Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАСЫ ЕДІ!

Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мархабат Байғұт ағамыздың дүниеден озғанын естіп, жүрек жылап отыр! Соңғы рет ол кісімен Алматыда жүздестік. Осы жылғы жаз айларының бірінде, Ақкент шағын ауданындағы үйімнен жұмысқа шығып бара жатыр едім. Төмен жақтағы көрші үйден Орысбай Әбілдаев пен Баян тәтем, Мархабат аға мен Қыздаркүл жеңешем шығып келеді екен. Өздері көңілді. КазГУ-де университет бітіргендеріне айтулы дата толып, соған кездесуге бара жатыр екен. Бұл кісілер – құдай қосқан құда. Мархабат ағаның дүниеден ерте озған Баубек деген баласы мен Орекеңнің ортаншы қызы ертеректе тағдыр қосқан. Одан бірнеше ортақ немерелері бар… Еменжарқын амандасып, қауқылдасып қалдық. Ауладағы ұзын орындыққа отырып, хал-жай сұрастық. Мархабат ағам өзінің қашанғы өзгермейтін қалпымен жылы жымиып, нұрын төгіп, ерекше бір мейірім шуағын шашып адамның бауырына кіре әңгіме созып, біраз аялдадық. Жазушылар Одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бәйгесінде алған Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық алғанына Ұлықбек інісіне,маған алғысын жаудырып-ақ жатыр. Қайран қатал тағдыр-ай! Бұл менің ол кісіні соңғы рет көруім екен-ау! Кейін тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлестім. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай қыркүйек¬тің 28-інде Семейдегі шараға Мемлекет басшысы баратынын, соған «Әуезовтің қазіргі көрнекті ізбасары ретінде барып қайта аласыз ба?» деп сұрағанымда, өзінің сырқаттанып жатқанын айтты! Ел жүрегіне ұя салған аса дарынды жазушы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғамыз еді. Берісі– алты Алашқа, арысы – бүкіл түркі дүниесіне танымал болатын. Кейінгі жылдар бедерінің өзінде Ұлы Жібек Жолындағы орналасқан Түркістан шаһары туралы тарихи деректі шығармасы Бейжіңнен қытай тілінде жарық көріп еді. Ал оның «Әкімнің әйелі» шығармасын көрші ел Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиеев мақтап, барлық өзбек шенеуніктеріне сөз арнап, қазақ жазушысы Мархабат Байғұттың «Хокимнің хотуны» прозалық шығармасын оқып шығуға үлкен жиын үстінде пәрмен беріпті. Осыдан екі-үш жылдай бұрын алыстағы Түркияда Мархабат ағаның кітабы түрік тілінде басылып шығып, «Түркі дүниесіне зор қызметі үшін» мәртебелі сыйлығымен марапатталды. Осының өзі қандай ұлы жазушымыздан көз жазып қалғанымызды аңғартатын мысалдар.
Жан Аға! Біз сізді ұмытпаймыз!

Бауыржан ЖАҚЫП

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу