Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

САҒЫНЫШ САЗДАРЫ


                                    1. ЖАМПОЗДЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫ

      Жетпіс төртінші жылдың қараша айы сызды, жаңбырлы боп басталған. Сол тұрпатынан танбады. Шымкент қабақ шытынып, жарық тартпай қойды. Күнімен тынбаған жауыннан кейінгі ыбылжыған ымыртта облыстық газеттің ойпаңдағы опырайған үйіне су кіріп кетті.
      Алқа мүшелерінен басқаларымыз жабыла тазалап, құрғатып бола бергенімізде, бастықтың іздеп жатқаны мағлұмдалған. Ылғал тартып ылбыраған көнетоздау күртешені жүре шешіп, кең кабинетіне кірсек, бес- алты ығай-сығай саналатын алқа (редколлегия) мүшелері отырыпты. Бас редактор келесі күні шығатын беттен бас көтерер емес. Қалғандары түгел бұрылып қараған.
    Жалдап тұратын жатаған пәтеріміздің сыз бүріккен бөлмесін ойлап қойып, тереңірек күрсіндік. Үйдің хабары шығып, қуантқалы шақырды ма дегендей дәме де жоқ емес-ті.
      – «Восход» мейманханасында біраз күннен бері Бауыржан Момышұлы жатыр екен. Естуімізше ешкім жолап, жақындай қоймаған сықылды, –  деді бас редактор Әмірсейіт Әлиев басын уақытша ғана көтеріп, көзін уқалап қойып. –Жаңа обкомнан хабарлады. Қысқаша интервью ұйымдастырып, көңілін аулау керек... Қайсың барасыңдар?
    Үнсіздік орнады.
      –  Данышпан барат та, – деді бірінші орынбасар оң аяғының тізесіне алақанын қойып, дірілдетіп отыратын әдетімен.
      – Неге мен барам? Сендердің тоқпақтарың аздай, енді Бауыржанның боқтағанына қарық қылмақсыңдар ма? – деді бас редактор мен оның орынбасарларына құрдас, бетбақтырмас бөлім бастығы, Данышпан атанып кеткен Уәлихан Темірбеков ағамыз.
       – Байқаймын, бәрің баруға қорқасыңдар. Жайшылықта ғой жаужүрек сықылдысындар. Жаңадан келген жас жігіттер жасқанбайды, солай ма? –  деп жымиды Әбекең жабығыңқырап отырған біз жаққа қарап. Одан әрі «мен айтарымды айттым» дегендей бетке (жаңа нөмірге) шұқшия үңілді.
Жаңбыр сызынан жаураған жон арқамыз табан астынан терлеп қоя берген. Бауыржан батырыңыздың кім болса соған сұхбат бермейтінін, жақтырмаса қуып жіберетінін жиі еститінбіз. Рас-өтірігін кім білер, неше алуан әңгімелер желдей есетін. Бас тартпақ қиын. Баруын барып, сөйлесе алмай қайтсаң, одан бетер масқара. Облыстық газетке ауданнан ауысқанымызға көп уақыт өте қоймаған.
      Алқа құрамындағы ағатайлар ахуалымызды аңғарулы. Мысқыл түртіңкіреген миықтар, сынаңқырай рахаттанған көз қиықтар.
       – Ұрсатыны анық. Ұрса да көтересің. Талай майқанасына төтеп бергенбіз. Қашанғы біз барамыз. Оның үстіне осы жылдары мінезі жүдә қиындап кетіпті деп жүр ғой, – деді Данышпан көкеміз.
      – Кімнің кім екенін, білім-білігін бірден байқап қойып, содан қырсығатын көрінеді,  – деді екінші орынбасар.
       –  Шошыта бермеңдер енді. Түнімен әзірлен. Таңертең барып, интервью ал. Көп емес, жүз елу жол. Түс қайта мәтіриәліңді өткіз. «Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында» деген бетке саламыз, – деді бірінші орынбасар.
  Қараңғылық қоюланып барады. Қарашаның қар шақырар жаңбыры қайта басталды. Қалың жұртпен  таласа-тармаса троллейбусқа әзер ілігіп, жалдап тұратын пәтерімізге асықтық.
   Алға озыңқырап айта кетейік, сол жүз елу жолдық сұхбат та жарияланды. Одан кейін он жыл өткенде қайта оралып, тағы да бір мақала мақамдағанбыз. Бәрібір, ол екеуінде де біраз нәрселерді бүгіңкіреп қалғанбыз. Уақыт солайтұғын. Бұл жолы қойын дәптерімізге  жүгіне отырып, толығырақ баян етсек дейміз.
   Бас редактор мен алқадағы ағаларымызға айта алмадық, алайда, Бауыржан Момышұлын екі күн бұрын бір досымызбен бірге күтпеген жерден көріп, сырттай «танысып» үлгергенбіз. «Восход» (осы күнгі «Ордабасы») мейманханасының жанындағы мәжнүнталдар көмкерген алаңда кетіп барады екен. «Бауыржан! Анаң қара! Анаң қара! Бауыржан Момышұлы!» – деді жанымдағы инженер досым. – Сарыағашта емделіп жатыр деп естіп ек. Шымкентке соқпай өтпейді деуші еді. Сол! Сол кісі! Жүр, жақынырақ барып көрейік!».
     Баукең алаңның шетіне қарай жүрді. Оң қолымен таяғына сүйене ақсаңдай басып, сол қолымен трубкасын жүре ұстап, түнере түтіндеткен күйі «Арал» ресторанына қарата беттеді. Өткелдің тақтайын таяғымен тық-тық ұрды. Жанына  жақындауға жүрексіндік. Қашық та емеспіз. Түр-тұрпатына онша көңіліміз толмады. Кәдімгі көп шалдардың бірі секілді ме, қалай дегендей күдік кірді. Сақал қойыпты. Онысы өсіңкіреп кетіпті. Шашы да ретсіздеу, ұйпа-тұйпалау тәрізденді.
Жападан-жалғыз жүргені жараспайтындай.
      Қайтадан үңіліңкірей түсеміз.
Бәрібір, Бауыржанның аты Бауыржан!
Бүгіліңкі. Еңсесі еңкіштеу. Сонда-дағы сұс бөлекше, сес ерекше. Жаңа ғана біртүрлі көрінген бой-басын дүр сілкіне тіктеп алып, «Аралға» қарата  қадам басқан.
     Алғашқы «танысуымыз» осылай еді.
Енді сұхбаттаспаққа кеп тұрыппыз. Есігі жартылай ашық. Дабыр-дұбыр дауыстар естіледі. Бөлменің төр жағындағы төсекте Бауыржан Момышұлы жамбастаған күйі кітапқа қолтаңба жазып жатты. «Ассалаумағалейкүм», деген үніміз құмығыңқырап шықты. Естіді. «Сен кімсің?!» дегендей жақтырмай жалт қарады да, жазуын жалғастырды. Жүрек шіркініңіз су етті. Екі орындықта және еденде отырғандармен қол алыстық. Баукеңе жақындадық. Қолын ұсынып, тұманыта көз қадағанда қатты қуандық.
  Кезекті кітапты иесіне ұсынды. «Маған да жазып беріңізші, аға. Бауыржан деген балам бар еді. Шардараданбыз. Шымкенттің  комбинатына мал әкеп едік»,  – деді  шикіл сары, толық жігіт. Етжеңділігінен-ау, етігіп, салқын бөлменің өзінде терлеп-тепшіп отыр. «Қостан шыққан өгіздей солықтайсың. Из ресторана «Восход» что ли? Или из «Арала»? – деді Баукең оған ежірейе қарап.
     —  Иә-иә. Әбет жасап ек. Сол жерден естідік қой сіздің осында екеніңізді. Бауыржан деген балам бар.
      — Тамақты шамаңа қарап іш. Ит екеш ит те сүйекті бір жеріне өлшеп жұтады, білдің бе, Бауыржанның әкесі! — деп  кеңк-кеңк күлді Момышұлы. Сары жігіт желкесін қасыды. Баукең: «Нөмірі Н-інші Бауыржанға №1 Бауыржаннан», — деп жазды.  
     —  Ты кто? – деп біз жаққа бұрылған. Газеттің тапсырмасымен келген  тілші екенімізді, үш-төрт сұрағымыз бар екенін мәлімдедік.  
     Ол кісі орнынан тұрып отырды. Сақалын сипады. Салалап. Онша жараспайды. Әлде бізге солай сезілді ме, кім білер. Сақалын аса қадірлейтіні, салалап сипағанды жарататыны аңғарылады. Алайда, ебедейсіздігі де байқалып қалады. Біздің ауылдың ақсақалдарына ұқсаңқырауы сәл де болса  батылдандырайын дегендей. Сауалдарымызды саптай тізіп үлгердік.  
— Корреспондент екенсің ғой? — деді Баукең басын көтеріп. Жүзі онша жылымады. Бөлмедегі шардаралық жігіттердің шыққысы жоқ. Қолтаңба қойылған кітаптарын қолтықтарына қысып, кино қызықтағандай аңқайысады.
     —Біле-білсең,– деп сұқ саусағын сұстана шошайтты Момышұлы, —  корреспонденттердің көбі — ақымақтар! Білдің бе, ақымақтар! Интервью алғалы келсең, жаз! Сен, жөндеп жаз! Әр абзацтан кейін маған оқып бересің! Білдің бе? Жаз: «Корреспонденттердің көбінің ақымақ болатыны – халықты алдайды. Шындықты жазбайды. Бояйды. Оқырмандарды сыйламайды. Өтірікті судай сапырады. Сен қандайысың?! Аһ?!»
«Шіркін-ай, мына мәз боп, «кино көріп»  отырған шардаралықтар шығып кетсе екен. Сонсоң не айтса да, қалай ұрысса да, тіпті қуып жіберсе де мейлі еді», деймін ішімнен. Қиналысымды сезгендей қолтаңба алушылар қоштаса бастады. Олардан құтылып, оңаша қалдық. «Аға»,—деп Ұлы Отан соғысының отыз жылдығы туралы  алғашқы сұрағымды қойдым. Ол кісі ашу шақырды.
      —  Какой тебе аға ?! Я тебе — ата! — деді даусын көтеріп.
       Бір сәт үнсіздіктен соң: «Біздің ауылда әкесінен үлкенді ата, әкесінен кішіні аға немесе көке дейді», деп күмілжідім.
      — Баукең бұрылып қарады. Қабағы ашылмады. Бірақ, бір жалтыл жүгіріп өткендей жанары жылуарланды.
      — Жаз! — деді Баукең. — Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталап айтамын. Қайталаудан жалықпаймын. Қайталау керек! Фашистік Германияны жеңуіміздің мерекесі—үлкен мереке. Бұл —  ең ұлы мереке! Бұл жеңіске қазақ хақы аз үлес қосқан жоқ. Біздің халқымыз — батыр халық. Ұлы Отан соғысына қазақ халқы абыроймен қатысты.
      — Жаздың ба? Оқы! —дейді  Момышұлы. Оқимын. Кейбір жерін дұрыс жазбасаңыз, немесе үлгере алмасаңыз, қайтадан қайталайды, түзетіп жаздырады.
— Среди советских народов в смысле  жертвоприношения первое место занимает Украина, исторически известно, что фашисты прошли всю украинскую территорию с боями. Немцы наступали и отошли от территории Украины, а сколько жертв и катастроф — известно одному богу. Второе место в смысле жертвоприношения занимает Казахстан, несмотря на то, что Казахстан находился от Европейской части России за несколько тысяч километров. Это – исторический факт. Я это заявляю официально, как полковник генерального штаба...Жаздың ба? Оқы!
— Мен ешқандай да батыр емеспін. Менен он есе, жүз есе батыр боздақтар, небір бозым жігіттер құрбан болды. Шейіт кетті. Білдің бе? ! Ер намысы — ел намысы. Жігіттердің көбі атасының күшін, анасының сүтін ақтап, елін өрге сүйреді. Халқымның, елімнің намысына дақ түсірмейін деп шайқасты. Ар мен намыс бізді алға бастады. Адамгершілік пен адалдық темірқазығымыз болды. Білдің бе? Жаздың ба? Оқы! Қандай сұрағың бар? Соғыс туралы мен кеш батып, таң атқанша айта беремін...
    Баукең сәл мызғып кеткендей  еді. Қайтадан көзін ашып, сүзіле қарады. Ыңыл әуенге салып бүй деді:  «Мен қазақпын, жаралған сүйек-еттен; Менде ар бар, менде ой бар жан тебіренткен. Халқымның қарапайым бір ұлымын; Жанымды арым үшін құрбан еткен. Найзадан қол босаса, қалам алдым; Толғанып, оқиғаны көп ойландым. Тырмысып әл келгенше көргенімді; Жалтақтамай, именбей ашық жаздым». Жаздың ба? Оқы.
      — Мен саған көп цифрларды айта аламын. Ал, сен, корреспондент, маған бір цифрды айта аласың ба? Жауға атылған әр оқтың нешеуі менің Шымкентімнен шыққан? (Ия, ол кісі сонда тап осылай, «Менің Шымкентім» деген). Аһ?! Айтшы. Осының өзін сендердің әрқайсың әртүрлі жазып жүрсіңдер. Ең болмаса, осы цифрды дұрыс жазу керек қой! Ал менің мына Шымкентке неге келе беретінімді білесіңдер ме? Аһ? Бұл — менің Шымкентім! Мен осында оқыдым. Осында өстім. Өндім. Шымкент — менің өз ауылым. Я не, бездельничаю. Меймандықта жүрген жоқпын мен. Я работаю! Жұмыс істемесең, өмір сүрудің қажеті қанша?! Сарыағашта да жұмыс істедім. Шымкентте де бірнеше күннен бері жатырмын. Жалғыз өзім... Жазбаша емес, ойша жазып жүрмін. Шымкентім ойымды қаттырақ қозғайды. Білдің бе?! Алматыға барып, қағазға түсіремін. Кәне, сен не деп жаздың? Оқы!
      — Мен Ұлы Жеңістің отыз жылдығына арнап интервью беріп отырмын. Солай ғой? Демек, Иван Василевич Панфилов туралы айтпай қала алмаймын. Білдің бе? Панфилов дивизиясы нағыз қиын-қыстау кезеңде батырлықтың, ерліктің, ар мен намыстың, патриотизмнің, халықтар достығының үлгісін көрсетті. Ерліктің ғана емес, достықтың үздік үлгісі! Қарағым, мынау есіңде болсын. (Қарағым дегенін  алғаш рет естіп тамағым булыққандай). Қайталап айтамын. Қайталау керек. Панфиловтың дивизиясындай достықтың дивизиясы сирек. Бүкіл адамзаттың прогресін ерлікпен, достықпен  қорғады Панфилов дивизиясы. Иван Васильевич өте кішіпейіл қолбасшы еді. Қарамағындағыларға, шені кішілерге де әдеппен сөйлейтін. Кіші офицер кезімнің өзінде мені қолтықтай жүріп әңгімелесуші еді. Панфиловтың, сондай үлкен қолбасшы генералдың қызы да майданның алғы шебінде медсестра болды... Білдің бе? Жаздың ба? Оқы...
Баукең тағы біраз үнсіз қалып, қалғып кеткендей. Баяу ғана көзін ашқан соң кезекті сауалымды қойдым. Ол сол кездегі сәнге сәйкес ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық, «ауыл жастары мен қала жастарына қалай қарайсыз» деген секілдітұғын.
       — Ақтайлақ би: «Жалаң аяқ, жалаң бас; Жарға ойнадың сен он бес. Қызыл шекпен желбегей; Қыздар сүйген жиырма бес. Жалаулы найза секілді; Жалаңдаған отыз бес», демеп пе еді, қарағым, — деді Баукең. — Қала  жастарынан гөрі ауыл жастарын жақсы көретінімді жасырмаймын. Осы жазда біздің ауылда, шарбақтың ішінде үш жүз елу адам қатысқан үйлену тойы өтті. Менің бір немеремнің тойы. Бастан-аяқ болдым. Сүйсіндім. Ауыл адамдарының, ауыл жастарының салт-дәстүрге  беріктігі, әндерінің әдемілігі, әдептерінің жарасымдылығы, ынтымақ-ықыласы шүкіршілік дегізді. Сол тойда қызып жүрген бірде-бір жасты байқамадым. Ал қалада... Жә, жарайды, жаздың ба? Оқымай-ақ қой. Қалада көшешіл, секеңшіл жастар көбейіп барады. Дайын асқа тік қасық болғысы келетіндерді, еңбектенгісі, бейнеттенгісі жоқтарды жек көретінімді жасыра алмаймын. Ауылдың жастары жұмысқа икемді. Өз ауылыма жылына екі мәрте келемін. Құры босқа сандалып жүген жастарды көрмеймін. Бәрі бейнеттеніп жүреді... Айналайын, қарағым, маған шәй әкеп бересің бе?..
         Ауылдың қариясынан айнымайтындай. Даяшы зыр жүгірді: «Өзіміз де бір хабар алсақ, шәй апарып берсек деп ойлағанбыз, тарс есімізден шығып...» Бір шәйнек шәй әкеп, бір шыныаяқ құйып бердім. Осы өңім бе, түсім бе деп те қоямын. Бауыржан Момышұлы... Бір бөлмеде өзі ғана, ешкімнен ештеңе күтпей, міндетсінбей, әлдебіреулер секілді айрықша сый-сияпат, сән-салтанат дәметпестен, Шымкентінің көрінісіне  ынтыға қарап, қантсыз шәйді рахаттана ұрттайды.
      Сәлден соң өзінің  ұлы Бақытжанды бала кезінде ауылына жиірек жібергенін, мұнысы өте орынды болғанын, жалпы қазақ баласы ауылға жақынырақ жүрмегі, табаны топыраққа көбірек тимегі керектігін, мүмкіндік туып жатса, атқа мініп, аталардың ақ батасын, әжелердің ертегісін тыңдап өсуі керектігін әңгімелеп  отырды. «Жаздың ба?», «Оқы!» деген  қатқылдау бұйрықтары мен сұрақтарын ұмытты.
  Жазушылық пен ақындық, қазақ әдебиетінің сол кездегі хал-ахуалы хақындағы сауалымыз қаламгерімізді қайта қатқылдандырып жіберді. Сазарып алды. Жанары суық тартып сала берді. Шәй құйылған шыныаяқты төңкере ұрттап, шиыра лақтырды. Сыртта кенет жел көтеріліп, мәжнүнталдарды майыстыра, ұйтқи соқты. Суыл естілді. Ол орнынан тұрып отырып, жастығын биіктетті. Жақтырмай жалт қарап, түйіле қадалды. «Әй, ақымақ корреспондент-ай, әдебиет туралы сұрақ қойып, сауал тастап нең бар еді? Жауынгер жазушыларыңның жанды жеріне тигің келді ме? Әдебиетте нең бар сенің? Бәрібір толық жауап ала алмайсың ғой. Бірлі-жарым айтқанымның өзін жарытып жаза алмассың. Жазғаныңмен, жарияланбас. Неменесіне менің де, өзіңнің де басыңды қатырасың?» дейтіндей.
— «Өзім батыр, жазушы атағым бар; Көп қатын алды деген шатағым бар...» деді Баукең. Мағжанды білесің бе? Мағжан Жұмабаев  деген ақынды естуің бар ма? Білмейсің ... (Осы  жерде Баукең бір-екі шумақ өлеңді әуенге салып, ыңылдап айтты. Бірақ бізге  жаз демеді. Оқы да демеді.Мағжан Жұмабаевтың шумақтары екенін сезгендейміз). Міне, өлең  деген  өнер осылай жаратылса керек-ті. Әдебиет дейсің бе? Қазақ әдебиеті дейсің бе? Қазақ әдебиеті дегеніміз — Абай. Қазақ әдебеиті дегеніміз — Мағжан. Мұхтары, Ғабиті, Тахауиі мен Әбдіжәмілі  бар  әдебиет — бақытты әдебиет. Біліп қой! Бірақ, бәрібір, жалған жазатындарды жаным жақтырмайды! Білмей, көрмей, сезінбей сілтейтіндерді жазалағым кеп тұрады! Мен шешуші-шешуші екі жүз жеті шайқасқа қатысқан адаммын. Жеңіл-желпілерін есептемегенде, жеті жерден ауыр жараландым. Сол жетеуінің бірінде жағдайым жақсара қоймады. Емделуге, азырақ демалуға елге жіберді. Елде де қарап жатқым келмеді. Мұхтар Әуезовтің әсерімен және тікелей ұйымдастыруымен академияда алты күн бойы әңгіме өткіздім. Сонда мен басқа мәселелермен қатар әдебиеттегі шынайылыққа да тоқталғам. Ерліктің өзін өтірік  бейнелейтіндерді аяусыз сойып салғанмын. Ерлік шынайы жазылмаса, ол халықтың қасіреті екенін ескерттім. Егер майдандағы қазақтың бозымдарын, қыршын жастардың қан төккенін, қалай соғысқанын жазбасаңдар, тарих сендерді дарға асады, дегенге дейін бардым. Себебі, сол кезде өтірік жаза бастағандар, білмей жаза бастағандар көбейген... Біліп қой, сен сияқты корреспонденттер де жалған жазуларымен жынымды келтіретін. Мысалы, генерал Панфиловтың қалай қаза тапқанын көп-көп корреспонденттер көріп тұрғандай жазғысы келген. Бірақ, бәрі өтірік бейнелейді. Қалай жының қозбайды?! Оларды жалған жаз деп біреу зорлап  тұр ма?! Бірталай газеттер тілшілерінің  жазуына қарағанда Панфилов ауыр жараланып,  өлер алдында да : «Отан үшін, алға!» немесе «Ура, жолдастар, алға!» деп кезекті айқасты бастапты-мыс. Бұл — нағыз өтіріктің көкесі! Менің қолбасшымның, сүйікті генералымның жүрегіне мина жарықшағы келіп қадалады. Өлер алдында генерал өз жауынгерлерінің жабыққанын сейілткісі келіп: «Я буду жить!» деген. Сөйтіп, жан тапсырған. Көркем, шығармаларда да соғысты, ұрысты, ерлікті, жауынгерлер әрекеті мен психологиясын жазуда жалғандыққа жол беретіндер көп. Тек соғысты ғана емес, жалпы өмірді бейнелеуде өтірік–кешірімсіз! Өтірік жазатындар — әдебиеттің опасыздары! Жаздың ба? Оқымай-ақ  қой! Мен шаршадым. Демаламын. Келгеніңе рақмет . Тағы да шәй әкеп беріп кет. Әйтпесе, қыздарға айтсаң, сенсіз- ақ жеткізеді.
  Шәй әкелдік. Құйып беріп отырып:
     — Аға, ешкім келіп жүрген жоқ па? Жалғыз бола бересіз бе? — дедік-ау өзімізше батылданған болып.
Баукең қаһарланды тағы да. Тілімізді тістедік.
     – Немене, жалғыз қорқады дейсің бе?! Сарыағашқа да жалғыз барғам. Шымкентке де жалғыз келгем. Жалғыз жатырмын. Жалғыз жүрмін. Өзімнің Шымкентім. Өзімнің ауылым. Анау Сыпатаев мектебінде оқығам... Ертең бе, бүрсігіні ме қайтамын. Жуалыға. Жалғыз... Одан ары Алматыға. Жалғыз. Омар Һәйәм: «Не боса соны жегенше — аш жүр; Кім боса сомен жүргенше — жалғыз жүр», дейді. Білдің бе? Абай атаң жалғыздық туралы не деген? «Атадан алтау; Анадан төртеу; Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп; Айтамын ептеп; Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының; Жалғыз қалдым — дәп шыным!» деген! Білдің бе?!  
Бауыржан Момышұлы ағамыз төсектен тұрып, терезе алдына барды. Қарашаның күңгірттеу күні алабұлттана ашылып келе жатты. Алыстан Алатаудың  бір қиық шыңы мен Қазығұрттың  қоңырайған қос өркеші көрінді. Тауға қар жауыпты. Ауа райы енді оңалар. Момышұлының екі иығы тең секілді.  Еңкіш емес. Шашы да артқы жағынан шудаланбай, тікірейіп көрінетіндей. Бірақ, бәрі бір, ол кісіні бір мұң орап тұрғандай. Омар шайыр мен Абай хакімнің жыр жолдарынан кейін, өзінің сөздерінен соң жалғыздықтың әлдебір әуені дүн-дүниеңізді түгелдей торлап алғандай.
Екі бірдей алып ақыныңыз-дағы  жалғыздықтың  бергі жағын ғана айтқандай көрінеді емес пе? Үстірттеу ұғынсаңыз. Шынтуайтында, жалғыздық ұғымының мәні мен мазмұны тым-тым тереңде жатқанын меңзейді емес пе? Сол екі данышпанға үнсіз ғана елітіп, Алатау мен Қазығұртқа қарап қалған орасан ойшыл ағамыз нендей күйде тұрды екен сонда?!
  Екі күннен соң автобуспен жалғыз қайтты деп естідік.Жуалы жаққа.


2. ЖАЙДАРМАННЫҢ ЖАНАСЫМЫ

Тоқсан бесінші жылдың ақпан айында жайдарман мінезді жазушы, ақын әрі сазгерлігі де бар Тұтқабай Иманбекұлы кенеттен қайтыс болды.
  Мен оны кейде Жайдарман деп атайтын едім.
  Жайдарман. Осындай ән де бар емес пе? «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» қарасаңыз, «жайдарманды» ақ көңіл, жарқын жүзді, жайдары деп таратады.Тұқаң тап сондай адамтұғын.
    Тұтқабай Иманбекұлы сол ақпанның аяздылау, алайда ашықтау күнінде Кеңсай зиратында топырақ томпайтқан. Кеңсайда қазақтың небір жақсылары мен жайсандары жатыр. Жайдарман ағамыз жатқан жерден Баукеңнің — Бауыржан Момышұлының бейнесі көрінеді екен. Тұтқаш көкемізді Жер-Анамыздың қойнына тапсырып тұрып, қолбасшы қаламгеріңіздің, ұлтының намыс туына айналған аңыз-ағаңыздың ескерткішіне қарағанымызда, ол кісі інісіне сұстана қарап: «Әй, сен бала бұл жаққа неге сонша асықтың, а-аһ?!» — дегендей сезілген.
  Жайдарман жазушыңыз, ақжарылқап ақыныңыз, сезімтал сазгеріңіз Тұтқабай Иманбекұлы Баукеңнің «Ұшқан ұясын»  тәржімалаған-тұғын. Сол Тұқаңның ең соңғы шығармасы — драмалық эссесі де Бауыржан Момышұлына арналды. Бірақ ол туынды автордың көзі тірісінде жарық көрмеді. Жарияланбады. Бір-екі театрға ұсынғанымен, сахнада қойылмай қалды.  Сол драмалық дүние «Ұлағат ұясы» деп аталатын. Тұқаң «Ұшқан ұяны» аударып, аса қатты берілгені, ерекше елтігені соншама,  бірер жыл бойы Баукеңе ұқсағысы келіп, сол кісіше бата бергісі келіп, Момышұлынша мақамдатқысы келіп, мақалдатқысы келіп жүруші еді. Әсіресе, Баукеңнің өз сөздерін, мақалдар мен мәтелдерге бергісіз қанатты қағидаларын жатқа айтып кеп-кеп жөнелгенде, талайларды таң қалдыратын. Мәселен, былай деп, Бауыржанның өзі ғана емес, әкесі Момышұлының батасын беретін: «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық  үшін күрессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға».
   Кезінде Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұясы» туралы түрлі- түрлі әңгіме айтушылар болмай қалған жоқ. Баукең туралы әр жылдарда нелер айтылмады дейсіз?! Қазір ғой, неғұрлым көбірек айтылып, көбірек насихатталып, Баукеңнің өзінің һәм ондаған томдары жарық көріп, асыл мұралары мен хаттары жиырмалаған томдарға сыймай, асып-төгіліп, «Көз алдымда  бәріңсің...» сияқты туындылары «Жамбыл», «Жұлдыз» журналдарында жарияланып, жеке кітап болып шығып жатқаны. Ал бір кездері басқашалау болғанын бүгінгі жұрт, әсіресе, жастар жағы онша біле бермейді. «Ұшқан ұяны» аударған Тұтқабай Иманбекұлы да талай-талай ескертпелер естіген.  Ауыр-ауыр айыптауларға арқасын тосқан.
  Біреулері шықты: «Сен «Ұшқан ұяны» мүлде өзгертіп, өңдеп-жөндеп жібергенсің, өз өрнегіңе икемдеп бүлдіргенсің. Момышұлының стилі сақталмаған», деп. Екіншілері керісінше кергіді: «Аудармаға өз туындыңнан бетер жауапкершілікпен қарау керек еді. Жүдеулеу жерлері бар екен,  құнарландыра, халықтандыра, көркемдей түсу керек еді», деп. Жайдарман жазушыңыз тым-тым нәзік жүректі-тұғын. Қатты қиналды. Қорғансыздығын білдіріп алды. Сыртынан күліп, келемеждеушілер табылды. Түптің түбінде «Ұшқан ұя» өз бағасын алды. Оқырмандар өте жылы қабылдады. Бауыржан Момышұлының табиғатына тән, туып-өскен топырағының құйқалы құнарына тән, қаламның қарымына тән, ойшыл, дана да дарынды қаламгерге, халықтық, ұлттық  әрі заманауи заңғар қолбасшыға тән туынды ретінде қадірленді. Автордың да, аудармашының да еңбектері еленді. «Ұшқан ұя» жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Терең текті туынды ретінде төрден орын тиді.
      Бертінірек Тұтқабай Иманбекұлы сол мақалдата мақамдатуын үдете түскен. Бауыржаннан бастап, өзге де ақын-жазушылардың афоризмдерімен айшықтап, бұрынғы өтіп кеткен билер мен шешендердің асыл мұраларын талмай насихаттауға көшкен. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Жазылмаса, дерт қиын; Іске аспаған серт қиын. Ақылыңнан адасып; Өзің түскен өрт қиын», дегенін қырағаттағанда, неше алуан тағдырды бастан кешкен қариялар жағы «аһ» десер еді.
   Бірте-бірте Тұқаңның өзі де «Өнеге сөз — өрісің», «Ағайынға — ақ бата» атты қос кітапшасын бірінен соң бірін ұсынған. Баяғыда, жас кезінде, әлі ақындық албырттығы бәсейе қоймаған жылдарында «Бұлақ күліп ағады» деген жыр жинағы жарық көрген. Сол кітабында: «Халқымыз жақсылықтан өрнек салып; Өссін депті өмірде ер мақтанып. Жайдақ жерге жанары тояттанбай; Дүниеге көз салған өрлеп барып», деуші еді ғой. Сол шумақты «Ағайынға — ақ бата» кітабына эпиграф етіп алған.
«Құрдасыңа қуаныш бол; Сырласыңа сынық бол; Жылағанға жұбаныш бол; Туысыңа тұнық бол».
  «Атаның наласынан сақтасын; Баланың шаласынан сақтасын. Ағайынның аласынан сақтасын; Жамандардың жаласынан сақтасын».
  «Атаңның иықтысы бол; Анаңның сүйіктісі бол. Халқыңа қадірі артқан; Мәртебесі биік кісі бол».
  «Басшының  ноқайынан сақтасын; Қоңсының қоқайынан сақтасын. Қалыпты білмегеннен сақтасын; Халықты тілдегеннен сақтасын».
  «Жақсымен жанасып жүр; Жарлыға қарасып жүр. Шалқудың  шамасын біл; Ақ-қараның арасын біл».
  «Жанасып, жұғысып, ұғысып...» деген сөздерді жиірек қолданатын Иманбекұлының өзі жайдарман жаратылысымен жақсыларға жақындап,  жанасып жүрер жан еді.
  Ал біз  кісікиіктеу едік.
  Ауданымыз бір, Абай мектебі дейтін алтын ұямыз бір болса-дағы, Тұтқаш ағамызбен кешірек, университет бітіргеннен кейін ғана таныстық. «Сен екенсің ғой», деді  бас-аяғымызға  асықпай қарап алып.  «Оқып жүрмін анау-мынауыңды. Очерктерің әңгіме сияқты», деді соңсоң. «Үйге барамыз», деді тағы да. « Волга » дейтін боз жорғасына міндік. Ескілеу екен. Сатып алып, жаңадан жүргізуге кіріскен кезі екен. Жол-жөнекей үш мәрте МАИ инспекторы тоқтатты. «Айыппұл» төледі. Соңғысында ашуланып,  тоқтамай кетті. Комсомол көшесіндегі  темір гаражына мәшинесін тездетіп тығып тастамақ еді. Бірден кіргізе алмастан, әуелгіде оң жағын екіншісінде сол жағын сырғызып, аймандай етті. Боз жорғасын айтып отырыппыз. Темір босаға сыдырып, қос қапталы  қарауытып қалған ақсұр «Волгаға» титтей ренжімеді. Арсалаңдап күле береді. МАИ-дың майбасарлау, семіз қызметкері көріне қоймады. Жайдарман көкеміз соған қатты қуанатындай.
  Үйлері тым тар екен. Біржарым бөлмелі деседі. Жеңгеміз қабағын    шытыңқырап қарсы алды. Кеше үйге  қонбапты Тұқаң. «Мына баланы, мына баланы  танып  қойғын. Осы жас жазушымен жүрмін. Бір ауданнанбыз. Бір ауданның орталығындағы бір мектепті бітіргенбіз. Сонда да енді таныстық. Ойбай, айтпақшы, айналайын Мәрияш-ау, сенің де оқыған,  бітірген мектебің ғой! Бұ бала да—сол Абай мектебінің түлегі. Ертең Дулат Исабековпен таныстырам. «Жалын» альманағына апарам. Әкелген шығармаң бар ма?» деді. «Қолмен жазылған, машинкаға басылмаған, үш шағын әңгімем бар», дедім. «Қолмен  дейсің бе?  Почеркің қандай еді?» деді. «Көркем жазудан бес алатынмын. «Абай мектебі» дейтін газет түгел менің қолыммен шығатын», деп мақтаныңқырап қойдым.
   Жарты бөлмелікте жазушымен бірге жаттым.  Қаламгермен, белгілі жазушымен, «Тұт ағашының көлеңкесі», «Үш айдың үш күні» сияқты кітаптары арқылы оқырманға кеңінен танылған  прозашының, одан ертеректе  «Ақ қайың», « Бұлақ  күліп ағады» дейтін жыр жинақтары шыққан ақынның,  «Ем», «Тапсырылмаған гүл» сияқты тамаша әңгімелері  «Лениншіл жаста»,  «Жетім қыран» дейтін ғажап повесі  «Жұлдызда» жарияланған жерлесімнің жанында жатырмын. Түні бойы  әңгіме шертіп,  сырын  да, жырын да, өткен түнде қайда  қонғанын да жасырмады.
Ертеңіне Тұтқаш ағаммен баяғыдан бермен қарата сырлас, мұңдас, дос адамдай сезініп ояндым. Баяғыда ше, үш-төрт  шақырымға  созылатын  ауылымызда қатарлас балалар бір-біріміздің үйлерімізге барып, бір көрпенің астында ертегі айтып  қонып шыққаннан кейін  бұрынғыдан  бетер жақын, дос боп  кететін ек.  Тура сондай күй  кешкендейміз.
«Жалын» альманағының редакциясында Тұқаң Дулат Исабековпен  таныстырды. Дүкең жымиып, жылы қарсы алды. Тұқаңа әлденелерді айтып,  әдемі әзілдесті. Сыртынан Төлен Әбдіковтің әлдебір әрекетін әжуалап,  ұзақ күлісті. Екеуі. «Әкелген әңгімелерің қайда?» деді Дүкең. «Машинкаға басылмаған,  қолмен жазылған күйінде», дедік. «Кәне, көрейікші», деді Исабеков. Ұяла-қызара ұсындық. «Ой, мынауың  мәшіңкеден әдемі, анық қой. Өз қолың ба,  қыздың қолы ма?» — деп қалжыңдайды Дүкең. — Тастап кеткін. Ертең сиыр сәскеде  келгін. Оқып қоямын». Айтқан мезгілінде жеттік. Исабеков қолын ықыласпен ұсынып: «Ауылдың иісі! Нөмірге, кезектен тыс саламыз», деді. «Автор  тапқан адамдарға сыйлықтарың жоқ па?» дейді Иманбекұлы қасқа маңдайын қасып қойып.
     Ойда жоқта  жазушы ағамыздың ауылында тұратын бір  қария қайтыс болып, Тұқаңның әкесі Иманбек  ақсақалмен жолықтық. Тоқсанның төбесіне тақаған, баяғы біздің Келімбет ақынымыз секілді, мол денелі, сақалы салалы, тап-таза  киінетін кісі екен. Иманбек ақcақал көненің көзіндей көрініп,  жайуат-жайдақ сөз айтпай, құнарлы  сөйлеп отырыпты. «Кедейдің пірі – қалтақ ата; Ұрының пірі – жалтақ ата. Шебердің пірі – тепшім ата; Кәрінің пірі – кекшіл ата, – деген екен Досбол деген биіміз. Жаңағы сөзіме кекірейе қапсың, сен-дағы қартайғанға кетіпсің ғой», деді қасындағы кетік шалға кекете қарап. «Жазып ал, түртіп ал сөздерін. Тұтқабай өз әкесінен емес, өзгелерден қор жинап әуре», дейді ауыл мұғалімі Қамысбек. «Тұқаң бала кезінде қандай еді?» деп, өзімізше қызығушылық танытып, Имекеңе сауал тастадық. Елп етпеді. Тұқаң секілді елгезектенбеді. Елпілдемеді. Естімегендей.  Керенау. Газеттің тілімен  сұрағанымызды  жақтырмады. «Бала кезінде  бала-тұғын, сап-сары боп, көзі  бітиіп жүретұғын», деді. «Үлке-е-е-ен жазушы ғой ұлыңыз», дедік айналада тыңдап тұрғандардан  ыңғайсызданып. «Қайдам. Болса болар», деді де қойды. Жанындағы жаман  тымақтыны одан әрмен  қажамаққа кірісті.
Кейінгі кездері, Кеңсай жақа кетердің алдындағы жылдары Тұтқабай Иманбекұлы туған ауданына жиі-жиі келе берген. Кейбіреулер таңырқап, сыбырлай сұрайтын: «Ағаң ауылдан шықпай қойды ғой. Тойдан қалмайтынға айналды ғой», деп. Сөйтсе-е-е-ек, сағынышын баса алмай, көп ұзамастан Кеңсайдың  күнгейлеу  бір беткейінен топырақ  томпайтарын сезген екен дә.
  Бірде Жайдарман көкеміз Жамбыл атындағы ауылда өткен тойға қатысты. Екі апта бұрын ғана Ақбиіктегі әпкесінің келін түсіру тойын ашып  беріп,  тербеліп тұрып, тебірене  сөйлеген. Аудан  орталығынан  барған ансамбльдің әдемі  келіншегіне қосылып, «Әттең,  тонның келтесі-ай» әнін әуендеткен. Енді, міне, Машаттың бойындағы сұлу бақта, шадыман шарбақта өтіп жатқан тойдың қадірменді қонағы болып отыр. Тойды ашып берді. Тартымды  сөйледі. Баукеңнен бастады. «Ұшқан ұядағы» келін туралы шумақтарды келтірді.  Одан кейін өзінің «Өнеге сөз — өрісің»,  «Ағайынға — ақ бата»  деген жинақтарынан теріп-теріп  термелетті. Ол жылдары  тойдағы сөз әжептеуір тыңдалатын. Әсіресе, Тұқаңдайын ақын-жазушылардың айтқандарына қалың қауым құныға құлақ қоятын.
  Жайдарман жазушыңыз орнына отыра салысымен-ақ оқырмандары қоршап алды. Кітаптарына, дәптерлеріне,  жалғыз жапырақ қағаздарына, тіпті салфеткаға  дейін қолтаңба қойдырып алып жатты. Жайдарман жаратылысыңыз мәз-мейрам. Қанат біткендей, сәл-пәлден соң қалықтап ұшып кетердей көрінді.  Қыздар биге шақырса екен дейтіндей. Әне, Машат өзенінің бойында  өскен талдырмаш талдар  мәнзелдес сұлулар бірінен кейін бірі биге шақырды. Жазушының ойын қайдан ғана біліп, қайдан ғана  сезіп қояды десеңші! Жайдарман жасарып кеткен. Қимыл-қозғалысы, бұрылыс- бұралаңы басқаша. Той үш  сағатқа  созылды ма, одан да ұзап кетті ме-ау, бастан-аяқ биледі ғой сонда Тұтқаш көкеміз. Кейбіреулер әжептеуір сөз етісіп,  сыбырласа  күбірлесті. «Ақындарға,  сазгерлерге бәрі жараса береді ғой», десті кекетіңкіреп.
Көп ұзамай-ақ  Тұқаң тағы да тойға келді. Ара-арасында Арысқа, сонсоң  Созаққа соқты. Келеске кетті...
Бір барғанымызда мінезі барлау Мәрияш  жеңгеміз: «Ағаң  отбасының адамы емес. Тойдың, жолдың, сал-серіліктің адамы. Мені түк  түсінбейтін мылқау деймісіңдер? Екі күн демалыста  ше, кейде  ішқұса болғандай   көзінің алды көгістеніп,  көлеңкеленіп,  күрсініп, үйден шығып кетудің амалын  таппай аласұрады. Сондайда: «Бар! Бара бер! Рұқсат!» деймін. «Рас па? Рас па?» деп киіне бастайды. Балконнан қарап көрсең бар ғой...  Кетіп бара жатқандағы қимылына қайран қалып, рұқсат бергеніме өзіме-өзім жүүд-дә-ә ырза боламын»,  деп күлген-ді.
  Жайдарманның жанасымы  жарасымды-тұғын.
  Ол Баукең сынды  жампозға да жанасып, іні  бола білді. «Ұшқан ұясын»  аударғанын айттық. Сәукеңе (Сәуірбек Бақбергенов) де нағыз іні дос, сыйлас, сырлас бола білді. Партизан – патриот  қаламгер Қасым Қайсенов те Тұтқабай Иманбекұлын туған бауырындай жақсы көретін...
   Небір жақсылармен жанаса білер бірегей қасиетіне қайран қалатындар аз  емес-ті. Күресуге жаралмаған  жан екен де. Біреулер әлдебір  себептермен шырақ алып соңына түскенде,  көтере алмады. Жүрегіне  жара салынды. Ең  жақсы  көретін ұлынан  айырылды. Барған сайын сол  жара ұлғайған. Сол бір ақпанда жақсы көретін оқырман інісі, Алматыдан келгенде Түлкібас стансасынан қарсы алатын, қайтарында шығарып салатын жанашыры Өмірәлі Шадырман «Кеңсайдың күнгейінде жатыр көкем» деген қаралы өлең жазды. Тұтқабай Иманбекұлының бейітінен сәл шығыс таманыраққа қарасаңыз, қаһарман  қаламгеріңіз Баукең  бейнесі көрініп тұрады.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу