ЖАҢАЛЫҚТАР 20 мамыр 2005 Облыстық жасөспірімдер кітапханасында М. Байғұттың 60 жылдығына орай кездесу кеші өтті. Кешті облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұралиева Күләйім Сүлейменқызы ашты. М. Байғұттың өзі шақырылған кеш барысында «Туған жердің түлегі» атты қазақ тіліндегі веб-сайттың тұсаукесер рәсімі өтті. Сайт «Бастапқы бет», «Өмірдерек», «Бір ауыз сөз», «Жаңалықтар», «Библиография», «Қаламгер хақында» атты сілтемелерден тұрады. Болашақта жазушының әңгімелерінің тұтас мәтінін енгізу жоспарда бар, оған автор келісімін берді. Тұсаукесер жазушының оқырмандармен қызықты сұхбатына ұласты, оқырмандар сұрақтар қойып, автордың қолтаңбасын алды. «Жанымайдың жотасы» атты жазушының шығармасынан Түркібасы туралы аңыз туралы айтылған тұсынан № 5 КТМ-дің көркемдік жетекшісі Жамбыл Дәкеев пен № 38 мектептің 4 сынып оқушысы Қожамсүгірова Баян көрініс көрсетті. Кеш соңында қаламгердің шығармашылығы бойынша викторина ойналып, жеңімпаздарға 40 минут тегін Интернетті пайдалану купондары берілді. Әсерлі өткен кешке облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Асылхан Темірхан, Қ. А. Ясссауи атындағы ХҚТУ студенттері мен № 5 КТМ оқушылары қатысты. Кешке «Мақамы бөлек Мархабат» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кештің ұйымдастырушысы және жүргізушісі оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Алпысбаева Гүлмира Батырбайқызы.
|