БІР АУЫЗ СӨЗ...
Шымкенттің жөні бөлек, жосығы ерек. Туасы, шаһардың зәулім ғимаратына емес, топырақ пен жапыраққа, жапырақ-жүрек жандардың тағдырына көбірек көңіл қоймаққа керек.
Шынтуайтына келсек, бүгінгі адамды бүгінгі адам дәрежесіне жеткізген әуелі Алла тағаламыз, сонсоң кітап қой! Әттең-ай, осыны ұмытып, кітапханаға, кітапханашыға, кітапқа үстірт қарайтынымыз, көп ретте менсінбейтініміз қиын-ақ. Кітап пен кітапханашы дегендеріңіз, адамның айуанға айналып кетпеуі үшін, мына қым-қуаттанған, қатыгездігі басым, Ақша-Құдайдың құдіреті белең алып, апшып-шапшып тұрған күрделі, күрмеуі көп заманда пенде шіркіндердің жан-жүрегінде мейірімнің мұқым-мүлде жойылып, жоғалмауы жолында еңбек етеді. Ғылыми негізді нығайтпаққа, білімділік пен біліктілікті биіктете түспекке күш жұмсап, тер төгеді.
Ынтымақ – ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы қайталаудан танбаған, айтудан жалықпаған қасиетті ұғым. Киелі сөз. Ынтымақ – сақтардан сақталған, түркілерден тамыр тартқан, Алашыңыз асылдаған, қазағыңыз қасиеттеген қастерлі аманат.
Қазақ дегеніңіз – данышпан халық. Әр сөзінде, әрбір жалғауы мен жұрнағында өзгеше мән-мағына болады. Терең тарих жатады.
Қазақ елі, қазақ ұлты үшін кітап, кітапхана, әдебиет және оқырман мәселелері жөнінде, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, әр қазақ жеті қазақтың жауапкершілігін арқалап, ауыр-ауыр тірліктерге иықтарын тоспаса, бәрі бекерге айналмақшы.
Қазақ елінің, қазақ жерінің қарыс-сүйеміне дейін қасиетті де сүйікті болмағының себебі белгілі. Асыл текті ата-бабаларымыз ай¬тып кеткен. Қазақ баласына қазақ жерінің қай тұсы, қандай аймағы, нендей өңірі де етене, қымбат, киелі.
Қазақ сахна өнеріндегі өзгеше бір шоғыр – отызыншы жылдардың төлдері қатарынан суырылып шыққан таланттар тобы. Жарық жұлдыздар шоғырында Әнуар молдабеков, Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, тағы басқалар бар.
Қазақ та өркениетке ұмтылады. Дегенмен, біздің ұлт – жер бетіндегі ең көркемниетті ұлт.
Қазақ әдебиеті - әлем әдебиетіндегі елеулілердің бірі. Қазақ қаламгерлері қай кезде де ұлтын ұятқа қалдырған жоқ.
Қазақ – көркемниетті ұлт.
Қалай болғанда да, тіпті, түрлі-түрлі кезенейлі кезеңдерге, қымбатшылыққа, қоғамыңыздың қуаты, адамыңыздың ұяты азайып кеткендей, адами затыңыздың жаны, қарым – қатынасы қатігезденіп, тек есеп-қисапқа ғана құрылып, бар-баршаңызды Ақша-Құдайға ғана табынып кеткендей болып көрінетін кездер де, солай сезілетін сәттерде де Тәуелсіздікке тәубе дейсің. Алла алдан жарылқағай дейсің.
Қалам иелерінің негізгі парызы – адамдарды адам күйінде сақтап қалуға қызмет ету.
Қаламгер деген атымыз болған соң жүрек сыздатар мәселелерді жазу – міндетіміз.
Қанағатсыздық пен қайырымсыздық кеуделерінде қойындасып түнейтін тойымсыз обырлар мен жебірлер, сатқындар, опасыздар көбейіп барады. Ерен тұлғалардың құныққан өрен-жарандары сол ерен тұлғалардың өздеріне ғана емес, ұлтымызға, тілімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндіруде. Жанайқаймызды біреу түсінер, екеу түсінбес. Алайда, айту, жазу – біздің басты парызымыз.
Ұлт болмаққа ұмтыл, қазақ өйткені, мына дәуірде ұлт болып қалудың өзі ұлылық.
Ұлттық көркем әдебиет – ұлттың уызы.
Ұлы ұстаздарымыздың бірі әрі бірегейі Зейнолла Қабдоловтайын асыл ағамыз әдебиеттің әр сабағына кірген сайын: «Әдебиет – ардың ісі», - деп кіруші еді. Сол кісінің сөзін жандандырсақ, жыр жазбақ – жүректің жұмысы дегеніміз жөн шығар.
Әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін ғана емес, тарихымыз үшін де А.С. Пушкин сынды алыптың қазақ жерінде болғаны – қымбат қазына.
Әлемдік өркениетке ілесе отырып, ұлттық көркемниетімізді мүмкін болғанынша сақтап қалмаққа жанкештілікпен жанталасуымыз жөн.
Әмбебап әдебиетшіге айналмақ – азапты ізденістен. Әдебиеттің бір қыры – тілдік материал, екінші беті – танымдық ішкі мазмұн.
|