Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

БІР АУЫЗ СӨЗ...

«Мемлекеттік тілдің мерейін биіктетпекке сөз жүзінде емес, іс жүзінде қажыр-қайрат жұмсайық»


«Мен мықты жазушы емеспін, өйткені жазушылыққа қойылатын талаптың барлығына жауап бере алмаймын. Өзімді мүмкіндігінше көркем әдебиетке қиянат, опасыздық жасамауға тырысып жүрген қатардағы қарапайым қаламгердің бірімін деп есептеймін.»


«Менің Атамекенім – айналайын Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта созылып жатқан Отаным, кең-байтақ Қазақстаным – менің қазағымның қашаннан-ақ қоныс еткен құтты мекені. Қазақ осы Атамекенінің айрықша топырағынан жаратылған.»


«Мәртөбенің жөні бөлек, жосығы ерек. Ел-жұртымыздың, ұлтымыздың, талайлы тағдырында, мемлекетіміздің, әлем таныған Қазақстанның тарихында Мәртөбенің мәртебесі жоғары.»


«Не іздесең – сен солсың» деген ғой данышпан Руми.


«Ордабасыға оралып тұру, Ордабасыны ойланып қою, Ордабасымен тыныстап тұру, Ордабасымен рухтану — бар-баршамыздың перзенттік парызымыз».


«Сам свой высший суд» дегенді данышпан Пушкин айтқан. Өз ішімдегі «сыншымен» онша емеспіз. Көп сынайды, кіржиіп жақтырмайды.


«Таупістелі ауылы, Бозторғай асуы, айналайын Көкбұлақ, бал татыған бастаулар, Аршалы мен Алшалы, Амансай мен Құдықсай, Құлбайшоқы, Аққұзар, Қарағашты, Қаңтарбай... бәрі-бәрі мәңгілік жасай бергей деп тілеймін.»


«Таупістелінің адамдары қашан да ынтымақшыл, іштарплықтан гөрі құштарлыққа жақын болса екен деп тілеймін.»


«Тіл төңірегіндей таза тіршіліктің «түйесі мен биесі, ығай – сығай иесі» болмаса да , киесі бар екенін ұмытуға болмас. Бабаларымыз Фараби мен Ясауи түркі тілінің тағдыры үшін жүйкелерін жұқартып, жүректерін ауыртып, келер ұрпақтар тоздырып жібереді-ау деп күдіктенген екен. Бірі жат елге кетіп тынған, екіншісі елдегі әулекіліктен, әсереңкіліктен жерініп, тілдің тозуынан безініп, қылуетке тірідей түсіп кеткен. Олар оралды деп жатырмыз. Біржола оралта аламыз ба, соны ойланайық.»


«Тілі мен дәстүрін кие тұтқан ұлт қана ұлы бола алады»


«Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, егемендікті еселей нығайту – басты парыз»


«Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені — Ордабасы мұраттарының орындалғаны. Биыл ұлыстың ұлы бас қосуы, Ордабасы жиыны өтіп, Бірлік биігінде, Тутөбе басында байрағымыздың желбірегеніне 280 жыл толды. Биыл Қазақ Елінің тәуелсіздігіне он бес жыл толады.


«Қазақ халқы қандай замандарды бастан кешпеген дейсіз? Нар заман да, бар заман да, тар заман да, зар заман да – күллісі кездескен. Соның бәрінде де ең үлкен кемшілік – күншілдік, іштарлық,  бақастық болған. Ең басты артықшылық – бірлікке, ынтымаққа, парасаттылыққа ұмтылыс болған.


«Қазақ – жаратылысынан таза, бекзат ұлт.»


«Қазақстанның он бес жылда алған асулары аз емес. Оларды ақ-адал ниетпен көре білмек те керек. Бірақ, бүгінгі табыстарға тоқмейілсуге мұқым-мүлде болмайды. Тоқмейілсуден тоқырау туындайды».


«Қазақстанымыз, сіз бен біздің егемен еліміз, тәуелсіз мемлекетіміз таяудағы он жылда дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті елу елдің біріне айналуы тиіс. Бұл мақсаттың ойдағыдай орындалмағы ұлттық ұлы ұмтылысты талап етеді. Біле-білсек, биыл жиырма жыл толғалы отырған Желтоқсан көтерілісі де ұлттық ұлы ұмтылыстың ұлы көрінісі еді».


«Ұлттық ерекшеліктің өзі - әлемдік әдеміліктің, әлемдік әркелкіліктің қайталанбас бір түрі. Бүгінде томаға-тұйық, оқшау қалу да, шектеле даму да мүлде мүмкін емес.»


«Ұят, ар, намыс, рух жөнінде ұмтылыстан ұтылысқа кетсек, ұлт болып қалудан үміт үзсек, тілімізден айырылсақ, өмір сүріп қажеті қанша?»


«Әңгіме - әулие жанр. Құдайға шүкір, қазақтың көркем әңгімесінің өз тарихы, өз дәстүрі, әлемдік әңгіме жанры жауһарларының қайнарларымен үндескен үздік үлгілері баршылық... Әттең, әңгіме жанрын жеңіл-желпі көріп, бората беретін «жазғыштар» және солар «әзірлеген» оқырмандар оның кадір-қасиетін кетіреді».


 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу