Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ОЙЫ ҰШҚЫР, ҚАЛАМЫ ҮШКІР ЖАЗУШЫ
(Бас мақала)

Мархабаттың алғашқы әңгімелері жиырманың ішіндегі жас жігіт кезінде-ақ жариялана бастады. Бірақ, ең алғашқы жеке кітабы 1978 жылы жарық көріпті. Демек, автордың жасы бұл кезде 32-33-ке келіп қалған кезі.Ал отыздан асқанда тұңғыш кітап шығару деген ең бір алмағайып кезең. Өйткені, сен өзің құралпы лектен қалып қойдың және отыздан асқан жігіттің тұңғыш кітабының енді шығып жатуы әдебиетшілер мен қалың көпшілік үшін ерекше оқиға боп көріне қоймайды. Сондықтан да ол ат-нөпір боп бұрқырап шығып жатқан көп кітаптардың тасасында көзге ілінбей қала береді. Оның алғашқы кітабының кешеуілдеп шығуы да жоғарыда айтып өткен Алматыдағы бітіспес әдеби майданның дүмпуінен болса керек. Жасыратын не бар, астанадағы айналдырған екі баспаның жылдық жоспары Алматыдағы ақын-жазушылардан-ақ артылмайтын. Оның үстіне «Жалын» баспасының өзі жетпісінші жылдардың ортасына таман ашылғанын ескерсек, елде жатқан қаламгерлердің жыл сайын естен шыға беретіні түсінікті жай. Әйтсе де, «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп Абай атамыз айтқандай, Мархабат алыста өтіп жатқан қызу додаға қызықпады, киіп-жарып олардың ортасына кірмеді, «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» деген жайбарақат қазақы мақалдың ырғағына сай ауылда жатып-ақ «арбамен қоян алуды» жөн көрді. Онысы жеміссіз де болған жоқ. Бас-аяғы жиырма шақты жылдың ішінде ол топтап емес, біртіндеп өзіне аудара бастады. Бүгінгі таңда ол қазақ прозасын да өзіндік қолтаңбасы айқын, тек Байғұтовқа ғана тән стилі бар жаңа әңгімесі жарыққа шықса,жұрт жапатармағай оқуға тырысатын, дәл сол сәтте уақыт таппаса, тапқанға дейін сақтап,екінші сөзбен айтқанда,өз оқушысы қалыптасқан қайтулы қаламгерлердің қатарында.Жол басы «Шілдеден»басталды.Қан базардай қайнаған әдебиет сарайына имене енген бұл жинақ салған жерден жұрт назарын өзіне аудара қоймаса да, әдебиет табалдырығын сырбаз да мәдениетті жазушының аттағанын көзі-қарақты біраз жұрт байқап қалды . Араға екі жыл салып «Сырбұлақ» атты хи-каят пен әңгімелер жинағы дүниеге келді. Оқушы қауым қарапайым кейіпкерлердің тіршілігімен, өмірдің дәл өзінен кеп Мархабат жазып отырған ақ қағазға секіріп түсе қалғандай шынайы мінездермен, мәдениетті юмормен, баяндау стиліндегі ерекше бір нәзік ырғақпен, басқа шығармаларда кездесе бермейтін, адамдардың мінез-құлқын сипаттаудағы оңтүстікке ғана тән тың бояулармен қайта жүздесіп, жаңа бейтаныстармен қайта табысып, кітап оқылып біткенде олармен өкіне қоштасып, оның жаңа шығармаларын күтетін жаңа қауым пайда бола бастады. Бір кітаптан соң бір кітап. Мархабат өзінің алғашқы кітабын шығарғанға дейінгі аралықты күнделікті тіршілік күйбеңімен жүріп, не оған мән бере қоймай, мән бере қойса да жұрт секілді таласқа түспеймін деп аулағырақ жүріп уақыт өткізіп алғанын түсінген болуы керек, тұңғыш кітабынан соң өмірге бірінен кейін бірін топырлатып жаңа кітаптар бере бастады. «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періш-тесі», «Ақпандағы мысықтар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері» сияқты өмірдіңсан алуан салаларын арқау еткен көркем әңгімелер мен хиқаяттар бүгінгі таңда Мархабат шығармашылығының негізін құрайды. Бір қарағанда бірсыдырғы қоңыр тіршіліктің өзіміз талай куә болған көріністерін баяндап отырғандай көрінетін «Таудағы аңдыздағы» бұрынғы сыныптастардың он жылдан соң бас қосып, өткен өмірлеріне қайта сапар шеккенде адам баласы-ның өмір ағымымен оп-оңай ағып кете берерін, әркім өзінің бүгінгі тіршілігі- нің уақытша сәттілігіне мәз боп, сол жолда кісілік, достық, махаббат деген ең қасиетті сезімдердің бәрін оп-оңай ұмытып кете баруға дайын, азды-көпті тіршіліктеріне тым болмаса ойша мән беріп, одан мағына іздеуге уақыт таппайтын пенде атаулының бәріне тән өкінішті қасиет екенін жазушы момын сюжет, бұралаңы мен қалтарысы көп кейіпкер мінездері арқылы бәрі-міздің есімізге тағы бір салып өтеді. Шығарма элегиялық сарында жазылған. Оның алғашқы беттерінен алыстаған сайын өзіңе-өзіңнің қояр сұрағың көбейіп, көңіліңе мұң ұялайды. Жалпы, Мархабаттың шығармаларын оқып отырғанда алдыңнан «Неге?» деген сұрақ сәт сайын көлденеңдеп көрініп отырады. Бұл сауал «Қорғансыз жүректе» көбейе түседі, «Машаттағы махаб- бат» пен «Ақпандағы мысықтарда» алдыңнан қаптап шығады. Оның «Жас Алаш» газетінің 20 мамырдағы санында жарияланған су жаңа әңгімесі «Жоғалған жұрнақтың» бәріміздің алдымызға ашықта төтесінен қоятын «неге?» деген осы сауалына жауап іздеп, санамызды қорғасындай бір зілбатпан салмақ басады. Әрине, бұл сұраққа әркім әрқилы жауап іздей жатар оның себептерін де әркім әрбасқа түсіндіруге тырысар, бірақ, жазушы қойған үлкен сұрақ белгісі бәрібір ойымыздан өше қоймайды. Кешегі өткен ұлы тарихы бар, елдік пен ерліктің, азаматтық пен кісіліктің неше түрлі үлгілерін көрсеткен осы қазақ деген елдің бүгінгі тіршілігі не боп барады?
Олар неге ұмытшақ, неге жалтақ, неге қара басының ғана қамын күйттеген боп, басқаның қайғысы мен жан азабын түсінуден алыстап, ол алшақтық күннен күнге ұлғайып барады? Мархабат жазушы ретінде оған нақты жауап бермейді, берудің де қажеті жоқ. Әркім өзі ойлансын, әркім өз ішіне үңіліп, өзінше жауап іздесін. Жалпы, кәнігі суреткер, шын жазушы сұраққа жауап іздемейді. Егер жауап іздесе, оны тауып оқушыға ұсынып жатса, ондай шығарманың көркемдік құны төмендеп, оқушы үшін қызықсыз боп қалар еді. Жазушы дәрі-дәрмек жасайтын провизор, не фармацевт емес. Оның міндеті сұрақ қоя білу, оқушыны ойлануға, өз ішіне үңілуге итермелеу. Өзінің әйгілі қара сөздерін жазғанда ұлы Абай нақты жауап беру үшін емес, мәнсіз, мағы-насыз тіршіліктің басыбайлы құлы болып бара жатқан, тек қазақ қана емес, бүкіл адамзаттың алдына «қалай, неге?» деген сауал тастайды. Ал адамзат сол сауалдардың бәріне әлі күнге дейін жауап іздеуде.
Жазушының шығармалары тақырыптық жағынан да, оқиға іріктеу тұрғысынан да, ең әрісі, кейіпкерлерінің бәрі бір аймақтан, бір ауылдан екені көрініп тұрса да, әрқайсысының болмыс-бітімі әр басқа, тағдыр-талайлары әрқилы, ой-өрістері әр деңгейде, тағдырлары сан-сапалақ. Оларды көріп отырып бірде күлесің, бірде налисың, енді бірде ойланасың. Өзім де осы өңірде туып-өскендіктен бе, кейіпкерлерінің бәрі маған да етене жақын, өзім талай-талай арасында жүргендіктен бе, ұмытылып бара жатқан таныстарыммен қайта табысқандай боламын. Бірін-бірі қайталамайтын, бір-біріне ұқсамайтын мыңға жуық кейіпкердің мың түрлі мінез-құлқын жасап беру де оңай жүк емес.Мархабаттың басқалардан артықшылығы ол өз кейіп-керлерінің қалың ортасынан алыстаған емес. Табиғи болмысынан әлі тым алшақтай қоймаған, іс-әрекеттерінде жасандылық деген болмайтын оңтүстіктің мінезге бай адамдары Мархабат шығармаларына тұс-тұстан анталап, өздері кеп еніп жататын секілді. Ауылдың қасіреті тұрмыс-тіршілігі- не төзе алмай, өзі үйген қозапаяның үстіне шығып алып оған от қойып өртеп, жалынмен бірге ғарышқа ұшпақ боп ауылымен қоштасатын Ерсәлім атты қиялшыл арбакеш, сонау Карелияға Ойпаңбел ауылынан дарбыз алып барып, оны балабақшаға тегін үлестіріп, сол жерде рахатын көрген саунаны ауылға әкеп салуды ойлаған Сайрамбай және Шубай мен Тастыбайдың күлкіге толы мінездері, қилы-қилы ұлттың қилы-қилы іс-әрекетін көрсетуге арнаған «Ақсақ кемпір» әңгімесі, «Сүмбіленің суындағы» курорттық махаббат, ынжық күйеу, пысық әйел, таңға шейін қыз қасында жатып саусағын қимылдата алмайтын ұяң бозбала, қойшы әйтеуір, Мархабат кейіпкерлерінің бәрі өмірдің дәл өзінен көшіріп алғандай шынайы да нанымды, қызықты да күлкілі.
«Кандидаттың имиджі» атты әңгіме де жазушының өзіне тән жеңіл юмормен жазылған. Депутаттықа кандидаттың сайлау алдындағы алуан түрлі әрекеттері, әділдік пен арамзалықтың тайталасы, ауызда бар, өмірде аз байғұс демократияның түскиіздей фон ретінде ғана алыстан көрінетіні, бәрі-бәрі жа-зушылық фантазияның ғана жемісі емес, өмір материалдарын суреткерлік електен ұтқыр іріктеп өткізе білген шеберліктің жемісі. Демократияның отаны боп есептелетін ағылшын саясаттанушыларының арасында мынандай бір күлкілі анықтама бар. Мән-мағынасын дәл жеткізу үшін оны қазақшаға аудармай-ақ орыс тіліндегі нұсқасын келтірейін. «Диктатура-это выбираешь то, что дают, демократия – выбираешь то, что хочешь и получаешь то, что дают».
«Кандидаттың имиджі» атты әңгіменің ұзынырғасы осы идеяны байқатпай сездіріп тұрған секілді. Кіммен сөйлессең, соның деңгейінде сыр айтасың. Мархабат шығармаларын талдау барысында жас баланың қиялынан бастап, өзекті мәселелерге дейін ой өрбітуге құштар болып отырасың. Өйткені, оның шы-ғармаларындағы әділдік пен қулықтың, мейірбандық пен қатыгездіктің, өтірік пен шындықтың мәңгілік тайталасы әдебиетте бір бүгін ғана емес, адамзат ес біліп, етек жапқалы бері жалғасып келе жатқанын және жалғаса беретінін, шығармашылықта өзі рухани ұзтаз тұтатын, оқиға іріктеу мен кейіпкер бейнесін жасауда іштей еліктейтін, мейлінше мәдениетті жазушы А.П.Чехов айтқандай, «өңменіңнен өтетін бұл ызғарлы жел әулие Петрдің кезінде де тұрған, ертең де тұрады, одан кейін де тұра бермек». Құрлық пен теңіздің мәңгі шайқасындай, әлжуаз әділдіктің айласы мол зұлымдықпен шайқасы біздің ғасырымыздан кейін де жалғаса берері сөзсіз.
Мархабат Байғұтовтың шығармаларын бір емес, бірнеше мақалада да талдап шығу мүнкін емес. Оның хиқаяттары мен әңгімелерінің атын атап, шығармасындағы кейіпкердің аттарын тізіп шығудың өзі мақталықтағы қозапаяны санап шығумен бірдей. Оның шығармалары жайлы қазақ баспасөзі аз айтқан жоқ. Оның әрбір жаңа туындысы сонау «Сырбұлақтан» бастап, ең соңғы! Ауыл әңгімелеріне» дейін әдебиетші-ғалымдар мен жазушылардың, журналистер мен қарапайым оқушылардың ыстық лебізіне бөленіп, тиісті бағасын алып келеді. Оның кітаптары жайлы қазақ қарасөзінің майталманы Тәкен Әлімқұлов, белгілі ғалым Керімбек Сыздықов, арамыздан мезгілсіз кеткен Қалдарбек Найманбаев, азулы ағасы Шерхан Мұртаза, Әмірхан Мен-деке, т.б. республикаға аттары белгілі әдебиетші-сыншылар әр кезде ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдіріп отырыпты. Демек, оның шығарма лары Қазақстан көлемінде марапат-қошаметтен кенде болмады деген сөз.
Біздің заманымызда әдебиетпен басыбайлы біржолата айналысу мүнкін емес, тіпті, қазақ әдебиеті үшін алтын ғасыр боп бағаланып келе жатқан өткен жүзжылдықта даонымен түп-түгел айналысқан ешкім жоқ.олардың бәрі де көркем әдебиетті үшінші ауысымда, (орысша айтқанда, үшінші сменада) жасады. Бірақ, ол кезде көркем әдебиет мемлекеттік қажеттілік бол-май қалды.Нарықтық қарым-қатынас бұрынғы құндылықтарға басқаша қарап көркем әдебиет туындыларына кірпіш зауытының өнімдері сияқты жаппай «тауар» тұрғысынан бағалайтын көзқарас қалыптастыра бастады. Мұндай көзқарас қалыптасқан жерде әдебиеттің өсіп, өркендеуі жайлы сөз қозғау Карелиядағы саунаны Ойпаңбелге әкеп орнатпақ болған Сайрамбай мен Тасты-байдың әрекетіндей боп қалары сөзсіз. Мемлекет пен ұлттың болашағын көркейтеміз десек, алдымен әдебиетті қайта жандандырудың қамын ойлауымыз керек. Бұл жерде мен шынайы көркем әдебиет жайлы айтып отырмын. Сан жағынан бұрынғыдан әлдеқайда мол сүреңсіз кітаптар әлі әдебиет емес, керісінше, ондай кітаптар оқушыны бағыт-бағдарынан адастырып, талғам таразысын арзандатып жібереді. Әлі күнге дейін «сверхдержава» деген атқа ие болып келе жатқан көршіміз Ресей газеттері «орыс әдебиетінсіз орыс мемлекеті жоқ» деп дабыл қағудан таймай келеді.
Шын жазушының негізгі міндеті – нені жазуда емес, қалай жазуда, қанша жазуда емес, не үшін жазуда. Осы тұрғыдан келгенде, Мархабат қалай жазуды, не үшін жазуды жақсы меңгергенге ұқсайды. Неміс әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы классигі Бертольт Брехт «Шындықты жазудың бес айласы» деген атақты тұжырымдамасында «нені» жазу мен «не үшін» жазуды басты критерий етіп, өзінен кейінгі толқынға осы талаптарды қағида ретінде ұсынып еді. Осыдан келіп, неміс әдебиетінде әйгілі «Брехт мектебі» пайда болды. Әрине, мен бұл жерде Мархабат Байғұтов Брехтың бес айласын оқып алып, өз шығармаларын жаза бастады деген ой айтудан аулақпын, бірақ, шындықты жазуға талпынған жас қаламгер әуелі құдай берген табиғи түйсік арқылы жазуға отырады да, өсе келе, тәжиірбе жинақтай келе, іздене келе өмір шындықтарын шынайы көркем әдебиет шындығына айналдыру үшін бір ғана табиғи түйсіктің аздық ететінін сезініп, әлем әдебиетін пәйкел аралағандай аралай бастайды. Аралай бастайды да оқыған-тоқығанын ой тара зысынан өткізіп, солардың бір де біреуіне ұқсамаудың жолын қарастырады.
Тіпті, олардан кемшіліктер де тауып, өз шығармаларында оны қайталамауға барын салады. Мархабат Байғұтовты әдебиетте өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан жазушы дейтінімізді де оның басқа ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана, Мархабат Байғұтовқа ғана тән ерекшеліктерін танып-білген соң айтамыз.
Қазір Қазақстан Жазушылар одағында жеті жүздей мүше бар деген ақпарат ел ішіне икең тарап кетті.Біреулер оған қуанады, баз біреулер «Қаптап кеткен қайдан шыққан жазушылар» деп тыжырынады. Кітап шығарғанның бәрі жазушы емес, әу дегеннің бәрі ақын емес. Бірақ, олардың санына сан соқпай-ақ, өз керегімізді өзіміз таңдап ала білсек болғаны емес пе? Сан бар жерде сапа да болар деген үміттеміз. Бірақ, санды қуамыз деп кейде сапаны ұмытып кететін әдетіміз бар. Осы тұста М.Шолоховтың партияның ХХІІІ сьезінде сөйлеген сөзі еске түседі. Онда ол мынандай күлкілі жәйтті мысалға келтіріп еді. Тула облысының хатшысы «Әдебиет кадрларын дайындауда жағдайларыңыз қалай?» деген сұраққа: «Жақсы. Өте жақсы! Ревалюцияға дейін бізде бір-ақ жазушы – Лев Толстой ғана болса, қазір, құдайға шүкір, жазушылардың Тула бөлімшесінде одаққа мүше жиырма үш жазушы бар» деп мақтанған екен. Әрине, әр губерниядан Толстой, әр аймақтан Әуезовтар туа бермес, бірақ, жазушыларымыздың қатары жыл сайын селдіреп келе жатқанын көріп, енді он бес, жиырма жылдан соң аға ұрпақтың орнын басатын жастар болмай қалар ма екен деген алаңдаушылығымыз да жоқ емес.
Бір кездері Қазақстан Жазушылар одағының жиырма пайызға жуығы оңтүстіктен шыққан айтулы қаламгерлер еді. Қазірдің өзінде олардың қатары сиреп, саусақпен санайтындай халге тұсіп қалды.
Жазушылар одағының қара шаңырағына Сәбеңдермен, қос Ғабеңдермен иық тірестіріп, олармен қызу пікір таластырып, кезекті мәжілістерде салмақты ойларын ортаға салып, әдебиеттің бүгіні мен ертеңіне байланысты терең толғаныстарын айтып жүретін үлкен бір дүрмек бар еді. Б.Кенжебаев, Ө.Тұрманжанов, Т.Әлімқұлов, С.Бақбергенов, Р.Райымқұлов, С.Адамбеков, Т.Бердияров, Б.Әбдіразақов, Т.Иманбеков, Қ.Найманбаев, А.Сүлейменов, Т.Тоқбергенов. Бүгін арамызда жоқ бұл есімдерге қосымша анықтама беріп жатудың өзі артық. Олар қазақ әдебиетінің тарихында аттары алтын әріппен жазыла бастаған ірі тұлғалар, қайталанбас сөз зергерлері еді.
Әлі есімде, бір кездері Шымкентте тұратын қаламгерлердің өзі үлкен бір қауым болатын. Жұмабек Еділбаев, Амантай Байтанаев, Омарбай Малқараев, Нәмет Сүлейменов, Нәсіреддин Серәлиев, Еркінбек Тұрысов, Қарауылбек Қазиев, Әбжаппар Жылқышиев, Зейілбек Өмірбеков... Олардың бәрі маған аға Боп келетін. Қазір сол ағалардың ізін басып келе жатқан жас ұрпақты таба алмай, бұл өңірдің ертеңгі әдеби болашағын ойлап, көңілім құлазитынды шығарды.
Әдебиетті көп боп жасамайды.Әдебиет – жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғамыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю делать нечего» депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп.Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі арамызда жүр.Оның аты-жөні – Мархабат Байғұт.
Жасай бер, жаза бер, мінезі момын, ойы шымыр, тілі уытты іні-досым Мархабат!


Исабеков Д.

«Егемен Қазақстан», №118, 2005 жылғы 28 мамыр

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу