Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ҚОШ, ҚАЗАҚ ЖАНЫН ҚАЛАМЫМЕН АЯЛАҒАН СУРЕТКЕР!

Қабырғалы қаламгер Мархабат Байғұт 77 жасында өмірден өтті. Кейде әдебиет туралы әңгімелегенде «ұлттық таным» деген сөзді жиі ауызға алып жатамыз. Қаламгердің шығармаларынан дәл осы ұлттық таным, ұлттық ойлау формасы менмұндалап тұратын. Ол қарапайым адамдардың өмірін, қадір-қасиетін, құштарлығын, арманын жазды. Қысқа әңгіме жазудың хас шебері атанды. Қазақ әдебиетіндегі бейімбеттік дәстүрді өзіне тән мәнермен толықтырып, заманауи қалыпта нақыштады. Өзі туып-өскен өңірден ұзап шықпай-ақ, күллі қазақ даласын рухани орталық санады. Әдеби дау-шарлардан жырақ, өзінің шығармашылық әлемінде өмір сүрді. Қош, қазақтың жанын қаламымен аялаған суреткер!

Белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт 77 жасында өмірден озды. Ол – 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған. 1968-74 жж. Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-84 жж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1984-85 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1985-92 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, 1992-93 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-98 жж. облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-03 жж. осы басқарманың бастығы, 2003-04 жж. облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-08 жж. облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнаулы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Олардың бәрі дерлік негізінен Алматыдағы «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» баспаларынан шыққан. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр сахнасында қойылған. В.Шукшиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың, А.Кимнің, В.Покальчуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 1996 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы «Парасат» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атақтары берілді. Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгердің жарқын болмысы халқының, қаламдастарының жүрегінде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының хатшылығы

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу