ШЫҒАРМАЛАРЫ...
САЙЛАУ ДА ОҢТҮСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ
Біз кезінде белгілі ақынымыздың мақамына салып, «Егемен Қазақстан» газетінде «Көктем де Оңтүстіктен басталады» деген мақала жариялаған едік. Сол дүниемізге байланысты талай-талай адамдар телефонмен қоңырау шалып, пікірлерін білдірді. Бетпе-бет кездесіп қалған көптеген кісілер алғыс айтты. Тіпті хат жазуыңыз қойылып кеткен мына заманда бірқатар сәлем жазбалар да алғанымыз рас. Міне, енді «Сайлау да Оңтүстіктен басталады» деп отырыппыз. Сайлау туралы неше алуан пікірлер айтылады. Жазылып та келеді. Сайлауды адамзаттың Абайы да сынаған. Сайлауды немістің ішіндегі қазақ боп кеткен бауырымыз Герольд Бельгер де сынайды. Сайлауды бәріміз де сынаймыз. Бірақ қаншама қараүзген қуатты мемлекеттеріңіз де, айдарларынан жел ескен алпауыт елдеріңіз де, небір өркениетті дейтін жұрттарыңыз да, өзіміз көркемниетті деп сүйетін Қазақ елі де – сайып келгенде, күллі әлеміңіз әзірше демократияңызды жүзеге асыру жолында сайлаудан өзге әдісті, сайлауыңыздан басқа таңдап-талғауды, сайлаудан озық саралап-сараптауды ойлап таба қойған жоқ. Сондықтан сайлаудың кейбір жақтарын жүдә Һәм жақтырмасаңыз-дағы, тіпті дауыс бермегеніңіздің өзіңде, осынау оқиғадан оқшауланып өмір сүре алмасыңыз аян. Ал, биылғы сайлауыңыздың жөні бөлекшелеу, жосығы ерекшелеу болғанын жоққа шығармассыз. Қай басылымға назар жықсаңыз да, бәрі дерлік ұлы Шәкәрім қажыңыздың: «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» деген мақамына салып мақала жазбақтан, терең ойшылыңызға ұқсаңқырай тақырып қоймақтан жаңылмады. Айналып қана кетейін абыз-ақын атаңыз бұл жолы да осылайша керемет көмектесті. БАҚ-тардың шәкәрімшілдігі бірқатар партияларыңыздың шікәмшілдігін де шідерлегендей. Ата Заңыңызға алдын-ала енгізілген өзгерістердің ең өзектісі Парламентіңізге депутаттардың партиялық тізім бойынша сайланатындығы еді. Қазақ елінің тыныс-тіршілігін мүмкіндігінше демократияландыру бағытындағы тарихи қадамды, тәуелсіз мемлекетіңіздегі саяси жүйенің сарабдалдықпен сапалана түскенін, шынайы жаңғырып-жаңармақтың баспалдағындағы бірегей биіктерге қарата және бір батыл қадам басқаныңызды сезінгеніңізде, әрине Шәкәрім шайырдың әуен-әуезі бойыңызды баурайды, ойыңызды тербейді. Сонымен сайлауыңыздың дүбірлі бәйгесі ә дегеннен-ақ Оңтүстіктен басталған да кеткен. Біз бұған анау айтқандай таңырқамаған сыңайлымыз. Алайда мақтана марқайғанымызды жасыра алмаймыз. Мән-мәнісі жоғары жағдаяттардың, елеулі оқиғалардың алдында көп адамдардың осы біздің ыстық жақтан, қара шаңырақтан, көне кенттерден сәуле сіміріп, нұрға бөленіп, сәт сапарға шығатыны бұрыннан-ақ белгілі. Осы жылдың бастапқы тұсынан бастау алған «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» акциясында ше, Торғайда туып-өскен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, сондай-ақ Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік мырзаңыздың өзі: «Біз, бәріміз де – осы Оңтүстіктенбіз!» – деген. Сол акцияның көктемгі кездесуінде Әбдіжәміл Нұрпейісовіңіз де, жазғы жүздесуде Әкім Таразиіңіз де сол сөзді өздерінің өзекті әңгімелеріне арқау еткен. Сайлау алдындағы насихат науқанының тұсауы кесіле бере-ақ сіздің Оңтүстігіңізге саяси партиялардың серкелері сау ете қалған. Шымкентіңіздің шыжып тұрған шіліңгір шілдесінде әуежайыңыздан түсе сала топырағыңызға тәу еткен. Сайрамды сапарлаған, сана саралаған. Түркістанға тартқан, толғанған. Отырар мен Ордабасыда ойланған. Сөйтіп барып барлық партиялардың өкілдері Оңтүстіктің қалалары мен кенттерін, ауылдарын түп-түгел аралауға кіріскен. Тіпті олар бармаған қыстақ қалмады десек, онша артық бола қоймас. Шынтуайтына келгенде, қандай партияның қай адамына да, насихатшысына да, үгітшісіне де, әншісі мен жыршысына да бірдей ыңғайлы, тепе-тең, кең мүмкіндіктер жасалды. Бірер саяси ұйымдардың кісілері бұлай болғанына шынымен-ақ таңырқап, қайран да қалыпты деседі. Өздеріңіз де байқап, бағалап, талдап, таразылап қарадыңыздар ғой, бүкіл республика көлемінде, оның ішінде Оңтүстікте де, жеті партияның да жарнамалары жарқырай, жан-жақты көрінді. Бұған һәм БАҚ-тың барлық түрлерінде тең мүмкіндік туды. Әрине, насихат науқанында, жарыс барысында кілтипандар да, мәселенки, асыра сілтеу, артық айту, кемсіту деген сияқтылар да кездеспей қалмады. Сөйте тұра саяси реформаның, Ата Заңға енгізілген өзгерістердің жемісі айқын аңғарылды. Текетірестерден гөрі түсіністік, ырың-жырыңдар мен ырду-дырдулардан гөрі ықпалдастыққа, ынтымақтастыққа ұмтылыс, парызды пайымдай білмек парасатына, саяси салиқалылыққа бір табан жақындай түскендік байқалды. Сайлау қарсаңында сіз қарымды қаламгер хакім, озық ойлы әкім Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның «Арғымақ, сені сақтадым...» деген толғанысын оқыдыңыз. Сол кісі: «Алдағы бәйге – жалы күдірейген, кекілі төгілген, шоқтығы биіктеген небір қағылез бас, құйма тұяқ, бота тірсек, құлан құйрықтардың үзеңгілері сартылдап, ауыздықтары қаршылдап, саясат бәйгесіне түскен күні», – деп жазды ғой. Мінекиіңіз, сол бәйгеңіздің алғашқы қорытындылары да белгілі боп тұрыпты. Сайлау күнінің қоңыр салқын түнінде, Оңтүстіктің алқаракөк аспанында жарық жұлдыздар жарқыраған сәтте Шымкентіңіздің орталығындағы ұлы бабаңыз Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы алаңда айтулы жиын өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Жеңістің бәрі жақсы. Дегенмен, ерен еңбекпен, шынайы тер төгумен, халқымыздың игілігі және тәуелсіздіктің баяндылығы жолындағы нақтылы істермен қол жеткен жеңістің жемісі айрықша», – деді сайлаудың ертеңіне. Шынында да Шымкент шаһарының шілде мен тамыздың өзінде наурыз бен сәуірдегіден бетер гүлге бөленіп, көшелерінің бойында көк желкілдеп тұрғанына тұрғындардың өздері таңданып, қонақтары қайран қалады қазір. Шымкент шымданып, өзінің атына лайықталып келеді. Ондаған жылдардан бері жолдары да енді ғана сапалы жөнделе бастады-ау... Сөйтіп, сайлауыңыз да өтіп үлгерді. Оның Оңтүстіктен басталғаны ақиқат. Жеңіске жеткен саяси партияның өнегесінен, нақтылы, ізгі істерінен үлгі алып, үйрене отырып, жеңіліске ұшырағандарының да текті тұғырнамаларынан, байсалды бағдарламаларынан, жан-жүректен шыққан ой-пікірлерінен ұлттық мүддеге, мемлекеттік міндетке, елдік мақсатқа, ынтымақ-ықпалдастыққа қажеттілерін қасиеттей біліп, парасаттылықпен пайдаланбақ ләзім. Конституциялық жаңғыру жүзеге асты. Жаңа жүйемен дауыс бердік. Ашық және шынайы жарысқа жол ашылды. Қуанасыз бұған, жаныңыз жадырайды. Жеңіс құтты болғай, жемісі мол болғай дейсіз. Иә, сайлау өтті. Сабақтары бар.Тағлымдары мол. Әттегенайлары һәм кездескен шығар. «Тойдың да тамашасын бақпа, тағылымын бақ», – деген емес пе қазақ?! Алайда алаң көңілдер аз емес, ағайын. Сайлаушылардың әрқайсысы өз таңдауын жасады. Өз жүрегінің қалауын білдірді. Сол арқылы таяудағы тағдырын, болашағын айқындай түскендей сезінді. Бірақ бәрі керемет деушілік кері кетушілікке апарар. Шәкәрім қажы солай мезгеген ғой. Сайлаудан кейін де өмір барын кейбіреулердің мүлде ұмытып кететіні де өтірік емес. Сайлау тұсындағы сөздерін жадынан мұқым сызатын депутаттар да болады. Бәйгеден озғандардың бәрі бірдей Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мақаласындағыдай арғымақ боп шыға бермейді ғой. «Конституциялық жаңғыруға, сайлау жүйесінің жаңаша тұрпатына саймын ба, соларға және халықтың үміті мен сеніміне лайықты еңбек сіңіре аламын ба?» Міне, депутаттардың әрқайсысы осыны ойланып, жарғақ құлағын жастыққа тигізбей толғанбағы ләзім дүр. Сайлаушылар алаң болар мәселе баршылық. Көп көңілде уайым тұр. Экономикалық тәуелсіздік нығая түсуде, саяси реформамыз жемісін беруде. Өкінішке қарай, рухани тәуелсіздігіміз әлі әлжуаз. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі төмен күйде қалып отыр. Бүгінгінің белгілі ойшылдарының бірі, ғұлама Ғарифолла Есім: «Бар жақсылықтың жауы – сыбайластық. Бұл алға басқан қадамдарымызды бір сәтте жойып жіберетін аса қауіпті құбылыс», – дейді. Жоғарыда келтіргеніміздей, «Егеменде» жарық көрген «Көктем де Оңтүстіктен басталады» деген мақаламызда біз де: «Қанағатсыздық пен қайырымсыздық кеуделерінде қойындасып түнейтін тойымсыз обырлар мен жебірлер, сатқындар, опасыздар көбейіп барады. Ерен тұлғалардың құныққан өрен-жарандары ұлтымызға, тілімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндіруде», – дегенбіз. Шіркін-ай, өзіңіз елестетіңізші: еліңіз ерен тұлғаларға тіпті де кенде емес қой! Күйініштісі: сол ерен тұлғаларға ерекше шынайылықпен көмектеспек орнына олардың өздеріне ғана емес, жер-жердегі лайықсыз өрен-жарандарына дейін жандайшаптана жарамсақтанып, жағымпаздық жасау арқылы кесепаттарға кесел жамайтыныңыз да жоқ емес-ау, ағай-е-е-ен... Өжең-өңмең өзімшілдіктен мемлекетшілдік биігірек болмаса, болашақ бұлдырланбақ. Саяси сынақтан абыроймен өттіңіз. Осылай демекке құқыңыз бар. Сайлаудың барша сабақтарынан тағылым ала білейік енді. Санамыздың сапасымен оянайық. Сайлаушылар да. Депутаттар да. Бар-баршамыз да. Жеңістер құтты болғай. Ұзағынан сүйіндіргей. |