Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

КИІКОТЫН КӨКСЕУ

Жазушы Мархабат Байғұттың бір әңгімесінен туған толғау

Тәңіртаудың «Талас Алатауы» деп картаға жазылып кеткен батыс жағы әйгілі Ақсу-Жабағалымен жалғасып, Өгем тауы, Шымған курорты болып барып, Ташкентке орын қалдырайын дегендей, шұғыл түстікке бұрылып, Алтай тауына ұласып, Памирге сүйенеді.
Ғылым тілінде «флора» деп аталатын өсімдік әлемінің жұмақ-пейіші, міне, осы аймақта.
Басқа жерлерде тұқымы үзіліп, яки сиреп қалған, құрып кетуге бет алған неше алуан өсімдіктің не өзі, не сұлбасы осы аталған өлкеде. Оның ішінде Түркібас өңірінде.
Сол сирек өсімдіктердің бірі, а бәлкім, бірегейі – Киікоты деп аталады.
Оны кейбіреулер, әсіресе, «жаңа қазақтар» түсінбейді. От деген сөздің мәнін біржақты ұғынады. Ол үшін лаулап жанып тұрса, сол – от.
Ал, мал қоректенетін өсімдікті де от дейді қазақ. Сірә, от – өсімдіктің бәрі емес. Нәрлісі, шипалысы, оттай қуаттысы, оттай қасиеттісі. Оны тау киігі жейді. Сондықтан да киік еті – дәрі. Сондықтан да адамдар киік етіне өте құмар. Сондықтан да киік азайып кетті. Ерекше қамқорлыққа алмаса, немесе Құдай адамдарға әлдеқалай нысап бермесе, сол киік мүлде жер бетінен жойылып та кететін шығар.
Енді киікоты да азайды. Жазушы Марғабат Байғұттың жазғанындай: «Киікоты сиреп, төменнен үркіп, тауға шығып кетіпті».
Төменнен, яғни адамдардан үркіп, тау басына еріксіз шығып кеткен аң да, құс та бар. Мысалы, арқарлар мен таутекелер, біздің Республикамыздың символы болып жарияланған теңбіл Барыс. Киігіміз сол. Құстан: ұлар, кекілік...
Енді жан-жануарды қойып, өсімдік те тауға қарай қашатын болыпты. Киікотының шипалы қасиетін біліп алған келімсектер оны баудай түсіріп, отап жатыр екен.
Бұл катастрофа!
Былай қарасаң, бұл әңгіменің асып-тасып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Бәлкім, селсоқ «әуесқой» оқырман оны сыдыртып өте шығар да. Бас-аяғы жинақы, қысқа ғана әңгіме. (Мархабат Байғұт. «Қор-ғансыз жүрек» кітабы. «Киікоты» әңгімесі. 29-45 б.б.).
Бірақ, байқаған, зерделеген кісіге мәселе табылады.
Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Біздің ауылда бір ақсақал биесі құлындаған соң бір айға дейін әлгі биені байламай, қымыз аңсағандардың «бол-болына» қарамай, құлынымен бірге өріске жібереді. Оның не – десең – Құлынға обал. Уызына жарымаған құлын жаман – жәутік, жабы болып қалады, – дейді.
Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көк шалап ішкендер.
Бұл жазушы Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер.
«Ай жарығы Күннің қызғылт нұрынан қалған сарқытты сімірер көз» («Киікоты»).
Күннің батқан сәтін талайымыз суреттеп көрдік. Біріміздікі сәтті, біріміздікі сәтсіз дегендей. Ал, мына сурет тосын. Сәл кідіріп зерделесең сол сурет көз алдыңа келеді. Отырып туған Айдың Күн батқанда аспаннан бозарып, өңі қуқылданып, мұңайып көрінетіні болады. Ауырып қалған сияқты. Күннің нұры Айға да шипа. Сонда сол Күннің сәулесіне жерік болған Ай кешқұрым соңғы қызғылт шапақтың сарқытын ашқарақтана сімірмей қайтсін?
Айдың күнге ынтызарлығы. Мұны ұлы ақын Гейне баяғыда ғажайып лирикалық-философиялық өлеңінде жазып кеткен. Күн мен Ай бір-біріне шексіз ғашық. Санзыз жұлдыз сол екеуінің теңдессіз махаббатымен жаратылған. Аспан әлемінде де бұлардың бақытын күндеп, көре алмайтын қызғаншақтар бар. Солар Ай мен Күннің арасына өсек өртін тастап, ажыратып жіберген. Содан бері Ай Күнді соңынан қуады да отырады. Күн жеткізбейді. Ай «тоқта!» деп жалынады, Күн тоқтамайды. Өсектің өрті жама-а-ан.
Ал, Мархабат БАЙҒҰТ болса Айға Күн сәулесінің сарқытының өзін тәбәрік етіп қойған. Сәулелі сурет.
Ормантай деген жігіт ағасы бір кезде қаладан алыс жатқан ауылда туып-өскен. Туған ауылы таудың бір түпірінде бұйығып қана жататын. Өйткені, ауыл айналасында киікоты қаптап өсер еді. Киікотының ғажайып жұпар иісінен сол ауыл рахаттанып, масаң ғұмыр кешетін сияқты еді.
Ормантайдың әкесі кезінде осы ауылдың бастығы болды. Колхоздың жоқ-жітік, кем-кетігіне жәрдемдесіп, малға азық шөбіне дейін түсіріп беруші еді-ау. Сондай жандардың бірі Ормантайдың жан жолдасы, кластасы Қасымбек деген бала еді...
Ормантайдың әкесі қызметі жоғарылап, ауданның орталығына көшті. Ормантай сол орталықта өсті.
Бірақ, оны кейін облыс орталығына қызметке шақырып, орталықтан үй береміз деп, уәдені үйіп-төгіп, жанын қоймады.
Уәде беру оңай, орындау қиын. Жылдар бойы пәтер жалдап, жаны қиналған Ормантай ақыры ауру тапты. Ауру адам көбінесе масыл болады. Оны кім ұнатады. Құдай қосқан қатынына дейін ұрысқақ, тырысқақ болып кетті. Ұрысып, ұрысып уыс-уыс дәрі береді. Ал, Ормантай уыс-уыс дәріден гөрі – Бізің таудың бір тал киікоты болар ма еді, деп армандайды.
Тәңіртаудың бір қуысында бұйығып жатқан ауылына бара алмайды. Әйтеуір қу тіршілік. Әне-міне деп айлар, жылдар өтіп жатыр. Жете алмайды. Дәл Мұқағали айтқандай: өз еркімен өзін-өзі қаланың тас қамалына қамап қойғандай қу маңдай.
Әсіресе, кенже ұлы Қисадан ұят болды. Сені ауылға алып барамын. О, ауыл қандай» Шіркін, қызықтың бәрі сонда. Адамдар қандай! – деп жас баланы қызықтырып, ынтықтырып қойып, бірақ Құдайдың құдіреті, қу тіршіліктің күйбеңінен шыға алмайды.
Ауылдағы жан жолдасы, титтейден өскен Қасымбекке хат жазады. Бір уыс киікоты болса, беріп жібер деп. Ақыры сол арманына да жетті-ау. Қасымбек, обалы не керек, аңсаған шөбін алып келді. Содан бойы жеңілдеп, ауруынан айыққандай болды.
Осы шап-шағын әңгімеде Мархабат мырза мына заманның кейіпсіздеу келбетін әр қырынан инемен шабақтап, ісіктің бетін қайтармақ.
Жазушы әу баста өз алдына ондай мақсат қоймаған да шығар. Бірақ, киелі қалам өз иесін, ақылды, заты бөлек, текті жылқы сияқты, межеге адастырмай өзі алып келетіні болады.
Сонымен, жадырап жаз шықты. Ормантай кенже ұлы Қисаны ілестіріп, дорбаларын арқалап, ақыры ауылға тартты-ау.
– Ауылға неге келмейсіңдер?
Келсеңдер көкіректеріңнен кім итереді сендерді! – деп дүңкілдеген.
– Ешкім итермейді сендерді көкіректеріңнен!
Сөйткен Қасымбекті қара басты. Тым болмаса: – үйім анау, бара беріңдер, мен қайтып келем, – демеді.
Содан Ормантай Қисаны жетектеп,бір үйдің алдына жақындай бергенде, үйден жаулығы кір-кір, шашы қобыраған сары кемпір шығып:
– Кім керек? – дейді.
– Апа, мен Ормантаймын ғой, – дейді жолаушы.
Кемпір Ормантай дегенді білмейді. Осы ауылға демалыс сайын келіп, таза ауасын жұтып, таза суын ішіп, киікоты дейтін шөбін жұлып, аунап-қунап қайтатын қаланың көп қуларының бірі екен деп қалады.
Ормантайды танымады. Ормантайдың марқұм әкесі емес пе еді бір кезде осы ауылды басқарған. Сол емес пе еді мына кемпірге арпа-бидай, шөп түсіріп берген.
Ормантай сасып қалды. Оу, мен бәленшенің баласымын ғой, – деп айтуға да жарамады. Оның қасында кішкентай Қиса ақылды екен, былай шыға бере:
– Айтпайсың ба кім екеніңді, фамилияңды, – деп әкесін күстаналады-ау.
Сөйтіп,өзі туған ауылынан ат басын тірер, бас сұғар үй таппай, ауыл сыртына барып, тобылғы түбін паналады. Адамдардың үйлерінен гөрі тобылғы түбі көп рақымды. Тобылғы түбін торғай да паналайды. Тобылғының қадірін торғай біледі. Ал, адамдар тобылғыны да тоздырып барады. Демалыс сайын мәшинесі барлар қаладан қаптап келіп, қазір баяғыдай қамшы ұстамаса да, қамшы сап деп сындырып, сындырып кетеді.
Сонымен, Ормантай мен Қиса елге келіп, далада қалды. Елім деп, туған жерін қанша зарығып, сағынып еді. Ой, оңбаған Қасымбек...
– Е, келіңдер, көкіректеріңнен ешкім итере қоймас, – деп, осы бір жаттанды жалғыз ауыз сөзін қайталай берген.
Ендігісі мынау. Бұл не? Бұл – нышан. Қайран дарқан көңілдің қазынасы – қазақ ауылы! Сен де баяғы Абылайдың түсіндегідей бақа-шаяндап, құрт-құмырсқалап бара жатырсыңау. Қазақтың қақырамас үш таған ошағы, қара қазаны, қара шаңырағы, құт-берекесі, түпқазығы, тал бесігі осы ауыл емес пе еді? Не боп кеткенсің, есіл ауыл? Өзіңнен туған жас бала сақалы шығып жат болғаны ма? Танымай қалғаны қалай?
Ауылды мұндай халге жеткізген нендей зұлмат? Қазіргі ауыл туралы, оның зары мен жыры туралы құлаш-құлаш мақала жазып, мінберлерден аузымыз көпіргенше ұзақ-ұзақ сөз сөйлеп жатырмыз. Ешкім шыбын шаққан құрлы көрмейді. Министрлер бас шұлғып қойып отыра береді. Сынаған сайын өсе береді.
Ал, мынау... Кішкентай әңгіме. Әлгі толып жатқан мақалалардан, сөздерден гөрі осы әлдеқайда әсерлі. Әттең, мұны министрлер оқымайды. Оқыса – ойланар ма еді. Көркем әдебиеттің құдіреті сонда – ойланар еді. Оқымайды. Әрі десе тираж жоқ. Жетпейді.
Ал, енді әкесінің ауыл туралы әңгімелерінен әсерленіп, ауылды қиялында ертегілер еліндей елестетіп, бір көруге ассыққан Қисаға не бетімізді айттық? Өлімнен ұят күшті. Ұят болды-ау!
Ия, егер ұят қалса... Адамның айуаннан ең басты айырмашылығы ұятында еді. Ұяттан айырылған соң адамда айуаннан айырмашылық не қалды? Не қалды?
Қазан-қазан ет асылып, ит басына іркіт төгіліп жатады деген ауылдың Қисаның қарны ашып қайтты. Ауыл бір шайнек шәй беруге жарамады. Бұған әкесі қысылды. Өйткені, ауылды ең бір таза періште, ең мейірімді, бауырмал деп, өмір бойы Қисаның құлағына құйып келген өзі ғой.
Жол-жөнекей жұпыны ғана көпшілік асханаға кіріп, екеуі тамақ ішті. Сорпаның ішінде аздаған сүйек-саяғы бар екен. Қиса соны қасқырша жұлмалап жегені-ай! Аумаған қасқыр. Мұнда тұрған не бар? Баланың аты бала ғой, қарны әбден ашқан да.
Мұнда тұрғаны сол, өткен Жаңа жыл қарсаңында мектептегі мұғалім апай жаңажылдық шыршада балалардың ойынын көрсетіп, бір көңілді кеш өткізбекші болды. Қисаға қасқырдың рөлін берді. Қиса қасқыр болғысы келмейді-ақ. Жұп-жуас. Оған қойдың, не қоянның рөлін берсе болар еді...
Бұл арада педагогиканың, дәл айтқанда педагогтың ағаттығы аңғарылады. Қисаға қасқыр рөлі лайық емес дегендерге:
– Е, ол тым момын, оны шыңдап, шынықтыру керек, – дейді педагог апай. Яғни, момыннан қасқыр тәрбиелеу керек. Ал, аржағы не болады, қандай нәтиже береді? – онымен шаруасы жоқ.
Ал, енді, міне, мына таудың бір түкпіріндегі ауылдан қайтып келе жатып, Қиас кенет қасқырға айналды да кетті. Мұғалім апайдың мақсаты орындалайын деді.
Дәл осы жерде біраз ойланып көрелік. Қазіргі ауылда (әрине, әсіресе қалада) адам қасқырлары көбейді. Бүрын біреудің тауығы жоғалыпты дегенді естімеген ауылда енді күнде жоңғар шапқыншылығы болады да жатады. Малды құйрығынан ұстап отырсаңда ұрлап кетеді. Сондай сұмдық шықты.
Ол ұрлықты істеуге мәжбүр болған, болатын қарны ашқан Қисалар!!!
Ормантайдың Қисасы, Құдай сақтасын, ұры емес. Одан пәк, одан адал бала жоқ. Ал, бірақ мына бүгінгідей қарны аша-а-а берсе, сөз жоқ, қасқырға айналады.
Бұл әңгімеде автордың мұндай әлеуметтік астарлы ой айтайын деген ниеті де жоқ шығар. Бірақ, көркемдік құдіреті, логика бойынша, амалсыз осындай тұйыққа әкеліп тірейді.
Автор дәл осы асханада ашқарақ көріністі әжуаға, ойнақы бір болмашы оқиғаға балағысы келеді. Бірақ, бүл – маска. Масканы алып тастасаң, аржағынан азынаған азап дүниесін танисың. Әрине, зерделеп тани білесің. Әйтпесе, елеусіз, алаңсыз сырғытып өте шығуың да мүмкін.
Сонымен, не керек, адамдардың ашқарақтығынан аң-құс тауға қарай қашты. Оларды қойып, өсімдік екеш, өсімдік те таулардың шыңдарында ғана қалмақ.
Ал, халық ше? Ауыл халқы қалаға қашып жатыр. Ауылға қамқорлық жасауға тиісті көсемдер ауылды қолдан қиратты.
– Бізге мал өсіру зиян! – деді бір көсем.
– Ия, мүлдем тиімді емес! – деді бір көсем.
– Мал өнімдерін: сүтті, майды, етті шетелден сатып алған тиімді! – деді бір көсем.
Сондай желеумен миллиондаған мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әсіресе ірі көсемдер, орташа көсемдер қарындарын да, қалталарын да қампайтты. Ал, қарапайым аңқаулар ауыздары аңқайды да қалды. Аңқайған ауызға желден басқа ештеңе енбейді. Аспаннан тоқаш жаумайды. Аңқайып әлі күнге дейін аң-таң.
Қалаға қашып жатыр. Біршама ертеректе әйгілі ақын: қазақтар қалаға көшпей, көзі ашылмайды. Әйтпесе, қараңғы болып қалады деген теория ашты. Ал, көшті. Ал, қаптай көшті. Көзі ашылғаны қайда? Мүйіздері қарағайдай болғаны қайда? Кәне шыққан мүйізі?!
Қазақтың түп қазығы ауылда. Ауыл азса, ұлт тозады. Ауылды қалаға жетелей бермей, қайта қаланы ауылға қарай жетеле. Ауылға мәдениет, өркениет жеткіз. Жаңа ғасыр келіп қалды. Ауылдағы мектепте компьютер тұрмақ, домалақ-домалақ ағаш есеп-шот та жоқ...
Құрысын, «Киікотына» оралайық.
Жазушы Мархабат Байғұт облыста тұрады. Астанадан да, Алматыдан да алшақ. «Киікоты» – оның жазғандарының бір тамшысы ғана. Талай-талай құнды көркем кітаптың авторы. Амал нешік, атағы жоқ, атаққа шатағы да жоқ. «Мен!», «Мен!» – деп кеудесін де қақпайды. Ондай жазушымен өлі сүйек сыншылардың да шаруасы жоқ. Заман пысықайлардікі.
Менің де сыншылығым шамалы. Сыншы да емеспін. Әңгіме әсер етті. Толғандырды. Толғанысымды қағазға түсірдім.
Ал, мен бірдеңе білсем, КИІКОТЫ мүлде шөп емес! КИІКОТЫ, ол – адамдар. Азайып, азып-тозып, тоналып бара жатқандар.
Шіркін, КИІКОТЫ қандай қасиетті, қандай асыл еді?...
Шыннан сол қасиет жоғала ма?...


«ЕгеменҚазақстан» газеті,
1-мамыр, 1999-жыл.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу