Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ЕРКЕЛЕЙ БЕР, ЕР МАҚА...

Таң асырып күнде өзін баптанатын секілді,
Күлкісі мен ниетін атқаратын секілді.
Мынау әлем, мынау күн Мархабатпен марқайып,
Мархабатсыз дүние бос қалатын секілді.

Баласына Алаштың олжа салған Ақтабан,
Өзі жайлы үндемей, өзге жайлы мақтаған.
Жымың етсе жүзіне қызыл арай ду етіп,
Алла берген ұятын уыз күйде сақтаған.

Сөз сиқыры құбылып, қыз жүректі жаулады,
Есті үйіріп, бишінің етегіндей аунады.
Сені берген Құдайға құлшылық қып мүлгіп тұр.
Сәлделері салбырап Түлкібастың таулары.

Жұпар исі аңқыған жемісін жеп жұмақтың,
Жалаң аяқ жүгіріп, суын іштің бұлақтың.
Аспанменен таласқан асқар шыңға байланған,
Жеті жасар күніңнен жетелеген мұрат бұл.
Тереңдерді тербетіп, тілге шабыт төгетін,
Ақиқаттың сырларын іздесе анық көретін.
Жамағатын ұйытқан жазушы да шипагер,
Кіреукелі көңілге кірне салып беретін.

Жанымызды жегенде түрпідей боп егеу мұң,
Сен білесің әдісін рахатқа бөлеудің.
Ыздыйып кеп қолыңа тілдей қағаз қыстырып,
Ханбибімен айтысқа танытасың емеурін.

Қыран-топан шығады қан сорпамыз,
Өзіңменен әр кезде бақытты, бай ортамыз.
Жетпейді-ау деп құшағы өзіміз-ақ құшуға,
Қылдай белің үзіліп кете ме деп қорқамыз.

Алты тарау жол дейді алпысыңда абайла,
Иман нұры шалқыған шақыра ма сарайға.
Ғұламалар жығылған құбыланы қалай ма,
Сақалсыздың барлығын бозбалаға санай ма?

Жетпіс, сексен, тоқсанды тойлауды да нәсіп қыл,
Қызығыңыа тоймасын қызғалдағын шашып қыр.
Кемеліне толды-ай деп, діттегені болды-ай деп,
Қалың елің қуанып құшағыңа басып түр.
Еркелеп қал, Ер Маха... көзіңді жұм, ашып бір,
Тағы жазып жұртыңды, оқығанша асықтыр!


Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
Қазақстанның халық ақыны

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу