Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ НЕ ІСТЕМЕДІ?
(Түлкібас аудандық Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Мәдениет сарайында жасалған баяндама)

Қазақтың тағы бір құт мекені, алты Алаштың арман мекені-Түлкібас төріне әулие қонып, нар шөккен жерге қош келдіңіздер!
Топырағын жаласа мал семіретін Майлыкент өңіріне басқан қадамдарыңыз құтты болсын, мәртебелі меймандар!
Тәңірі жарылқап, Тәңіртауды күнде көруді жазған, алысты жақын ететін Алатауға арқа сүйеп үйренген, көшіміздің түзелгеніне қарап тұратын Қаратау дай қара шаңырақтан ұзап кете алмайтын әлеуметтің, ауылдың алдында есеп беруге келген, елдің атын шығарған ерен жазушы-журналист, Түлкібасы ауданының құрметті азаматы Мархаббат Байғұттың мерейтойы-халықтың тойы, сіз бен біздің қазынамыз.
Әрине, дәл бүгін «Мархабатнаманың» жаңа беттері жазылып, толыға түсетініне күмән жоқ. Әдетте, мерейгердің не тындырғаны, жетістігі және жеңісі, жақсылығы мен шарапаты айтылмай қалмайды. Үрдістен жаңылмайтын шығармыз. Ал біз Мархабат Байғұттың нені істемегеніне азкем тоқталсақ деп шештік.
Йә, Мархабат Байғұт не істемеді?
Әлемді шарлап, қымбат қонақ үйлерде түнеп, лимузин мініп, алтын қасықпен ас ішпеді, мода қуып киініп, сақал-мұрт қоймады, шашын бұйралатпады. Көлденең көк аттыға жағымпазданып, кітаптарын жат тіліне аудартпады, шетелде кітап шығарамын деп жанталаспады. Ең ақыры, шыққан-шықпаған кітаптарына жарнама да жасамады. Тәмәм жұртты жинап, «тұсаукесер» өткізбеді. Бума-бумасын әр түрлі кабинеттердің ішіне зорлап кіргізбеді, күштеп шығармады. Кәсіпкерлерге жалынбады, бизнесмендердің ал-дында бүгежектеп, бірдеңе дәметпеді. Нағашыларының нағашыларына, олардың құдаларының құдаларына, жиендерінің жиендеріне, жиен қыздарының күйеулеріне, қолына су құйып, сүлгі ұсынғандарға, қоғамдық көлікте билетке қол жалғап жібергендерге, кездойсоқ танысқан қалталыларға қолқа салып, алақан жаймады, салмақ салмады, Даладағы жағажайға жайғасып, қаладағы қуыстардан монша-моншақ іздемеді. Күн ұзағына қаламын қолынан тастамай, тұні бойы түртінектеніп баяндама,сөз жаздыратындарға, өлеңдері мен өлген сөздерін тірілтіп, кітаптарын өңдетіп,қайта жаздырып алатындарға да үндемеді, қаламының қарымын бұлдамады. Сүйегіне сіңген осы әдетімен кезінде интернатта көп жігіттердің қыздарға хаттарын, қыздардың желөкпелерге жауаптарын өзі жазып беріп, жас жұбайлар дәрежесіне жеткізсе де қаламақы алмады, бір шәйнек шай ішпеді. Қанша қиылып сұраса да ағаларын жағаламады, жазған-сызғандарын тықпаламады, астанада қалмады.
«Қылшылдап» тұрсада белсенді атанып, комсомолдың көсемі болып кесіп тастамады, тұратын жері мен тұрмыстық жағдайын бірден шешіп тастамады.
Момақан журналист кейпінде кәсіп етті. Қазақшасын қылғындырып тастаса да «Шамшырақты» «Маякқа» басындырмады.
Бесжылдықтарда алты жылға татитындай жұмыс істеп, социалистік елдің марапатын көрмеді. Колхоз, совхоз, тауық фермасынан бастап заводтарға дейін түгел аралап, мақала, суреттеме, очерк жазса да тұқым қуырып жемеді, цемент сұрап фундамент құймады. Тіпті сауыншыларды таңғы 5-те өзі оятып сұхбат алса да сүт ішпеді. Көз майын тауысып, орысшадан аударса да, хат өңдесе де, мақала ұйымдастырса да аудандық газетке редактор бола алмады.
«Оңтүстік Қазақстанға» да өзі сұранып, араға кісі салып, қызметке тұрмады.
Онда да қанша жазса да бастықтардың көзіне түспек түгілі көзге ілінбеді, бөлім бастығынан жоғары көтерілмеді.
Мархабат Байғұт не істемеді?
Облыстағы «Ақ үйге» де өзі сұранып бармады, сегіз айға да шыдамады. «Жеті айлық» болса да жүйкесі жұқармады, шала шенеунік болып шіренбеді.
«Шенеуніктің шаласы тез өседі, Бастықтардың баласы тез өседі», – дегеннің біреуіне де сай келмеді. Елді бөліп-жармады, ешкімді алаламады, жығылғанмен сүрінгенді табаламады, қызметі өспеді. Өсек тасып, ірілердің қолтығына кірмеді, өзімен-өзі болып, әріптестерінің, құрдастарының аяғын шалмады, алдын орамады.
Ақыры ешкімге керек болмай қалған Жазушылар Одағына бармай қала алмады. Шырақшымын, жаңа шығармашылық орта қалыптастырамын деп көрпені өзіне тартпады. Пайдасын жеке басына жарата алмады, жемісін жемеді. Тойларда төрде отырмады, ойын-сауық қумады, шапан киіп, ат мінбеді.
Көлік сұрап алып, үйіне пайдаланбады. Жазудан басқаға икемсіз, жаза беруге машықтанған Махаң ешнәрсе жазбай қоймады.
Мархабат Байғұт не істемеді?
«Ақ үйге» кезекті шақырудан бас тартпады. «Ылғи қара жұмысын маған істетеді» деп туламады. Содан бері қанша жылдар өтсе де, қаншама газеттер шақырса даешқайда бармады, тапжылмады. Тұз сеуіп қойған жерлерге де, гүл егіп қойған мекемелерге де бармады. Ішкі саясат, тіл саясаты, ақпарат саясаты деген үш китті мініп алса да адамгершіліктен асып өз саясатына ерік бермеді, ешкімді таптамады, пенделіктің ауылына жақындамады.
Таспен ұрғанды таспен де, аспен де ұрмады. Қарамағындыларды ерттеп мініп алмады, оларға доқ көрсетпеді, ұрыспады, еркелетпеді.
Қиын-қыстау, аума-төкпе эаман толқындарында да жүгенді сыпырып тастап, ер-тоқымын бауырына алып қашпады. Құдай жазасын беріп аузына құм құйылған жайындардың аузын ашып қарамады, ішек-қарнын ақтармады, жыпырлаған шабақтарды кильки етпеді, көздерін ойып алып уыл-дырық-икра жасамады.
Мархабат Байғұт не істемеді?
Руханият саласында қаншама іс тындырса да, «маған неге облыстың құрметті азаматы атағын бермейсіңдер» деп қиғылық салмады, Ауыл жылы деп алашапқын болғанда ауылды бойлай-бойлай, қоймай жазатын жазушының кітабын неге «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбайсыңдар» деп ауыл-дың жерін тепкілемеді. Жалдамалы журналистердің алақанына тиын салып, арнайы жазғызбады. «Ойбай, масқара, сұмдық» деп таңдай қаққызбады.
Мархабат Байғұт не істемеді?
«Мемлекеттік тіл маған ғана керек пе?» – деп жатып алмады. Жазушылығын табыс табу, күнкөріс құралына айналдырмады.
«Екі кеме құйрығын, Ұста, жетсін бұйрығың», – деген Құнанбай баласының ақылын жүзеге асырып жатқанымен, көкірегін ұрмады, данышпанмын демеді.
Мархабат Байғұт не істемеді?
«Мен 60-қа жақындап қалдым» – деп ел араламады, ешкімге елші жібермеді. 60-тан кейін де көретін жасын ойлап, алақайға салмады, талапайға түспеді. Зәулім сарайлардан, ордалардан, шекпенділерден, шенділерден құттықтаулар ұйымдастырмады, сыйлық дәметпеді. 60 жылдығын тойлауға асықпады және базбіреулер сияқты есеп-қисап түзіп, кешікпеді. 60-қа келгенде салмағын, бойын, размерін, бар құпиясын жасырмады, тіпті жылдамдығын 60-тан асырмады, бір қалыпты мінезінен айнымады, шаң басқан блокноттардағы адрестерді, телефондарды ұмытпады, өзіне де өзгеге де өкпелеп жүретіндерді, кердеңдеп келмей қалатындарды тойға шақырмады.
Мархабат Байғұт не істемеді?
Майлиннен Мархабатқа дейін, яғни Бейімбеттен Байғұтқа дейін үзілмей келе жатқан әңгіме жанрын әулие тұтып, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақтар туралы поэма, роман, эпопея жазбады. Амандық болса, Мархабат Байғұт жазуын тоқтатпаса, миллиардер болып жатса (кітаптарының миллиард тиражын айтып тұрмыз), поэма да, роман да, эпопея да жазылар, жарық көрер, жер жиханға тарап, кітаптары әлемнің 150 елінің тілде-ріне аударылған, 35 миллионнан астам данасы сатылған ең танымал бразилиялық жазушы Пауло Коэльоның орнына мемлекет, үкімет басшылары Мархабат Байғұтты қабылдап, қошамет көрсетер.
Бізге сол кезде «Мархабат Байғұт не істемеді?» деген сұраққа «ең үздік, ең әдемі әңгімесін жазбады» – деп жауап беруге жазсын.


Дархан МЫҢБАЙ,
Түлкібас ауданының әкімі

«Машат-Мархабат», 2005жылғы 4-маусым

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу