Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

БАС БАҒДАРЛАМА ТҰРҒЫСЫНАН ҚАРАСАҚ...

Бұл әлемде ең бастысы – біздің қай жерде тұрғанымыз емес,
қандай бағытта жылжып барамыз – міне, сол.

Оливер Уэнделл Холмс




«Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылданғанына он жыл толып отыр. Алғашқыда ішімізде де, сыртымызда да күдікпен қараушылардың аз болмағаны белгілі. Бірте-бірте, Стратегия іс жүзіне асырыла бастаған соң бас иіп иланушылар, тіпті таңырқаушылар көбейді.
Қайбір жылы Қызылорда қаласында өткен, осы Бас бағдарламамызға арналған республикалық семинарға қатысқанымыз бар. Сонда ғалымдар мен өзге де мамандар бұл құжаттың жаңа қырларын аша түсіп, әлемде онымен салыстыратындай сыңар жоқтығын айтқан болатын-ды.
Бас бағдарламамыздан бастау алатын міндеттер Елбасымыздың жыл сайынғы, дәстүрлі Жолдауларында нақтыланып, соған орай жұмыстар жалғасын таба түсуде. Мәселен, тек тіл саясаты саласының өзін алсақ, өткен жылғы Жолдауда мемлекеттік тілдің барша қазақстандықтарды біріктіретін тіл екендігі және күллі қазақтардың ана тілі екендігі ерекше атап көрсетілді. Президенттің биылғы Жолдауында тілдердің «үш тұғырлығы» мәселесіне мән беріліп, міндет қойылғаны мәлім. Бірақ осы «үш тұғырлылықтың» мәселесін бір жақтылау түсініп, қазақ тілінен гөрі өзге екі тілге, әсіресе, ағылшын тіліне ерекшелеу екпін түсірмекке ұмтылушылық психологиясы белең алуда. Осыны терең сезінген Елбасымыз жақында, жаңа оқу жылының басында, интерактивті сабақ өткізген кезінде аталмыш жағдаятқа әдейілеп, нақтырақ тоқталды. Сөйтіп, ең басты міндет мемлекеттік тілді меңгеру, оның мәртебесін биіктету, қасиетін қастерлеу болып табылатынына, одан кейін, екінші орында орыс тілі тұратынына, ал ағылшын тілін шет елдіктермен түсінісу үшін, жұмыс істесе білмек мақсатта, белгілі бір деңгейлерде үйренудің өзі де жеткілікті екеніне назар аударды.
«Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді даму бағдарламасында ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық туралы өзгеше айтылған. Сайып келгенде, мемлекеттік тіл мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің басты арқауын, ал өзге де тілдер мәселесі ішкі саяси тұрақтылықтың арқауын құрайды десек, артық айтқандыққа жата қоймас.
Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы 2005 жылдан жұмыс істеп келеді. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығының негізінде әзірленген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2007-2008 жылдарға арналған Оңтүстік Қазақстан облысы өңірлік бағдарламасының» жобасында аталған екі жылда облыстағы тілдік ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, әлеуметтік-экономикалық, қаржы, білім, медицина және тағы басқа салаларда мемлекеттік тілді дамытудың оңтайлы механизмдерін енгізу арқылы бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізу көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта, тұтастай алғанда, республикамызда тілдердің функционалдық дамуын табысты іске асыру үшін құқықтық негіздер қалыптастырылған деп саналады. Тіл құрылысының үдерістері қоғамда түсіністік пен қолдау тауып отыр. Дегенмен біздің елімізде ғана салалық Заң тілдер туралы деп аталады. Онда мемлекеттік тіл туралы әлі де нақтылап, айқындай түсетін баптар аз емес. «Мемлекеттік» және «ресми» деген ұғымдарға байланысты солқылдақтықтың орын алып келе жатқаны да рас.
Мемлекеттік органдар жүйесінде мемлекеттік тілдің талап етілуінің арту үрдісі байқалады. 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік ұйымдарында іс жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді дейміз.
Көшірілді дегенді кейбіреулер «бір күнде» бірден көше салатындай ұғынады. Тіпті де олай емес. Қараңыздаршы, «көшкелі» бермен қарата қанша жыл өтті? Өкінішке қарай, бүкіл республикадағы қазақ тілі тағдырына шындап жандары ауыратын жұртшылықтың ерекше үмітпен қарайтын Оңтүстігінің өзінде әлі күнге дейін кейбір әкімдіктерде мемлекеттік тілдің үлес салмағы 80 пайызға, ондаған жергілікті мемлекеттік мекемелерде 70 пайызға, ал аумақтық басқармалар мен департаменттердің көпшілігінде тіпті 60 пайызға да жетпей отыр. Тіл тек тіл басқармасына ғана керек сияқты түсінетіндер бар. Біздің тарапымыздан үнемі талдау, қадағалау, ескерту болғанда ғана тиісті көрсеткіштерді талапқа сай сақтайтындар, әйтпесе, ескі сүрлеуге түсіп, басқа тілде жазып-сыза беретіндер тіпті көп. Ал, тілдерді дамыту жөніндегі басқарма белгілі бір мекемені тек жылына бір мәрте ғана тексермекке құқылы.
Осы орайда облыс әкімі Н.С.Әшімовтің басқарма есебін тыңдау кезінде барлық аудандық, қалалық әкімдіктер мен жергілікті және аумақтық басқармаларда шығыс құжаттары бойынша мемлекеттік тілдің үлес салмағын осы жылдың аяғына дейін 100 пайызға жеткізу жөнінде жаңа міндет қойғаны – аса құптарлық жағдай.
Стратегиялық бағдарламамызға он жыл толып отыр. Бұл – үлкен мереке. Десек те той тойлай отырып, ой ойлаған он есе абзал. «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» дейді атам қазақ. Біз «Қазақстан – 2030» Стратегиясының мән-маңызын барған сайын нақты істермен нығайта түспекке парыздармыз.
Жақында Алматыдағы «Достық» үйінде қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті. Қазір не көп – форум көп қой. Бірақ бұл басқосудың жөні бөлек еді. Сонда қырғыз жазушысы Бексұлтан Жәкиев: «Қорқыныштысы – жер бетінен талай ұлттар жойылып кетті. Олар негізінен алтын-күміс жинаған ұлттар болатын. Қазақ пен қырғызды сақтап қалған руханиятты, тілді, мәдениетті, дәстүрді қастерлей білу еді. Ал қазір, материалдық байлықты жоғары қоямыз. Біз барлық нәрсені байлықпен өлшейтін болдық. Дүниеқоңыздық жаһанданудан да қауіпті. Өте қауіпті...» деді.
Өте ойланарлық гәп.
Мархабат БАЙҒҰТ,
ОҚО тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының бастығы.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу