ЖАҢАЛЫҚТАР 12 мамыр 2005 2005 жылғы 12 мамырда Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапханада М. Байғұттың шығармашылығына арналған «Сезімнің нәзік күйін шерткен» атты оқырмандар конференциясы болды. Оған Нармахан Бегелыұлы, Шойбек Орынбай, Байдулла Қонысбек, Әбділда Аймақ, Сәрсенбек Сахабат, Жәмила Мамырәлі сынды қаламгерлер де қатысты. Алматыдағы «Қазығұрт» баспасы жазушы Мархабат Байғұт шығармаларының төрт томдығын шығармақ. Бірінші томға қаламгерлердің 1970-1985 жылдары жазылған «Гүлжазира», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Бірбеткей», «Жаңғақ», «Жалғыз тырна», «Чеховтың моншасы», «Бір дорба диплом», «Дауыстың түсі» сияқты әңгімелері енген. Екінші томда 1985-2005 жылдары жазылған әңгімелері бар. Олардың қатарында «Айып», «Жылқы атылған түн», «Мәшине мәселесі», «Шел», «Түбіркүлез», «Сауна», «Әпкемнің ауылы», «Кандидаттың имиджі», тағы басқаларын атауға болады. Үшінші томында «Интернаттың баласы», «Патефон», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», тағы басқа повестері жинақталған. Ал төртінші томында әдеби, сын мақалалары, эсселері мен очерктері, тіл туралы көкейкесті материалдары, жолжазбалары топтастырылған.
|