Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ҚАЗАҚЫ ҚҰНАР

Өмір – үйлесімдер мен үрейлердің арбасуы. Тіршілік дегеніміздің өзі – қалайда өлімге апаратын жол. Әр молаға адамзат тарихының бір бөлшегі көмілген. Жарық дүниемен қоштастырар соңғы сүрлеуіне түскен адам естеліктер әлемінің әлсіз есілген жібіне амалсыздан жармасады. Сол тұстағы нәзік жүйкенің жұқаруы Соншалықты аянышты-ақ. Осы ойларға неге берілдім екен?! Махаббат қара суықтың қарғысына ұшырап, салғырттықтың алдында сұлулық мертігіп жатса, қалайша ойланбассың?! Мұны маған «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятының кейіпкері, өмірмен жалғыздан-жалғыз бетпе-бет өліммен жалқы жекпе-жек қалған Баубек ойлантты.
Әдетте «талғамға бола таласпайды» деседі. Шығармасына Мұқағали ақынның «Менің нәзік жанымды кім түсінер...» деген өлең жолын эпиграф еткен жазушының бір білгені бар шығар. Мен басқашалау түсіндім. Кейіпкер Баубектің тағдырын сана сүзгісінен, көз алдымнан тағы да қайта өткізе отырып: «Он жил так, будто нес перед собою свечу» – деп сыбырладым. Әрине, төл сөзім емес, орыс жазушылары арасында Нобель сыйлығын тұңғыш иеленген Иван Алексеевич Бунин жөнінде әлдебір замандасы осылайша толғанған. «Тілін бөтенсімесек, бұл біздің Баубегіміз емес пе, Мархабат?» дегім келді. Сонан соң орыси тұжырымға өз жанымнан «Өкпек желдің өтіндегі нәзік жалын тез сөнеді» дегенді қостым.
Бунин демекші, сол жазушының 1915 жылы жазылған «Грамматика любви» дейтін әңгімесіндегі детальдің дәлдігі есіме түсе қалғанын қараңызшы. Балалығының базарын қыздырған, жастығының арман бесігін тербеткен қара шаңырағына Лушка есімді кейіпкер араға жылдар салып оралып, еденде кеудіреу кеуіп жатқан, тақтай бетін тұтаса жапқан алтын түсті өлі араларды көреді. Онда тұрған не бар дейсіз бе? Қуат қуанышынан, құштар әлемінен айрылған, удың өзін кезінде балға айналдырған махаббаттың ажал құшуы емес пе бұл – сұмдық қой! Баубекке де осы тағдыр дөп жазылған екен. Тіпті, «Грамматика любви» мен «Әдебиет пәнінің періштесі» тіркестері де ұялас тәрізді.
Өлі аралар туралы тәмсілді тұспалдауында мәніс бар. Жаз бойы гүлден шырын сорған аралардың аталықтары алдағы қыстың дайындығын аяқтайды да, ұрпақ өрбіту үшін аналықтарын ғана қалдырып, кешеу күзде өздері түгел қырылады. Неге? Уақытқа үйлеспегендіктен. Олар да кейіпкер Баубектей: «Біздің әлеміміз мына әлемге келмесе не шара? Мөлдіреп өттім өмірден. Былғанбай барам бақиға. Қалықтаймын-ау қанаттарыммен. Ұштым да кеттім жеп-жеңіл» - дейтін сияқты. Әрине, бұл – болжам. Табиғаттың тылсым құпиясы түйсігіізден әлдеқайда терең десек те, түйсіну құдіретін бағалаған жөн.
Және бір мысал келтірейік. Адамзаттың рухани қазына ортақ екенін ескеретін оқырман «орысшылдығымызды» кешірер.

Қара мақпал, алтын бунақ арасың,
Мұңлы шектей мұңлық күйге саласың.
Түсінбейің адамның ой-санасын,
Жайпай өтіп мейірімнің даласын.
Соғады әлі сұрапыл бір борасын,
Ысырыла ызғып кетіп барасың.

Өзіміз еркін аударған бұл өлеңнің И.А.Бунин жоғарыдағы аталмыш әңгімесін он екі ай шамасы кейін жазыпты. Тағы бір жыл озғанда, айтқаны ақиқатқа айналғанын жалпақ жұрт көрді – 1917 жылы Қазан төңкерісі бұрқ етті. Тыныштықтың астаң-кестеңі шығып, ар-ұят, адамгершілік құндылықтары табанға тапталды. Алмағайып, аласапыран зұлматтың қорлығына, төңкерісшіл қарау күштердің зорлығына шыдамаған жазушы ақыры эмигрант атанып тынды. Туған елінен топырақ бұйырмай, моласы Парижде құлақ қылтитты. Міне, түйсіну құдіреті! Әсіресе, өлеңнің соңғы екі қатарындағы қисынға Бунин тағдырының қиыса кеткенін көрмейсіз бе?!
Өтпелі кезеңдегі тұрпайы тұрмыстың, еліктеуі ерсі мәдениеттің құрбаны болған Баубектің де өлімі кездейсоқтық емес. «Әлеуметтк әуеннің» сұрғылт сарыны әуелі Махаббеттің басын алдырған, Абайды тасырлардың таяғына жығып, Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатты, Мағжан Жұмабайұлын, Жүсіпбек Аймауытұлын, Әлихан Бөкейханұлын оққа байлаған. Солардың бағытын ұстануға, жолын қууға, ілімін ілгерілетуге, ісін мәреге жеткізуге талпынған уыздай жасты мүйізі қарағайдай қарадүрсінділік қарға адым ұзатпады. Баубек кейіпкердің болмысы – күйреудің қорқынышына қарсыласқан қорғансыз жас жігердің арпалысы, тарихи тағдырымыздың тамшыдай ғана көрінісі. Әдебиет пен өнер аяқ астына түскен күндерде тірлік кешкен қарапайым мұғалім бабалары жаққан шырақты өзінен кейінгі ұрпаққа өшірмей жеткізуді армандады. Асқақ рухы қай кезде де ар дейтін аяулы ауылдан табылатын. Еркін ерлігі – адамдарды сүйе білушілігі. «Қыздай сызылғанның қыздай сызылған баласы мұзға жығылған дейтіндер де аз болмас. Ғайбатсыз-ақ, айбатсыз да аттанайын жалғаннан» – деу үшін де кінәрәтсіз махаббат пен ождан тазалығы керек қой. Адал аңғалдықтың да суалатынын, қуаратынын сезбеді ол. Өмір тұтқынан босап, өлім торына түскенге дейінгі сәл сәттік бостандықты сезген де шығар-ау. Бақиға былғанбай баруды көксеген, тектілікті тірек тұтқан пендеге сондай кешігудің өзі дұрыс та.
«Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятындағы сюжеттік желілердің ығысу тоғысында ұлттық мүдденің үдесінен шығуды көздеген жан жылылығының ұлғайған уәйімі мен көмескіленген сана салғырттығының ықылас-ынтаны ықтыратын ызғары, кісілік пен кісәпірліктің бітіспес шайқасы бар. Ұрпақтың қайырымсыздауынан, қатыгезденуінен үрейі үдететін «жұқалтай жүрек» жігіттің тастай қара суыққа қарпылуында, іштей қызыл жалынғы шарпылуында осындай сыр жатыр. Оның да қысқы ғұмырын құштарлық ғұмыры жұтып қойды. Шексіз сүйіспеншіліктің де жүректі қарашұбар жыландай шым-шым шағып тұратынын түсінуге Баубек әлі жас еді. Сондықтан да «тұп-тұнық күйде, толғана ақты». Аудан мен ауыл арасында Баубекке жеткізбеген төрт шақырым жер тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қысылтаяң қарбаласымызды еске түсіреді. Кімге оңай болды дейсіз?! Тәубе мен шүкіршілікке тіліміз енді келген сыңайлы ғой. Ол түні «қайысып қара дақтардан, майысып барып құлаған» кейіпкерге зулаған мәшинелерде кәрі қыршаңқылық келте кекесінмен мырс етіп, салқын жарық саулаған май құю бекеттерінде тастан ойған сұп-сұр беттер бедірейіп, иесінің арсыз күлкісі қытықтағанда да мізбақпай отырғанына кім кінәлі? Қоғам ба? Әй, қайдам! Жазығы тізгін еркіндігін қолымызға тигізгені ме? Қоғам дегеніңіздің өз адамдар мінез-құлқыныңның жиынтығы емес пе?! Өтпелі кезең заңдары тірлігімізді трагедияға тіреу үшін қабылданды деуге есі дұрыс кісінің аузы бармас. Кейіпкердің өз сөзімен айтсақ: «Пенделік, шіркін, қиын ғой. Қай дүние де құпия». Көп нәрсенің қиюы табылмай, қинауы көбейгені рас. Жабағы жүні түспеген жадау-жүдеу күндерде жекешелендірудің желігі жындай ұйытқып, ойран-ботқа ойларға көмілдік. Сол шеңберді рухани қуатпен бұзып шыға алмасақ, сорға құлайтынымыз, танымсыз, талғамсыз мәңгүртке айналарымыз сөзсіз еді. Баубеу кейіпкер көлденең көгенкөзден көмек сұрайтын көркөкірек емес, көрсоқырлықтың кәкір-шүкірінен келешектің мөлдіреген көкжиегіне ертерек жетуді көздеген намысшылдарымыздың бірі болатын. Ол бүкіл арман-тілегін бір тамшыдай ғана таза ғұмырына сыйғызып өтті жалғаннан. Сұлу талғамының талқысы қатты жігіт Құдайдан қорықпайтындардың адамнан ұялатына сенбей кетті. Тоқтыққа емес, тоғышарлыққа қарсыласып бақты. Ащыны маңдайынан төгіп, тәттіні маңдайымен татты. Аңсарлы аңғалдығымен өмірде де, әдебиетті де алаңсыз сүйген жан жомарттығын танытты. Қойдай қоңыр жуастығымен жадымызда, айбынын айқайсыз-ақ айыратын биязы үнімен – нағыз адами дауысымен үнімізде қалды. Оның ақылды күлкісінде өткеніміздің өксігі, бүгінгіміздің бұлқынысы, келешегіміздің романтикасы тұнып тұрды. Кейбіреудің үстірт ойлайтынындай, «Әдебиет пәнінің періштесі» отбасы, ошақ қасының күйбеңшіл күңкілі емес, биікке талпынған бекзат болмысымыздың шерлі шежіресіндей шығарма. Ішкі әлемімізді нұрландыратын өміршеңдік, қуаты мол мұңлы игілігіміз. Қайғырып отырғанда оқысаңыз қайғыңыздың өзіне тіл бітіргендей. Нағыз байлық сөз жиған адамда екенін зерек зерделеген әкелі-балалы кейіпкер не айтса да өмірдің, әдебиет пен өнердің, ұрпақ тәрбиесінің пайдасына айтыпты. Көкірегі аяққаптай найсаптықтың, аярлықтың асқақтауынан, абыройдың аяқастылығынан қорқыпты. Сол себептен де бұл туындының түп қазығы – уақыт идеясы. Формасы уақыттың тәкаппар тәртібі. Егер хикаятта ақтарылған ұлан-асыр сыр тұтасымен монологтар арқылы ғана баяндалмаса, онда тақырып пен стиль арасында түр мен мазмұнның бірлігі сақталмас еді. Сыршылдықтың еркін үлгісін таңдаған жазушы пәлсапалық толғамдарын қысылмай-қымырылмай толғау, қиялын қиырға самғату, кеңінен қамтып, молынан қарпу мүмкіндігіне ие болған. Мұнысы тұйықтан шығуға талпынған өтпелі кезеңдегі кейіпкердің көңіл-күйіне сәйкес, әрі үйлесімді. Алғы шепте күнкөріс қамы емес, поэтикалық ойдың озуы – тектілігіміздің белгісі.
Жайылып бара жатқан жалпақ судай жалған ділмарлықтан тіксінген қаламгер тіркестердің ырғақты құбылысына сезім сәулесін, жүрек жылуын жүгіртіп, мінез-құлық қырларын ашып көрсетуге, қисынды көзқарастар қалыптастыруға құнарлы психологиялық өзгерістерді рет-ретімен жүйелі пайдаланған. Көркемдік климатындағы температураның кенеттен күрт көтерілуі немесе күтпеген жерден төмендеуі сүйініш-күйінішімізді қатар қанағаттандырып, арманның үйлстірушілік рухы желеп-жебейді. Сондықтан Баукең бейнесі бірыңғай патетикалық трагедиялық ауанда емес, табиғатпен бірлікте, адамдармен қарым-қатынасы тақырыптық шеңбермен шектелмеген деңгейде жасалды деуге құқылымыз. Өзіне ғана тән түйсіну жаңалығы арқылы жазушы жеке тағдырдың орны толмас өкінішінен де мөлдіреген рухани дүние туғызып, қыршынынан қиылған өрімдей жастың рухани өнер өлкесіне – ажалсыздықтың әсем әлеміне тұрақтандырды. Бұл – қалам ерлігі. Оқисың да, ағаштан бесік те, табыт та жасалатынын ойлайсың.
И.А.Бунинннің 1912 жылғы «Захар Воробьевіндегі» осы аттас кейіпкердің бәстесіп ішілген төрт шөлмек арақтан ажал құшуы, 1916 жылы жазылған «Жеп-жеңіл дем» әңгімесіндегі Оля Мещерскаяның өзін әлдеқалай алданған офицер қолынан қазаланған «әйелдік нәзіктігі» көзге елестейді. Орыс тұрмысының мұңлы жыршысы мұндай мінез-құлыққа негізделген қоғамның ұзаққа бармайтынын мегзеп еді кезінде. Болжамы қате кетпеді. Ал, әлгілермен салыстырғанда, Баубек кейіпкердің бұл жалғаннан жеп-жеңіл ұшып кетуі – ұялмайтын өлім. Іргетасына саф тазалығымыздың бөлшектері қоса көмілген тәуелсіздігіміздің ғұмыры баянды боларына сеніп, шүкіршілік етесің.
Маған Мархабат Байғұт туындылары көріністері әр түрлі декорациядағы тұтас драманы елестетеді. Сонда да оқиға қуаламай, әр сөйлемнің астарына үңілемін, құрылымын бағдарлай бағамдаймын. Метафоралары мен тенеулерінің, эпитеттерінің ажарына назар аударуға құмбылмын. Өйткені, мұның бәрі – жазушы шеберлігінің барометрі, әдеби бейнелерді сомдауға қызмет ететін, оқырманның санасында мәпелеу ғана жетілетін, образдарды оятқыштық қасиеті бар нәрлі нәрселер.
Мархабат шығармашылығының төлбасы туындысы «Шілде мен Егінбайда» күдігіміздің күңгірттігін қоюлататын: «Сырбұлақтың сылдырын да қапырық қақтап еміп жатқан секілді» деген шынайы пейзаж бар еді. Эстетикалық тұрғыдан үлбіреу үлбіреген осы сөйлемнің арқалаған жүгі тым ауыр екенін оқиғаға ғана елтитін оқырман түсіне бермейді. Шынында да Сырбұлақтарымыздың сылдырын аңызақты аптаптар сылқылдатып жұта берсе – өзендеріміз суалып, нуларымыз қуарып: «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» дейтін күн тумай ма? Сонда Егінбайларға не бетімізбен қараймыз? Қолдан жасалған экологиялық апаттың зардаптары үшін кімді айыптаймыз? Міне, ділгерлік дүниесінің – проблемасының көкесі! Бір сүйнерлігі, осыншалықты ащы ойларды қаламгер дауыс көтермей, ың-шыңсыз, ыммен тұспалдайды. Түкпірлі ойды іздеуді бізге қалдырады. Абай атасының «Ынталы жүрек сезген сөз, бар тамыры қуалар» дегенін басшылыққа алғаны шығар. Демек, «ымға түсінбегендер дымға түсінбесе» – оқырмандық даярлықтың жеткіліксіздігінен. Әлгіндегілердей сөйлемдерді бүгін алпыстың асқаралы биігіне көтерілген жазушымыздың кітаптарын ондап, жүздеп келтіруге болады.
Саяси және әлеуметтік деп аталатын абстрактылы ұғымдар мен көркемдік идеясының арасында едәуір саңлау қалып қоятынын ерте сезінген Мархабат сол бос кеңістікті қазақы тұрмысымыздың қарапайым құнарымен толтыруға сөз сиқырын шебер пайдаланып келеді. Бұл ретте әдемі әжуаны, уытты мысқылды, мықылдап, орнымен қолданады. Мұнысы кейіпкерлерді кеміткеннен емес, «Халқын сүйген кісі оны моншаға түсірсін» дейтін тілектен туындағанына күмәніміз жоқ.


Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
Ақын, «Құрмет» орденінің иегері

«Оңтүстік Қазақстан», №70, 2005 жылғы, 26-мамыр

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу