Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

ӘПКЕМНІҢ АУЫЛЫ


Үшінші мыңжылдық басталар тұста біздің жақтағы бірталай ауылдың тозыңқырап кеткені рас. Ал Үрисән әпкемнің ауылы тозудың орнына озды десетін.
Бармай кеткеніме бірнеше жыл болған. Үлкен ұлы үйленгенде бір мәрте төбе көрсеттік. Онда да құдаларын күтісуге жарамай, шарбақтың ішінде өткен кештен кейінгі арнайы дастарқанына қарамай, тайып тұрғанбыз. Аунап-қунап жатпаққа, қыдырыстап қайтпаққа қауқар шамалы. Қаладағы қоңыртөбел қызметтен айырылсаң, аштан қатарың ап-анық. Сызғыра соғып, санаңның түкпірін нұқып шұқылайтын уайымыңды басына түспеген кісі білмес те, түсінбес те.
Екінші мыңжылдықтың соңын ала жездеміз қайтыс болды. Сонда бір бардық. Онда да Қарағанды жақтағы қызының келуіне қаратамыз деген соң, бір уыс топырақ салу мұң болып, Күншуаққа қарай жолға шығуға мәжбүрлендік.
Үлкен ұлының үйлену кешінен кейін, таң бозара бастағанда, асығып қайтып бара жатқанымызда ше, Үрисән әпкем үйінің жанындағы түп-түзу тізілген теректердің түбінде, тамағынан шарынып алған ақ сәлкеш орамалына саулаған сары ала жапырақтардың бірнешеуін бүрмелеген күйі мөлт-мөлт етіп жылап қалған.
Бүзірік бәйтеректен үзіліп қалтыраған жапырақтар қаладағы қағынған дүниеден қабаржыған жаныңды одан әрмен ұлытқандайтұғын сонда. Үрисән көз жасымен-ақ бәр-бәрін білдіріп тұрды:
«Елдің інілері секілді құдалармен бірге болып, қуанышыма ортақтассаң қайтер еді, бір ғана күнге бөгеліп...»
«Қаладағы, Күншуақтай шәһардағы күнім ғой деуші ем. Күнім дегенім — інім ғой деуші ем. Төңірекке түгелдей».
«Дос-дұшпанға көрініңкіреп, оқта-текте келіңкіреп тұрсаң қайтеді, қарашығым?!»
«Әсіресе кейінгі жылдары кіртиіп, жүдеп-жадаған жездеңнің жанында жарты күн қалсаң қайтер еді, жарығым?»
Бозала таң қылаңытқан қыраулы күзде көзге көрінбегенімен, Үрисән әпкемнің жанарынан төгілген жастың тамшылары жерді теңселтіп жібергендей еді. Бүйрекбастау бұлағынан әрең-әрең құламай аттап, қияға өрледім. Алты жарымның автобусына үлгеруім керек-ті.
Ал жездеміз дүниеден озып, біз барған күні емес, ертеңіне, бәлкім екі күннен кейін жерлейтін болып, тағы да асығыс аттанғанымызда, Үрисән әпкем селт етпеген күйі меңірейіп отырды. Әпкемнің шошына суынғанын сездім, әрине. Жол-жөнекей, жалдамалы мәшинеде келе жатып, өзімді-өзім ақтап алмақтың айналасында аласұрғаным әлі күнге дейін есімде:
«Сіз де мені түсінгейсіз, әпке! Кімді-кім аяп, мүсіркейді бүгінде? Көкілеттіктен өкілеттік алған өркөкіректік жайлап бара жатқан жоқ па?»
«Екі-үш сағатқа әрең босатар бастықтарым екі-үш күнге қалай шыдасын, Үрисән әпке?»
«Баяғыда әкемізден айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалғанымызда ше, жер түбіне кетпей-ақ қойсаңызшы деп едік қой сізге».
«Ай дидарлы әпкешім-ай, Айкөрік дейтін ауылдан басқа ауыл, Жұлдызхан деген жігіттен басқа жігіт құрып қалғандай-ақ, кеттіңіз де қалдыңыз. Сонда мына менің де көз жасым көл боп аққан».
Міне, енді Айкөрік ауылына тағы да келе жатырмын.
Жұлдызхан жездемнің жылдық асына да келе алмағанмын. Одан кейін және сәті түспеді, уақыт жетпеді.
Ал бұрындары ше, баяғыда бала кезімізде, көбінесе күзде келетінбіз. Айкөрікке келсең, ақ теректердің жапырақтары түсер-түспесте, қызыл өріктерінің басы өртеніп тұрғанда кел. Десетін еді жұрттың бәрі жұтынып. Ақ теректерінің жапырақтары алтын сары, өріктерінің жапырақтары өрт қызыл болып, Айкөрік ауылы ұзын сайдың табанында созылатын-ай керіліп. Төр тұсынан Күрзі тауы төнетін көзін алмай сұқтанып. Бүйрекбастау бұлағы сүмбіле түсе тұнып ағып, түбіндегі тастары дүние-әлемге нұр таратып жататын. Бұлақтан өтіп ауылға кіресің. Үрисән әпкең мен Жұлдызхан жездеңді, жымың да жымың қағатын жиендеріңді көремін-ау деген қуанышыңа қоса сол бір сырғалары сыңғырлайтын сансыз ағаштарға, әсіресе жалқынқызыл өрікке өрекпитін жүрек-қалтаңа қайрансың. Тек Айкөрік ауылының аяққы тұсындағы қазан болған қауын-дарбыздың қарақошқыл тартқан пәлектері ғана мұңға қамырығып қоңыраятын.
Екі күнге мұрсат алып, бірнеше жылдан бермен қарата безбүйректенген бауырынан түңіліп жүрген Үрисәнді, жат бола бастаған жиендерімді көріп қайтпаққа бекінгенім осытұғын.
Шынымды айтсам, Айкөрік ауылын да қатты сағынғанмын. Қаншама қатыгезденіп кетсек те, кісіркенуден аулақ көңілің кісәпірлене қоймас.
Айкөрік ауылынан жетіп жататын ылғи дағы ықыласты хабарлар құлақ жылытатын-ды:
«Айкөрік ауылынан оншақты жылдың ішінде бірде-бір үй көшпепті».
«Сегізжылдық мектебі онжылдық, орта мектепке айналатын болыпты».
«Айкөріктің Айнасайындағы баяғы пионер лагері қайтадан қалпына келтіріліп жатыр екен».
«Жыл сайын жеті-сегіз жаңа үй салынып жатыпты».
Бірнеше жыл бойы Үрисәндер де тырс етпеді. Үлкен ұлы мен келіні базар-ошарлап, Күншуаққа барғанда ғана аз уақытқа аялдайды. Нағашыларына тартқан да, байыз тауып отыра алмай, себеп-салдарын саулата ақырзамандатып, тездетіп тайып тұрады. Олардың ләм-мимдері мен қимыл-қозғалыстары да әпкемнің өкпесінен хабардар етіп, өкпек жел соқтыратынын байқамай қала алмаспын.
Қой дедім, күндердің күнінде. Жаман жұмыс, жәутік қызмет менде ғана ма осы, Үрисәннің үрзада көңілін бір аулап қайтайын.
Айкөріктің төбесінен төнетін шоқыдан қарап, сары долананың түбінде ұза-а-ақ отырдым. Күншуақ қаласына қалықтап жетер хабарлар ып-рас болды да шықты. Күрзі тауы жағынан жаңа көше салына бастапты. Айнасайдағы лагеріңіз жайнап кетіпті. «Артекті» кім көріпті, алайда теңізі жоқ демесеңіз, ол шіркініңіз де осындай-ақ болған шығар-ау. Айкөріктің мектебі анау тұр ғой. Жаңадан салынбаса дағы, жаңғыртылып, көп-көп қосымшаланған сияқты. Еңсесі биіктеп, Айнасайдағы ақшаңқан лагердің үйлерімен әуендесіп-ақ тұрыпты-ай.
Сары долананың әжімді діңін сипаладым.
Шоқының үстінен ап-анық байқаған басты бір көрінісім көлденеңдеді. Төбелерін түнікелетіп, тіпті біздің Күншуақ қаласындағыдай «еуропаландыра» бастаған түтіндер де жоқ емес екен. Кенет жан-жүрегім алып-ұшып, атқақтап соқты. Шоқы үстінен үңіле үздігіп отырып, теректердің жапырағын неге бірден көрмегенмін?! Өріктердің алаулағанын ше?! Одан сайын еңкейе түстім елжіреп. Бүйрекбастаудың табанындағы тастардың нұрсәулесі қыр басына жетіп тұрғандайтұғын.
Тамағыма кенеттен бірдеңе кептеліп тұрып алды. Батыс жақ беткейдегі бейітке бұрылдым:
«Жұлдызхан жезде, кешіргейсің біз бейбақты...»
«Әпке, ауырып қалған жоқ па екенсіз, соншама неге суыл кернеп барады бұл жүректі?»
«Әлде мына мейірім жүдеген мезгілде тасқа айнала бастаған бауырдың бұйра сағымға ерігендегі, жібектей желге жібігендегі сиқы ма?»
«Үрисәнді көргенде үгітіліп кететін шығармын мына күйіме қарағанда».
«Ол кісі қайтер екен? Бірқанша жылдар бойы көрместен, келместен, ат ізін де салмастан, қалайынша шыдағанмын?!»
Баяғы таныс теректердің талай-талайы қырқылып, жаңа үйлерге жаратылып кеткен екен. Ескі діңдердің айнала шетінен дулай көтерілген балғын бұтақтар әлі нәзік көрінеді, алыстағы Күншуақ қаласынан қалжыраңқы жеткен жолаушыға жапырақтары желбіреп, сәлем беріп тұрыпты. Өріктер де өзгеріпті. Алайда жапырақтарына жаутаңдап қарап, балалық, жастық жылдарымды, әпкеме деген сол бір кездегі сағынышымның суреттерін іздеп келе жатқанымды ұғындым.
Жұлдызхан жездемнен қалған ескі үйге жалғап салынған қосымша бөлмелер бейтаныстау көрінді. Сыртын сылап, әдемілеп әктеп, бұрыш-бұрыштарына өрнектер нақыштап қойыпты. Түнікелетпесе дағы, «еуропаландырмаса дағы» жаңа, ақ шипырмен жауыпты. Қақпалары биік, аспан түстес етіп бояпты. Құлыптаулы.
Қарама-қарсы үйден Үрисән құралыптас әйел шығып қарады. Баяғыда, бала шағымда, студент кезімде келгенімде, әлде-е-е-қандай етіп, әпкемнің «әптеритеті» зор болғандықтан, көршілері көп шақыратын-ды мына мені. Танымадым бірақ. Танымағаныма тарылды-ау, сірә. Көпе-көрнеу кіржие кекжиді де:
—  Кім керек еді? — деді.
— Үрисән әпкем, — дедім.
— Келмей кеткен інісі емеспісің? — деді әйел, даусын сәл-пәл жұмсартыңқырап. — Үлкен жиенің Боралдайдың басында. Байлардың малын бағады. Келін екеуі. Қалғандары оқуда. Үрисән мектепте уборшы, қас қарая қайтады. Үйге кіріп күте тұр. Шәй-пәй іш.
— Рахмет, апай! — дедім құмығыңқы үнмен. — Әпкем мектепте болса, сонда барайын.
— Жөн-жөн, шырағым, бар-бар, — деді әлгі әйел менен көз алмаған күйі күрсініп.
— Барайын сол жаққа, — дедім жанынан өтіп бара жатып.
— Бар-бар, — деді әпкемнің көршісі. — Келмегеніңе жүдә көп болды-ау. Бауыр деген безбейді ғой, безбейді. Безбейді бәрібір. Е, бірақ бүгінде бірдеме деп бола ма...
Мектепке де жеттім. Кіреберісте еден жуып жүрген егделеу әйелден сұрап ем, ол бүйдеді:
— Үрисән сенің кімің еді?
— Әпкем.
— Туған әпкең бе?
— Иә, туған әпкем.
Еденжуғыш егделеу әйел бас-аяғыма асықпай қарады. Асықпай қарап болып, жанында тұрған шелегін алып, үлкендеу ыдысқа қоймалжың суын қотарды. Шелекті саңғыр еткізіп қоя салды да:
— Туған інісі бар ма еді ол сорлының? — деді. Алғаш не жауап қайтарарымды білмей, тұтығып, үнім де шықпады, әзелден соң әрең түзеліп:
— Туған інісімін... Ол кісі осында ма өзі? Аман-есен бе? — дедім сасқалақтап.
— Інісі болсаң, неге білмейсің?
— Аман ба өзі, айтыңызшы!
— Тірі, — деді еденжуғыш егделеу әйел жұмысын одан әрі жалғастырып. Сонсоң «жарайды, осы әурелегенім жетер» дегендей, қисайып кеткен орамалын сәл түзеп, жаныма жақындады. — Өзің біртүрлі сұрағансын, мен де біртүрлі жауап беріп жатырмын, тағы қандай сауалың бар?
— Айтыңызшы, апай, Үрисән, Үрисән осында ма? — дедім бойымды ыза буа бастағанын бүркемелей алмай.
— Осында дедік қой, — деп, әлгі әйел тағы да тесіліп тұрып қарайды-әй маған.
— Қайда сонда?!
— Мектепте. Мектепте болмағанда, қайда кетеді енді? Ғарышқа еден жуатындарды ұшырмайды ғой. Уборшыларды әкім қояды деп естіп пе едің әлде?
— Мектептің қай жерінде?
— Ішінде.
— Ішінде болғанда... Енді... Қай жағының еденін жуып жүр ол кісі? Қайдан табамын?
— Үрисән ханым еден жуып жүрген жоқ, — деді әйел кенет маңғаздана қалып.
— Енді не істеп жүр?
— Екі сыныпты біріктіріп, сабақ беріп жатыр.
— Са-ба-а-ақ?! Қа-а-ал-ай?!
— Немене, сонша шошып кеттің? Еден жуатындар сабақ бере алмайды, бала оқыта білмейді деп ойлайсыңдар ғой, ә-ә-ә? Қате-ле-се-е-е-сіңдер!
— Апай, шынымен айтып тұрсыз ба? — дедім, бұдан өзге не айтарымды білмей.
— Еден жуатындар өтірік айтпайды.
— Мақұл, апай. Әпкемді қалай, қайдан көре аламын?
— Көргің келе ме? — Ентелей, ентіге еден сүртуге кіріскен әйел шынымен-ақ ашуымды апшыта бастады.
— Ол қандай сұрақ, апай?! «Көргің келе ме?» дегеніңіз неңіз?! Жер түбінен, Күншуақ қаласынан кеп тұрмыз ғой. «Көргің келе ме?» дейсіз.
— Әпкең Үрисән ба еді?
— Иә. Қанша рет қайталаймын сізге?!
— Қанша рет қажет болса, сонша рет қайталайсың. Қайталаудың қаншалықты пайдалы екендігі педагогикадан белгілі. Біз, еден жуғыштар, педагогикадан жүдә жақсы хабардармыз, қарақ.
— Апай, енді...
— Әпкең Үрисәнді көресің бе өзі?
— Апай...
— Еденжуғыш, уборшы Үрисәннің мұғалім болып отырғанын көруің керек. Қазір, мен мына мүйісті сүртіп бітіре салайын. Дәл уақтысында, діттеген сағатта келгеніңді қарашы. Айып етпегін, айналайын. Саған ренжігеніміз рас. Біз де бір мапиямыз. Уборшы, еденжуғыштар мапиясы. Сөйтіп бірікпесек, күн көру қиын қазір. Сол мапия саған жүдә қапамыз. Әпкеңнен безіп кеткенің қалай, қарақ? Әлі де ұрсамыз саған, білдің бе? Әй, қарақ, бері қара. Есі дұрыс кісі, дені-қарны сау іні, туған әпкесін соншама жыл көрмей, келмей, іздемей, сұрамай жүре бере ме, а?! Үрисән қандай еді?! Іштен тынып, қартайып кетті ғой ол сорлы. Сырын да, жырын да бізге айтады. Қартайтып жібердің ғой Үрисәндай сұлуды. Көркем жаратылысты. Сотталып, айдалып кетпесең, жылына бір мәрте кеп тұратын жөнің бар емес пе еді, қарағым... Жүр бері, былай қарай.
Тірідей табаға шыжғырылып, сап-салқын мектептің ішінде шып-шып терлеп, әлгі әйелдің соңынан сүмірейе ілбідім.
—  Қазір біздің Айкөрік орта мектебінде сынып бөлмелері жетіспейді, — деп, бірте-бірте сыбырға көшті еденжуғыш әйел. — Екі класс түс қайта, екінші ауысымда оқиды. Құдайға шүкір, ауылда бала саны артып келе жатыр, тіпә-тіпә. Мектепке қосымша бөлмелер салып жатырмыз. Мұның бәрі жақсы емес пе? Жақсы ғой, жақсы. Бір жаманы — мектепті тексерушілер жүдә көп. Бұрынғыдай қалқоз жоқ, сапқоз жоқ. Тексеретін, қорқытып-үркітетін мектеп пен аурухана ғана екенін айдаладағы Айкөрік ауылы да біледі. Біледі бәрін. Сен де білесің. Мектеп деректірі ауырып, ауданда жатыр. Сонда да тексерушілер тиылар емес. Бүгін де бір-екеуі нәлектен бе, пәлектен бе, әйтеуір бір жақтан келіп, бәріміздің есімізді шығарды. Аман-есен құтылу үшін, ауданда ауырып жатқан деректіріміздің атына, Айкөрік ауылының атына кір келтірмеу үшін, забышы бар, екі кластың мұғалімі бар, басқалар бар, бәрі бірігіп, анау төмендегі көкмайса саздың шетінде, Бүйрекбастаудың басында, сары долананың сап-сары жапырақтары жүзген судың жағасында тексерушілерді күтіп жатыр. Екі класты бір бөлмеге жинап, улатпай-шулатпай ұстап отыру біздің Үрисән ханымға сеніп тапсырылған. Әпкеңді әр саққа жүгіртіп, сабақ беріп жатыр дегенімнің мәнісі осы, қарақ. Түсіндің бе?
— Түсіндім, апай.
— Жоқ әлде қайталайын ба?
— Қайталамай-ақ қойыңыз. Әпкем қайда?
— Айқайлама. Саңырау емеспін мен. Еденжуғыштарды ешкім менсінбейді. Мына Үрисән уборшы болам деп болды ма? Мамандығы жоқ, үйде отырған адам еді. Жұлдызхан тірі болғанда, мұқым-мүлде жұмыс істеместен, балаларын тәрбиелеп, отбасында жүре берер, жарасымды жаратылыс еді. Амал нешік, лаж жоқ, еден жуып кетті.
—  Әпкем қайда? — деп сыбырладым мен де еденжуғыш әйелдің мақамына салып.
—  Міне, мында келгін. Мында отыра тұр. Сабақты бөлуге болмайды. Балалар шулап, бағынбай кетеді. Еден де бекер-босқа былғанады. Осы жерден тыңдасаң, бәрі естіледі. Пердеден сығалап қана отырсаң, әпкең жақсы көрінеді. Енді жарты сағатта қоңырау соғылады. Сабақ аяқталады. Балалар мектептен қайтады. Үрисән бүгін еден жумайды. Мұғалім күйінде үйіне қайтуға рұқсат береміз. Түсінікті ме? Қайталайын ба әлде?
— Рахмет, апай, — деп, орындыққа жайғастым. Алғашқыда ештеңе де, ешкім де көрінбеген. Пердені көбірек түруге болмайды, кластағылар мені байқап қоюы бек мүмкін. Сәл ғана сығалап қарадым. Жан-жүрегім бұлқынып кеп жөнелгені. Жұлқына жүгіріп, класқа кірмекке оқталып, орнымнан ұшып тұрып, қайта отырдым.
Әпкем парталардың арасында жүр екен. Баяғы, бұдан бірнеше жыл бұрынғы Үрисән емес! Басқа біреу секілді. Жаңағы, еденжуғыш егде әйел атап-атап көрсеткендей, қадап-қадап шегелегендей, жарасымды жаратылыс жоқ. Еден жуатын егде әйелге айналыпты әпкем де! Жігерім жүгерідей-жүгерідей боп бөлшектеніп, одан қуырыла қарайып, құмға айнала үгітіліп барады-ау. Басымды салбырап бара жатқан жерінен әзер көтеріп, тағы қарадым. Әпкем әлі де парталардың арасында. Қолында шүберек орап, еден жуатын швабра. Иә-иә, кәдуілгі швабра. Бағзы заманда геометриядан беретін ағайымыз «перпендикуляр» деген ұғымды түсіндірмекке мысалға келтіріп, көрнекі құрал ретінде көрсеткен швабра ше, соның дәл өзі.
Үрисән кенет швабрасын қос қолдай ұстап, жоғары көтерді.
Мен шошына күбірледім:
«Мұнысы несі, әпкемнің есі дұрыс па?»
«Жоқ әлде, геометрия сабағын өтіп жатыр ма екен?» Ол швабраны биікке көтерген күйі мұғалім отыратын орынға жақындады. Үстелге жете бере қайта бұрылып:
— Сен екеуің енді бір-біріңмен ерегіссеңдер бар ғой, оңдырмаймын! —деді.
Үрисәннің үні де өзгеріпті. Іртік-іртік дауыстың ара-арасынан ғана қашаннан етене жақын, қаншама заманнан бері естілмей кеткен туыс үзіктерді тауып қана тыншыдым-ау деймін, өзімді-өзім жұбатып. Алайда айрықша әуендей естілетін әпкемнің әуезді үнінен баяғыда апам қымыз құйып, қызына әкететін шырт-пырт шишаға түскен айықпас сызаттай аянышты ма, ашынулы ма, жарықшақты сүйек-сүйегім сыздай сезініп сырқыраған.
Үрисән швабрасын мұғалім үстелінің жанындағы сөреде сызыла тізілген компьютерлердің үстіне қойды. Аппақ компьютерлердің үстіндегі швабра шіркініңіз әбден ақжемденіп ысылғандықтан, бүкіл әлемді билеп алған бөлекше дүниенің бір бөлшегі секілденіп көрінеді екен-әй.
— Неменеге таңырқап қалдыңдар? — деді ашулы күйінен тана алмаған әпкем. — Менің швабрам тап-таза, шошымаңдар сендер. Компьютерлерің тазармаса, былғанбайды бұдан, білдіңдер ме? Ал шулайтын болсаңдар, анау екеуіне ұқсап ерегіссеңдер, өз обалдарың өздеріңе. Тура осы швабрамен қадап кеп ұрамын. Соттасаңдар, сосын көріп алармыз. Соттай алмайсыңдар, білдіңдер ме?! Осы Айкөріктен алты ай жазда ұрланатын мал қанша? Білесіңдер ме? Сендер білмесеңдер, әке-шешелерің біледі. Айкөріктен ұрланатын жылқы да, сиыр да, қой да, тіпті қаз-үйрек пен түйетауық та аз емес. Бір адамды тауып, соттап жатыр дегенді естідіңдер ме? Әй, мен сендерден сұрап тұрмын, естідіңдер ме деймін-әй?
— Жоқ, апай!
— Жөндеп былай, бәрің бірдей дегендей, ұйымшылдықпен айтыңдар. Қосылмайтындарың былай шығыңдар! Әйтпесе... Кәне!
— Естіген емеспіз, апай! — деп, бүкіл класс шу ете түсті.
— Міне, өстіп сабақты мұқият тыңдау керек, — деді әпкем ашуы қайтыңқырап. — Жарайсыңдар, балалар.
— Сіз сабақты емес, ұрлықты айтып отырсыз ғой, апай.
— Немене, менің айтқаным сабақ емес пе сонда?
Кластың іші үнсіз.
— Әй, сабақ емес пе деймін-әй, сендерге?
— Сабақ болғанда қандай, апай! — деді бір бала.
— Ең үлкен сабақ өмірдің өзінде ғой, апай,—деді екінші бала.
— Міне, көрдіңдер ме? Сен екеуің бір-біріңе бекерге тиісіп, қырсығып құриды екенсіңдер. Әйтпесе, нағыз мықтылар сендер болар едіңдер.
—  Апай, бізге «бес» қойып берсеңізші, — деп тықылдады бірінші бала. — Өмірімізде «бес» алып көрмеппіз.
— Ағайлар мен өзге апайлар бізден сіз құсап нағыз сабақты сұрамайды ғой, — деді екінші бала одан сайын тереңдей түсіп.
Үрисән сәл-пәл күлімсіреді. Әжімі көбейіп кеткен жүзі жылуарланып, әдемілік сәулесі әйнекке келіп жеткендей. Кешке қарайғы күн де теректің сары, өріктің қызыл жапырақтары жайлаған әлемнің арасынан сығалап қарап қалыпты.
— Сабақ дегеннен, ұрлық дегеннен шығады, балалар, — деді әпкем үнінің жарықшақтары мұқым айыққандай мүлде түзеліп. — Осыдан үш жыл бұрын ше, бірталайың білесіңдер, біздің үйдің отағасы қайтыс болды ғой. Ойпырай, қандай ғана қатыгездің қолынан келгенін қайдам, тап сол түні, арысымыз сұлап, бәріміз шулап жылап жатқан түні қорамыздан семіз-семіз төрт-бес қойымызды түгел алып кетпеді ме? Бұған не деп болады? Сол ұрлықшылар сол күйі табылмады ғой.
Әпкем бір уақ үнсіз қалды. Кенет:
— Әй, Әлімтаев! Жыбырламай, тыныш отыр! — деп қайтадан ашуға булықты. — Мен сендерге сабақ айтып тұрмын. Ағайларың журналға тиме деп еді, әйтпесе... Бірақ мені қорқады екен деп ойламаңдар. Тыныш отырмасаң, қазір-ақ қонжитып «екі» қойып беремін. Сол қойларды жайшылықта жымқырса мейлі, адамы өліп жатқан үйден ұрлағаны күйдіреді ғой. Сондайлардан не үміт, не қайыр? Сондағы ұры басқа жақтан келген жоқ. Осы Айкөріктің өзінен. Білмесек те, сеземіз біз. Түсіндіңдер ме? Әй, мен сендерден сұрап тұрмын?!
— Түсіндік, апай, — деген дауыстар естілді.
— Жер жүзінде, дүние бетінде біздің Айкөріктей ауыл кемде-кем, — деді Үрисән одан әрі. — Әттең, осыншама сұлулық тұнып тұрған ауылда жаңағыдай адамдар да бар. Ойпырмай, сондайлар басқа жақта болса, мейлі дейсің-ау, ал Айкөрікте жер басып қалай жүреді? Қазір қимылдай білген күн көреді емес пе? Аштан өлмейді ғой, көштен қалса дағы. Малы бары өз малын бағады. Малы жоғы өзгенің малын бағады біз секілді. Жеңіл жегісі келетіндер көбейіп бара ма, қайдам. Ұрлайды сөйтіп. Отағасымыз жер қойнына кірмей жатып-ақ басынды біреулер. Басынатын кісі ме еді ол? Жұлдызхан марқұм жақсылықтан басқа не істеп еді осы ауылға? Әй, тыңдап отырсыңдар ма?
— Тыңдап отырмыз, апай.
— Адам басынған соң қасқыр қарап қала ма? Бір күні шаңқай түсте, шарбақтың аяғында, апорт алманың түбінде ағаш жарып отырғам. Әй, тыңдап отырсыңдар ма, өзі?
— Иә-иә, апай.
— Айта берейін бе?
— Айта беріңіз, апай.
— Шарбақтың аяғында, алма ағашының түбінде қураған өрікті жарып отыр ем. Көрпе жоңышқаның шетінде бие байлаулы еді. Байқасам, бие осқырынып тұрыпты. Арқаны да, қазығы да мықты еді, көрпе жоңышқаның күші шығар, мына неме семірейін деген екен ғой деп ойлап, сәл былайырақ көз тастасам, екі бірдей ит біздің биеге ішіп-жеп қарапты да қапты. Бұлар неғылған иттер-әй, шарбаққа қалайынша қарғып түсіп жүр өздері? Деп ойлай бергенім сол, биенің осқырынғаны сап тынып, тұла бойы қалтырап, төрттағандап тыншыды да қалды. Дір-дір етеді-әй. Менің де жүрегім сулап қоя берді. Орнымнан тұрайын десем, тұра алмаймын, балтаны көтерейін десем, көтеру қайда, қолым қарысқан. Екі бірдей ит дегенім қасқыр боп шықты. Біреуі бір қарғып түсіп, торы биенің тұмсығына тап беріп, тістей қатты. Торы тырп ете алмады. Екінші касқыр қайран биенің шабын жарып кеп жіберді. Жануар-ай, жайрады да қалды. Шаңқай түс сәл ауған шақта, көз алдымда ыстық буын бұрқыратып, бауырын асады ма, қазы-қартасын қарбытты ма, білмеймін. Тұрайын десем, тізем дірілдейді. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Балтаны көтерейін десем, білегім — былқ-сылқ. Дірмәнсіз отыра бердім омалып. Қасқырлардың қорлағаны-ай сондағы. Асайтындарын асап, жасайтындарын жасап, аузы-бастарын асықпай жалап, аптықпай қарап, шарбақтан қарғып-қарғып түсті де, бүлкектей желіп кете барды. Басынған деген осындай болады екен, балалар. Бізді сөйтіп, адам да басынды, айуан да басынды. Кімсің, Жұлдызхан — Үрисән едік. Жұлдызханнан көз жазып қалғанымды сонда ғана сезіндім шынымен. Осылайша біз отағасымыздан айырылғаннан кейінгі екі-үш айдың ішінде жалғыз сиырға ғана қарап қалдық. Сонда да ұрлық жасамадық, балалар. Үлкен балам Боралдайдың басында ғой, білетін шығарсыңдар? Қаладағысы бар, ауылдағысы бар, біраз байшыкештердің малын бағады. Үлпілдеп отыратын Үрисән уборшы боп кетті сөйтіп. Үш жылдан бері. Бұған өкінбеймін, қорланбаймын мен. Үлкен ұлымыз екеуміз, Қарағандыдағы қызымыз үшеуміз үш-төрт баланы анау-мынау емес, Алматыда оқытып жатырмыз. Құдай-ау тоба, бізге де мал біте бастады. Жұлдызхан анау-мынау емес, мал тұқымын асылдандыру жөніндегі маман еді ғой. Колхоз бен совхоздың тарағаны қиын тиді. Бірақ малдың талан-таражына қатыспады. Өзін-өзі қағажулап, қанағат тапты. Есін жия алмай жүргенде ауру жабысты. Содан бәрін қойып, иесіз, қараусыз қалған пионер лагеріне қарауыл болды. Қаладағы зауыттың лагері еді ғой.
Күншуақ қаласының жартысын алып жатқан зауытты жеміріп жеп тауысқан жалмауыздар титімдей де ұялмастан, мына Айнасайдағы лагерді де қылғытып жібермекші болды. Жұлдызхан ағаларың жалмауыздарға түйір темірін де бермеді, тұтам тақтайына тигізбеді, сол күйінде сегіз жыл сақтады. Міне, енді еге табылып, жөндеп жатыпты. Жұлдызханның арқасында ғана жер бетінен жоғалып кетпей, жебірлердің көмейіне жұтылып кетпей, аман қалған «Айнасай» лагерін «Әртек» жасаймыз деп, әкімқараларың алашапқын.
Үрисән осы жерде біраз кідіріс тапты. Бағзыдағы бір әдетінше, қалтасынан тастамайтын (көбінесе өрнегі өрік гүлді болушы еді) орамалын алып, бұл күнде жиектерін әжім шиырлаған әдемі көздерін сипап-сипап қойды.
— Өзге жақтағы лагерлердің бәрі тоналып-жоғалып, қирандыға айналғанда, «Айнасайды» сақтап жеткізген Жұлдызханға не көрсеттіңдер, жұртым-ау?! Деп айқай салғым келеді кейде, балалар. Ескерткіш орнатыңдар деп отырғам жоқ. Қайтадан қатарға қосылған лагеріңнің бір бұрышына: «Осынау ғажайып ертегідей мекенді сегіз жыл бойы сақтап, көзінің қарашығындай күзетіп, аман алып қалған Жұлдызхан көкеміз еді,» — деп мәрмәрға ойып қоймайсыңдар ма? Десем де жарасады. Оны да айтып жатқам жоқ. Ал енді өліп жатқан күні қорасына түскен тағылықтарыңды түсінбеймін. Түсіне алмаймын. Компьютеріме кірмейді! Швабрамен нұқып, шұқып кіргізбесеңдер, кірмейді. Түсіндіңдер ме, әй, не айтып тұрғанымды? Аһ?!
— Түсіндік.
— Түсініп отырмыз, апай.
— Апай, қораға түскен біз емеспіз ғой.
Әпкем баяу бұрылып, мен отырған жаққа қарай қадам басты. Тап қазір, табан астында көзіне түскім келмеді. Бәрін байқап, бақылап отырмын. Сөзін естіп, сабағын тыңдап отырмын. Сабақты бұзу, толғанысты тоқтату дегеніңіз тазартылып жуылған еденді орынсыз былғау сияқты сезілер, сірә. Өзімді көрсеткім жоқ сияқты, шаң-тозаңы баттасып, аяқ астындағы еденге айналып кеткен жан айнамды жасыра тұрғым бар. Жылысыңқырай қисайып бақтым бір бүйірге. Үрисән теріс қарап, қайтадан сабағын жалғады.
— Жұлдызхан ағайларыңды ауру қатты айналдырды, айналайындар. Ауданда алты ай жатты. Аяғын баса алмайды. Айкөріктің жерінде аяғын нық қадамдап жүретін кербез адам еді, табан астынан қор болды да қалды. Аудандағы дәрігерлердің бәрі жабылып диагнозын қоя алмады, балалар. Бәрі айналып келіп аяғын қарайды. Жиналып келіп жағдайымызды білгісі бар. Жұлдызханның мал тұқымын асылдандыру жөніндегі маман болып талай жыл жұмыс істегені құлақтарына тиіп, құтырып кетті кейбіреулері. Жиған-тергені жұқаналау екеніне сенбейді ешқайсысы. Дәрігердің де дәрігері бар дә, айлықтары аз, білем ғой. Біреуі иманнан жүдә жұрдай екен. Ақша бер дегенді ашық айтпай, тұқшыңдап жүріп тұспалайды байқұс. Ақырында, ақшамыз жоқ, малымыз шамалы екенін түсініп, бес қап бидай әкелесің деді. Апардық. Қияр мен қызанақ әкел деді. Бес-алты жәшігін жеткізіп бердік. Күндердің бір күнінде: «Саяжайыма бір мәшине қойдың қиы керек еді», — де-е-еп тұр. Жұлдызханға білдірмей, онысын да орындадық. Тыңдап отырсыңдар ма, балалар?
— Тыңдап отырмыз!
— Айта берейін бе?
— Айта беріңіз, апай!
— Е-ей, қарақтарым-ей, мен сендерге қайбір апаймын? Апай деп мұғалім қыздар мен келіншектерді-ақ айта берсеңдерші. Мен деген жай ғана еден жуатын жанмын. Сөйтіп, талай нәрсе тасығанымызбен, ештеңе шыға қоймады. Арада алты айға жуық уақыт өткенде, әлгі саяжайына бір мәшине қойдың қиын жетпіс шақырым жерден жеткіздірген кісі бүйдеді: «Апай, — деді ол. — Жақында ауданға Алматыдан бір үлкен профессор кісі келеді. Ағайдың ауруын қарату үшін арнайы тізімге кіргізуіміз керек». Ақылым айранға айналған мен сорлы: «Ойбай-ау, кіргізудің қандай амалы бар?» — дедім. «Ой, апай, соны да білмейсіз бе, не бару керек, не беру керек», — деді бір мәшине қойдың қиынан кейін әбден емін-еркін сөйлейтін болған сол кісім. «Кімге барам, кімге берем?» — деймін ғой баяғы. «Күншуақта кіміңіз бар?» — дейді дәрігерім. «Күншуақта менің күнім бар ғой, — деймін мен. — Күнім дегенім — інім дегенім. Күндей көретін інім тұрады ғой Күншуақ атты шаһарда».
Класс ішінде сәл кідіріс сезілді.
Байыз тауып отыра алмастан орнымнан тұрғым келді. Қозғалу қиынға соқты, жұлын-жұлыным діріл қақты. Желкемнен жоғарырақ, шүйдемнен төменірек тұс шымырлады ма, жыбырлады ма, артынша құлағымның бірі, сәлден соң екіншісі шыңылдады.
Үрисән сабағын одан әрі жалғады. «Күндей ініңіз нендей тірлік істейді?» — деп сұрады бір мәшине қиды Айкөрік ауылынан алдырған ақ халатты кісі. «Қандай қызмет істейтінін айтуға болмайды. Құпия. Өзі ешқайда да шыға алмайды. Сол себептен ауылға анда-санда ғана, жыл аралатып жолы түседі». «Апай, күніңіз бар ма, айыңыз бар ма, білмеймін. Бір жылқыны жоққа санамасаңыз, ағай тізімге кіре алмайды», — деді дәрігерім. Жұлдызханымнан жылқы аяйын ба, жеткізіп бердік. Сонымен, балалар, бағанағы айтқан, қасқыр тал түсте туталапайын шығарған торы биеміз бен төрт-бес қойымыз қалды. Ал Жұлдызхан ағаларың не болды дейсіңдер ме? Әлгі профессор миының қақпағын ашып жіберіп, әлдебір қоймалжың нәрсені сылып алып тастады. Аяғында емес, бәленің бәрі басында екен. Әттең, дүние-ай, әлгі профессор ауданға алты ай ғана бұрынырақ келгенде бар ма, құлантаза жазылып, қатарға қосылып кететін екен. Сонымен, балалар, біз бір кездері мал тұқымын асылдандыру жөнінде ауыл-аймаққа белгілі маман болған, кейіннен колхоз бен совхоз тарап, мал түгелдей таражға түсіп кеткенде, не істерін білмей отырып қалған, одан соң сегіз жыл бойы «Айнасай» лагерін қарауылдап, қылдай нәрсесіне қол тигізбей сақтаған Жұлдызханнан арада апта өткенде айырылып тындық...
Әпкем әңгімесін, яғни сабағын тәмәмдауға таяғандай. Жайлап барып аппақ компьютерлердің үстінде көлбеп жатқан швабрасын алды.
Кластың іші тып-тыныш, тым-тырыс.
Үрисән есікке қарай беттеді.
Қоңырау соғылды.
Сабақ аяқталды.
Балалар алыса ойнап, жарыса жүгіріп, мектептің ұзын дәлізі бойымен бірінен-бірі озып кетіп барады.
Бір таңданарлығы сол, еден түк те былғанбай, тап-таза күйінде жалтырап жатты.
Мен орнымнан тұра алмай, омалып отырмын...


ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ  ҚЫМЫРАНЫ

Мархабат БАЙҒҰТ


Бағзы замандардан бір көріністі көңіл экраныңызға шығарыңызшы. Сақ сұлуы – Қызылқұмның қызғалдақтай қырмызы қызы. Сырлы тостаған толы қымыран. Қызылқұмның қызыл түйесінің аппақ қымыраны. Арыстың Сырға құяр тұсындағы тоғайда, тораңғылдың түбінде әлсіреп жатқан жаралы жауынгерге – сақ сарбазына Қызылқұмның қызыл шырайлы қызы қымыран ұсынды.
Сырлы тостағанның сыртындағы сүйрік саусақтарға сүйсіне қараған сақ сарбазы бір сәтке жан азабын ұмытып, кезерген ернін жалап: «Қымыз ба? Қымыз жақпады», деді.
«Жоқ. Қымыран ғой. Қызылқұмның қымыраны. Жағады. Жазыласыз», деді қыз.
Сол сұлу ұсынған қымыраннан жаңағы жаралы жауынгеріңіз жазылып кеткен деседі. Әлімсақтың аңызы осылай сыр шертеді.
Айналайын ағарғанның – қымыз бен қымыранның қайталанбас дәмі мен нәрі сақ дәуірінің арғы жағынан да аңғарылар. Бергі жағынан да білінер.
Қымыз бен қымыран.
Екеуі егіз-қатар аталар. Бірін-бірі толықтырар. Қымыз бен қымыраннан айықпас ауру жоқ деп есептелер. Сақтан бермен қарата қазаққа дейін. Солай саналған. Кей-кейде қымыз жақпас сырқатқа қымыран жағады. Жазады. Шын ықыласпен, шынайы пейілмен әзірленсе. Сондай ықылас-пейілмен ұсынылса. Сақ сұлуының сұлқ сарбазға сырлы зеренмен, зерлі көзқараспен, ибалы ишарат еткеніндей.
Қымыранды бірқатар өңірлерде шұбат дейді. Кітаптарда, арнайы сөздіктерде де кейде шұбат, кейде қымыран деп жазады. Қай-қайсысын айтса-дағы таңдайыңызға тәп-тәтті әрі сәл-пәл ғана қышқылтым, жұмсақ-жұмбақ, мамық-мақпал, дәмді-нәрлі дүние білінер. Тіліңізді үйірер. Осы Оңтүстікте, оның ішінде ойсылқараны көбірек күйттейтін Қызылқұм мен Созақ атыраптарында қымыран деп атайды.
Сіздің тілшіңіз былтырғы басқашалау шілдеде біраз жерлерді аралап, «Қазығұрттың қымызы» деген мақала жазған. Бірқанша жағдаяттарға назар жығып, наз айтқан. Бірер мәселелерді көтермекке тырысқан. Жақында, яғни биылғы шіліңгір шілденің ортасына таман Қызылқұмға жол түсті. Бүгінгі Отырар ауданы талай жыл Қызылқұм атанған. Қызылқұм турасында қаншама жырлар бар. Әндер де аз емес. Қазір Қызылқұм атауы сирек қолданылар. Сағынышпен айтылар.
Күш атасы, ұлтымыздың ұраны, намыс туы, рух шыңы Қажымұқан мекен еткен, кейініректе қоныс аударып кеткенімен, қайта-қайта сағына оралып соғып, қона жатып қымыран ішкен Шілік жазирасының шетінде, Шошқакөлге бұрылар тұста тұрыппыз. Ұлы Жібек жолы жосылып жататын жазық қой. Жол жиегіндегі «Қымыран» деген жарнама-жазбаға алаңдай аялдағанбыз. Шағындау үйшікке қарай аяңдағанбыз. Біздің ат басын бұратындығымыздан хабардар болып үлгерген Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек, «Отырар алқабының» бас редакторы Зайыр, Шілік ауылдық округінің әкімі Айдархан мырзалар күтіп отырыпты. «Бұл түйе дегеніңіз – ұлық түлік. Түйесі бар ауылдың адамдары қызыл шырайлы келеді. Әдетте түйені онша көп соймайды, бірақ етінің құнары басқаша болады. Маңызы сорпаға шығады. Өркешін айтсаңызшы, өркешін...» деп бір тоқтады шешендігімен аты шыққан Жақсыбек.
«Мынау үйлесімді үйшік – «Гүлмайра» шаруа қожалығының қымыран сататын бекеті есепті. Түйе баяғы бір «Темір» сынды керемет кеңшарлардың дәуірлеуі дәуренінен кейін енді-енді ғана көбейіңкіреп келеді. Қымыранға қараңыздар», деп және бір әуендетті әкімнің орынбасары. Қымыраныңызды құныға, қызыға сімірдік. Шілденің шіліңгірінен шөліркеп, ыстықтан қатты солықтап қалыппыз. «Неғып шешенсініп отыр демеңіздер, өзі бүгін бұрынғыдан да көбірек көпірмектің сәті түсіп тұр. Ауданымызда мейман жауған күн болатын ыңғайы бар. Астанамыздан Парламент Мәжілісінің мықты бір депутаты, оның үстіне облысымыздан «Нұр Отан» партиясының бір топ жетекшілері және біраз мекемелердің өкілдері келе жатыр», деді Жақсыбек. «Онда сіздерге рұқсат, бізге мына әріптесіміз де жетеді», деп Зайырды ишараладық. «Түсінгендеріңізге рахмет», деп Жақаң қуанып кетті.
«Гүлмайра» шаруа қожалығының сексеннен аса сарықоңыр түйесі бар екен. Қожалықтың қожайыны Оразалы Мұстафин кеңшар тарағалы түйемен айналысады. Әкесі Файзолла «Шілікте» парторг болыпты. Оразалының өзі жақында ғана он миллион теңге несиеге қол жеткізіп, қымыранды «пәкеттеп» сататындай жағдайға жабдық іздеп, жолаушылап кетіпті. Зайыбы Гүлшат та сонау Төрткүл жақтағы қымыран сататын бекетте жүріпті. Шіліктегі үйшіктің тірлігін үйлестіріп отырған Орынша он бірінші сыныпқа өтіпті.
«Сауылатыны оншақты түйе ғой, – дейді Орынша қызыңыз қымыранды бір қозғап қойып. – Жылына жиырмашақтысы боталайды. Боталар көбінесе қорада қамаулы тұрады. Енелері жайылып жүреді. Сауар сәттерде айдап келеміз. Азанда, түсте және кешке сауамыз. Күніне жеті-сегіз литрдей. Әрбір түйеден. Кей-кейде күн райына, жайылуына байланысты бес-алты литрге түсіп кетеді. Үш емшегін сауып, бір емшегін ботаға қалдырамыз. Түйені кім сауады дейсіздер ме? Бәріміз сауа береміз ғой, ағай. Мамам – бас сауыншы. Мен де сауамын. Оныншыға өткен інім Тұрмахамбет те сауады. Әпкелерім де сауа беретін. Қазір Гүлмира әпкем Шымкентте, Гүлшахира әпкем Алматыда. Тұрмахамбеттен кейінгі Нұрмахамбет те сауа береді. Он екі жастағы сіңлім Гүлмайра да жуас інгенді сауып үйреніп жүр».
Мұстафиндердің май татыған бал қымыранын білетіндер, алыстан келіп алатындар аз емес секілді. Бір-екі жерде бекеттері бар. Көбінесе әрбір литрін 150-250 теңгеден Шымкенттегі қымыз-қымыран сататындарға апарып өткізеді.
Көп жылдар бойы мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зоотехник, бас зоотехник, аумақтық басқармада майталман маман болып еңбек еткен Тұрғынбай Егемберді мырзаңыз бүй дейді: «Бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар ауданында жарты миллионға жуық қой, 16 мың ірі қара, 5 мыңдай түйе бартұғын. Асыл тұқымды қаракөл қой сапқоздары үшеу еді. Бір тәуірі, әйтеуір, Көксарайдағы «Жомарт» өндірістік кооперативі сол асыл тұқымды қаракөл қойын сақтап келе жатыр. Пайдасы өзге қойдан азырақ, өздеріне тиімсіздеу болса да. Алғаш 400-500 еді. Бүгінде 3000-ның үстінде. Рахмет оларға!»
Тұрғанбай отағасы тұп-тура зейнеткерлікке жасы ілінген күні демалысқа шыққан сиректердің бірі екен. Күрсінуі көбірек. Зейнеткерлікке ертерек кетіп қалғанына емес. Мал шаруашылығындағы осы күнгі олқы тұстарға опынады. Әнекиіңіз, әжептеуір көбейіп үлгерген қойдың әрбірін шаруаларыңыз жетпіс теңгеге қырықтырады. Сол есіл жүнді өткізетін жер, алатын адам жоқ. Қойдың жүні де, түйенің жүні де бостан-босқа рәсуа. Қырқымнан кейін қырғын өрт. Жүнді жабыла өртейді жұртыңыз. Бұл – біздің жақтағы үлкен мәселе, ділгір діт. Қырқылмай деміккен қойды да, жүні жұрқалана салбырап, шудалана шұбатылған қоңырқызыл, сарықоңыр, бозғылтсұр боздаған түйелерді де жиі ұшыратасыз. Ойсылқарадан обал-ай. Дейсіз.
«Қызылқұм ауданының аты Отырарға айналмай тұрған анау заманда бұл аймақ малымен мәшһүрленген. Оның ішінде түйесімен де, – дейді Тұрғынбай. – «Темір» кеңшары ше? Түлік төресі түйемен күллі Кеңес Одағына белгілі еді. Яхия Бошаев сынды басшысы болған. Әлгі, білесіздер ғой, Айтбек Мұсаев ше? Бәрі сол жылдарда дүркіреген. Менің әкем үлекті де, маяны да сол «Темірден» қайықпен әкелгені есімде. Онда тіпті түйе зауыт құрылғантұғын. Асыл тұқымды. Сол асыл тұқымды түйе зауытының озаттары Мәскеуіңізге барып, көрмеге қатысқан. Жеке қожалықтарда енді-енді екпіндеп келеді ғой. Бірақ, жаңағы жүн мен тері секілді қымыранды да өткізу өте қиын».
Аудандағы ауыл округтері бойынша байыптасаңыз, Қоғамда Қосмырза Құрманбеков, Маяқұмда Бақтыбай Байымбетов, Серікбай Медетбеков, Отырарда Сәбит Ержанов, Баян Нарбекова, Жарылқады Шорахметов, Қарақоңырда Сейітхан Шопанбаев, Кәрібай Молдабеков, Қарпысбай Құдабаев, Көксарайда Сапаркүл Машырыпова, тағы басқалар түйе шаруашылығымен айналысады. Осылардың арасынан Отырар ауыл атырабындағы Баян ханыммен сұхбаттасудың сәті түсті.
Баян Мамырбекқызы Нарбекова Алматыдағы халық шаруашылығы институтын 1975 жылы есепші-экономист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Әйдік әкіміңіз, біраз уақыт министр болған Бердібек Сапарбаевпен бір курста бірге оқығанын мақтан тұтады екен. Жұбайы Мұратхан Дайырбаев талай жыл кеңшар басқарған. Бертініректе мәслихат хатшылығына сайланған. Ауыл шаруашылығының айтулы маманы. 1999 жылы Елбасы кәсіпкерлікке мықтап көңіл бөлмекке шақырғанда Баян Нарбекова қоржын сауданы қанағат тұтып жүрген. 2001 жылға қарата «Төребек Д» деген ЖШС ұйымдастырды. Мұратхан мырзаңыз кеңшар директоры, мәслихат хатшысы кездерінде де шенеуніктерше шіреніп көрмепті. Қызметтен келе сала киімін ауыстырып, қара жұмысқа кірісіп кетуші еді. Деседі. Қызылқұм жұрты. Қолынан күрек пен кетпен түспейтін. Бүгінде бұлардың үй-жайы Шәуілдір ауылы бойынша бау-бақшалы, мәуелі шарбағымен айрықшаланады.
Қайбір жылы Баянның өт жолы қатты ауырды. Бір бие, бір түйе алды. Бал қымыз бен балғын қымыранды қалай әзірлеуді ерінбей үйренді. Өзі сауды. Биенің сүті барлық уды алып кетеді. Қымыран асқазан, ішек-бауырды нығайтады. Қарақоңырдағы түйе зауыты тарағанмен, содан қалған асыл тұқымды қоспақтарды жинай бастады. Баян ханымыңыз төрт қызы мен бір ұлына жаман-жұман он көйлек жиғанша, жалғыз да болса жақсы көйлек киіңдер дейді. Өзгелер тастап кеткен 48,5 гектар жерді игеруге кірісті. Түйені он беске жеткізген. Арыстың бойына шит септі. Патенттік жүйе бойынша сексен пайыздық жеңілдікке жетті. Жылына 9-11 миллион теңгеге дейін табыс тапты. Алайда ақша дегеніңіз, абайламасаңыз, сылдыр су екен. Малға айналдырды. Түйені Түркменстаннан КамАЗ-бен тасыды. Асыл тұқымдыларын. Қайбір ғасырларда Ұлы Жібек жолымен осы Қызылқұмнан Бактрияыңызға айдалып әкетілген қызылқоңыр қоспақтардың ұрпақтары шығар. Бек бәлкім.
Қазір Баянның Отырардағы шаруа қожалығында 300-ге тарта түйе бар. Аналықтары жүзден асады. Тек түйемен шектелмес. 350 сиыр өсіреді. Аудандық, учаскелік ауруханаларды, мектеп-лицей интернаты мен балабақшаларды сүтпен қамтамасыз етеді. 2005 жылдан бастап малды асылдандыру бағдарламасына өтті. Сиыр етінің сатылуы жаман емес. Үкімет 60-70 пайыз субсидия төлейді. Жанар-жағар майдан жәрдем береді. Қырықшақты отбасын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Төребек Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, оның басшысы Баян Нарбековаға алғыс айтатындар аз емес. Алғашқы жылдары салық комитетіне 34 мың теңге төлеуші еді. Қазір бұл көрсеткіш 6-7 миллионға жетіп жүр. Техника, тағысын-тағы құрал-жабдықтар жеткілікті.
Түйе жарықтық жантақшыл. «Жантақ бір жыл тұрса – пұл болады, жоңышқа бір жыл тұрса – күл болады», дейді қызылқұмдықтар. Өкінішке қарай, осы Баяндайын баршаға белгілі кәсіпкеріңіздің өзі жиырма түйені ғана сауады. Көбірек сауар еді. Оған мүмкіндік мол. Бірақ қайран қымыранды өткізетін жер жоқ. Азын-аулақ бөлігін аудан ішінде, ауыл арасында сатыңқырайды. Облыс орталығына – Шымкент шаһарына күн сайын жүз литрдейін жібереді. Жеке сатушылар 150-250 теңгеден қабылдап алып, өздері 350-400 теңгеден саудалайды. Шіркін-ай, қымыраныңызға қырын қарау қашан түзелер екен?! Қадірін біліп, қасиетін бағалауға жетерміз бе?! Деп күрсінеді Қызылқұм мен Созақтың түлік төресімен төтелей айналысатын адамдары. Әлдебір атқарушы органдардан шынайы патриот басшылар табылып, үйлестіріңкіресе, жанашырлық танытса, әйтпесе әйдік бір кәсіп иелері шығып, Қызылқұм мен Созақтың қымыранын қамқорлықпен қабылдап алатын арнайы орын ашса, миллионға жуық тұрғыны бар, арақ-шарапсыз тойларға бетбұрыс жасай бастаған Шымкент шаһарын тап осы Отырар мен Созақ аудандары қымыранмен толыққанды қамтамасыз етер еді. Деседі. Баян ханымдарыңыз бен Оразалы, Совет сынды мырзаларыңыз. Әзірше бұл – арман. Әзірше қымыраныңыз да, сіздің тілшіңіз өткен жылғы шілдеде жазған қымыз сияқты, түрлі-түрлі жерлерде, түрлі-түрлі жағдайларда, қиқы-жиқылау киіз үйлер мен аңғал-саңғалдау үйшіктерде, қалқима қалқаларда, күдіктілеу сапаларда саудаланып жатыпты. Обалы нешік, жылдан-жылға тазалыққа, тектілікке, мінәйі мәдениеттілікке, шынайы әдептілікке, әдемі салт-дәстүрге ұмтылыс байқалады. Алайда, ақшаға құнығып, кері кетушілік те аз емес-ау, аз емес.
Қымыранды айтасыз-ау, тұтынушысы, жоспар-жобасы, субсидиясы, жалпы алғанда, жолға қойылған деп саналар сиыр сүті мен етінің өткізу жағдайларында да шешілмей келе жатқан мәселелер шаш-етектен. Сүт сапасын, ет деңгейін анықтамақ азапқа айналатын кездер боп тұрады. Сүт цехы, мал соятын цех жоқ. Баян Нарбекованың басты армандарының қатарында шағын да болса сүт цехын, мал соятын цехты және баклашка мен пакет қапшық, құты жасайтын цех ашу жоспарлары баршылық. Жақында облыс орталығында аса пайдалы семинар өтті. Ғылыми-тәжірибелік деп аталғаны қуантады. Облыстағы тиісті салалардың басшылары, небір ғұлама ғалымдар ойларын ортаға салды. Бәрі тамаша. Ғылыми тұжырымдар, ғылымға негізделген болжамдар шеккі дей алмассыз. Алайда тікелей тәжірибеге енгізу, іске асыру, жүзелеу жағы бұлдыраңқырап көрінетіндей. Солай сезілді. Басқаларды кім білсін, батыл істердің басында, бейнеттің бел ортасында жүрген Баяныңызға солай сезілгені рас.
Қоспақ түйенің еті көбірек. Қылқи түйе сүтті молырақ берер. Баяндар етке түйе соймас. Сирек жағдайда ғана, мәжбүр кездерде ғана болмаса, төре түлікке пышақ тигізбес. Бестораңғылдың, Сыр мен Арыс бойындағы бұйратты биіктердің, жазық жазиралардың жантағы жетіп-артылар. Биыл жемшөп жағы жақсы. Былтырғыдан екі еседей арзан. Түйе қорасын қайта салып, қамданып-ақ жатыр. Келесі жыл күтпеген, қиын мінез көрсетуі мүмкін. Түбінде қымыз бен қымыранның қасиеттері өз бағасын алар. Теңдесі жоқтығына көз жетер. Ол кезде қазекемнің кеш қалуы да бек бәлкім. Бәр-бәрін басқа біреулер иемденіп, бәсіре-брендтеріне айналдырып алмақшы деген де әңгіме бар. Жел тұрмаса, жантақ басы тербелмес.
Сәске-түсте Совет Ержан мырзаның нығыздалған шөпті қаттап жинап жатқан ауласында болдық. Совет мырзаңыз советтік заман тұсында талай-талай бюроның қарауында қара терге түскенімен, қайсарлығынан танбаған мамандар қатарынан саналады. «Жоспар үшін жерді қинап, ақпар үшін елді азапқа салған Шарамконың шатағын да бастан кешкен бейбақпыз», дейді ол. Бүгінде бұ кісі де – түйе өсіретін «Ғани» шаруа қожалығының ақылшы ақсақалы. Алпысқа жуық ойсылқараның жиырмадан астамы – інген. Үй-жайдың ішін бітіріп, сыртын әктей бастаған Ботагөз келін шелегін ошаққа сүйей салып, қымыран әкелмекке жүгіріп барады. КамАЗ мәшинесінен бумаланған шөпті түсіріп, тасып жатқан жігіттердің бізге қарайлауға мұршалары жоқ. Совет мырза да сол совет кезінде жүгері егісінде күні-түні аш жүріп, асқазанын құртқан. Содан ілмиіп бара жатқан соң жалғыз түйе сатып алған. Бірер жылда үшеуге жеткен. Ауру-сырқауларды былай қойғанда, ауданның пәпкі ұстарлары қылқи түйенің қымыранын аңсап, қылқиып келіп тұратынға айналған. Зайыбы Аманқыз қабақ шытуды білмейді екен. Өзінің асқазаны қымыраннан құлан таза жазылған. Қой-ешкіңіз бен сиырыңыз мұрын шүйіріп, мүлдем менсінбейтін тікенек шөптің бәрін түйе жейді ғой. Жантақ, шеңгел, қарасора, алабота, т.т. және т.б. Қолға қарамас. Қысы-жазы жайылар. Су да сұрамас. Өздері келіп, сауғызып алып, маң-маң басып жайылымға жөнелер маялар да кездесер. Совет Ержанның шаруашылығы шағын. Сонда да жақында үш адамды жұмысқа қабылдады. Біреуі механизатор, екіншісі бақташы, үшіншісі сауыншы. Несиеге «МТЗ-80» тракторын алған. Өз жағдайы жаман емес. Өкініштісі сол, көп адамдар азын-аулақ жер телімдерін игере алмай қалды. Қайран да қайран суармалы егістіктер бос жатыр. Тікенек басып. Жері барлардың өзі не егуді білмей дал болады. Бәрі бірдей бір ғана дақылды егіп, өткізе алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Өнім өндірушілердің жұмысын сәл-пәл болса-дағы жүйелеу, реттеу, үйлестіру жөнінде қай тараптардан-дағы олқылықтар басымырақ. «Бірте-бірте жөнделер, неғыпты сонша... Қымыран алсаңыздаршы», деп қояды Совет дос.
Қызылқұмның қымыраны. Қайран қымыранды, сөзіміздің басында әдейі келтірген сақ сұлуы – Қызылқұмның қызылшырайлы, қыпшабел қызы ұсынған құнарлы сусынды сол бір ежелгі, көне ғасырлардағы жаралы жауынгерлеріңіз де құныға, құмарта ішіп, құлантаза жазылған. Күні кешегі кеңестік кезеңдерде кемеңгер қаламгеріміз Мұхтар Әуезов Қызылқұмды, Отырар шаһарының орнын, қирандысы көмулі Көкмардан төбені көргенде, әлсін-әлсін қымыраныңызбен шөл қандырған. Бір шеті сәл ғана көтеріліп тұрар сүйкімді ернін баппен сүртіп, қымыранға қайта-қайта қарайды екен. Сол Мұхаң «Қырғи тілді Асқаржан» деп атаған атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов осы Қызылқұм мен Созақты көп аралаған. Ол тұста арақты ішу емес, ішпеу айыпқа саналған жерлер де болған. Асыра сілтеушілік нормаға айналған. Тоқмағамбетовтің тобындағы жеңілтектеу бір інісі арақ пен қымыранды «тең праволы түрде ішемін» деп соққан ғой, баяғы. «Өкең сілтеп арақ пен қымыранды; Түніменен дөңбекшіп ыңыранды. Ақырында ағарған уды жеңіп; Әйтеуір әзер-әзер тірі қалды», деген шумақты шайыр Асқарыңыз сонда шығарыпты. Бұл өлеңнің өзге де варианттары бар. Оларды осындағы әріптес ініміз Әбдімәлік көбірек біледі.
Қайран қымыз бен қымыран қазақпен бірге жасаса берер. Бейнетіне көніп, салт-дәстүрлерімізді сақтап, жаңашалау жол-жобалар тауып, қолымыздағы қымбаттарымыздың қадіріне жетіп, қасиетін қастерлесек, кәнеки! Бәсіре-брендтерімізден айырылып қалып жүрмесек, болғаны да, әйтеуір...
Алыста Көкмарданның көгілдір сәулесі мұнартады. Оқсыздың тұсында бір шөкім бұйра бұлт қалқып барады. Сол маңайларда маңдайы жарқыраған бала дарын, болашақ данышпан Әбу Насыр Әл-Фараби де құлдыраңдай жүгірген. Қымыран сімірген. Торсық шекесіне сұқ саусағын тіреп, кенет ойлана қалатындай бейнесі елес берер. Жолсерігіміз Бақытжан екеуміз қайтарда Ұлы Жібек жолынан Шошқакөлге бұрылатын бұтақтың бойындағы «Қымыран» деген жарнама-жазудың жанына аялдадық. Таңертең татқан «Гүлмайра» шаруа қожалығының қымыранын қайтадан аңсап қалғандаймыз. Орыншадан үш-үш литрден қымыран сатып алдық. «Келіп тұрыңыздар!» деп қояды елгезек қызыңыз.
Бақытжанға: «Қажымұқан атаңыз осы Шошқакөл деген атауды онша жақтырмаған көрінеді. Жүдә бомағанда Қабанкөл деп өзгертуді ұсыныпты деседі. Қазақ шіркін Қажымұқанына да құлақ салыңқырамай, салғырттанып, Мұңайтпасұлына дейін мұңайтқан ғой», дедік. Бақытжан бала күлімсірей күрсінді. Шілденің шалығы басылатын емес. Шілік жазығының үстінде теңіздің теңбіл-теңбіл толқынындай сауыс-сауыс сағым ойнайды.
Алдымызды қызылқоңыр қылқи түйе кес-кестеді. Алғашқыда жалба-жұлбалау киінген, қалжыраңқылау қазекем секілді көрінген. Қадала үңілесіз. Қырқылмаған жүніне, асфальт жолда шұбатылған ақшыл шуда арқанына қарамастан, тым маңғаз. Титтей менсінбейді. Амалсыз айналып өтесіз. Өркеші тіп-тік. Рухы жығылмаған өршіл жандай ойсылқараға қызыға таңырқайсыз. Өткен ғасырларға өкінішсіз, осынау озық заманыңызға опыныссыз, келешектің кенеркөгіне күдік-күмәнсіз көз тастайтындай. Түліктің төресі. Қымыранның қайнары. Көнбістіктің көкесі. Төзімталдық тектісі. Сезімталдығын сездірмес...


ТАРЫЛМА, ТОЗБА, ТҮЛКІБАС...
немесе құт мекеннен мейір қашып бара ма?

«Адамзат баласы мен жер бетіндегі тіршілік атаулының түбіне жетіп тынатын мысалдарды, тәсілдерді күн сайын көзіміз көріп жүр. Сонда біз нені, қалай жазбақпыз?"
Гюнтер ГРАСС,
неміс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты.


Сөзіміздің «біссімілләсін» неміс жазушысының түңіліске толы пікірімен бастадық. Әдейі. Қазіргі кезде күллі әлем жазушыларының шығармаларында да, өздерінің болмыс-бітімдерінде де, сұхбаттарында да адамзат пен оның сана сапасы туралы, жер шарының, табиғат-ананың тағдыры жөнінде торығушылық басым.
Ол – ұзақ та ауыр әңгіме.
Бірақ біздің айтпағымыз – бұл емес.
Туған ауданымызға биылдыққа бір-екі мәрте барып ек, бірер жағдаяттар бұрынғыдан да еңсемізді езіп жібергендей күй кештік. Қаламгер дейтін атымыз болған соң жүрек сыздатар мәселелерді жазу – міндетіміз. Тиісті тұлғаларыңыз, жұртшылығыңыз тыңдай ма, жоқ әлде құлақ қоймай «мимо қарай» ма, өздері біледі. Біздікі: «Айтпақ – парыз» дегендік.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс ағатайымыздың Шерхан Мұртаза сынды шеберіміз тәржімалаған «Боранды бекет» романын білмейтін замандастар кемде-кем шығар. Сонда ғой, Едігедей ерен еріңіз Қазанғаптай қайран досының денесін Ана-Бейітке жерлей алмай, алапат азап шегеді. Мәңгүрттер мен мәңгүрттіктің кесір-кесапатынан жігері құм болады. Қаншама қорлық көріп, сансырап, ақыр соңында Едіге сорлы лажсыздан тосын шешімге келеді. «Әй, жігіттер, құлақ салыңдар, – деді ол. – Адам-атаның әдет-ғұрпына, табиғаттың заңына қарсы бармаңдар! Өлікті зираттан алып қайту деген өмірі болған емес. Жерлеуге алып шыққан адамды жерлеу керек. Басқаша жол жоқ. Міне мынау Құмдышаптың жары. Бұл біздің Сарыөзектің жері! Осы Құмдышапта Найман-Ана өзінің әйгілі жоқтауын айтқан. Мына Едіге шалдың сөзін тыңдаңдар. Қазанғаптың моласы осы жерде болсын. Маған да топырақ осы жерден бұйырсын. Құдай қаласа, мені өздерің жерлейсіңдер. Бұл менің сендерге айтар арызым. Ал қазір, күн кешкірмей тұрғанда анау жардың қақ басына марқұмды жер қойнына берейік!»
Соншама сандалыс көріп, амалдары әбден таусылған, Ана-Бейіттері арнайы ғарыштық зона аумағында қалғандықтан, Қазанғаптай асылдарының мүрдесін мүдделі мазаратқа орналастыра алмаған Едігенің шешімі еді бұл.
Шыңғыстың «Боранды бекеті» «Молодая гвардия» баспасынан 1981 жылы, біздегі «Жалын» баспасынан 1986 жылы жарық көрген. Алғысөзінде Айтматов: «Барша «космологиялық» хикаяны мен жер бетіндегі адамдарға қатер төндіріп тұрған ситуацияны әсірелеу арқылы жандандыра көрсету мақсатында ойдан шығардым», – дейді.
Бұдан ондаған жылдар бұрын данышпан жазушымыз осыларды ойдан шығарса, соған ұқсас жағдаяттар бүгінгі тіршілігімізде тұс-тұстан анталай бас көтеріп жатыпты. Гюнтер Грассты төңіректеп, Айтматовты айналсоқтап, айтуға аузымыз барыңқырамай отырған, ойымызға зілмауыр салмақ салып, кетпей жүрген бір мәселе – мынадай.
Түлкібас ауданындағы, Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен ауылдың зиратына сол маңайдағы көршілес және бір үлкен ауылдан марқұм болған кісіні жерлеуге апара жаттық. Жол-жөнекей күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгіме шықты.
«Не дейсің, бұл мазаратқа ендігі жерде көрші ауылдың адамдарын қойғызбайтын бопты...»
«Иә-иә, өзіміз куәміз ғой. Тіпті орын көрудің өзіне де жіберместен, бейіт қоршауының есігін ашпай, қиын болды...»
«Ойбай, марқұмның моласын қазуға келгендерді жолатпады. Ауыл ақсақалдарымен, молдамен келіссөз жүргізіп, әзер көндірдік...»
Күбір-сыбырдың анық-қанығына жетпек ниетпен қосымша біраз кісілерден сұрауға мәжбүрлендік. Бәрі рас екен. Аталмыш әңгімені жергілікті басшылар да анық естіді. Көпке созбай, көрші ауыл үшін бейітке арналған жер бөлу, немесе мына мазарат аумағын кеңейтуге мүмкіндік қарастыру жөнінде әжептеуір сөз болып еді.
Өкінішке қарай, осы жақында ғана, жаз ортасы ауып, жоңышқаның екінші орымы көкорайлана тербеліп тұрған шақта тағы да сол мазаратта, тағы да әлгіндей әңгімелердің салмағына жанышталған жағдайды бастан өткердік. Қыс аяғынан бермен қарата басылмаған әңгіме, шешімін таппаған мәселе жанды ауыртты. Ауыр-ауыр сауалдар, қарауыта қабарған қабақтар, жүдеу жүздердегі қатпар-қатпар әжімдер, жаутаңдаған мұңды жанарлар «Боранды бекеттегі» Едігені елестеткендей әсер еткенін қайтіп жасырайық.
Сырттай қарағанда, «мазаратымызға өзге ауылдан адам жерлетпейміз» дейтіндердің қылығы қатыгездік сияқты сезіледі. Тіпті мұсылманшылыққа, имандылыққа жат әрекеттей көрінуі де бек мүмкін. Алайда ол ауылдың адамдарын да кінәлау қиындау. Оларды да түсінуге болады. Бейітті байқап қарасаңыз, бұған көзіңіз анық жетеді. Мазарат қоршалып қойылыпты. Бос жатқан бөлігі бірте-бірте тарылып барады. Шығыс және батыс жақтары сайлы-жыралы боп кетеді екен. Ал, қоршаудың астыңғы, ойпаң жағында үлкен арық ағып жатыр. Үстіңгі жағы – тербелген көк жоңышқалы егістіктер. Әрине, олардың иелері бар. Қазіргідей уақытта, жерге деген қызығушылық қана емес, құнығушылық пен қанағатсыздық та өршіп, өрекпіп тұрған кезенейлі кезеңде ешкім де егістігін, жайқалған жоңышқалығын қайтарып бере қоймас. Ол үшін көп жұмыс істеуге тура келеді.
Жерге жанкештілікпен ұмтылатындар бар. Нешеме гектарлап жер алғанымен, тойым таппастар тіпті де аз емес. Ұмтылыс майданында ұтқандар да, ұтылғандар да көп-ақ. Елбасыңыз күні кеше де айтып жатыр ғой, кезінде қаншама жерді қараулықпен қармап қалып, енді соларды шетінен шертіп сатып, кертіп жеп, керемет байып кеткендер жетіп-артылады деп. Біздің ойымызша, тым жұмсақ айтты...
Жансауғалық жерге де, тіпті тәртіп бойынша тиесілі телімге де жете алмай, телмеңдей телміріп жүргендер жүздеп-мыңдап саналар. Қалаңызда да, далаңызда да.
Жоғарыда бір пікірін эпиграф етіп алған жауһар жазушы Гюнтер Грасс тағы да айтады: «Байып қалыңдар!» дейтін жаңа ұранның өзге елдерде де бәсі жүріп тұр. Мұндай жағдайда, әрине, ең алдымен қарапайым еңбек адамы залал шегеді». Жасыратыны жоқ, қалаңызда да, далаңызда да жер жөнінде залал шегіп, запыран жұтып жүрген сол қарапайым еңбек адамдары, қанағатшыл қарапайымдар ғой.
Ұзын сөздің қысқасы, бүгінше басқа жағын қоя тұрып, пендешілік пен пәнилік, жалғандық жағдаяттарыңызды сәл-пәл шегере тұрып, бақилық жайына бір сәт назар жығалықшы! Бейітке жер қарастыру мәселесін мәністелікші! Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы Едігеңіз Құмдышаптың жарлауытынан болса дағы Қазанғаптай досына мола қазар жер тапты. Ал, бүгінгідей психология дендей берсе, біздің жағдай одан да мүшкілденбей ме? Түлкібас ауданындағы, Ұлы Жібек жолы бойындағы жаңағы айтылған ауылдың жағдайында не істемек керек? Жоғарыда айтыңқырадық. Мазараттың үстіндегі жоңышқалықтардың иелерімен келісіп, оларға өзге жақтан жер беріп, бейіт аумағын әлдеқайда кеңейту мүмкіндігі бар. Бірақ оған жер иелері келісе ме? Әне, гәп қайда? Көрші жатқан үлкен ауылдың ескі бейітінде бос орын қалмаған. Мазарат болады-ау деген аумақта жаңа зауыт құрылысы басталып кетіпті. Бос жер жоқтың қасы. Бәрібір, бейіт үшін орын қарастыруды, жер бөлуді жедел шешпек қажет.
Мұндай жағдай Түлкібас ауданының бір ауылында ғана емес, бірнеше ауылының басында бар. Бүгін болмаса, ертең туындайды. Мазараттарда бос орын азайып, ескі бейіттер толуға жақындап қалғанда ғана, шатақ шыққанда ғана ойланатынымыз қалай?!
Жақында сол Түлкібас ауданынан шыққан аса бір атақты азаматқа жолығып қалдық. Тұрмысы бақуат, қалтасы қалың, әрекеті де, берекеті де баршылық. «Таулы, кереметтей көркем ауылдың маңайынан бірнеше гектар жер сатып алдым, – деді ол мақтана мерейленіп. – Үй-жайлар салмақшымын. Бір шетінен бейіт үшін орын дайындамақ ой бар...»
«Ауыл үшін бе?» – дедік біз.
«Жоқ, өзіміз, өз әулетіміз үшін», – деді ол енді сәл көңілсіздене күрсініп.
«Түсінбедік», – дедік біз.
«Түсінбейтін несі бар? – деді ол одан әрмен ойға түсіп. – Біздің ауылдың орны алыс қиырда қап қойды. Ол жақтағы бейітке бізді апарып жерлей алмайды ғой кейінгілер. Ал енді біраз-біраз ауылдар өзгелерді жолатпайтынға айналыпты деп естідім. Сондықтан, қазірден қам жасамақпыз...»
Әнекиіңіз, осындай-осындай гәптер мен кептер де кездесіп жатыр.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қайсысы жөн, қайсысы жосықсыз?
Мазарат мәселесін кім шешпек? Қалай шешпек керек? Өмір барда өлім бар. Ауыл болған соң бейіт те керек.
Бүгінгіні ғана емес, ертеңгіні кім ойламақ?
Ойланбақ ләзім. Жұмыс істемек керек. Жүйелілікпен, жанашырлықпен. Түсінік жұмысы. Тәрбие мен тәлім ісі. Сөздің емес, нағыз істің адамдары аз емес қой бізде, шүкіршілік. Ал біздікі – сөз ғана. Аз ғана. Жан-жақты ойластырылған, парасатты да пайымды әрі жедел жұмыстар жүргізілмесе, қиындықтар қабыздай бермек, шиеленісті түйіндер тамырлай түспек.
«Міне, енді айырылысар сәт те соқты! – деді ішінен Едіге Қазанғапты мәңгілік орны – лақатқа жайғастырып жатып. – Сені мұншама уақыт өз мекеніңе қоныстандыра алмағанымызға кешір. Күні бойы ары-бері сандалдық та жүрдік. Жағдай осылай болды, бауырым. Сені Ана-Бейітке қоя алмағанымыз – біздің кінәміз емес... Жер жарықтық ұшы-қиырсыз, ал саған небары он сүйем ғана орын бұйырды ғой...».
Әне, осылай дейді «Боранды бекет». Қарапайым еңбек адамы Едігенің аузымен айтады мұны адамзаттың Айтматовы.
Ауданнан қайтып келе жаттық. Кенет алай да дүлей жел тұрды. Қуарып, қурап бара жатқан тау мен даланың апшысы қуырылды. Жабағылы-Үрбұлақ тауының баурайындағы биік беткейде екі-үш жылдан бері: «Түлкібасы – құт мекен» деген жазу көз тартып тұрар еді. Жолдан өткендер: «Бәрекелде!» – десетін-ді. Жер жаннатының бағасын білдірер сол үлкен жазудың бояуы оңып, бұлдырап, бұлыңғырланып, мүлде көрінбей қалған екен. «Әктей салу да соншама қиын болғаны ма?» – деп ойладық.
«Адамдардың пейілі тарылып, мейірі қашып бара ма?» – деді жанымыздағы бейтаныс кісі күрсініп. Жол жиегінде қиналып тұрған жерінен жаңа ғана мінгізіп алғанбыз.
«Неге олай дейсіз?» – дедік біз.
«Қаншама мықты мәшинелер бос өтті. Үш сағаттай қол көтеріп, қарым талды. Сіздер болмағанда... Мен сізді білемін, сіз мені танымайсыз. Осыдан жиырма жыл бұрын Көлбастау мен Шұбайқызылды қоршау, қорғау, келер ұрпақтар үшін көздің қарашығындай сақтау туралы жазғансыз...» – деді ол.
«Шұбайқызыл сияқты қызғалдақ төбе бүкіл дүние жүзінде жоқ қой», – дедік біз.
«Сіз жазған Көлбастаудың шаруасы шамалы қалды-ау, «маевкалар» биылғыдай жалғаса берсе, Шұбайқызыл да бірер жылда тақырланып таусылар», – деді әлгі кісі. Біз іштен тынып:
«Жиырма жыл бұрынғы жазғанымызды жадынан шығармаған жалғыз адамның барына да шүкір», – дедік үнсіз ғана.
Бір тәуірі, биыл бұл өңірде гүлқайыр көп екен. «Мейір жүдеген жылдары гүлқайыр жиірек өседі, пейіл тарылтпау керектігін пенделердің есіне салады», ― дейтін еді Әсем апамыз.
Ондай-ондайды сезінер ме пенделер?! Ай, қайран апам-ай...
Білім-білігіміз, байлығымыз, жеке меншігіміз, үй-жай, коттедждеріміз, сайлаулардағы «саяси белсенділігіміз», шүкіршілік, ғажайып ғарыштық өлшемдермен қарыштап, «космологиялық» деңгейлерде дөңгелеп барады-ау! Алайда пейіліміз тарылып, құт мекендерден мейір қашпағай да. Әсіресе, мазараттардың мазасын алмай, аруақтарды алаламай, алдын-ала ойланайықшы, ағай-е-ен.
«Тарылма, тозба, Түлкібас...» – дегіміз келетіні сондықтан.


АРТЫҢДА МАЛ ДА ҚАЛСЫН, ТАЛ ДА ҚАЛСЫН

Наурызда ой оянар


Наурызкөксайдың күнгей бетінде көктем пайда болғанын бірінші байқайтын балалардың бірі біз едік. Қары кетіп, буы бұрқырай бастағанда бір барып қайтатынбыз. Бәйшешек қаптап жөнелгенде және оның орнына наурызкөк гүл жарғанда, нәуірзек торғай келгенде, тағы тамашалаймыз. Құдықсайдың бір бұтағы саналатын Наурызкөксайдан қозықұйрық та көбірек табылар. Өткен жылғы шөптің қураған жапырақтары жабыса қатып, айырылғысы келмейтін ақ ұлпаны жаңа көктемнің жасыл көгі қызғана қалқалағанымен, тінткілеп жүріп тауып аласың. Алақаныңа салып, қызыға қарайсың. Құдықсайдың ойпаңына қарай ойнақтай түсіп кеткен қозы-лағыңды ұмытасың. Кенет Қиықбайдың сайынан құлын кісінейді, бие оқыранады.
Жылқышы Жуасбай көке көрінеді. Күрең қасқасына мініп, боз биесін жетекке алып келе жатады. Наурызкөксайдың аузындағы бозарыңқы бүршігі сыздаған сары долананың түбінде аттан түсіп, қызарыңқы қауызы ашылуға шақ тұрған қызғалдаққа қарай беттейді.
Қанша қозықұйрық таптың-ей, қылқа мойын? – дейді балалардың бәрімен қатты қалжыңдасатын әдетінен танбай.
Төрт-бесеу, дейсің қылқиған мойныңды жейдеңнің жағасына жасырғың келіп.
Ал, жылқышы Жуасбай көкеңіз Аққұзардың астынан қос қоржынбас қозықұйрық жинады,—дейді ол кісі насыбай шақшасын соғыстан кем боп қайтқан жамбасы жағынан алып.
Екі жеңгемізге теңдей бөлесіз бе, жоқ кішісіне біржарым қоржынбас кетіп қала ма? — дейміз жаңағы тиіскенінің қарымтасын қайтармаққа тырысып.
Жуасбай көкеміздің екі әйелі болатұғын. Бәйбішесі – Ақсиса, тоқалы – Қызылсиса. Өздерінің аттары солай ма, кейін қойылған ба, шаруамыз қанша, әйтеуір есімдері керемет жарасады. Жолдысайдың аузындағы қамыспен жабылған қараша үйінен басталатын жалғыз аяқ жолмен үшеуі орталыққа қарай шыққан шақта бүкіл ауыл кино көргендей қарап қалады. Жуасбай жылқышы Күрең қасқасының үстінде, майданнан майып боп қайтқан аяғын сәл көтеріп, оң жағына қарай ауыңқырап отырады. Сонда да сол жағына қарайды ғой, себебі Қызылсисасы қатар келе жатады. Бәйбішесі Ақсиса жүз әлде екі жүз қадамдай артта. Қашан көрсең де солай. Бұған ешқайсысы да қабақ шытпайды. Үшеуі де үнемі күлімсіреп жүруші еді, жарықтықтар.
─ Екінші кластан бастап есе жібермей үйренсең, тұра-бара не боласың, сен жуәрмек,—дейді Жуасбай қоржынынан жалпақ-жалпақ үш-төрт қозықұйрық шығарып.
Бұдан әрі бейбітқатар, біркелкі тірлікке көшеміз. Қураған бұта-бұтақтарды жинап әкелем. Көкеміз әп-сәтте шоқты жайнатып жіберіп, қозықұйрықты қозға пісіріп, тұз сеуіп отырады...
Бір-екі жыл өте Жуасбай көкеміздің кеңкілдеп күлгенін ғана емес, еңкілдеп жылағанын да көргенбіз.
Шырыштың қурайы қурап ұшқан құрғақ күзде тағы да Наурызкөксайдың күнгейінде кездестік. Ақсаңдаған күйі азаптанып, қойдың кезегін жаяу бағып жүр екен. Біз де қозы-лаққа қараймыз. Баяғыда қозықұйрық қақтаған ерке көктемді еске алдық. Мәскеудегі Хрущев жолдастың ойлап шығарған шешіміне сәйкес біздің ауылдағы, біздің ғана емес, бар-барша қазақ ауылдарындағы отбасылар бір сиыр және бес қоймен шектеліп қалған. Жылқылы ауыл саналатын, сан ғасырлардан бермен қарата жылқы өсіріп келе жатқан біздің ауыл қылқұйрықсыз қаңырап қалған.
Жуасбай көке Құдықсайдың құрғағанына да Хрущевті кіналайды. Соның әсерімен тау түкпіріндегі артельде де “тың және тыңайған жерлерді игеру” науқаны жүргізіліп, Құдықсайдың айналасындағы қалың-қалың қызыл долана, сиректеу сары долана өсетін тақия төбелер түгел жыртылып кетті. Бәрібір, бидай өспей, қызыл топырағы шығып, жыра-жыра жар мен орға айналған.
─ Анау ─ Айтбай ата шарбағы, —деген еді сонда Жуасбай жанарлары жасаурап. ─ Қазір ол шарбақ қырда қалғандай көрінгенімен, арықтың орны қаз-қалпында. Баяғыда Құдықсайдың суы оған да молынан жеткен. Қайнардың көзі азайса-дағы, қазіргідей тартылмас еді, Құдықсайдың табаны құрғамас еді, тақия төбелер аман тұрғанда.
Құдықсай қасіретін қалыңдатып айтып отырғанының бір жағы атынан айырылып, қор боп қалғандығынан. Боз биесін бүкіл тұқымымен тұздай құртып, айдап әкеткен. Қайда дейсіз ғой? Етке. Күрең қасқасын Жуалы асырып жасырғаны ғана жұбаныш.
─ Ай, атаңа нәлет-ай, “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деген рас екен дә. Қарашы, Айтбай атаның жиделерін ешкім етке өткізе алмайды ғой, — деді де, көкеміз кенет жылап қоя берді. ─ Жылқы жарықтық құрыған соң, киелі нәрсенің бәрі кирелеңдеп, құрымаққа кетеді екен дә. Кеше неше күннен бері нәр сызбаған соңғы құмайым Жолдысайдың басында жантәсілім етіпті...
Жуасбайдың құмайы өлгеннен кейін біздің ауылда тәуір тазы бола қойған жоқ.
Құдықсайдың табанындағы тасып аққан суды соңғы көріп қалған балалар ─ біздерміз.
Ғасырларды ғасырға жалғап келе жатқан Айтбай ата шарбағы жиделерінің де бірте-бірте жұлма-жұлмасы шыққанына куә болдық. Қиықбайдың сайынан көп жылдар бойы құлын кісінемейтінге айналған.
Наурыз мейрамының қарсаңында қалай да ауылға бір барып қайтуға тырысамыз ғой.
Жаңа, жиырма бірінші ғасырда біздің ауыл қайтадан жылқылы ауылға айналды. Шүкіршілік. Бірақ, Құдықсайдың табаны тақырлау, сусыз. Қиықбайдың сайынан құлын кісінейді. Бірақ, баяғыдағыдай қозықұйрық жоқ. Айтбай ата шарбағының жиделері, кәрі тамырлардан қайта көктеп шыққаны бар, бұрынғылары бар, шоқ-шоқ бозғылт шұғыла шашыратады.
Жуасбай көкеміз қозықұйрықты қақтап жеп болып, мұртын баппен сүртіп, ақ қалпағын киіп, Күрең қасқасы мен боз биесіне қарата ақсаңдап бара жатып айтар еді-ау, баяғыда:
─ Наурызда Самарқанның көк тасы ериді, — деп.
─ Самарқанды көріп пе едіңіз? – дейтінбіз біз.
─ Мен болмасам, болыс аталарым көрген, — дер еді ол кісі.
Наурызда, Наурызкөксайда неше түрлі ой оянар...
Қасымдағы Қалыпбек құрдасымнан сұрадым:
─ “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” дегеннің мәнісін білесің бе? – деп.
─ Дұрысы қалай өзі? “Артыңда” ма әлде “атаңнан” ба? – деп қарсы сұрақ қойды ол.
─ Баяғыда тап осы жерде Жуасбай көкем жылап тұрып осы мақалды айтып еді. Ол кісі: “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деген.
Қалыпбек ойланып қалды.

Мақалдың мәнісі
─ “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын”, немесе “Атаңнан мал қалғанша тал қалсын” дегенді құлақ шалған,—деді құрдасым біраз ойланғаннан кейін. ─ Сенің әкеңнен тал қалып еді, ауыл төменге көшкен соң мал жеп қойды, ал артында малды молырақ қалдырғандардың балалары қиналмастан, қатарға қосылып кетпеді ме?
Енді біз ойландық.
Қалаға келген соң Абайдың қара сөздерін қарадық.
“Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылықққа жарамайтұғыны да бар”, ─ дейді данышпан атамыз. ─ Әуелі “Жарлы болсаң, арлы болма” дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпен мал тап деген сөз болса, ─ ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек ─ ол арлы адамның ісі”.
“Қалауын тапса қар жанады”, “Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ” деген ─ ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы, ─ дейді одан әрі Абай. ─ Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой”.
Ары қарай Абай бүйдеген: “Атың шықпаса, жер өрте” дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? “Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол” дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды? “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны”.
Жиырма тоғызыншы сөзінде бірталай мақалды талдаған теңдесі жоқ ойшыл осылай дейді. Бір қызығы сол, Абай мақал саралағанның өзінде мал, мал таппақ, мал сұрамақ мәселелеріне соқпай өте алмаған. Мұны көкейге бір түйіп қойдық.
Мақалымыздың мәнісі туралы Амантұр дейтін сексеннің сеңгірінен асқан ағамыздын сұрап көріп едік, елгезектігінен жаңылмастан, екпіндей сөйлеп, біраз жерге апарып тастады: “Айналайын, мынадай да мақал бар, “сиыр қартайса ─ соқпақшыл, кісі қартайса ─ тақпақшыл” дейді. Сондай “тақпақшылдың” бірі деп сұрап отқаннан саумысың? Менің ойымша, мақалыңдағы мал ─ материалдық байлық, тал ─ рухани байлық.Мал-мал дей берместен, мал боп кетпестен, бұлбұл сайрайтын бау-бақшаға, яғни руханиятқа көңіл бөл дегенді білдіреді”.
Ақыл қалтамыз санайтын абыз ағамыздың бірі, соғыс және еңбек ардагері, жазушы Әдіһәм Шілтерханов болса, мүлде басқаша ой қозғады. “Шырағым, қазақта ондай мақал жоқ, ─ деді Әдекең. ─ Халықтың шын жүрегінен, шынайы ділінен шыққан сөз емес ол. Бәлки, бұлғақты кезеңдерде белгілі бір мақсат үшін, ұран үшін ойлап табылған, сөйтіп барып құлақта қалып қойған болар. Кейбір өңірді, жалаңаш жерді, көгеріссіз елді көгертуге, бау-бақша орнатпаққа керек етілген нәрсе ғой”.
Тағы да бірқатар үлкеннен де, кішіден де ой суыртпақтап, пікір тартып көріп ек, көпшілігі осы екі кісінің төңірегінен табылды. “Мал – көшпенділіктің, тал – отырықшылықтың белгісі болар”, ─ деді бір дәрігер жігіт. “Шынында да ойланатындай мәніс бар, ─ десті бәрі де. ─ Қалай болғанда да жиі айтылатыны рас қой”.
Наурыз мейрамы қарсаңында біз пақырыңыз баяғыша сол қасат қардың қалың қабаттарын бұзып ағатын бастау-бұлақтарды, олардың көздерін тазалайтын текті жұртты, қайнарлардың арыққа бұрылатын тұстарындағы тегістіктерге жас көшеттер отырғызылатын жан тербейтін жаймашуақ күндерді, қыр көкірегінде ойнақ салған қозы-лақ пен құлыншақты, бұйра құмда бозінгенге еркелей бұлғаңдайтын ботаны елестетеміз. Қалай дегенде де тал мен мал қатар келеді көз алдымызға. Әсіресе, Наурыз кезінде.
Сонымен, Абай атамызша қазақтың бірталай мақалын быт-шыт қылмасақ та, бір мақалының мәнін сәл-пәл өзгертсек қайтер еді осы? Деп ойладық.
Тал турасында толғансақ

“Мың бір хадисте”: “Егер мұсылман кісі жеміс ағашын отырғызып, одан адам, хайуанат, немесе құстар дәм татса, көлеңкелесе, мақшар күніне дейін садақатты сауапқа қалады”, ─ деп жазылыпты. Тағы да сол хадистерге құлақ түрсек, тал-терек, ағаштың саясы, салқын көлеңкесі турасында да айтылған жағдаяттар аз емес. Момын адамға дүние салғаннан кейін сауабы тиетін көп жақсылықтың қатарында қазған арығымен, шығарған суымен бірге еккен талы да ерекше аталады.
Айтып-айтпай не керек, кейінгі жылдары қалың ормандар ғана емес, талы селдірлеу, дарағы сиректеу өңірлер де өртке оранып, таулар тұтанып, ағаштар азайып барады. Тіпті әлдекімдер әдейі ғана ұйымдастырып, қазекемнің көсегесі көгеріп келе жатқанын көре алмастан, іштарлық жасап жүрген жоқ па екен деп те уайымдайсың! Былтыр іссапармен Семейлетіп Өскеменге барғанбыз. Екі қаланың арасындағы қызыл қарағайлы, орманды алқаптардың көп-көп тұстары тұтас жанып кеткен. Қарағай емес, қара күйеге айналған, сорайған, құлап жатқан өлі діңдерді көргенде көкірегің удай ашып, жүрегің сыздайды. Өткен жылғы жазда Солтүстік Қазақстанның, Павлодар мен Қостанай облыстарының қаншама мыңдаған гектар ағашты алқаптары, орманды аймақтары өртке оранып, жойылып кетті. Біздің Оңтүстік өңірінде де әр жыл сайын Қаратаудың қапталдары қарауыта, Алатаудың баурайлары алауырта жанып кетіп жатыр. Былтыр Бәйдібек ауданының аумағындағы жосылып жатқан жондар мен жоталарды ораған от тау сілемлерінің ту-талақайын шығарып, нешеме жылдардан бері аман тұрған ағаштарды жалмап барып тыншыды. Сыр-ананың бойындағы тораңғыл тоғайлар да көп шығынға ұшырады.
Адамдар айуанға айнала бастады ма? Айналаның бәрі шіліңгір шілде шалығынан солықтап, өзінен-өзі өртеніп кеткелі тұрғанда, кеуірт шағып, от тұтатуға, темекі тұқылын өшірмей тастауға дәті баратындар кімдер?! Ойлап қараңызшы, осы шынымен-ақ табиғат-анамызға, туған жерімізге, тауларымыз бен бауларымызға әлдебіреулер әдейілеп қастандық жасамай жүр деп айта аласыз ба?
Өзге елдердей емеспіз. Біз арша мен шыршаның, тал мен теректің долананың, қайың мен қарағайдың әрбір түбін сақтауымыз керек.
Баяғы жылқышы Жуасбай көкеміз тектес кісілердің айтуына қарасақ, Алатау мен Қаратаудың қауышар қасиетті төрлері, сай-салалары, қырат-бұйраттары, өзен-суларының аңғарлары түп-түгел, тұнып тұрған арша болған. Ауыл-ауылдың арасына дейін арша өскен екен. Аршаға алаш баласы, қазақ жұрты беталбаты балта шаппаған, шығын етпеген. Тек кей-кейде қыл қобыз сияқты қасиетті нәрсе үшін ғана, онда да абайлап қана, талғаммен ғана, табиғат ананың талғауымен ғана, меңзеуімен ғана мәністеп кескен. Тәңіртаудың төңірегінде, Алатау мен Қаратаудың аралықтарында аршаның алты түрі болған. Кейінгі жүз жылдың ішінде оның үш түрі мұқым-мүлде жойылып кетіп, бүгінде қара арша, балғын арша және сауыр арша дейтін түрлері ғана қалған. Он тоғызыншы ғасырдың ортасы ауа бере аршаға алапат қырғын тиген. Қарашекпенділер арша алқаптарына өздерінің қара орманындай қарап, таусылмас табиғатындай тиісіп кеп-кеп беріпті. Қырқып, сиретіп тұрмасаң, басынып, бадалдана басып кететіндей көріпті. Отындыққа отап, үй-жайдан бастап торай қора салуға дейін аямай жұмсапты. Темір жолдың табанына төселген, кендер мен кеніштердің, шахталардың қабырғаларына қаланған қайран арша. Мың-миллиондаған солдаттардың гимнастеркадан басталатын барша киім-кешектерін боямақққа да біздің таулардың аршасы қынадай қырылып қырқылыпты.
Ақсу ─ Жабағлы қорығын құрып, осынау өзгешелеу өңірлердегі аршаны біржола құрып кетуден сақтап қалған кемеңгер Тұрар Рысқұлұлы еді.
Елдің есі енді-енді кірейін дегендей. Тектілік тамырларын бірсін-бірсін тауып жатқандай. 2005 жаңа жылдық мерекені Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары бастап, қалғандары қостап, арша мен шыршаны мұқым-мүлде кеспеуге, “елка” үшін тек қана жасанды шыршалар пайдалануға бел байлады. Бұған дейін барлық ірі-ірі Мәдениет сарайларының, клубтардың алдында, алаңдардың ортасында, оқу орындарында қор боп тұратын қайран тірі, табиғи аршалар мен шыршалар биылғы жаңа жылда мүлде болған жоқ. Барлық жерде тек жасанды “елкалар” орнатылды. Алғашқыда адамдардың біраз-біраздары бұған кәдімгідей реніш білдіріп те жүрді, алайда артынша түсініп-түйсінді, ұғынып, құптады.Қуанғандар көбейді. Ешкімнің ештеңесі кеміп қалған жоқ, Құдай қаласа, осы жағдай жақсы дәстүрге айналып, салтымызға сіңісіп, мыңдаған, миллиондаған түп арша мен шырша аман қалып, есен өсе берер түрі бар.
Бүгінде бел шеше, белсене әрекеттеніп, бау өсіріп, тоғай жасап жатқан жақсыларымыз аз емес. Ордабасы ауылының Қайнар ауылында Тұрмахан Пірімқұлұлы сынды саңлақ бағбан бар. Соңғы жылдары оның ерлікке пара-пар ерен еңбегі туралы теледидар да көрсетіп, газеттер де жазып жатыр. Тұрекең тү-у бала кезінде Бөріжар өзенінің бойындағы қалың тоғайда ойнап өскен еді. Бертініректе сол тоғай тып-типыл болып тозып, талдан тамтық, теректен түбіртек қалмады. Жартысы күл-қоқыс төгетін орынға, қалғаны сасыған батпаққа айналған. Ойлана-ойлана, күйіне-күйіне жүріп, ұсыныстарын ұтырлы түрде негіздеп, қағазға түсіріп, жер бедерінің картасына дейін сызып, аудан басшыларына барады. “Бөріжар бойының бас жоспары” басшыларға бірден ұнады. Тұрмаханыңыз 300 гектар жерге маңдай терін аямай төге бастады. Бейнетке баулыған бала-шағасы бір кісідей жұмылды.
─ Біреуден бір тиын жәрдем алмастан, қаржы сұрап бармастан, тірлік тындырмаққа тырыстық, тырмысып бақтық, ─ дейді Тұрекең қазір. ─ Ешкімге ешқашан міндетсінген емеспін. Бүгінгі таңда бала-шағаммен бірге өсірген 300 гектар бауымда елуден астам ағаштың түрі бар. Қайың мен қарағай алғашқыда онша жерсінбеген еді, бірте-бірте оларды да икемге келтірдік. Шырғанақ пен емен кереметтей тез өсіп жатыр. Питомник жасап, көшеттерді тегін таратамыз. Алдағы кезде бауымыздың біраз жерін облыс орталығының тұрғындары үшін демалыс аймағына айналдырсақ дейміз. Мінекиіңіз, Шымкенттен Түркістанға баратын асфальт жол жанымыздан өтеді. Осы жолдың қос қапталын қалың бауға бөлесек, жаман болмас.
Біз Тұрмахан Пірімқұлұлының тірлігіне тәнті бола тұрып, анау бір алмағайып жылдардағы Асанбай Асқарұлын және сол кісінің жүректілігі, Тұрардайын тектілігі арқасында пайда болған алып дендрарий бауын ойладық. Ол кісі де қоқыс төгілетін, тастақты, ой-шұқырлы орынды ғажайып орманға айналдырып еді ғой. Алайда, өз заманынан озыңқырап кеткен Асқарұлы сондай-сондай талантты тірліктерінен тауқыметке тап болып, түрмеге жабылған...
Мұқағали ақын туралы естелігінде нағашы інісі Әбіжан: “Анау тұрған бозқараған, тал мен терек, тобылғы, аршаны ерінбегеннің бәрі қалай болса солай кесіп, сүйреп әкетіп жатыр... “Қой” дейтін бір адам жоқ. Тоғайды құртпай тынбаспыз, сірә” деп күрсінгені әлі күнге құлағымда” , ─ деп жазыпты. Сөйтіп Мұқағалидың мынадай өлеңін келтіреді: “Тоғай еді Қарасудың ар жағы; Қайда кеткен қамысы мен талдары?! Не күзетіп, нені аңдып жүр екен; Қайда кеткен мына ауылдың бағбаны? Тоғай тозған, Топалаң боп сиреген (Аяулы еді ата-баба тимеген). Есек мініп бара жатыр қария; Қыршын талды қиып алып сүйреген. Тау арманда, мына титтей тоғайда, Топ-топ киік жайылатын... Сол қайда?! Үміт үзіп, үріккен аң, ұшқан құс; Енді қайтып бұл өңірге жолай ма?!”.
“Жапырақ жүрек жас қайыңды” жырлаған Мұқағали Мақатаев, әлгі інісінің айтуынша, Қарасаздың тоғайы тұрмақ, әр шыбығын түгендеп өткен екен.
Көктем келіп, наурыз айы туғанда жыр оқығың келетіні неліктен? Сағи Жиенбаев бүйдейді: “Тәкаппар таулар жол бөгеп; Тотықпай жүзің жас күнге. Көкала шыңнан өрмелеп; Көктемім, аман келдің бе? Сілкініп сенің алдыңнан; Суланған шашын тал тарап. Тосады бетін жаңбырға; Шалғында белден шалқалап. Оранды бүгін жар сынды; Тоғайлар торғын жібекпен. Естіген кезде даусыңды; Оның да бойы дір еткен”.
Мұқағали мен Сағиды, Төлегенді жатқа оқитын шайырымыз Нармахан Бегалыұлы: “Жиде жұпар шашқанда,алқым түйме ағытылып ақшамда; біз отырдық, лақтырған әлдекім, алтын найза быт-шыт болды аспанда. Жалбыр бұлттар жұтып заңғар тауларды; күн күркіреп, үрей басты бар маңды. Бәйек ұшты жел жетелеп кетем деп; Қорқыныштан құтқаруға талдарды... Содан кейін салып қанша өрнекті, қара нөсер селдетті. Мөлдіреген тамшылармен қыдырып, мөлт-мөлт етіп сен кеттің”, — дейді. Тал мен тоғайды жырламаған ақын жоқ.
Наурызда осындай-осындай жыр жолдарын қайталай оқып, “жапырақ жүрек” жас қайың ексек, тал тіксек, бау орнатсақ, бақ-береке молаяр, ел мен жер сұлуланар. Наурыздан бастап, қалған айларда қажырлылықпен қостап, текті тірліктер тындырсақ, туған еліміз көркейер. “Садағаң боп кетейін, мұстақыл Өзбекстаным!” — деп, бізге көршілес ұлттың үлкені мен кішісіне дейін Наурыз мейрамы күндері үш көшеттен кем отырғызбайды. Біз-дағы : “Айналайын сенен, азат Қазақстаным!” — деп, атамекеніміздің көсегесін көгерте берейік, ағайын. Сұлтанмахмұттың самырсындарын, Оралхандардың ормандарын, Мұқағали мен Төлегеннің тоғайларын нығайтып, өзегімізді жалмап бара жатқан өрттерден қорғайықшы.
Осы Наурызда әрқайсымыз кем дегенде төрт-бес талдан көшет отырғызайықшы!
Елбасы Жолдауында айтылған "Жасыл ел" бағдарламасы да осыны меңзейді.
Мал жайында ойлансақ

— Мақал деп отырсың ғой сен. Қазақ: “Малым — жанымның садағасы, жаным— арымның садағасы” дейді.Осы рас па, рас.Мұндай мақал бар ма, бар. Ойлап қарағын енді, мал — мал, ал сен айтып отырған тал — ар болуы да мүмкін ғой? — деді және бір жәкеміз.
— Жарайды, — дедік біз. — Тіпті солай-ақ болсын. Солай болғанның өзінде жаныңа садаға ететін мал керек қой. Қай мағынада алғанда да мал мен талды бір-біріне қарсы қойғаннан ұтатынымыз шамалы секілді.
— Қайдам, — деп желкесін қасыды жәкеміз.
— Апамызды тегін алып па едіңіз, жоқ әлде, қалың мал бердіңіз бе?
— Жалғыз сиырымды жетектетіп жіберсем де, қайын атам қапа боп кеткен. Соның салқыны көпке дейін кетпеді ғой.
— Әне, көрдіңіз бе?
Абыз ақсақалымыз Әдһіәм Шілтерхановтың мал мен тал хақындағы мақалға орай айтқан ойын сөзіміздің басында келтіргенбіз. Ол кісінің меңзеуі бөлек, мәністеуі ерек. Қазақстан кеңес өкіметі жылдарында қаншама ұрандаса да қойды елу милионға жеткізе алмады. Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында төрт-бес миллион жылқы болған. Түйе мен жылқы саны төңкеріске дейінгі көрсеткіштерден құлдырап, азайған сайын азайды. Қазақ халқын қандай қиын кезеңдерден де жылқы мен түйе алып шыққан. Қаншама қаулаған техниканың, лаулаған прогрестің заманы десек те, әлі де болса қазақ баласы жылқыға оң қарағанда ғана оңалмақшы. Түйені де ұмытуға болмайды. Түйеге құм керек. Сырғымалы құм емес, сусымалы құм емес, Құдайға шүкір, Қазақстанда отырған, орныққан құм аумақтары жеткілікті. Сулы жерде түйе жарықтық су ауруына ұшырайды. Ол ауруыңыз маса мен сонадан келеді. Су ауруына ешқандай ем жоқ. Түйені түгімен жұтатын кесапатты кесел — сол. Қазекем маса, сона шығатын кезде түйені құмға айдап әкеткен.
Жылқының да жөні бөлек қой, шіркін! Арқа — жылқыға жәннәт. Жазда да, күзде де жері көкпеңбек. Қыста, әрине, қиындау. Бұрынғы қазекем Сарыарқанның сан мыңдаған, миллиондаған жылқысын Мойынқұмға, Іленің құяр аймағына, Аралдың қамыс-құрағына қарата айдаған. Жылжымайтын, тұрақты, ұжмақтай ұнасымды құмыңыздың бірі — құйқасы майлы Мойынқұм. Шекара деген шықты-дағы, қазекемнің мал өсіру мақамдары мұқым- мүлде бұзылды.
Әдекең айтса-айтқандай, қайбір жылы қазақ қаламгерлерінің қатарында тү-у тундраның төңірегіндегі туысқандарымызға, Саха Республикасына барғанбыз. Саха жерінде жылқы біздегіден әлдеқайда көбірек екендігіне көзіміз сонда жеткен. Олар құрметті қонақтарының алдынан міндетті түрде, қысы-жазы сырлы тостағанға құйылған қымыз алып шығады екен. Қызды — қыз, қымызды — қымыз дейді екен. Орта есеппен он сөзінің бес-алтауы біздікіне ұқсас. Бауырларымызда бұғы басымырақ деп жүрсек, жылқы жағы молырақ екен. “Жеріміздің асты — алмасқа толы, одан көк тиын пайда көрмей шермендеміз, бізді азапты жылдардан алып шыққан — айналайын жылқы”, — дейді сахаларыңыз саптыаяқпен қымыз сапырып отырып.
Ақырған аязы алпыс градусқа кетіп қалатын, құрғақ қары сегіз ай бойы жататын сол Саханың өзінде орман-орманның ара-арасынан арнайы алаң-алқаптар жасалады, ондай жерлерде қар суырмайды, жұқалау түседі. Ал, жылқыңыз көбінесе өз аяғымен-ақ теуіп жеп күн көре берер. Қиналып бара жатса, төбе-төбе болмаса-дағы шөмеле-шөмеле етіп үйілген шөп баршылық.
— Оңтүстік Қазақстанның өзінде бір миллион жылқы өсіруге болады, — дейді облыстық ауруханадан жаңа шыққан Әдіһәм ағамыздың бұлыңғыр тартқан жанарлары жайнап кетіп. — Жасырақ кезімде мен анау Алатаудың Шақпақ асуынан Шыршыққа дейінгі бүкіл баурайына жылқы жайып қоя берсе деп қатты қиялданушы едім. Біздің Алатауымыз да, Қаратауымыз да, Қазығұртымыз да — түп-түгел жылқы өсірмекке жаратылған жерлер. Таулы қыраттардың, төбе-төбелердің, жота-жоталардың терістік беткейлері тұтасқан қар болса, күнгей беткейлері елжірей еріп, сөгіліп жатады. Тізеден аспаса болды, жылқы жарықтық тұяғымен теуіп аршып, азығын ажыратып ала берер.
Әдекеңе салсаңыз, қандай өркениетті елдердің деңгейіне көтерілгенімен, қазақ ауылсыз қала алмайды, қой мен жылқысыз жұтаңдыққа ұшырайды, нарықтық қарым-қатынаста Қазақстан ең алдымен жылқысы, түйесі, қойы, яғни малы арқылы мерейге жетпек. Әлемдік рынокта төрт түліктің өнімдері өз құнын арттырмаса, кемімек емес.
Бір кездері біздің Оңтүстік Қазақстан облысы қой саны жөнінде ең алдыңғы шепке шыққантұғын. 1992-1995 жылдары белгілі себептерге, “бартерлерге”, тағысын-тағыларға байланысты төрт түліктен тақырланды. Бүгінгі байлардың, биліктегілердің белгілі бір бөлігі сол кезден майланғанын ұмытып та үлгерді. Кейінгі жылдары, шүкіршілік, мал басы көбейіп келеді. 2002 жылы арнайы зерреулер жүргізу, малдың тектік қорын сақтап қалу, дамыту және пайдалануды жолға қою мақсатында екі селекциялық асылдандыру орталығы құрылды. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың жұмысын жүйелі жолға қою мақсатында 2003 жылғы наурыз айында Шымкентте өткен республикалық семинар-кеңестегі келелі әңгімеге біздің де куә болғанымыз бар.
2004 жылдың қорытындысына қарасақ, облыста қой-ешкі 2 миллион 697 мыңға, жылқы 111 мыңға, сиыр 556 мыңға, түйе 13,4 мыңға жетіпті. Жаман емес, әрине. Қазір облысымыз бойынша асыл тұқымды мал өсірумен 66 агроқұрылым, оның ішінде қоймен 35, жылқымен – 6, түйемен – 9, сиырмен – 13, құспен – 1, талпақ танаумен 2 шаруашылық айналысады. 180 шаруа қожалығы тікелей мал өсіруді кәсіп етеді.
Малды қолдан ұрықтандыру жұмысы ұмытылыңқырап, салақсып кеткен еді. Кейінгі кездері мал тұқымын асылдандыру мен өнімділігін арттыруда үлкен рөл атқаратын бұл жағдайға да баса көңіл бөлінуде. 2004 жылы облыс аумағында малды қолдан ұрықтандыратын 232 бекет жұмыс істеген. Әлбетте, бұл әлі де аз. Мәселен, өткен жылы 72,8 мың сиыр қолдан ұрықтандырылыпты.Бұл — 29 пайызды ғана құрап тұрыпты.
Бір ағамыз тағы да: “Ақылды қомағай қазанның астына қарайды, ақылсыз қомағай қазанның үстіне қарайды” деген де мақал бар, біз мал шаруашылығында көбінесе қазанның үстіне қарап отырмыз-ау”, — деген еді. Жақында “Егемен Қазақстан” газетінен (2005 жылғы 11 ақпан) Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығының директоры Айбын Төрехановтың мақаласын оқып, қатты қуандық. Ол кісінің сөзіне қарасақ, мал азығының базасын қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін жасау ісімен республикамызда 16 ғылыми мекеме шұғылданады екен. Аталмыш орталық облыстардағы табиғи аймақтар бойынша тозуға ұшыраған және қайта қалпына келтірілген жайылымдықтарға түсетін жүктеме нормативтерін жасап, жайылымдықтардың жиі кездесетін 192 типін ғылыми тұрғыдан негіздеп беріпті. Сондай-ақ жұртшылық жақсы білетін маңызды бағдарламаларға сәйкес және ауылдың әлеуметтік келбетін жақсарту мақсатында ауылдың ішінде ұсталатын мал мен өзге де жануарлар санын нормалау жөніндегі құжаттар дайындалуда екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі өсетін өсімдіктерінің жылдық тигізетін пайдасы миллиард доллардан астам қаржыға бағаланатын, еліміздің бүкіл аумағының 67 пайызын алып жатқан жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану жүйесін жасамаққа шындап кіріскен сыңайлы.
“Е, бәсе!” — дейсің. Қазақстанда осылай болмақ керек қой. Ұзағынан сүйсіндіргей де тек қана.
Алайда, Айбын мырза бір-екі жерде сәл-пәл мүлт кеткендей көрінді. Академик Эрнстің мал азығы және аймақ айрықшалығы өзара сәйкес болғанда ғана мал шаруашылығының өрісі өркенді болатыны туралы дәйектемесін дәлелге келтірген екен. Ондай академиктердің мұндай пікірлерін біздің ата-бабаларымыз бағзы замандарда-ақ әдемілеп айтып кеткен ғой. Бұл — бір. Екіншіден, “... біздің қазір көз тігіп отырған дүниеміз мұнай мен металлға қарағанда өсімдіктер әлемі жыл сайын қайта қалпына келіп отыратын табиғат байлығы, яғни таусылмайтын ресурс көзі болып табылады”, — дейді Айекең. Әй, қайдам-ау! “Таусылмайтын” деген сөзді абайлаңқырап айтайық та. Кейбір ғалымдардың дәлелдеуінше, әр жыл сайын қазақтың тауы мен даласынан пәлен өсімдік жойылып кетіп жатқан жоқ па? Жай қарағанның өзінде біз пақырыңыз Наурызкөксайға барған сайын бірер шөптен көз жазып қалып жүр емеспіз бе?!
Жә, жарайды. Құдайға шүкір, қазақ ауылдарында, жеке секторда мал көбейіп келеді. Қой мен жылқы да, сиыр да баршылық, түйе аз.Қазіргі кесапаттың ең үлкені — ұрлық. Мал ұрлығы. Әдіһәм ағамыз қыза-қыза келе ауруын ұмытып, орнынан тұрып, айқайлап жібереді. “Ұрлықшыларды, әсіресе жылқы ұрлайтын жымысқыларды ату жазасына кесу керек!” — дейді ақсақалымыз. “Ойбай, ағатай-ау, мал ұрлаған атылсын деген заң шығарайық-ақ, алайда ұрлаған адам аман қап, ұрламағандар атылып кетіп жүрмей ме?” — дейміз біз. Ол кісі ойланыңқырап қалады.
— Қалай болғанда да бір амалын тауып, мал ұрлығына тосқауыл қоймаса, қазақ қоғамы көркейе алмайды! – деп, алған бетінен қайтпайды Әдекең.
Былтырғы наурызда да ауылға барғанбыз. Қойшыман дейтін ініміз бес-алты жылдан бері ешкісін қойға, қойын сиырға, сиырын жылқыға айналдырып, қысы-жазы қатты бейнеттеніп жүріп, жылқы басын төрт-бесеуге әрең жеткізген еді. Енді-енді қатарға қосылдық-ау, ұлды ұяға, қызды қияға қондырмаққа әжептеуір сеп болар, қаймаққа жаймақ болар деп қуанып жүрген. Бір түнде, иә-иә, бір-ақ түнде төрт-бес жылқысы түгел ұрланған ғой, не керек...
Бұл — бір жағдай.
Екінші бір жаға ұстатқан жағдайды жуырда ғана Наурыз дейтін інімізден естідік. Ол ініміз-дағы Ордабасы жаққа, туған ауылына жиірек баратын. Малдың молайғанына, бар адамдардың қатары көбейгеніне қуанатын. Бірақ, бұл жолы біртүрлі боп, мұңайып қайтыпты. Ауылындағы аса биік қақпаның алдынан өтіп бара жатып, жақын туысының бойжеткен қызын көреді. Қыз дірдектеп, қақпаны қағуға именшектеп, қызыл түйме қоңырауды басуға бата алмай, төмен қарап тұрыпты. Өкпек желдің өтінен өңі бозарып, қалтыраған қыз іштегі иттің әупілінен үй иелері шығып қалар деп үміттенген. Алайда, ашылмайды “алтын” қақпа. “Неғып тұрсың?— дейді Наурыз мырза. — Қақпайсың ба қақпаны, баспайсың ба түймені?”. Сөйтсе, қарындасы күмілжіп: “Көке, бұл кісілер бүгінде қатты байып кетті, анау-мынау адамның мазалағанын да, біздей көрші-қолаңдардың кіргенін де жақтырмайды”, — дейді. “Ойпырай, осыдан оншақты жыл бұрын “армаңыздар” немесе “ассалаумағалейкө- ө - ө - өм” деп кіріп барушы едік қой барлық үйге?!” — деп таңырқайды Наурыз ініміз. Сөйте тұра өзі де әлгі қақпаны қаға алмайды, қызыл түйме қоңырауды баса алмайды. Қаржыдан қысылып жүрген қарындасын ертіп, төмен қарап кете барады.
Бар болғанға, бай болғанға не жетсін. “Осыдан он үш ғасыр бұрын Күлтегін өлгенде оның төрт мың жылқысын, дүние-мүлкін, асыл қазынасын шүлен таратқан, жыл толғанда ас берген. Мұның бәрі таста жазылып қалған”, — дейді Мырзатай Жолдасбекұлы.Ал, Нығмет Мыңжан: “Біздің жыл санауымызға дейінгі 105-жылы үйсін күнмуы мың жылқы қалың мал айдатып, Хан патшасынан ханшасын сұрады”, — дейді.
Ташкент шаһарының, көне Қазығұрттың төңірегінде, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрлерінде Бәйдібек баба атына, оның байлығына, батырлығына, билігіне байланысты жер-су аттары, аңыз-әпсаналар жетіп-артылады. Небір ата-бабаларымыз қасиетті қазақ даласының қай маңайында, қандай тауында, нендей шөлінде болсын, небір өнегелі іздер, үлгілі үрдістер, өшпес өсиеттер қалдырған ғой. Солардың бәрі де бай болған, бар болған. Байлары баймын деп танаулары аспан теппеген, кедейлері жылқы бағудан, қой өсірмектен, түйе жетелемектен қорланбаған. Бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер арқылы жүйеленіп, жүлгеленіп, “Жеті Жарғыдайын” заңмен бекітіліп, барша тірлік тектілікке, көргенділікке, даланың даналық демократиясына негізделген. Сараң байлар, сасық байлар болған шығар, әрине. Бірақ, ондай-ондайлар отаршылдықтың ойраны тұстарында, сатқындық пен жағымпаздық, жалақорлық пен парақорлық жаппай белең алған бертініректегі кезенейлі кезеңдерде тым көбейіп кеткен ғой.
Мал дегеніміз — бірыңғай мал ғана емес. Өзге материалдық байлық та сол маңайдан табылар. Олар болған соң байлар да, барлар да молаяр. Жүдә жақсы, құба-құп. Көбейе берсін!
Десек те, жаңа заманның, тәуелсіз еліміздің байлары мен барлары басқашалау болуы керектігі тағы түсінікті ғой. Қазақстанның бүгінгі және келешектегі байлары дәстүршіл һәм жаңашыл бола білсе, шіркін-ай, деп армандайтының рас. Осы бастан-ақ осыған икемделсе, мінез-құлықтары, қайрат-қылықтары имандылыққа негізделсе, қайран-ай, деп қиял кешесің. Малды болғанның жөні осы екен деп, өркөкіректеніп, өрекпіп, айтысып-тартысумен, шікірейіп-шіренумен әлектеніп, әулекіленіп кетпесе екен, деп тілейсің де жүресің. Байлық пен барлық, әрине, ең алдымен өз иелеріне, сонсоң сөзсіз, міндетті түрде мемлекетімізге, егемен елімізге, руханиятымызға, өнерімізге қызмет етсе екен деп, жалбарынасың Жаратқанға. Ұлттық намыс пен ұлттық рухты бүгінгі байлар да, болашақ бағыландар да, ертеңгі элиталар да барша дүниеден биік қоя білсе, керемет бола түсер еді ғой еліміз.
Элита дегеннен шығады. Ол жағы жаман емес сияқты. Небір азаматтардың тынымсыз тірліктерін, ұтымды ұмтылыстарын, алымды шараларын, шалымды шаруаларын, жарасымды жүрістерін, тұрпатты тұрыстарын, көрікті де көркем тұлғаларын, білім-біліктерін байқап, “біз де жеттік-ау!” деп күбірлейсің, бүкіл болмыстарынан мемлекетшілдікті, ұлтшылдықты, рух пен намыс үйлесімін сезініп, мақтана мерейленесің. Ал, кей-кейде тек “ерен элиталар” ғана өткізетін өзгешелеу шараларға күтпеген жерден, кездейсоқ қатыса қалсаң, қапияда “мапияға” тап болғандай күй кешіп, тексіз шіреністен, ішіп-жестен, жебірліктің жиіркенішті “жемістерінен” жерініп, ондай-ондайда: “Элита қайда, ел қайда?!” — дегің де келетінін қалай жасырарсың.
Жілікті туған, уызынан жарыған, тіпті кездейсоқтау кенелгеннің өзінде кемелдікке, кенендікке ұмтылар ұнасымдылар аз емес, әрине. Ал, күдікті тірліктері көбірек, өзгеге көрсетер зорлық-қорлықтары, тексіздіктері басымырақ байлар мен барлар көбейіңкіреп кетсе, қауіп те, қайшылық та сондай-сондайлардан қабыздай қабынады емес пе? Бай — баймын деп зорланбас, кедей — кедеймін деп қорланбас қоғам керек-дүр қазаққа, Қазақстанға.
Гәп пен кеп пейіл-пиғылда, нысай-ниетте боп тұрыпты.
Ай, айналайын Абай атам-ай!
Қазақ мақалдарының көбінің іске татырлығын да, ал кейбіреулерінің іске татымақ түгіл не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғынын да саралаған ғой.
“Алтын көрсе, періште жолдан таяды” дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны”, — дейді Абай. Бұдан артық не десін енді.
Сөзіміздің бастапқы тұсында тұспалдағанымыздай, біздің алға қойған мақсатымыз мына төмендегіше: Қай мағынада алғанда да, мейлі тура түсінікте, мейлі астарлы мәнінде болсын, “Артыңда мал қалғанша, тал қалсынды” сәл өзгертіп, мал мен талды қарсы қоймай-ақ, “Артыңда мал да қалсын, тал да қалсын” деп айтар болсақ, одан жамандық көрмеспіз.
Иә, солай. Артыңда мал да қалсын, тал да қалсын.
Тек пейіл-пиғылың, нысай-ниетің түзу болсын.
Ұлыстың Ұлы күніндегі тебіреністі тілегіміз осы!


АТАМНЫҢ АТЫН – АУЫЛҒА, КӨКЕМНІҢ АТЫН – КӨШЕГЕ»

деген пиғыл қайтадан белең алып бара ма?


Шүкіршілік деуміз керек, тәуелсіздігімізге тәубе деуіміз қажет, ономастикадағы отаршылдықтан, тоталитаризм құрсаулаған атаулардан арылып жатырмыз. Он бес жылға жуық уақыттың ішінде ономастика мәселесін реттеуде біздің Оңтүстік Қазақстан облысы алда келеді. Қазақтың каймағы бұзылмаған өңірінде, ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстікте қай тарапта, қандай бағытта да өнегелі істердің көп болмағы ләзім. Біздегі жүздеген Лениндер мен Калининдер, ондаған Октябрьлер мен Партсъездер, сірескен Самсоновкалар мен Свердловтар, Кировтар мен Куйбышевтер, Ванновка, Антоновка, Корниловка, Мамаевкалар, Николаевкалар мен Обручевкалар, тағысын-тағылар әуел бастағы тарихи-географиялық атауларына ие болды. Бұларды былай қойғанда, орысша Чимкент, Чардара, Сарыагач, Джетысай деп жазылатын атауларды Шымкент, Шардара, Сарыагаш, Жетысай (орысшасын айтып отырмыз) деп өзгертудің өзі онша оңайға соққан жоқ. Шымкенттегі Ордабасы алаңы, Тәуке хан даңғылы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері де – өте сәтті де ойлы, орнықты атаулар. Терең тебіреніп, шын қуанарлықтай өзгерістер туралы мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік тұсында да елді мекендердің, әсіресе ауылдардың, ауылдық атыраптардың (округтердің), мектептердің, көшелердің аттарын өзгертуде көптеген кемшіліктерге жол беріліп жүр. Нормативтік-құқықтық актілердің, тұжырымдамалардың талаптарын бұзу фактілері біздің облыста да аз емес.
Осыдан оншақты жыл бұрын біз пақырыңыз "Атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге" дейтін көрешек пиғылды қойып, келешекті ойлайық" деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Бұл мақала облысымыз бен республика көлемінде біраз пікір туындатып, сәл де болса қоғамдық ойға қозғау салып еді. Сол кездегі тұжырымдамалар мен ережелерде де ауылдарға, өзге де елді мекендерге адам аттарын қоя берумен көп әуестенбеу туралы қағидалар бартұғын. Қалай болғанда да, әйтеуір, аталардың атын ауылға, көкелердің атын көшеге тықпалай беру біраз бәсеңдеп, саябыр тапқан. Облыстық ономастика комиссиясы ауылдарға адам атын бермеу туралы шешімге келіп, шын мәнісінде 1997-2001 жылдары елді мекендерге негізінен кісі есімі қойылған жоқ. Алайда, Оңтүстіктің осы бастамасын кейбір өңірлер қолдамады, ауылдарға, басқа да елді мекендерге адам аттарын көптеп беру өзге бірқатар облыстарда белең алып кетті. Ақырында осыны бетке ұстаған біздің Парламенттегі атақты депутатымыз бір ауылға бір адамның, бір ауылдық округке және бір кісінің атын өткізуге жоғарыдан да, төменнен де бар беделін салды. Ол ойы жүзеге асып, бірте-бірте біраз жерлерде ауылдық округтерге, ауылдарға адам атын қою үдеңкіреген де кезең болды.
Рас, есімдерін ерекше есте қалдыруға тиісті аса ірі тұлғалар, Аллаға шүкір, Оңтүстік өңірінде де, бүкіл республикада да аз емес. Ондай тұлғалардың арасынан ең-ең лайықтыларын, республикалық, мемлекеттік деңгейде ірі қайраткерлерге айналғандарын айрықша құрметтеп, аттарын қою қажет те шығар. Бірақ, парасатты ойға салып қараңыздаршы, ауылдық округтер мен ауылдардың, өзге де елді мекендердің, мектептер мен көшелердің көпшілігі немесе түгелдей дерлік тек қана кісі есімдерімен аталып кетсе, не болады? Жараса ма? Үйлесе ме? Ұнаса ма? Мұның өзі өркениеттілікке де, мәдениеттілікке де, талғампаздыққа да, білімділікке де, көргенділікке де, тектілікке де жатпайды емес пе?! Барлық нәрсені толайым-тұтас кісі есімдерімен атап жіберсек, қазаққа кез-келген өркениетті, мәдениетті, білім-білікті елдің адамдары жатып кеп күлмей ме? Қазақ бұл жағынан да мазақ болмай ма?!
Кейінгі кездері кейбір қала, аудандардың ауылдарына, ауылдық атыраптарына (округтерге) қайтадан адам аттарын қаптата қою, көшелеріне көкелерінің есімдерін қайткенде де әйтеуір бұрынырақ беріп қалу жолындағы тайталас қайтадан белең ала бастағандай.
Абайлайық, ағайын!
Әрине, әркімнің көңілі патша ғой. Сол патша көңіліңізге парасатсыздау ерік беріп қойсаңыз, жалған намыс деген дерт меңдемек. Осыдан барып әркімнің де атасы ауылға, көкесі көшеге лайықты боп шыға келмек. Мәселенки, көптігіңізді, көпшігіңізді, беделіңізді, байлығыңызды, лауазым-қызметіңізді, т.т. пайдаланып, өз атаңызды немесе көкеңізді, әкеңізді ауылдың немесе көшенің, әйтпесе мектептің атына өткіздіңіз делік. Ал, сіздің атаңыздан да атақты, сіздің әкеңізден де әйдік, сіздің көкеңізден де кемел қайраткерлер, аса ірі тұлғалар бар екенін ойладыңыз ба? Өзінен әлдеқайда артық адамның аты қойылмай, отыз жетінің қуғын-сүргінінде елі мен жері үшін құрбан боп кеткен қайраткердің есімі ескерілмей, өз есімінің алға шығып кеткеніне атаңыздың, әкеңіздің немесе көкеңіздің аруағы нала болса ше?! Ана дүниеде, Хақ-тағала алдында шындық үшін шырылдап, шыжғырылып жүруі де мүмкін ғой. Дегендей әңгімелер айтылса, аталары мен көкелерінің аттарын жөнсіз жалаулатушылар түйсінер ме еді... Тіпті аса лайықты болғанның өзінде де адам аттарын қоюмен көп әуестенбеу керектігі қазіргі Тұжырымдамада да бар. Күні кеше Елбасымыз да "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында ономастикада ойлану керектігін, кісі есімдерін қоюды шектеу қажеттігін ерекше ескертті емес пе?
Көршілес облыстың бір ауданында 50-ден аса адам Социалистік Еңбек Ері және Кеңес Одағының Батыры атақтарын алған екен. Сол ауданда 50-ден аса ауыл бар екен. Егер әлгі Еңбек Ерлері мен Батырлардың аттарын барлық ауылдарға беріп шықса, не болмақшы?! Ойланып көріңізші. Бірақ олар Ақкөл, Айнабұлақ, Ақбұйрат, Ақжазық, Ақсеңгір, Талды, Тамды, тағысын-тағы тамаша атауларды адам аттарына өзгертіп жатқан жоқ. Қайта Октябрь, Киров, Калининдерді Баққоныс, Бозтөбе, Бозінген дегендей атаулармен алмастырыпты деседі. Кезінде облысымыздағы Түлкібас ауданының Куйбышев ауылына бір атаның немесе аса ірі қайраткердің атын беру туралы талас болыңқыраған. Үш-төрт жақ айтыса берген соң сол маңдағы биік төбенің атымен Ақбиік болсын деп шешкен. Бүгінде Ташкент –Алматы тас жолының бойымен өтетін жолаушының бәрі: "Ақбиік! Қандай ғажайып, жарасымды атаған! Аталарына рахмет!" – деседі екен. Ал, сол Ақбиікті бір атаның немесе қайраткердің атымен атағанда әлгіндей алғысқа ие бола алар ма еді? Осындай-осындайды неге ойланбасқа?
Облысымыздағы кейбір қалалар мен аудандардың ауылдарына, мектептеріне, көшелеріне ат қоюға келгенде аталар жарысы, батырлар жарысы, т.с.с. кейде белең алып кететіні бар. Мәселен, Мақтаарал ауданында қайбір жылы бір дегеннен жеті-сегіз ауыл аталарымыздың атына ие болып шыға келді. Облыстық ономастика комиссиясында арнайы тыңдалып, комиссия мүшелері барып, жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізіп қайтқан соң біразға дейін Советабад – Гүлстан, Куйбышев – Атамекен, Октябрь – Арай, Красный Октябрь – Шұғыла, Гвардейский – Мырзашөл, �елинное – Нұрлыжол, Победа – Алаш, Ленино – Ырысты болып өзгере бастады. Біраз уақыт өткенде қайтадан адам аттары көбейді. Биыл жыл басында тағы да облономкомның үш мүшесі барып қайтты. Артынша, яғни жақында ғана Жданов ауылын ― Байдала, Чкалов ауылын ― Сұлубұлақ, Ленинабад ауылын ― Сырабат, Кәрісауылды ― Күрішті, Большевик ауылын ― Зерделі деп өзгерту туралы ұсыныс келді. Қандай жарасымды!
Қазір облыс көлемінде отаршыл ономастикадан, тоталитаризм тұсынан қалған ауылдардың, өзге де елді мекендердің атаулары онша көп емес. Қырық-елудің төңірегінде. Оларға мүмкіндігінше адам аттары берілмесе дейміз. Облыстық ономастика комиссиясы тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіруді, егер ондай аттары болмаса, мынадай атауларды қойыңыздар деп, талай-талай тізімдерді де ұсынып келеді. Мәселенки, қараңызшы: Ақниет, Ақшағыл, Аққияқ, Алқатерек, Айқаракөз, Алшалы, Аят, Әндісай, Әсемтас, Әуендала, Бауыртөбе, Бауырмал, Биқонған, Бозінген, Бозбие, Бозымбел, Бұйратал, Гауһартас, Гүлжазық, Гүлденген, Гүлденсін, Ғалымтөбе, Ғажайып, Дарабоз, Дарагүл, Дария, Дастантөбе, Дәстүртөбе, Дегелекұя, Долана, Домбыра, Досбұлақ, Егінсай, Егізбел, Егізағаш, Елікнұр, Еламан, Еңлікгүл, Еңселі, Жазира, Жасылтөр, Жақұттас, Жұпартал, Жусанды, Жомартбел, Заңғартас, Зәузатты, Зеңгіраспан, Имансай, Имангүл, Игілік, Кәусар, Кеңсаз, Киіктас, Көріктас, Күмбезтас, Қиянбел, Қоңырдөң, Құрақты, Қыранды, Назқоңыр, Нұрлыбел, Нұржауған, Ойпаңбел, Ойсана, Оймақтас, Сүмбіле, Сандықтас, Сауапкент, т.б.
Қазақ баласы жалған намысты, көрешекті емес, келешекті көздесе, көкешілдікке, рушылдыққа, аташылдыққа емес, шынайы ұлтшылдыққа, ұлтжандылыққа ұмтылуы тиіс. Базбір қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда көшелерге ру немесе ру ішіндегі ата атауларын тықпалап жібермекке тырысушылық та кездесіп қалады. Бұл да – нағыз дерт, келешек ұрпақ ренжитін, осы бастан аулақ болатын жағдай. Қайта жан-жақты жұмыс жүргізіп, ұғындыра түсіндіріп, бұрыннан солай аталатын атаулардан арылған абзал. Бұған бір мысал. Сайрам ауданында Қызылсу-Сиқым деген ауыл бартұғын. Жазушы Ерсін Қойбағарұлы зерттеп, талай жыл бойы дәйектеп жазып жүріп, бұрын сол ауылдың астында Құрлық дейтін тарихи қала-қорған болғанын дәлелдеді. Құрлық атауын ауданның тиісті орындары ұсынып, облыс қолдап, республика бекітті. Қызылсу-Сиқымның Құрлық ауылы болғанына бірқатар жыл өтті. Кейбіреулерге бұл атау әліге дейін ұнамайтындықтан, ауылға кіреберістегі жазудың "Қ" әрпін өшіріп тастай береді екен де, "ұрлық" боп қалатын көрінеді. Әрине, тиісті тәртіппен бекітілген атауды қорлағаны үшін әлгіндей әулекілерді тауып, заңға сәйкес жауапқа тарту керек. Жалпы, Бауыржан Момышұлы қадап-қадап қағидалағандай: "Тәртіпке бағынған – құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды". Ономастикада да тәртіп керек, тәрбие керек.
Ауыл болсын, мектеп болсын, көше болсын, бәрібір, сайып келгенде, ата жарыстыру, көке сайыстыру – тектілікке де, көргенділікке де, өркениеттілікке де, мәдениеттілікке де жатпайды. Атамыздың аруағын ризалаймыз деп жүріп, жоғарыда тәптіштегеніміздей, керісінше назасына, наласына қалуымыз да әбден мүмкін. Облыс орталығында да өзгеруге тиісті көшелер жүздеп саналады, жаңадан салынып жатқандары да, Құдайға шүкір, тәуелсіздікке тәубе, аз емес. Көбейе бергей. Алайда, ат қоюға келгенде абай болайық. Адам аттарына тым әуес бола бермейік. Мәселенки, сізден біреу: "Мейірім мектебіне қалай барам?" – деп сұраса, қандай ғанибет. Сіз:"Мейірім мектебі дейсіз бе? Қанағат даңғылынан оңға бұрылып, Имандылық көшесіне түсесіз, сәл жүргеннен кейін солға бұрылсаңыз, Татулық көшесі шығады, сол Татулық пен Тазалық көшесі қиылысар тұста Мейірім мектебінің үш қабатты үйі гүлмен көмкеріліп, бауға бөленіп тұр", – деп жауап берсеңіз, қандай жарасымды. Әйтпесе, «Біздің ауыл Домбыра деп аталады. Тиек, Тоғызперне, Айқаракөз, Аққайың, Тәрбие, Текемет, Әлдибастау деген көшелері бар», – десеңіз, ұнасымды емес пе? Ал, атаңыз ауылға Домбыраның атын қойыпсыңдар деп, көкеңіз Әлдибастау үшін титтей де ренжімейді, қайта аруақтары риза болып, пейіште нұрлары шалқитын шығар.

Мархабат БАЙҒҰТ,
ОҚО тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының бастығы,
облыстық ономастика комиссиясы төрағасының орынбасары.


АҒЫН ҚЫЗЫ АГАТА

Эссе.


Осыдан біраз уақыт бұрын Ресейдің беделді бір газетінен Байкалдың арғы жағындағы Бурят республикасы мен Үркіт облысының қосылғаны туралы мақала оқыдық. Буряттардың республикасында да, әлгі облыста да референдум секілді бір аса маңызды шара өтіпті, тұрғындардың басым бөлігі қолдапты. Айтып та айтпай не керек, Байкалдың айналасында байтақ облыс пайда болып, бұдан былай қарай Бурят республикасының аты да, заты да жер бетінен жойылатынға айналыпты. Сол жақта жүргенде бурят бауырлардың басым көпшілігі өз тілдерінде емес, өзге тілде сөйлеп-жазатынын байқайтынбыз. Енді, міне...
Біз пақырыңыз өзге елдің ішкі ісіне араласудан аулақпыз. Алайда, әлгі мақаланың екінші бөлігінен өзге де кейбір автономияларға буряттардың басындағы жағдаяттың жақындап қалғанын аңғарғанымызда, кеудені күрсін кернеді-ай.
Кенет, ең соңында «Ағын-бурят (Агинско-бурятский) ұлттық округінің тағдыры әзірше белгісіздеу», – деген сөйлемді оқығанымызда ше, жүрек құрғырыңыз шым ете түсті. Шымкентте отырып-ақ...
Біз білетін «Агинско-Бурятский национальный округ» дегеніңіз Чита облысындағы кішкентай ғана ауданның аумағындай құрылымтұғын. Біздің көз алдымызға Ағын-бурят ұлттық округі, «Хара-Шибирь» кеңшарындағы шопандардың комсомол-жастар кешені кеп тұра қалды. Жә, оқырманға түсініктірек болу үшін басынан бастап баян еткен абзал шығар.

* * *

Алпыс төртінші жылдың желтоқсанында Алматыдағы жоғары оқу орындарының 1-3 курс студенттерін түгел тізімдеп, көкесі жоқтарды әскерге алды да кетті. Никита Хрущевтің пәрмені әлі өзгере қойған жоқ еді. Алпыс бесінші жылдың маусымында Новосібір қаласындағы алты айлық кіші командирлер мектебін бітірген бірнеше қазақ Забайкалье әскери округінің қарамағына жіберілдік. Студенттік өмірімізді өксітіп, білімге құштар бүкіл тағдырымызды үш жылға үзіп тастаған Хрущев жолдасты қаншама жеккөрсек те, қайран Байкалдың арғы жақ, бергі жағын армансыз аралатқаны үшін алғыс айтатынбыз.
Біз –– біраз-біраз бастаулар мен қайнарларды, бұлақтар мен өзендерді, дарияның суы мен көлдеріңізді көріңкіреген жандардың біріміз. Бірақ Байкалдың мөлдірлігіндей мұнтаз мөлдірлік, Байкалдың тазалығындай тұнық тазалық жер жүзінің басқа тұсында бар десе, илана қоймаспыз-ау, сірә. Терең тазалық пен мөлтіл мөлдірлік тек сол Байкалда ғана шығар. Сол Байкалдың арғы жағында, тайгаңыз да, биік-биік тауларыңыз да таусылып, орта бойлы аққайыңдар жауып жататын жота-жоталар мен жондарға айналар аймақта Ағын-бурят ұлттық округі бартұғын.
Біз пақырыңыз бір взводына кіші командир боп тағайындалған батальон уран кеніштерінде қара жұмыс істейтін түсі суық түрме тұрғындарына арнап қосымша құрылыстар салатын.
Онон дейтін өзен бар еді. Қарауытып ағып жататын. Қарақошқыл, жатаған таулар болатын. Өзіміздің Созақтың кейбір тұстарына айнымай ұқсайтын. Ал енді қарақошқылданған, қоңырқайланған шоқылар мен жарлауыттанған, қырлауыттанған тарғыл да орғыл таушықтар жасыл қайыңды жоталар мен жондарға айналар өңірдегі Ағын-бурят ұлттық округінің Агата атты қызымен алпыс алтыншы жылдың жазында таныстық қой, не керек.
Атқа мініп, соңына итін ерткен бурят шопанды алғаш көргенде, көзімізге жас келген. Тұп-тура Таупістелі ауылының Құдықсай қорасындағы Өзенбай қойшы секілді елестеп кеткен. Кейінірек білдік, біздің батальонымыз мекен еткен Онон мүйісінен Ағын-бурят ұлттық округі отыз шақырымдай жерде екен. Онда «Хара-Шибирь» кеңшары бар екен. Кеңшарда шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы бар екен.
Агатамен алғаш газет арқылы таныстық. «Забайкалье жастары» басылымында жарқ етіп оның суреті шыққан. Жарты бет мақаламен бірге. Әскердегі жастардың бір ермегі –– қыздарға хат жазу. Қазақстан жаққа қарша борататын хаттардың бірін кемітіп: «Ағын-бурят ұлттық округі; «Хара -Шибирь» кеңшары; Шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы. Аксенова Агатаға», –– деп алғашқы хатты жөнелттік те жібердік. Суретін әуелгі көргеннен-ақ екі қазақ пен бір қырғыз қатты ұнатқанбыз. Өзі буряттарға мүлдем ұқсамайды. Тек түр-келбеті ғана емес, аты-жөні де бөлекшелеу. Ақырында жеребе бойынша жеңіске жетіп, хат жазу бақыты біз пақырыңызға бұйырған.
Айтпақшы, біздің взводымызда Хабар өлкесінен, Краснояр, Норильск жақтан алынған орыстармен қатар екі-үш долған, бір-екі олған, бір-бірден, немесе екі-екіден дегендей бурят, саха, нанай, ненец бартұғын. Долғандар мен олғандардың он сөзінен екі-үш сөзі, сахалардың он сөзінен төрт-бес сөзі біздің қазақшаға келіп-ақ тұрады. Тәңірді тэнгри, дүкенді – дукэн, азық-түлікті – тулэк, қызды – қыз, қымызды – қымыз деседі. Әрине, буряттарды, нанай мен ненецті түсіну қиын-ақ...
Арада апта өтпей-ақ Агата Аксеновадан жауап келді. Ойпырмай, жазуының ғажабын-ай! Шын маржандай тізілген деп соны айтар болар. Шынайы мөлдір деп Байкалды айтатынымыздай ғой. Әр сөйлемінен бөлекшелеу білімі байқалады. Әр сөзінен өзгешелеу дүниетанымы аңғарылады. «Забайкалье жастары» газетінен біліп алғанбыз дә, орта мектепті бітіріп, екі жыл қой өсіру кешенінде еңбек етеміз деп үндеу қабылдаған. Қойға қарап, қозы ойнақтатып жүргендеріне екінші жыл екен. Ал, мына Агатаңызды қой бағады деп қалай ғана айтарсың?! Қолы (жазуы) –– мынау, ой-өрісі –– анау! ҚазМУ-дің филфагіненбіз деп жүрген мына біз пақырыңызды Забайкалье өлкесіндегі шоң шоқының түбіне тастап, өзі тү-у биіктен жайбарақат қана қара-а-а-ап отырғандай. Газеттен қиып алып, «армейский альбомға» жапсырып қойған суретіне қайта-қайта үңілеміз-ай келіп. Агатаның хатын, әрине, өзгелер де оқыды. «Қойға қор болған қарағым-ай!» –– дейді хат жазу пешенесіне бұйырмаған қазақ дос. «И-и-и, маған көнсе, Алатооға алып қайтар эм», –– дейді қырғыз бауыр. «Бұл өзі буряттарға ұқсамайды-ей, қазақ емес пе екен?» –– дейді қазақ дос. «Ой, қазақтар-е-е-ей, а бәлкім, қырғыздың қызы шығар ол?!» –– дейді бішкектік бауыр.
Отыз шақырым деген де ол кезде оңай жер емес, сұранбай кетуге болмайды. Дегенмен, рұқсат та алынып, темір көлік те табылып, Ағын-бурят ұлттық округіне, Агатаға барып қайтуға мүмкіндік туды. «Бізден дұғай да дұғай сәлем айт,» –– деді қазақ дос. «Бетінен сүймей қайтпағын», –– деді қырғыз бауыр. «Таптал-таптал, жолдас кэмэндир!» –– деді саха інішек. «Таптал» дегеніңіз сахаша «махаббат» қой!
Агата Аксенова — жайғана қатардағы шопан емес, комсомол-жастар бригадасының білдей басшысы. Әрі ресмилеу түрде, әрі еркелей билеп жүретін, еркелей сөйлеп-күлетін көңілді күйінде қарсы алды. Біз пақырыңыздың иығымыздан келетіндей бойымен қатар жүріп, сержанттық погонымыздың шетіне бір-екі мәрте қап-қара шашын тигізіп, бүкіл кешенді (ол кезде комплекс дейтінбіз) аралатып шықты. (Біз пақырыңыздың бірқатар шығармамызда қыздың еркелеп қана жігіт иығына басын қисайтуы жиірек кездесетіні осыдан болса керек). Әскери батальонның өкілін (біз ғой) біраз-біраз басқа да қыздар қоршап жүрді. Қайтарда қырлауыттау беткейі орта бойлы аққайыңға толы төбенің басына екеуміз ғана көтеріліп, бір-екі сағаттай тілдестік. Тілдесу аса жылы шырайлы жағдайда басталып, қой шаруашылығы, мал төлдету, қошақандарды үсітіп алмау, комсомол-жастар тұрмысы сөз етіліп, бірте-бірте жаңа кинофильмдер мен кітаптар жайына ауыстық. Кинофильмдер жөніндегі пікір жарысында шамамен тең түстік. Орыс әдебиетінен кібіртіктеңкіреп, ал енді ҚазМУ-дің бірінші курсында үш ай оқып тастағанымызға қарамастан, шетел әдебиетінен шоқырақтап қалғанымызға қызардық.
Тіл мәселесіне келгенде ғана сәл-пәл алға шыққандай болғанымыз есімізде. Агата қызыңызбен айнала-төңіректегі долғандар мен олғандар, сахалар мен нанай-ненецтер туралы әңгімелестік. Бірақ ол «Агинско-бурятский» дегенді тереңірек түсіндіре алмаған. «Мен сен сияқты филолог, лирик емеспін, физик боламын», –– деп қойып, ядролық физиканың кереметтерін тізіп кеп-кеп бергенінде, біз аузымызды аңқитып қалғанбыз. Әдейілеп: «Сен буряттарға ұқсамайсың», –– дейміз біз. «Енді кімге?» –– дейді ол. «Біздің Алматыдағы қыздарға, қазақ қыздарына ұқсайсың, –– дейміз біз. –– Қазақстанға жүрсеңші, сонда оқисың». Ол орта бойлы аққайыңға сүйеніп, еркелей күледі. «Әлі уақыт бар ғой, ойланармыз», –– деп қояды. «Шынында да сен бурятқа ұқсамайсың», –– дейміз біз тағы да. «Мен «ағын-бурят» дегендегі ағын қызымын ғой, –– дейді ол. –– Бірақ, бәрібір, бурят боп жазыламыз біз...»
Ағын қызы Агатаға және бір мәрте барудың сәті түскен.
Одан кейін күтпеген жерден көшірді де жіберді. Бізді. Біржолата. Алты жүз шақырым алысқа. Агатаға талай рет хат жаздық. Талай мәрте хат алдық. Ол Байкал мөлдірі секілді көгілдірлеу, тор көзі тымықтағы толқын тәрізді әзер бұлаңытып, сезіміңді қытықтайтын ғажап қағазға ғана хат жазатын. Оның маржан-жауһар жазумен көмкерілген хаттарын үйленгеннен кейін келіншегімізге көрсетіп, әдейі көзінше жыртып тастадық. Обалы не керек, келіншегіміз: «Сақтамайсың ба, қайта?» –– деген. Қазір сақтамағанымызға өкінеміз. Бертініректе зайыбымыз сәл-пәл біртүрлі болар сәттерінде Агатаны, т.б. еске түсіріңкірегенде бар ғой, керемет жазушы, әйелдер тақырыбының тапқыр шебері Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір ғана махаббат» деген әдемі әңгімесі көмекке келіп, құтқарып жіберер еді.
Әскерден оралып, оқуды тәмәмдап, аудандық газетте істеген алты жылда да, облыстық газеттегі он жыл, он айда да редакторлар: «Шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы туралы материал керек, қайсың барасыңдар?» –– десе, елден бұрын елп ете қалар едік. «Алтын арай», «Самал», «Жұлдыз», «Таң нұры», «Аққайың», т.б. және т.т. деп аталатын, кілең қыздар еңбек ететін кешендерге кете баратынбыз жүгіріп, желе-жортып. Репортаждар, очерктер, немесе шопан қыздардың атынан авторлық мақалалар жазатынбыз. Әр кешенге барған сайын еркелей сөйлеп, еркелей билеп, ағын қызы Агата алдымыздан шыға келетіндей көрінетін.
Кейініректе біз «Тобылғы гүлденгенде» деген повесть жаздық. Қым-қуыт өмір-ай, күйбең тірлік-ай, десеңізші, Ағын-бурят ұлттық округіне, Байкалдың арғы жағына бір рет барып қайту арман күйінде қала берді. Өзіміз бара алмаған соң, әлгі повестің кейіпкері Наурызды апарып қайттық қиялмен. Әрине, онша ойдағыдай шықпады. Кейін ол повесті сәл-пәл жөндеп, «Дос пейілі» деп өзгерттік. «Күн астындағы Күнікей қыз», «Уран ұрған» дейтін әңгімелерімізде де сол бір аяулы аймақ табиғаты мен қыздарының, әсіресе Агатаның бейнесі баршылық.

* * *

Мінекиіңіз, енді газеттен сол Ағын-бурят ұлттық округінің де келешегі күмәнді, бір ауданға немесе облысқа біржолата сіңіп кете баруы мүмкін деген мәселе тұспалданған мақаланы оқып, жүрек шіркіннің шым ете қалғанын қараңызшы... Шымкентте отырып-ақ.
Қайда жүр екенсің, ағын қызы Агата?!
Сені алпыстан асып кетті-ау деуге қалай қиямыз, алыста қалған аққайың...
Қайран Байкалдың тұнығы лайланып, мөлдірі мұнарланбады ма екен?
Айтып та айтпай не керек-ай, ұлтыңның тағдыры не болар?!


БОЗТОРҒАЙДЫҢ ҰЯСЫ

Мархабат БАЙҒҰТ
Ерғали ОРАЗЫМБЕТОВ


Әскери кеңесші Қайрат Тұлғаев

(Екі актілі драма)
Қатынасушылар:
1. Серікжан Елубаев
2. Айгүл
3. Нұрбике (Серікжанның анасы)
4.Сәлима (Серікжанның әпкесі)
5. Нұржан Нысанбаев
6. Маратхан Жандосов
7. Рахман Ахметов
8. Рахманның әкесі
9. Жартыбай
10. Мирқодир Зияматов
11. Әділбек
12. Ауыл әкімі
13. Оқас
14. «Ауғандықтар», можахедтер, т.б.
Бірінші акт
Пролог
Сазды симфониялық оркестрдің орындауындағы қазақ ұлттық әуені Ұлы Табиғат үніне айналып, соғыстың сұрапылын сездіретіндей құбылыстар беріледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жарылыстар болғандай, аспан әлемі алапат күй кешеді, нөсер жаңбыр төпелеп барып, кенет пышақ кескендей тиыла қалады. Бірден тамылжыған тыныштық орнайды. Ширек минөт өткенде бозторғай шырылы естіледі. Қазақтың кең-байтақ даласы, кең жазық кеңістік сезіледі. Шу өзенінің майда қоңыр ағысы мен айдыны көрінеді, су сылдыры естіледі. Бозторғай әні мен су сылдыры үндесіп, күн сәулесі ойнайды. Суға түсіп жүрген немесе жағада сырласып отырған Серікжан мен Айгүлді көреміз. (Бозторғай туралы өлең (С.Жиенбаев) шумағы немесе ән).
Серікжан: (тізерлеп отыра кетеді): Ай-гүл... Айгүлім менің! Қандай сұлусың сен... Қандай керемет көріктісің сен... Қандай ғажайып көркемсің сен...
Айгүл: (билей еркелеп жүріп): Шынымен бе? Шын айтып тұрсың ба, Серік... Серікжан! Сұлумын ба? Көріктімін бе? Көркеммін бе? Сен мені сүйесің бе?
Серікжан: Сүйемін сені, Айгүл! Сүйгенде қандай! Сүйем сені... Сен ше?
Айгүл: Серік... Серікжан, сені әскерге алайын деп жатқаны рас па? Шынымен-ақ әскерге кетесің бе? Мені таста-а-а-ап... Кете бересің бе?
Серікжан: Әскерге шақырып жатқаны рас, Айгүлім менің. Әкетіп қалуы да мүмкін.
Айгүл: Шынымен айтасың ба?
Серікжан: Енді, әскерге барасың десе, қашып кете алмаймын ғой, бармаймын деп қалай айтам, Ай-гүлім менің... Сен... Сен мені күтесің бе?
Айгүл: Күтейін бе?
Серікжан: «Күтейін бе» дегенің қалай? Неге «Күтемін» демейсің, Ай-гүл? Жоқ, әлде... Әлде...
Айгүл: Серікжан, сен неге «Әлде...» деп, күмілжіп қалдың? А-а-а?
(Пауза).
Серікжан: Әл-әлде... Сен... Сен мені күтпестен, бір бастықтың әскерге алынбайтын баласына тиіп кетесің бе?
Айгүл: Немене, әскерге де солай іріктей ме? Бастықтардың балалары бармай ма армияға?
Серікжан: (таңданып): Айгүл! Сен соны шынымен-ақ білмейсің бе? Қара да тұр, әкеден ерте қалған, шешесі ауру, әпкесі мекеме кеңсесінің еденін жуатын мені әскерге алады да кетеді. Шудағы, Созақтағы, Жаңатастағы, Жамбыл мен Шымкенттегі бастықтардың балалары бармайды. Алынбайды олар... Соны да білмейсің бе?
Айгүл: Білмеймін. Білгім де келмейді. Мен сені екі жыл күтейін бе? Жоқ, күтпейін бе? Соны айтсаңшы, онан да (Бұртияды).
Серікжан: (Таңырқай қарап): Ай-гүлім менің! Сен ашулансаң да, сұлусың. Әдемісің... Әрине, күтесің мені. Күтпесең, мен әскерден оралмаймын...
Айгүл: (Қорқып кетіп): Қойшы енді! Қоя ғой енді. Серігім менің! Мен сені ешқандай да бастықтың баласына айырбастамаймын.
Серікжан: (Қуанып): Ай-гүл! Менің ұшқым келеді... Қалықта-а-а-ап...
Айгүл: (Қанат қаққандай қолдарын көтере билейді): Кел, ұшайық! Биікке-е-е! Аспан-ға-а-а-а! Ұштық! Кеттік қалықтап...
(Екеуі «ұша» жөнеледі).
(Серікжан мен Айгүлдің өздерінше «ұшып», бірін-бірі қуалап жүгірген, суға түскен, су шашысқан фонында бейбіт өмір, бозторғайдың ұясы, бозторғай шырылы естіліп тұрады. Кенет диктор сөздері беріледі. Немесе актер сахнада рөл бойынша автор сөздерін көрермендермен сұхбат құрғандай оқиды).
Диктор немесе актер сөзі: 1978 жылғы 27 сәуірде Ауғанстанда революциялық төңкеріс болды. Әскери-революциялық кеңес өз билігін Революциялық кеңеске өткізді. Революциялық кеңес құрамына 40 адам кірді. Оның бесеуі Ауғанстан қарулы күштерінің өкілі еді. Бас хатшылыққа Нұр-Мұхамед Тараки сайланды, ол үкімет басшысы да еді. Таракидің орынбасары Бабрак Кармаль болды.
Революциялық кеңес 30 сәуірде елді Ауғанстан Демократиялық Республикасы деп жариялады. Осыдан кейін-ақ Ауғанстанға американдық көмек сап тиылды. АҚШ барлық қызметшілері мен мамандарын кері шақыртып алды.
1979 жылғы 15 наурызда Гератта 20 мың адамның үкіметке қарсы бүлігі бұрқ ете түсті. Оған әскерилер де белсене қатысты. Мыңға жуық адам қаза тапты, олардың ішінде Кеңес Одағының да азаматтары бар еді...
(Музыка. Симфония оркестрі).
Диктор (актер): КСРО Қорғаныс Министрі Устинов бір әуе-десант дивизиясын жедел түрде әуеден түсіруге дайын етуге, Түркістан әскери округінің танкішілер мен атқыштар полкін шұғыл әзірлеуге бұйрық берді.
(Музыка. Симфония оркестрі).
Автор: Тараки Кеңес Одағы әскерін кіргізуді өтініп, Косыгинмен телефон арқылы сөйлесті. Тараки мен Брежнев кездесті.
1979 жылғы мамырда Орта Азия республикасы мен Қазақстанның жергілікті ұлттарынан жасақталған арнайы батальон құру туралы шешім қабылданды.
(Музыка. Симфония оркестрі).

Диктор (актер): 1979 жылғы 8 желтоқсанда Брежневтің жұмыс бөлмесінде Андропов, Громыко, Суслов және Устиновтар бас қосып, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының қаулысын қабылдады.
(Музыка жалғасады).
Диктор (актер): Желтоқсанның соңына таман 40-шы армияның негізгі күші түгелдей, Түркістан әскери округінің үш атқыштар дивизиясы, Орта Азия әскери округінің бір атқыштар дивизиясы, аралас авиациялық корпус, ондаған бөлімдер мен мекемелер, бәрін қосқанда – 100-ге жуық бірлестіктер Ауғанстанға кіріп, соғысуға дайын тұрды.
24 желтоқсан күні Устинов Қорғаныс Министрлігінің басшы құрамын жинап, Ауғанстанға кеңес әскерін кіргізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Құжатқа Қорғаныс министрі Устинов пен Бас штаб бастығы Огарков қол қойды.
25 желтоқсан күні таңертең Огарков ауған шекарасын кесіп өту Мәскеу уақыты бойынша 15.00 сағатта басталатынын тиісті басшыларға телефон арқылы хабарлады.
Дәл белгіленген уақытта Ауғанстанға кеңес әскерлерін енгізу басталды.

(Музыка. Симфония оркестрі).

(Диктор (актер) оқып бола сала қырғын соғыс, жарылыс, гүріл-сарыл, т.т. т. с.с. басталып кетеді. Музыка шуылы фанограммасы сарынымен бірге сахна сценографиясы өзгеріп, жарқ-жұрқ алапат бейнеленеді).

* * *

(Ауғанның ыстық жазы. Таулы жер. Әскерилердің жабдықтары. Гулеген қалың шыбынның даусы естіледі. Ыстық буған, шыбыннан шаршаған жауынгерлер. Іштерінде Серікжан, Нұржан, Мирқодир,т.б. бар).
Серікжан (Нұржанға): Біржарым жыл зу етіп өте шыққан сияқты. Бір қарағанда.
Нұржан (қаруын тазалап отырып): Бір қарағанда зу ете шыққандай дейсің бе? Екі қарағанда ше?
Серікжан (шыбынмен алысып): Екі қарағанда, Нұржан, өзің де білесің ғой, не көрмедік?! «Соғыс болмайды, жай ғана сақтық, қорғау және қорғаныс шараларына қатысамыз», – деп еді. Не болды енді? Не болдық? Қаншама достарымыз қыршынынан қиылды... Бір отрядтан отыз бес адам шейіт бопты...
Мирқодир: –– Біздің Сайрамнан да бірер бала бақилық болды, Түркістаннан да екі баланы естідім.
Нұржан: Иә, небір боздақтар кетті... Құдай қаласа, бүгін-ертең орныңа адам келсе, бірер күнде үйіңде боласың. Созаққа соқпай, бірден Жаңатасқа кететін шығарсың? Айгүл сұлуыңа.
Серікжан: Оны Құдай біледі. Бес ай болды, хат-хабар жоқ. Күтем деп еді, күте алмады ма? (Күрсініп). Әлде... Әлде... біреулер алып қашып...
Мирқодир: Осы қазақтар қыз алып қашқанды қоя ма, жоқ па, өзі?
Нұржан: Қой, Сәке, ондайды айтпағын. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген. Хат-хабарды өткізбей қоятын, жазғызбай қоятын жағдайлар да жоқ емес. Айтуыңа қарағанда, Айгүлің керемет сұлу сияқты ғой, ақылды ғой.
Серікжан: Ондай сұлу жер бетінде жоқ...
Мирқодир: Осы қазақтарда Айгүл деген қыздардың бәрі керемет сұлу болады ғой, өзі.
(Айгүл-елес пайда болады. Айгүл-елес мұңды әндетеді. Елес кеткенде, ұйықтап, шыбынға таланып жатқан Жартыбай деген жауынгер бажылдап, орнынан ұшып тұрады. Гу-гу еткен қалың шыбынның ұнамсыз шуылы, басқа да ызыңдар, шуылдар құлақты жеп қояды).
Жартыбай (шыбыннан құтыла алмай, қаққылап, қақпайлап, жынды адамша аласұрады): А-а-а! О-й-бай-ай, ойбай! Өлдім! Жеп қойды! Талап тастады! Болды! Бітті! Шыдай алмаймын! Шыдамаймын! Төзім таусылды! Өлдім! Өлем! Өлдім! А-а-а! Уһ! Шыбын! Шыбын! Атаңа нәлет! Атаңа нәлет! (Қайтадан жатады. Жамылғыны басына жабады, тұншығып, қайтадан ашады. Қайта жабады, қайта ашады. Қайта тұрып, айқай салады). А-а-а! А-а-а-а! Өлдім! Өлем! Шыбын! Маса! Шыбын! Ара! Жеп қойды, талап өлтірді! Басыңа жамылғы жапсаң, тұншығып өлесің! Басыңды ашсаң, талап жеп қояды! Жеп қояды! Талап тастайды! Жыбырлап, шымшылап, тістелеп, сұққылап, жеп қояды! Дем! Дем! Ауа-ауа-ауа-а-а-а! Тынысым тарылып, өліп барам! Өлдім! Шыбын, шыбын! А-а-а!
(Өзін-өзі жұмалай бастайды. Серікжан, Мирқодир, Нұржан оны ұстап, қол-аяғын басып отырады).
Серікжан: Қой енді, қоя ғой. Сабыр ет. ! (Жартыбай сәл тынышталады).
Мирқодир: Паниковать қылмаң, Жартыбай-ака. Өзіңізге қиын болады жүдә һәм.
Жартыбай (Қайтадан ойбайлап): А-а-а! Сары ауру боп әзер жазылып ем... Енді өлем... Су ішуге болмайды... Шөлім қанбайды... Шайларыңның дәмі жаман... Оның өзі жетпейді... Шыбын... Шыбын... Жамылғыны суға батырып жамылам... Жамылмасам, шыбын жеп қояды... (Жамылғыны суға батырып, сығып, қайта жамылады). Жамылсам, тұншығып өліп барам... Өлем-өлем... Шыбын-шыбын...
Нұржан: Өлсең, шыбыннан емес, дұшпанның оғынан өлсеңші онан да!
(Екеуі біраз тыныштандырып бола бергенде, дабыл жарияланады).
Дауыстар: Дабыл! Дабыл! (Сахнаға Маратхан шығады).
Маратхан: Бірінші бөлімше мергендердің шебіне! Екінші бөлімше А. пунктіне! Үшінші бөлімше, менің соңымнан!
(Атыстар естіледі. Түрлі қорқынышты дыбыстар, дауыстар, т.т. Біраз уақытқа созылады).
* * *
(Арнайы мекен. Тас қоршаулар. Маратханның басы таңылған. Жанында Серікжан, жап-жас бала лейтенант Рахман Ахметов бар. Олар да шаршап-шалдыққан, жеңілдеу жараланған).
Маратхан. Қаза тапқан екі жауынгердің денесін мұздай суға салып сақтай тұру керек. Техника келіп жеткенше бүлініп кетеді ғой... Лейтенант, түсіндің бе? Рахман, саған айтып отырмын (жарасын ауырсынып, қиналады).
Рахман: Сайдың табанындағы қайнарға жеткізу де оңай емес.
Маратхан (реніш білдіріп): Рахман бауырым-ай, оңай не қалды, жеңіл нәрсе қалды ма бізде?.. Серікжан Елубаев, сенің жағдайың қалай? Өзіңді сақтай жүрсеңші... Мерзімің әлдеқашан бітіп, екі ай бұрын-ақ ауылыңда болуың керек еді... Ауыстырар адам келмей жатқанын қарасаңшы... Жаңа да дұшпандарға араласып кете жаздадың. Абайла...
(Осы кезде шошынған дауыс естіліп, сахнаға Мирқодир мен Нұржан жүгіріп шығады).
Мирқодир (шошына айқалап): Жолдас майор! Жолдас майор!
Маратхан (басын көтеріп): Не болды, Мирқодир, Нұржан?!
Мирқодир: Жолдас майор, анда... Анда...
Серікжан: Айтсаңшы енді...
Нұржан: Анау бұтаның арасында...
Маратхан: Дұшпан ба? Мерген бе?
Мирқодир: Жа-жа-Жартыбай асылып тұр... Аяғы салбырап... Тұла бойы түгел... Шы-шыбын... Құ-құ-құж-құж етеді... Шы-шыбын... (Отыра кетеді).

(Музыка. Пауза).
* * *
(Тыныштық орнап, демалудың реті келгендей көрініс. Лейтенант Рахман Ахметов өлең жазып отыр. Жазуын кідіртіп, өзінің жырын оқиды. Серікжандар тыңдайды).

Рахман:
Кез келіп алдан сынақ іс,
Бойымда тулап бір ағыс.
Кеңпейіл, дархан елім-ай,
Кеттім ғой сенен тым алыс.

Тағдырдың қатал сынымен,
Кез келсем несін бүгілем?!
Туған жер, сенің, тұмар деп.
Топырағыңды ала шығып ем.

Соғыстың дәмсіз кермегі,
Солақайлардың ермегі.
Туған бір жердің топырағы-ай,
Қорғар ма екенсің, сен мені?!

Қатерлі мынау сапардың,
Қайғысын бөлер қатар кім?
Кез келсе, егер, маған да,
Ажалдың дәмін татар күн –
Туған жер, сонда мен сенің,
Топырағыңды ала жатармын...

Серікжан (таңырқап): Керемет қой-ей! Барған сайын ашылып келесіз, жолдас лейтенант! Әттең, туған жер-ай...
Нұржан (қосылып): Тағы оқыңызшы, Реке!
Мирқодир: Оқың-оқың, Реке!
Рахман (реніш танытқандай): Осы сендер мені жолдас лейтенант, Реке демей-ақ қойыңдаршы осындайда!
Серікжан: Енді кім дейміз? Ыңғайсыз ғой.
Рахман: Маған да онша ыңғайлы емес. Мені бір лейтенант болайын деп болды дейсіңдер ме? Жоғары оқу орнын бітірген соң, Ауғанстанға мен сияқты мамандар керек болған соң алды да. Екі жұлдызын тақты да.
Серікжан: Маған салса бар ғой ә, ақын, суретші, әнші сияқты таланттарды ешқандай соғысқа алмас едім. Таланттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы ғой!
Мирқодир: Біздің өзбектерде көптеген шайырларды, режиссер, артистерді соғысқа жіберместен, алып қалған екен.
Нұржан (қызуланып): Соны айтам-ау! Баяғыда ше, Ұлы Отан соғысында ше, небір дарынды ақын-жазушылар, ғалымдар бостан-босқа оққа ұшты, фашистерге құрбан боп кетті. Баубек, Абдолла, тағысын-тағылар ше... Бауыржандар, Мәліктер аман қайтты-ау, әйтеуір...
Серікжан: Ақындарды соғысқа алу –– қылмыс.
Мирқодир: Әлбәттә-әлбәтта!
Нұржан: Генерал Громов Мәскеуде құпия мәлімдеме жасапты. Ауғанстанда жүрген жүздеген мың жауынгердің ішінде бастықтардың балалары жоқ екен. Сен және мен сияқты, Рахаң сияқты, мына Мирқодир секілді қара жұмысшы мен шаруалардың ғана балалары алыныпты.
Рахман: Әй-әй, қойыңдар-әй! Бас жағына барыспайық, Саясатпен жарыспайық. Мен –– талант та емен, дарын да емен. Жай ғана, оқта-текте өзім үшін өлең жазамын...
Серікжан: Тағы да бірер шумақ оқыңызшы. Оқышы.
Нұржан: Оқыңызшы. Оқышы. Махаббат туралы бар ма?
Рахман: Бар. Оқиын (оқи бастайды).

Сезімнің тәтті әуресін,
Кештік қой бастан, беу досым.
Аттанар сәтте кестелі
Орамал берген сәулешім.

Секілді сезім тірегі,
Жанымның сол-ақ бір емі.
Сәулемнің нәзік жүрегі,
Соғады онда үнемі.

Сипасам оны әманда,
Рухтанып кетем табанда.
Алақанының ыстығы,
Сәулемнің иісі бар онда.

Сондықтан, оны төске мен,
Қадауды ылғи қош көрем.
Қазақтың қызы ғажап қой,
Сезімін айтқан кестемен.

Сезімге баға бере біл,
Емессің онсыз ерен ұл!
Жалғанда мынау сәулем бар,
Сондықтан, сүйем сені де,
Сондықтан сүйем, сені, Өмір!

Мирқодир: Миртемир-акадан бір де кем емес-ай мына қазақ.
Нұржан: Рахмет, Реке! Айтпақшы, естідіңдер ме, кеше көрші ротаның солдаты пәренжі жамылып келе жатқан біреуге: «Қарындас, су алуға көмектесейін. Сізбен танысуға бола ма?» – деп, орнынан тұра бергенде, пәренжінің ішінен тарс еткізіп атып сапты. Сөйтсе, ешқандай қарындас емес, қара ниет дұшпан екен-ей...
* * *
(Қайғылы, ауыр музыка. �инк табыттар тізіліп кетіп барады. Табыттарға жарық әр жақтан түсіріледі. Музыка күшейеді. �инк табыттар сахнада айналып кетіп бара жатады. Аналардың, әйелдердің бебеулеген, жоқтаған даусы. Сүйген жардың сыңсылауы естіледі).
Диктор (актер): Ауған соғысында 1979 жылы Қазақстаннан 4 адам, 1980 жылы – 176 адам, 1981 жылы – 78 адам, 1982 жылы – 146 адам қаза тапты...

* * *
(Қайтадан «апокалипсис», қырғын соғыс, айқас-шайқас. Аспан жерге, жер аспанға айналған. Атыс, гүрсілдеген жарылыс, сахна қараңғылығында түсініксіз нәрселер болып жатады. Оқта-текте Маратханның, Рахман Ахметовтің, Серікжан Елубаевтың, Нұржанның, Мирқодирдің бет-жүзі көрініп қалады. Басқа да жауынгерлер соғысып жүрген сияқты).

* * *
Диктор (актер): Сол түнгі шайқаста Серікжан Елубаев, Мирқодир Зияматов, Нұржан Нысанбаев шалажансар күйлерінде госпитальға жөнелтілді. Қандағар, Парван, Каписа, Нимроз провинцияларында, Жабал-Уссаражда, Панжер шатқалында ауыр шайқастар, соғыстар жүріп жатты. Ол шайқастарға ауған жағынан – 20, совет жағынан 16 батальон, сондай-ақ 320 бронды танк, 155 зеңбірек пен миномет, 104 тікұшақ пен 26 ұшақ қатысты. Серікжан Елубаевтың әскерде, Ауғанстанда қызмет ету мерзімі төрт ай бұрын аяқталып, әлдеқашан елге қайтуы тиіс еді. Амал қанша...
Ал, лейтенант, талантты ақын Рахман Ахметов... Рахман Ахметовтің бір қолы мен бір аяғы ғана табылды...
(Музыка. Пауза).
* * *

(Бозторғай төбеге Нұрбике ана шығады. Бозторғай әні немесе өлеңі, музыка беріледі. Нұрбике ана төбеге шығып қарайды. Ұлы Серікжанды күтеді).
Нұрбике: Серікжаным! Құлыным! Көзіңнен айналайын, мұрныңнан айналайын! Қолыңнан айналайын! Аяғыңнан айналайын... Қашан келесің, мерзімім бітті, уақытты бітірдім деп жазып ең бір хатыңда... Не хатың жоқ, не өзің жоқсың... Өзің аяқ-қолың серейіп, одан сайын өсіп кеттің бе? Әлде толып, әкең секілдендің бе екен? Ойбуй, бетім-ай, қырғын соғыста қайдағы толған, қайдағы өскен?! Әйтеуір аман келші, құлыным. Аман оралшы, алтыным...
* * *

(Қазақстанның бір ауданындағы Рахман Ахметовтің үйі. Ортада цинктелген табыт. Жанында подполковник Маратхан Жандосов, Рахманның әкесі және бірер адам отыр. Маратхан баяу үнмен көңіл айтады).
Маратхан: Аға, сабыр етіңіз. Қазақ: «Болған іске болаттай берік бол» дейді, «Жүктің ауырын нар көтереді» дейді. «Серпілмесе, қайғы жаман» дейді. Бәрін бұрынғы бабаларымыз кейінгі ұрпақтарды жұбату үшін айтып кеткен ғой. Мен оларға не қоса алармын, ағатай...
Рахманның әкесі (үнсіз егіліп жылайды): Анасы... Анасы естілгелі бері ес-түссіз аудандық ауруханада жатыр...
Маратхан: Құдай қуат бергей, аға... Ұлыңыз нағыз ерлерше, батырлық көрсетіп қаза тапты... Міне, мынау –– Қызыл Жұлдыз ордені... (Тапсырады). ... Мынау – Рахманның жыр дәптері...
(Сахнада жарық өшеді. Қараңғыда Рахман Ахметовтің елес-бейнесі пайда болады. Жарық сол елеске түсіріледі).
Рахман-елес (Өлең оқиды):
Әр тағдырды таразылар тең безбен,
Құсни дүние- ай, ұшқаның ба сен көзден?!
Ер едім ғой еңселігім екі елі,
Енді, міне, елеспін мен ел кезген.

О, жалған-ай, жалған дүние-ай, жалған-ай,
Жанбай өшкен жабығулы арман-ай!
Жүрегімнің тыншып қана қалғаны-ай,
Сәулешімнің сыңсып дауыс салғаны-ай.

Рухымның жанды соғар шері сең,
Тағдыр, сенен, айтар ем ғой, жерісем...
Жағаңнан ап қайтар дер ме ем жанымды,
Жалған дүние-ай, естимісің мені сен?!
Жалған дүние-ай, естимісің мені сен?!
(Сахна қайта жарықтанады. Бұрынғы көрініс).
Маратхан (күрсіне түсіп): Аға, ескеретін де біраз нәрселер бар. Мына цинк табытты ашуға болмайды. Тәртіп солай... Жерлеуге мен де қатысып кетсем деймін...
Рахманның әкесі (жыламсырап): Айналайын шырағым, ашып айта берші. Әртүрлі әңгіме естиміз. Кейбір боздақтардың денесі табылмай, мынадай табытқа топырақ па, тас па, ағаш па, әйтеуір бірдеңе салып, алдап әкеледі деседі. Сол рас па? Мына табыттың ішінде менің Рахманым бар ма өзі?! (Үгітіле жылайды). Шыныңды айтшы...
Маратхан: Аға! Сіз көпті көрген кісісіз. Бәрін түсінесіз...
Рахманның әкесі: Кінәламан ешкімді... Шыныңды айтшы, шырағым...
Маратхан: Түрлі-түрлі жағдай болады, аға. Біреулердің денесі жан баласы жете алмайтын құзар шыңдардың түбінде, терең шатқалдардың табанында қалып, мүлде табылмай да кетеді. Кейбір бозымдар көз алдымызда қаза тауып, оққа ұшады. Тасада тұрып пышақ лақтыратындардан тіл тартпай кететіндер де аз емес. Минаға түсіп, денесі күл-талқан болатындарды да жинаймыз. Бүп-бүтін денені шыжыған ыстықта бүлініп кетпесін деп, жақын жердегі мұздай ағын суға салып сақтаймыз кейде. Мүмкіндігінше. Бүп-бүтін боп... Мүлде... Жарамай кететін жағдай да жоқ емес... Не салқын су жоқ, не жер қазылмайды, не таспен жаба алмайсың, не көлік жоқ. Ағатай-ай, не болмайды дейсіз онда... Онда...
Рахманның әкесі (өкіріп): Сонда... Сонда... Мына табытта менің балам, менің Рахманым... Жоқ па? Жоқ па-а-а-а?!. Тас па? Ағаш па?! А-а-а-а-а... (Әзер тоқтап, үнсіз қалады).
Маратхан: Сабыр етіңіз... Сіздің Рахманыңыздың тұла бойы тұтас-түгел дей алмаймын. Бірақ, денесінің қалдығын... Аяғы мен қолын... Тазалап, жуып... Өз қолыммен салдым... Сеніңіз маған, аға... Алайда, табытты ашуға болмайды...
Рахманның әкесі (жылап): Түсіндім, бауырым! Бұған да шүкір... Мұныңа да рахмет, шырағым... Денесінің бір бөлігі болса да, аяқ-қолы болса да... Шүкіршілік... Не дейін басқа, шырағым... Ашып неғылайын, шашып неғылайын...
(Музыка). (Пауза).
* * *

(Бозторғай төбенің маңайы. Кешқұрым шақ. Мәшиненің тоқтаған даусы, адамдардың түскені естіледі).
Серікжанның даусы естіледі: «Қайта беріңдер. Рахмет. Қайта беріңдер дедім ғой. Енді өзіміз барамыз. Рахмет!» (Сахнаға бір қолы жоқ Нұржан Нысанбаев және ол сүйреткен, екі аяғы жоқ екені білініп, арнайы арбашада (коляска әлде басқалай бір жабдық) отырған Серікжан Елубаев шығады. Айнала Созақтағы Шу өзенінің бойы екені, Бозторғай төбе бейнеленген. Қамыстар шоғырланып тұр.)
Серікжан (арбашада отырып, күрсініп, айналаға қарап): Міне, біздің ауыл. Анау Бозторғай төбе. Кіндік қанымыз тамған жер осы, Нұржан. Ан-ау-у –– біздің үй. Ауылдың шетіндегі...
Нұржан: Көріп тұрмын. Сәл ертерек түсіп қойған жоқпыз ба, Серікжан?
Серікжан: Жоқ, Нұржан. Ауылға сыртынан қара-а-а-ап отырғанды жақсы көруші ем... Біраз ойласып алайық. Әдейі мына қалың қамыстың жанына тоқтаттым ғой.
Нұржан: Неге?
Серікжан: Қазір айтам. Кел, алдымен қамыстың қалқасына жасырынып алайық. Қараңғылық түсетін уақыт та таяу. Бізді әзірше ешкім көрмесін.
Нұржан: Неге?
Серікжан: Неге-негелеп, шегедей состимай, сүйреле мені қамыстың қалқасына!
(Нұржан Серікжанды арбашасымен қоса сүйреп қамыстардың қалқасына әкеледі. Серікжан қамыстардың иілген қарқараларын сипалап, бетіне басады да, өкіре өксіп жіберіп, зар илеп, зарын айтады).
Серікжан: А-а-а-а! А-а-а-а! Айналайын қамыстар-а-а-у! Қарқаралы қамыстарым-а-а-ау! Мен кіммін енді? Кім боп оралдым мен сендерге-е-е? Шабандоз Серікжан емес пе ем? Шабандоз ем ғой мына мен! Атқа мінбей... Міне де алмай... Армандап қана өтем бе? Атқа мінбекке зар болып... Арбашаға таңылып кетем бе-е-е... Мына жалған дүниеден... Мүгедек болып өтем бе... Жалаң аяқ жер де баса алмастан... Топырақ та кеше алмастан... Белімнен төмен шолтиып... Арбашаға таңылып... Армандап қана өтем бе? Шуыма да шомылмай... Суыма да түспестен... Арғы бетке жүзіп өтіп жүруші ем... Кім болдым мына мен енді?! Не болдым мына мен енді... Қарқаралы қамыстар! Айтыңдаршы, кім болдым... А-а-а-а...
Нұржан (жұбатады, біресе қосыла қайғырады): Қой, Серікжан, сабыр ет. Қой деймін енді... Ер-еркек емеспіз бе? (Шолақ қолының орнын сипалап, қайта жұбатады).
Серікжан (сабырға келіп, күрсініп, көз жасын тыйып, сүртіп, қамыстарды сипалайды): Сабыр етпегенде, қоймағанда, не істемекпін... «Біраз ойласып алайық» дегенім сол, менің анамның жүрегі қырық жамау ғой, Нұржан. Бұрын да айттым ғой деймін. Жүрегі нашар апамның. Жастай жесір қалды. Әпкемді біреулер зорлықпен алып қашып кетті. Сонда да кейбіреулер аямай, апамның өзіне де тыныштық бермеген... Не көрмеген сорлы. Мені ертерек есейген күйімде көргісі кеп, әкемнен қалған киімдерді қайта-қайта кигізіп, қайта-қайта өлшейтін еді. Үлкен-үлкен кәстөм-шалбар алып, жылдамырақ өскенімді армандайтын. Бар жиған-тергенін жұмсап, тай әперген еді. Сол таймен бірге өсіп, сол таймен бірге шыныққам. Шабандоз атым шыға бере ауған асқам... Анамның... Арманының күйі мынау ғой енді... А-а-а-ай, дүние-ай! (Қайта ес жиып). Мені көргенде апамның жүрегі ұстап, тіпті... бірдеме боп кете ме деп те қауіптенем, Нұржа-а-а-н... Екі аяғымнан, қос тізеден жоғары тұстан айырылғалы өзімнен гөрі апамды көбірек ойлаймын. Қалай көрінем? Ана шіркін қандай күйде болады?! Әпкем Жаңатаста ғой, оның бір мәнісі болар... Ал, апамды алдын-ала дайындау керек-ау деп ойлаймын...
(Дәл осы кезде аттардың тұяқ дүрсілі, адамдардың даусы естіледі).
Серікжан: Жат, Нұржан! Еңкей! Тығыл! Жасырын!
Нұржан (Түсініңкіремей): Неге? Неге?
Серікжан: Жат дедім ғой мен саған!
Нұржан (жатады): Неге?
(Ат тұяғының дүрсілі, жігіттердің даусы қаттырақ естіледі).
Серікжан (күрсініп): Мынау өтіп бара жатқандар –– көкпаршылар ғой. Шабандоздар. Бұлар бізді байқап қойса, ай-шай жоқ аттан салып, ауылға шабады. Шүйінші сұрап апама барады. Апам қатты қуанады. Қуанып қалып, мені мынадай күйде көрсе, не болады? А-а-а-ай, дүние-ай!
(Көкпаршылар өтіп кетеді. Мұңлы музыка ойнайды).
Нұржан: Серікжан, қой енді. Таусыла бермегін. Апаң, бәрібір, қуанады саған.
Серікжан: Қойшы-ей...
Нұржан: Өзің – қойшы.
Серікжан: Жоқ, мен қойшы емеспін, жылқышымын (Күлді).
Нұржан (жыламсырай күлімсіреп): Е, бәсе! Осылай, бұрынғыша күлсеңші кішкене.
Серікжан (тағы да күледі): Мен қойшы емеспін, жылқышымын. Апам шынымен қуана ма? Мына мені көргенде... Қуана ма?
Нұржан: Қуанады... Неге қуанбайды? Ауған соғысына кеткен ұлдарының аяқсыз-ақ, қолсыз-ақ қалқайып қайтқанына зар болып, армандайтын аналар бар. Білесің бе? Бір саусағына зар болып жүргендер көп. Түсінесің бе?!
Серікжан: Сонда да менің апамды алдын-ала дайындамаса, жүрегі ұстап, менен өткен мүгедек боп қалуы мүмкін. Қорқамын...
Нұржан: Онда алдымен мен барып, жайлап айтамын ба? Не істейін?
Серікжан: Сен айта бастағанда, апам... Менің өлгенімді естірткелі келген екен деп... Өзі өліп кетпей ме?
Нұржан: Қайдағыны, қай-қайдағыны айтасың.
(Кенет автобустың биікке ызыңдай көтеріліп барып тоқтағаны, есігінің ашылып-жабылғаны естіледі).
Серікжан (сасқалақтап): Нұреке, отыр! Отыр! Жасырыншы тағы да!
Нұржан (сыбырлап): Жаңа жат деп едің. Шүкіршілік, енді отыр дедің-ау, әйтеуір. (Отырады).
Серікжан: Бұл – Жаңатас жақтан келетін автобус қой. Біздің ауылдың тұсына тоқтап, адамдарды түсіріп кетеді (Қамыс арасынан сығалап). Әнеки, бір адам қарауытып көрінеді. Осылай, мына сүрлеуге қарай келе жатыр.
Нұржан (сасқалақтап): Не істейміз? Жасырынамыз ба, алдынан шығамыз ба?
Серікжан (батылданып): Кім де болса, осы бір жанға ілесейік. Апама барып, алдын-ала хабар жеткізер. Бұл адамды да апамды дайындауға дайындайық. Сен жайлап, алдынан шық. Амандас. Сөйлес. Сонсоң мені шығарарсың сүрлеуге қарай... Жарай ма? Бара ғой, енді...
(Нұржан отырған жерінен түрегеліп, келе жатқан адамның алдынан шығады. Сахна шетінен жас әйел көрінеді).
Сәлима (алдынан шыққан Нұржанға аңтарыла қарап, қараңғылықта аңғара алмай): Сен... Сен... Кімсің... (Көздерін сүрткіштеп...) Құдайым-ау, сен... сен... Менің Серікжаным емессің бе? А-а-а-а... Бүгін... Жүрегім біртүрлі боп... Апама... Үйге... Кеп кетейінші деп едім... Өңім бе, түсім бе? Қорқайын ба, қуанайын ба? Құдай-ай, қорқып нем бар?! Қуанта гөрші, Құдайым...
Нұржан: Сәлеметсіз бе, апай...
Сәлима: Амансың ба, айналайын. (Өзіне-өзі). Жоқ, даусы басқа... Серікжан емес екен... (Нұржанға қарап). Кімсің, айналайын?.. Мен сені... Серікжаным екен деп... Ойлап-пын...
Нұржан: Мен... Мен...
Серікжан (Өзіне-өзі сөйлеп, қиналып): Мынау –– менің әпкем... Әпкетайым ғой... Сәлима ғой...
Нұржан (не істерін, не айтарын білместен): Се-Серікжан... Анда...
Сәлима (Жанұшырып): А-а! Қайда-а-а... Анда-а-а... Қайда дедің?! Анда-а-а... (Ентелей ұмтылады).
Серікжан: Әпке-е-е-е...
Сәлима: Се-рік-жа-а-а-н... (Екеуі құшақтасып, өкіріп жылайды). Сен... Сен... Серік-жа-а-а-ан... Ая... Ая... Ая-а-а-а... Ая-ғы-ы-ың қайда-а-а-а?! Мейлі... Мейлі... Қайтейін-ай... Тірі кепсің ғой, әйтеуір... Көзіңнен айналайын... Жыламайық... Кәйтейін-ай... Мейлі... Мейлі... Жаның аман қапты... Ал... Ал... Ауылға... Үйге... Ап-па-а-а... Апама кеттік... Жүр... Жүріңдер... (Қайтадан інісін құшақтап жылайды). Айналайын сенен... Құлағыңнан қалқайған... Мұрныңнан... (Шашын иіскейді). Шашыңның иісінен...
Серікжан: Әпке, әпке-е-е, танысып қойыңыз. Мынау –– Нұржан. Мені алып келе жатыр. Өзі –– Сарыағаштан. Досым, майдандас жолдасым...
Сәлима (Нұржанды да құшақтап сүйеді). Досыңнан да айналайын... Жүріңдер, кеттік... Ауылға... Үйге... Апа-ма-а... (Білдірмей кемсеңдейді). Апа-а-а-а-ма-а-а-а...
(Үшеуі кетіп бара жатады. Нұржан арбашаны сүрейді, Сәлима сүйемелдейді, біресе құшақтайды).
(Пауза).(Музыка).

Серікжан: Нұржан, марқұм Рахман Ахметовтің бір өлеңін оқышы, а?!
Нұржан (сәл ойланып барып, Рахманның өлеңін оқи бастайды):
Әр тағдырды таразылар тең безбен,
Құсни дүние-ай, ұшқаның ба сен көзден?!
Ер едім ғой еңселігім екі елі,
Енді міне, елеспін мен ел кезген.
(Одан соң Рахман Ахметовтің өз даусымен өлең оқығаны естіледі).
О, жалған-ай, жалған дүние-ай, жалған-ай,
Жанбай өшкен жабығулы арман-ай!..
Жүрегімнің тыншып қана қалғаны-ай,
Сәулешімнің сыңсып дауыс салғаны-ай.
(Музыка. Үшеуі ауылға қарай кетіп барады).

(Сәлден соң үйлеріне келгені көрсетіледі. Үшеуі не істерін білмейді. Жерге қарасады. Сәлима үнсіз жылайды).
Сәлима (сасқалақтап): Қазір-қазір. Мен үйге кірейін. А-а-апама айтайын... Ха-ха-хабар берейін... Алдын-ала... да-да-дайындайын... А-а-а-ап-па!
(Кенет есік ашылып, Нұрбике шығады).
(Бұдан ары қарайғы Нұрбикенің ұлын көруі, көрісуі, жылауы, алғаш түсінбеуі, кейін бәрін-бәрін түсінуі, аяқ-қолын, басы-көзін сипалауы, жылауы, қайғы шегуі ― бәрі режиссер еркінде).

(Бірінші актінің соңы).

Екінші акт

(Арада 15 жылдан аса уақыт өткен. Нұржанның ауылы. Шарбақтың іші, ерте көктем кезі. Нұржан сол қолтығына балдақ сүйеп алып, оң қолымен кетпен шауып жүр. Нұржанның сол қолы да жасанды. Бір аяғы жансыз. Шашы ағарған, егде тартқан. Бірталай жұмыс істеп тастағаны байқалады. Бір жағында балдақ, бір қолында кетпен екеніне жарық түсіру арқылы ерекше назар аударылады).
Нұржан (демалуға отырып, кетпенін жанына қойып): Он түп өрік, жеті түп жаңғақ, сегіз түп сабдалы бар. Жаман емес. Екі қарық қызанақ, үш қарық сәбіз ексек, аштан өле қоймаспыз. Биылғы көктем ақпаннан-ақ қызып кеткелі тұр-ау, өзі. Сарыағаштың жағдайы да жаман болмас. (Орнынан қайта тұрып, балдағын таянып, қолына кетпен алып, шаба бастайды).
(Мәшиненің келіп тоқтағаны, есіктерінің ашылып-жабылғаны естіліп, сахнаға екі адам шығады. Бірі – ауған соғысы ардагерлері облыстық кеңесінен келген Әділбек, екіншісі – ауыл әкімі).
Ауыл әкімі: Міне, біздің ардагеріміз Нұржан Нысанбаев ақпан айынан-ақ кетпен шауып жүр.
Әділбек (тебіреніп): Талай тағдырды көріп жүрміз ғой. Бірақ, балдақ сүйеніп, кетпен шапқан «ауғандықты» алғаш рет көруім (Күрсінеді).
Ауыл әкімі: Бұл кісі өзгелер секілді міндетсінбейді, ешкімнен ештеңе сұрамайды. Қолдан келсе, көмек берер едік, жағдай көтермей жатыр. Әйелі мектептің еденін жуады, бес-алты бала-шағасы мектепте, төменгі сыныптарда. Жалғызбасты боп жүріп, кеш үйленді... Бір қолсыз келіп еді Ауғанстаннан. Кейін қолына жасанды жабдық жалғап алғантұғын. Екі-үш жыл болды, бір аяғы жансызданып қалды ғой. (Даусын көтеріп, Нұржан жаққа қарап). Ассалаумағалейкүм, Нұреке-е-е!
Әділбек: Сәлем бердік, ағатай!
Нұржан (Кетпенін тастап, балдағына сүйеніп, келгендерге қарай жүреді). Уағалейкум-ассалам, келіңіздер, төрлетіңіздер. (Бір шеттегі скамейкаға жайғасып, әңгімеге кіріседі үшеуі).
Ауыл әкімі: Нұреке, мына кісі облыстағы ауған соғысы ардагерлері кеңесінен, әдейі сізді іздеп келіпті. Әділбек деген ағамыз болады.
Әділбек: Сіз осы Жандосовтың арнайы батальонында болдыңыз ғой деймін?
Нұржан: Иә-иә, Маратхан Жандосовта болдық қой.
Әділбек: Аман жүріңіз, ағатай. Балдақ сүйеніп, кетпен шаппақ та оңай емес. Амал қанша... Бірақ, әбден-ақ үйреніп алыпсыз. Құдай қуат берсін.
Нұржан: Рахмет, інім. Қой, мен мектептен жеңгелеріңді шақыртайын. Қазан көтерсін. Шақырып келтіре алмайтын қонақсыздар...
Әділбек: Көп рахмет, ағатай. Мен біраз әңгімелесем де, тез қайтып кетемін. Осы аудандағы барлық «ауғандықтарды» аралап, жағдайын біліп қайтуым керек. Биыл Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанына он бес жыл толды ғой. Соған байланысты біраз шаруалар жасап жатқанымыз дә.
Нұржан: Жағдайымыз жаман емес. Былтыр мына ауыл әкімі отын-судан қарасты ғой, айналайын. Ел ішіндеміз. Аштан өліп, көштен қалмаспыз. Мен көбінесе өзімді емес, ауған соғысында шейіт боп кеткен боздақтарды ойлаймын. Күнде солар түсіме кіреді... Сонсын... Созақтағы Серікжан Елубаев деген досымды ойлаймын. Біраз жылдан бері хабарсыз қалдым. Жылда жаз шыға іздеп, бір барып қайтпақты ойланамын. Қол қысқа, жол ұзақ дегендей, әйтеуір уақыт өтіп жатыр...
Әділбек: Аға, мен сізге сол досыңыздан мынадай қап-қалың хат па, дәптер ме, әкеп тұрмын. Бізге, бас қосуға келген екен. Сәлемін жеткізуді өтініп еді. Соны да ала шыққам (Пакетті тапсырады). Ол досыңыз қазір Созақта да емес, Жаңатаста да емес, облыс орталығында, Күншуақ қаласында.
Нұржан (таңырқап): Апырай, ә?! Қалаға, облыс орталығына көшкен екен ғой, ә?
Әділбек: Иә-иә, қалада. «Ауғандықтар» асарлатып досыңызға шәһардың бір шетінен кішкене ғана қоржын там салып бердік. Қазір жаман емес. Әйелімен тұрып жатыр.
Нұржан (таңдана): Әйелімен дейсің бе? Ол үйленді ме? Алда айналайын Серікжан-ай, а... Үйленген екен ғой...
Әділбек: Анау қолыңыздағы хатта да жазған шығар. Оқуға асығып отырсыз ғой, ә? Жарайды, бізге не тапсырмаңыз бар? Айтыңыз. Біз жолға шығамыз енді.
Нұржан: Ешқандай тапсырма жоқ. Шай-пай ішпей-ақ кетесіңдер ме? Ұят болды-ау бұл, а?
Ауыл әкімі: Бір шайыңызды менің есебімнен ішеді де. Жақсы, Нұреке.
Әділбек: Он бес жылдыққа біраз шаралар өткіземіз. Облыс орталығына шақырсақ, мерекеге, ескерткішке гүл қоюға бара аласыз ба?
Нұржан: Өзім де бір барып қайтуды ниет етіп жүр едім.
Әділбек: Бопты онда, келістік. Аман болыңыз, ағатай.
Ауыл әкімі: Көмектесеміз біз де... (Кетеді).
(Пауза).

(Нұржан асыға-аптыға пакетті аша бастайды. Қолы дірілдеп, бірнеше парақ хатты оқуға кіріседі. Сахна күңгірт тартып, жарық тек Нұржан Нысанбаевқа түседі, жанында сүйеулі тұрған балдағына, кетпеніне түседі. Хатты алғаш өз даусымен оқи бастайды, артынша Серікжан Елубаевтың даусымен естіледі).
Нұржан (өз даусымен): Жан досым Нұржан! Ассалаумағалейкүм! Аман-есен жүрсің бе, жарығым, жан жолдасым! Ұшарға қанатым жоқ. Бірақ көптен бері хабарсыз қалдық қой. Тіпті бір-біріміздің өлі-тірі екендігімізді де білмейміз. Нартәуекел деп, облыстық ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі арқылы өзіңе іздеу салуға бел байлап отырмын. Алдымен осы хатты жақсылап жазып алайын дедім. Сонсоң облыстық кеңеске барайын дедім...
(Бұдан әрі хаттың сөздері Серікжанның өз даусымен оқылып, үзік-үзік көріністер елес ретінде көрсетіледі).
Серікжанның даусы: Нұржан, өзің білесің ғой. Апамның дікәс жүрегі бәрібір алып тынды. Менің күйімді көріп, күйігіме шыдамады ғой, амал қанша. Баяғы Ауғанстанда асылып өлген Жартыбай ше, сол секілді талай мәрте өзіме өзім қол салуды да ойландым. Бірақ, Сәлима сорлыны аядым. Мен дегенде шығарға жаны жоқ, ақыры Созақтағы ауылдан Жаңатасқа көшіріп әкетті...
(Сахнада Сәлима. Серікжанның жағдайын жасап, шыж-быж болып, жанұшырып жүр).
Сәлима (айналып-үйіріліп): Тамағыңды ішпепсің ғой. Көзіңнен айналайын. Құлағыңнан қалқайған. Құлағың қалқайып азып кетесің ғой. Кітапты көп оқитын болдың... Көзіңді аясаңшы... Газеттен газет қоймайсың... Жаңатас тозбай тұрғанда кітапханасы да жақсы еді... Газет те жақсы еді...
Серікжан (кітап оқып отырып, басын әзер көтеріп). Тамақ ішкім келмеді бүгін... Жаңатастың жас кезін аңсап отырсың ба, әлде совет заманын аңсап отырсың ба? Тоқ сияқтымын, Сәлима (Күрсінеді).
Сәлима (күрсініп): Сен де күрсінесің, мен де күрсінемін. Сенің күрсінгеніңді кейде естігім келмейді (Жыламсырайды). Совет заманын аңсап неғылайын. Ауған соғысын шығарған сол заман емес пе?
Серікжан: Масыл болдым ғой мен сендерге. Балаларың да, жездем де қиналады, тозған Жаңатас қана емес, мен де кінәлімін. Өз үйлеріңде емін-еркін жүре алмай, емен-жарқын күле алмай... Айттым ғой, мені Күншуақтағы мүгедектер үйіне өткізбесеңдер, болмайды, бәрібір...
Сәлима (қиналып): Қой, оны қоя тұршы. Заман жақсарып, қираған қалалар аз да болса оңалып жатыр ғой. Неғыпты сонша, неғыппыз сонша. Жаңатас та жөнделер. Түгел болмаса да жартылай... Жездең жұмыс тауып алар. Базарға да үйреніп қалды-ау, бірақ...
Серікжан (газетке үңіліп): Ауғанстанда бізбен бірге болған, көз алдымызда жарылыстан қаза тауып, бір қолы мен аяғы ғана әзер табылған Рахман Ахметов деген ақын өткен бұл заманнан, Сәлимаш! Соның өлеңдері шығыпты. Әттең, тірі қалғанда рухани дабыл қағып тұратындай текті өлеңдер жарататын жан еді. Мына шумағын тыңдашы (оқиды):
Дүн-дүние әрсіз, мен – әлсіз,
Соғысқа құмар көп арсыз.
Мұңымды естіп тоңарсыз,
Сырымды ұққан боларсыз...

Тауқымет салған басқа ауыр,
Кім болар бұған тосқауыл?!
Қырқаның анау астында
Қырқысып жатыр қос бауыр.

Бұл соғыс, – дейді, – тым зор іс,
Политбюродағы сыншы орыс.
Соғыстың бәрі мәнсіз ғой,
Мың есе мәнсіз бұл соғыс!

Ұрлады ол менің барымды –
Бағымды, жастық жалынды.
Пейіштей көрген СССР,
Пейілің неден тарылды?!

Айып жоқ менде, ақ арым,
Қарсы да келер жоқ әлім.
Обадан бір күн табылсам,
Одағым, саған обалым!
Одағым, саған обалым!

Сәлима: Айтпақшы, Айгүлді көрдім...
Серікжан (елең етіп): Сөйлестің бе?
Сәлима (күрсініп): Сәлем айтып жатыр.
Серікжан (қуанып): Шынымен бе?!
Сәлима (таңырқай): Қасында адамдар бар екен, сыбырлай амандасты да, сыбырлай сәлем айтты.
(Жайма сауда жасап отырған мүгедек Серікжан пайда болады. Жаймасынан әлдене жерге түсіп кетіп, оны Серікжан қиналыңқырай көтеріп алып, қайтадан орнына қояды. Осы кезде Оқас әйелін (Айгүлді) жетелей нұқып, қорлағандай етіп ертіп келіп, Серікжанның сырт жағынан қарап тұрады).
Оқас (кекете мұқатып): Әне, ғашығың! Көрдің бе? Мүмкін, менен жасырынып келіп, жолығып қойған да шығарсыңдар. Әпкесінің үйінде. А-а?! Міне, тірлігін көргін енді. Жақында аштан өлетін болған соң саудаға шықты. Ғашығың! Ауғанстан геройы! Осы ғой сенің аңсаған ауғандығың. Күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпайтын мәһ-һа-батың! (Өзгеріп). Айтшы, Айгүл! Мүмкін енді көзің жеткен шығар бұған оралмайтыныңа? Мүмкін... Маған енді еритін шығарсың? А? Жүрегің жібитін болар, а? Айтшы! Егер ерісең, жібісең, мына мүсәпірді, мына міскінді біржола ұмытсаң, қорлағанымды біржолата қояйын. Давай, а? Сен де қой, мен де қоям... Давай, а...
(Айгүл үндемейді. Үнсіз жылайды. Қайтадан Серікжанға қарайды. Көз алмай қарайды. Оқас қайта ашуланып, Айгүлді жетелей нұқып, алып кетеді. Оларды Серікжан мүлде байқамайды).
Серікжан өзінен-өзі: Айгүлді Жаңатастың көшесінен қалайша бір көрмеймін деп, талай күнді өткердім. Кейіннен ойландым. Менің осылай, мүгедек боп, тізерлеген күйімде, азапты арбашада отырғанымды көргенінен көрмегені жөн шығар, бәлкім. Мен оны көрсем, ол мені көрмей-ақ қойса, шіркін-ай, дейтін де болдым. Сөйтсем, ол оқта-текте С


ЖОҒАЛҒАН ЖҰРНАҚ

Мархабат БАЙҒҰТ

әңгіме


Жұрнақ көке жынданып кетіпті деген хабарды біз көктемгі каникул кезінде естідік. Қонақбай ағайды қатты аядық.
Ол кісіні, яғни қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Қонақбай ағайды біресе көргіміз келеді, біресе қорқатын сияқтымыз. Жалғыз ұлы жайында Желтоқсан көтерілісінен бері апта аралатпай жетіп жататын адам иланғысыз ақпараттарды арқалап жүргеніне біржарым жылға жуықтап қалғанын бәріміз білеміз.
Текемет кенті түгел біледі.
Текемет түгілім, алты шақырым жердегі Айқұмырсқа аулы да, алпыс шақырым алыстағы аудан орталығы да біледі. Сексен жетінші жылғы қаңтардың өзінде Қонақбай ағайды ауданға қайта-қайта шақыртқан. Онда қысқы каникул еді. Қасақана қар қалың түсіп, біздің белуарымыздан, ағайларымыз бен апайларымыздың тізелерінен асып кетті. Алғаш аяз қысып тұрды-дағы, кенет Қазығұрттың қойнауларын суық үнді суыл кернеп, бөрі-боран ұлып қоя берді. Текемет кентінде төрт-бес күндей жарық болмай қалды. Бағаналар құлап, ұзынынан түсіп сұлап жатты.
Сонда ғой, қысқы каникулдан кейінгі алғашқы сабаққа кірген Қонақбай ағайды біз танымай таңырқағанбыз. Мектебіміздегі барлық мұғалімдерден биік көрінетін ағайымыз мұқым-мүлде кішірейіп кеткен екен. Қоңырқайлау тақтаның төбе тұсындағы “Көптік жалғаулар” деген ірі-ірі жазулар қатарынан көрінетін қара шашы мен қайран басы жарты метрдей төмендеп, “Септік жалғаулар” дейтін көрнекі плакаттың етегіне дейін пәсейіпті. Екі беті бірдей үсікке ұрынған. Бәрінен де бетер қайран қалдырғаны қалжыраңқы Қонақбай ағайымыздың жайшылықтағы жылуарлы жанарының бұрынғы нұрынан жұрдайлығы еді.
Қонақбай ағайдың жалғыз ұлы Жұрнақ көке Мәскеудегі аса ірі, атақты оқу орнына түскен және оны қызыл дипломмен бітіруіне бес-алты ай қалған мақтанышымыз болатын. Текемет кентінен тауарлы пойызѓа мініп кетіп, ешкімге айтпастан, Мәскеуіңіздің өзінен бір-ақ шыққан. Жүздеген мың талапкерден біреуінің қолы бәлкім жетіп, бәлкім жетпес өзгеше оқуға өз күшімен түсіп, алты жылдан астам уақыт оқып, Алматыдағы сүйген қызына келмей ме, баяғы. Сексен алтының қысында.
Ал, әрине, жайдан-жай айнымас, өздігінен қораланбас. Десетін еді қариялар. Ол Жер жарықтықтың жүзінде тіршілік кешетін саналы жаратылыс иелерінің пейіл-пиғылынан пайда болатын тексіздік тозаңдарының қалыңдауынан қорланып, қораланар. Желтоқсандаѓы жарқырап тұрған айдың он бесінде толып, алайда айналасы табан астынан тозғындана торланып, тозаңыта қораланып тұрғанын байқатпаған балтәтті жолығыстың жалғасы тірсегінен қиылып түсер деп кім ойлаған. Өзінің µөегінен жарып шыққан жас ұрпақты жау тұтатын да жаһаннам жүйелі қорқау қоғам бола берерін біз қайдан білейік ол кезде. Әйтеуір Жұрнақ Қонақбайұлы сынды мәскеулік студенттің де “бүлікшілерді” бастаушылардың бірі екенін естідік. Текемет кентінде, Қазығұрт тауының бір бүйіріндегі кеңшар орталығында сыбыр мен күбір көбейді. Жұрттың бәрі бір-біріне ашып ештеңе айтпауға айналған. Күдік пен күмән ауруы асқына түскен.
Қазақ тілі мен әдебиетінің сабақтары сирексіді. Қонақбай ағайды аудан мазалап, облыс жазалап, онсыз да қылқиып қалған мойнына қыл тұзақ салып, қыл тізгін тағып қойғанын сезінбедік дей алмаспыз. Мұғаліміміз сабақтарын сұлық-салқын өткізеді, басын көтеріп бетімізге тіке қарауды қойған. Қонақбай ағайға өмір өгейленді ме, әлде өмірге ағай өгей тартты ма, әйтеуір қандай да бір күрделілеу құбылыстарды, қиянат қана қалдыратындай қияс сызаттарды сезінетінбіз. Газеттердің бірінші беттерінен ызғар шашып, зымияндана жымиятын келімсек көсемдейін өмірдің түсі де соншама суып, жуық жылдары жылымасқа кеткенін де ағайымыздан аңғарып, жүрегіміз суылдайтын.
Жұрнақ көкені соттағалы жатыр екен десті.
Қонақбайұлы Жұрнақ өзі оқып жүрген Мәскеуге аяқ-қолы кісенделіп әкетіліпті десті. Тіпті Текемет кенті арқылы тор терезелі вагондар тіркелген состав өтіп бара жатқанда өз көздерімен көріп, өз ауыздарымен айтқандардан анық естігендерге дейін табылатын секілді. Сілікпесі шыққан қырларын ауырсынғандай арса-арсаланған абыз Қазығұртыңыз сексен жетінші жылдың қысынан қатты қажыған. Сұрапыл борандар сары долананы сұрғылт тамырымен суырып лақтырған айлар артта қалғанымен, біздің ағайымыз ауыртпалықтан арыла алмады.
Міне, сексен сегізінші жылдың көктемгі каникулында Жұрнақ көке жынданып кетіпті деген қан жоса хабар да келіп жетті. Басқаларды мен қайдан білейін, өз басым үшін осынау ошарыңыз Текемет кентінің төбесінен төнген зауалдай сезіліп, есеңгірей омалып, отырып қалдым. Алқым түймесін ағытып тұрып алқынып айтқан сыныптас қызды қылқындыра буындырғым бар, бірақ суық көктемде от жанып жатқан ошаққа арқа тіреген күйімнен көтеріле алар емеспін. Көршінің қызы қайтадан шығып кете барған. Зорлана түрегеліп, терезеден қарасам, сыныптас сұлуым көшенің арғы шетінде селтиіп тұр екен. Қимылсыз қатып қалған. Кенет менің көзім де Қонақбай ағайдың үйі жаққа түсіп кетті. Жалғыз түп жаңғақтың жапырағы жыл сайын төгіле-төгіле әбден қыналып, қарайып кеткен шиферлі шатырынан ба, Жұрнақ көке жайындағы жаманат хабардан ба, ағайымыздың жанарындай жарық нұр шашатын үш бөлмелі үй қара жамылғандай қорқынышты көрінді.
Әзерлей түрегелген тұсыма тізерлей жеткенімде, басым бір жағына қарай зіл тартып, шыр айналып жөнелді.
Бір қарасам, Текеметтің төрт палаталы шағын ауруханасында жатырмын. Терезеден қарауыта қоңырайған Қазығұртты көзім шалды. Сонсоң мамам мен медбике екі жағымнан бірдей бетіме төне үңілді. Одан арғысы белгілі. Айналып-үйірілу, құшақтау мен ағыл да тегіл көз жасы.
Ауруханадан апта өткенде зорға шыѓарды.
Тағы бір апта сабақтан босатылатыным туралы анықтама берілген. Сол күні түс аумай жатып-ақ сыныптастарым көңіл сұрамаққа келген. Бірақ біреуі де бұрынғыдай еліріп, ентікпейді. Ентелеген ешқайсысы жоқ. Танауларының тып-тыныш, тым-тырыстығына таңырқаймын. Делдиіп, желпілдемейді жүдә. Не болған сонда бұларға? Әрине, үлкендер үнемі қайталап, қағидалайтындай, бәріміз де пендеміз. Ең алдымен адам деген хайуан өзін ойламай ма? Мына мен хайуаныңыз-дағы өзімді алға шығарыппын-ау сонда. Түсіндіңіз бе?! Сыныптастарымның сүлесоқ тұрпаттарына байланысты басымнан ба, әлде басқа бір жерімнен бе аса қауіпті ауру табылған екен ғой деп түйгенім рас. Сөйтсем...
Сөйтсем...
Қонақбай ағай...
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, жыл жарымға жуық уақыттан бері жаһаннам қоғам ба, жандайшап адам ба, азапқа буып, тозаққа таңып тастаған қайран ағатайымыз қайтыс бопты.
Ол кісіні жерлеуге жеті-сегіз адам ғана қатысыпты. Жаназасы жасырын шығарылған деседі. Мектеп мұғалімдері мен оқушылардың баруына мұқым тыйым салынған.
Бәріміз бір-бірімізбен біздің үйде құшақ айқастырып, үлкендерше көрістік. Неге екенін кім білсін, өкіре дауыстап, шер тарқатқымыз келгенімен, үнімізді шығармай, әлдекім әлдеқайда барып айтып қоятындай-ақ қысылып, қыстығып жыладық. Жасырын аққан жас көзді қаттырақ ашыта ма, баршамыздың жанарларымыз Текемет кентінің шеткері үйлерінде көзге қарай көбірек басылатын текеметтің төріндегі қызыл бояудай білеулене домбықты. Ойпырай десеңізші, сонда ше, бір-бірімізге бұрынғыдай сенімді де еместейміз. Жасқаншақтай, жалтақтай қарайтындаймыз. Бас шіркінді сескене, секемдене көтеретіндейміз. Сөйтетінімізді сыныптастарымыздың қай-қайсысы да сезбейді дей алмаспыз. Бәрібір, біздің үйде, оңашада осылайша еркіндеу егілгенбіз. Көз жасымызды көлдете бір төгілгенбіз. Топтаспаңдар дейтін тәртіпке, бас қоспаңдар деген бұйрыққа бағынбағанбыз. Қазығұрттың қойнауындағы қыраңда қарауытып жатқан Қонақбай ағайға ғана шағынғанбыз.


* * *

Қазығұртымыз көбінесе мұңды сағымға оранып тұрады ғой. Онысын біреу байқар, екеу аңғармас. Үш сыныпты артқа тастап, тоғызыншыда оқып жүргенбіз. Текеметтің тегістігінен тауға көп қарайтынбыз. Желтоқсан көтерілісіне басқаша бағалар беріліп, оған белсене қатысқандар нағыз батырларға айналды. Қайран Қонақбай ағайымыз бұл заманды көрмей кетті ғой деп, жанарларымыз жасаурағанымен, бұрынғыдай егіліп-төгілмейміз. Есейіп келеміз, қатайып барамыз, әрине. Ақ параққа көздерінің жастары тамып-тамып кететін қыздар-дағы көп емес.
Сөйтіп жүргенімізде, жаз шығып, қаз ұшып, Қазығұрттың мұңды сағымы сейіліңкіреп тұрған сәскеде Текемет кентінің орталық көшесінде Жұрнақ көке пайда болды.
Текеметтің тұп-тура ортасындағы кеңшар кеңсесінің алдында таксиден түсті. Жанындағы жамағайын екі кісі оның үсті-басын сәл-пәл жөндеген болды. Жұрт жиналып қалды. Ішінде біз де бармыз. Жапатармағай жабылып қолын алуға ұмтылдық. Пошымы марқұм мұғалімімізге біраз-біраз келіңкірейтіндей. Қонақбай ағайымыздың құнсызданбай, құныспай, шерленбей, шеменденбей, Мәскеудегі мықты оқуды бітіргелі тұрған баласын мақтан тұтар кезіндегідей бойшаң болмаса-дағы, бірталайдан биік көрініп, сорайып тұрыпты.
Алғашқыда жапырлай қолын ала бастағандарға Жұрнақ көке жып-жылы жымиғандай қараған. Жынданғанынан жазылған екен ғой, жақсы бопты ғой деп ойлағандар аз болмаѓан. Біреулері айналып-толғанып, арқасынан қағып жатты. Екіншілері әкесіне көңіл айтуды да ұмытпады. “Қонақбай, Қонақбай ағай” деген сөздерді естігенде Жұрнақ көке дөрекілеу кейіпте ыржалаңдап күлген секілденді. Сәлем берушілер сәл-пәл состиыңқырап, шошыңқырап, шегіншектеңкіреп, шеттеңкіреп тұрысты.
— Жұрнақ, айналайын, асылдың сынығысың ғой сен! — деді мектеп директоры Сағындықов ағайдың анасы оның басын иіп, бетінен сүйіп. — Келген қадамың құтты болсын, жарығым. Сәтін салса, жазылып кетерсің, шырағым...
Біраз-біраз кісілер кµөдерін сүртісті. Соншама жұрттың ішінен Сағындықовтың шешесі ғана Жұрнақ көкенің бетінен сүйген еді сонда.
Жынды Жұрнақ.
Ол осылай атанды да кетті.
Біз де бұрынғыдай Жұрнақ көке дей алмадық.
Жамағайындары Жұрнақты Қарағандының жындыханасынан тауыпты. Онда қалай, қашан, қандай жағдайда түскенін айтуға болмайды екен. Бірақ жынданған боп есептелінгенімен, мұның ең басты ерекшелігі: ешкімге ешқандай зияны жоқ, кісіге күш көрсетпейді, зорлық-зомбылық жасамайды. Дәрігерлер соңғы екі жыл бойы ерекше зерттеу жүргізіп, осындай оңды қорытындыға келген. Ауылдарыңа алып кетуге әбден болады, арнаулы мекемелердің де келісімі, рұқсаты бар дескен.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды жарылқайды-мыс дегенді естіп, іздеп шыққан, жынданып кеткеніне қарамастан, Текемет кентіне алып қайтқан ағайындарына мың да бір рахмет. Деп алғыс айтқандар аз емес-ті. Алайда, жынды Жұрнақты жамағайындарының ешқайсысы да жақындата қоймады, үй-жайларына кіргізбеді. Қара жұмысты жапырып істейтін жігіттің күшін пайдаланып-пайдаланып алады да, арзымас қана ақша беріп, қалған-құтқан тамақпен алдаусыратып, арқасынан қағып, аулаларынан шығарып жібереді. Бітті.
Жынды Жұрнақ ақшаның есебін білмейтін. Ол сорлыға он сом берсеңіз де, мың сом ұстатсаңыз-дағы, нәніпәтір. Бәрін “бір сом” дейді. Кейде ешкім жұмысын істетпей, көп күндер бойы көк тиынсыз қалғанында көшеден өтіп бара жатқан оқушыларға жалынып:
— Е-е, балдар-е! Е-е, балдар-е! Бір сом! Бір сом беріңдерші-е! — деп келе жататын. Жалынып. Жалбарынып. Жұлқылау, жұлына жармасып, тартып алу дейтіндей жағдаяттар жынды Жұрнақтың кәперіне де кірмейтін сыңайлы.
Бәріне де бірте-бірте бойыңыз да, ойыңыз-дағы үйреніп, ең жаманы етіңіз өліп кетеді емес пе?
Жынды Жұрнаққа да сөйттік қой. Оны айтасыз, алғаш аяп, бой тартатындар, бірте-бірте, бара-бара оның жуастығын басынып, көпе-көрнеу мазақтайтынға айналды. Тірліктерін тап-тұйнақтай тындыртып алып, түк те берместен, дым да татырмастан, тепкілеп қуып жіберетіндер де табылатын еді. Алты шақырым жердегі Айқұмырсқа ауылынан Текеметтің орта мектебіне қатынап оқитын оншақты оқушы бүкіл сөмкелері мен бар киім-кешектерін жынды Жұрнаққа артып қойып, қыраң асып, белең басып, билеп кетіп бара жататынына да көз үйренді. Ет өлді.
Жынды Жұрнақ адамдарды бір-бірінен ажырата алмайтын, кісі танымайтын. Кімнің кім екенін мүлде білмейтін. Бірақ күндердің бір күнінде айналасын аң-таң етіп қойғаны тағы бар. Баяғы бетінен сүйген кейуана бірде жанына жасқанбай-ақ, жиіркенбей-ақ отырып алып, басынан сипап-сипап қойып, әбден жылапты да:
— Әй, Жұрнақжан, сен осы Текеметтен, анау Айқұмырсқадан, мына мектептен біреу-міреуді танисың ба? Есіңе түсіріп көрші, айналайын жарығым! — депті.
Жынды Жұрнақ жерді шұқылап-шұқылап отырыпты да, ыржалаңдап кеп күліпті. Аһылай күрсініп, уһілей түңілген директордың шешесі:
— Жұрнақ, айтшы айналайын. Ең бомағанда бір адамды да білмейсің бе? Мына мені де танымайсың ба? — депті.
— Жоқ, сізді танымаймын, бірақ бетімнен сүйгеніңізді білем ғой, неге білмеймін, — депті жынды Ж±рнақ.
Ана байқұс ал кеп еңіресін-ай сонда.
— Мектептен дедіңіз бе, апа? — депті жынды Жұрнақ содан соң жер шұқылаған күйі. — Мектептен кімдерді танисың деп сұрадыңыз ба жаңа? Менен? Мына менен?
— Иә-иә! — деп айқай сапты мектеп директорының шешесі. — Айтшы-айтшы, кімдерді білесің, айналайын жарығым? Жұрнағым?!
— Са-Сағыныш апайды танимын. Са-Сағындықов ағайды білемін... Болды... Басқа бір де бір адамды білмеймін, апа. Ренжімеңіз...
Көзінің жасы көл болып, ебіл-дебілі шыққан ана:
— Айналайып кетейін Жұрнағым-ау, сол Сағындықов деген мектеп директоры менің балам ѓой! Мені неге танымайсың? Ол — менің ұлым, — дейді.
— Ой, апа! Кімнің баласы кім екенін, кімнің шешесі кім екенін, кімнің әкесі кім екенін мен қайдам білейін. Басымды қатырмаңыз, — деп, орнынан тұрып кетіпті жынды Жұрнақ.
Өзі түнейтін, тұрақты мекен ететін Қамбар ата әулиеге қарай аяңдайды. Артынан мектеп директорының шешесі біразға дейін ілесіп, бірталай әңгіме айтып үлгермекке тырысқан.
— Айналайын Жұрнақ-оу, — дейді кейуана көп-көп нәрселерді Жұрнақтың жадына түсіріп, ойына оралтпақ мақсатпен. — Сен осы ан-а-а-ау айқұмырсқа ауылында туғаныңды білесің бе? Қонақбай деген әкеңді білесің бе? Адамның адамы сол еді ғой, айналай-ен. Бейшараның жалғыздығы ғана жазығытұғын. Жалпы, оның арғы аталарынан қалған мұңды мұра жалғыздық екен. Қонақбай бейшараның әкесі де, әкесінің әкесі де, әкесінің әкесінің әкесі-дағы жалғыз бопты, Жұрнақжа-а-а-ан. Қонақбай мына Шымкенттегі педагогика институтын бітіріп, дипломы мен келіншегін қатар алып келіп еді...
Осы тұста ғана жынды Жұрнақ бұрқ етіп, бір бұрылған.
— Келіншек дейсіз бе? — деген.
Өз ойымен өзі болып, баяғы бір замандардың суреттерімен араласып кеткен ана:
— Иә-иә, келіншегін қоса әкелген сенің әкең, дипломымен бірге, — деп, әңгімесін одан әрі жалғапты. — Бірталайға деуір бала көтермеді. Ақырында алты жылдан соң ба, жеті жылдан соң ба, егіз тапты. Екі бірдей ұл келді дүниеге. Әй, Жұрнақжан, саған айтам. Сені айтам. Қонақбай бүкіл дүниесін жұмсап, ұланасыр той жасаған сонда. Біріңе Жалғау, екіншіңе Жұрнақ деп ат қойған. Жалғау сенің сыңарың еді, Жұрнақ — мына сенсің. Жалғау мен Жұрнақ деп қойғанын жұрт мазақтайтын, ал Қонақбай мен келіншегі мәз боп күле беретін, күле беретін. Айқұмырсқа ауылында аз ғана үй қалып, көпшілігіміз Текемет кентіне көштік. Мұнда жаңа, үш қабатты, үлкен мектеп салынды. Қонақбай мен келіншегі де, менің қазіргі директор ұлым да осы мектепке жұмысқа ауысқан. Жалғау жастай шетінеп кетті. Айдай жайнап, күндей күліп жүретін шешең де көпке бармады. Жалғаулары жоқ болғанда, Қонақбай жүз жасқа қартайса, ана жүрек мың жасқа шөгіп еді. Жа-а-алғыз қалғансың, Жұрнақ-жа-а-ан, сөйтіп...
Осы тұста жынды Жұрнақ кенет кідіріп, кілт тоқтасын да, жөнделіп жатқан мешіт маңындағы жұмсақ топырақтан бір ұшы көрініп жатқан темір таяқты суырып кеп алсын. Қамшының сабынан аумайтын қоңыр бұжыр арматура кесіндісін бір қолымен суырып кеп-кеп алсын-дағы, екінші қолының алақанына салсын. Ары да қарасын, бері де қарасын. Қарап-қарап тұрсын-дағы, айқайға бассын-ай кеп-кеп.
— А-а-а-а-а-а! — десін бір қолымен басын, екінші қолымен арматура таяқты қысып. Қалшылдап, кері бұрылсын сосын.
— Апа-а-а-а-а! — деп, мектеп директорының шешесіне қарай тұра ұмтылсын. Бес-алты адымдап жетеді емес пе, әрине.
Кейуана тайып құлады ма, жоқ әлде талып құлады ма, жынды Жұрнақ қоңыр бұжыр арматура кесіндісімен директордың шешесін ұрып жықты ма, не болып, не қойғанын әуелгіде ешкім білмейді. Бәрібір, адам дегеніңіз жаман ойлайды. Жақсылыққа бірден жорып, жолай қоймайды. Мешітті жөндеп жатқандардың да жиған-терген имандары азырақ шығар, ақ пен қарасын айырмай жатып, жынды Жұрнақты жығып салып, жабыла тепкілеп, байлап тастайды.
Милиция өкілі мен мектеп директоры Сағындықов та жылдам жетсін. Жағдаймен жан-жақты таныса бастасын. Аурухананың дәрігерлері де келіп, абыр да сабыр болсын. Кемпірдің ештеңесі жоқ, қан қысымы дұрыс, жүрек соғысы жақсы, еш жеріне жарақат түспеген, соққы түгілім титімдей нәрсе тимеген деген алғашқы қорытынды жасалсын. Жынды Жұрнақ оңбай таяқ жеп, тепкі көріп, байлаулы жатсын.
— Мұнда неғып жүрсіз, мама? — дейді директор Сағындықов не айтарын ажырата алмастан, не күлерін, не жыларын білместен. — Не болды сізге? Неғып жығылып жүрсіз? Әлде...
Сағындықов жынды Жұрнақ жаққа қарай беріп, көзін тайдырып әкетіпті.
— Адам шошырлықтай айқаймен апаға қарай, ұрайын деп ұмтылғанын өз көзімізбен көрдік. Көрдік, — дейді мешіт жөндеушілердің бірі.
— Ұстап қалдық қой, әйтеуір, — дейді екіншісі.
— Қолындағысы анау жатыр, — дейді үшіншісі кеспелтек темірді иегімен н±сқап.
— Алып кетеміз, ауданға табыс етеміз, — дейді милициядан келген тығыншық-тапал майор Жұрнақ жаққа жұлқына ұмтылып.
— Сөйтіңіздер, — дейді мешіт жөндеушілердің әуелгісі.
Ортаға директордың шешесі шығады:
— Қойыңдар! — дейді бұйрық райлы сөйлеуге мәжбүрленіп, өз ұлына бір, өзгелерге бір-бір қарап. Жұрнақ екеуміз әңгімелесіп келше жатыр едік ғайыптан құлап қалдым. Ол бала мені ұрған жоқ, соққан жоқ. Не себептен алып кетесіңдер?!
— Мына мешітті қалпына келтіріп жүргендер айтып тұр ғой, апа, — дейді тығыншық-тапал майор, мақар бойын өсіргісі келгендей, өкшесін қайта-қайта көтеріп. — Сізді ұрайын деп, арматураны ала жүгіргенін. Сол себептен тепкілеп байлап тастағанын. Айтып тұр ғой аналар. Айқай сала ақырғанын-н-н...
Кейуана кемсеңдеп, көз жасын сорғалатып, жылап қоя береді:
— Мен де айтып тұрмын, Жұрнақжан тырнағын да тигізген жоқ, айқай-ұйқайын да естімедң ғой бәрің. Таниды екен ол. Меніњ баламды таниды, анау ән-к‰й сабаѓынан беретін Сағыныш деген апайын да таниды екен. Сұраңдаршы қанеки, байлауын шешіп...
— Шешіп жіберіп, өкініп жүрмейміз бе? — дейді мешітті қалпына келтірушілердің бірі. — Бой бермей, қашып кетіп, масқарамыз шықпасын.
— Жарайды, шешіңдерші, апай айтып тұр ѓой, — дейді мақар майор әлдебір шешуші шайқасқа дайындалғандай қомдана қомпиып.
Жынды Жұрнақтың аяқ-қолы шешіледі. Аузы-мұрнының қанын сүртіп, анадай жерде жатқан арматура таяққа тұра ұмтылады. Майор мырза бастап, қалғандары қостап, бәрі жабылып ұстай алысады.
— Айтпадық па?! Айттық қой! — деседі мешіт жөндеушілер.
— Бәрің бірдей жабылмай-ақ, екеу-үшеуің ұстасаңдар да жетеді ғой,-депті Саѓындықовтың анасы жынды Жұрнақтың алдына жасқанбай жетіп, жиіркенбей бет-аузын сүртіп. — Айналайын жарығым, Жұрнағым, айтшы қане? Осы тұрғандардан кімді танисың?
Жынды Жұрнақ тұманытқан жанарын жұртқа аударып, біраз қадала қарайды да:
— Сағындықов ағайды білем, — дейді, аузының қанын сүртіп.
— Ол қайсысы, жарығым? — дейді директордың шешесі. — Қай жерде тұр?
— Қара өріктің түбінде тұр ғой Сағындықов ағай, — депті жынды Жұрнақ.
Жұрттың бәрі демдерін іштеріне тартып, тыныс ала алмағандай, тым-тырыстанған. Тыныштықты тағы да кемпір бұзады:
— Тағы кімді танисың, Жұрнақжан? — дейді.
— Сағыныш апайды білем, бірақ ол кісі көрінбейді мұнда, — дейді Жұрнақ.
— Басқа ешкімді білмейсің бе? — дейді мақар майор ары-бері адымдай маңызданып.
— Білем, — дейді жынды Жұрнақ.
— Кімді? —дейді майор.
— Анау арматураны! — деп жұлқынады сонда жынды Жұрнақ.
— Тоқта! Неге жұлқынасың сен? — дейді Сағындықов осы мезетте әлденені түсінбегендей таңырқап. — Арматураға неге ашуландың, Жұрнақ?!
Сол сәтте жынды Жұрнақ еңірей жылап қоя береді:
— Ағатай-ай! Ағатай-ай! — дейді егілген жынды Жұрнақ етпеттей жығылып, жерді тоқпақтап. — Сағындықов ағай-ай, анау арматура таяқты әперіңізші маған-н-н-н...
— Әперіңдер! — дейді мектеп директоры батыл шешімге белін бекем буып.
— Ойбай, қойыңыз! Желтоқсаншыларды баяғыда мына біз сияқтылар да қуғындаған, маған тиісіп жүрмегей! — деп безілдепті мақар майор.
— Қорыққандарың аулақ кетіңдер, — дейді директор. Жынды Жұрнақтың жанында шешесі екеуі ғана қалған. Арматураны директордың өзі әкеп берген.
Жұрттың көбі қашықтау барып тұрған, мешіт жөндеушілер мүлде қашып кеткен. Майор соларға ілескен.
Жынды Жұрнақ арматура темірдің кесіндісін қос қолдап ұстаған күйі:
— А-а-а-а-а-а! — деп айқай салған даусы батыс тұста басына бұлт қонақтаған Қазығұртқа, шығыс жақта Айқұмырсқа аулына жеткен.
— Ал-ма-а-а-а-а! — деп, қыздың есімін қосқан екінші айқайы Жер-Ананың жүрегіне дейін жеткен шығар-ау, Сағындықовтың анасы жанарынан жас сорғалата:
— Е-е-е, сорлы балам-ай, Мәскеуден Алматыға іздеп келген, сүйген қызының аты Алма екен деуші еді, ып-ырас екен дә-ә-ә-ә-ә, — деген бармағын тістеп.
Жынды Жұрнақ ешкімге тиіспеген де, ешқандай қауіп те төндірмеген. Қамшының сабынан айнымайтын, алайда қоңыр бұжыр арматура таяқты сол екі айқайлағанында-ақ шеңберлей майыстырып, Қамбар ата әулиенің кесенесі тұрған биіктен терең жардың түбіне қарата лақтырып кеп жіберген.
— Бәрі түсінікті болды, бұ Жұрнақ ешкімге тиіспейді, қорықпаңдар, жүре берсін, — деген мектеп дпректоры Сағындықов ағай.
Байқадық. Естідік. Көрдік. Біразға дейін жынды Жұрнақ Қамбар ата кесенесінің маңайынан шықпай, таяқ тастам тұстағы мешітке де, мектепке де, балаларға да, тіпті жан баласына жоламай қойған. Өзімен-өзі боп, өзіне-өзі сөйлеп: «Сол. Сол. Сол ғой, сол. Сол арматура... Менің басыма тиген... Алмаға тиген... А-а-а-а-а... Іштен тепті... Іштен тепті... А-а-а-а-а... Алманы... Ішінен тепті... Етпетінен жатқызды... Қыздардың бәрін... А-а-а-а-а... Етпетінен... Тұрғызбай қойды... А-а-а-а-а... Етпеттеген қыздар-ай... А-а-а-а-а... Шашы жұлынған Алматай... А-а-а-а-а... Арматура-а-а-а! — деп жүрді. Деді де жүрді. Деуден шаршамады. — Алма-а-а-та-а-ай...»
Ол жазу біткенді керемет етіп көшіріп беретін. Бірте-бірте жалқау балалар жазу-сызуды да, есеп-қисапты да жынды Жұрнаққа түгел көшіртіп алатынға айналды. Өздігінен ойлап жаза да алмас, есеп те шығармас. Бірақ нендей күрделі нәрсені болсын, қаз-қалпында көркем жазумен көшіріп бермекке шын шебер-ақ. Суретті де көшіріп салудан теңдесі табылмас. Текемет кентінің пысықайлары жынды Жұрнаққа небір ғажайып суреттердің көшірмесін жасатып алып, арзымас тиын-тебендерін беріп: «Бара бер, бір сом ғой, бір сом», — десетінге де жеткен. Жұрттың бәрінің жаман үйреніп кеткендігі сонша, жынды Жұрнаққа ескі-құсқы киімдерінің өзін қимасқа айналды. Қайта оған бірдеңе беруге намыстанатын болды.
Қамбар ата кесенесінің сыртында үстіңгі беті бұжыр-бұжыр, қалған қабырғалары қожыр-қожыр ақшылтым тас жататын. Оны жұрт жынды Жұрнақтың тасы деп атап кетті. Кесенеге келетіндерлің кейбіреулері әлгі тастың бұжырларына бірен-саран тиын тастайды. Сол тиын-сиындар — жынды Жұрнаққа нәпақа. Сол нәпақасын ақтағысы келгендей-ақ ол әлгі ақшылтым тасты қашан көрсең-дағы айнадай жалтыратып сүртіп отыратын. Бірте-бірте уақыт жылжып-сусыған сайын сол тас айрықша жарқырап, айналаға сәуле шашып тұратынға айналды. Сорына қарай, тиын-сиындарды Жұрнақтан тартып алып кететіндер де табылатын. Ондайда жынды Жұрнақ мектеп төңіректеп, оқушылардың жазуларын көшіріп, сызуларын сызып беріп, олар-дағы жарытпаған соң, соңдарынан салпақтап: «Е-е, балдар-е, балдар-е! Бір сом беріңдерші, е!» — деп жалынып кетіп бара жатады.
Айқұмырсқа аулының балалары қоршап алысады:
— Жынды-жынды, есекке мінді, — деседі.
— Ойбай, мұның есегі де жоқ қой, ең ақыры, — деседі. — Өзі есек қой мұның.
— Үйі де жоқ, — деседі.
— Қонақбай ағайдың үйін өзбектер сатып алған ғой, әйтпесе сонда тұруына болатын еді, — деседі қыздар жағы сәл мейірленген кейіп көрсетіп.
—Жынды Жұрнақ — ебелек, сен жындыға не керек? — деп сұрайды және бір оқушы.
— Е-е, балдар-е! Е-е, балдар-е! Бір сом беріңдерші-е! — дейді ол.
— Әй, жынды! — деседі Айқұмырсқа аулының балалары. — Мына сөмкелердің бәрін саған артамыз, ауылға дейін апарасың. Бір сомды содан кейін аласың. Мақұл ма?
— Анадағыдай алдайсыңдар ғой, е-е, балдар-е! — дейді Жұрнақ.
— Жынды Жұрнақ! Қап-қара тырнақ! — деп мазақтайды шолжаңдаған шіркіндер.
Кейде осындай-осындай оспадарсыз оқиғалардың үстінен шығасың. Шолжаңбайларды шырқырата қуып, сабап тастағың келеді. Мұны аңғарған мұрынбоқтар тырағайлап қашады. Қалтаңның түбін қағып, әлденелерді берген боласың Жұрнаққа. Жынды дей алмайсың. Дегің келмес. Кесілгір тілің тартынбайды, алайда. Көке де дей алмайсың. Шіркін-ай, дейсің жанарың ашып. Тағдыр-ай, деп жас тығылар тамаққа. Жұрнақ, мынау мүсәпір халдегі жынды Жұрнақ сол Жұрнақ па, шынымен?! Сезім сорлының сенгісі келмес, сана бейшараның қабылдағысы жоқ. Сенесің де, көнесің де. Қабылдамай, қайда барарсың?! Жұрнақ Қонақбайұлы ма бұл, шынымен?! Бір кездері Мәскеудің ең мықты, маңызды оқуын тәмамдап, Текеметке келгелі жатыр екен, бірер апта демалып, одан соң Алматыдағы Алма дейтін Қазақ университетінде оқитын, қара шашты, ақша маңдай, қызыл шие ерінді әдемі қызға үйленіп, әйдік қызметке тұратын көрінеді деген Жұрнақ көке осы ма ?! Иә-иә, тек Текемет кенті мен Айқұмырсқа аулы ғана емес, Қазығұрттың төңірегі түгелдей, ауданыңыздың айналасы тұтастай таңырқай мақтан тұтатын Жұрнақ көкеңді көріп тұрсың. Таңданба. Соқыр болғыр көзіңмен. Ағып түскір жанарыңмен...
Шырқырайсың жаныңмен.
Жүрегіңмен жылайсың
Амалың жоқ.
Сол жылы сары күзде кеңшардың кеңсесі өртенді. Ауданнан өрт сөндіргіш қанқызыл қос мәшине бажылдап жетті. Кешігіп келді. Кеңсені жалмаған жалын қоймаларды да қоймай бара жатқан еді. Екі мәшине екі шеттен өкіре тиісіп, өрт сөндіруге кірісіп жатқанда, қайдан пайда болғанын кім білсін, Жұрнақтың даусы естілді:
— А-а-а-а-а-а-а! — деді ол арматура кесіндісін тауып алғандағыдай.
— Алма-а-а-а-а! — деді кеспелтек темір таяқты, алты адамның күші жетпес арматураны сақинадай орап алғанындай. — Алма-а-а-та-а-ай...
Анталай ұмтылған адамдарға қарамады, жолын кес-кестеген кісілерге бой бермеді. өрт сөндіргіш мәшинелердің су атқылаған түтіктеріне кезек-кезек атыла секірді, қайта-қайта құшақтай күресті, оларды ұстап тұрғандарды олай да қағып құлатты, былай да қағып сұлатты.
Бұл кезде, бірақ, өрт сөндіргіш мәшинелердің мүлде қажеті болмай да қалған. Кеңшар кеңсесінің тамтығы түтіндеп, қоймалардың қалдығы бықсып қана жатқан.
Жұрнақтың жағдайы және қиындады. Қиындайтын-дағы жөні жоқ еді. Өрт сөндірушілердің екеуін бе, үшеуін бе, олай-былай лақтырғанымен, олар жұмсақ жерге домалап қана түсіпті. Үстеріндегі арнаулы киімдеріне дейін бүп-бүтін. Сонда-дағы, Жұрнаққа жала жауып, тіпті өрттің шығуына дейін сол сорлыны себепкер еткісі келетіндер табылған.
Обалы нешік, мектеп директоры Сағындықов ағай ауданға шапқылап жүріп, жынды Жұрнақты тағы да жаладан ажыратып, бәледен босатып, жындыханаға әкетуден сақтап қалды. Баяғы Брежнев алаңында кеспелтек арматура таяқтың да, өрт сөндіргіш мәшинелермен қақаған аязда қазақ жастарына суық су шашқан, ажал атқылаған түтіктердің де қалайынша, неліктен қолданылғанын, Жұрнақтың ондай-ондайды көргенде қалай, неге қозатынын Қазығұрттың қой тастарындай қадап-қадап айтып, нақпа-нақ, нығыздай дәлелдеген Сағындықов ағайға мың алғыс.
Өрт оқиғасынан кейін жынды Жұрнақ біраз уақыт Текемет кентінің орталығындағы өзбек Мірнияз-аканың үйін салысып, тамағын асырап, ас-ауқатын ажыратып жүрді. Қысқа қарата Мірнияз-ака Жұрнаққа қалыңдау қоңыр шапан берді. Сол өзбектің үйін салысқаны әсер етті ме, жоқ әлде Айқұмырсқа аулына барған кезекті бір сапарында туған үйінің орнын көргендігінен бе, әйтеуір Жұрнақ күн сайын дерлік ұзын, кең қоңыр шапанның етегіне тас толтырып алып, қыр асып бара жататын болды. Алғашқыда оның бұл қылығына жан баласы жөндеп назар жықпаған. Кей-кейде ғана сұрайтындар табыла қалып:
— Жұрнақ, тасты қайда тасып жүрсің? — дейтін көрінеді.
— Айқұмырсқаға, — дейді екен ол.
— Не істемексің онда?
— Үйімнің орнын таптым ғой, там салам, — дейді екен Жұрнақ.
Айқұмырсқаға ай тасыды ма тасты, жыл тасыды ма тасты, кім білер оны. Ешкім де білмейді.
Текемет кентінің төңірегі, әсіресе Қазығұрт жағы үй-жайдың іргесіне қаланар қарақошқыл және сарғыштау тастардан кенде емес-ті. Ал, құй иланыңыз, құй иланбаңыз, Айқұмырсқа жақтан аттап бассаңыз болды, бір түйір тас табылмас. Тозғындау төбелердің, ажырық тұтасқан тегістіктердің, жүлге-жүлгеленіп, жылға-жылғаланып жататын майда сайлардың табандарына дейін тассыз, түйірсіз.
Сол қыстың соңы да сексен жетінші жылғыдай қақап тұрған. Екі күн бойы Қазығұртыңыздың қойнау-қойнауларын суық үнді суыл мен уіл кернеп, пәлен жылда бір айналып соғып кететін бөрі-боран ұлыған. Түнге қарата уіл мен суыл саябырсып, сықырлаған аяз бен сүйек сырқыратар суық жел алмаса алысқан.
Үшінші күні Жұрнақ өліп қапты деген қаралы хабар бет қарыды.
Рас екен.
Ол Айқұмырсқадан көшпей қалған жеті-сегіз үйден сәл былайырақтағы Тақиятөбенің тепсеңінде, өзі туған үйдің орнында шапанының етегінен тас төгіп отырған күйінде қатып қапты.
Қатыпты да қапты.
Тізерлеп отырып, қолдары сәл бүгілген күйінде...
Тас төгіп отырып...
Шапанының етегінен.
Қатқан да қалған...
Жұрнақ жымиып отыр екен десті.
Жаман тұмағы жерде жатыр екен десті.
Тастың жартысы жерде, жартысы етегінде екен десті.
Мектебіміздің директоры Сағындықов ағай Жұрнақ көкені жөнелту мәселесіне айтарлықтай мән берді. Оны шығарып салуға Қонақбай ағайды жерлегендегіден әлдеқайда көп адам қатысты.
Жетісі өткен соң біраз сыныптастар барып көрдік қой. Онша қорқа қойған жоқпыз. Жұрнақтың өліміне де, өмірінің соңында көрген жан төзгісіз қорлықтарына да өзімізді кінәлідей сезініп жүрдік. Зерттеңкіреп қарасақ, Жұрнақ көке тұп-тура туған үйінің табалдырығына тізерлеген екен.
Байқадыңыздар ма, Жұрнақ жынды бола тұра туған табалдырығына тізерлеп, кіндік кескен үйіне басын иген тәрізді.
Ойландыңыздар ма, ол неге Сағындықов ағай мен Сағыныш апайымызды ғана есте сақтап қалған? Демек, оның санасында сағыныш атты ұғым өлмеген. Айнымаған...
Біз, Айқұмырсқа аулында, Тақиятөбенің түбінде осындай-осындай ой түйгенбіз сонда. Жұрнақ жоқ енді. Жынданып кетсе-дағы жарық дүние жалғанда оның орны бар екен дә. Дүние-әлемнің бос қалғандай сезілетіні неліктен дейсіз, әйтпесе?! Ұрпақ тұтас жоғалмаса-дағы, неге мұқым-мүлде жұрнақсыз қалғандай қоңыраямыз? Жоғалды Жұрнақ көке жер бетінен. Бәрімізге де бар-барша зат, айналамыздағы ғана емес, ұғым-түсінігіміздегі күллі нәрсе жалғаусыз, жұрнақсыз, шолтиып қалғандай көрінді.
Қарауыта қоңырайған Қазығұрттың көлбеп жататын жоталы жоны шорт кесіліп түскендей.
Бір-бірімізге тіл қатыса алмаймыз. Тілдеріміздің ұшына келіп қалатын, айтылмай, кейін қайтатын сөздеріміз де жұрнақсыз сияқты. Үйлеспейтін, үндеспейтін секілді.
Бір қарасақ, біздің соңымыздан Сағыныш апай да келіп жеткен екен. Сағыныш апай сүйектен өтер сары аяз буған сайдың тепсеңіндегі қар басқан қара тас үйінділеріне ұзақ-ұзақ қарады. Жұрнақ көке тасыған тас екі-үш мәшинедей, яғни бір үйге толық жететіндей екен. «Балалар, — деді Сағыныш апай сонда. — Жоқ, сендер бала емессіңдер енді... Есейдіңдер ғой сендер... Бәрін кеш түсінетініміз, кешігіп ұғынатынымыз қандай өкінішті... Жұрнақты есте сақтаңдаршы...»
Жұрнақ көке қатып қалған үй орнының жанында ұзақ тұрдық. Қонақбай ағай қайтыс болғандағыдай, мен ауырып жатқандағыдай, бір-бірімізді үнсіз ұғысып, үн-түнсіз егіліп-төгілеміз. Көз жасымыз қарға дыбыссыз тамады.
Кенет аяқтарымыздың астындағы қардың құп-құрғақ шаң секілденіп, түк те, титімдей де ерімей, жылтырамай, жалтылдамай жатқанын аңғардық. Біздің жылы жақта, Қазығұрт қойнауларында құрғақ қар сирек қой.
Айқұмырсқаның айналасында алашаңдақ ұйытқыды.
Жұрнақ қатып қалған түні Қамбар ата кесенесі түбіндегі айналасына ақ сәуле шашатын ақшылтым тас түп-түгел қарайып кетіпті деседі.


Кітаптан алыстаған үрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт


Жарық дүние – өмірдің соншалықты ғажап екендігіне елжірей иланып, жанымен де, жүрегімен де, жырымен де қалтқысыз сеніп, адамдарды аңқылдай жақсы көрген, сағыныш атты ғажап қасиет хақында теңдессіз туындылар жаратқан Төлеген Айбергеновтің күнделігінде мынадай бір пікір бар: “Мен адамдардағы бір ғана мақтануды – арғы төркінінен көп оқығандығы көрініп тұратын, “кітабым көп” деп қана мақтануды кешірер едім. Ал, басқа мақтанның қандай түрін де тіпті тыңдағым келмейді”.
Адам жанының және бір жыршысы, қазақтың суреткер зергері, қоғамдағы, мәдениет пен әдебиеттегі құбылыстарға дәлме-дәл диагноздар қойып, ақиқатты ашып айтып жүрген жазушымыз Дулат Исабеков осы күні кеше ғана бір сұхбатында: “Кеңес дәуірінде халықтың кітап оқуға толықтай мүмкіндігі бар болатын. Кітап сатып алуға қалтасы көтеретінін айтпағанда, ауылдың мәдениет үйінде кітапхана жұмыс істейтін. Кеңес қоғамында адамдар білімімен бағаланатын. Авторы қатыспай-ақ, оқырмандар арасында жаңа шығармалар қызу талқыланып жататын. Әңгіме өзегіне айналып жатқан кітапты оқымаған адам өзін қор санайтын. Адам өзінің жинаған кітабын мақтан тұтатын заман өтіп кетті. Қазір рухани құндылықтардың орнын өзге құндылықтар алмастыруда”, – дей келіп бүгінгі жағдаяттарды саралайды. Оқырманның жазушы қауымнан сууына себепкер нәрселерді нақ-нақ атап көрсетіпті.
Әлбетте, өзінің өзгеше көркем прозасы мен дара драматургиясында кеңестік дәуірді мадақтаудан мүлде аулақ болған Дүкеңнің мына сұхбатында да сол кезеңді аңсап отырмағаны белгілі. Бірақ, шындықтың аты – шындық. Тоталитарлық қоғамның да таңырқатқан жақтары, таңдайдан дәмі кетпей қалған жемістері жоқ емес қой. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында Қазақстанның кітапты ең көп оқитын ел болғаны да рас, бұлтартпас шындық, оны ешкім теріске шығара алмайды. Әрине, неліктен, қалай, нендей мақсатпен дегендейін саулап қоя берер сауалдар өз алдына бөлек әңгіме.
Біз кітап және оқырман һәм жазушы тақырыбын неге қозғап отырмыз? Мұнда гәп бар. Бұл тақырып кейінгі кезде біздің елдің барлық газеттерінде дерлік әр тараптан, сан тұрғыдан қозғала бастады. Қозғамауға болмастай ахуалда екеніміз және ақиқат. Ал, тап осы көктемде көбірек көңіл бөлмек керек-ақ боп тұрыпты. Оның себебі неде?
Бүгінде бүкіл дүние жүзі кітап және оқырман мәселесіне үлкен уайыммен назар аудара бастады. Биылғы наурыз-сәуір айларының бүкіл әлемдегі көптеген елдер бойынша тап осы мәселеге арналып отыруы да тегіннен-тегін емес. Біреу білер, екеу білмес, осы күндері Кітапханалар ассоциацияларының халықаралық федерациясы аясында бірталай елдерде елеулі шаралар өтіп жатыр. Қазақстанда 18-19 сәуір күндері “Оқырман ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі” атты халықаралық конгресс өтпекші. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен “Бір ел – бір кітап” атты акция басталып та кетті. Хош делік. Сонымен, бүкіл дүние жүзі әдебиет әлемінің, кітап әлемінің тағдырына аса алаңдаулы. Қайткенде, кітаптың жоғары мәртебесін сақтап қаламыз? Әрбір ел, әрбір мемлекет жұртшылығының кітап оқу мәдениетін қалыптастырмақтың қандай жолдары мен түрлері бар? Кітап және кітапхана, оқырман және кітапханашы мәселелеріне байланысты нендей түйіндер мен түйткілдер толғандырады және оларды қалай шешпек керек? Кітапты пайдалану, сақтау және оқу, кітап тарихы мен кітап басу және таратуда іргелі істер мен іркілістер қандай? Тәжірибелер мен тағылымдарды қайткенде жалпы игілікке айналдыруға болады?
Қарап қойыңыз, халықаралық деңгейде өтіп жатқан іс-шаралардың мақсат-мазмұны мен мән-маңызын осы төңіректерден табасыз. Әрине, осынау жағдаяттардың бәріне бірден жауап бермек мүмкін емес. Сәуірдегі іс-шаралар өте сала бәрі тәуір бола бастайды деудің де қисыны жоқ. Десек те, кітап және оқырман мәселесіне дүниежүзілік деңгейде, осылайша айрықша алаңдап, ірі және біршама тірі тірліктер атқарыла бастауы құптауға, қуануға лайық деп білсек керек.
Ә, дегеннен біз Төлеген Айбергенов пен Дулат Исабеков айтқан, жазған пікірлерді бекер келтірген жоқпыз. Кезінде “ Қазақстан – ең көп оқитын ел” атанғанын және шынтуайтында солай болғанын тағы да қайталап қояйықшы. Қазір ең аз оқитын елге айналды. Дүние жүзінің бірталай мемлекеттерінде кітапқа деген ынта-ықыластың айтарлықтай-ақ азайғаны мәлім. Алайда, арқаны кеңге салып: “ Е-е, дүние жүзінің басқа да елдерінде біздегідей екен-ау”, деп жайбарақаттанудың жөні жоқ. Әлемнің көптеген елдерінде жаппай компьютерлендіруге, интернеттендіруге қарамастан, кітапқа деген ықылас тап біздегідей бәсеңдемепті. Мектеп оқушылары көбінесе компьютер арқылы емес, оқулық кітаптар арқылы жұмыс істейді. Көркем әдебиет кітаптарына бала кезден, отбасынан, бастауыш сыныптардан тәрбиеленеді екен. Оқушы жастар көбінесе компьютер клубтарында емес, ерекше сүйікті де сүйкімді, қолайлы орын болып табылатын кітапханаларға басымырақ барады. Кітапханалардың бәрі дерлік таңертеңгі сағат 8-ден кешқұрымғы сағат 8-ге дейін істейді, тіпті түні бойы жабылмайтын кітапханаларыңыз да жетерлік көрінеді.
Өз басым АҚШ-қа барған жоқпын. Барып келгендермен әңгімелессең, бастарын шайқап, қайран қалады. Байлығына... Барлығына... Бар-баршасына. Ал, кітапқа көзқарас туралы, оқу мен оқымау жайында көп айта алмайды. Былтыр сол Америкаңыздың бір журналын оқып, таңдай қақтым. АҚШ-ыңызда да жоғарыда айтқанымыздай екен. Компьютер мен интернеттің шырқау шыңына шығып, көксандықтың (теледидардың) көкелері мен әкелерін көріп, қызықтамаққа мүмкіндігі бар алпауыт елде кітапқа көзқарас, кітапқа қызығу, кітап тұтыну, яғни оқу, кітап сатып алу, кітапханалар қызметін пайдалану титімдей де төмендемеген. Сексен бесінші жылдармен салыстырғанда, қайта екі мың бесінші жылға қарата еселеп өскен. Сексенінші жылдар ортасында кітап шығару, сатып алу, т.т. мәселелерге әр жыл сайын 8-9 миллиард доллар жұмсалған болса, 2005 жылға қарата бұл көрсеткіш 18-19 миллиард долларға жеткен. Кітапқа көзқарас пен кітап оқу дегеніңіз компьютерлендіру тасқынына қарсы иммунитет ретінде қалыптасқан. Жас өскіндердің компьютерде екі сағаттан артық отыруына тыйым салынатын заң бар. Кітап сатумен студенттер де айналысады, оларға жеңілдік жасалады, кітаптан түскен пайда стипендияға қосылады. Осындай әдістер өте көп екен, сондай-сондайды зерттеп, үйренушілер бізде жоқ қой, жоқ...
Жақында көрші елдің президенті В.Путин жас жазушыларды қабылдады. “Компьютер – керемет, интернет – тамаша, интеройындар – ғажап, бірақ біз кітапты, көркем әдебиетті компьютерге жұтқызып алмасақ керек, деді Ресейдің мемлекет басшысы. Оларды жұтқыза берсек, компьютерге халық жұтылады, орыс тілінің құнары жұтылады, ұлт жұтылып кетеді... Жедел түрде кітапханалар жұмысын жолға қоюымыз қажет...”
Ауызды қу шөппен сүртпейік, біздің елде де елеулі тірліктер тындырылып жатыр. Басқасын айтпағанда, “Мәдени мұра” бағдарламасының бірегей бағалы нәтижесі – алуан арналар бойынша асыл қазынамызға қосылардай кітаптардың шығарыла бастауы. Бірақ бұл әлі де мүлде аз, жеткіліксіз. Қазақ елі, қазақ ұлты үшін кітап, кітапхана, әдебиет және оқырман мәселелері жөнінде, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, әр қазақ жеті қазақтың жауапкершілігін арқалап, ауыр-ауыр тірліктерге иықтарын тоспаса, бәрі бекерге айналмақшы.
Дүниежүзілік деңгейдегі уайымға айналып отырған осынау мәселеге үн қоса отырып, өз ішімізге үңілсек, “жылаған еңірегенге жолыққандай” жағдайға тап боламыз. Адамзаттық апат, жаһандық жағдаят, планетарлық пайым, т.б. демей-ақ, жергілікті жағдайларға назар жығалықшы. Сайып келгенде, қара жұмыстың, нақтылы істің бірталайы, тіпті, кейде басым көпшілігі облыстарда, қалаларда, аудандар мен ауылдарда атқарылатынын біреу мойындар, екеу мойындамас. Қазақ – қашаннан-ақ тұқымынан таза, табиғатынан адал, жаратылысынан аңғал, пәлсапалық қиялға жақын, сондықтан риясыз романтик халық. Қаншама жаһандануға жақындатып, ауылдан қалаға тықсырып, саясат арқылы тырқырата қуып тығып жатқаныңызбен, бұл ғасырда қазақ ауылы жер бетінен жойыла қоймас. Қазақтардың қаласының өзі де, Дулат Исабеков айтқандай-ақ, адамзаттық ұғымдағы, планетарлық пайымдағы қала емес, “үлкен-үлкен ауылдар” екені де рас. Сондықтан, әлемдік өркениетке ілесе отырып, ұлттық көркемниетімізді мүмкін болғанынша, түгелдей, тұтас болмаса-дағы, табиғи тұтасар тұстарын сақтап қалмаққа жанкештілікпен жанталасуымыз жөн саналмақшы.
Бізде, Оңтүстікте осы орайда қандай жұмыстар бар, нендей қадамдар жасалып жатыр деулеріңіз бек мүмкін. Айтайық. Бізде бір кездегі “Қажыгелдин қырғынынан” аман қалған кітапханалар, Құдайға шүкір, баршылық. Үштен бірі тірі. Кейінгі жылдары олардың саны мен сапасы едәуір арттырылды. Сонау Созақ ауданындағы “Мыңжылқы” мәдениет үйінде орналасқан, жұртшылықтың сүйікті орнына, ғылыми, мәдени және әдеби орталығына айналған кітапханаға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өзі таң қалып, өзгеше ризалық білдіріп, арнайы пікір жазған. Сол Созақтағы кітапханада облыстық, ауданаралық, аймақтық тәжірибе тарату семинарлары, небір кештер мен оқырмандар конференциялары жүйелі өтіп тұрады.
Облыс орталығындағы Пушкин атындағы кітапханада үш жылдан бермен қарата “Оқырмандар отауы” жұмыс істейді. Отаудың ұйымдастыру алқасында кітапхана энтузиастарымен қатар мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер, библиограф мамандар бар. Қазір “Оқырмандар отауының” заманауи биік талаптарды, прагматик жас өскіндер тілектерін, түрлі көзқарастар мен бағыттарды ұстанатын оқырмандардың психологиясын ескере отырып жүргізетін жұмыстары, ұйымдастыратын талқылаулары, өткізетін кештері мен кездесулері Шымкент шаһарына ғана емес, облыстың өзге де қалалары мен аудандарына белгілі бола бастады. Өткен жылғы бір басқосуында осы отау аса көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының “Парасат майданы” хикаятын жан-жақты талқылады. Реті келгенде айта кетелік, 1997 жылы облыстық кітапхана оқырмандары 15100 адамға дейін төмендесе, 2007 жылға қарай 28775 адамға жеткен. Облыс орталығындағы Абай атындағы қалалық кітапхана жергілікті қаламгерлерді студенттер мен жастарға, ардагерлерге етене етіп, жақындата түспекке көбірек көңіл бөлсе, Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы кітап пен жас оқырмандар арасындағы үдерістерге сауалнамалар жүргізу және олардың нәтижелерін іс жүзінде қолдану арқылы жұмыстарын жандандыра түсуде. Шымкент шаһарындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы жасөспірімдер кітапханасында да елді елең еткізген, оқырмандарды ойландыруға септескен тың туындыларды, талантты қаламгерлердің кітаптарын талқылау, сөйтіп, оқырман тәрбиелеу, оқырман тарту жөніндегі шынайы ұмтылыстар жан жадыратады. Мұндай мысалдарды басқа да кітапханалардан, өзге де аудандар мен қалалардан келтіруге болады.
Өкінішке қарай, оқырмандарды жасанды түрде, қағаз жүзінде ғана көбейтетіндер, тып-тыныш, тым-тырыс күн өткізіп, жалақыны қақшып алып, қалғып-мүлгіп отыра беретіндер аудандық, қалалық, ауылдық жерлерде аз емес. Мектептердің кітапханаларындағы тіршілік те тектілікке, ізденіске, жауапкершілік, білім-біліктілік деңгейге байланысты әртүрлі, әрқилы күйде. Мәселен, осыдан біраз бұрын Түлкібас ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімдері мен шәкірттерінің оқырмандық деңгейінен түңіліңкіреп қайтсақ, Сайрам ауданындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектеп ұстаздарының ғана емес, оқушыларының да кітапқа, көркем әдебиетке деген құлшынысына, шығарма талдай білетін талапшылдығына тәнті болып: “Е, бәсе! Айналайындар-ай, бар екенсіңдер ғой...”, – деп, жанарымыздың жасаурағанын жасырғымыз жоқ. Әр оқу орнының деңгейі, ұмтылысы, ұжымдары мен ұстаздарының, жас өскіннің құлшынысы түрлі-түрлі...
Биылғы жылдың басынан бермен қарата облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” атты арнайы акция жүріп жатыр. Кезінде, біразырақ жылдар бұрын, біздің түстік өңірге беталбаты тиісушілер кенет көбейгенде, қайран қазақтың Қалтайы, баршамаздың асыл ағамыз Мұхамеджанов осындай тақырыппен мақала жазып, Шымкент жақты шырылдай қорғаған. “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” акциясының мақсаты – облыс халқының Астана, Алматы қалаларында тұратын республиканың көрнекті, неғұрлым дарынды да талантты ақын-жазушылармен қауышулары арқылы жұртшылықты, әсіресе, жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке, кітапқұмарлыққа тәрбиелеу, көркем әдебиетті, өнердің өзге де түрлерін терең насихаттау, қаламгерлер мәртебесін, ұлысымыздың, ұлтымыздың ұйытқысы ретіндегі Оңтүстіктің абырой-беделін көтеруге септесу.
Қаңтар-сәуір аралығында алты кездесу кеші өтті. Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбай сынды саңлақтардан басталып, халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шахановтармен, сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып, тағы басқа да таланттармен жалғаса түскен аталмыш акцияның алты кездесуі өтіп, жиырмаға жуық дарын иелерін қамтыды. Жыл аяғына дейін ең кемі елу ерен қаламгер жұртшылықпен жүздессе, оқырман саны мен сапасы, кітап әлеміне ынта-ықыласы артатыны анық. Себебі, алғашқыда күдік-күмән басым болғанымен, бірте-бірте “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” шарасы зиялылық қауышуы, зияткерлік тілдесуі, зерделерге зер жүгірту, саналарға сәуле сіңіру, көркем әдебиетке, кітапқа қарай бетбұрыс ретінде бағалануда. Көз алдыңыздағы көп оқырманның ойға батып, ұлттық құндылықтар, руханият, мәдениет, әдебиет, тіл тағдыры, қоғам мен адам, небір күрделі құбылыстар хақындағы пікірлерді тыңдап, көркем өнерді, өлеңді, қара сөзді қарадүрсін түсінуден арылып, жан еңбегін жұмсап отырғанын сезінесіз. Шимай-шатпақ пен бәлдір-батпақ қайсы, шынайы дарын мен талант қайсы және әсіре-әулекі бетпақ қайсы, сәл де болса ажырата бастағандарына жұбанасыз.
Осы акцияның мына бүгін сөз етіліп отырған халықаралық іс-шарамен, Оқу, Оқырман, Кітап хақындағы халықаралық конгреспен, “Оқырман ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі”, “Бір ел – бір кітап” сынды маңызы ерен, мәнісі терең шаруалармен үндесіп, үйлесіп жатуы жөн екен-ау деп қуандық.
Қысқарта айтсақ, қандай тірлікті алайық, бәрібір – дүниежүзілік, халықаралық, республикалық болсын, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық болсын, бір-бірімен тығыз байланысты, ұнасымды, жарасымды, жүйелі жүргізілгенде ғана жемісті ғой.
Компьютер билеген, интернет илеген, интеройындар ойнақ салған қым-қуыт, қым-қиғаш кезеңде де тым әулекіленбей, тым еліріп, тым елігіп, тым беріліп кетпей, Абай айтқан “асыл адам айнымасты”, “бар нәрседе де өлшем мен мөлшер болмақ керекті” көксандық пен компьютер мәселесінде һәм мықтап ескеріп, әр әрекетімізге “есті кісідей есеп беріп”, кітап дүниесін біз-дағы ұлттық иммунитет ретінде сақтап қалсақ, қасиеттің үлкені – осы. Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт.


КӨКТЕМ ДЕ ОҢТҮСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Көкейкесті
Мархабат Байғұт.


1. Саз
Бұрын да біздің Оңтүстіктің, оның ішінде Шымкенттің аты аз шықпайтын. Жағымды жағдаяттарымен де, жағымсыздау жағдаяттарымен де. Қайран Қазақстанның күнгей түстігі тұсына түрлі де түрлі пікірлер айтыла беретін. Артығы бар, кемі бар, атақтар тағыла беретін. Қазір де солай жалғасып жатыпты.
Қазақ қара сөзінің зергері, ұлттық көркем ойымыздың кенеркөгін кеңейткен ұлы суреткеріміз Ғабит Мүсірепов өзінің «Ақан сері — Ақтоқтысы» Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылғанда, Шымкент шаһарына келіп, кербездене қасын керіп: «Серінің сапасы серпінді, Ақтоқты арайлана түсіпті. Екеуі де Оңтүстіктің өзгеше қуатын дарыта құнарланыпты, тіпті хазіреттің өзі де южный боп тұр», — деп, рахаттана, кеңк-кеңк күлген болатын.
Шешен тілді, көсем ділді, дүлдүл көкеміз Ғафу Қайырбеков Оңтүстік Қазақстандай күрделі күрмеулері де, жаймашуақтығы да жетіп–артылар, жұмақ та жұмбақ, аяулы аймақты аңсап, сағынып жететін. «Қазақы қасиеттің қаймағын сақтаған аймағымнан айналайын!» — деп, киелі топырағын тізерлей сүйіп, көкорайына аунап-аунап алатын. Қостанайда жүріп: «Тарт Торғайға!» — дейтініндей, Шымкентке келе сала: «Кеттік Келеске!» — деуші еді марқұм. Келестің келіншектері ортасында, тұт ағашының түбінде, мақталықтың шетінде отырып, «Сырымбетті» шырқайтын-ай әуелетіп.
Ғабит ағамыз бен Ғафу көкеміз осынау ой-пікірлерін сонау сексенінші жылдары айтқан еді.
Осы биыл Оңтүстікте, Түркістан қаласында республикалық көлемде кең көсілген Наурыз мейрамы мен Наурыз конференциясы ұйымдастырылды. Сол конференцияда айтулы ақын әпкеміз Фариза Оңғарсынқызы: «Тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтап қалған — Оңтүстік. Біз бәріміз Оңтүстікке қарыздармыз. Оңтүстікке мемлекет қарыздар», — деді. Сол бас қосуда ғұлама ғалым, терең де кемел ойшыл Мекемтас Мырзахметұлы: «Жаһандануға жұтыла бастадық. Жұтылмау үшін Оңтүстік намысы, Түркістан рухы керек. Тіл мен дәстүрдің құнарын кетіріп жатырмыз. Қарын қамын ойлай бермей, рухани қам-қарекетті алдыңғы орынға шығармағымыз жөн. Рухани тірлігіміз бен бірлігімізді байлық басып кете барса, жас ұрпақ тіл мен дәстүрді меңгеріп, игеріп сіңіре алмаса, құрдымға батып құримыз», — деді.
Қазекем қаншама замандарды бастан кешпеген дейсіз. Жақсы заман да, жаман заман да, зар заман да, тар заман да — күллісі кездескен. Соның бәрінде де қазақ баласының ең үлкен кемшілігі күншілдік, бақастық болғаны да белгілі.
Қашаннан-ақ айтып та, жазып та келеміз, Ордабасыға оралып тұру, Ордабасыны ойланып қою, Ордабасымен тыныстап тұру, Ордабасымен рухтану — бар-баршамыздың перзенттік парызымыз. Себебі, дәл сол жолы, дәл сол жылы Ордабасы оқиғасы өтпегенде, алаш талайы, қазақ тағдыры нендей күйге ұшырар еді?!..
Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені — Ордабасы мұраттарының орындалғаны. Биыл ұлыстың ұлы бас қосуы, Ордабасы жиыны өтіп, Бірлік биігінде, Тутөбе басында байрағымыздың желбірегеніне 280 жыл толды. Биыл Қазақ Елінің тәуелсіздігіне он бес жыл толады.
Тәуелсіздікке тәубе делік.
Биылғы жазда, Оңтүстікте, Түркібасы төрінде, Тәңіртаудың өрінде «Саба» деп аталатын қымыз фестивалі өтті. Ол қымызға және қобызға арналған еді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тоталитарлық тар заманда, кеңестік кезеңдерде бұл өңірдегі бір де бір мектептен қобыз түгіл домбыра табылмаған жылдар кездескен. Хрущевтің тұсында Түркібасыда жөні түзу жылқы, қымыз иісті үй қалмаған. «Саба» қымыз фестивалін ашып тұрып, қазақы рухтың тау баурайындағы қасиетті құбылыстарын тереңінен сезініп, тебіренген халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Тәңіртау! Кей ұрпақтарың азғанмен, тектіліктің тамыры тозбаған екен. Қымыз — сусын ғана емес, ол — қазақтың қаны, намысы мен рухы! Бүгінгі «Саба» — жай ғана, қатардағы мереке емес, қатардағы көп фестивальдердің бірі емес, бірегейі, тектіліктің Тәңіртауға қайта оралуы. Бұл өңір — Түлкібас емес, Түркібасы ғой, Түркібасы!» — деді қашанғы, қыран бүркітше саңқылдайтын даусымен тау беткейін жаңғыртып.
Жақында ғана ел газеті «Егемен Қазақстан» біздің облыс туралы пайымды да парасатты пікір білдірді. «Шырайлы Шымкент» деп, «Алтын құрсақ — Оңтүстік» деп, «Қазақы болмыстың қаймағы бұзылмаған аймағы» деп мақтаныш тұтатын Оңтүстік Қазақстан өлкесі бұл теңеулердің қай-қайсысына болса да лайық. Адамдары еңбекқор да ақжарқын, іскер де ізденімпаз келетін бұл өңір тәуелсіздік жылдарында көп ізденістерді бастан кешті, өтпелі кезеңнің қиындықтарын облыс халқы алғашқылар қатарында еңсеріп, өркендеу жолына сол қарқынмен келіп түскен. Мұнда экономикалық-әлеуметтік реформалармен қатар рухани дамуға айрықша ден қойылған», — деп жазды. (2006 жылғы 17 қараша).
Қатты риза болдық. Рахмет, оқта-текте болса-дағы, осындай жылы, ықыласты сөздер Оңтүстік атына да айтылыңқырағаны әбден-ақ орынды шығар.
Әдемі бір әуендей, жарасымды саздай сезіледі екен.
2. Наз
Осының алдында ғана, сүйікті газетіміздің 14 қараша күнгі нөмірінде сүйікті жазушы-драматургіміз Сұлтанәлі Балғабаевтың: «Моральдық бұзылудың да ошағы осы Оңтүстік өңірінен бастау алған десек, онша қателеспейміз», — деген сияқты бірқатар біржақтылау ойларға құрылған мақаласын оқыған едік.
Осы күндері онсыз да Оңтүстігіңіз төмпештеліп-ақ жатыр еді, Сұлтанәлі бауырымыздың кейбір өткір-өткір сын-ескертпелерін мойындай тұра, базбір жақтарына наз білдірмеуге болмас.
Оңтүстік туралы орынды-орынсыз нәрселер айтыла беретіні белгілі. Шымкент десе шу ете қалатындар жетіп-артылады. Жоғарыда меңзедік қой, алуан-алуан атақтар жамалып-ақ жатады. Түрлі-түрлі таңбалар тағылып тұрады. «Техас» деседі, тағысын-тағылары толып жатыр. «Ойбай, не дейсің, Оңтүстікте осындай да осындай екен, өйтеді де бүйтеді екен!», «Е-е, Шымкент жақ па?! Баяғыдан белгілі ғой олар!» — дегендейін тым асыра сілтеушіліктер де аз емес. Тіпті, басқаларды былай қойғанда, «Тамаша» ойын-сауық отауының, немесе «Бауыржан-шоуыңыздың» кез-келген бір әртісі өзі орындап тұрған әзіл-оспаққа, немесе сын-сықаққа «Шымкент» деген сөзді қосып кеп-кеп жіберсе, бітті. Әлгі шығарманың әсері еселей артып, қайнатпа сорпаңызға келімдәрі қосқандай, жұртшылығыңыз жаппай дуылдай шуылдап шыға келеді.
Әсіресе, кейінгі кездері біздің Оңтүстіктің, оның ішінде Шымкенттің аты телеарналардың толайым-түгелінен де, барлық басылымдардың беттерінен де түспей тұрыпты. Ең басты себеп — СПИД.
Иә-иә, СПИД. ВИЧ инфекциясының белең алып, бүлдіршін-балғындарға, аяулы сәбилерімізге ауыз салуы...
Шымкент шіркініңізге жетпегені осы еді.
Біраздан бері біздің шымкенттіктерде ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ. Облыстың жаңа басшысы Өмірзақ Шөкеевтен бастап, іс басындағылардың бәрі де күн-түн қатып, тынымсыз тірлік жасап-ақ жатыр. СПИД сырқатының белгілері білінген сәбилердің жаутаңдаған жанарларына қараудың өзі қиын. Қазір ешкімге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Осындайда кейбір газеттеріңіз бен телеарналарыңыз ақ желеңді абзал жандарды да, үлкенді-кішілі шенеуніктерді де түп-түгел, бастан-аяқ баттастыра қаралауға қарманып бағатыны қиын-ақ.
Әсіресе Оңтүстік деген соң, Шымкенттен шыққан соң, шуыл еселене, дуыл екілене жөнелді. Бірақ дәрігерлердің бәрі, мейірбикелердің бәрі бірдей емес қой. Күні кеше ғана аса шаршаңқы, айлық жалақысы арзымайтын, пара алып көрмеген, ақ-адал еңбек етумен келе жатқан, самайын түгел ақ қырау басқан дәрігер кісі жергілікті телеарнадан жыларман болып сөйледі. «Оу, ағайындар-ау! Біздің жазығымыз қанша?! Байқасаңдаршы, абайласаңдаршы... Жаппай қаралап айтып, жаралап жаза бермесеңдерші!» — деді ол әлсіреген үнімен, әлсіз даусымен. «Ауру адамдар бүкіл дәрігер атаулыға тек күдікпен, сау адамдар тек күмәнмен қарайтын болды, соңғы уақытта балағаттап кететіндер көбейді, осы саладан кетпесем болмас», — дейді бір танысымыз.
Осыдан бірер апта бұрын Шымкентке Парламентімізден бір топ депутат келді. Бек рахмет, жүдә жақсы. Бірталай жерде болып, бірқатар отырыстар өткізіп, ділгір мәселелерді шешпекке уәде берді. Алайда, халық қалаулыларының бірқатарынан қасіретімізді жан-жүрегімен ұғынудан гөрі, қалай еткенде де өздерін-өздері көрсетіп қалмақты қалайтын, ұпай жинамақты көздейтін кейіп білініп қала берді. Сөзуарлыққа салынып, тіл безеуге, оларсыз да салдары суға кете жаздап жүрген жұртты одан сайын тұқырта түспекке бейімдеу секілді көрінді. Қазақы Оңтүстікті мазақы пиғылмен келемеждей кергіді біреуі. Балалар мен аналардың аһ ұрған қасіреті туралы әңгімелеп отырып, жымсия жымияды және бірі. Ел арасына есеп бермек боп шығатын базбір депутаттарымыздың кейде өстіп, бет-перделері сыпырылып, бет-бейнелері көрініп қалатыны бар.
Шындықты қиын да болса қабылдау керек, сынды ауыр да болса мойындау қажет. Бірдеңе ұсынбасаңыз, қозғала қоймайтындар, тиісті мөлшердегі ақша-боқшасын қалтасына салмайынша өліп жатсаң да қыңқ етіп қарамайтындар Оңтүстіктің ауруханалары мен емханаларында жоқ деуге бетің бармас. Аз деуден де аулақпыз. Бар шығар, тіпті көп те шығар. Миллиондаған, миллиардтаған теңгелеп қаржы бөлінгеніне қарамастан, жүдеу-жадау, аңғал-саңғал, сексенінші жылдардың деңгейінде қалып қойған ауруханалар мен емханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер де аз емес. Көзбен көріп те жүрміз. Алайда, қалай да жаппай күйе жағудың, көптеген кінәлілердің ара-арасындағы абзалдарды, адалдарды түгелдей сызып тастамақтың, әсіресе табалай қарамақтың жөні жоқ.
«Айлығымыздың аз екені, не коммуналдық қызмет түрлеріне төлеуге, не бала-шағаның киер киіміне, не ішер асымызға жетпейтіні, бәріне емес, біреуіне де жетіп жарытпайтыны — шындық», — деп шырқырайды мейірбикелеріңіз бен дәрігерлеріңіз. Ал, бұған сіздер не дейсіздер? Әлбетте, біз «алғыштар» мен «қалтаға салғыштарды», қанағатсыздар мен қайырымсыздарды, тілемсектер мен сұрамсақтарды, сайып келгенде, обырлар мен жебірлерді ақтағалы отырған жоқпыз. Бірақ баршаны бірдей қаралап-жаралай беру, Оңтүстікке, Шымкентке қарата қара тастарды лақтыра беру жақсылыққа апара қоймас.
Назымыздың басын сүйкімді де сүйікті қаламгерлеріміздің бірінен саналатын Сұлтанәлінің сөзіне сүйеген ек. Оңтүстікті моральдық бұзылудың ошағына балаған Балғабаев бауырымыз Шымкентке шүйіліп-ақ баққан екен. «Қазақ тіліндегі дәл мұндай әдепсіз газеттер Шымкенттен басқа Қазақстанның өзге өңірінде ешуақытта жаппай жарық көрген емес», — дейді Сұлтекең. Дұрыс-ақ делікші, бұл кісінің байламынан да, байбаламынан да бұлтара алмайсыз. Бірақ, біздің жақта жаңағыдай әдепсіздеу газеттер қазақ тілінде шығып, қазақ тілінде оқылып жүрді ғой, әйтеуір. Ал, өзге жақтарда біздің «саржағалдардан» да сорақы басылымдар басқа тілдерде біздегіден де бетер тұтынылып, жұтылып жатыр емес пе?! Өзге тілдегі порнографиялық басылымдардың көкелері мен әпкелері, әлгі әйгілі екі көшеңіз Балғабаевтар мекендейтін ару қаламыз Алматыда емес пе? Жартылай жалаңаш, тырдай жалаңаш және сойқан сериалдар мәселелерін мәністейтін, шаруаларын шешетін шаһарлар да негізінен сіздер жүрген орталықтар емес пе, Сұлтеке?
Ойпырай, Оңтүстікті сүмірейте бермесеңіздерші, жүдә тегі. Бұрындары да, бүгіндері де алты жүзден асып жығылар ақын-жазушыларыңыздың кітап-сітаптарының көпшілігін алатын алтын құрсақ аймақ еді ғой. Алматыңыздан шығатын газеттер мен журналдардың да басым бөлігіне жазылатындығына жазықты ма? Жоқ, әлде, Сұлтанәлі дос, сіздердің кітаптарыңыз және пьесаларыңыз бойынша қойылып жатқан спектакльдеріңіз әлгі, өзіңіз ренжитін әдепсіз газеттерден әлсіз әсер ете ме? «Дінімізге тіл тигізді деп елімізді улыған-шулыған еткен кейбір кітаптардың өзге жерден емес, дәл Шымкенттен жарық көруін де кездейсоқтық дей алмайсыз», — дейсіз тағы да. Сұлтанәлі бауыр-ау, ондай-ондай кітаптардың авторлары да орталықтарда отырған, астаналарда жүрген апайтөс, ақтаңгерлердің, мүйіздері қарағайдай мықтылардың қатарынан емес пе? Бізге неғыл дейсіз, Шымкентімізге не демексіз? Ондай-ондай кісілер астаналардағы баспаларды бітіріп, тауыс-тәмәм етіп, облыстарға ауыз салса, шімірікпестен Шымкент асса, не амал?! Ол жағын енді, кешіріп қойыңыз, перифериядан гөрі өздеріңіз жетігірек білмекке, жөндеп шешпекке парыздарсыздар. Айтпақшы, он томдап, жиырма томдап әлгіндей ағаларыңыз шығарып жатқан кітаптардың саудасы жөніндегі ауыр-ауыр салмақтарды да қара нардай көтеріп жатқан қайран да қайран Оңтүстік, шіркін де шіркін Шымкент жақ екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды.
3. Жаз
Жә, Сұлтеке, біз де біржақтылау кетпейікші. «Сонымен бірге, бұл жағдай адамдардың, әсіресе шенеуніктердің екі көзі тұнып, байлыққа, ақшаға тойымсыздықпен құнығып бара жатқанынан да байқалады», — деп жазыпсыз жаңағы мақалаңызда. Мұныңызға толық қосыламыз. Кесел де, кесір де, кесепат та ең алдымен осы құнығудан қабыздап жатыр.
Осы Оңтүстіктің топырағынан шыққан Әл-Фараби бабамыз: «Ақшаға құнықпа, мансапқа құнықпа, әйелге құнықпа», — деген. Сонсоң: «Бірақ құнықпа дегенім — қызықпа дегенім емес», — дегенді меңзеп алады-дағы, себебін терең пәлсәпамен түсіндіреді. Құнығу мен қызығудың арасы жер мен көктей ғой. Сіз айтқандай-ақ, Сұлтеке, адамдар ашкөзденіп барады. Құнығудың асқынуы адамгершілік асыл қасиеттерді аяқасты етуде. Базбір басшы шенеуніктердің, кейбір депутаттардың, дәрігерлердің, ұстаздардың, т.т., т.б. арсыздықпен сататынын және сатылатынын, сатқындықтың кей реттерде үдеп кететіндігін сіз де, біз де — бәріміз де білеміз. Жазамыз. Жазып та жүрміз. Жаз деп отырғанымыздың мәнісі сол. Ерен тұлғалардың, билік биігіндегілердің туған-туыс, тамыр-таныстары, өрен-жарандары құнығуға жол бермеуге борышты болса, шіркін-ай. Бірталай бәле-бәтірлер соларға тікелей байланысты ғой. «Ерендер кереңдерге айналмағай», — деп те жазып ек кезінде, «Егеменде».
«Біз бір тоталитаризмнен екінші тоталитаризмге топ ете түспедік пе осы?! Ол — ақша тоталитаризмі сияқты», — деп жазды екі ғасырдың айрығында адамзаттың Айтматовы. Құнығу — қасірет. Құнығу — қауіп. Тәуба деп отырған тәуелсіздігімізге де қауіп жоқ емес. Ол қауіп те сол құнығудан, тойымсыздықтан. Сақтанған ләзім. Тойымсыздық пен құнығу сатқындықты, опасыздықты туындататыны аян.
Кеуделерінде қанағатсыздық пен қайырымсыздық қойындасып түнейтін обырлар мен жебірлердің көбейіп, бағзы замандарда ата-бабаларымыз Алтайда, Атырауда, Алатауда, Ұлытауда, Қаратауда, Мәртөбеде, Маңғыстауда, Ордабасыда әбден-ақ әдіптеп айтып, қатты сақтандырған тағы да сол әлгі тойымсыздық, құнығушылық, бақастық, күншілдік, іштарлық, жағымпаздық, жандайшаптық сияқтылардың аяқтан шалып жатқаны да шындық. Жаз, Сұлтеке, жаз. Сіз бен біз жазбағанда, кім жазады.
Алайда, ондай-ондайдың бәрін тек қана Оңтүстік жаққа жаба бермек, бәрі осы жақтан басталады демек — обал. Шымкентті шыли жүдә шықпырта бермек те — сауап емес. Жоғарыда айтылған кесірлер мен кесепаттардың, кеселдердің көріністері барлық өңірде де бар. Бірге-бірлесе күреспек, тұтаса-түгелдене тіреспек керек. Тәуелсіздік тазалықты көбірек керек етер.
Рас, Оңтүстікте барлық нәрсенің қоюырақ, қалыңырақ қатпарланатыны, күрделі де күрмеулі кілтипандардың көбірек қордаланатыны белгілі. Сәл сәт қана байқамай қалсаңыз, қас қағым ғана мүлт кетсеңіз, арық бұзылып, атыз талқандалып, әбден әуреге түсетін кетпенші диқан сияқтысыз бұл жақта. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері, қазақты дүниеге танытып-ақ жүрген Дулат Исабековтің меңзеуіне назар жықсаңыздар, қай құрылықта да (Африка, Америка, Азия, т.т.), қандай елде де жақсы нәрселеріңіз һәм, жағымсыз жағдаяттарыңыз һәм оңтүстік тұстарынан, жаймашуақ, жылырақ жақтарынан бастау алатындай заңдылық бар көрінеді.
Қайбір жылы ше, жылы жақ жайында өсек-аяңның нешеме түрлері туындап, желдей есіп жөнелгенде, Оңтүстікке, Шымкентке қарата қара тас лақтыратындар жиілеп кеткенде, «Қазақтың Қалтайы» атанған Мұхамеджанов ағам шырылдай ара түсіп, тым-тым артық кете бастағандарға бәтуалы басалқы білдірген. Республикалық беделді-беделді басылымдарда «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік» деген мақаласы жарияланған.
Иә, ағайындар, кім не десе, о десін, Оңтүстік — ұлысыңыздың да, ұлтыңыздың да ұйытқысы. Алтын құрсақ аймағыңызда жыл сайын берісі қырық, арысы алпыс мыңдай нәресте дүниеге келеді. Әрбір алтыншы қазақ осында туады, осында өседі, осында тұрады. Осыны ұмытпаңызшы. Бірер жыл бұрын Атыраудың бір газеті: «Біздегі әрбір алтыншы бастық — Оңтүстік Қазақстаннан», — деп жазды. Солай болмағы ләзім-дүр, бауырлар. Қазақстанның Астанасында да, Алматысында да, Қостанайы мен Қарағандысында да, Алтайы мен Атырауында да... Әрбір алтыншы басшы бола ма, қосшы бола ма, етікші бола ма, егінші бола ма, кеденші бола ма, кетпенші бола ма, әйтеуір, әрбір алтыншы қазақ Оңтүстіктен, Шымкент жақтан болса, қатты қуанғайсыздар қайта! Бір ғана мысал. Азаттық дейтін ауылда Қуаныш дейтін ағам бар. Алты бірдей ұлы бар. Солардың екеуі — Астанада. Алғаш қара жұмыста жүрді, азаптанды, көрмегендерін көрді. Қиналды, ізденді, мамандық меңгерді. Былтырдан бері — краншы. Алып крандардың құлағында ойнайды. Әзірше үйлері жоқ, алайда, ақшаны жаман таппайтын көрінеді. Құнықпай-ақ, қызығып-ақ пәтер алмаққа қаржы жинауда деседі...
Хадистерде: «Қағида болар хикаяларды жүз мәрте, жүз бірінші мәрте қайталап айтқаннан адамдар зиян шекпес. Бірі болмаса, бірі ұғынар», — дейді. Бір жәйтті және қайталағымыз келіп тұр. Қазақтың сырбаз ақыны Сырбай Мәуленов ағамыз да Оңтүстікке, Шымкентке, Сарыағашқа жиі келетін, сырласатынбыз. 1988 жылы, Колбин патшаның тұсында Шымкент темір жол вокзалында шығарып салып тұрдық. Вагондары тізіліп, жолсеріктері сызылып, Асқаров сынды іскер басшының арқасында біраз жылдан бері жүре бастаған «Алатау» пойызы келіп тоқтады. Сырағаң арғы жақ, бергі жағына көз жетпес перронға қарап, қатты толқып кетіп: «Қараңдаршы, мына ғажапты! Қап-қара шаштар, қаракөз жастар! Көз ұшына дейін қарақұрым, қаптап жүрген қазақтар... Айналайындар, қап-қара шаштарыңнан, қазақы бастарыңнан айналайындар! Өсе берсінші, көбейіп, жетіле берсінші... Шымкенттің барына шүкір», — деді.
Сонда Сырағаңның жанарында жас тұрды.
Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік.
Халқымыздың және бір жауһар жыршысы, ақиық ақыны Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады.


КӨРКЕМ ЖАЗУ САБАҒЫ

Есімі елдің есінде

Мархабат БАЙҒҰТ


Бұрынғы кездері, бағзы жылдары бастауыш мектепте көркем жазу деген сабақ болатын. Балалардың бәрі қалай да көркем жазудан көркем бағалар алмаққа тырысатан. Көркем бағаларға, әрине, «төрт» пен «бес» дегендеріңіз кіреді ғой. Бертініректегілер біле бермейді бұны.
Нәсір көкеміз, жазушы Нәсіреддин Серәлиев көп сөйлемейтін кісітұғын. Имам Ғазали: «Зерек зейіндіге — бір сөз, ерек пайымдыға — жалғыз ишарат та жеткілікті» деген емес пе? Зуылдай сөйлеп, көкезуленгендерге жақтырыңқырамай қарап, тереңірек күрсінумен тынатын еді, қайран, Нәкең.
Күндердің бір күнінде көкеміздің: «Көркем жазу деген сабақтан ылғи «бес» алатын едім», — деп мақтаныңқырағаны бар. Айтарын айтып алып, қатты қызарып кеткен. Әрине, Нәсіреддин Серәлиев көркем жазу сабағын өздігінен айтқан жоқ. «Почеркіңіз қандай әдемі, бұлай жазуды қалай үйренгенсіз?» — деп сұрақ қойған Жәлел Кеттебеков кінәлі. Серәлиев қызарып, ыңғайсызданып қалған сәтте жас жазушы Жәлел батылдығына баса түсіп: «Қанша көркем жазсаңыздар да, жөнді оқырман тәрбиелей алмадыңыздар», — деп салды сонда.
Серәлиев сұрланған.
Сонсоң күрсінген.
Және бір жас прозашымыз Есқара Тоқтасынов Жәлел құрдасымызға жаман көзбен қараған: «Тым қатты айтасың-ай» дегені.
«Біздікі — жай, қазақы қалжың ғой, Нәке!» — деп Кеттебеков көкемізді құшақтаған.
Біздің көз алдымызға соғыс жылдары, Сырдарияның бір иініндегі кішкентай ғана ауыл және оның шағын ғана мектебі, ызғарлы қыстың от жағылмаған класында қолын қайта-қайта үрлеп жылытып, қатып қалған сияны қайта-қайта уыстай ерітіп, көркем жазу жазып отырған он бір жасар бала елестеген.
— Жұрттың бәрі майданға жіберетін хаттарын маған жаздыратыны рас еді, Жәлел, — деген еді сонда Серәлиев еркелеу інісіне күлімсірей көз тастап қойып. — Сөйтіп, ауылдан алапат айқасқа аттанып кеткен ағаларымыздың артынан хаттарды бұрқыратып жаза-жаза жазушы боп кеттік қой...
Нәсіреддин ауылдағы жетіжылдықтан кейін Қызылордадағы педагогика училищесін, одан соң педагогика институтын тәмәмдаған. Алғашқы көркем дүниесін Алматыға, «Пионер» журналына жолдайды. Алыстағы ақжүрек ағасы Мұқан Иманжановтан ықыласты ыждаһатқа толы жауап алады. Талант иесін таныған қарымды да қайырымды қаламгер Мұқан Иманжанов Нәсіреддинді астанаға шақырады.
Серәлиев сынды суреткердің көркем прозадағы сәтті сапары осылайша бастау алған. Арада бірер жыл өткенде жас жазушының «Ұшталмаған қарындаш» атты тұңғыш жинағы шығады. Одан кейін «Намыс», «Ақ лақ пен қара лақ», «Әңгелек», «Ақбөпе», «Аққайың», «Ыстық күлше», «Қаңтар», «Алшын ғұмыр, алғашқы махаббат», «Дәукен атайдың немерелері», «Зеңгір аспан», «Жаңбыр иісі» сияқты көптеген кітаптары жарық көрді.
Бірте-бірте Нәсіреддин Серәлиев қазақ прозасының нағыз шеберлері қатарына қосылды. Балалар мен жасөспірімдердің ғана емес, барша қазақ оқырманының сүйікті жазушысына айналды. Көркем әңгімелерінде, әсіресе Серәлиев стиліне ғана тән өрнектермен өрілетін өрісті де өнегелі повестерінде ол мейірбандықты, қайырымдылықты, ізгілікті, адамгершілікті, имандылықты, достық пен махаббатты өзіндік үн-әуенімен, айқайламай-ақ, өз көзқарастарын өзгелерге зорлап таңбай-ақ, нағыз қарапайымдылықпен жырлай білді. Әбіш Кекілбайұлы айтатындай, қарапайымдылықтың өзін сақтай білмекке де қайсарлық керек-дүр.
Суреткер Серәлиев газет-журналдардың редакцияларындағы тынымсыз тірліктерге ондаған жылдарын аянбай арнады. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінде он алты жылдай жұмыс істегенін, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының талантты жастарын тәлімдеп-тәрбиелеуге үнсіздік үлгісімен-ақ үлкен үлес қосқанын жұртшылық жақсы біледі.
«Есімі елдің есінде» дегендейін, Нәсіреддин Серәлиевті сұраушылар, кітаптарын іздеушілер аз емес. Өкінішке қарай, осыдан бес жыл бұрын оның жетпіс жылдығы аталмай қалды. Қызылордаңызда да, Шымкентіңізде де, Алматыңызда да. Міне, биылғы қазан-қарашада Серәлиевтей суреткеріңіздің туғанына жетпіс бес жыл толып отыр. «Паспортымда туған күнім жазылмаған, қазан-қарашаның бірінде дүниеге келіппін», –– деуші еді өзі. Өмірінің соңғы жылдарында Нәкең көкеміз жиі-жиі ауыра берді. Көзі көрмей қалатын күндері көбейді. Қант диабеті асқынып, өзіне-өзі қайта-қайта укол салатын. Сексен үшінші жылдың қазан-қарашасында ауруханада жатты. «Көрем де не де болса маңдайымнан; Қақырсам, қан түседі таңдайымнан; Ағайын басы аман, балтыры сау; Неғылсын хабар алып жағдайымнан... Сорды да, азапты да өзім көріп; Темірдей қойған тағдыр төзім беріп; Беріспей, нартәуекел етер едім; Кетсе екен ең болмаса көзім көріп...» деген шумақтарды сол кездері жазған.
Нәсіреддин ағамыздың асыл жібектей мінәйі мінезін, досқа адал, жолдасқа шынайы, ағаларға ардақты, інілерге қадірлі қасиетін жоғары бағалағандар аз болмаған. Асқар Тоқмағамбетов өзінің «Інім Нәсір» деген жырында былай депті: «Құр сөзге қызықпаймыз қызыл-жасыл; Қызылдың бәрі бірдей болмайды асыл. Қызыл сөзден аулақ ең әуел бастан; Соныңды жақсы көрем, інім Нәсір. Шу болғанды сүймеуші ең ұлан-асыр; Қу болғанды сүймеуші ең сөзі масыл. Кішіпейіл, кең тыныс, көңілің дархан; Жаны жайсаң жігітсің, інім Нәсір...»
Сағи Жиенбаев «Досыма хат» атты өлеңінде: «Армысың, асыл досым, аңқылдаған, –– Кеудесі шаң-тозаңға шарпылмаған. Тұрады табиғаттың өзіндей боп; Зәредей қоспасы жоқ қалпың маған... Ойлаймын өзің жайлы бүгін де мен; Біргемін қызығыңмен дүрілдеген. Ойлаймын –– сенің нәзік жүрегіңді; Секілді алтын жапырақ дірілдеген...»–– дейді.
Сондай асылдардың да аңдысқан, көркем жазуын көре алмайтын дұшпандары болады екен дә. Бірде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мәдениет, әдебиет және өнер бөліміне өкпелеңкіреп кетіп бара жатып, есіктің тұтқасын ұстай бере кері бұрылған бір ақын ағамыз: «Әй, әлгі пірлерің қайда, көптен көрінбейді ғой?» –– деді. «Сырқаттанып, ауруханада екі ай жатты, кеше шығыпты», –– дедік біз. «Ой, ол да бір болмайтын неме екен, не өлмейді, не қоймайды!» — деп, есікті аша беріп еді, мына ғажапты қараңызшы, Нәкең көкеміз арғы жағынан кіргелі келе жатыпты. Оның өлімін тілейтін ағамыз: «О-о, Нәсір, халің қалай? Денсаулығың жақсы ма? Қашан шықтың? Бара алмадық артыңнан», — деп жік-жапар болды да қалды.
Бөлмеде отырған үшеуміз аң-таңбыз. Бір-бірімізге қарай алмаймыз. Әлгі ағамыз жылдам шығып кетті, әйтеуір. Сүйкімсіздеу сабақтан, сүйіксіз ағайдан құтылып, керемет көретін көркем жазу сабағына қуана кірісетін оқушыларша маздай жанып, қаздай қоқиланып, Нәсіреддин ағайға қарай жапырласа жүгіргенбіз сонда.
Нәкең көкеміз сондай нәзік жанды, көңілінде кіршік жоқ, мөлдіреген мейірімнен ғана жаратылған жантұғын. Мына қым-қуыт тірлікке, күнделікті тұрмысқа тым икемсіздердің бірі еді. «Мен — қабырғалы қаламгермін ғой, үлкен жазушымын ғой. Маған да жақсырақ жағдай керек. Жақсы үйлерді жағымпаздар, бастықтарға бара беретін пысықайлар ғана алуы тиіс пе?! Маған мынандай-мынандай нәрселер қажет», — деуіне болар еді. Оған құқы да бар еді. Бірақ, ол бастықтардың алдына бірдеме сұрап, тілемсектеніп бара бермейтін. Қарапайым ғана ғұмырды қанағат етті. Көркем жазуды ғана кие тұтты. Көркем әдебиеттің алдындағы парызын адал ақтап, ізгі із қалдырды.
Сексен төрттің сыз бүріккен қарашасында қазақ көркем сөзінің шебері Серәлиев Нәсіреддин пәниден өтіп, бақилық болған. Ол небәрі елу төрт жаста ғана еді ғой, сонда


МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІҢ ТАРИХИ МӘН-МАҢЫЗЫ


Жақында бір газеттен қазақтың айтулы ақыны Дүйсенбек Қанатбайдың ертеректегі жастық дәурен, студенттік шағы туралы мақаласын оқыдым. Қытайдан келген бір студент қандасының таңертеңгі сағат алтыға жетпей оянып тұратынына, өздерінің ұйқысын бұзатынына ренжиді екен. Күндердің күнінде әлгі шет елден келген қазақ студент немен айналысады деп бақылап, байқап қараса, ол Қазақстанның гимнін (әнұранын) радиодан тыңдап, жылап отырады екен...
Еліміз егеменді ел болып, тәуелсіздік туын қуана көтеріп, дүние жүзіне қазақ ұлтын, Қазақстан елін танытқанына он алты жыл, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына он бес жылдың жүзі болды. Дербестікке ие болып, тәуелсіздікке қадам басқан кез-келген мемлекет ең алдымен өз Конституциясынан кейін елдің туын, елтаңбасын, әнұранын бекітеді. Өйткені, тәуелсіз елдің басты нышаны – оның мемлекеттік рәміздері.
Елбасымыз Н.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды.
1992 жылғы 6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында мемлекеттік рәміздеріміздің тұңғыш тұсаукесері өтіп, Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесінде тәуелсіз мемлекетіміздің көк туы көтерілді. Елтаңбамыз орнығып, әнұранымыз әуеледі. Сол жылдың желтоқсан айында мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. 1996 жылғы 24 қаңтардағы ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары ретке келтіріліп, нақтыланды. Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі, олардың сипаттамасы заңмен реттеліп, бекітілді.
Үкіметтің ұсынысы бойынша 2006 жылдың 6 қаңтарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы» ҚР Президентінің Жарлығына өзгерістер енгізу жөніндегі мәселе қаралып, Мемлекеттік әнұранның мәтіні мен әуені жаңартылды. Жұртшылықтың жанына жақын жаңа әнұран «Менің Қазақстаным» алғаш рет Президентімізді ұлықтау рәсімінде әлемнің жетпіс елінен келген қонақтардың, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдерінің, министрлердің, т.б. қатысуымен 2006 жылғы 11 қаңтарда орындалды.
Әр елдің елтаңбаларына салыстырмалы көзбен қарасақ, мысалы АҚШ гербіндегі он үш жұлдыз сол мемлекетті құрған алғашқы он үш штатты білдіреді, Үндістан гербіндегі үш арыстан, т.б. елдердің елтаңбаларындағы түрлі белгілер өзіндік ерекшелігін, мақсатын, тарихын білдіріп қана қоймай, жалпы сол ел туралы ұғым қалыптастырады.
Өткенге зер салсақ, әрбір елдің белгі-таңбасы, мемлекеттік тілі, туы, әдет-ғұрпы мен мәдениеті сонау ерте дәуірлерден қалыптасқан. Бірте-бірте елдік нышандар дәстүрі дамып, орныға түскен. Қазақ тарихында да мемлекеттік елтаңбалар, «бөрілі менің байрағым» дегендей тулар, әнұрандар аз болмаған.
Туымыздың түсі көк болуы, ондағы күн, қыран, қазақы өрнек бейнелері ұлттық танымымыз бен мәдениетіміздің, елдік рухымыздың биіктігін айқындайды. Елтаңбадағы шаңырақ, күн сәулесі іспеттес шаншылған уықтар, ай мүйізді сәйгүлік, алтын қанатты пырақтар — бұлардың бәрі қазақ халқының еркіндігін, бейбіт өмірін, біртұтастығын аңғартады емес пе?!
Мемлекеттік рәміздеріміз ― қазақ елінің егемендік белгісі, тәуелсіздік тұмары.
Мемлекеттік рәміздердің тұсаукесерінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін қабылдау қазақтар үшін және республикада тұратын барлық ұлттардың өкілдері үшін таптық, тоталитарлық қоғамның ескі, іріп-шіріген белгілерін жай жаңарту ғана емес, бұл – республиканың демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, жеке адам еркіндігіне, этникалық тұрғыдан әр текті халқымыздың бірлігін сақтау принциптеріне негізделген жаңа қоғам құруға берік бетбұрыс жасағандығымыздың белгісі», − деді.
Қазақстанның ресми рәміздерінің жаңа жүйесінің негізі осылайша қаланып, егемен еліміздің төл белгілерінің қалыптасу жолы осыдан басталды.
Елу елдің қатарына ұмтылған жас мемлекетіміздің бүгінгі, ертеңгі ұрпағы халқының тегін, тарихын жан-жақты, жетік білгенде ғана өз Отанының нағыз патриоты бола алады. Әрине, жанымен, жүрегімен елім деп езілген аға буын мен жастар да жеткілікті. Елбасымыздың: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Еліміздің сыналатын бір тұсы осы», − деген сөзі ғасырлар бойы армандап, қол жеткізген тәуелсіздігіміздің, елдік нышандарымыздың мән-маңызын терең ұғынып, сезінуді меңзейді. Күні кеше ғана Ата заңымыз — Конституцияға көптеген өзгерістер енгізілді. Ресми түрде «нышандар» сөзі «рәміздер» болып өзгертілді.
Біздің туымыз да, елтаңбамыз да, әнұранымыз да өзге ел, басқа мемлекеттердің рәміздерінен кем емес, бір жағынан бәр-бәрімен тең, көп жағынан өзгеше, айрықша екені аян. Туымыздың түсін, онда бейнеленген жарқыраған күнді, қалықтаған қыранды мақтан етейік, көкке көтере түсейік. Гербіміздің өзі де, жоғарыда айтқанымыздай, ерекше бір әлем. Ал, «Менің Қазақстаным» әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатындай тарихи, текті туынды. Бекзат Саттархановтың олимпиадада ұлттық туымызды жамылып тұрып қуанғанындай сезімге не жетсін, шіркін!
Рәміздерімізге риясыз тәу етіп, тәуелсіздік тұмарындай қастерлеу – қасиетті парызымыз.


М.Байғұт,
ОҚО тілдерді дамыту
басқармасының бастығы, облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мүшесі.


НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ ДЕНДЕП БАРА МА?


Дат, халайық!
24 – 30 қыркүйек – Қазақстан бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы өтетін апта. Акцияңыз әр жерде әртүрлі, әрқилы басталды. Өкінішке қарай, жым-жырттық, немқұрайдылық басым.
Биылғы 18 сәуірде Астанада Бүкіләлемдік оқу конгресі өткен. Кітап оқуға батыл бетбұрыс жасау керектігі, оқырман мәдениетін қалыптастыруға сергек қарау қажеттігі жан-жақты сөз болған. Сонда ғой, аттай алты жыл бұрын Америкада, «Бір Чикаго – бір кітап» акциясы өткені, онда бүкіл қаланың оқу орындарынан отбасыларына дейін 60-жылдары шыққан бір жазушының шағын романын жаппай оқып талқылағаны, соның нәтижесінде кітапхана мен оқырман жөнінде де, кітап шығару мен кітап саудасында да керемет ілгерілеушілік пайда болғаны, бұл жағдаят жақсы дәстүрге айналып кеткені үлгілі үрдіс ретінде айтылып, баршаны таңырқатқан.
Қазақстан өткен ғасырдың 70-80 жылдары ең көп оқитын елтұғын. Қазір ең аз оқитын ел. Есесіне «көксандықтың» кілтипандары көзіңізге көк шыбын үймелетіп, бүкіл бір ұрпақты бұзып біткенін, енді лажсыз кітапқа қайта бетбұрыс жасамасақ, тәрбие тіршілігінің түбі құрдымға кетерін кеш те болса мойындай бастадық.
Ал енді «Бір ел – бір кітап» акциясы үшін биылға Абайдың қара сөздері таңдалып еді. Бұл – ғажайып таңдаутұғын. Амал қанша, сол «көксандығыңыз» бұл акция жөнінде жым-жырт, газеттеріңіз салғырт.
Дат, қазақтар!
Бұлай болмауы керек еді.
Абайдың қара сөздеріне арналған апталық акцияға күні кеше өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауынан кем мән бермеуіміз қажет еді ғой! Себебі неде дейсіз бе?
Себебі: Абайдың қара сөздері – мәңгілік Мәжіліс, мәңгілік мәслихат. Абай шығармалары – мәңгілік Парламент. Абай әлемі – мәңгілік рух қайнары.
«Бір ел – бір кітап» акциясына, яғни Абайдың қара сөздеріне жаңа сайланған Мәжілісіңіз бір бас қосу немесе бір сырласу арнайды-ау деп күтіп ек. Амал нешік...
Ойпырай, ең болмағанда бір аудандық немесе қалалық мәслихат осы акцияға назар жықты ма екен?
Әй, қайдам-ау, әй қайдам...


ОҚУ ЗАЛЫ

Мархабат БАЙҒҰТ


О баста оқу залына ғашық болдым.
Алматының Гоголь көшесінде Чехов атындағы кітапхана бар ғой. Соның оқу залын айтып отырмын.
Одан соң оқу залында Айкенжені...
Сүйіп қалдым дейін бе, демейін бе? Өзгелерге, кім білсін-ай, кім білсін, оп-оңай шығар. Ал мына маған ондай сөзді айту – азап.
Студенттік ғұмырым сұрғылт сиырымыздың желінінен іріп шығатын сүттей бүлініп сала берсе, шара нешік. Шешемнің белін бумаққа әзер жарайтын қара шылбырдың қалдығындай қайта-қайта бытырлай үзіліп кете берсе, амал қанша.
Отырар мен Оқсыздың арасына түзу сызық жүргізсеңіз, Сырдарияға таманырақта біздің ауыл бір нүкте боп көрінер. Адыраспан түйін тастай бастағанда, сол ауылдың орта мектебін тәмәмдаған төртеуміз Алматыға аттануға тиіс ек. Ол кезде оқуға түспекке талпынатындарды талапкер емес, абитуриент деп атайтын.
Сырдарияның тоғайында сиреп кеткен тораңғылға және былайырақтағы сәуір гүлі семе қоймаған жыңғылға қимай-қимай қараймыз. Әбунасыр данышпанның кіндік қаны тамған төбенің түстік бүйірі мамыр мейрамына жетпей-ақ күйіп кеткентұғын. Маусымның соңында қылтанақсыз қиялар құм суырып тұрды.
— А-ал, абитуриенттер! Жортқанда жолдарың болсын! — деді Мошқал ағай жел жұлмалаған жасыл адыраспанды сүйір таяғының ұшымен түрте тарағыштап. — Ең бастысы, осы Оқсыз маңында ұлы ойшылдың туып-өскенін ұмытпаңдар. Ең құрығанда, төртеуіңнен екеуің оқуға түспесеңдер, бүкіл республикаға машқарамыз шығады.
Мошқал ағай «масқараны» ылғи «машқара» дейді. Ол кісі оқулықтағы «мысықтың» өзін «мышық» деп оқитын. «Беш тиын (бес тиын емес) бермей, оқуға түскендер бар, ол кімнің арқасы?» — дейтін еді қоқиланып.
Төртеумізді Мошқал ағайдан басқа ешкім шығарып салмаған. Ауыл тұрғындары түгелімен Отырар алқабындағы жүгері плантацияларында жүрген. Ағайымыздың тобығы тайып, таяқ сүйеніп, шабық науқанынан босатылған.
Дарияның бойын бүйірлей ирелеңдейтін бозғылт жолмен паром маңайлаған мезетімізде күтпеген кесірге кездестік. Май таситын трактордан ағытыла шойқалақтаған тозыңқы тележка төңкеріле жаздап барып, жантая жамбастады.
Ескі жақтаудың тақтайына тас кенеше жабысыппын. Үш серігім топ жыңғылға тіреліп, жардан ұшпапты, әйтеуір. Бәріміз біраз улап-шуладық. Сонсоң үн-түнсіз қалтырасып-дірілдестік. Түсі қашқан тракторшының реңі кіргенше және бірқыдыру уақыт жоғалттық.
Дарияға домалай жаздаған жазғандар жарқабақтан төмен үңілісіп отырып, шұғыл шешім қабылдады. Үшеуі де Алматыға бармайды. Мошқал ағай айтқандай, құлап машқара болғанша, жүгері шаруашылығын дамытуға үлес қосып, еңбек стажымен түспекке тырысады. Әке-шешелері жүдә, шыли қинаса, Шымкенттегі оқу орындары да жетіп-артылар. Қайткенде де, тележка оқиғасы — жақсы ырым емес.
Емес-емес-емес.
Осындай ойға берік бекінген үш батыр бірдей бұрылып, үрпиген маған қарады.
— Тележканың тақтайына таңылған тоқтыдайын тұяғың жерге тимеді. Түсіп кетесің сен. Жолыңнан қалмағын, — деді бірінші серігім.
— Тоқтыға теңегенің нең, тележкамен тойға апаратын тай ше? — деді екінші кластасым.
Үшіншісі үндемеген.
Осылайша Оқсыз бен Отырардың ортасындағы шағын ауылдан сол жолы, сол жылы Алматыға аттанғандардың арасынан алғаш абитуриент, сонсоң студент атанған мен едім.
Алғашқы аптаның соңында Гоголь көшесін тауып алып, Чехов атындағы кітапхананың оқу залына бардым. Табалдырығы тап-таза тротуардан басталады екен.
Аттадым.
Одан арыға батпадым.
Оған дейін оқу залында болмаған ба, кітапханаға кірмеген бе деулеріңіз бек мүмкін ғой мына мені. Болғанбыз. Кіргенбіз. Көргенбіз. Бірақ бұл оқу залы басқашатұғын. Мұны маған бұрын бастан кешпеген тосын толқынысым, жүрегімнің атқақтаған дүрсілі сездірген.
Кіреберіс дәліздегі үр жапырақтары дүр көтерілгендей биік гүлдің түбінде кібіртіктей кідіргенімді байқаған маңдай шашы бурылдау басалқалы апай асқан ықыласпен күлімсіреп:
— Біздің оқу залымызға қош келдіңіз, — деді. Үлкен кісілердің сіз дегенін бірінші мәрте естуім.
— Рахмет, апай, — дедім сасқалақтай алақтап.
— Бос орындар көп бүгін, — деді апай. — Бірінші рет кеп тұрғандайсыз. Төрлетіңіз. Кітап іздеп жүрсіз бе, әлде газет-журнал қарайсыз ба?
— Әл-Фарабидің кітаптары бар ма? — дедім маңдайым мен мойнымның жіпси бастауынан жайсызданып.
— Біраз-біраз бар ғой, бірақ бәрі орыс тілінде, — деді апай.
— Бір-екеуін қарасам болар еді.
Ол кісі күлімсіреген күйі кітап әкелмекке кеткен. Артқы жақтағы үстелдің жанына жайғастым. Екі-үш адам ғана кітап қарап, әлденені жазып отырыпты. Тым-тырыс тыныштық, жан тербейтін жайлылық, жаймашуақ жылылық баурап барады. Оқта-текте Гоголь көшесімен троллейбус әндетіп өтеді. Арғы беттегі бірнеше қабатты, сарғыш үйлердің ара-араларынан Алатаудың қарлы шыңдары мен арша-шыршалы шоқылары қылаңытады.
Апай Әбунасыр бабаның екі кітабын әкелді. Неге екенін қайдан білейін, жүрегімнің үлпіл-лүпілі басылмай-ақ қойды.
Сол күннен кейін қолым қалт етсе, оқу залына асығатын болдым. Троллейбустан түсіп, көшені көлденеңдей кесіп өтіп, тап-таза тротуарға іліне бере-ақ жүрегім атқақтай бастайтын. Уақытпен санасудан қалғандаймын. Қарным қаттырақ ашқанда ғана оқу залын, отырған үстелімді қимай-қимай, кітаптан көзімді әзер-әзер ажыратып, жол-жөнекей алуан түрлі гүлдерге таңдана қарап, сыртқа беттеймін. Асханада адамның азайған шағын діттейтінім бар ғой, апыл-ғұпыл тамақтанып, ашық қалдырған кітабыма жеткенше дегбірсізденем.
— Кітапты жауып кеткеніңіз жөн, арасына әлдебір қағаз қыстыра саларсыз, — деді бірде мейірбан апайым.
Данышпан бабамның дүниелерін түптеп түсіне бермесем-дағы, ерінбей ежіктеп оқудан жалықпадым. Әл-Фараби ұялшақтықты бір жағынан ұятсыздықтың, екінші жағынан ұяңдықтың аралығы, яки жасқаншақтық дегендей анықтама беріпті. Ол кісінің пәлсапалық тұжырымынан өзімшелеп түйгендегім ғой. Жасқаншақ екенім рас. Жасықтығымды жан иелерінен жасырып бақсам-дағы, Жаратқан иеден қалай құпиялармын. Әкемнен ертерек айырылып, шешенің шерлі күрсінісін көп естігендіктен шығар, бәлкім.
Әдетте оқу залына әлдебір тұстардан нұр құйылып, қуаныш сеуіп тұрушы еді. Күннің бетін бұлт басқанда, шамдар жанып, алуан гүлдердің жапырақтарынан саң жарқылы төгілетін.
Ойхой, шіркін-ай, оқу залы дегеніңіз ғажайып дүние еді-ау!
Оқу залы әлеміне осылай-осылай еніп, енді-енді етенелене бергенімде, әскерге шақыртты емес пе?!
Менімен бірге Кеңес Армиясы Қарулы Күштерінің (бұрын бәрі бас әріппен жазылатын) қатарына шақырылғандар түгел дерлік әлдебір көкелерінің көмектерімен қалып қойды. Филология факультетінен сопаң ете суырылып, сапқа сораңдай қосылып, жападан-жалғыз кете бардым. Оқу залымен қоштасқанымда, бір уыс шашы бурыл апай көрінбеді. Тап-таза тротуар арқылы табалдырықтан аттағанымда, жүрегім үлпіл-лүпілге буылмай, суылдаған. Қарашаның қарақошқыл аспаны менің сүйікті оқу залыма, үнсіз тізілетін есіл кітаптарыма қорғасындай зіл салып үлгеріпті.
Үш жылым оқу залынсыз өтті.
Бекер-босқа күйді де кетті.
Отыз төрт ай — айтуға оңай. Әр күнді есептеп, әр сағатты санағаным-ай. Сорыма қарай, Сібірдің қиыр түкпірінде, өңшең түрмелерден алынғандардың арасында қор боп жүрдім күйініп. Бар тындырғаным сол, бұзақы бір сөз сіңірмеппін діліме һәм тіліме. Дөрекіленбеппін, әйтеуір. Жетістігім бе, жеңісім бе, білмедім. Бірақ сорлы жүректің қалталары қалтырай қансырап, жарақаттанып жататынын сезетін ем. Өзгенің жанына титімдей дақ түсірмеуге, өз жанын аямай азаптауға жаралған жан екенімді қайдан ұғынайын ол жылдары.
Тайқымаңдай тағдырыма қалай қарсы келермін? Кейін қайыруға көнбейтін қырсық шашымдай шоршыма талайымды қалай кері тарармын? Шарадай күйінен шақшадайға түскен байқұс басымды қайда, қайтіп ұрармын?!
Үш жылды түгел өткеріп, университетке бірге түскендер төртінші курстың төртінші айын бастап үлгергенде, арып-ашып, азып-тозып, түрмеден қайтқандай түріммен, оқу залына оралдым.
Алдымен ауылыма бармай, Алматыңызға да алақ-жұлақ қарай бермей, есек пойыздан (Мошқал ағайша айтқанда, ешек қой) түсе сала, оқу залына тартқам.
Оқу залым-ай! Залыма шағынар зарым аз емес-ті. Ештеңе де деместен, артқы жақтағы елеусіздеу үстелдің жанына, биігірек, жапырақтары жайылыңқыраған гүлдің тасасына жасырынып, жол-жөнекей сатып алған «Лениншіл жас» газетімен жүдеу жүзімді қалқалап, үнсіз-түнсіз егіле төгілдім-ау сонда.
Үш жылдық шер-шеменім ботана боп, боздай ағытылды. Үстімді сулап, үстелге, одан керзі етігімнің қонышына тырс-тырс тамады. Әбден тазарып, қуара құрғап, есік жаққа қарадым-ау сазарып. Сәттіліктің сәтін сезбей өткізіп алып, өкінетін бәлем бар ғой бұрыннан. Өте-мөте керекті көріністен әп-сәтте айырылып қалып, өзімді-өзім ішімнен кеміріп жеуге кірісетінмін. Өкініш арқылы өзімнен-өзім өш алатынмын. Міне, есіктің сол жағында кітап тапсырғалы тұрған қызға көз кідіртпестен, негізі нәйеті шөп боп саналатын гүлдерге қарап меңірейе мең-зеңдендім. Әлденеден мүлт кеткенімді мәңгүрттеу күйде күңгірттеу сезінгендеймін. Кітап тапсырғалы тұрған қызға қайта оралды жанарым. Ашып ауырғаны сап тиылып, шырадай жанды шынымен. Мына қызыңыз студентке онша ұқсамас. Оныншы класта оқитындай. Кітап мұқабасын саусақтарының ұшымен, сонсоң барып алақанымен аялай сипады. Сол кезде, сарғыш кітапты сипалаған сәтінде, ақ бидай сынды жаратылыстың бүкіл болмысы білінді. Кенет жан-дүниемдегі сырқыраған жарақаттар мен жүрегімнің қан саулаған қалталары қосыла қалтырап, солқылдай сыздап қоя бергені.
Ақ бидай қыз кітапты табыс етіп, әлдеқайдан сәуле шашырап тұрған алтынсары есікке қарай беттеді. Табалдырыққа таянған тұсында:
— Айкенже, студенттік билетіңді алсайшы, — деді кітапханашы әйел.
Аты Айкенже екен дә.
Оқушы емес, студент боп шықты ғой.
Айдың сүт сәулесіне малып алғандай ақ бидай қыз ұяла күлімсіреп келіп, студенттік билетіне қол созған.
Жараларын жалап жазатын қасқырдайын қыңсыл бір үн көкірегімнен қыстыға шықты. Күбірлегендеймін. Әлденені. Қыз соңынан ілеспекке солдаттық киімім мен тозыңқы тұрпатымнан тартыншақтадым. Сайып келгенде, сүмірейген жасқаншақтығым жібермеді. Әбунасыр бабам айтқан ұятсыздық пен ұяңдықтың аралығында арандадым.
Екі күн өткенде қияндағы құмдауыт ауылдың шеткі үйінде менің әскерден аман-сау оралуыма арналған отырыс ұйымдастырылды. Арада апта сырғып, Сырдың бойын қырбақ қар басты. Сорлы шешемнің созылмалы сырқаты қозып жүрсе-дағы, сыр білдірмес. Қарындасым күрсініп, інім күлімсірей жаутаңдасады. Кесім айтар әке жоқ. Шешім — шешемізден.
— Бүгін өліп жатқам жоқ, биыл кетіп жатқам жоқ, — деді шешеміз үшеумізге кезек-кезек көз тастап, суығырақ жымиып. — Қараңқағыр Хұрышшеп (Брежневтің тұсы дә) үш жылыңды күйдіріп тынды. Сен, балам, бір жыл боса да оқып ал. Алматыңда жүріп қал. Бізге бір тележка көмір түсір. Түйіп қойған тиын-тебенді алып, арман шәһарыңа аттан. Мен тіріде бір гүрсіңді бітіріп қайтқын. Қалғанын пешенеңнен көрерсің. Сырттай ауысып, Мошқалдай мұғалімдікке ілігіп кетерсің.
Аудиторияда алғаш көзімнің түскені сен болдың-ау, Айкенже. Ақ бидай. Қуанып кеттім десем, мұным жалғандық жаққа жантаяр. Бірге оқитыныңды, Кеңес Армиясы қатарынан, түрмелерден әскерге алынғандар ортасынан оқу залына оралған күні көрген Айкенже екеніңді білгенімде ше, тап сол сәтте, кеудемді күрсін кернеген. Неге-неге-негелеп, шеке тамырым солқыл қаққан сонда. Менің бір жылға жетпейтін мезгіл ғана студент ғұмырын кешетінімді, жаз шыға сырттай ауысып, алыстағы ауылыма қайтатынымды ешкім сезбес. Осыны ойлағанымда, қалайынша қуанбақпын? Жыл өтер-өтпесте өлетінін білетін адамдай, өлеусірей сүзіліп, бір нүктеге қадалатыным содан-ды. Әрбір әрекетімді әзілмен бүркемелеп, қалжыңмен қалқалап бағатынымның түпкі төркініне кім үңілер дейсің?!
Ай, айналайын Айкенжем-ай, бірінші курста бірге оқитынымызды байқаған шақта шат-шадыман қуанбақтың орнына қайғырғандай қатты күрсінгенімнің мәнісін кім түсінер.
Бәрің де менен кіші едіңдер. Бір жас. Екі жас. Үш-төрт жас. Ал, Айкенже, сен бақандай бес жас кіші екенсің. Бестен аса бере бірінші класқа барғансың-ау. Курсымыздың кенжесі едің ғой сен сонда.
Мен саған аудиторияда тіке қарамайтынмын. Сөйлей бермейтінмін.
Оқу залым менің. Залыма айтып шағынар зарым ғой бұл. Бағзыдан бермен сағынатын, бұрыннан-ақ ғашық болған оқу залыма сен қосылдың, Айкенже. Кітап алып, әуелім мұқабасын саусақтарыңның ұшымен, одан кейін алақаныңмен аялай сипайтын сәттеріңде ше, күллі кітаптарға жан біткендей болатын. Кітаптар әлеміне әлдебір толқындар еніп, сәулелер сіңіп жатқандай әсерленетінмін.
Мінеки, сен кітабыңды кеудеңе басып, көкірегіңе қысып, ұяң күлімсіреп келесің. Сенің кітап сипаған саусақтарыңа, кітап аялаған алақаныңа, кітап ұстаған қолыңа, кітапқа тиіп-тиіп кететін иегіңе де, кітаптың жиегімен тыныстаған танауыңа да, қасыңа да, шашыңа да көз салмау қиынырақ қой.
Кітапты қатар тұрып, бірге алғанда мен сенің маңдайыңа мөлидім. Ақ маңдай деп сенікіндей ай маңдайды айтар. Қастарыңды қиылып қалған деуге келмес. Тәртіпке түсіріп те әуреленбейтінің көрініп тұрды. Сонда да сүйкімді. Бояу жоламаған көздеріңе тіке келмекке жасқандым. Курсымыздағы тым пысық, тымпи қыздардай қатты жымқыра алмайды екенсің еріңдеріңді. Астыңғы ернің әдемі дымқылданып, төменірек тартады, жымия түсіп, жиып ала қоятының қандай ғажайып.
Мендік мен де, меншік мен де мүлде дамымаған екен де мына менде. Өзімнің кемшілігімді айтам да. Өзгеге салмақ салмаққа, жан баласын жараламаққа жаралмағам. Азап пен ғажап құбылыстар қос рельстей жарысқан жеті ай және жеті күндік студенттік өмірім заулап өтіп барады. Жүрдек пойыз секілді.
Үш жыл бойы үскірік ысқырған өлкеде, әскерге тікелей түрмелерден алынғандардың арасында жүргенімді айтып ем ғой. Сол тұрғыдан келсем ше, сенің соңыңа шырақ алып түсіп кеп-кеп берсем ше?
Ондай-ондайды ойланбады деймісің. Еріксіз келер елестерге буылмадым дей алман. Жо-жоқ, деймін демігіп. Сендей ғажайыпты қайткенде де иемденіп, меншіктеуді жат санадым өзіме. Жарасымды жаратылыс едің сен. Сол күйінде сақталғай деп тіледім. Сені мынау Алматыдан алыстату мүмкін бе?! Ажырата алмас ешкім, анау оқу залынан...
Өзім қорлансам да, сенің қорланғаныңды көтере алмасыма көзім жеткен. Әбунасыр бабамның қағидаларына көп қаныға қоймағаныммен, жүрегімнің үнін тыңдап, там-тұмдап таразылар халім жоқ емес-ті.
Оқу залында отырып, кей-кейде күбірлейтін ем: «Шіркін-ай, Оқсызда туған оқымысты бабамыз басқа құрылыққа жер ауып кетпей-ақ қойғанда, данышпандық тірлігін даламыздың төсінде, Отырардың өзінде атқара бергенде, ауылдық кітапханамыздың орнында оқу залы болғанда. Отырарда ұлы университет болғанда...»
Болғанда, болғанда, болғанда...
Болмады-ау, бірақ, Айкенже.
Отырар мен Оқсызда оқу залы болмаған соң, университет болмаған соң, тағысын-тағылар болмаған соң, сені баяғы түрмеден әскерге алынғандардың әдістеріне салып, меншіктеуге, иемденуге тырысқанның өзінде, Алматыңнан алыстатып, оқу залынан ажыратып, тіпті қазекемшелеп алып қашып-ақ кеткеннің өзінде, не болар еді?
Болмас еді.
Кімге айналар едің сен?
Әй, қойшы, ондай-ондайды елестетудің өзі күнә ғой. Ары кеткенде, сен, Айкенже, Отырар мен Оқсыздың арасындағы ауылдық мектептің мұғалімі болар ең дә. Мошқал ағайлармен бірге. Университет бітіргенің беш-ақ тиын боп, жүгері шабыққа шығар ең де.
Ойбай-ай, Оқсыз төбенің түбінен отынға деп жыңғыл шыбығын жинар ең. Жантақ шабар ең.
Жапа терер ең.
Жапа шегер ең.
Оған мен қалай шыдар ем?
Ондайға қалай қияр ем?
Есіңде ме, Виноградов көшесіндегі сексен сегізінші үйде, университеттің ескі жатақханасында тұратынбыз. Бірде үш қыздың — үшеуіңінің орталарыңда аэропортқа бардым. Ол кезде әуежайды әлі аэропорт дейтінбіз. Сен, Айкенже, бір туысыңды қарсы алмақ екенсің. Ұшақ түн ортасында келеді екен. Ол кезде әлі самолет деуші едік қой. Жатақханада біздің курстың жігіттерінен ешкімді таппай, екі қыз маған өтініш айтты. Айкенженің өзі өтініш жасауға ұялады дегенді жымиысып жеткізді. Оқу залынан шаршаңқырап келген едім. Алайда аэропортқа қарай сендермен бірге ұшуға даярмын.
Ұшақ үш сағат кешігеді десті. Оған дейін таң да бозарар. Одан сайын кешіккенін қаладым. Тынымсыз сөйлеумен, тоқтаусыз әзілдеумен үшеуіңнің езулеріңді жиғызбағам. Бәрі-бәрі көзімнің алдында, жадымда жаттаулы. Әрине, сендердің естеріңнен әлдеқашан шығып кетті ғой. Ешқандай айыбы жоқ. Бірінші курстағының бар-баршасы маған ғана қымбат қой. Қымбат болатыны сол, студенттік жалқы ғана, жалғыз ғана жылым еді ғой ол.
Үш сағат бойғы әзілдеріме дейін әлі де есімде. Үшеуің мені мазалағандарыңа қайта-қайта кешірім өтініп, әсіресе сен кінәлілеу кейіпте күлімсіреп қоясың. Сәл қызғылтым, сәл дымқылдау астыңғы ернің сәл-пәл жайылыңқырап бара жатқанда, сәбидей аңқаулықпен жымия жиып аласың. Аппақ, түзу тістерің көрінбей кетеді. Өстіп жүре берсек. Таң атқанша. Таңдар бойы. Күндерді де керуенше тізілтіп. Деп қиялданғаным да санамның түкпірінде сақтаулы.
Амал нешік, ұшақ қонып, аэропортта құйын көтерілді. Гүріл-дүріл үдеген тұста басқа бір дүние-әлемге ауысқандай абдырып, мен саған қарадым. Сен маған қарап тұр екенсің, қарағым. Бір-бірімізге бұрылғанымызды байқап, екеуміз-дағы қызарып, мен жасқаншақтаған сәтте, сен: «Рахмет!» — деп, бетімнен сүйдің.
Үш-төрт сағаттай уақыт жалықтырмай, жақ жаппай, ағыл-тегіл асып-тасығаным, құйыл-төгіл құйқылжығаным үшін сүйген шығарсың, сірә.
Өмірімде соған дейін дәл сол күнгідей сөйлеп, сол күнгідей шешіліп көрмеп ем.
Қатты қиналысқа түскен төрт-бес күннен кейін Айкенжеден алыстау үшін басқа кітапхананың оқу залына ауыстым. Аудиторияда алдыңғы қатарда отыратындықтан, ол жаққа қарамауға тырысатынмын.
Содан не шықты?
Түк те шықпады.
Басқа кітапхананың оқу залында кітапқа зауқым соқпады. Әл-Фарабидің құндылықтарына һәм құныға алмадым. Иттей сүметіліп, екінші аптада өзімнің оқу залыма оралдым.
Оралғаннан не пайда, уақыт зуылдай зымырап барады. Маңдайыма бұйырған студенттік мерзім тәмәмдалмаққа таянды.
Аласұрып, аямайтындай, ауылға алып кететіндей қыз іздегенім — қай сасқаным?! Қыз аз емес-ті. Біреуімен табысқам. Алайда ол Айкенжедей емес-ті. Емес-емес-емес! Өзімізде оқитын. Шашы шаршаңқытұғын.
Өзге оқу залына көндіге алмағаным секілді, ол қызға да үйрене алмай, қор болдым. Обалы кәнеки, ол менімен қол ұстасып, қай қиырға да ілесіп кете бермекке әзірлігін мағлұмдады. Ілестіре алмадым. Үйрене де алмадым. Үйлене де алмадым.
Осылайша бір оқу залына өліп-өштім, екінші оқу залынан сөніп-өштім.
Маусымның саумал шағы ғой, күллі дүние-әлем гүлдегенмен, мен кіртиген күйдемін. Бірде... Айкенже... иә-иә, Айкенже өзі секілді өте үздік оқитын, аққұбалау, арда жігітпен қолтықтасып келе жатты. Таңданбадым да, қызғанбадым да. Ондай-ондайға құқым да, қақым да жоқ-ты. Біраздан бермен қарата білетінбіз. Еститінбіз. Жарасымды жұп қой шіркін, тіл мен көзден аман болсыншы деп, қызығатындардың қатарына қосылғам. Қызғанатындар да болған, әрине. Себебі, айналайын Айкенжеге ғашықтар аз емес еді дә...
Шілде айының бесі күні сырттай бөлімге ауысып, Виноградов көшесіндегі сексен сегізінші үйде жападан-жалғыз түнеп жүрдім. Сендердің бәрің студенттік құрылыс жасақтарына жазылып, немесе жазғы демалысқа шығып, жан-жаққа тарап-тарап кете барғансыңдар.
Жан адамға айтпастан, комендант апайымыз Вера Степановнамен келісіп, он күндей жаттым сонда мен. Он күн бойы Алматының барлық көшелерін жаяу араладым армансыз. Оқу залында отырдым омалып. Қарауытып, қамалып, «Портвейн – 12» дейтін шараптың он шөлмегін тауыстым жатақханадағы жетпіс алтыншы бөлмеде.
Ақырында, бәрібір, ауылға қайттым қыңсылап. Жылай жұбатып жанымды, жалап та жазып жарамды.
Қазақ университетінің бір курсын бітірумен студенттік ғұмырым да, соған орайлас тағысын-тағы тағдырым да тәмәмдалған. Ары қарата Алматыңызға барғым келмеді. Сырттай оқымақты ақымақтық санадым. Шарасыз басым-ай, шара толы қамырдан апам байғұс жұлып алып, зулата илейтін зуаладай күйге түсті.
Қой бақтым. Ара-арасында анамды бақтым. Қарындасым кәмелетке жетер-жетпес «Овцевод» кеңшарына күйеуге қашып кетті. Әл-дәруан көріп, әлдеқандай үміт күтетін ұлының құмға ұлып қайтқанына құлазыған күйі шешеміз де көпке бармай, екінші жылы өліп тынды. Кітап ұстамайтын кеселі бар інім мүлде оқымайтынын мәлімдеп, өзі сияқты кітап бетін ашып көрмеген, маңдайы тайқылау, белі қайқылау келін тапты.
«Отырар-Оқсыз» сапқозының озат шопаны атандым. Орден тақтым. Отбасылы болдым. Өзін аямайтындай, сөзімді аялайтындай кітапханашы қызға үйлендім.
Қазір де қой бағамын. Бұрын қоғам малының қамын ойласам, енді жекеменшік дүниемді күйттеймін. Отызшақты қойымды оңаша жаям. Кейінгі ондаған жылдар бойғы оқу залым — Оқсыздың ойпаңы. Жан-жағы жыңғыл, тепсең тоғай — тораңғыл. Қойым тоқ, қайғым жоқ. Шүкіршілік. Жыңғылдар сәуір сайын гүл жарып, әнге басады. Ортадағы ойпаңда кітап оқимын. «Еһе-һе-ей, қаламгерлер, қайраткерлер! Оқырман қайда дейсіңдер ме-е-е? Мұндамыз біз. Құмдамыз біз. Ойпаңдағы оқу залындамыз. Бармыз!» — деймін. Кейде Әбунасыр данышпанның дүниелерін дауыстап тұрып жатқа оқимын: «Кешір мені, туған жер — сені артқа тастадым. Кешір мені туған ел — алыс сапар бастадым. Кешір, ұлыс-ұрпағым — бақ-байлық, даңқ таппадым. Кешір, арым-ұжданым — білім болды баққаным...»
Десем ше, дүн-дүние түгел құлақ қоятындай.
Бабамның баққаны білім болса, менің баққаным — мал. Оқсыздың тарғыл тепсеңіндегі орғыл обаның арғы жағынан анам үн қататындай кейде: «Обал болды-ау, оғланым, оқығаның жөн еді. Мені құзғын-қарғаға шоқытпай, аман-есен көмгеннен кейін, қарындасың мен ініңнің кітапқа құлқы жоқтығын білгеннен кейін, аттанбадың ба Алматыңа?! Оқу залыңа! Ай-ай, айналайын-ай...»
Ай-ай, айналайын оқу залым-ай. Залыма шерткен зарым бұл.
Қайбір жолы, осы Отырарда данышпан ойшылымыздың туғанына бір мың да бірдеңе жыл толуына арналған аса үлкен ғылыми-теориялық бас қосу өтті. Үлкен-үлкен орталықтардан, ойхой, небір ғұлама ғалымдар, өкімет орындарының шіренгендері қатысты. Баяндамалар жасалды. Сөздер сөйленді. Момақан маңыраманы жыңғыл қараға қамап тастап, әліме қарамай, Әл-Фараби жиынына мен де бардым. Түк ұнамады. Әкімінен бастап ғұламаларына дейін Әбунасыр данышпанды емес, өздерін көрсетіп, ұпайларын түгендемекке жүргендей. Ойшылдың асыл мұраларын емес, өздерінің ұра-жыраларын айналымға түсірмекке тырысумен әлек секілді.
Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрамайтын қазақсыздар ғой, мүмкін мына мен мұндай мәжілістер мен мәслихаттардың мән-мәнісін түсінбейтін шығармын.
Бабамның бір мың да бірдеңе жылдығына арналған мәслихат (халықаралық деп аталған) өткен күннің кешқұрымғы шағында, Отырардың орталығындағы «Сыбаға» кафесінің алдында өлердей мас болыппын. Мошқал ағайша айтсақ, машқарам шығыпты. «Бір мың да бірдеңе жылдан кейін дүниеге қайта келген Әбунасыр мен едім. Қадірімді білмей, қасиетімді танымай, ойшыны қойшы қылып қорладыңдар», — деп шатақ шығарыппын. «Ерекше көретін сүйікті құлдарын Құдай-тағалам пәлен жүз жылдар өткенде, басқашалау бейнеде қайта жарататынын сезбедіңдер сендер. Келесі кезек келгенше тағы да бір мың да бірдеңе жыл күтулерің керек», — деп соғыппын-ай сол күні. Машқа-ра-а-а...
«Конференцияның көкесі сенікі болды», — десіп жүрді жұрт көпке дейін.
Осы таяуда ғана бір ой басыма сап ете түсті. Отбасымнан рұқсат алып, Оңтүстік астанамыздағы, баяғы Гоголь көшесіндегі Чехов кітапханасының оқу залында бірер күн отырып қайтпаққа бел байладым. Әбунасыр данышпан қалдырған қазыналардың мына мұстақыл мемлекетімізде айналымға түсер түрі бар ма, жоқ па? Байқап қайтпақпын. Қойшының көзімен болса да.
Міне, ондаған жылдардан соң Алматыға келе жатырмын.
Оқу залына.
Абитуриент-жүрек алып-ұшады...


СІЗДІҢ САЙЛАУБЕГІҢІЗ

Мерей


Сіздің Сайлаубегіңіз –– атақты Ащысай кенішінде кіндігі кесілген түлек.
Ащысайыңыздың айналасына ақшаңқан сәуле шашып, нұрланғандай болған жылдарын да, бар қазынасы ұрланғандай жүдеп-жадаған кездерін де көрдік қой. Қаратаудың қорғасынын да, түсті металын да, түрлі металын да талап-тонап, сығып алған Сы-Сы-Сырыңыз емес пе еді? Ащысайыңызға анда-санда, Бабатаңызға оқта-текте жолыңыз түскенде, Созақты сезініп, Созақты сағынып, кербез Кентауды көксерсіз кейде, Сәуірбектер мен Тәкендер, Асқарлар мен Төлегендер ойға оралар. Әрқайсысы қайран Қаратаудың бір-бір биігі сияқты ғой, шіркін.
Сондай-сондай сәттеріңізде Ащысай кенішінде туған, Бабата баурайында балалық шағы өткен, қарт Қаратауыңыздың қатпар-қатпар шоқыларынан шежіре ұққан сіздің Сайлаубегіңіз де көз алдыңызға келер. Сыншы Сайлаубек те кәуілгі. Таза сыншы Сайлаубек Жұмабек.
Сынай қарайды. Бір бүйірден ғана. Сәл-пәл күлімсірейді. Көбінесе қабағы түйіліңкірей түнереді. Өзі, әрине, шүкіршілік, әдеби-мәдени ортада, Алматыда аман-есен жүріп жатыр ғой. Алайда, Ащысайыңыз бен Бабатаңыздың маңайындағы сауыс-сауыс таулар мен сеңгір-сеңгір асуларға қарап, қиялданар мезеттеріңізде Сайлаубегіңіз һәм жаныңызда бірге жүргендей сезілетіні қызық-ақ.
Бұдан біраз уақыт бұрынырақта заңғар суреткеріміз, кемел ойшылымыз Әбіш Кекілбайұлы Сауытбек пен Сайлаубек туралы мақала жазған. Сайлаубектің сонау балаң жігіт кезіндегі сынай қарайтын көзқарасы мен орнықтылығы хақында сыр аңғарта кететін-ді сол кісі. Сол Сайлаубек туралы халық жазушысы, қайраткер қаламгер Шерағаңыз –– Шерхан Мұртаза былай дейді: «Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов ағамыздың алдымен сұрайтын адамдарының бірі –– Сайлаубек Жұмабек. Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сонда Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен? Демек, мәселе басқада. Ол –– Сайлаубектің шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне ғана тән турашылдықпен айта білетіндігі».
Сыншы Сайлаубегіңізге Шерағаңыз осылай баға береді. Шынында да Сайлаубек Жұмабек осынау аса қиын, жауы да көп, дауы да көп сын саласына жастайынан-ақ араласқан. Өзінің қатарлас қаламдастарынан бастап, небір қабырғалы қаламгерлердің, мүйіздері қарағайдай айтулы, ақиық ақындар мен аса көрнекті, суреткер жазушылардың сан-алуан шығармалары туралы өзіне ғана тән өрнек-нақышымен, талапшыл-таразышылдығымен, білімпаз-біліктілігімен үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүздеген еңбектерді дүниеге келтірді. Барлық уақытта да «сын шын болсынды, шын сын болсынды» берік ұстанды.
Әнебір жылдары Әбіштің жазғанын айттық қой. Кекілбайұлының келтіргеніндей-ақ, бұ бала қаршадайынан-ақ сын жағына икем танытқан екен. Әу баста Қазақ университетінің филология факультетін тәмәмдап, Ұлттық Ғылым академиясында бірер жыл, Мемлекеттік Кинематография комитетінде бірқатар жылдай жұмыс істеп, әдеби еңбектерді, сценарийлерді сараптау, талдау, бағалау мәселелерінің ыстық-суығын бастан өткеріп, тәжірибеге төселген. Оқып-тоқудан, ізденуден, тарихқа терең бойлап, әлемдік жауһарлардан сусындаудан жалықпаған. Кілем емес, кітап жинауды кәсіп еткен. «Жас Алаш» («Лениншіл жас» кезінде) үш жылдай әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. Бұл бөлімді Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбай сынды саңлақтар да басқарған ғой. Бұл бөліміңіз талай-талай таланттардың аса ардақты, қастер тұтар қасиетті ұясытұғын.
Сонымен, сіздің Сайлаубегіңіз 1981-1990 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне, 1990-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөліміне жетекшілік еткен кезеңдерде керемет ашылды. Қаламының қарымын, шын мәнінде тура сөйлеп, туғанына жақпайтын сыншы екендігін жан-жақты танытты. «Ара» журналында да сол алған бетінен қайтқан жоқ. Кейінгі қызметтерінде де сіздің Сайлаубегіңіз дарынын да, қарымын да, қарынын да (әзіл-шыны аралас) тепе-тең ұстап келеді.
Қараңыз, Сайлаубек Жұмабек «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мүсірепов» (1989), «Жұлдызы нұрлы суреткер» (1993), «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр» (1997), «Қазығұрт перзенті» (1998), «Сын әуені» (2001), «Талант тектоникасы» (2004) сияқты кітаптарын шығарды.
Бұлардан басқа, баспасөзде де, басқа сөзде де сіздің Сайлаубегіңіз қаламгерлеріңіздің қадір-қасиетіне тиіспей-ақ, әлдебіреулердің әуендеріне ілеспей-ақ, әлдекімдердің мүдделерін көздемей-ақ, сойылдарын соқпай-ақ, сыншылық парызын адал атқарып келеді. Менмендік атаулыдан аулақ, міндетсінуге жоқ. Жүсіпбек Аймауытов сынды алыбымыз айтқандай, «мендік мен», «меншік мен», «әлеуметтік мен» деген ұғымдардың мән-мәнісін терең тектілікпен түсініп, түсіндіре түсіп келе жатыр сабазыңыз Сайлаубек.
Тағы да Шерағаңызға айтқызсақ, былай деп жазыпты: «Көп сыншылар иілгіш, икемділгіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту қиын. Ал, өтірік мақтау — өз сорың. Қазір қазақ әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан, динозаврлар дәуірінен қалған жалғыз тұқым сияқты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таңқаларлық ерлікпен тең». Шерхан Мұртаза осылай жазыпты («Ақындар мен әкімдер», «Елорда» баспасы, Астана, 2002 жыл). Біз «Сіздің Сайлаубегіңіз» дегенді қалың оқырманға қарата айтып отырыппыз. Сыншы парызы — асыл парыз. Аса ардақты, аса азапты парыз. Ол көркем әдебиеттің кенеркөгіне көз салып, зейінмен зерделеп, зиялылықпен зерлеп, оқырман ықыласын оятады, талғам таразысын тазартады. Ол қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірдің де рөлін атқарады. Екінің бірі , тіпті мыңның бірі де шынайы, турашыл, нәт-ниеті ақ, пейіл-пиғылы таза, іштарлығы жоқ, құштарлығы көп, абзал да қатал сыншы, әдемілік жыршысы, көркемдік күйшісі –– әдебиет сыншысы болып қала алмайды.
Сайлаубек Жұмабек — сондай сыншы.
Алпысқа ақжүрек күйінде жетті ғой, алдағы асуларда да айни қоймас сіздің Сайлаубегіңіз.


СОЗАҚТЫҢ НОВЕЛЛАСЫ

немесе қаламгер Қалдыгүл Камалқызы кім?


Созақты сезінбеу — қазақ үшін үлкен мін. Марқұм Асқар Сүлейменов ашықтан-ашық, Төлеген Тоқбергенов тікесінен-тіке, ал Тәкен Әлімқұлов әлсін-әлсін күрсініп, кей-кейде ғана күлімсіреп сездірер еді осыны. Созақты сезінбеу, Созақты сағынбау мүмкін де нәрсе емес қой. Қазақтың қай жері де, қандай өңір-өлкесі де өзгеше. Баяғыда Баянауылға барғанымызда ше, жиырма жетіден асар-аспаста бақилық болған ұлы ақын Сұлтанмахмұттың өзін көрмесек те, көзін көргендей керемет күй кешкенбіз. Тауы мен тасы да, қарағайы мен қайыңы да, самырсыны да сағынышқа оранып, мұңға буылып, Сұлтанмахмұттай таланттың тағдырынан да, шығармаларынан да үнсіз-түнсіз сыр шертіп тұрды. Содан бірер жыл өткенде Мағжанның туған жеріне жол түсті. Ұлы адамдар рухының ешқашан өлмейтініне, тылсым табиғаттың әйтеуір бір құбылысында, жаратылыстың әйтеуір бір бөлігінде жүретіндігіне көзіміз жетіп, жан-жүрегімізбен тебірендік қой сонда...
Сол сияқты Созақта да, оның даласында да, құмында да, тауында да, үлкенді-кішілі адамдарында да Рух өзгешеліктері айрықша сезіліп тұрады.
Кішкентай ғана, қиқарлау қыздың өзін осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын көргенбіз. Адамға бір түрлі сынай, сенбей қарап, қырсыға сөйлейді екен. Жазған шығармасы да қып-қысқа, бірақ оқығанда түсініксіз көрінді. Сол дүниесі біз қызмет ететін газетте жарық көрді ме, жоқ па, тіпті есімізде қалмапты. Ал, Қалдыгүл Мұратова, кейіннен Қалдыгүл Камалқызы деген атпен шығатын шап-шағын әңгімелерін, тебіреністі мақалаларын оқта-текте көріп жүрдік. Қызметімізге байланысты біраз жылдар бойы бүкіл аудандық, қалалық газеттерді оқып шығатын едік. Созақтан сәл сарғыштау қағазға, сәл ескілеу стильде басыған "Молшылық үшін" газеті жетер еді, белі бірер елі басқа қағазбен буылып. Созақтан келгеннен кейін бұл басылымнан Тәкеннің, Асқардың, Төлегеннің, Сүгірдің, тағы да Төлегеннің, Сәуірбек көкемнің көздерін көргендей сезінетініміз рас қой. Аудандық газетті ашып кеп жіберсеңіз , сол асылдардың көзіндей болып баяғы Қалдыгүл Мұратованың, яғни Қалдыгүл Камалқызының мақалалары немесе новеллалары жарқ етер қалар еді.
Алғашқы бірер шығармасы "Оңтүстік Қазақстан " газетінде басылмай қалды ма, кешігіңкіреп шықты ма, сол кездегі мәдениет, әдебиет және өнер бөліміне ренжіді ме, жоқ әлде өзінің қырсықтау, қиқарлау мінезі ме, әйтеуір сол Қалдыгүлдің сөзі сирек болса да көрініп тұрғанымен, өзі мүлде көрінбей кете барды. Тіпті Созаққа сапарлап бара қалғанда да, аудан басында өтетін жиын-жиналыстарда да көзге түспейтініне таң қалатынбыз.
"Шырағым, сенің жазғандарың — нағыз новелла, өзің де сол новелладай шап-шағын жаратылыс екенсің, алайда, мінезің қиындау көрінеді", — дегеніміз рас еді баяғыда. Жақында бізге сол Созақтың новелласы келіп тұр.
Ширек ғасырдай уақыт бұрынырақта көргендегіден, әрине, көп-көп өзгерген. Кісіге сынай, сенбей қарауын да қойған сияқты. Сәл жымиып, ойлана, мұңдана көз тастайтындай. Қиқарлығы қыр астында, қырсықтығы қар астында қалғандай, баяу сөйлейді. " Биылғы қыс оңай болған жоқ, қар қалың түсті ғой", — деп қояды. "Ағай, мына біз дағы елу жасқа толғалы тұрыппыз", — деп, бірер новелласын қалдырды.
Төртінші қабаттың терезесінен сыртқа қарадық. Мәжнүнталдардың жаңа-жаңа жайыла бастаған жапырақтары арасынан анық көрінетін жиек жолда Созақтың новелласы асыға адымдап кетіп бара жатты.
Айтпақшы, бертініректе білдік қой, Қалдыгүліңіз бекер қырсық, бекер қиқар болмаған екен. Төрт жыл бойы Созақтан Алматыға сандалып, ҚазМУ-дің журналистикасына түсе алмаған. Ақырында танымайтын, білмейтін кісіге, кәдімгі Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан батырға (университет жанындағы «Алматы» қонақ үйінің басшысы Қошқарбаевқа) кірген. Осылай да осылай деген. Батырдың аты батыр емес пе, дайындық курсына түсуіне көмектесіпті.
Сонымен, Қалдыгүл Мұратова немесе Қалдыгүл Камалқызы кім? Ол – Созақтың "новелласы". Ол — Сүгірдің, Төлеген күйшінің, Төлеген сыншының, Бәтима ақынның Сәуірбектейін, Тәкендейін, Асқардайын асылдардың жолдарын өзінше, өз әлінше, өз шамасынша, өзіндік сүрлеу-соқпағымен жалғастырмаққа тырысып, тырмысып келе жатқан қалам иесі. Қалың-қалың, том-том кітаптар шығару, ұзақ-ұзақ шығармалар тудыру міндет емес қой, ондай-ондайыңыз пешенесіне жазылмаған болар. Қалдыгүл қаламгер ретінде шағын ғана, бірер беттік қана новеллалар жазады. Сол кішкентай ғана дүниелері, негізінен, аудандық газете, осы өңірдегі басқа да бірер басылымдарда, аракідік республикалық газет-журналдарда жарияланады. Бірақ, күллі Қазақ республикасында болмаса-дағы, Созақ жерінде Қалдыгүл-қаламгердің өз оқырмандары бар. Қалдыгүл Мұратованы, яғни Қалдыгүл Камалқызын іздеп қалатын, күтіп отыратын, жазғандарын қадірлеп, қиып алып сақтайтын жастар да, жасамыстар да табылады. Әсіресе, әйелдер жағы Созақтың новелласын сүйіп оқиды.
Қалдыгүл өзінің новеллаларында қазақ қызының, қазақ әйелінің жан-дүниесін мейлінше ашып көрсетуге, бір ғана оқиға үзігімен, бірер ғана детальдар арқылы, тылсым құбылыстар арқылы көп-көп нәрсені аңғартуға ұмтылады. Оның жазған қазақы да созақы әуез бар, бірден тартып әкете барар жұмбақ бар. Бізде қазір Жәмила Мамырәлі, Зылиқа Жантасова сынды жас прозашылар сирек көрінсе-дағы, тосын өрнектерімен қуантып жүр емес пе? Қалдыгүлде де әуел бастан сондай өзгешелік сезілуші еді, сол үнінен, өрнегінен ешқашан танған емес.
Міне, Қалдыгүлдің және біраз новелласын оқып шықтық . "Соғыстан қайтпады солдат" деген дүниесін алайық. Ә дегенде соғыс туралы көп әңгімелердің бірі шығар дегенбіз. Алайда, алған оқиғасы өзгелерге ұқсас болғанымен, оның даму барысы, кейіпкердің келер түйіні, автордың айтар қортындысы тіпті басқаша, бөлекше, тосын. Анасы өз қызына өз құпиясын ашады. Неше жылдар өткенде сыр шертеді. Алғашқы сүйрген жігітімен отасқандарына жеті ай өткенде соғыс бұрқ ете түсіпті. Сол солдат соғыстан қайтпады.
"Кейінен әкең марқұммен отастым... Әуелгіде менсінбегенім рас. Жылдар өте келе бала сүйдім. Сендердің жаманшылықтарыңды көрсетпесін лайым. Жалғаннан арттырып көрген қызығым да сендерсіңдер, жарығым. Әйтпесе өтті ғой күндер... Жүрек мұңлы, көңіл қаяулы... Сүймедің, сүйгеніңді ұмытпайсың деп әкең марқұм да өмір бойы сенбестікпен өтті. Қызғанышын о дүниеге ала кетті... Өзін де,мені де қинаумен өтті жазған... " — дейді.
Бұл — шешесінің сөзі.
Ал, қызы қалай ойлайды, зейін аударыңыз: "Анам айтқан бұл сырға әуелгіде дүдәмал кейіппен, сенер-сенбесімді білмей, үнсіз қалғам. Іштей арпалысқан бұл сезімді кейін түсіндім. Қызғаныш па, кім білсін, анама өкпелеп жүрдім. Тоңтерістеніп, сөйлемей қойдым... Қарай гөр, деймін, іштей кінәлап... Менің әкемді менсінбей тиген... Өмір бойы өзгені сүйіп өткен. Жұмбақ сырын көкірегіне түйіп, жасы жетпіске келсе де, сүйген адамының елесін ұмытпай, жүрегінде әлдилеп, санасында жаңғыртып отырған... Байғұс әкем! Ия, ол өзгені сүйсе де, сен оны сүйдің... ", — дейді қызы. "Кей-е-е-ен! Кештеу болса да анамның жан сырын түсіндім", — дейді сол қыз тағы да.
"Хат сыры" новелласы — Қалдыгүл қаламынан шыққан өзгеше туындылардың бірі. Нәзікеш атты келіншекке студенттік жылдардағы жан досы, көп уақыт бойы хабарсыз кеткен «қияли қыз» Ақботадан хат келеді. «Нәзікеш, жер бетінде бармысың, жаным. Өкпелі де шығарсың маған. Төрт-бес хатың жауапсыз қалды. Қолым тимеді емес. Хат жазсам... бәрін бүлдіретіндей қорықтым. Сенен жасыратын сырым болушы ма еді менің?! Ағыл-тегіл ақтарылып кетсем... Ал сен қоштамай қойсаң... Сонда қайтер ем?..»
Сөйтсе, хатты кешіктіріп жазып отырған осынау Ақбота күйеуге шыға алмаған соң, отбасы бар, сүйген жары бар, бала-шағасы бар кісіден өз тілегімен, жүрек қалауымен перзент сүйіпті... Міне, хаттың сыры осында жатыпты. Хат-новелланы бір деммен, әп-сәтте оқып шығасыз. Бас-аяғы жұп-жұмыр, артық-ауыс бөлігі, мағынасыз сөйлемі жоқ.
Қалдыгүлдің қаламынан туындаған әдеби дүниелердің бәрі тап-таза новеллалар деуіміз артықтау болар еді. Бірқатарлары көркем шығарма мен қара мақаланың арасында қап қояды, «Мораль тақырыбына» дегендей айдарға бұрылыңқырап кете береді. Оны да түсіну керек. Мұратованың мақсаты, Камалқызының көздегені — қарапайымдау қаламгерлік жол. Алыстағы ауданда да, оның газетінде де шалдықпас шаруаторы біреулер ерінбей еңбек етуі керек. Біреу менсінер, екеу менсінбес, бірақ ол газеттердің де әдебиет беттері, өнер айдарлары бар, оқырмандары бар. Қалдыгүл жазушы ретінде новелла жанрында жан аямай тер төгіп жүрсе, журналист ретінде негізінен ауыл әйелдерінің, Созақ қыз-келіншектерінің алуан түрлі проблемаларын көтеріп, олардың тыныс-тіршілігін, тағдыр-талайын, қиын түйіндерін қозғап, қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек көрсетіп келеді.
Новеллалары нәзік лиризмге тән әуен-әуезінен танбайтын, қатардағы қарапайым мақалалар оқылмайды дегенге нанбайтын Қалдыгүліңіз осы.


СЫНДАҒЫ КҮЙШІ

Мархабат БАЙҒҰТ.


Тәкен Әлімқұлұлы әдетте өзін прозадағы күйші ретінде сезінетін және солай меңзеп отыратын. Мұның сыры қат-қабат. Осы орайдан ойлансақ, Төлеген Тоқбергенов сындағы күйші мәнзелдес. Алғаш Төлеген Тоқбергеновті 1975 жылы жас жазушылардың республикалық кеңесіне барғанда жақсырақ, жақынырақ танып білдік қой. Оған дейін оқта-текте, бірде Алматыда, бірде Шымкентте көріп қалатын едік. Сол жетпіс бесінші жылдың желтоқсанында болу керек, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Жайсаңбек Молдағалиев, Төлеген Тоқбергенов ағаларымыздың ортасына түсіп, шығармаларымыз талқыланып, ойхой, бір қызық болған.
Төлеген ағамыздың жазғандарын түк қоймай, түгел оқитынбыз. Сындағы күйші деуіміз сондықтан. Ол сын жаза отырып, бір немесе бірнеше шығарманы, әлдебір немесе әлденеше жазушының шығармашылығын талдай отырып, кәдуілгі күй шерткендей әсер қалдырады. Сенбесеңіз, оқып көріңіз.
Төкең сыны – сырбаз, мәдениетті сын. Ол: «Өнер мұраты – өнеге» екенін қашан да, қай еңбегіне де алтын арқау ететұғын. Өзіне де, өзгеге де солай талап қоятын.
«Өйткен едік, бүйткен едік, сапарлас болып едік, үйімізге де талай рет келген еді», – демей-ақ қоялық. Тек бір ғана эпизод естен кетпес. Ешқашан да.
Ол былай болған.
Прозадағы күйші зергеріміз Тәкен Әлімқұловтың жетпіс жылдығы аталып өтіп жатты. Өзі сол жетпіс жылдығынан біржарым жылдай уақыт бұрын бақилық болып, өзінің өсиеті бойынша Бабата (Ысқақ баб) жатқан зиратқа жерленгентұғын.
Тәкеннің жетпіс жылдығы Шолаққорғандағы №14 мектеп-интернатта ресми түрде аталып өтті. Алматыдан, Шымкенттен бірді-екілі қонақтар барған. Баяндама жасалды. 1988 жылдың қоңырқай күзі ғой, партия, кеңес қызметкерлері бар, жергілікті атқамінерлер бар, оқушылар мен ұстаздар бар, ұзақтау-ұзақтау сөз сөйледі. Алайда, айтқандарының бәрі дерлік жасанды ма, жаттанды ма, ешқайсысы да пәлендей тебіреніп, толғанып жатпағандай сезілгені рас. Мектеп ауласында тәп-тәуір сап түзеп тұрған сол кездегі пионерлер мен комсомол-жастар да селт етпестей селсоқ күйде секілді көрінген. Жүргізуші жиынның тәмәмдалғанын хабарлап, ендігі атқарылатын шаралар мен шаруаларды мағлұмдап, алғысын айтып бола бергенде, кенеттен бір, күтпеген нұр үн естілді. Бір шетке таман, әлдебір нәрседен тыртық түсіңкіреген жалтыр маңдайын уқалап қойып, қатты түнеріп тұрған Төкең, Төлеген Тоқбергенов бір аттап, алға ұмсынды. Ұзын-ұзын, сорайған саусақты, арық қолдарын алға қарай созыңқырап, ортаға қарай озыңқырап, тамағын кенеп, қарлығыңқы, бірақ мейірім-нұрлы, қайырым-қырлы үнін қырағаттап: «Ай!» – деді. Сонан соң: «Ай, айналайындар, тоқтаңдаршы!» – деді. «Тіпті біреуің тебірене алмадыңдар ғой», – деді сонда сыншы Төлеген. Бірде-біреуің Тәкенді түсіне алмаған екенсіңдер ғой», – деді қазақ сынындағы жыршы-жырау, күмбір-күйші Тоқбергенов Төлеген. «Тәкен Әлімқұлов – қазақ прозасындағы күй-құдірет қой», – деп еді сонда Төкең. Әр сөзін, әрбір пікірін айтқан сайын алға адымдап қояды. «Шежірелі сахарадан», «Кертолғаудан», «Сырлы наздан», «Ел мен жерден» қысқа-қысқа, бірер сөздік, сирек сәттік мысалдар келтіріп, Тәкенді Тәттімбетпен, Ықыласпен, Сейтекпен, Төлеген Момбековпен, Сүгірмен, Абаймен, Ақанмен салыстырды дейсіз-ай сонда. Екі жарым сағатқа созылған ресми жиналысымыз адыра қалғандай. Тәкентанушы Төлеген Тоқбергеновтің он бес минөттік сөзінен соң сұлықтау жатқан Созақ жері бозінгендей иіп сала берді. Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп үйінің өзі бозінген секілдене селкілдеп, теңсетіле тебіренгендей болды. Мектеп оқушылары сірескен қалыптарынан, селқос та сұлық саптарынан жаңылғандай. Тәкеннің текті күйін көз алдарында шертіп өткен Төлеген сыншының қашаннан-ақ қарлығыңқы, алайда, нұрлы үніне елтіп, елбірей елжіреп, қоршап алысты. Баяндамашыларымыз, сөз сөйлеушілеріміз әлденеден ұялыс тапқандай, ыңғайсыздана шегіншектеп, жазып алған, бәлкім, біреулер жазып берген қағаздарын шиыршықтай бүктеп, ертерек жасыруға ұмтылатындай. «Ай, айналайындар, – деді Төлеген сыншы сонда, – Тәкенге жай өлшем жүрмес; Тәкенмен танысуға талап керек; Тәкенмен табысуға талант керек; Тәкенді білмесең, өзіңді ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрібір, бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек, ай, айналайындар...»
Созақта сондай бір жағдай болған.
Сындағы күйші осылай айтқан сонда.


Т О Ғ Ы З Ы Н Ш Ы С Ы Н Ы П
Хикаят

Ауыл мен қала


Жүйкені шаққан, шаң-қиыршық суырған жел жаңа келіп тоқтаған автобустың өзін ұшырардай.
Бұл автобус алыстағы ауылға қаладан қатынайтын еді. Күніне бір мәрте шаршап-шалдығып жететін-ді.
«Кітапхана» деген маңдайша жазуды көргенде көзіне жас үйіріліп, жанар жиектері ашыды. Сезімге берілмекке шама жоқ-ты. Буыншақ-түйіншектерін жырымдалған темір есіктен әзер шығарды.
Құмдақ түйірлер сатырлай сабалайды. Жұлма-жұлқын желдің мінезі жуас кісіні одан бетер жасытқысы келетін адамдарға ұқсап кетті.
Тоғжан тозыңқы автобустың жанынан жылжымаған күйі «Кітапхана» деген жазуға тағы қарады. Долы дауыл әншейінде бүкіл ауылды орап жататын мұң мұнарының өзін кітапхана шатырының астына қуып тыққандай көрінді. Сормаңдай, сұрғылт жазудан бүкіл ауылдың пешенесі оқылатындай.
Шешесі ескірген есікті айқара ашып:
–– Жаным! Жарығым! –– деді.
Сәлден соң екеуі шүйкедей үйде шүйіркелесіп отырды.
Тоғжан ауыл кітапханасынан жиірек, қала кітапханаларынан сиректеу ұшырасар кей кітаптарға таңырқай қарар.
Сонысына салып, атақты Альбер Камюдің жалқы томдығын парақтайды.
–– Қараңызшы, апа! Баяғыда оқыған ем... Альбер Камю айтады. Табиғаттың таңғажайыптарына аса байлар, тоқ кекірерлер сүйсініп-түйсіне алмайды екен. Себебі олар сұлулық та тек өздеріне қызмет етуге тиіс деп есептейді.
–– Қаладан күн көре алмай, ауылға оралған алтыным-ай, –– деді апасы. –– Күн сайын күннің шыққанына, желбіреген жапыраққа да қуанатын қарағым-ай...
Ертеңіне табиғат тамылжып тұрды.
Тоғжан ауылдағы жүдеу тірлік жібінің бір ұшынан ұстамаққа ұмтылған. Онысы бос әурешілік боп шықты.
Алты ай бойы апасының жұмыс орнындағы кітаптарды түгел тауысып оқып, қалаға қайта оралған.

Сынып жетекшісі, Сая және басқалар


Тоғжан апайларының қайтадан сынып жетекшісі болғанына Сая қатты қуанып отыр. Пәтер жағынан қиналып, ауылына лажсыз ауысып кеткен еді ғой. Енді міне, қалаға қайта оралыпты. Тоғызыншы сыныпқа. Жетекшілікке.
Осы апайларының кеудесіне кітап қысып алып, жылдам жүріп келе жататыны керемет ұнайды. Бірталай қыздардың Тоғжан апайларына ұқсағылары да кеп кетеді кейде. Алайда қазір кітап ұстап жүру, кітап оқу мазақылау тірліктердің қатарына кетіп қалған секілді. Деседі жұрт.
Сая сыныптастарына, сонсоң мұғалімге көз тастады. Тоғжан Нұрлыбайқызы сәл ғана жымиып, алдындағы дәптеріне әлденелерді жазып жатты. Бұл саусақтарын біртіндеп бүгіп, іштей күбірмен ұл балалардың аттарын атап шықты: Аян, Айбек, Асхат, Ерлан, Рауан, Берік, Мұрат. Одан кейін өзінен бастап қыздарға кірісті: Сая, Ләззат, Мәдина, Айгүл, Әлия, Айнұр, Гүлзат, Майра, Кәмила, Жанар, Гүлназ, Әйгерім, Айнаш, Сандуғаш, Қарлығаш. Он бес қыз бен жеті ұл.
–– Айналайындар, –– деді Тоғжан апайлары омырауына әлдебір жасыл мұқабалы кітапты қысып, орнынан түрегеле беріп, балаларды баурай қарап. –– Бүгін сендермен кітап туралы әңгімелескім келеді.
Сая сәл де болса кітап қарайтындардың қатарында. Кейбір өлең жинақтарын түгел оқып шықпаса-дағы, бірталай жерлеріне дейін барып қайтады. Мамасы кітап жинайды, көбірек оқиды. Бірде бұған Төлеген Айбергеновтің күнделігін оқып бергені бартұғын. Отыз жасында өмірден өтіп кеткен қайран ақын: «Адамдардың тек кітапты көп оқығандығымен, жинаған кітабының молдығымен ғана мақтанғанын мойындаймын, өзге мақтанның бәрі – бос әурешілік», –– депті.
Апайларының көкірегіндегі кітап авторының атына көзі түсті. Тоғжан Нұрлыбайқызы мұның жанына аялдаған. Жасыл кітап Қошке Кемеңгерұлы деген кісінікі екен. «Таңдамалы» деп аталады екен. Естімеген адамы, көрмеген кітабы. Сыртында суреті де тұр. Жүсіпбек Аймауытовтарға ұқсаңқырайды.
–– Рухани құндылықтардың аяқастыға айналуы адамды да, қоғамды да аздырар да тоздырар, –– деді апайлары тереңдей түсіп.
Сыныптастары үнсіз.
–– Апай, бұған қоғам кінәлі ме, адам кінәлі ме ? –– деді Сая.
–– Абай не дейді? –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы.
–– Адам түзелмей, қоғам түзелмес деген, –– деді Айбек.
–– Иә, мен де адам жауапты деп ойлаймын, айналайындар, –– деді апайлары. –– Өздеріңе-өздерің жауап бере білуге, өздеріңнен-өздерің жауап ала білуге, есеп бермекке дағдыланыңдар осы бастан. Айналайындар...
Сынып іші тым-тырыстанды.
–– Қошке Кемеңгерұлын оқығандарың бар ма? –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы.
Ешкім үн қатпады.
–– Естігендерің бар ма?
Тағы да үнсіздік.
–– Мен сендерді кінәлай алмаймын, айналайындар, –– деді апайлары ауыр күрсініп. –– Ұрсу да қиын бүгінде. Арыстарымызды, анау отызыншы жылдары атылып кеткен асылдарымызды ақтауын ақтадық-ау... Алайда солар туралы оқып және тоқып, мұраларын игермекті ойламауымыз шошытады мені... Жарайды, ол жағын қоя тұралық әзірше. Бүгінше халқы үшін азаптан аянбаған, ұлты үшін ажалдан тартынбаған, осы мына сендердің жастарыңда-ақ өзгеше білімді болмаққа тырысқан Қошке Кемеңгерұлымен аз ғана таныстырмақпын.
Қошке Кемеңгерұлы деген кісі Омбы уезінде туған екен. Жастайынан Алаш Ордаға араласқан екен. «Жас азамат» ұйымын құрыпты. «Жас азамат» газетін шығарыпты. Әрі жазушы, әрі журналист, әрі тарихшы-ғалымдығын танытқан от-жалынды қайран азамат-ай! Жастай түрмеге қамалып, жазықсыз опат болыпты. Әлихандар мен Ахметтерге, Тұрарлар мен Міржақыптарға іні екен...
–– Мен сендерге ол кісінің «Таңдамалысынан» үш данасын тауып әкелдім. Дүкендерге, біздің қалаға келіп түскені де осы көрінеді. Қызықсаңдар, қаласаңдар, оқыңдар, айналайындар...
Қошке Кемеңгерұлының жасыл кітабын бірер оқушы қызыға қарады.
Көпшілігі көп аса құныға қоймағандай.
–– Ойға салыңдаршы, –– деді апайлары одан әрі. –– Біз анау Америкадан, яки АҚШ-ыңыздан көп-көп нәрсені әкеп жатырмыз. Үйреніп жатырмыз. Бірақ ең керекті жағынан үйренсек кәнеки, айналайындар! Ол немене дейсіңдер ғой, ә?
Тоғызыншы сынып түгелдей болмаса-дағы, жартысына жуығы елеңдескен.
Құлақтарын түріскен.
–– Ол –– кітапқа деген шынайы ықылас пен құрмет! –– деді апайлары.
Әрине, оқушылар өзгешелеу бірдеңе күткен.
Ешқайсысы пәлендей таңырқамаған.
Мырс ете түскендер де табылған.
–– Жасыратыны жоқ, біз кітап мәселесіне қырын қараймыз, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы.
–– Кітап ұстамай-ақ тоғызыншы сыныпқа жеткендер бар ғой, –– деді Айбек әзілдемек ыңғайда.
–– Біз кітап әлемінен алыстығымыз үшін көбінесе теледидарды, компьютерді кінәлаймыз, айналайындар. Солай ғой? –– деді апайлары.
–– Солай-солай! –– десті оқушылар.
–– Ал, АҚШ-та көксандығыңыздың көкелері бар. Теледидар мен компьютер, интернет дамудың ең биік шыңында. Әрбір үй үшін, әр отбасы үшін тап солай десек те артық емес. Сонда да олар кітаптан, кітап әлемінен алыстаудың орнына, барған сайын жақындай түседі екен.
Кейбір оқушылар қозғалақтады. Таңырқай бастағандар да бар.
–– Сенесіңдер ме, тоғызыншы сынып? –– деп сұрады жетекші.
— Сенейік пе, сенбейік пе, апай? –– деді Аян мысқылдай мырс етіп.
–– Өздерің біліңдер, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Ол елде кітап оқу кәдуілгі, күнделікті нан жеу мен су ішу секілді етене тірлікке айналған, айнымаған, айналайындар. Иланбасаңдар, өз еріктеріңде.
–– Шынымен бе, апай?! Қалай сонда? –– деді Мәдина.
–– Апай өтірік айтады дейсің бе? Қызықсың, –– деді Ләззат.
–– Американдықтардың бәрі бай емес пе? Сонда да кітап оқи ма? Біздің байшыкештер кітап ұстамайды ғой, –– деді Айбек.
–– Алдымен апай айтып болсын да. Содан соң пікір жарыстырсақ қайтеді? –– деді Асхат.
Сая ішінен Асхатты құптады. Аянға қараса, енді ол мүлде тыңдамай отыр екен. Ой-қиялы тіпті басқа, бөтен жаққа ауып кеткендей.
–– Иә, айналайындар, сенесіңдер ме, жоқ па, өз еріктеріңде. Мен Америкаға барған да жоқпын, көрген де жоқпын, –– деді апайлары күлімсірей ойланып, үстеліне жақындап. –– Бірақ, міне, мына журналдан оқыдым.
Ол кісі сырты мен іші бірдей жалт-жұлт еткен журналды көрсетті.
–– Мұнда тек нақты-нақты фактілер мен болған оқиғалар, мемлекеттің өзіне тән ерекшеліктері деректі және дәйекті жазылған. АҚШ-та өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін орта есеппен тоғыз миллиард доллардың кітабы сатылса, теледидар өршелене дамыған сайын, кітапқа деген ықылас еселей артып, екі мыңыншы жылдардан былай қарай жиырма миллиардтық көрсеткішке жеткен. Олар кітап сатып алу мен кітап оқуды арнайы зерттеп, біліп, бағыттап отырады. Кітап сатып алу мен кітап оқуға халықтық иммунитет ретінде қарайды. Түсіндіңдер ме? Бүкіл кесел-кесепатқа кітап дейтін рухани иммунитетті қарсы қояды. Оларда кітап оқымау дегенді түсінбейді екен. Ондай ұғым жоқ.
–– Қойыңызшы, апай! –– деді бірнеше қыз қосарлана дауыстап.
Айбек қашанғысындай қарсылығын білдірді.
–– Бәрі дұрыс қой, апай, –– деді ол айналасына қоқилана қарап алып. –– Бірақ кітаптың да жақсысы бар, жаманы бар емес пе?
–– Ол –– өз алдына бөлек әңгіме, –– деді сынып жетекшісі.
–– Апай, сонда олар осыншалықты кітапқұмарлыққа қалай қол жеткізген? –– деді Сая.
–– Мына журналдың жазуына қарағанда, –– деді апайлары парталардың арасымен баяу аяңдап. –– Біріншіден, АҚШ мектептеріндегі бүкіл білім беру мен тәрбие ісі кітапқа сүйіспеншілік сезімін, кітапты құрметтеу қасиетін қалыптастыруға негізделген. Екіншіден, кітапхана –– ең киелі орын. Сүйекке солай сіңіп, қанға солай еніп кеткен. Үшіншіден, кітап саудасы ең жоғары орында. Небір жеңілдіктер жасалып, жасыл көше ашылған. Бұлжымас дәстүрге айналған. Супермаркетте де, кафеде де, түрлі-түрлі дүкендерде де кітап сатылады. Бірақ, балалар, кітап қосымша тауар ретінде емес, әрбір жан иесі тебірене қарайтын теберік саналады.
–– Кітапты аяусыз жырту, ет жеп болғаннан кейін қол сүрту, үстелдердің ақсақ аяқтарының астына қою жоқ шығар, апай, оларда? –– деді Айбек.
Тоғызыншы сынып түгелдей бір күліп алды.
–– Айналайындар, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Айбек әзілдесе де, өте орынды сұрақ қойып отыр. Журналда ол жақтарын жазбағанмен, кітапқа деген көзқарас деңгейлері, кітаппен және кітапханалармен қарым-қатынас жағдайлары анық сезіліп, таңдай қақтырады. Оқып көрулеріңе болады.
Кітап әлемі туралы пікірсайыс қызып барып, тез басылған. Кітап оқитындар онша көп емес-ті тоғызыншы сыныпта.
Апайлары Мұқағали Мақатаев жайында аз-кем ғана айтып өтті, «Өмірдастан» жинағынан бірер өлең оқыды. Сонсоң оқушылардан өтінді.
Айбек тамағын кенеп алып, Оспанхан ағасының қысқа ғана сықағын әдейі әсірелей әуелетті. Әртістік қабілеті жоқ емес. Сынып іші бір дуылдап қалған.
Сандуғаш пен Қарлығаш қосылып ән салды.
Сая Мұқағалидың «Жапырақ жүрек, жас қайыңын» жатқа оқыды.
Сынып жетекшісі бәріне ризалық білдіріп, бөлмені ары-бері аралап жүрді.
Оқушылар ой үстінде.
Тоғжан Нұрлыбайқызы терезеден сыртқа қарады. Алыстан мұңды әуен талып жеткендей. Өзі де осы сыныптың оқушыларын сағыныпты. Әрине, кітапқа құлықтары онша емес. Өнерпаздары баршылық. Бұрын да бұларды бірталай рет мектеп сахнасына шығарған. Бірте-бірте кітапқа деген ықыластарын оятуды ойлаған. Өзінің балалық шағы, мектептегі жастық дәурені қиындықпен өтті. Әкесінен ерте айырылған. Жалғыздық, жоқтық пен жұқаналық жаншыған анасы тұрмыс ауыртпалығынан арыла алмады. Мұны да арылта алмаған. Жүдеу киінетін. Тапқандары тамақтарынан әзер-әзер артылатын. Сонда да кітап әлемінен алыстамапты. Анасы да, өзі де. Не қилы ауыртпалықтар әкелгенімен, тағдырларына, өмірлеріне ренжімеген сияқты. Қаншама қиындықтарды бастан кешкенімен, әйтеуір, әупірімдеп университет бітірген. Анасына рахмет. Әлі күнге дейін ауылда, қарапайым кітапханада, жалғыз қызының жолына қарап жүріп жатыр. Өзі былтыр қаладағы үйсіз-күйсіз жағдайына байланысты бір жылдан астам уақыт ауылына кетіп қалған. Сонда да сыр бермес. Бұрынғы бауыр басқан балаларды, биылғы тоғызыншы сыныпты аңсап оралғандай.
Қоңырау соғылды. Тәрбие сағаты тәмәмдалды.
Тоғжан Нұрлыбайқызын қыздар қоршап алды. Апайлары омырауына кітап қысқан күйінде, өзіне ғажайып жарасатын бейнеге еніп, әдемі күлімсірейді.
― Біз сізді сағындық, апай, ― деді Сая.
― Қатты сағындық! ― деседі қалған қыздар да.
― Тағы да кетіп қалмайсыз ба, Тоғжан Нұрлыбайқызы? ― деді әрегірек топтасқан ұлдар жағынан мойнын созған Мұрат.
― Қойшы, ол не дегенің?! ― дейді Рауан.
Бәрі көңілдітұғын.
Алайда, алдағы айларда тоғызыншы сыныпты қиын-қиын түйіндер, күрделі оқиғалар, қасіретті күндер күтіп тұрғанын ешқайсысы да білмейтін еді. Жайшылықта үндемей, бұйығы жүретіндердің өздері де жайраңдап, жетекшілікке Тоғжан апайларының қайта келгеніне масайраған.

Тоғжан апаймен қоштасу. Туған күн кеші

Кенет, күтпеген жерден «Тоғжан Нұрлыбайқызы Астанаға ауысатын бопты» деген әңгіменің құлағы қылтиды. Қазан айының аяғытұғын. Апайларының баяғыда, яғни осыдан оншақты жылдай уақыт бұрын, студент кезінде жақсы көрген жігіті келіп, қайтадан тіл табысыпты. Көп ұзамай, ауылындағы анасымен бірге Астанадайын ғажайып шаһарға біржолата көшетін көрінеді.
Тоғызыншы сынып үшін бұл хабар аса жайсыз тиді. Аңсап табысқан апайларынан тағы да айырылып қалмақ.
Өзінен анықтап сұрау ыңғайсыз. Тоғжан Нұрлыбайқызы тұратын жақ бұрын қиқы-жиқы көшелерден құралған ауыл еді. Бертініректе жарты миллионнан астам тұрғыны бар қалаға қосылып, тұтаса бірігіп кеткен. Сынып жетекшісі татар кемпірдің титімдей ғана үйінің бір бөлмесін жалдап күн кешетін. Сая мен Мәдина бірер мәрте үйіне дейін шығарып салса да, Астанаға ауысатыны жөнінде тікелей сұрауға батпаған.
Бірінші тоқсан аяқталар алдында мектеп директоры Күнту Керімов арнайы жиналыс өткізіп, мұғалімдерге қатты ұрысты. Маяковский атындағы орта мектептің аты жаман жағынан қаттырақ шығып тұрған. Сол оқу орнында және бір жайсыз жағдай болып қапты. Туған күн кешінен қайтып келе жатқан маяковскийліктер нашақор бәлелерге жолығыпты. Төбелесіп, жараланған оқушылар бар. Сөйтсе, сол мектептің өзінен де бір-екі нашақор табылыпты деседі. Шаһардың іші гу-гу әңгіме.
― Ата-аналардың жауапкершілігі жоқ қой, жоқ! ― десті бірқатар мұғалімдер.
― Өздеріңе қараңдар! ― деп ашу шақырды Күнту Керімов. –– Ата-аналармен байланысымыз нашарлап кетті.
–– Түнде барып, үйлеріне қона алмаспыз, –– десті мұғалімдер. –– Көптеген ата-аналар ұл-қыздарының түн баласына тыным таппай қыдыратынын жасырады.
–– Тағы да ескертемін, –– деді қайта-қайта жүрек тұсын уқалаған директор, қарлығыңқы даусын қаттырақ шығаруға тырысып, − кінәні өздеріңнен көбірек іздеңдер. Осы туған күнді тойлау деген бәле шектен тыс көбейіп, үдеп кеткен жоқ па? А?! Сол туған күн дегенді атап өту міндетті ме? Солар қалай өтеді өзі? Оқушы балалар жиналып алып не істейді өзі? А?! Не айтады? Не сөйлеседі? Не ойлайды? Немен айналысады сондай кештерде? Білеміз бе? Түні бойы үйлеріне оралмайтын оқушылар қайда жүреді? Сеземіз бе?
Мұғалімдер, әсіресе, сынып жетекшілері бірталай әңгімелер айтып, өздерінің атқарған жұмыстары жайында баяндап, ұсыныстар білдірген. Тоғызыншының жетекшісі Тоғжан Нұрлыбайқызы кітап әлеміне батыл бетбұрыс жасау мәселесін қозғап, бәріне ой саларлықтай мәністі мәліметтер келтірген.
–– Кітапқа қарай өздерің де, оқушыларың да бетбұрыс жасасаңдар, қолдарыңды матап, бастарыңды байлап отырған ешкім жоқ, –– деді Күнту Керімов. –– Біржарым жылда зейнеткерлікке шығамын, сосын кейін мына сендерді де, мына мектептеріңді де желкемнің шұқыры көрсін!
Осыны айтқан директор тілінің астына дәрі тастаған.
Күзгі каникул тыныш өткендейтұғын.
Тоғызыншы сыныптың тағдыры үшін олай болмапты. Тоғжан апайлары демалыс күндерінде көшу мәселесін біржолата шешіпті.
Сыныпты жинап, қатты ыңғайсызданып, кешірім сұрады.
–– Айналайын алтындарым, мені кешіріңдер! –– деп, Тоғжан Нұрлыбайқызы жанары жасаурап, басын иді. –– Кешіріңдерші, жарай ма? Былтыр ауылға кеткеннен кейін, биыл қалаға қайта оралмауым керек еді... Түсінесіңдер ме?! Амал қанша, тағдыр осылай боп тұр екен дә. Міне, енді тағы да сендерді тастап кетіп барамын. Қимаймын. Қиналамын. Қайтейін... Аман болыңдар. Жақсы оқыңдар... Кітапқа жақынырақ болғайсыңдар. Кітап әлемі –– теңдесі жоқ әлем... Осыны ұмытпаңдаршы...
Қараша айының түнеріңкілеу кешінде тоғызыншы сынып Тоғжан апайларын Астанаға шығарып салды. Пойыз қараңғылық үйіріле бастаған шақта жүретін еді.
Тоғжан Нұрлыбайқызының да, анасының да, жігітінің де құшақтары гүлге толып кетті. Жәнібек ағалары бірден ұнады балаларға. Ашық, ақкөңіл секілді.
Аналарын купеге орналастырып, екеуі сыртқа қайта шыққан.
–– Сендер көп ұзамай-ақ үлкен-үлкен азамат боласыңдар, –– деді Жәнібек ағалары. –– Ең бастысы, жақсы-жақсы жолдастарың мен достарыңнан, әсіресе, сүйгендеріңнен абайсызда адасып қалмаңдар. Мына мен апайларыңнан адасыңқырап барып, қателесіңкіреп барып, кешігіңкіреп барып, әзер табысқан жанмын. Тірі болсам, енді ешқашан...
–– Жарайды, Жәнібек. Басқа әңгіме айтайық, уақыт аз қалды, –– деді апайлары.
–– Сабақ босын деп жатқаным ғой, кешір, жаным, –– деді Жәнібек ағалары шын ықыласпен.
Пойыз қозғалатындай ыңғай танытқан.
–– Қош болыңыз, апай!
–– Бақыт тілейміз, Тоғжан апай! Жәнібек ағай!
–– Тоғжан Нұрлыбайқызы, біз бәріміз мектеп бітірген соң Астанаға барамыз! Оқуға! Жұмысқа! Құрылысқа!
–– Телефон шаламыз, хат жазамыз, апа-а-ай!
Бұл кезде Жәнібек ағалары Тоғжан апайларын қолтықтап алып, тамбурда тұрған.
–– Айналайын, алтындарым, кешіріңдер мені-і-і...
–– Астанаға барсаңдар, хабарласыңдар, –– деді Жәнібек ағалары.
–– Жәнібек ағай, біздің апайды ренжітсеңіз бар ғой, ә-ә...
Бұл –– Айбектің даусы.
–– Ренжітсе, бірден маған телефон соғыңыз, апай, жарай ма? –– деді Аян да Айбекті қостап. –– Екі сағатта жетіп барамын!
Жолсерік тепкішекті көтерді.
Пойыз бірден жылдам жүре бастады.
Оқушылар біразға дейін қол бұлғай, жүгіре ілесті.
Вокзалдағы абыр-сабыр бәсеңдеп, ығы-жығы жұрт азайған. Тоғызыншы сынып оқушылары тым-тырыс, үн-түнсіз аяңдасып, мұңайыңқы қаланың мұнартқан шамдарына күрсінісе қарасып қойып, троллейбус аялдамасына беттеген. Кенет:
–– Сыныптас сұлулар мен көркем жігіттер! Мен сендерді «ЭксЭлит» кафесіне шақырамын, –– деп мәлімдеді Аян.
–– Аян Сексенов мырзаның ұсынысын бірауыздан қызу қолдап, қуаттаймыз! –– деді Айбек.
Қыздар жағы шүпірлескен құстар секілді шүйіркелесе ойласып, келіскендіктерін ишарамен білдірген.
Ұл балалар жағынан ши шықты.
Мұрат пен Рауан кешірім сұрап, үйлерінің алыс, уақыттарының тығыз екендігін сылтауратқан. Оларға ілесетін қыздар табылып, қайта күбірлесіп, үш-төртеуі тездетіп троллейбусқа асыққан.
Іріктелгендері «ЭксЭлит» кафесінде көңілді отырып, кешірек қайтқан...
Келесі аптада Аян туған күніне шақырған.
Үш қабатты, шет елдік кинолардағы коттедждерден қалыспайтындай ғимарат екен. Алдында, артында алуан түрлі, жұмбақ үй-жайлары және бар. Сыныптастарына сырттай түсіндіріп, екінші қабатқа шақырды.
–– Бір жыл бұрын бітіріп, көшіп келгенбіз, –– деді Аян.
–– Білеміз ғой, сыртынан көріп жүрміз, құтты болсын, –– десті сыныптастары.
–– Біздікі бұған жетіңкіремес, алайда, онша жаман да емес, –– деді Айбек. –– Сәті түссе, көрерсіңдер.
Ауланың бір бұрышына таманырақ жалт-жұлт еткен сүлік қара, қатарында ақбоз «Мерседес» мәшинелері тұрыпты. Олардың арғы жағындағы биік тор қамақта алып овчарка аласұра арсылайды.
Сыныптастардың көпшілігі келіп болды-ау деген сәтте Айбек асабалыққа сайланды. Ол бірден би бастады. Жылдам ырғақты саз баршаны үйіріп жөнелген.
–– Не қалайсыңдар, не тілейсіңдер, емін-еркін ішіп-жей беріңдер! –– деді Айбек. –– Рұқсат! Бердім, балаларым, батамды. Аян мырзаның он алты жасқа толғаны құтты болсын!
–– Он бес емес пе? –– десті бірер сыныптас қосарлана.
–– Бұл бір жыл кеш кіріскен оқуға, –– деді асаба.
Тағы да бір-екі биден кейін Айбек, Сая, Мәдина үшеуі Аянның айтуымен үшінші қабаттың ең түкпіргі бөлмесінде, маңдайын орамалмен шарт буып, мазасы болмай отырған Балжан Бөкенқызына барған.
–– Апай, Аянның туған күн кешін өзіңіз ашып беріңізші, –– деп өтінген.
Балжан Бөкенқызы шынымен-ақ қатты ауырып отырса керек. Қызметші әйелді шақырып, қосымша тапсырмалар берді. Сонсоң бұларға бұрылып:
–– Өздерің ашып, өздерің басқарып, тойлай беріңдер. Менің денсаулығым қиындап кетті ғой, айналайындар, кешіріңдер, –– деді демі жиілеп. –– Бәрі бар. Анау-мынаудан қам жемеңдер, мейлі ма? Тек тәртіп болсын. Уһ, басым-ай, сынып барады ғой тіпті. Бара беріңдер, айналайындар. Айбек, сен өзің жүргізе бергін, мейлі ма? Жақсы отырыңдар... Сая, сен қала тұршы, қалқам...
Сая ыңғайсызданыңқырап, кідірістей кібіртіктеген.
–– Қалай, Саятай, мамаң мен інің аман-есен бе? Сол емхананың бас дәрігері ғой? –– деді Балжан Бөкенқызы.
–– Иә, бұрынғы жұмысында. Жаман емес. Аман-есен жүріп жатыр, –– деді Сая.
Балжан Бөкенқызы қатты күрсініп:
–– Мені айта ма өзі? –– деді.
–– Айтып отырады кейде... Айтады, –– деді Сая.
–– И-а-а... Кейде дегін...
Аянның ата-анасы мен Саяның мамасы мектепте бірге оқыған кластастар, қазіргіше сыныптастар еді. Мектеп бітірген соң Саяның мамасы Алматыдағы мединститутқа, Аянның папасы мен мамасы экономика университетіне түскен. Беріге дейін кереметтей дос болған. Тек Саяның папасы мәшине апатынан қаза тапқаннан кейін, бұлар араласпай, мүлде қатыспай кеткен.
–– Мен... Мен бара берейін, –– деді Сая.
Осыны айтып, Балжан Бөкенқызына қараса, ол кісі үнсіз жылап отыр екен. Маңдайын шарт буған гүлді де сәнді орамалын шешіп, көз жасын сүрткіштеді.
–– Сәл тоқташы, –– деді өтінішті әрі өкінішті үнмен күрсініп. –– Саятай... Сенің папаң қандай еді, шіркін... Біздікі –– тірі күйік... Сыртымыз ғана бүтін, ішіміз улы түтін. Шаһардағы ең шаңқан, биік коттедждің бірі - біздікі.Қаладағы ең ірі фирманың бірі − біздікі. Бірақ бақыттымыз дей алмаймыз, Сая-а-а-а...
Аянның мамасы гүлді, сәнді орамалмен бетін басып, тағы да үгітіле егілді.
Қатты қартайып кеткенін енді аңғарды Сая.
–– Аянның папасы... Үйде емес, түзде. Өз өтенінде болғанынан болмағаны көп. Өз үйінде жүргеннің өзінде, көңілі сыртта. Ой, кешір! Кешірші, айналайын, Саятай! Мен сені мамаң екен деп, қайдағыны сандырақтап кетіппін ғой, кешір. Саған айтпағым басқа еді... Аянға... Аяныма... Менің Аяныма қарайлай жүрші, жарығым. Жарай ма?
–– Жарайды, апай, –– деді Сая сасқалақтап.
–– Сенен сыр жасырмай-ақ қояйын, –– деді Балжан Бөкенқызы. –– Біраздан бері бұл сыныптасың көбінесе кешігіп, түннің бір уағында, кейде таң алдында оралады. «Мерседес» астында. Жанымды шүберекке түйіп мен отырамын. Қайда жүрдің десем, компьютер клубында дейді. Әкесіне айта алмаймын, Саятай. Тәрбиелеу –– сенің міндетің, қолыңнан түк келмейді деп, өзімді өлтіруден тайынбайды... Қарайлап жүрші Аянға, Сая. Мақұл ма?
–– Мақұл, апай, –– деді Сая одан бетер ыңғайсызданып.
Ол сыныптастарына қайта оралғанда, би барынша қызып жатыр екен.
Айбек туған күн кешін «ресми түрде», қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашып, Аянның папасы Америка Құрама Штаттарында іссапарда жүргенін, ал мамасының мазасы болыңқырамай, кешірім сұрағанын жеткізді. Әзіл-қалжыңға орап. Бүлдірмей, білдірмей ғана күлдіріп. Сонсоң бірнеше сыныптасқа бірден сөз берді. Сыйлықтар тапсырылды.
Тағы да тамақ-тағамдар жағына Айбектің айтуымен «жаудай тиісіп» алған соң, биге кірісті бәрі.
Ортада билеп жүрген Аянның қалта телефоны қылғына шырыл қақты. Қалтафонын құлағына тосып:
–– Тоғжан Нұрлыбайқызы! Оһо! Сәлем, апай! Весьма тронут! –– деді-дағы, сыныптастары арасында жүргені есіне енді түскендей, азырақ өзгерді. –– Апай, рахмет сізге! Сыныптастар түгел осында. Өзіңіз ортамызда болғанда ғой! А-а, түсіндім-түсіндім... Абайлаймыз, апай. Абай-лай-лаймыз... Жа-жа-жақсы...
–– Аян! Аян, тоқташы! Мен Тоғжан апайдың даусын естиінші, –– деді Сая жанына ентіге жетіп.
Аян телефонын сөндіріп үлгерген еді.
–– Апайымызды шығынға ұшыратпайық, мен саған қайта қосып берейін, –– деді ол. –– Апай, Тоғжан апай! Сізбен Сая сөйлесемін дейді. «Ноу проблем».
Сая салтанатты бөлменің бұрышына барып, тілдесе бастады. Әлденеге толқып, жылап жіберді.
Сәлден соң Айбектің ұсынуымен қыздар ұлдарды вальске шақырды. Сая Аянның алдына келіп, басын иді. Иегін көтере ишара жасағаны жарасымды шыққан.
Екеуі шетке таман жырақтана билеп жүрді.
–– Аян, сен жаңа Тоғжан апайға неге өтірік айттың? –– деді Сая.
Аян таңырқап:
–– Қандай өтірік?! Қашан? –– деді.
–– Сен апайға: «Сыныптастар түгел осында» дедің. Бірталайы жоқ қой. Мұрат жоқ, Рауан жоқ, қыздардың көбі келмеді.
–– Кончай, Саечка!
–– Қазақша сөйлейікші. Туған күн кешінде.
–– Жарайды, Саятай. Шынымды білгің келсе, кейбіреулерді әдейі шақырмадым. Мұрат пен Рауан бұрыннан кері тартады. Кедейміз деп кергиді. Олардың жарымай жүргеніне мен кінәлідей. Қашанғы жалынамын. Қыздар да солай. Бөлініп-жарылып жүрген өздері.
–– Кешір, сені ренжіткім жоқ, басыма келген ойды ірке алмай қаламын, –– деді Сая.
–– Ол –– жаман қасиет емес.
–– Қайдам...
–– Әнеукүні де көрдің ғой өзің, Мұрат пен Рауан ең ақыры «ЭксЭлитке» де бармады. Қорықты. Қоянжүректер! Саяжай, сен қандайсың осы?!
–– Қандайы қалай?
–– Қоянжүрек емессің бе?
–– Жоқ, қорқақ емес сияқтымын.
–– Онда «ЭксЭлит» клубына мүше боп қосылсайшы.
–– Ол не өзі? Өткенде онша көңіл қоймаппын. Тоғжан апайды ойлап отырып.
–– Керемет клуб! Өзім де біраздан бері ғана қосылып жүрмін.
–– Қалай қосыламын оған? Сендер ұлсыңдар, мен...
–– Какая разница? Қайдағыны қуып кеттің, Саечка? Біз ұл деп, қыз деп бөлмейміз. «ЭксЭлит» тек адам таңдайды. Элиталық қасиетті, жаңаша ойлайтын, басқаша өмір сүретін жастарды таңдайды! Қосыласың, Саечка! Мен сені бүгін бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім...
–– Шынымен бе? –– деп әзілдей күлді Сая.
–– Сен жаңа ше, Тоғжан Нұрлыбайқызымен сөйлескен кезде ше? Сұлу қызға жылағанның да жарасатынын байқадым.
Сая қатты қызарып, ұялыс тапқан. Ішінен Балжан Бөкенқызын ойлаған. Ол кісінің жалынышты даусы құлағының дәл түбінен естілді: «Аянға... Аянға, менің Аяныма қарайлай жүрші, Сая...»

Кафедегі кездесу. «Шөп-темекі»


Аян табан астынан қатты өзгере бастады.
Біреу байқады, біреу байқамады мұнысын.
Күндердің күнінде ол Саяны және оның жақын құрбыларын тағы да «ЭксЭлит» кафесіне шақырды.
–– Жарайды, Сая, клубымызға мүше болып кіресіңдер ме, жоқ па –– өз еріктерің. Кафеде біраз-біраз демалуға болатын шығар? − деді ол.
–– Кафеге барсақ, клубтарыңа да қосыламыз, несі бар, –– деді Сая кенет батылданып. –– Мәдина мен Ләззат та бірге ғой бізбен.
–– Жар-райсың! –– деп қуана секіріп кетті Аян. –– Басқа сыныптастар сезбесін.
–– Құпия бірдеңелерің бар ма, немене?
–– Артық- ауыс әңгіменің қажеті қанша...
Тоғызыншы сыныптың алты оқушысы осылайша «ЭксЭлит» клубының мүшесі болып кеткен. Компьютер әлемінің, киберойындардың сиқырлы қызығына елтіп, түннің қою ортасында қайтатынға айналған. Тек компьютер мен киберойындар ғана емес, өзге де сауықтар, басқашалау билер ұйымдастырылатын.
Мақсат, Қайрат, Фарида дейтін бой-бастары сымбатты, қымбат киімдер киетін, келісті де көркем жастармен танысты сыныптастар. Аян, Айбек, Асхат бұрынырақ, Сая, Ләззат, Мәдина кейінірек достасты олармен.
Құрметті оқырман, осы жерде сәл-пәл алдын алып, түсіндіре кеткен жөн сияқты. Бәріміз де нашақорлар туралы көп естиміз, айтамыз. Алайда оларды көбіміз кинолардан көрсететіндей, газеттер мен журналдарда жазатындай, теледидардан беретіндей жағдайларда, жүдеп-жадаған, түр-тұрпаттарынан адам шошырлықтай күйге түскен жандар ретінде елестетеміз емес пе? Солай ойлайтынымыз рас қой? Бірақ олардың бәрі бірдей солай бола бермейді екен. Біз көбінесе қателеседі екенбіз. Шынтуайтына келгенде, бірыңғай, бір-біріне ұқсас, біз елестететіндей, біз ойлайтындай нашақорлар сирек екен. Есірткімен есіретіндер бірден білініп, бадырая көрініп тұрмайды екен. Сіздер мен біздер біржақты ұғынады екенбіз. Түсінбеушілік пен қателіктер осыдан туындайтын секілді-ау.
Мәселен, біздің кейіпкерлеріміз − тоғызыншы сыныптың оқушылары. Алдымен Аянды, одан соң Айбек пен Асхатты «ЭксЭлитке» тартқан, бірте-бірте Саяны, Ләззатты, Мәдинаны қосып алуға әуел бастан әзірленгендер кімдер еді?
Олар − Мақсат, Қайрат, Фарида.
Шын аттары осындай. Бүгінде баяғы, өздерінің нағыз ныспылары айдалада қалып, «алпауыттар» арасында, «өзгеше өмір» ортасында Макс, Кай, Барби атанып кеткен нашақорлар еді.
Біздің кейіпкерлеріміз алғашқыда мұндай мәліметтерден, құпиялау жағдаяттардан мүлде бейхабар болатын. Аян ғана аздап-аздап сезер-ақ.
Кай — қаладағы үлкен басшының ұлы.
Макстың әкесі алып кәсіпорынның бас директоры болған, кейіннен төмендеген бизнесмен.
Барби — атақты әртістің қызы.
Сырттай қарағанда, үшеуін де олай ойлауға, нағыз нашақорлар деуге жан баласы қимас та, иланбас та. Әлдекім сізге көрсетіп: "Солай да солай, шырағым" — десе, өзіңіз де ренжисіз. Сенбейсіз. Солай, ардақты оқушым.
Кезекті бір отырыста "шөп-темекі" операциясы басталған.
Кереметтей көңілді сәт соққандайтұғын. Бәрі бидің қызығына берілген. Барби бір шеттен бұрала билеп шығып, сиқырға буа жөнелген. Құйқылжыған сөз барған сайын үдеді. Барби басқа планетаның адамына айналғандай, жұмбаққа оранғандай. "Шөп-темекісін" әркімнің аузына апарып тоса қояды.
— Шөп-темекі! Шөп-темекі! Шөп-темекі! Бір соршы... Шөп-темекі! Бір соршы! — деп әндетеді Барби.
Әулекі әсерге елтімей қалу мүлде мүмкін емес-ті.
Саз үні өршіп, тоғызы түгелдей өршелене билейді.
"Шөп-темекіден" бір емес, екі емес, қайта-қайта сорғандарын да байқамас.
— Достығымыз — мәңгілік. Дұшпан қалсын қаңғырып! — дейді Кай.
— Мы жить будем бүкіл елді таң қылып! — деп ұйқастырады Макс.
— Шөп-темекі! Шөп-темекі! Жадымда тұрар жаңғырып! — дейді Барби. — Бір соршы! Бір соршы...
— Кәне, Барби әпке! Әкелші бері! — деді Аян.
— Маған да! — деді Асхат.
Айбек онша елтімеген секілді:
–– Абайлаңдар-ей, — дейді сыбырлаңқырап.
Оның сыбырына елең етер ешкім жоқ.
Саз-сиқыр барған сайын құтырына түседі. Сусындарға әлдебір нәрселер қосылған ба, кім білсін-ай, кім білсін. Әйтеуір, тоғызыншы сыныптың ұлдары үдеп кеткен. Қыздар жағы да қалысар емес. Сая ғана селкілдек биге, секірмекке қосылғанымен, "шөп-темекіге" сиректеу барады.
— Сен сорған сияқтанып, ішіңе тартпай-ақ қойшы, жарай ма? — деді ол Аянға сыбырлап.
Алайда, Аян ақыл тыңдайтындай күйде емес-ті.
— Неге сормаймын?! Неге ішке тартпаймын?! Менің ішімде не болып жатқанын білесіңдер ме?! — деп, Саяның өзіне дүрсе қоя берді. — Сорыңдар бәрің! Емдік шөп қой бұл! "Шөп-шылым" десе де болады! Емдейтін "шөп-шылым"!
Мұнысы Макске де, Кайға да, әсіресе, Барби әпкелеріне қатты-қатты ұнаған.
— Ой, жарайсың, Аян! "Шөп-шалам" емес, "шөп-шылым" дегеніңе рахмет! Бір соршы! — деді жұлқына билеп келіп.
Әлденуақта Аян Саяға қарата жақындап барды. Иығына өзімсіне қол салды.
— Саечка! — деді қолын артқан күйі.
— Қазақша сөйлейік те, — деді Сая. Әрине, сыныптасының өзімсінгенін, еркелегенін шеккі көрмеді.
— Саятай, сен қоянжүрек, қорқақ емеспін деп едің ғой, — деді Аян.
— Жоқ, қоянжүрек емеспін.
— Онда "шөп-шылымнан" шошыма!
— Жарайды, шошымайын.
— Әне, Ләззат пен Мәдина да үйрене бастады.
Бәрінің көңіл-күйлері қалықтай биіктеп, шырқауға шығандады.Бір-бірімен ешқашан айырылмастай, ешкім ажырата алмастай достасқандарын, ұғысып-жұғысқандарын, терең түсініскендерін білдірісіп, серттесіп тарасқан.
Бұл кезде қыс ортасынан жаңа ауған еді. Сонда да жазға бергісіз, май тоңғысыз, айлы түндер ғажап-ты. Оқтын-оқтын жауатын жұқалтаң қар жылдам еріп кететін. Айдың сүт сәулесіне малынған мәжнүнталдар ғана мұңнан айықпас.
Балжан Бөкенқызына осындай жылы түннің өзі аса суық, сұрықсыз сезілер. Ай сәулесін алдамшы адамдай жаратпас, таза ауа тыныс тұншықтырардай ауыр секілді. Аянды күтумен көз ілмейді көбінесе.
Сырттан қадалыңқырап қараған кісіге алып коттедждің үшінші қабатындағы үлкен терезеге жабысып тұрған сұлба білінер еді.
Біраздан бері осылайша қарауытып, қабарып, құр сүлдеге айналып күтетінге кеткен-ді.
Біресе күрсінеді, біресе егіліп жас төгеді.
Беті-жүзін умаждай уыстайды.
Шашын жұлмалайды.
Әлдебір дыбыс естілгендей болса, жанұшыра жүгіріп, төменге түседі.
Сүрініп сыртқа шығады.
Қабынып қақпаға жетеді.
Қолдары қалтырай есікті ашады. Ешкім жоқ...
Қалқайып, сүлдері сүйретіліп, кері оралар. Екінші, одан үшінші қабатқа көтерілер. Сонсоң сұлбаға айналып, ою-өрнегі өзгеше терезеден төмен телмірер.

Кай, Макс, Барби және Аян


Кай атанып кеткен Қайраттың әкесі қаладағы үлкен басшылардың бірі екенін ескертіп өткенбіз. Үлкен-үлкен, ірі-ірі зауыттар тоқтап, тоқырап, жұрттың көбі жұмыссыздыққа ұшырағанда, ол кісі алдағыны алғырлықпен болжаған екен. Сөйтіп, алып кәсіпорынның негізгі бөлігін икемдеп, иемденіп, бірте-бірте жекешелендірген.
Әрине, бәрі –– бала-шағаның, атап айтқанда, Кай-Қайраттардың және келер ұрпақтарының қамы. Деседі ғой әлгіндейін әкелер.
Кай-Қайраттардың үй-жайларына Аян Сексеновтің өзі де таң-тамаша қалған. Коттедждің қаншама сорттарын сырттарынан да, іштерінен де көріп-ақ жүрген сияқты еді. Мына құрылыстардың, қабатындағы қат-қат құбылыстардың теңдесі жоқ шығар.
–– Емін-еркін кіре беріңдер. Предкилер жоқ. Канар аралдарында. Әлі бір апта келе қоймас, –– деді Кай.
–– Пах-пах, шіркін-ай! Біздің пахан да бас директор боп тұрғанда ше, екі рет Антальяға, екі мәрте Тайландқа барған ек, –– деді Макс. –– Бүгінде бәрі бұл-бұл ұшты ғой бұлдырап...
–– Бұлдырап-бұлдырап... Таусылма бұлай құлдырап! Бір соршы! –– деді Барби- Фарида. –– Болсаңдаршы тезірек, шыдай алмай барамын.
Бұдан әрі үшеуі де шаншылмаққа шыдамсыздана кіріскен. Бір-біріне көмектесіп, инелерін асыға-аптыға қабылдасқан.
Аян бөлмелерді аралап жүріп, адасқан. Кейінірек серіктестерін тапты. Ол-дағы шприцке жармасқан. Ұстаздары өзге бөлмеге кетіп, бұл оңаша қалған. Өзінен-өзі күбірлейді. Өзін-өзі тістене қайрайды:
–– Біздің әкеміз әлі мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Жете алмайда да. Соның өзінде мамам екеумізді менсінбейді, адам деп санамайды. Біздің үйдің іші суық қой, суық... Жоқ, ыстық-ақ, ыстық болғанда қандай! Қыстай қайнап тұрады. Сонда да суық... Мына Кайдың үйі де қайнап тұр... Өздеріне суық сезіле ме екен? Әлде жылу, жан жылуы, жүрек жылуы бар ма екен? Аһ, жылытшы... Жылытшы жанымды-ай, шіркін-ай... Шаттыққа бөлеші мені, мәртебелі инем... Ине-е-е-ем... Аһ-аһ-аһ!
Қарсы бөлмеден шығып, Аянның «кәйіпке» түскенін қызықтаған Макс сықылықтай, сонсоң сақылдай күлген. Оның даусын естіген Кай мен Барби сергектене, секіре-секіре шыққантұғын. Үшеуі Аянға асқан ризалықпен көз тастаған.
–– Аян еді, шаян болды. Достығымыз –– мәңгілік! –– деді Макс билегісі келіп, жұлқынып.
Барби музыка қосты да Аянға үңілді:
–– Сорлы сорадан бастап соларды-ау, ә? Жылдам жетілді ғой, өзі, а? –– деді ол.
–– Адам қатарына жаңа қосылған баланы олай қорлама. Сорлы деме! Барби ханым! –– деді Макс. –– Бұдан былай аузыңа алмағын сорлы деген сөзді. Антыңа адал бол!
–– Қойдым-қойдым, басеке! Аздап аяп Аянды, толқыңқырап кеткенім ғой, –– деді Барби. Өзі өкшелерін биге икемдеп, қымбат бағалы паркет еденге дік-дік қадай қайта секірді.
–– Бастаймыз! –– деп айқайлады Макс.
–– У-у-ух! –– деп қосылды Кай.
Үшеуі үш жақтан ортаға қарай аласұра билеп шығып, бастарын түйістірді. Сол күйі шыр айнала секірісті. Бидің бұл түрі біразға созылды. Сәл дем басар сәттерінде:
–– Қатарымыз көбейді! Патроннан алғыс естиміз! –– деді Кай.
–– Анау үш қыз бен Айбек дегендері тым пысық, қу екен. Марихуананың өзіне аса сақ қарайды-ей! Сақтанады-ей, бәлелер! –– деді Барби.
–– Асхаттары жалаңаяқ екен, жәрдемімізді аямайық, –– деді Кай.
–– Асхаты біздікі. Ал енді Айбегі мен қыздарына давить етпек керек-ау?
–– Асықпайық. Артық қыламыз деп тыртық қылып алмайық. Арбамен қоян алған ләзім, –– деді Кай.
Макс шалқая билеп, шашала күлді кенет:
–– Пах-пах, поэзия! «Ләзім» дейді біздің Кай! Пай-пай! Нашақор боп, қор боп жүрсің дә-ә-ә. Әйтпесе, шаһарымыздағы шайырлар көшін бастар ең. «Ләзім» дейді-і-і...
–– Ақындықтың қорлығынан гөрі есірткіге есіргенім көш ілгері емес пе? Бақытымнан айырмаңдар, беу дүние! Шайырлықтарыңды бастарыңа шайнап жағыңдар, –– деді Кай. –– Қайыршылықта нем бар-ей, ақын болып...
–– Мына бала өліп қалмай ма? –– деді Барби. –– Бірден қатты кетіп қалмады ма?
–– Қайдағы! Қайдағы өлге-е-е-ен?! Бұл қазір нағыз жұмақта. Сол жақты қимай, кері оралғысы келмей жатыр.
Барби барып саз әуенін өзгертті. Үшеуі аласұра аптығып билеуге қайта кірісті.
–– Бірің –– «пушер» болғанда, бірің –– «дилер»-ай! Бұл Барбиің жұлынып, қашан билер-ай?! –– деп, ол Макс пен Кайды одан әрмен еліттірді.
Сәлден соң бұларға оянған Аян қосылған...
...Ол өз үйіне оралғанда, таң атып үлгерген-тін. Алғаш тұла бойы тоңазып, одан бірден ысып, терлегендейтұғын. Таксиден түсіп, қақпаға жақындағанда, денесі шаншыма дірілге буылды. Онысы кенет сап тиылып, ешқандай ой да, уайым да, ұялыс та қалмаған. Жан-дүниесі мүлде бос, тек сырты қаупиятындай.
Өз кілтімен өрнекті есікті ашты.
Алдынан жылап-еңіреп шешесі шықты.
Бет-жүзінің мыж-тыждана, мүлде өзгеріп кеткені, ақ аралас шашының шошынарлықтай қобырағаны, жүдеп-жасығаны, тағысын-тағылары баласына титтей әсер етпеді. Анасы аңырай боздады. Аяғына жығылды Аянның:
–– Жа-ры-ғым... Жа-ным


ТҮРКІ ДАСТАНЫ

Есімі елдің есінде


Батырбек Өтеп 1967 жылы Львов қаласындағы қолданбалы өнер институтында оқып жүріп, күнделік жазған екен. Қазір оның сары, қызыл, қоңыр дәптерлері мен шағын-шағын блокноттары зайыбы Бибіайша ханымның сандығында сақтаулы. Артында қалған мұраларын айналымға түсіріп, аянбай бейнеттенетін Бибіайшаның сол сандығындағы сары дәптерде студент Батырбек былай деп жазыпты: «Бүгін күн босқа өткен сияқты. Себебі, кеше біздің бөлмеде қыздар, балалар бас қосқан еді. Содан бүгін күні бойы тынығуға тура келді. Кеше аздаған ұйым құру туралы сөз болды. Ешқандай алдын-ала тұжырым болмағандықтан, ешқайсысы жете мән берген жоқ». Сол сары дәптердің бір тұсында: «Экраннан, радиодан, телевизордан, әйтпесе ауызекі болсын, өз ұлтыңыздың атына жақсы сөз естісеңіз, қалай көтеріліп қаласыз?! Ал, кейбір топастардың жөнсіз басынуы...» деген сөйлемдер жазылып, ой аяқталмай қалыпты.
Енді қызыл дәптерді қолыңызға алсаңыз, төртінші курстың студенті Батырбек Өтеп: «Мендегі мақсат – қазақ елі үшін әйтеуір пайдалы, керекті, бүгінгі күнге қажет тетіктердің бірі болсам деймін. Елімнің басқа елдерден елі, тарихынан тарихы, жерінен жері, т.б. кем емес, сонда да еңсесін көтеріп, бір бой көрсете алмай-ақ келеді», – депті. Осы дәптердің сарғайған беттері одан әрі сыр шертеді: «Өнердің ең үлкен өлшеуіші суреткердің өз шері мен туған еліне деген махаббатымен өлшенетін секілді». «Адам мен айуанның айырмашылығы неде? Айуан өз үлесін алса, тойынып, тыныш табады. Ал, адам неге өзгенің үлесін де қарпып қалғысы келеді? Сонда қайсысы артық? Менің кейде өз сыбағамды біреуге беретінім бар. Оған онша қажет болмаса да, тартынбайды...» «Халықтың халықтығын, елдің елдігін көрсететін факторлар оның тарихы, дамып келген өнері». «Қазақтың текемет басу өнерінің ерекше екенін, өнердің биігіне көтерілгенін байқаймыз. Монреаль қаласында өткен көрмеде француздың атақты суретшісі Леже текеметтің композициялық шешіміне, түсіне, өзіне ғана тән ерекшелігіне, сұлулығына жоғары баға берді». «Мен өзімді суреткермін деп есептейтін болсам, алған бағытыма өте-мөте адал болуға тиістімін. Өз алған мақсатымның жолында ешкіммен де, ешқашан да, жалған, көмескі келісімге келуге болмайды. Құдай-ай! Бұл – өзіңді өзің масқаралық халге душар ету, ар-ожданнан жұрдай болып, өзіңді өзің жоқ ету деген сөз ғой!!!»
Күнделіктер осылайша жалғаса береді. Студенттің соншама салмақтылығына, салиқалы пікірлеріне, орнықты ойларына аса ризаланып, ары қарата парақтай бергің келеді, оқи түскің келеді.
Батырбек Өтеп кім еді?
Қазақтың ұлттық гобелені өнеріндегі жарық жұлдыз болатын ол. Өнеріміздің осы саласында өздерінің өшпес іздерін қалдырған, өмірден тым ертерек озған қос жұлдыз бар. Олардың екеуі де – Оңтүстік Қазақстанның, суретшілік, суреткерлік дарыған өзгеше топырақтың жапырақтары. Екеудің бірі Құрасбек Тыныбеков 1980 жылы 33 жасында, екіншісі Батырбек Өтеп 1992 жылы 45 жасында қайтыс болды.
Батырбек Өтептің алпыс жылдығын осы күндері Оңтүстік жұртшылығы айтарлықтай-ақ атап өтуде. Гобелен өнерінің хас шебері Өтептің аты берілген өнер мектебінің алдында суретшінің мүсіні орнатылды. Батырбек Өтеп көшесінде, аталмыш өнер мектебінде еске түсіру жиындары өтеді. Туындыларының арнайы көрмесі ұйымдастырылады.
Батырбек Өтеп талантты, тағдырлы өнер иесітұғын. Жастайынан тұрмыс тауқыметін көп көрген. Он бес жылдан астам уақыт бойы айықпас аурумен арпалысты. Сонда да өзінің күнделіктерінде жазғанындай, мақсат биігіне талпынудан танбады, өнер жаратты, қазақ елі үшін, туған ұлты үшін пайдалы, аса қажет тетіктердің бірі болмаққа ұмтылды. Бола білді де!
Ол көзі тірісінде өнерін бұлдамады, міндетсінбеді, ешкімнен де, ешқандай билік орындарынан да ештеңе сұрамады. «Үйім нашар, күйім төмен, маған жағдай керек» демеді. Дүние-мүлікке, үй-жай мен жақсы жағдай дейтіндерге біртүрлі, келемеждей қарайтын. Тек тап-таза, кіршіксіз өнерге ғана табынған күйі, қарапайым ғана қалпында, сыр берместен, сырбаз ғана өтіп кете барды бақиға.
Жетпісінші жылдары Батырбек Өтептің алғашқы гобелендік туындылары көрмелерге қойыла бастаған. Бірақ жылдам алынып тасталатын. Сексенінші жылдары Батырбек шығармаларындағы тым-тым тарихшылдық пен ұлтжандылық, түркішілдік пен қазақшылдық, қолданбалы өнерге тән құндылықтардың терең философиялық-тарихи арнада тоғысулары, қандай туындысында да жасырынып жататын мұң мен сағыныш, арғы ататек пен алдағы армандарды аңсау және кенет атойлап, ат ойнатып шыға келетін күрескерлік талай-талайларға ұнай бермес еді. Осындай-осындай өзгешеліктеріне байланысты Батырбек бірталай көрмелерден, бағалаулардан, тағысын-тағылардан шетқақпайланып қала беретін. Онсыз да жарым көңілі бәсеңдеп, жыртық тұрмысы титықтатып, дертіне дерт қосты. Бірте-бірте ол бес қабатты бетон үйдің ең жоғарғы қабатынан мүлде түспейтінге, далаға шықпайтынға айналды. Алайда, жазып-сызуын, сызып-жазуын тоқтатпады.
Батырбек Өтеп «Отбасы», «Шілде», «Өмір өрнегі», «Атамекен», «Өскен өңір», «Өркендер», «Біржан – Сара», «Бозторғай» сияқты талай-талай тамаша туындылар жаратты. Олардың көпшілігі гобелен, кейбіреулері кілем, текемет пен тұскиіз немесе алаша.
Әрине, Батырбек суреткердің ең басты туындысы – «Түркі дастаны» үштағаны. Бүгінде бұл шығарма бүкіл дүние жүзі болмаса-дағы, жарты әлемді жаулап алды десек, онша артық айтқандыққа жата қоймас. «Түркі дастаны» қазір Астана мен Алматының, көптеген алыс және жақын шет елдердің бірталай жерлерінде, өнерді бағалай білетін мыңдаған үйлердің төрлерінде ілулі тұрыпты. Тіпті бір кездері Батырбектің туындыларын «тым ұлтшылдық бағытта» деп бағалап, қорқа қарайтын, шошып-шоршитын обкомдардың – бүгіндегі облыстық әкімдіктердің үлкен залдарындағы құрмет тұтар қабырғалардан да көріп жүрміз. «Түркі дастаны» үштағаны – терең тебіреністі толғау, шын мәніндегі дара дастан.
Белгілі журналист, өнер зерттеушісі Нұрлытай Үркімбай осы «Түркі дастанын» былай талдайды: «Бұл – триптих. «Серт» деп аталатын бірінші бөлімінде ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен тұста батыр қазақ ұланы жау қолынан шейіт кеткен ата-бабалардың азаттық үшін күресін одан әрі жалғастыруға серт береді. Жауынгерлер болмысында шамырқаныс, ел тәуелсіздігі үшін күреске деген құлшыныс атойлап тұр. Олардың арқа тұсында жорық дүбіріне құлақ түре елеңдескен қаңтарулы жүйріктер... Екінші бөлім «Жеңіс тойы» деп аталады. Жауын жеңіп қайтқан ер ұландарын бар құрметімен қарсы алған ел мәре-сәре. Сәби баланы ақ киізге көтерген жаужүрек жауынгерлер тұтаса сап түзеп тұр. Бұл – аманат тапсыру белгісі. Қобызшы қария өткен тарих қойнауына еніп кеткендей. Домбырашы ақын ұрпақтар жалғастығы жайында жыр төгуде. Бір шетте елігін жетектеген бүлдіршін қыз қос батырға қолындағы гүлін ұсынуға бата алмай тұр ма, қалай?! Ел-Ана, Жер-Ана батыр ұландарына ризалығын білдіріп, көкке қолын жаяды... Триптихтің үшінші бөлімі – «Күрес». «Жеңіс тойында» жауынгерлердің аттан түспеу сыры енді ашылғандай. «Күрестегі» иық тірестіре қатар тұрып, жауына жебе кезенген жауынгерлер болмысы аса сұсты. Түркі даласының бостандығы үшін күрес одан әрі жалғасуда...»
Батырбек Өтептің «Түркі дастаны», тағы басқа да түркілік, тарихи-ұлттық тіндегі, дара дарындық ділдегі дүниелері енді-енді бағаланып келеді. Ал, шынтуайтында, бұл суретші бүгінгі бостандық үшін сонау сексенінші жылдары белсене күрескен суреткер еді. Өзінің гобелендері арқылы айқасқа шыққан, текеметтерімен тектілікті қорғаған, кілемдерге түскен өзіндік өрнекті шығармаларымен шынайылық үшін шырқыраған, алашадағы айшықтарымен алаш санасындағы тәуелсіздікке талпыныс қасиетін қастерлеген. Бір сөзбен айтқанда, өлмейтін өнер қалдырған. Батырбек өз күнделігінде: «Өнер адамының өз ұлты еркіндікте болмайынша, еш уақытта еркін болуы мүмкін емес», – деген екен.
Мархабат БАЙҒҰТ.


ТҰҢҒЫШ

Мархабат БАЙҒҰТ


Кемеңгер суреткеріміз, данышпан ойшылымыз Мұхтар Әуезов бөлекше бағалаған, өзгеше ықылас білдірген қарымды қаламгеріміз, Қазақстанның халық жазушысы, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтан осыдан он екі жыл бұрын бүйдеген: «Егер біз бүгін абыр-сабырдан аулақ, тыныш ахуалда өмір сүріп отырсақ, ол да ең алдымен, Президентіміздің икемді саясатының арқасы. Басқа жұрттарымыз да жақсылықтың қадірін бағалай жатар. Ал бұл үшін біздер, ең алдымен, өз жұртымыз –– қазақ халқы өз Президентін, өз азаматын, өз перзентін өзегіне тартып, өзегін үзе құрметтей білуі керек. Жеке басымыздың шамалыда таусыла қоймас мұң-мұқтажымен алаш қамын ойлайтын азаматтың мазасын ала бермейік. Қарттар, әсіресе майдангер ардагерлер ақыл айтуға өте құштармыз. Ақыл беру үшін де ақыл керек қой. Өз басым осы күнге дейін Президенттің жеке қабылдауына сұранған емеспін... Тұңғыш Президент –– қай мемлекет үшін де даусыз тарихи тұлға. Оның тағдыры –– көп жағдайда күллі ел тағдырын шешеді. Оның саясатының тұрақтануына, ықпалының орнығуына жәрдемдесу –– барша саналы замандастарының парызы. Ол парыздан суреткерлер де сыртқары тұра алмайды».
Тұлға-тұрпатынан тектілік танылып тұратын, сондай сұңғылалық тұғырынан таймай, биігінен төмендемей өткен Тахауи тоқсан үшінші жылы тап осылай толғанған еді. Сол ой-толғауында Ахтан ағамыз ағынан жарылып, жоғарыдағы пікіріне қоса қайсы бір елдер әлем алдындағы беделі біздің Президентімізге ілесе алмайтын басшыларын аспанға көтеріп жатқанда, біз неге сөйтпейміз демейікті де, олай ету біздің сабырлы да орнықты азаматымызға ерсі болатынын да ескертеді.
Жасыратыны жоқ, мына біз пақырыңыз қай нәрсеге де, кімнің пікіріне де мүмкіндігінше сын көзімен қарамаққа талпынатындардың сапында сияқтымыз. Кім білсін-ай, кім білсін, әйтеуір, шамамен алғанда, солай есептейтін секілдіміз. Сол тоқсаныншы жылдардың бастапқы тұсында Елбасымыздың екі пікіріне едәуір қарсылау ой білдіргеніміз бартұғын. Біріншісі ол кісінің американдық ақын-жазушылардың жай-жапсарын мысалға келтіріп, бізде де солай болуы керек дегеніне, екіншісі елімізде орыс тіліне қысым жасалмауы тиістігін теледидардан ескерткеніне байланысты еді. Ал біз сонда американдық ақын-жазушылармен қазақстандық қаламгерлердің тұрмыс ахуалын салыстыру ертерек екендігін, одан кейінгі пікірімізде Қазақстан жағдайында орыс тілінің бүгін де, болашақта да қысым көруі мүлде мүмкін еместігін, керісінше қазақ тілінің қолданысы қақпай көріп отырғандығын дәлелдемекке тырысып ек. Алғашқы материалымыз «Абайламай айтқан шығар» деген атпен «Қазақ әдебиетінде», екіншісі «Ананың ақ сүтіндей...» деген тақырыппен «Халық кеңесі» газетінде жарияланған болатын. Шындығы керек, өзге кездері Елбасымыздың сөздерінен де, кітаптарынан да, баяндамаларынан да «әй, әттеген-ай» дейтіндей жағдайды кездестірген емеспіз. Бірте-бірте біз тұңғыш Президентіміздің сөзіне де, ісіне де риза болып, таңданып, тіл-көзден сақтасын дейтіндердің қатарына қосылдық. Елбасымызды ерекше мақтап, марапаттап арнайы мақала жазбадық. Бірақ, мақтанышпен, мерейлене отырып, қаламымызға қанат бітіп, толғанысқа түсіңкірейтін дүниелерімізде, мәселенки, қасиетті Қазақстанға, айналайын Атамекенге, ұлтымыздың ұйытқысындай Оңтүстікке, қазақ халқының талайлы тағдырында теңдессіз орны бар Ордабасыға, түркі әлеміне ортақ Түркістанға, ауыл ажарының айшықтала бастауына байланысты Елбасымыздың ерендігіне, кемелдігіне, тереңдігіне тоқталмай өте алмайтын тұстарымыз болады, әрине.
Ал бұл жолы ТҰҢҒЫШ деген қазақтың қасиетті сөзі күллі дүниенің құлақ күйіндей, әсем бір әннің атындай жүрек тербеп тұрыпты.
Тұңғыш деген сырлы сөз, тұңғыш деген ұлағатты ұғым, тұңғыш деген тебіреністі түсінік біздің қайран да қайран қазағымызда бөлекше. Бірінші, алғашқы, тағысын-тағы деп өзгелер де айта берер, ал айналайын алашымыздың, қайран қазағымыздың қайталанбас, қанатты сөзі, тұңғыштайын өлеңдік өрелі өрімі өзгеше ғой.
Қайбір жылы «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы қабылданды емес пе? Сол Стратегиямызда барыс бейнесі, барыс батылдығы, бірте-бірте барысқа айналатынымыз хақында жан-жақты жазылып, батыл-батыл болжамдар жасалмады ма? Сонда ше, дүние жүзіндегі сәуегейлердің бірталайы селкілдей күлген, бірқатары аңтарыла таңырқаған. Түстік тұсымыздағы мұстақыл мемлекеттің, қашанғы көршіміздің көріпкелдігі жетіп-артылар саясаткерлерінің көпшілігі әскиялай әжуалап, мазақы пиғылмен мысқылдап: «Бірқанша жылдар өтпей-ақ бұ қоңсыларымыз «зоопаркке» айналып кетпесе бопты дә-ә-ә... Уах-ха-ха!» –– дескеніне куә болғанбыз. Шекарадағы шайханада отырып, шыдамдылықпен тыңдап баққанбыз. «Байыптап, байқап қарасаңыз, кез-келген адамның бет-бейнесі немесе түр-тұлғасы әйтеуір бір аңның, әйтпесе басқа бір жануардың кейпіне ұқсайтыны рас», –– деген данышпанның пікірін келтіріп: «Кімнің қандай боларын Алла білер, уақыт көрсетер, жігіттер. Жақсы күндерде кездесейік», –– деп, орнымыздан тұрып кеткенбіз. Шүкіршілік, «Қазақстан-2030» Стратегиясының қағидаттары бірте-бірте орындалып келеді. Бағдарламаның бес жылдығына орай «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізгенімізде ше, әлгі «уах-ха-халаған» жігіттердің бәрі келмеді, әрине. Біреуі ғана қатысып, баяғыларына кешірім өтінгендей, байыпты сөз сөйледі, Қазақстанға қызыға да қызғана қарайтындарын қайта-қайта айта берді. Бұл бағдарламаның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі терең де кемел тұңғыш Стратегия екендігін мойындады, оның нәтижелерін бізден жақсы білетіні ап-анық аңғарылып тұрды ғой сонда.
Тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған тұңғыш Президентіміздің туған елін төрткүл дүниеге тұңғыш танытқанына өзіміз ғана емес, өзгелердің қайран қалатынын естіп, біліп, көріп жүрміз.
Қазақ халқының тарихында тұңғыш рет тұңғыш Президентіміз егемен еліміздің еркіндік туын өз қолымен көтерді. Ту көтерді дегеннен шығады, қайбір жылы Республика Сарайында тұңғыш Елбасымыздың әлдебір себеппен қисайып бара жатқан туды кенет байқап қойып, құлатпай ұстап қалғанына куә болғанбыз. Алғашында «аһ» деп барып, ақырында «уһ» дегендердің, сөйтіп: «Иә, Жаратқан Ие, мың да бір шүкіршілік!»–– деп күбірлегендердің қатарында, сол залда отырғанбыз.
1993 жылғы мамыражай мамырдың соңында, Ордабасы тауында ұлы жиын өткені жарты әлемге аян. Тұңғыш Президентіміз тұңғыш рет тарихи Ордабасы биігіне көтеріліп бара жатты. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би кеңес құрған, Әбілқайыр, Абылай, тағы басқа да хандар болған биіктұғын ол. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентіне, жусан исі бұрқырап, ермені енді-енді шашақтанып, адыраспаны жаңа бүр жара бастаған беткеймен толғана, тебірене өрлеп бара жатқан Елбасымызға жүз елу мыңнан астам адам, алуан елдерден, түрлі мемлекеттерден келген Президенттер, Премьерлер, басқа да басшылар, өзге де өкілдер таңырқай қарап қалған сонда. Сондай күндерді, сол бір сәттерді, кереметтей көріністерді ұмытуға бола ма?! Жұртшылықтың жадынан өшіру мүмкін бе?
Сол жылы, 28 мамыр күні сәскенің сәулесі құйылып, көктің нұры төгіліп тұрғанда тұңғыш Президентіміз Ордабасының ең шырқау тұсындағы Қарауылтөбенің басына шығып, тұңғыш рет тұңғыш тәуелсіз мемлекетіміздің туын көтеріп, аспанға арай шаша желбіретті. Сол күннен бастап әлгі төбе Тутөбе атанып кете барды. Сол күні тұңғыш Президентіміз Ордабасы тауында «Береке басы –– бірлікте» атты тарихи баяндамасын жасады. Сол баяндамада қазақтың біртуар билеріне, батыр қолбасыларына, қасиетті хандарына әділ бағалар берілді, егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің мақсат-мұраттары айқындала түсті. Тіпті Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылатындығы да тұңғыш рет осы Ордабасыдағы баяндамасында жария етілді.
Осы орайда ойға оралып-ақ жатыр-ау, кейінірек Түркістан шаһарының 1500 жылдығы тұңғыш рет тойланбады ма? Әзірет Сұлтан күмбезінің қарсы бетінде сан мың адам сапқа тізіліп, тұңғыш Президентіміз келетін жаққа көз тігеді. Неге екені белгісіз, сол күнгі ауа райы таңертеңгілікте тым тымырсықтанып, аспан түнеріп, тұманытып тұрған. Сәлден соң Ахмет Ясауи кесенесінің сол жағынан Елбасымыз көрінді. Жанында тәуелсіздігімізді тұңғыш таныған Түркияның Президенті бар. Кенет түнерген тұман ыдырап, лездің арасында, деп-демде күн күлімдеп сала берді.
Тұңғыш Президентіміз де күлімдеп келе жатыр екен. Кәдімгі, кей кездегі басылымдарда берілетін жас жұмысшы, Теміртауда жүрген жалынды жігіттік шағындағыдай риясыз күлімсірейді. Айтпақшы, алпысыншы жылдардың алғашқы алыбы ─ Қазақстан Магниткасында да тұңғыш домна пешінің тұңғыш іске қосылуында тұңғыш қазақ шойыншысы болғандардың бірі де ─ бүгінгі Елбасымыз.
Талай-талай тар кезеңдерде, талайлы өткелдерде, қауіп-қатерлі тұстарда: «Тәуекел!» ─ деп тұңғыш қадам жасайтын біздің тұңғыш Президентіміз екендігін екінің бірі біледі. Мойындайды.
Жиырмасыншы ғасырымыздың аяққы тұсында жаңа Қазақстанды қаз-қаз тұрғызу, тәуелсіз мемлекетті құру, егемен елдің тізгінін ұстау сынды ұлы парызды Тәңірдің өзі, тарихтың өзі, тағдырдың өзі тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына артты, тұлғасына табыстады, жүрегіне жүктеді.
Тұңғыш Президентіміздің тұғырлы биіктерін бәсейтіп, айрықша феноменін мойындағысы келмейтіндер де баршылық. Алайда, анығын айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына небір кемшіліктерді үйіп-төгіп бақсаңыз да, Елбасының етегінен ентігіп неше, қитығып қанша, тартқыласаңыз да, сайып келгенде, ондай-ондай әрекетіңізден дәнеме шықпай, өзіңізден-өзіңіз пұшайман халге түсуіңіз әбден ықтимал. Бұ пәни жалғанда үлкенді-кішілі пенде атаулының бәрінде де, басшыларда да, қосшыларда да кемшіліктер болмай тұрмайды ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты өзгелермен ─ алыстағылармен де, жақындағылармен де, салыстыруға болар, бірақ бір өлшеммен қарауға бола қоймас. Қазір мойындалып жүргеніндей, Назарбаев феноменін Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің түйіскен тұсында, өзгешелеу өрілген өңірінде, тоталитаризм мен демократияның шектескен шегінде, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың ұласқан ұланбелінде, қаншама ғасырлар бойы қан-қасап қырғындарды, жүз жылдық жойқын жойылыстарды бастан кешкен, қаймақ қалқулардан азап шеккен ұлы қазақ даласында заманның тезі, уақыттың өзі туғызбады деп ешкім де айта алмас. Өзгелермен бірдей өлшеммен қарауға болмас деуіміздің мәні мен мәнісі осында. Тұңғыштардың тұңғышына, қаншама қайшылықтарына қарамастан, қашанғы қалыптардың қаптала бермейтіні бұрын да болған, бүгін де бар, келешекте де кездесе берер.
Есіңізде болар, тұңғыш Президентіміз ядролық қарудан бас тартуда да тұңғыш стратегиялық сұңғылалық танытты. Онда да осқырына қарағандар, қарадай қапа боп, шулай тулағандар аз емес-ті. Бірте-бірте байыз тапты, бара-бара байсал тартты, келе-келе түсінді. Тұңғыш Елбасымыз Семей ядролық сынақ полигонын жауып, бұл орайдағы батылдықтың да тұңғыш үлгісін танытты.
Өзінің тәуелсіз мемлекетін, егемен елін, алмағайып ахуалдағы алашын, көп ұлтты күллі жұртын нарыққа бағыттауда және оның нақты нәтижесіне қол жеткізуде тұңғыш бола білді ол. Реформалар жргізудегі қазақстандық тәжірибеге ден қоюшы шет елдер, еліміздегі экономикалық жаңғырту және саяси демократияландыру үрдістерінен үйренушілер жоқ дей алмайсыз.
Тұңғыш рет бәсекелестікке қабілетті экономикаға ие елу елдің қатарына кіру туралы мақсат қойды.
Инвестиция ең көп салынатын берекелі мемлекеттің санатында тұңғыштардың тізіміне тіркелдік.
«Мәдени мұра» бағдарламасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде тұңғыш қабылданып, іске асырылуда.
Білім берудегі реформалардың тұңғыш қолға алынғаны мәлім.
Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жағын тұңғыш реформалаудан табыссыз емеспіз.
Зейнетақы реформасы мен жинақтау жүйесі жөнінен де Қазақстан тұңғыш қарышты қадам жасады.
Банк салаларын сарамжалдаудан азуы алты қарыс Ресейіңіздің Қазақстаннан қалып қойғаны және рас.
Аграрлық реформалаудан алғашқы қатардамыз, ауылдың көшін бағыттаудан алдыңғы саптамыз. Асып кетпесе де артта емес, тасып кетпесе-дағы теңі түзеліп келеді. Тұнжырап төмен қарамай, басын көтере бастаған шаруалар көбейді.
Оралмандар орайында, қаншама елдердегі қандастарымызды қайта оралтуда тұңғыш рет текті тірліктерді қолға алған һәм біздің тұңғыш Президентіміз емес пе?
Егемен елдің еңсесін тіктеу үшін, ең алдымен еленер, алғашқы кезекте атқарылар іргелі істің бірі әрі бірегейі іргені бекіту ─ шекараларды шынайы да сенімді қамдастыру еді. Тұңғыш Президентіміз тұңғыш рет іргемізді қымтауға, шекараларды берік бекітуге қол жеткізді. Қолайлы сәттерді қалт жібермей, сергек әрекеттеніп, ширақ қимылдап, Қытай сынды алып мемлекетпен терезе теңестіре тілдесіп, саспай санастырып, жүздеген жылдар бойы жаралы күйде келе жатқан жағдаяттарды жарастырып, бәрін де бекемдей икемдеу тіпті де жеңіл емес-ті. Ресеймен де шекараның сызығын ұзына бойы безбендей белгілеу, заманға сай заңдастыру оңайға соға қойған жоқ. Тұңғыш Елбасымыздың ерекше епсектілігі, елгезектігі, биік беделі, жанкештілігі, біліктілігі, дүлдүл дипломаттығы арқасында ғана Атыраудан Алтайға дейінгі ашық-шашық жатқан іргемізді тұңғыш рет қымтай алдық. Басқасы басқа, біздің Қазақстанның ірге бекітуінің өзіне де өзгешелеу өлшемдер тұрғысынан қараған ләзім.
Сынаптай сырғып өте шыққан сегіз жылда тұңғыш Елбасымыз Астанадай абат қала салып, бұл жөнінде де тұңғыштығын танытып, күллі әлемді таңырқатты. Ал өз ішімізде ше, кінәрат іздеп күңкілдеп, еріндері дірілдеп, құштарлыққа емес, іштарлыққа буылатындар бар. Басқасы басқа делікші, ал енді Астананың асқақ бейнесіне, ардақ келбетіне қуанбауға бола ма? Тұңғыш Президентіміздің: «Астана ─ бұл бүкіл қоғамның ереже-тәртібі мен салт-дәстүрі, мінез-құлық құрылымдары қалыптасатын жер», ─ деген жүрек үніне иланбауға, сенімсіздікпен қарауға бола ма? Өзгені қайдам, мына біз пақырыңыз Астанаға жолымыз түскен сайын жүрегіміз алып-ұшып қуанамыз, әйтеуір.
Тұңғыш Елбасымыздың тұңғыш тірліктері турасында жалғастыра беруге болар. Жақында біздің бір досымыз жаңалық ашты. Созылып жатқан Созақ даласындағы жосылып жатқан жонның үстінде қой бағып қана қоймай, ой бағып жұріпті. Оның анықтауына қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев ─ бүкіл дүние жүзі Президенттерінің арасында жыл сайын ұшақпен ең ұзақ ұшатын Елбасы екен.
Біздің Елбасымыз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосқан тұңғыш мемлекет басшысы ретінде ақеділ алғысқа бөленді. Маргарэт Тэтчеріңіздің өзі діни негізде адамзаттың қаншама қақтығыстарды, қаншама қасіреттер мен қантөгістерді бастан кешкенін, сан түрлі діни нанымдардың өзара дұрыс түсіністігіне қол жеткізу арқылы адамдар арасындағы бір-біріне сенбеушіліктен арыла аламыз ба деп үміттенетінін айта келіп, Қазақстан Президентінің тұңғыш бастамасын қызу қолдайтынын білдірді.
Тұңғыш Президентіміздің әлем жүзіндегі беделі биік, абырой-атағы жоғары екендігіне дәлелдер мен дәйектер тіпті де аз емес.
Түсі суықтау, сырты салқындау, ешқашан ішін алдырмайтын, көзі күлгенмен өзі күлмейтін, кейде көзі күлсе-дағы өзі күлмейтін кәдуілгі Владимир Путин ойланбай сөйлемейді, оңай сөз айтпайды. Тотияйындай ойып түседі. Дәлдеп, дәйектеп негіздейді, мәйектеп меңзейді. Жақында ғана сол Путин, Ресей Федерациясының Президенті, былай тұжырымдады: «Н.Ә.Назарбаев осы сөздің толық мәнінде ─ қазақ халқының тарихындағы тұңғыш тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Президенті. Ол мемлекет құруды әу басынан жүргізді. Және мұндай міндетті ілуде бір адам ғана орындай алады. Бәрі дайын тұрған кезде ол оңай көрінеді. Ал бәрін жаңадан бастап, бүгінгідей даму деңгейіне, Қазақстан бүгін ие болып отырғандай даму әлеуетіне жеткізу оңай емес. Іс жүзінде бұл ─ орасан зор міндет, ол әркімнің қолынан келе бермейді. Алайда, Н.Ә.Назарбаев бұл міндетті тамаша атқарып шықты. Мен оны, сондай-ақ Қазақстанда тұратын, өзінің Президентіне сенетін және ол елдегі билікті қуатты қолында ұстап тұрады, Қазақстанды осыған дейінгі қарқынмен дамытады және болашақ ұрпақтардың дамуы үшін алғышарттар жасайды деп білетін барлық адамдарды құттықтаймын».
Ал Қытай Халық Республикасының ылғи да жылы жымиып жүретін Төрағасы Ху �зиньтао біздің Елбасымызды үнемі: «Менің досым»,─ дейді.
Мойындата білмек ─ ерендік, мойындай білмеу ─ кереңдік.
Сөзіміздің әуелгі тұсындағы Тахаңа, ұлылардың көзіндей, тектіліктің өзіндей Тахауи Ахтан ағамыздың ой-толғауына қайта назар жығайықшы. «Қолдай білмесек ─ бізге серт! Қолдайтындай межеден шықпасаңыз ─ сізге серт!» ─ депті ол кісі. Елбасымыз, тұңғыш Президентіміз межеден әлдеқайда биік белестерде емес пе? «Қазақ халқы өз Президентін, өз азаматын, өз перзентін өзегіне тартып, өзегін үзе құрметтей білуі керек»,─ деген екен Тахаң. Әлемдік әйдік тұлғамыз Әуезов биік бағалаған Ахтан ағамыз осылай айтқан.
Біз ше, тұңғыш Елбасымызды өзегімізді үзе құрметтей білеміз бе? Сіз ше?
Жүрегіңіздің үніне құлақ қойып көріңізші. Терісі тар пендедей тықыр тартып тырыспай, қырыс қабақ танытпай. Қыңырланып қисаймай. Кіділеніп кіржимей. Күңіренбей көсемсіп.
Қазақтан басқаларда бірінші, алғашқы, тағысын-тағы делінетін ТҰҢҒЫШТАЙЫН ұлпа ұғымның, ТҰҢҒЫШ деген тебіреніске толы түсініктің төңірегінде толғанып бір байқаңызшы. Бәле-бәтір іздемей. Бірін бірі батыр деген бабадай. Өзіміздің таулар менен даладай.
Бақастыққа буылмай.
Іштарлыққа жол бермей, құштарлыққа қол беріп.


 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу