ШЫҒАРМАЛАРЫ...
КӨКТЕМ ДЕ ОҢТҮСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ
Көкейкесті Мархабат Байғұт.
1. Саз Бұрын да біздің Оңтүстіктің, оның ішінде Шымкенттің аты аз шықпайтын. Жағымды жағдаяттарымен де, жағымсыздау жағдаяттарымен де. Қайран Қазақстанның күнгей түстігі тұсына түрлі де түрлі пікірлер айтыла беретін. Артығы бар, кемі бар, атақтар тағыла беретін. Қазір де солай жалғасып жатыпты. Қазақ қара сөзінің зергері, ұлттық көркем ойымыздың кенеркөгін кеңейткен ұлы суреткеріміз Ғабит Мүсірепов өзінің «Ақан сері — Ақтоқтысы» Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылғанда, Шымкент шаһарына келіп, кербездене қасын керіп: «Серінің сапасы серпінді, Ақтоқты арайлана түсіпті. Екеуі де Оңтүстіктің өзгеше қуатын дарыта құнарланыпты, тіпті хазіреттің өзі де южный боп тұр», — деп, рахаттана, кеңк-кеңк күлген болатын. Шешен тілді, көсем ділді, дүлдүл көкеміз Ғафу Қайырбеков Оңтүстік Қазақстандай күрделі күрмеулері де, жаймашуақтығы да жетіп–артылар, жұмақ та жұмбақ, аяулы аймақты аңсап, сағынып жететін. «Қазақы қасиеттің қаймағын сақтаған аймағымнан айналайын!» — деп, киелі топырағын тізерлей сүйіп, көкорайына аунап-аунап алатын. Қостанайда жүріп: «Тарт Торғайға!» — дейтініндей, Шымкентке келе сала: «Кеттік Келеске!» — деуші еді марқұм. Келестің келіншектері ортасында, тұт ағашының түбінде, мақталықтың шетінде отырып, «Сырымбетті» шырқайтын-ай әуелетіп. Ғабит ағамыз бен Ғафу көкеміз осынау ой-пікірлерін сонау сексенінші жылдары айтқан еді. Осы биыл Оңтүстікте, Түркістан қаласында республикалық көлемде кең көсілген Наурыз мейрамы мен Наурыз конференциясы ұйымдастырылды. Сол конференцияда айтулы ақын әпкеміз Фариза Оңғарсынқызы: «Тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтап қалған — Оңтүстік. Біз бәріміз Оңтүстікке қарыздармыз. Оңтүстікке мемлекет қарыздар», — деді. Сол бас қосуда ғұлама ғалым, терең де кемел ойшыл Мекемтас Мырзахметұлы: «Жаһандануға жұтыла бастадық. Жұтылмау үшін Оңтүстік намысы, Түркістан рухы керек. Тіл мен дәстүрдің құнарын кетіріп жатырмыз. Қарын қамын ойлай бермей, рухани қам-қарекетті алдыңғы орынға шығармағымыз жөн. Рухани тірлігіміз бен бірлігімізді байлық басып кете барса, жас ұрпақ тіл мен дәстүрді меңгеріп, игеріп сіңіре алмаса, құрдымға батып құримыз», — деді. Қазекем қаншама замандарды бастан кешпеген дейсіз. Жақсы заман да, жаман заман да, зар заман да, тар заман да — күллісі кездескен. Соның бәрінде де қазақ баласының ең үлкен кемшілігі күншілдік, бақастық болғаны да белгілі. Қашаннан-ақ айтып та, жазып та келеміз, Ордабасыға оралып тұру, Ордабасыны ойланып қою, Ордабасымен тыныстап тұру, Ордабасымен рухтану — бар-баршамыздың перзенттік парызымыз. Себебі, дәл сол жолы, дәл сол жылы Ордабасы оқиғасы өтпегенде, алаш талайы, қазақ тағдыры нендей күйге ұшырар еді?!.. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені — Ордабасы мұраттарының орындалғаны. Биыл ұлыстың ұлы бас қосуы, Ордабасы жиыны өтіп, Бірлік биігінде, Тутөбе басында байрағымыздың желбірегеніне 280 жыл толды. Биыл Қазақ Елінің тәуелсіздігіне он бес жыл толады. Тәуелсіздікке тәубе делік. Биылғы жазда, Оңтүстікте, Түркібасы төрінде, Тәңіртаудың өрінде «Саба» деп аталатын қымыз фестивалі өтті. Ол қымызға және қобызға арналған еді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тоталитарлық тар заманда, кеңестік кезеңдерде бұл өңірдегі бір де бір мектептен қобыз түгіл домбыра табылмаған жылдар кездескен. Хрущевтің тұсында Түркібасыда жөні түзу жылқы, қымыз иісті үй қалмаған. «Саба» қымыз фестивалін ашып тұрып, қазақы рухтың тау баурайындағы қасиетті құбылыстарын тереңінен сезініп, тебіренген халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Тәңіртау! Кей ұрпақтарың азғанмен, тектіліктің тамыры тозбаған екен. Қымыз — сусын ғана емес, ол — қазақтың қаны, намысы мен рухы! Бүгінгі «Саба» — жай ғана, қатардағы мереке емес, қатардағы көп фестивальдердің бірі емес, бірегейі, тектіліктің Тәңіртауға қайта оралуы. Бұл өңір — Түлкібас емес, Түркібасы ғой, Түркібасы!» — деді қашанғы, қыран бүркітше саңқылдайтын даусымен тау беткейін жаңғыртып. Жақында ғана ел газеті «Егемен Қазақстан» біздің облыс туралы пайымды да парасатты пікір білдірді. «Шырайлы Шымкент» деп, «Алтын құрсақ — Оңтүстік» деп, «Қазақы болмыстың қаймағы бұзылмаған аймағы» деп мақтаныш тұтатын Оңтүстік Қазақстан өлкесі бұл теңеулердің қай-қайсысына болса да лайық. Адамдары еңбекқор да ақжарқын, іскер де ізденімпаз келетін бұл өңір тәуелсіздік жылдарында көп ізденістерді бастан кешті, өтпелі кезеңнің қиындықтарын облыс халқы алғашқылар қатарында еңсеріп, өркендеу жолына сол қарқынмен келіп түскен. Мұнда экономикалық-әлеуметтік реформалармен қатар рухани дамуға айрықша ден қойылған», — деп жазды. (2006 жылғы 17 қараша). Қатты риза болдық. Рахмет, оқта-текте болса-дағы, осындай жылы, ықыласты сөздер Оңтүстік атына да айтылыңқырағаны әбден-ақ орынды шығар. Әдемі бір әуендей, жарасымды саздай сезіледі екен. 2. Наз Осының алдында ғана, сүйікті газетіміздің 14 қараша күнгі нөмірінде сүйікті жазушы-драматургіміз Сұлтанәлі Балғабаевтың: «Моральдық бұзылудың да ошағы осы Оңтүстік өңірінен бастау алған десек, онша қателеспейміз», — деген сияқты бірқатар біржақтылау ойларға құрылған мақаласын оқыған едік. Осы күндері онсыз да Оңтүстігіңіз төмпештеліп-ақ жатыр еді, Сұлтанәлі бауырымыздың кейбір өткір-өткір сын-ескертпелерін мойындай тұра, базбір жақтарына наз білдірмеуге болмас. Оңтүстік туралы орынды-орынсыз нәрселер айтыла беретіні белгілі. Шымкент десе шу ете қалатындар жетіп-артылады. Жоғарыда меңзедік қой, алуан-алуан атақтар жамалып-ақ жатады. Түрлі-түрлі таңбалар тағылып тұрады. «Техас» деседі, тағысын-тағылары толып жатыр. «Ойбай, не дейсің, Оңтүстікте осындай да осындай екен, өйтеді де бүйтеді екен!», «Е-е, Шымкент жақ па?! Баяғыдан белгілі ғой олар!» — дегендейін тым асыра сілтеушіліктер де аз емес. Тіпті, басқаларды былай қойғанда, «Тамаша» ойын-сауық отауының, немесе «Бауыржан-шоуыңыздың» кез-келген бір әртісі өзі орындап тұрған әзіл-оспаққа, немесе сын-сықаққа «Шымкент» деген сөзді қосып кеп-кеп жіберсе, бітті. Әлгі шығарманың әсері еселей артып, қайнатпа сорпаңызға келімдәрі қосқандай, жұртшылығыңыз жаппай дуылдай шуылдап шыға келеді. Әсіресе, кейінгі кездері біздің Оңтүстіктің, оның ішінде Шымкенттің аты телеарналардың толайым-түгелінен де, барлық басылымдардың беттерінен де түспей тұрыпты. Ең басты себеп — СПИД. Иә-иә, СПИД. ВИЧ инфекциясының белең алып, бүлдіршін-балғындарға, аяулы сәбилерімізге ауыз салуы... Шымкент шіркініңізге жетпегені осы еді. Біраздан бері біздің шымкенттіктерде ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ. Облыстың жаңа басшысы Өмірзақ Шөкеевтен бастап, іс басындағылардың бәрі де күн-түн қатып, тынымсыз тірлік жасап-ақ жатыр. СПИД сырқатының белгілері білінген сәбилердің жаутаңдаған жанарларына қараудың өзі қиын. Қазір ешкімге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Осындайда кейбір газеттеріңіз бен телеарналарыңыз ақ желеңді абзал жандарды да, үлкенді-кішілі шенеуніктерді де түп-түгел, бастан-аяқ баттастыра қаралауға қарманып бағатыны қиын-ақ. Әсіресе Оңтүстік деген соң, Шымкенттен шыққан соң, шуыл еселене, дуыл екілене жөнелді. Бірақ дәрігерлердің бәрі, мейірбикелердің бәрі бірдей емес қой. Күні кеше ғана аса шаршаңқы, айлық жалақысы арзымайтын, пара алып көрмеген, ақ-адал еңбек етумен келе жатқан, самайын түгел ақ қырау басқан дәрігер кісі жергілікті телеарнадан жыларман болып сөйледі. «Оу, ағайындар-ау! Біздің жазығымыз қанша?! Байқасаңдаршы, абайласаңдаршы... Жаппай қаралап айтып, жаралап жаза бермесеңдерші!» — деді ол әлсіреген үнімен, әлсіз даусымен. «Ауру адамдар бүкіл дәрігер атаулыға тек күдікпен, сау адамдар тек күмәнмен қарайтын болды, соңғы уақытта балағаттап кететіндер көбейді, осы саладан кетпесем болмас», — дейді бір танысымыз. Осыдан бірер апта бұрын Шымкентке Парламентімізден бір топ депутат келді. Бек рахмет, жүдә жақсы. Бірталай жерде болып, бірқатар отырыстар өткізіп, ділгір мәселелерді шешпекке уәде берді. Алайда, халық қалаулыларының бірқатарынан қасіретімізді жан-жүрегімен ұғынудан гөрі, қалай еткенде де өздерін-өздері көрсетіп қалмақты қалайтын, ұпай жинамақты көздейтін кейіп білініп қала берді. Сөзуарлыққа салынып, тіл безеуге, оларсыз да салдары суға кете жаздап жүрген жұртты одан сайын тұқырта түспекке бейімдеу секілді көрінді. Қазақы Оңтүстікті мазақы пиғылмен келемеждей кергіді біреуі. Балалар мен аналардың аһ ұрған қасіреті туралы әңгімелеп отырып, жымсия жымияды және бірі. Ел арасына есеп бермек боп шығатын базбір депутаттарымыздың кейде өстіп, бет-перделері сыпырылып, бет-бейнелері көрініп қалатыны бар. Шындықты қиын да болса қабылдау керек, сынды ауыр да болса мойындау қажет. Бірдеңе ұсынбасаңыз, қозғала қоймайтындар, тиісті мөлшердегі ақша-боқшасын қалтасына салмайынша өліп жатсаң да қыңқ етіп қарамайтындар Оңтүстіктің ауруханалары мен емханаларында жоқ деуге бетің бармас. Аз деуден де аулақпыз. Бар шығар, тіпті көп те шығар. Миллиондаған, миллиардтаған теңгелеп қаржы бөлінгеніне қарамастан, жүдеу-жадау, аңғал-саңғал, сексенінші жылдардың деңгейінде қалып қойған ауруханалар мен емханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер де аз емес. Көзбен көріп те жүрміз. Алайда, қалай да жаппай күйе жағудың, көптеген кінәлілердің ара-арасындағы абзалдарды, адалдарды түгелдей сызып тастамақтың, әсіресе табалай қарамақтың жөні жоқ. «Айлығымыздың аз екені, не коммуналдық қызмет түрлеріне төлеуге, не бала-шағаның киер киіміне, не ішер асымызға жетпейтіні, бәріне емес, біреуіне де жетіп жарытпайтыны — шындық», — деп шырқырайды мейірбикелеріңіз бен дәрігерлеріңіз. Ал, бұған сіздер не дейсіздер? Әлбетте, біз «алғыштар» мен «қалтаға салғыштарды», қанағатсыздар мен қайырымсыздарды, тілемсектер мен сұрамсақтарды, сайып келгенде, обырлар мен жебірлерді ақтағалы отырған жоқпыз. Бірақ баршаны бірдей қаралап-жаралай беру, Оңтүстікке, Шымкентке қарата қара тастарды лақтыра беру жақсылыққа апара қоймас. Назымыздың басын сүйкімді де сүйікті қаламгерлеріміздің бірінен саналатын Сұлтанәлінің сөзіне сүйеген ек. Оңтүстікті моральдық бұзылудың ошағына балаған Балғабаев бауырымыз Шымкентке шүйіліп-ақ баққан екен. «Қазақ тіліндегі дәл мұндай әдепсіз газеттер Шымкенттен басқа Қазақстанның өзге өңірінде ешуақытта жаппай жарық көрген емес», — дейді Сұлтекең. Дұрыс-ақ делікші, бұл кісінің байламынан да, байбаламынан да бұлтара алмайсыз. Бірақ, біздің жақта жаңағыдай әдепсіздеу газеттер қазақ тілінде шығып, қазақ тілінде оқылып жүрді ғой, әйтеуір. Ал, өзге жақтарда біздің «саржағалдардан» да сорақы басылымдар басқа тілдерде біздегіден де бетер тұтынылып, жұтылып жатыр емес пе?! Өзге тілдегі порнографиялық басылымдардың көкелері мен әпкелері, әлгі әйгілі екі көшеңіз Балғабаевтар мекендейтін ару қаламыз Алматыда емес пе? Жартылай жалаңаш, тырдай жалаңаш және сойқан сериалдар мәселелерін мәністейтін, шаруаларын шешетін шаһарлар да негізінен сіздер жүрген орталықтар емес пе, Сұлтеке? Ойпырай, Оңтүстікті сүмірейте бермесеңіздерші, жүдә тегі. Бұрындары да, бүгіндері де алты жүзден асып жығылар ақын-жазушыларыңыздың кітап-сітаптарының көпшілігін алатын алтын құрсақ аймақ еді ғой. Алматыңыздан шығатын газеттер мен журналдардың да басым бөлігіне жазылатындығына жазықты ма? Жоқ, әлде, Сұлтанәлі дос, сіздердің кітаптарыңыз және пьесаларыңыз бойынша қойылып жатқан спектакльдеріңіз әлгі, өзіңіз ренжитін әдепсіз газеттерден әлсіз әсер ете ме? «Дінімізге тіл тигізді деп елімізді улыған-шулыған еткен кейбір кітаптардың өзге жерден емес, дәл Шымкенттен жарық көруін де кездейсоқтық дей алмайсыз», — дейсіз тағы да. Сұлтанәлі бауыр-ау, ондай-ондай кітаптардың авторлары да орталықтарда отырған, астаналарда жүрген апайтөс, ақтаңгерлердің, мүйіздері қарағайдай мықтылардың қатарынан емес пе? Бізге неғыл дейсіз, Шымкентімізге не демексіз? Ондай-ондай кісілер астаналардағы баспаларды бітіріп, тауыс-тәмәм етіп, облыстарға ауыз салса, шімірікпестен Шымкент асса, не амал?! Ол жағын енді, кешіріп қойыңыз, перифериядан гөрі өздеріңіз жетігірек білмекке, жөндеп шешпекке парыздарсыздар. Айтпақшы, он томдап, жиырма томдап әлгіндей ағаларыңыз шығарып жатқан кітаптардың саудасы жөніндегі ауыр-ауыр салмақтарды да қара нардай көтеріп жатқан қайран да қайран Оңтүстік, шіркін де шіркін Шымкент жақ екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. 3. Жаз Жә, Сұлтеке, біз де біржақтылау кетпейікші. «Сонымен бірге, бұл жағдай адамдардың, әсіресе шенеуніктердің екі көзі тұнып, байлыққа, ақшаға тойымсыздықпен құнығып бара жатқанынан да байқалады», — деп жазыпсыз жаңағы мақалаңызда. Мұныңызға толық қосыламыз. Кесел де, кесір де, кесепат та ең алдымен осы құнығудан қабыздап жатыр. Осы Оңтүстіктің топырағынан шыққан Әл-Фараби бабамыз: «Ақшаға құнықпа, мансапқа құнықпа, әйелге құнықпа», — деген. Сонсоң: «Бірақ құнықпа дегенім — қызықпа дегенім емес», — дегенді меңзеп алады-дағы, себебін терең пәлсәпамен түсіндіреді. Құнығу мен қызығудың арасы жер мен көктей ғой. Сіз айтқандай-ақ, Сұлтеке, адамдар ашкөзденіп барады. Құнығудың асқынуы адамгершілік асыл қасиеттерді аяқасты етуде. Базбір басшы шенеуніктердің, кейбір депутаттардың, дәрігерлердің, ұстаздардың, т.т., т.б. арсыздықпен сататынын және сатылатынын, сатқындықтың кей реттерде үдеп кететіндігін сіз де, біз де — бәріміз де білеміз. Жазамыз. Жазып та жүрміз. Жаз деп отырғанымыздың мәнісі сол. Ерен тұлғалардың, билік биігіндегілердің туған-туыс, тамыр-таныстары, өрен-жарандары құнығуға жол бермеуге борышты болса, шіркін-ай. Бірталай бәле-бәтірлер соларға тікелей байланысты ғой. «Ерендер кереңдерге айналмағай», — деп те жазып ек кезінде, «Егеменде». «Біз бір тоталитаризмнен екінші тоталитаризмге топ ете түспедік пе осы?! Ол — ақша тоталитаризмі сияқты», — деп жазды екі ғасырдың айрығында адамзаттың Айтматовы. Құнығу — қасірет. Құнығу — қауіп. Тәуба деп отырған тәуелсіздігімізге де қауіп жоқ емес. Ол қауіп те сол құнығудан, тойымсыздықтан. Сақтанған ләзім. Тойымсыздық пен құнығу сатқындықты, опасыздықты туындататыны аян. Кеуделерінде қанағатсыздық пен қайырымсыздық қойындасып түнейтін обырлар мен жебірлердің көбейіп, бағзы замандарда ата-бабаларымыз Алтайда, Атырауда, Алатауда, Ұлытауда, Қаратауда, Мәртөбеде, Маңғыстауда, Ордабасыда әбден-ақ әдіптеп айтып, қатты сақтандырған тағы да сол әлгі тойымсыздық, құнығушылық, бақастық, күншілдік, іштарлық, жағымпаздық, жандайшаптық сияқтылардың аяқтан шалып жатқаны да шындық. Жаз, Сұлтеке, жаз. Сіз бен біз жазбағанда, кім жазады. Алайда, ондай-ондайдың бәрін тек қана Оңтүстік жаққа жаба бермек, бәрі осы жақтан басталады демек — обал. Шымкентті шыли жүдә шықпырта бермек те — сауап емес. Жоғарыда айтылған кесірлер мен кесепаттардың, кеселдердің көріністері барлық өңірде де бар. Бірге-бірлесе күреспек, тұтаса-түгелдене тіреспек керек. Тәуелсіздік тазалықты көбірек керек етер. Рас, Оңтүстікте барлық нәрсенің қоюырақ, қалыңырақ қатпарланатыны, күрделі де күрмеулі кілтипандардың көбірек қордаланатыны белгілі. Сәл сәт қана байқамай қалсаңыз, қас қағым ғана мүлт кетсеңіз, арық бұзылып, атыз талқандалып, әбден әуреге түсетін кетпенші диқан сияқтысыз бұл жақта. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері, қазақты дүниеге танытып-ақ жүрген Дулат Исабековтің меңзеуіне назар жықсаңыздар, қай құрылықта да (Африка, Америка, Азия, т.т.), қандай елде де жақсы нәрселеріңіз һәм, жағымсыз жағдаяттарыңыз һәм оңтүстік тұстарынан, жаймашуақ, жылырақ жақтарынан бастау алатындай заңдылық бар көрінеді. Қайбір жылы ше, жылы жақ жайында өсек-аяңның нешеме түрлері туындап, желдей есіп жөнелгенде, Оңтүстікке, Шымкентке қарата қара тас лақтыратындар жиілеп кеткенде, «Қазақтың Қалтайы» атанған Мұхамеджанов ағам шырылдай ара түсіп, тым-тым артық кете бастағандарға бәтуалы басалқы білдірген. Республикалық беделді-беделді басылымдарда «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік» деген мақаласы жарияланған. Иә, ағайындар, кім не десе, о десін, Оңтүстік — ұлысыңыздың да, ұлтыңыздың да ұйытқысы. Алтын құрсақ аймағыңызда жыл сайын берісі қырық, арысы алпыс мыңдай нәресте дүниеге келеді. Әрбір алтыншы қазақ осында туады, осында өседі, осында тұрады. Осыны ұмытпаңызшы. Бірер жыл бұрын Атыраудың бір газеті: «Біздегі әрбір алтыншы бастық — Оңтүстік Қазақстаннан», — деп жазды. Солай болмағы ләзім-дүр, бауырлар. Қазақстанның Астанасында да, Алматысында да, Қостанайы мен Қарағандысында да, Алтайы мен Атырауында да... Әрбір алтыншы басшы бола ма, қосшы бола ма, етікші бола ма, егінші бола ма, кеденші бола ма, кетпенші бола ма, әйтеуір, әрбір алтыншы қазақ Оңтүстіктен, Шымкент жақтан болса, қатты қуанғайсыздар қайта! Бір ғана мысал. Азаттық дейтін ауылда Қуаныш дейтін ағам бар. Алты бірдей ұлы бар. Солардың екеуі — Астанада. Алғаш қара жұмыста жүрді, азаптанды, көрмегендерін көрді. Қиналды, ізденді, мамандық меңгерді. Былтырдан бері — краншы. Алып крандардың құлағында ойнайды. Әзірше үйлері жоқ, алайда, ақшаны жаман таппайтын көрінеді. Құнықпай-ақ, қызығып-ақ пәтер алмаққа қаржы жинауда деседі... Хадистерде: «Қағида болар хикаяларды жүз мәрте, жүз бірінші мәрте қайталап айтқаннан адамдар зиян шекпес. Бірі болмаса, бірі ұғынар», — дейді. Бір жәйтті және қайталағымыз келіп тұр. Қазақтың сырбаз ақыны Сырбай Мәуленов ағамыз да Оңтүстікке, Шымкентке, Сарыағашқа жиі келетін, сырласатынбыз. 1988 жылы, Колбин патшаның тұсында Шымкент темір жол вокзалында шығарып салып тұрдық. Вагондары тізіліп, жолсеріктері сызылып, Асқаров сынды іскер басшының арқасында біраз жылдан бері жүре бастаған «Алатау» пойызы келіп тоқтады. Сырағаң арғы жақ, бергі жағына көз жетпес перронға қарап, қатты толқып кетіп: «Қараңдаршы, мына ғажапты! Қап-қара шаштар, қаракөз жастар! Көз ұшына дейін қарақұрым, қаптап жүрген қазақтар... Айналайындар, қап-қара шаштарыңнан, қазақы бастарыңнан айналайындар! Өсе берсінші, көбейіп, жетіле берсінші... Шымкенттің барына шүкір», — деді. Сонда Сырағаңның жанарында жас тұрды. Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы, ақиық ақыны Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады. |