Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

Мархабат аға Байғұт жайлы айтқанда оның ең алдымен ардың ісі әдебиетке адалдығын, тазалығын атап өткен орынды. Шығармаларына көбіне ауыл өмірін, қарапайым тіршілікті, қазақы қалжыңды өзек етіп алатындығымен ерекшеленеді. Биязы, сыпайы, аңғал, қулық-сұмдықтан ада, кіршіксіз таза пейіл, аңқылдаған ақ жарқын мінез... Мархабат ағаның шығармаларындағы кейіпкерлердің болмысы, бітімі осындай. Басты кейіпкер, қосалқы кейіпкер болып бөлінбейтін, барлығы да бірін-бірі толықтырып, мінез-құлқымен оқырманға рахат көңіл-күй сыйлайтын шығармадағы ауыл адамдары күніге көріп жүрген өз туысыңдай көз алдыңа келе көлбеңдеп келе қалады. Оқырманға осындай көңіл күй сыйлаудың өзі, әңгімедегі оқиғаға куә болғандай әсер қалдыруы қаламгердің шеберлігі. Әдебиетке қызыға бастаған шағымызда М. Байғұттың «Бір дорба диплом», «Шел», «Уран ұрған», «Дауыстың түсі» атты әңгімелерін оқыдық. «Дауыстың да түсі болады екен-ау» деп жүргенімізде «Машаттағы махаббаты» «айналдырып», «Ақпандағы мысықтары» қызықтырып әкетті. «Әкім кеткен күні» әлі ойландырады-дүр.
Көркем шығармаларынан бөлек М Байғұттың қоғам шындығын айтатын публицистикалық шығармаларының өзі үлкен дүние.
Ағаның қоғам қайраткерлігі туралы да айтпай кету әбестік болған болар еді. Ол мемлекеттік тілдің көсегесін көгертемін деп жүрген азамат. Қазір тіл мәселесі туралы айтатындар көбейді ғой. Аллаға шүкір. Санасы ояу азаматтардың қатары көбейгені бұл. Ал Мархабат аға сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басындағы қазақ тілінің қыл үстінде тұрған тағдырына арашашы болды. Со заманда-ақ, мемлекеттік тіл етуге мұрындық болды. Бұл «майданның» ыстық-суығына төтеп беріп әлі жүр.
Талантты жастарға қамқоршы болу Мархабат ағаның өзгеге үлгі етер өнегесі. Рас, өскелең жас талапкерлердің арасында прозадан гөрі поэзияға бүйрегін бұрып тұратын, ебі барын байқатып жүретіндер көп. Бірақ Мархабат аға оларды бөліп-жармайды. Әдебиетке жаңа келген жас таланттың тырнақалды дүниесінің өзіне балаша қуанатыны бар. Іштарлық, тобықтан қағу дағдысында жорқ, ол жастардың жасындай жарқырағанын шын пейілмен қалайтын қаламгер.
Әрине, әдебиетте ойып орын алмаған , сын сүзгісінен өтуге әлі жүрексінетін біздей талапкер жастарға Мархабат аға жайлы бүгін көсіле айту мүмкін емес. Түсінігіміз жеткенмен, көкейге түйгеніміз әлі аз. Дегенмен, дәл осы күні классик жазушылар сапына қосуға әбден лайық қаламгер – Мархабат Байғұт жайындағы аз-кем ойымыз осы.

Жәмилә Мамырәлі.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу