Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

АҒЫН ҚЫЗЫ АГАТА

Эссе.

Осыдан біраз уақыт бұрын Ресейдің беделді бір газетінен Байкалдың арғы жағындағы Бурят республикасы мен Үркіт облысының қосылғаны туралы мақала оқыдық. Буряттардың республикасында да, әлгі облыста да референдум секілді бір аса маңызды шара өтіпті, тұрғындардың басым бөлігі қолдапты. Айтып та айтпай не керек, Байкалдың айналасында байтақ облыс пайда болып, бұдан былай қарай Бурят республикасының аты да, заты да жер бетінен жойылатынға айналыпты. Сол жақта жүргенде бурят бауырлардың басым көпшілігі өз тілдерінде емес, өзге тілде сөйлеп-жазатынын байқайтынбыз. Енді, міне...
Біз пақырыңыз өзге елдің ішкі ісіне араласудан аулақпыз. Алайда, әлгі мақаланың екінші бөлігінен өзге де кейбір автономияларға буряттардың басындағы жағдаяттың жақындап қалғанын аңғарғанымызда, кеудені күрсін кернеді-ай.
Кенет, ең соңында «Ағын-бурят (Агинско-бурятский) ұлттық округінің тағдыры әзірше белгісіздеу», – деген сөйлемді оқығанымызда ше, жүрек құрғырыңыз шым ете түсті. Шымкентте отырып-ақ...
Біз білетін «Агинско-Бурятский национальный округ» дегеніңіз Чита облысындағы кішкентай ғана ауданның аумағындай құрылым тұғын. Біздің көз алдымызға Ағын-бурят ұлттық округі, «Хара-Шибирь» кеңшарындағы шопандардың комсомол-жастар кешені кеп тұра қалды. Жә, оқырманға түсініктірек болу үшін басынан бастап баян еткен абзал шығар.



* * *

Алпыс төртінші жылдың желтоқсанында Алматыдағы жоғары оқу орындарының 1-3 курс студенттерін түгел тізімдеп, көкесі жоқтарды әскерге алды да кетті. Никита Хрущевтің пәрмені әлі өзгере қойған жоқ еді. Алпыс бесінші жылдың маусымында Новосібір қаласындағы алты айлық кіші командирлер мектебін бітірген бірнеше қазақ Забайкалье әскери округінің қарамағына жіберілдік. Студенттік өмірімізді өксітіп, білімге құштар бүкіл тағдырымызды үш жылға үзіп тастаған Хрущев жолдасты қаншама жеккөрсек те, қайран Байкалдың арғы жақ, бергі жағын армансыз аралатқаны үшін алғыс айтатынбыз.
Біз – біраз-біраз бастаулар мен қайнарларды, бұлақтар мен өзендерді, дарияның суы мен көлдеріңізді көріңкіреген жандардың біріміз. Бірақ Байкалдың мөлдірлігіндей мұнтаз мөлдірлік, Байкалдың тазалығындай тұнық тазалық жер жүзінің басқа тұсында бар десе, илана қоймаспыз-ау, сірә. Терең тазалық пен мөлтіл мөлдірлік тек сол Байкалда ғана шығар. Сол Байкалдың арғы жағында, тайгаңыз да, биік-биік тауларыңыз да таусылып, орта бойлы аққайыңдар жауып жататын жота-жоталар мен жондарға айналар аймақта Ағын-бурят ұлттық округі бартұғын.
Біз пақырыңыз бір взводына кіші командир боп тағайындалған батальон уран кеніштерінде қара жұмыс істейтін түсі суық түрме тұрғындарына арнап қосымша құрылыстар салатын.
Онон дейтін өзен бар еді. Қарауытып ағып жататын. Қарақошқыл, жатаған таулар болатын. Өзіміздің Созақтың кейбір тұстарына айнымай ұқсайтын. Ал енді қарақошқылданған, қоңырқайланған шоқылар мен жарлауыттанған, қырлауыттанған тарғыл да орғыл таушықтар жасыл қайыңды жоталар мен жондарға айналар өңірдегі Ағын-бурят ұлттық округінің Агата атты қызымен алпыс алтыншы жылдың жазында таныстық қой, не керек.
Атқа мініп, соңына итін ерткен бурят шопанды алғаш көргенде, көзімізге жас келген. Тұп-тура Таупістелі ауылының Құдықсай қорасындағы Өзенбай қойшы секілді елестеп кеткен. Кейінірек білдік, біздің батальонымыз мекен еткен Онон мүйісінен Ағын-бурят ұлттық округі отыз шақырымдай жерде екен. Онда «Хара-Шибирь» кеңшары бар екен. Кеңшарда шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы бар екен.
Агатамен алғаш газет арқылы таныстық. «Забайкалье жастары» басылымында жарқ етіп оның суреті шыққан. Жарты бет мақаламен бірге. Әскердегі жастардың бір ермегі – қыздарға хат жазу. Қазақстан жаққа қарша борататын хаттардың бірін кемітіп «Ағын-бурят ұлттық округі; «Хара -Шибирь» кеңшары; Шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы. Аксенова Агатаға», – деп алғашқы хатты жөнелттік те жібердік. Суретін әуелгі көргеннен-ақ екі қазақ пен бір қырғыз қатты ұнатқанбыз. Өзі буряттарға мүлдем ұқсамайды. Тек түр-келбеті ғана емес, аты-жөні де бөлекшелеу. Ақырында жеребе бойынша жеңіске жетіп, хат жазу бақыты біз пақырыңызға бұйырған.
Айтпақшы, біздің взводымызда Хабар өлкесінен, Краснояр, Норильск жақтан алынған орыстармен қатар екі-үш долған, бір-екі олған, бір-бірден, немесе екі-екіден дегендей бурят, саха, нанай, ненец бартұғын. Долғандар мен олғандардың он сөзінен екі-үш сөзі, сахалардың он сөзінен төрт-бес сөзі біздің қазақшаға келіп-ақ тұрады. Тәңірді тэнгри, дүкенді – дукэн, азық-түлікті – тулэк, қызды – қыз, қымызды – қымыз деседі. Әрине, буряттарды, нанай мен ненецті түсіну қиын-ақ...
Арада апта өтпей-ақ Агата Аксеновадан жауап келді. Ойпырмай, жазуының ғажабын-ай! Шын маржандай тізілген деп соны айтар болар. Шынайы мөлдір деп Байкалды айтатынымыздай ғой. Әр сөйлемінен бөлекшелеу білімі байқалады. Әр сөзінен өзгешелеу дүниетанымы аңғарылады. «Забайкалье жастары» газетінен біліп алғанбыз дә, орта мектепті бітіріп, екі жыл қой өсіру кешенінде еңбек етеміз деп үндеу қабылдаған. Қойға қарап, қозы ойнақтатып жүргендеріне екінші жыл екен. Ал, мына Агатаңызды қой бағады деп қалай ғана айтарсың?! Қолы (жазуы) – мынау, ой-өрісі – анау! ҚазМУ-дің филфагіненбіз деп жүрген мына біз пақырыңызды Забайкалье өлкесіндегі шоң шоқының түбіне тастап, өзі тү-у биіктен жайбарақат қана қара-а-а-ап отырғандай. Газеттен қиып алып, «армейский альбомға» жапсырып қойған суретіне қайта-қайта үңілеміз-ай келіп. Агатаның хатын, әрине, өзгелер де оқыды. «Қойға қор болған қарағым-ай!» – дейді хат жазу пешенесіне бұйырмаған қазақ дос. «И-и-и, маған көнсе, Алатооға алып қайтар эм», – дейді қырғыз бауыр. «Бұл өзі буряттарға ұқсамайды-ей, қазақ емес пе екен?» – дейді қазақ дос. «Ой, қазақтар-е-е-ей, а бәлкім, қырғыздың қызы шығар ол?!» – дейді бішкектік бауыр.
Отыз шақырым деген де ол кезде оңай жер емес, сұранбай кетуге болмайды. Дегенмен, рұқсат та алынып, темір көлік те табылып, Ағын-бурят ұлттық округіне, Агатаға барып қайтуға мүмкіндік туды. «Бізден дұғай да дұғай сәлем айт,» – деді қазақ дос. «Бетінен сүймей қайтпағын», – деді қырғыз бауыр. «Таптал-таптал, жолдас кэмэндир!» – деді саха інішек. «Таптал» дегеніңіз сахаша «махаббат» қой!
Агата Аксенова – жайғана қатардағы шопан емес, комсомол-жастар бригадасының білдей басшысы. Әрі ресмилеу түрде, әрі еркелей билеп жүретін, еркелей сөйлеп-күлетін көңілді күйінде қарсы алды. Біз пақырыңыздың иығымыздан келетіндей бойымен қатар жүріп, сержанттық погонымыздың шетіне бір-екі мәрте қап-қара шашын тигізіп, бүкіл кешенді (ол кезде комплекс дейтінбіз) аралатып шықты. (Біз пақырыңыздың бірқатар шығармамызда қыздың еркелеп қана жігіт иығына басын қисайтуы жиірек кездесетіні осыдан болса керек). Әскери батальонның өкілін (біз ғой) біраз-біраз басқа да қыздар қоршап жүрді. Қайтарда қырлауыттау беткейі орта бойлы аққайыңға толы төбенің басына екеуміз ғана көтеріліп, бір-екі сағаттай тілдестік. Тілдесу аса жылы шырайлы жағдайда басталып, қой шаруашылығы, мал төлдету, қошақандарды үсітіп алмау, комсомол-жастар тұрмысы сөз етіліп, бірте-бірте жаңа кинофильмдер мен кітаптар жайына ауыстық. Кинофильмдер жөніндегі пікір жарысында шамамен тең түстік. Орыс әдебиетінен кібіртіктеңкіреп, ал енді ҚазМУ-дің бірінші курсында үш ай оқып тастағанымызға қарамастан, шетел әдебиетінен шоқырақтап қалғанымызға қызардық.
Тіл мәселесіне келгенде ғана сәл-пәл алға шыққандай болғанымыз есімізде. Агата қызыңызбен айнала-төңіректегі долғандар мен олғандар, сахалар мен нанай-ненецтер туралы әңгімелестік. Бірақ ол «Агинско-бурятский» дегенді тереңірек түсіндіре алмаған. «Мен сен сияқты филолог, лирик емеспін, физик боламын», – деп қойып, ядролық физиканың кереметтерін тізіп кеп-кеп бергенінде, біз аузымызды аңқитып қалғанбыз. Әдейілеп: «Сен буряттарға ұқсамайсың», – дейміз біз. «Енді кімге?» – дейді ол. «Біздің Алматыдағы қыздарға, қазақ қыздарына ұқсайсың, – дейміз біз. – Қазақстанға жүрсеңші, сонда оқисың». Ол орта бойлы аққайыңға сүйеніп, еркелей күледі. «Әлі уақыт бар ғой, ойланармыз», – деп қояды. «Шынында да сен бурятқа ұқсамайсың», – дейміз біз тағы да. «Мен «ағын-бурят» дегендегі ағын қызымын ғой, – дейді ол. – Бірақ, бәрібір, бурят боп жазыламыз біз...»
Ағын қызы Агатаға және бір мәрте барудың сәті түскен.
Одан кейін күтпеген жерден көшірді де жіберді. Бізді. Біржолата. Алты жүз шақырым алысқа. Агатаға талай рет хат жаздық. Талай мәрте хат алдық. Ол Байкал мөлдірі секілді көгілдірлеу, тор көзі тымықтағы толқын тәрізді әзер бұлаңытып, сезіміңді қытықтайтын ғажап қағазға ғана хат жазатын. Оның маржан-жауһар жазумен көмкерілген хаттарын үйленгеннен кейін келіншегімізге көрсетіп, әдейі көзінше жыртып тастадық. Обалы не керек, келіншегіміз: «Сақтамайсың ба, қайта?» – деген. Қазір сақтамағанымызға өкінеміз. Бертініректе зайыбымыз сәл-пәл біртүрлі болар сәттерінде Агатаны, т.б. еске түсіріңкірегенде бар ғой, керемет жазушы, әйелдер тақырыбының тапқыр шебері Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір ғана махаббат» деген әдемі әңгімесі көмекке келіп, құтқарып жіберер еді.
Әскерден оралып, оқуды тәмәмдап, аудандық газетте істеген алты жылда да, облыстық газеттегі он жыл, он айда да редакторлар: «Шопан қыздардың комсомол-жастар бригадасы туралы материал керек, қайсың барасыңдар?» – десе, елден бұрын елп ете қалар едік. «Алтын арай», «Самал», «Жұлдыз», «Таң нұры», «Аққайың», т.б. және т.т. деп аталатын, кілең қыздар еңбек ететін кешендерге кете баратынбыз жүгіріп, желе-жортып. Репортаждар, очерктер, немесе шопан қыздардың атынан авторлық мақалалар жазатынбыз. Әр кешенге барған сайын еркелей сөйлеп, еркелей билеп, ағын қызы Агата алдымыздан шыға келетіндей көрінетін.
Кейініректе біз «Тобылғы гүлденгенде» деген повесть жаздық. Қым-қуыт өмір-ай, күйбең тірлік-ай, десеңізші, Ағын-бурят ұлттық округіне, Байкалдың арғы жағына бір рет барып қайту арман күйінде қала берді. Өзіміз бара алмаған соң, әлгі повестің кейіпкері Наурызды апарып қайттық қиялмен. Әрине, онша ойдағыдай шықпады. Кейін ол повесті сәл-пәл жөндеп, «Дос пейілі» деп өзгерттік. «Күн астындағы Күнікей қыз», «Уран ұрған» дейтін әңгімелерімізде де сол бір аяулы аймақ табиғаты мен қыздарының, әсіресе Агатаның бейнесі баршылық.



* * *

Мінекиіңіз, енді газеттен сол Ағын-бурят ұлттық округінің де келешегі күмәнді, бір ауданға немесе облысқа біржолата сіңіп кете баруы мүмкін деген мәселе тұспалданған мақаланы оқып, жүрек шіркіннің шым ете қалғанын қараңызшы... Шымкентте отырып-ақ.
Қайда жүр екенсің, ағын қызы Агата?!
Сені алпыстан асып кетті-ау деуге қалай қиямыз, алыста қалған аққайың...
Қайран Байкалдың тұнығы лайланып, мөлдірі мұнарланбады ма екен?
Айтып та айтпай не керек-ай, ұлтыңның тағдыры не болар?!

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу