ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2008 Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен облыс мектептерінің орыс, өзбек және тәжік тілді сыныптары арасында «Ең үздік абдықталған қазақ тілі кабинеті» байқауы өткізілді. Аудандық, қалалық білім бөлімдері байқауды алдын-ала өз аймақтарында өткізіп, жеңімпаздарын облыстық байқауға қатыстырған екен. Басқарма жанынан құралған комиссия мүшелері үміткерлердің еңбектерімен арнайы барып, танысып жеңімпаздарды анықтаған. Нәтижесінде ІІІ орынға Шымкент қаласындағы Г. Титов атындағы №20 славян гимназия мектебі, Төлеби ауданынан Сұлтан Рабат орта мектебі және Қазығұрт ауданындағы Комсомол орта мектебініңқазақ тілі кабинеттері ие болды. ІІ орынды Шымкент қаласындағы Хамза атындағы № 42 мектеп пен Төлеби ауданының П. Тәжібаева атындағы № 3 мектебі иеленді. І орынды Түлкібас ауданындағы С. Сейфуллин атындағы мектеп мұғалімі Райхан Түленованың кабинеті иеленсе, бас жүлде Кентау қаласындағы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы № 3 көпсалалы мектеп-гимназиясының қазақ тілі кабинетінің меңгерушісі Ойбек Сиддиковке табыс етілді. Байқауға қатысқан барлық мектептердің қазақ тілі кабинеттерінің меңгерушілері Тілдерді дамыту басқармасының және облыстық білім департаментінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Аталмыш басқарма бастығы М. Байғұт алдағы уақытта да мұндай байқаулар жалғасын табатынын айтты.
|