідейін желпіп жіберіп. — Ұрыспаңыз оларға. Ондай хақыңыз жоқ. Ертіп жүріңізші бәрін. Иә-иә, өзімізбен бірге ертіп жүрейікші.
— Ілесіңіздер бізге! — деді бұл қарға сирақ қара қатындар мен «эфиоп» балаларға. — Бізбен бірге жүріңіздер.
Екеуі бір қауым халықты ерткен күйі әйелдің заттары жатқан жерге жетті. Заттардың иесі гүлдей көркем, көрікті күйінде тізерлей отырып, әлдебір әдемі қапшығынан бума-бума ақша шығарып, бұған ұсынды. Қара тобырыңыз жақындауға бата алмастан, бес-алты қадамдай тұста тосырқай тоқтаған. Ғарышкеріңіз аң-таң қалып, бума-бума қырғыз сомына ебедейсіз қол созған. Кәдуілгі қырғыз банкі шығарған жыйырыма (жиырма емес) сомдықтан текше-текше бумалар екен. Шошақ бөрікті, шоқша сақалды Тоғолоқ молдоның (молда емес) суреті салынған жыйырыма сомдықтар өңшең (оқырманға ескерте кетелік, біздің мың теңге — қырғыздардың екі жүз елу сомы).
— Сізден үлкен өтініш, — деді үстіндегі мөлдір тамшылар түк қалмай кепкен әйел әуеніне аздаған діріл араласып. — Мына ақшаны осы тұрған балалар мен әйелдерге түгел таратып беріңізші, жарай ма?
— Жарайды, — деді ғарышкеріңіз.
Тоғолоқ молдоның суреті салынған сарғыш жиырма сомдықтарды тарату тәп-тәуір тартымды жағдайда атқарылды. Қарапайым адамдардың әрқайсысына кем дегенде оншақты жиырма сомдықтан тиді.
—  Айыпқа бұйырмаңызшы, — деді әйел үнінің әжептеуір оңала түскенін аңғартып. — Үш күннен бері қалай таратарымды білмей жүр едім. Қожанасыр атамыз айтқандай, бұ да бір біткен іс болды. Рахмет сізге!
— Кешке қарата сізді қайдан табамын? — деді ендігі ерен діріл ғарышкерге ауысып.
— Ертең қайтамын, — деді әйел күлімсіреуін күнге көмкерте. — Мені табуыңыз қиын, пансионатта емеспін, таныс шешейдің үйінде пәтер жалдап жатырмын.
— Ойбай, менің де қайтуым керек-ті,—деді бұл. — Бішкек пен Тараз арқылы.
— Оһо! Онда Бішкекке дейін жолымыз бір екен, автобуспен серіктесіп қайтуға қалайсыз?
— Сіз... Сіз... Шынымен-ақ автобуспен қайтпақсыз ба?
— Иә-иә. Неге сонша таңырқап қарайсыз?
—  Біртүрлі. Жараспайтын секілді. Сіздің автобуспен жүретініңізді елестете алмай тұрғаным.
— Таңертеңгі сегізде алғашқы автобус жүреді екен, автостанцияда күтем,—деді де, қол бұлғап кете барды. Ғарышкеріңіз одан сайын аң-таң: «Ойпырай, бұл әйел қай кезде, қалайынша жылдам жиналып үлгерді өзі, а?»
— Жетем автостанцияға, жетем, — деп жөтеліңкіреп қала берді бұл.
Кешкісін Астана мен Алматыдан келген ұйымдастырушы өкілдерге өзінің таңертең таяу поселкедегі автостанцияға жетіп, одан Бішкек және Тараз шаһарлары арқылы Шымкентке қайтатынын мағлұмдады.
Ертесіне автостанцияға келсе, әйел әбден ескіріп, алқам-салқамы шыққан күту залының сарғайған орындықтарының біріне жайбарақат жайғасып алып, кітап оқып отырыпты. Ары өткендер де, бері өткендер де, тіпті билет сататын касса әйнегінің арғы жағында отырғандар да бұл замандарда мұндай орындарда мүлде отыра бермейтін мынадай өзгеше өңді, бөлек бітімді әйелге таңырқай қарайтындай. Әйелдің қолындағы кітаптың әбден тозығы жетіп, ақжемденіп кеткен екен. Ол елгезектене есендесіп, еркелей түрегелген. Еркелігінен ескі орындықтар еріп кеткендей, сүйкімді сықырлады. Елдің бәрі екеуіне ғана назар жыққандай. Ылғи да ығырыңды шығаратын, тыстары торкөздене тырсиятын қапшықтарға дейін қаңтарыла қарайтындай.
— Автобустың жүруіне жарты сағаттай уақыт бар, тысқа шығамыз ба? — деді әйел. — Мен екі билет ап қойғам.
— Билет ап қойғаныңыз ыңғайсыз болды ғой, — деді бұл. Көз алдына кешегі жыйырма (жиырма емес) сомдықтар елестеп кетіп. — Шықсақ шығайық.
Екеуінің де жүктері ауыр емес-ті. Автостанция жанынан сылдырап ағып жатқан арықтың жағасындағы кирелеңдей өскен аққайың түбінде тұрысты.
— Сүмбіледегі суға қарай бергім келеді, — деді әйел әуені ерек үнімен. — Әдейі ылайлап, қасақана былғамаса, сүмбіледе судың бәрі бөлекше тазарып, мөлдіреп кетеді ғой. Сәл ғана мұң-мұнардың кіреукелейтіні болмаса...
Бұл басын изеп құптады.
— Бүгін сәл біртүрлісіз ғой? — деді әйел.
— Түнімен ұйықтай алмадым, — деді ғарышкеріңіз. Шынын айта салғанына ұялып, шынымен-ақ қызарып кетті.
— Айтпақшы, мына кітапты кешегі айтқан, өзім пәтер жалдап жатқан шешейдің үйінен алғам, — деді әйел. — Білесіз бе, бұл Бексұлтан деген қазақ жазушысыныкі екен. «Қырғыз келіншек» деген әңгімесі қатты ұнады. Қараңыз, мұқабасы мынадай боп қырқылып кеткен. Аса көп оқылған бақытты кітап боп шықты бұл. Апайдан арнайы сұрап, қалап алдым.
Ғарышкеріңіз бақытты кітапты қолына алып, парақтап қарады да, қайтарып берді. Нешеме уақыттардан бермен қарата бұлайша жұлма-жұлмасы шыққан, табиғи түрде тозған кітапты көрмеген-тін.
— Бақытты кітабыңыз дұрыс-ақ, — деді бұл әйелдің тауып айтқан сөзіне ризаланып. — Ал бақытты жазушының бақытты кітабы десеңіз, тіпті жарасып кетер еді.
— Кітабы мынадай болған соң, авторы айтты-айтпады, армансыз емес пе?—деді әйел. — Қараңызшы, қалай жазады, ә?! Тыңдаңыз: «Адамның адамшылығын өсіретін — жақсыны сағыну. Бәріміздің, сірә, бақыт деп жүргеніміз — жақсыға жолығу. Жолығуын жолыққан болармыз-ау, қу тіршіліктің күйбеңімен жүріп, қаншасын жоғалтып алғанымызды айтсаңшы!» Әйелдің әңгімеге беріліп кеткені соншалықты, автобустың жүргелі тұрғаны жайында хабарлаған қарлығыңқы дауысты да естімеді, одан әрі оқи бергісі бар.
— Сіз Бексұлтан Нұржекенің әңгімесін біржола аяқтап шықпақсыз ба? — деді бұл. — Көліктен қап кетерміз.
Екеуі автобустың оң жағын ала, орта тұсқа таман жайғасты. Бәрібір, мына әйелдің бүгінгі мына заманда, тек қана қарапайым адамдар жүретін қарабайырлау автобуста отырғанына ыңғайсызданған қалпынан құтыла алмаған ғарышкеріңіз өзімен-өзі болып, ойланып кеткен.
— Шынымен айтам, сіз кешегідей емессіз, — деді әйел еркелеу әуенінен жаңылмастан. — Анау арыққа қараңызшы, түбіндегі балдырлары балықтай анық, ал қызғылт сары жапырақтар зүбәржаттай жайнайды. Сүмбіледе ғана су осылай мөлдірейді! Байқадыңыз ба кеше, Ыстықкөлдің қай жерінен қарасаңыз да, түбі жарқырап жатқан жоқ па?!
Кенет ғарышкеріңіздің көңілі сиқырлы кілтпен бұрап ашып жібергендей сыңғырлап жөнелді, болмысын буып отырған бұлдыр бірдеңе лықсып барып, бунап барып, сейілді.
— Осы сіздің атыңыз кім? — деді батылданып.
Әйел тысы тозған кітапты кім-кімнің де бірден тіке қарауға батылы бара қоймайтын шошайыңқы омырауына қос-қолдай қысып отырып:
—  Шын ныспымды айтпаймын, — деді әуенді еркелігімен ерітіп. Бұл мейірі қанбастан, қазақ жазушысының қырғыз әйелдің кеудесіндегі кітабының төңірегіне телмірген. Тым талдырмаштардың омырауы да осындай болар ма?!
— Неге? — деді күрсініп.
— Аса қауіпті, — деп күлімсіреді әйел. — Шолпан дей беріңіз.
— Жарайды, Мұң Шолпан десем бола ма?
— Мейліңіз. Ал сіздің есіміңіз кім?
— Мен де шын атымды айтпайтын болдым ғой, — деді бұл да, — Алпан дей беріңіз.
— Шоң Алпан десем ше?
— Жарайды, сіздің аузыңыздан «шоң» дегенді естудің өзі бақыт емес пе?!
— Сіз «Мұң Шолпан мен Шоң Алпан туралы аңызды» білетін болдыңыз ғой? — деді әйел.
— Үстірт қана естігенім бар, — деді бұл.
— Естімей-ақ қойғаныңыз да жөн еді-ау, — деді Мұң Шолпан.
—  Мұң Шолпанды Жаратушы ерекшеден де бөлекше етіп жаратад, — деді ғарышкеріңіз. — Әкесі сұлу қызын қорғаштап, ұлы мұнара, яки «дың» салғызады. Мұң оранған мұнара қаншама жасырып, қалқалап бақса да, күндердің күнінде Шоң Алпан сол қалқатайға жол тауып, қызды өзіне қарата-а-ад...
Бұл кезде бұлардың автобусы әлі де Ыстықкөлді сәл алысырақтан бойлай орап жүретін ирек жолмен келе жатқан.
— «Өрнек ауылы» деп жазып қойыпты, аты қандай әдемі? — дейді ғарышкеріңіз. Екеуі де үн-түнсіз үңіліп, ауылдың үй-жайларына, тізілген теректеріне қарайды. Әрине, Ыстықкөлдің мұнары арқылы көз тігеді ғой.
— «Тамшы ауылы» деген қандай?! Ыстықкөлдің тамшысы ғой! — дейді Мұң Шолпан.
Небір ауылдар да артта қалып барады. Енді құмшауыт қыраттар, тастақты төбелер, жол жағалай терең-терең жарлауыттар көбейді.
— Жарлар көп екен, — деді Шоң Алпан.
— Жарлар ма, жаралар ма? — деді Мұң Шолпан күрсініс тауып, мұңая қалып.
Бірте-бірте биіктеп, қайтадан төмендей бастағанда:
— Шу облысы, — деді Мұң Шолпан.
— Қайран Шуды қыспаққа қысып, тауға жаншып, тасқа бағындырып тастайды екенсіздер ғой? — деп таңданды Шоң Алпан шынымен-ақ  қайраңданып. — Ойпырмай, бұлай деп кім ойлаған?! Қаншама асаулық танытып, тар қолтықтарда ақ көбік шашып аласұрғанмен, көнбіс күйге түсіп, шыңырау шұңқырдан шыға алмай, арнамен ғана амалсыз аға береді екен-ау.
— Ал, сонда не демексіз? — деп, ерке назды үн-әуенмен айтысқа бейімделді Мұң Шолпан да.
—  Қазақтың кең даласындағы кейпін елестетіп отырмын дағы, — деді Шоң Алпан.
—  Шымыр-шымыр Шу толқыны, қарқаралы қамыстар тербеледі ырғалып, — деді Мұң Шолпан.
—  Қайран Шудың суын қыспақтан ұшпаққа біз шығарады екенбіз ғой, — деді Шоң Алпан.
— Жеңілетін жеріңізге келе жатырсыз, — деді Мұң Шолпан.
— Қалай жеңілемін? — деді Шоң Алпан.
— Қайран Шуды алдап-сулап апарып-апарып, Созақтың құмына жұтқызып жіберетін сіз бе, біз бе? — деп сыңғырлады Мұң Шолпан.
— Жеңілдім-жеңілдім, оңбай құладым! — деді Шоң Алпан сыбырға көшіп. — Қараңызшы!
Шоң Алпаныңыз Мұң Шолпаныңыздың ғажайып омырауына тиіп кетуден қорқып-толқып, сыртқа қарай ұмсынып, тү-у төменге тесіле қарады. Ағаштарға асылған боз ұлпалар Шудың суына телміре төгіліп тұр екен.
— Білесіз бе, боз ұлпалар да тек сүмбіленің кезінде кемеліне келеді, оларды ағаштың кез келгені еркелетеді. Санаулы күннің ішінде кез келген ағашыңызға өрмелей өрістеп, өсіп кетеді де, ұшар басынан асып түсіп, мөлдіреген суға тесіле телміріп, тербеледі де тұрады осылай, — деді Мұң Шолпан.
— Қаншама күзде көріп жүрсем дағы, боз ұлпаңызға бүгінгідей назар аудармаппын, — деді Шоң Алпан.
— Шолақ ауылының маңында Шуыңыз таудан түсіп, жазыққа шыға бастайды,—деді Мұң Шолпан. — Қараңызшы, ана-а-а-ау алыс та алыс таулардан асып жетіп, бәлкім бізбен ілесіп кеп, ақтеректер мен көктеректердің арасына ағыл-тегіл құйыла төгіліп тұрған мұнарларды байқайсыз ба?
— Байқаймын.
— Бос кеңістікті осы бір ағыстар айшықтамаса, біз пенделердің күніміз не болар еді, аға?
«Аға» деп алғаш айтуы еді. «Дың» мұнара түбінен естілгендей дың-дыбыс құлағын шың еткізді ме, жүрегін шым еткізді ме, түсініксіздеутұғын. Шолақ ауылының айналасы тізбек-тізбек көктеректер, шоғыр-шоғыр ақтеректер екен. Ағын-ағыстарға алақан тосып, әуелей әндетеді жапырақтарының үсті жалтылдап.
Ауылдың арғы жағындағы арнасы жайыла түскен Шудың айдынында шымыр да, шымыр толқын ойнайды. Автобустың жүрісі үдей түсті. Мұң Шолпанды кім білсін-ай, кім білсін, Шоң Алпан темір көлік тоқтамаса екен, осылайша ұза-а-а-ақ уақыт жүре берсе, жүре берсе, жүре берсе екен деп шын тілейтіндей күйдетұғын.
— Бішкекке де біраз ғана жер қалды, — деді Мұң Шолпан. — Мен сізді алғашқы күні, дебатшыларыңызға бата бергенде көргем.
— Қалай?! Қайда отырдыңыз?
— Аққайыңдардың арасында тұрғам.
— Жалғыз ба?
— Жападан-жалғыз. Айналам — айналайын аққайыңдар еді. Жаман адам еместігіңізді сонда сезгем. Жағажайда ғарыштан түскеніңізде жатырқамағам.
Мұң Шолпан кенет күрсінді. Күрсініп салып:
— Бішкекке жетпей, автобустан төтенше түсіп қалсақ қайтеді? — деді. Үні алабөтендеу-тін. Шоң Алпаныңыздың жүрегі алқынып, өкпесі өрекпіп:
— Мейлі, — деді тіпті ойланбастан айтқандай күйде.
Екеуі автобустан түсті. Мұң Шолпан такси тоқтатты. Алғаш асфальт жол аса кең еді, кейіннен еңістеу жаққа бір бұтақ шығып, тым тарыла бұлаңдады. Айналада қазан болмаққа қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктер көбейді. Шағын ғана айылдың (ауыл емес) шетіндегі қарапайым үйге бұрылып тоқтады бұлар. Үйдің жанынан көрпе жоңышқалық бірден басталып кетеді екен. Шоң Алпаныңыздың әлем жүзіндегі әдемілік атаулының ішінде жүрегін баурап алар сүйікті суреттерінің бірі — осы күз басындағы көрпе жоңышқатұғын. Әсіресе көрпе жоңышқаның бір бүйірінде боз бие мен қоңыр құлын шуақтап тұрса, шіркін-ай. Мына ғажайыпты қараңызшы, мұнда қоңырторы бие мен аппақ құлын арқандаулы екен! Ауылдың апасындай болып, айылдың ақ жаулықты анасы шықты. Мұң Шолпан құшақтасып, сүйісіп жатыр. Шоң Алпанды таныстырмаққа асыққан.
— Әлгі, біздей бейбақтарды менсінбейтін өкімет күйеуің осы ма? — деп, олқысынып тұрыпты апайы.
— Жо-жоқ, — деді Мұң Шолпан ыңғайсызданып қалып, қызарып кетіп. — Күйеуім мұнда келе қоймас, апатай. Бұл — ғарышкер ағатай ғой...
Қырғыздың қымызын құйды Мұң Шолпан. Апатайы кешке қарата нарын берді екеуіне.
Сүмбіледе жұлдыздар да ап-анық көрінеді ғой. Алайда алқаракөк аспандағы жұлдыздардың жаурағандай жаутаң қағатынын байқамағалы қаш-ша-а-ан?!
Екеуі Мұң Шолпан мен Шоң Алпан және сұлу қыздың әкесі салдырған «дың» мұнара туралы аңызды кезек-кезек айтысты.
Бірінші вариантын Мұң Шолпанның өзі бастады.
Екінші вариантын Шоң Алпан жырлады.
Үшінші вариантын екеулеп толықтырып, түнімен көз ілмей шыққан.
Таң әбден атып, күн көзі күлімдегендегі көрпе жоңышқаны көрген де бар, көрмеген де бар. Көре тұра байырқалап байқаған да бар, байқамаған да бар. Көрпе жоңышқа үстіндегі, таң азанғы тазалықта шек жоқ еді. Мұндағы мұң-мұнар мырзатеректерді орап өтіп тұрды. Айылдың (ауыл емес) шетін шілтерлейтін селдірлеу қарқаралы қамыс жиектеген арналы арықта да сүмбіленің суы сылдырап ағып жатыр. Түбіндегінің бәрі анық аңғарылады. Кенет көрпе жоңышқа Ыстықкөл айдынына ұқсап кетті. Жапырақтары жалт-жұлт аунап, триллион тамшы мөлтеңдейді. Миллион емес, тұп-тура триллион тамшы.
— Мені кім деп ойласаңыз дағы, өзіңіз біліңіз, аға, — деді Мұң Шолпан. — Кешіріп қойыңыз енді «ерекше» қарындасыңызды. Оқта-текте осылай, жылына бірер күн ғана бостандыққа мұрсат алып, мұнар құшқан мұң әлеміне оранып, қалаған жағыма қарапайым адам болып барып қайтам. Күйеуіммен жасасқан «келісімшартымызға» сәйкес, сүмбіленің суы мөлдірейтін кезде екі-үш күндік еркіндікке шығамын. Студенттік шақтарымда қимас, қымбат адамдарыма айналған, немесе соларға айнымай ұқсайтын аз ғана апатайларымды аралаймын. Солай, ғарышкер аға. Шын атымды шынымен-ақ айтпаспын. Себебі мына мен, Мұң Шолпаныңыз, пәленінші, немесе түгенінші «ледимін» демей-ақ қояйын, аса жоғары лауазымды бір кісінің зайыбымын. Жұмбағым осы ғана. Қош боп тұрғайсыз, аға...
Бар көркінен айырылып бозара бастаған бос кеңістіктің көрпе жоңышқа көркейтіп тұрған бір бұрышында қол бұлғап қала берді Мұң Шолпан.
Такси шіркін Бішкекке қарата жүргісі келмей қайта-қайта кібіртіктейді. Қазан болуға қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктердің жиегіндегі жүдеу жүгеріпаялар түссіз-түксіз, жүнжіген күйіңде жансыз ербиеді. Күнбағыстың жаз соңында жарқырай жайнап, бұрала билеген бекзат бойы бүгіле кұныстанып, шаттықтан шыр айналған қайран басы қисая қабысып қапты.
Ақырында автовокзалға да жетті. Автобустың соңғы орындығындағы қыздың жанына жайғасты. «Ағай, танымадыңыз ба? Сіз де осындай автобуспен жүреді екенсіз, ә?!» — деді тауар тасудан тарғыл қараға айналған әлгі қыз самса жеп отырып. «Жыға танымадым. Неге сонша таңырқап қарайсың?» — деді бұл. «Біртүрлі ғой, ағай. Сізге мұндай автобуспен жүру түк те жараспайтын секілді»,—деді қыз. «Апырай, ә?» — деп таңданыс танытты бұл. Сөйлеспекке зауқы соқпай, самса сасыған қыздан бұрылыңқырап, тозаңытқан терезеден сыртқа қарады. Күнделікті күйбең тірліктің тартылыс күшіне қайтадан көнбістік танытып, тереңдеу күрсінді. Өзін-өзі ылғи да іштей келемеждеп күлгенде көз алдына келетін ырдуан арбаның иесіндей ырғай мойнын ықылассыздау ғана сылқ еткізіп, төмен түсірді.
Ғарышкерлігін тезірек ұмыттырмаққа ұмтылғандай ескі автобус та жылдам қозғалды.


ТЕКСЕРУ


Қағанаттан қанағат қашқалы қашан.
Жымысқылық жылбысқы жабысқақтың қанына дейін қақтап сорып жатыпты.
Жаппай тексеру арқылы біразырақ оңалтпаққа бекінді ойласқандар. Күллі қоғамыңызды. Астарын аңдайтындар аталмыш науқанның жайдақ тексерістен айтақ тексеріске айналарын түбірлей түсінген. Мұндай-мұндай мұнарттар тұсында қарауылға қандайлардың ілінері, шүріппенің нендейлерге басылары бесенеден белгілі. Ештен кешіңіздің өзі кешігіп, кежеге кейін тартқан соң, ендігі ем-домыңыздың ешқайсысы қоғамыңызға қона қоймас. Деседі.
Сіздер қызықсыздар. Бәрін біліп отырып, иектеріңізді алқымға тығып, иықтарыңызды қиқаңдатасыздар. Аужал-ауқаттан ары қарата асқыларыңыз келмейді. Тексермектен түзелмектің бар-жоқтығына тағы илануларыңыз кем. Тексерудің не-нелер екенін, тексерушілердің нелер-нені көздеп-көксерін, тексерусіз тағы да, тіпті де мүмкін еместігін екшемейсіздер. Ойға салыңыз, тексерусіз, толып жақан тексеруші органдарсыз мүлде мүмкін емес. Қаржы-қаражатты, мүлік-мүкәмалды түстеп-түгендемек мүмкін емес. Жұмысты жөн-жосығымен жүргізбек мүмкін емес. Мекеме сақтамақ мүмкін емес. Мұстақыл мемлекет болмақ мүмкін емес. Жағдай жасамақ мүмкін емес. Кім-кімге де.
Емес-емес-емес.
Қағанат-қоғамыңызда тегістей тексеріс осынау себептерден туындаған. Енді егеу-егес үдеді. Тексерушілердің телпектері елпек атары аян-ды. Алайда олар да әуелгіде егеу-егестен тысқары қалмас. Қандай егеу-егес дейсіздер ме? Сол сансыз көп қадағалаушы органдардың қарымындағы егес. Бақылаушы және бақыланушы орындар қатынасындағы егес. Тендерлердің төңірегіндегі терең егес. Алушылар айналасындағы ерен егес. Жеңілгендер мен жеңгендер арасындағы алапат алакөз егес. Қағанағы қарқтардың қан қысымдарындағы, сағанағы сарқтардың сүйек сығымдарындағы егес.
Егес-егес-егес.
Осылайша тексеру науқаны қызғын қарқын алған. Қырғын қызықтар қаулаған. Ұшар биіктердің бәрінде ұйтқып соғатын құйындар көтерілген. Обалы неге керек, олигархтарыңызға және олардың қарау қамқорлығындағы обырларға тексерістеріңіздің тісі батпаса-дағы, біраз-біраз жебірлеріңізге жүген түскендей көрінген. Сондай-сондайда ше, сіздер қайттіңіздер? Жоғарылы-төменді жерлерден бірен-сараны құрықталғанда ше, қыптарыңыз қанып қалатыны да рас қой? Рас-рас-рас.Күндердің күнінде, әйдік биіктердің бірінде, жоғарыда аса сирек кездесер, еліңіз жүзіндегі ең иманжүзді жанның бірі тұтқиылдан тұқыртылып тұтқындалғанда, ай айнасын қара бұлт қаптағандай қоңырайғандарыңыз да рас қой? Шын деуге де шама-шарқыларыңыз жетпес. Аужал-ауқаттан ары аттап баспайсыздар осындайда.
Бас жағында неміз қапты, өзіміздің Ұрангөй уәлаяты жетеді бізге. Мұнда һәм мұнартты күндер, апалаң апталар мен топалаң айлар өтіп жатыр. Тегістей тексермектің тіміскі тінткілемекке ұласқанына да бірталай уақыт боп қапты. Жымысқылық жымсия жәдігөйленіп, бұрынғыдан бетер белең алып барады.
Әдетте, әуел бастан-ақ, әп дегеннен-ақ қағанатыңызда қандай-қандай мекемелердің қаралатыны анық қой. Бұрын да биіктерден, бүйірлерден, иір-иірлерден түрлі-түренді тексерулер болып жататын. Тақиятеппек ойнайтын органдардың өкілдері өзгелерге жаудай тиісер. Қандай және қай жақтардан, қаншама тараптарыңыздан болсын, діл департаменті тексеріске түспеген. Түспейтін. Түскен емес. «Еһе-еһе, қойыңдаршы. Онда түк те жоқ», десетін. «Ой, сонда не бар?» Десетін. «Митімдей мекеменің титімдей тиын-сиынына тектен-текке күн өлтіреміз бе? Уақытты бостан-босқа шығындаймыз ба?» Десетін. «Ді-ді-діл департаменті ме? Ондай да мекеме болады екен, ә? Діл деген не пәле өзі?» Десетін.
Қойыңыздаршы, әйтеуір, жоғары органдардан жіберілгендер де, биік-биік орындардан жеткендер де, бүйірлер мен иір иіндерден соғатындар да діл департаментіне соқтыға қоймас-ты. Бәр-бәрі дерлік менсініңкіремейтін. Кідірмейтін. Қайырылмайтын. Қарамайтын. Жанай өтіп кете баратын.
Уақтысында ше, діл департаменттері дегендеріңіз қағанатыңыз көлемінде, уәлаяттар бойынша қаншалықты қажет деген дау көтерілгенін қайтерсіз. Жоғарылы-төменді буын-бунақтардың бәрінде, әсіресе, мына Ұрангөй уәлаятында бұл мәселе біразға дейін қатты талас-тартыс тудырған. Діл дегеніңіздің өзі не зат? Қандай ұғым? Осы сауалдардың нақты жауабын бермек тіпті қиынға түскен. Алуан түрлі ғылыми-зерттеу және стратегиялық институттары ділдің дәл мағынасын түптеп түсіндіре алмаған. Біреулері, олардың арасында абыройлары асқақ ақсақалдар мен заманауи залым және ғалым жастар аз емес, діл дегеніңіз жүрек шығар десті. Екіншілері, бұлардың қатарында да атақтары аспандаған академиктер мен шет елдерде білім меңгерген майсораң менеджерлер жетерлік, ділдің мағынасын жалғыз жүрекпен шектемектің жөні жоқ, ойбай, ол – күрделірек ұғым десті. Үшіншілері, қатарларында нақтылы салаларды басқаратындар бар, діл дегеніңізге жүрекпен қатар бүйрек, өкпе және бауыр да қосылады деген нақтылы қорытынды жасап, оған дәлел-дәйек ретінде безбүйрек, өкпелеу және тасбауыр ұғымдарын келтіріп бақты. Мұндай маңызды тұжырымдар мен қорытындылар мемлекеттік қызметке қатысты министрліктердің миларын бұрынғыдан бетер ашытып-быжытты. Жүрек, бүйрек, өкпе және бауырды қамтитын болса, ондай органдармен демікпе, денсаулық сақтау және демжарыс салалары айналыспай ма, діл департаменттерін құрып қажеті қанша десті. Тағы біреулер шығып, ділге жүрек, бүйрек, өкпе-бауырмен қатар ішек-қарын әлемі де әп-әдемі үйлесетінін дәлелдеуге тырысты. Сөйтіп, мал-пал және ет-сүт департаментінен арнайы бөлім ашу керек десті.
«Жо-жо-жо-жоқ!» десті және бір жоғарырақ орындағылар. Олардың білуінше, діл дегеніңіздің жүрекке, бүйрекке, өкпе-бауырға, ішек-қарынға ешқандай қатысы жоқ екен. Діліңіз ақыл-ойға, арман-аңсарға, ындын-ықыласқа, мақсат-мүддеге, нәт-ниетке, пейіл-пиғылға, болмыс-бітімге, сайып айтқанда, санаға байланысты секілді. Діл департаменттерін өз алдарына бөлек мекеме етудің керегі шамалы, ақыл-ойыңыз, арман-аңсарыңыз, санаңыз, т.т. және т.басқаларыңыз мәдениет пен тұрмыс және той-томалақ департаменттерінің егінжайлары ғой десті.
Айтыс-тартыстардың аласапыранында діл департаменті дейтін дүние өмірге келмей жатып-ақ дал-дұл күйге түскен. Ақырында талқылаушылар талықсып, қалғандары қаттырақ қалғып кеткен кезеңдердің тұсында билігіңіздің ұшар басындағы бір буынның басшысы ауысты. Оның орнына басқа адам отырды. Әлгі жаңа дөкейіңіз жан-жағына қарап үлгермей-ақ, жұмысын жаңалықтан бастағысы келді ме, әйтеуір, кеткен кісіге ерегескендей, егескендей сес танытып, діл департаменттері тез арада құрылып тынды.
Құрылуын құрылған. Сиқы секем негізді жаңа құрылымның пешенесі тартұғын. Қағанат қоғамы, уәлаят жұрты, бәрібір, діл дегеніңіздің не зат, нендей гәп пен кеп екенін түсінбеді. Түйсінбекке қиынсынды. Қисын құрмаққа талпынбады. Сана біткендеріңіз салмақсыздыққа үйренгентұғын. Жұртыңыз жеңілтектеніп, ұлтыңыз ұят-аяттан алыстап үлгергентұғын. Аужал-ауқаттан ары қарата аттап баспауға кетіп қалған еді. Жүрегіңіз өліеттенсе, діліңіз өңезбетенсе, не шара...
Қағанатыңызда, қала берді Ұрангөй уәлаятында адам қатарында, кісі санатында саналатындар тек жағдайларын жылпостықпен жасап алғандар ғанатұғын. Жағдайын жасай алмағандар қатарда да, санатта да жоқ есепті еді. Діл департаменті һәм жағдайы жасалмас, жадағай, жүдеңкі адам сыңайлы мекемесымақ ретінде ғана жаратылған. Оған басшы таңдауда да басқа департаменттерге адам тағайындағандай бас қатырылмаған. Қатырудың қажеті жоқтұғын.
Қызықсыздар осы. Сіздерді айтамыз. Бәрін біліп отырып, зауыққа қарамайсыздар. Сауыққа құмарсыздар.
Ұрангөйіңіздегі діл департаментіне заузан гүл сынса-дағы зәузі шегіп зарлайтын зарғалдақтай жүрегі бар, соған орайлас бүйрек-бауыр-өкпесі бар, ішек-қарындары шұрқ тесік Бұны қойған дұрыс десті.
Бұныңыз діл үшін тіресті. Бұрыннан да күресетін Бұл. Өліп-талып.
Тілім-тілімі шықты.
«Өзгенің бәрі өзіне бірдеңе сұрап, телім тілеп келеді. Ал сіз діл-діл дей бересіз», деп күлетін болды Бұған. Басшы біткен.
Бұл осылайша күлкі-мазаққа ұшырады. Оны, бірақ, Бұның өзі сезбеді. Ділді ғана көздеді. Бұныңыз жағдайын жасай алмайтындардан еді. Жағдайы жасалмайтындар қатарынантұғын. Жағдайын жалаңқиялықпен ғана жасап алғандардан, жағдайларын жымқырма жылмайлықпен жасаған үстіне жасай бергісі барлардан Бұл бөтеншелеу жан еді. Жасағанның жаратуы төтеншелеу болар, сірә.
Сонымен, жаппай тексерістің тұсында біреулер Бұныңызды да мазалай бастаған. Тексерілмес, тексермекке жатпас деп саналар, тиын-сиын ғана бөлінер діл департаментіне, күндердің күнінде, тақиятеппектің ойыншысы келіп кірген. Бұл: «Бізді де қатарға қоса бастағаны ма?» деп кілдірей күлімсіреген. Бұныңыз өзіне өзі бұл дүниеден бөлектеу, бұлыңғырлау, бұлдырлау әлем жасап алғантұғын. Тіршілік түгелдей тұманытып көрінетін. Тексеруші де бұлдырап көзге шалынды.
Тексеру басталып кеткен. Тү-у биіктерден Ұрангөй уәлаяты бойынша тексерілмеген бір де бір мекеме қалмасын деген пәрмен берілген көрінеді. Тексеруші жігітіңіз, жалпы алғанда, жаман адам емес секілді. Құлын шығындалмасын, қой сойылмасын, тіпті тауық та бауыздалмасын сезетіндей. Бұның тақуалығына қанық секілді. Екі күннен кейін осы жүріп өткен жолында, сүріп келе жатқан өмірінде мұндай мекемеге тап болмағанын таңырқай тақпақтады. Аптаңыз артта қалғанда, аштан қатпаққа жақын-жуық жүргенін айтып салды.
Бұл, әдеттегісінше, септесер лепес те білдірмеген. Буалдыр-бұлдыр әлемінен әлгінің әйдіңгер тұрпатына таңданыңқырап қараған да қойған.
Екінші апта басталар күні ойыншы:
– Біздің қазақта бәрі ауқатқа барып тірелмей ме, көке? – деді қалжыңдай қағытқан әуенге салып. – Қазақ қарны арқылы ғана қарым-қатынас жасайтынын ді-ді-діл жағы бі-бі-білетін болар? Ойбай-ау, енді қазекем уақыттың өзін «сүт пісірім», «бие сауым», «шай қайнатым», «май түсірім», «ет асым» деп есептемей ме?! А-а-а? Сі-сі-сіздердің мекеменің атына тілім келмей-ақ қойды осы. Ді-ді-ді деп, дір-дір етіп, тұтықпа болуға, кекештікке кетуге айналдым, айналайын аға. Діл дегендеріңіз не өзі? Нені білдіреді?
Бұл алдында отырған ойыншыға шынымен-ақ ділдің мән-маңызын тәптіштеп тұрып-тұрып түсіндірмекке тырысқан. Ұғындырмаққа ұмтылған. Бұлыңғырлықтан берменірек шықпаққа әрекеттенген.
Әлденуақытта барып барлап қараса, тексеруші түк те тыңдамай отыр екен. Ойыншыңыздың ойы басқа қиырларда қыдырыстап жүріпті. Бұл әңгімесін кілт үзіп, кілдірей кідірген.
       – Көке, осы сізді кітап жазады дейді, рас па? – Алдындағы адам тұлғасы қайтадан айқындалған. – Бар ма кітабыңыз? Көрсек қайтеді?
Бұл сәл-пәл күрсініңкіреп барып, үстелінің суыртпағында жатқан «Алмағайып» атты жұқалау кітабын шығарып ұсынды.
– Кітап ұстамағалы қанша ғасыр, қай заман, – деді тақиятеппек телпекшіңіз «Алмағайыпқа» мүсіркей қараған кейіпте. – Ендігі қалған ғұмырымда да қолға алмаспын деуші едім. Алтыншыда бір ағай пайда болып, бәрімізге кітап оқытып, қияли қып жібере жаздаған. Өкпе-бауыры іріп кеткен біреу екен, тезірек өліп қалды ғой сол сорлы. Қиялилықтан құтылғанбыз сөйтіп. Мына кітабыңызды маған сыйлап отырсыз ба, көке?
      – Сыйлағалы отырмын, інім. Өзің бір ақкөңіл, ашық жігіт екенсің. Ақиқатын айтасың, әйтеуір. Оқымасаң мейлің, сонда да осы бір кітап үйіңде тұрсыншы. Сыйлайын саған. Әкелші бері, қолтаңба жазып берейін.
       Тексеруші кітапты сәл-пәл ебедейсіздеу ұсынған. Бұл қолтаңбасын жазуға кіріскен.
       – Анықтама дайын, көке, – деді тексеруші. – Мұндай мекеме көрсем, көзім шықсын.
      Бұл бүй деп жазған: «Тұрпатың тұғырлы екен нарға лайық; Бұл өмір болып тұр ғой алмағайып. Діл дегеннің тағдыры – жұрт тағдыры; Тілім-тілім боп жүрсек, бар ма айып?!»
Кітап қайта қайтарылды. Тақиятеппекшіге.
Тексеруші кітапты қаттырақ қыса қабылдап, қос қолдай мытып алған.
– Осы кітапты өзіңіз жазғансыз ба, көке? Шынымен? Шыдамыңыз қалай жеткен? Қолмен жаздыңыз ба? Бәрін? Компьютермен заулаттыңыз ба, әлде? Қызметкерлеріңіз көмектескен шығар? Жақсы, көке! Рахмет! Анықтама мінеки. Пәлендей кемшілік жазбадық. Пәле іздесек, әрине, табамыз ғой.  Табамыз. Табылады. Іздемедік. Сізді сыйладық. Қарап, қол қоя салыңыз.
Анықтамада анау айтқандай ештеңе жоқ екен. Самайы солқылдаған күйі қолын қойды. Үш данасына.
      – Ал, басқа айтарыңыз жоқ па? Онда сау боп тұрыңыздар. Кітап жаза беріңіз. Немене еді әлгі? Секс-пекс жайында жазсаңызшы. Жабылып оқиық. Ышқыр босады ғой бүгінде. Ыстанның ышқыры төмен түсіп кетті. Жас кездеріңізде ше, көке, мақтадан иіріп тұрып тоқыған ыстанбаудың шиеленген түйінін тістелеп шеше алмайды екенсіздер ғой. Өздеріңіз қатарлы көкелер айтады дә. Ыстық күнде, ыссы түнде ыстанбауды шеше алмай, қыз алқынып, жігіт балқып, шып-шып терің шүмектеп, алқаракөк аспанда жұлдыз біткен жымыңдап... Күледі екен дә-ә-ә! Ә-ә-ә, көке?!
Бұл бұлыңғыр дүниеден бірсін-бірсін жарыққа шыққандай, қайрандана көзін уқалады:
      – Шырағым, сен өзі ауызша ағып тұрсың ғой. Сендейлер жазып жөнелсе, мендейлер далбасалап қалар, – деді.
     – Ой, көке, жазуыңыз өзіңізге. Діліңіз де өзіңізде қала берсінші. Мұндай мекеме, сіздей бастық көрмеппін. Көрмегенім діл департаменті болсын! Көрмеспін де, келмеспін де енді, – деді тексеруші әзіл-шынын араластырған кейіппен. Кітапты қыса түсіп.
      Тексерушінің жұқалтаң кітапты неліктен сонша, қалайша қатты қыса түскеніне түсінбеген. Бәлкім бі-і-і-ір өзінше өзгеріп, сүйсініп оқиыншы дегендей ойға берілді ме? Деп те үміттенген.
Өкініш-ай, Ұрангөй уәлаяты діл департаментінің басында отырған Бұл, яғни «Алмағайып» атты кітаптың авторы қатты қателескен еді.
Ойыншы үйіне жетіп алып, кітаптың арасын абайлап ашты. Олай бір, былай бір сытырлата парақтады. Сонсоң қызғылтым, майлы тілімен быртиған сұқ саусағының басын жалап-жалап жіберіп, тағы тарақтай бастады. Бір-бірлеп.
Ештеңе таппады. Түк те түспеді.
Сілкілеп байқады. Қатты таңырқап, қайталай парақтады. Бір-бірлеп тарақтады. Беттерін санады. Екі жүз бет екен.
Күнде кешкісін қарайтын болды. Бетін санайтын болды. Сұқ саусағының басы ақжемденіп кетті.
Кейде түн ортасында тұра салып, «Алмағайыпты» ақтаратын еді.
«Ойпырай, осындай да болады екен-ай?! Өмірімде алғаш рет. Бірінші мәрте! Қалайынша бұлай?!» деп күбірлеуге көшті. Көп күндер бойы өзінен-өзі күбірлеп жүрген.
Ақырында «Алмағайып» атты кітапты оқи бастады. Кім дейсіз бе? Кәдуілгі тексерушіңіз. Оның кітап оқуға кірісіп кеп-кеп кеткеніне бәрі аң-таң. Әйелі де аң-таң. Ұл-қыздары да аң-таң. Жолдас-жоралары да аң-таң. Жекжат-жұраттары да аң-таң. Ұжымы да аң-таң. Ұйымы да аң-таң.
Ұрангөй уәлаятында кітап оқудың ұмытылғанына талай-талай жылдар өткен. Кітап оқитындарға аң-таң қалатындай жағдаят қалыптасқалы қаш-ша-а-ан.
Әлдебір тексеруші кенеттен көркем әдебиет кітабын оқуға біржолата бет бұрыпты деген ақпарат арна-арналар мен мерзімді мәтбұғат арқылы түгел тарады. Осынау оқыс оқиғаға орай құпия кеңес өткізілді. Сыбыр-сыпсың мен күбір-күпсің үдеді.
Қағанатыңыздың, қала берді, Ұрангөй уәлаятының жиырма бірінші ғасыр басындағы аса үздік үлгісі, жаңа жетістігі ретінде бағалануға лайықты қызық құбылыс ғарыш жаққа аян болды. Жұлдыздар жымыңдасып, бір-біріне жеткізіп жатты.
Айыңыз да аң-таң. Күніңізді қайдам.
Тексерушіңіз кітаптан кітап қоймауға айналған. Күндердің бір күнінде Шопенгауэр дейтін данышпанның кітабынан «еркектер әлем жүзіндегілердің баршасын бағындырғысы келеді, ал әйел еркектердің өзіне толық-тұтас ие болмаққа ұмтылады» дегенді оқып, қатынына қатты қапаланған. Жаңа ай туып, ғарышта жымың қаққан жұлдыздар алмасқан кезде біржолата бөлек жатуға көшкен.
Қадағалаушы және бақылаушы, тағы басқа аттары айтылмас арнаулы органдардың арнайы адамдарынан құрылған комиссия зерделеп-зерттей келе құпия шешімнің шығуына септесер себепті дәйектеді. Белгіленген, бекітілген мерзімде шатыраштана шелтірейген шешім шықты. Қайырымсыз қаулылар қатқыл қабылданды. Көркем дүние оқып кеткен тексерушіңіз тікелей қызмет ететін тақиятеппек мекеме мұқым қысқартылды. Көп ұзамай, діл департаменті де жабылады немесе жоғарыдағы түрлі-түрлі мекемелердің біріне жадағайдан да жалбағай күйдегі бірдеңе боп тіркеліп тынады. Деседі.
Сіздер қиынсыздар. Осындай да осындай оқиғалардың Ұрангөй уәлаятында ғана емес, өзге жақтарда да жүріп жатқанына сенбейсіздер. Илануларыңыз итпектей шегіншектейді. Тіпті ғарыш жақта титімдей тірлігіңізге дейін түгел тіркеліп, шын тексерудің сонда жүріп жатқанына да нанбайсыздар. Нәніпәтір көресіздер. Ерік өздіріңізде. Біздікі де, Бұныкі        де – ишара ғана.


ТҰРАРТҰҒЫР


Сексенінші жылдардың орта тұсына таманырақ Сәуле Тұрар¬қызы Рысқұлова Түлкібас ауда¬нына келген. Жұртшылықтың жанарлары жасаурап, жақсыдан қалған жәдігер ғой дегенді жүрекжарды ықы¬лас-пейілдерімен білдіріп жатты. Шы¬нымызды айтайық, сонда Сәуле әпкеміз бізге біртүрлі салқындау, сел¬қостау сияқты сезілді. Сезімге берілме¬гендей, тым тебірене қоймағандай, толғанысқа түспегендей көрінген. Біз ғана емес, бір¬талай кісілер, ішінде Тұрар Рысқұловтың туыстары да баршылық, Сәуленің сәл-пәл суықтау қарайтын¬дығына, анау-мынауға мізбақпастай мінез танытатын бірбеткейлігіне әжептәуір-ақ әбіржіген¬дей болғантұғын. Бірте-бірте: “Титім¬дейі¬нен тағдырдың талқысын көріп, теперішін тартты ғой, оңай ма?”, “Қан¬шама жылдар бойы “халық жауының қызы” атанды, қайтсін-ай”, “Бастан кешпеген азабы жоқ қой, басқашалау көрінетіні содан да” десті. Сөйтіп, үнсіз ұғынысқан, іштей түсініскен.
Сәуле Тұрарқызының аудандағы үлкен орта мектепте болғанын байқаған¬быз сонда. Кең залдың ішінде жүздеген жас өскін қатар түзеп тұрыпты. Салтанатты сап. Бәрі бірден, бір деммен сәлем берді. Мектептің басшысы сөз бастады. Рысқұлованы таныстырды. Оқушылар сол сапта тұрған күйінде алдын-ала дайындаған “монтаждарын” мазмұндады. Жаттауларын мағлұмдады. Музыка ойнады. Ән шырқалды. Сонсоң Сәуле Тұрарқызына сөз берілді.
Сәуле әпкеміз сол суықтау көрінетін күйінде, салқынқанды кейпінде, әйнегінің қалыңдығы бір елідей келетін ерекшелеу көзілдірігінің орта тұсын ортаңғы саусағымен түртіп қойып, бүй деді: “Балалар, мен сендерді жақсы түсінемін. Сендерге оңай емес. Қиналып тұрсыңдар. Мен қарапайым жағдайда, емін-еркін түрде әңгімелескенді дұры¬сырақ көруші едім. Ал қазір сендерді салтанатты сапқа тұрғызып, сірестірің¬кіреп қойыпты. Әрине,  сендер Тұрар Рыс¬құловты білмейсіңдер. Мүлде біл¬мей¬сіңдер ғой, солай емес пе? Тек жаттағандарыңды айтып жатырсыңдар. Онша түсінбей айтып тұрсыңдар. Бірақ бұған сендер кінәлі емессіңдер, балалар.
Менің ағам, әпкелерім бар еді. Әжем түрмеде өлді. Шешем он жыл қамауда болды.
Шешем жиі-жиі айтып отыратын еді. Әкем балаларды жанындай жақсы көрген екен. 1938 жылғы ақпанда атылған. Ескендір ағамды да әкеммен бір мезгілде тұтқындаған. Ол он жеті жаста ғана еді. Иркутскіде азаптап, Мәскеуде өлтірілген.
Біз төрт қыз едік. София, Мая, Сәу¬ле, Рита... Әкемді 1937 жылғы көктемде тұтқындаған. Қамауға алынғанда ол Қазақстан тарихы жөніндегі үлкен, көлемді кітабын тәмамдауға таяу екен...”
Міне, Сәуле Рысқұлова сонда осылай деген.
Одан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Жы묬дар жылжыды. Айлар аунап, апта¬лар алмасты, күндер сусыды. Тұрар¬лар аң¬¬сап, армандаған Тәуелсіздікке қол жетті.
Осы жиырма бес жылдан астам уақыттың ішінде Тұрар Рысқұлов туралы бірқатар туындылар жазылды.
Одан бұрынырақта да бір-екі кісі жазып, “Социалистік Қазақстан” газе¬тінде жариялап, таяқ жеген ғой. 1984 жылы Алматыдағы “Қазақстан” баспа¬сынан белгілі тарихшы ғалым, тұрарта¬нушы, өзі мәскеулік Виктор Михайло¬вич Устиновтың “Служение народу” деп аталатын кітабы жарық көрді. Сол 1984 жылы, сол “Қазақстан” баспасынан Тұрар Рысқұловтың “Избранные труды” атты кітабы шықты. Әрине, ол жыл¬дардың, сол кезеңнің нені таңдап, нені іріктейтіні белгілі ғой. Дегенмен, осы дүниесінің өзінен Тұрар¬дың тұлғасы мен тұрпаты, ұшан-теңіз атқарған тір¬ліктерінің таң қаларлықтай ауқымы, қайраткерлік қарымы, азамат¬тық алымы, білім-білік тереңдігі, түркі халықтары¬ның тағдыршешті талайына толайым берілген адалдығы, елі мен жерін, ұлтын жанындай жақсы көретін¬дігі, эконо¬миканы, өнеркәсіптің күллі қырлары мен сырларын, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, экс¬порт сынды салалардың өзгешеліктерін жілікше шағатыны аңғарылып тұрыпты. Ғұлама ғалымдығы, текті тарихшылығы, парасатты публицистігі өз алдына.
Таңдамалы еңбектері делінген дү¬ниесінен кейін он үш жылдай уақыт өткенде, Тұрар Рысқұлов туындылары¬ның үш томдығы шығарылған. “Құрас¬тырушылардан” деген кіріспе бөлімде Тұрар Рысқұловтың шығармашылық мұрасы кезінде жарық көрген жиырма¬ша¬қ¬ты кітаптан тұратыны айтылған. Жа¬рық көрмегені қаншама. Мына шыға¬рылып отырған үш томдығының бірінші және екінші томына 1923-1929 жылдары жазылған негізгі туындылары кіргізіл¬генін келтіреді құрастырушыларыңыз. Еңбектердің маңыздылығы сонда, дейді олар, бұл дүниелер сол кезде салтанат құрған маркстік-лениндік тұжырымда¬ма¬дан және тар өрісті таптық методоло¬гиядан азат көзқараспен жазылған. Бірінші том “Төңкеріс және Түркістан¬ның жергілікті халықтары”, ал екінші том “Қазақстандағы 1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерілісі”, “Жетісу мәселелері” сияқты еңбектермен ерекшеленеді. Сондай-ақ екінші томдағы “Қазақстан”  монографиясы 1927 жылы қазақ және орыс тілдерінде  жарық көргені ескерті¬леді. Үшінші томның айрықшалығы, Түркістан-Сібір темір жолының тыныс-тіршілігін, тарихы мен тағдырын, келешек көкжиектерін кеңінен қозғайтындығында. Сонымен қатар бұл томға республиканың мемлекеттік мұрағаттарындағы мақала¬лары, сөйлеген сөздері, хаттары енгені ескертіледі. “Т.Рысқұловтың еңбектерін баспаға әзірлеуде о бастағы нұсқаларына нұқсан келтірмеуге тырыстық. Мәтіндер¬дің барша стилистикалық және басқа ерекшеліктері толық сақталды”, дейді құрастырушылар.
1994 жылы жүз жылдығы, 2004 жылы 110 жылдығы тойланды. Әрине, ғылыми еңбектердің бәрінде, ресми құжаттардың көпшілігінде Тұрардың туған жылы “1894” деп жазылған. Себебі, Сәуле әпкеміз айтатындай, оны Рысқұловтың өзі өзгерткен. 1994 жылғы 19 қыркүйекте жұртшылық жаппай жақсы көріп оқитын “Өркениет” және “Горизонт” газеттерінде Сәуле Тұрарқызының сұхбаты жариялан¬ған. Басылымның бас редакторы Дархан Мыңбай: “Әкеңіздің биыл аталып өтіп жатқан мүшелтойы¬ның бұрынғы тойлар¬дан қандай ерек¬шеліктері бар деп ойлай¬сыз?” деп сауалды төтесі¬нен тастайды. Ә дегеннен-ақ. Бұл сұраққа биология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академия¬сының акаде¬мигі Сәуле Тұрарқызы Рыс¬құлова былай жауап беріпті: “Азаматын сыйлаған қалың елім – қазағым үшін мен осы жолы баспасөз арқылы бір құпияның бетін ашпақпын. Жас кезінде әкем... екі жасын асырып жазған екен. Ол туралы кезінде шешеме және жақын ағайын-туыстары¬мызға өзі де айтқан көрінеді. Оның үстіне, менің өз қолымда да әкемнің 1896 жылы өмірге келгендігін дәлелдейтін құжаттың (Бішкектегі ауыл шаруашылығы мектебін тәмамдағаны жөніндегі аттестат) көшірмесі бар... Мүшелтойдың ерекшелігі бүгінгі замана келбетінен де аңғарылса керек. Бұрынғы тойлары елім деп еңіре¬ген талай дарынды тұлғалардың, ақжүрек асыл азаматтардың өмірін қыршынынан қиған ленинизм туының астында өтті. Енді, міне, бәрін ой елегінен өткізетін уақыт туды. Әртүрлі көзқарас¬тардың, бағыт-бағдарлардың астарына үңілетін сәт жетті. Әйтсе де бұл мәселе қиын-қыстау жолдармен, баяу жылжуда... Бұл мәселе¬нің күрмеулі түйінін шешу үшін әрбір тарихи тұлғаның өмірі мен қызметіне жете үңіліп, жеке-жеке зерттеп, терең тал¬дау жасау қажет. Біздің публицистеріміз, тарихшыларымыз, саясатшыларымыз бұл мәселеге келгенде өте сақ, тым жайбасар, әлдеқалай заман туып қала ма дегендей үргедек...”
“Өркениет” пен “Горизонттың” бас редакторы бұдан әрі: “Т.Рысқұлов саяси қайраткер ретінде ғана емес, халық ша¬руа¬шылығына өзгерістер енгізген рефор¬матор ретінде де танымал. Бұл орайда сіз не айтар едіңіз?” деген сұрақ қояды. Бұл сауалға Сәуле Тұрарқызы әкесінің шаруа¬шылық негіздерін құрып, жүргізудегі, түрлі зауыт-фабрикалар, алып құрылыс¬тар, оның ішінде Түркісіб, тағысын-тағылары, коммуналдық шаруашылық, азық-түлік кооперациясы, басқа да салаларды ұйымдастырудағы, басқаруда¬ғы, жетекшілік жасаудағы ерен еңбегіне таңырқайтынын айтады. “Мысалы, сол жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ қалаларда тұрмысқа қолайлы, заманауи шағын аудандар салу жөнінде ұсыныс енгізген екен”, дейді. “Реті келгенде айтатын, әлі күнге дейін оның өмірі мен қызметін зерттеушілер халық шаруашы¬лығы саласындағы орасан зор еңбегін толық қамтып көрсете алмай келеді. Ме¬ніңше, оның осы саладағы ой-мақсат¬тарын, араға қаншама уақыт өткеніне қарамастан, бүгінгі күннің тірлігіне де арнап, әрі қарай дамытып әкетуге болатын сияқты”, дейді Сәуле Рысқұлова.
ТҰрардыҢ елі мен жеріне, ұлты мен халқына, қала берді күллі түркі дүниесіне, адамзатқа жасаған жақсылығы жұртшы¬лыққа аян. Рысқұлов феномені жө¬нін¬де біршама айтылып та, жазылып та келеді. Тұрарды өткен ғасырдың 20-30 жы¬л¬дарында дүние жүзінің әлем дең¬гейінен көрінген алып қайраткерлері түгел танып-білген, ерекше қадірлеп-құрмет¬теген. Шығыс халықтарының, оның ішінде түркі ұлттарының аса ірі өкілі, қайталанбас, қажырлы перзенті, адал ниетті адамзаттың парасат шыңындағы шынайы қайраткері ретінде бағалай білген. Түлкібас төрінде, Ақсу-Жабағылы баурайында өткен жүз жылдық тойында сол кездегі Қазақстан Ұлттық академия¬сының президенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев: “Тұрар Рысқұлов туралы жақсы айтып жатырмыз, алайда, әлі жеткізе алмай жүрміз. Үндістан үшін Джавахарлал Неру, Түркия үшін Ататүрік, Қытай үшін Сунятсен қандай алып тұлғалар болса, біз үшін Тұрар – тап сондай тұлға. Оның халық үшін, адамзат үшін сіңірген еңбегі де, қалдырған мұрасы да, ой-сана деңгейі де, келешекті кемел болжауы да жаңағы аталған алыптардан титтей де кем емес”, деді. Өкінішке қарай, қазекем мұндай-мұндайыңызды мойындамаққа мұқым-мүлде жоқ қой, жоқ. Бір адамды, ерекше еренді түгел-тұтас мойындап көріп пе? “Е, ол неге ұлы болады? Ол қайтіп Неруге теңеседі? Қалайынша Ататүрікпен салыстырамыз? Ол өйтпеп пе еді, бүйтпеп пе еді?” деп шыға келеміз.
Обалы нешік, қазақ тарихшылары мен публицистері кейінгі жиырмашақты жылдың көлемінде Тұрар Рысқұлов хақында біршама ізденістерімен көрінді. Әлі де жеткіліксіз дегенімізбен, ілгері¬леу¬шілік жоқ емес. Осы орайда өзі де елеулі еңбек сіңіре білген көрнекті тарихшы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нұрпейісов тұрартанушы Виктор Устиновтың, Мәмбет Қойгелдінің, Талас Омарбековтің, Ордалы Қоңыратбаевтың, Мұхтар Қазыбектің, Ғаппар Маймақов¬тың ізгі ізденістерін атап көрсетеді. Талантты тарихшы Мәмбет Қойгелдінің тынымсыздығы нәтижесінде Тұрар турасын¬дағы талай деректер айқын¬далып, жұмбақ жатқан құ¬пия¬лар ашылып, маңызды материалдар табылды. Ол кісінің жан-жақты талдап жазғанындай-ақ, Тұрар Рыс¬құловтың өмірбаянында оның тікелей ұйымдасты¬руымен және төрағалығымен 1926 жылы Мәскеуде өткен ұлт мәселелеріне арналған кеңестің жөні бөлек, жосығы ерек. Оған РСФСР құрамын¬дағы автономиялық құры¬лым¬дардың басшы қайрат¬керлері, БОАК және КСРО ОАК мүшелері қатысқан. “Қатысқан кісілердің құ¬рамы, сондай-ақ онда талқы¬ланған мәселелердің маңызы жағынан бұл кеңес, уақыт көрсеткендей, шын мәнінде ұлт мәселесіне арналған бүкілодақтық бесінші кеңес¬тің міндетін атқарған еді. Одан бұрынғы ұлттар мә¬селесіне арналған төртінші кеңес 1923 жылғы 9-12 мау¬сым аралығында болған. “Өте құпия” деп мөр басылған төртінші кеңестің материалдарын жетпіс жыл өткен соң, 1992 жылы жеке кітап етіп мәскеулік “Инсан” баспасы шығарды. Ал “Националдар кеңесі” немесе “Рысқұлов кеңесі” атанған 1926 жылғы кеңестің материалдары да “құпия” деген белгімен Мәскеу архивтерінде сақтаулы”, деп жазған болатын М.Қойгелді 1994 жылы. Ғалым бұдан әрі жаңа империялық прин¬циптердің үстемдік алуына жанұшыра, батыл қарсы шыққан З.Валидов, М.Сұлтанғалиевтердің қызметтен аласта¬лып, абақтыға жабылғанын, алайда алашшыл арыстардың бірегейі Тұрар Рысқұловтың орталықтың озбырлығына наразылық рухын титтей де бәсеңдетпей, қайта өзгеше өрістете түскенін дәйектейді. “Ал тезірек шешімін табуды күткен мәселелер күн өткен сайын көбейе түскен. Сөйтіп, большевиктердің ұлттық езгіде келген халықтарға теңдік жұмағын беру жөніндегі уәдесі қол жетпес мұнарға айнала бастайды. Бұл жағдай РСФСР құрамындағы автономиялық құрылым басшылары арасында орталықтың саясатына деген наразылықтың өсе түсуіне негіз болды. Т.Рысқұлов өткізген кеңес сол наразылықтың жиынтық көрі¬нісі болатын. Кеңес қабылдаған ұсыныс¬тарда орталық биліктің ұлт аймақтарымен қатынасын қатал сынға алған жолдар жеткілікті еді”, деп жазады Мәмбет мырза “Адасқан кім? Т.Рысқұлов па, жоқ әлде тоталитарлық жүйе ме?” деген мақала¬сында. Ал енді сол кеңестегі Тұрар Рысқұ¬ловтың қорытынды сөзіне қараңызшы: “Орталық мемлекеттік аппарат өздеріңізге мәлім мүдделерді қорғап әбден қалып¬тасып қалған. Енді оны сол қалыптасып қалған бағыттан басқа жаққа бұру жеңілге түспес. Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімдел¬меген. Керек десеңіз, оның жетекшілері қандай ұлттардың қайда тұратынын да білмейді. Онда жұмыс істейтін шенеу¬ніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлыдержавалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр. Қазіргі экономикалық саясатта елді индустрия¬ландыру мәселесі – ең негізгі мәселе. Міне, осы мәселеде де ұлттық аймақ¬тардың түпкілікті мүдделері мүлде есепке алынып отырған жоқ”.
Тарихшы түйіндегендей-ақ, Иосиф Сталин өзінің басты бағытын өткір сынға алған мұндай кеңеспен келісе алмас. Сондықтан көсем көпке бармай-ақ кәззаптық күрес ашты да жіберді. РСФСР-дың барлық автономиялық құрылымдарында “Рысқұлов кеңесінің” бағытын айыптаған жиналыстар өте бастады. Әрине, Қазақстанның астанасы Қызылордада қызу қарқынмен қамдасты¬рылды. 1926 жылғы 18 желтоқсанда өткен осындай жиында негізгі баяндаманы Ф.Голощекин жасайды. Қорытындысы да, қаулысы да белгілі. Кейін, он екі жылдан соң, репрессиялау кезінде “Рысқұлов кеңесіне” қатысқан қайраткерлердің бәрі қамалды. Айуандықпен азапталды. Атылды.
“Тоталитарлық жүйе Т.Рысқұлов пен оның пікірлес серіктерін кешірген жоқ... Тұрар мен оның серіктері тура жол таңдаған еді. Бұл – уақыт дәлелдеген ақиқат”, дейді Мәмбет Қойгелді.
1999 жылы Алматыдағы “Санат” баспасынан Мұхтар Қазыбек пен Ғаппар Маймақовтың “Құпия кеңестер” атты кітабы шықты. Бұл жинақтың да елді елең еткізгені мәлім. Авторлар онда Ресей Федерациясы мұрағатынан Мәмбет Қойгелді алғаш тауып оқыған “Т.Рыс¬құловтың Жеке кеңесінің” материалдарын жан-жақты талдап, саралайды. Құпия кеңестердің әрқайсысының өзгешеліктері, төртінші кеңестің неліктен құпия өткі¬зілгені, Тұрарға төнген қауіптің себептері, ұлттық теңсіздік пен шовинизмнің кесапатты көріністері, Тұрар Рысқұловтың тікелей өзі ұйымдастырған төтенше кеңес және онда көтерілген күретамырлы мәселелер, Тұрар өткізген Жеке кеңесті жоққа шығаруға тырысқан Голощекиннің қорқау-қарау әрекеттері, қазақтарды, әсі¬ресе, ұлттық басшы кадрларды бір-біріне айдап салып, өз қолдарымен өздерін құртқызуды басты бағыт етіп ұстанғаны, Рысқұловқа қарсы қанқұйлы күресі – бәр-бәрі нақтылы фактілер, хаттамалар мен өзге де құжаттар арқылы дәлелденеді. Аталмыш кітаптың жартысынан сәл ғана астамы пайымды, байыпты талдауларға арналса, қалған бөлігінде “Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті Төралқасы жанындағы Ұлттар бөлімі және РСФСР Халық комиссарлары кеңесі Төрағасының орынбасары Рысқұлов жолдастың инициативасы бойынша шақырылған ұлт өкілдерінің БОАК пен КСР Одағы Орталық атқару комитеті мүшелері және ұлттық шет аймақтардың басқа да өкілдерінің Жеке кеңесінің стенограм¬масы” толық түрде берілген.
Парасатты жандардың, адал ниетті, пейілі түзу адамдардың Рысқұлов феноменін түсініп, түйсінуіне арналған, оның ілімдерін, мұраттары мен мұраларын игеруіне көмектесетін кітаптар онша көп болмаса-дағы, біраз-біраз баршылық екенін айтып-ақ, келтіріп-ақ жатырмыз ғой. Солардың ішінде ізденімпаз ғалым, талантты тарихшы, тұрартанушы Ордалы Қоңыратбаевтың “Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі” атты кітабы ғылыми мәні, зерттеушілік зері, тарихи маңызы, танымдық мазмұны, құжаттық құндылықтары жағынан айрықшаланады. Ордалының орны бөлек осы еңбегінде талданғандай, тек 1920 жылғы мамыр айында ғана Тұрар тындырған тірліктерге назар аударыңызшы. 1920 жылғы  4 мамырда Өлкелік партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінде Т.Рысқұлов “Түркістанның қазіргі кезеңдегі жағдайы туралы” өзі даярлаған тезистерді жария¬лап, баяндама жасады. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, мәжіліс Ш.Элиаваның “бұл тезистердің ашық баспасөз бетінде жария болмауын қамтамасыз ету үшін оған “өте құпия” деген белгі қойып қабылдау керек” деген ұсынысы мақұл¬данды. Барлық даулы мәселелерді Мәскеуде, тікелей Лениннің алдында шешіп келу мақсатымен Түркістан республикасының өкілетті делегациясы тағайындалды. Түрікаткомның 5 мамыр¬дағы мәжілісінде Мәскеуде жүрген Түркістан республикасының өкілдері осы делегацияға есеп беріп, тіркеуден өтетіні туралы бұйрық шығарылды. Т.Рысқұлов бастаған делегация келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге аттанып кеткеннен кейін, оның бар мақсатын қаралауға арналған арыздар, хаттар астанаға қарай ағылды. П.Н.Лепешинский дегеннің хатында жағдайдың мейлінше шиеленіскені, Рысқұловтың әрекеттері, Түріккомиссия жұмысының қиындағаны айтыла келе: “Алдымен мұсылмандардың бағытының сипаты туралы екі ауыз сөз. Олардың ішіндегі саяси көсемдердің арасынан ең ақылдысы, болашағынан мол үміт күттіретіні және өте өсіп келе жатқаны – Рысқұлов”, деп жазылған. Лепешинский Тұрарды жергілікті буржуазия мен ұлтшылдардың ықпалындағы адам ретінде сипаттайды. 1920 жылғы 17 мамырда Мәскеуге Түркістан республикасының өкілетті делегациясын басқарып барған Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Н.Н.Крестинскийге өздерінің келгенін хабарлайды. Түріккомиссия мүшелерін қатыстыра отырып, делегация¬ның баяндамасын тыңдау және ұсынылған мәселелерді шешу үшін РК(б)П  Орталық комитетінің мәжілісін шұғыл түрде шақыруды талап етеді.
1920 жылғы 25 мамырда Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық комитеті мен В.И.Ле¬нинге “Түркістан республикасы жағдайы¬ның жоспары туралы” баяндамасын тапсырады. “Баяндамамен В.И.Ленин тікелей танысып шыққан, түпнұсқада қарындашпен салған белгілері бар”, дейді О.Қоңыратбаев. Тарихшы тоғыз беттен тұратын Тұрар баяндамасының барлық он тармағының таңғажайып мазмұнына талдау жасай отырып, мәтіндерін де толық келтірген. Рысқұловтың бүкіл болмыс-бітімі, мақсат-мұраты, түркі¬шілдігі, ұлтжандылығы, көрегендігі, батырлығы – бар-баршасы осынау батыл баяндамасынан білініп тұр.
“Т.Рысқұлов Түркістан республи¬касының шынайы саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы саяси күрескер болды. Республиканы түркі тілдес халық¬тардың “ұлттық мемлекеттігіне” айнал¬дыру мақсатын қойып, осы бағытта социалистік революция жариялаған “ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын” өмірге демократиялық жолмен енгізу үшін қажырлы күрес жүргізді. Республика егемендігі – саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарын қамтитын”, дейді Ордалы мырза.
“Тұрар Рысқұловтың Түрік республи¬касын құру идеясының дұрыстығын кеңестік Қазақстанның және кеңестік түркілердің кейінгі тағдыр-тарихы дәлелдеп берді. “Түркі тілдес түгел бол!” Бұл – аяулы арысымыз, бүкіл түркі тектес халқымыздың ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың ұраны, ұстанған бағыты. Мұраты, мияты. Сонымен бірге кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырған ұлы өсиеті”, деп жазады танымал тарихшы Талас Омарбеков. “Тұрар Рысқұлов ғұмыр бойы империялық идеологиямен, империялық әлімжеттілікпен, империялық қулық-сұмдықпен алысып өтті. Арыстанша арпалысты. Аз ғұмырының айқасқа шықпаған күні, тартысқа түспеген сәті жоқ десек те болғандай”, дейді әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы, публицист Әмірхан Меңдеке. Сол Әмірхан бір мақаласында өзінің Ташкент мұрағат¬шысы Миразиз Мирсабировпен сөйлес¬кенін жазады. “Білгенде қандай! – деген-ді Мирсабиров. – Әсіресе, мұндай қиянаттарды сіздердің Рысқұловтарыңыз жақсы білген. Тур ЦИК-ті басқарып тұрған кезінде Ресейдің отаршылдығын әшкере қылатын еңбектерді жариялаумен ден қоя айналысқан. Сол тұста біраз кітаптар да жарық көрген. Бұлардың ішіндегі ең құндысы, ең зоры – Григорий Сафаровтың Ташкенде 1922 жылы жарияланған “Түркістанның отарлануы” атты деректі кітабы. Отаршылдықтың жай-жапсарын ашып берген бұл еңбекті Г.Сафаровқа Рысқұлов жаздыртқан. Отаршылдық туралы өзімізден гөрі орыс зерттеушісінің сөйлегенін жөн көрген. Орыстың сөзі өтімді боларын білген. Кітап¬қа енген деректердің басым көпші¬лігін авторға Тұрар Рысқұлов берген”.
Тарихшы ғалым М.Қойгелдінің жазбаларына қайта оралсақ, ол кісі: “Кеңестік биліктің негізсіз ұстанымын алдымен Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қозғалысы¬ның жетекші тобы сынға алды. Бұл топтың сыны мазмұны жағынан кеңестік биліктегі Тұрар Рысқұлов пен Смағұл Садуақасов бастаған ұлттық элитаның, Еуропада эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайдың пікірімен бір жерден шығып жатты”, дейді. Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұловтың мәңгілік мұраттары бір арнадан табылғанын, екеуінің екі түрлі жағдайда жүріп, ұлт қамы, түркі тағдыры жолындағы мақсаттары бір болғанын талай жыл Түркияда білім алған тарихшы, Мұстафадан мәністі докторлық диссер¬тация қорғаған ғалым, жуырда ғана “Дарын” мемлекеттік сыйлығына ие болған Дархан Қыдырәли да өз еңбектерінде жан-жақты негіздеп, нақтылы дәлелдеп көрсетті. Қазақтың біртуар перзенті Нәзір Төреқұловты зерттеп жүрген зерделі ақын Сәрсенбек Сахабат та Тұрар мен Нәзір ой-пікірлерінің құнарлары қалайша қабысып, тілектерінің табысып жататынын жазып жүр. Тұрартанушы Молдияр Серікбаев сынды азаматқа баяғы Виктор Устинов¬тың өзі алғыс айтқан. Жүздеген журна¬листердің ұстазы, талапшыл тәлімгері Темірбек Қожакеев, тағы басқалар қалам тербеген.
“Сарыбала деген атты таңдауымның да себебі бар. 1925 жылы Қызылордаға барғанымда Тұрар Рысқұловтың жақ¬сылығын көп көрдім. Алғашқы жазған хабарларымды, болмашы өлең, фельето¬нымды осы кісі қарап, Бейімбетке жолдап отыратын. Тұрар мені Сарыбала деуші еді. Прототипіме ат іздегенде осы есім ойға түсті”, дейді тазалығынан танбаған сырбаз суреткеріңіз Ғабиден Мұстафин.
Тұрарды тарихи-деректілік тұрғыдан да, кәусар әлем – көркем әдебиетке тән келбеті жағынан да таныта білген, осы жолда ерлікпен еңбектенген, әрине, қазақ¬тың қайраткер қаламгері, халқы¬мыздың сүйікті жазушысы Шерхан Мұртаза екендігі аян. Шерағаңның “Қызыл жебе” роман-эпопеясының бірінші кітабы “Рысқұл” 1978 жылы, екінші кітабы “Тұрар” 1980 жылы, үшінші кітабы “Жұлдыз көпір” 1984 жылы, төртінші кітабы “Қыл көпір” 1991 жылы, бесінші кітабы “Тамұқ” 1994 жылы жарық көрді. Сыншы Сайлаубек Жұмабек өзінің “Жұлдызы нұрлы суреткер” атты монографиясында: “Қызыл жебе”, сөз жоқ, роман-эпопея! Суреткердің лирика¬лық-философиялық прозасы осы роман-эпопеяда барлық бітім-болмысымен мейлінше жарқырап көрінген демеске шараңыз жоқ. Қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың теңдессіз трагедияға толы өмір жолы әрқашан халық трагедиясымен бірлікте қарасты¬рылады. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының басынан кешкен зобалаңдары, аштық қырғыны, репрессия зардаптары талай-талай романдарға, роман-эпопеяларға жетіп-артылатыны белгілі... Сонымен, қырық жылға жуық шығармашылық бейнетінің нәтижесінде дүниеге “Қызыл жебе” роман-эпопеясы келді”, дейді.
КемеҢгер суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің “Қараш-Қараш оқи¬ғасындағы” әуез-әуенді қай¬таламай, Рысқұлдың әуелгі қасі¬ретін өзінше өрнектеген шебер прозашы Шерхан Мұртаза алғашқы екі кітапта әкелі-балалы қос мұңлықтың тағдырына оқырманды ортақтастыра тартып, баурап әкете барады. Үшінші кітап “Жұлдыз көпірде” автор тереңдігі мен Тұрар тереңдігі үйлесе, ұнаса, жараса кіріккен. Түрік республикасын құру идеясы да көрінісін тапқан. “Қыл көпірде” ұлттар мәселесіне байланысты мұраттары жан-жақты ашыла түседі. “Дегенмен, “Қыл көпір” романында ең басты назар Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған екі хатының әлеуметтік тарихына аудары¬лады”, дейді сыншы С.Жұмабек.
Бесінші кітап “Тамұқтың” тараула¬рына ой көзін жіберіп көріңізші. “Соңғы сәуле”, “Тұтқын”, “Тергеу”, “Ескендір”, “Өмірзая”, “Әзиза”, “Тұрар”, тағы да “Өмірзая”, тағы да “Тұрар”... “1937 жылдың мамыры мен 1938 жылдың ақпаны аралығында озбырлықтың, өктемдіктің қанды шеңгеліне түскен қазақ халқының ұлы  перзенті, біртуар тарихи тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, яғни тоталитарлық режимнің ноқтасына сыймаған ғажайып қайсар, ғажайып өр, ғажайып адал, ғажайып көреген күрескердің ғаламат тұлғасына шексіз сүйсінеміз! Шексіз тағзым етеміз! Шексіз аяймыз!” депті сыншы Сайлаубегіңіз.
Алайда, сүйсінбейтіндер де, түйсін¬бейтіндер де бар көрінеді. Бұрындары да, кейіндері де. Әлі де табылады екен. Ұлтсыздық, ұятсыздық, бақастық, көре¬алмаушылық, іштарлық, қараулық қал¬майды екен. Ешқашан да. Тіпті Тұрар¬ларды былай қойғанда, қатардағы абзал азаматтар хақында: “Пәленше жақсы ғой, лайсаңы кем жайсаң ғой”, дегеніңіздің өзін көтере алмай, тектіңіздің түбін тіміскілей бастайтын жымысқылар азаймайтын көрінеді.
Бәрібір, жоғарыдағы біз атаған, айт¬қан-жазғандарын аз-аздап қана келтірген, там-тұмдап қана тоқталған тарихшылар¬дың, публицистердің, сұңғыла суреткер¬леріміздің дүниелерін, Тұрар Рысқұ¬ловтың өз туындыларын байыптап байқап шыққанның өзінде Тұрартұғыр дейтұғын текті түсінік, ұлағатты ұғым пайда болады. Тұрартұғыр!
Тұрартұғыр. Ол – Рысқұлов феноменінің тау тұлғалы тұрпаты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы және оты¬зыншы жылдарында Тәңіртаудың шоғыр-шоғыр шыңдарындай асқақтап шыққан Алаштың ардақтылары аз емес-ті. Солардың бірі һәм бірегейі – Тұрартұғыр дейтұғын дара ұғым тудыратын Тұрар Рысқұлов. Тұрартұғыр – түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, қазағының қамын қайраткерлікпен қарастыра білген, ұлтын аштықтың алапатынан алып қалған, тоталитарлық тәртіп билігінің биіктерінде жүріп-ақ, қаскөй қызметтестерінің аңдуында отырып-ақ Алаш арнасындағы азаматтық парызын адал атқарған ардақтымыздың бейнесі. Тұтас таудың қымбат құзары. Тұрартұғыр – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесі. Тұрартұғыр – Тәуелсіздікті баянды етпек бағыттағы таланттар мен дарындардың бағдар етер биік мұнарасы.
Тұрартұғырыңызды ешкіміңіз де еңкейте алмақ емес. Тұрартұғыр төмен¬демейді. Тарих өз бағасын әлдеқашан беріп қойған.
Әрине, түрлі-түрлі тосқауылдар шыға берер. Пікірталастар бола берер. Бірқатар себептерін жаңа айттық қой. Тау тұрпатты тұлғаларымыздың ешқайсы¬сына да оңай болмағаны белгілі. Солардың ішінде Рысқұловқа өте-мөте ауыр болды. Оның қайшылықтары мен қателіктері кездеспеуі беймүмкінтұғын. Тоталитарлық билікте жүрген соң кейде айтқысы келмегенін айтуға, жазғысы келмегенін жазуға мәжбүрленді. Бірен-саран реттерде сөйтіп, сайып келгенде, бәрібір, Алаш арнасынан табылды. Әнебір алмағайыпта қателескенін айтып, кешірім сұрауға тиісті еді. Аждаһа-апаттың аузына түсіп кетпеу үшін. Орағытып өтіп, қазақтайын ұлтына, түркідейін жұртына, айналып келгенде, адал ниетті адамзатқа қызмет қылмақ үшін. Ондай кешірімді Ахмет Байтұр¬сынұлынан бастап, Мұхтар Әуезовке дейінгі талай тарландарымыз, Алаштың айтулы ардақтылары сұраған.
Түпкі мақсат үшін.
Түбегейлі тірлік үшін.
Түптің-түбінде келетін
Тәуелсіздік үшін.
Әңгімемізді әу баста асылдың тұяғындай, алтынның сынығындай Сәуле Тұрарқызынан бастағанымызда гәп бар. Жақында республикалық басылымда сол кісінің “Проспект Рыскулова” деген мақаласы шыққан. Алматыдағы Рыс¬құлов даңғылынан сыр шертіп бастаған Сәуле әпкеміздің негізгі айтпағын, көңіл-күйіндегі күйзелісін түсінесіз. Сәуле Тұрарқызы өкпе-ренішін жасыр¬майды. Алайда, қаншама қанқұйлы, қанқасап заманның зарарын тартып, азабын арқаласа да ақ адал пейілінен айнымаған, парасаттылығынан танбаған. Зиялы-зияттылар қанынан жаратыл¬ғандықтан ғой, ішкі мәдениеті, этика-эстетикасы таңғажайып биік, қазақтың діліне берік бекзат қызы бірқатар елеулі ескертпелер жасапты. Рысқұловтың өмірі мен қызметіне, Тұрардың өз тұлғасына және отбасы мүшелеріне байланысты баспасөзде орын алып жүрген ағаттықтар мен көпе-көрнеу бұрмалаушылықтарды атап-атап көрсетіпті. Интернеттегі бірер бұра тартушылықтарға тоқтала келіп, онда әлі күнге дейін Т.Рысқұлов 1943 жылғы 19 сәуірде “жүрек талмасынан” қайтыс болды делініп тұрғанына таңырқайды. Шын мәнінде ондай мәлімет әдейі, тау тұрпатты тұлғаны төмендетпек үшін, қитұрқылықпен құрастырылғаны белгілі. Тұрардың 1938 жылғы 10 ақпанда атылғаны әлдеқашан дәлелденген. “Интернеттегі мәліметтерді түзету керек!” дейді Сәуле Рысқұлова. Әпкеміз, сондай-ақ “Мой город другим не заменить” атты кітаптың авторы да Т.Рысқұловтың өмірбаяны мен тағдырына байланысты бұрмалауға жол бергеніне, “Аргументы и факты-Казахстан” басылымындағы С.Оспанова айтты деген ағаттықтарға, тағы басқа да дәлсіздіктер мен дәйексіздіктерге реніш білдіріп, шынтуайтында қалай екенін, анасының, ағасының, әпкелерінің қалай тұтқындалғанын, тағдырлары қалай болғанын, әкесі мен шешесінің қайтіп, қандай жағдайда қосылғанын, қалай ғұмыр кешкенін, Тұрар Рысқұловтың халық шаруашылығы салаларын дамы¬тудағы зор еңбегін, қайраткерлік қасиеттерін нақ-нақ баян етеді. Ештеңені де бұрмаламауды, ол үшін тарихи ең¬бектерді, қазір жол ашылған құжаттарды қарап, оқып-тоқуды, қателіктерді тездете түзетуді ұсынады.
Сәуле Тұрарқызына мың да бір алғыс! Тебіреніспен оқисыз мақаласын. Көңіл күйзелісін ұғынасыз. Баспасөзде де, басқа сөзде де, интернетте де бұр¬маланбасқа тиіс талай-талай нәрселердің мәдениетсіздікпен өзгертіліп, сауатсыз, қате жазылатындығына етіңіз үйрене бастағанына үрейленіп, селк ете қаласыз. Сәуле әпкеңізге сол үшін көп-көп рахмет дейсіз. Мінекиіңіз, мақаласының соңында тағы да: “Бозбала Тұрар жетімдіктің зардабын сезініп, өзгеше өткірлік, батылдық қасиеттерін ертерек шыңдады. Сондай шақтарында  ол өзінің жасын екі жылға үлкейткен”, деп жазыпты. Ренжімеңіз, Сәуле Тұрарқызы, сіз қайта-қайта жазды екен деп, әлсін-әлсін айтты екен деп, тездете түзей қоймас түземекке тиістілер. Дегенмен, есіл ердің Түркістан республикасын 28 жасында емес, 26 жасында басқарғанын, 44 жасында емес, 42 жасында жазықсыз атылғанын жүрегіне жазып қойғандар баршылық.
...1938 жылғы 8 ақпанда құрамында – төрағалық етуші армиялық әскери заңгер Ульрих, мүшелері – бригадалық әскери заңгер Зарянов, бірінші дәрежелі әскери заңгер Кандыбин және хаттама жүргізуші Костюшко бар – КСРО Жоғарғы сотының алқасы Рысқұловты ату жазасына кеседі. “Құпия” деген белгі соғылған анықтамада: “Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлын ату туралы үкім Мәскеуде 1938 жылғы 10 ақпанда орындалды. Үкімнің орындалғаны туралы акті КСРО НКВД-сі Айрықша архивінің бірінші арнаулы бөлімінде сақтаулы. Томның нөмірі-3. Беттің нөмірі-61”, деп жазылған. Құжаттың соңына НКВД бірінші арнаулы бөлімі 12-бөлімінің бастығы, мемқауіпсіздік лейтенанты Шевелев шиырып тұрып қол қойған.
Тұрартұғыр боп қалған Рысқұлов отыз сегіздің оныншы ақпанында атылған.
Осыдан дәл жетпіс жыл бұрын.


ҚАЗИЕВ ЖӘНЕ ҚАЗ ТІЛІ

немесе Қарауылбектің иманжапырағы


Қарауылбек Қазиевтің қаламгерлігі ғаламат-тұғын.
Қырық бес жасында қайтыс боп кетті.
Биыл жетпіс жасқа толатын еді.
Біз – Қазиев хақында, оның шығармалары турасында бұрын-соңды біршама жазыңқыраған жандардың біріміз. «Мәжнүнталдар күресі» деген дүниемізде қаламгер қазасының құпияларына ой жібермекке әрекеттенгенбіз. Өзі де, сөзі де кереметтей көркем, жауһар жазушының да жаулары болатынына назар жыққанбыз. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз сынды желкілдеген жасыл желектің өзіне аяй, аялай қарайтын адамдарға да іштарлықпен дұшпандық жасайтын, жүрегіне жара салатын, түптің түбінде құлатып түсіретін қатыбездердің, алмай тынбайтын аярлардың аз еместігін аңғартқанбыз.
Лирикалық прозадағы таңғажайып туындыларын былай қойғанда, журналистиканың өзіне үлпіл-лүпіл үнімен құнар дарытқан дарын, қайран Қарауылбек қылуетке түсер жасқа да жете алмады. Жеткізбеді.
Бақилық боп кеткеннен кейін он бес жыл өткенде, алпыс жасқа толуына арналған кеш ұйымдастырылды. Баяндама жасау бізге жүктелген. Біз баяндама орнына «Қарауылбек рухымен сырласу» атты толғаныс сөзімізді арнап едік. Ол дүниелер бірер басылымдарда, кейбір кітаптарда жарияланған. Қайталағымыз жоқ.
Тоқсан тоғызыншы жылдың мамырында, Шымкенттегі керемет кештен кейін бір апта өткенде, Жамбыл облысының Шу ауданындағы Кербұлақта Қазиев тойы жарасымды жалғасқан. Ауыл клубының алдында ән әуелеп, орта мектептің оқушылары шетінен сахнаға шығып, Қарауылбектің шығармаларын жатқа оқығанда, Алматыдан, Астанадан келген жақсылар мен жайсаңдар қайран қалған. Өлең емес, жыр емес, кәдуілгі прозадан, Қарауылбектің қара сөзінен алғашқы күні бесіннен бастап түн ортасына дейін, ертеңіне сәскеден бастап түс ауғанша небір үлпіл-лүпіл үзінділерді жатқа оқыды ғой! Кербұлақ мектебінің шәкірттері.

*   *   *

Айтпақшы, артта қалған ғасырыңыздың тоқсан бірінші жылындағы жазда мынадай жағдай болған. Маусым айы-тұғын. Қазақтың қырықшақты қаламгері Саха республикасындағы онкүндікке орай Лена-ана дариясының арғы жағында жүргенбіз. Біздегі маусымды Қарауылбек Қазиев «саумал шақ» деп жазатын. Сол саумал шағыңыз Саха елінде өзіміздің наурыз айын елестетер ысыах айы аталады. Ысыах мейрамы да біздің Наурыз мерекеміз секілді.
Неге екенін кім білсін-ай, кім білсін, қырықшақты қаламгердің бірталайы тү-ү-у тундраңыздың түбінде де марқұм Қарауылбек Қазиевті қайта-қайта еске алғанын қараңызшы. Сағи, Сабырхан (Асанов), Сәкен (Иманасов), Қалаубек, Зейноллоа (Серікқалиев), Ұлықбек, Қажығали, Рафаэль, Тұрсынай, Қайырбек – бәрі-бәрі ең кемі бір-бір мәрте болса-дағы, Қарекең хақында немесе оның шығармалары жайында толғанғаны жадымызда жаңғырар.
Төрт қаламгер әлгі Лена-ана дариясының оң қабағындағы әуежайдан ұшып шығып, үш-төрт сағат өткенде қиырдағы Нұрыбай (Нъюрбаа) ауданына қондық. Аққайыңдар аздап аласа тарта бастайтын аймақтағы жасыл шөптің жайнауы мен ара-арасындағы баданадай алтын сары гүлдердің ақ түндерден кейінгі күн шуағымен ойнауы, алақандары жалтырай қалтырайтын жапырақтардан жалт-жұлт етіп тамшылайтын таза шықтың мөлдіреуі тағы да Қазиевтің әңгімелері мен повестерін еріксіз еске түсірді.
Марха-қыз және Бұлүй-қатын өзендерінің қосылар тұсындағы ертегіні елестетер алаңқай-сазда ысыах мейрамы жалғасты. «Нұрыбай оттары» газеті редакторының орынбасары, белгілі ақын қыз Өндіреева Өкәтерина (сахалар тоқсаныншы жылдардан бастап өздерінің ұлттық аты-жөндеріне орала бастаған, ал ондай есім-ныспылары жоқтар Екатеринаны – Өкәтерина, Андрееваны – Өндіреева деп өзгертетінге көшкен екен) аққайыңмен қатар өскен қарағайдың діңін сипап, өлең оқып тұрғанда, сұқ саусағын тілдіріп, қаттырақ қанатып алды. Біз сасқалақтап, саздағы иманжапыраққа ұқсас дүниені жұлып апарып, қыз саусағына қайта-қайта жапсырдық. «Біздің қолымыз емес, Қарауылбектің қолы, ем дарыта гөр», деп күбірлейміз. Жыр оқымақ кезегі тиген Рафаэльдің бір көзі өлең жинағында, бір көзі қызда. Одан соң Тұрсынай сахаша ән шырқады. Саха қызының саусағы жарты сағатта жазыла бастады. Әлгі жапырақты сахалар «қаз тілі» дейді екен. Біз «Қазиевтің иманжапырағы» дейміз қайта-қайта түсіндіріп. Сол күні де көпке дейін, сонау Саха елінде Қарауылбек және оның шығармалары жайында ұзақ-ұзақ сыр шерткеніміз есімізде. Өндіреева кейінірек «Қаз тілі немесе Қазиевтің иманжапырағы» деген очерк жазыпты өз газетіне.

*   *   *

Қарауылбек Қазиев әңгімелері мен повестерінің әдебиет әлеміндегі орны, белгілі бір бойлықтар мен ендіктер бойынша бағаласаңыз, саз дүниесіндегі Шәмші Қалдаяқов әуендері секілді. «Лирикалық прозаның күні өтті» десетіндер аз емес. Жо-жоқ. Оралады оқырман. «Ақ бантикке». «Үркерге». «Иманжапыраққа». «Біз абитуриент едікке»... Шәмші әндерін сағынғаны сияқты. Бәрі болмаса-дағы, біраз бөлігі табысады кітаппен.
Осындай-осындай әңгімелер мен повестерді оқымаған қазақ – қазақ па?! Қазіргі оқырманыңыздың селқостау екені рас. Немқұрайдылау. Салқындау. Әзірше. Уақытша. Алайда, қайта оралатынына иланыңыз. Мінекиіңіз, кітапханашылар куә, «Ақ бантикті» сұраушылар көбейіпті. «Иманжапырақты» да, Қарекеңнің өзге өзгешелерін де.  Әнекиіңіз, жақында, мамыражай мамырдың басынан бастап, Қарауылбек Қазиевтің жетпіс жылдығы алдымен алтын құрсақты аймақ – Оңтүстік Қазақстанда, әсіресе, Шымкентте, одан соң, Таразда, ақшуақ суреткердің арман-шаһары                            – Алматыда, Жамбыл облысының Шу өңіріндегі Кербұлақта кеңінен аталып өтпек. Бауырларының бірі Оңланбек Жақсыбай мырзаның тынымсыз тірлігі, зияттылығы, зерделілігі мен көргенділігі арқасында Қарекеңдей қарымды қалам иесінің қазақ тілінде бір кітабы, орыс тілінде бір кітабы және жазушы-журналист жөніндегі естеліктерден құрастырылған жинақ жарық көрмек.
Мамыр айында жылы жақта иманжапырақ балалай бастайды.


ӘБЕКЕҢНІҢ ӘДІЛДІГІ


«Жаны адал, ары таза, елге, халыққа берілген адамға 1964 жылы жазда мәскеулік, империялық, шовинистік көлденең, ашық қиянат жасалды. Шындық, туралық, әділдік аяққа басылды», деп жазады ардагер Амантұр Мұсаев білікті басшы болған, қаламгерлік қарым танытқан Әбжапар Жылқышиев жөнінде.
«Әбекең секілді тұлғаларды өз дәуіріне сай танып-білсек, ең бастысы, шынайы адамгершілікпен, шынайы кәсібилікпен түсінуге тырыссақ, парасатқа бір табан жақындай түскен болар едік», деп жазыпты Мәскеудің әдеби мектебін көрген талантты прозашы Жәлел Кеттебек.
«Әбжапар ағамыз сол Сұлутөр іргесіндегі бір бұрым бұлақтың басында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен айырылған. 23 жасында соғысқа аттанған. Елге капитан шенімен оралған. Жамбыл облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болып басталған қызмет жолы Жоғары партия мектебі, Келес, Ленгір, Қызылқұм, Алғабас аудандарының басшылық қызметі, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болумен аяқталғаны мәлім», дейді өзінің мақаласында көрнекті суреткер Дүкенбай Досжан.
Қызылқұмда «қызық» болған. Жоғарыда  Амантұр ағамыз атап көрсеткендей, Мәскеудегі бір дөкейдің бірдеңесі боп келетін Бредихин дейтін директор білгенін істеген. Киелі жердің байлығын шашып, берекесін кетіре ішіп-жеп, текті жұрттың төбесін тесердей тайраңдаған шіркінге Шәуілдірде ешкім қайран жасай алмаған. Ауданды басқаруға барған Әбекең – Әбжапар Жылқышиев біраз-біраз байқап-білген соң тістеніп тұрып,  Бауыржан батырдың сөзін айтыпты. Бауыржан Момышұлы: «Если велика Россия, велик русский народ, это не значит, что велик всякий русский», деген ғой кезінде. Өкінішке қарай, кейбіреулер ұлы халықтың атына кір келтіретін. Әлбетте, азғындар мен тозғындар әр ұлтта да бар ғой. Сондай сорақылардың бірі Бредихинді бюроға салып, қатаң сөгіспен қызметінен босатқан Әбекеңтұғын. Жасаған қылмысы үшін  одан әрі жазаға тартылған кеңшар директорын Мәскеудегі көкелері қызғыштай қорғап, керісінше әділ басшы атанған Әбекеңе жала жапқан. «Правда» газетінде әдейілеп мақала ұйымдастырып, өкілдер жіберіп, жабыла таламаққа тырысқан. Ақырында орнынан алып тынған. Кезінде Мұхтар Әуезовке атқосшы болған Мұсаев одан әрі бүй дейді: «Тоқпақтың күшті болғаны сондай, Мәскеудің айтқанын істеуге тура келді. Қызылқұм аудандық партия комитетінің «төтенше» пленумы «жеңілген» Әбекеңнің жеңісін паш еткен пленум болды. Пленум жоғарғы органның шешімін жоққа шығара жаздады. Әлі есімде, Әбекең үш рет мінбеге көтеріліп, жұртты өзі басып, бәрін өзі жайғастырды. Мінбеге төртінші рет барып, бір ауыз сөзбен елмен қоштасқанда, бүкіл зал тікесінен-тік тұрып, он минөт бойына қол соғып, Әбекеңнің құрметіне ұран, жар салып тұрып алды».
Әбжапар Жылқышиев жайында кім-кімнен де: «Әділ болып өткен адам», «Тазалығы ғажайып еді», «Дәл сондай адал да әділ басшылар бұрын да сирек еді, қазір де көп емес», дегендейін пікірлерді естисіз.
Бұл адам шынында да қалтқысыз шындықты айтатын. Айта білетін. Төрт-бес ауданды тікелей басқарғанда да, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы болғанда да басты принциптерінен, негізгі нәт-ниетінен ауытқып көрмеген. Комсомол қызметінде жүргеннің өзінде, өзінің туған жерінде бәле баққан бақастардың, көкөрім жас өскіннің келешегін кесіп тастамақ болған кесепаттардың кесірін бастан кешкен. Әділ сөйлейтіні үшін, адал адамдарды, қарапайым еңбек иелерін тайсалмай қорғайтыны үшін «халық жауы» болып айдалып кете жаздаған. Сондай күндерде кенеттен соғысқа алынуы ғана құтқарып қалған.
Әбекең бұрынырақта  басқарған бір ауданда ең түкпірдегі ауыл ақсақалы сол Жылқышиевті еске ала күрсініп: «Ол кісі дәу кісі еді ғой», деді. Сәлден соң: «Балдар-ей, мен ол кісінің дене бітімін ғана емес, адам ретіндегі ірілік қасиеттерін айтам», деді.
Ал енді қаламгерлігіне келейік. Әбжапар Жылқышиев: «Мен майданнан капитан шенімен оралдым. Әдебиетте де капитан шенімен қалсам, маған сол жетеді», деуші еді. Білген, түсінген, бағалап, ұғынған адамға осы сөздің өзінде парасатты пайым ізеті мен ішкі мәдениет ізгілігі тұнып тұрыпты.
Әбекең әдебиет ауылына кешірек келген. Егде тарта бастаған шағында қалам тербеген. 1974 жылы тұңғыш кітабы «Айтолқын» жарық көрді. Оқырман жылы қабылдады. Екінші кітабы «Мешін жылы» көп кешікпеген. Қызу пікір тудырған. «Ойбай, анау басшыны жазыпты. Прототипі Пәленше Түгеншеев екен. Екеуі араздасып қапты», десті. «Жылқышиев жеңіпті, әдебиетте де әділ ғой», десті. «Балжанның тағдыры» кітабы, «Бастау» және «Топалаң» повестері Әбекең жазушылығын біржолата мойындатты. Жасандылығы жоқ характерлер, иланымды мінездер мойындатпай қоймас.
«Дауылдан кейінгі жорық» романы әу бастан-ақ деректі дүниелер оңтайына келетін қаламгердің тарихи туындылар жазуға іштей әзірлігі молдығын, ондай-ондай оқиғаларды жан-жақты білетіндігін, жинақтаған және жадына түйген материалдарының көл-көсір екендігін аңғартты. Бұл туындыда Сыпатай, Сұраншы, Жауғаш, Мұсабек батырлардың, Байзақ, Қанай, Сапақ датқалардың, Құдайберді сияқты билердің, қоқандық билеуші Әлімқұлдай әпербақандардың бейнелері бедерленген. Тек бірыңғай батырлар мен билеушілердің іс-әрекеттері, атыс-шабыстары, айтыс-тартыстары ғана емес, сол кездегі дәуір діті мен халық даты да, қаншама қилы кезеңдерден ұлтымызды ұлт күйінде аман алып өткен, есен сақтап келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің алтын арқаулы арналары да байыпты баян етіледі.
Бүгінде Оңтүстік өңірі ірі-ірі аудандарды біліктілікпен басқарған, кезінде әжептеуір әділдіктің орны, шынайылық пен мінәйіліктің мекемесі саналатын облыстық партия комиссиясының әділ төрағасы атанған, жазушылыққа бертініректе бет бұрса-дағы, бірталай байыпты, байсалды, құнарлы дүниелер беріп үлгерген, жарияланбаған бірқанша жазбалары жатқан Әбекеңнің – Әбжапар Жылқышиевтің аруағына арнап еске алу кештерін, оқырмандар конференцияларын, кітап  көрмелерін өткізу үстінде.
Тірі жүргенде Сұлутөрдің сырбаз перзенті, капитан көкеміз Жылқышиев торқалы тоқсанының төрінде жылы ғана жымиып отырар еді. Әбекеңнің әділдігі хақындағы сөз бүгінгіден де көбірек айтылар еді.


ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ... ӘДЕМІ


“Егемен Қазақстанның” 2008 жылғы 4 маусымдағы нөмірінде Әбіш Кекілбайұлының “Әдебиет әзелгі мұратынан жаңылмақ емес” де¬ген толғанысы жарияланған еді. Өзімізге өз¬геше әсер еткенін айтпай қала алмаспыз. Ора¬лып қайта, тәптіштеп тағы оқи береміз. Орталығыңыз бен облысыңыз бар, ауыл мен ау¬даныңыз бар – қалам ұстағандардың бір¬талайынан сұрап та қоямыз. Оқығандар жоқ емес. Сіздің тілшіңізге прозашы, публицист Сай¬лаубай Жұбатырұлының “Оқығанда қан¬дай...” дегендегі дауысының түсі қатты ұна¬ған. Сай¬лаубай – “Алыстағы аралдар”, “Жа¬сыл са¬ғым”, т.б. кітаптары, “Абыржы” три¬логиясы, көп¬теген киносценарийлері ар¬қылы оқыр¬ман¬дар мен көрермендерге етене та¬ныс жазушы. 1948 жылы Арал ауданының Бө¬ген ауылында туған. Қазір Қызылорда қа¬ласында тұрады.
Сонымен, стилі бөлектеу, ой-толғағы еректеу жазбагер, “Парасат” орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбатымызға зер салғайсыз.
– Әбіш Кекілбайұлының қай мақаласына, қандай толғанысына, сөйлеген сөзі мен жасаған баяндамасына болсын, қалайда елең ете қаласыз. Терең-терең тебіреніске түсесіз. Ал “Егемендегі” сол бір дүниесінде Әбіш аға¬мыз әдеттегісінен бетер өткір мәселелерді мәністеген ғой. Шынымызды айтсақ, қазақ бас¬пасөзі іліп ала жөнелер, ақын-жазу¬шы¬ларыңыз бен сыншыларыңыз, зерттеуші әдебиетшілеріңіз, тағысын-тағыларыңыз біраз-біраз пікір көгендеп, ой қоздатар деген едік. Олай бола қоймады. Тек бір газет қана жалқы мәрте үн қатты. Сіз Қызылордада отырып: “Оқығанда қандай...” дегенде, қуанып-ақ қал¬дық. Қараңызшы. “Ең бастысы, тек шы¬ғар¬машылық еңбегіміз ғана емес, бүкіл дү¬ние¬та¬нымымызды шырмауықтай шырмап алған шыр¬ғалаң дағдарысты жалтармай мойындап, жан-жақты талдай білмегіміз міндет”, – дейді Әбекең. Одан әрі ол кісі автордың, кейіпкердің және оқырманның үшеуі бірдей тығырықтан шығып үлгере алмай жатқандығына ерекше екпін түсіреді. Қоғамдық тәнді меңдеткен дерттің әдебиетті де меңдетпей тұрмайтын¬ды¬ғын баса атап көрсетеді. Осы тұрғыдан қа¬ра¬ған¬да, әдебиет мұраты хақында не айтар едіңіз?
– Әдебиет мұраты дегенде, болмыстағы адам және қоғам өмірінің шырқау оңы мен шетін терістігі арасындағы алып кеңістік, сол нысандармен ғана мән-мазмұн табатын уақыт феномені – алпыс екі тамыры соғып, он екі мүшесі бедерленіп, көз алдыңа келер еді. Со¬лай: әдебиет, әдебиет мәуесі шығарма – алтын заман болсын, қасаң ғасыр болсын – бірден-бір жан зәмзәмі; “ақыл-ойың мен ар-ұжданыңның, жадың мен ар-намысыңның” адал сенімді серісі; адамгершілік пен өмір тал¬пыныс жолдарында талай қысаң өтке¬лек¬терден жазбай өткеріп келе жатқан рухани лоцман. Осы, енді, құшаққа сый¬майтынды қамту тыраштығы емес, әлімсақтан Құдай әдебиетке берген ізгі миссия ауқымы. Бұл – тарихи аксиома.
Осы биік миссияның қай заманда да сыны жеңіл болмаған. Қисын бойынша, шын абырой жемістері жеңілден теріліп, оңай жолда шашылып жатпақ емес. Біздің уақыт – соның бір нақты кезеңі.
Әдебиеттің теңіз әлемін зерделеу де, әлгі айт¬пақшы, “тыраштықты” қажет етеді. “Кү¬бісіне сай піспек” – қажеттілік... Үлкен өмір-дарияның қапталында қатар ағып жатқан “өмір-дария” – Әдебиет. Екеуі бір-бірінен нәр алады, бірін-бірі толымды етеді.
Бүгін, аңсаулы, бірақ анық күтілмеген, әлгі, кең шалғай, көп кіндікті ақиқат бізбен қойын-қолтық тұр. Қызық уақыт! Берік ділді сынтастай шыңдаған, әлсіз тұғырды шай¬қақ¬қа салған бір мезгіл; төрт жақ – төрт құбыла да, төрт аран да көрінген бір жағдай... Жалғыз әде¬биеттің ғана сыны емес. Әдебиетке сын. Шы¬ғармашылық адамына (жалпы, ойлы жанға) қиын кезең; қызық кезең. Тағдыр тартқан құбылыстар дегенің жыртылып-айырылады.
Дегенмен, кешегі “ақ” пен “қарадан” ғана тұратын уақыт пен шындық майданының мін¬деті рахат екен ғой!.. Жаман мен жақсыны жаза баспай, саяси кәмелеттікте айта беруге бо¬латын еді... Енді, “сыншыл реализм”, “соц¬реализм” делінетін таптаурын-кепілді сүр¬дегінен көз жазып қалған бүгінгі әдебиет, өнер, әсіресе, іргелі жанрлар бізде біраздан аб¬дыраулы күй кешулі. Келеге келу алабы тым ұзаққа созылған сыңайлы. Кім білген...
Бәрі демократия мектебінің өмірлік дәрістерін ала білуде болар? (“Адамзат демократиядан артық ізгі қоғам жолын әлі ойлап таба қойған жоқ”). Демократия толғағы қандай? Соны қинала бастан кешіп, қағанағы қақырай туып жатқан қауымдар тыныштық дегеннің қадірін білмейтін жұрт па, түге?! Қалай дегенде де, әлем дәуірлер тоғысында ыңырана толғатып жатыр. Оған сырттан қа¬рап тұру, айналып өту мүмкін емес... Ка¬тар¬сис – адам (қоғам) болмысының, жанының, се¬зімінің ауыр ұғыну өткелектерінен өтіп, рухани жаңғыру, түлеу, тіпті, қайта туу тол¬ға¬ғы. Опыныс та, зая өмір мұңы да, “жы¬нынан айырылу” да, тәубе де, үміт те, жаңаға пас¬сионарлық әлеует жинау да осында. Осы¬ның бейбіт майданы, қайнап пісетін киелі тайқазаны, отпен шарпымайтын мартен пеші – шыншыл, тебіреністі Кітап.
Барқыт өткелек – “төңкерістерден” не пайда, замандас, біраз сәтте бүгін, азаматтық бұлғаққа ұрынғаннан бетер рухсыздық танытып тұр.
Қоғам дамуының бірнеше ерек саты¬ла¬рынан өткен, біздей қауым әлемде некен-саяқ болар. Ендеше, сондай ғұмырбаяннан біз алып шыққан, алтыннан ардақты тәжірибе қазынамыз болуға тиіс еді. Елден ерек тарихи ғұмыр-тағдырдан алған, жиған қымбат сабағымыздың бізге жаңа тарихымызда үндесіп, кәдемізге жарап, бергені нешік?.. Бұл тұрғыда үніміз неге шықпайды? Ал, тарих...
Жергілікті жадыдан аруақтанған, бір рудың деңгейіндегі ғана батыр-бағландарды айтпағанда (олардың еңбегі аз еді деуге болмайды), әлі шын қасиеті ашылмай жатқан тұлғалар мен тарих тұрақтары қаншама! Де¬регі аңызда ғана байырқаланған, ресми ілімде әлі ескеріле қоймаған Асан Қайғы, Қарға бойлы Қазтуған тұстасы – Ормамбет (осы тұс¬тан Шерғұтты есімі де шаң береді) бейіті деп саналатын кішкентай Бөген ауылы ма¬ңындағы бір ғана шоқат бауырына не бүгіп жа¬тыр? “Он-сан ноғайдың бүлген” жері осы бол¬са ше?! Сол маңдағы Қамбар, Абат, Қарабура белгілері не сыр айтады? “Күндердің күні болғанда, ат тұяғындай жерден мың жан¬ның рухы көтеріледі” дейді көне сөз. Бір сөзбен, тереңдігімен қызықтыратын да, қорқытатын да теңіз жағасында тұрғандай сезім өшпейді. Ол өзіне шығармашылық қайығын салған қай уа¬қыт, қай қоғамның да ой адамына оң жел соқ¬тырып, мол ырыздық беруден танған емес. Бірақ біз¬дің қоғамдағы рухани авитаминоздың бетін сондай нәпақа қайтара ала ма? Қасиетіңнен айналайын тарих, соның кең, тіпті, кешірімді кеудесіне арқа сүйеген тарихи жанр – біздің асыл қазынамыз, мақтанышымыз. Әйтсе де, бү¬гінгі мың-сан сұраулы уақыттағы сарабдал сө¬зі¬міздің, әдебиетіміздің, рухани ахуал-дең¬ге¬йі¬міз¬дің терезесін теңгеріп көрсететін ол емес. “Әр базар – өз тұсында...” Міне, бірсыдырғы то¬лым¬ды шаруалар бедеріндегі жанрлар кібіртігі, әл¬де¬бір, шөл мен шөліркеу сезімінің көзі осында.
– Тәкен Әлімқұловтай ағаларымыздың шығармаларына арқау-арна болып тартылып жатар “Ерке болмыстың тәуелсіздігі” туралы кезінде кеңірек жазып, ой қозғаған болып ек. Әбекең басымырақ маңыз берген автор мә¬селесінде бүгінгі қаламгерлерде осынау ұғымға орай ойсырап жатқан олқылықтар басымырақ па, қалай өзі?
– “Қазақ байыса...” осы күні және үй сал¬ғыш болып алды (Бабалар даналығы – қа¬тып қалған қақпыш догма емес; шығармашылық із¬д¬еніске тұғыр; бәрі дұрыс!). Сондай үйсейіс бір шебер айтатын: “Табан топырағын бекемдемей, жөндемей, саздауыт, сорғақ, сырғақ тыңға үй салушы болма; егер сөйттің екен, көтергеніңді ал¬тынмен аптап, күміспен күптесең де, Жа¬рат¬қанның бір оң көзі түспесе, еңбегің еш, тұзың сор боларға кәдік...” Шебердің айтатыны, кәдімгі, іргетас мәселесі.
Біз үшін қазір ұлттық сана, патриотизм ділгір. Қай уақытта да, қай қоғамда да ділгерлік кілті адам жанынан, адам әлемінен ізделген. Еңсесі биік шаңырақтың ең сенімді тірегі – толымды адам. Мүліктен бай, бірақ рухы кедей қоғам – қамсыздықпен қасиет күшін ұрлатып алған қауым. Биік, алтын ғимараттың берік іргетасы – халық. Беріктік көзі – сенім мен үміт. Жазушының әлеуметтік тапсырыс, саяси қақпай дегеннен ада, ой-сезім, қуаныш-қай¬ғы¬сынан туған шынайы туындысы, осы бекем ір¬гетас үшін жұмыс істейтін, тұғыр бекемдейтін са¬на-сезім әлеуеті. ХХ ғасырдың бетбұрысты ба¬сында Раушан-коммунист, Мырқымбайлар осылай “жұмыс істеді”. Мына ғасырда да дария-құ¬былыстар үстіндегі шөл сияқты дағдару, кө¬біне, осы міндетті сезінуден туындап жатқан бо¬лар. Отан абыройы, ел мүддесі, қазақ сөзі және осының бәрін сыйғызған ғарыштай адам жаны, адам¬зат үні Жазушы деген атты сәнқойдың иы¬ғындағы шері терісіндей сүйреткен науқаншыл-ұран¬шыл біреу (сүйкеусөзші-графоман) болмаса, шын шебердің әрдайым жүрегінде, санасында, материалданғанда – сөзі, қаламы, өнерінде. Шынайы шығармада жіті көз, сергек көңіл, сезімтал жүрекке, яғни, көңіл көзін боқ дүние мен прагматизм шелі баспаған түйсікті адамға осының бәрі бар. “Өнер екі жардың – жеңіл ойлылық пен көгілдір насихаттың арасынан жол тауып, құламай өтуге тиіс... Суреткер еркіндігі, жа묬пы, адамға тән еркіндік тәрізді тыныш¬тықтан әлдеқайда алыс тұр...”, деген Альбер Камю осыдан жарты ғасыр бұрын. Тәкен туындыларының арқау-арнасы да осыған саяды.
Сондай атты дегдар көңілді түсініп, құшақ ашатын қауым бар ма, енді?..
– Сәке, қалай ойлайсыз, бүгінгі әдебиет бүгінгі қоғамды жаңғырта ала ма өзі?
– Бір жерден көзіме түскен, Лу Шұң деген қытай жазушысының мынадай жазғандары бар екен: “Мен төңкеріс алдында құл едім, төң¬-керістен кейін көп өтпей, құлдардың құлына ай¬нал¬дым. Батырлардың зығырданы қайнаса, қы¬лы¬шын өзінен күштілерге суырады; қоян¬жү¬ректер ашуланса, қылышын өзінен әлсіздерге суы¬рады. Ем қонбайтын біздің ұлттың ішінде кө¬зін балаларға ғана алартатын бір қауым қа¬һар¬мандар да бар. Әттең, осы әлжуаз қоқымдар-ай! Меніңше, бодандықтан құтылды дескен Қытай деген осы ел көптен бері жоқ сияқты сезіледі. Меніңше, бірқыдыру құрбандардың қаны аяқасты етілді, бірақ бұл қасақана емес. Меніңше, барлығын жаңа бастан бастау керек...”
Қоғам әдебиетті қамшылай ма, әлде, әдебиет қоғамды жаңғырта ма? Меніңше, мұныңыз – ажыратып айтуға келмейтін біртұтас құбылыс. Өткен тарихтарда руханият пен қоғамның опалы үйлесімі аз болмаған. Мысалы, ХІХ жүзжылдық Ресей әдебиетінің алтын ғасыры аталды. Осы ғасыр Ресей жұртының рухын асқақтатты. Биік мерей ХХ ғасырдағы елдің биік мәртебесіне әсер етті, тіпті, әлем алдында солай болуға міндеттеп берді. Бүгінгі сұрапыл қарулы, атом, ғарыш дәргейлі Ресей әлеуетінен сол рухани гүлденудің өзіндік таңбасын байқауға болар еді... Тарих демекші, өткен ғасырда да көршіміз сол бір серпініп шыққан рухани орбитадан төмендеген жоқ. Кітап емес, өнер туындысы – “Ком¬му¬нист”, “Бәрі де адамдарға қалады” сияқты ке¬ремет кинолар есте болар?..
Ал енді, біздің сондай атты әлеуетіміз кем бе? Үніміз қайда?
Менің бір зияткер, шығармашы танысым бұрынырақта: “Ей, Махамбет, сен сөйлесең – отты сөз, мен айтайын десем – уголовщина; ей ұлы шайырлар, сендер ойнасаңдар – лирика, мен сөйтейін десем – аморалщина; ей, ұлы Абай, сен қазаққа айтсаң – хакім жанашырлық, мен солай дейін десем – көпке топырақ шашқан көрбілте әдепсіздік, енді қайттім?!” деп таусылар еді.
Стандарттарды бұзу керек; әсіресе, мидағы қылбұраудан құтылып шығу азабынан өту керек. Әбіш ағамыз да аталмыш толғанысында осыны көздей көксейді емес пе? Мидағы тездің екі жағы бар: бірі – тек руханият қана емес, бүкіл адами болмысымызды қор қылған, енді ділі¬міз¬ден көшу орнына, жаңа әлпетпен дендеп бара жат¬қан құлдық, ләппайлық сана; екінші – (сол қа¬сіреттен шығады) барымызды орыстық, батыс-шы¬ғыстық стандарттармен өлшеп, сол жақ¬тауларға сыйғыза алмай әлектенген “кішіктік”. Осы “кепілді көген іздеушілік” руханият бе¬дерінде тым рабайсыз көрінер еді...
Азат қазақ өз сөзін жалтақсыз айтуы керек (Азат ой, шын талант ережелерді жоққа шығара отырып, өз ережесін жасап шығады). Жазушы өз көкейінде піскенді, тек бір Жаратушыдан ме¬дет тілеп, демек, ақиқат, махаббат, әдеп, тал¬ғам деген киелердің өзі діттеген межесінде, айызы қа¬на жазуы керек. “Мен сондай құбылыспын, мен солай айтуға тиіспін, мен солай айттым!” деген үлкен көңіл болмаса, енді жалтақ көңілмен жазбай-ақ қойған да дұрыс-ау!.. Әр туын¬ды¬мызды ерек топырағымызда туған өзіндік бір әлем деп қарасақ... Не тудырғанына әдебиет се¬йіс¬тері бас қатырсын; қажет еткендер өздері та¬нып, түстеп, стандарттап-ақ алсын!.. Қазақ то¬пы¬рағында кеңестік, посткеңестік шайқақтан соң жаңа бір ағым-таным туып жатса, Құдай оны бізге көп көрмес. Шығармашылық кө¬кірек керек бізге. Италия – неореализм, Фран¬ция – экзистенциализм (негізі – Дос¬тоевский), жалпы батыс-шығыс модернизм, пост¬модернизм және т.б. “измдер” тауып бе¬руге, таңып беруге міндетті де, тиісті де емес. Әдеби, шығармашылық құбылыстар мен үр¬дістерді сараптау – терең ілім шаруасы (Мұның проблемасы – бөлек әңгіме). “Ма¬ған ұнамады, демек, жаман”, деген бағамнан өт¬кен тайыздық болмас. Стандарт-жақ¬тау¬ларда тыпырлағандар солай жүре тұрсын.
Бізде “измдерден” хабары жоқ, дін-аман Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз деген кере¬мет¬тер болған... Осы қатарға еш күлбілтесіз, пілте мылтығын тұтатқан Шақан (М.Мағауин, “Шақан-шері”), сананың шырғалаңдарында шарқ ұрған Тұлға (Т.Әбдіков, “Парасат май¬даны”) әлемін қоссақ, ойымыздың бас-аяғы қи¬сынмен түгенделеді. Ал адами деңгей, мә¬дениет тұрғысында зерделесек: бір ғана жақсы ту¬ындысы үшін, батпағы езілген түнгі “бан¬дитский” Петербургті жаяу кесіп барып, жас Герценді құшағына алған Белинский, Золяны та묬май хан көтерген Сезанн, Набоковтың “Ло¬литасын” “Бұл керемет!” деген бір ауыз сөзі¬мен пу¬ритандық күстана табанынан аман алып қал¬ған Грэм Грин тектілігіндей өнегені сіңіру керек.
Адами әлпетті сын туралы сосын айтуға болады.
– Кәсіби әдебиет пен ермекі жазармандық (Ә.Кекілбайұлы) арасын ажырата алмаушылық та қоғамның кеселіне айналып бара жатқан жоқ па?
– Иә, біз, қазақ, айтулы халықпыз. Ба¬ры¬мызды басымдықпен айтатын болдық (Жақсы сөз – жарым ырыс). Ал енді, өлмеу шарты – ауруымызды да жасырмай айтсақ ше?.. Біз стандартшыл жұртпыз (Соқырлық, әм кемшін мәдениет синонимі). Сыр¬ты¬мыз¬дан жарқын ұрандатып, ішіміздегі мүкті пси¬хологиядан өлгенде айырылғымыз келмейтіні тағы бар (Өйткені, ескі жол – оңай, кепілді, сенімді. Кеңестен тұралап шыққан жұртымыз да осыған сондай бейім). Жершілдік, іштар¬лық, бюрократтық, немқұрайдылық, қарау¬лық, көкіректік, ағайын жеңісіне қуана алмау¬шы¬лық, өсетінді еңседен басып, озатынды аяқтан шалу, көре тұра – көрсоқырлық, біле тұра – меңіреу менмендік, қолға тиген сәл билік, мінбер мүмкіндігінде өзінен өресі де, ары да биікті айызы қана тұқыртып бағу, өз деңгейінен көріп қанағат алу – бұл күңгірт тізімнің шеті-шегі ұзақ.
Осы сырқаттан – өкінішті-ақ! – әдебиет, өнер, рухани дүниеміз де таза емес. Ин¬тел¬ли¬гент дегеннің бюрократтығынан өткен жыл¬бысқы сүйкімсіздік болмас. Өркенімізді өсір¬мейтін, жүзден жүйрік, мыңнан тұл¬пардың жолын кесетін, түптеп келгенде, ха¬лық игілігі, ел мәртебесі тамырын қи ара¬сында жатып қиятын солар. Бірақ олар бұлай деп ойламайды, уәждері бет бақтырмастай. Өмір – күрес дегенмен, басым күш солар жақта... Андре Жидтің бір сөзі бар: “Өнер қыспақта өмір сүріп, еркіндікте өледі”. Міне, осы дегдарлықты әлде де қинай түсетін, түбі, бәлкім, өлтіріп тынатын біраз факторлар солардың қолында.
– Ақын-жазушыларды, өнер адамдарын ауыл жаққа, елге шақырушылық, олардың өздерінің де облыстарға, аудан-ауылдарға араласуы, тіпті қоныс аударуы болып тұратын үдеріс қой. Өзіңіз де астаналарды, орталықтарды көріп-білуден кенде емессіз. Алайда, қазір алыс облыста, елдесіз. Осы орайда айтар ойларыңыз қап кеткен жоқ па?
– Елбасымыз да қаламгерлерді елге ша¬қы¬рады. Аса сабақты мәселе. Жер шұрайын, жағажай жұмсағын таңдаған осы күнгі “коттедждер қозғалысы” емес; өмірдің (әсіресе, бүгінгі шындық) перипетияларын кабинет терезесінен зерделеуден жоғарырақ, халыққа барсам деген ниетпен шалғайға ұзаған әріптестер бар. Бұл талаптың жолы тым ауыр. Бір проблема: қаламгер көрсе, еш¬к¬ікөзденетін кей жергілікті шенеунік, со¬лардың ауанымен жел баққан әлгі бюр¬о¬кра¬тиялық салғырттық. Басқасын қайдам, бұл бір Жаратқаннан басқаға бағы¬нышты да, жа¬лынышты да болмасам деген азат суреткер жо¬лын тосқан “батыраш” көңіл. Екінші: шы¬ғармашылық ортадан шығарма бейнетін ке¬шіп ұзаған әріптесті Жазушылар одағы сияқ¬ты Құдай жазған бірден-бір мекемеміздің көзден де, көңілден де алыстатуы. Қазір осы одақ біздің не өлімізді, не тірімізді білмейді. Алыста болғасын, оның ноқтасын үнемі тартқылап отыратын мүмкіндік бізде де жоқ, “пара бергенше, бара беру” қолдан келе бер¬мейді. Үнсіз адам – жоқ проблема. Қарап оты¬р¬саң, қазақтың кең даласы өлі де, бар тір¬шілік астаналарда қалған сияқты: пейіл, мара¬пат, мадақ, алапа – “көркем жігіт, сұлу қыз, бәрі” сонда... Бұған, тағы да, стандарт-стерео¬тип¬терге аса тәуелді “тәуелсіз” меценаттар тірлігін қосыңыз... Шен-шекпен дәметсең, астаналарды сағала деген бұралқы сөз бар...
Күлетін жағдай емес пе, талант құны, шы¬ғар¬машылық мәнділік астаналар про¬пис¬ка¬сымен анықталатын сыңайлы. Газеттеріміз де сол пейілде... Осыны басқа емес, шы¬ғармашылық тұлғалардан көру – жігеріңді құм етеді. Оу, біз ағайынға Сөз арнаған ізгі ой¬д¬ың еңбеккері емес пе едік?! Қатпары қалың мәселе...
Махамбетті, Абайды тудырған Дала кие¬сінен қорқу керек! Біраз азаматтың етегін жауып, өміріне рухани нәпақа беріп, ұзатқан да сол Дала. “Өзі болған қыз төркінін танымас...” Сондай кие қазір сабырлы шетіндікте, ойлы тағатта, тыншығып жатыр.
Ендеше, жаны шөліркеулі жұрттың тілегі, ақжолтай үміті ғұмырлы бола тұрсын!
– Әңгімеңізге бек рахмет, Сәке.
* * *
Мінекиіңіз, сұхбатымыздың сыр-сипаты негізінен осы тұрпатта өрбіген. Сайлаубай бауырымыздың ащылау айтыңқыраған тұстары бар, әрине. Бірақ аса артық кетті деу¬-ге келмес. Шырқыраған жан-жүрек шырылы, шынайы шығармашыға, хас талантқа тән терең тебіреністі талдау – аз олжа емес-ау. Жоғарыда аталған толғанысында Әбіш ағамыз да қоғамдағы кесепаттар мен әдебиеттегі дерттерді оташыдан бетер осып ашып, кесіп-кесіп көрсетіп берген. Алайда, ол кісінің өзі һәм “Әдебиет әзелгі мұратынан жаңылмақ емес” деп қорытқан. Көрдіңіз бе?! Мұңая оқы¬ған мақалаңыздан тыңая түйін түйесіз. Қа¬лай болғанда да, қазақ әдебиетінің әлеуеті осал емес. Мына Сайлаубай батыр Жұ¬бат¬ыр¬ұлы сынды суреткеріңізден өзге Сыр бо¬йын¬дағы шаһарыңызда Қомшабай Сүйеніш, Әс¬кербек Рақымбекұлы, Жақсылық Рахматулла, Шә¬кизада Әбдікерімов, тағы басқа да та¬ланттар тұрып, туындылар жаратып жатыр. Олар¬дың әрқайсысы – бір-бір әлем. Қы¬зыл¬ор¬даңыздың өзі осындай. Демек, ұлтымыздың әдебиет әлемі... әдемі. Іркілістер, дағдарыстар көбірек шығар. Суреткер қаламгерлердің “еңбегі еш, тұзы сор” боп тұрғанын да бекер дей алмайсыз. Әзірше делікші. Сайлаубай бауыр меңзегендей, ақжолтай үміт үзілмейді. Әде¬биетіңіз әдемілігін табады әлі. Адам¬за¬тыңыз әлемінің де әрін, адам¬гер¬шілігіңіздің де нәрін әзірше аман сақтап келе жатқан санаулы ғана салаларыңыздың бірегейі һәм – Көркем Әдебиет! Әдебиет әлемі... Әдемі.


 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу