Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

Уәлаятқа кезекті әкім тағайындалды.
Бұл өзі Талшын сұлтанатындағы аса ірі әрі тым күрделі аймақ еді.
Жаңаны жатырқамайтын елгезектігіне қоса елгей теңгедей ескілік бүркіп тұратын жақтары жетіп-артылады.
Ішке бүккен інжәпиялары аз емес.
Елбең-жалбаңдығы тағы бар.
Кей реттерде енсағағы қабынған малдай енжар тартар.
Әкімдіктің ноқтасын киген кісіңізге осындай-осындайларды түгел ескеріп, әбінауат қауынның пәлегіндей нұрлы-нәзік жіптерді де жаңылыспай таба білмек ләзім дүр.
Мұстақыл мемлекетіңізге мәшһүр болмаса дағы, өңіріңізге танымал саналатын жазбагер Заршынның зерделеуінше, Талшын сұлтанатының тарихы тереңде жатыпты. Алайда айналайын тауарихшыларыңыз ұлтыңыздың тағдыры мен талайын шынайылап жүйелемекке жүдә жоқ. Айналып қайта, оралып тағы шектеулі, шеңберленген шікәмшілдіктің шиырларынан шықпайды. Тайпа-тайпалма шеңберлер ішінде ғана заулай зырлайды.
Зарланған Заршын зырлайтындарға бөгесін бола алмасын аңғарғалы қашан. Бәрін қойып, бүгінгіні қаузауға көшкен. Баршын аталатын астанасы бар Талшын дейтін тәуелсіз сұлтанаттың тағдыры осы заманғы әкімқараларға тікелей тәуелді есептелетіндіктен, ендігі жерде солар хақында ғана қалам қозғамаққа кеткен.
Айтпақшыдай ше, мәңгілік тақырып дейтұғын махаббат мәселесін мұң-мұнара соққандай-ақ мәністеп бақты ғой. Бірақ кейінгі кездері бұл бағытта да өзін ерінгүлге емінген есінек шөптей, ебедейсіздеу сезінетін боп барады.
Наршын уәлаятының тұңғыш әкімі егемендіктің екінші жылында тағайындалған болатын-ды. Отаршылдық бұғауынан үш жарым ғасырда әрең босанған Талшын сұлтанаты талаурай талықсып барып, шалажансарлық пен шадыр-шәлкестіктің арасында аласұрды. Басшылары баж ете қалатын, шаруалары шаж ете қалатын ұжымдардың баршасынан береке қашты, бірсін-бірсін тоналып, тарауға таянды. Бар дүние таразыға түспей, таражға кетті.
Тонағандар шайқақтады.
Тоналғандар шайқалақтады.
Талшыныңыз толайым-тұтас теңсетіліп, тәлтіректеді.
Наршыныңызға не жорық?!
Заршыныңыз өстіп-өстіп өрнек тізіп, жылнамашылығын жалғастырды. Қойындәптер арқылы.
Алғашқы әкім ғалымтұғын. Ғылым мен нарықты ұластыра ұштастырып, уәлаятты ұшпаққа ұшырып шығармақты көздеген. Рыноктың заңдылықтары бәрін риясыз реттемек дегенге иланымы ересен еді. Қай салада да, қандай бағытта да сол ұстанымынан танбады. Ғалымдығына басып бақты. Израиль патшалығынан егінжайды тамшылатып суармақтың тәсіл-тәжірибесін әкелді. Онысын уәлаяттың елі де, жері де онша қабылдай қоймады. Иланымы да, иманы да күшті сол кісіңіз, обалы не керек, талай-талай тірмізік тірлікке от бере білгентұғын. Алайда айнала-төңірегіндегі имансыздардың көптігінен көз тұнатын-ды.
Екінші әкімді Заршын жазбагеріңіз «жалын әкім» деп атады. Үшінші әкімді «алым әкім», төртіншісін «арын әкім» деп жазды бұл. Қойындәптеріне.
Қоңырқай қойындәптерге түскен өрнектерінде «дарын хакім» деген ұғым да бартұғын. Бір белгілі білімпаз ағасы: «Әсілі, әкімдердің дарынды болмағы міндетті емес. Дарынды хакім сұлтанат басында болса дағы тақияңызға тар келмес», ― деп қыжырта қалжың бұрқақтатқан.
Ғалым әкім де, жалын әкім де, алым әкім де, арын әкім де Наршын уәлаяты басшылығынан анау айтқандай жақсы атпен кеткен жоқ. Солардың бірі хақында:
― Ай, айналайын баламыз алысқа шабатын айшуақ тұлға тұрпатты еді, айналасындағылар аяқтан шалды ғой, ― десті уәлаяттың уәлілері. ― Бәрібір, ол алысқа барады әлі.
Тағы бірі кадр таңдаудағы қателіктері мен қанағатсыздығынан омақаса құлады десті.
Кезекті біреуі ала қойды бөле қырқып, жүнге жарымаған сыңайлы. Жұрт не демейді, жарлы-жақыбай не жемейді. Дегенмен...
Заршыныңыздың қойындәптерінде тек уәлаят басындағылар туралы ғана емес, аймақтар мен шәһарлар әкімдері жөнінде де жадынамалық жазбалар аз емес-ау. Мәселенки, алыс қиырдағы аймақтың басшысын былай суреттейді: Ұйымдастырушылық, талапшылдық қабілеті аса жоғары, жұртшылық арасында байырғы, танымал тұлға ретінде белгілі. Өжең-өңмең өлермен, өршіл. Сөз сөйлегенде, үйіріп әкетер бейімі күшті. Кезінде көптеген мекемелер мен аудандарды басқарған. Аймақ ауылдарының тозып бара жатқандығын ескеріп, елеулі шаралар атқарған боп көрінуге тырысар. Жоғарыдағы орындар алдына өзекті мәселелер қойып жүр. Нәтиже де жоқ емес. Әйткенмен, қоғамдық пікір ауанына қарағанда, көп реттерде өзімшілдігі мен өркөкіректігі дендеп кетеді. Өзін-өзі әсірелей насихаттау, БАҚ-та көбірек көрінбек жолда ештеңеден аянбау, даңққұмарлық жағы басым. Аймақ аумағы тарлау көрінетіндей ыңғай танытушылығы айқын аңғарылады.
Уәлаят орталығына жақындау аса ірі аймақтардың біріндегі әкім мінездемесі мына мәнзелдес: Сырттай сыпайы, қарапайым көрінеді, жүдеу-жадау киінеді. Ешқашан дауыс көтермес. Өзге ұлттың ұстыны саналар ерен тұлғаның туған-туысы ретінде, сол кісінің ықпалымен ғана әрекет етер кадр ретінде рейтингінде ала-құлалық бар. Кей пікірлерді сараласаңыз, бұл әкіміңіз үндемей, «сүмірейіп жүріп-ақ» бірталай нәрселерді көзінен тізіп, көп дүние қаттап қойған. Қалалардан қарастырған қымбат бағалы үй-жайлары, диірмендері, шеберханалары мен асханалары, үлкенді-кішілі кәсіпорындары, өзгелердің атына аударған құнарлы, суармалы жерлері жетіп-артылар. Күндердің күнінде басқа да бауырлар секілді өзге өңірге өзгеше берілген көңілмен көші-қонын аударар. Аймағыңыз аймалай сүйіп-құшып, дүние-байлығының титімдейіне де тимей, қимай-қимай шығарып салар.
Шеттеу орналасқан, бірақ бірегей тарихи орындары мол кенттің басшысы былайынша сипатталар: Негізінен көбірек ізденгісі, ертерек өскісі келетін әкімдер қатарында. Бұрын орындаушылық орында көбірек болғаны білініп тұрады. Жұртшылықтың алдында пайымды пікір қозғап, байыпты ой айтуға шебер. Бірақ кенттің экономикалық және әлеуметтік-мәдени жай-жағдайын терең талдап, болжамдар жасауда бұралаң-бұлтаңы басым. «Көсемдер» мен «жесемдердің», обырларға сүйеніп, тобырларға таянатын топтардың ықпалдарынан шыға алмай, шаршап қала береді. Ірі кәсіпкерлердің бірі, беделді, бай саналатын ағасымен қосып қайраткерлерді жиі-жиі қонақ ету арқылы айып-шамдарын жуып-шаймаққа жуықтау. Ішімдік жағына жақындау.
Иә, осылай да осылай жалғаса береді.
Қайсыбір әкімнің тұсында уәлаяттың елбең-жалбаңдығы ерекше үдей түскені бар. Аса майлы жіліктің басы тү-у биіктердегі ерен тұлғалардың бірінің өрен-жаранына тиген. Қиялес қияпаттыға қоғамыңыз қоғадай жапырылатындай еді. Бір адам бетіне келе алмас. Қиямпұрысыңыздың құнығуы да алапаттұғын.
Бір шошынарлығы сол, бұл кесепатты дертіңіз күллі сұлтанатыңыздағы барша буындарды меңдей бастаған екен дә.
Бірде Заршын жазбагеріңізден «Шұғылашын» атты басылымның батылдау тілшісі сұхбат алды.
Алдымен қоңырау шалды сол тілші.
― Атыңызда «шын» деген сөз бар ғой, аға, ― деді әлгі бала, беті қайтпаған екен дә әлі. ― Әгәрки, шындықты айта алмасаңыз ― сізге серт. Жариялай алмасақ ― бізге серт. Осыдан бар ғой-ә, месел қайтарсаңыздар, Талшыныңыздан да, Баршыныңыздан да, Наршыныңыздан да, сіздің ныспыңыздан да «шын» сөзін алып тастап, басқаша жаза бастамақпыз.
― Келе ғой, шырақ, ― деді бұл да ширығып.
Сонда ғой, жазбагер-жылнамашы Заршыныңыз қайдан шықса, одан шықсын деп, «Ерен тұлғалардың құныққан өрен-жарандары ұлтымызға, тәуелсіздігімізге қауіп төндіруде» деген пікірді дәйектеп, шегелей шегендеп, сұхбат тақырыбын да дәл осылай қоюды өтінгені.
Бала тілшіңіз байсалды жорналшыларша, байыпты түрде алғыс білдірді. Әуелгіде. Сонсоң шыдай алмастан, бұрылып бері, жүгіріп кері, бұның бетінен шөп-шөп сүйді емес пе сонда.
Талшын сұлтанатындағы ерекшеліктің ең мықтысы ― ерен тұлғаларға келгенде ел кенде емес. Мемлекеттің маңдайы кереқарыс кеңтұғын. Ал, ең сорақысы ― құзар биіктегі қаншама ерендердің өрен-жарандары төңірегінде жандайшаптық пен жағымпаздық белең алып, бүкіл дүниенің бүлінуі солардың құнығуынан қабыздап жататынға айналған. Мойын біткен мұны мойындамаққа мұқым-мүлде жар бермес-ті.
Сұхбаты сол күйінде, толық әрі әлгіндей әйдік тақырыппен жариялана қоймас деп ойлаған. Шынайы қалпында шықты да кетті. (Наршын уәлаяты. «Шұғылашын» газеті, 20... жылғы 31 қаңтар). «Диагнозды дәл қойғансың», ― деушілер көбейген.
Содан, неге екенін білмейді, ұйқысы бұзылып бәле болды.
Үш күн қатарынан таңданарлықтай түс көрді.
Бірінші түсі былай еді.
Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен әкесі Байшын бригадир мұны бала кезіндегідей Бозшын биеге мінгестіріп алып, баяғы, осы күнге дейін есінде қалып қойған, салқын масақ туралы әңгімесін айтып келеді екен дейді.
― Салқын масақ деген болады, ― дейтін әкесі сақалын саумалап. ― Алты ай қыс аштықтан қиналса дағы, алғашқы артель жұрты көкөзек көктемге сақтаған тұқым бидайды түгел сеуіп, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзіліп барып, мамыр-маусымға әзер-әзер ілігер. Сол кезде арпа-бидайыңыз бас тартып, қауызы қамырланар. Бұл тұста кейбіреулердің түйір тарысына дейін таусылып, алғының тамырын, қойжелкектің майсасын қанағат тұтар. Қалқоз бастығы менің Тайшын досымтұғын. Аудан естісе, айдалып кететінін біле тұра салқын масаққа рұқсат берді ғой сабазың. Оның мәнісі мынадай. Бидайдың қоюырақ, қалыңырақ тұстарына ашыққан адамдарды мал секілді жайылдырып жібереді. Қамырлана бастаған масақты теріп алып, қылтанағын қырши тістеп жұлып тастап, қауызды сорғыштап, жүрек жалғайсың. Ашқарақтанып, қылтығымен қоса қылғытқандар қылғына буынып қалады. Тіпті сондайдан өліп те кететіндер кездеседі. Тайшын досым сол бір көктемде былай деген: «Айдалсам, мен айдалайын. Айналайын халқым аман қалсыншы. Байшын досым, сен екеуміз екі жақтан абайлап байқап, қарап тұрамыз. Алдымен алты ай қыстан ұрламайы мен жырламайы арқасында тоғырақ шыққандарды тойдырайықшы салқын масақпен. Қамырлы қауызбен. Түсініп тұрсың ба, Байшын-е-е-ем? Ондай құныққандардың пейілдері қиын болады... Ұқтың ба? Ал, ашығуға әбден көндігіп үйренгендер күте тұрар...»
Мінекиіңіз, Заршын жазбагеріңіз түсім шығар десе, олай емес секілді. Тұп-тура өңіндегідей, бала кезіндегідей, бәрі ап-анық, ап-айқын.
― Ұқтың ба, балам? ― дейді әкесі Байшын. ― Сонда ғой, сол салқын масаққа жіберілгендердің ішінен ашқарақтана қомағайланып, қылтанаққа қылғына буынып қалғандар әлгі ұрламай-жырламайы молырақ болғандардан көбірек кездескенін көзімізбен көрген ек. Шын ашығып шыққандар салқын масақ кезінде һәм сабыр сақтай білген-ді.
Осыны айтқан әкесі өзін-өзі ұмытып, кенет пора-порасы шығып жылайтын еді. Жылап келе жатып, тобылғы сапты, тоғыз өрім қамшысымен Бозшын биенің санынан салып-салып жіберіп, шаба жөнелетін. Биеге тимекке тиіс қамшы кей-кейде мұның санын да соғып сартылдар. Сіресе тістеніп, сыр бермес.
Әнекиіңіз, түсім емес, өңім дейтініндей ғой. Әкесінің тоғыз өрімі шодырайған тізесіне дейін осып-осып өткендей. Ышқына тістеніп, оянып кетті жазбагеріңіз.
Оң жақ саны шымырлай ұйып, ұзақ отырды.
Екінші түсі бұдан да бетер таңданарлықтай. Тақырыбын, яки атын «Үгедей кедей» деп қойып, әңгіме жазуға отырыпты. Тағы да: «Осы менің өңім бе әлде түсім бе?» ― дейді. Қағазын қайта-қайта сипап көреді. Қаламын аударып-төңкеріп, шыркөбелек айналдырып байқайды. Тікірейген төбе шашын ұйпалай сипайды. Ешқандай да түсі емес, өңі сияқты.
Әне, әңгімені жазуға шындап кірісті. «Үгедей кедейдің қатыны бес-алты жылдан бермен қарата алғаш рет төрт қапшық картоп сатып, отбасылық бюджетінің бүйірін томпайтып, қантты молырақ алып қайтқан...» Деп бастады. «Бермен қарата» дегенді жиі қайталап жүргенін, әңгімені қайта көшіргенде өзгерту керектігін ойлап, түсі емес, өңі екендігіне дәлел көбейткеніне одан сайын көз жеткізе түсті. Одан әрмен жалғастырды: «Есін жинағалы ешкі бағатын Үгедей кедей ымырт үйіріле маңырамасын қоралап, үйге кірсе, Үрзада дастархан жасап қойыпты.
Үгедей сонда бүй деді-ай:
― Өлә-ә-ә! Екі жерден қант қойып, дастарханды жүдә жайнатып жіберіпсің ғой-ей!
― Шүкір! ― деді Үрзадасы кіндігіне жетпей тұрған қысқа жейдені төмен тартқылап, тылтиған шалбарын жоғары жұлқып. ― Қонақ шақыратын ахуалға да жеттік. Талай жылдан бері адам баласына ауқат бере алмай қор болдық қой. Бүгін көңіл жетер көршілердің басын қоспақшымын, отағасы. Қарсы болмасаң?
― Қарсылық жоқ... Құдай-ау, тоба. Қонақ шақыруға да ілініппіз ғой, ― деп жанарын жас жиектеді.
― Жылама, ― деді Үрзадасы Үгедейге. ― Жігіт жыламас болар.
― Қайдағы жігіт?! Елуден астық емес пе? ― деді отағасы.
― Елу деген ерунда! ― деді қатыны. ― Жыр-жолбарыс Жәкең бабам жүз жасаған.
― Жүз емес, тоқсан тоғыз. Жә, жарайды, жыламайын. Ішімдік жағын неғымақсың? ― деді Үгедей кедей желкесін қасылап. ― Әлде тыққан-пыққаның бар ма?
― Ойбай, уәлаят әкімі тойдың бәрін ішімдіксіз өткізіңдер депті ғой. Қайдағы тыққан-пыққан?!.
Үгедей кенет тарс кетті:
― Осы сендердің ... Көттеріңе қарамастан, уәлаят әкімінде нелерің бар? Аймақ әкімінде нелерің бар? Тіпті ауылнайда нелерің бар? Қит етсе, әкім-әкім дейсіңдер! Солардың бізге, біздің оларға биттей қатысымыз бар ма өзі? Ай, атаңа нәлеттер-ай, есер елдің емізулі балдарынан бастап, еңкейген ентікпе шалдарына дейін әкімді қыстырмай әңгіме айтпайды-ай!
― Енді, отағасы, оның соншалықты апшып-шапшитындай айыбы жоқ шығар. Ел тізгіні, халық тағдыры солардың қолында ғой.
― Оттапсың! Олардың қолында емес. Өз тағдырымызды өз қолымызға алатын уақыт жетті. Сенің тағдырың анау тегістіктегі егістікте. Картопия мен Колорадо қоңызында. Менің тағдырым секеңдеген сегіз-тоғыз ешкіде... Техас тұқымдас текеде. Бүкіләлемдік деңгейде, жаһанданудың жағдаяттарымен санасып сөйлеу керек қазір!
― Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ― деп мәтелдетті Үрзада. ― Жаңадан реңі кіре бастаған дастарханымыздың берекесін кетірмеші.
Сәлден соң шақырылғандар жиналып та қалған.
Отырыс ішімдіксіз-ақ көңілді өткен.
Ертеңіне, ешкілері бұлақ бойындағы жарлауыттың басында секиіп-секиіп тұрар сәтте, бір топ кісі сау ете түскен. Араларында ауылнай бар. Аймақ әкімі һәм жүрген сияқты. Үгедей мен Үрзада, әрине, уәлаят жағын жыға танымас.
― Үгедей көке, ― деді ауылнай. ― Мына кісі ― бүкіл сұлтанатта сый-құрметке бөленген ағамыз ғой, білетін шығарсыз. Ауылыңыз орналасқан мекеннің жартысы мен біраз егістіктерді, жайылым және шабындық жерлерді жекешелендіріп алған. Бәрі заңды, бүгінгі таңдағы талапқа сай. Қағаз-құжаттары әлдеқашан жасалған. Біздің айтпағымыз бұл емес. Сізге арнайы келіп, осыншалықты құрметпен, алдыңыздан өтіп тұрмыз. Тұппа-тура сіздің мына қоржын тамыңыздың орнынан бастап орасан бір құрылыс түспекші. Көп ұзамай көшуге тиіссіз. Соны ескерткелі әдейілеп ат басын бұрдық.
― Қайда көшем?! ― деді төбе шашы мен қос қолтығы және біраз жерлері дуылдай жөнелген Үгедей кедей.
Жұрт тым-тырыстанды.
Сәл секөндтерден кейін сол аяғын сылтып басатын, мән-маңызы жағынан бәрінен салтанаты биік сезіліп тұрған, жаңағы, ауылнай таныстырған дәукен сары жөткіріне жымиды. Жыбырлаңқыраған бетінің ұшын семіз саусақтарымен сипаңқырап қойып, Үгедейге үн қатты:
― Қам жемеңіз, бері қараңыз сіз, ― деді қандай да бір қарсылықты қабылдай қоймас қат-қабат салмақпен. ― Ауылдың тұтас отырған тұсынан телім тілініп берілер. Оның үстіне мына (миығынан мүсіркей жымсиды) қора-қопсыларыңыздың өтеуі еселене төленер.
― Е, бопты онда, ― деді Үгедей кедей шашының арасы шып-шып терлеген басын қасып. ― Өзіміз де сол отыз үйлі көше жаққа жете алмай армандамыз ғой бұрыннан.
― Жетесіз енді. Жетесіз! ― деді әлгі кісі».
«Жетесіз! Жетесін жоғалтқан жұртым-ай! ― деп күрсінді жазбагеріңіз өз кейіпкеріне өзі күйініп, өз шығармасын жазып отырып. ― Жетесіздер жерінен айырылып жатыр шетінен. Басқа амалы да шамалы. Тіпті тұяқ серпері жоқ...»
Түсімде емес, өңімде жазып отырмын-ай деп ойлап қойып, одан әрі жалғастырған.
«Кәмәсия кеткеннен кейін ғана ауыл адамдары араның ұясындай гуілдеді.
― Егістіктерді жекешелендірген деді ме осы жаңағылар?
― Шабындықтарды да қосып айтты ма?
― Жайылымдардан да айырыламыз ба сонда?
― Қой-ешкіміз қайда өреді енді?
― Ойбай-ау, елу сегізінші жылы ше? Хрущев дегеннің сайқал саясатымен жүз жетпіс үйлі ауылымыздың тас-талқаны шығып, осы сайдың табанында төрт-бес түтін қалып еді. Елу жылда отыз отбасыға әрең жетіп отыр ек. Тағы да ту-талақайға түстік пе?!
― Әй, зарламашы, жүдә! Ол қыртылыңа бұл тырқылың ұқсай қоймас. Бәріңнің бір-бір ұлың немесе екі-үш қызың шәрлі жерде. Баршын қаласына дейін барып қалған балдар бар. Далада қалмассың қай-қайсың да. Сайып келсек, бәрің шаһарға емініп, таралғы тебініп отырсың. Асханаға жалғасар жып-жылы әжетханаға кетәрі дейтін бірің жоқсың.
― Иә-иә, қазекемнің келешегі қалада деп жазып жатыр ғой жазғыштар.
― Салсын самсатып құрылысын! Ауыл қалаға айналсын. Айтты емес пе, жаңағы, аяғын сылтып басатын латифундист.
― Пәмилесі қиын екен ғой, а? Қазақ емес пе, немене?
― Латифундист деген термин ғой, қазекемшесі ― жержебір, ― деді оқу өтіңкіреген біреуі.
― Жалама жемге алданған жағал ешкідей сормаңдаймыз дә-ә-ә, ― деп күрсінді екінші біреу. ― Маңырай беріңдер мәймөңкелеп ...»
Заршын зарлана маңыраған жағал ешкінің жағымсыз даусынан оянған.
Үшінші түсі одан да өтіп кеткен.
Әлдекімдер әйдіңгердей тұғырда отырып алып, төменде тізерлеген мұның мұрнынан тартып тергейді-ай келіп.
― Әл-ауқатың нешік? — дейді әлгілер бірнеше дауыспен.
― Әлжуаздау, — деп, әзіл араластыра жауап береді бұл. «Ол жағында шаруалары қанша?» ― деп ойлайды іштей.
― Әдет-ғұрпың, әдептілігің қалай? — дейді-әй тағы да таңырқата.
― Әдеттегідей, ― дейді жазбагер Заршыныңыз. Тамағы құрғап, тілі шымырлай ашиды. Ішінен: «Ойпырай, осындай сұрақ та қойылады екен-ау?! Сонда нендей нысай-ниетпен сұрайды бұлар?» — деп таңданады.
― Шимай-шимай әжімдерің неліктен соншама сансыз көп? ― дейді антұрғандар анталай төмен үңіліп.
― Менің бет-жүзімде бүкіл Орхон-Енесай жазбаларының таңбалары бәдізделген. Баяғыда...
― Не баяғыда?!—деп етпетінен түсірді еңгезердей едіреңбай.
Су шашылды.
Еттүсірім мезгілде есін жиды. Жауабын қақала-шашала жалғастырған жазбагеріңіз:
― Баяғыда, әскер қатарында болғам, Орхон-Енесайда жүргем,― деді тұғырдағыларға тайсалмай қарап.
― Оттапсың! — деседі биіктегілер. ― Бізді мазақ етіп тұрсың!
― Тұрғам жоқ, тізерлеп отырмын ғой, — дейді бұл .
― Әзіліңді кесіп, оспағыңды осып жібереміз біз!
― Біздерің кім?
― Әй, жазбагер сорлы! Сұрақты біз қоямыз, білдің бе? Біз тергейміз!
― Қандай тергеу? Нендей сұрау? Пікір алысу емес пе мұнымыз?
Кезекті соққы қаттырақ тиді.
Есін жиюы еттүсірімге емес, етпісірімге созылғандай.
Ешкінің иісі бұрқыраған Үгедей кедейіңіз Заршын жазбагеріңіздің басын сүйегендей.
Әлгі ауылдағы жағал ешкілер секіруден шаршап, секиіп-секиіп тұратын жардың жоғарғы жағынан дардаң-дұрдаң етіп біреу шыға келсін.
― Сіз кімсіз?—деді оған жаңағы сұрақ алушылар.
― Көрмей тұрсыңдар ма, немене?! Мен — осы уәлаяттағы, қала берді бүкіл сұлтанаттағы орасан зор Олигархпын! — деді ол. — Неменеге мына жазбагерді жазаға тартып, құртып жібермей, әлдеқандай ғып әлдилеп, тербетіп, емірене тебіреніп отырсыңдар, а-аһ?! Мен "Талшындарыңнан" да, "Баршындарыңнан" да, "Наршындарыңнан" да, мына "Заршындарыңнан" да "шын" дегенді алып тастаймын. Алдырып тастаймын. Ондай ұғым бұдан былай болмайды! Бұл уәлаятта да, бүкіл сұлтанатта да! Құрыңдар бәрің!
Талтая дардиып тұрды. Басқан жері солқ-солқ етеді.
Лаңнан шаң көтеріп, маң-маң аяңмен Латифундист көрінді.
Оспадарсыз Олигарх пен жержебір Латифундист құшақтаса сүйісіп сәлемдесті. Бірін-бірі иықтарынан ұрғылай ұғынысты. Қолдарын қайталай алысып, алақандарын сарт-сұрт соққыласты.
Кенет екеуі бара-бара зорайып, тау мен даланың тұтасар тұстарындағы тегістіктерді дар-дұр айырды кетті, айырды кетті. Жыртылған жерлерден дарқоңыр үйректер пыр-пырлай ұшып, жанұшыра қалбалақ қағады. Қарғалар қуана қарқылдайды. Халықаралық тілде: «Оли-оли! Гарх-гарх!» ― деп, қарқылдайтындай. «Лати-фун-дист», ― деп күбірлесетіндей. «Жазбагер» деген сөзбен құйрықтарын да сүртпес.
Әлгі екеу ентелей келіп, бұған бажырайған.
― Екеумізді бірдей мұқата жазып жүрген мына міскін ғой, ә?! — деді Олигарх.
― "Зары" қалсын, "шынын" шырқыратып, құрдымға батырамыз, — деді де Латифундист мұның қылқа мойнын мытып-мытып жіберді.
"А-а-а-а!" — деді жазбагеріңіз, жанұшыра. Үнін ешкім естімеді. Ең құрығанда Үгедей кедей де көрінбеді.
Олигархыңыз бір жағынан, Латифундистіңіз екінші жағынан үңілісіп, мұның қойнынан қанын сорғалата әлденені суырып алды.
Жаны шырқыраған жазбагеріңіз оның мүмкін қойындәптер, бәлкім басқа бірдеңе екенін ажырата алмай азаптанған.
Дар-дар айырыла жыртылған дарыны ма екен әлде...
Әуелгі әуенінен жаңылған жазбагеріңіз өңім емес, түсім болса екен деп шын тіледі Жаратқаннан.
Шошып оянбаққа да шамасы жетпеген...

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу