Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІҢ ТАРИХИ МӘН-МАҢЫЗЫ


Жақында бір газеттен қазақтың айтулы ақыны Дүйсенбек Қанатбайдың ертеректегі жастық дәурен, студенттік шағы туралы мақаласын оқыдым. Қытайдан келген бір студент қандасының таңертеңгі сағат алтыға жетпей оянып тұратынына, өздерінің ұйқысын бұзатынына ренжиді екен. Күндердің күнінде әлгі шет елден келген қазақ студент немен айналысады деп бақылап, байқап қараса, ол Қазақстанның гимнін (әнұранын) радиодан тыңдап, жылап отырады екен...
Еліміз егеменді ел болып, тәуелсіздік туын қуана көтеріп, дүние жүзіне қазақ ұлтын, Қазақстан елін танытқанына он алты жыл, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына он бес жылдың жүзі болды. Дербестікке ие болып, тәуелсіздікке қадам басқан кез-келген мемлекет ең алдымен өз Конституциясынан кейін елдің туын, елтаңбасын, әнұранын бекітеді. Өйткені, тәуелсіз елдің басты нышаны – оның мемлекеттік рәміздері.
Елбасымыз Н.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды.
1992 жылғы 6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында мемлекеттік рәміздеріміздің тұңғыш тұсаукесері өтіп, Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесінде тәуелсіз мемлекетіміздің көк туы көтерілді. Елтаңбамыз орнығып, әнұранымыз әуеледі. Сол жылдың желтоқсан айында мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. 1996 жылғы 24 қаңтардағы ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары ретке келтіріліп, нақтыланды. Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі, олардың сипаттамасы заңмен реттеліп, бекітілді.
Үкіметтің ұсынысы бойынша 2006 жылдың 6 қаңтарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы» ҚР Президентінің Жарлығына өзгерістер енгізу жөніндегі мәселе қаралып, Мемлекеттік әнұранның мәтіні мен әуені жаңартылды. Жұртшылықтың жанына жақын жаңа әнұран «Менің Қазақстаным» алғаш рет Президентімізді ұлықтау рәсімінде әлемнің жетпіс елінен келген қонақтардың, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдерінің, министрлердің, т.б. қатысуымен 2006 жылғы 11 қаңтарда орындалды.
Әр елдің елтаңбаларына салыстырмалы көзбен қарасақ, мысалы АҚШ гербіндегі он үш жұлдыз сол мемлекетті құрған алғашқы он үш штатты білдіреді, Үндістан гербіндегі үш арыстан, т.б. елдердің елтаңбаларындағы түрлі белгілер өзіндік ерекшелігін, мақсатын, тарихын білдіріп қана қоймай, жалпы сол ел туралы ұғым қалыптастырады.
Өткенге зер салсақ, әрбір елдің белгі-таңбасы, мемлекеттік тілі, туы, әдет-ғұрпы мен мәдениеті сонау ерте дәуірлерден қалыптасқан. Бірте-бірте елдік нышандар дәстүрі дамып, орныға түскен. Қазақ тарихында да мемлекеттік елтаңбалар, «бөрілі менің байрағым» дегендей тулар, әнұрандар аз болмаған.
Туымыздың түсі көк болуы, ондағы күн, қыран, қазақы өрнек бейнелері ұлттық танымымыз бен мәдениетіміздің, елдік рухымыздың биіктігін айқындайды. Елтаңбадағы шаңырақ, күн сәулесі іспеттес шаншылған уықтар, ай мүйізді сәйгүлік, алтын қанатты пырақтар — бұлардың бәрі қазақ халқының еркіндігін, бейбіт өмірін, біртұтастығын аңғартады емес пе?!
Мемлекеттік рәміздеріміз ― қазақ елінің егемендік белгісі, тәуелсіздік тұмары.
Мемлекеттік рәміздердің тұсаукесерінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін қабылдау қазақтар үшін және республикада тұратын барлық ұлттардың өкілдері үшін таптық, тоталитарлық қоғамның ескі, іріп-шіріген белгілерін жай жаңарту ғана емес, бұл – республиканың демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, жеке адам еркіндігіне, этникалық тұрғыдан әр текті халқымыздың бірлігін сақтау принциптеріне негізделген жаңа қоғам құруға берік бетбұрыс жасағандығымыздың белгісі», − деді.
Қазақстанның ресми рәміздерінің жаңа жүйесінің негізі осылайша қаланып, егемен еліміздің төл белгілерінің қалыптасу жолы осыдан басталды.
Елу елдің қатарына ұмтылған жас мемлекетіміздің бүгінгі, ертеңгі ұрпағы халқының тегін, тарихын жан-жақты, жетік білгенде ғана өз Отанының нағыз патриоты бола алады. Әрине, жанымен, жүрегімен елім деп езілген аға буын мен жастар да жеткілікті. Елбасымыздың: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Еліміздің сыналатын бір тұсы осы», − деген сөзі ғасырлар бойы армандап, қол жеткізген тәуелсіздігіміздің, елдік нышандарымыздың мән-маңызын терең ұғынып, сезінуді меңзейді. Күні кеше ғана Ата заңымыз — Конституцияға көптеген өзгерістер енгізілді. Ресми түрде «нышандар» сөзі «рәміздер» болып өзгертілді.
Біздің туымыз да, елтаңбамыз да, әнұранымыз да өзге ел, басқа мемлекеттердің рәміздерінен кем емес, бір жағынан бәр-бәрімен тең, көп жағынан өзгеше, айрықша екені аян. Туымыздың түсін, онда бейнеленген жарқыраған күнді, қалықтаған қыранды мақтан етейік, көкке көтере түсейік. Гербіміздің өзі де, жоғарыда айтқанымыздай, ерекше бір әлем. Ал, «Менің Қазақстаным» әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатындай тарихи, текті туынды. Бекзат Саттархановтың олимпиадада ұлттық туымызды жамылып тұрып қуанғанындай сезімге не жетсін, шіркін!
Рәміздерімізге риясыз тәу етіп, тәуелсіздік тұмарындай қастерлеу – қасиетті парызымыз.


М.Байғұт,
ОҚО тілдерді дамыту
басқармасының бастығы, облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мүшесі.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу