Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

КІТАПТАН АЛЫСТАҒАН ҮРПАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР, КЕЛЕШЕГІ КҮҢГІРТ

Жарық дүние – өмірдің соншалықты ғажап екендігіне елжірей иланып, жанымен де, жүрегімен де, жырымен де қалтқысыз сеніп, адамдарды аңқылдай жақсы көрген, сағыныш атты ғажап қасиет хақында теңдессіз туындылар жаратқан Төлеген Айбергеновтің күнделігінде мынадай бір пікір бар: «Мен адамдардағы бір ғана мақтануды – арғы төркінінен көп оқығандығы көрініп тұратын, «кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер едім. Ал, басқа мақтанның қандай түрін де тіпті тыңдағым келмейді».
Адам жанының және бір жыршысы, қазақтың суреткер зергері, қоғамдағы, мәдениет пен әдебиеттегі құбылыстарға дәлме-дәл диагноздар қойып, ақиқатты ашып айтып жүрген жазушымыз Дулат Исабеков осы күні кеше ғана бір сұхбатында: «Кеңес дәуірінде халықтың кітап оқуға толықтай мүмкіндігі бар болатын. Кітап сатып алуға қалтасы көтеретінін айтпағанда, ауылдың мәдениет үйінде кітапхана жұмыс істейтін. Кеңес қоғамында адамдар білімімен бағаланатын. Авторы қатыспай-ақ, оқырмандар арасында жаңа шығармалар қызу талқыланып жататын. Әңгіме өзегіне айналып жатқан кітапты оқымаған адам өзін қор санайтын. Адам өзінің жинаған кітабын мақтан тұтатын заман өтіп кетті. Қазір рухани құндылықтардың орнын өзге құндылықтар алмастыруда», – дей келіп бүгінгі жағдаяттарды саралайды. Оқырманның жазушы қауымнан сууына себепкер нәрселерді нақ-нақ атап көрсетіпті.
Әлбетте, өзінің өзгеше көркем прозасы мен дара драматургиясында кеңестік дәуірді мадақтаудан мүлде аулақ болған Дүкеңнің мына сұхбатында да сол кезеңді аңсап отырмағаны белгілі. Бірақ, шындықтың аты – шындық. Тоталитарлық қоғамның да таңырқатқан жақтары, таңдайдан дәмі кетпей қалған жемістері жоқ емес қой. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында Қазақстанның кітапты ең көп оқитын ел болғаны да рас, бұлтартпас шындық, оны ешкім теріске шығара алмайды. Әрине, неліктен, қалай, нендей мақсатпен дегендейін саулап қоя берер сауалдар өз алдына бөлек әңгіме.
Біз кітап және оқырман һәм жазушы тақырыбын неге қозғап отырмыз? Мұнда гәп бар. Бұл тақырып кейінгі кезде біздің елдің барлық газеттерінде дерлік әр тараптан, сан тұрғыдан қозғала бастады. Қозғамауға болмастай ахуалда екеніміз және ақиқат. Ал, тап осы көктемде көбірек көңіл бөлмек керек-ақ боп тұрыпты. Оның себебі неде?
Бүгінде бүкіл дүние жүзі кітап және оқырман мәселесіне үлкен уайыммен назар аудара бастады. Биылғы наурыз-сәуір айларының бүкіл әлемдегі көптеген елдер бойынша тап осы мәселеге арналып отыруы да тегіннен-тегін емес. Біреу білер, екеу білмес, осы күндері Кітапханалар ассоциацияларының халықаралық федерациясы аясында бірталай елдерде елеулі шаралар өтіп жатыр. Қазақстанда 18-19 сәуір күндері «Оқырман ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі» атты халықаралық конгресс өтпекші. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен «Бір ел – бір кітап» атты акция басталып та кетті. Хош делік. Сонымен, бүкіл дүние жүзі әдебиет әлемінің, кітап әлемінің тағдырына аса алаңдаулы. Қайткенде, кітаптың жоғары мәртебесін сақтап қаламыз? Әрбір ел, әрбір мемлекет жұртшылығының кітап оқу мәдениетін қалыптастырмақтың қандай жолдары мен түрлері бар? Кітап және кітапхана, оқырман және кітапханашы мәселелеріне байланысты нендей түйіндер мен түйткілдер толғандырады және оларды қалай шешпек керек? Кітапты пайдалану, сақтау және оқу, кітап тарихы мен кітап басу және таратуда іргелі істер мен іркілістер қандай? Тәжірибелер мен тағылымдарды қайткенде жалпы игілікке айналдыруға болады?
Қарап қойыңыз, халықаралық деңгейде өтіп жатқан іс-шаралардың мақсат-мазмұны мен мән-маңызын осы төңіректерден табасыз. Әрине, осынау жағдаяттардың бәріне бірден жауап бермек мүмкін емес. Сәуірдегі іс-шаралар өте сала бәрі тәуір бола бастайды деудің де қисыны жоқ. Десек те, кітап және оқырман мәселесіне дүниежүзілік деңгейде, осылайша айрықша алаңдап, ірі және біршама тірі тірліктер атқарыла бастауы құптауға, қуануға лайық деп білсек керек.
Ә, дегеннен біз Төлеген Айбергенов пен Дулат Исабеков айтқан, жазған пікірлерді бекер келтірген жоқпыз. Кезінде «Қазақстан – ең көп оқитын ел» атанғанын және шынтуайтында солай болғанын тағы да қайталап қояйықшы. Қазір ең аз оқитын елге айналды. Дүние жүзінің бірталай мемлекеттерінде кітапқа деген ынта-ықыластың айтарлықтай-ақ азайғаны мәлім. Алайда, арқаны кеңге салып: «Е-е, дүние жүзінің басқа да елдерінде біздегідей екен-ау», деп жайбарақаттанудың жөні жоқ. Әлемнің көптеген елдерінде жаппай компьютерлендіруге, интернеттендіруге қарамастан, кітапқа деген ықылас тап біздегідей бәсеңдемепті. Мектеп оқушылары көбінесе компьютер арқылы емес, оқулық кітаптар арқылы жұмыс істейді. Көркем әдебиет кітаптарына бала кезден, отбасынан, бастауыш сыныптардан тәрбиеленеді екен. Оқушы жастар көбінесе компьютер клубтарында емес, ерекше сүйікті де сүйкімді, қолайлы орын болып табылатын кітапханаларға басымырақ барады. Кітапханалардың бәрі дерлік таңертеңгі сағат 8-ден кешқұрымғы сағат 8-ге дейін істейді, тіпті түні бойы жабылмайтын кітапханаларыңыз да жетерлік көрінеді.
Өз басым АҚШ-қа барған жоқпын. Барып келгендермен әңгімелессең, бастарын шайқап, қайран қалады. Байлығына... Барлығына... Бар-баршасына. Ал, кітапқа көзқарас туралы, оқу мен оқымау жайында көп айта алмайды. Былтыр сол Америкаңыздың бір журналын оқып, таңдай қақтым. АҚШ-ыңызда да жоғарыда айтқанымыздай екен. Компьютер мен интернеттің шырқау шыңына шығып, көксандықтың (теледидардың) көкелері мен әкелерін көріп, қызықтамаққа мүмкіндігі бар алпауыт елде кітапқа көзқарас, кітапқа қызығу, кітап тұтыну, яғни оқу, кітап сатып алу, кітапханалар қызметін пайдалану титімдей де төмендемеген. Сексен бесінші жылдармен салыстырғанда, қайта екі мың бесінші жылға қарата еселеп өскен. Сексенінші жылдар ортасында кітап шығару, сатып алу, т.т. мәселелерге әр жыл сайын 8-9 миллиард доллар жұмсалған болса, 2005 жылға қарата бұл көрсеткіш 18-19 миллиард долларға жеткен. Кітапқа көзқарас пен кітап оқу дегеніңіз компьютерлендіру тасқынына қарсы иммунитет ретінде қалыптасқан. Жас өскіндердің компьютерде екі сағаттан артық отыруына тыйым салынатын заң бар. Кітап сатумен студенттер де айналысады, оларға жеңілдік жасалады, кітаптан түскен пайда стипендияға қосылады. Осындай әдістер өте көп екен, сондай-сондайды зерттеп, үйренушілер бізде жоқ қой, жоқ...
Жақында көрші елдің президенті В.Путин жас жазушыларды қабылдады. «Компьютер – керемет, интернет – тамаша, интеройындар – ғажап, бірақ біз кітапты, көркем әдебиетті компьютерге жұтқызып алмасақ керек, деді Ресейдің мемлекет басшысы. Оларды жұтқыза берсек, компьютерге халық жұтылады, орыс тілінің құнары жұтылады, ұлт жұтылып кетеді... Жедел түрде кітапханалар жұмысын жолға қоюымыз қажет...»
Ауызды қу шөппен сүртпейік, біздің елде де елеулі тірліктер тындырылып жатыр. Басқасын айтпағанда, «Мәдени мұра» бағдарламасының бірегей бағалы нәтижесі – алуан арналар бойынша асыл қазынамызға қосылардай кітаптардың шығарыла бастауы. Бірақ бұл әлі де мүлде аз, жеткіліксіз. Қазақ елі, қазақ ұлты үшін кітап, кітапхана, әдебиет және оқырман мәселелері жөнінде, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, әр қазақ жеті қазақтың жауапкершілігін арқалап, ауыр-ауыр тірліктерге иықтарын тоспаса, бәрі бекерге айналмақшы.
Дүниежүзілік деңгейдегі уайымға айналып отырған осынау мәселеге үн қоса отырып, өз ішімізге үңілсек, «жылаған еңірегенге жолыққандай» жағдайға тап боламыз. Адамзаттық апат, жаһандық жағдаят, планетарлық пайым, т.б. демей-ақ, жергілікті жағдайларға назар жығалықшы. Сайып келгенде, қара жұмыстың, нақтылы істің бірталайы, тіпті, кейде басым көпшілігі облыстарда, қалаларда, аудандар мен ауылдарда атқарылатынын біреу мойындар, екеу мойындамас. Қазақ – қашаннан-ақ тұқымынан таза, табиғатынан адал, жаратылысынан аңғал, пәлсапалық қиялға жақын, сондықтан риясыз романтик халық. Қаншама жаһандануға жақындатып, ауылдан қалаға тықсырып, саясат арқылы тырқырата қуып тығып жатқаныңызбен, бұл ғасырда қазақ ауылы жер бетінен жойыла қоймас. Қазақтардың қаласының өзі де, Дулат Исабеков айтқандай-ақ, адамзаттық ұғымдағы, планетарлық пайымдағы қала емес, «үлкен-үлкен ауылдар» екені де рас. Сондықтан, әлемдік өркениетке ілесе отырып, ұлттық көркемниетімізді мүмкін болғанынша, түгелдей, тұтас болмаса-дағы, табиғи тұтасар тұстарын сақтап қалмаққа жанкештілікпен жанталасуымыз жөн саналмақшы.
Бізде, Оңтүстікте осы орайда қандай жұмыстар бар, нендей қадамдар жасалып жатыр деулеріңіз бек мүмкін. Айтайық. Бізде бір кездегі «Қажыгелдин қырғынынан» аман қалған кітапханалар, Құдайға шүкір, баршылық. Үштен бірі тірі. Кейінгі жылдары олардың саны мен сапасы едәуір арттырылды. Сонау Созақ ауданындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде орналасқан, жұртшылықтың сүйікті орнына, ғылыми, мәдени және әдеби орталығына айналған кітапханаға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өзі таң қалып, өзгеше ризалық білдіріп, арнайы пікір жазған. Сол Созақтағы кітапханада облыстық, ауданаралық, аймақтық тәжірибе тарату семинарлары, небір кештер мен оқырмандар конференциялары жүйелі өтіп тұрады.
Облыс орталығындағы Пушкин атындағы кітапханада үш жылдан бермен қарата «Оқырмандар отауы» жұмыс істейді. Отаудың ұйымдастыру алқасында кітапхана энтузиастарымен қатар мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер, библиограф мамандар бар. Қазір «Оқырмандар отауының» заманауи биік талаптарды, прагматик жас өскіндер тілектерін, түрлі көзқарастар мен бағыттарды ұстанатын оқырмандардың психологиясын ескере отырып жүргізетін жұмыстары, ұйымдастыратын талқылаулары, өткізетін кештері мен кездесулері Шымкент шаһарына ғана емес, облыстың өзге де қалалары мен аудандарына белгілі бола бастады. Өткен жылғы бір басқосуында осы отау аса көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» хикаятын жан-жақты талқылады. Реті келгенде айта кетелік, 1997 жылы облыстық кітапхана оқырмандары 15100 адамға дейін төмендесе, 2007 жылға қарай 28775 адамға жеткен. Облыс орталығындағы Абай атындағы қалалық кітапхана жергілікті қаламгерлерді студенттер мен жастарға, ардагерлерге етене етіп, жақындата түспекке көбірек көңіл бөлсе, Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы кітап пен жас оқырмандар арасындағы үдерістерге сауалнамалар жүргізу және олардың нәтижелерін іс жүзінде қолдану арқылы жұмыстарын жандандыра түсуде. Шымкент шаһарындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы жасөспірімдер кітапханасында да елді елең еткізген, оқырмандарды ойландыруға септескен тың туындыларды, талантты қаламгерлердің кітаптарын талқылау, сөйтіп, оқырман тәрбиелеу, оқырман тарту жөніндегі шынайы ұмтылыстар жан жадыратады. Мұндай мысалдарды басқа да кітапханалардан, өзге де аудандар мен қалалардан келтіруге болады.
Өкінішке қарай, оқырмандарды жасанды түрде, қағаз жүзінде ғана көбейтетіндер, тып-тыныш, тым-тырыс күн өткізіп, жалақыны қақшып алып, қалғып-мүлгіп отыра беретіндер аудандық, қалалық, ауылдық жерлерде аз емес. Мектептердің кітапханаларындағы тіршілік те тектілікке, ізденіске, жауапкершілік, білім-біліктілік деңгейге байланысты әртүрлі, әрқилы күйде. Мәселен, осыдан біраз бұрын Түлкібас ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімдері мен шәкірттерінің оқырмандық деңгейінен түңіліңкіреп қайтсақ, Сайрам ауданындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектеп ұстаздарының ғана емес, оқушыларының да кітапқа, көркем әдебиетке деген құлшынысына, шығарма талдай білетін талапшылдығына тәнті болып: «Е, бәсе! Айналайындар-ай, бар екенсіңдер ғой...», – деп, жанарымыздың жасаурағанын жасырғымыз жоқ. Әр оқу орнының деңгейі, ұмтылысы, ұжымдары мен ұстаздарының, жас өскіннің құлшынысы түрлі-түрлі...
Биылғы жылдың басынан бермен қарата облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты арнайы акция жүріп жатыр. Кезінде, біразырақ жылдар бұрын, біздің түстік өңірге беталбаты тиісушілер кенет көбейгенде, қайран қазақтың Қалтайы, баршамаздың асыл ағамыз Мұхамеджанов осындай тақырыппен мақала жазып, Шымкент жақты шырылдай қорғаған. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» акциясының мақсаты – облыс халқының Астана, Алматы қалаларында тұратын республиканың көрнекті, неғұрлым дарынды да талантты ақын-жазушылармен қауышулары арқылы жұртшылықты, әсіресе, жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке, кітапқұмарлыққа тәрбиелеу, көркем әдебиетті, өнердің өзге де түрлерін терең насихаттау, қаламгерлер мәртебесін, ұлысымыздың, ұлтымыздың ұйытқысы ретіндегі Оңтүстіктің абырой-беделін көтеруге септесу.
Қаңтар-сәуір аралығында алты кездесу кеші өтті. Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбай сынды саңлақтардан басталып, халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шахановтармен, сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып, тағы басқа да таланттармен жалғаса түскен аталмыш акцияның алты кездесуі өтіп, жиырмаға жуық дарын иелерін қамтыды. Жыл аяғына дейін ең кемі елу ерен қаламгер жұртшылықпен жүздессе, оқырман саны мен сапасы, кітап әлеміне ынта-ықыласы артатыны анық. Себебі, алғашқыда күдік-күмән басым болғанымен, бірте-бірте «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» шарасы зиялылық қауышуы, зияткерлік тілдесуі, зерделерге зер жүгірту, саналарға сәуле сіңіру, көркем әдебиетке, кітапқа қарай бетбұрыс ретінде бағалануда. Көз алдыңыздағы көп оқырманның ойға батып, ұлттық құндылықтар, руханият, мәдениет, әдебиет, тіл тағдыры, қоғам мен адам, небір күрделі құбылыстар хақындағы пікірлерді тыңдап, көркем өнерді, өлеңді, қара сөзді қарадүрсін түсінуден арылып, жан еңбегін жұмсап отырғанын сезінесіз. Шимай-шатпақ пен бәлдір-батпақ қайсы, шынайы дарын мен талант қайсы және әсіре-әулекі бетпақ қайсы, сәл де болса ажырата бастағандарына жұбанасыз.
Осы акцияның мына бүгін сөз етіліп отырған халықаралық іс-шарамен, Оқу, Оқырман, Кітап хақындағы халықаралық конгреспен, «Оқырман ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі», «Бір ел – бір кітап» сынды маңызы ерен, мәнісі терең шаруалармен үндесіп, үйлесіп жатуы жөн екен-ау деп қуандық.
Қысқарта айтсақ, қандай тірлікті алайық, бәрібір – дүниежүзілік, халықаралық, республикалық болсын, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық болсын, бір-бірімен тығыз байланысты, ұнасымды, жарасымды, жүйелі жүргізілгенде ғана жемісті ғой.
Компьютер билеген, интернет илеген, интеройындар ойнақ салған қым-қуыт, қым-қиғаш кезеңде де тым әулекіленбей, тым еліріп, тым елігіп, тым беріліп кетпей, Абай айтқан «асыл адам айнымасты», «бар нәрседе де өлшем мен мөлшер болмақ керекті» көксандық пен компьютер мәселесінде һәм мықтап ескеріп, әр әрекетімізге «есті кісідей есеп беріп», кітап дүниесін біз-дағы ұлттық иммунитет ретінде сақтап қалсақ, қасиеттің үлкені – осы. Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу