Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

БӘРЕКЕЛДІ, БИ БОЛДЫҢ...

Мархабат БАЙҒҰТ.

Біз – саясаткер емеспіз. Біз дегеніңіз – қарапайым ғана қаламгерміз. Біз – саясаттанушы емеспіз. Аздап қана адамтанумен айналысыңқыраймыз. Шығандап емес, шағындап қана шығармалар жазыңқыраймыз. Алайда, айтарымызды айтып-ақ жүрген сияқтымыз. Хал-қадерімізше, әрине.
Мына Мадридіңіздегі мәртебеңізге қаламгер ретінде, қазақ ретінде қалай қуанбасқа?!
Қатты қуандық. Қуанғандар аз емес. Қарапайым адамдардың арасында көбірек жүреміз ғой. Әсіресе, солардың қабақтары жиірек жадыраса дейміз.
«Бәрекелді, би болдың, он алты жасар Қазақстаным!» – деді сондай қатардағы, қарапайым адамдардың бірі Мадрид мәртебесіне орай.
Несін айтасыз, қазекемнің ең мықты мәтелдерінің, бәлкім, басты баталарының бірі: «Би бол, би болмасаң да, би түсетін үй бол». Текті тағылымға, тәрбиеге толы, пәлсапасы тым-тым тереңде жатқан тілек қой бұл!
Біздің Қазақстан бес жылдан бермен қарата бұл жолда бел шешпей белсенділік танытты. Билер түсетін үй бола білді. Енді ЕҚЫҰ-ның елеулі бір биіне айналып отыр.
Бізге былайынша елестейді. Өркениет жолындағы сапарға шыққан көркемниетті Қазақстан дейтін он алты жасар оңды жігіт әйдік әлемнің, ерекше Еуропаның назарына ілігіп, ықыласына бөленіп, екі жылға ерен міндеттеме арқалап, Бала би атанды. Тәңір жарылқаса, жауапкершілік жүгін абыроймен көтерсе, уәде үдесінен шықса, үшінші асуда Бала биіңіз дүние жүзінің көз алдында Дана би боп дәурендер.
Әлбетте, жауапкершілік жүгі өте ауыр. Айтулы ата-бабаларымыздың да Бала би атанғанда, балғын шағында-ақ бір тал шашы ағарып кетеді екен деседі ғой білетіндер. Мына Мадрид мәртебесіне байланысты мәселеңізді һәм білімпаз білгірлеріңіз сараптап-саралайды, дүлдүлдеріңіз даралайды. Саясаттанушыларыңыз таразылап, талдайды. Марат мырзаның Мадридте мәністеген уәделерін санамалап байқасақ, ұзын саны оннан асып тұрыпты. Олардың ішінде 2008 жылы – бір жыл бойы сайлау туралы тапжылмастан істейтін тірлік, БАҚ жөніндегі заңды жетілдіру, саяси партияларға жасалмақшы жеңілдіктер, жергілікті өкілді органдарға орайлас үрдістер, ізгілік пен адамгершілікке қарайлас үдерістер, тағысын-тағылар бар. Жауапкершіліктің ауырлығын айтып отырғанымыз осыдан. Қоғамыңызда қат-қабат қиындықтар, күрделі құбылыстар жетіп-артылып жатыр. Қазақтың намыс туына айналған қайран қаһарманымыз Бауыржан Момышұлы: «Кемістігім жоқ дейтін адам – адам емес», – деген екен. Кемістігі жоқ мемлекет те – мемлекет емес. Кемістігімізді көргіміз келмейтін көрсоқырлықтан сақтағай.
Он алты жасар Қазақстан сынды көркем жігітіңіздің арғы тегінің тегін еместігі белгілі. Ата-мемлекеттілік тауарихының өзі ең кемі екі жарым мың жылмен есептелетінін де мойындатуыңыз керек. Еуропаға, күллі әлемге.
Иә-иә, біздің болымды билеріміздің бар-баршасы әуел баста Бала би атанған. «Қу дүние жеткізбес қуғанменен. Арам адал болмайды жуғанменен. Жігіттің бәрі бірдей би болмайды. Белдікпен көкіректі буғанменен». Дейді дана халқыңыз бір мұң мәнзелдес әнінде.
Сайып келгенде бар ғой, саяси одақтарыңыздың күллісі керек. Саяси бірлестіктеріңіздің баршасы маңызды. Солай бола тұра, бәрі де – уақытша тірлік. Тіл мәңгілік болмаса, бәрі бекер. Жоғарыдағы оннан аса уәдеге мемлекеттік тіл мәртебесін қоспауға мүлде болмайды! Өкінішке қарай, бүкіл әлемде өз тілінде сөйлемейтін, өз тілінде ісқағаз жүргізбейтін жалғыз мемлекет те – біздің он алты жасар Қазақстан. Осыны ойға салшы, Бала биім, он алты жасар Қазақстаным! Келешек Дана би болам десең, тереңірек тебіренерсің.
Батыл ойлы Бауыржан батырыңыз жоғары, жайлы орынға жаңа отырған жақсы інісіне кіріп, су жаңа креслоны сүйір таяғымен түртіп: «Сен мына мансапты иеленгеніңе масайып манаурама, ертеңгі күні бұл биіктен түсетініңді көбірек ойла!» – деген ғой. Сөйтіп, таяғымен тағы-тағы түрткен ғой.
Жалаң дәріпшілдіктен қашқымыз келеді біздің де. Желпілдей жөнеліп, желпініп жүгіре бермектің кермек дәмі қиындау болмақ. Уа, он алты жасар Қазақстанымыз, көркеміміз! Сен би болдың. Әзірше Бала бисің. Бірақ: «Мінекиіңіз, мен қандаймын!» – деуден гөрі: «Біз екі мың оныншы жылы қай биіктен көрінеміз? Одан кейінгі онжылдықта ше?» Дегенді басымырақ ойлағайсың. Жаңа жүзжылдықтарда жүзің жарқын жүрмекке жазсын.
Сапарың оңынан оралғай, он алтысында би болған көркемниетті Қазақстаным менің!


«Егемен Қазақстан» газеті.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу