Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

БІР АУЫЗ СӨЗ...

«Адам – Алланың сүйікті құлы. Адамдарды жақсы көрмегіміз ләзім. Өз басым адамдарды жақсы көремін, кез келген адам туралы жаман ойлап, жаман сөз айта бермейтін секілдімін. Адамдардың бір біріне де, өзгелерге де мүмкіндігінше түсіністікпен қарағаны абзал. Шүкіршілік, шығармашылығымыздың негізгі арқауы – адал адамдар туралы, адалдыққа тәрбиелеу хақында. Тіпті, тікелей «Адал адам» деген дүнием де бар.»


«Алла тағаладан мейірім мол ғой, адамдардың да пейілі кең болғай да»


«Арманым – «балаларды баурап, жастарды «жаулап» аларлықтай кітаптар шығару».


«Ақ желкеннің» оқырмандары кітап дейтін киелі әлемді ең бірінші орынға қоя білсе дер едім.


«Ақша-құдай дүниежүзілік нарықты билеп тұр. Өлшем өзгерген. Қанағат, Абай данышпан айтқан қанағат, қандай күйде қазір? Бұл туралы ойлануға мұрша жоқ сияқты.»


«Бай – баймын деп зорланса, кедей – кедеймін деп қорсынса, ол қоғам - әділетсіз.»


«Бастық» деген сөз «бас тығып» алып, шірену, ішіп-жеу емес, «бас тігуден» шыққан, халық үшін, ұлт үшін, тіл үшін бас тігу дегенді білдіреді. Өз басым, әсіресе, тіл мен ақпарат саласындағылар биліктемін, бастықпын деп шіренбей, өздерін тілдің, халықтың, ұлттың қызметшісі деп сезінуге парыздар деп санаймын».


«Біз Ордабасыға оралдық. Ойланып барып, кешегі һәм бүгінгі, әсіресе ертеңгі халкүйімізді таразылап барып оралғандаймыз . Ләйім, баянды болғай да. Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алу күндері - алаштың айтулы тойы, күллі қазақ жерінде бұған дейін өткен той-мерекелер Ордабасыға келер жол болғандай, бұдан кейін өтетін мереке-тойлар осы Ордабасының жалғасына айналар».


«Біздікі - әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қосылсақ деген мақсат.»


«Бір ел – бір кітап» акциясы үшін биыл Абайдың қара сөздері таңдалды. Бұл – ғажайып таңдау. Абай әлемі – мәңгілік рух қайнары. Әр қазақ Абайдың сөзін оқу керек.


«Елу елдің қатарына ұмтылған жас мемлекетіміздің бүгінгі, ертеңгі ұрпағы халқының тегін, тарихын жан-жақты жетік білгенде ғана өз Отанының нағыз патриоты бола алады.»


«Елулікке ену стратегиясы –– серпінділік стратегиясы, секіріс стратегиясы».


«Жазушы да пенде , ол да ет пен сүйектен жаралған»


«Жазушылық – кәсіп емес, өзгеше өнер».


«Жастардың өмір сүру үрдісіне тегеурінді рухани мағына беру» арқылы бетбұрыс жасамасақ, бәрі бекер дегім келеді. Өз басым осы «тегеурінді рухани мағына беру» жағындамын. Жастарды, балаларды кітаптар мен газет – журналдар оқуға баулу барысындағы жұмыстар отбасы мен мектептен бастап тегеурінді түрде, пәрменді әрекеттермен, мықтап қолға алынуы керек.


«Жиырма жыл уақыт бұрын жас қазақты Желтоқсан көтерілісіне алып шыққан кім еді, не еді дейміз. Желтоқсанның ең басты бастаушысы –– тіл. Біздің туған тіліміз, түркі текті қазақ тілі! Желтоқсан дүмпуінің күллі психологиялық және философиялық табиғатына үңілсеңіз, оның арқауы ана тіліміз болғанын аңғарасыз. Қысқы шілдеде, қарлы боранда қытымыр-қарау хабарды құлағы шала сала-ақ жас қазақ ең алдымен ана тілінің тағдырын ойлады. Желтоқсан жас санада сұрапыл сілкініс тудырып, ұлтқа деген ұмтылыс, тілге деген құлшыныс қоздатқан».


«Кісілік келбет адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа, іскерлік пен ізденімпаздыққа, білім-білікке саяды ғой, ал, болмыс – бүкіл жаратылысыңыз, бітім-бейнеңіз.»


«Кітап оқу туралы ойланбасқа болмас. Кітап оқу жайын айта бастасаңыз, біреу таңырқар, екеу табалар. Алайда, қазір кітап әлеміне қайта оралу, бетбұрыс пен ұмтылыс жасау мәселесі бізде ғана емес, бірталай елдерде парасатты түрде пайымдалуда».


«Көре алмаушылық деген бәле іштарлықтан шығады. Осы кесапатты дерт, кесірлі сырқат меңдеп кеткен секілді. Мұның себебі өте көп және тым тереңде. Өлшем өзгерді, ақылды ақша билеп алды, өзімшілдік пен өркөкіректік асқынды, тағысын тағылар. Әр адам өз ішіне өзі үңіле білмегі, іштарлығын құштарлыққа жеңдірмегі ләзім. Ол үшін ең алдымен ұлттық көркем әдебиет жауһарларына қайта оралу керек. Орала аламыз ба? Гәп пен кеп осында».


«Мақал – дегеніміз халықтың тұрмыс-тіршілігінен, дәстүр-салтынан, күллі тәжірибесінен қайнап, қорытылып шығатын қағидалар.»


 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу