Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ӨКІНІШ-АЙ…

Мархабат аға!
Мен сізді мақтан тұтушы едім. Сіз дүниеге келген Түлкібас өңірінде менің де дүниеге келгенімді, сіз оқыған орта мектепте өзімнің де оқығанымды, сізге әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалімнің маған да сабақ бергенін айтып, мақтанушы едім. Ең бастысы, әдебиетші ретінде, әдебиет сыншысы ретінде мен сіздің әңгімелеріңізді ерекше мақтан етіп, айрықша бағалаушы едім.
Сіз Алматыда, не болмаса Астанада тұрған жоқсыз, өмір бойы облыста тұрдыңыз. Бірақ сіздің әңгімелеріңіз облыстық деңгейде қалған жоқ. Әлемдік деңгейге көтерілді. Сіздің әңгімелеріңіз қазіргі күнгі Еуропа елдерінің, егер бұдан да кеңірек айтсақ, Батыс пен Шығыс елдерінің озық деген, үздік деген әңгімелерінен асып түсіп жатпаса, бір де кем қалған жоқ.
«Бізге қазақы әңгіме емес, қазақ әңгімесі керек. Ұлт өмірін екшейтін, безбендейтін әңгіме керек» дейді Тәкен Әлімқұлов. Т.Әлімқұловты пір тұтушы едіңіз ғой. Ұстазыңыздың осы сөзіне мейлінше адал болдыңыз. Сіз тек қазақ қаламгері ғана жаза алатын, яғни қазақ ойының, қазақ сөзінің, қазақтың мұңы мен мұқтажының ешбір ұлтқа ұқсамайтын иін-иірімдеріне, құнар-құпиясына үңіле білдіңіз. Осылайша өзіңізді қазақ әңгімесінің хас шебері ретінде таныттыңыз.
Айтпақшы, жазушы әлемдік деңгейге ешуақытта көзжұмбай көшірмешілдікпен, өзгені конспектілеумен, еліктеп-солықтаумен көтеріле алмайды. Сіз әлемдік деңгейге қазақ әңгімесі арқылы, яки қазақ әңгімесін көркейте, ұстарта білу арқылы көтерілдіңіз. Сіз әңгіме жанрын «әулие жанр» деуші едіңіз ғой, осы әулие жанрдың биігіне де қазақ әңгімесі арқылы шықтыңыз. Сіз қазақ әңгімесін көтердіңіз, ал қасиетіңнен айналайын қазақ әңгімесі сізді көтерді.
Сіздің қазақ әңгімесінің хас шебері екеніңіз жайында, суреткерлігіңіз хақында, қазіргі күні қазақ әңгімесінің көшін өрге сүйреп келе жатқан ерекше дарыныңыз бен ерен еңбегіңіз жөнінде талай жерде айттым да (әдеби жиын-жиналыстарда, оқырман конференцияларында және т.б.). Студенттермен кездесу барысында сіздің «Таскекіре» атты әңгімеңізді жарты сағатқа жуық талдап-тарқатқаным да есімде. Бірақ…
Бірақ қара басқанда, көкіректе сайрап тұрғанды қағазға түсіруге құнт қылмаппыз ғой. Осындай жайбасарлығымыздың кесірінен сіз туралы бір мақала тұрмақ, жарты абзац жазуға да жарамаппыз… Өкініш-ай…
Сіз ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Шымкенттегі облыстық бөлімшесін басқардыңыз. Облыс көлемінде мұнан басқа да жауапты қызметтердің тізгінін ұстадыңыз. Артық айтқанымыз емес, осы уақыт ішінде сіз Оңтүстік өңірде үлке-е-ен әдеби орта қалыптастырдыңыз. Бірін-бірі түртпектемейтін. Бірін-бірі күндемейтін. Ру-руға бөлінбейтін. Шығармашылықты шынайы әрі әділ бағалайтын. Талантты жастарды қолдай білетін.
Осының бәрі сіздің мөлдір бұлақтай тазалығыңыздың, биік мәдениетіңіздің, зор парасатыңыздың, әдебиетке деген шексіз жанашырлығыңыз бен үлкен жауапкершілігіңіздің арқасында жүзеге асты. Не дейік, орныңыз да, жөніңіз де бөлек еді… Ерек еді…
Қош, қош болыңыз, суреткер аға! Жазуы да, жаны да сұлу аға!

Әмірхан МЕҢДЕКЕ

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу