ӨМІРДЕРЕК
Жазушы, драматург Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Үш жыл әскер қатарында болған. 1968-1973 жылдары Түлкібас аудандық «Шамшырақ» – «Маяк» газетінің редакциясында корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып істеді.
1984-1985 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт нұсқаушысы, 1985-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда) бөлімшесінің жауапты хатшысы, төрағасы болды. 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-1998 жылдары облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001 жылғы тамыздан басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылғы ақпан айынан бастап ҚР Ақпарат министрлігі ОҚО бойынша Ақпарат басқармасының бастығы, 2005 жылғы қаңтардан 2008 жылдың мамыр айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнаулы тілшісі, 2012-2016 жж. «Қазығұрт КZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды.
М.Байғұт көп жылдан бері Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі болып сайланып келген. Оның «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Жоғалған жұрнақ», «Киікоты», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие» кітаптары жарық көрген. Олардың көпшілігі «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» республикалық баспалардан жарық көрген.
2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр сахнасында қойылған. «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы республикалық байқауда бірінші орын алған.
Қаламгердің шығармалары орыс, украин, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха тілдеріне аударылған. Өзі Василий Шукшиннің, Юрий Покальчуктің, Анатолий Кимнің, Уашингтон Ирвингтің, Екатерина Андреевнаның туындыларын қазақ тіліне тәржімелеген. 2015 жылы Туркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.
Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының үш дүркін иегері. Ол – облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1993-1995 жылдары облыстық кеңестің Грамотасымен, 1996 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2007 жылы «Ерекше қызметі үшін» медалімен және Қазақстан Мәдениет ақпарат министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.
2007 жылы М. Байғұт «Ерекше қызметі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
2007 жылы Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы берілді.
2009 жылы «Қазақстан Құрметті журналисі», 2010 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік степендиясының иегері атанды.
2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марапатталды.
2011 жылы аудан басшылары мен мәслихат депутаттарының шешімімен Мархабат Байғұт Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды.
Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін жазушы 2017 жылғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері.
2021 жылы «Барыс ордені» мен марапатталды.
М.Байғұт – республикаға кеңінен танылған жазушы әрі журналист – публицист. Ол әдебиет пен журналистиканы дамытуға, жас кадрларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Әдебиет пен журналистика саласында түрлі талқылаулар, облыстық, республикалық, халықаралық жиындар, конференциялар т.б. маңызды шаралар ұйымдастыруға аянбай күш – қайрат жұмсады. Әлеуметтік – экономикалық, жас ұрпақ тәрбиесі, мәдениет пен өнер, әдебиет, адамгершілік тақырыптарындағы көкейтесті материалдары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері мен журналдарда жиі жарияланды. 1991 жылы Саха Республикасында, 2000 жылы Түркияда, 2004 жылы Қырғыз Республикасында арнайы делегация құрамында болған. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына байланысты «Ұлылыққа – тағзым» акциясы аясында «Сайрам – Түркістан» жаяу сапарына қатысты.
2022 жылы 22 қараша күні 77 жасқа қараған шағында жазушы, драматург, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт өмірден озды.
|