Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ҚАЙРАН ҚҰРДАСЫМ-АЙ!

Қайран Мархабат құрдасым-ай! Сенің де бұл өмірден өткенің бе?! Анда-санда кездескен сайын бір-бірімізді қалжыңмен қағытып, мәре-сәре болып қалушы едік…
Түстік мақамымен жазылған сенің дүниелерің – қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ірі суреткерлік деңгейде жазылған, шындықтың қаны сорғалап тұрған ол шығармаларың бүгіннің өзінде рухани құндылықтарымызға айналды. Әттеген-ай, ол шығармаларың кезінде нақты бағасын ала алмады. Жолы қырқылды. Ол шығармалар туралы Назарбаевтың өзі теледидардан сөйлеп (ол кісінің бұрын мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған дүниелер туралы сөйлегенін көрген емеспіз), шығарманы сыйлық алайын деп тұрған жерінен құлатып тастап еді. Назарбаевтың ол сөзінен, билікке тиіскендер сыйлықтан дәметпесін дегендей сес байқап ем. Ол билік келмеске кетті. Ал Мархабаттың шығармалары мәңгілік сөресіне жайғасты.
Бұдан төрт-бес ай бұрын Мархабаттың «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қатын күрес» атты әңгімесі жарық көрді. Оған телефон соқтым. Әдеттегідей қалжыңмен қағысып алып, хал сұрастық. Ол жақында ота жасатқанын, қазір соның зардабымен күресіп жатқанын айтты.
Екі күннің бірінде жатып қала беретін мен оның бұл сөзіне соншалықты мән бере қойғам жоқ. «Ауырып тұрдың, аунап тұрдыңның» бірі шығар деп ойлағам. Сонан кейін мен «Қатын күрес» әңгімесіне ойыстым да, «Мархабат, сенің мына әдемі әңгімең менің ойыма бір идея салып тұр дедім». «Ол қандай идея?» деді. «Сен қазір төсек тартып жатыр екенсің, тұрған соң екеуіміз әйелдерімізді күрестірсек қайтеді?» дедім. Мархабат кенет сылқылдап күліп жіберді. «Туу, мына идеяң – идея-ақ екен. Күрестірсек, күрестірейік» деп мәз болды. Екеуіміз осыған ауызша бәтуаласып, қош айтыстық…
Енді, міне, қоштасу сөз айтып отырғаным. Қайран дос, қайран құрдас. Жатқан қараңғы жерің жарық, жамылған ауыр топырағың жеңіл болсын!

Құрдасың Темірхан МЕДЕТБЕК

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу