Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

ҚАЗЫҒҰРТҚҰНАР ҚАЛАМГЕР, ӨГЕМӨРІСТІ ӨЛЕҢДЕР...

Оны оқушылардың облыстық айтысына қатысып, бас бәйгені жеңіп алғанда алғаш рет көрген едім. Кейіннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетінде оқып жүргенін естідім. Оқта-текте ақындар айтысына қатысатын, анда-санда өлеңдері жарияланып тұратын.
Ақындар айтысына қатысса да, үлкенді-кішілі басылымдар беттерінде бірді-екілі жыры жарық көрсе де, елең ете қалар едік. Осы оғланнан, бұйығылау көрінетін биязы баладан бірдеңе шығады-ау деп, жүрегіміз лүпіл қағатыны рас-тұғын. Монтиғандау, момындау сезілгенімен, бұ баланың бойында, жуастау жаратылысында әлдебір жұмбақтық жасырынып жататыны һәм байқалмай қалмас-ты. Өзі өзеуреп тұрмаса-дағы, сөзі сезгірлікке толы келетін. Қазекем «Тұлпар түрін жасырады» дегенді бекер айтпаған шығар.
Облыста тұрамыз ғой, түрлі-түрлі іс-шаралар, айтыстар, мүшәйралар, конкурстар мен байқаулар өтіп жатады. Барлық аудандар мен қалалар, олардан шыққан талапкерлер мен таланттар бәйгеге түсіп, өзара жарысып жатады. Бөлекше таудың баурайынан, Қазығұрттың қапталынан қара үзіп, пәлендей біреудің ерек бөлекшелене бермейтіні іштей ойландырып қоятыны да жоқ емес-ті.
Кенет көркем сөздің көкжиегінде, қазақ прозасында Нұрғали Ораз есімі пайда болды. Ол туралы проза шеберлері, сөз зергерлері, ғажайып суреткерлер Шерхан Мұртаза мен Дулат Исабекұлы сүйсіне сөз қозғап, қуана сүйініп, сүйінші сұрағаны мәлім-дүр.
Кенет қазақ өлеңінің кенеркөгінде, ұлт поэзиясының әсем әлемінде біздің Бақытжанның есімі, ақын Алдиярдың аты да атала бастады. Әдеби қауым, өлең өрісі жайында сыр шертер сөзгерлер Бақытжан Алдиярды осы күнгі, республика көлеміндегі үш-төрт үздік таланттың, дара шыққан дарындардың қатарында атап жаза бастады. «Е, бәсе!» - десті өлеңсүйер жұртшылық.
Кейде жол түсіп, Алматыға барамыз, Астанада боламыз, Қарағандыда, Өскеменде, Оралда жүреміз. Барлық жерде біздің Бақытжанды, оның өлеңін сұрайтындар кездеспей қалған емес. Өлең оқылмайды деген сөз - өтірік сөз. Қазақ өлеңі, қазақтың талантты, дарынды ұл-қыздарының өлеңдері өгейсіп, оқырмансыз қалмақ емес. Кейде, қарап отырсақ, барлап байқасақ, мың оқырманға татитын бір оқырман да болатыны бар. Жақында ғана жолымыз түсіп, Қарағанды облысын араладық, арнайы семинардың қалада, аудандарда өткен іс-шараларына қатыстық. Қалада үш-төрт жас жігіт, ауданда бірер қыз біздің Бақытжан туралы сұрады, оның жыр жинақтарын салып жіберуімізді өтінді.
Бақытжан Алдиярдың кітаптары көп емес. Пышақтың қырындай ғана қос жинағы жарық көрді. Өзі пәлендей бір кездесулерге, кештерге, жүздесулерге құмар да емес. Биязылау жымиып, кейде онысы ащылау күлімсіреуге, миыққа әжім тастап кетер мысқылды күлкіге ұласып, бұйығылау, біртоғалау күйінен танбастай көрініп, жүріп жатады. Алайда, Алдиярыңыз ай қарап, қызық қуып, жай қарап жүрген жоқ. Жыр жаратып жүр.
Мен оның шығармаларын шыдамсыздықпен күтіп, көбірек оқығым келіп жүретіндердің қатарындамын. Біз Бақытжанмен бірге жұмыс істейміз, бір мекемеде мемлекеттік қызмет атқарамыз. Баяғыда, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын мен оған: «Сен айтысты (ақындар айтысын айтып отырмыз) біржола қойып, жазба жағымен болсаң қайтеді?» - деп едім. Менің сол сөзім әсер етті ме, өзінің һәм ішінде жүрген жағдаят па, кім білсін-ай, кім білсін, біздің Бақытжан содан соң ақындар айтысына қатыспады. Қатыса қояйын деп қызбаланбады. Айтыстың да өзіндік өзгеше орны бар болар, ұлтымыздың қайталанбас қасиеті шығар, алайда, айтысыңыз басқа да, өнер ретіндегі жазба өлеңнің жөні мүлде өзгеше ғой. Айтыстың айрықшалықтарын мойындай тұра, көркем құнарлы жалқы ғана жырға айырбастай алмайтынымыз рас қой, кейде...
Кейде Бақытжан Алдиярға айтысты қоя қойсаңшы деп ақыл айтып, обал жасадым ба деп те ойлаймын. Шынтуайтына келсек, оның айтыскерлік таланты да осы күнгі жеті-сегіз мәшине ұтқан айтыс ақындарынан бір мысқал да кем емес-ті. Осы уақытқа дейін жеті-сегізге жеткізбесе-дағы, үш-төртеуіне ие боп үлгерер еді. Амал нешік, Алдиярыңызда айтыс ақыны емес, жазба шайыр болғандығынан, бір мәшине де жоқ қазір.
«Өкінбе, өлең жарат!» - дегенді үнсіз ғана ұқтырып, ұрсамыз-ай оған. Тілдерді дамыту басқармасының тірлігі оңай емес, ақын жігітіміздің өз сөзімен айтқанда, үнемі «тілім-тілім деп, тілім-тілім боп» жүрсең ғана жұмыс ілгері жылжиды. Жұмыс бабында ақынды аяуға да, аялауға да титімдей жағдай жоқ. Жер-жебіріне жетеміз, өзгелерден артығырақ талап етеміз. Кейде қатты кетіп қалатынымыз соншалық, ақынымыз сұрланып, жүдеуірек жүзінен қан-сөлі қашып, қалшыл буады. Шыдайды. Шыдай алмастан, бір мәрте кетіп қалып, қайта оралғаны да бар. Амал жоқ, сырттай қарағанда басқаша көрінер мемлекеттік қызмет, оның ішінде тіл тіршілігі қатал да қатқыл стильді қажет етеді.
Міне, Бақытжан Алдиярыңыз: «пышақтың қырындай емес, қалыңдау кітап шығарсам деген ойым бар, мүмкін болса, алғысөз жазып беріңіз», - деді жақында.
Ойланып қалдым.
Ойланып отырғаным – осы. Осылар. Тағы не айтсам екен? Жақында және де Алматыға барғам. Жиналысқа. Әдебиет жайында, өлең туралы емес, басқа бір басқосу еді ол. Көшеде Маралтай ақын кездесіп қалды. Кәдуілгі Маралтай Райымбекұлы. «Біздің Бақытжан қалай?» - дейді амандасып үлгермей жатып...
«Аға, Бақытжандарыңыз жазып жүр ме? Жаңа кітабы шықты ма?» - дейді кітапханашы қыз.
«Бақытжаның дін аман, кітап шығарғалы жүр», - дедім Маралтайға. Ол қуанып қалды.
Кітапханашы қызға:
« Өлілердің өресінен жоғары,
Өлеңімді жан түсінген жоқ әлі.
Өзегімді өртеп бітер ме екенсің,
Өндір қыздың мойнымдағы обалы», - деп жазып жатыр Алдияр ақын», - дедім.

Ал, енді Алдиярдың ақындығы хақында аз-кем сөз.
Ең алдымен Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады:
Көгілдір тау, көнбіс ел, көне мекен,
Көңілімде орының неге бөтен?!
... Шықсын десең алдымнан бағым дара,
Болам десең шын ақын – жаныңда да
Әппақ бір таң атуы керек екен. –
дейді ол.
Немістің ұлы ақындарының бірі Гете «Балалығын жоғалтқан адамнан ақын шықпайды» дейді. Бақытжанның жырларында сол балалыққа үнемі оралып отыру жиі кездеседі. Жоғарыда аталған топтамада да, жалпы өлеңдерінің басым көпшілігінде сол баяғы қазақы ауылдағы ештеңеге алаңсыз, көңілі пәк сары домалақ баланың тазалығын көреміз:
Қапелімде қауіп те жоқ, қатер де,
Бір мұңды әнді ысқырам да көпке аян,
Жатып алып жамбаспұлдық пәтерде
«Бір үй салып алмасам ба...» деп қоям...
Оның осы бір тазалығы түрлі топтамалардағы «Орыс тілі апай», «Ала мысық» және тағы да басқа өлең-жырларында кездесіп отырады. Сонымен қатар, оның «Өгем» атты өлеңін оқи отырып, көз алдымызға «әкесін әкеден сыбап» өскен аздап бұзықтау, еркелеу һәм қиялилау ұл бала келеді. Кез-келген ақынның ең бір мықты тұсы – оның жырларын оқып отырғанда көз алдыңнан белгілі бір сүреттер көші тізіліп өтуі болса керек. Бақытжанның әрбір өлеңін оқыған сайын сол бір жұмбақтау әлемге өзіңнің де еніп кеткеніңді байқамай қаласың.
Тас тағдырын талақ еткен жас арай,
Тас бағанды құшақтайды мас ағай.
Тасқа сен де таңыларсың дегендей
Тас тұғырдан телміреді тас Абай.

Тасқа айналу шығар бәлкім сыбағам,
Тасқа айнала алмай-ақ жүр бір ағам.
Тасқа соққан маңдайды аяп сонан соң
Тастай суық сіміремін сырадан, - дейді ол.
Бұл қос шумақты біз ақынның «Тастағы өлеңінен» алып отырмыз. «Тас қалада теңселіп жүр бір ақын», - дейді «өлеңінің тереңіне шөккен мұңнан» тағы да бір мұнар шашқан шайырымыз шамырқанып.
Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделікті күйбең тірлікте де, өзінің өзгеше өлеңдерінде де ішкі рухани еркіндігіне залал келтіргісі жоқ күйде қинала тіршілік кешеді. Халықтық, қазақы ұлттық көркемдік уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тіл, Алдиярлық діл – біз сөз етір отырған ақынның айрықшалығы.
Осы, алдымыздағы жинақты оқу үстіндегі бір аңғарғанымызды айтпасақ, болмас. Ақын Алдияр қоғамды тікелей айыптауға, аяусыз жазғыруға, кесапатты кеселдерін бетіне шыжғыра басуға жиірек баратын сияқты. Ақиқатты ақын айтпаса, шындықты шайыр жырламаса, кім айтар, кім жырлар дейміз ғой. Бірақ, Бақытжан тым көбірек сынап-міней ме, қалай өзі? Бірді-екілі шығармасында емес, бірталай өлеңінде осы жағдайға айналып соғатынын аңғардық.
«Жарытпастан жыр түлеп,
Көзімді ашсам кіл түнек.
Әлеміңе сыймадым,
Әр пәтерге бір түнеп», - дейді. Керемет шумақ. Ақын ақиқаты.
«Әр дәуірдің бар-ау бізде үлгісі,
Соны көріп туындайды сан сұрақ.
Итіне арнап сарай салды бір кісі,
Қалтарыста қайыршы отыр нан сұрап».
Бұл да – нағыз шырқыраған шындық. Бүгінгі қоғам беталысының ғана емес, адам пиғылының бір дерті.
«Қамын ойлап тырнақты мен тістінің,
«Абылайлап» жау шапқандай ұсқыным.
Есеп емес ұлы Абайдың ұраны,
Есек емес, артын жудық күштінің».
«Қанекемнің соңғы сөзі» дейтін өлеңнен алынған бұл шумақ та шамырқанып, Сарыбаевтай сарказм атады.
«Жаныма ұйып мұң ұяң,
Жылағым кеп... жымиям.
Жібісеңші сен де енді,
Зарпы ойламай зымиян,

Ей, тасбауыр Дүниям!»
Бұл-дағы жоғарыдағы жырларды жалғап, дамыта түседі. Бірақ, «тым-тым» боп бара жатқан жоқ па деп ойлана бастайсыз.

«Көптің көзі бұладай,
Көсемсиді бір ағай.
Теңгелерден құны жоқ
Телміреді ұлы Абай.

Ұғатындар обалды
Үндемейтін боп алды.
Көңілсіз бір көлеңке
Көміп жатыр қоғамды...

Мұңдарымды – Ақылдың
Мұхитына батырдым.
Көлеңкеге мен-дағы
Кіріп бара жатырмын...»
Әрине, мұндай шумақтар баяғы бір кез-кезеңдерде жарық көрмес еді, мүлде жарияланбас еді. Жариялана қалса, біздің Бақытжанның да, баспаның да, басқаның да «басы кетер» еді. Осынау өлеңде шындық та жоқ емес, алайда ақжарма, ақжүрек ақын үшін түңіліс басымырақ. «Неғыпты сонша?! Бұдан да жаманымызда түңілмеген едік қой бұлайынша?!» деп Мұқағали ағасы тау теңселтіп түрегелсе, «сары баламыз» сасыңқырап қалмас па екен?!
«Құлбазар», «қоғамның азуы, бәрін сатуы», «өлеңің ешкімге де керек емес» дегендейін зарлану кей жағдайда жалынды ақынымызға жараса бермейтіндей. Бір өлеңінде «тәңірімді санаммен жақындатып, қабірімді қаламмен қазып келем» десе, көп ұзамай-ақ екінші өлеңінде осы ойды «тәңірге тартып барамын, қабірге барар жолменен» деп тағы бір түйіндейді. Қаланы шектен тыс кінәлап, қаралау, ауылға қайта-қайта «қашып кеткісі келе беру» де базбір тұстарда өзін-өзі ақтап тұрған жоқ секілді сезілгенін жасыра алмаймыз.
Япырау, біз де, біздің құрдас қаламдастарымыз да, жұмысшы замандастарымыз да он жылдап, жиырма жылдап пәтер жалдап жүріп ек... Бұлайынша жылап жырламап ек... Қоғамды қараламап ек... Осы орайда орыстың аса талантты ақыны Николай Рубцов та еске түседі-ау. Оның көрген азаптары мен тозақтары, жалпы 60-70 жылдар дарындыларының тағдыр-талайы қалай еді... Сонда да «Елім», «Ресейім», «Қазақстаным» дегендейін ерекше жырларымен қалды ғой...
Ай, айналайын албырт жастар-ай! Бұлар біздің тұстастарымызға мүлдем ұқсамайды. Он жылдап, жиырма жылдап пәтер жалдап тұрмаққа көнбес. Көнбіс емес. Бұлары да жөн-ақ. Құлдық санадан азат азаматтар ғана тәуелсіздігімізді баянды етер... Алдыңғы буын ағаларына ұқсай берсе, өмір де, өнер де алға жылжымас...
Дегендейін пікірлерді түйіп бола бергеніңізде Алдияр ақынға етене тән ерекше шумақтар да алдыңыздан андыздап шыға келер:

«Бұл ғұмырым жұмағыңа бергісіз,
Жырсыз бір күн тұра алмас ем жұмақта.
Менің жырым Алматыға белгісі,
Малшы ауылда жатқа айтады бірақ та...

Еріп кетіп ғажабы көп ғазалға,
Керемет бір күнін кештім кедейдің.
Жұрт қатарлы шығар едім базарға,
Ұрпақ ертең нең бар десе, не деймін?...»

«Е, бәсе!» - дейді оның оқырманы.
«Е, бәсе, неғыпты сонша?!» - дейсіз сіз де. Сөйтсек, жоғарыдағы ащылау жырлар оның өз атынан емес, сол өлеңдер топтамасының тақырыбы айтып тұрғандай, сонау 1993-1994 жылдардағы «алағай да бұлағай» кезеңдегі «Өзбекстандағы қазақ шайырының сөзі» екен дә. Біреудің болмысына, жан-дүниесі мен жүрегінің қат-қабат қатпарларына түгелдей еніп, соның мұңын өз мұңындай етіп жырлау кез-келген шайырдың қолынан келе бермесі де хақ. Сосын, әлгіндегідей «Е, бәсе!» деп қайта жайбарақаттана, жаймашуақтана бастайсыз.
«Қаратау қызына хат», «Сезімдер сөйлегенде» деп аталатын топтамаларындағы «Әппақ әлем. Ақ әлем», «Еркелеу қыз ең», «Қаратаудың қара басын қар шалып...», «Күнікей қыз», «Кінәлай көрме», «Күлші, жаным...», «Тәтті ерінді тәбәрігім сен едің...», «Қаршадай қыз» және тағы да басқа көптеген өлеңдерінде Бақытжан Алдияр нағыз махаббат жыршысы ретінде көрінеді.
Ақын Алдияр жайында айтылар сөз әлі алда.
Ең бастысы, Қазығұртқұнар қаламгер бірте-бірте биіктеп барады. Өгемөрісті өлеңдер талайды таңырқата бергей.


Жазушы МАРХАБАТ БАЙҒҰТ

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу