ШЫҒАРМАЛАРЫ...
Т О Ғ Ы З Ы Н Ш Ы С Ы Н Ы П Хикаят
Ауыл мен қала
Жүйкені шаққан, шаң-қиыршық суырған жел жаңа келіп тоқтаған автобустың өзін ұшырардай. Бұл автобус алыстағы ауылға қаладан қатынайтын еді. Күніне бір мәрте шаршап-шалдығып жететін-ді. «Кітапхана» деген маңдайша жазуды көргенде көзіне жас үйіріліп, жанар жиектері ашыды. Сезімге берілмекке шама жоқ-ты. Буыншақ-түйіншектерін жырымдалған темір есіктен әзер шығарды. Құмдақ түйірлер сатырлай сабалайды. Жұлма-жұлқын желдің мінезі жуас кісіні одан бетер жасытқысы келетін адамдарға ұқсап кетті. Тоғжан тозыңқы автобустың жанынан жылжымаған күйі «Кітапхана» деген жазуға тағы қарады. Долы дауыл әншейінде бүкіл ауылды орап жататын мұң мұнарының өзін кітапхана шатырының астына қуып тыққандай көрінді. Сормаңдай, сұрғылт жазудан бүкіл ауылдың пешенесі оқылатындай. Шешесі ескірген есікті айқара ашып: –– Жаным! Жарығым! –– деді. Сәлден соң екеуі шүйкедей үйде шүйіркелесіп отырды. Тоғжан ауыл кітапханасынан жиірек, қала кітапханаларынан сиректеу ұшырасар кей кітаптарға таңырқай қарар. Сонысына салып, атақты Альбер Камюдің жалқы томдығын парақтайды. –– Қараңызшы, апа! Баяғыда оқыған ем... Альбер Камю айтады. Табиғаттың таңғажайыптарына аса байлар, тоқ кекірерлер сүйсініп-түйсіне алмайды екен. Себебі олар сұлулық та тек өздеріне қызмет етуге тиіс деп есептейді. –– Қаладан күн көре алмай, ауылға оралған алтыным-ай, –– деді апасы. –– Күн сайын күннің шыққанына, желбіреген жапыраққа да қуанатын қарағым-ай... Ертеңіне табиғат тамылжып тұрды. Тоғжан ауылдағы жүдеу тірлік жібінің бір ұшынан ұстамаққа ұмтылған. Онысы бос әурешілік боп шықты. Алты ай бойы апасының жұмыс орнындағы кітаптарды түгел тауысып оқып, қалаға қайта оралған.
Сынып жетекшісі, Сая және басқалар
Тоғжан апайларының қайтадан сынып жетекшісі болғанына Сая қатты қуанып отыр. Пәтер жағынан қиналып, ауылына лажсыз ауысып кеткен еді ғой. Енді міне, қалаға қайта оралыпты. Тоғызыншы сыныпқа. Жетекшілікке. Осы апайларының кеудесіне кітап қысып алып, жылдам жүріп келе жататыны керемет ұнайды. Бірталай қыздардың Тоғжан апайларына ұқсағылары да кеп кетеді кейде. Алайда қазір кітап ұстап жүру, кітап оқу мазақылау тірліктердің қатарына кетіп қалған секілді. Деседі жұрт. Сая сыныптастарына, сонсоң мұғалімге көз тастады. Тоғжан Нұрлыбайқызы сәл ғана жымиып, алдындағы дәптеріне әлденелерді жазып жатты. Бұл саусақтарын біртіндеп бүгіп, іштей күбірмен ұл балалардың аттарын атап шықты: Аян, Айбек, Асхат, Ерлан, Рауан, Берік, Мұрат. Одан кейін өзінен бастап қыздарға кірісті: Сая, Ләззат, Мәдина, Айгүл, Әлия, Айнұр, Гүлзат, Майра, Кәмила, Жанар, Гүлназ, Әйгерім, Айнаш, Сандуғаш, Қарлығаш. Он бес қыз бен жеті ұл. –– Айналайындар, –– деді Тоғжан апайлары омырауына әлдебір жасыл мұқабалы кітапты қысып, орнынан түрегеле беріп, балаларды баурай қарап. –– Бүгін сендермен кітап туралы әңгімелескім келеді. Сая сәл де болса кітап қарайтындардың қатарында. Кейбір өлең жинақтарын түгел оқып шықпаса-дағы, бірталай жерлеріне дейін барып қайтады. Мамасы кітап жинайды, көбірек оқиды. Бірде бұған Төлеген Айбергеновтің күнделігін оқып бергені бартұғын. Отыз жасында өмірден өтіп кеткен қайран ақын: «Адамдардың тек кітапты көп оқығандығымен, жинаған кітабының молдығымен ғана мақтанғанын мойындаймын, өзге мақтанның бәрі – бос әурешілік», –– депті. Апайларының көкірегіндегі кітап авторының атына көзі түсті. Тоғжан Нұрлыбайқызы мұның жанына аялдаған. Жасыл кітап Қошке Кемеңгерұлы деген кісінікі екен. «Таңдамалы» деп аталады екен. Естімеген адамы, көрмеген кітабы. Сыртында суреті де тұр. Жүсіпбек Аймауытовтарға ұқсаңқырайды. –– Рухани құндылықтардың аяқастыға айналуы адамды да, қоғамды да аздырар да тоздырар, –– деді апайлары тереңдей түсіп. Сыныптастары үнсіз. –– Апай, бұған қоғам кінәлі ме, адам кінәлі ме ? –– деді Сая. –– Абай не дейді? –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Адам түзелмей, қоғам түзелмес деген, –– деді Айбек. –– Иә, мен де адам жауапты деп ойлаймын, айналайындар, –– деді апайлары. –– Өздеріңе-өздерің жауап бере білуге, өздеріңнен-өздерің жауап ала білуге, есеп бермекке дағдыланыңдар осы бастан. Айналайындар... Сынып іші тым-тырыстанды. –– Қошке Кемеңгерұлын оқығандарың бар ма? –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. Ешкім үн қатпады. –– Естігендерің бар ма? Тағы да үнсіздік. –– Мен сендерді кінәлай алмаймын, айналайындар, –– деді апайлары ауыр күрсініп. –– Ұрсу да қиын бүгінде. Арыстарымызды, анау отызыншы жылдары атылып кеткен асылдарымызды ақтауын ақтадық-ау... Алайда солар туралы оқып және тоқып, мұраларын игермекті ойламауымыз шошытады мені... Жарайды, ол жағын қоя тұралық әзірше. Бүгінше халқы үшін азаптан аянбаған, ұлты үшін ажалдан тартынбаған, осы мына сендердің жастарыңда-ақ өзгеше білімді болмаққа тырысқан Қошке Кемеңгерұлымен аз ғана таныстырмақпын. Қошке Кемеңгерұлы деген кісі Омбы уезінде туған екен. Жастайынан Алаш Ордаға араласқан екен. «Жас азамат» ұйымын құрыпты. «Жас азамат» газетін шығарыпты. Әрі жазушы, әрі журналист, әрі тарихшы-ғалымдығын танытқан от-жалынды қайран азамат-ай! Жастай түрмеге қамалып, жазықсыз опат болыпты. Әлихандар мен Ахметтерге, Тұрарлар мен Міржақыптарға іні екен... –– Мен сендерге ол кісінің «Таңдамалысынан» үш данасын тауып әкелдім. Дүкендерге, біздің қалаға келіп түскені де осы көрінеді. Қызықсаңдар, қаласаңдар, оқыңдар, айналайындар... Қошке Кемеңгерұлының жасыл кітабын бірер оқушы қызыға қарады. Көпшілігі көп аса құныға қоймағандай. –– Ойға салыңдаршы, –– деді апайлары одан әрі. –– Біз анау Америкадан, яки АҚШ-ыңыздан көп-көп нәрсені әкеп жатырмыз. Үйреніп жатырмыз. Бірақ ең керекті жағынан үйренсек кәнеки, айналайындар! Ол немене дейсіңдер ғой, ә? Тоғызыншы сынып түгелдей болмаса-дағы, жартысына жуығы елеңдескен. Құлақтарын түріскен. –– Ол –– кітапқа деген шынайы ықылас пен құрмет! –– деді апайлары. Әрине, оқушылар өзгешелеу бірдеңе күткен. Ешқайсысы пәлендей таңырқамаған. Мырс ете түскендер де табылған. –– Жасыратыны жоқ, біз кітап мәселесіне қырын қараймыз, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Кітап ұстамай-ақ тоғызыншы сыныпқа жеткендер бар ғой, –– деді Айбек әзілдемек ыңғайда. –– Біз кітап әлемінен алыстығымыз үшін көбінесе теледидарды, компьютерді кінәлаймыз, айналайындар. Солай ғой? –– деді апайлары. –– Солай-солай! –– десті оқушылар. –– Ал, АҚШ-та көксандығыңыздың көкелері бар. Теледидар мен компьютер, интернет дамудың ең биік шыңында. Әрбір үй үшін, әр отбасы үшін тап солай десек те артық емес. Сонда да олар кітаптан, кітап әлемінен алыстаудың орнына, барған сайын жақындай түседі екен. Кейбір оқушылар қозғалақтады. Таңырқай бастағандар да бар. –– Сенесіңдер ме, тоғызыншы сынып? –– деп сұрады жетекші. — Сенейік пе, сенбейік пе, апай? –– деді Аян мысқылдай мырс етіп. –– Өздерің біліңдер, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Ол елде кітап оқу кәдуілгі, күнделікті нан жеу мен су ішу секілді етене тірлікке айналған, айнымаған, айналайындар. Иланбасаңдар, өз еріктеріңде. –– Шынымен бе, апай?! Қалай сонда? –– деді Мәдина. –– Апай өтірік айтады дейсің бе? Қызықсың, –– деді Ләззат. –– Американдықтардың бәрі бай емес пе? Сонда да кітап оқи ма? Біздің байшыкештер кітап ұстамайды ғой, –– деді Айбек. –– Алдымен апай айтып болсын да. Содан соң пікір жарыстырсақ қайтеді? –– деді Асхат. Сая ішінен Асхатты құптады. Аянға қараса, енді ол мүлде тыңдамай отыр екен. Ой-қиялы тіпті басқа, бөтен жаққа ауып кеткендей. –– Иә, айналайындар, сенесіңдер ме, жоқ па, өз еріктеріңде. Мен Америкаға барған да жоқпын, көрген де жоқпын, –– деді апайлары күлімсірей ойланып, үстеліне жақындап. –– Бірақ, міне, мына журналдан оқыдым. Ол кісі сырты мен іші бірдей жалт-жұлт еткен журналды көрсетті. –– Мұнда тек нақты-нақты фактілер мен болған оқиғалар, мемлекеттің өзіне тән ерекшеліктері деректі және дәйекті жазылған. АҚШ-та өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін орта есеппен тоғыз миллиард доллардың кітабы сатылса, теледидар өршелене дамыған сайын, кітапқа деген ықылас еселей артып, екі мыңыншы жылдардан былай қарай жиырма миллиардтық көрсеткішке жеткен. Олар кітап сатып алу мен кітап оқуды арнайы зерттеп, біліп, бағыттап отырады. Кітап сатып алу мен кітап оқуға халықтық иммунитет ретінде қарайды. Түсіндіңдер ме? Бүкіл кесел-кесепатқа кітап дейтін рухани иммунитетті қарсы қояды. Оларда кітап оқымау дегенді түсінбейді екен. Ондай ұғым жоқ. –– Қойыңызшы, апай! –– деді бірнеше қыз қосарлана дауыстап. Айбек қашанғысындай қарсылығын білдірді. –– Бәрі дұрыс қой, апай, –– деді ол айналасына қоқилана қарап алып. –– Бірақ кітаптың да жақсысы бар, жаманы бар емес пе? –– Ол –– өз алдына бөлек әңгіме, –– деді сынып жетекшісі. –– Апай, сонда олар осыншалықты кітапқұмарлыққа қалай қол жеткізген? –– деді Сая. –– Мына журналдың жазуына қарағанда, –– деді апайлары парталардың арасымен баяу аяңдап. –– Біріншіден, АҚШ мектептеріндегі бүкіл білім беру мен тәрбие ісі кітапқа сүйіспеншілік сезімін, кітапты құрметтеу қасиетін қалыптастыруға негізделген. Екіншіден, кітапхана –– ең киелі орын. Сүйекке солай сіңіп, қанға солай еніп кеткен. Үшіншіден, кітап саудасы ең жоғары орында. Небір жеңілдіктер жасалып, жасыл көше ашылған. Бұлжымас дәстүрге айналған. Супермаркетте де, кафеде де, түрлі-түрлі дүкендерде де кітап сатылады. Бірақ, балалар, кітап қосымша тауар ретінде емес, әрбір жан иесі тебірене қарайтын теберік саналады. –– Кітапты аяусыз жырту, ет жеп болғаннан кейін қол сүрту, үстелдердің ақсақ аяқтарының астына қою жоқ шығар, апай, оларда? –– деді Айбек. Тоғызыншы сынып түгелдей бір күліп алды. –– Айналайындар, –– деді Тоғжан Нұрлыбайқызы. –– Айбек әзілдесе де, өте орынды сұрақ қойып отыр. Журналда ол жақтарын жазбағанмен, кітапқа деген көзқарас деңгейлері, кітаппен және кітапханалармен қарым-қатынас жағдайлары анық сезіліп, таңдай қақтырады. Оқып көрулеріңе болады. Кітап әлемі туралы пікірсайыс қызып барып, тез басылған. Кітап оқитындар онша көп емес-ті тоғызыншы сыныпта. Апайлары Мұқағали Мақатаев жайында аз-кем ғана айтып өтті, «Өмірдастан» жинағынан бірер өлең оқыды. Сонсоң оқушылардан өтінді. Айбек тамағын кенеп алып, Оспанхан ағасының қысқа ғана сықағын әдейі әсірелей әуелетті. Әртістік қабілеті жоқ емес. Сынып іші бір дуылдап қалған. Сандуғаш пен Қарлығаш қосылып ән салды. Сая Мұқағалидың «Жапырақ жүрек, жас қайыңын» жатқа оқыды. Сынып жетекшісі бәріне ризалық білдіріп, бөлмені ары-бері аралап жүрді. Оқушылар ой үстінде. Тоғжан Нұрлыбайқызы терезеден сыртқа қарады. Алыстан мұңды әуен талып жеткендей. Өзі де осы сыныптың оқушыларын сағыныпты. Әрине, кітапқа құлықтары онша емес. Өнерпаздары баршылық. Бұрын да бұларды бірталай рет мектеп сахнасына шығарған. Бірте-бірте кітапқа деген ықыластарын оятуды ойлаған. Өзінің балалық шағы, мектептегі жастық дәурені қиындықпен өтті. Әкесінен ерте айырылған. Жалғыздық, жоқтық пен жұқаналық жаншыған анасы тұрмыс ауыртпалығынан арыла алмады. Мұны да арылта алмаған. Жүдеу киінетін. Тапқандары тамақтарынан әзер-әзер артылатын. Сонда да кітап әлемінен алыстамапты. Анасы да, өзі де. Не қилы ауыртпалықтар әкелгенімен, тағдырларына, өмірлеріне ренжімеген сияқты. Қаншама қиындықтарды бастан кешкенімен, әйтеуір, әупірімдеп университет бітірген. Анасына рахмет. Әлі күнге дейін ауылда, қарапайым кітапханада, жалғыз қызының жолына қарап жүріп жатыр. Өзі былтыр қаладағы үйсіз-күйсіз жағдайына байланысты бір жылдан астам уақыт ауылына кетіп қалған. Сонда да сыр бермес. Бұрынғы бауыр басқан балаларды, биылғы тоғызыншы сыныпты аңсап оралғандай. Қоңырау соғылды. Тәрбие сағаты тәмәмдалды. Тоғжан Нұрлыбайқызын қыздар қоршап алды. Апайлары омырауына кітап қысқан күйінде, өзіне ғажайып жарасатын бейнеге еніп, әдемі күлімсірейді. ― Біз сізді сағындық, апай, ― деді Сая. ― Қатты сағындық! ― деседі қалған қыздар да. ― Тағы да кетіп қалмайсыз ба, Тоғжан Нұрлыбайқызы? ― деді әрегірек топтасқан ұлдар жағынан мойнын созған Мұрат. ― Қойшы, ол не дегенің?! ― дейді Рауан. Бәрі көңілдітұғын. Алайда, алдағы айларда тоғызыншы сыныпты қиын-қиын түйіндер, күрделі оқиғалар, қасіретті күндер күтіп тұрғанын ешқайсысы да білмейтін еді. Жайшылықта үндемей, бұйығы жүретіндердің өздері де жайраңдап, жетекшілікке Тоғжан апайларының қайта келгеніне масайраған.
Тоғжан апаймен қоштасу. Туған күн кеші
Кенет, күтпеген жерден «Тоғжан Нұрлыбайқызы Астанаға ауысатын бопты» деген әңгіменің құлағы қылтиды. Қазан айының аяғытұғын. Апайларының баяғыда, яғни осыдан оншақты жылдай уақыт бұрын, студент кезінде жақсы көрген жігіті келіп, қайтадан тіл табысыпты. Көп ұзамай, ауылындағы анасымен бірге Астанадайын ғажайып шаһарға біржолата көшетін көрінеді. Тоғызыншы сынып үшін бұл хабар аса жайсыз тиді. Аңсап табысқан апайларынан тағы да айырылып қалмақ. Өзінен анықтап сұрау ыңғайсыз. Тоғжан Нұрлыбайқызы тұратын жақ бұрын қиқы-жиқы көшелерден құралған ауыл еді. Бертініректе жарты миллионнан астам тұрғыны бар қалаға қосылып, тұтаса бірігіп кеткен. Сынып жетекшісі татар кемпірдің титімдей ғана үйінің бір бөлмесін жалдап күн кешетін. Сая мен Мәдина бірер мәрте үйіне дейін шығарып салса да, Астанаға ауысатыны жөнінде тікелей сұрауға батпаған. Бірінші тоқсан аяқталар алдында мектеп директоры Күнту Керімов арнайы жиналыс өткізіп, мұғалімдерге қатты ұрысты. Маяковский атындағы орта мектептің аты жаман жағынан қаттырақ шығып тұрған. Сол оқу орнында және бір жайсыз жағдай болып қапты. Туған күн кешінен қайтып келе жатқан маяковскийліктер нашақор бәлелерге жолығыпты. Төбелесіп, жараланған оқушылар бар. Сөйтсе, сол мектептің өзінен де бір-екі нашақор табылыпты деседі. Шаһардың іші гу-гу әңгіме. ― Ата-аналардың жауапкершілігі жоқ қой, жоқ! ― десті бірқатар мұғалімдер. ― Өздеріңе қараңдар! ― деп ашу шақырды Күнту Керімов. –– Ата-аналармен байланысымыз нашарлап кетті. –– Түнде барып, үйлеріне қона алмаспыз, –– десті мұғалімдер. –– Көптеген ата-аналар ұл-қыздарының түн баласына тыным таппай қыдыратынын жасырады. –– Тағы да ескертемін, –– деді қайта-қайта жүрек тұсын уқалаған директор, қарлығыңқы даусын қаттырақ шығаруға тырысып, − кінәні өздеріңнен көбірек іздеңдер. Осы туған күнді тойлау деген бәле шектен тыс көбейіп, үдеп кеткен жоқ па? А?! Сол туған күн дегенді атап өту міндетті ме? Солар қалай өтеді өзі? Оқушы балалар жиналып алып не істейді өзі? А?! Не айтады? Не сөйлеседі? Не ойлайды? Немен айналысады сондай кештерде? Білеміз бе? Түні бойы үйлеріне оралмайтын оқушылар қайда жүреді? Сеземіз бе? Мұғалімдер, әсіресе, сынып жетекшілері бірталай әңгімелер айтып, өздерінің атқарған жұмыстары жайында баяндап, ұсыныстар білдірген. Тоғызыншының жетекшісі Тоғжан Нұрлыбайқызы кітап әлеміне батыл бетбұрыс жасау мәселесін қозғап, бәріне ой саларлықтай мәністі мәліметтер келтірген. –– Кітапқа қарай өздерің де, оқушыларың да бетбұрыс жасасаңдар, қолдарыңды матап, бастарыңды байлап отырған ешкім жоқ, –– деді Күнту Керімов. –– Біржарым жылда зейнеткерлікке шығамын, сосын кейін мына сендерді де, мына мектептеріңді де желкемнің шұқыры көрсін! Осыны айтқан директор тілінің астына дәрі тастаған. Күзгі каникул тыныш өткендейтұғын. Тоғызыншы сыныптың тағдыры үшін олай болмапты. Тоғжан апайлары демалыс күндерінде көшу мәселесін біржолата шешіпті. Сыныпты жинап, қатты ыңғайсызданып, кешірім сұрады. –– Айналайын алтындарым, мені кешіріңдер! –– деп, Тоғжан Нұрлыбайқызы жанары жасаурап, басын иді. –– Кешіріңдерші, жарай ма? Былтыр ауылға кеткеннен кейін, биыл қалаға қайта оралмауым керек еді... Түсінесіңдер ме?! Амал қанша, тағдыр осылай боп тұр екен дә. Міне, енді тағы да сендерді тастап кетіп барамын. Қимаймын. Қиналамын. Қайтейін... Аман болыңдар. Жақсы оқыңдар... Кітапқа жақынырақ болғайсыңдар. Кітап әлемі –– теңдесі жоқ әлем... Осыны ұмытпаңдаршы... Қараша айының түнеріңкілеу кешінде тоғызыншы сынып Тоғжан апайларын Астанаға шығарып салды. Пойыз қараңғылық үйіріле бастаған шақта жүретін еді. Тоғжан Нұрлыбайқызының да, анасының да, жігітінің де құшақтары гүлге толып кетті. Жәнібек ағалары бірден ұнады балаларға. Ашық, ақкөңіл секілді. Аналарын купеге орналастырып, екеуі сыртқа қайта шыққан. –– Сендер көп ұзамай-ақ үлкен-үлкен азамат боласыңдар, –– деді Жәнібек ағалары. –– Ең бастысы, жақсы-жақсы жолдастарың мен достарыңнан, әсіресе, сүйгендеріңнен абайсызда адасып қалмаңдар. Мына мен апайларыңнан адасыңқырап барып, қателесіңкіреп барып, кешігіңкіреп барып, әзер табысқан жанмын. Тірі болсам, енді ешқашан... –– Жарайды, Жәнібек. Басқа әңгіме айтайық, уақыт аз қалды, –– деді апайлары. –– Сабақ босын деп жатқаным ғой, кешір, жаным, –– деді Жәнібек ағалары шын ықыласпен. Пойыз қозғалатындай ыңғай танытқан. –– Қош болыңыз, апай! –– Бақыт тілейміз, Тоғжан апай! Жәнібек ағай! –– Тоғжан Нұрлыбайқызы, біз бәріміз мектеп бітірген соң Астанаға барамыз! Оқуға! Жұмысқа! Құрылысқа! –– Телефон шаламыз, хат жазамыз, апа-а-ай! Бұл кезде Жәнібек ағалары Тоғжан апайларын қолтықтап алып, тамбурда тұрған. –– Айналайын, алтындарым, кешіріңдер мені-і-і... –– Астанаға барсаңдар, хабарласыңдар, –– деді Жәнібек ағалары. –– Жәнібек ағай, біздің апайды ренжітсеңіз бар ғой, ә-ә... Бұл –– Айбектің даусы. –– Ренжітсе, бірден маған телефон соғыңыз, апай, жарай ма? –– деді Аян да Айбекті қостап. –– Екі сағатта жетіп барамын! Жолсерік тепкішекті көтерді. Пойыз бірден жылдам жүре бастады. Оқушылар біразға дейін қол бұлғай, жүгіре ілесті. Вокзалдағы абыр-сабыр бәсеңдеп, ығы-жығы жұрт азайған. Тоғызыншы сынып оқушылары тым-тырыс, үн-түнсіз аяңдасып, мұңайыңқы қаланың мұнартқан шамдарына күрсінісе қарасып қойып, троллейбус аялдамасына беттеген. Кенет: –– Сыныптас сұлулар мен көркем жігіттер! Мен сендерді «ЭксЭлит» кафесіне шақырамын, –– деп мәлімдеді Аян. –– Аян Сексенов мырзаның ұсынысын бірауыздан қызу қолдап, қуаттаймыз! –– деді Айбек. Қыздар жағы шүпірлескен құстар секілді шүйіркелесе ойласып, келіскендіктерін ишарамен білдірген. Ұл балалар жағынан ши шықты. Мұрат пен Рауан кешірім сұрап, үйлерінің алыс, уақыттарының тығыз екендігін сылтауратқан. Оларға ілесетін қыздар табылып, қайта күбірлесіп, үш-төртеуі тездетіп троллейбусқа асыққан. Іріктелгендері «ЭксЭлит» кафесінде көңілді отырып, кешірек қайтқан... Келесі аптада Аян туған күніне шақырған. Үш қабатты, шет елдік кинолардағы коттедждерден қалыспайтындай ғимарат екен. Алдында, артында алуан түрлі, жұмбақ үй-жайлары және бар. Сыныптастарына сырттай түсіндіріп, екінші қабатқа шақырды. –– Бір жыл бұрын бітіріп, көшіп келгенбіз, –– деді Аян. –– Білеміз ғой, сыртынан көріп жүрміз, құтты болсын, –– десті сыныптастары. –– Біздікі бұған жетіңкіремес, алайда, онша жаман да емес, –– деді Айбек. –– Сәті түссе, көрерсіңдер. Ауланың бір бұрышына таманырақ жалт-жұлт еткен сүлік қара, қатарында ақбоз «Мерседес» мәшинелері тұрыпты. Олардың арғы жағындағы биік тор қамақта алып овчарка аласұра арсылайды. Сыныптастардың көпшілігі келіп болды-ау деген сәтте Айбек асабалыққа сайланды. Ол бірден би бастады. Жылдам ырғақты саз баршаны үйіріп жөнелген. –– Не қалайсыңдар, не тілейсіңдер, емін-еркін ішіп-жей беріңдер! –– деді Айбек. –– Рұқсат! Бердім, балаларым, батамды. Аян мырзаның он алты жасқа толғаны құтты болсын! –– Он бес емес пе? –– десті бірер сыныптас қосарлана. –– Бұл бір жыл кеш кіріскен оқуға, –– деді асаба. Тағы да бір-екі биден кейін Айбек, Сая, Мәдина үшеуі Аянның айтуымен үшінші қабаттың ең түкпіргі бөлмесінде, маңдайын орамалмен шарт буып, мазасы болмай отырған Балжан Бөкенқызына барған. –– Апай, Аянның туған күн кешін өзіңіз ашып беріңізші, –– деп өтінген. Балжан Бөкенқызы шынымен-ақ қатты ауырып отырса керек. Қызметші әйелді шақырып, қосымша тапсырмалар берді. Сонсоң бұларға бұрылып: –– Өздерің ашып, өздерің басқарып, тойлай беріңдер. Менің денсаулығым қиындап кетті ғой, айналайындар, кешіріңдер, –– деді демі жиілеп. –– Бәрі бар. Анау-мынаудан қам жемеңдер, мейлі ма? Тек тәртіп болсын. Уһ, басым-ай, сынып барады ғой тіпті. Бара беріңдер, айналайындар. Айбек, сен өзің жүргізе бергін, мейлі ма? Жақсы отырыңдар... Сая, сен қала тұршы, қалқам... Сая ыңғайсызданыңқырап, кідірістей кібіртіктеген. –– Қалай, Саятай, мамаң мен інің аман-есен бе? Сол емхананың бас дәрігері ғой? –– деді Балжан Бөкенқызы. –– Иә, бұрынғы жұмысында. Жаман емес. Аман-есен жүріп жатыр, –– деді Сая. Балжан Бөкенқызы қатты күрсініп: –– Мені айта ма өзі? –– деді. –– Айтып отырады кейде... Айтады, –– деді Сая. –– И-а-а... Кейде дегін... Аянның ата-анасы мен Саяның мамасы мектепте бірге оқыған кластастар, қазіргіше сыныптастар еді. Мектеп бітірген соң Саяның мамасы Алматыдағы мединститутқа, Аянның папасы мен мамасы экономика университетіне түскен. Беріге дейін кереметтей дос болған. Тек Саяның папасы мәшине апатынан қаза тапқаннан кейін, бұлар араласпай, мүлде қатыспай кеткен. –– Мен... Мен бара берейін, –– деді Сая. Осыны айтып, Балжан Бөкенқызына қараса, ол кісі үнсіз жылап отыр екен. Маңдайын шарт буған гүлді де сәнді орамалын шешіп, көз жасын сүрткіштеді. –– Сәл тоқташы, –– деді өтінішті әрі өкінішті үнмен күрсініп. –– Саятай... Сенің папаң қандай еді, шіркін... Біздікі –– тірі күйік... Сыртымыз ғана бүтін, ішіміз улы түтін. Шаһардағы ең шаңқан, биік коттедждің бірі - біздікі.Қаладағы ең ірі фирманың бірі − біздікі. Бірақ бақыттымыз дей алмаймыз, Сая-а-а-а... Аянның мамасы гүлді, сәнді орамалмен бетін басып, тағы да үгітіле егілді. Қатты қартайып кеткенін енді аңғарды Сая. –– Аянның папасы... Үйде емес, түзде. Өз өтенінде болғанынан болмағаны көп. Өз үйінде жүргеннің өзінде, көңілі сыртта. Ой, кешір! Кешірші, айналайын, Саятай! Мен сені мамаң екен деп, қайдағыны сандырақтап кетіппін ғой, кешір. Саған айтпағым басқа еді... Аянға... Аяныма... Менің Аяныма қарайлай жүрші, жарығым. Жарай ма? –– Жарайды, апай, –– деді Сая сасқалақтап. –– Сенен сыр жасырмай-ақ қояйын, –– деді Балжан Бөкенқызы. –– Біраздан бері бұл сыныптасың көбінесе кешігіп, түннің бір уағында, кейде таң алдында оралады. «Мерседес» астында. Жанымды шүберекке түйіп мен отырамын. Қайда жүрдің десем, компьютер клубында дейді. Әкесіне айта алмаймын, Саятай. Тәрбиелеу –– сенің міндетің, қолыңнан түк келмейді деп, өзімді өлтіруден тайынбайды... Қарайлап жүрші Аянға, Сая. Мақұл ма? –– Мақұл, апай, –– деді Сая одан бетер ыңғайсызданып. Ол сыныптастарына қайта оралғанда, би барынша қызып жатыр екен. Айбек туған күн кешін «ресми түрде», қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашып, Аянның папасы Америка Құрама Штаттарында іссапарда жүргенін, ал мамасының мазасы болыңқырамай, кешірім сұрағанын жеткізді. Әзіл-қалжыңға орап. Бүлдірмей, білдірмей ғана күлдіріп. Сонсоң бірнеше сыныптасқа бірден сөз берді. Сыйлықтар тапсырылды. Тағы да тамақ-тағамдар жағына Айбектің айтуымен «жаудай тиісіп» алған соң, биге кірісті бәрі. Ортада билеп жүрген Аянның қалта телефоны қылғына шырыл қақты. Қалтафонын құлағына тосып: –– Тоғжан Нұрлыбайқызы! Оһо! Сәлем, апай! Весьма тронут! –– деді-дағы, сыныптастары арасында жүргені есіне енді түскендей, азырақ өзгерді. –– Апай, рахмет сізге! Сыныптастар түгел осында. Өзіңіз ортамызда болғанда ғой! А-а, түсіндім-түсіндім... Абайлаймыз, апай. Абай-лай-лаймыз... Жа-жа-жақсы... –– Аян! Аян, тоқташы! Мен Тоғжан апайдың даусын естиінші, –– деді Сая жанына ентіге жетіп. Аян телефонын сөндіріп үлгерген еді. –– Апайымызды шығынға ұшыратпайық, мен саған қайта қосып берейін, –– деді ол. –– Апай, Тоғжан апай! Сізбен Сая сөйлесемін дейді. «Ноу проблем». Сая салтанатты бөлменің бұрышына барып, тілдесе бастады. Әлденеге толқып, жылап жіберді. Сәлден соң Айбектің ұсынуымен қыздар ұлдарды вальске шақырды. Сая Аянның алдына келіп, басын иді. Иегін көтере ишара жасағаны жарасымды шыққан. Екеуі шетке таман жырақтана билеп жүрді. –– Аян, сен жаңа Тоғжан апайға неге өтірік айттың? –– деді Сая. Аян таңырқап: –– Қандай өтірік?! Қашан? –– деді. –– Сен апайға: «Сыныптастар түгел осында» дедің. Бірталайы жоқ қой. Мұрат жоқ, Рауан жоқ, қыздардың көбі келмеді. –– Кончай, Саечка! –– Қазақша сөйлейікші. Туған күн кешінде. –– Жарайды, Саятай. Шынымды білгің келсе, кейбіреулерді әдейі шақырмадым. Мұрат пен Рауан бұрыннан кері тартады. Кедейміз деп кергиді. Олардың жарымай жүргеніне мен кінәлідей. Қашанғы жалынамын. Қыздар да солай. Бөлініп-жарылып жүрген өздері. –– Кешір, сені ренжіткім жоқ, басыма келген ойды ірке алмай қаламын, –– деді Сая. –– Ол –– жаман қасиет емес. –– Қайдам... –– Әнеукүні де көрдің ғой өзің, Мұрат пен Рауан ең ақыры «ЭксЭлитке» де бармады. Қорықты. Қоянжүректер! Саяжай, сен қандайсың осы?! –– Қандайы қалай? –– Қоянжүрек емессің бе? –– Жоқ, қорқақ емес сияқтымын. –– Онда «ЭксЭлит» клубына мүше боп қосылсайшы. –– Ол не өзі? Өткенде онша көңіл қоймаппын. Тоғжан апайды ойлап отырып. –– Керемет клуб! Өзім де біраздан бері ғана қосылып жүрмін. –– Қалай қосыламын оған? Сендер ұлсыңдар, мен... –– Какая разница? Қайдағыны қуып кеттің, Саечка? Біз ұл деп, қыз деп бөлмейміз. «ЭксЭлит» тек адам таңдайды. Элиталық қасиетті, жаңаша ойлайтын, басқаша өмір сүретін жастарды таңдайды! Қосыласың, Саечка! Мен сені бүгін бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім... –– Шынымен бе? –– деп әзілдей күлді Сая. –– Сен жаңа ше, Тоғжан Нұрлыбайқызымен сөйлескен кезде ше? Сұлу қызға жылағанның да жарасатынын байқадым. Сая қатты қызарып, ұялыс тапқан. Ішінен Балжан Бөкенқызын ойлаған. Ол кісінің жалынышты даусы құлағының дәл түбінен естілді: «Аянға... Аянға, менің Аяныма қарайлай жүрші, Сая...»
Кафедегі кездесу. «Шөп-темекі»
Аян табан астынан қатты өзгере бастады. Біреу байқады, біреу байқамады мұнысын. Күндердің күнінде ол Саяны және оның жақын құрбыларын тағы да «ЭксЭлит» кафесіне шақырды. –– Жарайды, Сая, клубымызға мүше болып кіресіңдер ме, жоқ па –– өз еріктерің. Кафеде біраз-біраз демалуға болатын шығар? − деді ол. –– Кафеге барсақ, клубтарыңа да қосыламыз, несі бар, –– деді Сая кенет батылданып. –– Мәдина мен Ләззат та бірге ғой бізбен. –– Жар-райсың! –– деп қуана секіріп кетті Аян. –– Басқа сыныптастар сезбесін. –– Құпия бірдеңелерің бар ма, немене? –– Артық- ауыс әңгіменің қажеті қанша... Тоғызыншы сыныптың алты оқушысы осылайша «ЭксЭлит» клубының мүшесі болып кеткен. Компьютер әлемінің, киберойындардың сиқырлы қызығына елтіп, түннің қою ортасында қайтатынға айналған. Тек компьютер мен киберойындар ғана емес, өзге де сауықтар, басқашалау билер ұйымдастырылатын. Мақсат, Қайрат, Фарида дейтін бой-бастары сымбатты, қымбат киімдер киетін, келісті де көркем жастармен танысты сыныптастар. Аян, Айбек, Асхат бұрынырақ, Сая, Ләззат, Мәдина кейінірек достасты олармен. Құрметті оқырман, осы жерде сәл-пәл алдын алып, түсіндіре кеткен жөн сияқты. Бәріміз де нашақорлар туралы көп естиміз, айтамыз. Алайда оларды көбіміз кинолардан көрсететіндей, газеттер мен журналдарда жазатындай, теледидардан беретіндей жағдайларда, жүдеп-жадаған, түр-тұрпаттарынан адам шошырлықтай күйге түскен жандар ретінде елестетеміз емес пе? Солай ойлайтынымыз рас қой? Бірақ олардың бәрі бірдей солай бола бермейді екен. Біз көбінесе қателеседі екенбіз. Шынтуайтына келгенде, бірыңғай, бір-біріне ұқсас, біз елестететіндей, біз ойлайтындай нашақорлар сирек екен. Есірткімен есіретіндер бірден білініп, бадырая көрініп тұрмайды екен. Сіздер мен біздер біржақты ұғынады екенбіз. Түсінбеушілік пен қателіктер осыдан туындайтын секілді-ау. Мәселен, біздің кейіпкерлеріміз − тоғызыншы сыныптың оқушылары. Алдымен Аянды, одан соң Айбек пен Асхатты «ЭксЭлитке» тартқан, бірте-бірте Саяны, Ләззатты, Мәдинаны қосып алуға әуел бастан әзірленгендер кімдер еді? Олар − Мақсат, Қайрат, Фарида. Шын аттары осындай. Бүгінде баяғы, өздерінің нағыз ныспылары айдалада қалып, «алпауыттар» арасында, «өзгеше өмір» ортасында Макс, Кай, Барби атанып кеткен нашақорлар еді. Біздің кейіпкерлеріміз алғашқыда мұндай мәліметтерден, құпиялау жағдаяттардан мүлде бейхабар болатын. Аян ғана аздап-аздап сезер-ақ. Кай — қаладағы үлкен басшының ұлы. Макстың әкесі алып кәсіпорынның бас директоры болған, кейіннен төмендеген бизнесмен. Барби — атақты әртістің қызы. Сырттай қарағанда, үшеуін де олай ойлауға, нағыз нашақорлар деуге жан баласы қимас та, иланбас та. Әлдекім сізге көрсетіп: "Солай да солай, шырағым" — десе, өзіңіз де ренжисіз. Сенбейсіз. Солай, ардақты оқушым. Кезекті бір отырыста "шөп-темекі" операциясы басталған. Кереметтей көңілді сәт соққандайтұғын. Бәрі бидің қызығына берілген. Барби бір шеттен бұрала билеп шығып, сиқырға буа жөнелген. Құйқылжыған сөз барған сайын үдеді. Барби басқа планетаның адамына айналғандай, жұмбаққа оранғандай. "Шөп-темекісін" әркімнің аузына апарып тоса қояды. — Шөп-темекі! Шөп-темекі! Шөп-темекі! Бір соршы... Шөп-темекі! Бір соршы! — деп әндетеді Барби. Әулекі әсерге елтімей қалу мүлде мүмкін емес-ті. Саз үні өршіп, тоғызы түгелдей өршелене билейді. "Шөп-темекіден" бір емес, екі емес, қайта-қайта сорғандарын да байқамас. — Достығымыз — мәңгілік. Дұшпан қалсын қаңғырып! — дейді Кай. — Мы жить будем бүкіл елді таң қылып! — деп ұйқастырады Макс. — Шөп-темекі! Шөп-темекі! Жадымда тұрар жаңғырып! — дейді Барби. — Бір соршы! Бір соршы... — Кәне, Барби әпке! Әкелші бері! — деді Аян. — Маған да! — деді Асхат. Айбек онша елтімеген секілді: –– Абайлаңдар-ей, — дейді сыбырлаңқырап. Оның сыбырына елең етер ешкім жоқ. Саз-сиқыр барған сайын құтырына түседі. Сусындарға әлдебір нәрселер қосылған ба, кім білсін-ай, кім білсін. Әйтеуір, тоғызыншы сыныптың ұлдары үдеп кеткен. Қыздар жағы да қалысар емес. Сая ғана селкілдек биге, секірмекке қосылғанымен, "шөп-темекіге" сиректеу барады. — Сен сорған сияқтанып, ішіңе тартпай-ақ қойшы, жарай ма? — деді ол Аянға сыбырлап. Алайда, Аян ақыл тыңдайтындай күйде емес-ті. — Неге сормаймын?! Неге ішке тартпаймын?! Менің ішімде не болып жатқанын білесіңдер ме?! — деп, Саяның өзіне дүрсе қоя берді. — Сорыңдар бәрің! Емдік шөп қой бұл! "Шөп-шылым" десе де болады! Емдейтін "шөп-шылым"! Мұнысы Макске де, Кайға да, әсіресе, Барби әпкелеріне қатты-қатты ұнаған. — Ой, жарайсың, Аян! "Шөп-шалам" емес, "шөп-шылым" дегеніңе рахмет! Бір соршы! — деді жұлқына билеп келіп. Әлденуақта Аян Саяға қарата жақындап барды. Иығына өзімсіне қол салды. — Саечка! — деді қолын артқан күйі. — Қазақша сөйлейік те, — деді Сая. Әрине, сыныптасының өзімсінгенін, еркелегенін шеккі көрмеді. — Саятай, сен қоянжүрек, қорқақ емеспін деп едің ғой, — деді Аян. — Жоқ, қоянжүрек емеспін. — Онда "шөп-шылымнан" шошыма! — Жарайды, шошымайын. — Әне, Ләззат пен Мәдина да үйрене бастады. Бәрінің көңіл-күйлері қалықтай биіктеп, шырқауға шығандады.Бір-бірімен ешқашан айырылмастай, ешкім ажырата алмастай достасқандарын, ұғысып-жұғысқандарын, терең түсініскендерін білдірісіп, серттесіп тарасқан. Бұл кезде қыс ортасынан жаңа ауған еді. Сонда да жазға бергісіз, май тоңғысыз, айлы түндер ғажап-ты. Оқтын-оқтын жауатын жұқалтаң қар жылдам еріп кететін. Айдың сүт сәулесіне малынған мәжнүнталдар ғана мұңнан айықпас. Балжан Бөкенқызына осындай жылы түннің өзі аса суық, сұрықсыз сезілер. Ай сәулесін алдамшы адамдай жаратпас, таза ауа тыныс тұншықтырардай ауыр секілді. Аянды күтумен көз ілмейді көбінесе. Сырттан қадалыңқырап қараған кісіге алып коттедждің үшінші қабатындағы үлкен терезеге жабысып тұрған сұлба білінер еді. Біраздан бері осылайша қарауытып, қабарып, құр сүлдеге айналып күтетінге кеткен-ді. Біресе күрсінеді, біресе егіліп жас төгеді. Беті-жүзін умаждай уыстайды. Шашын жұлмалайды. Әлдебір дыбыс естілгендей болса, жанұшыра жүгіріп, төменге түседі. Сүрініп сыртқа шығады. Қабынып қақпаға жетеді. Қолдары қалтырай есікті ашады. Ешкім жоқ... Қалқайып, сүлдері сүйретіліп, кері оралар. Екінші, одан үшінші қабатқа көтерілер. Сонсоң сұлбаға айналып, ою-өрнегі өзгеше терезеден төмен телмірер.
Кай, Макс, Барби және Аян
Кай атанып кеткен Қайраттың әкесі қаладағы үлкен басшылардың бірі екенін ескертіп өткенбіз. Үлкен-үлкен, ірі-ірі зауыттар тоқтап, тоқырап, жұрттың көбі жұмыссыздыққа ұшырағанда, ол кісі алдағыны алғырлықпен болжаған екен. Сөйтіп, алып кәсіпорынның негізгі бөлігін икемдеп, иемденіп, бірте-бірте жекешелендірген. Әрине, бәрі –– бала-шағаның, атап айтқанда, Кай-Қайраттардың және келер ұрпақтарының қамы. Деседі ғой әлгіндейін әкелер. Кай-Қайраттардың үй-жайларына Аян Сексеновтің өзі де таң-тамаша қалған. Коттедждің қаншама сорттарын сырттарынан да, іштерінен де көріп-ақ жүрген сияқты еді. Мына құрылыстардың, қабатындағы қат-қат құбылыстардың теңдесі жоқ шығар. –– Емін-еркін кіре беріңдер. Предкилер жоқ. Канар аралдарында. Әлі бір апта келе қоймас, –– деді Кай. –– Пах-пах, шіркін-ай! Біздің пахан да бас директор боп тұрғанда ше, екі рет Антальяға, екі мәрте Тайландқа барған ек, –– деді Макс. –– Бүгінде бәрі бұл-бұл ұшты ғой бұлдырап... –– Бұлдырап-бұлдырап... Таусылма бұлай құлдырап! Бір соршы! –– деді Барби- Фарида. –– Болсаңдаршы тезірек, шыдай алмай барамын. Бұдан әрі үшеуі де шаншылмаққа шыдамсыздана кіріскен. Бір-біріне көмектесіп, инелерін асыға-аптыға қабылдасқан. Аян бөлмелерді аралап жүріп, адасқан. Кейінірек серіктестерін тапты. Ол-дағы шприцке жармасқан. Ұстаздары өзге бөлмеге кетіп, бұл оңаша қалған. Өзінен-өзі күбірлейді. Өзін-өзі тістене қайрайды: –– Біздің әкеміз әлі мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Жете алмайда да. Соның өзінде мамам екеумізді менсінбейді, адам деп санамайды. Біздің үйдің іші суық қой, суық... Жоқ, ыстық-ақ, ыстық болғанда қандай! Қыстай қайнап тұрады. Сонда да суық... Мына Кайдың үйі де қайнап тұр... Өздеріне суық сезіле ме екен? Әлде жылу, жан жылуы, жүрек жылуы бар ма екен? Аһ, жылытшы... Жылытшы жанымды-ай, шіркін-ай... Шаттыққа бөлеші мені, мәртебелі инем... Ине-е-е-ем... Аһ-аһ-аһ! Қарсы бөлмеден шығып, Аянның «кәйіпке» түскенін қызықтаған Макс сықылықтай, сонсоң сақылдай күлген. Оның даусын естіген Кай мен Барби сергектене, секіре-секіре шыққантұғын. Үшеуі Аянға асқан ризалықпен көз тастаған. –– Аян еді, шаян болды. Достығымыз –– мәңгілік! –– деді Макс билегісі келіп, жұлқынып. Барби музыка қосты да Аянға үңілді: –– Сорлы сорадан бастап соларды-ау, ә? Жылдам жетілді ғой, өзі, а? –– деді ол. –– Адам қатарына жаңа қосылған баланы олай қорлама. Сорлы деме! Барби ханым! –– деді Макс. –– Бұдан былай аузыңа алмағын сорлы деген сөзді. Антыңа адал бол! –– Қойдым-қойдым, басеке! Аздап аяп Аянды, толқыңқырап кеткенім ғой, –– деді Барби. Өзі өкшелерін биге икемдеп, қымбат бағалы паркет еденге дік-дік қадай қайта секірді. –– Бастаймыз! –– деп айқайлады Макс. –– У-у-ух! –– деп қосылды Кай. Үшеуі үш жақтан ортаға қарай аласұра билеп шығып, бастарын түйістірді. Сол күйі шыр айнала секірісті. Бидің бұл түрі біразға созылды. Сәл дем басар сәттерінде: –– Қатарымыз көбейді! Патроннан алғыс естиміз! –– деді Кай. –– Анау үш қыз бен Айбек дегендері тым пысық, қу екен. Марихуананың өзіне аса сақ қарайды-ей! Сақтанады-ей, бәлелер! –– деді Барби. –– Асхаттары жалаңаяқ екен, жәрдемімізді аямайық, –– деді Кай. –– Асхаты біздікі. Ал енді Айбегі мен қыздарына давить етпек керек-ау? –– Асықпайық. Артық қыламыз деп тыртық қылып алмайық. Арбамен қоян алған ләзім, –– деді Кай. Макс шалқая билеп, шашала күлді кенет: –– Пах-пах, поэзия! «Ләзім» дейді біздің Кай! Пай-пай! Нашақор боп, қор боп жүрсің дә-ә-ә. Әйтпесе, шаһарымыздағы шайырлар көшін бастар ең. «Ләзім» дейді-і-і... –– Ақындықтың қорлығынан гөрі есірткіге есіргенім көш ілгері емес пе? Бақытымнан айырмаңдар, беу дүние! Шайырлықтарыңды бастарыңа шайнап жағыңдар, –– деді Кай. –– Қайыршылықта нем бар-ей, ақын болып... –– Мына бала өліп қалмай ма? –– деді Барби. –– Бірден қатты кетіп қалмады ма? –– Қайдағы! Қайдағы өлге-е-е-ен?! Бұл қазір нағыз жұмақта. Сол жақты қимай, кері оралғысы келмей жатыр. Барби барып саз әуенін өзгертті. Үшеуі аласұра аптығып билеуге қайта кірісті. –– Бірің –– «пушер» болғанда, бірің –– «дилер»-ай! Бұл Барбиің жұлынып, қашан билер-ай?! –– деп, ол Макс пен Кайды одан әрмен еліттірді. Сәлден соң бұларға оянған Аян қосылған... ...Ол өз үйіне оралғанда, таң атып үлгерген-тін. Алғаш тұла бойы тоңазып, одан бірден ысып, терлегендейтұғын. Таксиден түсіп, қақпаға жақындағанда, денесі шаншыма дірілге буылды. Онысы кенет сап тиылып, ешқандай ой да, уайым да, ұялыс та қалмаған. Жан-дүниесі мүлде бос, тек сырты қаупиятындай. Өз кілтімен өрнекті есікті ашты. Алдынан жылап-еңіреп шешесі шықты. Бет-жүзінің мыж-тыждана, мүлде өзгеріп кеткені, ақ аралас шашының шошынарлықтай қобырағаны, жүдеп-жасығаны, тағысын-тағылары баласына титтей әсер етпеді. Анасы аңырай боздады. Аяғына жығылды Аянның: –– Жа-ры-ғым... Жа-ным |