Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

ТҮРКІСТАН – ТЕКТІ ТӨРІМІЗ

     Өткен жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, Әз Наурыздан қыраулы қараша айының соңына дейін небір ірі-ірі, іргелі де ізгілікті іс-шаралардың өткені белгілі. Солардың бірталайына қатысып, тәнті болдық. Күллі түркі халықтары өкілдерінің басы қосылғанда, олардың Түркістандайын текті шаһарды, теңдесі жоқ шайырымыз, данышпан діндарымыз, терең ойшылымыз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың көк күмбезді кесенесін аралағандағы толқынысы мен қуанышын көріп, көп нәрсеге көз жеткізіп, көңіл суардық.
     Мәселен, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» акциясы алғаш ашыларда «Қош келдің, Әз Наурыз» мерекесінде отызға жуық түркі елдерінен келген өнер иелері өздерінде жаңару, тазару, жаңғыру күнінің қалай аталып өтетінін айшықтап, жан-жақты бейнелеп жеткізді. Шаһар орталығындағы Есім хан алаңындағы түгел түркінің Наурызы бағзы замандардағы бабалар аманатын жүректер арқылы жеткізіп жатқандай әсер етті. Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев үш тілде – қазақ, түрік және орыс тілдерінде мән-мазмұны терең сөз сөйлеп, Елбасының ерен ерлігінен бастап, түркі дүниесінің осы замандағы ұмтылыстары мен құлшыныстары хақында сыр шертті.
     Мінекиіңіз, жақында ғана шырайлы Шымкент қаласына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе беріліп, өңірдің орталығы түркі әлемінің текті төріне ауыстырылып, облыс атауы Түркістан болып өзгертілді. Осынау орасан зор оқиғалардан бірер апта бұрын мемлекетіміздің мақтанышы аталатын Мақтаралда Жетісай, суы шипалы, топырағы құйқалы Сарыағашта Келес аудандары ашылып, шұғылалы аймақтарға шаттық шуағы шашылған-тұғын. Тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалықтар елдің, ұлттың, халықтың ата-бабалар аманатына деген адалдығынан, Елбасының болашақты болжай білген көрегендігінен туындап отыр. Өзгеше өзгерістердің бәрін алтын құрсақты аймақтың халқы рухани жаңғырудың нақтылы нәтижелері ретінде бағалауда.
     Біздің көз алдымызға былтырғы, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген өнегелі шаралар келді. Түркітектес туыстарымыздың шат-шадыман күй кешкен, жанарлары жасаурай толқыған сәттерін, ыстық ықыласпен, шын тілеулестікпен Түркістан шаһарының атына айтқан лебіздерін ойға оралттық.
     Сонымен, Түркістандайын облыс орталығында қызу жұмыстар басталып та кетті. Алғашқы ғимараттардың, әкімшілік-іскерлік орталықтардың орындары белгіленіп, қыруар құрылыстардың қазықтары қағылып, іргетастары да қалана бастады. Қазіргі заманда уақыт жылдам жылжиды. Бір сағатты да босқа жіберуге болмайды. Қоғамдық-саяси, мәдени-рухани іс-шаралардың облыстық деңгейдегілері түгелдей дерлік Түркістанда өтетінге айналды.
     Есім хан алаңында әлденеше мың адам жиналып Түркістан облысының тұңғыш мерекесі ұйымдастырылды. Елбасының Жарлық жариялап, Түркістан облысы мен Шымкент мегаполисі хақында мағлұмдаған мазмұнды сөзі алып экраннан көрсетіліп, жария етілді. «Ән мен әнші» атты әйгілі жоба бойынша қазақтың талантты ұл-қыздары өнер көрсетті. Президент Жарлығымен алғаш рет белгіленген Ұлттық домбыра күні де Түркістанда тұңғыш мәрте тойланып, мыңдаған домбыраның күмбірі көк күмбезді кесене асқақтаған биіктерде шалқыды. Түркістан облыстық мәслихатының сессиясы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген басқосу сияқты алқалы жиындар да текті төріңізде бұрынғыдан басқашалау райда, жаңашалау шырайда жүзеленді.
     Өңіріңіздің өрісі кеңейді. Өміріңіздің өресі биіктеді. Терең түсінген, түйсінген, сезінген жандарға тап осылай, әрине. Әлбетте, Астанаға көшерде Алатау баурайындағы ару Алматыны қимағандай, шырайлы шуақты, жылы да жайлы Шымкентті қимайтындар да аз дей алмаймыз. Оны айтасыз, Оңтүстік Қазақстан облысы дейтұғын атауды да қимай жүргендер көп. Ондай-ондай бауырларымызды да түсінуге әбден болады. Қимастық – қасиетті сезім. Алайда Алаш ардақтылары, олардан бұрынғы бағзыдағы бабалар ту етіп көтерген Түркістандайын текті ұғым – ұлы ұғым! Түркістан дегенде Түркі қағанаты, түркі жұрты, түркі әлемі, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тамырымыз қанымызды қоздырып, рухымызды асқақтатпағы абзал. Рухани жаңғыруымыз тектен, түбірден, тамырдан қайнап, қайнарланбағы ләзім-дүр. Түркістан облысының құрылуы тек Түркістан қаласы мен шаһар төңірегінде тұратын жұртшылықтың ғана емес, ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке атанған өңір халқының қала берді тұтас қазақтың, түгел түркінің қуанышы!
     Түгел түркі әлеміне қымбат, қасиетті тұлғамыз – Ясауи бабамыз: «Іштүгіне қулық толғандардың, көкіректерінде ар-ұят солғандардың жүректері дірілдемейді, жандары тебіренбейді» деген. «Түркістан» газеті алғаш дүниеге келгенде қазақтың, түркі туыстарымыздың қалай қуанғаны жадымызда жаңғырады. Қазақтың Қалтайы – Мұхамеджанов көкеміздің көздері мұң мұнарынан арылып, ақжарылқап күй кешкенін көргенбіз.
     Түркістан қаласының келешегі де жиырма жылдығын мерекелеп жатқан Астанамыз сияқты кемел де көркем екені аян. Таяудағы бес-он жылдың бедерінде Түркістан түлеп шыға келеді. Бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтай білсек, жұмыла жұмыс істесек, ел мен жер тағдырына жоғары жауапкершілікпен қарасақ, осы Оңтүстігіңізден он бес, жиырма жылда және бір облыс ашылып, оның орталығы Сарыағаш немесе Жетісай немесе Шардара болуы да бек бәлкім.
     Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық!


Үндеу туралы ой – пікірі

     «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық!» деп аталатын дүние ғой ол. Түркістан облысы ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық Қоғамдық кеңестің Үндеуі. Мен ол Үндеуді алғашқы алқалы басқосуда және облыстық Қоғамдық кеңестің сол Түркістанда тұңғыш рет өткен отырысында оқыдым. Тыңдағандардың ойланғаны, әсерленгені рас. Оны барша тұрғындар, жасамыстар да, жастар да оқыса ғой. Ойланыңқыраса ғой. Дейсің.
     Үндеуде көп нәрсе айтылған. Өкінішке қарай, ел арасында әлі де болса алауыздықтың, күншілдіктің, керітартпалықтың көріністері көп екені, қасақана ғайбаттау мен өсек – аяң, сыбыр – сыпсың, күбір – күпсің бықсытатындардың, әдейлеп бөле – жарып, бірлікті бүлдірмекке, ынтымақты ірітпекке тырысатын жымысқылықтың, көрсетілген.
     Еліміздің, ұлтымыздың тағдыр –талайы мен тарихына тереңірек мән бере қарасақ: арызқойлық, алауыздық, рушылдық, іштарлық сияқты жаны жомарт қазаққа жат қылықтар, жұқпалы кесел – кесапаттар жүздеген жылға созылған отаршылдықтың, басқыншылықтың, «сексеуілдісексеуілімен ұрып талқандау» сияқты сұрқия саясаттың, ақкөңіл де аңғал қазақты жер бетінен жойып, қазыналы да құйқалы, құнарлы жерін иемденуді кқздеген империялық іштарлықтың туындатқан тақсіретті де қасіретті қалдықтары, сұрапыл сарқыншақтары екені ескертілген. Үндеуде. Шынында да империялық іштарлықтың, отаршылдық ойрандаудың зардаптарынан елуден астам түркі халықтарының жартысына жуығы жойылды.


Мархабат Байғұт,
жазушы


ӘҢГІМЕСІ РОМАН ЖҮГІН АРҚАЛАП...

       Мархабат Байғұт. Бұл есім әдеби-рухани ортада ғана емес, қалың жұртшылыққа көптен бері белгілі. Көркем әңгімелері мен эсселері, өткір публицистикалық дүниелері газет-журналдарда жиі жарияланады. Жазушы қаламынан дүниеге келген кітаптардың өзі бір шоғыр. Сонымен қатар халық сүйіспеншілігіне риясыз бөленген талантты жазушы жайында жарық көрген «Сөз мүсіні», «Махаббат мақам Мархабат», «Марғасқа» атты кітаптардың да жөні бөлек.
       Д.Исабеков атап көрсеткендей: «Әдебиетте өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан жазушы». Профессор, әдебиеттанушы-ғалым Керімбек Сыздықұлының пайымдауынша: «М.Байғұт өзінің алғашқы туындыларымен-ақ оқырман жұртшылықтың, әдеби қауымның ықылас-пейілін бірден аудара білді».
       Иә, қалың оқырман қауым «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған Жұрнақ» десе, елең ете қалатыны жасырын емес. Бүгінгі күннің әңгіме реті сәл бөлектеу, жазушы Байғұттың жаңа заман тақырыбындағы шығармалары жайында ғана. Оған себеп болып отырған – «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағы. Көлемі 444 бет, 27,5 баспа табақты құрайтын, ұзын-ырғасы 35 әңгімеден құралған кітап 2015 жылы «Жебе» баспасынан жарық көрген. «Әңгіме – әулие жанр» деген қағидатты биік ұстайтын жазушының бұл жинағында бүгінгі заманның, бүгінгі қоғамның, бүгінгі адамның нағыз шынайы бейнелері көркем кестеленген. Бұл – құптарлық әрі қуанарлық құбылыс. Ендеше біз де Мархабат Байғұт шығармашылығының кешегісін емес, бүгінгісін айтуды жөн санадық.
       Жазушы қоғам тынысына сергек қарайды, ұдайы үн қатып отырады, ойтолғақ арқылы оянуға шақырады, сол себепті де ол жайында жазылған «Егемен Қазақстандағы» төмендегі пікір біздің бұл ойымызды айғақтай түседі: «Мархабат Байғұт өткір де өзекті публицистикасымен, толғақты ойларды арқау еткен мақалаларымен, бүгінгі күннің тақырыбын көтерген көркем кестелі әңгімелерімен оқырмандарға жақсы таныс».
       Міне, шығармалары орыс, түрік, украин, өзбек, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған қаламгер, әңгіме жанрының әйгілі шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған көрінеді. Шын қуандық.
       Қазіргі қоғам мен өркениет көшіне ұмтылған тәуелсіз еліміздің бет-бағдарын айқындайтын жайттың бірі сайлау екені аян. Жазушының дәл бүгінгі күннің ең өзекті, ең бір жан ауыртатын тақырыптарының бірі – сайлауды «Кандидаттың имиджі» атты әңгімесі арқылы бейнелеуі өте шынайы. Партия, сайлау жайында айтылған әңгімелердің төркіні тереңде жатқаны аян. Ұлы Абай «Болды да партия, ел іші бүлінді» деп күйінсе, өткен ғасырдың басында өмір сүрген Молда Мұса (Мұсабек Байзақов) «Сайлау деген елге бір бүлік шықты» деп тіпті ащы айтады. Әрине, кешегі сайлау мен бүгінгі сайлаудың айырмашылықтары көп екені түсінікті. Ең бастысы, кешегі қасіреттер бүгін қайталанбауға тиісті. Сондықтан да жазушының осындай аса күрделі, ұлт мүддесін, халық қамын ойлап жазған шығармасының мәні мен маңызы зор. Шығармадағы ерекшелік кейіпкерлер әрекеттерінің иланымдылығында, бүгінгі заманның, қоғамның талаптарына сай өзгерген психологиялық құбылыстарды көркем бейнелей білуінде. Өзінің қабілет-қарымына, айналасына сүйенген кандидат қыза келе халықаралық деңгейге дейін ұмтылып, инвестиция тартуға да қол жеткізеді. Сайлауалды доданың өзінде орасан зор жетістікке жеткен кандидатымызды шетелге соңғы сапары, сол сапар барысындағы кездейсоқ жағдайда қызымен кездесуі мүлдем өзгертіп жіберді. «Кандидатыңызға енді бүкіл дүние, жалпы әлем, күллі тіршілік мәнсізденіп, дәмсізденіп кеткен еді. Депутат бола ма, болмай ма? Сайлана ма, сайланбай ма? Нәніпәтір». Бұл не құдірет? «Вариант» кафесіндегі мәжіліс шайдан басталып, тау ішіндегі бұлақ бастауындағы сан-алуан кездесулер, ай емес, күн санап көтеріліп келе жатқан имидждің бәрін жиып қойып, мұндай күйге түсірген құдіреттің жауабын табу оңай емес. Кеңесші, менеджер, журналистер, т.б. көмекшілер жасаған еңбек зая кеткені ме? Кандидат кешегі кеңестік қоғамның кезінде талай жауапты қызметтер атқарған, азат елінің аудан әкімі дәрежесіне дейін жеткен. Кешегі күндеріне деген аңсары, сағынышы да бар, аяулысы да бар, сол сезімге толы күндердің, «махаббат, қызық мол жылдардың» тірі куәгері ретінде кездейсоқ кездескен қызы бәрі-бәрін «нәніпәтір» етіп жіберді. Болашақта мықты депутат болатын-ақ кандидат кенеттен өзгерді. Оның өзгергеніне оқырман ретінде әрі қиналасың, әрі қызығасың. Бұл – жазушының тосын да тың шешімі. Жазушы үшін басқа да шешімдер мол еді ғой, алайда ол осы жолды таңдаған. Адамзат баласына мына дүниедегі мансап, қызмет, билік, т.б. адам қызығатын биіктердің бәрінен де сезім, махаббат, ұрпақ қызығы қастерлі деген аса қасиетті қағиданы астарлай ұсынып отыр. Өкініштісі, алдамшы дүниенің жалғандығына бой ұрып, ұрын жүретін жағдайымыз жетіп-артылады.
       «Крест» әңгімесінің атауы да, оқиғасы да қызғылықты. Жетім көрсе жебей жүретін қазақтың кеңпейіл азаматы Бісмілләнің образы аса сәтті шыққан. Тула жерінің жетімегі Андрейге тіл үйретіп, жарапазан айтқызып, уақыт өте сүндеттеп дегендей, мұсылманшылық жолдың бәрінен өткізеді. Стансадағы теміржол бойында тұрған әлдебір бейәдеп, байшыкештеу топ балаға жазылмастай соққы берді. Ауыр дерттен айыға алмаған бозбала Андрей мерт болды. Бұл әңгіменің де аңғартар астарлары қат-қабат. Ақырында ақыл-есі ауысқандай күйде жүріп қайтыс болған Андрейдің уысынан, яғни тастай жұмулы жұдырығының ішінен крест шығады. Шынында да қазақы ауылға келіп, бейкүнә жанына көп дауа тапқан, өз еркімен сүндеттелген баланың о дүниеге өз кресімен кетіп бара жатқаны оқырманды қайран қалдырады. Қатты ойлантады. Андрей баланың алақанындағы крест арқылы бәрімізге ой салып тұр. Өз дінінің шын жанашыры болып, бодан елінің имани қасиеті мен рухани бостандығын сақтап қалу үшін күрескен Науан хазіретті патша үкіметі жер аударып жіберген және діндарымыз сол сапарында мерт болып кеткен. Бүгінгімізге не жорық? Ел аман, жұрт тынышта өз дінімізден өзіміз жеритін халге жеттік. Ойлы жанның жанына сәуле үмітін жаққысы келген жазушыны тереңірек түсінуге тиістіміз. Тіліміз кәлимада, жүрегіміз иманда жүрсе ғана Жәннатқа жететін жағдай болады.
       Мархабат Байғұт шығармаларының кез келгені көркемдіктің көкжиегіне көз салдырады, ойсыз, түйсіксіздің өзі ойлануға тиісті мәселелерді ұсынады. «Банктің иттері» де осы тұрғыдан келгенде тағылымға толы. Болар-болмас мекеменің белгісіз қызметкері мен ала күшіктің арасындағы қарым-қатынасты, бір-біріне деген қамқорлық, түсіністікті әлдекімдер ойда жоқта жермен-жексен етіп жіберді. Ұлпакентте саябақ дегенің аз емес-ті. Кейінгі кездері оларды да олигархиялық топтардың озғындары бөлісіп ала бастаған. Озғындардың осындай әрекетінің салдарынан биік банк ғимараты саябақта салынды. Ал баяғы ала күшік алмағайып күндердің бәрінен аман қалып, көп-көп серіктестерімен бірге ғимаратты күзетуге бел шешіп кіріскен. Бір кездері жарты нанды бөліп жескен тозғын туысына пысқырып та қарамайтын, шабалана үретін жағдайға жеткен. Итжемеде қалғандай қорланған, иттепкі күйге түскен тозғын кейіпкерді аяйсың. Саябаққа дейін ауыз салған алпауыттарды, қанағатсыздарды әшкерелеген әңгімені қайталап оқығың келе береді.
       Сан ғасырлық құлдық қамытты мойнына таққан халқымыз ХХ ғасырдың соңында, дәлірек айтқанда, егемендікке жетер алдында және тәуелсіздіктің алғашқы тұсында – өтпелі кезеңде өмір сүрді. Ғасыр ауысқан, қоғамдық формация өзгерген, құндылықтар құлдыраған қиын кезеңге тап болғанымыз рас. Тығырыққа тірелген заман. Былай жүрсең – өгіз өледі, олай жүрсең – арба сынады. Тек қазақ қана емес, жалпы адамзат қауымы өтпелі кезеңнің дағдарысына ұшырады. Тек экономикалық дағдарыс емес, саяси дағдарыс, рухани дағдарыс, тіпті, адамзат физикалық тұрғыда да, физиологиялық тұрғыда да қиындықтарға ұрынды. Жазушы М.Байғұт шығармашылығына мұқият зер салып қараған жан шын мәнінде халқымыздың басынан өткен осы өтпелі кезең шежіресін шынайы бейнелегенін байқайды. Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Б.Ысқақ М.Байғұт шығармалары өтпелі кезеңді көркем бейнелеуімен бөлекше дейді. Дәл осы тақырыптағы шығармалар қатарында «Ауыл клубының аукционы», «Гамбургтегі қазақтар», «Тоқсабаның тоқалы», «Өлімнен қашқан респондент», т.б. әңгімелерін айырықша атап көрсетуге болады.
       «Әпкемнің ауылы» кітабындағы әуелгі әңгімелерінде жазушы елдің егемендік алар алдындағы ақжүрек, адал еңбек иелерін, қарапайым тіршілік кешіп жүрген жандарды тек өзіне ғана тән стиль ерекшеліктерімен суреттеп, алдан әлдебір үміт күтіп, армандар аңсап, жан-жүректері сыздайтын характерлерді сомдаған. Осындай күрделі, көркем әңгімелерінің қатарында «Бір дорба диплом», «Жалбыздының жағасында», «Ақ орамалды қыз», «Көрпесайдың кітапханасы», «Таскекіре», «Ақсақ кемпір», т.б. дүниелерін атауға болады. «Ауыл клубының аукционында» қарапайым қазақ ауылының тіршілігі, өмір сүру ортасы шынайы бейнеленеді. «Өтпелі кезең» ауыл клубтарын да айналып өтпеді. Республикалық газеттің үшінші бетінде жарияланған аукцион туралы хабарламаға назар аударайық: «Ауылдық клубтың ғимараты. 1958 жылы іске қосылған. Жалпы алаңы – 260 шаршы метр. Бастапқы бағасы 156 мың теңге. Ең төменгі бағасы 8700 теңге». Бұл − Қапсағай ауылындағы 60 жыл бұрын іске қосылған ғимараттың Шымкент шаһарында саудаға түсіп, сатылымға шығып жатқан жағдайы. Бас кейіпкеріміз Еңсегей – осы клубтың 30 жыл бойы шырақшысы, яғни меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының қызметкері. Еңсегейдің «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп қалмасын деп жүрген клубы аукционға түсті, клубтың иесі, жанашыры саналатын ол сол саудаға қатысты. Біршама уақыт бұрын Қапсағай ауылынан көшіп кеткен, үлкен қалада алғашқы байшыкештердің бірі болып өмір сүріп жатқан «Теңсегейұлы... Теңсегейұлы...» жеңімпаз болып шығады. Ең өкініштісі, қырық жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен клуб жермен-жексен болып бұзылды. «Ертеңіне Еңсегей клуб орнындағы қоқыс атаулыны жиып-теріп, от қойды», – дейді автор. Бұл бір ғана Қапсағай ауылындағы ауыл клубының басынан өткен жағдай десек, қателесеміз. Кең-байтақ қазақ елінің әр түкпірінде осындай оқиғалар орын алды, қаншама мектеп, клуб, балабақша, т.б. ғимараттар бүлінді. Жазушының жанайқайы – енді абайлайықшы дегенге саяды. Еңсегей де жаңа тірлікке икемделіп, Ақансері мен Кененсері дейтін ұлдарымен басқа бейнетке кірісті. «Төмпешіктегі қызыл тікеннің буындары сыздайды», – дейді автор. Бәлкім, қызыл маталарға ұран жазатын клубты кекеткені шығар...
       «Әпкемнің ауылы» әңгімесі де романға бергісіз. «Үшінші мыңжылдық басталар тұста біздің жақтағы бірталай ауылдың тозыңқырап кеткені рас. Ал Үрисән әпкемнің ауылы тозудың орнына озды десетін» деп басталатын әңгіме оқиғасы бас кейіпкер баяндауында, терең психологиялық толғаныспен жеткізілген. Адамзат баласының арасындағы, оның ішінде қайран қазақтың туыстық қарым-қатынасына сызат түсірген, сына қаққан жағдаяттардан берілген детальдар күрсінтеді. Оқырманды. «Күншуақтай шаһардағы күнім ғой» деп мақтан тұтатын інісінің Айкөрік ауылында тұратын әпкесінің ауылына ат ізін салуды сиретіп, тіпті, бірнеше жыл бойы бармай кетуіне қосыла қиналасың. «Дос-дұшпанға көрініңкіреп, оқта-текте келіңкіреп тұрсаң қайтеді, қарашығым?!» деген әпке аманатын орындай алмаған іні-кейіпкердің көрген-білгені, жан азабы, түсінік-түйсігі қат-қабат, өзгеше өріліп отырады. Шебер психология, терең философия, талайлы тағдырлар, ирониялық сарказммен суарылған ойлар, қаламгер стиліне ғана тән таныс-бейтаныс мінез-құлық иелері, әсіресе, әпкенің жан дүниесіндегі қазіргі уақыт салған уайым мен үзілмейтін үміт, қанша қиналса-дағы жүрегінде жүдей қоймаған мейірімділік пен қайырымдылық, мұңды сағыныш пен жалынышқа толы өтініш, өзгелерде өзімшілдіктің өлерменденіп бара жатқанына деген өкініш − міне, осылардың баршасы қазақ әңгімесінде қазақ қамшысындай өрілген.
       «Кафедегі құдалық» − дала мен қаланың өркениет көшіне қатар ұмтылып, қатар жетіп келе жатқанын баяндайтын, ирония мен юмор жарыса, жараса көрінетін дүние. Әсіресе, сән-салтанат пен дәулетке қолы жеткендердің арасындағы бәсеке, кешегі ұлттық үрдістің бүгінгі күнге икемделіп, жаңа бір сапамен өріс алуы әңгімеге мықты арқау етілген. Бидайбек пен Тоқсұлу, Несіпқұл мен Ерменкүл бейнелері, олардың құдалықтағы сайысы қазіргі қоғамның көп ақиқатын бүкпесіз-ақ жеткізеді. Әрине, бұл әңгімедегі оқиғалардың дені қазіргі тұрмыс-тіршілікте күнделікті кездесетін типтік жағдайлардан алынған. «Кафедегі құдалықтан» қайтқан достар жолай аты-жөні толық айтылмайтын, Құйысқан ауылындағы бір «жекжаттың» үйіне түнделетіп соғады. Ол үйдің иесі болса «жарлауытқа жармаса тырмысып, кетпенді құлаштай сермеп, сары топырақ шауып жатыр». Бидайбек, Тоқсұлулардың жекжатпен арадағы болған әңгімесінен аңдағанымыз «сары топырақ шапқан» ағайынның бір ұл, бір қызы қалада жұмыс таппай жүр, базарда арба айдау сияқты әлденені кәсіп еткен жайлары бар. Ал ендігі ауыр тағдыр жекжаттың жарына түскен, он ай шамасында онкологиялық ауруханада, айықпас дертпен арпалысып жатыр. Бірақ түн ортасынан әлдеқашан ауып кеткенде топырақ қазып азаптанған жан келген туыстарын дастарқанға шақырып, ақкөңілділік танытады. Таным-талғамы, түйсігі тым жоғары. «Қайырылғандарыңа қайранмын, бұрылғандарыңа бек рақмет» деп бәйек болатын ол: «Құндылықтар хақындағы көзқарас, қоғамның психологиясы мұқым басқа ғой бүгінде» деп салмақты ой айтады. Қанша қиналыста жүрсе де, келешектен күдер үзбейді. Оптимист. Патриот. Тойдан тойып қайтқан Тоқсұлу: «Батпақ ішінде жүрген сасықтың пәлсапашылын қарашы» – деп, сыбырлайды. Аталған шығарма аяғындағы Кеденшоқының басына шығып, түске дейін сотыбимен сөйлесетін ағайындардың әңгіме ауаны да асқақ. Осы әңгіменің түйінді сөзінде де философиялық байлам бар. Автор: «Өмілдірік ауылының аспанында өркениеттің өркеш-өркеш, кей тұстары қорғасындай ауыр, базбір жерлері боз ұлпадай жеңіл, бұйра-бұйра бұлттары шудалана қалқып бара жатты», деп аяқтайды.
       Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» атты кітабындағы әңгімелерінің денін түгелдей талдап, баға беру мүмкін емес. Бір нәрсе анық – жазушының қай әңгімесі болса да бүгінгі күннің күрделі сұрағына жауап іздейді, бүгінгі күннің сан-алуан сауалдарына жауап табуға ұмтылдырады.
       Мархабат аға шығармаларының көбін газеттерден, басқа да баспасөз беттерінен алғаш шыққан кезінің өзінде-ақ оқып қоятындар көп. Қазіргі заманда оқырманы едәуір қалың қаламгерлердің қатарындағы жазушымыз туралы аз ғана айтарымыз осы.
       «Біздікі – әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қосылсақ деген мақсат» (М.Байғұт) дейтін қарапайым мінез иесінің әр әңгімесі роман жүгін арқалайтыны анық. Қаламгер жайында жазылған зерттеулер аз емес, сол айтылған кемел ойлардың ішінде жазушы Ж.Шаштайұлының бір пікірі біздің назарымызды ерекше аударды: «Мархабат қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері – Донкихоттық әпенделіктен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жорасына жүре алады».
       «Әпкемнің ауылы» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Азаттық кемесінің айдынына шыққан халқымыздың рухани кемелденуі жолында аянбай қалам тербеп, ұлтының өткені мен бүгіні жайында ақиқаттан аттамай, қалам қуатымен ерен еңбек етіп келе жатқан жазушыға тек сәттілік тілейміз.
       Жақында ғана М.Байғұттың «Әпкемнің ауылы» әңгімелер жинағының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естіген бір ақын досымыз: «Әңгімесі роман жүгін арқалап, Абыройға ие болғай Мархабат», – деп еді. Осы тілекке қосыламыз.


Нариман Нұрпейісов,
әдебиеттанушы, филология
ғылымдарының кандидаты


КІТАПТЫҢ ДА, КІТАПХАНАШЫНЫҢ
ДА ҚАБАҒЫНДА КІРБІҢ КӨП

Мархабат БАЙҒҰТ

Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған “Кітап және оқу” атты аймақтық фестивальге қатыстық. Осынау өзгешелеу фестивальді бастан-аяқ байқағымыз келді. Кітапханашылардың айлықтары аз.

Бейнеттене білсе, жұмыстары тым-тым қиын. Иықтарындағы жүк, тү¬сіне білсе, аса ауыр. Жауапкершілік өте-мөте жоғары. Бүгінгі кітапханашыңыз ағартушы, санаткер болмаққа парыздар. Күрескерлік танытуға тиіс.
Биылғы ерте көктемде, жасыл көкке жапалақтап қар жауып, арасынан бәйшешек жыпырлап тұрған кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өткен. Сонда қалам ұстаған қауым атынан қыз-келіншектерді құттықтау бақытына ие болған едік. Әйелдерге әдейілеп әзіл тастадық. “Мадам Бовариді” айттық. Мопассанды айттық. Пушкин мен Есенинді еске алдық. Абайды айтпай бола ма?! Мұхтар Әуезовке үш жүз хат жазған ташкенттік таңғажайып сұлуды сипаттадық. Ғабит Мүсіреповтің әйел¬дерге көзқарасына аз-кем тоқталдық.

Бұл жағдаятты неге соншама тәптіштеді дерсіз, айналайын оқырман. Сондай үлкен жиында, облысқа сегізінші әкім екі күн бұрын ғана тағайындалып, сегізінші нау¬рыздың салтанатына қатысып отырғанда, неге сондай әңгіме қозғады сіздің тілшіңіз? Себебі сол, ұлы мәртебелі кітапқа қыз-келіншектердің көңілін бөлгіміз келді. Сегізінші наурызбен құттықтап: “Бүгін, үйлеріңізге барып, ең болмаса кітап сөресіне көз қиығын тастап өтіңіздерші! Оқта-текте кітапханаларға барып тұрыңыздаршы”, – деп өтіндік. Сонда опера және балет театрында 400-ден аса әйел қатысып отырған. Солардың екеуі ғана телефон соқты. “Сәлем! Кітап дейтін әлем!” деп, көптен бері алғаш рет кітап ашқандарын мағлұмдады. Тағы екеуі жолығып, кітап оқи бастағанын айтты. Төрт жүз әйелден төрт келіншек кітапқа жақындаса да жаман емес-ау деп жұбандық.

“Аргументы и факты” апталығы (№37, 9-15 қазан, 2009 жыл) атақты академик Сергей Капицаның дабыл қаққан жанайқайын жариялады. Ол кісі: “Ресейліктердің 35 пайызы кітап ашпайды”, дейді. “Егер осылай кете берсе, бұл елдің болашағы күң¬гірт”, дейді. “Мәдениетті коммерцияға басыбайлы құл етудің соңы сорға айналып барады”, дейді. “Мәдениет және оның даму деңгейі – ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі осы!” дейді. Қарағандылық дарынды ақын ініміз Серік Ақсұңқарұлы “Қазақ әдебиеті” газетінде Капицаның жанайқайын арқау етіп, өткір-өткір түйін түйеді. “Орыстар ой үстінде. Ал біз қашан ойланамыз осы?!” дейді шырқыраған шайыр бауырымыз.

Сіздің тілшіңіз Капицаның күні кешегі кейбір ойларын осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстанда” жарияланған “Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт” деген дүниесінде (“ЕҚ”, №6, 2007 жыл) жазыңқыраған. Бұл жолы ондағы пікірлерімізді қайталамақ емеспіз. Алайда, айтыңқырайтын жағдаяттар жетерлік. Кітапхана, кітапханашы, кітап және оқырман хақындағы ойларды қалғытуға хақымыз жоқ. Ресейліктеріңіздің 35 пайызы кітап ашпаса, қазақтардың 17 пайызы ғана көркем әдебиет кітаптарын оқыңқырайды екен. Әнеки¬іңіз, көрдіңіз бе?! Біз орыстарға қарағанда үш есе қаттырақ толғануға тиіспіз.

Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған “Кітап және оқу” атты аймақтық фестивальге қатыстық. Осынау өзгешелеу фестивальді бастан-аяқ байқағымыз келді. Кітапханашылардың айлықтары аз. Бейнеттене білсе, жұмыстары тым-тым қиын. Иықтарындағы жүк, тү¬сіне білсе, аса ауыр. Жауапкершілік өте-мөте жоғары. Бүгінгі кітапханашыңыз ағартушы, санаткер болмаққа парыздар. Күрескерлік танытуға тиіс.

Аталмыш аймақтық фестивальге Алматыдан, өзге де өңірлерден кітапханашы қыз-келіншектер келді. Облыс көлемінен жүзге жуық қарындастар қатысты. Баяндамалар мен хабарламалар жасалды. Пікірталастар өрістеді. Талқылаулар, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Кітапханалық ресурстар мен даму перспектива¬лары, кітаптың оқылуы, заманауи білім берудегі кітапхана рөлі, кітапханашы интеллекті, кітапхана қызметіндегі инновациялар, тағысын-тағы тақырыптар тереңнен қозғалды. “Ең үздік ауыл кітапханашысы – 2009” атты облыстық байқау аса қызықты, тартысты өтті.

Міне, осы фестивальде кітапханашылардың бәрі болмаса-дағы, көпшілігі күрескер, санаткер, шын мәніндегі ағартушы екендігіне көзіміз жеткендей еді. Айналайын¬дардың арасында өздерінің ел алдындағы ерекше парыздарын патриоттықпен түйсінетіндері аз емес екен. Соған сүйсіндік. Таңертеңнен кешке дейін жүзден астам жайдарман кітапханашылармен бірге тыныстағанымызға өкінбедік. Шынтуайтына келсек, бүгінгі адамды бүгінгі адам дәрежесіне жеткізген әуелі Алла тағаламыз, сонсоң кітап қой! Әттең-ай, осыны ұмытып, кітапханаға, кітапханашыға, кітапқа үстірт қарайтынымыз, көп ретте менсінбейтініміз қиын-ақ. Кітап пен кітапханашы дегендеріңіз, адамның айуанға айналып кетпеуі үшін, мына қым-қуыттанған, қаты¬гездігі басым, Ақша-Құдайдың құдіреті белең алып, апшып-шапшып тұрған күрделі, күрмеуі көп заманда пенде шіркіндердің жан-жүрегінде мейірімнің мұқым-мүлде жойылып-жоғалмауы жолында еңбек етеді. Ғылыми негізді нығайтпаққа, білімділік пен біліктілікті биіктете түспекке күш жұмсап, тер төгеді. Ауыл кітапханашыларының байқауында да осынау жауапты міндеттерді жете ұғынушылық, жоғары мақсаттарға құлшына ұмтылушылық аңғарылып-ақ тұрды. Қалайша қуанбайсыз?

Алайда, айналаңызға абайлап қарасаңыз, бәрібір, кітапханашылардың қабақтарынан кірбің көрмей қала алмайсыз. Білдірмеген, байқатпаған болады. Бірақ, анығы солай. Айлықтарының аздығын айттық. Одан гөрі оларға кітапханаға деген көзқарастың күдік-күмәннан арылмай келе жатқаны қаттырақ бататын сыңайлы. Осы облыстағы А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Тағдыры мен тарихы талайлы қара шаңырақ үнемі үйден-үйге, жайдан-жайға көшумен келеді. Әсіресе, анау ажал сепкен саяси қуғын-сүргін кезеңінде, 1937-38 жылдары бұл кітапхана аяусыз жазаға ұшыраған. Небір құнды, тарихи маңызы зор кітаптар жойылды. Өртелді. Одан бергі кездерде де талай “тазарған”. Бүгінде жарты миллионға жуық кітап қоры бар, 30 мыңдай оқырманы бар кітапханада “Оқырман отауы”, “Руханият”, “Хит сезона”, “Литературный вечер”, “Ағылшын тілі” клубтары мен салондары жұмыс істейді. Көпшіліктің сүйікті орны. Өкінішке қарай, кітапхана түрлі-түрлі, әр жердегі ыңғайсыз, қолайсыз жайларда шашырай орналасқан. Облыстағы бірқатар басқа да қалалық және аудандық кітапханалардың жағдайлары нашар. Шымкент қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың ахуалы да мәз емес. Ал, көптеген ауылдық кітапханалар жағдайы олардан да мүшкіл. Қыста мүлде жылытылмайтындары жетіп-артылады.

– Пушкин кітапханасы сонау 1899 жылы ашылған. Әрине, қазіргі отырған ғимараттарымыз заманауи талапқа мүлде сай келмейді. Кітаптар мен өзге де қымбат құжаттарды сақтау, оқырманның пайдалануына неғұрлым қолайлы жағдай туғызу, кітапхана жүйесін дамыту стратегиясын жүзеге асыру, жұмысымыздағы маркетингтік әдістемелерді, ақпараттық менеджментті жетілдіру, автоматтандыру мен техникалық жағынан жан-жақты жарақтандыру, инновациялық орталыққа айналдыру мақсаттарын ойдағыдай орындау үшін қазіргі орналасқан үй-жайларымыздың икемге келмей жатқаны айтпаса да түсінікті, – дейді облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Нәсия Алтаева.

– Облыста небір зәулім ғимараттар салынып-ақ жатыр ғой, ең бірінші кезекте кітапхана тұруы керек еді. Асқаровтан басқа бір де бір басшы осыны ойланбады. Ол кісі енді-енді саламыз дегенде, анандай жағдайға ұшырады, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ ақпараттық білім орталығының директоры, педагогика ғы-лым¬дарының кандидаты, бейнетқор, ізденімпаз ұстаздардың бірі Мира Көкеева.

Мира ханымның қынжылысы орынды. Кезінде Асанбай Асқаров межелеп, бірқатар мәдени-рухани мекемелер, облыстық орталық кітапхана саламыз деп, қазан-шұң¬қырына дейін қаздырып қойған қайран қаланың орталығын бүгінде олигархтыққа ұмтылған бай-бағландардың жеке меншік жайнаған офистері мен тұрғын үйлері жай¬лаған. Олардың тұсынан өткенде абыз ақсақалдарыңыз терең күрсініп: “Ай, айналайын Асқаров-ай...” дейтіні рас. Тіпті кітапханаға, басқа да мәдени ошақтарға айналатындай алып ғимараттар, бір кездердегі әйдік-әйдік мекемелердің кеңселері де орынды-орынсыз жекешеленіп, пысықай иелерінің қалталарына нәпақаны науадай құйып-ақ жатыр. Әттең, солардың ешқайсысы меценаттық танытып: “Талай жыл пайдаландым ғой, табыс тауып қалтамды қалыңдаттым ғой. Енді, ең болмаса бірлі-жарымын балабақшалыққа немесе кітапханалыққа қайтарайыншы”, демейді-ау. Демейді...

– Ойбай-ау, оны айтасыз, мынау біздің университеттің Бауыржан Момышұлы көшесі жағындағы субұрқақ бар емес пе? Соның маңайында ғана еркін тыныстайтын алаң қалды. Әйтпесе, Шымкентіңіздің орталығында бес қадам бос жер жоқ. Сол субұрқақ¬тың жанындағы алаңның өзін алып қойғысы келетін, жеке меншік бірдеңе салып қойғысы келетін күштілеріңізбен, байшыкештеріңізбен айқасып-ақ шаршадық, – дейді ОҚМУ-дың проректоры, профессор Тұрлыбек Ысқақов.

Біз сөз етіп отырған кітапханашылардың аймақтық фестивалінде Алматыдан келген қос қарындасымыз қадау-қадау пікірлер білдірді. ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кез¬десетін кітаптар мен қолжазбалар орталығы жетекшісінің орынбасары Толқын Аман¬келдіқызының айтуына қарасақ, тиіп тұрған Ташкентіңізде, алысырақтағы Мәскеуіңіз бен Санкт-Петербургіңізде республикалық, облыстық, қалалық кітапханаларға өте-мөте қажетті, аса зәру, келешекке керекті небір-небір теңдессіз, баға жетпес, бірегей дүниелер қат-қат, қабат-қабат боп жатыпты. Оларды көп кешіктірместен, ақша шіркінді аямастан (көп қаржы да кетпейді екен) тездетіп алдыру керек. Әрине, кө¬шірмелерін. Ондай құжаттар, кітаптар, өзге де жәдігерліктер тым көп көрінеді. Бірте-бірте олардың көшірмелерін алудың өзі мүлде қиындап бара жатқан секілді. Толқын осыларды әңгімелегенде қандай қатты қиналды десеңізші... Кей қалалардағы кейбір дүниеліктердің әдейі жойылып жіберілуі де мүмкін сияқты. “Толқынның мұнысы – үлкен мәселе, әлгі шаһарларда, кітапханалар мен мұрағаттарда мен де болдым, – дейді Мира Көкеева. – Аздап-аздап ақша бөліп, біраз уақыт сол қалаларда тұрып жұмыс істеуге мүмкіндік туғызса, мына мен-ақ барып, талай нәрсе тындырып қайтар едім”. Мінекиіңіз, кітапхана саласы қызметкерлерінің арасында осындай патриоттар да аз емес.

Республикалық Ұлттық кітапхананың Кітапханаларды дамыту орталығының директоры Күләй Қасымжанова былай дейді: “Оңтүстік Қазақстан облысы – тарихы терең, өзгеше өңір. Басқасын былай қойғанда, 2007 жылы “Кітап және Ұлы Жібек жолы” атты халықаралық конференция осында өткен. Кітапхана ісіне арналған республикалық форум да ұйымдастырылған. Мына фестивальдің орны бөлек. Өкінішке қарай, облыстық кітапхана үйі салынбай келеді. Облыс әр тұрғынға шақ¬қандағы көпшілік кітапханасы көрсеткіші жөнінен он екінші орында тұр. Қазір модельді ауыл кітапханалары қалыпты, қажетті мәдени-рухани мекемелерге айнал¬ды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бір де бірінде осы күнге дейін модельді кітапхана жоқ. Соңғы жылдары облыстағы көпшілік кітапханалардың қорына түскен жаңа басылымдар саны біршама төмендеп кеткен. Қазақ тіліндегі жаңа басылымдар мөлшері белгіленген меженің 67,7 пайызын ғана құрады. Электрондық басылымдар жөнінен де, сондай-ақ, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бойынша да облыс көрсеткіші төмен деңгейде. Оңтүстікте 874 кітапханашы еңбек етеді. Олардың 51 пайыздан сәл астамы ғана арнаулы жоғары, ал 24 пайызы арнаулы орта білімді. Кітапханашы мамандығын таңдайтын жастар азайып барады. Мұндай ойсыраған олқылықтар тек Оңтүстік Қазақстанға ғана емес, өзге де бірқатар облыстарға тән. Республика бойынша жүздеген кітапханалар күрделі жөндеуді қажет етеді, ондаған кітапханалар апатты, қауіпті үй-жайларда”.

Көпшілік кітапханаларға деген көзқарас, қысқашалау қайырғанда, осылай болып отыр. Жеке кітапханалардың жағдайын жан-жақты байыптап, зерттеп жүрген жан жоқ. Біздің байқауымызша, олар мүлде азайып барады. Бір кездері қарапайым қойшыңыздың үйінде бір сөре, аға шопанның үйінде бірнеше сөре кітап тұрар еді. “Қазір, біле-білсеңіз, жойқын-жойқын жиһаздар шығаратын орындар кітап сөресін шығармайды, – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, ғалым, сарабдал сыншы, профессор Құлбек Ергөбек. – Қорқатын жағдайлар аз болмай тұр. Студенттердің де шағын жеке кітап¬ханасы болуы керек емес пе? Ондай-ондай нәрселер көзден бұл-бұл ұшқан. Тіпті ұстаз-оқытушылардың арасында һәм жеке кітапханасы жоқтар көп... Шошимын...”

Сіздің тілшіңіз осы мақаланы әзірлеп біткен сәтте “Қазақстан-Шымкент” телеарнасы мынадай хабар берді: “Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде туризм және мәдениет салаларының өзекті мәселелері қаралды. Әсіресе, “күйіп тұрған” кітапханалар мен клубтар жағдайы бойынша түрлі пікірлер айтылды”. Біз тиісті кісілермен ха¬барластық. Әкімдіктің отырысында кітапханалар мен клубтар мәселесі жан-жақты талқыланыпты. Алайда, нәтиже күттірерліктей шешімдер қабылдана қоймапты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кітапханалар проблемалары бойынша ортаға салынған мәселелерді нақтылай түсуді, ұсыныстарды саралап, шаралар белгілеуді тапсырыпты. Дегенмен, кітапхана туралы ділгір діттердің облыс әкімдігінде қаралуы¬ның өзі – бұрын болмаған оқиға.

Осыған қуандық.


АДАМ ТҮЗЕЛМЕЙ, ҚОҒАМ ТҮЗЕЛМЕЙДІ


Мархабат БАЙҒҰТ

«Саралайтын кезең келді!..»
Ашық хат осылай аталады.
Астына қол қойған кімдер?
Алдымен солардың аты-жөндеріне қараймыз ғой.
Алфавит бойынша екен. Асанәлі Әшімов пен Әкім Тарази бастапқы тұсында тұрыпты. Орта шенінде Шерхан Мұртаза, Қадір Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев. Соңына таман Олжас Сүлейменов пен Қалихан Ысқақ.
Отызшақты адам. Осалы жоқ.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнері мен тарихының тарландары. Түрлі ұлттар өкілдері бар.
Не дейді?
Неменеге үндейді?
Кәдімгі, көптеп жазылып жататын ашық хаттардың қатарынан емес.
Жөні бөлектеу, жосығы еректеу.
Көркем ойдың көнеркөгін кеңейтіп жүрген кемелдеріміз тарихшылар мен жазушыларға, журналистер мен саясаттанушыларға, сценаристер мен режиссерлерге, суретшілер мен кинематографистерге, ғылыми және шығармашылық қауымның барлық өкілдеріне сөз арнапты.
Қайталай оқыдық.
Ойландық. Күрсіндік. Көңіліміз көтерілгендей ме кенет?
Отызшақты ойшылыңыз, сайдың тасындай сарабдалдарыңыз саралайтын кезеңнің жеткеніне дәйектемелер келтіреді. Тәуелсіздіктің он алты жылындағы Қазақстаныңыздың қадау-қадау қадамдарын айшықтайды. Алдағы асуларды атап-атап айқындайды.
«Енді тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын ғылыми-көркем тұрғыдан саралау, бағалау уақыты туды. Бұл міндетті осындай қайталанбас ғажайып кезеңнің куәгерлері біз атқармасақ, кім атқарады, ұрпақ санасына тарихи шындық пен ақиқатты біз сіңірмесек, кім сіңіреді?» – дейді ерендеріңіз.
«Біздің өз дәуіріміздің шынайы рухани сұранысы мен ақиқатын айтуға арналған ғылыми еңбектеріміз бен көркем шығармаларымыз жаңа тарихымыздың іргетасы берік қалануына қызмет етуі тиіс. Оны кемел кезеңнің келер ұрпағы орынды мақтан етуі керек», – дейді кемелдеріңіз.
Иә, талайды бастан өткердік. Кезенейлі кезеңдер кездесті. Көп нәрсені көрдік.
Осы он алты жылды айтып отырмыз.
Қоғамыңыздың қуаты қашқан, адамыңыздың ұяты қашқан тұстар аз емес-ті.
Әлеуметтік-экономикалық, саяси-демократиялық, мәдени-рухани ұлы жаңарулармен және жаңғырулармен бірге адамгершілік пен адалдыққа негізделетін қасиетті құндылықтардың жүдеп-жадауына да ұшырадық. Ахлақтық азғындау кей жағдайларда айықпас ауруларға айналғандай күй кештік. Талайларды таңырқатқан толағай табыстарымызбен қатар қоғамымызда, адамдарымыздың арасында һәм санасында қатыгездік, құнығушылық, тойымсыздық, екіжүзділік, жағымпаздық, парақорлық сияқты дерттер асқынды. Әлі де күрмеуі қиын түйіндер, тәуелсіздігіміздің тағдырына зардамды зиян келтірердей кедергілер, парасаттан жаңылдырардай пейіл-пиғылдар аз емес.
Жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің басымдығынан болар, Қазақстанға қызыға қарайтындар көп. Ең бастысы, көкжиегіміз бен көңіліміз ашық. Кемшіліктерімізді білеміз. Мойындау бар. Олқылықтарды ойлылықпен мойындаудың өзі – есейгендіктің де, ерліктің де, елдіктің де белгісі. Ауруларымызды жасырмақтан арыла бастадық. Сыбайлас жемқорлықпен, басқа да кесепатты кеселдермен күрес кәдімгідей-ақ саналы сипаттарға көшкендей.
Қоғамыңыз сауығуға беттегендей.
Қоғам оңалмай, адам оңалмайтынын дүниежүзілік деңгейдегі ойшыл қаламгеріңіздің бірі Альбер Камю айтқан.
Адам түзелмей, қоғам түзелмейтінін адамзаттың Абайы қара сөздерінде қағидалаған.
Әділі керек, тәуелсіздік тұсындағы жаңа өмірдің жарқын жақтары да, көлеңкелі кілтипандары да журналистикада кеңінен көрінуде. Әсіресе, асыл да абзал адамдарымыз, айтулы тұлғаларымыз публицистикада бедерлі бейнесін тауып келеді. Мәселен, Әбіш Кекілбайұлының, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Сауытбек Абдрахмановтың еліміз егемендігін алғалы бермен қарата қажыр-қайратын аямай жұмсап, ауыр жүктерді аянбай арқалап жүрген атпал азаматтарымыз, қажырлы қайраткерлеріміз, мемлекет мақтанышына айналған, өнердің өзгеше өрендері жайында жазған дүниелері – тектілік тұғырындағы туындылар.
Көсемсөздің көсегесін көгертіп, тың табиғатын ашқан кемеңгер қаламгеріміз Әбіш Кекілбайұлының дүлдүлге ғана тән өрнектері – өзіндік құбылыс. Қаламгердің 2005 жылғы 12 мамырда бас газетімізде жарияланған жазбасындағы мынадай жолдарға назар салыңызшы: «Ақ жаулықты аналардың Қуанышты көргенде анадайдан алдарынан шығып, маңдайынан сүйгендерін, ақ сақалды қариялардың айқара құшағын ашып, бауырларына қысқандарын, қара сирақ балақайлар мен тұлымдары желбіреген балапан қыздардың анадайдан «Қуаныш аға!» деп жолына қарап, мақтаныш етіп тұрғандарын өз көзіммен көрдім. Ол – расында, бүкіл қазақ жұртының маңдайынан иіскеп, бауырына қысатындай сүйерге де, сүйенерге де жарайтын перзенті».
Әбіш ағамыз қайраткер інісі хақында осылай тебірене отырып, жас тәуелсіз мемлекет пен демократиялық қоғамда жаңа ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті қалыптастыру үлкен идеялық ізденістер мен ұйымдастырушылық күш-жігерді талап еткенін, бұндай талапқа бұқаралық жұмыстың домна пешінде құрыштай шынығып өскен Қуаныш Сұлтановтың мейлінше төтеп бере білгенін таңғажайып сезімталдықпен тәптіштейді. Оқырманды тіпті тәнті етеді.
Тәуелсіздікке тәубе деуіміз ләзім-дүр. Қазақ жұрты сүйерге де, сүйенерге де жарайтындай ұл-қыздарға кенде емес. Баршылық. Публицистикада олар жан-жақты жазылып-ақ жатыр. Ал көркем әдебиетте, кинода, сахнада ше? Мойындауыңыз жөн, тым кемшіндеу. Кей салада тіпті тып-типыл.
Туынды тағдырын талант шешетіні қашаннан-ақ аян. «Ешқашан ескірмейтін жаңалық, ол – талант. Себебі, ол шіркініңіз барлық уақытта да шұғыла шашып тұрады», – дейді Лев Толстой сынды титан-талант. Кеңестік кезеңде ше, мейліңіз – идеологиялық мақсат деңіз, партиялық саясаттың нұсқауы дейсіз бе, бәрібір – замандастар бейнесін сомдау, ұнамды образдар жасау, күрескер кейіпкерлер арқылы ұрпақ тәрбиелеу міндеттері қойылатын. Аса маңызды тақырыптар алға шығарылатын. Өндіріс, өнеркәсіп тақырыптары өзгеше жоспарланатын. Бәрібір, сондай міндеттемелер жоғарыдан таңылып, тапсырыстар жүктелгеннің өзінде, сол кеңестік кезеңде-ақ қазақ әдебиетінде небір жауһар туындылар жаратылды. Бәрібір, таланттылар мен дарындылар жеңе білді. Шынайы шығармалар жарата білді. Соны соқпақтар, тосын жолдар таба білді. Тың тыныстар ашып, тылсым тереңдіктерге бойлай білді. Жасандылыққа, жадағайлыққа әлдебіреулер ұрынып та жатты. Бірақ, бірегей дарындар сатымсақтыққа солықтамады, жағымпаздыққа жуымады. Мәселен, Шерхан Мұртазаны алып қараңыз. Таңсық тақырыбыңызға таңданта қалам тербеді емес пе? «Қара маржан» сынды тап-тұйнақтай, әрі қысқа, әрі нұсқа романын айтып отырмыз. Заманның да, замандасыңыздың да бет-бейнесі бар. Өнеркәсібіңіздің де, өндірісіңіздің де, өнеріңіздің де өрнектері ерен. Ұлысыңыздың ұяты мен арысыңыздың аяты да, ар-ожданы да, ұрпақтарыңыздың зар-запыраны да, далалық дәстүрлеріңіздің діті де, еліңіз бен жеріңіздің, тауыңыз бен тасыңыздың тағдыр-талайы да тұнып-ақ тұр емес пе?!
Мінекиіңіз, мынау бүгінгі, басқаша бағдардағы, соны сипаттағы жаңа өмір жайында һәм тәуелсіздік тұрғысынан, бәсекеге қабілеттілік белестерінен қарай отырып, шын мәніндегі шеберлеріңіз, жас таланттарыңыз жаратар шынайы шығармалар ауадай қажет. Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы сынды суреткерлердің 60-70 және 80-жылдардағыдай шымыр да ширақ, көркемдік қуат-құпиясы терең, заманауи туындыларындай шығармалар керек. Отызшақты оғланыңыз осыған үндейді.
Әлемдік мәдениет контексіне кірігердей көркемдік қасиеттерге ие, биіктерге бағыт алған бағамды шығармаларды жаңа уақыт, жаңа талап, жаңа талғам, түптеп түйгенде, жаңа Қазақ елі өмірінің артында қалып қоймай, алдында адымдай білмек тұрғыдан туындату парызы бүгінгі қаламгерлерге жүктеліп отыр.
Мына бір жағдаяттарды жазыңқырасақ, айып етпегейсіздер. Біле-білсек, бұл-дағы – буын-буынды қармаған қазіргі қауіпті дерт. Оның үстіне оқырман тәрбиелеу – бұрыннан-ақ өткір проблема. Жергілікті ақын-жазушыларды да мектептер, мекемелер, институттар мен университеттер жүздесуге, кездесуге, түрлі іс-шараларға шақырады. Өкінішке қарай, көп жерден құлазып қайтасыз. Оқушылар да, студенттер де, өзгелер де көбінше көркем әдебиеттен алыс секілді сезіледі. Көпшілігі көксандығыңыздың кесепатты жақтарына ауыңқырап кеткенін, атыс-шабыс, қантөгіс, қала берсе, жалаңаштықпен, арзан күлкімен, даңғаза әнсымақтармен әуейленіп, әулекіленіп үлгергенін мойындамасқа амалыңыз аз. Мектептерде, өзге де оқу орындарында мәдени-әдеби іс-шаралар жаттанды, жасанды «сценарийлер» бойынша өтеді. Ығырыңды шығаратын «шоулардың» көшірмелері. Жеңіл-желпі қойылатын сахналық көріністер, даңғаза әнсымақтар басым. Шақырады. Барасыз. Үш-төрт ақын-жазушы отырасыз. Шулы музыка немесе «әсем ән». Көркем әңгіме мен қарапайым мақаланы ажырата алмайтын басшылардың бірі сөз сөйлеп, «ашып береді». Тағы да даңғыраған музыка немесе «әсем ән». Әлдебір шығармадан әлдебір «сахналық көрініс». Тағы да даңғыраған бірдеңе немесе «әсем ән». Міндетті түрде жүргізушілер «әсем ән» деп айтады. «Әсем» деген сөздің әрін кетіріп біттік. Теледидардағылар да солай сөйлейді. Әндердің көбі әсемдіктен мақұрым болса да. Сонсоң сұрақтар қойылады. Жауаптар қайтарылады. Осы сәтте ғана сәл-пәл серпіліс болуы мүмкін. Онда да сауалға және жауапқа байланысты.
Дұрыс-ақ делікші. Кездесулер, кештер, өткізетіндерді кінәлай бермейікші. Десек те, белгілі бір кітапты немесе шығарманы талдауға, талқылауға, қызу пікірталас өрбітуге өре жетпей ме, өзге нәрсе жетпей ме, әйтеуір, ондай шаралар жоқтың қасы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ оқытатын, дәріс беретін мұғалімдердің өздері көркем әдебиет кітаптарын, қаламгерлер туындыларын толыққанды талдап, пайымды пікір білдіре алмайтынға айналған секілді.
Кейінгі кездері біздің жақта біршама серпіліс бар. Көркем әдебиетке, кітапқа, шынайы суреткерлерге бетбұрыс жасау мақсатында «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты акция жыл бойы жалғасты. Бірқатар мектептерде, халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында: «Міне, көркем шығарма дегеніңіз – осы. Көркем әдебиет кітабы – мынадай. Оны шамамен былай талдап, талқылайды. Көркем кітап оқу – көксандықтағы көксоққан сериалдардан, жалаңаштанғандарды немесе судай шашылған қанды насихаттайтын фильмдерден әлдеқайда мәндірек», – дегенді ұғындыру мақсатында оқырмандармен сырласулар, пікірсайыстар, конференциялар өткізілуде. Ондай шаралар үшін Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» повесі сияқты озық туындыларды, жоғарыда аталған және аталмыш керемет прозашылардың дүниелері мен Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды шайырлардың ешқашан ескірмейтін, жылдар өткен сайын жаңара түсетін жырларын арқау-арна етеміз.
Обалы нешік, көпке топырақ шашпақ емеспіз. Асқар Сүлейменов айтқандай, «мың оқырманға татитын бір оқырман» да жоқ емес. Ойлы оқырман өкпе-назын айтады: «Осы заманның жастары өнеге алардай, үлгі етердей қазіргі уақыт кейіпкерлерін бейнелеген су жаңа кітаптар аз», – дейді. «Жасөспірімдерге, балаларға арналған шығармалар жетіспейді», – деседі. Сын-ескертпелерінің бір жағынан жөн екенін мойындап, екінші жағынан осы заман, бүгінгі адам жайында жазып жүрген оншақты жазушыны, айтулы ақындарды, олардың отызшақты кітабын ерінбей атап-атап, жалықпай санап-санап береміз. Ондайда ойлы оқырмандарыңыздың өздері де кідірістеп, кібіртектеп қалады. Демек, мың данамен ғана шығатын кітаптардан бұлар да бейхабар. Осы жағын жөндейтін, жүйелейтін жолдарды іздемек ләзім!
Сонда-дағы, мойындаған абзал, бүгінгі заманның, бүгінгі адамның жан-жақты бейнеленіп жатпағаны әбден рас. «Еркін елімізді ертеңгі биіктерге ұмтылтатын талантты туындылардың өмірге келуіне себепкер болатындай» суреткерлер баршылық қой бізде. Көркем бейнелеуге лайық небір құбылыстар, романға, повеске, түрлі-түсті, көркемсуретті киноңызға кіріп-ақ кетуге әзір, сахнаға сұранып тұрған тұлғалар, лайсаңы кем жайсаңдар жетіп-артылар. Кәсіпкерлер. Қайраткерлер. Әлеуметке бет бұрған бизнесмендер. Қатардағы, қарапайым еңбек адамы. Жалындаған жас ұлдарымыз бен қыздарымыз. Шенеуніктер ше? Баяғы отаршылдықтан ой-санада қап қойғандай күйкі күйдегілері де бар, әрине. Бірақ, тәуелсіздік қалыптастыра бастаған тәуір тұрпатты шенеунік те жоқ емес қой. «Он байдың тоғызы сараң, біреуі арам», – деп жазады Қадыр ағамыз. Ол байлар бұдан сәл-пәл бұрынырақтағылар болар. Екеу-үшеуінің беттері бері қараған шығар, неғыпты сонша...
«Ақылгөйсіп отырған өзің не тындырып ең? Нендей шөптің басын сындырмақсың?» – деушілер табылмай тұрмас. Тындырғанымыз шамалы. Романға жоқпыз. Біздікі – шағын жанр. Әңгімелерімізде, әлімізше бүгінгі адамды бейнелеген боламыз. «Отырар кітапханасы» сериясымен «Жазушы» баспасынан шыққан «Алмағайып» атты кітабымызға Павлодар мемлекеттік университетінен бір бейтаныс әдебиетші-ғалым қарындасымыз рецензия жазып, әлгі жинақтағы әңгімелерді «соңғы он жылда болған өтпелі кезеңді көркем қорытындылау іспетті екен» деген пікір түйіндепті. Пендеміз ғой, ішіміз уылжығанын жасырмаймыз.
Әкімдік басқару жүйесі 1992 жылғы ақпан айында іске қосылды ғой. Сол жылғы күзде облыс әкімі аппаратына қызметке шақырылдық. Содан бері ішкі саясаты бар, тіл басқармасы, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы, т.т. және т.б. жағында, әйтеуір әкімшіліктің айнала-төңірегінде келе жатырмыз. «Әкім кеткен күн», «Тәржіман тірлік», «Кандидаттың имиджі», «Салқын масақ» сияқты әңгімелерімізде там-тұмдап, тиіп-қашып болса-дағы, әкім қаралардың жағымсыздау жақтарын әшкерлеппіз.
Он бес жылда облысқа жетінші әкім жетекшілік жасап отыр. Аудандар мен қалаларды да осы кезеңде қаншама әкімдер басқарып келеді. Эксперимент ретінде аудандық мәслихаттардың әкім сайлағанын да көрдік. Кейбіреулеріне күлдік. Ондай сайлау енді өтпейтінге айналды. Өте дұрыс. Әкімдер хақында не айтылмайды дейсіз. Әрине, олардың арасында да алуан түрлісі бар. Бәрібір, ауыр салмақтың негізгісі әкімдердің, әкімшіліктердегілердің иығында.
Алдағы кезде осы заман кейіпкерлерін көркемдеп көрсетер болсақ, әкімдер бейнесін жасауға да басымырақ мән-мәніс беретін шығармыз.


АЙЫМБАЛА

— Сізді телефонға шақырады, — деді кенже ұл. — Әйелдің даусы сияқты.
Әдетте, әйелдер біздің үйге телефон соққанымен, мені шақыра қоймайтын-ды. Деген оймен трубканы қолға алдым. Мына үн таныс еді. Жұмысқа бір-екі рет қоңырау шалғаны бар.
— Ағай, кешіріңізші, — деген еді бұл әйел.
— Кешіріңізші, уақытыңызды бөліп, мазалағаным үшін. Сізге жолығудың мүмкіндігі бар ма? Бірақ кеңседе емес...
Құбылмасы көбейген кезеңнің салмағы иық таңдап жатқан жоқ қой, жүйкесі жұқарып, жұлыны жұлмаланған жан аз ба бүгінде, солардың бірі шығар, дейтінмін мұндайда. Жүйке сырқатына шалдығып, құс кететін және қайтып оралатын шақтарда қаттырақ қозып, түсініксіздеу тіршілік жасап жүретіндерге, күтпеген жерден кеңсеге кіріп келіп, түрлі-түрлі мінез көрсететіндерге, жылап-сықтап отырып-ақ сақылдап күліп қоя беретіндерге көндігіп те қалмадық па қазір? Бірақ бір-екі реттің өзінен-ақ бұл әйелдің үнінде бөлектеу бір жұмбақтың бар екендігін байқамау мүмкін емес-ті.
— Кешіріңізші, ағай, — деді әйел. — Сәлеметсіз бе? Жауап қатып тұрып, өз даусымның құмығып шыққанына таңырқадым. Кенже ұл мұқабасы жалт-жұлт еткен әлдебір кітабына үңілген сыңай танытады. Соңғы жылдары топырлап шығып жатқан, сырттары жылтыр, түстері тайғанақ кітаптарды жақтырмайтындардың бірі мен едім. Кенже ұл әдейі ғана кітап тысын терезеден сығалаған күнге тосып, сәуле сырғанатады.
— Ағай, кешіріңізші, — деді әйел тағы да. — Бірер рет батылым жетпеп еді, бүгін бір шешімге тоқтап, сізге жолықпай кетпеуге бел байлап тұрмын.
«Кешіріңізші» деген сөз құлағымды қажай бастады.
— Көрейік, — дедім не айтарымды білмей. — Не шаруаңыз бар еді?
Әйел біразырақ кідіріп, үнсіз қалды. Қыздар қайта-қайта мазалап, телефон соға беретіндіктен, күнара кейіс еститін кенже ұлдың рахатқа батқаны байқалады. Жалт-жұлт еткен кітапты төбесіне қойып, қытырлата шертеді.
— Менің атым Айымбала, — деді әлгі әйел сәл кідірістен кейін. - Сіздің кеңсеңіз Ташкент жаққа бұрылатын жолдың басындағы тоғыз қабатты үйде ғой, ағай?
— Иә, с-с-сол-лай...
— Рахмет, ағай. Мен кеңсе атаулыға кіре бермеуші едім. Сізге ыңғайлы әрі жақын бір жерде кездессек болар еді. Кешіріңізші, ағай.
— Сонда қай жерде?
— Тұп-тура сағат бірде, драма театрының артындағы саябақтың ішінде күтейін, ағай. Атым — Айымбала. Кешіріңізші, ағай.
— М-мақұл. Ж-жарайды, кешірейік.
Шайымды ішіп, жұмысқа жиналдым. Кенже ұл көңілді кейіпте шығарып салды. Тысы тайғақ кітапты шертіп-шертіп, ыңыл қосады тіпті.
Түске дейін уақыт өтпей қойды ма-ау, ешқашан сөйлеспейтіндер хабарласты ма-ау, келе бермейтіндер көбейді ме-ау. Ақырында, түскі сағат бірге бес минөт қалғанда тоғыз қабатты үйден төмен түсіп келе жаттым. Біздің биік, кеңселік үйіміздің алдындағы даңғылмен мәшинелер ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Соңғы кездері қос қапталындағы ағаштар жаппай қырқыла бастаған. Біреулер неге қырқады десіп, екіншілері тым жабайыланып, қыңырайып-қисайғанды несіне аяймыз десіп, уыл-шуыл көбейіңкіреп тұрған. Әне, жиек жолдың бойындағы тағы бір ағаш гүрс етіп құлап түсті. Ағаштар құлағанда ауыр күрсінгендей болады дегенді оқығаным бар еді. Бұл жолы, керісінше, кесіліп түскен қарағаш емес, оның жанындағы басқа бір ағаш қатты күрсінгендей сезілді. Аһ ұрғандай қиналған ақшылтым жаратылыстың атын есіме түсіре алмадым.
Драма театрының артындағы алаңқайда Фарабидің ескерткіші бар. Жарықтық ғұламаның жасырақ кезі бейнеленген ғой, кітабын кеудесіне қысып алып, желге қарсы қайсарлана қадам басып барады. Сіресіп, сұсты тұрпатта тұратын ескерткіштерге етене ел-жұрт алғашқыда бұл бейнені жатырқап, жақтырмай, қабылдай алмай қиналған.
Табан астынан ұйытқып жел тұрды. Жиек жолдың екі жағында егізқатарлана жайма базар жасап отырған қалың халық абыр-сабыр күйге түсті. Талай мүлік жерге аунап, қауқарсыздары құйынға ілесе қаңғалақ қақты. Алайда, адамдар ширап, пысып-ақ үлгергендей. Желге ұша жөнелетін жеңіл-желпі тауарларын таспен бастырып, қолтықтарына қыстыра қойып, пәлендей көп шығынға ұшырамады.
Ол аршалар тізіле өскен алаңқайдың арғы шетінде, Фарабидің жел кернегендей желеңінің етек тұсына таман, театр үйінен таяқ тастам жерде, сәл-пәл мазасызданып тұрыпты. Айымбала екенін бірден білмеу мүмкін емес-ті. Жасыл плащын жел жұлмалайды. Жұқалау, қоңырала орамалды шарынып алған екен, қоңырқай сөмкесін қолтығына қысқан күйі қолын ұсынды.
— Кешіріңізші, ағай, — деді Айымбала қысылыңқырай амандасып, бірақ, тіке қарап. — Осыншама әуреледім сізді.
Телефондағы үні.
Өзгеріссіз.
Жасыл плащын талдырмаш белінен қымқай буып алғаны, қоңырала орамалын тамағын орай шарынғаны желді күнгі жаратылыстың жалпы жағдаятына жараспай тұрған жоқ. Қызылқошқыл қызғалдақтың гүлшанағынан орап жасағандай еріндері дымқылдана сәулеленіп тұратынын да бірден байқамауға болмас.
— Мен сізді сыртыңыздан жақсы білемін, — деді Айымбала, — Осы, сіздер неге төртінші билікпіз деп, таласып-тартыса бересіздер, ағай? Жүріңіз, аяңдай әңгімелесейік.
Ол бірден еркінсіп, мені билеп-төстей бастағандай. Менін де оған билетіп-төстете бергім келіп, тілім байланғандай, ләм-мимсіз ілескенім қызық-ты. Драма театрының артындағы бұрынғы құрмет тақтасы қаңырап бос тұр. Көктем кеш шыққан, ағаш атаулы кеш оянған, аршалар ғана мезгілінде өңденіп, мерзімінде жөнделген. Тоң боп қатқан кесекті кетпеннің шүйдесімен тоқпақтаған сары нымшалы кемпір біз жаққа бір қарап алып, бұрқыраған самай шашын жөндеді. Жана-жаңа көктеген жер жас босанған, бірақ бусанып, терлей алмай тырысыңқыраған кексе қатынды елестетер.
— Мүмкін болса, анау жерге барып, орындықтардың біріне отырайық, ағай, — деді Айымбала. — Сізді мұнда көп адам танитын шығар? Қорықпайсыз ба, ағай?
— Төртінші билік ешкімнен қорықпайды, — дедім мен.
— Билікке бәріңіз құмарсыздар. Жай ғана, халықтың қызметшісіміз десеңіздер болмай ма?
— Қызметіңізге әзірміз, — дедім мен.
— Сіз мені мүлде білмейсіз де, танымайсыз да, ағай, — деді ол қоңырала орамалының алқым түйінін ағыта отырып. — Ал, мен сізбен бар ғой, ағай, бірқанша жылдардан бермен қарата сөйлесіп, тіпті сырласып жүрген адаммын. Жазғандарыңыздың бәрін, әсіресе әйелдер жайында жазатындарыңызды жібермей оқимын. Кешіріңізші, ағай, жарай ма?
Айымбала аздап қана еркелей сөйлегенді жарататын болып шықты. «Еркелей берші, енді», — дедім іштей ғана. Оныма өзім таңырқап, терең күрсініп едім, ол басын иығыма сүйеп, солқылдай жылап қоя берді. Біраз жылап алып:
— Кешіріңізші, ағай, — деді тағы да. — Сіз мені тыңдай аласыз ба? Мені тыңдауға дайынсыз ба? Мен өзімнің қалай қорланғаным, қалай зорланғаным жайында тек сізге ғана айтқалы келдім, ағай. Келестен келдім...
Қатқыл кесектерді кетпеннің шүйдесімен соққылаған сары нымшалы қара кемпір сол сәтте Қиыр Сібірден бір-ақ шықты. Құрылыс батальонында, қырық градус аязда жер қазып жүрген кездерім көз алдыма келіп тұра қалды. Сары нымшалы, қара кемпірдің кетпені қайлаға айналды.
Қиыр Сібірде қайланы иыққа салып, жер қазуға кетіп бара жатар ек. Жүйкелердің жұқарғаны соншалық аяз сорған солғын жүзді солдаттар тиіп кетсең, қайла жұмсаудан қайта қоймас, жазым етпектен тайынбас. Жеті қатар тікенек сымның арғы жағындағы түрмедегілер де тап біз секілді қарды қашырлатар, таң атар-атпаста бізбен бір мезгілде жұмысқа шығар. «Айырмашылығымыз қайсы?» — дер Антонас Яскелявичус. «Бар», — дейді Леонид Логвиненко. «Қандай?» — дейді Антонас. «Біздегі біреулер КПСС қатарына өткелі жүр», — дейді Леонид. Әскерге дейін түрмеде үш жыл отырған Осокин жалт қарап, азу тісін ақситар. Соның өзінде әнебір әтірдің (тройной) іштен шыққан иісі аяз бүріккен ауаға жайылып, құсқыңды келтірер. Сол жағымызда сірескен қарағайлы орман, оң жағымызда құлама құзды жарлауыттар. Жардың астында Ангара ағып жатыр. Маған бүкіл Ангараның аңғары Осокиннің ішінен ағып шыққан әнебір әтірге толып кеткендей көрінер. Ангараның ағып жатпағаны, қақаған аязда қатып қалғаны ойыма түсер кенет. Қатып қалған әнебір әтір одан бетер жиіркендіріп, лоқсимын-ай сонда. Асқазаным солқылдай сыздап, қайланың өзін көтере алмай, қиралаң қағамын.
Сөйтіп жүріп-ақ жер қазамыз. Жауынгер деп аталатын жақыбайлардың көбі сол кездері кері кетіп, тарауға қарай бастаған Сы-Сы-Сырдың шетқақпайлау елдерінентұғын. Жанұшыра дірдектеп, темір пеш орнатылған бөткеге бүрсеңдей жүгіргіштейді.
— Кезек-кезек кіріңдер-әй, атаңанәлеттер! — дейді сержант Сержанов. — Капитан кеп қалса, сазайымызды тартармыз. Жарымың жер қазыңдар, жарымың жан шақырыңдар.
Сержант Сержановтың өзі «тепляк» деп аталатын үйшіктен шықпас. «Мың бір түнді» оқып отырып, оқта-текте шиқылдап кеп күлер. Қисық орналасқан қыңырай көздері көрінбей де кетер. Мықыр мойны тонның жағасынан білінбес. Қанша көсілгенімен, қамыт аяқтары доғаша иірленіп, өзінің де, өзгенің де мазасын кетірер. «Сенің жерлесің о баста сержанттық мектепке қалай өтіп кетті екен, күнде таңертең таңырқай қараймын», — дер еді Антонас Яскелявичус. «Командирлікке құмарлық жөнінен қазақтар біздің хохолдардан кем түспес», — дер еді Леонид Логвиненко.
Антонас, Леонид және мен үшеуміз терең шұңқырдың түбінде қайла қадасып, сүймен сілтесіп жатқанда Ангара жақ беттегі бітуге таяу қалған, тоғыз қабатты биік үйден жан шошынарлық дауыс шықты.
Бүкіл орман тітіреді.
Артынша тым-тырыс тыныштық орнады.
Іле-шала у-шу көбейіп, айнала азан-қазанға айналып жөнелді.
Шұңқырдан атып-атып шыққанбыз. Қарауытқан қарағай орман үстіндегі бұлыңғырланған күн легенге ұйыған қызыл-бозғылт қан секілді екен. Тап сондай қанды тоғыз қабатты, енді-енді бітпек күйдегі биік үйдің түбінен де көрген едік сол күні. Жүгіріп жетсек, әйнектеріне дейін салынып, іші сыланып, сырланып, бөлмелері бояла бастаған үйдің түбінде, бұлыңғырлау, шаңдақ қар жапқан жалтыр бетон бетінде жап-жас қыз жатыр екен. Әлде саха, әлде бурят, әлде долғанның қап-қара шашты, әппақ қызы. Жан шошынарлықтай шыңғырған дауыстың шыққанына аса көп уақыт өтпегендей. Қанның қалайынша тез ағып, жылдам ұйып, қарағай орман үстіндегі күнге ұқсап үлгергеніне таңмын. Тиіп тұрған қаладан жедел жәрдем де келіп жетті. Биік үйдің ішін сылап, сырлап, бояп жүрген қыз-келіншектер ұлардай шулап жылады.
— Тоғызыншыдан, тұп-тура тоғызыншы қабаттан құлады, — деді ышқына сыңсыған сыршы келіншек.
— Хайуандар! — деп айқай салды сары нымшалы сары кемпір солдаттарға қарап. — Звери! Это вы! Вы ее...
Сержант Сержановтың беті жыбырлап, қыңырай көздері ақиланды.
— Сендер,  соңымнан еріңдер! — деп бұйырды ол Антонас, Леонид және мен үшеумізге. Сөйтті де, қамыт аяқтары қара қоңыр пиманың қонышын қинап, жоғары қарата жүгірді.
Тоғызыншы қабатқа жылдам жетпек жеңіл емес-ті. Сержанов алтыншы қабатта қатты ентігіп, отырып қалды. Отырған күйі: «Ос-ос-ос!» — деп боздады. «Не болды, жолдас сержант?» — деді Антонас түп-түзу, сұлу бойы сырықтай сорайып. Қиралаң қағып сержант түрегелді. «Ос-ос-осо-ки-и-ин, — деді сержант бітік-қисық көздерінен жас парлап. — Түбіме жетті ақыры Осо-о-о-ки-и-ин!»
Тоғызыншы қабаттың төріндегі екі бөлмелі пәтердің түкпірінде Осокин отыр екен. Отыр деуге онша келіңкіремес, жантайыңқырай жайғасып, темекіні будақ-будақ түтіндетеді. Бізге бұрылған да жоқ. Сержанов сүрең салып-ақ бақты, бірақ қаншама қанталай ентелеп, төніп барғанымен, бата алмады.
Осокин темекісін тартып болып, тұқылын түкірігіне тұншықтырды, ақысы қалып кететіндей және мыжғылады. Орнынан тұрып, бүйірін таянды:
— Жетінші кластың оқушысы болса мейлі, бояушы-сыршылардың арасында осыншама адал сақталғандары бар деп ойламаппын, — деді Осокин мырс күліп, сыңар езуінен ақ темірмен қаптаған тістерін ақсита ырситып. Сөйтіп, сол ақсиған күйінде қыздың қып-қызыл ішкөйлегін, жұқалтаң ғана және бір іш киімін қойнынан асықпай алып көрсетті. Құшырлана иіскеді. Сержант Сержанов Осокиннің қолындағы үлбіреген нәзік дүниелерге қарап қатты да қалды. Демін алмайтындай, тынысын жоғалтқандай. Әлден уақта есі кіріп:
— Атылатыныңды білесің бе, атаңа нәлеті! — деп, қолын көтере берген. Осокин қағып жіберді. Сержант теңселіп барып тежеліс тапты.
— Мұндайды көрмегелі мың жыл уақыт өтіп еді, арманым жоқ балғындар! — деп масаттанды Осокин біз жаққа бұрылып. Бұл кезде қызыл жағалылар да жетіп үлгерген-ді. Осокиннің қолын артына қайырып, бой-басын тінтіп, көксары күпәйкесін кигізді. Сорлы қыздың пора-пора жыртылған киімдерін жинады. Біреуі шыдай алмай, Осокиннің желкесінен түйіп кеп жіберді.
— Тарт қолыңды! Құқың жоқ! — деді қансыз-сәлсіз көрінген Осокин. Осылай деп, бізге қарады. — Мына заманда түкке тұрмас тинақтай нәрсеге бола қыршын ғұмырын қиып жіберер деп ойлаппын ба?! Әрине, қызға қатты обал. Армансызбын, алайда, балғын балақандар. Осокин осылай деді деп айта жүріңдер, сумұрын сүмелектер.
Екі айдан соң Осокиннің соты болды. Біз, Сержанов, Яскелявичус, Логвиненко және мен төртеуміз сылақшы-сыршы қыз-келіншектермен қатар куә ретінде қатысып ек. Бұрын қылмысты болғаны, әскерге дейін сотталғаны, әсіресе қыздың қазасы ескеріліп, құрылыс батальонының қатардағы жауынгері Осокин өлім жазасына кесілді. Қарамағындағы, қатардағы жауынгерге бас-көз бола алмағаны үшін Сержанов сержанттығынан айырылды. Құрылыс батальоны командирінің саяси-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары да орнынан алынды.
Ызғарлы қараңғылықтың азабынан азынаған биікте бүркеншікті мәшинелерге қарай қадамдаймыз. Суықты сезбестей серейген қолымызбен қайламызды кеудеге қысып, сүймендерді сүйрете сүметілеміз. Жанымыздағы жеті қатар тікенек сымның арғы жағындагы түрменің адамдары да жұмыстан қайтып бара жатады.
— Қарашы, — дейді Логвиненко қоңыр пимасының өкшесін сүйменге соққылап. — Әнеу бір сұлба тұп-тура Осокинге ұқсайды.
— Қайдағы Осокин?! — дейді Яскелявичус. — Ол әлдеқашан Иркутскінің түрмесіне кеткен шығар. Енді екі-үш айда атып тастайды.
— Атаңанәлетінің анау ішкөйлектерді асықпай ақтарып көрсеткені көз алдымнан кетпейді-ақ, — деді сержанттықтан түсіп, бізбен бірге жер қазып жүрген Сержанов.
Әлі де толық біте қоймаған тоғыз қабатты үйдің терезелері қарауыта қабарып, қорқыныштың көзіндей көрінеді. Ангараның арғы жағынан ай туып келеді екен. Қысқы аспанда қыстыға жылжитын күн секілді айдың да айнала-төңірегі қораланып, сұлбасы зорға ағараңдайды.
— Мәшинеге! — деген жаңа командирдің қарлығыңқы даусы қытымыр аязға қарылып естіледі...
Айымбала маған аңтарыла қарайды. Сары нымшалы қара кемпірден көзімді ажырата алмай отыр екенмін.
— Қайда барып қайттыңыз, ағай? — деді Айымбала. — Мен әңгімемді айта берейін бе?
— Айта бер, Айымбала, тыңдап отырмын, — дедім күрсініп. Ол айтып отыр, мен тыңдап, көз алдыма елестетіп, көріп отырмын.
Ташкент педагогика институтының физика-математика факультетін тәмәмдап, Келес ауданының орталығындағы орта мектепке орналасқан. Өзі Сырдарияның бір иініндегі алыс ауылдан еді. Аудан мен ауылының арасына автобус жарты күнде әзер жететін. Әке-шешесі аспирант кездерінде опат боп кетіп, кәрі әжесінің қолында өсіпті. Жақын-жуықтары жоқ екен, сонда да әжесі қанаттыға қақтыра қоймапты, тұмсықтылар абайсызда шоқыса шоқыған шығар. Ақырында әжесінен де айырылып, үш бөлмелі қоржын үй мен қой қораны өткеніне сатып, оқуға түскен. Бес жыл Келестің белестеріндей бұлыңғырланып көрінгенімен, ұлы дарияның сол белестер арасымен жылдам жылжитыны секілді сырғып-заулап өте шыққан. Келестің орталығындағы орта мектепке келіп, математикадан сабақ бере бастады. Әне,
алақанның аумағындай үлкен-үлкен жапырақтары жалтыраған тұт ағаштарының жанындағы жіңішке жиек жолмен Айымбала тербеле басып келеді. Сәл бұйралау көрінетін қара шашына, қызғалдақтың гүлшанағынан әдейі жасағандай қызылқошқыл, сәл дымқыл еріндеріне, Ташкент шәһарының сәнімен тігілген әтілес көйлегіне тізілген тұттардан кейін ақ теректер аңтарылар. Тек олар ғана емес, екі қабатты мектептің терезелері де телміріп, тершіп кетіпті. Көше жақтағы терезелердің бәрі жыпырлаған жанарларға толыпты. Елу алты әйелдің басым кепшілігі, он төрт еркек мұғалімнің түгелге таманы, жоғарылы-төменді сыныптардың оқушылары қарап тұрыпты. Мектептегілерді айтпағанда, аудандағы ірі-ірі саналар мекемелердегілердің, кейбір кәсіпорындардағылардың назарынан да тыс қалмаған Айымбала сынды кадрдың келуі қатардағы оқиға емес-ті.
Мен мұны Айымбаланың айтуынсыз-ақ елестетіп отырыппын.
Айымбаланың айтқаны бөлектеутұғын. Әйтеуір, ұшып жүретін секілдітұғын. Жарасымды-ақ сияқтытұғын бәрі де. Ұнасымсыз дей алмайтын ешкім де. Үйлесімсіз емес-ті. Айымбала сынды ұстаздың айнала-төңірекке бейнелі түрде, тікелей емес, әлдебір әсемдіктің ұлпасы арқылы қарайтыны бартұғын. Әжесінің әсері ме, әлде тым қыршын кеткен аспирант әкесі мен аспирант шешесінің арман-қанаттары қыздарының айналасын үлбіреген ақ ұлпамен қоршап-қорғап баға ма, кім білсін, Келестейін белеске келістітұғын осы қыз.
Қыркүйекті аман-есен аяқтап, қазанға қарай қадам басқан шағы еді. Қайран қызды қазан ұрды. Ташкенттейін қым-қуыт, құжынаған қаладан, қызыл уыт жүретін пединститут оқытушыларынан, соңынан шырақ алып-ақ түскен төрт-бес курстасынан сытылып, құтылып кеттім деген хас сұлу, жас мұғалім қызыңыз, мұндай кездейсоқтыққа таңырқамасқа шараңыз кем, қыңырай көз, қамыт аяқ Сержановқа жем болды да шықты. Айымбалаға ғашық болғандар аз емес-ті. Олардың бірқатары сүйе тұра сезімдерін білдірмекке батылдары бармады. Кейбіреулері іштен тынып, төбесін көріп жүргеннің өзін медет тұтып, медеу етіп, келер күндерден үміт күтпекке бекінер. Көбісі Келестейін белестен осы бір ғажайып ғайып болмағай да деп тілейтін-ді.
Аудан орталығындағы ескі, шеткі көшелердің бірінде, арық жағасына тақап салынған иірқобыз ауланың ішінде пәтер жалдап тұратын. Күнде дерлік кешке қарай қанал бойлап, Жыңғылды сайға дейін серуендейтін. Бірақ терең сайға жоламай, кері қайтып кететін. Сол жолы Жыңғылдыға түсті де кетті. Шибарқыт шалбары мен қанқызыл қысқа көйлегін киіп шыққантұғын. Күзгі көкке жата кетіп, аунады кетті, аунады кетті. Көзін жұмып алып, етпеттеп ұзақ жатты. Шалқасынан біраз жатқысы келіп, тағы бір аунап, көзін ашса, қыңырай көз, қамыт аяқ Сержанов тұр екен.
Одан арғысын айтқысы келмейді. Еске алғысы жоқ. Елестетуден қашқақтайтыны рас. Өлгісі келген, өле алмапты. Пәтеріне қалай, қашан жеткені есінде қалмапты. Таң бозара оянса, татар апатайы күзетіп отырыпты.
— Ояндың ба? — депті татар кемпір.
— Су-у, — депті Айымбала.
Қазанның жазға бергісіз жадыраңқы күндерінде ауа ауыр тартып, тымырсықтанған. Мақта мен жүзім егістіктері жақтан бунақ-бунақ буалдыр шаң шарбылана шұбалып, жер-дүниені байлап-матап алған. Жарасым да, ұнасым мен үйлесім де жер бетінен біржола ғайып болған. Қыршын кеткен аспирант әкесі мен аспирант шешесінің үлбіреме, ақ ұлпа арман-қанаттары қоршап-қорғай алмай қалды-ау, қайран-ай, бұл жылдары бұл белестерді байлап-матап, уысында ұстайтындардың бірі Сержанов мырза осынау қызға Осокиннің жауыздығын жасаған. Үлбіреген іш киімдерін қойнына асыға тығып алып кеткен сол мырзаңыздың екі әйелі бар екен, кейінірек Айымбаланы үшінші әйел болуға үгіттеп, алтын сарай салдырып бермек ойын білдіріп, елші жіберген.
Айымбала апта бойы ауырып жатып, ешкімге ештеңе білдірместен, ешбір жанға ештеңе айтпастан, мектептегі жұмысына қайта шыққан.
Кіртиіп күз кеткен, қыстығып қыс өткен. Көктем де жеткен...
Кешке қарай Айымбаланы Ташкентке бұрылар даңғылдың бойында, жерасты жолының аузында Келеске баратын автобусқа шығарып салып, қол бұлғап қала бергенмін.



* * *

Әдеттегідей, арада айлар аунап, жылдар жылжыды. Уақыт деген — ұрлықшы.
Жан адамға айта алмай азаптанған жағдайымның жаншыған салмағын азайтыңқырай ма, аты-жөнімді өзгертіп жазар ма, жазбаса-дағы, осындай тақырыптарды толғана қозғайтындардың бірі ғой, жеңілдеп қалармын ба, дегендейін үміт жетегінде жеткен, бәрін жасырмай айтып, жан сырын жайып салып, қайтып кеткен Айымбаланы жиі-жиі ойлайтынмын. Қаншама оқталғаныммен, жазудың реті келмеді, сәті түспеді. Осы кезге дейінгі, өзім өз тілшісі болып істейтін басылымға шыққан дүниелерімнің бәрі түкке тұрмас татымсыз нәрселерге айналғандай.
Бірде, арнайы тапсырмамен Шардара қаласына барып, екі-үш күн жүріп, қайырымды адамдар тауып берген жеңіл көлікпен қайтып келе жаттым. Құрғағына қарай қыңырайған сәуірдің салдарынан сұрқы қашқан шөлейтте жыңғыл гүлдеген шақ еді. Келестің белестері көрінді. Осы маңайдан өткенде Айымбаланы аялай ойлайтынымды жасыра алмаспын. Талаурай алау шашыратқан жыңғылдың қалыңдау тұсында, қасқа жолдың қара асфальтқа келіп қосылар жерінде тұрған әйел бейнесін байқап, нендей күйге түскенімді айтпайын. «Уа, Жаратқан, жалқы мәрте ғана көрсем екен, тек сол болғай-дағы! Мейлі, жазбадың деп өкпелеп, жерден алып, жерге салсыншы. Сол болып шықса екен, қайран-ай!» — деп тіледім.
Қадірменді оқырман, мейлі сеніңіз, мейлі иланбауға һәм еріктісіз, әлгі әйел Айымбала еді. Айналасы шүпірлеген балаларға толы сияқты. Жыңғылдың арасына бірі кіріп, бірі шығатындай. Айымбаланы анық танып, жүргізуші жігіттің тоқтауын өтіндім.
— Келеске дейін ала кетесіздер ме? — деді ол.
Ай, айналайын Айымбала-ай. Аң-таң күйде қарапты да қалыпты. Түк те өзгермепті десем, өтірік болар. Дегенмен, көркем жаратылыстың жөні бөлек қой. Тайқымаңдай тағдыр-ай. Әрине, ана-а-ау жақтағы, Ангарадария жағасындағы саха ма, бурят па, әлде долған ба, сол бір қара шашты, қара көз қыздай тоғызыншы қабаттан құлаған жоқсың. Ол үшін сені ғайбаттаман. Кінәламан мен сені. Сержанов мырза Осокин секілді ату жазасына кесілген жоқ.
Аядым сені, Айымбала. «Ай-ым-ба-ла-а-а!» — деп айқай сала жылағым келді. Аймалап, құшақтағым келді. Алайда, үн-түнсіз ғана көліктен түстім.
Ол күлімсіреп, әлде еркелеп, балаларын отырғызды. Шүпірлеп көрінгендей еді, бар болғаны үшеу-ақ екен. Біреуі ұл, екеуі қыз. Ұлы төрт-бестер шамасында, қыздары кішірек.
Күлкісінен танбаған. Шашы сұйылмаған, еріндері қызылқошқыл қызғалдақ сынды, сәл ғана дымқыл күйінде. Дәл желке тұсымда отыр ғой ол. Оқта-текте лебі келеді. «Келеді» дегенім дәлдікке жатпас, құлағымның сыртына, мойныма жұп-жұмсақ желдей тиеді-ақ. Әлсін-әлсін бұрылып қараймын. Енді бір жарты сағатқа жетер-жетпесте аудан орталығына ілінерміз. Қайда тұратынын, не істейтінін, мына томпиған-томпиған ұл-қыздары жайында сұрауға әлденеше мәрте оқталып, талай рет тілімді тістедім. Осындай тосындау жаратылыстардың тағдыр-талайы неге қиынға тартады? Неге, неге, негелеп, жанымның шырқырағаны жалған емес. Не пайда, нелер ауыр оқиғаларды жазып, жариялап жүрген төртінші биліктің өкілі бола тұра Айымбала жайынан қалам қозғай алмадым емес пе?! Ұят-аятың қайда сонда? Қайда, қайда, қайдалап, айдалаға қарап, қара тікеннің қалдығынан аршылмай қалған адырларға аһылап, сарғайып үлгерген сайларга уһілей үңілемін келіп.
Ай, айналайын Айымбала-ай, менің ахуалымды айтқызбай түсініп, Құркелестің аңғары ағараңдап көрініп, сүйрік қамысы көктей бастаған каналдың бойына тоқтауымызды өтінді ғой.
— Аға, асығыс болмасаңыздар, балалар біраз бой жазып алса қайтеді? — деді баяғы, Шымкент шаһарындағы Фараби ескерткішінің артқы жағында отырып, еркелегісі келгендегідей.
— Мен аз ғана аялдауды айта алмай келе жатыр ем, — дедім былайырақ шыққанда.
— Айта алмайсыз, — деді Айымбала.
— Жаза да алмадым.
— Бәлкім, жазбағаныңыз да жөн болған шығар.
— Қайдасың қазір?
— Қайда болушы ем, сондамын. Сол мектептемін, — деді ол. — «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген бар еді, біз жаман ит болдық қой, ағай.
— Кешірші, айналайын.
— Жарайды, кешірейін, — деді ол баяғы, телефондағы даусыма салып. Бес-алты жылдан бермен қарата қалай ұмытпаған?! Таңырқай қараймын.
— Жарасым! Ұнасым! Үйлесім! — деді ол балаларына дауыстап.— Анау ойпаңға қарай түсіңдер, сонда қызғалдақтар қалған шығар. Бір-біреуден алыңдар, папаларыңа апарып береміз. Жарай ма?
Үш бүлдіршін сайға қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Аузымды ашыппын да қалыппын.
— Сонда қалай?! — дедім таңырқауымды жасыра алмай. —Балаларыңды осылай атағансың ба?!
— Ағай, мен сіздердің өлшемге сыймайтын шығармын, — деді ол.
— Неге?
— Жә, жарайды. Айта алмайсыз, жаза алмайсыз, сұрақты да жөндеп қоя алмайсыз. Сонда да сізбен сырттай ақылдасып алатыным бар, — деді Айымбала ойпаң сай табанындағы балаларынан көз алмаған күйі. — Аналарды бірдеме тістеп ала ма тағы да. Қысқартып айтайын, ағай.
— Қазір тістей қоятын нәрселер тіріліп үлгерген жоқ шығар, — дедім мен.
— Құрғақшылық қой, мұндайда олар ерте оянады, — деді ол. - Мектебіміздегі он төрт мұғалімнің біреуі шын ғашық болып шықты, ағай. Сол жігітке тұрмысқа шыққанмын.
— Қашан, қай жылы?
— Сізге барып қайтқан жылы, жазда.
— Мына балдырғандар... — деп тілімді тістей қыршыдым.
— Содан, ағай. Ол біледі екен, естіген екен. Білесіз ғой, ағай, біздің жақта бәрі алақандағыдай көрініп тұрады, естіп қояды. Мен мұғалім жігітке шарт қойдым. Ел-жұрттың сөзінен де, көзінен де, Сержановтың өзінен де қайтпаймыз да, қашпаймыз да. Көшпейміз де, өшпейміз де. Барлық өсек-аяңның ызасына, күйкілік атаулының күйігіне қарай, Келесте қаламыз. Келес болғанда, алғаш есігін ашқан ашқан мектептен ешқашан кетпейміз. Осының бәріне шыдасаң, қосыламыз дедім. Ағай, обалы не керек, өзі өзгеше жігіт екен, бәріне төзді де, көнді де. Тозақтан өтер, тамұқтан бетер мұндай жағдайға шыдас беру біздің жақта оңай емес.
— Рахмет ол жігітке, түсінемін, — дедім мен діріл үнмен, басқа не айтарымды білмей.
— Маған ше? — деп еркелей жыламсырады ол. — Сөйтіп, көшіп те кетпей, өшіп те кетпеуге ұмтылып, өлшемдерді өзгертпекке бекінумен келеміз. Бес-алты жыл артта қалды осылай. Жұрт не десе о десін, ұлымның атын Жарасым, қыздарымның есімдерін Ұнасым мен Үйлесім қойдым...
Үшеуі бізге қарай қалықтай ұшып келе жатты. Сәл шая тартып, шөжіген көк шөптің бетімен бері қарата қуана жүгірісті. Ең кішкентайы қайта-қайта құлайды. Үлкендеу екеуі оған көмектесіп, шашылып қалған гүлдерін жинасады. Бәрі жарасып, ұнасып, үйлесіп тұрыпты.
— Айтарымды айттым, — деді ерке үнді Айымбала. — Қозғалайық, енді, ағай. Кездейсоқ күтпеген жерден осылайша ұшырасудың өзі тегіннен-тегін емес шығар.
— Әрине, әлбетте... — дедім мен күмілжіңкіреген көкжиегімнен биікке көтеріле алмаған күйімде.
Олар Келеске кіреберісте түсіп қалды.
Одан бері де сол маңайлардан талай-талай өтіп жүрміз ғой. Келеске жақындаған шақта да, алыстап бара жатқанда да қатты алаңдап, айналаға алақтайтыным рас. Алайда, Айымбала кездеспей, көрінбей, кеуде шіркінді күрсін кернейді. Жарасым жүдеген, ұнасым ұлыған, үйлесім үрегейленген кез-кезеңдерде онымен іштей тіл қатысып: «Ай, айналайын Айымбала-ай...» деймін.


АЛПЫС ҮШІНШІ ЖЫЛҒЫ МАХАББАТ

Біздің кейіпкеріміз, яғни осы әңгімеде сөз болатын Бағдат ағаларыңыз бүй деді:
— Қазіргідей қым-қуыт, қиын кезеңде оқырманның жүйкесіне түсетін салмақ қандай ауыр десеңізші! Сондықтан, кей-кейде тым қиын шиырларға бармай-ақ, мына мен секілді пақырлардың басынан өткен ғашықтық хикаяларын шертіп, сәл ғана сәтке серпілтіп, дәтке қуат дарытып, езу тартқызған да бір ғанибет болар еді-ау...
— Ойпырай, мына сенде де махаббат болып па еді?! — дедік біз.
Құрметті оқушым, әрине, біздің бұл сұрағымыздың әдейі қойылғанын сезіп отырсыз. Алайда, ағаларыңыздың сол бір минөттегі әлемтапырық жүзін елестете алар ма екенсіз, сірә. Шәйі орамал кеуіп үлгермес мезетте-ақ Бағдат ағаларыңыз қайта жадырады:
— Айтып-айтпай не керек, алпысыншы жылдардың басында біз коммунизмге құдайдай, ал махаббат дегеніңізге құдайдан бетер сенетінбіз, — деді мүлде өзгеріп кеткен Бағдат батырыңыз.



* * *

Ол кездегі ғашықтықтың жөні бөлек еді ғой.
Сегізінші класқа алғаш келген күні-ақ класс жетекшілері:
«Балалар, сендер бақыттысыңдар! Совет халқының бүгінгі ұрпағы коммунизм тұсында өмір сүретін болады!» — деп салтанатты түрде жариялаған. Сегізінші класс оқушылары сексенінші жылдары коммунизмнің алғашқы нышандарын көре бастайтынын нық сеніммен, мақтаныш сезіммен мәлімдеген.
Әрине, ғашықтықтарын ашық білдіруге сол кездегі қызу талқыланып жатқан моральдық кодекстің қағидаларынан қатты қысылатын еді. Сол себептен Бағдат та оныншы класқа дейін аман-есен жетті. Жоғары кластардың оқушылары түп-түгел, біреуі қалмастан, ғашықтыққа, махаббаттың бар екеніне және коммунизмнің алғашқы нәтижелері біздің ғасырымыздың сексенінші жылдарынан бастап жаппай көріне бастайтынына құдайдай, тіпті құдайдан бетер сенетін. Басқаларды кім білсін, Бағдат кейбір ағайларының ашықтан-ашық: «Құдай жоқ!» — дегеніне иланбайтын, қайта іштей қалтырап: «Е, айналайын Құдай, мынадай күпірлік сөзді тыңдап отырған мені де, білместен айтып тұрған ағайымызды да кешіре гөр», — деп тілейтін.
Бұлар он бірінші класс ашылғанда қандай қуанды десеңізші!
Коммунизм тұсында өмір сүретіндерін әр сабақ сайын қайталап, желдей есіп, желпіне сөйлеп, апта сайын диспут өткізетін. Жүгеріліктің басында да пікірталас толас таппайды-ау. Мектептегі сабақты тоқтатып тастап, бір ай жүгері, екі ай мақта терудің өзі, ағайлары мен апайларының айтуынша, күні ертең келіп жетер коммунизмге қосылатын елеулі үлес болмақ.
Бағдаттар он бірінші класқа көшетін жылы жүгері бүкіл аудан көлемінде бітті де калды. Құдай тағаланың пейілі де, мейірі де шексіз ғой. Құрышев жолдастың да тілегін бере салды-ау сонда. Жүгері жарықтықтың собықтары қабықтарына сыймастан, тырсылдай жарылып жатты. Таулы аудан түгелдей жүгері өсіруге көшкендіктен, мектеп оқушылары көршілес аудандардың мақтасына бармай, қар жауғанша жүгері дәнін жинайды деп шешілді. Бағдат батыр да сонда Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озу үшін бір тоқсан емес, екі тоқсан түгелдей оқымай-ақ қоюға әзір-тұғын.
Бағдат он бірінші класс оқушыларының ең соңы болып жүгері жүйегіне түседі, ондағы ойы — оныншы кластың қыздарына жақынырақ жүру. Зылиқа сұлу да осыны іштей сезіп тұра ма, әйтеуір оныншы кластың кезегі келгенде күтпеген жерден алғашқы жүйектерге тұра қойып, тағы да қатар келіппіз ғой дегендей күлімсіреп, қоңырқай кос бұрымын қиықша көк орамалмен байлай қарайды. Жайшылықта көзден таса еткісі келмейді-ақ, ал тап осылай қатар келген сәттерде Бағдатыңыз табан астынан сасқалақтап, сөйлемек тұрмақ, батылы барып қарай да алмай қалатын.
Жарқын болашақты жақындатып, коммунизмді неғұрлым тезірек құрғысы келетін болу керек, аузы-мұрнынан шыға тырсылдай толған қазақы қаптар мен колхоздың берекелі қапшықтарын сол кездегі сегізінші мен он бірінші кластардың қыздары қиналмай көтеріп, ауырсынбай апарып, терлеп-тепшіп таразыға тапсыратын еді. Сол кездегі ағайлары мен апайлары: «Айналайын қыздар, абайлаңқырап, азырақ салып көтеріңдер», — дейтін жөндері бар-тын. Алайда, айтпайтын. Айта алмаушы ма еді, айтқылары келмеуші ме еді, әлде өздері бұдан да ауыр-ауыр жүктерді көтергендіктен бе, кім білер.
Әне, Зылиқа да нән қапшықты жерден жұлқи көтеріп, иығына сала алмай, жанындағы екі қыз көмектесіп, түбі жер сызатын қапты арқалап, таразыға қарай тартты. Бағдат не дерін, не істерін білмей, көмектесудің жолын таппай, олай ете қойғанның өзінде өсектің лаулап, қаулай жөнелерін біліп, түсініп, қайта-қайта жұтынып, өз қапшығының әлдеқашан толып қалғанын ұмытып, состиып тұратын. Әлден уақытта барып есін жияды, ширыға атылады, қапшықты иыққа лақтырып, жүгеріні жапыра жүгіріп, таразыға қарай жұлқынады. Қайтарда бәрібір, Зылиқамен қатар жүруден қаймығып, төрт-бес жүйекті араға салып, артта келе жатады. Көк қиықшасын шешіп, жүгері арасында көп өсетін жабысқақ, қоңыр тікендерден тазартып, қоңырқай қос бұрымын өрулі күйінде орап, орамалмен байлап қояр Зылиқа. Оқта-текте ойнақы ғана бұрылып, қарап қояр Зылиқа. Жанындағы қыздарға сөйлеп, күліп қояр Зылиқа. Қоңырқай қос бұрым мен көк қиықшадан есетін леп, қып-қызыл еріндерден естілетін лебіз кейде жетер Бағдатқа, кейде жетпес Бағдатқа. Бәрібір ғой Бағдатқа. Рақат қой Бағдатқа!
Алпыс үшінші жылдары осылай еді ғой, әйтеуір.
Бір жақсысы сол, жүгеріліктегі жұмысқа Алгебра ағай көп келе бермейді. Ол кісіге мектептегі істер де жетіп-артылып жатыр. Зылиқаның класс жетекшісі ретінде жүгеріге келуі тиіс. Бірақ, Алгебра ағай мектеп партия ұйымының хатшысы, оның үстіне алгебрадан жетіншіге де сабақ береді. Сонда да оныншы кластың қыздары да, ұлдары да ол кісіден қатты қорқады. Алгебра ағай қия бастырмас. Жүгерілікте жүргеннің өзінде осы Зылиқалар алыстағы Алгебра ағайдың өткір көздері көріп тұрғандай-ақ дір-дір ететіндей. Бұлардың біреуі бір рет рұқсатсыз киноға, әрине, кешкі киноға барып қойса, интернаттың бір қызы жігітпен қыдырып қойса — немесе хат алса, бітті шаруа! Бағдаттың интернатқа жоламай, жамағайын біреудің үйінде жүріп оқитыны қандай жақсы. Зылиқаға хат жазуға оқталғалы қаншама уақыт өтті. Алгебра ағайдан сескенетіні рас.
Бір ай сусып өтіп кетті. Жүгерінің түсі бұрынғыдан бетер сұрғылттанып, төбесіндегі қарқарасы қурайланып, күзгі желмен ызыңдай жөнелетінді шығарды. «Күні ертең коммунизмге өтетін біздің қоғамда бәрі де жоспарлы түрде дамиды, тіпті әрбір адамның әрбір сағаты жоспарлануы тиіс», — дейді мектеп партия ұйымының хатшысы Алгебра ағай. Он бірінші класта Зылиқа жөнінде бір шұғыл шешімге баратынын алдын-ала жоспарлап қойған Бағдат жүгері науқанын жек көрмес.
Сөйтіп жүргенде, Алгебра ағай бір топ оқушыны жүгеріден алып қалатынды шығарды. Күзгі мейрамға арнап концерт әзірлемек. Сол топтың ішінде Зылиқа да бар. Әнші ғой. Бағдат үш күнге әзер шыдады, төртінші күні түн ішінде тұрып алып, хат жазды. Жаза берді, жаза берді, жаза берді. Он екі парақты дәптердің ортасындағы қайырма сымтемірді көріп бір-ақ тоқтады. Басынан бастап қайта оқыды, бәрі айтылған. «Жауабыңды асыға күтемін!»— деп, тауыс-тәмәм етті де, «Алгебра ағайға апарып берсең де, бәрібір, айтқанымнан қайтпаймын, мен сені сүйемін!» — деп қосты.
Бағдаттың нөмірі бірінші досы Нияз еді, ол концерт қоятындардың қатарында, жүгеріге шықпайды. Сол тапсыруы тиіс. Хат тапсырылатын күні бұл машинаға мінбеді, жүгеріліктен жаяу қайтпақ. Кешке қарай, жұмыс аяқталарда денесі күйіп-жанып, өзінен-өзі дір-дір етіп, өксіп-өксіп жылағысы келді. Әбиір болғанда, қалың нудың ішінде жападан-жалғыз еді. Құрғап, қатып қалған қарасұр топыраққа бетін басып, кесек асап, шайнап-шайнап түкіріп тастады. Жүгерінің арасынан бәрін-бәрін көріп отыр. Таразының басында класс-класс бойынша қорытынды шығарылып, социалистік жарыс жеңімпаздары атап айтылды, олардың коммунизмді жеделдетуге қосқан үлестері үшін ду қол шапалақталды. Оқушылар машинаға міне сала әндете бастады. Бағдат қалың жүгерінің ішінен асықпай шығып, шаңдақ жолға жалғыз, жаяу іліккен.
Жарты жылға жетер-жетпес уақыт бұрын осы Зылиқалардың класында оқитын бір қызға Бағдаттың бір кластасы хат жазып, Нияз секілді байланысшыдан беріп жібергені, ол хат әлгі қыздың қолына тие берген мезетте тағы бір кластас қызы байқап қойғандықтан, оқуға да қорқып, Алгебра ағайға тапсырғаны әлі ұмытылмаған. Содан тоғызыншы кластың қыздар жиналысы болып, оған оныншы кластың ғашықтық сырқатына шалдыққан әлгі бозбаласы шақырылып, үш сағаттан астам қыз шырылдап, жігіт шырқыраған. Талқылаудың орта тұсында қыз талып қалмағанда, не болар еді, оны кім білсін. Ал бозбала-жігіт міз бақпаған, тек Алгебра ағайдың қинауымен ғана коммунизм құрылысшысына жараспайтын жат қылыққа жол бергені үшін жазбаша түрде кешірім сұраған, яғни совет мектебінің қабырғасында жүріп ғашық болмауға, қыздарға хат жазбауға, жеке жоспарын жасап, сол жоспарға сәйкес саяси және мәдени-адамгершілік деңгейін көтерумен айналысуға уәде еткен.
Жан түршігер жиналыстан кейін жарты жыл өтер-өтпесте жарты дәптер қисса жазып, қызға беріп жіберу оңай ма? Әрине, қиын. Сондықтан да он бірінші кластың озат оқушысы Бағдат Төлеевтің маңдайын топыраққа тірей құлап, қалың жүгеріден қас қарайғанда шыққанын түсінуге тиіспіз, құрметті оқырманым.
Зылиқаны ертеңіне интернат маңында көрді. Қоңырқай қос бұрымы арқасында тербеліп, жүгеріге баратын қыздарды шығарып салғалы келеді екен. Хатты алғаннан кейін ол дем арасында абыржып, жүдеп-жадап кететіндей көріп еді Бағдат. Алгебра ағайдың алдында өзін кінәлі сезініп-ақ қиналатын шығар деп ойлаған.
Түк те өзгермепті Зылиқа. Қайта күлімсірей қарайды Зылиқа. Жарайсың сен, Зылиқа!
Нияздың нөмірі концертке жарамай, жүгеріге қайта шықты. Хатты қалай бергенін, Зылиқаның оңаша қалуын қалай күткенін, сондай азапты күйде жүріп, көркемсөз оқудан қатты сүрінгенін, әлде Алгебра ағайдың мысы басты ма, әйтеуір мерекелік концерт тізімінен сызылып қалғанын сайрайды келіп, сайрайды.
Арада апта өтті. Алгебра ағай ештеңе сезе қоймаған секілді. Айтылып жүрген аңызға сенсе, Алгебра ағай өз класындағы бір қыз жігіттен хат алса, сол күні-ақ біліп қояды-мыс. Бәрі осыған сенетін, Бағдат та нанбаймын деп айта алмас. Бірақ, міне, апта өтіп барады, Зылиқа бір бет, жарым бет түгілім, толық дәптердің жартысы толған хат-қисса алып отыр, Алгебра ағай неге үн-түнсіз? Әлде әбден көз жеткізіп, тінткілеп, түрткілей жүріп, жан-жақты әзірліктерін жасап, күтпеген күні, тұтқиылдан тиісіп, тас-талқан етпек пе екен?
— Ондай қауіп жоқ, қорықпа, — деді байланысшы Нияз. — Бұл жерде біз Зылиқа сұлудың артықшылықтарын мойындауға тиіспіз. Ол сездірмейді, өзін-өзі қандай қиын жағдайларда да емін-еркін ұстайды.
Зылиқадан ешқандай өзгеріс байқалмады. Бағдатқа бетпе-бет кездесіп қалған сәттерде ғана екі беті мектептің оқу-тәжірибе учаскесінде өсірілетін помидордың ерекше сорты секілдініп, ду етіп қызарады да, тез басылады. Қайта Бағдат қатты сасқалақтап, жүрісінен жаңылады.
Тағы бір апта өтер-етпесте Нияз жауап әкелді. Алпыс үшінші жылғы сол бір хатты Бағдат әлі күнге дейін жатқа біледі екен: «Құрметті... Мені қандай азапқа салғаныңызды білесіз бе? Құдайым-ай, жайшылықта, жүгерілікте жүрген, әзілдескен бір бөлек екен де, мынадай жағдай мүлде басқа екен ғой. Кім біліпті, кім бастан кешіпті?! Шынымды айтайыншы, хатты бірінші рет алып отырмын десем, өтірік болар. Каникулда жүргенімде әскердегі бейтаныс біреулерден хат келгенін несіне жасырайын. Ал мына хат, Сізден келген ұзақ-ұзақ хат мені шынында да азапқа түсірді. Ұйқыдан да, күлкіден де қалдым. Кейбір әлсіз, әрсіз минөттерде бұлайша қиналып, қорыққанша, Алгебра ағайға апарып, құтыла салсам ба екен деп те ойладым. Бірақ, хатыңызды қатыгездікке қалай қиярмын. Үш-төрт күндей жасырып ұстап, қайта-қайта оқыдым. — Ақырында, Алгебра ағайды ойлап, отқа өртедім. Бекер өйттім-ау деп тағы өкіндім кейін.
Кеше Алгебра ағай класты түгел алып қалып, қатты ұрысты. Біліп, сезіп қойған екен деп, зәрем ұшты. Білдірмеу үшін бетіне бедірейіп қараппын да қалыппын. Менен сондай бұзықтық шығатынын да біліп қойыңыз. Бетіне тік қараған оқушыға ағайдың онша қатты тиісе алмай, тайсақтайтынын бұрыннан байқаушы едім. Сонда да сақтық керек. Хат ұсталса, біліп қойса, Сіз де, мен де мәз болмаймыз. Енді хат жазбай-ақ қоя тұрғайсыз. Мен бәрін-бәрін түсінемін ғой... Әзірше кесіп айту қиын, Сіз жазғандай сөз берісу деген әлі ойланатын нәрселер емес пе? Сәл мүмкіндік беріңізші, мақұл ма? Хат жазбай-ақ кездескен, аз уақытқа болса да, сақтықпен жолығысқан жөн ғой деймін. Мен де, осы хатты жазуға кеңес берген менің жан досым да осындай ойдамыз... Сәлеммен, Мен. 16 қазан, 1963 жыл».
Бір мектепте, бұл он бірінші, ол оныншы оқып жүрсе де, екеуі оңаша жолыға алмай-ақ қойған.
Алпыс үшінші жылдары, сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, жағдай солай еді.
Бағдат енді екінші хат жазуға отырды. Бұрынғыдай жарты дәптер емес, бірақ, «сүйем» деген сөзді айрықша оюлап жазды. Жауап кешіккен жоқ. Бұл хатты да Бағдат жатқа біледі екен:
«Құрметтім...
Хатыңызды алдым. Адамды бірте-бірте тым батылдандырып бара жатқандайсыз-ау. Алгебра ағайдан да қорықпай, хатыңызды ала сала жауап жазып отырғанымды қараңызшы. Мен де өзіңіз сияқты халдемін. Ойдан ой туындап, қиялдан қиял кешемін. Әрине, ойларымның ортасында, қиялдарымның қырқасында өзіңізді көремін. Мен де сүйемін Сізді... Кездесуді мен де асыға күтемін. Амал қанша... Бірақ, жүгеріден келгелі Алгебра ағайдың шпиондары жан-жақты жұмыстарды жүргізіп-ақ жатыр. Оны да ұмытпайық. Маған хат таситын досыңыздан да ұяламын, қанша дегенмен, ол біздің ауылдан ғой. Сондықтан Сіз осы сенбіге дейін менің жан досым К...-ге жолығыңыз. Бәрін сол айтады. Қолыңызды қыстым... Сәлеммен, Мен. 26 қазан, 1963 жыл».
Зылиқаның алғашқы хатынан соң әлденеше ай ма, жыл ма өткендей еді, он-ақ күн екен ғой сонда. Бағдат оның досын жақсы білетін. Күміс қой ол. Кішкентай ғана қара қыз, қолды-аяққа тұрмастай пысық, биге құмарлардың бірінен саналады. Бір-екі рет бұл да онымен билеген.
Ертеңіне кездесті. Жыпылдап, тез сөйлейтін Күміс қыздың айтуынша, Зылиқа сенбі күні интернаттан ауылына қайтады. Сол сенбі күні Бағдат та Самсоновкаға қатынайтын автобусқа мініп, Жиделінің жол айрығында, Балбастауға бұрылатын жерде түсіп қалуы тиіс. Сол жерде жүріп, әрине жиделердің қып-қызыл жемісін теріп жеп жүріп, барлау жасайды. Көп ұзар, бәлкім ұзай қоймас, Балбастау жақтан торы биеге мінген шал мен қара есекке мінген кемпір көрінер. Олар осы Зылиқаның әкесі мен шешесі, яғни атасы мен апасы болар. Егер шал мен кемпір бір-бірімен жайбарақат әңгімелесіп, Жиделіге қарата жол тартып бара жатса, олардың қолындағы ең кенже қызы, орталықтағы интернатта жүріп оқитын Зылиқа сұлу үйінде оңаша қалған екен деп қуанар бұл Бағдат батыр. Қуанар да, Балбастауға қарай бағыт алар. Егер қараңғы түскенше тағат таппаса, егер бірге оқитын байланысшы Ниязға өзіндей сенсе, күдік-күмән келтірмесе, онда соның үйіне бара берер. Қараңғыны пайдаланып, белгі берер. Алда-жалда жан адамға білдірмей, өзі ғана оңашалап жолығып, жалғыз ғана қайтып кетуге бел байласа, қараңғы түскенше тығылатын жер табар. Сосын бақ ішіне кірер. Ең үлкен алма түбінен іздеген адамын табар.
Бағдат уәде бойынша Самсоновкаға баратын автобусқа уақтылы мініп үлгерді. Жиделінің жол айрығында түсіп қалды. Қып-қызыл, тіл үйіріп жөнелетін жидені армансыз жеді. Ағаштардың төбесіне зулап шығып-ақ кеткісі келген, бірақ, ұялыңқырады. Оның үстіне жаңадан сатып алып, тылтита тарылтып киген шалбарын аяды. Көп ұзаңқырай қоймады-ау, торы бие мінген, түлкі тұмақ киген шал мен шұнақ құлақ қара есекпен тепеңдеген кимешекті кемпір көрінді. Бет-жүзі кенет дуылдап, ысып кетіп, қалың жүгерінің ішіндегідей күй кешті. Жиде арасына тығылмақ еді, кешікті.
— Ассалаума-ғалейкем! — деп сәлем берді.
— Уа-алейкүм-ассалам, балам, — деді шал. — Жиденің бұтағын сындырып тастапсыңдар-ау, ә?
Қара есектегі кемпір бір жөтеліп қойды.
Содан ары тұрды, бері тұрды. Жиденің сынған бұтақтарын ары лақтырды, бері лақтырды. Уақыт тас табандап жылжымады. Қараңғы түскенше қай заман әлі. Ойлап қараса, Балбастау ауылы анау тұр. Нияздың үйін шамалайды, ал Зылиқаның үйін білмейді. Түнге қарай таба алмай, басқа шарбақта адасып жүруі де мүмкін. Оның үстіне Нияз досына сенбейтіндей, одан жасырынып жолығатындай не көрініпті?! Ертерек барады да, бәрін ашып айтады.
Нияз досы қатты қуанып кетті. Алғашқыда. Артынша бұл хикаяның өзінсіз, Нияз Әмірбековтің катысуынсыз басталғанына бұртиып, өкпелеп біраз отырды. Ет қайнап жатқан қазанға қарап қойып, қураған жүзім бұтақтарын бұтарлай, сындыра орап, ошаққа тығады да, тымырая қалады. Онысы ұзаққа бармады, бірақ. Күліп кеп жіберді. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» деген осы ғой, шіркін.
— Мен оған барып, қуантып келейін, барлау жасап, дәл мерзімін келісіп кайтайын, — деді алақанын ысқылап. — Оған дейін ет те піседі. Апамды алдап кетеміз ғой бірдеме ғып. Әй, аңқауым-ай, Зылиқа мен Күміс қыздың правакациясына көніп қала жаздапсың сен!
— Қалай сонда?
—Әй, ашық ауызым-ай, олар біздің достығымызды сынап көрмекші ғой. Бір-біріне шын сене ме, сенбей ме дегендерін қалайынша аңғармағансың?!
— Сол-лай ма?!
— Қыздар бізге қарағанда қырық есе қу болады, әлі талай-талай аңқиып қаларсың сен, Зылиқа аман болса...
Нияз әлден уақыттан соң қараңғылықты қақ жарып шығып, қазан-ошақтың басында тұрды. Ну орман-тоғай секілді тал-теректерден, бау-бақшалардан үйлер көрінбей, суылдаған қамыстардан, кеудені қағатын жалбыздардан басқа да әлденелер қарауыта жұмбақтанып, бұл ауыл түнде бөлекше бейнеге еніп алады екен. Ошақ басында елегізе бастаған Бағдат Ниязды көріп қуанып кетті.
— Айттым ғой, пысық өзі. Мені неге сыртқа тебесіңдер десем, ұялдық деп, сызылады. Руымыз бір ғой деп, ақталады-әй. Екі хат жазыса салып, елпілдеп ауылға, үрейленбей үйіме шақырғаным қай сасқаным деп, бір жылап алды. Бір күледі, бір жылайды сұлуың. Бір тоңып, бір ыстықтайды. Қайтсін-ай. Қызбысың деген. Байқасам, бұл Зылиқаның өзі де бұрыннан-ақ саған ғашық білем ғой. Шақырарын шақырып алып, атасы мен апасын әдейілеп қана Жиделідегі ең үлкен әпкесінің үйіне жіберерін жіберіп алып, осы қылығым қалай болды өзі деп, өкініп отыр екен. Дәл барыппын. Қуанып кетті-ей. Ақталған тарыны қаймаққа, балқаймаққа қозғап, жібітіп койға-а-ан. Бал татиды-ау, бал татиды. Содан екі-үш рет қарбыта асап, келісім жасап, кеп тұрғаным. Күздік алма түбінде, жоңышқаның соңғы орымы жиналған жерде Жауынбай атамның жаман тонын жамылып, күзетте мен жатармын, ал сендер үй ішінде емін-еркін сыр шертісерсіңдер... Өзінің айтуы солай...
Ол күздік алма түбінде тұрды.
Алғаш сезгені алманың иісі еді.
Алма иісін жеңіп, Зылиқаның қоңырқай қос бұрымының иісі жеткендей.
Қолын ұсынды. Ол.
Ұстады. Бұл да, ол да.
Жібере салды қолдарын. Ол да, бұл да.
Қайтадан ұсынды қолын. Ол.
Бұл ілесті. Оған. Жоңышқаның соңғы, мамық орымы бауланып, жиналған жерде, алма түбінде тон жатты. Оны Ниязға арнап алып шыққан ғой. Бағдатты ақырын жетелеп, үйіне қарай аяңдады Зылиқа.
Балқаймаққа қозғап, жібітіп қойған тарысын табағымен әкеліп, алдына қойды Зылиқа.
Рақат Бағдатқа. Бұдан артық рақат болар ма Бағдатқа. Осындай бір ертегіні бастан кешермін деп ойлап па бұл...
— Осылайжолыққаныма, сеніңүйіңде отырғаныма сеніңкіремейтін секілдімін, — деді дір-дір еткен Бағдат. — Бақыттымын мен.
Осыны айтып, икемсіздеу қозғалып, Зылиқаны тұңғыш рет құшақтады. Сүймек болып еді, қалай сүйерін де біліңкіремей, әйтеуір ернін жақындата бергенде, Зылиқа сытылып шығып кетті құшағынан. Тастай қараңғы түнде шамды әдейі жақпаған еді. Бағдат әлденеге тиіп кетіп, құлатып алды.
Зылиқа күлді жай ғана.
Одан әрі қимылдауға жүрексініп, отыра берді Бағдат.
Әлденеге оранып, бұрышта ағараңдаған кереуетке жатты Зылиқа.
Кенет Зылиқа мектептегі, интернаттағы болып жатқан, толып жатқан оқиғаларды, әңгіме-хикаяларды бірінен кейін бірін айтты кетті, айтты кетті.
Бірте-бірте Бағдат та сөйлейін деді. Екеуі де Алгебра ағайдан шынымен-ақ қатты қорқады екен. Кездесу аса қауіпті. Абайлау керек. Ауылда да қиын.
Екеуі тағы да талай-талай әңгімелерді шертті. Қандай мамандықты қалайтындарын, нендей кітап оқитындарын, қай ағайды, қай апайды қалай көретіндерін, бірқатар ұлдар мен қыздар туралы пікірлерін ортаға салды. Коммунизм жайын да ұмытпады.
Түн ортасынан әлдеқашан ауып кетті. Далада қырау қылаулады ма, шық себелеп өтті ме, үйдің іші бірден салқын тартып сала берді.
— Сен тоңып отырған жоқсың ба? — деді Зылиқа. — Жоқ, тоңған жоқпын. — деді Бағдат сонда.
— Тоңасың, — деп, Зылиқа ағараңдаған кереуеттен ағараңдай түрегеліп, әлдебір киімді әкеліп берді.
Бір қараса, қалғып барады екен, қарсы алдында ақ көйлекті Зылиқа тұрыпты.
— Кел, онан да екеуміз бірге жамылып отырайықшы, мен жалғыз өзім қорқып кеттім, — деді ол. Бағдат қуанып, артынша қалтырап жөнелді қараптан-қарап отырып. Денелері бір-біріне тиіп, тиген жерлері күйіп, үн-түнсіз, ұзақ отырысты. Көзін жұмса, бұлдырай ұшып алыстайды, көзін ашса, жақындап, жанында отырады.
Таң атып қалғанын көргенде ғана екеуінің еріндері бір-біріне сәл-пәл тиіп-тиіңкіреп кетті де, бір-біріне ұяла қарасты.
— Нияз не болды екен? — деді Бағдат.
— Ал енді қайт, — деді Зылиқа. — Автобус Жиделінің жол айрығында жетіден он-он бес минөт өткенде тоқтайды.
— Енді... Енді қашан кездесеміз?
— Осы аз ба? Сізге? Саған? Осы аз ба, саған? — деді Зылиқа еркелегісі келгенін сездіріп.
— Ешқашан да ұмытпаспын осы түнді! — деді Бағдат бақыттан басы айналып. — Рахмет саған, жа-жан-ым...
— Қош, сау бол, Бағдат!
Алқоры ағашын айнала бергенде, алдынан Нияз шыға келді.
— Сүйдің бе? Сүйістіңдер ме? — деді Нияз.
— Әрине, — деді Бағдат мақтанышпен.
— Ой, пысықтар е-е-ей...
Нияз Жиделінің жол айрығында Бағдатты автобусқа мінгізіп жіберді.
Зылиқаны бірер күндей көрмей қалса, хабарын білмей қалса, шыдай алмастай халге түсетін болған.
Он бірінші класс та бітті. Зылиқа оныншы бітіріп, колхоз орталығындағы қырманда, жазғы практикасын өтеп жүрген. Бағдат аттестатты алған күні құстай ұшты ғой. Алдымен атақты барлаушы Нияз кеткен.
Бағдат түс ауар-аумас мезгілде ұшып жетіп, желе-жортып, шайханаға кірсе, Нияз әлі шал-шауқандардың ортасында коммунизм мен Сы-Сы-Сырды толық химияландыру тақырыбында таласып отыр екен. Ол оқығанын айтса, колхоз орталығының қариялары тіршіліктен түйгендерін тәптіштеп, химияның баса-көктегеніне ренжиді. Нияздың пікірсайысқа беріліп кеткені соншалықты, бұған бұрылған да жоқ. Шайхананың кесесін қос қолдай ұстап, нағыз шалға айналған. Құрышев жолдастың соңғы баяндамасынан үзіндіні жатқа соғады. Бір кезде Бағдатты адам орнына көріп, тұт ағаштарына қарай иек қақты-ау.
Биігіректегі ирек арық бойында тізіле тербелген теректерге, жапырақтары қалқайып, күнге қыңбайтын, көлеңкесі қою тұт ағаштарына алаңдай көз жіберіп келеді. Әне, қос бұрымымен ойнап қана, ойланып қана тұр ғой Зылиқа!
Ойланып қана тұрыпты, қоңырқай ғана бұрымдар ерекше ерке қылықты. Шілдеде сәл тыншыған, бұрындары ыршыған таза су да сыбырлай ағып, тұныпты. Шаңқай түстің ауып қалған шағында, қызыл қырман жанында... Сағыныса табысты-ау сонда екеуі...
Алпыс үшінші жылғы махаббат туралы, құрметті оқырман, мен емес, Бағдат осылай ұйқастырып әкетеді екен, соны ескерткіміз келеді. Біздікі қаз-қалпында жеткізуге тырысу ғана.
Екеуі қол ұстаса тұрып, аттестатқа бірге қуанған. Сүйіншісі ретінде санап, қыз бірінші сүйіп алыпты. Бұл мас болып, жауап қатып үлгере алмай, бұрынғыша сасқалақтаған. Зылиқа сұлу бөрін тез түсініп, жайраңдай жымыңдап тіл қатқан:
— Ал енді, қоштасайық. Қызып жатқан қырман мынау. Бізді іздеп, тауып алып, масқара болармыз, — деді қыз. — Біреуі байқап үлгерсе, бидайықтай тербеліп бәрі таңданар, селеудей тегіс сусылдап, тұтас колхоз талқылар... Оқуға түсіп кетуіңе тілектеспін!
— Сүйейінші, — деп қиылыпты Бағдат батылданып.
— Жарайды. Мен де, — деді ол.
— Жарайды. Мен де, — деді бұл.
Содан оқуға түсіп келіп, жолыққандағысын айтса, одан кейін әскерге кетердегі кездесулерін ойға алса, Бағдат батырыңызды тіпті танымай қалар едіңіз.
— Айтып-айтпай не керек, сол жылдары біз коммунизмге де, ғашықтыққа да Құдайдай сенетін едік, — деп аяқтады Бағдат ағаларыңыз. — Әттең-ай, әттең, коммунизміңіздің өзі түп-түгел жалған, шіп-шикі өтірік болды да шықты ғой.
— Ал ғашықтық ше? — дейміз біз.
— Оны кім білсін, біз Зылиқа екеуміз қосыла алмадық әйтеуір. Алпыс төртінші жылы әскерге кете бардым. Үш жыл бойы уран кеніштерінде тырбаңдайтын түрмешілердің күзетінде жүріп, өлімнен басқаның бәрін бастан кешіп, қайтып келсем, күтемін деген қызым... Болды, арғы жағын айтпаймын енді. Осымен тауыс-тәмәм... Дегенмен, біліп қойыңдар, махаббат коммунизм секілді алдамшы нәрсе емес шығар, сірә. Ол пендесіне Құдай тағаланың өзі ғана бұйыртатын бөлекше бір қасиет болар, кім білсін...
Бағдат ағамыздың күрсінісін күлкісі жеңетін де, жеңе алмайтын да жағдайлары алма-кезек алмасатыны қызық-ақ.


АСҚАЗАНЫ АУЫРАТЫН АДАМДАР

Қай жылы екенін айтпаймын.
«Сарыағаш» санаторийінде бір қыз келіп танысты.
Мына маған.
Өзі.
Маусым айы жаңа басталған. Алтыншы корпустың шығыс жағындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үсті де, қос қапталы да қаптаған жылқы желкек. Таң бозарып атқанда тап-таза ауаға шықсаң ше, ақбөріктеніп қарсы алады. Желкек біткен жайнаңдап. Асқазаның ауырмай қалады.
Ертеңгілік емдәмге бара жатқаныңда айналып тағы қарайсың. Ақбөріктілерге. Сиыр сәскеде, ем-домнан оралғанда және де жон-жонастың жиегінен мойын созасың. Айкөріктілерге. Маусымның майсаң шуағына маужырап, байсал тарта түсетіндей. Жылқы желкектердің кейбіреулері. Жас байталдай байыз таппай бас шұлғып, шыдамсызданатындары да аз емес. Ара-араларында. Тұла бойларындағы тұмса бүртіктерінен уыз дертіп тұрғандай сезілерін қайтерсің-ай, қайтерсің.
Санаторийдің ем-домы мен емдәмі, шипалы суы ғажап-ақ. Осылардың бәріне қоса желкектермен де жайдарманданып, жазыла бастағандайсың.
Алтыншы корпус шеткерілеу. Жай-жағдайы жұпынылау. Жолдамасы арзандау. Қарапайымдау, қатардағы емделушілер мен демделушілер жатады.
Кіріп-шығып жүргендер жоқтың қасы. Бәрі дерлік асығып-үсігіп ем алуға жөнеген.
Желкектеріме қол бұлғап қойып, бұрыла бергенімде, нан жиде аталатын нән жиденің арғы жағынан ақ қалпақ киген қыз көрінген. Кідірмеске шамаң жоқ. Ақ қалпақты қыз алғашқыда айкөрікті желкектермен араласып адастырған. Құндыздайын құлпырған шаңқан шанақтарымен құраласып құрмаласқандай көрініп, қиналысқа қамаған. Сәлден соң ғана қалың желкектен және биік шашыратқыдан гүлқайырдайын өзгешелене, өңдене бөлініп шығып, маусымның мамық соқпағымен маған қарата аяңдаған. Басында дөңгеленген ақ қалпақ. Үстінде жеңдері жеңіл желпеңді, етегі елпең желпейлі, жұп-жұқа ақ көйлек. Кеудесіне кітап қысып алған, иә-иә-иә, кәдімгі кітапты кеудесіне қысқан қыз келе жатты.
Жымиып, жақсы бір танысын көргендей жылуарлы амандасқан.
Таңырқап, тамақ құрғаттым. Асқазанның үстіңгі жағы сыздап, түпкі тұсы мұздаған. Сілемейлі қабатының қабынғанынан шығар, сілекейім бөлінбей, тілім тұтыққан. Қыз-дағы қатты қызарған. Оның-дағы онша мазасы жоқ-ау. Соншалықты сұлу бола тұра солай сезілген. Жанарлары жасаурап, ұзын-ұзын кірпіктері жыпылықтаған. Қызғалдақтан сәл-пәл ғана күреңітіп көрінеркөркем еріндерінің көбе-жиектері кезеріңкіреген екен. «Ай, айналайын-ай, а?! Сенің де асқазаның ауырады екен-ау...» Дегім келген. Демегем. «Дертіміз бір екен ғой». Демек ем. Дей алмағам.
Біреу білер, екеу білмес. Біздің қазекең асқазан мен жүректі қатты шатастырады. Бағзыдан бері. Бұрыннан-ақ. Білмегендіктен емес. Жүдә жақсы біліп тұрып-ақ сөйтеді. «Жүрегім жаман боп тұр», — дейді. «Жүрегім айнып, лоблып, біртүрлі бейтаптанып отырмын», — дейді. «Жүрегім сазып тұр», — дейді. Осындағы жүрек дегендерінің бәрі асқазан екені айдан анық. Мұндай-мұндай мысалдар жетіп-артылады. Ұзын сөздің қысқасы, қазекең асқазанның орнына жүректі жұмсай беретіндей. Жүрек шіркінді асқазан деп түсінетіндей. Соған қарағанда ше, басқа ұлттарды қайдам-ау, қайдам, біздің қазекеңнің жүрегі мен асқазаны әлдебір нәрселер арқылы емес, тікелей жараса жалғасатын, ұнаса ұласатын сияқты. Мұны медицина саласындағыларбіле ме, білмей ме? Түсіне ме, түсінбей ме? Бұл – өз алдына бөлек мәселе.
Алтыншы корпустың алдында, сәл ғана секөндтердің ішінде, «Сарыағаш» санаторийінің, күллі курорттың көлемінде бір аптаның бойында көрінбеген көктем жаратылыстың жанында осындай-осындай ойлар зуылдай зыңылдатқан. Зуаладай басымды.
Ақ қалпақты, ақ көйлекті, кеудесіне кітап қысқан сұлу қыз өтіп кететін шығар, әйтпесе алтыншы корпустан біреуді іздеп келгенін айтып, жөн сұрайтын болар деп түйгендей түйсікте едім. Өтіп кетпеді. Жуық арада жөн сұрайтындай сыңайы жоқ. Ақбөрікті, айкөрікті желкектеріммен араласып кеткендей абыржыта адастырғанда, құндыздайын құлпырған шашыратқы шанақтарымен құраласа құрмаласып, көрініңкіремей қалғанда қиналысқа қамалғанымды айтыңқырадым ғой. Жаңа ғана. Жаздым ғой. Артынша аңғарсам, сол қылық-құлығым сұқилық пен сұмқайлықтың, тағатсыздық пен табансыздықтың арасынан табылардай тапыраштың тыртаңы тәрізденді. Үйлі-барандысың. Үйлесімді-үлгілі үй иесі санатындасың. Өзіңше. Әне, жылқы желкектерге дейін үйлі-барандылығыңды білетіндей, үйме-жүйме күйде үйірлесе сыбырласатындай. «Уа тауасау билхакки, уа тауасау биссабр» деп, білген аятымды сыбырлай күбірлеп, өз-өзімді кінәлап, өз-өзімді сабырға шақырдым.
— Ағай, мен сізге келдім, — деді ақ қалпақтың ақ қанат жарғағын бір шетінен шымшып ұстап, алтын басын аздап қана иіңкіреген таңғажайып талдырмаш. Кеудесіне кітабын қыса түсіп.
— Ма-ға-а-ан?! — деп таңырқадым сұрау белгісі мен леп белгісін қатар қолдана қайранданып.
Сұлу қыз сәуірдегі уыздай сүйкімді әрі жап-жас екен. Шақшадай басым шыр айналған. Маған келіпті. Осындай қыз. Өзі. Сенбейтін сияқтымын.
— Сіз мені танымайсыз, ағай, — деді өзімсіне күлімсіреп. Бір бұрым етіп өрген қарақоңыр шашын оң қолымен уыстай ұстап, қос анарының ортасынан былайырақ жылжытты. Сол қолындағы сұрғылт сөмкесін сәл бұлғаңдатты.— Әлде танисыз ба?
— Танымай тұрғаным, — дедім асқазанымның іші ме, әлде сырты ма, қаттырақ қызыңқырағаны бетімнен білінгендей ыңғайсызданып.
— Танысып қояйық, —деді таңғажайып талдырмаш. — Нәзия.
Мен атымды атадым.
— Ваннаға баратын шығарсыз?— деді Нәзия.
— Иә-иә, — дедім. — Анау желкектерді қимай тұр едім.
— Желкектерді ме, әлде шашыратқыларды ма? Мен сіздің «Шашыратқы неге жылайды?» деген әңгімеңізді оқығам. «Қазақстан әйелдері» журналынан. Сізге хат та жазғам. Жуап бермедіңіз, — деді таңғажайып талдырмаш бұрынғыдан бетер қайран қалдырып. — Ванна жаққа барсаңыз, анау-мынауыңызды алып шығыңыз. Бірге аяңдайық. Өзіңізге өтінішім бар.
Алтыншы корпустың төртінші қабатына қанат байлап ұшып шығып, қалықтай келіп, қасына қайта қондым.
Екеуміз қатар жүріп келеміз. Санаторийдің бас емханасы биіктеу қыратта. Арада қарағашы қалыңырақ сай бар. Сол сайға түскенше түк те тілдеспедік. Қия беттегі бетон баспалдақпен көтеріле бастағанда бүй деді:
— Менің хатымды алдыңыз ба, ағай? Бірақ сізге ондай хаттар таңсық емес қой. Жиі жазатын шығар? Қыздар?
— Хатыңды алған сияқтымын. Жауап жазуға ыңғайсыздандым-ау деймін.
— Әйеліңізден қорықтыңыз ғой, ә-ә?! — деді кеудесіндегі кітаптың мұқабасын шерткілеп. Тұтқиылдан тиісе тотайланатыны таңғаларлықтұғын.
— Мүмкін, — деймін мен де. — Әйелден қорқатын заман. Иә-иә, енді-енді есіме түсіп жатыр. Кітапханада істейсің. Белбұлақ ауданының Балбұлақ ауылында. Шымкенттің мәдениет институтын тәмәмдап, тү-у-у тау түкпіріндегі алыс ауылға кеткенсің. «Шашыратқы неге жылайды?» деген әңгімені оқып, екі-үш күн көз жасыңды көлдеткенсің. Гүлзираны өзіңе ұқсатқансың. Солай ма? Хатың әлі сақтаулы. Журналдың ішінде.
— Мен сізден жыл бойы жауап күтумен жүрдім ғой, ағай, — деді Нәзия. — Жүрегіңіз қатқыл екен. Онша емес екен. Жүрегіңіз.
— Асқазаным онша емес, — дедім мен. — Қазақта жүрек пен асқазанды шатастырады.
Нәзия сықылықтап кеп-кеп күлді. Түсінгеніне қуандым. Қуанышымды қымтадым.
— Сіздікі қай қасқыр-ит? — деді. Гастритті меңзегені.
— Өзіңдікі ше?
— Менікі талаураған гастрит, ағай.
— Менікі алаулаған гастрит, Нәзия.
— Қандай емдәмдесіз, ағай?
— Тұзсыз, қуырғансыз емдәм.
— Түріңізден байқалады. Тұзсыздық, — дейді Нәзия рахаттана сықылық қағып. Қалпағын алып басынан. Күн иіс есіп шашынан. Жең-желеңі желкілдеп. Жағасыз мойын мінсіз-ді. «Уа, тауасау биссабр» деймін ішімнен.
— Сенікі қай емдәм-дүр? — деймін сыртымнан. Күлкісіне ілесіп. Қылығына елітіп. Асқазаным атқақтап. Жүрегімнің орнына.
— Менікі сүт емдәмі, — дейді Нәзия қызыңыз дымқылдана қайқиған қоңырқошқыл кірпіктерінен сәуле сырғанатып.
— Көйлегіңнен көрініп тұр, — деймін мен жаңағы шымшығанының қарымтасын қайтармаққа тырысып. Тырмысып.
— Қойыңызшы, ағай! — деп еркелейді ол. — Көйлегім де, қалпағым да аппақ. Түк те көрінбейді.
— Сол сүт түстестігіңді айтам, — дедім ақталған болып.
— Сөйтсеңізші. Бәсе, — деді Нәзия бұртиыңқырап. — Жазатындар бәрін көріп-біліп қояды деген сөз есіме түсіп, қорқып кеткенімді қараңызшы. Асқазаным дүрсілдеп тұр.
Үйлесімді-үлгілі үй иесі ретінде келіншегімді ойладым. Көз алдыма келтірдім. Аудандық газеттегі тып-тыныш, тымырсық, үйреншікті ағысты аласапырандатып, облыс орталығышақырған. Қатты қиналғам. «Қиналма. Жұрт қатарлы, жүн-жұрқалы күйде қап қоясың. Шақырса, бағалағаны шығар. Барғаның жөн!» — деп қайраған. Келіншегім. Әлдебір қыз-қырқынды топтар тиісе бастаса, бірден сондағы бейнесі елестеп сала беретін. Бұл жолы да сөйтті.
Қиядағы тегістік тепсеңде жан-жақтан құйылған шұғылалар шарпыса шаттанды. Кеудесіне кітап қысқан қыздың жаратылысынан кім-кіміңізді де баурай тартып алатындай аппақ сәуленің сезілетінін аңдадым. Байланып қалғандай айналып, алыстай алмай аңтарылдым. Қыз сағатына қарап, шоршыды. Жылдамдата сөйлеп, жағдайын жайбағыстады. Кешірім өтініп, өтініштерін өрнектеді. Қысқашалап қайырғанда, былайтұғын. Белбұлақ ауданындағы Балбұлақ ауылының кітапханашысы Нәзия Нұрлыханқызы. Асқазаны ауырады. Студент кезінде тапқаны. Талай-талай ем-домдар қабылдаған. Сонда да сырқаттан сауықпаған. Емдәм тәртібін ерекше қатаң сақтайды. Құлантаза жазылуды қиялдайды. «Сарыағаш» санаторийіне өз бетінше келген. Жолдамасыз. Кезекті еңбек демалысын пайдаланып. Кітапханашылардың пешенесіне «пүйтепке», яки жолдама жазылмаған. Үш апта емделмекші екен. Бір аптасы өтіп үлгеріпті. Әжептеуір жеңілдепті. Асқазанының ауырғаны басылыпты. Бір аптаның бедерінде екі мәрте көріпті. Мына мені. Сыртымнан. Суретімнен және әзірше шығып үлгерген жалғыз кітабымнан, әсіресе, газет-журналдардағы мақалаларымнан беске біледі. Курортқа бір шақырымдай Көктерек ауылының бергі бетіндегі шеткі үйдің бөлмесін жалдап тұрып жатыпты. Санаторийге тек шипалы су ішпекке, ванна қабылдамаққа және асқазанын жуғызбаққа келеді. Енді екі аптадай мерзімнің ішінде мына менен, яғни «беске білетін» ағасынан мүмкіндігінше жанында жүріңкіреуді қиыла өтінеді. Әрине, жүріңкірейтін басқа біреуім болмаса. Басқаша, бөтенше ойлап қалмауға тиіс екенмін. Тек ағасы ретінде ғана,жазғандарын түк қалдырмай оқитын қаламгері ретінде ғана кітапханашы қарындасы қамқорлықкүтеді. Себеп дейсіз ғой? Алыстағы ауылдың кітапханашы қызы сәл сыртқа шықса, бітті. Біреулер соңына түсіп, сүйіп-күйіп қалғанын мағлұмдап, міндетті түрде алып қашатын көрінеді. Бұрын да бір-екі мәрте сондай оқыс оқиғаларды бастан кешіпті. Еті тірілігінің арқасында ғана әзер құтылыпты. Тұтқыннан.
— Өтінішім өзгеше ме? Шошытты ма? — деді Нәзия. — Ренжіп тұрсыз ба? Әлде, жүріңкірейсіз бе? Менімен?
— Жүріңкіреп көруге тырысайын, — дедім. — Асқазаныммен ақылдасайын алдымен.
— Курортыңызда кешқұрым басталып, түн ортасына дейін созылатын би болады екен. Оқта-текте қатыссақ, қайтарда шығарып саласыз ба? — деді Нәзия. — Асқазанға билеген пайдалы деседі.
Сынай қарады. Қайқы кірпіктерінен сәуле сырғанайды. Қандай қиын өтінішінен де бас тартуға болмайтындай болмысына қайрансың. Ақылың айран. Асқазаның ойран.
— Шығарып сала аласыз ба? — деді тағы. — Өткен аптаның өзінде Келес жақтың жігіттері екі рет алып қашпаққа әрекет жасады, ағай. Алып қашқысы келетіндерден қорғай аласыз ба? Қорқасыз ба?
Қорқайын дедім. Қыздан. Сыртымнан сыр білдірмеймін.
Сол күні түн ортасына таман қалтырай бастағам. Келес жақ та, Көктерек тұс та қап-қара еді. Қалай шығарып салмақшымын? Ауқалым мынау, асқазаным анау. Бірі қалжырайтындай. Бірі қатты қалтырайтындай. Нәзияңыздың түр-тұрпаты мен сыр-сымбатына, әсіресе, биіне қызықпаған, қадалып қарамаған жан жоқ-ты. Күллі курортыңыз бойынша алты жүзден астам адам емделіп-демделеді десеңіз, соның жартысына жуығы би кешіндегі бөлекше бикешіңізден көз алмаған.
Көктерекке қарата жіп-жіңішке соқпақпен жүреді екенбіз. Санаторий қоршауының сырты сорайған-сорайған сора мен сиырқұйрық. Жылқы желкек емге жоқ. Аспаныңыз алқаракөк. Жұлдыздар жап-жақын. Ірі-ірі. Ай батып кеткен. Жаңа ғана, соңғы вальстібилеп жүргенімізде ше, Нәзия қыз:
— Ағай, анау қалың аршаның арасында ағараңдағандарды аңғардыңыз ба? — деп, иығымдағы ыстық алақанына сәл-пәл салмақ үстеген. Шәмші Қалдаяқовтың шалқи есілген «Бақыт құшағында» әні кідірістеп, кібіртіктеп, іріңкіреп сала бергендей сезілген. Маған.
Ендігіміз мынау. Самал салқын. Соралардың арасы қарабарқын. Қызыңыз емен-жарқын. Сынай күлімсірейтін секілді. Еркелей, емін-еркін адымдайды. Кеудесіне кітап қысып алған. Оқымаған жазушылары кемде-кем. Әсіресе, әңгіме деген жанрыңыздың жауһарлары жайынан жырлағанда мына маусымыңыздың самалы далада қалады. Кітапқа деген сүйіспеншілігін сезгірлікпен орап айтады. Ойлары орасан. Жанындағы «жүріңкірей бастаған» ағасына не жағатынын жылдам байыптағанын қарасаңызшы. Үшжарым сағатқа созылған бидің басынан аяғына дейін-ақ, үш жүздей адамның назары бір өзіне жапырыла жығылғанын біліп жүріп-ақ, бірталай жазушыларыңыздың әңгімелеріне шырын шолу жасап үлгерген. Курортыңыз бен Көктерегіңіздің орта тұсында топылиын шешкен. Сол қолына қосақтап ұстаған. Оң қолымен кітап қысып жүреді ғой. Омырауына.
— Ағай, — деді жұмсақ топырақты жалаңаяқ басқан күйінде бірдеңе айтпаққа оқталғандай. — Үндемес екенсіз ғой.
Үндемедім. Орта жолдан асқанымыздың әсері шығар, асқазанымыз атқақтауынан, жүрегіміз суылдауынан арылыңқырап, сабырға ауысқандай еді. Ертерек еркінсіген екенбіз.
— Сайын Мұратбековтің ... «Үскірігі» ше...
Деген. Дей бере демі үзілердей ышқынған. Нәзия қызыңыз. Біз де бір минөтке жетпей, байлаулы жаттық. Бес-алты жігіт. Бәлкім бірқатары бозбала. Танау шіркінге әуелгіде жусан мен ерменнің, сонсоң есекмияның иістері келді. Езіліңкіреген есекмия. Сасық.
— Атаман, сөйлессей! — деді біреуі. — Уақыт тар.
Атаманы болар, аяқ жағымнан аттап, алғы жаққа өтті.
— Көке! Сен кімсің? Мына қызға қандай қатысың бар? — деді.
Нәзия да байлаулы. Бірақ мен секілді шөп-шалам иіскеп жатпағаны, түрегеп отырғаны байқалады.
— Ей, сендер ол кісіге сіз деп сөйлеңдер, білдіңдер ме?! — деді кітапханашы қыз даусын көтеріп, нып-нық сеніммен.
— Сұлу қыз! Сен тыныш отыр! Әйтпесе! — деді атаман.
— Ол кісіге тиіссеңдер өздерің сорлайсыңдар, — деді Нәзия нып-нығыз үні титімдей де дірілдемей. — Бұл кісі — қаламгер ағай.
— Не дейді? Қандай ағай? — деді. Бірнешеуі қосарланып.
— Алдап отыр-ей, алып қашатын қыздарың. Ағайы болса, үшжарым сағат бойы бір-біріне жабысып билей ме бұлар? — деді ең артта темекі тартып тұрған біреуі.
— Ағасы, кім болсаңыз да бізге бәрібір, — деді атаман. — Былай келісейік. Сіз бізді көрген жоқсыз. Біз сізді көрген жоқпыз. Мұндай сұлу қыздар Келестің келісті жігіттеріне ғана лайық екенін ескертеміз. Арғы жағын айтпаймыз, ішің білсін, әлу-ай. Түсіндіңіз бе, көке?! Келістік пе?
— Қыздан сұраңдар келісімді, — дедім мен.
— Келес ауданының Жүзімдік ауылына былтырдан бері оншақты келін түссе, соның жүз проценті алып қашып апарылған. Курорттан да екі қыз әкеткенбіз, — деді атаман.
— Алдымен ағайдың қолын шешіңдер. Содан кейін келісейік, — деді Нәзия.
Олар ойланды.
— Жарайды. Асқазаны ауыратын адамдар ғой. Қарсылық көрсете қоймас. Шешіңдерші, — деді атаман.
Түрегелдім. Төңірек түгелдей түнек. Төбедегі жұлдыздар да тым-тым жырақтап, жоғарылап кеткен. Атаман бүйірін таянып тұрыпты. Қалғандары менен сәл сезіктенсе, соққылап тастамаққа, тас-түйін дайын тұр. Нәзия ағараңдайды. Бет-жүзі айқын емес.
— Қыз! – деді атаман.
— Аты Нәзия ғой, –дедібіреуі.
— Атын кәйтем! Затын үйіңе жеткізсем болды емес пе?! – деді атаман кекесінмен. — Әй, қыз! Сіз деп сөйлеңдер дедің. Сөйледік. Ағайымның қолын шешіңдер дедің. Шештік. Келісейік дегенсің. Келісейік те, кетейік. Ағайың асқазанын азаптамай-ақ курортына қайта берсін. Жарай ма?
— Болдыңыз ба? – деді Нәзия.
— Әзірше боп тұрыппын, – деді атаман.
— Онда енді мені тыңдаңыз, аға! – деді қыз.
— Әй, мына қыз мені аға дейді-әй! Мені осы уақытқа дейін ешқандай қыз аға деген жоқ еді!
— Аға, тыңдаңыз, – деді Нәзия сонда. – Жаныңыздағы жауынгерлеріңіз де жөндеп құлақ қойсын. Қыз алып қашуға машықтанған екенсіздер. Мына мен де мұндайға әбден үйренген қызбын. Етім өлген. Талай мәрте алып қашқан. Барып қайтқам.
— Не дейді?! – деді атаман шынымен-ақ шошып.
— Үйренгенмін дей ме? – деді біреуі.
— Үйленгем дей ме, әлде? – деді екіншісі.
— Қызбын дейді ғой, бірақ ха-ха-ха! – деді үшіншісі.
Асқазаным шындап сыздайын деді. Жүрегіммен жұптаса. Далпылдап
жаманқұс ұшып өтті. Жалпылдап жапалақ ілескендей. Түн салқын тартып барады.
Пауза бітті.
— Етім өлгенің қалай? Үйренгенің нең? Қыз! Қызсың ба, әйтеуір? — деді атаман.
— Иә, қызбын, – деді Нәзия түк те саспай-ақ, асқазаны ауырып көрмеген,ешқашан ауырмайтын адамдай. – Бұрын да мені алып қашқан. Боралдай ауылына. Шаян жаққа. Көнбегем. Жаңатастың жігіттері де бір көргеннен ғашық боп, алып қашқан. Көнбегем. Қалмағам.
— Көндіреміз! – деді атаман. — Қалдырамыз!
— Аға! – деді Нәзия атаманды жібітіп. – Аға, алып қашқанға көнген емеспін, көнбеймін де. Оның үстіне...
— Келіп қапсың Келеске. Биіктерсің белеске! – деді бірі. – Атаман! Таң
атқанша тұра береміз бе? Сөз созылып, іс сұйылып барады.
— «Оның үстіне» деп қалдың, оның немене? – деді атаман.
— Алып қашқанға өлсем-дағы көнбеймін деген сертім бар. Оның үстіне анау ағайым мұндайға жол бермейді. Облыстық газетте істейді. Осындай тақырыптарды жазады. Одан да тып-тыныш тарағанымыз жөн. Түсіндіңіз бе, атаман аға?
Атаман асығып жаныма жақындаған.
— Куәлігіңіз бар ма, көке? – деген. Көрсеткем. Шұқшиысқан. Бәрі.
— Жарайды. Бұл жолы құтылдыңдар. Бірақ, бізден де зорлар бар. Бәрібір тұтыласыңдар, — деді атаман тістеніп.
Алтыншы корпустың төртінші қабатында, көршілес бөлмелерде тұратын, асқазан ауруынан зардап шеккен, зақымды запылармен мұңдаспыз ғой. Зәбір-жапамызды шет-пұшпақтап шертіңкіредік. Нәзиямен билемекке зерзаттанар төртеуінің зіні кетіп, күзетшілікке күбжің-күдіксіз көнген. Қызға ағалық ықыластарын, бізге інілік ізеттерін аямай-ақ арнаған. Төртеуі де мына менен кішіректұғын. Курортыңыз бен Көктерегіңіздің арасын бесеуміз билеп алып ек. Алтыншымыз Нәзия. Екі аптаның бойында, еш қауіп жоқ ойында, биге үзбей келетін. Түн ортасы таяна бес батыр қызға еретін. Қорғап-қоршап, әдебиетіңіз турасындағы әдіптелер әңгімелеріне елтіп, биік беткейдегі шеткі үйге қалай тез жеткенімізге таңданатынбыз.
Омырауына кітап қысқан күйі ол қалатын. Ай астында. Ашылған қақпаның алдында.
Бесеуміз мәз күйімізде курортқа оралатынбыз.
Қыз да кетті күрсінтіп. «Сарыағаш» санаторийінен қызық та кетті. Маусымыңыздың миын шайқап, жылқы желкектердің ұлпасын ұшырып, шашыратқылардың шанақтарын шалықтап, шілде жетті. Игерілмеген жон-жонастардың күнгей бүйірлері бір-ақ күнде күйіп-күреңіткен.
Бізбен бірге бүк түскен төртеуіңіз бауырларын әзер жазып, ағаларын арқадан қағып,жұбатпаққа жұмылған. Бізді жұбату арқылы өздеріне-өздері басу білдіргені байқалған. Төртеуі де мерзімдерін тауыс-тәмәмдап, қызыл «Икарусқа» қарата беттегенде ше, шетке шығара икемдеп, жеке-жеке пікірлерін білдірген. Шыдай алмағаннан шығар. Асқазандары.
Алғаш Ақтөбеге аттанатын бауырымыз бүй деген: «Шыныңызды айтыңызшы, аға! Жай ғана жанында жүріңкіреумен шектелгеніңіз рас па?»
Басымды изегендегі сықпытыма сенбеу мүмкін емес-ті. Сенді. Ішегін тартты. Қақалып-шашалды. Жөтеліп тынды. Кеңірдегі жыртылардай қиналды.
Екінші ініміз Семейдентұғын. Жарма жағынан. Ағынан жарылып: «Аяулы ару екен. Курорттың көркі болды. Иландым имандылыққа, — деді құшақтап. — Өкінбеңіз. Асқазаныңыз ауырмасын».
Үшінші жігітіміз Жезқазған жақтан-дүр. Иығыма қолын салып: «Ай, ағатай-ай! Ағатай-ай! Ағатайым-ай!» — деді ықылық атып.
Төртіншісі Талдықорғанда туып-өскен ғой. Жұматай ақынның жырларын жатқа білетін. Бірер шумақты нөсерлете төгіп, қатты күрсінді. «Кеудесіне кітап қысқан көркемдіктің күзетінде жүруге жазған Жаратқанға ризамын!» — деді оң алақанын жүрегі мен асқазанының арасына басып. Қазақтарша бүгіліп. Қытайларша иіліп.
Ертеңіне біз-дағы қаламызға қайтқанбыз.
Облыстық газеттің бейнетіне батып кете барғанбыз. Оның қандай қиямет екенін бастан кешкендер ғана білер. Былайғылардың сезінбегі беймүмкін бейнет қой ол.
Белбұлақ ауданының Балбұлақ ауылынан келген көгілдір конверт көзге ыстық көрінген. Ізетпен ғана іздеу салғандай етіп жазыпты. Кітапханашы қыз. Ағасының қолына тікелей тие ме, тимей ме деген ғой.
Жауап қайтардым. Кешікпей екінші хаты жеткен. Редакциядағы қалыптасқан қағида кереметтұғын. Қызметкердің аты-жөні аталып, «Жеке өзіне» деп көрсетілсе, жан баласы ашпай, арналған адамға тікелей тапсырылады. Жеке өзіме жететін хат жиіледі. Асқазаны ауырмайтын болыпты. Құлантаза айыққан. Ептеп-ептеп емдәм тәртібін сақтайтын көрінеді. Аздап-аздап толыңқырағанын тұспалдайды. Тек қана кей-кейде жүрегі мазалайды екен. «Жүрек пен асқазанды шатастырып жүрмін бе, қайдам?» деп, қалжыңдап та қояды-ай.
Бесінші әлде алтыншы хатында: «Сізді сағындым, ағай...» депті.
Осылайша күз өткен. Қыс жеткен. Қыз хаттарының мазмұны қоюланған. Біздікі бірсарындылау, аса ұстамдылау. Ұсталған күннің өзінде ешкім ештеңе дей алмайтындай, артық кінә тағарға түк таппайтындай. «Айналайын-ай, әуреленбей-ақ қоялықшы» деп жазуға да қимаймын. Соншалықты сұмқай да еместеймін. Белбұлақ ауданыныңБалбұлақ ауылына хат жазып отырып, өзімді-өзім жеркене жек көретін жағдайларым аз болмайтын. Ал Нәзияның ғажайып хаттарын сақтамақтың орнына, оқып біте сала паршалап жыртып, жойып жіберетінім сауысқанның сақтығы ма екен?!
Көктеміңіз күлімкөзденген. Қолында Балбұлақтың бәйшешегі бар Нәзия күлімсіреп кіріп келе жатыпты. Бір бөлмеде үш адам отыратынбыз.Қынай бел қоңыр плащы қандай жарасымды еді. Қоңыр береті дөңгеленіп, қалың шашын жасыра алмай дөдегеленеді. Екеуміз де елеңдей қарасқан екеуден ыңғайсыздандық. Ол бәйшешегін беріп, алтын басын иіп, омырау тұсыма бетін тигізді. Мен маңдайынан сүйдім. Қоңырқай етігі тік балтырларын тоқ көрсетеді. Сәл-пәл толыңқырағаны, асқазаны ауырмайтыны, құлантаза айыққаны айқын аңғарылады. Сонда-дағы таңғажайып талдырмаштығынан танбаған.
Алдымдағы ала қағаздан бас көтеруге шамам жоқ-ты. Түнімен шығып, таңертең тарайтын нөмірдің бірінші бетіне баратын материалды бір сағаттың ішінде жазып, мәшіңкеге бастырып, бас редакторға қаратып, жауапты хатшыға жеткізуге міндетті едім. Нәзия мұндай мәселені түсінер ме?! Сонша жерден келгенде. «Күтіп отыра тұрасың ба?» деп, көнетоз қызыл кресломызды меңзегем. Жанымдағы көршілер шығып кеткен. Олардыңшұғыл тапсырмаларыжоқтұғын.
— Мына мақаланы түске дейін тапсыруға тиіспін. Жаңағылар әзірше кіре қоймайды. Еркін бол, газет оқы, — деп жұбатамын.
Екі сағаттан соң қалада қыдырдық. Түскі тамақты бірге іштік. Емдәм дәмханасынан. Асқазаны ауыратын адамдар сияқтанып.
— Сіздікі қай қасқыр-ит? — деймін. «Сарыағаштағыдай».
— Өзіңіздікі ше? — дейді Нәзия. Курортта кездескендегідей.
— Менікі — күтінбесең, шабаланып шыға келетін қасқыр-ит.
— Менікі... мүлде жазылды ғой, ағай, — дейді Нәзия. — Сіз әлі де емдәмдесіз бе? Тұзсыз, қуырғансыз...
— Иә-иә. Сіз ше?
— Мен емдәмді де, ем-домды да доғарғам, ағай.
Ол түскі тамақтан шығып, пионерлер паркіне кірген соң жаутаң қаққан. Мен оның жаутаңдағанына жауап қата алмағам. Аздап-аздап әңгіме айтысқанбыз. Оған шаһарыңыздың шадыманы шаш-етектен секілді. Маған оның алыстағы ауылы ерекше қызық сықылды. Парктің түкпірінде тағы да жаутаңдаған. Мен күрсінгем. Болашағымызды болжағым жоқтұғын. Бәрі бұлыңғыртұғын. Түс қайта бере баспаханаға, газеттің кезекшілігіне баруым керек. Кезекшілікті ешкіммен де, ешқашан да ауыстыра алмайсың. Нәзия түсінгендей. Ет комбинаты жағында екі жылдан бері бармай кеткен ағасы тұрады екен. Сол кісілерге сәлем беріп, кешкі автобусқа үлгеруі керек-дүр.
— Хат жаза берейін бе? – дейді қоштасарда Нәзия.
— Жазбай көр! Көресің! – деп батылданған болдым. Өзімше.
— Маусымда... Былтырғыдай уақытта... Шымкенттің шығысындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үстінде кездесеміз бе? – деді Нәзия. Жанарлары жанып. Қоңыр беретін шешіп. Қою-қоңыр шашын шашып жіберіп, қайта жинап.
Аузым аңқиған. Асқазаным атқақтаған. Қайран қалғам.
Ол алыстап барады.
Кезекшілікке кеткем. Күрсін кернеп кеудені.
Обалы не керек, Нәзия хатты сиретпеді. Маусымда уәдесінде тұрды. Шаһардың шығысындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үстінде жолықтық. Ұзақ қыдырдық. Жылқы желкектер ақбөріктеніп, айкөріктеніп үлгерген екен. Ақ қалпағы бұрынғыдай. Ақ көйлегі былтырғыдай. Сұрғылт сөмкесіне Балбұлақтың жаздық алмасын сықай толтырып әкелген екен. Таласа-тармаса жеп тауыстық. Сонсоң кітап әлеміне ауыстық.
Одан кейін де бірнеше рет жолықтық.
Қорықтық. Ол емес. Мен.
Соңғы жолығыстан соң, құрғақ қыдырыстан кейін Нәзия қыз хат жазбай қойды. Әуелгіде әуреленіп, жүйкем жүндей түтіліп, жүдеп жүрдім. Бірсін-бірсін бойым байыз тапты. Ойым байсал тартты. Ұмытқанымыз жөн. Бір-бірімізді.Бәрібір, үйлесімді-үлгілі үй иесі ретінде келіншегіммен ажыраса алмайтыным ақиқат. Бала-шағамды қалдыра алмайтыным шындық. Асқазаның сыздап, жүрегің мұздаса-дағы, көнесің.
Ұзақ уақыт өткен. Хаты жеткен. «Ағай! Ақыры алып қашқандарға көндім ғой. Жаңатас жақтамын. Бірақ күйеуімді түк те жақсы көрмеймін. Сенесіз бе?! Қайта-қайта бардым ғой сізге. Түсінбедіңіз. Сезінбедіңіз. Қарамадыңыз. Қайтем. Көндім. Нәзия».
Біржарым жылдан кейін кенет телефонмен тілдесті. «Жұмысыңыздан жарты сағатқа шыға аласыз ба?» — дейді. Маусым айытұғын. Даусында түсініксіз діріл бар. «Шымкентіңізде игерілмеген жон-жонас қалмапты, қайда кездесеміз?» — дейді. «Пионерлер паркіне, баяғы түкпірге кел», — деймін. Жұмысымызға жақын ғой.
Мойнымнан құшақтап, солқылдай жылап қоя берген. Баяғы Нәзия емес. Басқа. Бөтен. Омырауына кітап қысқан, әдебиет жайында әдемі әңгімелер әдіптейтін, небір нұрлы шолулар жасайтын кітапханашы қызға ұқсамайды.
Алып қашқан күйеуі нашақор, ішімдікке құныққан біреу боп бұйырған. Қол жұмсаған. Ауылына бармайды. Қалада қалады.
«Неге-неге-неге?! Қарамай қойдыңыз?! Біржарым жыл бұрын...Асыл қазынамды өзіңізге ғана арнап сақтап ем, сізге бұйырғанымда, бұлай өкінбес едім ғой, ағай... Бір түніңізді қимадыңыз... Ең болмаса бір-ақ түніңізді...»
Ұзақ үнсіздік орнады. Өштім.
Бар тапқаным: «Бір түн бірге болғанымызда, маған бұйырғаныңда... Қазір бәріне мені кінәлайтын едің ғой», — дедім. Дәлел-дәйек айтқандай болғаныммен, өзімнен-өзім жеркенгенім неліктен екен?! Кенет баяғыдағы, «Сарыағаш» санаторийінің алтыншы корпусындағы төрт жігіт тізіліп тұра қалды. Қарсы алдымда ойқастай елестеп. Төртеуі түгел қосылып, әлдебір әнге басатындай. «Ай, ағатай, ағатай!» дейтіндей. Әлгі әннің қайырмасы.
Арада қаншама жылдар жылжығанын жасырын қалдырайын. Айтпайын.
Кенет облыстық ауруханаға түстім. Біресе жүрек дейді, біресе асқазан дейді. Осы заманда дәрігерлеріңіз-дағы бағзыдағы қазақтар секілді. Асқазан мен жүрек шіркіндерді шатастырып ала береді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңіз, Нәзия сұлуыңыз һәм емделіп жатыпты. Оныкі де белгісіздеу боп тұрыпты. Не жүрек, не асқазан екенін анықтай алмапты. Жағдайын қысқа ғана мағлұмдады. Жалт етіп бір қарады. Жалқы мәрте жарқ еткен. Бітті! Палатасынан шықпайтынға айналған. Мені жазылдың деп шығарған. Бәрібір, дел-салмын. Мең-зеңмін. Бір апта өткенде баяғы өзім жұмыс істеген облыстық газеттен көрдім ғой. Оқыдым. Қазанама беріліпті. Нәзия Нұрлыханқызы. Кітапханашы. Жүрек талмасынан ажал құшыпты.
Кеудесіне кітап құшып жүретін қайран қыз. Айкөрікті, ақбөрікті байтал желкек, бәлкім байдалы гүлқайыр секілді сирек жаратылыс. Қазанама басына баяғы, жас кезіндегі суретін беріпті.
Бізден қанша жас кіші еді өзі? Е-е, есіме енді түсті. Айтпай-ақ қояйын. Ана дүниесі ақжарылқап болғай да.


АУЫЛ КЛУБЫНЫҢ АУКЦИОНЫ

Ауылдағы клубтың аукционға түсетіні туралы хабарлама қараша айының жетісі күні шыққан республикалық газеттің үшінші бетінде жарияланыпты. Баяғыда газеттердің үшінші беттері ауыл шаруашылығының жағдаяттары жайында жабыла жазып жатушы еді, енді тек аукциондарға арналады. Еңсегей алдымен ірі-ірі әріптермен өрнектелген: «Назар аударыңыз: Аукциондар!» деген бас тақырыпты оқыды. Үшінші бетке төрт-бес облыстың аукциондары турасындағы жарнамалар жайғасқан екен, бірінен-бірі өтіп, тізіле төгіледі.
«Ал, назар аудардық», — деді Еңсегей. «Ақпараттық хабарлама» депті одан әрі. «Бұл «ақпарат» деген сөзіңіз жүдә әдемі сіңіп кетті бізге», — деп, өзінше жымиып қойды ауыл клубының бұрынғы меңгерушісі. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Алматы аумақтық комитеті 1998 жылғы 23 қараша күнгі 10.00 сағатта жекешелендірілетін нысандарды сату жөнінде аукцион өткізеді», — депті. «Кәне, өткізіңдерші, не бар екен?» — деп мырс еткен болып, тізімге көз жүгіртіп еді, көбісі ауылдық клубтар екен. Жүрегі атқақтап ала жөнеліп, суылдап барып басылды. Жантайып жатқан жерінен көтеріле, тықыр тысты жастығын таз кілемнің шетіне лақтырып тастап, Алматы аумағының арғы жағын оқымастан, Ақмола мен Атырауды аттап өтіп, Павлодарды пұттап өтіп, әдеттегіше тізімнің төменгі тұсынан орын алатын Оңтүстік Қазақстан аумағына алақтай қадалды. «Бұрынғы моншаның тұрғын емес тұрақжайы», «Қалааралық автостанса жер телімімен бірге», «Көкөніс сақтау қоймасының ғимараты», «Мектеп-кешеннің аяқталмаған құрылысы қоршауымен қоса», «Бұрынғы бюджет банкі ғимаратының бір бөлігі» деген сияқты түсінікті-түсініксіз тізбелерді түгендеп, тіл сындырған Еңсегейдің көз алдына ендігі сәтте «Ауылдық клубтың ғимараты» деген жазудың бірі емес, жиырма шақтысы бірден қыздай сызылып, қаздай тізіліп тұра қалғаны. Жүрегі құрып-ақ кеткір бекер-босқа бұлқынып, алқына ма, ауылдық клубтар хақындағы хабарламаның соңына тақап-ақ қалғанында, самайы солқ ете түсті. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарады. Республикалық басылымыңыздың бас-аяғы дірілдеп, етек-жеңі елбірейтіндей. Оңтүстік Қазақстан аумағы бұлдырап барады. Орнынан тұрып, газетті үстелдің үстіне апарып, қайта жайды. Оң қолымен көздерін, сол қолымен үшінші бетті сипай сүртіп, тағы тесірейді. «Ауылдық клубтың ғимараты. 1958 жылы іске қосылған. Жалпы алаңы — 260 шаршы метр. Бастапқы бағасы 156 мың теңге. Ең төменгі бағасы 8700 теңге». Аукционның өтетін күніне, тіпті сағатына дейін, Шымкент шаһарындагы мекен-жайына дейін көрсетілген. Оған қоса «голландтық әдіспен» деп қосып қойған. Еңсегейдің жыны қозатыны осындайдан ғой. Неге голландтық әдіспен?! Қазақша әдіс құрып қалып па? Міндетті түрде әлдебіреулерге еліктеп, есі кетеді де жүреді осы қазекемнің. Баяғыда, Сы-Сы-Сыр ырду-дырду ыдырай бастағанда ше, осы Еңсегей әзіл-шынын араластырып: «Өй, бәрін қойып, қазекемнің енші беру әдісін неге ғана қолдана қоймайды осылар?!» — дейтін. Алыстағы ауылдың клуб меңгерушісін кім тыңдасын. Міне, ел-елдің еншілері қазақша бөлінбеген соң ақырының не боп жатқанын қараңыз. Енді «голландтық әдіспен» дейді тағы да. Сондағы сататындары Стокгольм мен Амстердамның анау-мынаулары, әйтпесе жылжымайтын мүлкі мен жылжитын мүкәмәлі болса, бір басқа. Қапсағай ауылының қара құлып салынған қараша клубын неге ғана голландтық әдіспен саудалайтындарына түсінбейді. Түсінбейді емес, таңданады. Бұрын да бұның бұлқан-талқан болатындай біраз-біраз нәрселері бартұғын. Мысалы, мына Жабағылы тауының арғы қапталындағы жал-құйрығы бұрқырай шабатын жылқыны апарып, «Пржевальский жылқысы» депті. Неге ол «Жабағылы жылқысы» емес?! Күйесің бе, осындайға, күймейсің бе? Қапсағай беткейінде, шоқ-шоқ қызыл долананың арасындағы бүйрек төбешіктерде тұтанып жөнелетіндей талаурап тұратын қызғалдақты «Грейгтің қызғалдағы» деп жазады. Біле-білсе, қызғалдақтың төресі Голландияда емес, Еңсегейдің елінде. «Қапсағай қызғалдағы» десе ғой, әне, әлемдік әділдік, ғылыми дәлдік, іліми біліктілік сонда салтанат құрар еді. Жабағылы жылқысы мен Қапсағай қызғалдағы ғана емес, осы айнала-төңіректегі талай-талай дүние, шыбын-шіркей, шөп-шөңгеге дейін шет елдік ныспылармен ноқталанып кеткен. Клуб меңгерушісі кезінде қып-қызыл маталарға ұрандар жазып отырып, ой түбіне түсіңкіреп, кей-кейде тереңдеңкіреп кетіп: «Осындай-осындай мәселелердің астарында бірдеңелер бұғып, жасырынып жатқан жоқ па екен, өзі?» — деп те күбірлейтін. Мына «голландтық әдіске» тыз етпе теткуі бұрынғы клуб меңгерушісінің қырау шала бастаған самайынан сәл жоғарырақтағы санасында байырғыдан бұлыңғырланып қалып қойған күдік-күмәннің тұяқ серпуі ме, кім біледі?
Жә, жарайды, қандай әдіспен, нендей тәсілмен сатылатынына бас қатырмақтың қажеті шамалы. Қияли қалыптан арылып, әлдебір әрекетке кіріспек жөн шығар. Дәл осы аукционға қатысса ше?! Міне, бас шіркіннің кейде өстіп істеп кететіні бар! Рас, аукцион өтетін мерзім тіпті таяп кеп тұрыпты. Жеті-сегіз күнде үлгере алар ма енді Еңсегей!? Қалай болғанда да, қайткенде де үлгеру керек. Тәңірге не жазды екен, әйтеуір мына жалғанда Еңсегей Теңсегейге таба болумен келеді. Бес-алты қойдан, бірлі-жарым сиырдан, жиырма шақты тауықтан артық дәулет бітпеді. Қаз-үйрегі көбейе бастаса, анда-санда аудан жақтан жететіндер-ақ желкелерін қиып-қиып түседі. Қайбір жылдары қатыны байқұс күні-түні тыным таппай, түйетауықты үйірлей жайып, топтап айдауға жеткізіп-ақ еді, облыстық мәдениет басқармасынан бес мәшинеге толып келгендерден түте-түтесі шығып, түк те артылмады. Бір үйлі жан көбінесе қара мекиен, қызыл қораз бастаған оншақты тауыққа қарап қала беретін. Ал, анау Теңсегейдің қой қорасы да, сиыр қорасы да аузы-мұрнынан шығатын да тұратын. Жылқылары Қапсағайдың сайларын бермейтін. Тапалтақ-талтақ балаларының бәрі шетінен жоғары оку орындарына түсіп жатыр тағы да. Мұның сылқым-серілеу сұңғақтары тоғайдағы тоқымдай жердің қауыннан қалған сұңғыласын терумен әлек. Әндетіп теретіндерін қайтерсің-ай...
Былтырғы күзде, сүмбіле түсіп, су салқын тартқан шақта осы Қапсағай ауылына тоғыз «КамАЗ» бірден келіп, бүкіл тал-теректі тітірете гүрілдеді ғой. Тізіліп тұрған ағаш атаулының сарыала жапырақтары төгіліп түсті. Еңсегейдің көршісі Теңсегей тоғыз «КамАЗ» және жеті-сегіз жеңіл мәшинемен көшті де кете барды.
Теңсегей көшкеннен кейін тыныш табармын, жүйкем жеңілдер, шарбағымның қабырғасы майыспас, клубыма сиыр сүйкенбес деп еді. Қай-да-а-а-ан... Теңсегейдің қорасы мен қотанының жұртына бүкіл ауылдың сасық сиырлары жиналып алып, ойнақ салуға айналды. Солардың әрқайсысы мұның кілдіреген селдір шарбағына бір, әне жабылады, міне жабылады деп жүрген жабығыңқы клубына екі сүйкеніп өткенде, жүйкесі жүрегін жұлқитын. Отыз жылға жуық уақыты осы клубқа кеткен екен. Обалы нешік, кез-кездерінде, сәт-сәттерінде елу үйлі ауыл адамдары түп-түгел Теңсегейге емес, елден еректеу көрінетін Еңсегейге қызыға қарайтын. Жетпіс сегіз сом сексен тиынды тұрақты түрде, ай сайын, бір күн кешіктірмей алып тұратын. Шәрілі жақта түк емес шығар, ал ауыл үшін Еңсегей ең үлкен айлық алатын адамдар санатында саналатын. Мақтанғаны емес, маңдайшаға «Үгіт пункті» деп жазып қойып, есікті құлыптап, қолды қалтаға салып қыдырып жүретіндерден, немесе «Сельмаг» пен бастауыш мектеп арасындағы теңге жапырақ пен ажырық аралас көгалда отырып алып, қисық арақ пен «Кильки» консервісін қоса қиқалайтындардан емес-ті. Ескірсе де еңсесі түспейтін клуб үйінің іші-сыртын мұнтаздай етіп ұстай білді. Жұмысын қыз-қыз қайнатып-ақ жататын. Аудан жақтан алған алғыс хаттары бір абдыра. Жоспарлы түрде де, жоспарсыз түрде де жиналыстар, іс-шаралар өтіп, концерттер қойыльш, кино көрсетіліп, аудан жағынан, оқта-текте облыс жағынан қонақ үзілмейтін. Ауданыңыз ай мен апта құрғатпас. Қапсағай беткейін қиялай тілетін тастақ жолмен асыға аптығып келе жататын еді олар. Еңсегей еш қабақ шытпас, қайта қуанар. Қатыны һәм қабара қоймас ешқашан. Еңсегей сынды ер-азамат аман-сау болғай, табысының берекесін бергей. Дейтұғын секілді еді-ау сорлы қатын сонда. Әлгілер келеді. Клубтың алдындағы таспашөп тұтасып жататын жасылкөк алаңқайға жұп-жұмсақ қана секірісіп-секірісіп түседі. Еңсегей осы заманғы сәнмен тігілген шибарқыт шалбарының артқы қалтасынан бір бума кілт алып, салдыр-гүлдір кісен ашқандай, клубтың есігін ашады. Жүз орындық зал іші сап-салқын. Ір-рә-һәт! Қабырғалардағы қып-қызыл маталарға алуан түрлі ұрандар жазылған. Мазмұнды мақалдар мен мәтелдер де жоқ емес. Мән-мәністі монтаждарды да Еңсегейдің өзі епсекті қолымен ерінбей құрастырып, жалықпай жасай беретін. Рас, кей-кейде жоғарыдан берілетін нұсқауларға сәйкес жазылатын ұрандардан мүлде мезіленіп, жалығыңқырап, жақтырыңқырамай жүретін кездері де болушы еді. Бірде кезекті сиездің шешімдерінен үзінді жазудың орнына мынадай сөздер өрнектеді: «Көптің қажетіне жараудан асқан жақсылық пен сұлулық болмайды. Бетховен». Өзіміздің қазақ ғұламаларының өзгеше өсиеттерін өрнекке салсаң, ұлтшыл атандыратындар табылар деп қорытқан. Бірақ, Бетховеннің сөзінен де сөгіс ала жаздады. Ауданнан келген үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қатаң ескерту жасап, «Үшінші Интернационал» ұжымшарының Қапсағай ауылында сиез шешімдерінің насихатталуы нашар деп кетті. «Немістерде нең бар, нұсқаушының көкейіндегіні діттей берсеңші», — деп, қатыны мазақтады. Балалары күлді.
Ондай-ондай ханның қызында да болады ғой, негізінен алғанда, ауыл клубы, оның меңгерушісі Еңсегей жоғарғы жақтағыларға жақпай қалған емес. Кейде аудан басы айлар бойы, облыс төрі жылдар бойы ат ізін салмай кетсе, клуб меңгерушісі күллі әлем назарынан тыс қалғандай, жайсыздыққа буылатын. Орталықтағыларды әжептәуір-ақ аңсап, сағынатын. Қыс күндерінде, ұжымшар орталығына жетелейтін жол суырынды қармен күптеле бітеліп, асулар сәуірге дейін тәуірленбес аралықтарда Еңсегей небір қиял-ғажайыптарға шын беріліп, Шекспир мен Гогольдің туындыларын сахнаға шығармаққа әрекеттенетін. Есептеп қараса, күрделі трагедиялар мен комедиялардағы кейіпкерлердің бейнелерін жасамаққа бүкіл ауылдың ересектері түп-түгел дерлік жұмыла жүмсалып кетеді екен. Көрерменді қайдан табады сонда?! Әртістер тізіміндегілерді тұтас шақырып, сұхбат құратын. Бас қосудың басы тәп-тәтті арман, орта тұсы қызғын пікірсайыс, соңғы жағы бұртима бажылдасуға айналыңқырап бара жататын. Ақырында аузы дуалылау, Еңсегейден ересектеу біреуі: «Осы біздің Қапсағайға қайдағы бір, шеттегі Шекспирлер мен еркектігі күдікті Гогольдердің қажеті қанша, өзіміздің Садықбек Адамбеков пен Оразбек Бодықов та жетпейді ме?» — деп, тығырыққа тірейтін. Олардың да кітаптары көктемге дейін табыла қоймас. Сондықтан, жиналғандар шағын концерттің бағдарламасын жасап тастап, тату-тәтті тарасатын. Көп ұзамай-ақ концерт те қойылады. Ауыл еңбеккерлеріне арналған концертті Еңсегейдің өзі ашып, өзі жабады. Әрине, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін беріліп, елігіп айтушы еді:
«Кеттің ұмыты-ы-ы-ып, мүлдем ұмыт-ты-ың;
Жібін үздің ғой, нәзік үміт-ті-і-ің...»
Ойлап отырса, осы ауылда он жылдан астам уақыттай үнді киносының дәурені жүрген екен. Аудандағы таныстарын тиімді пайдаланатын. Олар да біледі ғой, бұларға ненің керектігін. Кино қоятындар Қапсағайға ертерек келіп, сыртқы қабырғадағы қоңыр тақтаға үнді фильмінің атын жазып, жаяу аяңдап клуб меңгерушісінің үйіне беттейтін. Қара тауықтың жұмыртқасын қуырып жіберіп, дастарханның шетіне қос шөлмекті сұлата салсаң, жетіп жатыр. Ір-рә-һә-әт. Сол жетпісінші және сексенінші жылдары Қапсағайдың түрғындары Үндістанның екі сериялы фильмдерін түгел көріп тауысты. Ақырында елу үйдің әрқайсысынан кем дегенде үш-төртеуден үнді әншісі, бес-алтаудан үнді бишісі өсіп жетілгені өтірік емес. Үш сағатқа жуық уақыт бойы клуб іші көз жасына мелдектейтін. Еңсегей де тым елжіреуік тартып, кейде қасында қатар жатқан қатынына қарап кеп қалғанда, оның қыз кезіндегі ақша маңдайынан қоңыр алша жемісіндей дөңгелек дақ елес беріп, бәле болған. Бертін келе, бірте-бірте үнді фильмдері де қатая берді, Қапсағайдың адамдары да қатыгездене түсті ғой.
Одан кейінгісін жұртшылық жүдә жақсы біледі. Егемен ауылға клубтың қажеті шамалы боп шыға келді. Облыс пен аудан жағы өз бастарымен әлек, үлкенді-кішілі атқамінерлер жекешелендірумен әлек-шәлек. «Үшінші Интернационал» ұжымшары ұлт-ұлтқа болмаса да, телім-телімге, тағысын-тағыларға бөлініп, клуб иесіз, меңгеруші жұмыссыз күйге түсті. Бір жылдай тегін істеді, екінші жылы есікке құлып салды лажсыз. Еңсесін түсірмеуге тырысты. Ертеден-ақ психологиялық әзірліктер жасап жүргендіктен, жеңілдеу қабылдаған сыңайлытұғын. Ауыл ішінен де, аудан жақтан да келіңкіреушілер, көңіл айтыңқыраушылар болды біразға дейін. Абырой-беделім бар екен дә деп жұбанды алғаш. Есік алдындағы суы сылдыраған жіңішке арық жағасында, қоңыр алша түбінде отырып ән шырқайтын. Ән шіркініңіз, әсіресе, жұлдызды түн алдындағы айлы кеште алысқа естілер: «Кеттің ұмы-ты-ы-ы-ьш, мүлдем ұмыт-ты-ы-ы-ың; Жібін үздің ғой, нәзік үміт-ті-і-і-ің...»
Кейде бүкіл ауыл күрсінгендей көрінетін. Алайда, олай емес-ті. Рас, бұрынғы клубты және оның бұрынғы меңгерушісін аяушылар бартұғын, өкінішке қарай, табалаушылар басымырақ еді. Кімге кімнің жаны ауырар бүгінде. Адам шіркіндерді кінәлау да қиын. Еңсегей қайраңға шығып қалған шабақтайын шоршыды, амал нешік. Айлық алмасқа кеткеннен кейінгі аса қауіпті жауына айналғандардың бірі — қасындағы қатыны. Баяғы: «Аруым көріп аңсадым; Еркешім көріп еңседімге» елігер елік қыздың із-түзі жоқтай-ау, тіпті. Кебежедегі ұнның түбі көріне бере Еңсегейдің етін шикідей жемекке әзірленіп, зілдене бастайды. Е-е-ей, бұ байқұс та қайбір жетіскенінен жемтік қамдайды дейсің. Бала-шағаның қамы-дағы. Алдын-ала әрекеттенбесе, үлкенді-кішілі серілерден не қайыр...
Қатынының біраздан бері төркін жұртында жатып алғаны мұндай жақсы болар ма, аукцион жайын тоғайдағы жерді айналдырып жүрген Ақансерісімен ақылдасты. Кененсерісі әлі жасырақ. Ауылдың клубы ескі болғанымен, сүйегі мықты. Іргесі Қапсағайдың тепсеңіндегі текше тастардан қаланған. Әсіресе, ағашы асыл, бұзып алсаң-дағы, бір үйге молынан жетеді. Сахнасы қайбір жылы қайта төселген, қалың тақтай. Төбесі жаңалап жабылғалы бесінші жыл-ау, шамасы. Шымкенттің борпылдақтау, бозаң шипыры емес, балта шүйдесімен түйгілесең сыр бермес Семейдің көгілдірі кәдімгі. Жүдә, бұзып тастап, үй-жай салмағанның өзінде, отыз жыл ие болған клубтың басқа біреуге бұйыруы кешірімсіздеу емес пе?!
Әкелі-балалы екеуі ұзақ пікірлесті.
— Сегіз мың жеті жүз теңгеге арзиды ғой, қалай ойлайсың? — дейді Еңсегей.
— Арзымақ түгілім, арзан ғой, — дейді Ақансерісі.  — И-и, соны айтам дә! — дейді Еңсегей ентелей түсіп.
— Сол бағаның үстіне соншама ақша қосылады-ау, көбейіп кетеді-ау, көке, — дейді Ақансерісі сәл-пәл мұңайыңқырап.
— Ауыл клубын жекешелендіруге де көп ала ма, немене? — деп еліреді Еңсегей.
— Алуы да мүмкін, алмауы да мүмкін, мәселе онда емес, — дейді Ақансерісі байсалды баянға кешіп. — Бәрібір, біраз-біраз пұл керек, көке.
— Қалай сонда? Не тұспалдап отырсың? Бірдеңені білетін бе едің өзің?
— Бастапқы бағасын көріп тұрсыз ба? — деп, Ақансерісі республикалық газетті қолына қайта алады.
— Көрдім. Төменгі бағасын да жатқа білемін.
— Көрсеңіз, білсеңіз, сол төменгі бағаңызбен екі аралықта бірталай жұмыстар жүреді. Кепілдік жарнасы және бар.
— Ол не тағы да?! — деп, шошыңқырап, сосын таңданыңқырап қарады баласына.
— Жарайды, көке, — деді Ақансерісі одан бетер қайран қалдыра түсіп. — Сақтап жүрген он мың теңгем бар еді, соны алыңыз. Жол-жөнекей стансадағы қызыңыздың бір айлығын сұраңыз. Ниет еткен екенсіз, аукционга қатысып қайтыңыз. Алсаңыз, аларсыз клубыңызды. Алмасаңыз, демалып, қыдырып келерсіз. Қалаға бармағаныңызга көп болды гой.
Осыны айтқан Ақансерісі әлдеқайдан ақша шыгарып, әкесінің алақанына салды.
Арада екі күн өткенде Еңсегей Шымкент шаһарында қызыл «Икарустан» түсіп жатты. Қырғы базардың қызғгын ортасына кірмей-ақ, шетіндегі құжынаған асханалардың бірінен лағман жеп алмаққа бекінді. Соны ойлап, айналасын барлады. Бұрынырақта, бұдан ширек ғасыр шамасы ілгеріректе клуб меңгерушілерінің курсына келіп, қайта даярлаудан өткенде Қошқарата бұлағының бойындағы жиекжолда топ-топ болып әндетіп жүргендері, ұмытылмастай сауық-сайран құрғандары, Шәмшінің шығармаларын кезек-кезек шырқағандары көз алдында тізбектеле тыраулаған тырналардай елестеп, жүрек тұсы шымырлай жөнелді. Автобустан ығыры шыға шуылдап тұрған құлағының түбін басып-басып, діріл буған демін тереңнен тартыңқырап, өзін-өзі сабырға шақырды. Кенет: «Кеттің ұмы-ты-ы-ып, мүлде ұмыт-ты-ы-ы-ың...» деп шырқаған дауыс анық естілді. Баянға қосылып, қоңыр алшаның түбінде әндеткен өзі секілденіп, әлдекім аңыратып отырыпты. Айналасына алақтады. Тапты. Шашлықтан шыққан тәп-тәтті түтіннің арғы жағында, Қошқаратаға құлдилайтын жолдың жиегіндегі үйме-төбе қоқыстың бергі жағында отыр екен әлгі әнші. Тағы тыңдады. Үні таныс секілденді. Бұл осы адамды да бір жерден көрген сияқтанып, еріксіз жақындай түсті. Жанына да жетті-ау. Жерде жаюлы жатқан қарақошқыл орамалдың үстінде азын-аулақ ақша қобырайды.
— Ей! — деді Еңсегей шошып кетіп, үні іртік-іртік шығып, ентелей еңкейіп. — Ей, сен... сен... Шынымен...
Клуб меңгерушілерін қайта даярлайтын арнайы курста жағасы кестеленген аппақ жейде киіп жүретін, сол күндердің сылқым серісі атанған, әншілігі жөнінен алдына жан салмаған аққұба жігітті, бүгінде бүтіндей бүлініп біткен Қалдыбайды бетінің ұшындағы қоңыр алшадай қара дақтан таныды. Кейін де талай көрген еді ғой.
Ал, Қалдыбайдың мұны танығысы келмеді.
Сөйлескісі де жоқ-ты. Бәрінен де баз кешкен, бұл пәниден безген, бақиға алып кеткенге дейін қайыршылыққа көндіккен қалпында отыра берді. Еңсегей аукционға деп Ақансерісі берген бір бума ақшадан біразын бөліп алып, Қалдыбайдың қойын қалтасына салып еді, ол қобырата қайта суырып, алдындағы қарақошқыл орамалға тастады. Түк болмағандай, курстасын көрмегендей, әнге басты қайтадан. Бірақ, бұл басқарақ әнтұғын: «А-а-ай; Аһ-һа-ау! Аруым көріп аңсадым; Еркешім көріп еңседім...»
Бажасының үйіне жеткенде Еңсегейде өң-түс шамалытұғын. Балдызы таңданыңқырады, бажасы басқаға жорыды. Көрмегелі, көріспегелі көп болған. Еңсегей бажайласа, бажасы үш қабатты бір үй, екі қабатты бір үй, ұзыннан-ұзақ тағы бірдеңелерді сонарлатып салып тастапты. Баяғыда пәлен адам бір бөлмеде жата беруші еді, бүгінде бір адам бір бөлмеге сыймасқа кетті. Біреуің не, бір адамыңыз пәлен бөлмелі бір үйге сыймауға айналды. Осыдан тұп-тура жиырма бес жыл ілгеріде, бажасы Алматыдағы «политехта» оқып жүргенде, есігін ашсаң, бірден тротуарға шығатын жалғыз бөлмелі пәтерде жеті адам емін-еркін жатып, емен-жарқын тіршілік кешіп жүргеніне іші елжірей таңырқап қайтушы еді. Енді бәр-бәрі басқашаға бұрылып алып, заулап кетіп барады, әйтеуір.
Ертеңіне ерте тұрып, келген сапары себебінің шет-пұшпағын сездірді. Балдызы жалғыз, бажасы әлдеқашан іссапарға кетіп үлгеріпті. «Аукционға қатысқалы жүрсеңіз, жаман емессіз ғой, жезде», — деді балдызы тәлпіш-тотайланып. «Алыстан ат сабылтып келіп, қолымды бос сермеп қайтам ба, қайдам», — деді жездесі. «Қолтықтап кіргізіп, құттықтап шығарар еді, бажаңыздың маңызды мәселемен кетіп қалғаны-ай», — деді балдызы керіле есінеп. «Стансадағы қыз айлығын алмаған екен, бірер мың қарыз бере тұрасыңдар ма?» — деді жездесі. Балдызы қиналыңқырап барып, үш қабатты үйге қарай кетті. Үш қабатты үйден шыққаны үш мың теңгетұғын.
Ақансері жүдә жақсы біледі екен-ай. Кепілдік жарна деді, басқа деді, біраз сандалтты қаладағылар. Баласының және балдызының арқасында бәріне де төтеп берді. Ақырында аукцион да басталды. Жүргізуші жүдә һәм мәйін жігіт көрінді. Сәлемдесуінің өзі ерітіп жібере жаздады. Тәптіштеп тұрып тәртібін түсіндірді. «Голландтық әдіс» деген сөзі ғана самайынан жоғарырақ тұсқа жайсыздау тиді. Еңсегей қалт жібермей қарап, тыңдап-ақ отырған. Баға мәселесін бағамдап барып, бағана берілген нөмірді көтеріп кеп жіберген. Алайда, кеш қалыпты, бәрібір. Тағы да біреулер көтеріпті. Қашан, қай тараптан көтергенін кім білсін. Мынау уыздай жас бала болса, бірдей-ақ көтерді емес пе? Қайта Еңсегей ертерек қамданбап па еді? Аукцион жүргізуші жігіт тиісті тәртіпті тағы да тәптіштеп түсіндіріп, жеңімпазды хабарлады.
Еңсегейдің самайы солқыл қақты, құлағы шыңылға толды. Қапсағайдың қырық шалы бірдей қырық шалғы орақты шойын төске салып алып, жарыса шыңдап жатқандай. Қырғы базар жанындағы қайыршыға айналып кеткен клуб меңгерушісін, шөлді ауданның серісі Қалдыбайды танығандағыдай есінен тана жаздады. Ақансерісінің айтқаны ғана демеу болып, былғары орындықтың арқалығына сүйеніп, орнынан әзер көтерілді. Аукцион жүргізушісінің даусы алыстан, әлде ғарыштан талып естіледі: «Қапсағай ауылдық клубы. 1958 жылы салынған. Жалпы алаңы 260 шаршы метр... Аукционда ұтқан... Теңсегейұлы... Теңсегейұлы... Теңсегейұлы...» Іртік-іртік, үзік-үзік үннен құтылғысы келді ертерек. Ертеден-ақ етене таныс ескі көшеге түскенде, көңілденіп сала берді. Алсыншы. Ала берсінші солар. Қайыршы боп кеткенде қайтер еді. Қайтетін еді...
«Қайтатын едім», — деді Еңсегей. Қызыл «Икарустың» жүргізушісі күлді: «Қайда, көке?» — деді. «Қапсағайға», — деді бұл. «Ондай қалаға бармайды», — деді жүргізуші. «Аудан орталығынан түсем, одан әрі тағы күтем ғой», — деді бұл.
Қапсағай ауылының клубы қырық жыл бойы қоғамына қалтқысыз қызмет етіп еді. Оньщ отыз жыл бойғы меңгерушісі осы келе жатқан Еңсегей еді. Енді не болды?! Қырық жылдай қып-қызыл матаға маталған клубыңыз жалғанның жалған жықпылы ғана екен дә. Тектілерге кектілердің қан жапқан жанарларын жалқындатып өтіпті де. Әкесі марқұмның ғұмыр бойына кірмей-ақ кетуінде кеп бар екен дә. Ойпырай, жалқы мәрте басын сұқпағанына қалайынша мән бермеген бұл байқұс. Арғы ата-бабаларының сарқытындай асыл басын қанқызылға боялған, ақсүйек әулеттен өрбігендердің өзін әулекілендіріп жіберген, кінәз мінезден мақұрым еткен, шайтан-шатақ шалықтаңқыраған шаңыраққа имей-ақ өткен екен де. Дә-ә-ә-ә... Отыз жыл бойы ақақу-секекумен селкілдеп жүргенде, ерте ме, кеш пе, соның жазырын түбінде бір тартармын деп неге санаға салмағансың, сен бейбақ? «Оралыңның барында ойна да күлді» ойланыңқырамай айтқан қазекеме обал жоқ. Осынау сөздерді сыңаржақ ұғынған ұрпағына сауап. Саған да сауап. Сорлы. Сенен сорлы бар ма енді? Ең болмаса, ауыл клубын жекешелендіре алмадың. Сенен де сорлыны көргің келеді, ә?! Көрдің ғой біреуін. Тағы көрсем дейсің, ә? Қуанғың келе ме, жұбанғың бар ма? Отыз жылғы жігер жаққан алауың, желбіреткен жалауың кімге дәру болды енді? Желіп өтіп кете барам, дедің-ау, ә, мына пәни жалғаннан. Сауап саған, сауап. «Көптің қажетіне жараудан асқан жақсылық пен сұлулық болмайды» деген кім-дүр, клуб меңгерушісі? Ә-ә, анау неміс қой, Бетховен деген. Ал, қажетіне жараған көбің қайда? Жақсылығың мен сұлулығың кәнеки? Үлкен де кетті жөніне, кіші де кетті жөніне. Анау да кетті шебіне, мынау да кетті жеміне. Бәрі де тартты тегіне. Теңсегей кетті тебіне. Сен сорлы қалдың шегіне де шегіне... Қалдыбай отыр қалада... Қайыршы болып, далада...
Елу үйлі ауылдың шетіне іліккенде қас қарайып қалған.
Еңсегей еңірей жылап келе жатты.



*   *   *

Қапсағайдың қиясынан тағы бір көшкін құлап түсті. Бұл жолғы көшкін бүкіл ауылды солқ еткізді. Бұрындары көшкін дегеніңіз тек көктемде ғана жеңіл-желпі желп етіп, онда да түн баласында ұрланыңқырап түсуші еді. Енді күз соңы, қыс басында, сәске-түс әлетінде әлекке сала беретін болды. Жылаңқы жаңбырдың сіркірегеніне сегізінші күнге кеткенін саусақ бүге санап отырған Еңсегей елмен бірге үйінен үдере шығып, ауылды бауырына алып жатқан Қапсағай жотасына қарады. Тұманы айыға бастаған биік беткейдегі қараша ортасында үсіп үлгерген шоқ-шоқ қызыл долана да қарауыта қалтырайтындай. Солардан сәл былайырақ тұстан былтыр көшкен көршісі Теңсегейдің жұртындағы қой қораның орнындай ойпаң пайда болыпты. Топырағы опырыла ойылып, сыпырыла сырғып түскен жер қазаншұңқырлана қазылып, қанталаған секілді.
Тауық қора жақтан қара мекиен шығып, алша ағашының түбінен өтетін арыққа қарай беттеді. Сіркірі сиреген жаңбырға қанаттарын кезек жайып, қайта жиырған қызыл қораз оның соңынан ілесті. Цемент жетпей қалған қиыршық тасты құмдақ алаңқайдың шетіне іліге бере қызыл қораз қара тауыққа қарғып мінді. Тиісті шаруасын тындырып алып, қағып-сілкінді. Егелері Еңсегей қарап тұр-ау деместен, қоқилана керілді. «Бұлар екеш бұлар тараптан да үй йесіне деген титімдей реакция жоқ, ұят-аятты айтпағанда, — деп күбірлей күрсінді бұрынғы клубтың бұрынғы меңгерушісі. — Бір тәуірі, қызыл қораздың серіленіп, қара тауықтың сергектенгеніне қарағанда, күн ашылмақтан үміт бар».
Жаңбыр толас таба бере екі бірдей «КамАЗ» еліре жарысып, жердің апшысын қуыра жеткен. Клуб үйінің екі шетіне тұра-тұра қалысқан. Кабиналардан қарғып-қарғып түскендер түп-түгел ұсталар, шетінен шеберлер екен. Бесін шамасында қос «КамАЗ» үйме-төбе боп толып, қиядағы тастақ жолмен ыңырана көтеріліп бара жатты.
Ертеңіне Еңсегей клуб орнындағы қоқыс атаулыны жиып-теріп, от қойды.
Түс ауыңқырағанда тоғай жаққа барған Еңсегей, балаларының бірталай тірлік тындырып тастағанын көріп, таң қалды. Қамыстыбұлақ бойындағы егістіктің есіліп жатқан топырағына тәнтілігін танытып, Ақансерісінің арқасынан қағып, Кененсерісінің кекілінен сипады. Нар қамыстан сыбызғы жонып отырып, ойға және бой алдырып қойғанын байқамады. Басын көтерсе, Ақансерісі арық қазып, Кененсерісі көң тасып жүріпті.
Ымырт жабыла үшеуі бірге қайтқан. Клуб орнындағы бықсып жанған қалдықтардан із қалмағандай. Қалаймақан қабарыңқы күйдегі Қапсағайдың баурайына тағы бір түн қонғалы келе жатты. Селдір шарбақ жанындағы төмпешікте селтиген қызыл тікеннің буындары сырқырай сыздап, ауырып тұрған секілденді. Клуб жұртының күлін тіміскілеп күшік жүрді.


АҚ ШЫМЫЛДЫҚ

Жігіт Зылиқаның құшағынан бұлқына босанып, атып тұрды да, не өңі, не түсі екенін ажырата алмаған күйі:
— Ақ... ақ шымылдық ше?! — деді үрейлене...



*   *   *

... Дабылдың ауылы тау ішінде еді. Оныншы кластың жазғы каникулында жарты айдан астам армансыз жүріп қайтқаны есінен шықпас. Ойнап жүріп-ақ ойлап жүрер Дабыл Мұсаевпен бір класта оқи тұра Бағдат оның қасында өзін сәби сезінетін. Екі айдай өз ауылында мехнат шеккені аздай-ақ, Дабыл пішен жинатты, топан түсіртті, үйлерінің сыртын сылатты.
Обалы не керек, тамашаға да қарық қылды ғой сонда. Отырыс ұйымдастырып, қыздармен таныстырды. Бірақ, Бағдатқа Зылиқадан өзге кім керек?! Аңға алып шығып, арқар көрсеткенін айтсашы! Балапандарын жетім қалдырып, төрт-бес кекілік атып алды Дабыл. Қылықтарының бірі ұнайды, бірі ұнамайды. Бірін көріп, екі қолын төбесіне қоя безіп кеткісі бар, екіншісіне елтіп, сиқырлана байланып қалады.
Қас қарая Дабылдың сойқан сырлы жорықтары басталатын. Шырттай қараңғыда көздері шырадай жанады, қатты көреді. Биік-биік тау жаңғақтарының ара-арасымен алып өтіп, бұта шарбақпен қоршалған қауындықтардың біріне таянады. Қауын әлі пісе қоймаған, ішінара ғана ірең алғандарын түн баласында табу қиын. Сонда да көк шапша кезінде сан соғып қалмау үшін, бұзықтау балалардың сотанақтығынан сақтанатындар күзетіп жатады. Дабыл Бағдатты бұта шарбақтың сыртында қалдырып, өзі секіріп өтіп, жорғалай жөнеледі. Күзетшісінің көрпесі ай жарығымен ақтаңдақтанып көрініп жатқанымен, қауынның пәлегін сыбдыр еткізбей, еңбектей еркін аралап, именбей иіскейді сабазың. Сәлден соң бұта шарбақтан қайта секіріп өтіп, иісі бұрқыраған әңгелекпен сілекейіңді шұбыртады. Екеуі қиялай сайға түсіп, саздақтау жердің көгалына жайғасқанда жартыкеш ай көкжиектен биіктей түседі, айнала сүтке шомылып, қазақы қара әңгелектің сарғайған бүйірі солықтайтындай көрінеді.
Тойып алған соң қабық пен шопақты арық суына шолп-шолп лақтырып, үсті-бастарын қаққылап, ауыл шетіндегі қой қораға қарай беттейді ғой баяғы. Айнала қанша әппақ сүттей болғанымен, қой қораның төңірегі қарауытып, маңайындағы бір-екі үйшік мүлде жұмбаққа оранып тұратын еді. Дабыл сол жұмбақ үйдің біріне кіріп кете ме, қараңғылық ораған қораға сіңіп кете ме, біраз жоғалып барып, күтпеген жерден қайта пайда бола кетеді.
Екінші, әлде үшінші рет осынау оқиғалар мен суреттер қайталанған күні Дабыл қора жақтан қатты түтігіп, ашуланып қайтқан.
— Болды! Бұдан былай келмейтін болдым... Келме деді...
Дабылдың шықшыты бұлтылдап, түн болғанымен, түтіккені ай сәулесімен ап-анық көрінді. Өзі айтпаса, анық-қанығын, дәлел-дәйегін сұрау қиын. Бұрқ етіп қайнай салатын жыны жаман. Сол жолығысының жөні бөлек-ті.
Дабыл сол бетімен Бағдатты сүйрелей, сүмеңдете ертіп алып, ауылдың шетіндегі бір үйге әкелді. Ай әлі жарық еді, адам біткен қалың ұйқы құшағында. Ояу, сандалып жүрген екеуі ғана. Әлгі үйдің терезесін тырс еткізбей оп-оңай ашып еді, тар бөлмедегі төсек ап-айқын көріне кеткені. Қайдан тауып ала қойғаны беймәлім, Дабылдың долана томарынан да қап-қатты қолында жіп-жіңішке, ұп-ұзын сым темір пайда бола кетті. Ұшын сәл ғана қайырып, қысыңқылау қармақтай иіп алды да, сумаңдатып үй ішіне жүгіртті.
Төсекте жатқандардың үстіндегі көрпені көзді ашып-жұмғанша жұлып алып, ашты да жіберді.
Көрпе астында жатқан екеу тырдай жалаңаш еді.
Бағдат, иә-иә, Дабылдың кластасы, ай жарығы барған сайын сүтті молырақ себелеп тұрған шақта, әлемде не болып, не қойып жатқанын білуден қалған, есеңгірей естен танған Бағдат Төлеев он жетіден он сегізге қараған жасында тыр жалаңаш тірі әйелді тұңғыш рет көрген болатын-ды. Көрпе бірден ашылып, төсек-орын шашыла берген сәтте шоршып барып, шалқалай аунаған келіншек үн шығара алмай, қос қолымен ауа қармалаған. Не болғанын білмей, біле алмай, көрпесін іздеп таба алмай, басқа бірдемелерді жамылмаққа әрекеттенді. Күйеуі кешірек оянды. Ояна сала терезе жаққа бір, әйеліне екі алақтай қарап, айқайға басты.
Бұлар зытты. Арттағы айқай-шу, шаң-шұң естіліп тұрды. Келіншек жылағандай ма-ау, еркектің даусы үдей түскендей ме-ау, шәуілдеп иттер үрді ме-ау. Солардың бәріне кемпірдің бажылдағаны араласып кетті ме-ау. Бағдаттың сол бетімен зыта бергісі келген, алайда Дабыл тоқтатты. Бұлар аса көп ұзай қоймапты. Жаңағы үй жап-жақын екен-ау әлі. Еркек далаға шығып, әлдекімді іздегендей, боқтап, балағаттап қояды. Дегенмен, сырттағы даусы іштегідей емес, бәсең. Қалың ағаш ішінде бәрін бақылап отырған Дабыл саспайды, асығар түрі жоқ. Айқай-сүреңге түк те қатысы жоқ адамдай, пысқырып та қарағысы келмей, орнынан марғау көтеріліп, есінеп қоятынына не дерсің.
Ертеңіне Бағдат Дабылдың бетіне қарай алмады. Неге өйттік, ол қай қылығымыз деп те сұрай алмады. Қайтатынын ғана айтты. Өзін-өзі иттің етінен бетер жеккөрді сонда.
— Сен неменеге ішкірттене қалдың? — деді Дабыл. — Түндегі жорығымыз ба? Себеп сол ма? Ол болса, себебін айтамын әлі. Екі күннен соң машина келеді, сонымен қайтасың. Жаяу, бәрібір, жете алмайсың. Жігіт деген қатын құсап не боса соған бұртимас болар, Бағдат бала.
Қалуға мәжбүр, қандай ғана сиқыры бар, білмейді.
Келесі күні түнде, бәлкім түн ортасынан ауып бара жатқанда, бұлар тағы да терең сайда әңгелек жеп отырды.
— Бағдат бала, — деді Дабыл. — Менің кей қылықтарыма таңданып, қартаймай-ақ қойғын, жарай ма? Мен мұнда мүлде басқамын, ал мектептеріңде менен тәртіпті адам тапшы? Таппайсыңдар. Мұғалімдердің ағыл-тегіл ақылын екі етпеймін, өздігімнен жан баласына тиіспеймін. Оқуым да онша жаман емес. Ал енді, ауылымда өзіме өзім иемін, еркіндік беріңдерші бір ай, жарым ай. Солай, Бағдат бала. Қой қора ма? Көкейіңдегінің біріншісі сол ғой? Қорадағы қоржын тамда жап-жас жесір келіншек тұрып жатыр. Соған бардым. Айтсаң, айта ғой елдің бәріңе.
— Айтып жын ұрып па?! — деді Бағдат.
— Бұрын да бір-екі рет барып, бекерге әуре боп қайтқанмын. Құшақтайтын өзі, бетімнен сүйетін өзі. Сөйтіп-сөйтіп алып, баласың әлі, бұзылмағын әлден, деп жолатпайды. Ал кеше барып ем, енді көзіме көрінбегін, табалдырықтан аттап байқашы, жалпақ жұртқа масқаралаймынде-е-еп отыр. Оттап. Батылданбақ болып-ақ едім, шапалақпен осып-осып жібергені. Анық, біреуді тауып алғаны анық. Пәдеріңе нәлеті, пәлсінеді сөйтіп. Тек саған ғана сеніп айтамын-дағы.
— Сенгеніңе рахмет, — деді Бағдат әлденеге ынтыға түсіп. Тағы да айта түскенін тілеп отырды-ау сонда. Онысы несі екен?!
— Сенем. Әйтпесем, айтам ба? Сонымен, қой қорадан үміт үзілді. Басында көзін сүзген өзі еді, енді: «Бұйдаңды үзбегін, баласың әлі»,— деп иттей қылғаны батады да. Қорлады да. Көреміз әлі. Әттең, қыздарға тиюге болмайды да. Қызды қорласаң, құдай қарғысына ұшырайсың да... Әжем айтушы еді өстіп. Әрине, тікелей емес, тұспалдап сездіретін.
— Әйтеуір, бәрін білесің.
— Сен де білмей отырған жоқсың. Жай ғана аңқаусып отырсың.
— Жоқ мен көп нәрсені білмейді екем. Сенен ғана естіп, біліп жүрмін.
— Білмесең, біліп ал. Қыздарды құрметтеу керек. Ал енді кейбір қатынға, қой қорадағы пәдеріңе нәлеті сияқтыларға басқаша қараудың айыбы жоқ. О баста ойнап, тістелей сүйіп, тиіседі де, ендігісі мынау. Бір мықтыны тапқан. Қап!
— Қойшы, Дабыл!
— Қоймаймын, неге қоям-ей!? — Әне, өстіп өзеурейтіні жақсы емес. Әңгіме үзілді. Екеуі де үн-түнсіз біраз отырып қалды. Кенет Дабыл орнынан ұшып тұрды:
— Жүр! — деді бұйырып. — Кеттік!
Алып жаңғақтардың қап-қара бұтақтарының ара-арасынан сүт саулатып ай қалқып барады. Ол кезде Бағдат Зылиқаны іштей көп ойлағанымен, сыртқа шығара бермейтін еді. Қатты сүйетін еді, бірақ онысын өзінен де жасырғысы келетін. Сол Зылиқа мұның әрбір әрекетін бақылап, көріп отыратын секілді.
Міне, тағы да Дабылға шегіншектей ілесіп келе жатқанына орталықтағы сұлу селода тұратын Зылиқа қар-а-ап тұрған шығар.
Жол жиегіндегі жиделердің жапырақтары алтын жалатқандай жалт-жұлт, жарқ-жұрқ. Дабыл тағы да бір үйдің жанына ертіп келді. Тағы да терезесін өзіне ғана тән ептілікпен, дыбыссыз ашты. Әбден әккі болған ба, әлде бұл ауылдың терезелері кілттенбей ме, кім білген. Бағдаттың байқауынша, бұл өткендегіден басқа үй еді.
Иә, басқа үй екен.
— Анау ақ шымылдықты көріп тұрсың ба? — деп сыбырлады. — Көрдің бе?
Шынында да бөлменің бір жағы тұтас ақ шымылдық еді. Төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр. Ауылдарда азайып кеткен, адамдардың аузының суы құрып айта беретін, ілуде ғана кездесіп қалатын ақ шымылдық. Бағдаттың өз ауылында да аз. Екі, әлде үш үйде ғана бар. Кейде әдейілеп көруге баратын. Біреуі Жайсаңкүл жеңгесінің үйінде. Барған сайын түкпірдегі бөлмеге бір көз салмай өте алмайды. Ал енді мына ақ шымылдық та тұп-тура Жайсаңкүлдікіндей, әппақ. Ақ шымылдықты айлы түнде көру керек екен де. Дабыл біледі ғой, «Мың бір түнде» де мынадай шымылдық жоқ шығар.
— Болды. Жүр. Кеттік.
— Кет-ті-ік, — деп күрсінді Бағдат қимай. Екеуі арық бойлап біраз жүрді.
— Бұл шымылдықтың ішінде біздің ауылдағы ең бақыттылар ұйықтап жатыр, — деді Дабыл. — Менен бір жас қана үлкендігі бар. Сегізден кейін оқымай, ауылда қалған. Жақында үйленді. Тойлары да өзгеше өтті ғой осылардың. Бақытты, екеуі де бақытты. Көп адамдардың бақытты немесе бақытсыз екенін көздеріне қарап-ақ білесің. Ақ шымылдықтарының сыртына
дейін нұрланып тұр ғой, байқадың ба?
— Б-б-байқадым, — деп тұтықты Бағдат. — Әскерге бармай ма?
— Барады. Осы күзде алып кетуі де мүмкін. Күтеді де. Артыңда біреудің, біреудің емес, келіншегіңнің сағына күткені де рахат қой, р-р-рахат!
«Мені Зылиқа күтер ме екен?! Бірақ ол менің әлі келіншегім емес қой...» деп ойланған сонда бұл.
Дабыл кілт бұрылып, арық бойынан тепсеңге түсті. Шынтағының сәл жоғары тұсынан қатты қысып жіберген сәт жаны шығып кете жаздап, көзі жасаурады. Дабылдың жаңағы жайбарақаттығынан із қалмаған, қалшылдайтын секілді. Бетіне сынай үңіліп:
— Қыңбағын! — деді тістенген күйі. — Қатындар құсап, ана-оу қорадағы... бәлсінбе, білдің бе?! Еркек болуға үйрен. Үйретем мен сені, білдің бе?! Сен тым үлбірексің. Үлдірексің! Мектеп сорлы сендейлерді қатты ұнатады. Сызылып тұрса, тәртіпті бұзбаса дейді. Ал өмір басқа. Бағдат бала... Ал мен бәрін білемін, бәрін бастан кешіп үлгердім. Титтейімнен әкелі жетіммін, үйдегі үшінші өгей шешем...
Екеуі тағы да бір үйге келіп тіреліпті. Сол үй.
Бағдат қорқып кетті.
Сумаңдаған сым темірмен көрпені көтеріп алып, жұлып түсірді. Дабыл. Саспайды. Асықпайды. Қорқыныш жоқ. Әнеукүнгі әйел. Сол. Жалаңаш денесін қорғалап әуре болмады бұл жолы. Үйреніп қалғандай, қайта іштей бір ерегісу бардай ма, қалай? Қос алмасының қаншалықты үлкен екенін де, тіпті қос түймедағына дейін көрді ғой Бағдат.
Еркек те бұл жолы айқай-сүрең салмады, тістене боқтап жіберді де, тезірек киінуге ұмтылды.
— Кеттік? — деп сыбырлады Дабыл. — Қашамыз... Еркек адам сыртқа бұлар күткендегіден жылдамырақ шығып үлгерді. Есіктен емес, терезеден секіргендіктен, бұлардың үй айнала қашқанын білгендей екен.
Ал есік алдындағы темір кереуетте кемпір жатыпты. Дабылдың сасқан жері осы болды. Үйдің алды ашық егістік еді, суарып тастапты. Іс насырына шабайын деді. Бағдаттың тұла бойын діріл буып, жылауға шақ қалғанда, гүрс етіп мылтық атылды.
Еркектің қолында мылтық бар болып шыққаны да. Бір жұбанарлығы, ол өрік жақты қарап жүріпті. Сатыр да сұтыр қайта оқтады. Мылтық атқан соң батылданып кетті ме, әлде жыны қаттырақ қозайын деді ме, айқайдың көкесіне көшті.
Дабыл лажсыздан шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрленді. Бағдатты бүктей-мүктей иттің үйшігіне итермелеп кіргізіп, өзі домалана тығылып алды. Себебі, өрік жақтағы еркектің осылай қарай беттегені білінген. Ит ұясының осыншалықты кең жасалғаны бұлардың бақыты шығар. Ұзын шынжырлы қара төбет қорқақ екен үйшік артында үруге де батылы жетпей, үрейленіп тартынады.
— Қайда?! Қайда кетті, аһ?! Әкеңнің...
Еркек қаншама қаһарландым, кіжіндім дегенімен, үнінде іркіс-тіркіс бірдеме бардай.
— Тағы да не бәле көрінді, — деп, темір кереуеттен кемпір күңкілдеді. — Мылтық атып, елді шошытқаның нең? Немене, қораға біреулер түсіп жүр ме? Неңді алады, қай малыңды ұрлайды сенің? Ай, сорлы балам-ай...
— Е, баршы, еһ! Жата берсеңші жайыңа, — деп, шешесіне ұрысты еркеккіндік. — Қап, әкеңнің... Қайда кетіп қалды, а?!
Тұп-тура ит үйшігінің жанынан өтіп бара жатты. Қара ит шынжырын сүйретіп барып, иесінің аяғына жығылды. Итінің де итінген үмітін үзіп, ішінен ыңқ еткізе бір тепті.
— Атаңа нәлетілерді атып өлтіріп, еттерін итке тастар ма еді, қап! — деп жыларман болды еркек. Бағдат қалтырап тоңғандай, қақ маңдайдан мылтық оғы қадалатындай қорықты. Дабыл төрт бүктеле қисайып, сыр бермес күйінде.
— Қорыққанға қос көрінетте. Не боса соған айқай сап, мамыражай, мақпал түнде мылтық атып...Ұят емес пе, жатсаңшы енді қатыныңның қасына барып, — деді шешесі.
— Жатсаң, жат, е?! Мен ол иттерді атып өлтірмей тынбаспын, әкеңнің, — деді баласы. Ызаға булығып, жылап қоя берді. — Ың-ы-ы, ың-ы-ы-ың, менде несі бар бұлардың, не ісі бар осы жұрттың?! Қорлады ғой мені-і-і... Қоймай ма енді-і-і, тыныштық бермей ме адамға-а-а-а...
Жылап-жылап, қорсылдап отырып-отырып, ақыры иттей болып үйіне кіріп кетті.
Дабыл көрпе жоңышкалықты кешіп өткеннен кейін ирек арықтың жиегіндегі тықыр ажырыққа жата кетті.
— Обал жоқ оған, — деді аспанға қараған күйі. — Бұл адамсымақ маған ежелден ұнамайды. Бәрін әдейі ғана істеп жүрмін. Бір жағынан сені шынықтырып жүргенім деп білгін, Бағдат бала. Өз ауылының қорасына өзі түсетін ұсақ ұрлықшы ол. Мал бітіп көрмеген маубас, шөптің басын сындырмай-ақ шылқа-шылқа май жегісі келетін топас, жалқаудың дәл өзі. Жылқы ұрласа, айналайын дер ем ғой, қой-ешкі қымқыруға да батылы бармайды, ел ескермейді, иесі іздеп әуре болмайды деген мерез есеппен буыны қатпаған қозы-лаққа пышақ жұмсайды. Жылы-жұмсағын жылбысқыдан айыратын жымысқы. Біздің бір лақты сойып, сырбаз қылып қылғытқанын мойнынан қылқындырып тұрып мойындатқам.
— Сол-лай де?!
— Солай, Бағдат бала. Сондықтан аямаймын оны. Ақыр-соңы мынадай болды: Осыдан бір жылдай бұрын мынаусын әкелді. Қойнында жатқан жалаңашын айтам. Мұнысы бар ғой... айтайын ба, айтпайын ба... ақ шымылдыққа адал болмай шығыпты. Масқара, білесің бе ондайды?
— Нені?
— Нені-нені... Білесің сен.
— Айта берсей енді. Әңгімең қызық.
— Сайратып қой-е-еп, отыра бер өңкиіп. Білмесең, біліп ал, басқа ауылды қайдам, біздің ауылда жаңа түскен келіншекке ақ шымылдық керіліп, ақ төсек салынады. Соллай, әне! Жақын жеңгелері бар ғой? Солар түнімен кірпік ілмей күзетіп шығып... Арғы жағын түсінесің ғой енді, сен маубас емес шығарсың? Сонымен, кездері анық жетіп, көңілдері демделсе, таң ата жас келінді төбеге көтере мақтан етер. Ақ шымылдыққа адал жар кымсына күлімсіреп, алабұрта қызарып, инабатты ғана иіліп сәлем салар. Шірк-е-ен, ондай келін жаңа тігілген отау үшін де, бүкіл әулет-әлеумет үшін де мейрам әкелер. Деседі біздің ауыл. Осылай айтады бізде. Ал, егер, айтқан жерден аулақ, басқаша болып шықса, ақ шымылдықтың өзі-ақ әп-сәтте қарауытып кетеді деседі. Қанша жуса да ашылмай, ағармай қала береді деседі. Ондайда жосылып жүгіріп жүрген жеңгелерге обал-ақ, олардың бәрі өздері кінәлідей, ақ беттеріне қара күйе жағылғандай, бастарын жоғары көтере алмай, жердің жыртығын тапса, кіріп кетердей кіріптар күйге түседі деседі. Бағдат бала, шет-жағасын көріп-біліп те жүрміз ғой, ешкім ештеңе демесе де, біреу-біреуге білдірмесе де, адам-адамға айтпаса да, бәрі бірден беп-белгілі боп шыға келеді. Қазір шымылдық мүлде-мүлде сирек, бәрін де өзгерттік өйдеп-бүйдеп...
Әне, әжептеуір жібіп отырып, күтпеген жерден жынданды Дабыл. Тісін шықыр-шықыр еткізіп, тықыр ажырықтан ұшып тұрып, қайта отырды.
— Жаңағы ит — нағыз шошқа, — деді Дабыл. — Бұрындары ондай қатынды төркін жағынан бір-ақ шығарады екен осы ауылда. Ал бұл, ең болмаса, бір шықпырта сабап алуға да батпады. Тағы да бізді «әтәм-әтем» дейді. Зайыр, біздің ит ұясында жатқанымызды біліп тұрды. Өзі де тайсақтап, сөзі де тайғақтап кетті, байқадың ба?
— Қор-қып... Қайдан байқайын, қаяқтан байқайды дейсің мені.
— Сен де бір ит екенсің. Алайда, адамға айналуыңа көп мүмкіндігің бар ғой әзірше. Ал жаңағы еркексымағың қатынын бүкіл елдің төбесінде тайраңдатып қойғаны. Бүкіл ауыл түк-түк түсінбейтіндей, тепсіне теперіш көрсеткісі келетінін қайтерсің?! Омырауын шоштаңдатып алып, кемпір-шалдарды қағып түсіре жаздайтынына күйіп кетесің де! Аямайтыным, азапқа салатыным содан ғой, содан.
Екеуінің де ұйқылары келетін емес. Үн-түнсіз біраз отырды.
— Ал бізде, — деді Бағдат сонда. — Біздің ауылда...
— Е, бәсе! — деп, Дабыл айқайлап жіберді. — Сен де сөйлеші!
— Біздің ауылда салт бойынша бар ғой, алғашқы түні келіншектің қойнына қыздар қонып шығатын еді. Бала кезім, бәрі көз алдымда, Жайсаңкүл жеңешем түскенде, ұл балалардың бәрі кетіп қалып, қыздардың ішінде қап қойыппын. Жайсаңкүл жеңешем мені қуған жоқ, сол кісінің сұлулығына қарап, қыздардың ауыздарына аңқайып отыра бердім. Бір мезгілдерде оянып кетсем, ақ шымылдықтың ішінде жатыр екем. Бұрын ондай ертегіні кім көрген, ақ шымылдықтың сыртынан іші сұлу екен ғой! Төсегінің мамығы-ай! Ақырын ғана аңғарсам, бір шетте Жайсаңкүл жеңешем мен әне-міне ұзатылмақшы бойжеткеніміз Сәлима отырыпты. Көзімді тағы бір ашып қарасам, екеуі құшақтасып алыпты. Тыңдасам, жаңа түскен Жайсаңкүл мен күні ертең кететін Сәлима қыз сыбыр да күбір сөйлеседі, бір күлісіп, бір жыласады.
— Ақ шымылдыққа адалмын ғой мен, адалмын, — дейді Жайсаңкүл жеңешем сыбырлап.
— Мен де, мен де, — деп, сыбырлай жауап қатады Сәлима. Әлде жылайды, әлде күледі екеуі. Неге күледі, неге жылайды, ол кезде кім түсінген?!
— Өлә-ә-ә, таң атып қапты ғой, — деді бір кезде Жайсаңкүл жеңешем.
— Бүгінгі түннен қорықпайсың ба, шыныңды айтшы? — деп сұрады Сәлима жаңа түскен жеңешемді құшақтап. — Қорқасың ба, бүгінгі түннен?
— Өлә-ә-ә, бүгін боп қалды ма?!
— Иә, бүгін боп қалғалы қаш-ша-ан. Енді бүгінгі түн Тілеу көкем екеуіңдікі. Қанша дегенмен де, адам біртүрлі қорқатын шығар, ә? Айтшы, а?
— Қорықпағанда-ші, — деп жаңа түскен Жайсаңкүл жеңешем менің, мына Бағдаттың бетінен сүйді. Екеуі одан әрі де көпке дейін дыбыссыз күліп, дыбыссыз жылап, бір-бірінің бауырына тығыла түскен. Бөлме ішінде пырдай боп үлкенді-кішілі көп қыз ұйықтап жатты сол бір түні.
— Мынаңқара! Мынаңкара! Түк білмейім дейді! — Дабыл орнынан тұрып кетті.



* * *

— Анаңғара! Анаңғара! — деді Дабыл.
Шолпан жұлдыздың айналасында ақ шымылдық желбірей үлбіреп тұрды. Кенет сол үлбірей желбіреген ақ шымылдық қақ жарылып ашылды да, таң жұлдызын жер жүзінен жасырып ала қойды.
— Көрдің бе? Көрдің бе?! — деді Дабыл тізерлей отыра кетіп. Бағдат тілден айырылғандай дірдек қағып, басын изей берген.



* * *

...Арада біраз жыл өткенде сержант Бағдат Төлеев әскер қатарынан оралған еді.
— Зылиқа сұлуың өзгерген, — деді Дабыл.
Бағдаттың жүрегі сулап, бойы мұздап сала берді. Жер жүзінде ешқандай қызық жоқтай, қыз жоқтай, көңілі қатты құлазыды. Құрылыс отрядындағы кейбір солдат сорлылар тап осындай күйге түскенде асылып өледі екен-ау, деп ойлады.
— Қалай, сонда...
— Білмеймін. Өзім де білмеймін. Түкке түсінбеймін, сенесің бе? Бұрынғы Жауынбаева жоқ. Бір рет жолыққанымда баяғыдағыдай, қимай-қимай қыдырып, бірге жүрдік. Шашымнан иіскеп, сенің иісіңе ұқсатып, ебіл-дебіл жылап бәле боп еді. Келесі бір іздеп келгенімде, одан әрмен сағыныпты сені, әңгімеміз таусылмай қойған. Жылына екі-үш рет кездесіп тұрдық. Ал осы жылдың басында ғой, тағы келдім. Сөйтсем, Зылиқа жоқ, орнында басқа біреу секілді... Бәлкім, Бағдат бала, мен қателесетін шығармын, мен де пендемін. Солай, сол-лай!
Жазған хаттарынан да салқындық сезілгелі жылға жуықтап қалғандығын, ойдың түбіне түсіп, уайымның уынан арыла алмай келе жатқанын жасырған жоқ Дабылдан.
Екі күн ауылында әзер шыдап, үшінші күні Зылиқа жұмыс істейтін сұлу селоға сол сержант киімімен келіп кірді. Автобустардың бәрі тозып, лақса-лақсасы шығып кеткен, іштері лас, сырттары сатпақ-сатпақ. Ескі, тот басқан ұзын автобустан түсе сала айналасына алақтай қараған.
Білуінше осы уақыттарда, тап мына тротуармен жұмысына қарай өтуі тиіс-тін.
Әне-әне! Алып қара талдардың астында екі қыз келеді екен. Сол. Солар. Жанындағысы Жанна ғой, сонымен бірге жататынын, жаннан артық көретін досы боп кеткенін талай-талай жазбады ма?! Кібіртіктеп жүре алмай қалды. Зылиқа емес, Бағдат еді жүрісінен жаңылған. Көзі бұлдырап, жанары жасаурап, екеуін алмастырып алғандай кезек-кезек қарайды. Оң жағындағы Жанна. Кәдуілгі Макаренко мектебінде оқыған, пысық қыз. Бұл жүріп оқитын үйден әрегіректегі қызыл түнікелі үйде тұратын. Бағдатты менсінбейтін, орысша оқитын Жанна. Сол жағындағы Зылиқа. Құдай-ау, сол ғой, сол. Зылиқа. Ал бұлар неге ғана бұлай, салқын жолығысып тұр? Неғып соншама жатырқап қалған?! Қалайынша ғана өзгеріп кеткен?! Өңі ме, осы түсі ме? Анау сарқырап ағып жатқан Арыс па, әлде Онон өзені ме? Онон сарқырап ақпас еді ғой?! Арыс қой, Арыс. Ал, Зылиқа неге соншама алыс?!
Салқын ғана сәлем алысты екеуі. Үшеуі.
Жай ғана жағдай сұрасты екеуі. Үшеуі.
Үшеуі де үнсіз қалысты.
Одан әрі дүниенің астаң-кестеңі шығып жүре берген. Не болып, не қойғанын сезінуден қалғандай, мәңгіріп ілесе беріпті Бағдат. Не айтып, не қойғандары да есінде жоқтай. Жанна бірдеме-бірдемелерді күңгірлеп кетіп қалды. Екеуі әйтеуір көп-көп ілбіді тротуармен. «Зорғадан кірген жұмысымнан қалдым, шығарып жіберуі мүмкін...» деді ме-ау Зылиқа. Тәмпік танауы қусырылып, маңдайы жиырылып, беті сұрлана шаңытып бір көрінді.
— Шыныңды айтшы, Зылиқа, сен мені бұрынғыдай көресің бе? — деді Бағдат бір оянып кеткендей болып.
— Баламысың деген. Мен ғашықтыққа да, коммунизмге де сенуді әлдеқашан қойьш кеттім ғой, — деді Зылиқа.
— Енді қайда барамыз? — деді Бағдат. — Алдымыз — жарқабақ.
— Мен ашпын, — деді Зылиқа.
Бағдат өзінің әлі де баяғыдай бала, шіп-шикі екенін қатты мойындап тұрды.
— Бір жаққа барып, тамақ ішейік, — деді сасқалақтап.
— Қайда? Бәрі де жабылды.
Арыстың сарылы биік жарқабаққа соғыла жаңғырығып, жүректі суылдатты. Қыркүйектің түнгі аспанында жалғыз жұлдыз да қалмаған екен.
— Алдымен таңдап алғын онда, — деді Зылиқа салқын ғана үн қатып, бірақ қап-қатқыл сөйлеп. — Қай жағын таңдайсың? Жанна екеуміз жалдап жатқан пәтерге бармайсың ғой? Жоқ, әлде, барасың ба?
— Жоқ, Жаннаға бармаймын.
— Онда осындағы басқа бір үйге баруыңа тура келеді.
— Мейлі.
Арысты жағалап, жарлауыт беткейді қиялап өтіп, ну алманың ішіндегі бір үйдің бетон ауласынан шықты екеуі. Есікті ашты, ешкім жоқ.
— Ағайын боп келетін ағамыздың үйі. Ұл-қыздарының бәрі оқуда, қалада. Ағамыз Шымкенттің ауруханасына түскен, жеңгеміз сонда кеткен, — деді Зылиқа. — Қорқып тұрсың ғой өзің?
Екеуі үн-түнсіз ғана шай ішті. Бағдаттың біртүрлі бейжай болғаны, ұрлық жасағалы жүргендей үрегейлікке түскені рас еді. Ойпыр-ау, осындай оңашалықты армандамаушы ма еді бұрындары. Алтын күз, түн іші, тып-тыныш, тым-тырыс, жып-жылы үй. Үш жыл бойы үздіге аңсаған жаны жанында. Енді не керек Бағдат балаға?!
Сол Зылиқа. Сол ма? Жоқ. Жоқ. Жоқ! Бұл — ол емес. Бұл бұрынғы Зылиқа емес. Мектептің коридорында қоңырқай қос бұрымымен ойнап қана, бұған ғана бөлекше күлімдей қарап кетіп бара жататын Зылиқа емес. Бағдатты көрсе қуанар, Нияз бен Дабылды көрсе жұбанар Зылиқа қыз бұл емес. Өзгерген. Мұқым басқа боп кеткен. Әскерде асылып өлген Құдайқұловтан, үсіп өліп қалған Поляковтан артық емессің сен, Бағдат Төлеев... Асылып өл де қал. Өле алсаң...
Зылиқа теріс бұрылып, үнсіз жылап тұр екен.
Біраз уақыт өткенде төсекті бірге салып жатқанын байқады.
Оның жылағаны өзіне онша әсер етпегенінен тағы шошынған.
Жатарын жатып алып, қатты мазасызданды. Иелері жоқ үйде, бөтен біреулердің төсегінде қалайша емін-еркін қонып шықпақ? Ұят емес пе? Біртүрлі ғой. Төсекті бірге салғаны несі?
Төсек бір болғанымен, көрпелер бөлек-тін. Зылиқа теріс қарап оранып жатты. Бұл өзімен-өзі әлек. Көзін бір жұмса, Онон өзенінің бойындағы отрядтан бір-ақ шығады. Тағы бір жұмса, Дабылды, онын алыстағы ауылын көреді. Қайта ашып, қайта жұмып еді, Жайсаңкүл жеңешесі: «Сен үйленгенде бар ғой, ақ шымылдықты өзім тігіп, өзім тұтып беремін», — де-е-еп, он саусағы майыса кесте тігіп отырыпты.
Талықсып барып, ұйықтап кеткенін білмеді. Бір кезде тұла бойы күйіп-жанып бара жатыр екен. Ұйқыда ма, ояу ма? Құшағындағы кім? Қайда жатыр, кіммен жатыр?! Зылиқа екен де. Денесі жұп-жұмыр, күйіп-жанып, жанып-күйіп жатыпты ол да. Шаштың, бұйрақоңыр бұрымдардың бұлықсып барып бұрылар тұсындағы — ақ тамақтағы жасымықтай меңді іздеп таппаққа бекініп, аласұра алақтады. Табан астында таба алмай қиналған.
Терезенің жақтауы сарт етіп ашылып кетті. Ақ пердені жел жұлмалай жұлқылады келіп. Бағдат бала қатты шошынып, шоршып түсті де, есін жиғандай болды:
— Ақ... Ақ шымылдық ше?! — деді ышқына сыбырлап. Кімге айтты сонда? Құшағынан босаған Зылиқа сұлқ түсіп, сәл жиналып жатты.
Таң атар-атпас шақ екен. Орнынан тез тұрып, киініп алды Бағдат бала. Кететінін білдірді.
Зылиқа үн-түнсіз жылап жатқан секілденді.
Арыстың сарылы да, сарыны да тым бәсең тартыпты. Таң қараңғылығы қоюлана түскен, бұлт қаптаған күзгі аспаннан жаңбыр сіркірей бастапты. Бетіне бүріккен тамшылар тым-тым мұздай еді.
Жарлауыт беткейдегі жалғыз аяқ жолмен тайғанақтап төмен түсті. Қалың баудың ішінде қарауытып тұрған үйге соңғы мәрте бұрылып бір қарады да, қатты күрсінді.


АҚПАНДАҒЫ МЫСЫҚТАР

Кейінгі күндері Шуақты кентінің тұрғындары мауыққан мысықтардың жан түршіктіре шыңғыратын дауыстарынан шошып оянатынға айналды. Үй-жайлары басқашалау бәдізделген «Шалғын» мөлтек ауданының адамдары үшін бұрнағы жылы ашылған базар шуы да, Дарабоз батыр даңғылымен күні-түні, ерсілі-қарсылы ағылатын темір көлік шуылы да, тіпті таяқ тастам тұстағы шойын жолдың тарсыл-гүрсілі де, түп-түгел нәніпәтір еді. Алайда, ақпан айы бастала бере, қас қарайып, тұманытқан түннің етегі еркін қымтап үлгермей жатып-ақ тұс-тұстан құлақ тұндыра үн қосатын мысықтар аза бойды қаза қылатын болды.
Осы жағдаятқа байланысты алғаш әңгіме айтылғанда, «Зайып»фирмасының президенті миығын түрткен мысқылды сұқ саусағымен басқан-ды. Ал, «Шалғын» мөлтегіндегі үйіне қонып шыққан күннің ертесіне өзінің досына, қала әкімінің білдей бірінші орынбасарына телефон соқты.
Қызметінен қалжырап оралып, сұрық қашырар сансыз сұрақтың қамауында құлақтарына мақта тығып: «Мен үйде жоқпын, естідіңдер ме-әй, мен жоқпын, тек үш адамға ғана бармын», — деп отыр еді, «Зайыптың» президентіне құрақ ұша қуанғандай. Телефонды құлағына тақай бергенде, кенет шаһардың күллі мысықтары дауыс салып қоя бергені.
«Ың-ң-ңа, ың-ң-ңа, а-а-а-а...»
«Уға-ға-ға, у-у-уға-ға, а-а-а, ғы-ғы-ғы-р...»
«А-а-а-ах! И-и-иһ!»
«Ы-ыр-ғғ-а, ы-ыр-ғағ-ға, ыр-ы-ы-р...»
— Естіп тұрсың ба? — деді «Зайып» жағы.
— Өзің ше?! Немене, сен де естідің бе мына пәлені?! — деп шошыды әкімшілік жағы.
— Құдды адам ғой мынау, адам! — деп күлді «Зайыптың» президенті.
— Япыр-ай десеңші! Іш болмаса біреуі «мияу» демейді-әй, жүдә! — деді қала әкімінің бірінші орынбасары. — Мысық адамға, адам мысыққа айналып алды-ау, осы, а?!
— Бұ дүние не боп кетті өзі? Заман не болды? — деді «Зайыптың» президенті. — Мысық екеш мысық та басынып, басқа шықты. Өзі, сендер осы проблемамен айналысып жатсыңдар ма?
— Не істерімізді білмейміз, жұрттан да жалыбы көп. Жайша хабарласып тұрсың ба?
— Соны айтсам деп ем.
— Нені?
— Мысықты да. Айтпақшы, ертең мұхиттың арғы жағына ұшамын ғой, көріскенше!
— Өзің бе?
— Телефонның әңгімесі емес. Әбден шаршадым, сәл-пәл былай, дегендей...
— Түсіндім, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары. — Әй, әй, тоқташы, саған айрықша тапсырма берейін. Ақыры, мұхит өтіп, алыс кетіп барасың ғой. Анықтап, айқындап сұрашы, мауыққан мысықтармен, мына кесепатпен қалай күреседі екен өркениетті елдегілер? Шын айтам, жөндеп біліп қайтшы, жарай ма?
— Жарайды-жарайды, мынауың қызық болды-ау! — деп қарқылдай күлді «Зайып» жағы. — Ха-ха-хаһ, қараптан-қарап, ө-ө-өһ, өстіп жүріп жүк жамап алатыным бар... Ө-өһ-өзіміз һәм мысық болып бара жатқанда... жа-жаһ-жарайды...
Сәл ғана саябырсыған мысықтар шыңғырма әуендеріне қайта басты. Жан-жақтан жамыраса жыласып-сықтасқандай ма-ау, сағынысып табысқандай ма-ау, әлде сақ-сақ күліскендей ме-ау, небір үдемелі үндер кенттің астын үстіне келтіре жаздайды.



* * *

Институттың дап-дардай кафедрасында аға оқытушы болып істеп жүрген жерінен тағдыр айдап отырып, базардан бір-ақ шығарды. Шілде айы ортасынан ауа бере «Шалғын» мөлтек ауданындағы базарда тұрды. Келестегі кластасының екі ай бойы үгіт һәм насихат жұмысы болмағанда, қаңғырып, қоңыз теріп кетуі де әбден кәдік-ті. Ол оқтын-оқтын облыс орталығы арқылы өтеді де, бұған көкөністің әйтеуір бір түрінен бірнеше жәшігін тастап кетеді. Соларды алғаш ұяла-ұяла, кейіннен әжептәуір ұмтылыспен саудалай бастады.
Бірде институт кафедрасында екі жылға жуық уақыт бірге жұмыс істеген профессор кемпір бұдан қызанақ алды. Әуелгі кездері таныс кісілер келе қалса, бетінен оты лап етуші еді. Ал, профессор кемпір мұның алдына үшінші айда келіп тұрғандықтан, онша қызара қоймады. Профессор кемпір бұған қарап-қарап алды да, қатты күрсінді. Күрсінгені түп-түгел өтірік еді. Егер осы апайының күрсінісін көкөніс тартатын таразысына салса, жалғандығы ап-анық аңғарылар еді. Ол кісі тіпті көзіне жас алмаққа әрекеттенді. Жуық арада жанарлары жасаурай қоймады. Профессор кемпір кемсеңдеген болып, бұған бір, қызанаққа екі қарады. «Е-ей, заман-ай, не боп кетті бұ дүние?» — деді. «Ең ақыры, саудаға икемі жоқ сен баланы да базарға айдап шығарған соң, не үміт, не қайыр?!» — деді тағы да. «У-уһ!» — деп қосты. «Бекер істедің ғой, балам», — деді одан әрі жалғап. «Бәрін естідім, әркім әртүрлі айтады», — деді тағы.
Мұның келіншегі проректормен бірге сол кісінің кабинетінде, күтпеген жерден, кенеттен құлыпталып қалып, бұл әңгіме әп-сәтте тарап кеткен. Содан бір күн өткенде, бұл осы профессор кемпірден қалған бір бөлмелі үйін тастап, келіншегіне қайырылып та қарамастан, безіп кеп жөнелген. Ендігі тұрысы мынау, профессор апатайының айтысы анау.
Қызанақ алуға қызығып, төрт-бес адам тізіліп тұрып қалған-тын. Бұл ләм-мимсіз, төмен қарап, тыңдаған боп тұрған. «Апай, әңгімеңізді қысқартсаңызшы», — деді кезектегілердің бірі. «Аласыз ба, алмайсыз ба?» — деді екіншісі. «Екі кілә тарта ғойшы», — деді профессор кемпір. «У-уһ!» — деді тағы да. «Қандай талантты бала едің, екі жылда кандидат, үш жылда доктор, профессор болады деп жүр ек қой сені», — деді. «Жақсы-жақсысынан сал, айналайын», — деді ақырында.
Келес қызанағының жаманы жоқ-ты. Ең тәуірлерінен тартып берді. «Кафедраға не сәлем айтасың?» — деп жанын егеуледі егде профессор. «Жақында Келестің жүзімі келеді, апай», — деп бұлтарды бұл. Кемпір кеткеннен кейін де, қызанақты қайта-қайта таразыға тартып жатса да, теңгесін санап алып тұрса да, самай тұстары шыңыл қағып, «кафедра», «кафедра» деумен болды. Біраздан соң басын көтеріп, иықтарын қозғап-қозғап қойып, кенет қарсы беттегі киім-кешек сататын қат-қабат қатарларға көзі түсіп кетіп еді, әлдебір тұстан профессор апатайының тесіле қарап қалшиғанын байқады.
Тап сол бір сәтте Ханым келе жатты.
Ханыммен танысқанына біраз уақыт болған. Алғаш көргенде онша мән бере қоймаған. Бәлкім, бұрын да келген шығар, бұл қайдан білсін. Қыз-келіншек, әйел атаулыға мән-маңыз қаузап, назар жығып, қарауды қойған. Түңілген әбден. Осылай ойлайтыны рас-ты. Өзімді-өзім емдеп, жанымның жарақатын жазып жүрмін деп санайтыны өтірік емес.
Сол жолы ол, яғни мына Ханым, базарда алымсақ азайып, сатымсақ шамалы шаршаңқырап, көз шырымын алмаққа сәл ғана мүлгіп кетер мезетте келді. Айнала-төңірекке қарап алып, жуық маңайда күдіктің жоқтығына көзі жетіп, тіл қатты бұған.
— Атың кім? — деді сәл-пәл тәлпіштеніп.
— Базаршы, — деді бұл есінеп. Іле-шала ұялыс тауып, қызарып кеткенін сезінген.
— Атыңды айтпайсың, затыңды алғанға қарамайсың, қандай базаршысың өзің? — деді әйел. — Мен осымен үшінші рет қызанақ алғалы тұрмын.
— Қайдам... Байқамаппын... Кешіріңіз...
Осы сөздерді бөліп-бөліп, асып-сасып айтқанына таң. Табан астында өзін-өзі жоғалтып алғанына жыны келді. Сасқалақтағаны шығар, қолдары жіті қимылдап кеткендей көрінді, басының басшылығына бағына қоймай, қызанақтың бірінен соң бірін алып, сүрткіштеп, қайта қоя бастады.
— Менің атым... Жарайды, мен де айтпайыншы саған, — деді еркетотай күйінде. — Жайында, мен «Ханым» деген сөзді керемет ұнатам. Сен де солай атай бер, жарай ма? Мен сені Базаршы дейін.
Қолын ұсынды Ханым. Бірден ала салуға ыңғайсызданып, өзінің оң алақанына көз тастаған Базаршы, аударып-төңкеріп әлекке түсті. Кей жерлері жырым-жырым, кей тұстары тілім-тілім. Базарға қойып кеткелі қолына, әсіресе алақанына анықтап үңілмеген екен де. Мұның хал-күйін Ханым аңғармай қалған жоқ әрине. Сондықтан шығар, ұсынған қолы әуеде қалқыған әппақ шағаладай жарқырап тұра берген-ді; сәл сәттен соң алға созып, алмауға амал қалдырмады. Алақанының күйіп-жанған ыстық табы жырымдалған жараларын деп-демде емдеп жөнелгендей, солқылдатып әкетіп барады. Алабұртқан күйде әйелге қарады. Шашын қызғылт қоңырға бояпты, келте кеспестен, иығына жетер-жетпестен уыстай буыпты. Мойны, тамағы, беті, маңдайы — бәрі әппақ, тап-таза. Сары күз секілді сап-сары көйлегіндегі ірі-ірі қара шеңберлер зыр қағып кеткендей.
Базаршының бастан-аяқ қарап, есінеудің қайда кеткенін білмей, есінен адасқанына риза кейіпте күлімсіреген Ханым қаракөлеңке мұнарға оранған базар түкпірлеріне тінткілей көз тастап алып:
— Күн қысқарып барады, ә? — деді.
— Қанша тартайын? — деді Базаршы бұдан әрі не істерін, не айтарын білместен.
— Қанша тартсаң да, өз еркің, — деді Ханым ерке үнмен.
— Қанша көтере аласыз? — деді бұл да батылдық танытып.
— Оһо! — деді Ханым. — Өзіңмен қоса, түп-түгел көтеріп әкетсем ше?
— Іһім, — деп, тамағын қырнап, тежеліңкіреді Базаршы.
— Жарайды, бұл жолы бес кілә тарта ғой, — деді Ханым. — Ал, түптің-түбінде әкетем сені!
— Шынымен бе? — деді бұл қызанақтан бетер қызарып.
— Мен сөзде тұратын ханыммын. Айтсам, істемей тынбан...
Қызанақты қалай тартқанын, қалай салып бергенін, қайтіп қоштасқанын біліңкіремейді Базаршы. Одан кейін де бірнеше мәрте келді. Күлкісі, көзқарасы өзгермейді; көптің көзінше сыр бермей ғана, тиісті нәрсесін тартқызып алып кетеді. Бұл білдірмей ғана қарайды келіп, қарайды. Жүрісі сол, емін-еркін әрі ерке күйден жаңылмас. Бұл мөлтекте сымбатына тең келер жан табылмас... Бүкіл ғұмырында титімдей қиналыс көрмеген, қиындықтың дәмін татпаған жан шығар, сірә.
Қарашаның соңынан қаңтардың аяғына дейін, екі ай бойы көрінбей кетті. Екі айдың ішінде Базаршы азапты аз шеккен жоқ. Азап атаулы Ханымға ғана байланысты емес-ті. Базардағы алғашқы қыс ауыр соқты. Жаурап-жасынап, дірдектеп, саудасы да жүрмей, салы суға кетті. Митың-митың тірлігін мұз құрсаулап, тұмауратып жатып та қалды. «Шыда, бұл саған социализм кафедрасы емес, келер күзде мынау деген саудагер болып, сылқым бір сұлуға үйленесің әлі!» — деп қайрайтын Келестегі кластасы ғана. Сөйтіп, жүдеп-жүнжіп жүргенде, аяз қысқан бозторғайдай бүрісіп тұрғанда, «Шалғын» мөлтек ауданының атақты әппақ үйлері жағынан Ханым көрінді-ау ақырында.
Ақпан айы жаңа басталған. Сүрі қардың сатпақ-сатпақ бетінде алысып ойнайтын мысықтар молайған. Кешке қарай олардың шыңғырған шуылынан құлақ тұнатын шақ еді. Әппақ үйлердің өзі сұрқайланып көрінетін кезеңде, сұрғылт тұман арасынан жарқ етіп шыға келген Ханым әнебір кездердегідей айнала-төңірекке тінткілей қарамай-ақ, топ-топ адамдарға көңіл аудармай-ақ, бүрісе тоңып тұрған Базаршыға тіке тартты. Қолын ұсынды. Тұп-тура алғаш қолын берген күнгідей, қазан айындағыдай. Тек үстінде қара шеңберлер зыр қағатын сары көйлек емес, жалт-жұлт еткен ішік тон. Базаршы бұл жолы қол беруге қаймықпады. Көкпеңбек күйде ыржиып, алақанға жеткенше асықты.
— Мен сені аяймын, — деді Ханым сыбырлай еркелеп.
— Ал, мен көкпеңбек болып тұрып-ақ аяғанды жақтыра бермеймін, — деді бұл.
— Мен сені аяймын және аялағым келеді, — деді Ханым, төңіректегі аязды түгел ерітіп.
— Шынымен бе? — деп, Базаршы күзгі жауабын қайталады.
— Мен сөзімде тұрдым, — деді әйел. — Сені әкеткелі келдім.
Базаршының тілі күрмелді, бәлкім, байланды да. Ханым бұған тілдей қағаз ұсынды. Мұз кұрсаған митың тірлікке титімдей бір шоқ түскендей, Базаршының бүйірі жылыды.
— Бүгін кешкісін күтем, жаным! — деді әйел. — Анау көрініп тұрған әппақ үйлердің шеткісі. Алыс емес, адаспайсың. Күтем...
Бұл не жұмбақ? Кел дейді, күтем дейді. Сене ме, сенбегені жөн бе? Базаршыдай кір-қожалақ пақырда несі бар бұл сұлудың? Мазақ етпек пе, әлде? Күдіктенейін десе, жанары алдамайтын секілді емес пе? Жарқылы бар, жалғандық жоқ сияқты ғой. Бару керек пе, бармау керек пе енді? Көкөніс саудалап көнтерілене бастаған, жуынып-шайынуға да жағдайы жоқ, татар шешетайдың жалдамалы жыртық тамында тұрып жатқан бұл Базаршы анау әппақ үйлерге қалай кірер? Күтем деді-ау: «Күтем».
Осындай ойларға қамалып, басы айнала бастағанда, таныстау дауыс құлағына ұрды. Меңірейген кейіпте қарсы алдына караса, кафедраның тағы бір өкілі, доцент ағатайы тұрыпты. Ханым құсап қолын созады-ай. Амандасты. Доцент ағатайының алақандары аса етті-тін. Мұның сауда саласында шытынап, шыныға бастаған қолына тандыр нан таңдағандай аударып бір, төңкеріп екі қарады-ай. Тартып ала қойғысы келіп бір оқталды да, құмарын қандырсыншы деп түйіп, одан бетер ұмсындырып, доцент-танауға тақай түсті. Бұл ағатайларын жас оқытушылар «доцент-танау» десетін-ді. Бұл кісі де «Шалғын» мөлтек ауданына базарлап келген жоқ. Профессор кемпір Базаршы бала хақында үш ай бойы хикая шерткен шығар. Қолдарының қалайынша тозғанын, түрінің қайтіп тотыққанын, қара бұйра шашының түбіттеніп, түте-түтесі шыққанын тәптіштеп талай тамсанысты ғой бәрі. Енді мына доцент ағатайы бәр-бәрін қайта жаңғыртып қайтпаққа келгені-дағы. Зерттеу һәм зерделеу жөніндегі жұмысын тындырып, тауарын алып, танауын көтерді. Бір қызығы, бұрынғы оқытушы бұл қайтарған теңгені теріс айналып тұрып санады. Кафедрада әлдебір шаруа-шараларға ақша жинағанда да, екінші қабаттағы кассадан жалақыларын алғанда да, бұл кісі тиын-тебеніне дейін теріс айналып тұрып санайтын. Бұл жолы да сөйтті.
Базаршыны кенет күлкі буды. Бүкіл базарды басына көтеріп, көп айлардан бермен қарата тұңғыш рет бар ынты-шынтысымен, қатты-қатты күлгісі келіп кетті. Өзін-өзі әзер-әзер ұстады.
— Кафедраға не сәлем айтасың? — деді «доцент-танау» кетерінде кекесінділеу үнмен. — Жаман емессің, көзіңде бір ұшқын бар секілді.
— Өлеміз бе, ағай, кейде біздің де күлмек құқымыз бар шығар, — деді Базаршы бала. — Келіп-кетіп тұрғайсыздар, сағындырмай...
Базардан шығарда ғана қатты шаршағанын сезді. Екі қолын сәл жоғарырақ көтерейін десе, икемге көнбейді тіпті. Зар қақсайды тағы да. Тастақ көшесіне бұрылатын тұстан троллейбус күтуі керек-ті. Төрт қатар жолдың шеткісімен бұралып өтіп, төртінші троллейбус келер. Соңғы аялдамасы болғандықтан, ақпанның тұманытқан, ұнамсыз кешінде адам онша көп отырмас. Қаракөлеңкелеу бұрыштағы бос орындыққа бір жайғасып алар ма еді, шіркін-ай! Содан созыла сызылған троллейбус Тастақ көшесіне қарата сырғанай жөнелер. Қалғып кетер-ау байғұс Базаршы. Соңғы аялдамада жүргізушінің өзі-ақ түртіп оятар. Кейде осы төртінші троллейбус тоқтау таппай кете берсе, кете берсе; кете берсе, шіркін-ай, дейтін. Мәңгі-бақи тоқтамаса, деп арман ететін.
Әнеки, төртінші троллейбус төрт қатар жолдың арғы шеткісімен бұрала сызылып, Дарабоз батыр даңғылына шығып барып тоқтады. Бұл мінбекке мүлде асығар емес. Адамдар отыра бастаған. Базаршының бір бұрыштағы бос орындыққа жайғасуын күткендей, төртінші ұзақ кідірген. Кей-кейде осы троллейбустың меңірейе мәңгіріп тұратын күйін өзіне ұқсататын.
Базаршы мінбеді ақыры. Троллейбус томсырая ренжігендей, әншейіндегі баяу мінезінен жаңылып, жұлқына қозғалды. Ұрлықка баратынын біреу бақылап тұрғандай-ақ, айналасына алақтады бұл. Артынша, өзін-өзі бағындыра алмастан, өзіне-өзі келе алмаған күйі, «Шалғынның» орта тұсындағы әппақ үйлерге қарай бұрылды. Табандарында жан жоқтай, өз адымын өзі сезбейтіндей. Жон арқасы құныса тырысады, жауырындарының астына бәле іздеген бездер ұялап алғандай.
Әппақ үйлердің жанына жақындағанда жүрегінің атқақтаған үнін ап-анық естіді. Оны да оншалықты тыңдағысы жоқ. Бұл үйлердің төңірегі де тап-таза екен, айналадағы әрбір түп ағашына дейін өз орнын, жөн-жолын тауып, биіктерге қарай беделді түрде, түп-түзу өрлеп бара жатқандай. Базаршы бәрін аңғарып, сауыс-сауыс күйінде мәрмәр баспалдақпен жоғары көтеріліп, тілдей қағаздағы тиісті нөмір жазылған қаракөк темір есікке де жетті-ау. Сәл кідіріп, әлі де болса кері қайтудың кеш еместігін ойлады. Бұлдыр сана түкпірінен қылаңытқан бұл ойына кіржиіп, өз ішіне өзі үңілмектен қашқақтап баққан. Базаршы тым-тым шаршаулы-тын. «Не болса, о болсыншы, құрысыншы бәрі де...» Деп, күбірледі ішінен. Қалтыраған қолын қоңырауға қарай көтере берді.
Қаракөк темір есік күткендегіден тезірек ашылды. Қос қабатты әрі аса ауыр екен. Қарсы алдында Ханым тұрды. Аяй қарады ма, аялай қарады ма, жеңіл-желпілеу көрінген жымиыс лез-демде шынайылыққа айналғандай.
— Бірінші өтінішім: қысыла көрмеші, өзіңді емін-еркін ұсташы, өз үйіңдей көрші, жаным! —деді Ханым. — Алдымен беті-қолыңды шайып ал да, шайға отыр. Жеңіл сорпа ішкеніңше, біз Арзан екеуміз саған әдемілеп тұрып ванна әзірлеп қоямыз.
Жеңіл ғана шайынып, шайға отырды. Орта бойлы, шашын бір бұрым етіп өріп алған қыз бала мақта гүлді кесемен сорпа әкеліп қойды. Кереметтей пиньюар халат киіп алған, шашы сол қоңыр қызғылт күйінде, сәл-пәл сәуле шашыратқан Ханым:
— Танысып қойғын, Арзан деген қарындасың болады, — деді. Қыз жапондарша жұмсақ иіліп, тәжім етті, тіке қараған жоқ. Тез-тез басып, шығып кетті.
— Екінші өтінішім: мына сорпаны әдейі ғана, өте аз құйғыздым, жаным, — деді Ханым. — Негізгі тамақты сен ваннадан шыққаннан кейін, демалып болған соң, екеуміз бірге жейміз, жарай ма? Ал, мен кеттім. Арзанға жәрдемдесейін. Саған ваннаны өз қолыммен әзірлесейін. Жарай ма, жаным?!
— Жарайды, — деді Базаршы бал татыған сорпаны сораптай бастап.
Байқаса, бұл әлі ауызғы бөлмеде отырғандай. Айналадағы аса күрделі әлемнің ашылып, айқын тарта бастаған тұстарынан аңғарғаны сол, алты-жеті бөлме бар сияқты. Бәрінің есіктері бөлек-бөлек. Тәтті-дәмді сорпадан басы тағы айналды. Тер тұс-тұстан бұршақтады. Кір көтергіш деп киетін қарақоңыр, қалың жейде шылқылдауға айналды. Осы сәтте Ханым сұлу қайта оралды қасына. Қолбырап отырған күйін аңғара қойып, тұрпаты таңсық жиһаздың бір бүйірін ашып жіберді де, мамық түкті, үп-үлкен орамал әперді. Бүкіл бөлмені назға толтырып, қайта кетті.
Көзі кілегейленіп, кірпіктерін әзер қимылдатып, ұйқысырап барады екен; қараса, қарсы алдында пиньюар халаты жайнап, өзі одан бетер жанып, Ханым тұрыпты.
— Үшінші өтінішім: енді ваннаға барасың, — деді Ханым, — саған әдейілеп әзірлеген жеңіл киімдерді, арнайы алған халатты жатырқамай кигін, жарай ма, жаным? Мыналардың бәрін Арзан қарындасың жуып, кептіріп, үтіктеп қояды... Жарай ма, жаным?!
— Жарайды, — деді бұл. «Өңім бе, түсім шығар», — деп, орнынан тұрды. Базаршы алты айдан бермен қарата алғаш рет ваннаға қарай беттеген еді.
«Доцент-танаудың» үйіндегі ванна бөлмесіне бұлардың қатты қызыққандары жай әурешілік екен. Обалы нешік, доцент ағатайлары кафедрадағы бірер жігітті үйіне шақырып, шай берген. Кафедра меңгерушісі зейнеткерлікке шығады екен дегенді естіп қалып, дәмесін білдіріп, дәм татқызғаны ғой, баяғы. Сонда, сол кісінің үшінші қабаттағы үйіне, әсіресе, ваннасына жас оқытушылар әжептәуір таңданыспен қараған-тын. Арманға айналып кеткен ваннаға түсе бере-ақ буын-буынына, сүйек-сүйегіне ыстық бу еніп, шашының ара-арасынан тер шүмектеп қоя берді. Көзін ашқысы келмей, қайда, кімнің үйінде екенін ойламастан, рахатқа батқысы бар. Сөйтпекке тырысып бақты. Ваннадан кейін: «Ал енді, бара ғой, Базаршы», — десе-дағы, риза болатындай.
Қалғып кеткен екен. Қанша уақыт өткенін білмейді. Кенет есік ашылып кеткендей болды-ау деп, шошып оянып, көзін ашса, Ханым кіріп, таңдана қарап қалыпты. Жалтыр ванна ішінде тайғанай домалап, әуреге түсті.
— Кешір, жаным, — деді Ханым. — Жым-жырт болған соң қорқып кеттім емес пе? Өткенде, біздің орталықтағы үйімізге көрші тұратын бір кісі ваннада жатып-ақ жүріп кеткен, айтқан жерден аулақ. Қатты қорықтым, жаным.
Ханымның кос жанары дымқыл жарқылмен апталып, ғажайып пердемен капталып, Базаршыға қарап-қарап тұрды-тұрды да, терге малшынған, бұрынғы бұйра, бүгінде түсініксіздеу шашынан бір жұлқып, қайта шығып кетті. Бағанағы пиньюар халатының белінен төменгі жағы түймесіз-тін. Тайғанақтап жатып-ақ мұның мұңды көздері қайда-қайда түскенін тәлпіш қатын байқамай қалған жоқ, әрине. Су ішінде отырған күйі жуынуға кіріскен. Денесінен шығып жатқан кір Тастақ көшесінен былжырап ағатын қоймалжың қалдық секілді. Ханым сұлу тағы бір себеп тауып, кіріп келмесе екен деп тәңірінен шын тіледі Базаршы. Әй, әйтеуір үлгерді-ау. Енді жайбарақаттау жағдайда қайта-қайта шайынды. Ыстық судың ағысына ыңылдай көз тастайтындай халге де жетіп, мұнысына бас шайқады. Адам дегеніңіз, міне, осындай. Жаңа ғана жасып, жасқаншақ тартқан пақырыңыздың ыңыл шығарғысы бар-ай енді. «Не болса, о болсыншы, құрысыншы бәрі де!» — деп күбірлеп, сол жағындағы киім ілгішке көз қиықтады. Ғұмырында үстіне ілмеген һәм өзгеден көрмеген дүниеліктер тізіле төгіледі. Әрбірін алып киген сайын беті бір-бір ду-ду етеді. Ішкиім жағын түгендеп, жүдә бейтаныс матадан тігілген, ұзын халатты да иемденіп, белін буып алды. Сол сәтте сәл де болса, басқашалау, бөтендеу біреуге айналғанын аңдады. Айна атаулыға көз салмау жолында күресіп бақты. Алайда, айнадан қашып құтылу мүлде мүмкін емес-ті. Өзін-өзі танымады. Түп-түгел сыпырып тастап, қаша жөнелгісі келгендей де күй кешкендей. Қашпады бірақ Базаршы.
Ханым қамыр илеп тұрыпты. Көре сала билей басып келіп, ұнның ұрпағы жұққан қолдарын тигізгісі келмей, қос шынтағын Базаршының толқынды ыстық су мен толқыныстан солықтаған кеудесіне тіреген күйі екі бетінен алма-кезек қадала сүйді.
— Жаным, — деді Ханым еркелей, шыдамсыздана назданып. — Сен мына бөлмедегі (сүп-сүйкімді иегімен нұсқады) диванға жатып, біраз тынығып алшы. Он-он бес минөттен соң екеуміз ет жеп, шай ішеміз. Жарай ма, жаным?!
Соңғы жылдары Шуақты шаһарында «жаңа еуропалық жөндеу жүргізу» деген шығып еді, бөлмелерінің бәрі ертегідегідей көрінетіні содан болар, сірә. Төңірегіне таңдана қараудан шаршаңқырап, терең диванда жатып қалғыңқырап барады екен, Ханымның жанына келгенін лебінен сезгендей, кірпік арасынан сығалады.
—Шамды жаққым келмеді, — деді Ханым. — Жаным, шаршағаның басылды ма?
Базаршының жанына отырды. Қай жері тисе де, еріте елбіретіп жөнеледі. Базаршының батылы барып, алғашқы сүйгені икемсіздеу шықты. Ханым сәл жымиып қойып, орнынан тұрып, жетекке алды.
— Жүр, жаным, тамақ жейміз, — деді. Сол қолынан ұстаған бойы үстел жанына жеткізді. — Не ішесің, жаным?
— Бәрібір, — деді Базаршы.
Ханым жиһаз-жабдықтардың әлдебір құпия қойнынан қарақоңырлау құтыны алып шықты.
— Мынау бір затты айрықша қымбатты, жақын тартқан бір жігітпен ғана бірге татсам дейтін ем, — деді ол. — Жеттім ақыры арманыма... Мақсаты-ма-а-а...
Даусы дірілге буылды. Жанарынан бағана байқаған дымқыл жарқылды қайта тапты. Мәдениеттің жоғары деңгейіндегі қайталанбас машықпен құйғанына дейін қандай жарасымды еді, шіркін-ай.
Коньяктің дәмін онша ажырата алмайтын. Сонда да анау-мынау зат еместігін түйсінді. Әдейі кесіліп қойылған алтынсары алмадан алды. Сәлден соң тағы қайталасты да, ет жеуге кірісті. Дәмді қамыр мен майлы етті апырақтай жапыра жөнелгенін алдындағы ыдыстың түбінен түйір гүл көрінгенде ғана аңғарды. Тәбетін тежей алар түрі жоқ, тартынбады.
— Алшы, — дейді Ханым. — Сендей Базаршыға бұл дегенің немене? Алшы, жаным.
Ыстық-ыстық сорпа берді өзі.
Жатар алдында шәрбат шырын ішкізді.
Алғашқыда карсы бөлмедегі диванда ол Базаршыны балтәтті құшағына алып, ұзақ-ұзақ аймалады. Әрине, Базаршы мұндай-мұндайды тек кинолардан ғана көретін еді. Бір кезде Ханым мұны басқа бір бөлмеге қарай жетектеп әкетіп бара жатты. Әйелдің жиірек жетектей бастағанына намыстаныңқырап, оның белінен өзі құшақтаңқырап, алға шықпақшы еді; қай бөлмеге кіру керектігін білмейтінін ескеріп, кідірістеді. Ханым сұлу беліндегі Базаршы қолын асқан ризашылықпен қыса түсіп, оң бүйірдегі бөлмеге бұрылды. Жұмбақ есік ашылғанда, жұп-жұқа, бұйра толқынды, көгілдір перде пайда болды. Ханым әлдебір тетік арқылы сәл ғана ысырды оны. Арғы жағы жұмақтан бетер секілденіп сезілді. Ханым сәл әрегірек барып, тағы бірдемені шырт еткізгендей. Кенет оның үстіндегі жеп-жеңіл, үлбіреген нәзікеш нәрсе сыпырылып түсті де, төменнен көтерілген қызғылт мұнар бүкіл бөлме ішіне арайлана тарап бара жатты. Әппақ дене мынадай мұнарсыз да ғажайып еді, ендігі ертегіден есі шығып кеткендей. Баяулай басталған бір әуен алыстан талып естіліп, бірсін-бірсін таяна түсіп, тербете теңселткен. Ханым «Аһ!!!» — деп, Базаршыны құшақтай құлап түскен.
Базаршы баяу ғана басталган әлгі әуенді енді таныды. Қайырмасы: «Сағыныш-а-а-ай, сағы-ныш-а-а-ай!» — деп келетін ән екен. Мұндайда Ханымның айтпағаны қалмайды екен. Небір сөздерді қалай-қалай тауып айтады десеңші.
— Көршілер... Кө-көрші - іһілер, — дейді Базаршы. — Көршілерің естіп қоймай ма?
— Ести берсін, естісін қайта! — дейді Ханым күйіп-жанып. — Жа-жа-жаһаны-ым, естімейді. Қорықпашы, бұл жай ғана, қатардағы үйлердің бірі емес қой... А-аһ-арма-ны-ыһ-ы-ым...
Таң алдында да талшыбықтай бұралып Базаршының бауырында жатты. Біраздан соң еркелей жорғалап, төрт адам емін-еркін сиятындай төсектің арғы шетіне аунап-аунап-аунап барып, ойнақылана шақырды. Сол күйі жетелеп апарып ваннаға түсірді. Өзі. Алғаш жас баладайын мәпелей жуындырды. Сосын өзі жас балаша еркелеп, мәз-мәйрам болды. Өзі қосыла шомылғанда, Базаршы одан көзін ала алмады. «Мұндай сұлу дене киноларда да кездесе қоймас», — деп масаттанды.
Сәске кезінде түндегі ет жеген бөлмеде шай ішісіп отырды. Түндегі жеңіл желеңін аңсай іздеп еді, оның орнына жейде мен шалбарға келіңкірейтін, кең де келісті, басқа бірдеңе киіпті.
Түс ауғанша тағы да бірге ұйықтасты екеуі. Еркелеп жатқан Ханым:
— Енді Арзанды қайта шақырамын, — деді Базаршының шашын тілімен бұйралап қойып. — Мен шаршадым, жаным. Енді саған тамақ істей алмаспын бүгін.
— Ол кім өзі? — деді Базаршы манаурап.
— Қызметші қыз ғой.
— Сонда... Қызметші ұстайсыңдар ма? Қызық екен!
— Өзің қызықсың, жаным, — деді Ханым. — Мына үйдің қай жағына жетем мен? Бұған қоса қаланың ортасында екі қабатты коттеджіміз бар.
— Оһо?! — деп, ұйқысын ашты Базаршы.
— Бұлар аз десең, қалалық әкімшіліктің қарсы бетіндегі ерекше үйде төрт бөлмеміз тағы тұр.
— Өздерің нешеусіңдер сонда?
— Үшеуміз, жаным, үшеуміз, — деді Ханым, — үшеумізде үш үй бар. Күйеуім «Зайып» дейтін атақты фирманың президенті. Қаладағы мықтылар санатында. Байлығы мен дәулеті жағынан, әрине. Ал, жалғыз қызымыз Америка Құрама Штаттарында оқиды. Мен сенен әлдеқайда үлкенмін, Базаршы бала!
— Сенбеймін, — деді бұл таңданыспен.
Кенет есіктің қоңырауы бұлбұлша сайрап қоя берді. Базаршының байғұс жүрегі сулап алып жөнелді. Ханым есік жаққа беттеген.
— Кел, Арзан, кел-кел, — деді Ханым. — Тезірек бірдеңе істеп жібермесең, біз аш-жалаңашпыз. Апайыңның қайраты бір қамыр жайғаннан артылмас, айналайын.
— Қазір-қазір, бәрі әзір болады, — деген қызметші қыздың жуандау даусы естілді. Ханым мұның қасына қайта оралды.
— Мен сені сағынып қалдым, жаным, — дейді Ханым. — Сенесің бе, сен?! Есікті барып ашып, Арзанмен аз ғана уақыт сөйлесіп қайтқанның өзіне шыдай алмадым...
Сол сәтте Ханымның тамағынан шынымен-ақ өксіген үн шыққандай болғаны анық. Базаршының иығына екі қолын қабаттап қойып, олардың үстіне иегін сүйеп, біразға дейін үнсіз қалды.
— Кү-күйеуің қайда? — деді Базаршы үнсіздікке шыдай алмастан.
— Мұхиттың арғы жағында, «теңіз жағалай жүгірген тарғыл мысық», — деді Ханым.
— Кіммен кеткенін, немен кеткенін білем. Білмеген болам. Сезбеген сияқтанам. Бәрін-бәрін айттым-ау, тәмәт-тәмәм еттім-ау...
Сол күні Базаршы тағы да қонып қалған.
Екі апта бойы, күн сайын да, күнара да келді. Санақтан жаңылды. Соңғы түні екенін Ханымның сөзінен білді бір күні:
— Бүгінгі түн, бәлкім, соңғы түніміз болар, — деді ол. Жанарындағы дымқыл жарқыл жас тамшысына айналып, төмен сырғанады.
— Шынымен бе?! — деп тұтықты Базаршы.
— Мүмкін... Сағынып кетсем... Базардан қайта әкелермін... Кім білсін-ай, кім білсін, бірақ...
— Сонда... Сенікі тек кек қайтару ғана ма?
— Кімнен? — деді Ханым біліп тұрып-ақ.
— Әрине, күйеуіңнен де.
— Білмеймін, жаным, білмеймін, — деді ол. Сосын, артынша: «Бұл ә-ә-әһән; бұрынғы ән-не-неһен өзге-ре-е-ек», — деп, Шәкәрім ақынның атышулы ән-өлеңінің жолдарына ұластырып барып, жылауын үдете түсті.
Базаршы оны ұзақ жұбатты...



* * *

Шуақты кентінің әуежайына мұхиттың арғы жағынан келген ұшақ баяу қалықтап барып қонды. Арада жарты сағат өткенде, «Зайыптың» президенті өзінің сүлік қара «Мерседесімен» қалаға қарай зулаған. Кентке жақындай бере қалта телефонын қолына алып, дереу досына қоңырау шалды:
— Ало-э-эһөу, — деді «Зайыптың» басшысы шет ел акцентіне салмаққа тырысып. — Амансыңдар ма?! Міне, біз де кеп қаппыз қалаларыңызға.
— Оу! Өзің қалай? Өздерің қалай?
— Кер-р-ремет! Ми-и-ия-аһау! И-их-ха-аһ-а!
— Әй, айтпақшы, менің айрықша тапсырмамды неғылдың сен?Ақпанда қағынатын мысықтармен қалай күреседі екен өркениетті елдегілер?
— Сұрадым, — деді «Зайып» жағы. — Білдім бәрін.
— Иә-иә, қалай екен? — деп шыдамсызданды әкімшілік жағы.
— Біріншіден, ол жақта қазір ақпан емес екен, тамыз айындай-ақ тамылжып тұрыпты, — деді президент. — Біздіңше ақпан оларда мамыр секілді...
— Не дейді енді сонда?
— Өркениетті елдің мысықтары да өркениетті болады да. Сөзбе-сөз айтсам, сен секілді қала мэрінің бірінші орынбасары былай деді:
«О, қымбатты қазақстандық мырза, сұрағыңызды өте жақсы түсіндім. Бізде қаңғыбас мысық деген ұғым мүлде жоқ. Әлгі айтқан айыңызды асыға күтеміз біз. Мысықтарымыздың ойнақ салуына арнайы орындар, әдейі қаржылар бөлеміз. Мысықтардың шыңғырма шығармашылығы сүйкімді естіліп, сүйсіне тыңдаймыз. Керек десеңіз, қазақстандық мырза, магнитофонға жазып алуға ұмтыламыз». Әне, әріптесіңнің сөзі осы. Қырғыз досыма қотарғызып, қойын дәптеріме жазып алғам. Оқып отырыппын.
Қала әкімінің бірінші орынбасары сенер-сенбес күйде, сүлесоқ тартты. «Зайыптың» президенті: «Ми-и-ия-аһ-ау!» — деп, әзілдемекші еді, онысы далаға кетті.


БЕЙШАРА

Ассалаумағалейкум, Момын аға!

Хат жазып отырғаныма таңданатын да шығарсыз. Есіңізде ме, бір кездесуге қояр да қоймай алып барғаныңызда ше, сонда оқырман сұрағына орай: «Момындық қазір модыда жоқ, ескіріп, естен шыға бастаған қасиет, — деп, әзілмен астарлай жауап қайтарған едіңіз ғой? Хат жазу да бүгінде «модыда жоқ». Сонда да, аға, бір қаланың екі шетінде тіршілік кешіп жатсақ та, өзіңізге хат жазуға бел байладым.
Адам дегеннің өзі психологиялық ерекшеліктеріне қарата ауызба-ауыз тілдесу, жазбаша тілдесу және өзімен де, өзгемен де іштей тілдесу жақтарына икемдірек, немесе икемсіздеу болып бөлінетінін бір ғалым тәптіштеп-ақ түсіндіріп жазған еді. Мен пақырыңызға соңғы екеуінің қайсысы жуықтау екенін қайдам. Көп реттерде іштен тынып, жұрт секілді суырылып алға шыға алмай, тіпті шыққым да келмей, өзіммен-өзім әуреленіп кетемін бе, білмеймін әйтеуір.
Аға, бұл хатымның ұзақ-сонарға кетуі де бек мүмкін. Қалай түсінсеңіз де, тек өзіңіздің алдыңызда ғана, шамамның жеткенінше шешілгім келеді. Кейінгі кездері өзіме де беймәлім бір азапты ойлар ішіме кіріп алып, кеміріп жейді келіп. Қашаннан-ақ қалың ойдың құрсауында қалатын кездерім аз емес-ті, бірақ мына күйімнің жөн-жосығы басқарақ. Кешіріңіз, аға, хатымның кіріспесі созылып бара ма, қайдам. Шынымды айтсам, төтелеп, турасынан тартуға жүрексініп те отырмын. Оны мойындауым керек. Осы хатты жазардың алдында, Момын аға, өзіңіз туралы тағы да көп толғаныстарға түстім. Бұған дейін де аз толғандым дей алмаспын. Ең бастысы, сіздің неге саяқтау, кісікиіктеу, суық-салқындау, тым-тым тұнжыр күйде жүретініңізді, өзіңізге де, өзгелерге де, тек кей-кейде ғана әзіліңізбен күш-қуат беруге тырысатыныңызды енді-енді ғана түсінгендеймін. Бүкіл ғұмырымда өзіңіздей жанды онша көп кездестіре алмадым, аға. Дұрыс түсініңіз, мұны сізге жағына түсу үшін емес, жақындай беру мақсатында емес, осынау хатты неліктен жазып отырғанымды дәлелдеу үшін айтып жатырмын. Талай-талай реттерде, мән-мағынасыз мезеттерде қаншама күдік қосып, күмән жамап бақсам да, өзіңіз туралы көзқарасыма қаяу түсіре алмадым.
Осы хаттың жазылуына және бір нәрсе басты себеп болып отыр дер едім, аға! Есіңізде ме, осыдан бірер ай бұрын ұялшақтау жас жігіттің өлеңдерін талқылап, облыстық газеттің қарапайым ғана қарақоңыр бөлмесінде сырласа мұндасқандай күйде ұзақ отырдық қой? Бес-алты адам едік. Бәріміз бүкіл дүние-әлемді, қым-қуыттанған қу тірлікті тарс ұмытып, мөлдіреген жас жігіттің, бәлкім әлі баланың өлең әлеміне кірдік те кеттік. Өлең дейтін өлкеде шын ақынның пайда болғанын бәріміз де іштей мойындадық. Бүгінде өзіңіз жиі қайталайтындай-ақ, «шын ақын», «өтірік ақын» дейтін кезеңдерге тап болдық. Бұрындары небір әдемі әдеби кештер өтіп көрмегендей-ақ, дүние-боққа сасық қарғаша ұмтылып, «Мүшәйраның» да мән-мағынасын мүлде мүрдем кетірдік, кері айналдырып, кереғар ұғым етіп жібердік. Ұсақтадық, аға... Бірақ сол бір күнгі шүйіркелескен сәтіміз, сіздің қарапайым ғана бөлмеңізде балауса ақынның өлеңдеріне балаша шаттанғанымыз, мәні өзгерген «Мүшәйралардан» мың-мың есе қымбат екен-ау деймін қазір...
Сол кеште, қоңырқай ғана бөлмеңізде, әлгіндей өрен өскін ақынды жұртшылығымыздың көптен бері күтулі екенін, бәлкім жаңаның басы болмағы да ғажап еместігін тұспалмен ғана сездіріп, алайда қатты қуанғаныңызды жанарыңызды жиектеп келіп қалған көз жасыңыздан білдіріп алып едіңіз! Әттең-ай, тап сол кештің соңына қарай менің досым Адан апырақтай тапырақтап кіріп келді емес пе?!
Сіз толқулы қалпыңыздан арыла алмаған күйіңізде: «Бұрынғыларда, біздің ата-бабаларымызда достық дегеніңіз керемет қуатты, таза күйде болған ғой, бүгінгі біздің жастарымызда шынайы достық қалай ұғылады екен, осы жайында очерктер циклін жазсам деймін... Ал мына Адан екеуіңнің достықтарыңа қызығатындар көп», — деп, маған қарадыңыз-ау.
Білесіз бе, Момын аға, сол сәтте менің сорлы жүрегім суылдап қоя берген. Байқамаған боларсыз, мен сол минөтте мөлие жерге қарап, үстел шұқыладым. Ал Адан ініңіз, әдетінше сізден әлдеқайда маңызды адам секілденіп, нәумез жымиыспен күлген болып, миығын жиырып, арқаңыздан бала құсатып қаққаны.
Рас, аға, біз Адан екеуіміз доспыз. Оған талай-талай сусыған күндер, аунаған айлар, жылжыған жылдар куә. Әлі күнге дейін арамыздан қыл өтпес дос саналамыз. Бірақ өзімнен өзгеге білдірмеуге, абайсызда сездіріп алмауға тырысатын жан күйзелісімді кім түсінер, кімге шертермін онымды?!
Шын мәнінде мен онымен доспын ба осы?
Сонымен, аға, сіздің алдыңызға бұл жолы жаңа өлеңдерімді емес, осынау бір хатымды көлденең тарттым. Сіздің достық туралы көбірек жазып жүргеніңізді, бұл тақырыптың төңірегінде ерінбей ізденетініңізді жұрт біледі. Алдыңызда отырып ауызекі айта алмаспын. Ылғи да осылай, оңаша қалғанда өзгелермен, әсіресе өзіңізбен іштей тілдесіп, күні-түні «сөйлесе» беруге бармын, ал бетпе-бет келгенде бейшараның, нағыз шарасыздың өзімін.
Момын аға! Мені шынымен-ақ тәп-тәуір ақындар санатына қосатыныңызды, тағы біраз ағаларымның (жазатындарды айтамын) және өз тұрғыластарымның әжептеуір мойындайтынын, бірқыдыру оқырмандарымның да бар екенін білемін. Өзімнің қай маңайларда, нендей деңгейлерде келе жатқанымды, олқы тұстарымды түсінбейтіндей халде емеспін. Өзіңіз жиі айтатын, бізді аса қатты сақтандыратын «вторичность» тек мен ғана емес, мен тұрғыластардың көбінің ең қауіпті сырқаты екенін де мойындамай қала алмаспын.
Жасырмай, шындық жағына жақындасақ, менің де, тағы бірқатар достарымның да ақындығымыз, егер шынымен бізде бірдеңе болса, нағыз жолайрықта тұр. Тіпті осы кезге дейінгілерімнің бәрі де түкке тұрғысыз бірдеңелер секілденіп сезілетін сәттерді де бастан көп кешетін болып барамын. Біздің небір шимайларымызға үйренгенсіз ғой, бұл хатқа да қалам ұшына келгенді ірікпей түсіріп отырмын. Кешіріммен қарап, ой елегіне саларсыз дағы. Аға, мен жастайымнан жасық, жалтақ болып өскенімді өзгеден жасырғаныммен, құдайдан қалайынша жасырып қаламын? Сізден жасыра алармын ба? Бәрібір білініп тұрады емес пе? Осындай кемшіліктерімнің салдарынан өмір бойы опық жеп келе жатқан жоқпын ба?
Әкеден тірідей, шешеден өлідей айырылып, жетімек боп жетілгендегі тұр-тұрпатым, бітім-болмысым осы. Алты-жеті жасар баланың айнала-төңірегі тұлдырланып, тақырланып, ғайбаты жетіп-артылар өткен ғасырларда емес, осы ғасырдың жетпісінші жылдары көрген тағдырының талқысына біреу сенер, бесеу сенбес, алты адамға айтып көрсең. Мен бейшараға сол соры қайнаған балалар үйі де бұйырмапты. Кісі есігінде көгенделіп, бөтеннің босағасына байланып, табағына телміріп, қабағына қарайлап, «советтік семья» балаларының тастағанын теріп, тостағанын жалап, тозғанын киіп...
Содан итшілеп жүріп, біраз класты тауысыппын-ау, әйтеуір. Бұғанам бекімей жатып, қара жұмыстың қамытын кидім, әркімдердің, әлдекімдердің әсерімен не күйлерге түспедім... Бәрін тізбелеп неғылайын, жиырманың жасынды жалынын жынды судың жетегінде жүріп-ақ сөндіруге айнала бастағанымды не аңғартты, кім аңдатты, оны түстеп танып, тап басып айта алмаспын. Әйтеуір, күндердің күнінде ес жиғандай күйге еніп, сау отырған сағаттарымда көп нәрседен кеш қалғаныма өкіндім. Ұмытпасам, біреудің бір топ өлеңін оқып, ойланғаннан соңғы сәтім шығар, сірә. Өкіре етпеттеп, бармағымды шайнадым. Іші-сыртым бірдей қанжосаланып, туған ауылымның қарсы бетіндегі жосылған жонға шығып, бір күн, бір түн жылап жатқаным, өксіп отырғаным, соңынан бұралқы күшіктей қыңсылап, ұлығаныма дейін есімде әлі. Ебіл-дебіл жаңбыр жауып тұр еді сонда. Егіл-тегіл еңірей жылап, мына итшілеген тіршілігіммен қоштаса бастадым. Төменде биік-биік, жыра-жыра, алып жарлауыттар бар еді. Түбінен қарағаныңның өзінде зәреңді ұшыратын.
Ал мен солардың төбесінде тұрдым. Олардың табанында қызылкүреңдене қанталаған су тасып жатты. Ботана судың беті ғана бүлкілдеп, астыңғы жағы аласұра ағып, қорқыныш қайықтарын қақпақыл ойнатады. Айналайын Арыс өзенін танымай қалдым. Сол күні ол тым мейірімсіз еді. Түн жамылып, қарауыта зорайған биік-биік қызыл доланалар шақырды. Мойыныңнан ілінбекке бекінсең, әлдилей көтеріп алып, таң атып сәске болғанша, сасырлы сайдың беткейімен сиыр өргізер падашының дәу төбеті байқағанша, тербеп тұруға бармыз дейтіндей азғырып.
Суға секіріп біржола жоғалғым келді.
Биік бұтаның, қайырымды қызыл долананың бұтағына асылып, қорлық буған бойымнан шырқыраған жанымды шыбындай ұшыра салғым келді. Бір күн, бір түн жылағаным, өксіп-өксіп, қыңсылай ұлығаным азабымды азайтып кетті ме, ақырында ақырындап ақыл жеңе бастады. Биікте отырып көзімнің бір жеткені сол, Момын аға, бұл пәниде пәлендей жанашырым, қимайтындай ешкімім де, ештеңем де жоқ екен. Сонда да, бірнеше мәртелеп ұмтыла, ұмсына ентелеп, ыза-кек буып, түңіліс сүйрелеп, жардың басына жақындап-ақ барғанымда да, биік бұталарға таяп, тап-тап бергенімде де, қайран жиырманы қаншама қиып жібергім келгенімен, шіркін-ай, жалғыз ғана жылт-жылт етер ұшқынның, жалқы ғана жіптің ұшы бар екенін сезінгенмін.
Бұрындары да бар-баршадан безіне түңіліп, шыңырау түбіне зымырай құлап бара жатқандай азапты сағаттар аз кездеспейтін-ді. Сәлден соң емші уақыттың еншісіне тиер сәттер өтер. Одан кейінірек... Әлдебір сиқыр күш бойды буып алып, безіне түңілудің шегінген орнын сезіне үңілу басатындай бір күйді бастан кешетінмін. Сол бір үзік-үзік үмітті сәттерде ортасынан бүктелген қоңырқай дәптерге бірен-саран ғана шумақтар түсірер едім ғой мен, ағажан! Әлгі өлең секілді жолдар тізіле төгіліп жөнелгенде, өзімді-өзі танымай, безгек тигендей қалшылдап, селкілдей дірілдеп қоя беретін едім. Жай кездерде жасып, жалтақтап, жабығып күнелтетін мына бейшараңыз қоңырқай дәптерге қол тигізе бере-ақ бүтіндей басқа жанға айналатын-ды.
Ауылымның жотасында, жыра-жыра жарлауыттардың басында азап шеге аласұрғанда да қиып кеткім келмеген дүниенің нендей нәрсе екенін бірден біле алмағанмын. Бірте-бірте түсіндім, жалғандағы жалғыз тал жібек жібімнің ұшы осы шумақтар дейтін шіркінім екен ғой.
Тіршілік етіп жүрген тұрағыма тазарып, бойымдағы жиіркенішті қылықтардан түгел арылып оралғандай едім. Біразға дейін солай ойлағаным, солай жүргенім рас. Әттең-ай, әттең, ерік-жігер дегеніңіз, егер менде бар болса, құмдақтау, бос топырақтан жаратылған шығар, бір айға әзер шыдап, қайтадан барып шөлмектестеріме қосылдым да кеттім.
Міне, ағажан, Адан деген ініңіз маған сол бір күндерде, күйіп жүрген шағымда кезіккен.
Алғашқыда ұза-а-ақ қарап, көп тұрған.
Танысқаннан кейінгі сағаттарда-ақ менің өлең жазатынымды, өзге де жақтарымды жап-жақсы зерттегенін байқадым.
Бір дегеннен-ақ ол мені баурап та үлгерді, бұйыра сөйлеуге де жетті. Не керек, ә дегеннен айтқанын екі еткізбей орындата бастаған. Неге ғана оның жетегіне бұйдаланып, бұйрығын бұлжытпауға айнала бастағанымды білмедім. Әлі жөндеп біле алмаймын.
Ол ішпейді екен. Бұрынырақта ішкенде көкесін көрсеткенін, кейіннен ешкімге айтылмас, сездірмес сойқанды бір себепке байланысты мүлде тыйылғанын бертініректе білдім.
Маған да ішуді ұмыту туралы құлақкесті құлындай етіп қатаң талап қойды. Емдеткені де рас. Онысын ешқашан ұмытпақ емеспін.
Мен оған қатты таңғалатынмын. Қай жағынан алғанда да, қай қырынан қарағанда да епті, пысық, кім-кіммен де бір дегеннен, бір деммен тіл табысып ала қояды. Түр-тұрпаты да, сымбаты да келісті, нендей жағдайдан да жол тауып шыға алатындай икемді. Тіпті тұқыртқысы келсе, тұтануы тез, тұңғиықтан алып шыққысы келсе, жадырауы жылдам. Әйтеуір, Адансыз ауа қармаған балықтай солықтап құритыныма көз жеткіздім. Оның, яғни Адан досымның қай қасиеті болсын, өзімдегі ойсырап жатқан олқы ойпаттардың орнын толтыруға жаралған-ау деп те ойлайтынға айналдым. Бара-бара бұл жігітті, Адан дейтін адамды мына мен үшін, қорлықтан құтқарып қалу мақсатында Жаратқанның өзі жеткерген шығар деп, өзімді-өзім жұбата шүкіршілік ететін едім.
Адан не айтса да дұрыс көрінетін. Қандай тапсырмасы болсын, ырзаландыра ыржаңдап орындауға әбден үйреніп кеттім. Зәуіде бір жұмыстары дер мезгілінде атқарылмай қалса, жанымды қоярға жер таппайтынмын, ішкен-жегенім бойыма сіңбейтін еді. Қазір ғана ойланамын ғой, соншалықты күйге қалай ғана түсіп кеттім екен деп.
Сол кездері шынымен-ақ өзімді-өзім адам сезіне бастадым. Аданға ес-түссіз қатты берілдім. Қара жұмысқа қаршадайымнан пісіп-қатқаным оған аса ұнайтын. Мені өзінен де артық көретін досы санайтынын айрықша айтып, арқамнан жиі-жиі қаққылаушы еді. Тек өзіме ғана емес, екеуіміздің айнымас дос екенімізді жұрттың талайына жариялай айтып отыратыны ұнасымды көрінетін. Аданның көмегімен бір жеңіл-желпілеу мекемелерде де істедім. Ол жылдары жұмыссыз жүрсең, жауапқа тартатын еді ғой, аға. Жұмыстан қорқатын, қиындықтан қашатын мен бе, өкіметтің тірлігін ойыншық құрлы көрмей, Адан сынды адал досымның тірлігін де ала жаздай да, алты ай қыстай да атқара бердім, атқара бергенмін.
Жұмсауын сиретіп демалдыратын, жаз дейтін, яғни өлең жазшы дейтін кездері де жоқ емес-ті, обалы не керек. Аздап жазыңқырайтынмын сондайда. Ал шындап өлең келер сәттерде оңашадан-оңаша қалғанды жаратушы едім, бүкіл өнбойымды діріл буып, күллі дүниені, тіпті жалғыз досым Аданды да уақытша ұмытатынмын. Бірте-бірте Аданның көмегімен газеттерге де шыға бастадым. Жұрт білетінге айналды, сұрайтын секілді. Аға, өзіңіз де үлкен басыңызбен мені іздеп сұрап, күндердің күнінде шақырттыңыз да. Бірден баруға ұялдым ба, жасқандым ба, білмеймін. Ақырында, батылым жетіп, қоңырқай, қарапайым бөлмеңізде болған талқылауға қатыстым. Сонда, сол күні менің әрбір өлеңімді көңіл қойып оқитыныңызға таң қалғаным-ай! Жылы-жылы пікірлер білдірдіңіз, абайлаңқырайтын жақтарыма да аялдап өттіңіз. Қанат байлап ұшып қайтқаным әлі есімде.
Кездесулерге жиірек тартқыңыз келетін-ді сол жылдары. Ал мен жұртпен жүздесуден де жасқаншақтап, осындай-осындай орталарда жүруге лайықпын ба, көпшіліктің алдына шыға беруге хақылымын ба деп, өзімді-өзім тергеп-тексеріп, тұқыртып бағатынмын. Бұйығылықты бүркеніп, Адан қайрамаса кездесулерден қалып қоя беретінмін. Адан досымның маған қарайлауға уақыты болыңқырамай, жұмсамай-жуықтамай, әлдебір жұмбақ шаруалармен айналысып, алыстаңқырап кетер кездерінде уайымға тұншығып, ойға бастырылығып қалатынмын. Қаршадайымнан қайырымды қабақ сезінбей өскен сорлы басыма Адан боп қонған бақытты абайсызда біреу әдейі үркітіп, ұшырып жүрмегей деп, үрегей күйге түсетінмін. Мен үшін шынында да Аданнан артық адал адам, Аданнан артық адал дос жоқ еді. Оның олқылықтарын елегім келмейтін, біраз күн ғана көрініңкіремесе, шарқ ұрып іздей бастайтынмын.
Осылайша уақыт өте беріпті. Біраз жылдардың ішінде қым-қиғаш, қым-қуыт ирелеңдеген соқтықпалы соқпақтардан дін аман өтіп келе жатсам, бірқатар ілгері қадам бассам, Аданның арқасы шығар дейтінмін. Қалай болғанда да, жиырмадан кейінгі тауқыметім кеміді емес пе?
Жалпы, аға, мен аса қанағатшылдардың қатарында саналатын шығармын. Өлең жөнінде өзіме-өзім ешқашан қанағаттанбаймын ғой, ал өзге дүниенің қайсысына болсын, сыпа-сыпайылығым басым болар, сірә. Тек Адан досым үшін ғана ғұмыр кешетіндей едім мен. Үйленгеннен кейін де, дүниеге қызым келгеннен кейін де өзгере алмағанмын. Адан досым бірдеңе деп емеурін танытса, өз тірлігім өртеніп бара жатса да, жүгіре басып желіп-шауып кете баратынмын. Келіншегім қоса сөйтетін күйге үйреніп кеттік. Өлеңдейін табынатын перзентім келді дүниеге, төбем көкке жетті. Аданды одан сайын төбеме көтергім келетін. Қызық-ай десеңізші, аға, мына маған да жеке үй, отбасыма шаңырақ, дүние-мүлік керек екен-ау, қашанғы кісінің пәтерін, бөтеннің бөлмесін жалдап, жалынып жүремін деп ойламаппын ғой. Ойламадым дегенім бекер болар. Көкейде жатқан да шығар, алайда жұлқына сыртқа шығармағаным рас. Табалдырық тоздырып тілемсектенбеппін. Кімге талап қойып, кімге салмақ салармын... Мен және менің отбасым кем дегенде он жыл ма, он бес жыл ма, тіпті жиырма жыл ма, міндетті түрде үйсіз-күйсіз жүруіміз керек секілді көрінетін де тұратын. Ең бастысы, Аданым бар дейтінмін.
Ойпырай десеңізші, Момын аға, бірер ай бұрын сіз біздің достығымызға жұрт қызығатынын айтқаныңызда, мені өзіме мүлде беймәлім бірдеңе буындыра жөнелгендей, кенет шоршып түстім-ау, сірә. Жүрек шіркін неге ғана суылдап қоя берді екен сонда?! Шып-шып терге малшынып, сол бір құбылысты ұғына алмастан, дал болып қатты дағдардым. Үстеліңіздің шетін шұқыладым. Сол сөзді бекер-ақ айттыңыз ба, қайдам... Дедім де тағы ой кештім.
Жо-жоқ, аға, мені азапқа түсірген сіз емес едіңіз. Шынтуайтына келсек, бәрімізді де еліктіріп, еліттіріп, еріте елжіретіп, өлең әлемін өзгешелендіріп жіберген әлгі бозбала ақынның ғана әсері екені ақиқат. Шыны сол, аға, дүниені дүр сілкіндіріп, бәрімізді бір сілкіндіріп жіберген жас өскін балаң жігіт болатын. Соның өзгеше өлеңдері еді!
Ағатай-ай, осыдан кейін өзгемізге өлең жазбақ не керек, өзгені қайдам, өзім тіпті ақын болмай-ақ өтейінші, сол бір «жыл келгендей жаңалықтың» құрбаны болып-ақ кетейінші, сол бір тосын-тұнық тыныстан көз жазып қалмаңызшы, балауса бозбала аман жүрсінші, әлденеге, бір бәлеге ұрынып қалмасыншы! Ағатайым-ай, әлдененің, бір бәленің салмағына жаншылып, жасып, жабығып, жыламасыншы, егіле түңіліп, езілмесінші сол бала... Демек едім сонда сізге, Момын аға. Осының бәрін сізге ғана, оңаша сездіргім келіп, өзіңіз бәрін байқап, бағамдап отырсаңыз да, қайталап айта түспекке бекініп, қасыңызда қалып қоюға батылым жеткен. Әттең, апырақтай тапырақтап Адан кіріп келді. Мені шарқ ұрып іздеп жүргенін айтты. Сізді тастап, ештеңе айта алмастан, Аданның артынан еріп кете бардым.
Бұрын Аданның артынан ілесе бере бәрін ұмытып жөнелетінмін, сол жолы олай болмады. Бәрібір, бозбала ақынның өлең жолдары жадымнан кетпей, тіліме орала берді.
Ал алдымда Адан емес, қап-қара дақ кетіп бара жатты.
Бұл не деген сұмдық деп, қатты шошыдым. Адан досыма тарыдай дақ түсіргім келмей, сол үшін ғұмыр кешіп келе жатқанда, кенеттен, күте қоймаған жерден толайым-тұтас қап-қара даққа айналып көрінуі неліктен?! Деп шошынғаным рас.
Сол бір түні Адан ініңіз де менің кенет өзгергенімді, басқашалау болып тұрғанымды байқамай қала алмады, әрине.
Аға, кейінгі кездері келген қорытындыларымның бірі сол, бұрынырақта бәрін бүркемелеп, боямалап, жасыруға болатындай екен де, өзімізді де бетперделеп көрсетеді екенбіз-дағы. Сірә, кімнің кім екендігі, ненің не екендігі енді-енді ғана анығырақ айқындалып, тереңірек білінбек-ау. Тіпті мынадай кезеңдердің өзінде Алла-тағаламыз кімнің кім екенін, ненің не екенін әбден анықтап, сынамаққа әдейі ғана қолдан жасап қой-е-еп, барлап-байқап отырғандай көрінеді де тұрады маған.
Күллі дүние-әлемді, шыркөбелек айналған жердің жүзін, оның бетіндегі жанды менен жансыздың бар-баршасын қара басының өзімшіл-өктем мақсатында жұмсап бағуға, қалайда пайдаланып қалуға шімірікпейтіндердің, ал жұмсауға жарамайтынына, пайдаға аспайтынына көздері жетсе, тапап өтіп, таптап мыжып кете баратындардың тым көбейіп кеткені қалай? Көбейе берсе, асқына түссе, не болар түбі? Деп қорқатыным рас, аға. Алла-тағаламызға бәрі де аян ғой бірақ..
Сол бір кештен кейін Адан туралы сан ойларға қамаламын. Алуан құбылар қырлары мен сырларының қалтарыстарын түк білмегем, сезбегем дей алмаспын, сірә. Баяғыда мені таңдап тауып алғанының өзінде ерен терең есеп, қилы қисап жоқ дей алмаспын тағы да. Күлте көрмей көрбілтеленіп, қылтаны ғана қанағат тұтып, қабарған санам сатқын сәулеге алданып келгендей екен де. Таразының бір басына Аданды, екінші басына адамды салып байқауға батылым жетті ақырында. Досымның ындын-ықыласын аршып көруіме тура келді. Бәрібір қара даққа айналып-ақ кете беретін жерінен ағартып, ақтап ала қоятынымды қайтесіз... Досымнан бірден, біржолата безіп кетуге, қайтадан дүниені кезіп кетуге батылым жетпейді. Оның бойындағы кемшіліктерді түртпектей іздеп, қазбалай тауып, бетіне басып, алыстап кеткенде, мына менің барар жер, басар тауым қанеки? Бар ма қазір ондай жер мен сондай тау?
Жүйкемдегі қашаннан-ақ қалыптасқан ағысты қалт тоқтатып, шалт тежеп, бәлкім, басқа арнаға бәрібір бұрылмаққа беттеткен сол бір жас құрақтай балаң жігіттің жырлары десем, кім сенер... Өзім де иланбас па едім, сіздің көзіңізге жас алғаныңызды, оны жасыра алмай қалғаныңызды көрдім емес пе?!
Адан осы жақында ғана қазақтың асқан атақты ақынын Алматыдан арнайы шақырып, кереметтей, қошеметтей күтті. Небір биік тауға да, небір жұмақ бауға да апарды. Өзіңіз білесіз, Аданның ақындыққа қатысы жоқ, маған арнау өлеңдер жаздырып, атақты тойларда оқып беріп малданады. Оның да өзгере бастағаны шығар, маған деген пиғылын бүркемелеп те, боямалап та, бетперделеніп те әуреленбеді. Менің Адан досым әлгі мәшһүр ақынды неге ғана, неліктен ғана астанадан ат терлетіп алып келіп, күте қойды десем, қилы-қилы қисаптың бірі екен-дағы. Мейлі ғой, аға, бірақ ғажайып санайтын ақынымның алдында мені табанының астына сала мыжғылап, қорлағаны қатты батты. Құл жұмсағандай құлшына жүгіртіп, содан рахат тапты. Шыдадым бәріне. Өлең жазатыным туралы әлгі кісіге ләм-мим тіс жармады. Мен де жалпақтап, танысып-білісуге ұмтылмадым. Тек бүкіл қазақ табынатын ақынды жақыннан көріп, жанарымды суарып, желе-жортып жүгіре бергенмін.
Көрмегенім-ақ, жақындамағаным-ақ жөн еді-ау, аға. Соншалықты атақ-абыройы да, шығармашылық күш-қуаты да, бергені мен бермегі де салмақты, ғажайып ақынымыздың Адандардың алдында арзандап кете барғанына қатты күйіндім.
Бәрінен де түңіліп, баяғы жарлауыттардың басындағындай күйге түсіп, Адандардан да, адамдардан да безіп-ақ кеткім келіп, жалдап тұратын пәтеріме жетсем, жалғыз қызым әл үстінде жатыр екен. Сол секөндтің ішінде-ақ бәрін ұмыттым да кеттім тағы да, ағатай. Кіп-кішкентай, тілі де шыға қоймаған бөбегіме, өзегімді жарып шыққан өлеңіме, күйіп-жанып, қиналып жатқан перзентіме дәрі мен дәрмекті қайдан табайын түкке икемсіз сорлы басым, дәрігерлермен қалай тіл табысармын?!
Әрине, Аданға қайта ораламын енді.
Тіпті сонда бар ғой, сәбиімнің табан астынан сырқаттанып қалғанына да сол Адан досыма шәк келтіргендігім себеп болды ма әлде деп ойлап, өзімді-өзім жазғырғаным есімде.
Әлгі атақты ақын арқылы бұл жақтағы діттеген үлкен шаруасы біткен соң, миығына мысқыл жүгіртіп отырып: «Бейшара! — деді досым Адан. — Бейшаралар өңшең...»
Ол шынымен-ақ бүкіл қазақ түп-түгел табынатын әлгі ақынды айтып тұр еді.
«Сен де бейшарасың, соны ұмытпағын, — деді ол маған да сыздана қарап. — Соңғы уақытта өзгеріп барасың. Өзгеремін десең, өзің біл. Бірақ бейшарасың бәрібір».
Осыдан кейін не деуім керек еді, не істеуім керек еді?! Білмедім. Түрпі тигендей тіксініп жиырылдым да, үрпиіп қайта басылдым. Есікті қатты жауып кетіп қалғаныммен, иттей боп қайта оралуым әбден мүмкін. Сонымен, екеуіміздің арамыздағы жағдайды сіз қызығатындай достық деуге бола қояр ма екен, аға?! Достық дегеніңіз ақындықтан да биігірек қасиет емес пе? Оныкі белгілі делік, менікі не? Менікі қандай қасиет? Қасиет дегеніңіз бар ма өзі менде? Мен кіммін өзі? Бірде-бір адал досым жоқ екенін, жападан-жалғыз қалғанымды мойындауым керек пе?! Шынайы, кіршіксіз достық қалды ма өзі өмірде?! Достық дейтін киелі ұғымды түптеп, түстеп түсінбек түгілім, іс жүзінде опасыздық жасап келгенмін бе?! Сонда кім болғаным, ақындығым да дәл сондай жалған емес пе екен?! Бәлкім, жердің бетін жалған достық пен жалған ақындық жайлап алған болар?! Шын достық пен шынайы ақындық оралмайынша, мына заманың да түзеле алмаса ше?!
Шын ақындық сол бір жас құрақтай желкілдеген бозбаланың өлеңдерінен басталар ма, кім білсін?!
Құрметті Момын аға!
Міне, сізге айтайын дегендерімнің біразы, шамамен алғанда, осылар еді. Әлі түк те айтпағандаймын. Бойым жеңілдей ме десем, қайта зіл тартып, ауырлап бара жатқандай. Маған ренжімеңізші, аға. Сіздің иығыңызда да жүк көп. Талай жылдардан бермен қарата облыстық газеттің бір бөлімінде, қарапайым ғана күйде келе жатырсыз. Талай-талай жастарды міндетсінбей-ақ, өзгелер түгілім олардың өздеріне де білдірмей-ақ тәрбиеледіңіз. Өзіңізбен соңғы кездері іштей ғана тіл қатысып, күбірлей шүйіркелесіп жүретінімді хатымның бас жағында жаздым ғой деймін. Артық кеткен жақтарым болса, ұзын-сонар хат арқылы мазаңызды алсам, кешірім өтінемін. Адалын айтып, ағымнан жарылмақ болғандағым осы.
Адан досым біреуді қатты кемсіткісі келсе: «Бейшара!» — дейтін.
Мен біреуді қатты аясам: «Бейшара...» — дейтінмін.
Кешіріңіз, аға, бірде Аданым сізді де бейшаралар тізіміне қосқан-ды. Күлген болып: «Момын десе, момын. Өз пайдасын білмес, аузына түсіп тұрған нәрседен айырылып қала беретін адалсымақ бейшара», — дегеніне қарсы шығып, жақпай қалғаным бар. Осы «бейшара» деген сөздің төңірегінде кім-кіммен де айтысуға әзірмін, аға.
Бейшара..
Алғаш Адан осы сөзді айтулы ақынның сыртынан, сосын өзіме қадай айтқанда қатты күйініп, намыстанғаным рас. Кейінірек, тағы басқа да талай кісілерді осы тізімге тіркеген соң, керісінше, тәуба келтіріп, жұбаныш таптым.
Осы сөзге жөндеп, мән-мағына беріп қарайықшы, аға! О бастағы мағынасы соншалықты намыстанып, шошып, шоршып түсетіндей бола қоймаған да сияқты емес пе? «Бейшара» дегеніміз «шарасыз» дегеннің баламасы ғой түпкі төркінінде. Шын мәнінде, мына жалғандағы қоқырсып кеткен пасықтық, толып жатқан тоғышарлық, қат-қабат қатыгездік, әулекі надандық, қойыңызшы, әйтеуір... Осылардың алдында шарасыз қалар шерменделер аз ба?! Жетімдіктің, жоқшылықтың, жалғыздықтың алдында шарасыз болып шала жетілгеніме кінәлімін бе мен бейшара? Мейлі, мен тағдырымның арғы жағына болмаса да, бертіндегі тұстарына тікелей кінәлімін деп санаймын өзімді. Ал жалғандықтың жанында, қараулықтың қасында шарасыз да амалсыз қалуға мәжбүрленетіндерді кім демекке керек? Ағатай-ау, сіздің де сондай-сондайлардың алдында бас имегеніңізбен, амалсыз да шарасыз қалып, азапқа түсер күндеріңіздің көп екенін кім ұғынар?! Іштен тынасыз тек қана. Сондықтан да саяқтау, суық-салқындау, кісікиіктеу, тым-тым тұнжыр күйде, бар-баршадан шеттеңкіреп жүріп жатасыз. Тек кей-кейде ғана өзіңізді де, өзгелерді де табиғатыңызға жарасымды біткен әзіліңізбен қайрайсыз, қуат бергіңіз келеді...
Шарасыздық көп сізде. Білдірмейсіз бірақ.
Ал енді, аға, сол «бейшара» сөзінің кейінірек жамалған жағымсыздау мағынасы да жоқ дей алмаспыз. Сол тұрпаттан алып қарағанда, кім бейшара? Шын бейшаралар кімдер? Оны құдіретті құдайымның бір өзі ғана білер.
Осымен хатымды тәмәмдаймын, аға. Өткенде ше, «Қазақ тілі» коғамының жиналысында: «Өлең қалай өзі, көрінбей кеттіңдер ғой?» — дедіңіз-ау, аға. Сонда сіздің бетіңізге тіке қарай алмай қиналдым. Неге өйттім, оны да білмедім. Білмедім дегенім бекер шығар. Өзім де, өлеңім де қатты қиналыс үстіндеміз, аға. Шарасыз халдеміз. Бәлкім сол бір жаңа ақынның тілеуін тілеп, өлеңмен біржола қош айтысармын, кім білсін оны. Қайткенде де бұрынғыдай бола алмаспыз, аға.
Өзіңізге ұқсаңқырап, хатымның соңына аз ғана әзіл қосайыншы, Момын аға! Сіз өзіңіз маған «бейшараның» қай мағынасын қиясыз? Қай жағына «қисайтсаңыз» да ризамын.
Құрметпен, өзіңіз қиған мәндегі бейшара ініңіз Ардашер.

25-қазан, 1993 жыл. Куншуақ қаласы.


ГАМБУРГТЕГІ ҚАЗАҚТАР

Тоқсан бесінші жылдың қысы қылықсыз қатынның қипақ қаққанындай ғана қауқар танытты. Текебұрқақ бірер мәрте айналып соқты да, қылтиып құрғақ көктемнің құлағы көрінді. Көктерек ауылының тұрғындары арқаны кеңге салып, пішеннің қалғанына менсінбей қарауға айналды. Қорадағы қой мен сиыр бейпіл шөпке бас қойғандай еді, көпке бармай олар дағы танау шүйірді.
Кәшек көбейді.
Көктерек пен Гамбургтің арасы аттай алты километр һәм алты жүз елу метр. Әнебір жылы асфальт жолдың бойымен арық қазылғанда, Көктеректің бірінші үйінде тұратын Нәтибек немісшелеп тұрып өлшеп шыққан.
Міне, сол Гамбургтен тағы да төрт-бес үй неміс туысқан көшетін болыпты деген хабарды Нәтибек өзгеден емес, өзінің қатыны Пәтимадан есіткен.
Сауыры суланбаған сәуір айының соңы-тын. Нәтибек пен Пәтима таңертеңгі тірлікті түгел реттестіріп, шай ішіп отырған. Кенет шай тез сұйылды. Дастарқанға шақпақ қант емес, құм шекердің қойылғанынан секем алған Нәтибек енді Пәтиманың болмысына көз тастаса, қисайыңқырап, төркінінің ауылына қараңқырап отырыпты.
— Немеребай мен Шөберебай Шымкенттен бір-бір үй алыпты, — деді Пәтима. Жаңа ғана Гамбургтен төрт-бес үй немістің көшетінін айтқанда, бұл үндеген жоқ-ты.
— Алса, алады да, — деді бұл жолы үнсіз қала алмастан. — Біреуі партком кезінде, екіншісі бухгалтер кезінде жинаған да.
— Гамбургтегі Ганстің үйін де сол екеуі саудалап жатыр екен, — деді Пәтима.
Нәтибек аузына апара берген мақта гүлді кішкене ғана көк кесені түсіріп ала жаздап барып, қатты ұрттап жіберді. Тілінің күйіп-пісіп қалғанын сезсе де, қатын-дұшпанға сыр бергісі келмеген еді. Сұйылуға бет алған бетпақ шай жол-жөнекей түп-түгел жандырып жөнелді.
Көзінен жас парлады.
Пәтима Түркітаудың арғы жағындағы төркін жұртының ауылын анық көріп отырғандай, бір нүктеге қадалып қалған.
Нәтибектердің ауылы Көктерек аталғалы бір мың бес жүз жыл өткенін осындағы он жылдық мектептің тарихшы мұғалімдері Қазақстанға егемендік тигеннен кейінгі екінші жылы-ақ анық дәлелдеп шыққан. Ал Гамбургтің негізі бір мың тоғыз жүз қырық екінші жылы қаланғаны белгілі.
Неміс туысқандар қырық бірінші жылдың суық күзінде көшіп келген екен. Барлық жақтағыдай оларды «жер ауғандар» деп атайтын еді. Сол суық күздің бір күнінде, түс ауа бере станса басы жәшік арбаларға, сатылы арбаларға толып кетіпті. Сол арбалар ересектері бар, бала-шағалары бар дегендей, немістерді толтырып алып, аудан басында отырғандардың әмірімен ауыл-ауылдарға қарата жол тартыпты. Ойпырай десеңізші, осы уақытқа дейін осы төңіректегі қазақтардың бәрі тандайларын тақ-тұқ еткізе, таңданып айтатын бір әңгімесіне қарағанда, пойыздан түсіп жатқанда да, тізіліп тұрған жәшік арбаларға, сатылы арбаларға мініп жатқанда да, соншама көп бола тұра, соншама балалы-шағалы бола тұра, немістің бәрі де тым-тырыс, тып-тыныш күйден танбапты ғой, танбапты.
Қыңқ еткен бір дыбыс шықпаған.
Әрине, қазақтардың сәл-пәл қосыңқырап, кез-келген фактіні үстемелеңкіреп жіберетіні жоқ емес қой. Бірақ сондағы жәшік арбалардың біріне онда әлі дүниеге келе қоймаған осы Нәтибектің өз әкесі Несіпбай марқұм иелік еткен-ді. Басын қайта-қайта шайқап, таңдайын тақылдата, қатты таңданатындардың бірі де сол кісі-тін. Ол кісінің айтуынша, пойыз тоқтап, немістер түсіп жатқанда, әміршілердің бұйрықтары мен арық аттардың әлсіздеу пырылы, ал ауыл-ауылға беттегенде, тек арбалардың шиқылы естіліп тұрыпты.
«Жер ауғандар» барлық жақтағыдай қазақтардың үйлеріне бөлініп-бөлініп таратылыпты. Көктерек тәуірлеу, көрнекілеу ауыл болғандықтан, мұнда неміс туысқандар көбірек әкелініпті. Олар көктем шыққанша қазақтармен бірге аралас-құралас тұрады. Ал қырық екінші жылы Көктеректің жоғарғы жағындағы ойпаңдау тегістіктен жер кестіріп алып, өздерінше әрекет жасауға кірісіпті.
Осы Көктеректің үйлеріне қарақағаз дегеніңіз қарша борап, ауылдың жұртшылығы жылап-еңіреп жүріп, соғыс қойылған соң да есеңгіреп, естерін жия алмай, ресми аты «Бірлік» болғанымен, ел аузыңда «Гамбург» аталып кете барған неміс ауылының қалайынша өсіп-өркендеп, көркейіп-кеңейіп кеткенін байқамай қалыпты.
Обалы нешік, Гамбургтің немістері Көктерек үшін жаман болған жоқ. Техника жағындағы, тауарлы-сүт, тауарлы-шошқа, тауарлы-тауық, тағысын-тағы фермалардың қиын түйіндерін түп-түгел неміс туысқандар шешетін-ді. Барлық жақтағыдай, Гамбургтің немістері де тіпті өсек айтпайды, өтірік сөйлемейді, көкіректерін қақпайды, шіренушілік атымен жоқ. Колхоздың шаруасын да, өз үйлерінің тірлігін де тап-тұйнақтай тындырып, тақылдап тұрғаны.
Көктерек те көп өзгерген. Бүгінде өзгелерге қарағанда өте өңденіп алғанын жоққа шығара алмайсыз. Іштей болмаса да, сырттай неміс туыстарға еліктеушілік те жоқ емес. Бұрнағы жылы Гамбургтің екі-үш үйі ғана алыстағы Алманияға көшіп, олардың үйлерін өзге немістер алды. Германия дегеніміздің шын аты Алмания екенін Нәтибек енді-енді біліп жүр. Оны кейбіреулер Албаниямен шатастырады. Албаниямыз бөлек, Алманиямыз мүлде басқа екенін көп адам әлі түсіне бермейді.
Осылардың бәрін лез-демде ми қабаттары арқылы зырылдатып бір өткізіп алған Нәтибек сұйық шайға күйіп қалған тілін онша икемге келтіре алмастан:
— Ылас па? Ганс Вайслелдің көшетіні? Алманияға? — деді.
— Ып-ырас. Вайслер досың көшетін бопты. Германияға ма, Албанияға ма, мен қайдан білейін, — деді Пәтима деген қатын-дұшпан әлі де сол сұрланған күйінен айнымай.
Ганс Вайслер ойпаңдау жердегі ертегідей Гамбургтің одан сайын ойпаңдау тұсында тұратын еді. Таулы-қыратты аймақтарда ойпаңдау тұстардың құлпыруы бөлекше болатыны аян. Былтырғы жаздың биязы ғана бір кешітұғын. Аудан орталығына қатынап қызмет істейтін, ел аузына ілігіп қалған үлкен ұлының жаңадан алған жеңіл мәшинесімен өтіп бара жатып сәлем бермекке бұрылды. Ганстің өзі де, Нәтибектің өз қорытындылауы бойынша, бет-жүзі сәл-пәл реңсіздеу, бірақ, аяқ-қолы балғадай мықты, теректей түп-түзу қатыны Кильда да құрақ ұша қарсы алысты. Қуанбағанда ше, баяғыда қырық бірінші жылдың суық күзінде Несіпбай ақсақал жәшік арбамен әкелгендердің ішінде мына Кильданың әкесі мен шешесі де болған ғой. Бір қыстай уақыт бұлардың үйінде тұрған ғой. Кейініректе, бертініректе марқұм Несіпбай мен осы Кильданың әке-шешесі құда бола жаздаған ғой. Нәтибектің өзі де кетәрі емес-ті. Тек Кильданың тым үшкірлеу, ұзындау мұрны ылғи түлеп, қызарыңқырап жүретін. Сонысы ғана сәл-пәл ойландырып қоюшы еді. Сөйтіп, сәл-пәл ойланыңқырап жүргенде Қырғызстан жақтан, Түркітау асып әпкесіне келген осы Пәтимаға көзі түсті. Осы күнгі қатын-дұшпанының бет-жүзі кереметтей сұлу көрінгені рас. Аяқ жағына кім қарапты, өзінің тілі тыным таппайтын, тымпылдаған пысық көрінгені тағы рас. Кильда қыздың да кетәрісі жоқ еді, сол бір кештегі биден кейін-ақ Ганс жаққа біржола ауып кете барды ғой. Бұның Пәтимамен қайта-қайта билегенін, тек билеп қана шектелмей, есі кете қарағанын қалайынша кешірсін...
Нәтибек үлкен ұлын ертіп кіргенде, Ганс пен Кильда бозқараған түбіндегі суреттегідей әдемі үстелді ортаға алып, кинодағыдай әдемі орындықтарға жайғасып, шай ішіп отырыпты. Екеуі де орындарынан тұрып, қуанысып қарсы алды. Бұлар да шай ішті. Тек қана құры шай мен құмшекер емес, әрине. Нәтибек сонда шып-шып терлеп, ұзақ-сонар сораптады, үлкен ұл ұялыс тауып, тез доғарған. «Мына Кильда біздің Пәтиманың орнында отырғанда, мына үлкенімнің түр-сықпыты қандай болар еді?» — деп ойлағанына дейін есінде.
— Жаңа, жеңіл мәшине алдық, — деді шайға қанып алған Нәтибек сонда. — Көрімдік бер, Кильдажан!
— Кәні-кәні, өзің қалашы! Өз қалауыңды айтшы! — дейді Кильда қолын алжапқышына сүртіп. — Қалағаның сенікі.
— Қалауым—Ганстың қолы, — деді Нәтибек. — Көрімдіктерің сол болсын, оқта-текте «Жигулиіміздің» жүрегін тыңдап, өкпе-бауырын байқап беріп тұрса, жетеді мына байың.
— Оныңды неге өзіне тураламай, маған бағыштап отырсың мүләйімсіп? — деп, Кильда қазақ тілінің майын сорғалатты.
— Ганс саған бағынышты емес пе еді? Әлде айныды ма?
— Ой, қазір бұл құрдасың да тоқал аламынға шықты.
— Біздің Пәтиманың бай алмай жүрген екі сіңлісі бар. Бажа болайық та, ойбай! —деді Нәтибек.
— Мәшинең үшін айтып отырсың ба, шын ниетің бе? — деді Кильда.
— Мына заманда есеп керек-дүр.
— Осы Нәтибектің баяғыда сені ала жаздағаны рас па? — деп, селкілдей күліп, сөзге араласты Ганс Вайслер.
— Мына заманда емес, Нәтекенде баяғыдан-ақ есеп бар-тын, — деді Кильда. — Сол есебіне бағып, Нәтекең Пәтекеңе қосылған.
— Ганстың кеңдігін пайдаланып біраз жерге бардық, осы жерде тоқталық енді, — деді Нәтибек.
— Пәтекең естіп қояды деп қорқып отырғаннан саусың ба сен бәле? — деп, Кильда тіпті қоятын емес.
Бәрі ауладан сыртқа шығып, жаңа жеңіл мәшинені көрді. Ганс та, Кильда да шын қуанып жүр. Нәтибек қайта-қайта терең-терең тыныс алып, жаңа мәшиненің иісін құшырлана жұтады.
— Қой, жүз-жүз грамм ішпесек, күнә болар енді, — деді Ганс.
Бәрі қайтадан аулаға кірді. Былай байқасаң, артық-ауыс ештеңе жоқ секілді. Тағы қарайсың таңдана. Есіктері де сәнді, ертегідегідей. Терезелері де зерлі, түсіңе кіретіндей сиқырлайтын моншасы мынау, көмбесі анау... Қойма там, бірдеңе там, механикаландырылған мал там... Үй там мен мал тамның аралығындағы түп-түзу тігілген жүзімдердің жапырақтарына дейін тәртіппен тізіліп, жоғары өрмелепті. Жемісі қалың да емес, сирек те емес, оларды да санап салдырған сияқты. Жұрттың айтуынша да, өзінің білуінше де, неміс туысқандардың үй тамдарынан гөрі мал тамдары, қосымша қора-қопсылары нығызырақ болады. Көктеректің жұрты аңыз етіп айтып отырады. Немістердің есігінің алдындағы сиырлары тұратын, қойлары мен ешкілері тұратын, шошқалары тұратын, тағысын-тағылары ұсталатын тамдарының тазалығына таңдай қақпай қарау мүмкін емес. Әсіресе, сиырларына бар ғой, су да, туралған шөп те, құрама жем де, бәрі-бәрі де өлшеніп-пішілген мөлшерде, әлдебір құбырлар мен науалар арқылы, өзінен-өзі белгіленген бір мезгілдерінде, сағат-минөтінде келіп, құйылып немесе төгіліп тұрады.
Мәселенки бар ғой, қоңырлау бір түймені жеңіл ғана басып қалсаңыз болды, дыбыссыз-дабырсыз, салдыр-күлдірсіз, тіпті тырс еткен дәнемесіз-ақ сау етіп жем төгіледі. Екінші бір көгілдір түймені түртіп қалсаңыз, сәл сопақтау шойын құтыға мөлдіреген, тұп-тұнық, тап-таза, тәп-тәтті су құйылады. Үшінші бір қызғылт ноқатты басқаныңыз сол екен, сиырдың буы бұрқырап, жаңа ғана түскен тезегін сыпырып-сиырып ала жөнеледі. Бұлардың сиырларының ақ жүні де, қара жүні де, түгі мен түбіне дейін жылт-жылт етеді, малақ түгілі титімдей тозаң жұқпайды. Қой-ешкілері де, шошқалары да, қаз-үйректері де шетінен ақылды ма, асыл тұқымды ма, әйтеуір ерекше екендігі рас.
Ал енді бар ғой, осы ерекшеліктердің бәрі, әсіресе, мына Вайслерде бөлекше.
Сол жолы ғой, бұлар жаңа — жеңіл мәшинені қызықтап, қайтадан аулаға кіріп, кереметтей бір шараптан ішіскен. Немістер, әсіресе, осы Гамбургтегі туысқандар араққа жолай бермейтін, шараптың да өздері қолдан ашытқанын, сенімдісін, онда да тым-тым сирек, там-тұмдап қана татқан болады. Нәтибек толтыра құйғызып, тартынбай көтеріп тастаған. Айнала-төңірегіне қадала, құмарлана көз салған.
— Тұңғыш көргендей құнығып қарайсың ғой, әй?! Көзің жаман еді, түкіріп қой, — деді Кильда қашанғы байқағыштығына басып.
— Осы сендердің сиырларынның аты кім еді? А-а-а, не еді?
— Эра.
— Сол Эраларың тіл біледі дейді, рас па?
— Білгенде қандай! Үш бұзаулады, үш тіл біледі Эрамыз, — деді Кильда.
— Ой, құрып кеткір-ай, саған дауа жоқ екен ғой өзі! — деп, Нәтибек орнынан тұрып кеткен.
— Енді, сұраған өзің. Мен жауап бермесем, тағы өкпелейсің, — деді Кильда. — Эраның шыққан тегі — қазақтың ақ бас, қара ала сиыры емес пе? Қазақ тілін содан аңғарады. Үлкен шешесін орыс бауырлардан сатып алғанбыз. Ол тілді қалай білмесін? Жөн бе, осыларым? Жөн. Туғаннан бермен қарата тәрбиесі таза немісше. Әнеки, ендігісін есептей бергін. Есебің мықты емес пе? Нәтекең тарта алмаса, Пәтекең бар.
— Пәтимаңа қайт дегенің бе бұл?
— Е, жоқ-а! Қайтпасаң, қона қал. Анау қасыңда отырған құрдасыңа айтқаным дағы: «Малға жем салатын уақыт болды», — деп.
— Қой, біз қайтайық, — деді Нәтибек. — Мына жалмауызың жеп қоймай тұрғанда жоғалайық біз. Рахмет, досым Ганс!
— Жүр-жүр, Эрамен амандас, ұят болады, — деді Кильда. — Сенің көзіңнен келген бәлені көріп алайық. Тіпә-тіпә десең, жетер.
— Көрсек, көрейікші осы, — деген Нәтибек дақ-дақ аттап, Вайслердің мал тамына қарай жалт-жұлт еткен бетон жолмен жақындай бастады. Жақындап барғанда, Кильданың айтуымен аяғын әлденеге қайта-қайта сүртті. Ганс Нәтибектің үстіне ақ халат кигізді. Содан кейін барып, сиыр тұратын бөлмеге кіруге рұқсат етілген.
Нәтибек сығалап қарады да, сығырайған көзін алмаған күйі қатты да қалды.
Сиыр емес, сурет еді ол.
Суреттегідей сиыр еді ол.
Жүні жалт-жұлт еткен жақұт жануар теледидардағы жарнамада және жалт-жұлт еткен журналдарда болмаса, әй, қайдам-ау, Көктерек бойынша жоқ қой, жоқ.
— Эра, мынау — Нәтибек деген досымыз, айтып жүрміз ғой ылғи, — деді Кильда. — Көктеректе тұрады. Танысып қойыңдаршы, кәне!
Эра шынымен-ақ бұрылып қарап, басын изегендей. Онымен шектеліп қалмастан, риза кейіпте ыңыранғандай көрінді.
— Түсіндің бе, қазақша амандасты, — деді Кильда одан бетер құтыртып. Нәтибек одан әрі тұра беруге, одан әрі қарай беруге ұялған еді сонда...
Қатын-дұшпан шай-пайды жинап-теріп, қазан-ошағын айналшықтап кетті. «Ганс досымның мұнысы несі? Неге ғана Немеребай мен Шөберебай бізден бұрын біледі? Көшетінін. Қалайынша менен бұрын олар саудаласады?» — деп күбірледі бұл ішінен. Сыртқа шығара, қаттырақ айтайын десе, біріншіден, Пәтимадан қаймығыңқырайды, екіншіден тілі жуық арада ашығанын қоятын емес-ау.
Есептеңкіреп қараса, соңғы кездері Нәтибек Гансты да, Кильданы да көрмеген екен дағы. Тауарлы-сүт фермасында да көрініңкіремеген. Бүгінде бүкіл кеңшардың билігі басқаларда. Бұрынғы партком хатшысы Немеребай да, бұрынғы бас бухгалтер Шөберебай да жұмысты қойған, қала жағына барғыштайды. Бұрынғы бас экономист Нәтибек тиіп-қашып қана тауарлы-сүт фермасында жүр. Кейінгі балалар, яки команда кеңшардың ішкі ісіне де, кеңсенің шаруасына да араластыра қоймайды. Күллі дүние қым-қуыттанып кетті ғой.
Бәрібір, сол қым-қиғаш, аласапыранның арасынан тиімдірек жол тауып, есептерін түгелдеп, тірліктерін реттеп келе жатқандардың алғы сапында, елден ерекшелеу қоңдана түскен байлардың қатарында аталатындар: Нәтибек, Немеребай және Шөберебай еді. Осы үшеуі. Әрине, Пәтиманың қырын қараңқырап айтқанындай, Шымкенттен бір-бір үй алса, екеуінің Нәтибектен оза бастағаны. Ол мейлі, енді басқасы-басқа, тап мына Ганс Вайслердің үй-жайын Немеребайға, немесе Шөберебайға сатқызып, қарап отыра алмас. Қанша дегенмен, қатын-дұшпаның Пәтима да бекер-босқа тырысып сұрланбас. Намысы басымырақ, нағашылары қырғыз емес пе? Деп күбірлеп, күйген тілін сілекейлей емдеп, Нәтибек қатты толғанысқа түсті. Кешке қарата Гамбургке жеткен.
Ганстың алыс жолдан оралғанына екінші күн екен. Кильдасы ауырыңқырап қалыпты.
— Көшетініміз рас, — деді Ганс күрсініп. — Мәскеудегі қызымның үлкен қызметте екендігін білетін едің ғой? Міне, сол қызымыз көндірді ақырында. Көшемін, Нәтибек бауырым. Көшкенде де, ырғалып-жырғалмастан, осы аптаның аяғынан кешікпей, жиналғалы жатырмыз. Жақсы келдің, бір-екі сағат сырласып қалайықшы бір. Ертеңнен бастап бір минөт те уақыт жоқ.
Нәтибектің көңілі алай-дүлейге айналды.
Ганссыз Гамбургтің сәні қалмайтындай. Кильданы енді шынымен-ақ мүлде көрмейтін болғаны ма?
Ағайын-жекжаттан, туған-туысқаннан жақын секілді еді, обалы нешік.
Бұларсыз тауарлы-сүт фермасының хал-күйі қалай болмақшы?
Тоқсан үшінші жылы бірер үй неміс көшкенде қанша комбайн тоқтап қалып еді өзі осы, а?
Алай да дүлей көңілінің арғы жағынан есебі және бас көтере бастап, онысын әзірше шегіндіріп тастап, бүйдеді бұл:
— Шыныңды айтшы, Ганс, түптің түбінде осы неміс туыстардың бәрі көшіп кетпекші ме?
— Кім біледі оны?—деді Ганс. — Мен саған шынымды айтпай жүр ме едім? Анықтаңқырап болжайтын болсам, бізден кейін енді Франц пен Эрихтің әулеті жылжиды. Андрей мен Давыд келер жылы қозғалар. Цихлердің екеуі де бізбен бірге кетейін деп отыр. Келте көшедегілердің осында біржолата қалып қоюы да бек мүмкін. Мүлде көшпейтіндерді санап берейін бе? Керек пе?
— Жо-жоқ, жай әншейін сұраймын дағы. Бұрнағы жылы екі-үш неміс көшкеннің өзінде талай комбайн қаңтарылып қалып еді. Комбайн-сомбайнды қойшы, адамның іші біртүрлі әлем-жәлем болады екен, жүдә.
Ганс тағы күрсініп салды.
Желегей жел тынып, кешкі тымық кірді. Құрғақ аспанға кірбің ілінгендей көрініп, жаңбыр жауа ма дегендей дәмеленіп, екеуі жоғарыға қарағыштады. Қазығұрттың тұсында ма, одан сәл берірек пе, қарақошқылдау бұлт пайда болғандай.
— Үй-жайды тезірек сатуым керек, — деді Ганс.
— Аһ! — деп селк ете түсті Нәтибек. Абдырап барып, бойын жиды, күлген кейіп көрсетті.
— Немеребай келіп кетті, — деді Ганс Вайслер. Нәтибек тағы селк ете қалған.
— Шөберебай да келді, — деді Ганс Вайслер.
Нәтибек одан сайын шоршыды. Ауға түскен балықтайын шоршыған. Кешкі тымықтың тұнық ауасын аузымен қармап, демі қысылғандай күйде жауырыны бір ысып, бір суыды.
Ганс Вайслер ақиқатын айтады ғой. Немеребайдың атын атап, оған Шөберебайды қосып, әдейі ғана үй-жайының бағасын шырқатуды мақсұт тұтып отырмағаны белгілі. Шіркін-ай, немістердің зияттылығын, заттығын қойсаңызшы. Жолдастыққа да жақсы. Өтірік көлгірсімес, жалған жалпақтамас. Қанша дегенмен, Ганс досы бұған іштартыңқырап, бәрін ашып салып, мүмкіндік таба алсаң, мынадай мұнтаздай тірлікке өзің ие болып қал, дегенді мезгеп отырыпты.
Жып-жылы қабағына жұп-жұқа мүң ілінген Кильда білдірмеймін десе де, бұрынғысынан баяуырақ қимылдап, шай жеткізді. Тағы бірдеңелер әкеліп қойды. Шәрбат шараптар ғой баяғы. Ганс көп күттірмей-ақ, құйып-құйып жіберді. Нәтибек ұзақ үгіттетпей-ақ, тартып-тартып тастады.
— Ганс бауырым! — деді сәлден соң, аса сапалы шараптың тұла бойына шым-шымдап, түп-түгел жайылып, тарап бара жатқанын жан рахатымен сезінген Нәтибек. — Сен мені өзіңдей түсінесің, мен сені өзімдей түсінемін. Мына сенің үй-жайыңдай тірлікті өз басым әзірге еш жерден кездестірген емеспін. Кім-кімге де көп көрмеймін. Қызғанбаймын. Еш уақытта қызғанбаймын мен, білесің бе? Бірақ Немеребай секілді н-не-нелеу пенделердің ие болғанын оншалықты қаламайтыным рас. Білдің бе? Мынадай ертегіні Шөберебай секілді н-ны-нысапсыздардың басып қалатынына қатты қайғыруым мүмкін...
Ганс күлімсіреді. Ыңғайсызданып, желкесін қасыған болды.
— Біліп отсың ба? — деді Нәтибек. — Түсіндің бе мені? Түсінгенің шығар, желкеңді қазақша қасыдың ғой.
— Үшеуің бір-біріңмен ағайынсың,—деді Ганс. — Мен жалпы бар ғой, біреудің сыртынан сөз айтқанды онша жақтыра бермеймін.
— Мен де онша жақтырмаймын, сені өзім деп айтып отқаным.
— Былай қарағанда, маған үшеуің де бірдейсіңдер. Бірақ мына үйіме, мына жайыма сен Пәтима екеуің ие болып қалсаңдар, әрине, қаттырақ қуанар едім. Барған жағымда да жайбарақаттау жүрер ем.
— Ой, айналып қана кетейін-ай! — деп, Нәтибек Несіпбайұлы Ганс Вайслердің бетінен шөп-шөп еткізді. — Келші, Кильдажан! Сенің де бетіңнен бір рахаттана сүйейінші! Кетіп қаласыңдар-ау, көп ұзамай...
— Жаздың тұмауы жаман жұғады, — деді Кильда әрегіректе отырған күйі. — Көрмейсің бе, гриппін мен. Әйтпесе, өзімнің де ықыласым ауып-ақ тұр. Елу жылдан бермен қарата тап осындай толқыған күйіңді көрмеп ем.
— Бұ бәлемен айтысып береке таппаспын,—деді Нәтибек. — Сонымен, Ганс досым, тоқетерін айтшы, қанша деп тұрсың үйіңді?
— Бізде құйтырқы жоғын білесің, — деді Ганс Вайслер көк пиязды шайнап отырып. — Өз қамымызды да күйттеп, алымсақтың ахуалына да абайлаңқырап қарап, түптеп-түйіп айтқанда, жеті мың долларға тоқтадық.
Нәтибектің шүйдесі шың етті. Теңгеге лез-демде шағып жіберіп, миға салып еді, мына үй-жайға қарағанда, түк те қымбат емес.
Ганс сөзін одан әрі жалғады:
— Қазағымның жаман мақалы жоқ. Әсіресе, «Нысап сайын береке» дегенін қатты ұнатамын. Уақыт тар, әйтпесе шырқап-ақ кететін тірлік...
Вайслердің екі сөйлемейтінін, артық мыжымаға бармайтынын жақсы біледі бұл. Ләм-мимсіз ұзақ ойланды. Бозқарағанның гүлі семе бастапты. Сонда да айрықша алабөтен иіс бұрқырап, бас айналдырғандай бодды. Үлкен ұлын ойлады, жекеменшік кіші кәсіпорны бар кіші ұлын ойлады. Қайынжұрт жағын көз алдына келтіріп, Түркітау жаққа жанарын жықты, тағы бір қиял Тәшкеннен ары асып қанат қақты. Опынып қалмасқа қам жасаған жөн деген түйін түйді. Шау тарта қойған жоқ, шегіншек емес әлі. Ганс үнсіздіктен ыңғайсызданып, Шәмші Қалдаяқовтың «Анама» әнін әуендетті. Нәтибек кенет тірілгендей:
— Ганс! — деді қатты дауыстап. — Үш күн, үш түнге шыдайсың ба? Шыдайсың ғой?!
— Шыдайын. Сен шынымен ниет қылсаң, шыдамағанда, − деп тұр Вайслер.
— Әй, Нәтибек! Шынымен сендер алсаңдар бар ғой-ә, мен мына Эраны ешкімге сатпаймын. Пәтимаға тарту етемін, — деп Кильда жөтелді алысырақтан.
— Бопты-бопты, жүдә ризамын, айналайындар! Үш күннен соң таба алмасам, ала алмасам, өз өкпем өзіме. Төртінші күні тірі екендігімді білдірмесем, маған серт! Немекең бе, Шөбекең бе, артықтай айтып, айнып кетсең, саған серт, Ганс!
Осыны айтқан Нәтибек қараңғылыққа сіңіп кете барған.
Сол түні сәл ғана жаңбыр жауып өткен. Бәрібір өларадан күткен үміт ақталмады. Оның есесіне Түркітаудың арғы жағында, Қырғызстанда шелектеп төгіп тұрыпты. Құлқын сәріден-ақ Пәтима белді буып алып, Қырғызстан жақтағы, Таластың тар қолтығындағы кеніште істейтін інісінен жәрдем сұрауға аттанып кетті.
Аудан орталығындағы ортан қолдай қызметте жүрген үлкен ұлы егемен Өзбекстан Республикасы, Сырдария уәлаятының Шыназ қаласында зауыт ұстайтын күйеу баласына жол тартты.
Ұзын сөздің қысқасы, үш күн өтіп, төртінші күн жеткенде, жеті мыңға жетеғабыл долларды жинаған Нәтибек Ганс Вайслерге жеткенше асықты.
Неміс туыстарды шығарып салу қиынға соқты. Толқымаған, тебіренбеген, көздеріне жас алмаған адам қалмады. Ойпырай, десеңізші, баяғыда қырық бірінші жылдың суық күзінде, станса толып кеткен қарақұрым арбаларға мініп жатқанда ше, әлденеше жүздеп саналатын немістердің ересектері бар, бала-шағалары бар қыңқ етіп дыбыс шығармаған еді. Енді, мінеки, үш-төрт үйі ғана көшіп бара жатқанның өзінде қазақтар секілденіп, улап-шулап, қиын болды.
— Көрдің бе, сендерге де қазақтардан бірдемелер жұққан секілді, көрдің бе?! — деп, кемсеңдеп тұрып жылады-ай Нәтибек. Пәтима мен Кильда құшақтасып алып, әзер-әзер ажырасты.
Қоштасудан кейін үш-төрт күн өтер-өтпесте Нәтибек пен Пәтима бірқатар немерелерімен бірге Көктеректен Гамбургке көшіп алған. Нәтибектен ілгерілі-кейінді Немеребай мен Шөберебай да Гамбургке қоныс аударды. Нәтибектің алғаны Ганс Вайслердің үй-жайы екендігі белгілі. Немеребай одан оншалықты кем түсе қоймас Адольф Цихлердің, Шөберебай Андрей Цихлердің үй-жайларына ие болған еді.
Сұлу сиыр Эраны сат деп жалынған немістер де, қазақтар да, орыстар да, тіпті түріктер де табылған. Алайда Кильда өзінің уәдесінде тұрды. Пәтима сүт бұлағы сарқыраған, жақұттайын жарқыраған жануарды сыйға алып қалды. Кильданың көшіп кетіп бара жатқанын Эра адамдардан да артығырақ сезген шығар. Қара ала кірпіктерін қағып-қағып алып, ой-хай, бір мөлтеңдеп жылағанда, тымпылдаңқырап қатқылдау көрінетін Пәтиманың өзі егіле төгілсін-ай келіп.
Гамбургке көшіп алған соң бұрынғыдай емес, Немеребай мен Шөберебай Нәтибектің үйіне келіңкірейтін сыңай танытты.
— Нәтибек Вайслерге үлкен Цихлерден жалындаған сәлем! — деді Немеребай қақпадан кіріп келе жатып.
— Гутен абенд, херр Нати-Бек Вайслер! —деді Шөберебай. — Их һабе Шөберебай Цихлер!
Пәтима өзінің қимас-қымбат құрбысы Кильдаға қатты еліктеп жүрген-ді. Немекең мен Шөбекеңді үй ішіне кіргізбей-ақ, ауладағы әдемі үстелге шай-пай, шарап әкеліп қойды. Үш қожайын да тым емініп-сұғынып кетпестен, немісше ұстамдылық танытатындай. Шымшып жеп, іліп ішіп отырыпты.
Алғашқы бас қосулары кезінде жаңадан сатып алған үй-жайларын қалайша күтіп ұстау керектігі, ішінара немесе толық механикаландырылған мал тамдардың жай-жапсары талқыланып, жан-жақты пікір алысылды.
Келесі бір жолы Немеребай мен Шөберебай бұлардың ауласына асып-сасып, абыржыңқырап кірген. Немекең үш түп алмасының қурауға айналғанын айтты. Шөбекең тізіле сызылып тұрған жүзімнің түгелдей бозарып бара жатқанын мәлім етгі. Нәтибектің өзі де, көріп отырсыңдар ғой дегендей, ауласының реңі қашып қалғанын андатып, терең күрсініп қойған.
— Механикаландырылған мал тамның бірдемесін кеше ғана кенже баламыз бүлдіріп тынды, — деді Шөберебай күйіп-пісіп. — Телевизор жыбырлап, істемей қалса, жұдырықпен бір періп жіберетін еді, әлгі мал тамдағы шөп турағышы істемей қалған екен, балтаның шүйдесімен қойып кеп жіберіп, күл-талқанын шығарыпты. Атаңа нәлет-ай, әкенің малы балаға мал болып жарытпас деген осы-ау!
— Айтпақшы, осыдан оншақты жыл бұрынғы бір әңгіме басыма сап ете қалғанын қараңдаршы! — деді Немеребай.
— Немістердің сөзі қысқа, ісі нұсқа, әңгімең шыли созылып кетпегей, — деді Шөберебай. Нәтибек:
— Айт-айт, — деді.
— Өзі де қып-қысқа нәрсе еді, өздерің созып отырсыңдар ғой, — деді Немеребай. — Ұмытпасам, осыдан тұп-тура он жыл бұрын, мына Нұрлысу ауылына бүгіндері ең мықты жазушыға айналған Дулат Исабеков келген. Өзі сонда туған ғой. Соғыс кезінде олар Нұрлысуға көшіп келіп, Дулат туған соң көп ұзамай, қайтадан көшіп кеткен Монтайтасқа. Сол мықтыңыз қымызшы Қасымбектің үйінде қонақ болған. Аудан басшылары келген, мен де күтісіп ем.
— Кім дейсің? — деді Шөбекең.
— Дулат Исабеков дейді. Жазушы-драматург. Бүгінгі қалам ұстаған-дардың аса мықтыларының бірі ғой, — деді Нәтибек. — Білмейсің бе, немене?
— Білгенде қандай! Дәулет Исабекұлы деген журналисті жақсы танимын, — деді Шөберебай.
— Жо-оқ, Дулат Исабеков басқа, Дәулет Исабекұлы мүлде басқа ғой! — деп Немекең аса қатты реніш білдірді.
— Екеуі бір адам емес пе сонда!
— Туһ, сен өзі кітап оқымайды екенсің ғой, а?! Дулат Исабековті қайдағы біреумен қалайынша шатастырасың?!
— Тоқта-тоқта! Қайдағы біреу деп төмендетпегін. Қайдағы біреуің не сенің? Дәулет Исабекұлы да — күштінің бірі. Ол қазір қайдағы біреу емес, білдей қажы! Қаж-ы-ы-ы-ы! Білдің бе?
— Білем. «Дәулет қажы Исабекұлы» деп жазады, календарьдың неше түрін шығарып, тыным таппай жүр. Бәлкім, жақсы адам шығар, қажы шығар. Бірақ әңгіме ол кісі туралы емес, керемет жазушымыз, драматургіміз Дулат Исабеков туралы болып отыр ғой!
Немекең мен Шөбекеңнің пікірталасы таусылмасқа айналды. Нәтибек шыдай алмай:
— Немеребай, осы сен не айтпақшы болып едің о баста? — деп сұрады.
— Нұрлысу ауылына келгенде жазушы Дулат Исабековтің ауызша айтқан бір мысқыл мысалын келтірмекші едім, мұрша бермедіңдер ғой, жүд-дә.
— Айтсай енді. Шөбекең қойды. Қажекеңнің құлағын шулатпай, Дулатыңды дулата берші.
— Айтсам, — деді Немекең. — Дулат Исабеков сол сексен бесінші жылғы жазда қымызшы Қасымбектің үйінде былай деді: «Неміс деген өзгеше халық қой. Осыдан біраз жыл бұрын Алматының жоғарғы жағынан бір немістің дачасын сатып алып едік, үш жыл бойы қарамай қойып, зорғадан қазақыландырдық қой». Әне, осылай де-е-еп қарап отыр. Осы еді айтпағым.
— Ах-ха-ха-ха-ха! — деп, ішек-сілесі қатты Шөбекеңнің. Нәтибек те селкілдей жөнелді.
— Үш жыл қарамай қойып, зорғадан қазақыландырдық, уах-ха-ха-ха-ха! — деп, Шөбекең қояр емес.
— Кешіріңдер, мен шынында да ол жазушыны оқымаған екенмін. Уах-ха-ха-ха, енді оқымай болмас. Көрдіңдер ме, сөздің төркіні қайда жатыр?!
Үшінші аптаның соңына таман Пәтима Көктеректің қатындарын үш топқа бөліп, үш дүркін шақырып, шай берді. Содан соң ғана, кішкене былай арқа-басы кеңігендей, иығынан үлкен бір жүк түскендей, емін-еркін, емен-жарқын сезінгендей еді. Үш дүркінде де он бес пен жиырма шақтының төңірегінде топырлап келген қатындар бәріне таң-тамаша қалып, аралап көріп, ұстап сипап, тартып байқап, мәз-мейрам күй кешіскен. Эраны көрген сәтте талай қатын талып түсе жаздады. Толық және жан-жақты механикаландырылған мал тамға жақындатпау туралы Нәтибектің нұсқауы сәл-пәл бұзылды. Оның үстіне елу-алпыс қатынға кигізе қояр халат жоқ қой. Бәрін айт та бірін айт, үш дүркін келген қатындар бұрынғы Ганс Вайслердің, бүгінгі Нәтибек Несіпбайұлының ауласын айтарлықтай-ақ қазақыландырып кеткен-ді.
Төртінші апта аман-есен, айтақаларлықтай оқиғасыз өткен. Бұлар бәлеге бесінші аптада душар болды ғой. Табан астынан Эра ауырып қалды. Іші кұрығыр жүрмей, нешеме дәрігер әкеліп, түрлі-түрлі дәрі берсе де, болмады тіпті. Оқтау жұтып алғандай сіресті де тұрды сұлу сиыр. Үрпие-үрпие келе Көктерек сиырларының кейпіне түсті. «Көз тиді ме?» — десті. «Бұрынғы иелерін сағынып, ішқұса болды ма, әлде?» — десті. «Жақпас бірдеңе жеп қойды ма?!» — десті. «Сен кінәлісің!» — деді Нәтибек Пәтимаға. «Өзің Ганс құсап қарай алмадың!» — деді Пәтима дейтін қатын-дұшпан. Қайтпас-қайсар мінезіне басып. «Эраны алғанша, мына мені алшы, Алла-Құдай! — деп ботадай боздады Пәтекең. — Дос-дұшпанға күлкі қыла көрмеші, табалата көрмеші, айналайын Алла - Құда-а-ай!»
Бесінші күні түс ауа бере Эра дүниеден өтті.
Қара ала кірпігін қақпай, қимылсыз қалды.
Көктерекке хабар жіберілді. Қатындар бір топ боп келіп, көңіл айтты. Пәтима ауызғы бөлмеде, бүйірін таянған күйі, табан астында былай деп жоқтау шығарды:

Ой-ы-бо-о-о-ой! Ой-о-о-ой! А-а-ай! Шақпақтың желі өкпек-ті,
Қолымнан менің еп кетті.
Жүні бір жақұт жануар,
Кай жеміт көзі жеп кетті?!
Гамбург деген жұмақ-ты,
Жайқала өскен құрақ-ты.
Кильдамнан қалған Эрашым,
Қай дұшман көзі сұлатты?!
Сайрамсу тасы қайрақ-ты,
Сиырым сүті — қаймақ-ты.
Үш тілді білген Эрашым,
Қандай жау сені жайратты?!
Ойы-бо-о-ой! Ой-о-о-ой! А-а-ай...

Көктеректен келген қатындар бұл жоқтауды тыңдап отырып, қатты састы. Беттерін шымшыласып, бір-бірімен сыбырласты:
— Өле-ә-ә, масқара! Жеңешем жоқтау айтып отыр ғой, жаңа үйге кіргенде ең болмаса даусымызды шығармаппыз ғой?!
— Соны айтсайшы!
— Мейірімсіз боп барамыз-ау осы біз...
Десті делегация мүшелері ыңғайсызданып. Нәтибек есік алдынан өтіп бара жатып:
— Мынау сұңқылдап, не оттап отыр өзі? — деді таңданып. Сосын: «Өлсе, мал өлсін, бәле-жаланың бәрі сонымен кетсін», — дегісі келген. Дей алмады бірақ.
Толық және жан-жақты механикаландырылған мал тамда бір түнетілген Эраның денесі ертеңіне тоғайдағы тау талдардың арасына жерленді.


КҮДІРЕҢ

— Сен мені жақтырмай қалдың ғой? — деді Таңсұлу тілімен мұның иығын қытықтап жатқан күйі. — Ұнатпағаныңды бірден білдіреді екенсің өзің. Баяғы поселкенің ақ шиферлі мектебін есіңе алдың ба, немене? Ойламай-ақ қойғын енді ол жылдарды. Өткенді көп ойласаң, қартайғандықтың белгісі. Қатты таңырқап жатқан сияқтысың ғой өзің? Неге таңырқадың, а? Өзің қышқылтымсың...
Ол тілімен тағы да мұның иықтарын, омырауын қытықтай түрткілеп жөнелді.
Көксарай кентінің шетіндегі үлкен жолмен темір көліктер тынымсыз ағылып жатыр. Әрқайсысы гүр-гүр етіп өткен сайын мұның тұла бойы дір-дір ететіндей. Ал, мына Таңсұлу ше, бәлекетің, зыр қаққан мәшинелер заулай жанап, жақындаған сәттерде, қайта, керісінше өршелене, өшіге демігеді-ай. Оның сұп-сүйір тілі алғаш мұның тұла бойын тінткілей бастағанда, тіксініп, шошына ыршып кетпекті күйттеген бір сезік, сосын сол сезікке ілесе, тіпті жанұшыра бас көтерген, бәлкім, ғұмыр бойы аңсары болып бұғып жататын бір сезім тепе-тең түсіп, басы құрып кеткір тәп-тәтті айналып жүре бергентұғын. Оның күлімсірей, сынаңқырай қарағанын қыз кезіндегі ұп-ұзын кірпіктерінің арасынан ағараңдаған таңда аңғарып, сыр бермеске бекінді.
— Өзің... Алыстағы ауылдың еркектеріне ұқсамайсың ғой, тіпті, — деді Таңсұлу төсектен түрегеліп, шашып жинап отырып, бұл жаққа асқан ризашылықпен көздерін төңкере тастап қойып. — Ал, сен, білесің бе? Әрбір адамның атына ғана орайлас айрықшалықтары болатынын? Мәселенки, менің атым — Таңсұлу. Мұндай ат, біріншіден, мүлде сирек. Екіншіден, осылай қойылғаны бекер еместігін екінің бірі білмейді. Сезбейді де. Мені тек таң атып келе жатқанда ғана көрмекке керек. Осы, мына жалғанда үш күйеуге тидім. Солардың үшеуі де таң алдында өліп ұйықтап жататындардың сортынан еді. Сол үшін шығар, сірә, бәрін де иттің етінен бетер жек көретінмін. Әйтеуір, үшеуін де өмір бойы таң алдында бір де бір мәрте оята алмадым десем, сенесің бе? Сенбейсің ғой, сен... Ал, ойнастар... Олар оятар кезде жым-жылас, жоқ боп шығады. Есесіне, сен, өзің, алғаш рет таң алдында тап болдың ғой, ақыры. Кім ойлапты осыны? Жерден шықтың ба, көктен түстің бе өзің?! Отыз жыл көрмеген кластасым... Бүгінгіше айтқанда, сыныптасым...
Көксарай теректерінің үстіңгі тұсынан, сауыс-сауыс таулардың арғы жағынан таң атып келеді екен. Кластас қызының, сыныптас сұлуыныңжаңағысөздерінасқан ықыласпен, толқи тыңдап алып, былай, жөндеңкіреп барласа бар ғой, шынымен-ақ таң алдындағы Таңсұлу баяғы қыз кезіндегідей құлпыратын секілді. Ұлы шаһарға қарата жосылып жатқан жолдың, қарауыта жалтыраған асфальттың арғы ойпаңынан буалдырланған бу бұйралана көлбеңдеп, бұлаңыта сиқырланады. Құдды, осыдан отыз жыл бұрынғы, баяғы Таңсұлу айналадағы аязды шегіндіріп, еріте еркелеп келе жататын қаңтардағыдай. Түнде бұларға білдірмей жаңбыр сіркіреп өткен бе, әлде бұл өңірде шипалы батпақ курорты бартұғын, мына маңайдан да ыстық су қайнап шығып жатыр ма, оны кім біліпті. Қайдан сап ете қалғанын, табан астынан Талбикенің белін таянып, кирелеңдеп жүретіні көз алдына келіп тұра қалды. Екеуінің қосылғанына жиырма бес жыл толу тойын жасамақшытұғын. Сәл төменіректегі қалың қамыстың үлпілдек, ұлпа қарқараларын көргенде, шашының арасы терлеп кетті.
Әдеттегі әуестігіне салып, айнала-төңіректі түгел шолып шықты. Түнеп, күнәға батып шыққан жайының ауласынан әжептәуір үлкен үйдің құрылысы аяқталуға таяпты. Жалғызбасты қатын үшін осал тірлік емес. Еркекпіз деп жүріп жатқан мына мұның ойы түгілім түсіне де кіре бермейтін дүние-дүр. Деп түйіп, біраз тұрды. Таңсұлу, сірә, бұған таңертеңгі шай әзірлеп жүрген шығар-ау. Сайлы ойпаңдағы ирелең қаққан арықтың салқын суына жуынып отырып, оның бетіне қайтіп қарайтынына ақылы жетіңкіремей, діңкеледі. Шандырланған екі бетте жан жоқтай. Өзін-өзі, салқын сумен жуынғанды желеу етіп, аямай шапалақтады.
Тамғабай тастақтау қиямен көтеріліп, тегістікке ілінген соң бұл өңірге неге тап болғаны есіне енді түскендей-ақ, айналасына алақ-жұлақ қарағыштады.
Тү-у арса-арса таулардың ара-арасындағы Бүлдірген ауылынан бұрнағы күні жолға шығып, біржарым тәулікті артқа тастап, қас қараярда Көксарай кентінен таяқ тастам тұстағы мемлекеттік кеденге келіп жеткен еді. Бүлдіргендегі және сол төңіректегі өндірістік кооперативтердің біраз-біраз адамдары секілді Тамғабай да жекешелендіріп жер алмақ болып жүрген. Таулы ауданның өзге шаруашылықтары секілді бұлардың Лейлін пұты һәм бұтарланып, бөлшектеніп кетті. Қағаз жүзінде қүжаттамаса-дағы, ежелден бермен қарата маңдайының терін төгіп, Талбикеге қосылғалы бейнет сіңіріп келе жатқан жиырма шақты гектар егістікті егеленіңкіреп, егемендіктің ендігі беталысы қалай бағытталарын бағамдаңқырап жүретін Тамғабайыңыз — осы.
Сөйтіп жүргенде, Бүлдіргенге бір қора қонақ барды ғой, баяғы. Білетіндердің айтуына қараса, үш жылдай бұрын жаңадан ашылып, қазіргі күндері қадамын қатайтып үлгерген кеден саласының кердеңдері екен. Кеден дегеніңіз шекараларда тұрып алып, жорғалай жортқан тышқаныңызды тексеріп өткізетін, ызыңдай ұшқан шыбыныңыздың арқалағанын һәм шып-шырғасын шығармай тізімге тіркейтін, қысқаша айтқанда, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс мекеме, оған қызметке тұрмақтың өзі кәдуілгі МАИ мен полициялардан бес-бетер. Деседі жәмиғатыңыз.
Кеденнен келгендерге әуес нәрсе ғой деп, самаурынмен шай қайнатудың жауапкершілігі Тамғабайға тапсырылды емес пе, баяғы. Сәтін салып, бақ қонамын десе, сөз боп па, сонда өзімен құрдас, негізінен алғанда ұқсас, негізгі қонақтардан қалған-құтқан арақты сарқып ішкенді жарататынына дейін айнымастан дәл келетін Келдібекпен танысты ғой. Тамғабайды да өлсін деп жаратпаған шығар-ау, көктен іздегені, сөйтіп, жерден табылды. Сұраса келе құрдас боп шықты. Кеденнен келген, мұнымен терезесі тең, жылы шырайлы жағдайда шүйіркелесіп отырған қадірменді қонақтың қарапайымдылығын айтсаңызшы сондағы. Тамғабай даусы дірілдей толқып, өзінің жекжат-жұрат, дос-туыс жағынан оншалықты оңып тұрмағанын жасырған жоқ. Ауданда, облыста, одан да жоғарғы жақтарда біреуі, тіреуі барлардың ғана қадамдары ілгері басып, тастары ылдидан өрге домалап, ағымға ілеспек түгілім, алдына түсіп тайраңдайтынын мақұлдата мағлұмдады. Туды-бітті, осы Лейлін пұттан (Бүлдіргеннің кеңшар кезіндегі аты ғой) аттап шықпаған секілді. Кезінде екі жыл аудан орталығы аталатын поселкедегі интернатта оқығанын, одан соң екі жыл әскер қатарында құрылыс салғанын есептемесе, ештеңе көрмегені де рас. Ең ақыры, қатынды да, қосылғанына жиырма бес жыл толып, той жасайын деп отырған, анау жүрген Талбикені де осы Лейлін пұттың ішіндегі төрт үй тутамғалыдан алғанын сыр қылып шертті.
Тамғабайдың табан астынан тапқан танысы, табысқан досы, құдай қосқан құрдасы Келдібек-кеден қызыл будан бол-е-е-еп қана, негізгі қонақтардан орталанған, іші-сырты мұнарланған «Беркут» дейтін сорайған шөлмекті тоңқайта сарқып іш-ше-е-е-еп отыра береді екен. Тамғабайдың таңдайына тым тазаңыздың өзі онша тати қоймайды-дағы. «Арақ біздікі, арақ шығаратын шаһар біздікі, боса-бомаса бүркіт баяғыдан біздікі, сонда қалайынша «Беркут» атала салады?!» — деп ойлаумен басын қатырады. Келдібек-кеден ыңылда-а-а-ап, қызыл будан күйінде жамбастап жата берді.
Тамғабай алған бағытынан қайтпақ емес-ті. Тосын таныстықты біржола шегелеп, мықтап құрамаса, болмас. Сондықтан тамағын кенеп қойьш, әңгіменің әуенін өзгертті:
— Мен енді сенге көшіп, Келдібек-кеден десем, жараса ма, құрдасым-досым? — деді.
— Жарасқанда қандай! — деді Келдібек-кеден.
— Мына мәртебелі меймандарсыз-ақ, жекешеленіп, оңашаланып келіп қайта аласың ба? Анау, Аршалы табанында тапаншамен тас атып жатқан бастықтарыңсыз келуге болады ғой?
— Болғанда қандай! — деді Келдібек-кеден.
— Келгін. Шын айтам, — деп, көзі таза арақтың шөлмегіндей мұнарланып, жасаурап, орнынан тұрды Тамғабай. — Келші, бауыр-е-е-ем, құшақ айқастырайықшы бі-і-і-ір, құдай мені қашанғы қыс-с-сы-ы-ы-ын, менің де бір жоғарыда, к-к-кеденде сүйеуім болсын-шы-ы-ы-ы... Тіреуім тұрсын-шы-ы-ы-ы...
Бұл кезде Аршалы сайдың табанында мергендіктерін жарыстырып болған меймандар қайтпаққа беттеген-тін. Жаңбырға жібіген сасыр қурай секілденген танауын құрғатып, Тамғабай Келдібек-кеденге өзімсіне қарап, асқан бауырмалдықпен, сәл-пәл ғана мұрнынан сөйлеп, бүйдеді:
— Екі аптадан соң күтем сені. Өзіңе атаған атым бар, соны алып кетесің.
Шынымен-ақ екі апта өткенде жетіп-ақ келді Келдібек-кеден. Бүлдірген ауылында, Тамғабайдың шарбағында шапан жауып, ат мінгізу ресімі жаман өте қойған жоқ. Арнайы келіп, қорабының артқы жағын жарлауыттың қабағына тіреген жүк мәшинесіне қара қасқаны тиеп болған соң, екі дос, жан қиыспас құрдас сәл-пәл былайырақ барып, оңашалау шығып шүйіркелесті. Қоштасар сәт те таянды. Өз кезегінде Келдібек-кеден Тамғабай тамырын Көксарай кеденіне шын ықыласпен шақырды.
— Шақырғаныңа рахмет! — деді Тамғабай толқып кетіп, бақыттан басы айналып. — Біз барармыз-бармаспыз, мәселе онда емес, бауыр-е-е-ем... «Кеден жағында Келдібек деген досы бар, құдай қосқан құрдасы бар». Осы сөздің өзі де жетеді бізге! Аман барып, сау жүргін енді. Бұдан былай қарата бала-шағаммен қоса сенің тілеуіңді тілейтінім аян...
Меймандар көбірек келетін мамыр айы аяқталып, маусым жетті.
Шатақ күтпеген тұстан шықты.
Жоғарыда айтқанымыздай, жекешелендіріп жер алмаққа бекініңкіреп, өзіне икемдеңкіреп, айнала-теңірегін қаусырмалай қорғаңқырап, пішен-шөбін шауып алыңқырап жүрген жиырма гектарға жетеғабыл алқаптың жартысына жуығына былтырғы күздік жөнді шықпаған-ды. Седірең тартып, селтиіп тұрған егінсымаққа орақ салудың шығыны өтелмейтіндіктен, жәмиғат жабылып мал жайып жіберген-тін. Биылғы кектемде сол жерде күдірең бидай қаулап кеп берсін-ай. Өз алдына бөлектеніп үлгерген орталықтағы өндірістік кооперативтің төрағасы иесіз жердің күдіреңін иемденіп шыға келді ғой, баяғы. Бұ бәленің облыс жағында бір дөкей нағашысы бартұғын. Емін-еркін тайраңдауының түпкі себебі сонда жататын-ды. Бүлдіргенге бағзы замандардан тиесілі, татымды тоғайлардың талайын тартып алғаны тағы бар. Өзі де бір тіміскіленген тазы тұрпатты, нағашысының қандай екендігін ит біліп пе, дегендейін хиқаяларды жәмиғатыңыз айтатын. Сол тіміскі-төрағаңыз көпе-көрнеу күдіреңге килікті.
— Мен еккізгенмін! — депті орталықтағы өндірістік кооперативтің төрағасы сүмсеңдеген тұмсығымен Бүлдіргеннің аспанын тесердей.
— Оу, шырағым, біріншіден, бұл — Бүлдірген ауылының жері, екіншіден, мынауыңыз— күдірең емес пе? — деседі ғой, баяғы Тамғабайлар. — Мұнсыз да талай-талай жерді қағазбен құжаттатып, тапа-тал түсте қаратып алдың ғой, қарағым?
— Бүлдіргендікі екеніне таласым жоқ, — дейді сәл ғана бәсең түсіңкіреген төраға-тазы тықақтауынан танбай. — Бірақ былтыр өзім еккізгемін, мына қолыммен! Биылғы өнімін мен аламын! Қайда барсаңдар, онда барыңдар!
Тамғабайлардың шақшадай басы шарадай болды. Лажсыз, ләм-мимсіз, ауыздарын аңқайтты. Нөмірі бірінші көршісі көңіл айтты:
— Күдірең бидай қайбір астық боп жарытар дейсің? — деді. Нөмірі екінші көршісі қайта қоздыра түсті:
— Күдіреңге келмес, жиырма бестен кем өнім бермес көрініс қой мынау! — деді. — Бүгін күдіреңді алар, ертең етегіңе қолын салар. Бүрсүгіні жағаңа жармасар әлі.
Тамғабай әлденені ұмытқандай, аса маңызды бірдеңені ойына түсіре алмағандай, есінен шығарып алғандай мазасызданып, екі күндей жүрді. Кенет, үшінші күні Талбикеге таңдана қарап-қарап алып, орнынан ұшып тұрды: «Ойбай-ай, ойбай-ай! Келдібегім-кеденім, неге есіме келмеген?! Қалай ойға түспеген?! Бар бізде де! Анау-мынау емес, кеденде! — деді тістеніп. — Барайын мен-дағы. Салайын әкеп, кеденді күдіреңге, майқана-майданға!»
Тамғабай біржарым тәулік шығындап, Көксарай кеденіне келіп жеткен. Шұбар киімді кезекшінің кекірейгені ұнамады. Қазіргі маусым айының күнбағысындай емес, күзгі үскірік ұрған пістедейін түксиеді. Мамырда мұның ауылына барғандардың ішінде мұндайы мүлде жоқұғын. «Жер-жаһанның жартысын жайпағысы келіп, күдіреңге күндес боп жүрген пәле-пиғылдың бір нағашысы осы емес пе екен өзі?»— деген ойға бір тіреліп, тымырсық ымырттан тағы қауіптенген Тамғабай кішік тартып:
— Інім, Келдекеңе келіп ек, — деді сәлемін алмағанын кек тұтпай-ақ. — Досы, құрдасы боламыз. Келдекеңнің...
— О кім еді? — деген шұбар киімді кезекші жүрегі құрығырды солқ еткізді.
— К-К-Келдекең...
— Фамилиясы кім?
Құдай төбеден ұрғанда, жан құрдасының ата-тегін тергемепті, фамилиясын сұрамапты.
— Фамилиясынбілмейтін ем, шырағым. «Көксарай кеденіндегінің бәрі біледі»,— деп еді.
— Пуһ! — деп жарылды әлгі шұбар-кебін долданып, — Онда аулақ жүр, көке! Штаттағысы бар, штаттан тыс, құйысқанға қыстырылып жүргендері бар, қайдан білем?! Өзімнің келгеніме бір ғана апта. Барыңыз-барыңыз, көке! Аулақ!
— Түр-келбеті келісті, мейірбан, қарапайым. Қазақ еді, жігіт ағасы, — деп, тағы үміттеніңкіреді Тамғабай.
— Немене, кедендегілердің бәрі баскесер деп кім айтты сізге?! Ертеңкеліңіз, жарық барда жақсылап тұрып іздерсіз мейірбаныңызды.
— Ішбомаса, қонып шығатын жерлерің жоқ па? Келдекең Көксарай кентінде тұрмаймын, ауылдан қатынаймын деп еді. Ойпырай, қайда түнеймін енді, а?
— Пуһ! — деп, тағы жарылды кеденші жігіт. — Арғы бетке өтсеңіз, бәрі тұр ғой! Барыңыз-барыңыз, аулақ-аулақ, көке!
Арғы бетке өтіп, біраз жүрді. Алғашқыда жатырқай қарап, бөгеліңкіреген. Іле-шала қолды бір сермеп жіберіп, қызғын әлемге енді де кетті. Араны ашылып-ақ қалған екен. Қазақтарыңыз һәм шашлық пісіруді керемет үйреніпті. Ағай-ағайлап, айғайлап шақырады. Алақан ысқылап, әйнек сөренің арғы жағында тізілген «Беркуттарды» нысаналап, көз қиықтайды, қулар-ай. «Беркут» арағын ертең, Келдібек-кеденмен бірге ішер, бір өзіне ұзындық қылар. Сол себепті, сыртының өзі қызғылтым тартып, қыздай сызылатын, шағын ғана астаналық арақты қалады.
Бір-екі сағат уақыт артта қалған шақта тып-тымық түнде, түп-тұнық аспан астында Тамғабай өзін күллі тегіс дүниенің иесіндей сезініп, жол жағасын жекешелендіріп алғандай-ақ тайраңдап, әйнек жаққа тағы қатынап қайтты. Таулы аймақтардай емес, бұл жағыңызда бәрі алақандағыдай, айналаңыз теп-тегіс, түп-түгел. Жұлдыздар сәл ұсақтау ма, қалай? Бірақ, тым көп екен. Аспаны да шетсіз-шексіз секілденді. Қайда қонамын, нендей тұсқа түнеймін деп уайымдаудың қажеті шамалы. Таң атқанша осында тамашалап отыра береді. Жол көліктер де, жолаушылар да тынбас, мыналардың орындықтары мен үстелдері Тамғабайдың салмағына сынбас. Қайдағы бір тау-тастың арасында тынысы тарылып, қор боп жүр екен де. Келдібек-кеденмен ақылдасып, осы тарапқа қоныс аударуы да бек мүмкін. Қазіргі заман — ұлы көштің заманы. Тамғабайдың таудан кеткенінде не тұрыпты? Тепе-теңдік заңы бұзыла қоймас бұған бола.
Тепе-теңдігінен сәл-пәл ғана жаңылыңқырап, аз ғана кідірістеп, қадамын түзеп алған Тамғабай біраз серуендеген. Кенет қарсы алдынан «Таңсұлу» кафесі пайда бола кетті. «Таңсұлу... Таң-Таңсұлу», — деп күбірледі бұл. Кафе ішінде бірер адам отырыпты. Сәл әрегіректе үстел үстін сүртіп тұрған әйел бері бұрылған. Бұрылып қана қоймастан, сыртқа қарата беттегенін қараңызшы. Ие-ие, іштегі әйел қаракөлеңкелеу тартып тұрған тысқа шыққанда бар ғой, қызға айналып жүре берді.
Бүл Таңсұлу еді.
Екеуі бір-бірінен көз ала алмаған күйлерінде, табандарын жерге желімдеп тастағандай, қатқан да қалған.
— Тамғабай емеспісің, осы?! — деді әлгі әйел. Жо-жо-о-оқ қыз ғой, қыз.
— Таңсұлу, бұл сенбісің?! — деді Тамғабай. Тамағынан тоғызыншы кластың үні шыққан құмыға.
— Тамғабаймысың, шынымен?! — деді Таңсұлу қыз. — Шынымен-ақ сен сол боп шығайын деп тұрсың-ау? Мына сұмдықты қарашы енді! Сенімен де кездестік-ау, сұмдық-ай...
— Та-та-аң-сұлу! — деді Тамғабай торлама топылиы тастақ алаңқайдың шетіне шегеленіп қалғандай, тапжылмаған күйі, тек белінен жоғарғы жағы теңсетіліп.
Таңсұлу баяу ғана, аяңдап қана адымдағандай. Бұған қарата бір аттап, екі аттап, бірте-бірте асыға-аптыға жақындағандай. Тамғабайдың танауы Келдібек-кеденмен бауырласып-табысқандай жіпсіп, тіпті ашып жөнелгендей. Осыдан отыз жыл бұрынғы тоғызыншы кластың қызы Таңсұлу жақындап-ақ қалғанда, егін пісер алдындағы маусымның маңпал түнінде, табан астынан бір перделер пайда бола кетті емес пе? Таңсұлу қыз сол перделерден керінбей кетті ме, сәл ғана кідіріп, кафесінің, әлде үй-жайының айналасына алаңдады ма, Тамғабай одан айрылып қалардай аласұра алақтады ма? Кластас қызын, сыныптас сұлуын ғайыптан тайып, ұшып кетер құстай көрді ме, ілгері қарай асыға-аптыға ұмтылып, Таңсұлуды тезірек уыстай, ұстай алмаққа әрекеттенді ме? Таңсұлу қыз кластағы қара партаны айналып өткендей болды ма, тағы бір бұлғаң етті ме, тағы көрінбей кетті ме? Кафенің алды көгілдір түтін бе, әлде тұманытқан түннің жұмбақтары ма? Көгілдір перделерден кідірістеп, енді-енді жақындады ма, түтінді күйдіріп, тұманды жандырып жетіп, жанында тұр ма? Деміне орап, деміге тіл қатты ма? Қайтадан тұман түсті ме, қос анарының екі ұшы сол жұқа-жұмбақ тұман-түтінді түртіп-түрткілеп, ап-анық көрінді ме, осыдан отыз жыл бұрынғы интернаттың ауласындағы алқоңыр алша жемісіндей жауһарлана биледі ме? Қос түйме...
Екеуі қол алысып амандасты ма? Қол алысып, сәлемдескендей ме? Оны қанағат тұтпастан құшақтасты ма? Содан үйге кірді ме, бөлмеден бөлмеге өтті ме екеуі? Поселкенің мектеп-интернатындағы селкілдек кереует секілді бірдеңеге отырды ма екеуі? Бірер шөлмек бірдеңелерді орталарына қойып жатты ма екеуі? Кластас қыздар да ішеді екен-ау, деді ме бұл? Кластас қыз ұзақ-ұзақ хикаялар шертті ме, кластас ұл, яғни бұл, одан озыңкырап-озыңқырап кеткен жоқ па? Кім білсін-ай, кім білсін...
Түннің бір мезгілінде оянса, ай сүттей жарық екен. Таңсұлу жанында ұйықтап жатыпты. Бүл орнынан тұрып, далаға шығып, мұздай суға жуынып, есін жиып, ұйқысын ашып, кешқұрымғы көгерең кеденші жаққа қарап, масаттана есінеді. Шыныман-ақ сол. Таңсұлу. Шашы төмен төгіліпті. Әрине, көп-көп сұйылған шаш қой.
Отыз жылыңыз аз уақыт емес. Таудағы, алыс-алыс ауылдардағы қыс қатты еді тіпті. Тым ұзаққа созылатын. Алты ай қыста қалың қардан мезіленіп, титімдей ғана, тоқымдай ғана қарайған жерді көрсе, естері шыға қуанушы еді ғой бұлар. Кейінірек аудан орталығындағы интернатта оқыды. Сонда көрді ғой Тамғабайлар Таңсұлу қызды. Сонау қияндағы қыстаулардан жаурап-жасынап, тоңып-қалтырап, әлдеқалай бара қалған трактордың ауру-сырқау қойларды толтыра тиеп алған тіркеме-шанасына әзер ілігіп, дәрі мен қи сасып, асфальт жолға жеткенде бар ғой, жұмаққа кіргендей күй кешетін. Поселкенің асфальт жолын бойлап жүрген сайын жылына беретін-ді. Қар қаншама көп жауғанмен, ерсілі-қарсылы ағылып жататын темір көліктердің қызуынан ба, жол жиектері жібіп, орта тұстағы мұз ойыла аршылып, көктем кеп қалғандай әсер ететін еді. Тіпті олай болмаған күннің өзінде, қар қылаулап, аяз қысып тұрса-дағы, дірдектеп таудан түскен Тамғабайлардың алдынан, аудан орталығындағы акация ағаштарының арасынан қиял-ғажайып ертегілеріндегідей таңдандырып, Таңсұлу шыға келетін. Ұзын кірпікті, үлкен көздерін жайната қайран қалдырып, қып-қызыл алмадайын топ-томпақ екі беті дүние жүзін жаулаған бүкіл аяз атаулыны кері шегіндіріп, еркелей ерітіп келе жататын-ды. Қасындағы қыздардан өзгеше өрнектейін бөлекшеленіп, сәл қалыңдау, қыл-қызыл еріндеріне теп-тегіс тізіле салған әппақ тістері ақсәуле шашып, күлетіні ше?
Ауылынан қайтып жеткен күні Таңсұлудың тап солай шыға келгенін, келе жатқанын, кетіп бара жатқанын бір көрмесе, көңілі көншімейтін. Бойы жылынбай, сүлесоқ күйден арыла алмай, азаптанатын. Мектепке жақындай бергеннен-ақ, класқа кіріп келгенде де солайтұғын Таңсұлу. Айналасында ай ма, әлде күн бе, бірге ілесіп жүретіндейтұғын. Ал, сабақ айтқанда ше? Әсіресе, өлең оқып тұрғанда: «Ақ киімді денелі, ақ сақалды; Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық; Басқан ізі сықырлап келіп қалды...» Дегендегі даусынан ше, Тамғабайыңыз тоңып, қалтырай жөнелетін-ді. Таңырқай қараса бар ғой, Таңсұлу сәл ғана жымиғанның өзінде жылытып, сәлден соң-ақ ыссылата бастайтын. Тоғызыншы класс окушысы Таңсұлудың үнінде жұмбақ әуен аз емес-ті. Оқыдым, білдім, түсіндімнен де басқарақ бірдеңелер болатын. Кей-кейде, кенет тұнжырай қалып, Абай ақынның табиғат лирикасынан оқып тұрған өлеңін шашып-төгіп алатын. Сұлу жыр, өзгеше өлең, бәрібір Таңсұлудың тамағынан сыңғырлай төгіліп түсіп, тісі мен тілі арқылы мөлдірей өтіп, моншақтай шашырайтын.
Таңсұлу сәл сәтке мұңайса, Тамғабайдың күні бойы жылағысы келетін. Әдебиеттен беретін мұғалім-дағы Таңсұлуға өлең оқытқанды айрықша жаратады-ау, үн-түнсіз тыңдайтын еді. Бірде, Таңсұлу өлең оқып тұрып, табан астында түйіліп, жөтеліп қалды. Құлшынысын қайта таппаққа тырысты. Онысынан ештеңе шыға қоймаған. Қайта кідірді. Қабағындағы кірбің ұлғайды. Келесі шумақты бастап, тағы кідіріп тұрды. Кідіріске діріл араласты. Сол діріл күллі класс ішіне, одан соң бүкіл мектепке тарап бара жатты. Әдетте, әдебиетіңіз, ең соңғы сабақ қой. Ертеңіне Таңсұлу мектепке келмеді.
Содан кейін Тамғабайлар Таңсұлуды көрген жоқ. Ол қаншама таңғажайып Таңсұлу болғанымен, қоғамдық тамақтандыру мекемесіне қарайтын ресторанда ыдыс-аяқ жуатын жесір әйелдің жалғыз қызы еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, шешесі күтпеген жерден, күнкөріс қамы үшін бір дөкейге беріп жіберіпті. «Жоқ ол қыздың өзі ғой, өзі кінәлі. Шоштаңдап жүріп, шоқ басып қалған екен». Дескендер де табылған.
Таң алдында оянып кеткен Таңсұлу Тамғабайдың ойы аяқталғанын білгендейтұғын. Таң қаларлықтай қылық танытып, мұның мойнынан құшақтады ма, өзі шешіндіре бастады ма? Тамғабай түк те, титімдей де қарсылық білдірместен, көздерін тарс жұмып, тоғызыншы кластағы Таңсұлуды елестетіп, ғарыш жаққа самғап ұшып кетіп қалды ма? Сезігі мен сезімі тең түсіп, итжығыстың арғы жақ бергі жақтарынан табылып, ғарыштан жерге қалай оралғанын білді ме, білмеді ме?
Көксарай кеденінен таяқ тастам тұста болар іс болып тынған, әйтеуір.
Жуынып-шайынып оралған Тамғабай қарсы алдында отырған, қартаңдау тартып үлгерген қатпа қара қатынды көргенде, «аһ» ұра жаздады. Өзін-өзі әзер ұстап, шырқыраған шыбын жанын кеуде-кеденінде қамалап, жүрегін жүгендеп үлгерді. Маусымның мұздай суынан мақпал тартыңқыраған бет-аузы бір жағына қарата тартып-жұлқып, жұлқып-тартып кетті ме, қисайып қалатындай сезінгенін білдіріп алмақтан үрегейленіп, үрейлене үрлеп, шай сораптады.
— Мен енді таң алдындағы Таңсұлу емеспін, Таня апай ғанамын, — деді ол. — Енді бірер сағаттан соң күнделікті күйбең тірлігіме кетсем керек. Осы мына үй-жайлардың иесі де мен, құл-құтаны, күлді-көмеш күңі де өзіммін. Бәрібір, баяғы сорлы шешем секілдімін, ыдыс-аяқ жуғаннан арыла алмадым... Бұйымтайың болса, айта отыр. Қайдан жүрсің, мұнда қалай тап болдың? Сол алыстағы ауылдасыңдар ма, әлде үдере көшкендер секілді шәрілі жерге аунадыңдар ма? Біз, мінеки, осындамыз. Жалғыз қызым бар. Алдырып тастай беріп, қалдырғаным біреу ғана. Он бес жаста... Екіқабат... Алдырма дедім. Некесіз өссе де, әкесіз өспесін бала деген... Аузым күйген. Күйеу баланың төрт қатыны бар, бесіншісі — біздің Жансұлу. Мына екі қабатты үйді өзіміздің күшімізбен салып жатыр дейсің бе? Қай-да-а-а-ан...
Таңсұлудан туған Жансұлу, сөйтіп, сенің кластасыңнан гөрі бақыттырақ болмақ...
Тамғабай үн-түнсіз тыңдады. Басын жерден көтере алмады. Ғарышқа ұшып барып қайтқаны қайда? Ендігі айтар әңгімесінің дәмі мен мәні бар ма? Осы бір сәттегі жан күйзелісін жеңілдетер түк те қалмағандай ма? Жер үсті, аспан асты бос, боп-боз бірдеңеге айналғандай ма?
Терең-терең күрсіністен соң бұл пәни жалғанда Бүлдірген атты ауылдың, онда кирелеңдеп жүрген Талбикенің, жиырма бес жылдық тойға ауданнан ансамбль әкелеміз деп жүрген бала-шағаның, күдіреңді айтпаған күннің өзінде, басқа да талай тірліктің бар екенін ойлай бастады. Нөмірі бірінші, нөмірі екінші көршілері тағы бар.
Басын сәл-пәл көтерсе, Таңсұлу үстел үстін жайнатып-ақ қойыпты. Өзі онша қайғырып отырмаған секілді. Сондықтан сәл-пәл серпіліңкіреп, осыдан отыз жыл бұрынғы кластас қызынан, сыныптас сұлуынан Келдібек-кеден хақында солғындау тартқан үнімен-ақ, сүлесоқ кана сұрай салды. Сөйтсе, Келдібек-кеденді Таңсұлу жүдә һәм жақсы біледі екен. Тіпті бар ғой, досы екен. Қандай дос екенін иті біліп пе? Тамғабайға ендігісі бәрібір, нәніпәтір емес пе? Иә, жап-жақсы танитын боп шықты. Келдібектің кеден-педенге пәлендей қатысы шамалы екен, осы маңайдағы бір ауылда, осындағы шоң-шүйделеу бір бастықтың малын бағып-қағады. «Таңсұлу» кафесіне негізінен ет дайындап жеткізетін де сол боп шықты. Енді бір жарты сағат өтер-өтпесте, жер жұтпаса, жетіп келеді.
— Қой, ішімізді отқа оратып, жалынға жалатып, жан-жүректі жылатқанша, мынадан алып қоялық, — деп Тамғабай алдындағы арақтан құйды. — Енді бұл жаққа жол түсе ме, түспей ме? Көреміз бе, көрмейміз бе? Өткен де кеткен қу өмір-ай! Кел, кластас қыз, сыныптас сұлу!
— Кеден жаққа келсең, кел. Өзіңе-өзің сенсең, кел, — деді Таңсұлу үнін құйқылжытып. — Мен күндіз татып алмаймын, кластас бала! Түнде ішіп, таң алдында оянам...
Тамғабайдың өзі алып жіберді. Елпілдеп, екіншісін құя бергенде, желпілдеп Келдібек-кеден жеткен. Ләм-мимсіз ұғысып, нарық экономикасының тез түсінісетін адамдарындай төс түйістірді екеуі. Қайта-қайта құшырлана құшақ айқастырды екеуі. Құдай қосқан құрдасы һәм жұмыс кезінде татып алмайды екен, Таңсұлумен салиқалы ғана қайыр-қош айтысып, сыр бермеген күйі, досын оңашалау алып шығып, бүй деді бұл:
— Жан досым, қадірменді құрдасым, сен мына мен үшін, таудағы біздің ел үшін мәңгі-бақи Келдібек-кеденсің. Біліп қой, сөзім — сөз, уәдем — уәде. Келер сенбіде той жасап жатырмын. Бармасаң, өкпелеймін. Барамын деп бер уәдеңді.
— Бердім уәдемді, ризамын, досым. Сен қиыспасаң, мен қиыспан! — деп, мұның әлем-тапырықтау тартып тұрған бетінен әдемілеп тұрып сүйді-ай Келдібек-кеден. — Барамын, ертерек барып, жәрдем беремін тойыңа. Тойда қызмет етейік, бауыр-е-е-ем!
Келдібек-кеден уәделі күні жетіп-ақ барған. Тамғабай толық, жан-жақты ақпарат ақтарып, рәһатқа бөленіп қалды. Тойға сойғаны жылқы; енді екеуі бар, жетеді. Жылқыға қоса төрт тоқты сойды; әлі бес-алтауы бар, жетеді. Елдің бәрі істеп жатыр ғой; неге той жасамайды Тамғабай? Қазақтың бәрі өткізіп жатыр; күн сайын, түн сайын. Бұрын тек сенбі күні ғана еді, бес-алты жыл бұрындары жексенбі қосылды. Екі-үш жылдан бермен қарата енді той дегеніңіз дүйсенбіден басталатынға кеткен. Айтты-айтпады, Келдібек-кеденнің келгені бүкіл Бүлдіргеннің алдында абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп әкетті. Соның өзі неге тұрады? Тамғабайға соның өзі-ақ жетіп-артылып тұрыпты. Тамада балаға қайта-қайта ескертіп, аталмыш тойға Келдекеңнің қатысып отырғанын әдемілеп, айрықшалап айтуды тапсырған.
Асаба бір рет салтанатты түрде мағлұмдағанда, жұртшылық жапа-тармағай орындарынан тік тұрып, ду-ду қол шапалақтады. Көксарай кедені жақтан келген Келдекең де орнынан тұрды. Екінші рет қайталағанда да оншалықты жаман әсер етпеген-ді. Үшінші мәртеде күңкіл-сүңкіл көбейді. «Әй, сол Келдібегінен өзге адам жоқ па осында?» — деушілер табылған. Қалыптасқан жағдайды жылдам бағамдайтын әдетімен Тамғабай қадірменді қонағын бұқарадан бөлегірек, ішке кіргізіп, ерекшелеу күтпекке ниеттенді. Бірақ, екі көршісі ере кірді. Іштегі дастархан жаман болған жоқ. Келдекең көңілді отырды. Тек қана нөмірі бірінші көршісі, мұның ымдағанын түсініңкіремей, күдірең кикілжіңін саяси оқиға секілдендіріп, әсірелей әңгімелеп,мазаны алыңқырады. Одан қалсын ба, нөмірі екінші көршісі кәдуілгі шешендігіне салып: «Елі — едірең, егіні — күдірең; Бүлдірген қалай күн көрер?!» — деп абызшылады. Енді қайтсін-ай, көршілері Тамғабайдың тамырынан, Келдібек-кеденнен үміт күтеді-дағы.
— Тойың керемет жақсы етті. Тамаша өтіп жатыр, айта-айта жүреміз, — деді Келдібек-кеден. — Ал, енді ерте келген қонақ ертерек қайтар болар. Тамғабай тамыр, мен жүрейін енді.
Тамғабай тойға арнайы келіп, алтын уақытын қиып, ықыласпен қатысқаны үшін досына мың да бір рахмет айтты. Өзіне және сыныптас сұлуы Тансұлуға арнап сыбағалар салындырады.
Қайтып оралса, той бұрынғыдан бетер қызып жатыпты. Кейінгі жылдары жұрт биге тоймайтынға кеткен-ді. Бұл төңіректегі елдің бесіктегі баласы жатқан жерінен домалаңдап түсе салып, сексендегі шал-кемпірі таяқтарын тастай салып, иықтарын жұлып жеп, билейді-ай келіп. Жастары мен орта жасарларын қоя беріңіз енді, көздері айрандана аларып, шеттерінен шыңғыра жер тепкілегенде бар ғой, тауыңыз теңселер. Опыр-топыр тобырдағы жұлынған жұрттан былайырақ шығып, бір уақ сын көзімен қарап, нөмірі бірінші және екінші көршілер секілді баға беретіндер жоқ емес-ті, әрине. Ондайлар: «Күдірең ұрпа-а-а-ақ!» — деседі. «Күдірең дүни-е-е-е...» Дейді, әйтпесе. Ондайлар не десе, о десінші, бұл бас мейманын ойдағысындай шығарып салғанына, сыныптас сұлуына сәлем айтып жібергеніне рәһаттанып, аласапыран бидің бір бүйірінен қосылып, жосылып жөнелді.
Тамғабайдың тойында болған алапат билерден ештеңе қирай қойған жоқ, әрине. Бірақ, білетіндердің айтуынша, жер шарының бергі бетіндегі Бүлдірген (кеңшар кезінде Лейлін пұт еді ғой) ауылының терезелері бүп-бүтін болғанымен, әлемнің арғы бетіндегі, осы елді мекенмен тұспа-тұс орналасқан Сан-Франциско шаһарының ең биік-биік үйлерінің терезелері түп-түгел қирап-қирап түсіпті деседі.


СҮМБІЛЕНІҢ СУЫ

Ыстықкөлге күтпеген жерден жолым түсе қояды деп ойлаппын ба?!
Жұрт дегеніңіз барып-келіп жатады, ауыздарының суы құрып айтып жатады. Ал біздікі «барғызбасың — барғызбас» қой, баяғы. Күрсіністі, күреңіткен мұнарлы мұң ағыстарының кенеркөгінен ғана көрінер аңсарлар қатарындағы ақ кемелі көгілдір көл туралы біздің білетініміз бәріңізге де белгілі. Барып-келушілердің таңдай қаға тамсануы және әлемге әйгілі жазушының атақты шығармасы.
— Ыстықкөлге баратын болдыңыз, — деді Астана жақтағы басшыларымыздың бірі. — Ертең Алматыға шұғыл жетуіңіз керек. Одан ары автобуспен апарады. Дебатшылардың халықаралық форумы өтеді, соның ақылдастар алқасына кірдіңіз.
Біз пақырыңыз сасқалақ қағып:
— Рахмет, мың да бір рахмет! — дейміз дегбірден айырыла абыржып. — Ыстықкөлді бір көрмекті армандайтынымыз рас. Бірақ...
— Не бірақ? — деді бастығымыз күліңкіреп. — Шынымен-ақ бас тартайын деп тұрсыз ба? Әдеттегіңізше?
Қайбір жолы да Бурабайдағы осыған ұқсас бір басқосудан қалып қойғанымыз бартұғын. Соны айтып тұрғаны.
— Жо-жоқ! Бас тартып нем бар? Бірақ дебатшы дегендеріңіз өңшең өрімдей жастар, ал біз...
— Ал сіз сол жастарға бас-көз боласыз. Оның үстіне сценарий бойынша халықаралық форумды ашарда бата беру керек екен, — деді басекең.
Жолға жедел жиналдық. Алматыға апарар жүрдек пойызға жетіп үлгеруіміз керек-ті...
Алматыдан ертеңіне түн ортасы ауа шыққанбыз. Ыстықкөлге таң бозында іліндік. Жұрттың бәрі дерлік тәтті ұйқының құшағында еді. Көлді көрмей қалмайық деп көз ілмейтіндер де жоқ емес секілді. Солардың бірі — біз пақырыңыз.
Алғашқыда Ыстықкөліңіз онша ұнаған жоқ. Әлемге әйгілі жазушының шығармасындағы ғажайыпқа да, мына пақырыңыздың қиялындағы арман-аңсарға да келіңкіремеді. Сұлқ жатқан су айдынынан салқындау бір леп келгендей, автобустың іші суып сала бергендей. Бір-екі студент өзара сыбырласып: «Ыстықкөл!», «Ыстықкөл!» — десті. Қалғандары Солтүстік Мұзды мұхитқа келгендей, бойларын жиырыңқырап, аяқтарын жиыңқырап, ұйқысыраған күйі әлдебір жылы киімдерін тауып жамылып, әжептеуір әбігерге түсті.
Шолпан туған шақта белгіленген пансионаттың бозарған қақпасынан өтіп, бөлініп қойылған бөлмелерге орналастық. Жуынып-шайынып алғаннан кейін де жүдеу көңілдің түкпірін тіміскілеген ұлыма күшік жадау сезімнен түк те арыла алмағаныма қайран қала жүріп, жападан-жалғыз серуендемек мақсатпен тысқа шыққанмын. Өзгелердің бәрі, жасы да, жасамысы да ұйқыға кіріскен.
Пансионаттың баулары буалдырланып, буға буылып тұрыпты. Аққайың мен ақтерек және арша мен шырша араласа, кезектесе көмкерген күре жол көлге жетеледі. Енді ғана елгезектене елеріп, ентелей елеңдедім-ау. Көлге қарата қадамым жиіледі. Ойпаңдау жатқан жиектен жүрек лүпілдеткен айдын шеті ағараңдады. Сейілгісі келмей сәл ғана селдірленген бу үстімен бір бұрқақ бұлқып жылжыды, ара-арасынан керіле сызылып, кенеркөкті тұтас алып жатқан Алатаудың ала-бөтен бөлігі көрінді. Сәлден соң барып, аршыла түскен айдын таң бозында танытқан салқындығына ғафу өтінгендей ғажап қылықпен жалт етіп, жантая аунады. Ыстықкөліңіз түгел-тұтас лықси толқып, жағажайды түгелдей толқын-тасқын алып кетердей сезілді.
— Ықыласыңнан айналайын, Ыстықкөлім, амансың ба?! — дедім балалығыма оралып. Айналама алақтап, қуыстана қарап қоям тағы да. Бір байқасам, көз жасым көлге тамып жатыпты.
Күрсіне күліп алып, бетімді жудым.
Ыстықкөлге.
Арғы беттегі Алатау сілеміне дейінгі керенауланған кеңістікте нешеме ағыстар пайда бола бастағандай.
Басым айналып, көзімді жұмдым. Көп тұрдым теңсетіліп.
Құбылыстарға толы толқындар артымда қалды. Қайта-қайта қарайлап қойып, пансионатқа қайттым. Күні бойы қарбалас, қызу шаруалар мен шаралардан қолымыз қалт етпеді. Кешкі салқын лебімен бірге дебатшылардың халықаралық форумы салтанатпен ашылды. Сценарий бойынша басқосуға құт қадам тілеп, бата берілуі керек екендігін сыбырлай ескертушілер аз емес. Халықаралық шара болғандықтан, Америкадан, Англиядан, Алманиядан, Түркия мен Ресейден өкілдер бар. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысып отыр. Ұйымдастырушысы — өзіміздің бұрыннан бастамашыл Қазақстан. Бір таңданарлығы, бәрі де — ағылшын және орыс тілдерінде дағы, тек бата беру рәсімі ғана қазақ тілінде болып шықты.
Әне, жүргізуші қазақтар ағылшынша да, орысша да сайрап тұрыпты. Қазақстан өткізіп отырған шараңызда қазақша ештеңе жоқ екен. Бұл бейшаралыққа не шара?! Бірақ бәтуалы батаның сценарийге кіргеніне де шүкіршілік. Мінекиіңіз, шет елдерден келген топтардың бір-бір өкілі сөйледі, тағы басқалар құттықтады. Кезек бізге келді. «Жасы үлкен кісі бата береді», — деген сөз де алғаш ағылшынша, сонсоң орысша айтылды. «Бісміллә!» — дедік қолымызды жайып. Біз пақырыңызға қарап, бәрі де қолдарын жайды. «Еларалық ерекше басқосудың қадамы құтты болғай. Керегесі кең, уығы мықты болғай. Пікірсайыс — дебаттар қызықты өткей, кейбір кеберсіген ұғымдарды бұзып кеткей. Бұл басқосуға қатысқан жастардан келешекте көсемдер шыққай көсіліп, шешендер шыққай шешіліп. Уа, небір Парламенттердің депутаттары да, Президенттер де шыққай есіліп! Біздің Бурабай, Ыстықкөл мәнзелдес көлдеріміз бүтін болғай. Жер жүзіндегі бар-барша елдердің түтіндері түзу ұшқай. Айналайын албырт жастар, ынтымақты бағалай білер барша достар аман болғай. Әумин!»— дедік бетімізді сипап. Бәрі де сөйтті-ау сонда.
— Ал, ағай, ендігісін өзіңіз біліңіз, — деді Астана мен Алматыдан келген алқалы топ мүшелері. — Біз өткізетін іс-шараларға қатыссаңыз да, емін-еркін демалсаңыз да — өз қалауыңызда. Үш күн бойы жақсылап тынығыңыз. Төртінші күні қайтып кетуіңізге де болар, себебі құрметті қонақтарға арнайы автобус келеді. Бірақ сізге Алматы арқылы емес, көгілдір тауларды көктей өтіп, Бішкек арқылы тікелей Таразға түсіп, Шымкентіңізге желе-жортып жетіп барған әлдеқайда жеңіл-ау, әсте.
Біраз-біраз іс-шараларға қатысып та байқадық. Англиядан жас шамасы біз құралыптас бір ғалым келген екен, жаһандану жайынан лекция оқыды. Жаһанданудың жағдаяттары біз пақырыңыздың жарғақ құлағымызға жағыңқырамады. Әңгімесінің бас жағы әжептеуір еді, бірте-бірте белгілі әуенге ауыңқырап бара жатқан соң, білдірмей ғана сыртқа сытылдық.
Көл жағасында жүріп, сол көлдің айдынын аңсаған қызық екен де.
Сүмбіленің салқындау самалы Ыстықкөлдің ықыласты демінен саулайтын ыссы сәулелерді терек бұтағандай типылдап үлгеріпті. Жағажайдағы адамдар анда-санда ғана. Тамылжыған тамыз айымен бірге талай қызықтар қол бұлғай қош айтып кетіп қалғандай, қабаржыңқы қалдық-ағыстар ғана тау мен баудан қылау бүркеді. Тү-у түстік тұстағы алыс-алыс ақбас таулардан ақ мұнар, күнбатыс жақтағы жасыл белбеулі жатағандау қыраттардан көк мұнар, терістіктегі тарғыл таулардан қоңырқошқыл, ал күншығыс беткейлерден буға оранған бұйра-мұнар осы маңайға мың құбыла құйылатындай.
Бізбен бірге келген жастар өздерінің пансионаттағы пікірсайыстарымен, жасамыстар халықаралық мән-маңызы зор түрлі тақырыптардағы талқылауларымен әуре. Ертегідей арша-шыршалардың арғы жағындағы, шойын өрнекті қалқандармен қоршалған өзгешелеу төрт-бес коттедж кербездене зораяды. Солардан кіріп-шығатын бірер адам бар секілді. Біздің корпуста жататын демалушылар да бірен-саран. Жағажайға көбінесе бірер сағатқа соғып, үш-төртеуден алқа-қотан отыра қалатындар, суға бір-бір сүңгіп алғаннан кейін әйда-а-а, ішіп-жеп, айқай-сүрең сала билеп, күн батпай қайтып кететіндер жиірек. Жападан-жалғыз немесе жұптасып келіп, суына бастаған суға түссе де, түспесе дағы, қимағандай қиыла қарап отыратындар да жоқ емес. Ал енді аяқ-қолдары күнге күйіп, қарғаның сирағынан бетер шидиген арық қатындар мен мектеп жасындағы ұл-қыздарда қисап жоқ. Жағажайды жалықпай жүз айналып, зорықпай мың аралап, қайта-қайта айқайлайды: «Сыра-сыра-а-а-а!» — дейді біреулері. «Қымыз-қымы-ы-ы-з-з!» — дейді екіншілері. «Ысталған балы-ы-ық!» — дейді үшіншілері. «Шабақ, шаба-а-а-ақ! Кепкен шаба-а-ақ!» — дейді төртіншілері. «Алма-а-а, қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді бесіншілері.
Демалушылар мүлде аз, табыс мандырымсыз болса да, қызмет көрсететін қайықтар, катерлер, тағысын-тағылар әзірше азая қоймапты. Бір керемет катер бар екен, адам тіркелген арнайы парашютті көш-құлаш ұзын арқанға жалғап алады дағы, су бетімен сырғыта сүйреп жөнеледі. Бірте-бірте әлгі парашютті жел кернеп, адамымен қоса көкке көтеріле береді де, құс ұшар биікке дейін шығандайды. Көз ұшына дейін ұшырып апарады екен, сонсоң моторлы қайық көл айдынымен, ал адамы бар парашют аспанда құстай қалқып, қайта оралады. Есепті ендіктердің, болжалды бойлықтардың бойымен шеңбер сыза жүзіп жеткен катеріңіз әлгі адамды қатерсіз тұсқа қондырар.
Біз де қызықтық бұған. Көл үстінде анау-мынау айдын емес, Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтап көрмекке бекіндік.
— Қорықпаңыз, — деді парашютке бекіте байлап жатқан қырғыз жігіт.—Тізеңізді сәл-пәл бүгіңкіреп алыңыз. Көл бетімен сырғанағанда да, жерге қонарда да, тіпті шағалалар шарықтайтын аспанда ұшқанда да қазақ пен қырғызша шіренбей, қытай мен жапонша сәл иіліп-бүгіліңкіреңіз. Ұқтыңыз ба?
— Ұқтық, — дедік біз. — Өзіміз де шірене алмайтындардың бірі едік.
Қырғыз жігіт тағы да талай-талай ақыл айтып үлгеріп, нүсқауларын нығыздады.
— Қай тұсқа түскіңіз келеді? — деді ең ақырында.
— Қайда болса да мейлі, аман-есен кондырғайсың, әйтеуір.
— Алла жазса аман келіп, есен отырасыз, жүрексінбегейсіз, — деді ол. — Суға ма, құмға ма? Адамдардың арасына ма? Қыз-келіншектердің қасына ма? Таңдаған тұсыңызға қондырамыз. Қалауыңыз білсін.
— Оңашалау, адам жоқтау, жұмсақ құмға түсейінші, әлдеқалай болады тағы да, — деп, қорқып тұрғанымды жасырмадым.
Бекер қауіптенбеппін. Алғашқыда, су бетімен сырғанай жөнелгенде асып-сасып, бой-басымды билей алмай, серіппедей бүгіліп-жазыла білмек керектігін ұмытып, осынау іске бел байлағаным үшін өз-өзімді жазғыра сыбап, өлердей өкіндім. Ұшамын деп нем бар еді?! Құстай ұшпаққа ұмтылу менің не теңім?! Жағажайдағы жұрттың бәрі көздерін тігіп қарап отыр. Ұшпай жатып-ақ, көл бетінен көтеріліп үлгермей-ақ бір бүйірге аунап түсіп, қайық қайырылып жеткенше тұншығып қалып, қас масқараға ұшырасам, не бетім?! Қол-аяғым қытайша емес, қазақша қалтырап, жұлын-жүйкем жапонша емес, қырғызша дірілдеп, көз алдым бұлдырай мұнартып, жанарымнан жас парлап, енді біттім-ау, әттесі-ай, демекке кете бергенімде, кенет қанат байланғандай қалықтауға көшіппін. Сенер-сенбесімді білмеген күйімде, сол бір рахат минөтін сезінуден айырылғым келмей, төмен қарауға қорқып, көзімді бірден ашпағам. Барған сайын көркем әлемге кірігіп, аспан астарымен бірігіп, көл жағасынан ғана көретін мұң-дірілді мұнарлармен араласып бара жаттым-ау! Жұлқына бұлқынған жүрегімді әзер басып, көзімді ашып, құс қалықтар биіктен Ыстықкөлдің айдынына қарадым-ау, ақырында. Аңтарыла телміремін. Тербеле қалықтап, арман құстай ұшып келемін. Ұшпа мұнарларды, ақ ұлпа ағыстарды ақ шағаладай құшып келемін. Аппақ ұлпа ағыстардың бір тұстары ыссы, бір тұстары жылы, енді бір тұстары салқын сезіледі. Төменнен қарағанда, көбінесе бос кеңістік көрінер аралықтарыңыз аспан жақтан араласып кеп кеткеніңізде, дүрия дүниеге айналады екен дә.
Құс боп ұшып келемін. Ыстықкөлімді құшып келемін. Кенет табан астынан әндеткім келгені-ай. Баяғыда, бесінші класқа көшіп каникулға шығып, қойдың кезегін өз еркіммен, қуана-қуана баққаным бартұғын. Сонда, Сарқыраманың жасыл жазығында қой мамырлап қозғалмай қалғанда, елбіреп ертеңгілік самал ескенде, желбіреп желкекшөптің үлдірегі ұшқанда, көктем мен жаз арасының күні нұр дидарынан сәуле төгіп тұрғанда, үлбірек бұлттар қыземшек төбелердің үстін үкідейін сипап өтіп бара жатқанда, жаңа-жаңа түйін тастаған сардолананың ою-өрнекті жапырақтары жаппай жамырап, жыпырлағанда ше?! Ән салғым келген. «А-а-а-а-аха-ау-у-у!» — деп бастап, сөзін де, әуенін де «өз жанымнан шығарып», біраз жерге барып қалған екенмін. Кенет:
— Пай-пай! Біздің ауылдың Пақырғалиы да ән салады екен ғой, пай-пой! — деген дауыс естілді. Сарқыраманың жасыл жазығы жанындағы Пұшықкезең шатқалынан шығып, көк есегінің қайшыланған құлақтарымен қосыла, ұрлана тыңдап тұрған падашы Пернетай екен. Әттесі-ай, әнімді бастамас бұрын әбден-ақ айнала-төңірекке қарап алғандай едім. Ешкім жоқ сияқтытұғын. Енді қайттім?! Құлағымның түбіне дейін дуылдай қызарып, алаулап жанып барады-ау. Бүкіл ауылға ғана емес, жарты әлемге жариялайтын болды ғой, пәдеріңе пәле келмегір Пернетай! Бір айтып қана қоймайды, күн сайын қырық қайталайды-ау енді. Деп пұшайман болғаным, содан кейін «әу» деп көрмегенім өзіме аян. Міне, енді Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтаған, шағала шарықтар көгінде көлбеңдеген кезімде ән салғым келгенін түсінуге тырысарсыздар. Күйкілеу тірліктің күнделікті күйбеңінен, түртінектеп тынбайтын тірнектердің тартылыс күшінен тырбана алыстауға тырмыса тырысып, біршама биіктегендегі сыңайымыз дағы. Ақ ұлпалы ағыстар аймалаған бір тұста еркімнен тыс еліріп: «Ау-у-у-уа-у-у-уа-ау-у-у!» — дедім бе, қайдам. Салған әнімнің сияғы осындайға, турасын айтсақ ұлығанға да ұқсап кетті. Көл бетімен сырғанаудан бір танбай, парашютке байланған біз пақырыңызды аспанда қалықтатқан катер-қайығыңыз кеуірттей ғана еді, бірсін-бірсін үлкейді. Жағажайға жақындап, «ұлыған құсты» қондырмақ мақсатпен қайтадан қашыққа қарай құйындата, құйғыта зырлады. Ақылды ағыл-тегіл айтатын қырғыз жігіт жымиған күйі, сынай қарап қойып, жұмсақ құмды жағажайдың бір бүйірінде жападан-жалғыз жатқан әйелдің жанына қондырды. Қызылды-жасылды парашют қанаттарының бір шеті көл толқындарына малынып, біз пақырыңыз ғарыштан оралғандай тәлтіректеп, әлгі әйел жалпақ қалпағын көтеріп қарауға мәжбүрленді.
Жиегі жалпақ қалпақтың астынан қараған жанарлардан мың қабат мазмұнның андыздағанын аңғармау мүмкін емес-ті. Ыстықкөлдің бүкіл жағажайы, әредік қана көзге шалынар шоғыр-шоғыр адамдар, қолдарындағы барша дүниесін базарлап қалмақ үшін аянбай айқайлап, дауыстары қарлыққан, карауытқан қатындар мен ұлардай шулаған ұл-қыздар — бәр-бәрі бір бөлек, ал мына әйел мүлде басқа екендігі байқалып тұрды. Сымбат бітімі соншама салтанатты бола тұра, тәні қаншама таза асыл, бекзада бола тұра, сүмбіле сызы бүрке бастаған, салқын тартқан жағажайда жалқы жатқаны кім-кімді де таңдандырмай қоймас-ты. Бұған қоса жиегі жалпақ қалпақтың астындағы жанарларда күрең күрсіністің, тіпті қайғы шіркіннің арғы жақ, бергі жағынан табылатындай мұнарлы мұңның тұнып тұрғанын байқамау мүмкін емес-ті. «Ғарышкеріңіз» теңселіп барып, сусыма сары құмға отыра кеткен. «Ұлыған құс» күйінде әлгі әйелге қараған. «Құс ұли ма?» — деп, өз-өзіне сауал тастаған. «Неге ұлымасын?» — деп бір үн жауап қатқан. Құм астынан шыққандай құмыққан үн өзінен естілді ме, жоқ жаңағы әйел жақтан ба?! Деп, тағы да таңырқаған.
Ғажабы сол, ғарышкеріңіз әлгі әйелмен үнсіз-тілсіз сөйлесе бастағандай.
«Жалғыз екенсіз ғой?» — деді бұл.
«Түсінбедім», — деді мұңы мың қабат, сыры сан қабат әйел.
«Жағажайда жалғыз жатқаныңызды айтам», — деді бұл.
«Иә-иә, онда тұрған не бар. Жалғыз емеспін, мұнда мен өз мұңыммен бірге келгем», — деді әйел. Жанарларындағы мұң-мұнарға ұзын-ұзын, қап-қара кірпіктері діріл араластырды.
«Жалғыздық жақсы емес қой», — деді бұл.
«Иә, оның несі жақсы дейсіз. Бірақ мен мұңды жалғыздықты жаратам», — деді әйел.
Ғарышкеріңіз бұдан әрі үнсіз-тілсіз сөз қатысқан батылдығынан жаңылып, әйелдің соншалықты сұлулығынан ынжықтана ығып, Ыстықкөлге бұрыла қарап қана құтылды. Көл үстінде, құс ұшар биікте қиялдай қалықтап, кірбіңді көңілі көтеріңкі тартқан ғарышкеріңізге соңғы секөндтер аса ауырлау соққан еді. Алайда аспандағы айдың ғайыптан тайып жерге түскеніндей тамылжыған жаратылыстың жанында отыруы, жай ғана отырмастан, үнсіз күйде тіл қатысып, сыр бөлісе бастауы ауырлық езіп, азап жаншып жүретін жан әлеміне желеміктеу жеңілдік әкелген. Сары құм сүйкімді болып барады. Себебі сол, әлгі әйел және бір аунап түсіп, сызықсыз, дақсыз санына, Түркібасы терегіндей тік балтырына жабысқан сары құм саулай төгілген.
Әйел орнынан тұрған еді.
Ғарышкеріңіз тосын тербеліс сезінген. Әйелге біресе отызды да, тіпті қырықты да беруге болатындай. Отызға жетпеген десеңіз және еркіңізде. Талдырмаш, өзгелердей тым жалаңаш емес, кіндік тұсы торғын тормен шілтерленген. Қою қара шашын желкесінен бір байлаған. Тұнжыр жанарларын және бір бұған қарата бұрған. Ғарышкеріңіз тәлтіректеп қалған. Әйел жағажайдан көлге қарай бір аттаса, көгілдір таулар бір қадам; екі аттаса, екі қадам берірек жылжитындай.
Тағы да үнсіз-тілсіз сөз қатысты екеуі:
«Су бетінен сәуле жимаққа жиналдым», — деді әйел.
«Сізге ілеспекке батылым бармай тұрғаны», — деді бұл.
«Ғарышкер емессіз бе?» — деді әйел. Сөйтіп, сәл-пәл ғана күлімсірегендей көрінген. Оның сол жымиысынан жағажай жарық тартыңқыраған. Мұң-мұнарлы ағыстарға өзгеріске толы өзге құбылыстар құйыла бастаған.
Отызға жетпеген, әлде қырыққа жетпеген қыпша бел әйел қырлауыттаған құм қыраттан асып түсіп, жағажайды жиектей иектеген толқындарды тізесіне таман кешіп үлгергенде, ғарышкеріңізге һәм ес кірген. Беймаза жаны байыз таппаған күйінде, алайда айнала-төңіректің де, әйелдің де мұң-мұнардан аздап та болса арыла бастағанына батылданып, сергектене серіктеспекке бекінген. Бұл сәтте әйел су бетіндегі сәуле біткеннің бәрін бір өзіне ілестіре үйіріп алып, ағараңдай жүзіп, алыстай бастаған.
Ғарышкеріңіздің өзегі өртенбей жана жаздады. Жүзуге тіпті жоқтұғын. Әлде жылы, әлде салқын екені сол бір сәтте түк те сезілмеген суды бірте-бірте бойлап бара жатып, кеудесінен асқанда, көл түбіне кеткендей, тұншығыс тапты. Шуақ шымырлаған торғын толқындардың үстіндегі әппақ әйел сол күйінде сонау кенеркөк-көкжиекке де жүзіп-сусып жететін секілді. Ыстықкөліңізді қақ жарып, арғы беттегі ақ нұрлы тауларға өтетін де секілді. Ғарышкеріңіздің амалы құрып, құс емес, мыш болып ұлып шегінді, сүмірейе сүйретіліп, құмдауыт жағаға суы сорғалай ілінді.
Әлден уақытта әйел оралды. Оны жаңа ескерткеніміздей, отызға жете қоймаған, әлде қырыққа жете қоймаған деуге болатындайтұғын. Суға түсіп шыққанға дейін солайтұғын. Ал енді, мінекейіңіз, Ыстықкөліңізге шомылып шыққан соң, сүмбілесудың бетінен сәуле жиып оралған сәтте, жиырмадан жаңа асқан деуге келетіндей кейіпте, қап-қара, қою, шолақтау шашын сілкіп қойып, әппақ, алайда нып-нығыз, талдырмаш денесіндегі тамшылар мөлдіреп, мұң шілтерлеген жанарлары жәудіреп, жанына келіп отырды.
«Қасыңызға жайғасқаныма қалай қарайсыз?» — деді үнсіз-тілсіз.
«Тілсізбін, — деді бұл. — Мұңсызбын, сірә, дей алман».
«Мұң — менің де серігім, мұңсыздықтан жерідім», — деді әйел.
«Бар мұңым сол, суда ілесе алмадым, — деді ғарышкер, — құмда қалдым құмығып».
Жиырмадан жаңа асқан деуге келіңкірейтіндей әйел әлгінде ғана, суға түсер сәттегі сәл-пәл күлімсірегеніндей кейпіне қайта енген. Үстіндегі тамшылар әлдеқайда азайып қалыпты. «Шіркін-ай, мына мөлдір тамшыларды Ғабит Мүсіреповше бір-бірлеп, санап сүйер ме еді?!» — деп армандады ғарышкеріңіз.
Жылы жымиыстың ұлғая түскенінен рахат табу бұйыра қоймады пақырыңызға. Қарға сирақ қара қатындар мен экватордың арғы жағындағы эфиоптардан аумайтындай ахуалға түскен айналайын балалар айналадан анталап, тұс-тұстан тауарларын тықпалай бастады. «Ысталған балы-ы-ы-ық!»—дейді біреулері. «Ша-бақ, шаба-а-а-ақ! Тұздалған, кептірілген шаба-а-а-ақ!» — дейді екіншілері. «Сыра-а-а-а! Ара-а-а-а-ақ!»—дейді үшіншілері. «Сам-са-а-а-а! Алма-а-а-а! Қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді төртіншілері. Әйел орнынан тұрды. Ғарышкеріңіз һәм ілесе түрегелуге мәжбүр. Сауда жасаушылар кәнігі шабуылшылардай шеп құрып, шегінер емес. Әйелдің тұла бойынан төгіліп тұрған мұң-мейірім мен ғарышкеріңіздің болмысынан сезілетін шын қайырым әсер ете ме, кім білсін-ай, кім білсін.
— Кешіріңіз, тіліңіз шығатын уақ жеткен шығар? — деді әйел. Оның дауыс әуенінен демін жоғалта жаздап барып бұл:
— Мына мүсәпірлерге ұрсып, шептерінен шегіндіріп тастайын ба? — деді демігіп.
— Жо-жоқ! — деді әйел ән садаға кететін әуенді үнімен жер-дүниені үкідейін желпіп жіберіп. — Ұрыспаңыз оларға. Ондай хақыңыз жоқ. Ертіп жүріңізші бәрін. Иә-иә, өзімізбен бірге ертіп жүрейікші.
— Ілесіңіздер бізге! — деді бұл қарға сирақ қара қатындар мен «эфиоп» балаларға. — Бізбен бірге жүріңіздер.
Екеуі бір қауым халықты ерткен күйі әйелдің заттары жатқан жерге жетті. Заттардың иесі гүлдей көркем, көрікті күйінде тізерлей отырып, әлдебір әдемі қапшығынан бума-бума ақша шығарып, бұған ұсынды. Қара тобырыңыз жақындауға бата алмастан, бес-алты қадамдай тұста тосырқай тоқтаған. Ғарышкеріңіз аң-таң қалып, бума-бума қырғыз сомына ебедейсіз қол созған. Кәдуілгі қырғыз банкі шығарған жыйырыма (жиырма емес) сомдықтан текше-текше бумалар екен. Шошақ бөрікті, шоқша сақалды Тоғолоқ молдоның (молда емес) суреті салынған жыйырыма сомдықтар өңшең (оқырманға ескерте кетелік, біздің мың теңге — қырғыздардың екі жүз елу сомы).
— Сізден үлкен өтініш, — деді үстіндегі мөлдір тамшылар түк қалмай кепкен әйел әуеніне аздаған діріл араласып. — Мына ақшаны осы тұрған балалар мен әйелдерге түгел таратып беріңізші, жарай ма?
— Жарайды, — деді ғарышкеріңіз.
Тоғолоқ молдоның суреті салынған сарғыш жиырма сомдықтарды тарату тәп-тәуір тартымды жағдайда атқарылды. Қарапайым адамдардың әрқайсысына кем дегенде оншақты жиырма сомдықтан тиді.
— Айыпқа бұйырмаңызшы, — деді әйел үнінің әжептеуір оңала түскенін аңғартып. — Үш күннен бері қалай таратарымды білмей жүр едім. Қожанасыр атамыз айтқандай, бұ да бір біткен іс болды. Рахмет сізге!
— Кешке қарата сізді қайдан табамын? — деді ендігі ерен діріл ғарышкерге ауысып.
— Ертең қайтамын, — деді әйел күлімсіреуін күнге көмкерте. — Мені табуыңыз қиын, пансионатта емеспін, таныс шешейдің үйінде пәтер жалдап жатырмын.
— Ойбай, менің де қайтуым керек-ті,—деді бұл. — Бішкек пен Тараз арқылы.
— Оһо! Онда Бішкекке дейін жолымыз бір екен, автобуспен серіктесіп қайтуға қалайсыз?
— Сіз... Сіз... Шынымен-ақ автобуспен қайтпақсыз ба?
— Иә-иә. Неге сонша таңырқап қарайсыз?
— Біртүрлі. Жараспайтын секілді. Сіздің автобуспен жүретініңізді елестете алмай тұрғаным.
— Таңертеңгі сегізде алғашқы автобус жүреді екен, автостанцияда күтем,—деді де, қол бұлғап кете барды. Ғарышкеріңіз одан сайын аң-таң: «Ойпырай, бұл әйел қай кезде, қалайынша жылдам жиналып үлгерді өзі, а?»
— Жетем автостанцияға, жетем, — деп жөтеліңкіреп қала берді бұл.
Кешкісін Астана мен Алматыдан келген ұйымдастырушы өкілдерге өзінің таңертең таяу поселкедегі автостанцияға жетіп, одан Бішкек және Тараз шаһарлары арқылы Шымкентке қайтатынын мағлұмдады.
Ертесіне автостанцияға келсе, әйел әбден ескіріп, алқам-салқамы шыққан күту залының сарғайған орындықтарының біріне жайбарақат жайғасып алып, кітап оқып отырыпты. Ары өткендер де, бері өткендер де, тіпті билет сататын касса әйнегінің арғы жағында отырғандар да бұл замандарда мұндай орындарда мүлде отыра бермейтін мынадай өзгеше өңді, бөлек бітімді әйелге таңырқай қарайтындай. Әйелдің қолындағы кітаптың әбден тозығы жетіп, ақжемденіп кеткен екен. Ол елгезектене есендесіп, еркелей түрегелген. Еркелігінен ескі орындықтар еріп кеткендей, сүйкімді сықырлады. Елдің бәрі екеуіне ғана назар жыққандай. Ылғи да ығырыңды шығаратын, тыстары торкөздене тырсиятын қапшықтарға дейін қаңтарыла қарайтындай.
— Автобустың жүруіне жарты сағаттай уақыт бар, тысқа шығамыз ба? — деді әйел. — Мен екі билет ап қойғам.
— Билет ап қойғаныңыз ыңғайсыз болды ғой, — деді бұл. Көз алдына кешегі жыйырма (жиырма емес) сомдықтар елестеп кетіп. — Шықсақ шығайық.
Екеуінің де жүктері ауыр емес-ті. Автостанция жанынан сылдырап ағып жатқан арықтың жағасындағы кирелеңдей өскен аққайың түбінде тұрысты.
— Сүмбіледегі суға қарай бергім келеді, — деді әйел әуені ерек үнімен. — Әдейі ылайлап, қасақана былғамаса, сүмбіледе судың бәрі бөлекше тазарып, мөлдіреп кетеді ғой. Сәл ғана мұң-мұнардың кіреукелейтіні болмаса...
Бұл басын изеп құптады.
— Бүгін сәл біртүрлісіз ғой? — деді әйел.
— Түнімен ұйықтай алмадым, — деді ғарышкеріңіз. Шынын айта салғанына ұялып, шынымен-ақ қызарып кетті.
— Айтпақшы, мына кітапты кешегі айтқан, өзім пәтер жалдап жатқан шешейдің үйінен алғам, — деді әйел. — Білесіз бе, бұл Бексұлтан деген қазақ жазушысыныкі екен. «Қырғыз келіншек» деген әңгімесі қатты ұнады. Қараңыз, мұқабасы мынадай боп қырқылып кеткен. Аса көп оқылған бақытты кітап боп шықты бұл. Апайдан арнайы сұрап, қалап алдым.
Ғарышкеріңіз бақытты кітапты қолына алып, парақтап қарады да, қайтарып берді. Нешеме уақыттардан бермен қарата бұлайша жұлма-жұлмасы шыққан, табиғи түрде тозған кітапты көрмеген-тін.
— Бақытты кітабыңыз дұрыс-ақ, — деді бұл әйелдің тауып айтқан сөзіне ризаланып. — Ал бақытты жазушының бақытты кітабы десеңіз, тіпті жарасып кетер еді.
— Кітабы мынадай болған соң, авторы айтты-айтпады, армансыз емес пе?—деді әйел. — Қараңызшы, қалай жазады, ә?! Тыңдаңыз: «Адамның адамшылығын өсіретін — жақсыны сағыну. Бәріміздің, сірә, бақыт деп жүргеніміз — жақсыға жолығу. Жолығуын жолыққан болармыз-ау, қу тіршіліктің күйбеңімен жүріп, қаншасын жоғалтып алғанымызды айтсаңшы!» Әйелдің әңгімеге беріліп кеткені соншалықты, автобустың жүргелі тұрғаны жайында хабарлаған қарлығыңқы дауысты да естімеді, одан әрі оқи бергісі бар.
— Сіз Бексұлтан Нұржекенің әңгімесін біржола аяқтап шықпақсыз ба? — деді бұл. — Көліктен қап кетерміз.
Екеуі автобустың оң жағын ала, орта тұсқа таман жайғасты. Бәрібір, мына әйелдің бүгінгі мына заманда, тек қана қарапайым адамдар жүретін қарабайырлау автобуста отырғанына ыңғайсызданған қалпынан құтыла алмаған ғарышкеріңіз өзімен-өзі болып, ойланып кеткен.
— Шынымен айтам, сіз кешегідей емессіз, — деді әйел еркелеу әуенінен жаңылмастан. — Анау арыққа қараңызшы, түбіндегі балдырлары балықтай анық, ал қызғылт сары жапырақтар зүбәржаттай жайнайды. Сүмбіледе ғана су осылай мөлдірейді! Байқадыңыз ба кеше, Ыстықкөлдің қай жерінен қарасаңыз да, түбі жарқырап жатқан жоқ па?!
Кенет ғарышкеріңіздің көңілі сиқырлы кілтпен бұрап ашып жібергендей сыңғырлап жөнелді, болмысын буып отырған бұлдыр бірдеңе лықсып барып, бунап барып, сейілді.
— Осы сіздің атыңыз кім? — деді батылданып.
Әйел тысы тозған кітапты кім-кімнің де бірден тіке қарауға батылы бара қоймайтын шошайыңқы омырауына қос-қолдай қысып отырып:
— Шын ныспымды айтпаймын, — деді әуенді еркелігімен ерітіп. Бұл мейірі қанбастан, қазақ жазушысының қырғыз әйелдің кеудесіндегі кітабының төңірегіне телмірген. Тым талдырмаштардың омырауы да осындай болар ма?!
— Неге? — деді күрсініп.
— Аса қауіпті, — деп күлімсіреді әйел. — Шолпан дей беріңіз.
— Жарайды, Мұң Шолпан десем бола ма?
— Мейліңіз. Ал сіздің есіміңіз кім?
— Мен де шын атымды айтпайтын болдым ғой, — деді бұл да, — Алпан дей беріңіз.
— Шоң Алпан десем ше?
— Жарайды, сіздің аузыңыздан «шоң» дегенді естудің өзі бақыт емес пе?!
— Сіз «Мұң Шолпан мен Шоң Алпан туралы аңызды» білетін болдыңыз ғой? — деді әйел.
— Үстірт қана естігенім бар, — деді бұл.
— Естімей-ақ қойғаныңыз да жөн еді-ау, — деді Мұң Шолпан.
— Мұң Шолпанды Жаратушы ерекшеден де бөлекше етіп жаратад, — деді ғарышкеріңіз. — Әкесі сұлу қызын қорғаштап, ұлы мұнара, яки «дың» салғызады. Мұң оранған мұнара қаншама жасырып, қалқалап бақса да, күндердің күнінде Шоң Алпан сол қалқатайға жол тауып, қызды өзіне қарата-а-ад...
Бұл кезде бұлардың автобусы әлі де Ыстықкөлді сәл алысырақтан бойлай орап жүретін ирек жолмен келе жатқан.
— «Өрнек ауылы» деп жазып қойыпты, аты қандай әдемі? — дейді ғарышкеріңіз. Екеуі де үн-түнсіз үңіліп, ауылдың үй-жайларына, тізілген теректеріне қарайды. Әрине, Ыстықкөлдің мұнары арқылы көз тігеді ғой.
— «Тамшы ауылы» деген қандай?! Ыстықкөлдің тамшысы ғой! — дейді Мұң Шолпан.
Небір ауылдар да артта қалып барады. Енді құмшауыт қыраттар, тастақты төбелер, жол жағалай терең-терең жарлауыттар көбейді.
— Жарлар көп екен, — деді Шоң Алпан.
— Жарлар ма, жаралар ма? — деді Мұң Шолпан күрсініс тауып, мұңая қалып.
Бірте-бірте биіктеп, қайтадан төмендей бастағанда:
— Шу облысы, — деді Мұң Шолпан.
— Қайран Шуды қыспаққа қысып, тауға жаншып, тасқа бағындырып тастайды екенсіздер ғой? — деп таңданды Шоң Алпан шынымен-аққайраңданып. — Ойпырмай, бұлай деп кім ойлаған?! Қаншама асаулық танытып, тар қолтықтарда ақ көбік шашып аласұрғанмен, көнбіс күйге түсіп, шыңырау шұңқырдан шыға алмай, арнамен ғана амалсыз аға береді екен-ау.
— Ал, сонда не демексіз? — деп, ерке назды үн-әуенмен айтысқа бейімделді Мұң Шолпан да.
— Қазақтың кең даласындағы кейпін елестетіп отырмын дағы, — деді Шоң Алпан.
— Шымыр-шымыр Шу толқыны, қарқаралы қамыстар тербеледі ырғалып, — деді Мұң Шолпан.
— Қайран Шудың суын қыспақтан ұшпаққа біз шығарады екенбіз ғой, — деді Шоң Алпан.
— Жеңілетін жеріңізге келе жатырсыз, — деді Мұң Шолпан.
— Қалай жеңілемін? — деді Шоң Алпан.
— Қайран Шуды алдап-сулап апарып-апарып, Созақтың құмына жұтқызып жіберетін сіз бе, біз бе? — деп сыңғырлады Мұң Шолпан.
— Жеңілдім-жеңілдім, оңбай құладым! — деді Шоң Алпан сыбырға көшіп. — Қараңызшы!
Шоң Алпаныңыз Мұң Шолпаныңыздың ғажайып омырауына тиіп кетуден қорқып-толқып, сыртқа қарай ұмсынып, тү-у төменге тесіле қарады. Ағаштарға асылған боз ұлпалар Шудың суына телміре төгіліп тұр екен.
— Білесіз бе, боз ұлпалар да тек сүмбіленің кезінде кемеліне келеді, оларды ағаштың кез келгені еркелетеді. Санаулы күннің ішінде кез келген ағашыңызға өрмелей өрістеп, өсіп кетеді де, ұшар басынан асып түсіп, мөлдіреген суға тесіле телміріп, тербеледі де тұрады осылай, — деді Мұң Шолпан.
— Қаншама күзде көріп жүрсем дағы, боз ұлпаңызға бүгінгідей назар аудармаппын, — деді Шоң Алпан.
— Шолақ ауылының маңында Шуыңыз таудан түсіп, жазыққа шыға бастайды,—деді Мұң Шолпан. — Қараңызшы, ана-а-а-ау алыс та алыс таулардан асып жетіп, бәлкім бізбен ілесіп кеп, ақтеректер мен көктеректердің арасына ағыл-тегіл құйыла төгіліп тұрған мұнарларды байқайсыз ба?
— Байқаймын.
— Бос кеңістікті осы бір ағыстар айшықтамаса, біз пенделердің күніміз не болар еді, аға?
«Аға» деп алғаш айтуы еді. «Дың» мұнара түбінен естілгендей дың-дыбыс құлағын шың еткізді ме, жүрегін шым еткізді ме, түсініксіздеутұғын. Шолақ ауылының айналасы тізбек-тізбек көктеректер, шоғыр-шоғыр ақтеректер екен. Ағын-ағыстарға алақан тосып, әуелей әндетеді жапырақтарының үсті жалтылдап.
Ауылдың арғы жағындағы арнасы жайыла түскен Шудың айдынында шымыр да, шымыр толқын ойнайды. Автобустың жүрісі үдей түсті. Мұң Шолпанды кім білсін-ай, кім білсін, Шоң Алпан темір көлік тоқтамаса екен, осылайша ұза-а-а-ақ уақыт жүре берсе, жүре берсе, жүре берсе екен деп шын тілейтіндей күйдетұғын.
— Бішкекке де біраз ғана жер қалды, — деді Мұң Шолпан. — Мен сізді алғашқы күні, дебатшыларыңызға бата бергенде көргем.
— Қалай?! Қайда отырдыңыз?
— Аққайыңдардың арасында тұрғам.
— Жалғыз ба?
— Жападан-жалғыз. Айналам — айналайын аққайыңдар еді. Жаман адам еместігіңізді сонда сезгем. Жағажайда ғарыштан түскеніңізде жатырқамағам.
Мұң Шолпан кенет күрсінді. Күрсініп салып:
— Бішкекке жетпей, автобустан төтенше түсіп қалсақ қайтеді? — деді. Үні алабөтендеу-тін. Шоң Алпаныңыздың жүрегі алқынып, өкпесі өрекпіп:
— Мейлі, — деді тіпті ойланбастан айтқандай күйде.
Екеуі автобустан түсті. Мұң Шолпан такси тоқтатты. Алғаш асфальт жол аса кең еді, кейіннен еңістеу жаққа бір бұтақ шығып, тым тарыла бұлаңдады. Айналада қазан болмаққа қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктер көбейді. Шағын ғана айылдың (ауыл емес) шетіндегі қарапайым үйге бұрылып тоқтады бұлар. Үйдің жанынан көрпе жоңышқалық бірден басталып кетеді екен. Шоң Алпаныңыздың әлем жүзіндегі әдемілік атаулының ішінде жүрегін баурап алар сүйікті суреттерінің бірі — осы күз басындағы көрпе жоңышқатұғын. Әсіресе көрпе жоңышқаның бір бүйірінде боз бие мен қоңыр құлын шуақтап тұрса, шіркін-ай. Мына ғажайыпты қараңызшы, мұнда қоңырторы бие мен аппақ құлын арқандаулы екен! Ауылдың апасындай болып, айылдың ақ жаулықты анасы шықты. Мұң Шолпан құшақтасып, сүйісіп жатыр. Шоң Алпанды таныстырмаққа асыққан.
— Әлгі, біздей бейбақтарды менсінбейтін өкімет күйеуің осы ма? — деп, олқысынып тұрыпты апайы.
— Жо-жоқ, — деді Мұң Шолпан ыңғайсызданып қалып, қызарып кетіп. — Күйеуім мұнда келе қоймас, апатай. Бұл — ғарышкер ағатай ғой...
Қырғыздың қымызын құйды Мұң Шолпан. Апатайы кешке қарата нарын берді екеуіне.
Сүмбіледе жұлдыздар да ап-анық көрінеді ғой. Алайда алқаракөк аспандағы жұлдыздардың жаурағандай жаутаң қағатынын байқамағалы қаш-ша-а-ан?!
Екеуі Мұң Шолпан мен Шоң Алпан және сұлу қыздың әкесі салдырған «дың» мұнара туралы аңызды кезек-кезек айтысты.
Бірінші вариантын Мұң Шолпанның өзі бастады.
Екінші вариантын Шоң Алпан жырлады.
Үшінші вариантын екеулеп толықтырып, түнімен көз ілмей шыққан.
Таң әбден атып, күн көзі күлімдегендегі көрпе жоңышқаны көрген де бар, көрмеген де бар. Көре тұра байырқалап байқаған да бар, байқамаған да бар. Көрпе жоңышқа үстіндегі, таң азанғы тазалықта шек жоқ еді. Мұндағы мұң-мұнар мырзатеректерді орап өтіп тұрды. Айылдың (ауыл емес) шетін шілтерлейтін селдірлеу қарқаралы қамыс жиектеген арналы арықта да сүмбіленің суы сылдырап ағып жатыр. Түбіндегінің бәрі анық аңғарылады. Кенет көрпе жоңышқа Ыстықкөл айдынына ұқсап кетті. Жапырақтары жалт-жұлт аунап, триллион тамшы мөлтеңдейді. Миллион емес, тұп-тура триллион тамшы.
— Мені кім деп ойласаңыз дағы, өзіңіз біліңіз, аға, — деді Мұң Шолпан. — Кешіріп қойыңыз енді «ерекше» қарындасыңызды. Оқта-текте осылай, жылына бірер күн ғана бостандыққа мұрсат алып, мұнар құшқан мұң әлеміне оранып, қалаған жағыма қарапайым адам болып барып қайтам. Күйеуіммен жасасқан «келісімшартымызға» сәйкес, сүмбіленің суы мөлдірейтін кезде екі-үш күндік еркіндікке шығамын. Студенттік шақтарымда қимас, қымбат адамдарыма айналған, немесе соларға айнымай ұқсайтын аз ғана апатайларымды аралаймын. Солай, ғарышкер аға. Шын атымды шынымен-ақ айтпаспын. Себебі мына мен, Мұң Шолпаныңыз, пәленінші, немесе түгенінші «ледимін» демей-ақ қояйын, аса жоғары лауазымды бір кісінің зайыбымын. Жұмбағым осы ғана. Қош боп тұрғайсыз, аға...
Бар көркінен айырылып бозара бастаған бос кеңістіктің көрпе жоңышқа көркейтіп тұрған бір бұрышында қол бұлғап қала берді Мұң Шолпан.
Такси шіркін Бішкекке қарата жүргісі келмей қайта-қайта кібіртіктейді. Қазан болуға қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктердің жиегіндегі жүдеу жүгеріпаялар түссіз-түксіз, жүнжіген күйіңде жансыз ербиеді. Күнбағыстың жаз соңында жарқырай жайнап, бұрала билеген бекзат бойы бүгіле кұныстанып, шаттықтан шыр айналған қайран басы қисая қабысып қапты.
Ақырында автовокзалға да жетті. Автобустың соңғы орындығындағы қыздың жанына жайғасты. «Ағай, танымадыңыз ба? Сіз де осындай автобуспен жүреді екенсіз, ә?!» — деді тауар тасудан тарғыл қараға айналған әлгі қыз самса жеп отырып. «Жыға танымадым. Неге сонша таңырқап қарайсың?» — деді бұл. «Біртүрлі ғой, ағай. Сізге мұндай автобуспен жүру түк те жараспайтын секілді»,—деді қыз. «Апырай, ә?» — деп таңданыс танытты бұл. Сөйлеспекке зауқы соқпай, самса сасыған қыздан бұрылыңқырап, тозаңытқан терезеден сыртқа қарады. Күнделікті күйбең тірліктің тартылыс күшіне қайтадан көнбістік танытып, тереңдеу күрсінді. Өзін-өзі ылғи да іштей келемеждеп күлгенде көз алдына келетін ырдуан арбаның иесіндей ырғай мойнын ықылассыздау ғана сылқ еткізіп, төмен түсірді.
Ғарышкерлігін тезірек ұмыттырмаққа ұмтылғандай ескі автобус та жылдам қозғалды.


ТОҚСАБАНЫҢ ТОҚАЛЫ

Тоқсабаның түйіндемесі төмендегіше.
Бір мың да тоғыз жүз алпыс бірінші жылғы шілдеде дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақталы ауданында. Сарықамыс ауылында. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. Шымкент шаһарындағы химия-технология институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмәмдаған. Туған тіліне қоса орысша және өзбекше біледі. Немісше түсініңкірейді. Бір мың да тоғыз жүз сексен бесінші жылғы қоңырқай күзде, қамыстың қарқарасы қоңырқошқылданған шақта үйленіп, той жасаған. Ішімдіксіз. «Жүзімші» сапқозының бар жүзімі түгелдей дерлік түп-тамырымен суырылып тасталып, күллі КСРО-ңыз бойынша арақ пен шарапқа қарсы жаппай майдан жарияланған жыл ғой, баяғы.
Әлбетте, түйіндемені түйменің жібінше тістей үзіп, жиыра түйіп, қысқасынан қайырсақ, түкті де түсінбессіздер. Сондықтан, созыңқырай түсеміз-ау.
Тоқсаба Торытайұлының зайыбы Алқоры Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық дейтұғын ауданның Шымған шипажайы маңайындағы Маңырама қыстағында кіндік кескен. Орта білімді. Екеуінен бір ұл және үш қыз өрбіген. Ұлдары Алмабек Қабланбектегі малдәрігерлік-зоотехникалық техникумды бітірген. Бірақ алған мамандығы бойынша мал тауып, жан бағу маңдайына жазылмапты. Шымкентіңіздің шет жағынан пәтер жалдап, келіншегі мен екі перзентін әзер асырап жүр. Деседі. Алшагүлдерін Гагарин атындағы орта мектептің соңғы сыныбын бітірер-бітірмес Жызақ жақтың жігіті алып қашқан. Ата-енесі бар. Тұрмыс жағдайлары төмендеу. Деседі. Қалған екі қыз – Жүзімай мен Жұлдызай әлі жергілікті мектепте.
Сексенінші жылдардың орта тұсынан былай қарай, Алқорыны алғаннан кейін-ақ Тоқсабаңыз Сарықамыста әжептеуір абыройлы адамға айналған. «Жүзімші» кеңшарының құрылыс саласы сеніп тапсырылған. Тоқсаныншы жылдарыңыздың төбесі көрінгенше кеңсенің екі қабатты ғимараты көкке әуелеген. Тауарлы-сүт фермасы жартылай бой көтеріп үлгерген. Орта мектеп үйінің жобалық-сметалық құжаттары қамдастырылған. Амал нешік, Тоқсаба Торытайұлы салдырған сол кеңсе әнебір жылдары қаңырап қалды. Адам кіріп-шықпағаннан кейін, шіреніп шоң деректір, баптанып бас есепші жүрмеген соң, тез тозады екен. Төртінші әлде бесінші жыл дегенде, ауыл әкімдігі аталатын жаңа жүйе құрылды. Бұрынғы сапқоздың кеңсесі аздап-аздап ағымдағы жөндеуден әзерлеп өтті. Тізерлеп тірілді. Сүзектен сүлесоқтанған кісідей кілдіреңкіреп барып, бой тіктеді. Тауарлы-сүт фермасы сол күйі қирандыға кетті.
Құрылыс дейтұғын салаңыз қиындау ғой. Икемделмесеңіз. Инженерлік һәм интеллигенттік имандылық сүйегіне сіңген Тоқсаба өзгелерге ұқсай қоймады. Өзімшілдене алмады. Үйлесімсіздеу үйіне, жұқаналау жайына жарты кірпіш жапсырмаған. Капитализм күтпеген жерден килігер деп кім ойлапты?
Тоқсан екінші жылыңыздың жазғытұрымын «Жүзімші» сапқозының жарты жұрты жұмыссыздық дейтұғын жаңа ұғыммен қарсы алды. Жүзім атаулыдан жұрдайланып, тырдайлана жалаңаштанғалы, таңданарлығы сол, ішімдік көбейген. Ішкіштер қатары артқан. Интеллигент инженеріңіз солардың қатарына қосылыңқырады. Екі жыл дегенде есін жиған. Әзерлеп. Әйелі мен бала-шағасынан тізерлеп кешірім сұраған.
Шымкентіңізден тартып, тү-у түкпірдегі Мақталы ауданына дейінгі аралықтың адамдары алдымен Атырауыңыз бен Ақтауыңызға, әсіресе, Ақтөбеңізге ауыңқырады. Жұмыс іздеп. Кәсіп күйттеп. Вахталық әдістің соңына түскендер әлденеше еселенді. Солардың бірі Тоқсабатұғын. Екі ай Ақтөбеде. Бір айдай Сарықамыста. Осындайына Алқорыларыңыз әжептеуір-ақ әдеттенген. Кенет төрт-бес ай бойы жоғалды. Қайтпады. Ақтөбе жақтан. Анда-санда ғана хабарласады.
Алқоры алтыншы айға шыдамады. Қызғанышы жоқ. Сағынғаны рас. Ойы-бо-ой, екеуінің ғашықтықтары ғаламаттұғын. Әу бастан, әп дегеннен. Шымған жақтағы нағашыларына барған. Тоқсаба. Маңыраманың мөлдіреген бастауынан су алып, қия соқпақпен мия кеше көтерілген. Алқоры. Жолда жолыққан. Екеуі. Жалқы мәрте ғана жанарлары түйіскен. Содан алыстай алмаған. Бірінен-бірі. Көрмесе, тілдеспесе, шыдамасқа кеткен. Қазіргідей құда түсу, сырға салу жоқтұғын. «Қашты-қаштыға» келіскен. Обалы нешік, осы уақытқа дейін Тоқсаба Алқорының көңіліне кірбің түсірген емес-ті. Күдік-күмән кіргізбепті. Ендігісі несі? Үш айы мейлі. Төрт айына төзді. Бес айына көнді. Алты айыңыз жарты жыл емес пе?!
Сол жолы ғой, алтыншы айда аңсары ауып, ешқандай ескертусіз, ескі әдірісі бойынша іздеп шыққаны. Арып-шаршап Ақтөбеге барғаны. Ол былай еді. Кір жуып отырып-отырып, орнынан ыршып түрегелген. Алмабегі адам боп қалған. Көршілеріне тапсырды. Алшагүлін жетектеген. Сарықамыстан суырыла дедектеген. Мақталыдан маршрутты таксиге мінген. Шымкенттен «Алматы – Орал» пойызына отырған. Түн ортасы ауып кеткенде. Біржарым тәуліктей нәр сызбаған. Тәбеті жоғалған. Алшагүлін асырап баққан. Көгілдір вагонда.
Ақтөбеңіз айдай әсем, күндей көркем екен ғой. Келбет-көркінде мін жоқ. Тап-таза. Тап-тұйнақтай. Алайда, қарашаның өзінде қарауыта суынып үлгеріпті. Сарықамыста сары алтындай күзтұғын. Мақталыда мақта терімі жүріп жатқан. Шымкентте жазға бергісіз шуақ шашырап, шпалыңыздың майы еріген. Түнге қарай да. Ал, Ақтөбеңіз қар жаумай-ақ қақап тұрыпты.
Аңсағанына асығып, сағынышына аптығып, жеңіл киіммен жеткен Алқоры сорлы аһ ұрды. Өкпектің өтінде дірдек қақты. Алшагүлдің көз жасы жұқалтаң-жүдеу жүзінен мұздақтана сырғақтады.
Жеделхат салмай, әдейі бірден бармақ-ты. Жатақханадан Тоқсабаны тапқанда ше, қайтадан жалындап жанғанын-ай. Сарықамыстағы шарбақтың аяғынан ауната таңдап, бауырынан сипап, бауының түбінен тақап үзіп апарған сарыала қауынды жарғанын-ай. Алшагүлдің әкесіне еркелеп, тізесінен түспегенін-ай. Бірақ байқаса, түсі сұп-суық екен-ей. Тоқсабаның. Сұсты. Жүдә. «Неменеге келдің?!» – дейді. Қауынға қарамайды. «Ауыл қалай? Аман ба?» Демейді. Алмабек турасында ләм-мимсіз. «Келдік! Алты айға шыдай алмадық», – деді Алқоры. Қырсығып. Тандыр нанының асты-үстіне қарап қойып. «Әлдебір жаққа асығып, алаңдаулы сияқтысың ғой?» – деп қосты тағы да. «Қайда барам?! Қаншама қаржыны құртып... Ең бомаса, жылы киім жоқ. Мені бір курортта жүр дейсің бе, немене? Ең бомағанда ескі тонды әкелмедің бе? Желеңдеп жүгіре жөнелгенше?!» Деді. Тоқсаба. Зірк-зірк етіп.
Сарықамыстың сарыала қауыны желінбеді. Тіл жаратындай тәтті, тәп-тәтті, тілік-тілік, тілім-тілім күйінде кеберсіп қалды. Тандыр нан туралмады.
Зірк-зірк еткені жүдә қатты тиген еді. Алқорының жүйкесіне. Таңғы пойызға жұлқына асыққан. Алшагүлін шырқырата жылатып. Тоқсабасы томсырайған күйінде шығарып салған. Көгілдір вагонға міне бере қызының қызуы көтерілген. Ит қорлықпен Мақталының ауруханасына жетіп бір-ақ жығылған. Бір ай бойы екеуі де емделген.
Жылдар жылжып, айлар аунаған.
Қашан келеді, қашан кетеді. Шаруасы болмаушы еді. Алқорыңыздың. Тоқсабасымен. Аралары айтарлықтай алшақтаған. Алты-жеті жылдай Ақтөбеде жүрді. Ақтау мен Атырауды байқады. Ақырында ауып-ауырып, жүдеп-жадап ауылына қайтты. Жетісай жақта жеке адамдарға жалданып, жеке құрылыстар салатындарға ілесті. Ұят-аятты жиып тастап.
Табысы, бәрібір, татымады. Алқоры да жері молырақтардың мақтасын мәністеуге кірісті. Шабыққа шығады. Жегенелеуге жүгіреді. Суаруға жегіледі. Күз бойы терімнен тыным таппайды. Көсек қауашағы қажаған қолдары тұтас көсеуленді.
Алмабегі өз бетінше Шымкентке тартты. Өзінше үйленді. Жызақ жақтағы Алшагүлдің артынан артынып-тартынып төсек-орын апару мен қайтарма құдалық атқару жұтқа ұшырағандай күйге түсірді. Мектеп қабырғасындағы Жүзімай мен Жұлдызай күн өткен сайын өсіп келеді. Ас-ауқаттан ахуал арттырмақ керек-дүр. Киім-кешек жағынан да қыз балалардың талап-талғамы қиын-ақ. Қым-қуыттанған заманда.
Екі мың алтыншы жылдың жазында Жетісай жақты да жылы жауып, біржолата ауылына оралды. Тоқсабаңыз. Тапқан-таянғанын Алқорының алдына тастады. Екеуінікі бумалай біріктірілді. Аздап-аздап шүйіркелесе шүңкілдесті.Алмабектің қайынжұртын құдалыққа шақырды. «Ештен кеш жақсы» десті. Құтылғандарына қуанысты. Жызақ жаққа барып, бесік той атқарысты.
Арада және жыл жылыстаған. Екі мың жетінің көкөзек көктемінде Тоқсаба тағы Батыс бағытқа бетбұрыс жасамаққа бел буды. Үй-жайы мен қора-қопсысын бажайлап байқаса, ел-жұртының ең соңында ілбиді екен. Шарбағының шырпыларына дейін күйрепті. Жыңғыл шыбықтар ғана жапырыла жығылудан сақтап тұрыпты. Әке-шешесінен қалған қара шаңырақтың сүйегі мықтытұғын. Қаншама берік дегенмен, қабырғаларының қарауыта қабарған тұстары, сызаттана жарылған жерлері жүрегін сыздатты. Шипырлары шіріп, жапсарларға жапсырыла қағылған қаңылтырлары іріп кеткендей. Көктемге әзер іліккен қоңыр сиыр мен қызыл тананың омыртқалары одыраятындай. Қозапая маясының салмағынан майыса мүжілген шеткі тамның тамтығы тіпті аянышты.
Бір аяғын ыбырсық уаттың шетіне тіреп, екінші аяғын сатпақ-сатал қанатының астына жасыра жылытып қалғыған қоңырқызыл тауықты бір тепті. Тоқсабаңыз. Тоңқалаң аса қақылық қаққан мекиен тандыр ошақтың түбін түрткілей тепкілеген тарғыл қоразына таусыла шағынды. Шаптықты. Еркек емес пе, қатынын қорлаған адами затыңызға зәрлене қарап, әтеш шіркініңіз әжептеуір доқ танытты. Дөңайбат шекті. Төбесіндегі шашақтанған шошақ қызылы шоқтай жанып ызаланды. Ошақ түбінен одан сайын одыраңдап қарайды-ай. Ұмтылып-ұмтылып, уаттан аттап-пұттап апшиды.
Тоқсабаңыз өз мекиені Алқорыға өзекжарды ойын білдірмекке бекініп, үйіне кірген. «Батысқа қайта бармақпын. Несібе іздемекпін. О жақтың жағдайы жақсарыпты», – дегендейін мән-мазмұндағы мағлұмдамасын қоңырқызыл мекиендейін оң аяғын сәл-пәл көтеріп, сол аяғын сыз еденге нық басып, нан илеп тұрған Алқорысы мұқым-мүлде мақұлдамайтынын нымшасының желке тұсымен-ақ анық аңғартты. Бұрылмаған күйінде: «Батысқа бармайсың», – деді. Көгілдірлеу керсендегі зуаласын зәктенген шаңыраққа жетеғабыл жоғары көтеріп, қайтадан зірк ұрды. Ұнның ұрпағы бұрқ етті. «Мал тапқыш, ырзық іздегіш болсаң, Астанаға неге аттанбайсың? Жүдә батысшыл бола қапсың», – деді. Ақшылтым қамыр арасынан күйген көсеудің басындай қарақотырланып көрінген саусақтарына күйініп.
Сүмірейіп, сыртқа қарата беттеген. Тоқсаба. Табалдырық алдындағы тепкішектен түсе бере сәл сүрінген. Қожайынның жүні жығылғанын сезген тарғыл қоразыңыз қоқиланған. Төрт тұсында төрт мекиені. Төрт құбыласы түгел.
«Алқорының айтқанын да тыңдайық. Астанаға қарата қамданайық». Деп күбірледі Тоқсабаңыз. Тыраулаған тырналар оралған күндердің бірінде Сарықамыстан да сызашықтана соқпақ салынды. Астана жаққа.
Аузынан қағынған екен-ау сонда Алқоры.
Астананы аузына алып несі бар еді-ай?! Десеңізші...
Алғашқы айларда алпысыншы және жетпісінші жылдардың адамдары секілденіп, сезімталдыққа буылып, бірталай мәрте хат жазған. «Астанадан сәлем!» деп. «Есіл өзен жағасында жүріппіз» деп. Кейініректе: «Жөндемді жұмыс жоғырақ боп тұр», – деді. Жарты жыл жылжығанда, көңіл-күйі көтеріліңкіреп: «Қамқоршы жандар жоқ емес екен. Өз мамандығыммен қайта қауышқандаймын», – деді. «Өзімді, өзім тапқандаймын. Жатақхана жағы ғана қинайды. Бәрі реттелетін сыңайлы», – дегендейін жаңалықтар жетті. Әуелгіде ай сайын жиырма-отыз мың теңге салатын. Бірте-бірте қырық мың, кей-кейде елу мың алатынға айналды. Алқорыңыз. Жаман емес, әрине. Азық-ауқатқа, азын-аулақ керек-жараққа сеп болып, жоғарырақ сыныптарға сырғыған қыздарының реңдері кіріп, жүздері жылыңқырады. Жылап-сықтаулары сиреңкіреді.
Екі жылдай әлсін-әлсін оралып соғатын Тоқсабаңыз екі мың тоғызыңыздың ортасынан бастап ат ізін салмаған. Жаз соңына таман ғана Ташкентке өтіп бара жатып, аз мезетке аялдаған. Мейлі дә. Аман жүрсінші. Есен күлсінші. Деп ойлап, көргеніне мәзденген. Алқорыңыз. Тоқсабасы қалта телефонға қарқ қылып қайтқан. «Қорықпа. Қыздарың үйретеді», – деді. Өзі өзгешелене өзгеріпті. Бұрынғы Тоқсаба емес. Басқаша. Жүріс-тұрысы. Күлісі. Қимыл-қылығы. Кинолардағы кәсіпкерлер ме, бай-бағлан бизнесмендер ме, сондай-сондайлар секілденіп, сарт та сұрт етеді. Қара шандырлана қылқиятын мойны жұмырланыпты. Ұртындағы ұра-ұра шұқырлары, жыра-жыра әжімдері әжептеуір-ақ тегістеліпті. Жон арқасы тіктеліпті. Шымқай көк кәстөм-шалбары құйып қойғандай. Жарасады. Күйеуінің келбет-көркінен, бой-басынан кінәрат таппады. Бір бума ақша ұстатты. Алқорыға. Ақша шіркін жақсы ғой. Алайда, Тоқсабасы әлдеқайда алыста-а-ап кеткендей ме, қалай? Жүрегінің басы ашыңқыраған. Астанаңыз ағартып жіберіпті. Алқорының қараторылау Тоқсабасын. Қалталарына сала беретін қолдарының сыртына дейін ақшылтым тартқан. Қалта телефоны қайта-қайта шырылдайды. Үй айналып барып сөйлеседі. Алқоры аң-таңданады. Алғаш қосылғанда ма, қосыларда ма, айтқанындай, осы Тоқсабасы туылар жылдың сәуірінде ше, ғарышқа алғаш мәрте адами затыңыз ұшқан ғой. Сарықамыстың мектебіне Гагарин аты қойылған ғой. Ол кезде «ғарыш» және «ғарышкер» деген сөздеріңіз санада жоқ қой. Осы Тоқсабаңыздың есімі Космосбек немесе Космонавт боп кете жаздапты. Ауылға келе қалған әлдебір қария: «Мына мен ашаршылықта қырылған бір үйдің он перзентінен аман жортқан жалғыз ем. Бұ бала кім боса-дағы, тоқ жүрсін. Аспанды тесіп ұшпай-ақ қойсын. Тоқсаба босын ныспысы», – деп нықтапты.
Тоқсабасы Ташкентке соққан әлгі сапарында әлденені айтпаққа оқталғандай, алайда, айта алмай, қимай-қимай кеткендей көрінгенін кейін ойлаған. Алқорысы.
Мінекиіңіз, екі мың оныншы жылыңыздың жып-жылы күзінде, теректер тершіп тұрғанда, Астана жақтан аспан тесілгендей, ғарыштан төтенше түскендей, тосын ақпарат шошынта жеткен. Алғаш «ақ алтын» теріп жүрген қатын-қалаштар Алқорыдан алысырақ кетіп күбірлескен. Сәлден соң кейбіреулері көпе-көрнеу күрсінісе көз қиықтасқандай, кейбіреулері күлмеңдесе қарасқандай сезілген. Әлдебір нәрсенің, қандай да бір тірліктің тікелей өзіне, қара басына қатысты екенін сезініп, қарадай қалтыраған. Қайтадан қарағыштап еді, жаңағылар жым-жылас жоғалғандай. Жүйек-жүйектерді бойлап, жыпылдап ұзап барады.
Кешке қарай, тұт ағашының түбіндегі қою көлеңкеге көсем қатындар көбірек жиналды. Өзгелері де жақындасты. Біреуі бұған қарап қол бұлғады. Алқоры қорқа-қорқа қадамдады. Аузы батыр, адуынды атанған, баяғы КСРО аманда байы бөлімше басқарған, бүгінде «ақ алтынды» өлшеп қабылдайтын таразбен бике сөз бастады-ай сонда. Баптана таптанып. «Ай, айналайын Алқоры! – деді мүсіркей мүләйімсіген кейіппен. – Астанадан хабарың бар ма?»
Алқоры теңселіп барып талып түсті. Бетіне су бүркіп, есін жинатты. Естиярлар. «Ойбай-ай! Ойбай-ай! Жеңеше-е-е! – деп зар еңіреді есіне келер-келмес күйдегі Алқорыңыз. – Жаңа-жаңа жарығандай болып ек. Аман ба екен алтын-е-е-ем... Астанадағы алтын-е-е-ем... Бас ие-е-е-ем...»
Таразбан бике бүйдеді-ау кенет: «Әй, Алқоры! Әлі ештеңе естірткен жоқпыз ғой. О несі-ей, а?! Ал, айтайын енді. Естіртейін енді. Сал құлағыңды. Құй оң құлағыңмен, құй сол құлағыңмен тыңда. Жина есіңді. Есізқағыр еркектердің бәрі сондай. Астанадағы алтының аман. Елордадағы еркегің есен. Оттан ыстық ойнас тауыпты. Тіллә қауынның тілігінен тәтті тоқал алыпты. Ал, аңырай бер енді. Ал, боздай бергін. Әл-ті-не-е-ем деп. Әмән бә еке-е-ен деп...»
Мақташы әйелдер түп-түгел тым-тырыстанған. Тұт ағашының алақандай-алақандай, жалпақ-жалпақ жапырақтары ше, қалқиған құлақтар сияқты. Қозапаялардың қауашақтарынан ақтарыла аққан ақ мақта желемікпен желбірейді.
Алқорыңыз меңірейді. Таразбанның ашуы қайтыңқырады. «Бұл – өсек емес. Байыңмен бірге кеткендердің ішіндегі өмірі өтірік сөйлемейтін, жақын жекжатымыздың шын сөзі. Сенімді ақпарат көзі. Бәрібір, естисің. Есін ертерек жисын деген жанашырлық қой біздікі. Қапаланба да, қайғырма да. Қайыстай қатқылдан қайта. Қайраттанып, қайсарлан, қарақ. Қараңқағыр, еркектің көбі осындай. Анау ағасы, менің байым ше, бөлімше басқармастан бұрын-ақ,бригадирлікке іліне бере жәрдемшілердің ішінен жәлеп тауып алған. Кейіннен де көп күйдірген. Қайтесің? Көнесің», – деді күрсініп.
«Бүгінгі байшыкештер ашық алып жатқан жоқ па? – деді бір қатын. – Осы мына Сарыағашың мен Жетісайың шетінен сондай емес пе?»
«Тоқсаба-дағы бағландардың қатарына қосылайын деген шығар онда», – деді екінші қатын.
«Әй, әкімқаралардың бәрінде жасырын бірнеше тоқал болатын көрінеді», – деді үшіншісі.
«Естідіңіздер ме, Мақталыдағы Мәдениет сарайының деректірі ше, алпыс бір жастағы анау кісі ше? Сол ағатайымыз халық театрының жиырма жасар қызымен екеуі бір-біріне өлердей ғашық боп, көңіл қосты емес пе? Естіген шығарсыздар?» – деді бір келіншек.
«Бәлсінбей-ақ айта берсеңші. Тап қазір бәріміз күйіп-пісіп отырғанда, еркектер туралы пәктілер көптік етпейді ғой», – деді таразбан.
«Айтсам, былай, апайлар! Сол Мәдениет сарайының деректірі, алпыстан асқан ағай, жиырмадағы жап-жас қызбен бір жылдай бірге тұрды. Келес жаққа көшіп кетіп. Содан, әйелі, жеті-сегіз ұл-қызы, келіндері, немерелері, жекжат-жұраттары, туған-туыстары түгел айыптап, араласпай, араластырмай қойды. Ақырында ағатайымыз амалсыздан ажырасып, ауылына қайтты, – деді жаңағы келіншек. – Ең қызығы сол, әлгі ағамыз: «Қазақ боп туғаныма қатты өкінемін. Біздің ұлт махабатты түсінбейді екен» деп мәлімдепті. Осы сөзі жұрт жадында қап қойды. Ел жиі-жиі айтып күледі қазір».
«Е, сөзі де, өзі де құрысын бәленің!» – десті біраздары.
«Махаббат та заманына қарай түсініксізденіп, танымастай өзгеріп кетті ғой, – деді және бір келіншек. – Келешекте не болар екен?»
«Бір кездері есеп-қисаппен қосылатындар қатты айыпталушы еді. Енді есеп құрмай, құрдан-құр үйленетіндер күлкіге ұшырап жатыр ғой», – деді тағы бір әйел.
Сол күні Сарықамыстан және сол төңіректердегі басқа да ауылдар мен кенттерден жиналып кеп мақта теретіндер қас қарайғанша қызғын пікір таластырған.
Алқорыны бәрі ұмытқандай. Жалғыз қайтқан. Қараңғылық қаншама қою болғанымен, ай туғанда айнала жарқырап сала берген. Жүзімай мен Жұлдызай түкпіргі бөлмеде сабақ әзірлеп отырыпты. Ай сүтінің жер бетіне соншама саулап құйылғанына қапаланды. Дәл бүгін қара түнек жағатындай еді. Жанына. Жай-күйіне.
Күндізгіден бетер жарқыраған Сарықамыс гу-гу. Тоғайдағы қамыс-құрақ ду-ду. Жанып жөнелгендей. Барлық үйде тек қана Тоқсабаның тоқал алғаны айтылып жатқандай. Теледидардан да. Бетін басты. Қос алақанымен сипалай төмен түсірді. Жүзін жырып-жырып кеткендей. Тіліп-тіліп өткендей. Өзінің қолдары.
Үйіне кіріп, ұялы телефонын тапты. Таптап-таптап тастағысы келді. Таптамады. Табалдырықтан аттап, тас тепкішекке шықты. Тасқа тастағысы келді. Тастамады. Қора-қопсының артына қарай айналды. Астана тұстан ай жарқырайды-ай. Алқорыны мазақтап.
Денесі тоңазыды. Қалтасындағы телефонды қайта суырды. Сорайған соралардың арасына лақтырғысы келді. Лақтырмады. Екі қызы екі жақтап үйреткен. Тілдеспек адамның атын тергенді біледі. Сөйлесе сала өшіргенді біледі.
Жанарынан жас сорғалады. Тарам-тарам. Титімдей телефонға тырс-тырс тамды. Алақаны ашыды. Саусақтары дуылдады. Терді. Термешеледі. «Тоқсаба» деген жазу көрінді. Өшіре салды. Өршеленіп. Қайтадан терді. Сабыр сақтап, құлағына тосты. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның телефоны сөндірулі», – деді. Әлдебір әйелдің сүйкімсіз, салғырт даусы. Әлденеше мәрте термешеледі. Мұздаған құлағына тосты. Әлгі әйел үш тілде кезек-кезек безектеді.
«Айдың да аясынан тыс жерде... Жүрген шығар... Жатқан болар, бәлкім», – деді ызаға буылып.
Бірер жылдан бері Мақталы ауданында тамшылатып суару әдісі жаппай қолға алынып, қызу қолданылып жүрген. Сол түнде Алқорыңыз-дағы үйіргелік телімінің талай-талай тұстарын көз жасымен тамшылатып суарған-ды.
Таң атқанда тастүйін шешімге тоқтады. Жыламайды. Мұң шақпайды. Түк болмағандай, дым білмегендей кейіпке кіреді. Мызғымас та мізбақпас. «Астанадағы алтыным аман ба екен?!» – деген өзі. Дүйім әйел әлемі алдында. «Өліпті» деген хабары жеткенде ше? Қайтетұғын еді?! Беті әрмен. Аман жүрсін. Жақсылы-жаманды жиырма бес жыл бірге өмір кешіпті. Ширек ғасыр. Аз емес. Анау бір кездері Ақтөбеде алып қойса қайтетұғын еді? Тоқалды. Қалып қойса, қайтер еді? Біржолата. Онда жүдә жас еді ғой. Екеуі де. Сабыр керек. Деп түйді.Күйінді де түйінді.
Апта аралады. Арада. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде...» дейтұғын әйелдің үні өшкен. Қоңырауы жеткен. Астанаңызға. Тоқсабасының даусы дірілдейтіндей. «Рас па?» – деген. Алқорысы. «Солай болды, – деген Тоқсабасы. – Келесі жексенбіде бара жатырмыз».
Аспан тағы тесілгендей. Ғарыштан ғашықтар түсетіндей.
Екі қызын екі жағына алып, Алқорыңыз апта бойы, күні-түні үй-жайлары мен қора-қопсыларын тазартты. Әктеп-сөктеп әлектенді.
Жексенбі күні, жақұттай жайнаған алтынсары күздің ертеңгілігінде, қызылжалқын жапырақты өріктердің арғы жағынан ағараңдаған қос «Джип» пен сүлік қара «Тойота-Камри» көрінген.
Сарықамыс ауылы гу-гу.
Тоғайдағы қамыс-құрақ ду-ду.
Жанып жөнелген.
Алдыңғы ақшаңқан «Джиптің» тізгініндегі Тұмариістұғын. Жанындағы Тоқсабасы. Екінші ақшаңқанның ішінде Тұмариістің ең жақын, ең сенімді, ең қымбат достары – ерлі-зайыпты екеу келеді. Сүлік қара «Тойота-Камридің» меңгерігінде – мәз-мәйрамдығын жөндеп жасыра алмай жайнаңдаған Алмабек батырыңыз. Артқы орындықта – келіншегі, бала-шағасы. Қай Алмабек дейсіз бе? Ойбай-ау, Шымкенттің шетінде пәтер жалдап, әзер тіршілік ететін, Тоқсабадан сызған, Алқорыдан туған Алмабек қой.
Үш бірдей суперкөлік екі мың оныншы жылыңыздың күзінде Сарықамыс ауылына сән-салтанатпен кірді. Сарықамыстың сиырлары тұяқтарын сырт-сырт еткізіп, өріске беттеген, жалқау қатындар кейбіреулерін кешірек сауып, қуалап қосатын шақ еді.
Ең ескі үй-жайдың ауласында тізілді. Суперкөліктер. Есіктері сарт та сұрт, сарт та сұрт. Жатырқасқандар жоқ секілді. Состиып кідіріскендер кем секілді. Танысу мен табысу басымырақ тәрізді.
Алқоры аздап-аздап сұрланыңқырап барып басылғандай. Сыр бермеске бекінген. Серт еткен. Бәрімен емін-еркін есендескен. «Тұмариіс» деп, сүп-сүйкімді, аппақ, балғын қолын ұсынғаны – сол ғой. Сол.
Тоқсабасы тіке қарамады. Қарай алмай, көзін тайдырып әкетіп, иығынан бүріңкіреп, қысыңқырап қойғанын-ай. Алқорыдан кешірім сұрағаны ма, кім білсін-ай, кім білсін. Алмабегіне ғана Алқорыңыз сәл сыздаусыды. Ентелей жақындағанын жақтырмады. Бетінен салқындау сүйді. Келінін кінәламайды, әрине.
Бес-алты баклашканың түбін ойып, бастарын төмен тұқыртып, қолжуғыш етіп қойғандары дұрыс бопты. Астана мен Шымкенттен келгендер шетінен жуынып-шайынды. Әсіресе, Тоқсаба мен Тұмариістің бір-бірінен алыстамай, икемдесе, ишараласа жұптасып жүрістері жараспайды деу қиын еді. Жол киімдерін жөн киімдеріне жылдам ауыстырып алыпты. Екеуі де. Бірге ілесіп келген ерлі-зайыпты достары да.
Темір көліктерден тең-тең дерліктей дүниелер түсірілген. Тарту-таралғылар. Сый-сияпаттар. Алқорының шашылып-төгіліп, Жетісайдың жарты базарын қарыштағандай сезініп дайындаған дастарқаны еселене кеңейген. Астаналықтардың арқасында. Әуелім әулеттің етжақын жанашырлары жиналды. Кішігірім кеңес өтті. Нақ-нақ, қысқа-қысқа, тап-тұйнақтай түсініктер берілді. Кешірім сұралды. Тоқсаба мен Тұмариіс тараптан. Бәрі белгіленіп, шешіліп қойылған мәселелер мәнзелдес. Мәністелген. Астанадан ілесіп жеткен ерлі-зайыпты жолдастары заман және зырлаған уақыт, адам мен қоғам және әлемдік әйдік үрдістер хақында бес-бес минуттан ғана ой-пікір үстеп, жағдайды жайбағыстады.
Сарықамыстықтар өкілдері бірауыздан бас шұлғысып: «Дұрыс қой», «Дұрыс-ақ», «Түсінеміз ғой» дескеннен аспады.
Тоқсаба мырза мен Тұмариіс ханым сағат үш пен бестің арасында ауылдағы жамағайын жақындар мен көрші-көлемді жинап, құдайы тамақ берілгені жөн боларын жеткізді. Елең-алаңнан астаналықтар қайыра жолға шықпақ екен.
Құдайы тамақ уақтылы өткерілді. Ақсақалдар бата берді. Артық-ауыс сөз болған жоқ. Тоқсабаның таңғаларлықтай тағатты һәм талғаулы тұрпатына, Тұмариістің таңғажайып табиғатына тамсанған жұртыңыздың пәлендей пәтуасыздыққа ұрынбағы мұқым-мүлде мүмкін емес-ті.
Бәр-бәрі заманауи райда, жып-жылы шырайда өрбіді.
Тұмариіс тыным таппаған. Талдырмаштығынан танбаған тал бойы қай шаруаға да икемді. Үй тірлігін үйіріп әкетеді екен. Сөйтіп жүріп-ақ, «сотыбиімен» сағат сайын сөйлеседі. Компьютер-планшетімен жұмыс істейді. Әлдекімдерден есеп-қисап қабылдайды. Бәзбіреулеріне тапсырма табыстайды. Сөйтіп жүріп-ақ, Алқорыңызбен аздап-аздап шүйіркелесуге, мектепте оқитын екі қызбен біраз-біраз сырласуға уақыт тапты.
Түн ортасы таянды. Дастарқан жиналды. Табақ-аяқ тап-таза. Киім-кешек, сыйлықтар тапсырылды. Тарту-таралғылардың арасында Жүзімай мен Жұлдызайға жеке-жеке ноутбуктер де бартұғын.
Тұмариіс ханым өзінің кім екенін, немен айналысатынын біразырақ баян етті. Мақсаттар мен жоспар-жобаларды ортаға салыңқырады. Түйіндемесі мынадайтұғын. Шамамен. Бір мың да тоғыз жүз алпыс сегізінші жылы туған. Алматыдағы халық шаруашылығы университетін экономист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Алғаш ауылдық ауданда істеп, артынша қала қызметіне ауысқан. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап-ақ бизнесте. Бес-алты жыл қатты қиналған. Марқұм әке-шешесі көп көмектескен. Алматыда шағын зауыттары мен сауда кешені бар. Қазір Астадана тұрады. Елордаңыздағы Есілдің сол жағалауында. Коттеджде. Ірі құрылыс фирмасын Тоқсабаның басқаруына толық өткізген. Танысқандарына екі жылға, табысқандарына бір жылға жуықтаған.
Түйіндемеден тысқары түсініп-түйгендері де бар. Сарықамыстықтардың. Тоқсабаңыз талантты инженер, керемет құрылысшы екен. Қор боп жүріпті. Екі жыл бұрынға дейін. Бүгінде Елордаңыздағы, Есілдің сол жағалауындағы екі бірдей құрылыс кешенінің тікелей авторы әрі салушысы. Қысқа мерзімнің ішінде Астананың құрылысшы қауымы мен сәулетшілерін түгел мойындатқан. Талантымен. Тындырымдылығымен.
Тұмариістің ашық-жарқындығы, түкті де жасыра алмайтын ақкөңілдігі Алқорыны аң-таң етті. Оңашада қайта-қайта құлағына сыбырлап, талай-талай сырларын сіңіргенін-ай. Тұрмысқа жиырма жеті жасында шығыпты. Күйіп-жанып, сүйіп-қалап қосылған жігіті кінәратты екен. Ондай жағдайын жігіттің өзі де білмесе керек. Екі жеті бойы бір төсекте түнепті. Ештеңе болмапты. Үшінші жетіге қарағанда, «Семей – Алматы» пойызы заулап келе жатқанда, кәстөмін басына бүркенген күйі қарсы жүгірген. Пойыз өкірген. Сөйтіп, сүйген жарының жарты денесі белінен төмен қарай қанды рельстің сыртында, жарты денесі белінен жоғары қарай қара шпалдардың үстінде жатыпты. Қақ бөлініп. Содан кейін, күйеуге тимеген. Ондайды ойламаған. Тек бизнеске берілген.
Алқоры аяған. Қатты-қатты. Түн ортасынан ауғанда тағы оңаша қалған. Екеуі. Тоқсаба тыстан ішке кірмеген. Қора-қопсысының жанында ойланып отырғандай. Ескі тонын жамылып. «Құрсақ шашу бергенімізге бір ай боп қалды, сізден жасырарым жоқ, – деді Тұмариіс Алқорыға. – Енді сіз екеуміз бір адамбыз ғой. Өсек тыңдамайтын адаммын мен, әпкетай. Өсекті тыңдамасаң, ол өледі. Өсекті сөйтіп өлтірейікші сіз екеуміз. Сіз де соған үйреніңізші. Мүмкін боса. Ал, біз таңертең ертелеп жолға шығамыз. «Тойота-Камриді» Алмабекке тарту еттік. Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынынан пәтер әпереміз. Мына үй-жайларыңызды бұзып тастап, қайта салумен Алмабек айналысады. Қаржы-қаражаттан қам жемеңіздер. Жүзімай мен Жұлдызай қалаған университеттеріне түсіп, бітіргенше менің тікелей қамқорлығымда болады. Бірақ, әпкетай, екі қызға да, Алмабекке де айрықша талап қоямыз. Заманға сай. Жауапкершіліктерін жоғарылата түсеміз. Ол өздеріне пайдалы, түсініп отырсыз ба?»
«Адам боп кеткендері жақсы ғой бізге», – дейді Алқоры.
«Сіз «ақ алтын» терімін тоқтатып, өзіңізді күтіңіз, әпке, – деді одан әрі Тұмариіс ханым. – Ай сайын Астанадағы «Ақсұңқар» ЖШС есебінен елу мың теңге аударылады. Жеке өзіңіз үшін. Жетісайдың жылы суына, Жаңақорғанның ыстық балшығына барыңыз. Сарықамысқа Сарыағаш та тиіп тұр емес пе?»
«Иә-иә, жақын ғой», – дейді Алқоры.
«Әпке, – деді тағы Тұмариіс аздап күрсініп. – Тоқсабаңыз кеп тұрады. Қорықпаңыз. Аңсары ауып, сағынса, ешқандай тежеу мен тұсау жоқ. Шекара мен шектеу жоқ. Әрине, қаншама қырғын тірлік инженерлік иықта. Түсінесіз ғой. Көбінесе Астанада болмаса, қиын. Түсініп отырсыз оны...»
«Түсінемін ғой. Неге түсінбейін», – дейді Алқоры.
Елең-алаңда екі бірдей аппақ «Джип» пен сүлік қара «Тойота-Камриіңіз» жолға шықты.
Астаналықтар аттанып кеткеннен кейінгі жексенбіде ше, Сарықамыс симпозиумы өткен. Баяғы заманда «Сельмаг» болған, кейініректе кафеге айналған дәмханада. Сарықамыс симпозиумына қолы бостар, атап айтқанда, бұрын бөлімше басқарған, бастауыш партия ұйымының хатшысы болған, бригадир және звено жетекшісі болған, мал дәрігері және мұғалім болған бірқанша зейнеткерлер, бес-алты жұмыссыз және жастар өкілдері қатысқан. Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық ауданына қарасты Маңырама қыстағынан келгендерді қосқанда, бұл жиын халықаралық мәніске иетұғын. Симпозиум деуіміз сол себептен.
Симпозиум сағаттан сағатқа созылды. Тоқсаба мырза мен Тұмариіс ханым хақында талқылау таусылмады.
«Тоқсаба Торытайұлы өз ныспысына сай боп шықты, атын ақтады. Біз жерлесімізді мақтамаймыз. Біз Тоқсабамен мақтанамыз». Десті.
«Тұмариіс келін жетпіс бесінші жылы Мақталыға облыстан келген келіншекке, ауатком төрағасының орынбасары боп сайланған сұлуға ұқсайды екен. Айнымайды». Десті.
«Ауатком орынбасарын қайдам-ау, қайдам. Сексен үштің күзінде, Андроповтың тұсында Келестен келген үшінші хатшыға ұқсайды. Көркемдігі». Десті.
Симпозиумға қатысушылар қорытынды қарар қабылдады. Ол былайтұғын. Шамамен алғанда. Бірінші бап: «Тұмариіс-Тұмариіс дейміз-ау, ағайын. Таңданып. Тамсанып. Қаншама жерден мықты босын, баяғы патшайым апамыздың атын иеленсін, бәрібір. Тұмариіс ханым – Тоқсабаның тоқалы». Екінші бап: «Сарықамыс санасы мен адамзат дамуының арасындағы алшақтық асқынған. Ал, Тұмариіс ханымның Тоқсабаға тоқал болуы, сол алшақтықты қысқартуға қызмет етпек».
Кафе іші у-шу. Гу-гу. Ду-ду.
«Жұғысты босын», «Жұғысты босын». Десіп, жымыңдасқандар еселенді.
Тап сол сәтте кафе қабатындағы жекеменшік азық-түлік дүкенінен бір қора қатын-қалаш шыққан. Олар негізінен Сарықамыстың сарқарын бәйбішелері мен мақта теруге жарамайтындар, той-томалақтарға барарда және қайтарда қиқаң-сиқаң, қиқаң-сиқаң, қиқаң-сиқаң ететіндер, үйрек секілденіп, екі жақтарына жығыла жаздап жүретіндер, яки біресе оң иықтарына қарай, біресе сол иықтарына қарай құлап кететіндей көрінетіндер еді. Бұларыңыздың талқылауы да Тоқсаба – Тұмариіс төңірегі мен Алқорының айналасында ғой, әрине.
Ал, Алқоры бәйбіше биылша сыр алдырмайын деп шешіп, «ақ алтын» теріміне жегілуден танбады. Ой-санасы өсекте емес. Көсекте. Қозаның көсегінде. Алайда, аздап-аздап аунақшиды-ау. Төсегінде.
Алмабек Сарықамыстан салынатын болашақ үй-жайының жобалық-сметалық құжатын Шымкенттің шебер сәулетшілеріне жасатып, біржола бекіттіру үшін Астанаға аттаныпты. Деседі.
Күлімкөз күз мамыражай мінезінен танбай тұр. Тек оқта-текте қырау қылаулайды. Таңға жақын ғана. Шарбақтың аяғындағы тақта телімде, жыл сайынғы күзде, Жүзімай мен Жұлдызай қарала қауынның көктүйнегіне дейін кеміріп жеп жүруші еді. Енді ептеп-ептеп қана көз қиықтасаңыз, шикі шапшаңыз түгілім, бүйірлері сап-сары, көгілдір керсендей қауындарыңыз сұрғылт қырау астында, солған пәлек үстінде дөңкие төңкеріліп жатыпты-ай.


ТҮБІРКҮЛӨЗ

Қиянгүл тағы да теріс қарап, тас бүркеніп жатып алды.
Қыбырай тісін шықырлатып, іштен тынды. Шықшытын ауырсынып, аунап түсті. Әтілес көрпенің сусылынан суылдаған жүрегіне басу айта алмай, басын қасыды. Қос самайын қос қолдай уқалады. Қиянгүлдің қылықтары бадырайып білінген сайын шүйдесі шыңылдап, жарғағы шытынап қоя беретін бәле тапты. Бала-шаға, келін-кепшікке дейін шекара ұстап, шек қойыса бастағандай ма, қалай осы? Деп те қауіптенеді кей-кейде.
Кірпік шіркін түрпіленіп, тікенекке айналып алғандай, көздерінің төңірегі тітіркене ашыды. Ұйықтай алмасын сезінсе-дағы, қайта-қайта дөңбекшіп, талай уақытты қаза қылды. Бәрібір, болмады. Төсектен түрегеліп, киініп, түкпіргі есікті ақырын ғана ашып, ортаңғы үлкендеу бөлмеге, одан дәлізге шықты. Ауыл-аймақ бойынша электр жарығының жанбағанына жылға жуықтаған. Не нәрсені де қараңғыда қарманып іздеп, түртінектеп табуға үйреніп кеткелі қашан. Қазір де азиат кебістің үлкенін қарауытқан қалжасынан тез таныды. Үйдегілер өзі түгілім, аяқ киіміне дейін бөлектеуге беттеген бе, сүйір тұмсықтау сорлысы һәм ақжемденен алаша төсеніштің арғы жағына шығандай шеттеп кетіпті.
Тыстың ауасынан тыныс кеңейіп, демі жеңілдеп, даланың дабысынан алтын күректің таныс сарынын сезді. Жеңілдеу желеміктің жұқалтаң лебі жаңа ғана мың-дыңы шыққан бақыр басын бірден жазып жібермесе-дағы, пәркін ашып, көркін оралтқысы келгендей. Көктемнің тазарыңқы дәмі таңдайын жібітіп, маңдайын жіпсітті.
Бадамсайдың бас жағындағы перменің үй-жайлары мен қора-қопсылары қарауытып барып, қайта ағараңдады. Жаңағы, шеттеңкіреп көрінген кебістері секілденді. Қыбырайдың көңілі босады. Кешенді перме қалашығының қалдығына қадала тесіліп, ұзақ қарады. Тамағын өксік буып: «Оһ-у-о-о-у, қарағым-ай... Қырға шығып пермеге қара-а-а-дым-ай, а-а-ай!» деп ыңылдады.
Шеткі қорадағы түбіркүлөз деп табылған жетпіс шақты тана-торпақтан өзге түк қалмаған-ды.
Калинин атындағы ұжымшар табан астынан тарап кеткен жоқ-ты. Кезінде атақ-даңқы айдай әлемнің жартысына жайылған, шалқыған шаруашылық еді. Әсіресе, мына кешенді пермесін айтсаңызшы. Қыбырайдың қып-қызыл, сәл-пәл томпақтау тілі «фермаға» келмейді емес. Сонда-дағы «перме» жанына жақынырақ. Осы сөз сүйегіне сіңіп кеткен. Осы Мы-Ты-Пының, яки тауарлы-сүт пермесінің арқасында Калинин атындағы ұжымшар Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің алтын алқасын таққан. Несін айтасыз, небір өркениетті елдеріңіздің өкілдері келіп, аудандық ауруханадан әлдеқайда таза ұсталатын сиыр қораларға аппақ-аппақ желеңдер жамылып қана кіруші еді-ау. Тізіліп қана. Тәртіппен ғана. Сегіз жүзден аса асыл тұқымды, ақ бас, қара ала сауын сиыр, сексеннен аса бұқа, тағысын-тағылар...
Қыбырай перме жаққа одан бетер сүзілді. Кешіккен көктемнің түнгі аспанындағы қарақошқылдау, бұйра бұлттар қаншама қою болғанымен, арғы жағындағы айдың жарығын жасыра алмады. Перме анығырақ көріне бастады. Анығырақ көрінгені құрып-ақ кетсін-ай, ақ шипырлары мен қызыл түнікелерін аршып алып кеткен соң, аждаһа аралап өткендей, төбелері тіпті оңбай қалады екен. Құдды баяғы Құдықсайға сүйрелеп апарып тастайтын өлексе өгіздердің қабырғаларындай ырсиған, сойдақ-сойдақ сұрқы үрей шақырады. Әне, анау асыл тұқымды, ақ бас, қара ала сиырлар тұратын ұзын-ұзын үш қора; көлденең көлбеңдеген келіншектей көрінетіні — сүт жинайтын сұлуша ақ үй; сол жағындағы — буын-буынға бөлінетін бұзауханалар, оң жағындағы — бұқалар мекені; беткей жағында сауыншылар мен бақташылар үйі, ортасында перме бастық пен мамандар отыратын кеңсехана. Қайран қызыл мүйіс тізілген теректердің арасындатұғын.
Енді бәрі де ортақ өгіздің өлексесіндей. Тек түбіркүлөз деп табылған табын ғана бір шетте қамаулы тұрыпты.
Бұлттың бір бүйірі сөгіліп, сүт сәуле жер бетіне сәл молырақ төгілді. Кенет Бадамсайдың ойпаңындағы перме мен ауыл ортасындағы Қыбырайдың қара шаңырағы арасынан ала бір арқан көрінгендей болды. Ала жіп дей ме, ала арқан дей ме, әуеде ілініп, екі аралыққа керіле кеткені. Қыбырайыңыздың жон арқасы шымырлап, теңселіп кетіп, құлаңқырай жаздады. Қыстайғы қар мен жаңбырдан мезілене езілген шөкімдей шөпке шынтағын тіреп, қайта түзелді. Перменің үй-жайлары жақтан әлдекімдер ала арқанның бір ұшын ұстап алып, есуге кіріскендей ме, тартқылай тұқыртып, кесуге кіріскендей ме, әлгі өзінің үйіне дейін созылған жіп жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр қимылға көшіп, ширатылып жатыр. Қыбырай қақсап, кеміріп жеп қоя жаздайтын тізе тұстарын уыстай ұстап көрді. Шыңыл қаққан шүйдесін бармағының басымен нұқып-нұқып, жарғақ құлағын шымшып-шымшып байқаса, есі-басы бүп-бүтін сыңайлы. Елегізіп, ертерек үйіне кіріп-ақ кеткісі келіп бір оқталды да, Қиянгүлдің теріс қарап, тас бүркенгені елестеп, қолын қатты бір сілкіп қалды. Қолын сілкігені сол екен, әлдене жарқ-жұрқ етіп, әлдебір түсініксіз, жұмбақтау дыбыстар Бадамсай бойын қуалап жөнелді. Ескі домбырасының ең төменгі пернесінен шилыға шығатын шіңкілдек үннен аумас. Ала жіпке қараса, әуелгісіндей әуеде аунап, әлі де шилыға, ширатыла есіліп тұрыпты.
Қыбырай қайтадан өзін-өзі тереңірек тексермекке бекініп, ғұмырбаянына ғылыми-практикалық талдау жасауға керек-дүр деп шешті.
Қырық бір жыл бойы перменің бақташысы болып, алпыс жасқа толғанын қызыл мүйісте, салтанатты жағдайда атап өткен соң, күзетшілікке ауыстырылған. Оған да, мінекиіңіз, жетінші көктем жетіп кеп қапты. Бүкіл өмірі бақташылық пен күзетшіліктен ғана құралған Қыбырай Байшымырұлы осы ғасырдың отызыншы жылы, наурыз айында осы күнгі мұстақыл (тәуелсіз) Өзбекстан Республикасының Қыбырай тұманындағы (ауданындағы) Иірқастың іргесінде, Қарасудың бойындағы қараша үйдің бастырмасында туған екен. Ныспысының Қыбырай аталуы осыдан. Бір мүшелге жеткенге дейін сол өлкедегі Анайдың айналасында, Қарабастың қапталдары мен Бұзғұн-Бураның баурай беткейлерінде жүріпті. Обалы нешік, хан жайлаған Қаратау мен би жайлаған Алатаудың түйіскен тұсынан қудаланып, жер аударылып барған Байшымыр байды Қыбырай жұрты жатырқамаған деседі. Мұны әкесі әбден айтып, құлағына құйып, құйқасына сіңіріп кетті. Сонда-дағы бақилық боларында: «Бұл жақты да біздің ата-бабаларымыз мекен еткен, бірақ... Кім біліпті. Түптің түбінде туған елге ораларсыңдар, Бадамсайдың бойына қайта қонарсыңдар, бәлкім, балам...» — деген. Әке сүйегінің Иірқас иініндегі ескі қорымға, бұрынғы, атышулы ата-бабалары жатқан мейірімді мәртөбе түбіне қойылғаны есінде. Жалғыз әкпесі сол жылдың соңына таман өзбектерге ұзатылып еді, ойпырмай, оншақты күн өтер-өтпесте өзгешеленіп, жүріс-тұрысы, жымиыс-күлісі, иіліс-бүгілісі түп-түгел өзгеріп, әтілеспен әдіптеліп шыға келді. Жібі ширап, тіні пысып, ділі сергектенгеніне шешесі сорлы шектен тыс риза секілді, бірақ көп күрсінетіні несі. Дейтіндейтұғын сонда бұл.
Қырық екінші жылы Қыбырай қатқылында аласапыран басталды емес пе?! Алыста жүріп жатқан алапат соғыстан емес, Аққабақ әулиенің кесенесін қиратып, бұрынғы байлардың тұқымын тұздай құртпаққа бекінген белсенділердің бәлесінен еді. Бұзғұнға бастық болған құзғын қазақ әулекіленіп әлек салған. Салды кетті қырғынды. Күйгенде өзіңнен күйесің. Қыбырай шешесімен бірге тентіреп, Ташкентке тартты. Әркім-әркімге жалданып жүріп, жалғанның жарық күнінде жалғыз жапырақ нанды әзер тауып, іңірде ілдәлдалап жүрек жалғайтын. Әркім-әркімнен сұрап жүріп, біліп, тауып алған Қарлығаш әулие – Төле бидің басында түнейтін-ді. Алғаш қорқатын, алайда, бірсін-бірсін күмбезден қамқор, аспаннан абзал әлем жоқ екеніне имандарымен иланысқан. Күзге қарата шешесі екеуі шойын жолдың шалонына ілігіп, Түркібасы бекетін бетке ала діттеп, туған жерге тартты. Емешегі езіліп, аңсағандайын ағайын көрінбеген. Байшымыр байдан тартып алып, талан-таражға салған малдың тамтығы қалмаған. Алты жүздей жылқының тұқымынан тұлдыр жоқ Калинин намын алған артель белсенділерінің астындағы жауырын ауырсынған жаман жабылар мен жамбас сүйектері шодырайып, омыртқалары опырайған ортақ өгіздер ғана.
Бірер жылдан соң шешесінен де айырылды. Анасының көзі тірісіндегі көрген күні ұжмақ екен. Тағы да бірер жыл өтер-өтпесте қара жұмыстан қажалған Қыбырай, санасынан сызғыра соққан өкпектен өлеусіреген Қыбырай, Байшымыр байдың баласы тексізденіп-таусылып, біржолата бақыр басты бақташыға айналып кеткен. Рахмет, айналайын сәбет өкіметі Бадамсай бойынан әлемге әйгілі кешенді перме салып, Калинин шалдың да, қазақтың да абыройын асырды ғой...
Қыбырай қысқаша ғұмырбаянын күбірлеп айтып алып, мына тұрысы түсі емес, өңі екендігін, өзінің әлі соншалықты санасына сызаттар түсіп, есінен адасып, жадынан жаңылыса қоймағанын бүкіл Бадамсай бойына, қираған пермеге, аспан асты, жер үстіне алабөтен асыла қалған ала жіпке дәлелдеп бақты. Әкесі Байшымыр марқұм Өзбекстанның атышулы аймағында, Қыбырай дейтін жерінде жатыр. Әтілес көйлекпен көмкеріліп ол жақта кап кеткен әкпесі тырс етіп хат-хабарын білдірмеді, бұл жақтағы бақташы інісі іздемеді. Кей-кейде, Бадамсайдың қияларында қиялданып отырған шақтарында, сол жаққа бір барып, Иірқастың иініндегі батыр бабалар қорымында жатқан әкесіне құран оқытып, бет сипап, Аққабақ әулие кесенесінің орнына зиярат жасап, Анайды айналып, Бозсуға шомылып, Қарасуды кешіп, Бұзғұн-Бураға көз тойғызып, балалық шақтан елес боп қалған суреттерге бір тоғайып қайтпаққа оқталатын-ды. Тіпті тереңірек тебіренетін сәттерінде перзенттік парызы қозып кетіп, әкесінің асыл сүйегін әкеліп, Бадамсайдың беткейіндегі Білге қаған ұрпағы саналатын Түркібасы мазаратына қоспаққа бейілденіп, қаны қызатын. Қу тірлік қайдан босатсын, мұның әкесі кімнің шікірәсі, соншалықты?! Жүздеген, мындаған байдың бірі ғана шығар. Мұстақылдық мұратындай Мұстафа Шоқай қайда жатыр? Әкесінің әңгімесінен құлағында қалған, түртінектеп оқитын. Кенесары ханның басы һәм ту-у-у Петрамбордың Кунсткамерасындағы құнысқан темір сөренің астындағы текпішекте шегендеулі, құрсаулы дейтін. Қап тауынан шыққан қаһарлы Қажымұрат баһадүрдің басымен қатар жатқан көрінеді, торсық шекелерін түйістіріп, тоз-тозы шығып, бет-беттеріне бытырап кеткен ұрпақтарын қайрағылары келгендей кей-кейде тістерін шықырлатады-мыс.
Мінекиіңіз, байқайсыз-ау, Қыбырайды қаншалықты қатардағы бақташы һәм күзетші деп кемсіте қарағаныңызбен, бұл кісі өз бетінше оқып, түртінектеп жүріп-ақ осы күнгі бірден бес-алты академияның академигі саналатындардың санын соқтырып кетуі де бек бәлкім. Бұл жетістіктері үшін Калинин намындағы ұжымшардың кешенді пермесіндегі қызыл мүйістің сөре-сөре кітаптары мен қат-қабат газет-журналдарына мың да бір рахмет айтады.
Қыбырай қаншама қамырықты, қамығыңқы күй кешкенімен, мына түнгі құбылысты түсінбестей түйсіксіз емес-ті. Алайда, адам мен ғалам арасындағы жыпырлаған жіптердің, триллион талшықтың тап біреуі, алаштарша айтқанда, ала жібі түп-тура өзінің қара шаңырағы, қора-қотаны арқылы өтер-ау деп ойлай қоймаған. Қыбырай Байшымырұлы ділінің таты жуылып, татымы артқанын аңдады. Жаратқанға жалбарынып, білгенін күбірлеп, беті-жүзін сипады. Аспан шеті, жер жиегі қиылысып, беттесетін Бадамсай биігі тұсынан Білге қаған ұрпағы Байшымыр байдың өткір жанары қадала бір қарап өткендей көрінді. Қыбырай өз жаратылысының һәм қақ жарылып, ала жіпке ұқсағанын ұғынды. Ала жіп ширатылуынан танбады. Шексіз бұрап, көп қинаған соң оңа ма, сірә? Бірте-бірте керме жіптің әр тұсынан шилыққан шіңкілдер жиілеп, түте-түтесі шықпақка кетті. Алдымен ала жіптің ак бөлігі ірігендей, іртік-іртік айрандайын ағып-ағып сорғалады. Сосын сұрқайлана сұлбаланғанқараөзеккежеттікезек.Арқаныңыздың қарақошқыл бөлігі жиырыла жидіп жоғалғанда, былтыр ғана Боткин ауруы асқынып кетіп, бауырын іріте құсып барып қайтыс болған, өлерінде қатты қиналып, азапқа түскен перменің бастығы көз алдына келді. Ала арқаныңызсөйте-сөйте сетіней шетінеп, біржолата көзден ғайыптанғанда, алабұртқан ауылы Аққұзар асып, қираған перме қалашығы Бадамсай басып, безіп жөнелетіндей-ақ зәресі ұшты. Басы зеңіп, көз алды тұманыта тылсым тартты. Шөптің үйіндісіне сүйенген күйі көзін тарс жұмды.
Сәлден соң қайта ашып еді, жапалақтаған қарды көрді. Көк тебіндеп, шырыш жапырақ шығарғанда жауатын ақырғы аппақ қар. Қыбырай қунап сала берді сол бір сәт. Осындайда ерте тұрып, пермеге бара жататын. Қайран кешенді перменің ақ шағаладай үйлеріне ақ желең киген қыз-келіншектер кіріп-шығып, шығып-кіріп жүрер еді-ау. Солармен араласып кетіп, күннің қалай өткенін, кештің қалай батқанын аңғара да бермес-ті.



* * *

Перменің асыл тұқымды сиырлары күйіс қайыруға кіріскенде, аудан жақтан насихатшылар мен үгітшілер келетін. Қызыл мүйісте кейде саяси сабақ, кейде экономикалық сабақ өтілетін. Оған негізінен партия ұйымының, кәсіподақтың төменгі буындарының өкілдері, мал мамандары, перме бастығы қатысатын. Бақташылардың бірқатары да тізімге тіркелген. Сұрқай тағдырдың сумаң желі сан жылдар тынбастан сызғырласа-дағы сана түкпірінде сәуе қоламтасы қалған екен-дағы. Насихатшылар мен үгітшілер қаншама қайсар қайрат жұмсап-ақ бағады-ау, бірақ мұның құлағына олардың сөзі оншалықты кіріңкіремейді. Оның орнына әлдебір сирек кездесетін жорналды жасырып қарап, көбінесе: «Сол күні Күнеп тауы бетін бұлтпен бүркеп алып, үнсіз жылады. Бүкіл тау халқы жылады. Еңкейген кәрі де жылады, еңбектеген өрен де жылады. Сол күні ай тұтылды...» дегендей, жан-жүректі жұлқитын үзіндіні әлсін-әлсін қайталай күбірлеп отырады. Бірсін-бірсін, әлсін-әлсін бұл үзіндіні жатқа айтатын-ды. Қап тауының қайран ерені имам Шәміл ұсталғанда оның адал да абзал жылнамашысы Қажы Әли жазған деседі. Кемелденген социализмнің ерекшеліктеріне арналған саяси сабақ одан әрмен созыла түседі. Қызыл мүйістің қабырғасына ілінген түрлі-түсті плакаттар мен көрнекі құралдар жалқындана алаулайтын. Ал, бақташы Қыбырайдың көз алдына кісенделіп кетіп бара жатқан Байшымыр бай келеді ғой, баяғы. Аққұзар-дағы Күнеп тауы секілді күңіренбесе де, тұманыта түнеріп, қайғырған шығар-ау. Бадамсай бойы қимай-қимай қабарып, қабырғасы сегіле өкінген болар. Имам Шәмілдің Қажы Әлиі секілді жазба қалдырған жылнамашы шықпапты ғой бұл өңірден.
Сөйтіп, Қыбырай Байшымырұлы да, қазақтың аса атақты бір жазушысының қаламы шебер шымшып көрсеткендей, кемелденген социализм империясынан егемен елге қалайынша аттап-пұттап, деп-демде өтіп кеткенін бағамдап үлгергенше, жылдарыңыз жылжып-сусып өтіпті де кетіпті. Байшымырдың байлығы секілді Калинин атындағы ұжымшардың малы да ту-талапайға түсті емес пе?! Тек ауру делінген біраз тана-торпақ қана тозғыннан тоқтаңқырап тұрыпты.
Қыбырайдың өзі һәм түбіркүлөз болып шықты. Жергілікті аурухана анықтап, тітіркеністі тізімге тіркеп, есіркейтіндей есепке қойып отыр. Адам деген алпыс жеті жасында түбіркүлөз бола ма?! Сонау заманда тауарлы-сүт пермесіне бақташы болып кірерде он тоғыздан жаңа асқан-ды. Тексерді әбден. Түк те демеген. Одан кейін бірде бақташылармен бірге, екіншіде сауыншылармен бірге, кейде әжептеуір-ақ белсенділердің арасында, жыл сайын дәрігерлік байқаудан өткізетін-ді. Сап-сау келе жатқан, ендігісі нендей оттау, қандай күйсеу?! Тәңірге тәубе, о баста байдың баласы болған, тұқымында түбіркүлөз жоқ екен. Әкесі жер аударылып кеткен жағында да текті тұрмыстан танбаған. Қыбырайдың өзі елге қайта оралып, кедейден шыққан Кеуіртбектің әкпесі Қиянгүлді алды. Кедей қызының кейін тартқылап, пейілін тарылтып, көгереңдейтіні бар, сонда-дағы ішім-жемнен кенделік көрген емес. Табан астынан ауылдағы амболатория тексеруге шақыртып, түбіркүлөздің тізіміне тіркеді де тастады. Тап сол күні бала-шағасымен түп-түгел теледидар көріп отырды. Қас қылғандай, тәуелсіз республикамыздың денсаулық сақтау министрлігінің бір басшы шенеунігі көгілдір экранға шыға келді. Түп-тура түбіркүлөз туралы әңгімені бастап кеп жіберсін.
«Қазақстан Республикасында соңғы жылдары түбіркүлөз сырқаты қатты өршіп барады. Қазір еліміз бойынша алпыс мыңнан астам адам осы дертке шалдығып отыр. Былтыр, яғни бір мың да тоғыз жүз тоқсан алтыншы жылы төрт мың адам түбіркүлөзден қайтыс болды, үш мың адам мүгедектер қатарына қосылды», — деді жаңағы басшы кісіміз. Ол шіркіннің өзінің түрі де оншама оңып тұрған жоқ. Не-е-е, халықтың ауруға көптеп шалдығып жатқанына жаны шырылдап, шындап қиналады. Не-е-е, әлгі айтқан алпыс мыңның біреуі осы сұңқиғаныңның өзі секілді-ау. Деп ойлағаны сол еді, министрліктің дөкейі егемен елімізді былайырақ қалдырып, уһілеп-аһылап алды-дағы, уәлаяттарға көшті. «Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген түбіркүлөз ауруларының саны үшжарым мың, ал тіркелмегені, тексерілмегені қаншама?» — деді терең күрсініп.
— Тексеріліп, тіркеліп кеп отырмыз ғой, — деді бұл. — Қарық қылсаңшы енді.
Қыбырайдың жүйкесі жұқарыңқырап, айнала-төңірегіне барлау жасап байқады сол күні. Қиянгүл қырын қарап, теледидарға тесіле телміреді-әй, жүдә бар ғой. Үлкен келіні сыр бермеген кейіпте дастархан жинамаққа асықты.
— Түбіркүлөзге қарағанда, техниканың апатынан, қасақана кісі өлтіруден, сыбайласқан қылмыстан әлдеқайда көп адам қырылып жатыр, мыналардың милары соған неге қатпайды? Жүдә, бұ бейшаралар сол түбіркүлөздің түбір төркінін неге тексеріп, тегін неге анықтап, айқындамайды? Неден екеніне неге назар жықпайды осы? — деді Қыбырай күйіп-пісіп. Қиянгүл сол қиястау отырған күйінде, бұған бетін де бұрмастан, орнынан ауырлау қозғалып, түрегелді. Бала-шаға һәм көзді ашып-жұмғанша шешелерінің ыңғайына бейімделе бастағандай ма, марғауланып, салқын тартып бара жатқандай көрінді.
Содан бермен қарата төрт ай өткен-ді.
Төрт айдан бері Қиянгүл төсегін белек салмаса-дағы, ыдыс-аяғын бөлмесе-дағы, тап түндегідей табан астынан теріс қарап, тас бүркеніп жатуды жиілеткен.
Таң ата мал жайғады. Дегелектің қары астынан жасыл көк жарқырайды, шырыш жапырағынан шық сырғанайды. «Түк те түбіркүлөз емеспін!» — деді үйіне қарай беттеп.
Таңертеңгі шай үстінде тоңазыған сүбе қабырғаның қос елідей майын қиялай кесіп жеп, түнде түк көрмегендей, түк болмағандай, жадыраңқы жағдайда отырды. Қабақтары домбығыңқы Қиянгүлге де, кедейден шыққан Кеуіртбектің жиендеріне де пысқырмады.
Шай ішіліп болған соң:
«Сендер енді мені іздемеңдер, ауылдың амбалаториясына һәм, аудандарыңа һәм иланбаймын, не Шымкентке, не Ташкентке барып тексерілем. Төрт ай бойы «еһе-еһе» деп екі мәрте жөтелген жоқпын. Алпыс жеті жасқа жеткенде кайдан пайда болған түбіркүлөз бұл? Анықтамай қайтпан!» — деген мәлімдеме жасады. Отбасы деп аталатын шағын мемлекет мүшелеріне мағлұмдалған осынау мәлімдемеге қосымша ретінде қираған пермеде қалған, түбіркүлөз деп табылған жетпіс шақты ірі қараны тексертуге де әрекет жасайтынын үстеп қосқан.
Қыбырай Байшымырұлы Бадамсайдағы ауылдан едәуір ұзап шығып, қия-қияларды бунаған бозғылт соқпақтардың бірінен-біріне ауысып, долана түбіне аялдап, артына бұрылып ұзақ қарады. Түндегі ала арқанның орнында жіп-жіңішке, буалдыр бір сағым ғана ілініп тұр екен. Алуан-алуан ойларға беріліп, алтыншы қырдан асып өткенін де білмей қалыпты. Ойпаңбелдің тегістігінде, Алматы-Ташкент жолының жиегінде жолкөлік күтті. Лажы болса, сәті түссе, Шымкент шаһарын шиырламай, Ташкентке тура тартпақшы. Одан әрмен кіндігін кескен, туып-ескен Өзбекстанның қайран да қайран Қыбырайы қайдасың, демекші. Інжәпия бюджетіне бек сенімді.
Кенет Құдықсайдың қызыл тастақты қиясынан мотоциклмен көтеріліп келе жатқан Кеуіртбек көрінді. «Осы Штирлицтің көзіне түспей-ақ коюым керек-ті»,— деп қуыстанды Қыбырай. Амалы нешік, қашып құтылуы қиынырақ. Кіділене кіржиген қайнысы:
— Немене, таң азаннан не бәле көрінді? Жападан-жалғыз қайда қашып барасың? — деді.
— Қазекем жол болсын дейтұғұн,— деді Қыбырай. — Қыран асып, белең басып, не тындырып жүрсің өзің?
— Жездекейді шығарып салмаймыз ба? Қыбырай тұманы таманында көміп кеткен алтындары бар деуші еді...
Жездекейі сөз шығындамай, тамағын кенеумен тына салды.
Жасыл желектің бетінде қар қалмай, сай-саланың табанымен су сылдырай бастағанда, Қыбырай көгілдір түсті, тұрпаты келісті темір көлікке отырды. Кеуіртбек қолын бұлғады.



* * *

Қыбырайдың сапары шеккі бола қойған жоқ. Сәл-пәл абыржығанын, адасыңқырағанын айтпағанда, күн сайын дерлік түсіне кіретін бала кезін кинодан кергендей күй кешті. Бір қызығы сол, ол жақта бір сүйемдей де бос жатқан жер болмас екен. Бір қуанғаны, Байшымыр байдың аты-жөнін, істері мен іздерін, қадірмен қасиеттерін ұмытпаған көзі тірі бір-екі кәриені көрді. Алпыс жетідемін деместен, дамбалының балағын түріп, Бозсуды кешіп байқады, Бұзғұн-Бураның баурайларын армансыз аралап, беткейлеріне ентікпей-ақ көтерілді. Қарабастың қапталынан сызып өтетін үлкен каналдың жиегінде отырып, өткен-кеткендерге құран оқытты. Бетон көпір астында Қарасу сыңсып ағып жатты. Отыз жылдан бермен қарата бақилық болған пенделер осы Қарабастың қиясына жерленеді екен. Иірқастың иініндегі баяғы ескі қорымдар әлдеқашан тегістеліп, егістікке айналып кетіпті. Шит себу науқаны қызу жүріп жатыпты. Байшымыр байдың асыл сүйегі де мақталықтың астында қалыпты. Амалы қанша, бәлкім, бұның өзінің, бала-шағасының, елі-жұртының киім-кешектері сол Байшымырдың текті сүйегі үстіндегі қарақошқыл, құнарлы һәм құйқалы топырақтан өсіп-өніп шығатын ақ ұлпа мақтадан тоқылып, тігіліп барып жүрген болар ма? Пенде шіркін топырақтан жаралады, топыраққа қосылады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсыншы, Бадамсайдан қуылған қайран әке! Әкем! Деп күбірлеп алып, айнала қоршап отырған жиендерінен де ұялмастан, мұстақыл Өзбекстан жәмиғатының, үлкенінен кішісіне дейін аса ұстамды, аса жинақы, аса сергек, тым тақуа келетіндігін көріп-біле тұра, түк те тартынбастан, қазақша еңіреп тұрып жылады. Көз жасын тия алмаған күйінде марқұм боп кеткен әкпесі мен жездесінің жер томпайтып жатқан жерлеріне де барды. Тізе бүкті, тәу етті.
Бір жиені сол Қыбырай тұманында (ауданында) әкімнің орынбасары екен. Үш күндей мейман болып, қазақ мәтеліндегідей, құттан жұтқа айналмай тұрғанда, сары ноқат пен қоңыр мейіз қосып пісірілген палауға тойып алып, Қыбырай-ака қайтадан жолға жиналды. Тұман (аудан) әкімінің орынбасары арнайы мәшине дайындап, тағасын (нағашысын) тұп-тура Бадамсайдың беткейіндегі үйіне дейін жеткізетінін айтқанда, Қыбырай-акаңыздың төбесі берекелі баһардың (көктемнің) мөлдіреген көгілдір аспанына екі елі ғана тимей тұрды. Бірақ өзінің інжәпия-құпиясына сәйкес:
— Жоқ, жиенжан, тағаңызды тым тайраңдата берместен, Шымкентке жеткізсеңіздер жетеді, уәлаят басында бір аса тығыз шаруам бар, — деп, бурыл мұртын баппен сипады.
Кіндік кескен, туып-өскен жерін қимай-қимай, ұзак-ұзақ қарай берді. Қайтатын сәтінде шит себілген мақталықтың жиегінде, тұт ағашының түбінде жападан-жалғыз тұрып, көсіліп жатқан кең жазыққа тұп-тура Бадамсайға қадалғанындай ұзақ тесілді.
— Қош енді, Қарақия, Қарашаңырақ Қарабас! — деді Қыбырай.
— Игілікке кенеле бер, Иірқас! — деді тағы да.
— Анай әулие! Әкемнің, әкетайымның жатқан тұсынан техниканы абайлаңқырап өткізші, өзгеше бір өтінішім сол! — деді жанарына жас толып, тамағына мақта тығылғандай тұншығып тұрып, құлап түсе жаздап.
— Бұзғұн-Бура, Қарасу! Баһар келген сайын ботана боп боздайтын менің Бозсуым! Қайта айналып көрермін бе, әлде көрмеспін бе?! Қайыр-қош, қапа болмаңдар, — деп кемсеңдеді. Сөйтіп, жәмиғат ортасына жылы ғана жымиыспен өзгеріп оралды. Күлімсіреп аттанбаса, болмайды. Қанша дегенмен, бөлек мемлекет қой бұл.
— Қапа бомаң, таға! — деді жиендері. — Жаз шықса, құдаһ қаласа, барып қалармыз. Іздеп келгеніңіз жүдә һәм жақсы болды. Лекин, кінә біз тараптан боп тұрыпты. Өзіміз іздеп баруымыз керек еді. Қапа бомаң, тағасы!
Түбіркүлөз турасында тіс жармады әдейі. Ұят қой. Ташкентте тексерілмекке бір оқталыңқырады да, адасып кетуден қорықты. Қанша бауырлас болғанмен, басқа мемлекет екені және бар. Қарлығаш әулие — Төле бидің кесенесіне, баяғыда шешесімен бірге талай-талай түнеген күмбезге тәу етіп, құран оқытты. Бір сағаттай айналыл жүріп, шөп-шаламнан тазартты, алып тұттың түбінде отырып, мінәжат жасады. Өз уәлаятының орталығы Шымкент шаһарының шетіне ілігіп, әкім жиені жіберген темір көлік иесімен ыстық ықыласты жағдайда қоштасты. Ташкенттегідей Шымкент шаһарының шиесі де шешек атып қалған екен. Алғаш кездескен қазақтан атақты түбіркүлөз ауруханасын сұрады. Ауылына қарай шығатын жолдағы акация бауының ішінде жыпырлаған ақ үйлер тізілетін. Атышулы аурухана сол екен. Інжәпия бюджетінде қалған қаржының арқасында ауруханадағылар асты-үстіне түсіп, үш күндей жатқызып қойып, толық тексеруден өткізді. Сосын:
— Сізде түк те жоқ, ақсақал, — десті.
— Түк жоғы қалай? — деді Қыбырай.
— Солай, ештеңе қалмаған, — деді ақ халатты абзал жан. — Егер бұрындары болса, түк те қалмаған.
— Түсініңкіремей отырмын, — деді Қыбырай қатты сасып. — Сонда мына менің қос өкпемнен де түк қалмаған ба? Өкпесіз қалай жүрмін?!
— Ой, сіз түсінбей отыр екенсіз ғой, ақсақал. Өкпеңіз жас баланыкіндей, тап-таза. Түбіркүлөз жоқ сізде. Болмаған да. Болса, қалмаған да.
— Сонда қалай?
— Солай.
— Ойбай-ау, ауылдағы амбалатория анықтап, тізімге тіркеген, төрт ай бұрынғы түбіркүлөзім қайда кетті, а?!
— Біз қайдан білейік, ақсақал. Жоқ дедік қой, жоқ, тап-таза.
— Қайда кетуі мүмкін, а? Таза ауа, майлы жүздеме, айналайын ағарған көзін тұздай құртты ма, әлде? Бәлкім...
— Бәлкім-бәлкім, — деді дәрігер.
— Таптым-таптым! — деді Қыбырай Байшымырұлы.
— Нені?! Нені таптыңыз? — деді дәрігері.
— Бәлкім, біздің ауылдағы амбалаторияның рентгенінде бір запшасты болмай қалып, сап-сау өкпемді қап-қара етіп көрсеткен шығар-ау, ә? Бәлкім бе, осыным?
— Бәлкім, ақсақал, бүгінде бәрі-бәрі бәлкім ғой, — деді дәрігер.
— Сол ғой, — деді Қыбырай. — Солай ғой, балам. Барлық жерде запшасты жетіспейді. Әй, өздеріңде түгел ме еді, әйтеуір? Запшастыларыңды айтам?
— Түгел, ақсақал, бізде әзірше бәрі түгел-түзу боп тұр.
Шытырлаған талдау қағаздарын, түбіркүлөзден мұқым таза деген анықтаманы қаттап алып, інжәпия бюджетінен босап қалған әмиянын қойын қалтасына салып, қош айтысты тағы да. Аяқ-қолының қақсап, кеміріп жеп қоя жаздайтыны жасының жетпіске таянуына және өмір бойы өліп-өшіп бақташы һәм күзетші болуына байланысты екен. Күтініп, курорттарға, сақтанып, санаторийлерге көбірек барғаны жөн.
Арада апта өткенде, Қыбырай Бадамсайға қайтып оралды. Асфальт жолдың жиегінде шет елдік сусыма көліктен түсіп қалды. Жасыл көк желкілдеп үлгеріпті. Алты қырдан қайталай асып, ауылына да жақындады. Жылдар бойы көрмегендей, көзіне ыстық жас үйірілді. Өзбекстан таманындағы туған жерін ойласа, одан сайын өксігі қысатындай күйде келеді. Қия беткейде қой-ешкісіне коса үш-төрт тана-торпақ бағып жүрген Қиянгүлді көрді. «Қанша дегенмен, теріс қарап, тас бүркенгенмен, қимайды ғой сорлы. Күтіп, қарайлап, қия бетте жүргенін қарашы Қиянгүлімнің» — деп, бұрынғыдан бетер қаттырақ толқып кеткені, — Ал, мына қойы-қой, ешкісі-ешкі; тана-торпақтар қайдан келген?»
Қиянгүл шырынды шырыштан тайғанай жығыла жаздап, күйеуіне қарай асыға жорғалады.
— Барсың ба?! — деп, жылап жіберді. Екеуі де егілісе құшақтасып біраз тұрды.
Кедей қызының бурылдау тартқан самай шашы сәл киізденіп кеткенімен, иісі тәп-тәуір, жағымды сезілді. Қыбырай қатынының басын кеудесіне қысып-қысып қойды. «Түбіркүлөзден тап-таза» деген анықтаманы, шыдай алмастан, шытырлата суырып алып, қосағының көз алдына тосты.
Қиянгүл күйеуінің түбіркүлөзіне емес, жарты ғасыр бойы бейнеттері сіңген Калинин намындағы ұжымшардан бір сабақ жіп тимегеніне ренжігенін айтты, қия беткейде шын сырын ашты. Мінекиіңіз, енді Қыбырай ауылдан кеткелі бір ғана аптаның ішінде талай өзгеріс болыпты. Тарап бітуге таянған ұжымшардың ең соңғы жетпісшақты ірі қарасы түгелімен түбіркүлөз дегендері де өтірік екен. Тізгін иелерінің ойлары ойран болып, қалған мал бөліске түсіп, қара ала төрт торпақ Қыбырай мен Қиянгүлге тиіпті. Қой-ешкімен қосып жайып жүргені — сол тиемел мал.
— Осы жерде жастық дәуренді бір еске түсірсек қайтеді? — деді Қыбырай алабұртып.
— Қойшы, ұят емес пе? — деп қызарақтады кедейдің қызы. Тап осы минөтте шық тұрған шырыш арасынан ала бел шыбыштың толғата бастағанын байқасып қалды бұлар. Жаңағы сезімдерін ұмыта, ұмтылыса жүгірді. Көпке бармай, шыбыштың шошақай құйрығы астынан ағараңдаған қос тұяқ, қоңырайған жұмсақ тұмсық көрінді. Қыбырай абайлап суырып алып, жасыл көкке жатқызды. Қиянгүл лақтың шаранасын сыпырып, құлағын үрледі. Шырыш арасындағы шыбыш бөрте лағын жалап-жұқтаудың орнына жантайып жатқан күйі тағы толғатты.
— Тіпә-тіпә! Шыбыштың егіз тапқанын көп жылдан бермен қарата көріп тұрғаным осы, — деді Қыбырай. — Тәңірім бізге де берейін, береке дарытайын дегендей ме?! Тіпә-тіпә! Менің қолым емес, Шекшек атаның қолы, кәне-кәне! Үн-де-ме-е-һе-е...
Айналадағы шырыштар шып-шып терлепті. Тұмса шыбыш мейірбан ғана мекіреніп, қос бөртесін кезек-кезек жалайды. Қиянгүл үй жаққа қайтып, қияда Қыбырай қалған. Өгіздің өлексесіндей арса-арса пермеге бұрылса болды, сүмірейе сүзіледі. Тамағын буып: «Қарағым-ай, қырға шығып пермеге қарадым-ай, а-а-ай», — деген үн құмығады. Тіпті сонау жасырақ кездері, қыстыгүндері көкпеңбек, хош иісі бұрқыраған пішенге, күздігүндері сары сабан, сағынышты маяға қыз-келіншектерді аунатып, алысып-жұлысып жүретін жылдары қараша қаздар секілденіп, көңіл аспанынан қанат қаға тізіліп бір өткендей.
Құдықсай тереңінен мотоцикл даусы естілді. Шаңдатып, Штирлиц-Кеуіртбек көрінді.
— Қалай, жезде? Ат-көлік аман ба? Көрші мемлекеттің кедендері берік деуші еді, көшің үзілмей-жұлынбай өтті ме? Жұлмаланбай жетті ме? — деп термелетіп жөнелді балдызы. Сөйтіп тұрып, артына жалт қарап, шошып кетті. — Ойбай, біздің қатын қайда?! Артымда отыр еді ғой түйенің жарты етіндей боп?! Құдықсайдың шеттігі бөрткен беткейінен Кеуіртбектің қатыны да көрінген.
— Гүл теріп, жайбарақат келе жатыр ғой келінжан, — деді Қыбырай.
— Ай, атаңа нәлет-ай! Жаңа анау Амансайдағы арықтың орнынан өте бергенде, сол жер өзі әлі кеппеген екен, шоңқиып қалып, қара қатынға: «Дәу! Жерге тіре аяқтарыңды! Тығылдық!» деп едім. Сорлы дәуім сол күйі, аяқтарын арықтың жиегіне тіреп, талтайып қап кеткен екен де... Арықта талтайып тұрып, нарыққа қалай ілесеміз біз байғұс...
«Штирлиц бүгін тым шешен ғой жүдә» деп ойлаған күйі Қыбырай перме жаққа қадалған жанарын ажырата алар емес.
— Жездежан! Мына сіз бен біз бар ғой, кешенді перменің кемелденген патриоттары едік, — деді Кеуіртбек одан әрмен таң қалдыра ой түйгіштеп. — Енді егемен еліміздің патриоттары болып қайтадан қалыптасқанымызша қай заман? Оған шейін кім бар, кім жоқ?
«Кедейден шыққан Кеуіртбек» деп, аудандық «Социалистік егінші» газеті талай-талай жазып еді, енді ол жағын тұспалдасаң, бұл намыстанады. Мұның һәм түбінде бір тәуір әулеттер болғанға ұқсайды. Өзінің өзеурей дәлелдеуі солай. Сәбет тұсындағы жетпіс төрт жыл бойы қазақтардың түп-тұқияндары түп-түгел кедей-кешпік, малай-батырақ болып жазылушы еді. Бүгінде бәрі байдан, батырдан, биден, тіпті хан тұқымынан шыққанбыз, деседі-ай келіп. Негіздеріне тартып, тезірек түзелгей-дағы, әйтеуір.
Сол күні кешкісін Қыбырайдың үйінде әжептеуір отырыс болды. Оны Кеуіртбек қысқаша сөзбен ашып, жездесінің көршілес мұстақыл мемлекеттен есен-аман оралып отырғанын, уәлаят орталығы Шымкенттегілер жан-жақты тексеріп, түбіркүлөзден түк те жоқ, тап-таза деп тапқанын айтып өтті. Дәу қара қатыны өзбекше би нөмірімен қызу құттықтады.
Кеш жаман болмады. Отырыстың ортасы ауа бастағанда шыдай алмай ішіңкірегендіктен, бақташылықтан күзетшілікке ауысқалы аузына арақ тигізбеген Қыбырай қызып қалып, бірталай өлең айтты:

О-о-оу, у-оу, қарағым-ай,
Қырға шығып, пермеге қара-а-адым-ай, а-а-ай!

Бадамсайдың бал татыр алабын-ай,
Кеуіртбектің бай болмақ талабын-ай.
Қаладайын, Мы-Ты-Пы, жайнаушы едің,
Қабырғаңды бір-бірлеп санадым-ай...

Желбір жекен кезімде желіп едім,
Барымды да, нарымды беріп едім.
Тымырайған Ты-Мы-Ды түк татырмай,
Түбіркүлөз болды ғой, елім менің...

О-о-оу, у-оу, қарағым-а-а-ай,
Қырға шығып, пермеге қара-а-адым-ай, а-а-ай.


ШЫҒАРМА

Ол кезде бұлардың кеңсесі Қошқарата бұлағының жарқабағындағы жарылғалы тұрған жалғыз үйдетұғын. Жалпыдан жырылған жалқыдайын құлазып отырғанында күтпеген жерден Проректор кірді. Әлі күнге дейін есінде ғой, ол кісінің кеңсені іздеп тауып алғаны, жетіп барғаны еңсесін одан әрмен езе түскен еді. «Бізді Васильевтің қуып тыққан жері осы болды», — деген бұл бұлақтың бойын булықтыра қайғыртқандай. «Таң қаламын, — деді сосын тағы да бұл. — Неге сонда оның бір басында төрт-бес кеңсесі болуы керек те, пақырлар коғамында ештеңе болмауы тиіс? Бәріміз бірдейміз, теңбіз дейтініміз қайда қалады сонда?»
Проректор мұны бірінші мәрте көріп тұрғандай таңдана қарап, көзін әзер тайдырып әкетіп, қоңыр үстелдің үстіндегі сарғайған газеттерді аударыстырған сыңайланды. Лауазымына сәйкес Проректор пақырлар қоғамы басқармасына мүше болып сайланатын. Жалпы, өзі өзге бастықтардай емес, ерекше елгезектеу, жан-жақтылау секілді. Бұлақ бойындағы бұлыңғыр бұлтты серпіп тастағандай бір күліп алды да:
— Мәселе кеңседе емес кой, Пақырдин, оны өзің дағы жақсы түсінесің, — деді Проректор.
— Мәселе кеңседе емес, — деді бұл да қызбалана түсіп. — Кеңседе емес, еңседе болып тұр ғой, аға! Бір түрлі еңсемді көтере алмай-ақ қойдым. Өзімді о дүниеде жүргендей сезінетінім бар осы күндері.
Проректор тіксініңкіреп қалғандай, сарғыш газеттерді ысырып қойып, шиқылдақ орындықты шегіндіріңкіреп отырды.
— Немене, о дүниені білуші ме едің? — деді ол енді өзімсінген, бірақ реніштілеу райда. — Әлде, барып қайтқандай жағдайың бар ма?
— Барып қайтпасам да білетін сияқтымын. Бұ дүниеден баз кешкеніме біраз уақыт өтіп кеткендей көрінеді де тұрады, — деді Пақырдин.
— «Шала дін мен қате пәннің» жемісіндей жалпыдан безіп, тіршіліктен түңіліп, тау кезіп кеткен, үңгір сағалап, қылуетке түскен шайырлар болған. Оларды өзің де жақсы білесің ғой сен. Соларға еліктеп жүрсің бе, әлде?
— Сопыларға солықтайтындай мен кім едім соншалық?
— Болмасаң да ұқсап бақ деген. Жә, жарайды, әнеукүнгі телефонмен айтқанымды ойландың ба өзің? Бір хабарын беремін деп ең, үн-түнсіз көшіп кетіпсің?
— Болмағанға болыспа деген ғой, аға. Сондай-сондайға жүдә жоқпын ғой. Өз бетімше тып-тыныш жүрген жан едім.
— Сені бола қалсын, тола салсын дейтіндей көлпалдық емес мына біздікі де. Жаманды-жақсылы көпшілікке танылыңқырап қалған адамсың. Қабылдау комиссиясының құрамында сендейлердің біреу-жарымы жүрсе, біздің жаққа сәл де болса сенім нығаяр дегендегі мақсаттағы. Ал саған өмірді, адамдарды әр түрлі жағдайларда зерттеп, біле түспектің өзі аз олжа саналмас, сірә?! Оның үстіне обкомның мүшесісің, — деп, қолпашпен қорытындылады Проректор.
— Тағы біразырақ ойланайыншы, аға, — деді бұл Проректорға тұнжыр қараған күйінен танбастан. — Тып-тыныш жүрсем деп едім. Қанша дегенмен...
— Ақылдылар ойланғанша, ақымақтар ісін бітіреді дегенді біздің Ректор жиі айтыңқырайды, — деді Проректор Пақырдиннің арқасынан қағып-қағып жіберіп, орнынан түрегеліп. — Ертең сол кісіге кіруіміз керек. Тып-тыныш жүру деген өзің айтқан о дүниеде болмаса, бұ дүниеде, әй, қайдам-ау, әй, қайдам. Көп ойланбаққа уақыт тар, таңертеңгі сағат сегізде күтемін.
Проректор жарылғалы тұрған жалғыз үйден асыға шығып, мұның маусым айында мұздаған қолын ықыласпен қысып, мәшинесіне қарата асыға жүгірді.
Неге екені белгісіз, сол көктемде ғана кенеттен қайтыс болған обкомның бірінші хатшысы көз алдынан кетпей-ақ қойғаны. Біреулер «өзін-өзі өлтіріпті» десті. Пақырдинге салса, олай болуы мүлде мүмкін емес секілді. Марқұм көзі тірі кезінде бір емес, екі-үш рет өзі шақыртып алып, арнайы қабылдап, пақырлар қоғамына оң көзімен қарайтынын байқатып-ақ еді. Жаңадан келген бірінші хатшы мұның жеке басының жағдайын, тұрмыс ахуалын, үй-күйін қаншама қадағалап сұраса дағы, бұл бір ауыз айтпай, тек қана қоғамның жағдаяттарын мағлұмдап, облыстың шаруашылық салаларын саралаған болып еді. Бір таңғаларлығы сол, бірінші хатшыны қайтыс болардан бір аптадай ғана бұрын көрген-ді. Тұп-тура тал түстің шамасытұғын. Обком үйінің алдындағы шыршалардың арасында кідіріп тұрыпты. Жайшылықтағы жайдарылығы жоқ, төбесінен сәуір айының күншуағы емес, көңіл құлазытатын қарасұр көлеңке құйылып тұрғандай көрінген-ді. Күн ашық еді, жаңа бүршік жара бастаған майда ағаштардың айналасындағы нәзікеш көгал бетінде әлсіз көбелектер көлбеңдей ұшқан шақта, аспан әлемінде, көк жүзінде шөкімдей бұлтыңыз жоқта, әлгі кісінің төбесінен, төтесінен шүйілгендей көрінген зілдей қара көлеңкені байқағаны растұғын. Тап сол сәтте айқын сезіне қоймаған да шығар-ау, алайда апта өтіп, ел желден бетер гулей жөнелгенде, бәрі-бәрі айна-қатесіз көз алдына оралып, суреттей орнап қалды. Қалып қойды кетпестен. Сол күні солғын амандасқаны да есіне түсті емес пе? Қарауытып қарағаны да. Обком үйінің алды сәуірдің ашық күнінде, тапа-тал түстің өзінде кенеттен күңгірт тартқаны да. Ана кісінің аяғын сылбыр басып бара жатқаны да. Көгілдір шыршалардың көгістене сұрқайланып, күреңіте жөнелгені де. Еңсесі түсіңкі бірінші хатшының екі жаққа қарай ашылатьш емен есікті екі-үш рет тартып, нәтиже шығара алмағанына налығандай, қайрансыз қорланғандай көзқарасы да. Ішкі жақтан қызыл жағалы, жап-жас, жирен шашты милиционердің жымия ыңғайсызданып шығып, есікті айқара ашқаны да.
Апта өткенде бірінші хатшы кенеттен қайтыс болды. Әр түрлі әңгіме шыға бастады. Кім не айтпады дейсіз сонда?!
Васильев сазарған, қансыз-сөлсіз күйінен танбады. Сөйтіп, бұлардың кеңсесі Қошқарата бұлағының бас жағындағы биік жарқабақ басына, жарылғалы тұрған жалғыз үйге көшірілді.
Васильевіңіз де, бұл да, яғни Пақырдин де обкомның мүшелері болып сайланғантұғын...
— А-а, кел-кел, обком мүшесі, — деп қарсы алды Ректор.
Пақырдин Проректорға тура сегізде барған еді. Ол кісі бұған Ректордың алдында өзін-өзі қалай ұстауы қажеттігін айтып, әлдеқалай ұнамайтын сөз ести қалса, көңілге алмай-ақ қойғанының, мүмкіндігінше қырсықпағанының жөн екендігін тәптіштеп түсіндірген. Ректордың жалпы алғанда, жаман адам еместігін, қазіргі (яғни сол кезді айтып тұр ғой, осыдан шамамен он жыл бұрынғы кез еді ғой) заманда үлкен оқу орнын басқарудың аса қиындап, күрделі тартып кеткенін, Ректор түгілім Проректор, Декан, тағысын-тағыларға дейін жүйкелері жүндей түтіліп, мына таянып кеп тұрған қабылдау науқаны біткенше жарым жастары кеміп кететінін ұғындырып баққан. Сондықтан да шығар, кең кабинеттегі, аса алыс көрінген қап-қара үстелдің арғы жағындағы ақ жейделі, қызылшырайлылау, жымсиыңқыраған Ректор бұған түсінікті сезілді.
— Біз сені жақсы білеміз, — деді Ректор Проректорға қарап. Проректор басын бірнеше мәрте шұлғып еді, Ректор бұған бұрылып, «әне, көрдің бе, мен тек шынды сөйлеп, ақиқатты айтамын» дегендей кейіппен, рахаттана шалқайды. — Қысқасы, біз сені қабылдау комиссиясының құрамына үлкен сеніммен, құрметпен ұсынып отырмыз. Жо-жоқ, қалай еді әлгі, сені ұсынып отырған жұртшылық деп есептеледі. — Ректор Проректорға көзін төңкеріңкірей қарап, тағы да мақұлдатты. — Түсіндің бе, сен нағыз халықтың адамысың. Сені халық ұсынған болып табылады, солай саналады (оқырманға осы күнгі газеттерше ескерту: кейіпкер сөзі жазбагер көкейіндегі сөзбен сәйкес келе бермеуі бек мүмкін). Ал қабылдау комиссиясының құрамына кіргізетін — мына біз. Түсіндің бе?
— Түсінеді ғой, — деді Проректор (тағы да оқырманға ескерту: кейіпкердің кейбір пікірі үшін жазбагер жауап бермейді).
— Бұл сенімнің, бұл құрметтің жауапкершілігін терең сезіне білу керек, — деді Ректор креслосын алдымен сол жаққа, сосын оң жаққа жартылай айналдыра шайқатылып. — Бұ жігіт негізінен шығармаларды тексерумен айналысады ғой, солай ма?
— Солай, өзінің мамандығы мен қабілетіне әбден сәйкес, — деді Проректор.
— Әне, көрдің бе? Біз қабылдау комиссиясына сырттан кіретін адамдарды қалай таңдап, қалай іріктейміз? — деп масаттанды Ректор селкілдей күліп. Одан әрі Ректор көзәйнегінің үстінен Проректорға, көзөйнегінің астынан бұған қарап, бірталай ақыл-кеңес айтыңқырады. Шығарма тексерудің оңай еместігін, жас талапкердің келешегіне балта шабуға болмайтынын, әсіресе, осы жазба жұмыстарынан арыз-шағымдардың өте көп түсетінін біразға созыңқырады. Сонымен қатар, қатаң талап қоймақ керек. Осы жасыратыны жоқ, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне құжат (ол кезде документ делінетін) тапсырушылардың тым-тым көп екендігін, бәрі осы факультетті оңай көретінін, ал шынтуайтына келгенде, бұл түсініктің түбірімен, мұқым ұшқарылығын, ең қиын, ең күрделі факультеттің филфак екендігін баян етті. Ректордың пікірінше, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін жеңіл көріп, оңай түспек оймен келушілер қатты қателеседі. Дәл сондайлардың көбінесе сауатсыз, шығарма жағына шорқақ болатыны — бесенеден белгілі нәрсе. Міне, сондықтан да оқу орнының басшылығы шығарма тексеру жұмысына бұл секілді адамдарды бекер-босқа таңдамайды.
Ректордың кабинетінен шыққанынша бірталай уақыт өтті. Ауызғы бөлмеде күтіп отырғандардың бәрі дерлік бұған дүние жүзіндегі ең бақытты адамға қарағандай қызыға аңтарылатындай. Проректор күте тұруы керектігін ескерткен-ді. Бір сағат өткенде бүкіл оқу орны бойынша қабылдау комиссияларының жиналысы басталды. Тағы да бір жарты сағат үзілістен соң факультет қабылдау комиссиясының отырысына қатысуына тура келді. Содан кейін пән жөніндегі комиссияның бас қосуы болып өтті. Одан соң шығарма тексерудің мән-мәнісі түсіндірілді.
Осылайша пақырлар қоғамының жетекшісі жоғары оқу орнындағы студенттер қабылдау науқанына араласып жүре берді емес пе.
Пән комиссиясының төрағасын бұл өзінше, іштей Пән-Төраға деп атай бастады. Пән-Төрағаның басы өте үлкен, бірақ жартылай жылтыр екен. Негізінен милық маңайынан жоғары қарата түк те жоқ, ал төмен жақты түгелдей биік жаққа жұмылдырып, атшаптырым алаңқайды селеу шөппен жапқандай әрекет жасаумен әлектенеді. Сондықтан сол қолы көбінесе төбесінде. Пән-Төраға талапкерлер (ол жылдары абитуриент дейтін) жазатын шығармаларды тексерудің жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Әрине, ол кісі алдымен Ректордың ескертпелеріне ерекше тоқталды. Әділдік болу керектігін, адам тағдыры ойыншық еместігін, алып-қашпа сөздердің шығуына жол бермеу турасында айтыңқырап етті. Ректор мен Проректор ғана емес, басқа да ішкі және сыртқы органдар тараптарынан қатаң қадағалау, түрлі тексеріс жүргізіледі. Қабылдау емтихандарының өзгелері бір бөлек, ал қазақ тілі мен әдебиетінен жазылатын шығарма өз алдына бір төбе. Әсіресе сырттан келгендер, өзге жақтан шақырылғандар абайласын.
Пән-Төраға шығармаларды тексеру кезінде қызыл қарындашты қалай пайдалану керектігін ежелеуге кірісті. Сәл ойланып, сол қолымен төбесін жауып жатқан шашының тегістігін тексеріп, үнсіз қалды дағы, артынша оң қолындағы қызыл қарындашты шошайтып, аспанға көтерді. Тап сондай қызыл қарындаштар шығарма тексерушілердің әрқайсысында жеткілікті болуы керек екен. Тек қана қызыл қарындаш. Басқалай жазба құралдарының ешқайсысы жарамайды.
— Бірінші орфографиялық қателердің, екінші пунктуациялық қателердің саны жазылып, сосын, әрине, стилистикалық қателер, шығарманың мән-мағынасы, мазмұны жан-жақты ескеріліп, бағасы қойылады, — деді Пән-Төраға. — Бағаны алдымен цифрмен, ал жақшаның ішіне сөзбен жазасыздар. Бәріңізге, әсіресе сырттан келгендерге ерекше ескертетін нәрсе...
Пән-Төраға тағы да қызыл қарындашты басынан асыра жоғары көтерді. Пақырдиннің көз алдына сол көктемде кенеттен қайтыс болған обкомның бірінші хатшысы, оның үстеліндегі мұқият ұшталған, түрлі-түсті шүпірлеген қарындаштар елестей жөнелгені. Пән-Төрағаның не айтып, не қойып тұрғанын бұл түк те естіместен, басқа дүниеге еніп кете барды.
Обкомның жаңа келген бірінші хатшысын ә дегеннен-ақ жұртшылық жылы қабылдаған-ды. Өзгелер секілді қырып-жоюдан бастамады, өзінен бұрынғы басшыны бір ауыз ғайбаттамады, кеткен кісінің сыртынан салқын қабақ та танытпаған. Әлбетте, бұлардың да маңдайына сыймады ғой, тірі жүргенде Васильевіңіз пақырлар қоғамын басынбас еді.
Бірінші хатшыны бүкіл облыс болып жерледі. Үлкен қала тұп-тұтас қара жамылып тұрды. Көше-көшенің бәрі адамға лық толып кетті. Марқұммен қоштасуға келушілерде шек жоқ секілді сезілді. Обком хатшысының денесі шаһардағы ең көрнекті үйге кіргізіліп, сәлден соң қоштасу рәсімі басталды. Жұртшылықтың тізбегінде бұл да бартұғын. Сәуірдің шуақтанып-ақ келген күні табан астынан суытты. Содан бір апта бұрынғы, мұның көз алдынан кетпестей сурет болып орнап қалған, жүректің түбін суылдата мұздатар қорқынышты қарасұр көлеңке бүкіл жердің жүзін сумаңдай шырмап алғандай еді.
Марқұмның табыты атақты ғимарат залының сахнасына орналастырылды. Айналасында туған-туыстары отырыпты. Ең шетіндегі қараторы жас әйелге көзі түскенде мұның жігері құм болып қоя бергені. Бірінші хатшыдан титімдей де айнымайды-ау, айнымайды. Мұндай да ұқсастық кездеседі екен дә. Тек ағасынан айнымайтыны ғана емес, Пақырдиннің жігерін құм еткен басқа да бірдеңе бар сияқтанған-ды. Бәрінен де қатты қайғырып, қабырғасы қайысып, егіле езіліп отырғаны да өз алдына, обком хатшысының қараторы қарындасы адам илана берместей жүдеу киінген екен. Бұл пақырыңыз киім-кешек дегеніңізге тап сол сәтте қалайынша қазбалай қарап, тінткілей таңырқағанына түсінбейді. Әрине, обкомның бірінші хатшысы түгілім, анау-мынау қатардағы қызметкерлерінің қарындастары һәм үлде мен бүлдеге оранып, үлпілдеп жүретіндіктен таңырқаған шығар. Ақжемденген қара етігіне, жұпыны қоңыр пальтосына қайталай күрсініп қарай бергенде, кенет хатшының қараторы қарындасы теңсетіле зарлап, Қараүлек шешенің Мамайды жоқтағанындай қобыз-әуенге салды-ай келіп. Қапияда қайтқан облыс басшысының Қараүлек-қарындасы айтқан жоқтау зары шаһардағы ең шырқау биік ғимараттың өзін теңселтіп жіберді. Үйіңіз де кәдімгі адамдар секілді шайқалады екен. Ағасынан айнымайтын Қараүлек-қарындастың сөзін онша естімеді бұл, ал жоқтау әуені: «А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай, А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...» деген күйінде құлағында қалып қойған.
— Сен, шырағым, мені тыңдап отырсың ба? — деген дауыстың қай тараптан естілгенін қиналыңқырай аңғарып, оқу орнының үйлері ортасындағы асфальт алаң құрсай қысып тұрған ақ теректен көзін әзер ажыратқан Пақырдин Пән-Төраға жаққа назарын жықты. Сөйтсе, ол кісі қызыл қарындашты биікке көтерген күйінде, бұған тесіле қарап тұрыпты. Тамағын кенеп, таңданысын жасырыңқыраған Пән-Төраға бүйдеді:
— Қалқам, біз сені білеміз, пақырлар қоғамын құрметтейміз. Сен түсінбегеніңді мына біздің сойқандардан сұрап алғын, жарай ма? Бұл сойқандар небір классикалық шығармаларды сойып салады. Мысалы, мына сары бала саған аға болады. Шығарма тексеруден алдына жан салмас. Институтты түп-түгел мойындатқан сойқанымыз — осы ағатайың.
Шегір көз сары бұған қарап, қадала тесілді. Аса мәдениетті мәнерде басын иіп қойды. Ағатайын бұл Қадалған деп ныспылады. Жалпы, жанамалап ат қоюға келгенде, Пақырдиніңіз мектептен бастап-ақ айтарлықтай қабілет танытқан-ды. Бір қызығы, сол қосымша есімдердің басым көпшілігі жұрттың жадына қонып, тіліне тұрақтап қалатын. Қадалған қайтадан бұрылып, қайтадан қадалыңқырады. Жүзі жұқалтаң сары болғандықтан, шегірден қоңырға табындау көзі көгілдірленіп кететіндей. Сәл жымиыңқыраса, мейірімсіз емес.
— Мен сені, інім, аздап біліңкіреймін, —деді Қадалған ағатайы жымия түсіп. — Пақырлар қоғамының бұрынғы жауапты хатшысы, марқұм ағамызбен бірқанша ұшырасулар ұйымдастырғанбыз. Балалардың тілін таба білетін, мінезі мінәйі, дауыс көтеріп сөйлемейтін, ешкімнің бетіне жел боп тимейтін жантұғын.
— Мен де оны қатты сыйлайтын едім, — деді Пән-Төрағаны онша менсініңкіремей, тіпті емтиханшылардың ешқайсысын онша мойындаңқырамай, маңғаз жүретін апайлары қасы-көзін кербездене жоғары көтермекке әрекеттеніп. — Өзі пақырлар десе, дегендей-ақ, байғұс оншама жарымай өтті-ау. Тәйірі, сендердің қоғамдарыңда не бар өзі? Түк те жоқ қой. Сол өзі тым ерте кетіп қалды-ау мына жалғаннан. Ана дүниеге де сондай жақсы адамдар керек білем ғой.
Осы пікірден пақырлар қоғамының бұрынғы жетекшісін не даттап отырғанын, не мақтап отырғанын біле алмай, басы қатқан Пақырдин апайына Тең-Төрайым деген атты тағуға мәжбүрленді. Себебі сол, кейде Пән-Төраға бір сөз айтса, Тең-Төрайым екі-үш есе асырыңқырап барып, әзер-әзер тоқтайды. Бір ғажабы, ондай-ондайлары өзіне жараспайды деу қиынырақ. Үлкен-кіші түп-түгел тыңдайтын секілденеді. Әңгіменің тақырыбы пақырлар қоғамынан қайтып, шығарма тексерудің ерекшеліктеріне қарай ойысқан. Пән-Төраға бірнеше жылдар ілгеріректегі оқиғаларды айна-қатесіз баян етіп өтті. Қызық-ақ екен, алайда енді қызып келе жатқанда, сол қолымен төбесін басып-басып, көп кідірістейтіні ыңғайсыздыққа соқтыра береді. Ондайда, әрине, Тең-Төрайым іліп алып кетер. Бастан кешкендерін тізбелеп, бірінен кейін бірін ағытып айта жөнелер. Бірақ құнығып тыңдай қойған ешкім жоқтай. Тек бет-жүзі қансыз-сөлсіздеу, жанары суықтау сезілетін жас ғалым жымсияды:
— Қайдам, апай, — деп мәймөңкелейді ол жігіт, — бізде тәжірибе мүлде жоқтың қасы. Былтыр тек ауызша емтиханға ғана қатыстық, шығарма тексеруге алғаш рет қосылып отырмыз, тек өздеріңізге сүйенеміз ғой, ардақты апай.
Әлбетте, бұл Пақырдиніңіз мектепте оқып жүрген жоқ, оныншы кластағы дәурен келмеске кеткен-дүр. Үлкен оқу орнында, беделді институтта шығарма тексеруге шақырылып отыр. Міне, сондықтан іштегінің бәрін бірдей сыртқа шығара беруге болмас. Жанама ныспы жағдаяттары да солай. Жаңағы жас ғалым әлі онша қалыптасып үлгере қоймаған жан екен-ау, дегенмен сазару жағын жан-жақты меңгерген. Сол себепті, Қадалғанға ұйқастыра Сазарған десе, ренжімес. Сырттай емес, іштей ғана атайды ғой бұл. Өзі ғана. Ал мына шетте, үнемі сәл күлімсіреп отыратын, сырттан шақырылған мұғалім келіншекті Сәл-Күлім деп атады.
— Сонымен, — деді Пән-Төраға үстелді тықылдатып, емтиханшылардың тыныштық сақтауын айрықша өтініп, — ең соңғы, ерекше ескеретін мәселені мен әлі айтқан жоқпын. «Бес» деген баға шығармаға мүлде қойылмайды. Естідіңіздер ме, қо-йыл-май-ды-ы-ы-ы. Сырттан шақырылған жолдастар, ерекше есте сақтаңдар. Тек алып бара жатқан жағдайда ғана, онда да тек Ректордың рұқсатымен қойылуы мүмкін. Бірақ соңғы оншақты жылдан бері ешқашан, ешқандай шығармаға «бес» деген баға қойылып көрген жоқ. «Бес» түгілім, «төрттің» өзін де абайлап, мына менімен, яки пән комиссиясының төрағасымен келісіп барып қоясыңдар. Негізінен сендердің қоятын бағаларың — «үш» пен «екі». Түсінікті ме?
— Түсінікті, — деді Сазарған.
— «Бес» қойып, өле алмай жүрміз бе? Оның несін айта бересіңдер осы, а? — деді Тең-Төрайым апайлары үстеме бояуларын үстел үстіне мұқияттап орналастырып отырып.
— «Екіні» ше, «екіні» ешкіммен келіспей-кеңеспей, қоя береміз бе? — деді Пақырдин.
— Пән комиссиясы төрағасының тапсырмасымен әрқайсың тексеретін шығармаларды негізінен мына мен бөліп беретін шығармын, — деді Қадалған суықтау жымиып. — Әрине, «екіні» кей-кейде сұраған жөн, келісіп-кеңескен артық болмайды. Ал көбінесе өз еріктеріңмен топырлата бересіңдер.
Сәл-Күлім сәл ғана күлімсіреп, сәл ғана күрсініңкіреп, бұған көз қиықтады. Бұл сәл ғана мұңайыңқырап, оған қарады. Сырттан шақырылған екеуі іштей ғана ұғысқандай, бірдеңелерді біліскендей. Бір кездері Сәл-Күлімнің қара шашы қалың болғанға ұқсайды, ендігі жұқарыңқыраса дағы, екі жарып, жылтырата тарап, төменгі жағын өрмелей термелеп, желкесіне түйіп қояды екен. Сол түйінді сәл-пәл қысып-қысып жөндеген Сәл-Күлім бұған тағы да бір бұрылыңқырап: «Әне, сол-ла-а-ай», — дегендей сезілген.
Екі күн өткенде бүкіл оқу орны бойынша қабылдау емтихандары басталды. Танертеңгі сағат сегізге жетпестен, арнайы куәлік қағазбен кіріп келе жатып, мұндағылардың үлкенінен бастап, ең-ең кішілеріне дейін адам танымастай өзгеріп, тас-түйін күйге түскенін байқамау мүмкін емес-ті. Өздері шығарма тексеруге тиісті аудиторияға жақындағанда, бұл да өзінің өзгешелене бастағанын сезінді. Соңғы айларда дел-сал жүретін денесі ыстық жаздың қапырық сапырған таңертеңгілігінде тоңазып, ширап, сергектеніп кетті.
Көршілес аудиторияда талапкерлер толы екен. Пән-Төраға шығарма жазудың тәртібін түсіндірердің алдында арнайы әзірленген, белгілі көлемдегі қағазды қолына алып, оның бастапқы тұсындағы көрсетілген орындарды қалай толтырудың жай-жапсарын тәптіштеді. Тең-Төрайым қасында отыр. Әрине, бұл жерде қабаттаса қоймас. Өзге емтиханшылар яки шығарма тексеретіндер талапкерлер орналасқан үстелдердің ара-арасында бәрін бақылап, қадағалап, қарап жүруге тиіс. Талапкерлер айтылған тапсырмаларды орындап, қағаздарының қажетті жерлерін толтырып біткенде, шығарма жазудың жағдаяттары әңгімеленді. Енді Пән-Төраға мен Тең-Төрайым қатарласа тұрған күйі сыртына мөр басылған құпия конвертті, яки пакетті ашуға кірісті. Бұл үшін талапкерлердің арасынан бір-екеуі шақырыльш, олар конверттің, яки пакеттің иланымды түрде жабық екендігіне, желімделгеніне, мөрленгеніне көз жеткізді. Сөйтіп барып, шығарма тақырыптары жасырылған пакет ашылып, белгілі болған үш тақырыпты үлкен, қоңыр тақтаға жазу Қадалғанға тапсырылды.
Осылайша, шығармалар жаздыру, оларды жинап алу және тексеру жұмыстары қызғын түрде жалғаса береді. Сәл-Күлім сәл күлімсірей отырып, сыбырлап қана сыр айтатынға айналды. Өзі ашқан құпияларды жеткізгенше асығатын-ды. Бұл да мылқау емес шығар-ау, аздап-аздап аңғарады ғой. Бірақ Сәл-Күлімнің байқағыштығына «бес» қоймау мүмкін емес-ті. Шығарма дегеніңізді жаздыруда бірталай әрекеттер жасалар, сірә. Олардың бірқатары кім-кімге де белгілі, түсінікті шығар. Қадалған мен Сазарған өзара одақтасып кетті. Жазылып біткен шығармаларды жинау үстінде бұл одақтың ым-жым жасайтыны не екен десе, Сәл-Күлімнің білгеніндей, бірінші бет нендей сөзбен немесе сөйлеммен басталып, немен аяқталатынын белгілеп, жаттап, әлде жазып алады екен дә. Басқа да толып жатқан әдіс-тәсілдері көп көрінеді, сырттан келген екеуінің ондай-ондайларға бас ауыртып нелері бар? Мына қызғын қызыққа қараңыз енді. Пән-Төраға мен Тең-Төрайым қабаттаса-таласа жарысып, шығармаларды түрлі-түрлі топтарға бөледі-ай келіп. «Неге соншама тесіле, телміре үңіледі, неліктен соншалықты сапырылыстыра сорттайды, ара-арасынан әлденелерді, әлдекімдерді іздегендей аласұра алақ-жұлақ етіседі?» — деп, қатты таңданатын-ды бұлар. Таңданатындай, қайран қалатындай себеп те жоқ емес қой. «Қанша қарап, тіміскілей тінткілегендерімен, шығарманың бірде-біреуіне талапкердің аты-жөні жазылмайды, тек «шифрлар» ғана қойылады емес пе?» — дейді ғой бұлар баяғы.
Пән-Төраға мен Тең-Төрайым әбден бөліп-бөліп, әрине, Қадалған қарыштай араласып, десте-десте етіп жиналған шығармаларды бұларға тапсырар. Бұлар әлгі шығармаларды алдарына алып, тексеруге кірісіп кетер. Тиемелін есептеп тексеретін Тең-Төрайым түкпірге барып, үн-түнсіз жұмысқа жегілер. Пән-Төраға көбінесе шығып кетіп қалатын. Бұл Сәл-Күлім екеуі алғашқы күндері кейбір шығармаларға «екі» қоюдың алдында қатты қайғырып, бірер тал шаштарын ағартып жүрді. Қадалған алғаш аздап ақылын айтыңқырады, кейіннен қатты-қатты ұрсып алды. Бірте-бірте бір күрсініп қойып, ерте бастан үкім шығарылған шығармаларды шетінен топырлата қыруға қолдары үйреніп бара жатты. Оның үстіне, обалы не керек, Ректор мен Проректор өте дұрыс айтыпты, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне келгендердің басым көпшілігі сөйлем құрай алмайтындар қатарынан екен. Неге екенін кім білсін, бұлар алғашқыда талапкерлер сауаттылығының тым-тым төмендігіне жүйкелерін жұқартса, кейіннен өздері қоятын «екі» деген бағаларды ақтау үшін бе, әйтеуір сол сауатсыздық синдромына қуанатынға кетті-ау.
Кәдімгі жұрттың жиі айта беретініндей, «шифр» бойынша, кімнің кім екендігін білмеген, мүлде сезбеген күйлерінде баға қояды бұлар. Бір топты біткеннен кейін Қадалғанның тікелей басшылығымен бедіміске (ведомость) түсіру ісі атқарылар. «Шифр» дегеніңіз екі әріп пен бір цифрдан құралар, одан соңғы сызыққа «екі», «үш» немесе «төрт» деген бағалардың бірі түсірілер. Осыдан соң «шапан кигізу», яғни емтихан парақшасын толтыру операциясы атқарылар. Міне, осынау парақшаңыздағы тиісті бағалар түсіріліп, «шапан кигізу» басталғанда ғана кімнің кім екендігі, қандай баға алғандығы, тіпті суретіне дейін айдан бетер анық, таудан бетер танық көрінер. Базбіреулер өздерінің өзгешелеу бір тірліктерінің сәттілігіне әбден көз жеткізіп, тәтті-шырын ыңылдарға берілер. Қадалған мен Сазарғанға дейін сыр беріңкіреп, қос алақандарын ысқылап, құшырлана құлшынар. Бұл, яки Пақырдин Сәл-Күлімнің көмегімен бедімістегі бос орындарға емтихан парақшасындағы талапкердің аты-жөнін, тегін (фамилиясын) жазып, әлгі парақшадағы нөмірін түсіріп, сосын қайтадан «шапанын» бөліп алып, Пән-Төрағаға өткізумен, қайта-қайта түгендеп санаумен әлектенер. Ертеңіне тағы да келесі, сосын тағы да кезекті топтарға шығарма жаздыруға кірісер. Ректор мен Проректор жалған сөйлемес, шынымен-ақ филология факультетіне түсуге тілек білдіргендердің шеті мен шегі көрінбес.
Мұрындарынан шаншылып, институттың табалдырығынан таң ата бере аттап, түн ортасы ауғанда қайтып жүрді. Көбінесе түскі тамақ ішуге де уақыт жоқтұғын. Ондайда Пән-Төраға Сазарғанды самсаға жұмсайды.
— Иә, өлеміз бе, бірдеңе әкелгін, ыстық су ұрттайық, — деп Қадалған қосылады. Сәл-Күлім шай қояды. Сазарған сол қансыз-сөлсіз күйінде шығып кетеді. Шай ішіп отырғанда Пән-Төраға терлеп-тепшіп, шешіліп, ара-арасында, шайдың қызуымен кейбір құпияларын ашып алатын.
— Әй, сендер ешкімге айтпаңдар-әй, — деді бірде ыстық су ұрттап отырғандарында, — мына екеуі бар ғой, нысап жоқ, ұят-аят жоқ нағыздың нағыздары екен-ай!
— Кімдерді, қай екеуін айтып отырсыз? — дейді Қадалған түк білмеген түр көрсетіп. — Үлкен екеуді тұспалдайсыз ба, ортаңғы егізді мезгейсіз бе? Түсінбеді халқыңыз.
— Үлкендерде нем бар менің, қозғайтын тақырыбым белгілі емес пе? — дейді Пән-Төраға. — Апайларың жоқта кішкене шер тарқатып жатқаным дағы.
Шынында да, Тең-Төрайым барда мұндай сырлар шертілмес, мына кісі шиеленер, шешілмес. Бұл жолы Пән-Төраға деканат пен кафедра аймақтарын айтыңқырап отыр-ау деп шамаласты бәрі де. Бұл болжам расқа шықты. Шығарма тексерушілер шаршап-шалдығып, күн бесіннен ауар шақтағы қапырыққа шыдай алмай, Қадалғанның ұсынысымен ыстық су ұрттасып отырғанда, деканат пен кафедра аймақтарының бас иелері жетіп кірді. Келе сала Пән-Төрағаны ортаға алды. Ол кісі алғаш кіржиіңкіреді. Бас иелердің дауыстары сыбырлағанның өзінде сыздаңқытұғын. Пән-Төрағаның көнбеске амалы жоқ, олар кеткен соң булыға қызарып, төбесіндегі селеулердің аралары ашылып, қолын бір-ақ сілтеді. Қадалған қасына жетті. Сәлден соң шегір көз доцент бұған келді.
— Пақырдин қалқам, — деді Қадалған сыпайы ғана сызылған үнмен көмкеріліп, — кей-кейде аз ғана артқа адымдап, қасапшылықтан шегінуге тура келеді. «ҚТ-37» мен «ҚТ-124» деген шығармаларды тауып алып, «екі» деген бағаларыңды «үшке» түзеуің керек-дүр.
Бұл үн-түнсіз. Қадалғанның бетіне тесірейіп қалса керек. Әлі баға түзетуді білмейтін еді. Шегір көз, жұқалтаң сары доцент ағасының жүзі талаурай қызарды. Шығармаларды лезде топ ішінен түртіп шығарып:
— Міне, былай, — деді ол, — мына үтірлерді шертіп-шертіп ырғытып жібересің, мына «ы» түсіп қалады дейміз, алайда тілші ғалымдарыңыздың өздері анығын білмейді. Тағы үш-төрт қатені көрмеген бола салғын. Сонымен бұл шығарма «үшке» өтеді де кетеді. Екіншісін де осындай әдіспен сүйреп шығарасың. Оп-оңай.
Екі шығарманы бірдей «екіден» «үшке» сүйреп өткізген күннің ертесіне бұл қатты ауырғандай хал кешіп отырған еді. Күтпеген жерден бір айрықша шығармаға кезікті емес пе?! Шығарма иесі өзінің таңдаған тақырыбына байланысты қазақтың жоқтауын, иә-иә, кәдімгі жоқтауды жазған екен. Жанр ретіндегі жоқтау ауыз әдебиетінің оқулықтарында оншама жүрек тербеп, көңіл қозғайтындай деңгейлерде жазылмаған ғой. Ал мына шығарма мүлде алабөтен-ді. Мысал келтіретін тұстарында шығарма иесінің ағасынан айырылған бүлдіршін қыз екендігі айқын аңғарылып тұрды. Пақырдиннің көз алдына қайта айналып, сәуір айындағы қаралы күн оралғаны. Жүдеу киімді қараторы әйел жоқтау айтып зарлайды:

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,
А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

Пақырлар қоғамының жетекшісі пендешілікке беріліп, марқұм обкомның бірінші хатшысы бола тұра, мынау өзінен айнымайтын, егіз туғаннан бетер ұқсайтын қараторы қарындасының киім-кешегін жөндеңкіреуге қалайынша жәрдем көрсете алмағанын ойлаған. Әлде осы бір хатшы өзге пенделерден мүлде бөлек, басқалардың біріне ұқсамас, кірсіз ақыл, кіршіксіз ардың адамы ма еді? Шынымен-ақ? Сол арына абайсызда аз ғана дақ түсіріп алып, шыдас бере алмастан, акиқаттың жолында қараторғайдай қирап түсті ме? Дейтіні рас еді мұның.
Шығармадан бірде-бір қате таппады, таба алмаған. Мұнарлы мұңға шырмап алып, ілестіріп әкетіп барады. Тарихтың қатпарларын аз ғана сөзбен-ақ ақтарып, көп білетіндігін дәлелдей түйіп тастап, тағы да жылата жөнеледі:

Ақ кіреукелі сауыттым, Мамай,
Аш құрсағымды ауырттың, Мамай.
Жылай да жылай жалықтым, Мамай,
Зар қайғы жұтып жабықтым, Мамай.
Тас емшегімді жібіттің, Мамай,
Қу сүйегімді еріттің, Мамай.
Жұртыңды жауың қамады, Мамай,
Әппақ орданы талады, Мамай.
Артыңда қалған жас бала, Мамай,
Қашан өзіңдей болады, Мамай?
Қырық ұл туса, бір күнде, Мамай,
Орының қалай толады, Мамай! —

деп келтірген мысалын қарасаңызшы. Осыдан кейін осынау талапкер қыз тіпті үдей түсіп, Қараүлек шеше болып боздағандай, Күн-Ана мен Жер-Ананы қатар қоя қайғыртып, пәлсапалық-ғарыштық қорытынды жасап барып, шығармасын тәмәм етеді. Көзінің жасын жұта отырып, қолындағы қысқара бастаған қызыл қарындашпен қалайынша «бес» қойып жібергенін білмей қалыпты бұл. «Бес» деген бағаны бадырайтып жазып болған соң ғана ойға келіп, есін жиып, жүрегі сулады. Тіпті «бес» емес, «төрт» деген бағаның өзін Пән-Төрағамен келісіп, сол кісінің рұқсатымен ғана қоятындарын ұмытқаны несі? Не де болса, алған бетінен қайтпауға, мына белгісіз бір қыз үшін қолынан келгенінше күреспекке бекінді. Қашанғы пақыр болып жүре бермекші бұл? Пақырдиніңіз де бір ерлік жасамай ма? Мынадай шығарма үшін қойылмаған «бесіңіз» қайда, қашан, кімге қойылмақшы? Қайда, қашан, кімге апарып тексертсе дағы, дәл осындай шығарманы «беске» бағалауға болмайды деп ешкім айта алмас.
Пақырдин бір қыздың шығармасына «бес» қойғандығы туралы даусы дірілдеңкіреп айтқанда, бәрі әзіл ретінде ғана қабылдады. Бұл үнін қатқылдандыра қайталағанда, бір-екеуі күлді, бір-екеуі лажсыз бұрылды. Тек Пән-Төраға әлдебір бәленің өз басына төнгелі тұрғанын сезгендей, сұрлана жөнелді. Тең-Төрайым алтын жақтаулы көзілдірігінің арғы жағынан сүзіледі.
— Баршы, — деді Пән-Төраға Қадалғанға, — көрші.
— Қадалған мұның жанына асықпай аяңдап келіп, қызыл қарындашын құлағына қыстырып, астыңғы ернін қырши тістеледі.
— Рас екен, — деді Қадалған пән комиссиясының төрағасына қарап.
— Рас болса, несіне қарап тұрсың? — деп ашу шақырды Пән-Төраға. — Ешкім естімей, білмей тұрғанда, бір-екі қате тауып, «төрт» жасаңдар.
— Ойбай, мыналарың шын ба осы, мен әншейін әзіл-күлкі үшін айтты ма десем, аңқау басым, — деді Тең-Төрайым. Жүдеу жүзіне қан мен сөл жүгіргендей күреңітіп, Сазарған жақындаған. Бәрі таңданыс үстінде. Сәл-Күлім аузын ашып, жалтыраған самайын алақанымен сипалай береді.
— Тездетіңдер, жөндеңдер! — деді Пән-Төраға.
— Жоқ! — деді Пақырдин қатайып, бедірейе түсіп. — Ешуақытта да түзетпеймін. Түзеттірмеймін!
— Мына пақырың, төбемізге шықты ғой, ақырын-ақырын, — деді шегір көз доцент.
— Шырағым, мына біздің институтымыздың он-он бес жылдық тарихында жазбаша жұмысқа «бес» қойылған емес, — деді Тең-Төрайым ысып кеткен аудиторияда жұп-жұқа көйлегінің омырауын шымшып-желпіп жүріп. — Бекер-босқа арамтер боласың, айналайын. Оның үстіне мына бәрімізге назар аударылады, сөзге қаламыз. Қосымша тексерулер көбейеді. Қаптап кетеді тексерушілер. Әй, айтпақшы, осы жігітке неменеге жалынып-жалбарынып отырмыз бәріміз, а-аһ?! Төраға, сен бармысың, әлде жоқпысың өзің?
— Иә, бір-екеуміз оқып көрсек, қалай болады? — деді Сазарған еркінсіп, алақандарын ысқылап.
— Жарайды, — деп, сабасына түсіңкіреді Пән-Төраға. — Бір-екеуің оқып шығыңдаршы. Қажет десеңдер, бәрің оқып шығыңдар, талқыға салайық. Тек уақыттың тарлығын ескеріңдер. Бірақ қанша айтқанмен, обкомның білдей мүшесі ғой, Пақырдиннің пікірімен санаспасқа болмас. Солай емес пе? Әйтпесе «төртке» түзете салу түк емес қой.
Бірі басын шұлғыды, екіншілері күбірлей қостады, үшінішлері үн-түнсіз мақұлдасқандай. Сазарған оқып шықты, Қадалған қарап шықты. Екеуі де шығарманың бірде-бір қатесі жоқтығын айтты. Әсерлі жазылған екен, мысалдары да сәтті алыныпты. Сезімталдау адамдардың жанарына жас үйірілуі мүмкін. Бірақ әсерлі жазылған әр шығармаға еңіреп, көз жасты көлдете берудің жөні жоқ. Қажеті шамалы.
— Ей-ә-ә, әркімнің әуеніне төңкеріле берсек, түгіміз қалмас мына заманда, — деп қыстырылды Тең-Төрайым.
— Қатаң талап тұрғысынан қарағанда, «төрттің» өзі һәм жетіп-артылар, — деп үстеді Қадалған. — Оның үстіне қалыптасқан тәртіп бар, басшылардың тапсырмасы бар.
— Тал түсте найзағай шақырмалық, — деді Тең-Төрайым.
— Кімнің алдында да жауап беруге, дәлелдеп шығуға әзірмін, өзгерте алмаймын, — деді бұл бұрынғыдан бес-бетер бедірейіп, қасарыса қырсығып.
— Сен өзгертіп бере қойғын, — деді Пән-Төрағаның үні іріп, Сазарғанға жалына қарап.
— Өзіңіз айтқандай, Пақырдин ағамыз обкомның мүшесі ғой, мен бұл кісіні қалай түзеймін? — деп, мүләйімсіді ол.
Пән-Төраға Қадалғанға қарады. Шегір кез доцент шілденің шалығынан тұншығып тұрған алма бағына бұрылып алған екен.
— Пақырдин қалқам, шыныңды айтшы, бұл қызды өзің қамқорлыққа алып па едің? — деді Пән-Төраға салмақты болмаққа тырысып. — Егер солай болса, қорықпағын, «төрт» те жетеді, өткізіп береміз көптеп-көмектеп. Бір адамыңды. Әнеукүні адамым жоқ деген өзің едің ғой, қалқам. Енді бүйректен сирақ шығарып отырғаның нең? «Бесті» тезірек түземесек, жарты сағаттың ішінде айқай-шу шығады да кетеді. Білдің бе?
— Бір адам ештеңе етпес, жігіттер көмектеседі ғой, — деді Тең-Төрайым, жапон желпуішін шебер пайдаланып отырған күйі жібектей есіледі-ай.
— Пақа, енді бұдан артық не ақыл айтады мына аға-апалар? Мың да бір рахмет бұл әулие кісілерге! — дейді-әй Сазарған да алабұрта қызарып. — Обком мүшесі ретінде де, пақырлар қоғамының басшысы ретінде де сыйлап отыр ғой осыншама үлкен кісілеріміз.
— Обком мүшесі деп қоймадыңыздар ғой, — дей бастап еді бұл, қалғандары қатты қуанысты.
— Е, бәсе! — деді Пән-Төраға.
— Әзілдеп отырғанын білдік қой, — деді Тең-Төрайым.
— Өзіміздің бала ғой, — деді Қадалған.
— Асықпаңыздар, — деді бұл өзара одақ құрысқан Қадалған мен Сазарғанша қадала сазарып. — Асықпаңыздар, ағайындар, дәл сол обкомның мүшесі ретінде мәлімдеймін: бұл шығармаға қойылған«бесімді»өзгертеалмаймынжәнеешкімнің төмендетуіне жол бермеймін...
Аудитория іші тым-тырыс тына қалды.
Обкомның бірінші хатшысы көз алдында отырғандай. Аса жоғары лауазым иелеріндей емес, марқұмның жүзінде иман тұнып тұрады екен ғой. Иман жарықтық жүре пайда болмайды екен дә, іштен бірге туады екен дә. Әне, қараторы қарындасы жоқтау айтуда:

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,
А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

Аудитория іші жоқтау туралы шығармаға қойылған «бес» деген бағаға қуанудың орнына қатты қайғыру үстінде. Тап осы бөлмеде өліктің денесі жатқандай.
Аһылап-уһілеген Пән-Төраға оқу орнының басшыларына қаралы хабар естіртпекке кетті. Ақсұр үстелдің үстінде қоңырайып қана бейтаныс қыздың «бес» қойылған шығармасы жатты.
Жарты сағат өтер-етпесте Проректордың шақырып жатқандығы мағлұмдалды. Ол кісіні сол «шала дін мен қате пәнді» айтыңқырайтыны үшін жақынырақ көретін еді бұл.
Проректор екеуінің арасындағы ашық әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Шамамен алғанда, мынадай рәуіште өтті. «Шығарманың шынымен-ақ айрықша екендігі рас па?» — «Ондай шығарма кездескен жоқ, қай жағынан алып қарағанда да жоғары бағалауға әбден лайық.» — «Ол қызды саған ешкім тапсырған жоқ па еді? Кейбіреулер күдіктенеді екен.» — «Сіз де сенбесеңіз...» — «Жә, жарайды, мен келістім. Шынында неге сонша абыржимыз осы, а? Он-он бес жылда бір «бес» қойылған екен. Талапкеріміз шығармасын «беске» жазса, қуанудың орнына бүкіл ел болып неге қайғырып жүрміз осы, а?!» — «Рахмет сізге, аға.» — «Жарайды, Пақырдин, Ректордың бір таяғын артығырақ алармын...»
Ректорға шақырылмады. Бәрінен дағы осыған қатты қуанды бұл. Көп жылдан бермен қарата шығармаға «бес» қойылғаны туралы сенсациялық ақпарат барша жұртқа тарап кете барды. Шығарма тексеру науқаны дер кезінде тәмәм етіліп, сырттан шақырылғандарға рұқсат беріліп, алғыс жарияланды.
Естуінше, ауызша емтиханда әлгі қыздан ерекше сұралған көрінеді. Тіл жөнінен Тең-Төрайым, әдебиет жөнінен Сазарған екеулеп тергеген тәрізді. Бірақ «бес» қойылған шығарманың иесі бірде-бір сұрақтан мүдірмеген деседі.
Жоқтау туралы шығарма жазған сол бір қызды арада екі, әлде үш жыл өткенде бір-ақ көрді бұл. Оқу орнында әлдебір жиналыс өткен-тін.
— Ой, ағ-ай, сіз Пақырдин ағасыз ба? — деді аққұбаша келген нәп-нәзік қыз.
— Иә, — деді бұл.
— Мені оқуға түсірген сіз екенсіз ғой, ағай, — деді әлгі қыз. Үлкен көздері жасаурап барып, кілт бұрылғандай болып, өзін-өзі тежеп тоқтатты дағы, қайта сөйледі. — Ағ-ай, сіз бар ғой, менің ағамнан айнымайды екенсіз, ағ-ай...
Сол бір сәуірдегі жоқтау сарыны қыл қобыздың зарындай құмығып, қайта оралды құлағына.
— Оқуға түсетін жылы жалғыз ағамнан айырылып едім, — деді әлгі қыз. — Ауылда тракторшы еді. Сенетін ешкімім жоқ еді, ағай... Сөйтсем, сіз секілді адамдар да бар болып шықты ғой, ағай... Рахмет, көп рахмет, ағ-ай!
— Рахметті маған емес, өзіңе айтқын, айналайын, — деді бұл қарадай қысылып. — Өзіңнің сондағы шығармаңа айт, айналайын...



* * *

Міне, жылдар жылжып, айлар аунап, уақыт жылдам өзгеріп, сол қыздың шығармасына «бес» қойылғалы бергі он жылыңыз да өте шығыпты. Пақырлар қоғамы әлдеқашан тарап кеткен-тін. Бұлар қапа болатын Васильев те жоқ, әлдеқашан ата-бабаларының жеріне көшіп тынған-ды. Пақырдиніңіз жалпыдан жырылып жүрер жалқы күйде, жабысқы шөптей тырмыса тірлік кешеді. Бір жұбанарлығы сол, бала-шаға өсіңкіреп үлгерді. Өзі бос уақытында базар аралап, адамдардың бет-жүзіне қарап, қиял кешетінге айналған-ды. Күндердің бір күнінде киім-кешек сататын қабаттардың қақ ортасынан құндыз бөрікті, нәп-нәзік, көздері үлкен-үлкен, кереметтей көрікті бір қызды көріпті. Қадалған да қалған ғой, баяғы. Сөйтсе, баяғы «бес» қойған қарындасы екен. Қыз тізіле ілінген түрлі-түрлі киім-кешектің ара-арасынан асыға жүгіріп шықты:
— Ағ-ай, ағ-ай! — дейді ол.

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,
А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

— Сіз шынымен-ақ сізсіз бе, ағай?
— Өзің ше? Шынымен-ақ өзіңсің бе?
— Өзіммін, ағ-ай!
— Ойпырай, қалқам-ай... Қарағым-ай...
— Немене, ағ-ай, баяғы шығармасына «бесті» бекер қойған екенмін деп, өкініп тұрсыз ба? Ағ-ай...
— Жоқ, неге өкінейін, айналайын. Бұрынғыдан да көрікті болып кетіпсің. Соған қуанып тұрмын. Мынадай аласапыранда азбай-тозбай, әдемі болып жүргенің үшін рахмет!
— Жалпы, мен сізді жиі ойлаймын, ағ-ай, — деді қыз, — Ал сіз ше? Сіз мені оқта-текте болса да, аз-да-а-ап ойыңызға аласыз ба өзі? Ағ-ай...
— Неге ойламайын, қарағым. Мына жаман, пақыр ағаңның атын тарихта қалдырған сен емеспісің, «бес» қоятын шығарма жазып?
— Жақында ғана өз күшіммен бір бөлмелі үй сатып алдым, ағ-ай, — деді қыз. — Ағамнан қалған жалғыз бала бар еді, соны оқытып жатырмын, ағ-ай... Өзі өте үздік оқиды, үшінші класта, ағ-ай... Ауылдан көшіп келіп, базарға кірдік те кеттік, ағ-ай... Осылай болды енді, ағ-ай... Қанша қойсаңыз да, бүгінгі біздің тірлікке қандай баға қойсаңыз да, өзіңіз біліңіз енді, ағ-ай...
Баяғыдағыдай, шығармасына «бес» қойғандағыдай, басы айналып, ештеңе естімеді-ау, енді, сірә. Қыздың нәзік қолын сүйіп, құндыз бөрік маңайынан, қарындасының маңдайынан иіскегені есінде. Жанарынан жас парлап, әлгі қыздың: «Аға-ай, ағ-ай» деген үнін ілестірген күйінде базар шетіндегі терең сайға түсті де кетті.
Қырдағы сауда қыз-қыз қайнайды.


ҚАЛТАРЫСТАҒЫ ҚОҢЫРАУ

«Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады».
Мұндай мұқатпалау мәністі мәтелдейтіндер аз емес.
Сіздер де сызданыңқырай сызғырасыздар.
Біз-дағы біраз-біраз бипаздап бағамыз.
Ауқатбай да айтады-ай.
Ай, айналайын, Ауқатбай-ай. Нәніпәтір уәлаятының алыстағы ауылында тіршілік кешетін нағашы ініміз дә. Аузының аздап-аздап желемігі бар. Тілінің қотыры қалыңдаңқырап кететін кездері көбірек. Сырттай қарасаңыз, пәлендей ерекшелігі жоқ. Ортадан биіктеу бойын, аяқтарынан ұзындау қолдарын, делдиіңкіреген танауын есептемегенде. Қырықтың қырқасынан асқанша қарын бітпеген. Елуінде еңкіштеу тартқан. Әлдебір талаптың тәртібіне тап түсіп, мерзімінен бұрынырақ зейнеткерлікке кеткен. Мектептен. Мұғалімдіктен.
Нағашы ініміздің іші удай ашыпты сонда. Шыға қойғысы жоқтұғын. Зейнеткерлікке. Еңбек сабағынан беретін. Ерінбей-ақ еңбектенетін. Қазір технология дейді ғой. Пәннің атын. Өзінен де көреді кейде. Шеттетіле беретінін. Тыныш жүрмейді. Шыдай алмайды. Тәптіштегіш. Тәртіптегіш. Талғағыш. Талдағыш. Бағдары сондай. Бала-шағасын да, жар дегендегі жалғыз қатынын да, тіпті мектеп пен ауыл-аймақ белсенділерін де тәк-тәктейтін табиғатынан танбас. Тәк-тәгіне тікірейетіндер тәлкекке түсер.
Мәселенки, мектепке директор болатұғыны айдан анық болашақ бастығына бүй деген ғой:
– Ауданның аузын майла-а-а-ап, жайла-а-а-ап қайтып келемісің? Жәр-рәйсің! Қанша бергеніңді Қалтарыс бір кісідей біліп отыр.
– Қанша беріппін? – дейді директорлыққа кандидат.
– Қазақстанның төл теңгесімен тәптіштейін бе? АҚШ-ыңыздың ақшасымен бе? – дейді Ауқатбай.
– Қалауыңызға қарай, – деген Қалтарыс орта мектебінің болашақ директоры айналасын абайлай барлайды. Естіп қоятындай ешкім жоқ екен. Үш мүшелдей кіші ғой. Ауқатбайдан. Жуық маңайда жан көрінбесе де, көгереңдеп алғаш, қызарады сонсоң.
–Қызардың-ау, қалқам, – дейді Ауқатбайыңыз. – Қызарғаның – қысылғаның емес. Қан қысымың. Дәулердіңдерті дейтұғын. Қосыларсың қатарға.
– Сонымен, қанша бергенімді қашан білем? Асығыс ем, – деп кергиді. Кандидат.
– Мен емеспін. Ел ғой елеңдеген.
– Еліміз не дейді?
– Қайран, Қалтарыс ауылы тойларыңа түскен төрт мың долларға таудың арғы жағындағы жездеңнен үшжарым мың, аудан басындағы бажаңнан бесжарым мың қарыз ап қосып, он үш мың долларды дорбалап тапсырғаныңды болжап отыр. Аталмыш ақпарат өзіңнен бұрын жеткен. Бұл іске былтыр кіріскенде үш мың үнемдейтін еді деп, аяп жатқан ағайын көп.
– Ал енді арыз айдайсыз ба? Неғыласыз?
– Арыз жазу тұқымымызда жоқ. Оның үстіне дәлелденбес дүниеге дәрежемді түсіріп неғылайын. Қоғамдарыңда қуат, адамдарыңда аят азайған алмағайыпта.
– Сонда сіздікі не далбаса?
– Кімді түзеп, нені жөндемексің дейсің ғой?
– Бәрін білесіз. Суға сиесіз.
– Арыз айдамаймын. Арзу айтқаным да. Айту – парыз.
– Арзу? Оныңыз немене тағы? – дейді келешек басшы күреңітіп.
– Ардың зуаласы ғой. Көне түркі тілінде, – дейді Ауқатбайыңыз.
– Әйтеуір бірдеңені шығарып жүрмесеңіз, ас батпайды-ау сізге, – деп жұмсарыңқы тартады директорлыққа кандидат.
– Бірдеңелеріңді шығарып жүретін сендерсіңдер. Сендер шығарасыңдар.
– Ол не сонда? Қалай шығарамыз? Нені?
– Не боушы еді. Ауданның аузын майлаған мөлшеріңді өжең өлшеміңе салып шығарасың да. 2010-2011 оқу жылында бар күшіңді күшеніп соған жұмсайсың. Өткен аптада босаған ботаника мұғалімінің орнынан бастайсың. Еден жуатын егде қатындарды қуып, орындарына «конкурс» жариялайсың. Кімнен қанша алғаныңды Қалтарыстың қарияларынан бастауыш кластардың боқмұрындарына дейін сыбыр-сыпсыңға, күбір-күпсіңге айналдырар. Әнекиіңіз, бірдеңе шығару деген осы. «Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады» деген осы.
Қалтарыс орта мектебінің болашақ басшысы табан астынан талтайды кенет. Күреңіткені де, қарауытқаны да ізім-қайым. Зым-зия. Түтіккенінен айыққаны анық. Тәртіптегішпен түйтпекке түспес.
Түкірді.
Ауқатбайыңызға таман. Тап-таза тұсқа. Түймеленді. Тап-тұйнақтай түрге енді. Тағы да түкірді. Қалыңдата қақырды. Түкірген тұсы тақыр топырақ та емес, жадағай-жайдақ жер де емес, ағараңдаған ажырық та емес, жаңадан төселген, мәрмәр мәнзелдес, заманауи зер шашып, парасат шақырардай плиткатұғын. Ауқатбайдың ауылындағы оқу ордасы, білім ошағы, тәрбие-тәлім ұясы саналатын салтанатты сарайыңыз «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген ғажайып ғимарат еді.
Біздің нағашы ініміз Ауқатбай айтарын айтып алып, артынан аздап қана азапқа буылар. Өткінші жауындай өкініш сепкен сезімінің сіркіремесі кепкенде, қайта қиқарланар. Қоңырау шалар.
– Жиен көке-е-е! – дейді қиястанып. Ұп-ұзын оң қолының шынтағын тізесіне тіреп, телефонының трубкасы шықшыт тұсын шытынатқанына дейін көз алдыңызға елестейді. Езу тартуға мәжбүрсіз. Еріксіз.
– Жаңа ғана мектеп жақтан жеттім, – дейді нағашы ініміз. Жиен жұрты үшін ғана жұмыс істеп жүргендей міндетсініп. – Нәніпәтірдің орталығында отырсыңдар, ә-ә-ә?!
– Неғыламыз енді? Отырмыз. Облысыңның орталығында.
– Жасың үлкен дә. Әйтпесе...
– Бірдеңе бүлдірдің бе, немене?
– Әне! Әнеки! «Бірдеңе шығармасаң, ауқат батпайды», «бірдеңені бүлдірдің бе-е-е?» Сөздерің де ұқсас, өздерің де ұқсассыңдар. Бірдейсіңдер бәрің.
– Не боп қалды?
– Не боушы еді. Сәл-пәл үлкенірексің, – деп жуасиды нағашы ініміз. – Кішірек болсаң, иттің күшігіндей қыңсылатып, бүлдіргеннің көкесін көрсетер ем. Мен бүлдірмеймін. Түсінсеңдер, түзеймін мен. Әлі күнге дейін кім екенімді ұқпайсыңдар. Сезбейсіңдер сендер. Міне, мектептен келгенім осы. Жағдай жақсы емес, жиен... Шекспирдің «Гамлетін» орысша оқығансың ғой сен. «Мир раскололся, и смешней всего, что должен я восстановить его!»
Ай, айналайын Ауқатбай-ай! Мына заманда Шекспирде несі бар, шенеуніктермен шекісіп несі бар?! Ауқатбай жаңағы, жоғарыдағы жағдаяттарды баян ете бастайды. Майын сорғалатып. Тілінің қотырымен қытықтап. Қалтарысты әлемдік әйдік экранға шығарып. Біз елестетіп бағамыз. «Көксандықтан» көргендей күйде отырамыз. Облыс орталығында. Нәніпәтір уәлаятының кіндігінде.
Зейнеткерлікке мәжбүрленгеннен кейін кері шегінер деген едік. Нағашы інімізді. На-ға-а-а-ан?! Танауы делдие түсті қайта. Тұлпар шабысы, тізгін қағысы ашылып жөнелді.
Бір айдан соң Қалтарыс орта мектебінің директорлығына тағайындалған баяғы баланы Түкіргіш атаған да осы Ауқатбайыңыз. Түкіргіш балаңыз бәле екен. Арыз жазбайтын, арзу ғана айтатын Ауқатбайыңыз ағарту саласының ардақтысы атанып, зайыр заңнамалық негізде зейнеткерлікке замғатылды. Шапан жабылып.
Аштан өлетіндей, көштен қалатындай заман емес. Бала-шағасының бәрі өзімен-өзі. Бұларға бермесе-дағы, сұрамсақтана сүзілмес. Еңбек сабағының пайдасы. Қатыны қақтап сауатын үш-төрт сиырдың сүтін шарбақтың аяғына азаннан апарар. Аудан басындағы сыр зауытынан жететіндер жып-жылы сәлемдесіп, жымиыса жүгірісіп, жарыса көтерісіп алып кетер. Әр аптаның соңында есептесер. Үйіргелік жердің, тақта-тақта телімнің тірлігі жетіп-артылар. Атқара алар адамыңызға.
Сонда-дағы жаңа жобалы ғажайып ғимаратқа қараса, еңкіштеу келген кеудесін күрсін шіркін кернейді-ай. Ұзын-ұзын қолдарымен кезек-кезек қырсық қыртысты қарақошқыл желкесін қасиды-ай. Сыр сездірмес-ау. Алайда. Өзін-өзі қайрап, қадамдарын нықтап, орталық жаққа беттейді. Түкіргіш баланың қарсы ұшырасар уақытын дөп басып, дәл табады.
– Не гәп бар? – дейді салқындау сәлемнен соң. Ауқатбайыңыз.
– Ақпарат бұлағы сіз арқылы ағып өтпей ме? – дейді директор.
Креслоңыз кісіні өзгертеді ғой. Шешен-ақ шешіледі-ей. Бәлекет.
– Қалтарысыңда қалтарыстар қалың. Қағаберіс қап, қаншамасын құлақ шалмай шермендеміз.
– Ең үлкен жаңалығымыз сол, күні кеше жоғары біліктілік санатын алғандар қатары алты адамға артты. Мәзбіз.
– Ойбай, онда түзеле бастапсыңдар ғой. Біз кеткелі.
– Қалай қағытсаңыз да, мейліңіз. Өзіңіз білесіз, бірінші санатты аудан, жоғары санатты облыс шешеді. Оңай емес. Әйтеуір, осы мектептің абыройы ғой. Көздегеніміз.
– Қайдам-ау, қайдам. Қалтарыс мектебінде қазір қалыптасқан өзгеше үш санат бар деседі ғой, жұртыңыз.
– Қандай-қандай екен-ей олар?
– Ауданың мен облысыңда отырғандардың және ауыл белсенділерінің тікелей қамқорлығындағылар – бір санат. Жаңа директорға жүйелі түрде жасырын жинайтындар – бір санат. Өздерінше өліп-талып тырбанатындар – бір санат. Қай санаттың қандайлығын, қайсысы жоғары немесе төмендігін ішің білсін, әлуай.
Түкіргіш бала түкірер. Бұрылып теріс айналар. Арзудан.
Ай, айналайын Ауқатбай-ай! Осындайларды термелей тербеп, телефонмен толғайды-ай. Жүдә шыли кінәмшіл, тіпті кейде бәлеқор боп кеткендей қауіптенесіз. Нағашы ініңіз. Амалсыз тыңдайсыз. Жиенсіз.
– Оу, облыстағы жиен көке-е-е! – деп қыңырая қоңыраулатар Ауқатбайыңыз. – Үйлесім бұзылып, ұнасым құрдымға кетіп, сенімсіздік семдіріп барады. Адамды. Ницшелерің меңзегендей. Отырыңдар омалып.
– Не болды, нағашы? Тыныштық па?
– Қалтарыста қайдағы тыныштық?! Орталықта отырып ап, жаңалық ашқышсыңдар. Біздің мектептегі барлық кластардың көкелері мен жәкелері бар. «Крышалары». Түсіндің бе? Сынып бөлмелеріне солардың аттары беріліп жатыр. Компьютер басып барады. Мектепті. Қайда қоярын білмейді қазір. Ендігі кезек көшелерге кеп тұрыпты. Орталық көшеге бұзау бағып өткен бір бақташының аты қойылған. Баяғыда. Себебі сол, баласы облыс әкімінің орынбасары екен. Жаңа көшелерге көкелерінің, әкелері мен аталарының аттарын қойғысы келетіндер құдайы жасап, ауылдың ақсақал-қарасақалдарын шақырады. Шапан кигізеді. Конверт ұстатып қайтарады. Мына нағашың жолаушылап кеткенде, құдалықта жүргенде жасауға тырысады. Құдайыларын. Шапандатуларын. Бәрі. Қорқады-ай, нағашыңнан. Әй, жиен көке, бәрін орталықтан, облыстан жұқтырып жатыппыз-ау. Анау екеуге ең үлкен екі даңғылдарыңды беріп қой-е-е-еп, алаш ардақтылары мен ақиқат академиктерді айдалада қалдыр-е-е-еп, қалғып-мүлгисіңдер ғой өздерің де. Ел-жұртқа күлкі-мазақ боп біттіңдер. Неміс Гете қағидалағандай Құдайды қуантуды қойдыңдар.Білесіңдер ме мұны? Сезбейсіңдер сендер.
Арада ай шамасы аунағанда Ауқатбай тағы да телефон соқты. Ентігіп тұрыпты. Дерттен емес. Демігуден емес. Аптығудан. Асығудан. Арзудан.
– Ей, жиен көке. Тыңдағын мені. Тарихта кездеспеген керемет оқиға! Естіп тұрсың ба?!
– Құлақ Қалтарысқа қараған. Тағы не бүлінді?
– Кіндік кентімізден кембіз бе? Үйренеміз дә. Мектепке де жеттік. Қалтарыс орта мектебіне ат қоймақтың қырғын майданына кірістік. Жиен көке-е-е! Жақында аудандық сотыңыздың өзі маған, мына маған пара бермек болды. Мына нағашың ала жаздады! Қызық-ай!
Бұл жағдай былай болыпты. Ауқатбайыңызды аудандық сотқа шақыртыпты. Адам баласының ала жібін аттамадым дейтұғын, аузы батыл, адуынды, ерке де еркін есептелетін Ауқатбайыңыздың өзі алғашқыда алағаттау күйге буылыпты. Айналасына алақ-жұлақ қарағыштапты. Соттың аты сот екен дә.
Айқындалған мерзімде ауданға ілігіпті. Автобуспен. Сөйтсе, сотыңыз өзгешелеу өтінішпен алдыртыпты. Ағарту саласының ардақтысы деп. Қалтарыс ауылының салмақтысы деп.
Сұйқылтым шашын жылмайлата жылтыратып тарап қойған. Жігіт ағасы. Жүдә шыли шешен екен. Тап-таза бөлмеде тәп-тәтті шәй ішіпті. Екеуі. Аужай-ахуал сұрасыпты. Шешеніңіз шешіліпті. Ауқатбайдың алаңы басылыпты. Көңілі жібіп, кеңсірігі суланыпты. Аудан сотының ата-бабалары да, әкесі де Қалтарыста туып-өсіпті. Қалқоздарды қайта құру жылдарында жылжыпты. Әкесі. Қызмет бабымен. Нәніпәтір уәлаятының орталығына. Әкесінің атын Қалтарыс орта мектебіне лайық деп санайтындар жетіп-артылып жатыпты. Ауылда анау-мынау сыпсың шықпау үшін шақырыпты. Білуінше, ауыл түгел тыңдайды екен. Аукеңді. Аузынан шыққан лебізді жерге тастай қоятындай жан жоқ екен. Ауылда. Шыншыл екен. Ақиқатшыл екен. Аукең. Қалтарыс орта мектебіне әкесінің аты қойылса, ауыл да, мектеп те, жекелеген адамдар да жаман бола қоймас. Қажетті қамқорлықтың бәрі жасалмақшы.
Аудан сотының алдында ашылмапты. Ауқатбайыңыз. Түйіліңкіреген түрінен танбапты. Жібіген көңілін, суланған кеңсірігін жеделдете, желдете кептіріп үлгеріпті. Бас биіңіз арғы жағына бір, бергі жағына бір шығыпты. Аукеңнің айызы қаныпты. Рахаттаныпты. Мұндай ләззатты шақты бастан кешудің өзі бөлек әлем екен дә. Бір ауданның білдей соты өмір бойы бүкшеңдеп еңбектенген қарапайым мұғалімнің, нәйеті зейнеткердің алдында құрдай жорғалап жүріпті-ай! Ай, айналайын, ата-бабалары мен марқұм әке-шешесі сезіп жатыр ма екен осыны?! Өмір бойы менсінбей, күйеуін кім көрінгеннен кем санаумен келе жатқан жар дегендегі жалғыз қатыны итке тістетсең-дағы иланбас.
– Не қиялдап кеттіңіз, Ауқатбай аға? – депті сотыңыз сонда.
– Не боушы еді, – депті Аукең. Түк те саспай. Сасқалақтамай. Ауылды ойлап отырыппын.
– Шәй ішіңіз. Асықпаңыз. Аулыңызды сағынып үлгердіңіз бе, деп-демде, – депті сот лекіте күліп. Керіле кеңейіп.
– Рахмет. Қандым, – депті біздің нағашы ініміз.
– Сіз автобуспен келдіңіз ғой? – деп сұрапты сот.
– Немен кеуші ем енді, – депті Аукең.
– Өзіңізге бек сенімдімін, Ауке. Мектепке ат қою туралы ұсынысқа ұйытасыз. Жұртыңызды. Ауыл-аймағыңызды. Әкеміздің есімін еншілегеннен ұтпаса, ұтылмайды. Ешкім де. Өзіңіз де тап бүгін таңдаулы таксиіңізді жалдап қайтасыз. Жалғыз өзіңіз. Автобуспен шаршап неғыласыз. Бұдан былай сіз – ағамсыз. Мен – ініңізбін. Міне, мынау – менің інілік ізетім. Алғашқы сыйлығым, аға. Ағама арнағаным, Ауке! Алыңыз, аға.
Аудан соты аппақ конверт ұсыныпты. Аукеңе. Өз қолын өзі асқан ықыласпен алға созыпты. Сот.
Бұл өзі тарихта бәлкім болған, бәлкім болмаған оқиға шығар. «Шекспирдің шығармаларында бар ма еді?! Мұндай мәселе?!» Деп ойлапты Аукең. Аудан басында отырып.
Ауқатбайыңыздың аузы аңқайыпты. Аукеңе аудан соты пара ұсынып тұрыпты. Нәніпәтір уәлаятында параны көбінесе пәре дейді. Пәреге қарап, пәлегі қарауытқан қауындай әлек кешіпті.
Аукең алғаш асып-сасқан. Аз ғана мезет. Сонсоң сақ-сақ күліпті. Кітапты аздап-аздап оқиды ғой. «Ақша-Құдай сақ-сақ күліп қарап тұрды» деген сөйлемді оқыған. Жадында жатталмақ түгілім, ап-айқын сурет секілденіп, ой санасында оймышталып орнап қалғанын қарасаңызшы. Сол себептен-ау, Ауқатбайыңыз Ақша-Құдайыңызғақарап, сақ-сақ күліпті. Аудан сотының алдында.
Сотыңыз сасыпты. Елінен жеткен зейнеткердің есінен адаспағы да бек бәлкім емес пе?!
– Алсаңызшы, ағатай, – депті сот. Аппақ, тап-таза конвертті ұзата созып.
Соттың аты сот. Сақ-сақ күлкісін тыйыпты. Аукең. Алса ше? Ауқатбай. Параны. Пәрені. Аудандық соттан. Бір мезет алғысы да келгендей сезінеді. Алмаса-дағы, аппақ, тап-таза, керемет конвертті қолымен ұстап, ашып көргісі келеді. Қанша екен-ей, а?! Өзіміздің төл теңгеміз бе екен? АҚШ-тың ақшасы ма, әлде? Кенет қолын созады. Иә, иә, Ауқатбайыңыз алға ұмсынады. Сұқ саусағы сумаң еткенде ғана есін жиыпты. Қалт тартыныпты. Қатуланыпты. Ойын да, бойын да жинап үлгеріпті. Қайтадан сақ-сақ күліпті. Ақша-Құдайыңыздан биіктеп. Жоқ. Күлмекке тырысыпты. Бірақ, үні құмығып, даусы естілмепті. Айтар сөзі тұншығыпты. Тұла бойы қалтырапты. Құлап қалмай тұрғанда, бір бәлеге тұтылмай тұрғанда, құтылмаққа қарманыпты. Жанталаса жұлқынғандай есік жаққа ұмтылыпты.
Аудандық сот кеңсесі орналасқан көшеңізді һәм әлдебір әкімқараның әкесі иемденген екен. «Жарықтыққа жер барып жеткізбегей. Жай ғана, қатардағы кеңес шенеунігі еді ғой»,деп күбірлейді Ауқатбай.
Сот оқиғасынан кейін жарты ай шамасы өтті ме, өтпеді ме, Ауқатбайыңыз айғай сап:
– Жиен көке-е-е! – деді тағы да телефон арқылы. – Соңғы жылдары жүдә-ә-ә саябақшыл боп кетіп едіңдер. Орталықта отырып алып. Саябақтарыңа сан жетпеуге айналып еді. Бастамаларың біздің ауылға да аяқ басқан. Қалтарыста да саябақ жасап тастағанбыз. Ескерткіштерді де еселеп, мың мәртебе көбейтіп мәзсіңдер. Бүйте берсеңдер, қайда барар екенсіңдер сендер?! Жиен көке-е-е! Кім боласыңдар? Бара-бара. Ойбай-ау, ұлт ұстындарының тұлғалары әнебір әлдебіреулеріңнің тізелерінен де келмейтіндей күйге ұшырағандарың қай масқара?! Жылаймыз ба, күлеміз бе?! Жә, жарайды. Қойдық. Орталықтарыңа жауап беретін біз емеспіз. Сендерге еліктеп, ескерткіш көбейтуге кірістік. Жоғарының бастамалары ауыл жаққа бұрмаланып, азып-тозып жететінін білмейсіңдер. Білгілерің жоқ. Көргілерің келмейді. Үйлесім келмеске кетіп барады.
Ауқатбайыңыздың айтуына құлақ қойсақ, Қалтарыстағы мешіт пен мектептің арасында саябақ ашылыпты. Сол саябақта ескерткіштер тізілмек. Оқиға былай өрбіпті. Әзірше тұғырлы мүсіндер төрт тұлғаға орнатылады. Көпшіліктің келісімі. Ауыл әкімшілігінің ұйғарымы. Төртеудің бірі – Түкіргіш баланың бабасы. Әкесінің әкесі. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін қалқоздың сиыр пермесін басқарған. Сауыншы қатындарға қырғидай тигені үшін партия қатарынан шығарылып, орнынан босағаны бүгінгі заманда кінәға саналмайды. Соғысқа алынбаған. Жасы асқандық себептен. Сұрапыл жылдары атқа қайтадан қонған. Ғасыр ортасынан ауғанша түспеген. Ер үстінен. Белсенділер тізімінен.
Өкінішке қарай, жөнді суреті табылмаған. Қалқоз жиналысының биіктеу үстелінде үш-төрт белсендімен қатар қарауытыңқыраған бейнесі сақталған. Мүсіншілер қатты қиналған. Долбарлаған. Домбаздаған. Жобалағандардың пікірлеріне сүйенген. Ақырында ауылдағы алғашқы ескерткіш тұғырына қонған. Ауқатбайыңыз үш-төрт сиырының сүтін елең-алаңнан өткізіп, ыңылдай әндетіп, мектепке қарата аяңдаған. Кешкісін әлдекімдер әрекеттеніп жатқандайтұғын. Техникалар жүрген.
Түкіргіш баланың бабасы тұғырында түнепті.
Ауқатбай ары да қарайды, бері де қарайды. Алдына бір, артына екі шығады. Айналып көреді. «Мынау мүсін директордың бабасына түк ұқсамайды ғой! – дейді тамағы құрғап. – Лайық болсын, лайық болмасын, ақыры ескерткіш қойып, мүсіндегесін арналған адамына аздап ұқсауы жөн емес пе? Ал мынау – ол емес. Ат үстінен түскісі келмей, бір бүйірін таяна қисайып, мысқылдай жымиып, шырт та шырт түкіретін ағамыз емес сияқты. Бұл басқа біреуге ұқсайды. Келіңкірейді! Кім еді? Иә-иә, ойбай-ау, бұл – сол ғой, сол...»
Түкіргіш баланың үйіне жедел бармаққа бекінеді. Сөйтсе, директордың өзі де келе жатыпты. Ирек көшенің үстіндегі иір биікпен. Арықтың бойымен.
– Тағы да арыз айтқалы тұрсыз ба? Таң азаннан неғып жүрсіз? – дейді директор Ауқатбайыңызға бір, бабасының мүсініне екі қарағыштап.
– Арыз емес. Арзу, – дейді Ауқатбай. – Құтты болсынға аузым бармайды. Жүдә қиын гәп.
– Немене ол? Не еді оныңыз?
– Не боушы еді? Менің емес, сенің гәбің. Мынау мүсін – сенің атаң емес. Тез арада өзгертпесең, масқараң шығады. Ұқсамайды.
– Ойбай-ау, бірталай адамды апардым. Ауданға. Мүсіншінің шеберханасына. Алпыс пайыз ұқсайды деген. Бәрі.
– Мені неге апармадыңдар сонда?
– Уақтысында таппадық. Құдалыққа кетіпсіз. Мына маған аздап келіңкірейді. Дескендер болған. Атамызға алпыс пайыздай ұқсаса, жетеді. Дескенбіз.
– Жо-жоқ! Жетпейді. Елу пайызға да жетпейді мына мүсін. Мәселе онда да емес. Гәп басқада. Масқараң шығады. Жедел жөндету керек!
– Ол не?
– Не боушы еді? Масқара боламыз.
– Мазақтауыңызды қоймайсыз-ау, жүдә тегі!
– Менің мазағым ештеңе емес. Аталаспыз ғой. Басқалардікі бәле болады, бала-а-а...
– Ашып айтыңызшы. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демей ме?
– Сен атаңды өлтіргелі тұрсың, бала-а-а! Өліп қалған атаңды қайта өлтірмексің. Білдің бе-е-е? Бабаңды-ы-ы.
– Тоқ етері не? Жұрт жинала бастайды сәлден соң. Тездетіңізші!
– Жұрт жиналмай тұрғанда жылдамдат. Бабаңның басын жасыр. Ақ матамен. Мынау мүсін – ол кісі емес. Анау көшенің атын алған қойма меңгерушісіне ұқсап кеткен. Білдің бе? Ал, сол қойма меңгерушісі мен сенің мына бабаң ба, атаң ба, екеуінің арасында өсек-аяң өршіген. Сенің атаң ба, бабаң ба, әжеңді сол қойманың бастығынан қатты қызғанатын. Сенің әжең балабақшаның зәбидешітұғын. Қойма мен балабақша қатартұғын. Мұның бәрін Қалтарыс ауылының қақсалдары беске біледі. Ертең-ақ елің гу ете түседі. Мендей дертке дауа табарсың. Түкірерсің. Ал, ауыл өрт шығарса, өшіре алмайсың. Өзің де өртенесің де кетесің. Арзуым осы. Барды ма бірдеңе?
Түкіргіш директор мектеп пен мешіттің қақ ортасында қатты қиналыпты. Түкірмекке тырысса, таңдайы құрғап, түк шықпапты. Ауқатбайға алақтапты. Алдамайтындай. Бабасының басын бозғылт жамылғымен тұмшалатыпты. Тездетіп.
Ымырт үйірілген шақта аудан жақтан мамандар жеткен. Мектеп директоры бабасының басын кестіріпті. Аралатып. Зілмауыр бас темір көлікке тиеліп, аудан орталығына жөнелтіліпті. Бассыз кеуде тұғырда қалыпты. Бозғылт матамен маталып.
Арада апта аунағанда, атасының басы ауылға қайта оралып, орнына орнығыпты. Салтанатты түрде ашылыпты. Ескерткіш-мүсін. Қалтарыс жұрты: «Жетпіс пайыздай ұқсайды. Жаман емес», десіпті.
Бұл хикаяны жалғастыра бермектің мүмкіндігі жоқ емес, әрине. «Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады». Біраз-біраз бипаздадық. Әзірше осы да аздық етпес. Жетпеген жақтарын сіздер сызғырарсыздар. Нағашыларымызға тартыңқырап, артығырақ ығырласақ, ғафу өтінеміз. Ауқатбайдың ауылындағы орта мектептің атын ақыры аудандық соттың әкесі иемденіпті. Марқұм. Мұны біз басқа біреулер арқылы естідік. Бір таңғаларлығы, нағашы ініміз қақаған қыс бойына телефон соқпады. Ауқатбайыңыз ардың зуаласын илемейтінге айналды ма, «бәле-бәтірдің» бәрін тізбелеуден шаршады ма, бізге өкпеледі ме, кім білер. Арзу айтпауға біржолата бекінген болар, бәлкім.
Қалтарыс ауылының қоңырауынсыз қораш тартқандаймыз. Қобызсыз қалғандаймыз. «Үйлесімге» әбден үйреніп үлгергендей екенбіз дә.


ҚОЗАПАЯ

Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезгелі бері мектеппен қоштасуды ойлап жүрген. Ақырында, алғашқы қар жауып, түс ауа қайта кеткен күні, сынып балаларының көбісі жалт-жұлт еткен жақұттайын жайнап ойнап жүрген ажырықты алаң шетінен сытылып шығып, Қарақас — Арқас каналына апаратын ақтаңдақ соқпаққа түсті. Бәтеңкелерінің табаны тесіктұғын, бірақ жылбысқы сүрлеу астында жаздан қалған жылу мол еді. Сыз астындағы тұншыққан сағыныштай әлдененің кеуде тұсын сыздата сырқыратып жөнелгені. Екі-үш күн бойы тұмшалаған тұманнан және тым ерте түскен қардан мизам жіптерінің жидігенін, ақаба арық жағасындағы қарасораның қарауытқан балағына оратылып, қорланып жатқанын байқап, танауын тартып еді, көптен бері жас шығармаған жанары ысып қоя берді. Тарам-тарам жас арасынан төменге үңіліп, о баста жалтыр қоңыр болған, қазір ақжемденіп, тұмсығына дейін тысы ойылып кеткен бәтеңкелеріне қарады. Бесінші сыныпта Сағымкенттен әкесі әкеп берген бәтеңке ғой.
Қамыстың қарқарасына дейін мұңайып, каналға қарай белорта тұстан бүгіле сынып жатыпты. Биіктеу дөңеске біткен дәуренін тәмәм етіп, жарылған жерлерінен діңі іріп, тіні шірігені білініп тұрған жабайы жиденің түбінде отырып, емін-еркін жылап алғысы келген. Алайда, аспаны ағараң қаққан қалаға қараңғы түскенше жетіп жығылмаса, жағдайының қиынға айналарын ұмытуға болмас.
Ақаба арықтың табанында аттап өтердей ғана қоймалжың су аққан болып, жыламсырай жылжып барады екен. Есекмияның түбіртегінен уыстай бүріп ұстаған Есқара қиялау жиекке ырғи ілінбекке тырмысып баққанды, бірақ табаны тесік, тайғанақ бәтеңкенің қияңқы кесірінен тізелей жығылып, төмен сырғыды. Қыраулы қияның қиыршығы тұздай тиіп, ішкі-сыртқы әлемі әділетсіздік атаулыдан удай ашып, аш күшіктей ұлып-ұлып жібергенін білді әлде білмеді.
— У-у-у-у-у! — деді Есқара. — Уу-уу-уу...
Шынымен-ақ не ұлығанын, не уілдегенін айыра алмады. Біраз күннен бермен қарата қарнының ашқанын сезбейтін күйге ұшыраған. Жеңімен көзін сүртіп, ақаба арықтың жиегіне жүрелеп алып, тағы ұлыды. Сәлден соң барып Сағымкент бағытына қарай бүлкектей желді. Күзгі күннің бұлыңғыр сәулесі әлем жүзіне де, қабарған арық қабағына да, соқпақ сұлбасына да біртұтас түспей тұрды.
Есқара уілдей ұлығаннан кейін де желе жортып келе жатып, біраз уақыт бойы қыстыға жылаған. Бойын кернеген ыза-кектен жеңілейіп қалғанын сезбеді емес, сезді. Сөйтіп, Сағымкентке дейін, тіпті одан да алыс қиырларға тартып, мақталы даланы қақ жарып жатқан Қарақас — Арқас каналының бойына да жетті. Енді сәл ойпаңдағы жіңішке жолды жағалап жүре береді. Ескі курткасының шұрық тесік қалтасына сол қолын сұғып, оң қолын көлегейлеп, артына бұрылып қарады. Мақтасы теріліп алынып, жыртылмай жатқан теп-тегіс егістіктердегі тіп-тік боп тізілген қозапая әлемінің әлдебір тұстары қарақошқыл, және бір жерлері қызғылтым, үшінші бір алаңқайлары қоңырқай тартып, олар-дағы өздеріне шақыратындай. Тү-у-у көз ұшында тізілген тұт ағаштары бұлаңытып, олардан да әрегіректе шоқ-шоқ алып қара талдар қоңыраяды. Әр түстан қылаң беретін жабайы жиде бозғылт желең жамылып, дала кезген шалдар секілденіп кетті.
Алғашқыда ауылының қай тұста қалып қойғанын аңғара алмай дағдарған. Сөйтсе, Қамысты жотасының қалқасында жасырынып жатыр екен. Жыңғылбай ағайларының ақ теректері жанардың жауын алып, жасын сүрткендей; қалың қамыс арасынан-ақ ап-анық аңғарылып тұрыпты ғой. Мектепте не боп жатыр екен қазір? Мұны ешкім іздей қойды ма екен өзі? Соңғы сабақта міндетті түрде тізім оқып, сынып оқушыларын түгендеу Жыңғылбай ағайдың әдеті емес пе? Сондықтан, Есқараның еске алынбауы мүмкін дей алмайсыз. Жыңғылбай ағай сынып журналына үңіле түсіп:
— Ерсәлімұлы Есқара! — дейтін болар. Ешкім үн қатпас сонда. Жыңғылбай ағай біресе көзәйнегінің үстінен, біресе көзәйнегінің астынан қарайды-ау. Одан кейін үнін қатайтыңқырап:
— Оу, Ерсәлімұлы қайда? — дейтін шығар. Сонсоң барып, сәл бейресмилеу, жұмсақтау райға түсіңкірейді де. — Есқара қайда, жоқ па, немене? Таңертең мектепке келе жатқан сияқты еді, екеуміз әңгімелескенбіз, тіпті, — дейді ғой.
Біраз уақытқа дейін сынып бөлмесінің іші тып-тыныш, тым-тырыс қалар.
— Жаңа ғана жүрген, — деседі жетінші сынып оқушыларының бірқатары бейтарап ыңғайда.
— Төртінші сабақта отырған, ағай, — дейтін шығар парталасы Диана, яғни айтсақ, ауылдағы ең тұрмысты жігіттің тұңғыш қызы.
Есқара естен тез шығып, Жыңғылбай ағай ендігі сәтте балаларды сабаққа қызықтыру үшін кезекті бір әңгімесін бастар.
— Балалар, — дейді ғой ол кісі әдетінше даусын көтере сөйлеп, әуендете назар аударып. — Алдымен ұйқыларыңды ашып, алтыншы сабаққа шаршаңқы жеткен жаратылыстарыңды серпілтіп алайын. «Комсомольская правда» газетінен керемет бір материал оқыдым. Қай күнгі нөмірінен дейсіңдер ғой, яғни айтсақ, он жетінші қараша күнгі нөмірінен. Филиппин аралдарының қалың жынысты, ну орманды және таулы бір өңірінен осыдан неше мың жыл бұрынғыдай, яғни айтсақ, тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатқан шағын ғана тайпа табылыпты. Мыңдаған жылдардан бері қарай солай тіршілік етеді екен. Олардың ең жетілген құралдары да, қарулары да тас балта, яғни айтсақ, ағаш таяқтың басына байлап қоятын жалпақ тас қана екен!
— Шынымен бе, ағай?! — деседі ғарышкер Гагарин атындағы сегізжылдық мектептің жетінші сынып оқушылары қатты таңырқап. — Шыннан ба, ағай?!
— Рас айтасыз ба, ағай? — дейді ғой баяғы мұның парталасы Диана қашанғысынша, басқалардан бөлекшелеу, елден ерекшелеу тіл қататын сыңғыр үнінен жаңылмай.

— Сол тайпа табиғатқа титімдей де залал келтірместен, бір түп ағашты да қырықпастан, бір жануарды да өлтірместен, бұйырғанды ғана қанағат тұтып, оқ пен дәрінің, осы күнгі өркениеттің нендей нәрселер екендігін естімей-ақ, білмей-ақ өмір сүріп келіпті. Мыңдаған жылдар бойы! Біліп отырсыңдар ма, балалар?! Мыңдаған жылдар бойы, мыңдаған жылдар бұрынғыдай!
Жыңғылбай ағай осы жерде өзін-өзі ұмытып, алтыншы сабаққа дейін әзер шыдағанын аңғартып, айқайлап жіберген болар-ау.
Ағайдың алдамайтынын білетін балалар үн-түнсіз, дыбыс-дабырсыз. Диана ғана жалт-жұлт етіп сәуле шашар шашын бір сілкіп, алдына тастар. Құлағының алдыңғы түбінен төмен түсіріп қояр төрт-бес тал тұлым түйірі тербелер. Кенет Жыңғылбай ағай ең соңғы партадағы, ауылдағы тұрмысы төмендеу үйдің қызы Балайымды алғаш рет көріп тұрғандай тесіле, үңіле қарап, сонсоң басын көтеріп, көзәйнегін жұлып алар. Одан сайын қызықтыра айқайлап, екілене еліктіріп:
— Балалар! — дейді-ау ағайлары. — Балалар, бұл — бергі жағы ғана. Бір ғажабы сол, әлгі тайпаның адамдары өздерін Тазагөйлер деп атайды екен. Ал, адамдардың аттары: Балайым, Ұлби, Қызбу, тағысын-тағылар болып келеді. Міне, сенбесеңдер, көріңдер, қараңдар!
Осыны айтқан Жыңғылбай ағай «Комсомольская правданың» он жетінші қараша күнгі нөмірін көрнекі құрал ретінде ұсынар.
— Байқадыңдар ма, балалар, бұған қарағанда, яғни айтсақ, жер жүзінде ең алғаш пайда болған тілдердің бірі біздің қазақ тілі болуы бек мүмкін! — деп мәз болады-ау ол кісі. — Жә, жарайды, сабақтан соң оқып аларсыздар, бұл өзі — бір бет материал. Енді жаңа тақырыпқа көшелік...
Есқара алыста қалған мектебі мен сыныбын сағына ойлап, қиялға қатты беріліп, бірталай жерді артқа тастаған. Жыңғылбай ағайлары әлгіндей сенсациялық материалды оқығанын осы бүгін таңертең, мектепке келе жатқанда-ақ айтып үлгерген еді бұған. Есқара сүлесоқ тыңдаған-ды. Себебі сол, бұның басында басқа уайымдар толы болатын. Тас дәуірінде қалып қойған қанағатшыл туыстары турасында толғанысқа берілмекке шамасы жоқ-ты. Сауданың соңына түскен болып, сандалып кеткен шешесінен көптен бері хабар-ошар шықпай тұр. Жезқазған жақта тұратын әкпесі де, Астана жаққа оқуға кеткен ағасы да өз күндерін өздері әзер көріп, бұларға қайырылуға қауқар таныта алмайды. Әкесі бірқанша апта бойы ішкіліктің соңында. Ал, Есқара мектепті тастап, мақта теріп кетейін десе, Дианалар мен Балайымдарға күлкі болғысы жоқ. Талайдан бері шарбақтағы қауыннан қалған көк шапша мен үйдегі қатқан-құтқанды ғана қорек етумен келеді.
Былтырға дейін бәріне шыдауға болатындай еді. Асып-төгіліп жатпаса-дағы, аш-жалаңаш жүрсе-дағы, көнуге мүмкіндік бартұғын.
Көз ұшындағы мұңғиықтана мұнартқан сағымның арасынан әкесі сығалағандай. Артта қалған ауылдағы қоржын тамда есін жинай алмай, арақ сасып жатқан әкесінің Сағымкент төбесінен елес бергені несі? Деп ойлап, ол кісінің нағыз бақытты шақтарды басынан өткеретін сирек сәттерін есіне түсірді Есқара.
Жыл сайынғы, қара суық қармап алар қарсаңдағы, жалғыз-жарым апта, яғни айтсақ, алты-жеті күн әкесінің ең шаттықты аптасы, шадыман күндерітұғын. Есқара есін білгелі Ешкілі ауылының жұртшылығына түп-түгел қозапая түсіріп беретін атақты арбакеш кім десеңіз, ол әншейінде суық жымиып, сұсты көрінетін, көңілденгенде ғана жаймашуақ тартатын әкесі еді. Тек қара күздегі жалқы аптада, алты-жеті күнде ғана әкесінің айы оңынан туып, адам қатарына қосылып, жыл он екі ай бойындағы жырғап қалар жұлдызды күндері келер еді. Қозапаяның қуаты, ерен қызуы, толып жатқан емдік қадір-қасиеттері хақында Жыңғылбай ағайлары айтудан бір жалықпас. Сынып жетекшісінің аңғартуына қарағанда, қозапая дегеннің не зат екенін білмейтін, мұндай сөзді естімеген, ондай отынды тұтатып та, тұтынып та көрмеген қазақтар жүдә көп. Сондықтан, жүрген жерінің бәрінде Жыңғылбай ағайлары қоза; қозаның гүлі; қозаны күту мен баптау; қозаны шабу мен шырпу; қозаны жекелеу мен жүйектеу және суару сияқты толып жатқан ұғымдарды түсіндірмектен танбайды. Мәселен, Жыңғылбай ағайларынша ұғындырғанда, яғни айтсақ, жүгеріні, әрине, жақсы білесіз. Собығы қайырылып алынған соң сиырға салатын сабағын жүгеріпая деп атайды емес пе? Әне, қозапая да — мақтаның сабағы. Қоза дегеніміз — мақта. Синоним секілді ғой. Ақ ұлпасы теріліп алынып, қаудыр-қаудыр қауашағын жарым-жартылай жел ұшырып түсіріп, қалғандары қоңырау қағып тұрар; ал мақтасынан айырылған сабақтары қара талдың қызғылтым шырпысындай сорая тізілер; әнекиіңіз, яғни айтсақ, қозапаяңыз сол. Соны, тапсаңыз техникамен, әйтпесе қол күшімен-ақ суырып жинап, үйметөбелеп шошайтып маялайсыз. Бұл бейнетіңіз — бұта шапқаннан бетер азап, қамыс орғаннан қиындау. Бірақ, тас көмірді де қазып жүрсіз ғой, одан жеңілірек.
Суырылып алынбай, жұлынып жиналмай, мақталықтарда, өркениетті түрде атағанда, плантацияларда қалып кетсе, қозапаяңыз аппақ қарды қып-қызыл етікпен кешкен әлдекімдердей көрініп, көздің жауын алатынын айтсаңызшы. Ал енді әрбір үйдің жанына, бар болса бастырмаға текшелей маялап, қыздың жүгіндей жинап қойсаңыз, тас көмірдің түк те қажеті жоқ. Қырау түсе салысымен-ақ шетінен суырып алып, отқа жаға бересіз. Сытыр да сытыр дыбысы, қытыр да қытыр дауысы жаныңызға жайлы, құлағыңызға жұмсақ. Шоқтана қозданып шығарар қызуы үйіңіздің ішін ұжмақтан бетер етер.
Қарақас — Арқастың қара суығы қармайтын қарсаңда Ешкілі жұрты үшін Есқараның әкесі Ерсәлім бірден «Ереке-Ерекеге» айналып шыға келетін. Ешкілінің адамдары «Ерекелеп», тізімге тіркелмекке асығар.
— Оу, Ереке!
— Ассалаумағалейкүм, Ереке!
— Көңіл күйіңіз, денсаулығыңыз қалай, Ереке?! Үй ішіңіз, бала-шағаңыз есен сау ма, Ереке?!
Қозапая түсіру науқанына дейін де, одан кейін де, Ешкілінің ешкімі де Ерсәлім арбакешті «Ереке» демес. Ерекеңнің саламаттығын, көңіл күйін, денсаулығын, үй ішінің есендігін сұрай қоймас. Сұраса-дағы селқостана самарқауланып, меңірейе марғауланып бағар бәрі. Айнымас адам біреу болса, тап соның өзі; екеу болса, екінің бірі — Жыңғылбай ағайлары. Ол кісі мұның әкесіне кездесе қалса, бітті; қозапая гүлі мен түйнегінің, күлі мен қауашағының құяңға, шойырылмаға, тағысын-тағы қаншама кесепатты кеселдерге ем екендігін қайталап, мақта өспейтін аумақтағылар үшін тасымалдап жеткізуге тәуелсіз мемлекетіміздің, егемен еліміздің қауқары қуаттанбай, жағдайы жетілмей жатқанына өкініп, бас шайқайды.
Обалы нешік, әкесі қозапая түсіру науқанына алдын ала, жан-жақты әзірліктер жасайтын. «Ереке-Ерекеге» айнала бастағанына мастанбай, іштей ғана мерейлене мазаттанып, арбасын жамап-жасқайды, дөңгелектерін қайта-қайта майлайды, ат әбзелдерін бүтіндейді. Бұрынғы бөлімшенің, бертініректегі өндірістік кооперативтің басшыларына суықтау қарамауға, сұстылау сезілмеуге әзер-әзер шыдас беріп, аттарына жем бөлгізеді. Есқарасын ес көріп, балалық жасайды деместен, қозапая түсіру науқанына нағыз ғылыми-практикалық негізде мән бергізіп, арнайы кесте жасатады. Тізімге тіркелгелі келгендерге сәл де болса шекесінен қараңқырап, әкесінің бағасын көтеріңкіреп бағатын, өркениетті түрде айтқанда, қозапая тасушының имиджмейкеріне айналатын өзітұғын. Тор көз дәптердің ортаңғы қос парағына жасалған арнайы кесте Ешкілідегі ең ескі, қоржын тамның алдына ілініп қойылар. Онда ауылдың қай үйіне, қай күні, қай сағатта қозапая келіп түсетіні бейнеленер. Мәселенки, жиырма бірінші қараша күні, таңертеңгі сағат он жарымда орыс отан соғысы және еңбек ардагері Оңалбай Ізтұрғанұлының отбасына; түскі сағат бір жарымда кеңес кезіндегі партия сиезінің делегаты, атақты механизатор, бүгінде тракторынан тұлдыр қалмаған Қалмахан Қайыңбайұлының үйіне; кешкі сағат алтыда ғарышкер Гагарин атындағы сегізжылдық мектептің мүғалімі Жыңғылбай Айшуақұлына...
Әлбетте, әкесінің ішкі есебін Есқара ескермейді емес. Күніне мажар арбаны үш мәрте толтырып, мақталықтардың басынан Ешкіліге әкеп түсірмек ирелеңдеген ұзынтұра, жіп-жіңішке әкесіне жеңіл тимес. Сол себептен, оның інжәпия құпиясын қазбалап, кінәлаудың орынсыздығын түсінеді. Сәскеде қозапая түсірілетін үйден жеңіл-желпілеу шай-пай және жүз елу грамдай арақ күтілер. Түсте түсірілетін үйден жақсылап тойынып, ыстық ішіп алмаса, кирелеңдеп қалу оп-оңай. Ал, енді, әрине, кешке қарай қозапаялы болатын үйді мүдірмей діттемек, қателеспей таңдамақ абзал. Әрі ет жеу, әрі бірнеше бөтелке босату, әрі армансыз әңгіме-дүкен, сыр-сұхбат құрмақ мәселелері толайым-түгел шешілмегі ләзім. Әлбетте, әкесі барлық үйден бірдей тек қана ішіп-жей береді, қу құлқынның ғана қамын ойлайды деп жүрмегейсіз. Әсіресе, нарық кезеңі келгелі бері Ешкілі ауылының адамдары һәм заманға икемделді емес пе? Икемделгені сол-дағы, имиджі (бұрынғыша бедел, абырой) көтерілген әкесіне әжептеуір тиын-тебен ұсынып, ұялмауын өтінетінге айналған. Ондайда әкесі:
«Ақша деген немене, тапқан құлға,
Ақ теңгесін кім берер қара пұлға.
Қолдан келсе, еліңе еңбек сіңір,
Бұл өмірге болмайсың сен де тұлға!» —
деп, мазаттана әндетіп оралатын еді.
Былтырға дейін...
Иә, былтырға дейін, шамамен алғанда, осылай да осылай жалғасып келгентұғын.
Былтырға дейін шешесінің нешеме айлап жоқ боп кетіп, базар-ошар айналдыратыны да, Жезқазған жаққа күйеуге тиген әкпесінің, Астана жақта оқып жүрген ағасының қайырымсыз-хабарсыздықтары да білінбейтіндей еді ғой. Ал, былтыр, қара суық қарсаңында жыл сайынғы жаймашуақ тартар әдетінен жаңылған әкесі әлпеті қашып, қарасұрланып келген күні:
— Биыл бастан-аяқ киіндіріп, бәтеңке әперермін-ақ деп жүр едім, болмасқа кетті, балам, — деді түтігіп. — Арбадан да, аттан да, қозапая тасушы деген құқымыздан да жұрдай болып, жұтап қалдық.
— Неге, көке?! — деді бұл жар басынан секіргелі тұрғандай жүрегі өрекпіген күйде.
— Түк көрмегендер ғой, ең ақыры қозапая тасуға да «тендер» жариялапты. Аудан әкімінің құдасының пұдасы ма, бөлесінің мөлесі ме, ұтып алыпты. Атаңа нәлеті, арбакешті тағайындауға дейін аудан әкімі араласатынға айналған соң не оңады енді?! Енді мен не істеймін, аштан өлемін бе десем, тиемел жерің бар ғой деседі. Үлеске тиген жердің сиқы анау, ит арқасы қиянда. Сор басып, сорлап жатыр. Мақта термейсің бе дейді мені қорлап. Қолме-е-е-ен... Еңке-е-е-й-і-іп...
Мінекиіңіз, содан кейін Есқараның әкесі бір жыл бойы арақты қойып, несие деген несібенің жолында жүріп-ақ бақты. Бұйырмады, бірақ. Сонсоң бұрынғыдан бетер ішіп кетті. Оған дейін некен-нұқан, қозапая науқаны тұсында ғана күн сайын дерлік ішіп, кейін сиретуші еді, енді тіпті тежеу таппай, тоқтаусыз салынуға айналды.
Зәктенген, зардамданған қоржын тамда мұқы-тақы күн өткізуден әбден заразаптанып, мұғдарсыз жолға беттеп келе жатқаны мынау...
Есқара қалаға жақындағанда Қарақас — Арқас каналының қос қапталы қарабарқын тартып, үрей үйіре, жыбырлай шымырлаған күрең судың бетінде мұздышарық қылаңытқандай көрінді. Жетінші сыныптың оқушысы жүрегі суылдаған күйі бетон көпірден дірілдей өтіп, жарығы өлеусіреген шаһарға жұтылды.



* * *

Қас қарайғанда, қаратүнек жайлаған қоржын үйде жалғыз өзі жатқанда, мұғалім Жыңғылбай келіп, Есқараның қайда екенін сұрады. Ерекең, яғни айтсақ, Ерсәлім сүйретіле түрегеліп, Есқараның сүйікті ағайына ешкікөзденіп қарады да қойды. Қараңғыда онысын аңғармаған Жыңғылбай тағы тәптіштемектұғын, бірақ Ерекең қайтадан үнсіз жантайды.
Ертеңіне Ерекең күннің жазға бергісіз жаймашуақтанып кеткеніне таңырқай қуанды. Түнімен толғанған, талайдан бері басының бір бөлшегінде жүрген, енді біржолата бел байлаған әрекетіне әзірлік жасамаққа кірісті. Ең алдымен Есқараның ең сүйікті ағайы Жыңғылбай Айшуақұлынан түндегі иттігі үшін кішірейіп, кешірім өтінді. Сонсоң екі мың теңге қарыз сұрады. Қиялилау мұғалім Ерекең жайында жаман ойламас; әйелін немесе баласын іздеуге шығады десе керек, бір сөзге келмей-ақ, екі мың сомды қолына ұстатты.
Тозығы жеткен сұрғылтым сөмкеге бес-алты бөтелке арақ, үш күнге жететін тамақ, төрт-бес баклашка жанармай салып алып, Ерекең сол күні Ешкілі ауылынан қиянға ұзап кете барды. Ұшы-қиырсыз егістіктерде қозапая тұнып тұр еді. Ол сол күні дамылсыз, ұзақ жүрді де, бұл шақта адам аяғы жете бермес, бұрындары терең көл болған ойпаттың ең биік, құлама-құзар тұсын таңдады. Ғарышқа ұшып кетпекке жеңіл болсын дегендегісі ғой.
Құзар жардың басына үш күн бойы, күні-түні тынымсыз қозапая тасыды. Құшақтап та тасыды, қолтығына қысып та тасыды, жіңішке жіппен буып алып, арқалап та тасыды. Ақ тер де көк тер болып жинаған қозапаясы Ешкілінің ең биік үйі шамалас маяға айналды. Қозапая маясын қалай болса солай үймелей салған жоқ-ты. Текшелей қаттап, текпішек жасады; орта тұсын үңгігендей етіп, қуыс қалдырды. Төртінші күні таңертең ойпат түбіндегі сызашық суға баппен жуынып, шомыла шайынып, Жаратқан Иеге жалбарынып, кешірім сұрады. Асықпай, ақырын ғана аяңдап, ойпаттан жоғары көтерілді. Текпішектен еңбектеп, сұрғылтым сөмкесін иыққа асқан күйі, қозапая маясының төбесіне шықты. Жайғасып отырып алды. Қызғылтым, қарақошқыл, қоңырқай алаңқайлардан құралатын қозапая әлеміне ұза-а-а-ақ қарады. Шіркіндердің тізіліп тұратынын, суырып-суырып алғанда аздап аяйтынын; үйме-үймелер үлкейе түскенде, керісінше қуанатынын; тың тынысы ашылып, мажар арбаға мағұрлана артып жататын сәттерін; Ешкілінің иірқобыз көшесін жиектей жиналатын қозапая маяларынан жаңбырлы күндері жанды жабықтыра жүрек сыздатып, шүмектей су сорғалайтынын; өзге де небір мұңды суреттерді көз алдынан өткеріп, кеудесін күрсін кернеді-ай. Көптен көрмеген қатынының қарасұрлау жүзін ұмыта бастағанына аздап ұялыс тапты. Жезқазған жақтағы қызын, Астана жақтағы ұлын ойлаудан қашқақтады.
— Аман жүрсінші, тірі қалса, тесіп шығар бір жерден, — деді Есқарасын ғана елестетіп отырып.
Есқарасынан кейін Ерсәлім, неге екенін кім білсін, бұрынғы көл үстінде пайда болған экранға аудан әкімін әкелді. Әкім болып тағайындалғаннан кейін оны бірқанша рет жап-жақын жерден-ақ көрген-ді. Бұдан басқалардың бәрі түгелдей дерлік қоғадай жапырылып, бірін-бірі басып-жаншып кетердей ұмтылысып, әкімнің қолын алып қалмаса, қырылатындай қапылады. Шет-шелшеңдеу, ошарылған ошаған мәнзелдес табаны тапжылмайтын — жалғыз осы. Неге өйтетініне таңырқай бас шайқар. Кейіннен, әрине. Нысай-ниетінің, пейіл-пиғылының пәлендей терістігі жоқ, сонда да әйтеуір әкім дегенде бір пәле кежегесінен кейін тартады да тұрады ғой.
Елуінші жылдардың қақ ортасында Ерсәлімдер Қарақас — Арқас каналының бойына Қызылқұм түкпірінен көшіп келген. Әр тұстан қоныс аударғандар қауымдастығы қонған айдалада жыңғылдың өзі шанжағайтұғын. Шілдеге ұрынып, қырыла жаздады бұлар. Іштің ыстығын алады десіп, қора-қоралап қой емес, шөре-шөрелеп ешкіні көбейткен. Шекшеката тұқымы өсімтал ғой, қысқа уақыттың ішінде осы төңірек ешкіге толып кетті; жаңа ауыл Ешкілі атанды. Кенет кебенек килігіп, канал бойындағы малсымақ мұқым қырылуға айналды. «Мә-ә-ә-ә!» — деп бақырады да, көздері мұңғиықтанып, қылжиып қала береді. Ерсәлімнің апасы ақыл тапты ақырында. Кебенек дертінің де дауасы болады екен. Тоқал тамның есік-тесігін қымтап, сабан түтетіп, кебенек тие қоймаған ешкіні үш күн бойы ыстайсыз. Ажалы жоғы аман қалар. Ал, өлетіні белгілі болып, елегізіп, көз жанарлары тұманыта бастаған ешкіні ертерек бауыздап, сойып алып, етін өзінің қарнына тығып, сызашықтың бойындағы салқын саздақтан қазылған ұраға салып сақтайсыз. Үш жүздейінен үш-төрт ешкіні аман алып қалған Ерсәлімнің апасытұғын. Сол үш-төртеудің тұқымы әлі күнге дейін әр ауылда аз емес.
Бастауышта оқитын Ерсәлім талай-талай сақалды сайтанның қылжиып қалғанын көрген. Ал мына мақарыңыз, яғни айтсақ, ауданның бүгінгі әкімі тұп-тура сол кебенек келіп соққан жылы туғантұғын. Жас босанған шешесінің қалжасына соятұғын мал қайда, Ерсәлімнің апасынан көже-қатық сұрап, әкіміңіздің әкесі келген. Ерекеңнің есінен қалай шығады? Апасының саздақ ойпаңдағы ұраны ашып, мұның қарынға тыққан кебенек етін алып шыққаны күні кешегідей көз алдында тұр емес пе?! Ұраның топырақ текпішегі опырылып кетіп, тізесін қанатып алғанын қалай ұмытады бұл? Мұндай-мұндай мәселелер бір бүйірінде қаздиып қарап тұрмаса, қазақ —қазақ болар ма?! Бертінгі бір жылдарда бұл оқиға бірер мәрте ауыздан шығып кеткен-тін. Ерсәлімнің өзі емес, апасы абайсызда айтып салыпты. Бөтен-бөгдеге емес, бүгінгі әкімнің өзіне. Әкім болмай тұрғанда; бұлар қатты қиналғанда; нарық заманы басталып, зардамдануға айналғанда; айтқан-дағы амалсыз. Ерсәлімнің есінде жоқ, әлде бөлімше тарағанда ма; әлде кеңшардың жері жекешелендірілгенде ме; әйтеуір сөйдеп қалыпты ғой, сормаңдай шешесі.
Алғаш аудан әкімі болып тағайындалғанда, «баяғы баланы» құттықтауға Ерекең де барды. Өзінің ойына ондай-ондай мәселелер кіріп те шықпас. Құттықтау мұның не теңі?! Қаперде жоқта тізімге тіркеліп кетіпті. Ешкілі ауылының аттан түсіңкіремей жүрген бес-алты белсендісі ғана іріктелген тізімге жайдақ арбадағы Ерсәлім қалай ілігіп жүр дейсіз ғой? Мінекиіңіз, осы тұста үлкен қателік кеткен: кебенек келген жылғы оқиғаны «баяғы бала» оң бағалайды деп ойлаған да ауыл белсенділері. Ешкілі делегациясының құрамымен түгелдей дерлік құшақтасып, сүйісіп келе жатқан «баяғы бала» шет-шелшеңдеу тұрған бұған қолының ұшын ұсынумен шектелді емес пе?! Ерекең ондайда ошағанша ошарылар, әрине. Жаңа әкім ұзынша үстел үстіндегі әлдебір қағаздарға қарап, қайраткерсінеді-ей! Ешкілі ауылының шөпке тышарларын шет елдердің әлдебірінен келгендердей санап, өзіне сеніп тапсырылған ауданның аужайын айта бастады.
Ерсәлім арбакеш Ешкілі делегациясының мүшелерін Камбоджа, әлде Лаостың адамдарындай, ал аудан әкімін шамамен Шри-Ланканың көсеміндей елестетіп отырды. «Баяғы бала», яғни айтсақ, бүгінгі әкім аудан бойынша жеті мыңға жетеғабыл шаруа қожалығы бар екендігін; бір кездері уақыт және заман талабына сәйкес ерік беріліп, бөлініп, бытырап кеткендер бүгінде бірікпекке беттей бастағанын; бірақ, ендігі бірігудің мұқым басқаша мұғдарланатынын тәптіштеді.
— Ағайындар, — деді аудан әкімі Шри-Ланканың мақар президенті мәнзелдес парасат таппаққа тырысып. — Ендігі бірігу шындап жұмыс жасауды, бейнеттенуді біріктіру болмақ. Осыны мықтап ескергейсіздер, терең түсінгейсіздер. Былтыр аудан аумағында алпыс алты мың гектар мақта егілген. Мұның көлемі келесі жылы елу мың гектарға түсірілмек. Тек бір ғана дақылмен әуестеніп, әуейіленіп кетуге болмас. Өкінішке қарай, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары осыны ұғына бермейді...
Ауыл адамдарына ақыл айтып шығарып салғаннан кейін жаңа әкім ауданның жерін де, мал-мүкәмәлін де жекешелендіруді Қарақас — Арқас желінен бетер жеделдетті. Ерсәлімге және Ерекең тұрпаттастарға тиген үлестер шынымен-ақ ит арқасы қиянда еді. Каналдың қырық құраққа бөлініп, қылдырықтай арыққа айналып, судың ақабасы ғана қоймалжың тартып жетер тұстарытұғын. Жарым-жартысы киіздей тұтасқан ажырық, қалғаны қамыс-құрақ, солардан артылса, сортаңды ақтаңдақ. Пешенеге жазылдыға сайып, жер игермекке, несие алмаққа бекініп, көп әуреленді. Алты ай бойы табанынан таусылып, қажет құжаттардың үштен бірін әзер жинады. Ақырында алқынып, қолын бір-ақ сілтеді. Әншейінде бұқаралык ақпарат құралдарында сайрап тұратындай емес екен. Несие алу дегеніңіз қазақтың өз жерінен ғарышқа ұшуы мәселесін Мәскеу арқылы шешпектен титімдей де жеңіл шаруа болмай шықты. Ерсәлімдей арбакештер оған жету жолында жыл бойы жүгіруге тиіс екен. Келер жылдың өзінде несие атты несібеге колы жете ме, жетпей ме; егін еге ме, екпей ме; ол жағы мүлде беймағлұм. Осыған әбден көзі жеткен соң, шапанымды шешіп алмас деп, бел буып, "баяғы баланың" алдына да барды-ау! Мас-қара-а-а. Аудан әкімінің қабылдауына алдын ала жазылады екен; көп күндер бойы кезек күтеді екен; сарыла сарғаяды екен. Бәріне шыдап бақты. Көкілеттік өкілеттік алған заман-дағы; кесіркенген көбейіп, кішірейген азайып барады емес пе; шыдамасқа шараң нешік?
Кірер кезек жеткенде көмекшісі сыздаусып:
— Шаруаңызды шақтап қана айтыңыз. Ол кісінің уақыты өлшеулі, таңертеңгі сағат бесте облыс орталығында өтетін үлкен жиналысқа жүріп кетуі керек, — деді.
«Баяғы бала» орнынан тұрып, жұмыс үстелінің жанына шығыңқырап амандасты. Ай, атаңа нәлеті-ай, бірақ, сағыз шайнап тұрыпты да. Сонысынан тіксінді. Ерекеңнің апасы қайтыс болғанда да, тап осылай; менің келгенімнің өзі не тұрады дегендей кейіп көрсеткен-тін. Есік алдындағы қиямен, бір шетін қияңқы мия жапқан құрғақ сүрлеумен көтеріліп келе жатып, сағыз шайнауын доғармап еді. Сол сағыз шайнаған күйі көріскен; тап осылай, сағыз шайнап тұрып көңіл айтқансыған сонда...
Бала-шағасының жағдайын, қатынының сарсаң сауда жолында сандалатынын, тағысын-тағыларды қысқа ғана шолып өтпек еді; енді онысынан кілт айныды. Не де болса, несиені айтар алдында «баяғы баланың» аяғын жерге тигізіңкіреп алмаққа бекінді. Ерекең де сонда сағыз шайнағандай кекжиді-ау кенет:
— Кебенек келген жыл есімнен кетпейді, — деді кекірейе түсіп.
Аудан әкімі алтын тістерін сақ еткізе сағыз шайнауын доғарып, күрең тарта ресмиленді:
— Шаруаңызды айтыңыз, уақыт жоқ, — деді мұны мүлде танымайтын адамдай.
— Жаңа көмекшің ескерткен, уақытың өлшеулі. Білем, — деді бұл. — Таңертеңгі бестен тұрып, он жетінші ғасырда Мөңке би болжап айтып кеткен мағынасыз жиналысқа жүресің.
— Неменеге келдіңіз, соны айтыңыз!
— Несие деген шын нәрсе ме, өтірік пе? Соны ғана білмекке келгем. Аудан басының өз аузынан естімекке кіргем.
— Кімге — өтірік, кімге — шын, — деді «баяғы бала».
— Ақиқатын айтқаныңа рахмет, — деді Ерекең. — Сенен мұндайды да күтпеп ем.
— Тағы нені білгің бар? — деді «баяғы бала» да «сенге» көшіп, сіресіп.
— Қарақас — Арқас бойының құнарлысы мен құйқалысын, сулысы мен нулысын, жайлысы мен жақынын кімдер алғанын айтар ма едің, сұрасам?
— Неге айтпасқа?! — деді әкім сағыз шайнауын одан әрі жалғастырып.
— Мына мен және менің адамдарым алды. Ала бермек! Болдың ба?
«Құдайдан қорықпаған қорық» деген ғой, соңда әкімнің бүкіл болмысында ештеңеден де, ешкімнен де қорықпас алкеуде алапат бартұғын.
— А-ал, ала беріңдер. Сонда біз секілділер; қолмен мақта терместер; сендейлердің алдарыңда ешқашан еңкейместер не істемек керек? Аштан қата бере ме?
— Несі бар, небір өркениетті елдерде де аштан қататындаразкездеспейді, — деді «баяғыбала». — Еңкейместердің еншісі сол. Амал қанша, тәуелсіздігіңіз һәм бірқатар шығындарды талап етуге хақылы.
— Кімдердің қандай жолда өлетінін де біледі екенсің, — деді Ерекең сонда. — Мұны да сенен күтпеп ем. Рахмет! Бұған-дағы шүкір-ақ...
Есікті қатты жаппақ болғаны есінде. Алайда, зілмауыр зәулім мүлікке әл-дірманы жетпей, жұлқумен ғана тынып, еңкеймей шыққанның өзін қанағат тұтқан.
Қайтар жолында, өркениетті түрде айтқанда, аудан орталығының олигархиялық бөлігіндегі әкімнің үй-жайын әдейі ғана көріп өткісі келген. Алыстан қарағанның өзінде қорқып кетті.
Қызғанған жоқ.
Қызыққан жоқ.
Қорқып кеткені рас...
— Солай! — деді Ерекең экрандағы ауданбасыға. Сөйтті де оны «сөндіріп» тастап, ауыл жаққа қарады.
— Қош болыңдар, — деді Ерекең аспан тіреген қозапая маясының үстінде отырып. — Мен бүгін ғарышқа ұшам. Біліп қойыңдар, ғарышқа тек Байқоңырдан ғана аттанбайды адамдар. Қазақтар. Қозапаяның қызу-қуатымен кез-келген жерден ұшпаққа мүмкіндік бар. Сезгірлер ғана сезер-дүр мұны! Қош, Ешкілі елі! Қош, Есқара бала! Тірі қалсаң, тесіп шығарыңа сенем... У-у-у-у... Уу-уу-уу...
Жанармай толы баклашкаларды сөмкесінен суырып, қозапая маясының ортаңғы тұсынан әдейі үңгігендей етіп қалдырған, тереңінде қарқаралы, қаудасын қамыс жатқан тұсқа бірінен соң бірін шашып-шашып жіберді. Сонсоң кеуірт шақты.
Лез-демде лап ете түскен жалын лаулай алау заулатты.
У-у-у-у... Уу-уу-уу-уу-уу...
Ешкілі жұрты қозапая қалдығын екі күндей ақтарса-дағы Ерекеңнің денесінен ешқандай жұрнақ таба алмады. Қозапаяның қызу-қуаты адамның еті түгілім, сүйегін де түп-түгел балқыта ерітіп жібереді дескендер де аз емес-ті. Мүмкін, Ерекең шынымен-ақ ғарышқа ұшып кетті ме, кім білер? Ұшпады деуге нендей негіз бар? Дескендер-дағы табылған.
Бір таңданарлығы сол, бұл оқиға осы уәлаятта таласа-тармаса, тоқтаусыз шығып жататын, немесе тынымсыз сарнап тұратын бір де бір бұқаралық ақпарат құралының назарына мұқым-мүлде ілікпеді. Тіпті, бұдан мыңдаған жылдар бұрынғыдай, тас дәуіріндегідей тіршілік кешіп жатқан Тазагөйлер тайпасы туралы жан-жақты жазған аты шулы «Комсомольская правда» газетінің өзі һәм үн-түнсіз қалды.
Ал, жетінші сынып оқушысы Есқара Ерсәлімұлына келсек, оны Сағымкенттен ұшырастырғандар бар екен; жағдайы шыли жаман емес; әлдебіреуге жалданып жұмыс істеп жүріпті деседі.
«Тірі қалса, тесіп шығар бір жерден. Бәлкім, әкім болар. Басқашалау ыңғайдағы, әрине. Алдынан кім шығыпты дейсіз, өрен өскіннің...» Ғарыш тұңғиығынан ба, мұңғиықтанған қозапая әлемінің астынан ба, Қарақас — Арқас желінің у-у-у-уілінен бе, жарықтық Ерекең емірене елбіреп осылай сыбырлайтындай.


ӘКІМ КЕТКЕН КҮН

Кететін әкім сөзін күреңітіп бастап, күлгіндеу кейіпте аяқтап, жылы жымимаққа әрекеттенді.
Келген әкім сөзін сәл алабұртыңқырап бастап, қызылбудандана, жасандылау жайқарланып, жып-жылы жымиыспен тәмәмдады.
Хаттама жүргізуші Бәсіребек Төлеңгітұлы әдетте әкімдердің бет-жүзіне емес, көк желкесіне көз тастап отырушы еді. Бұл жолы жаңадан пайдалануға берілген, жақында ғана еурожөндеуден өткен кіші мәжіліс залының кінәратынан көк желкелерді көз сүзгісінен өткізе алмады. Қанша мақтаса да, жіптен жаңа шыққандай жұтынып тұрса да, жаңғыртылған мәжіліс залы хаттама жүргізушіге онша ұнамайтын.
Кеше кешке қарата Бәсіребек Төлеңгітұлы жұмыстан ертерек кайтып, автобусқа да мінбестен, айнала-төңірекке телміре қарайтын ғадетімен Т. қаласының тротуарына шыққан. Бұл Бұланай тауларының арғы жағында жүрген жылдары ағаш атаулының басқа түрлері құрып қалғандай-ақ, Т. қаласын тұп-тұтас қарағаш басып кеткен екен. Алыстан аңсап жеткенде, жігері құм болып, алып-ұшқан көңілін киіз жабудай бірдеңе тұмшалай тұншықтырғаны-ай. Кейін көзі үйренді, бірсін-бірсін өзі үйренді. Енді, мінекиіңіз, сол қарағаштарыңыз бірқатар жылдан бермен қағаз кеміретін хаттама жүргізушінің маңдайынан сипап, селдір шашын желпитіндей. Жол жағалай ән сап тұрмаса-дағы, үн сап тұрыпты.
Бәсіребек Төлеңгітұлы қаланың қиыр шетіндегі «хрущевкалардың» шетіне іліккенше шаршаған жоқ. Қайта, керісінше, тыңайып қалғандай. Қарағаштарды санамалап, сирек теректерді жанамалап, бір сағаттан астам уақытты қаза қылған екен. Бес қабатты бетон үйдің үстіңгі тозық балконынан әлі күнге дейін әжептеуір сүйкімді көрінетін, инабаттан мақұрымдана қоймаған зайыбы ақпарат айтты: «Телефонға. Жұмыстан», — деді жұмсақ қана үн қатып.
Үйге бірден кірмей, подъездің оң жағындағы отыз жылдық қарағаштың түбіндегі қисайған орындыққа жайбарақат жайғасып, темекі шегіп отырып, өзін-өзі алмауыт мінген ермауыттай сезініп, қиял-ғажайыптарға берілмек-ті. Ол ойы орындалмады.
Бесінші қабатқа керенау көтерілді. Асығып-аптығатын не бар дейсіз, телефонға шақырып жатса, жұмыстан қоңырау шалса, ол — үлкен жаңалық емес. Көп болса, ертең кезекті, бәлкім бір кезексіз жиналыс бар шығар. Соған ертерек жетпекті ескертер. Қағаз кеміріп келе жатқан жылдарының ішінде жұмыстан жалқы рет кешіккен емес. Сонда-дағы, тәртіптің аты — тәртіп, кеңсенің аты — кеңсе. Кезекті немесе кезексіз, керекті немесе керексіз жиналыс өтерде бұған міндетті түрде қоңырау шалынады, есіне салынады. Кешігуге мүлде болмайтыны ескертіледі.
Бетон үйдің биігіне көтерілу оңай ма, жалпы бөлімнің меңгерушісі жалығып, мұның өзіне телефон соғуды тапсырған екен. Зайыбы тар балконда сәбіз турап отырғандықтан, бұл мәселені кіші қызы мағлұмдады. Демін басып, Африка мен Азияның қиыр-шиырларындағы небір қиын елдердің, түрлі мемлекеттердің талайымен тағдырлас болған тайқы маңдайын терден құрғатыңқырап барып, жалпы бөлім меңгерушісінің телефон нөмірін терді. «Мен Бәсіребек ағаңмын ғой, шырағым», — деді. «Кадрлар түгел жасарып кетті, кейде бізге жүдә ыңғайсыз», — деді ішінен. «Айып етпеңіз, Бәсіребек Төлеңгітұлы», —деді жалпы бөлімнің меңгерушісі. «Әлі, осы уақытқа дейін жұмыста отырсыздар ма?» — деді бұл. «Бүгін, зәуіде бір ертерек қайтып ем, әйтпесе бөлім бастығынан кейін шығамын ғой», — деді ішінен. «Бәсіребек Төлеңгітұлы», — деді бөлім бастығы үнін сәл-пәл қатайтыңқырап. Бәрі бұны осылай атайды. «Басеке» деуге тағы келіңкіремейді, бастық емес. «Бәсіребек Төлеңгітұлы, ертең кезектен тыс актив жиналысы шұғыл түрде шақырылып жатыр», — деді үні іріңкіреген бөлім бастығы. «Немене, жайшылық па, әйтеуір?» — деді бұл. «Бүйтіп қадала қызықпайтынымды біледі ғой, өзінің даусына орай сұрағаным-дағы», — деді іштей. «Біз де біліңкіремей отырмыз, әйтеуір Үлкен Кісінің тікелей өзі келетін көрінеді», — деп, сыбырға көшті жалпы бөлімнің меңгерушісі. «Бір сағат ертерек келіңіз, жарай ма?» — деп қосты тағы да. «Жарайды-жарайды», — деді бұл. «Ә-ә, әкімнің ауысатыны расқа шықты», — деді ішінен.
Палаудың күріші тірілеу болды ма, Бәсіребек Төлеңгітұлы жөнді ұйықтай алмай, әлсін-әлсін жайсыздау түс үзіктерінен шошып ояна берді. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрынғыдай, отызға жетер-жетпес кезі екен. Африканың қақ ортасындағы қос сұлтанатта жер мәселесі жөніндегі өкіл болып жүр екенмін дейді. Ойпырай, әлдеқашан елге, туған жеріме қайтып кеткен секілді едім ғой, қалайынша қайтадан келіп қалғанмын, тағы да сол пәле-пәтірлердің етін жеп, сорпасын ішетінге айналдым-ау деп, қатты қиналыстан жаны қысылып, жүрегі атқақтап бара жатқанда көзін ашып жіберді-ау. Түрегеліп отырғанымен, көз алдынан қыл-қыбырлар мен жүн-жыбырлар кете қоймады. Біресе, қорапқа салынып сатылатын тарақан тәрізді жәндіктен буланып пісірілген палаудың, біресе шегір шегірткеден жасалған сорпаның дәмі тілінің төңірегін тызылдатып, мазасын кетірді. Асқазаны ашып, бауыры бүріп ауыратындай. Алайда, Африканың азабынан оянып құтылғанына қуанды. Балконға шығып, темекі тұтатты.
Баяғыда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім бастығы қызметіне енді көтеріле бергенде, жер мәселесі жөніндегі таптырмас, тындырымды маман ретінде құпиялау бір қызметке, інжәпиялау бір іске ұсынылып кете барды. Алғаш Алматыға, айрықша әңгімеге, артынан Мәскеуге, бөлекше пысықтап, біржолата бекітпекке шақырылды. Көп ұзамастан, өзгеше өкілетті халықаралық ұйымның арнайы тобына қосып, Африкаға айдады да жіберді. Әуелгіде араб елдерінің жер жөніндегі мәселелеріне араласты. Бірсін-бірсін ары қарата дендеп еніп, тереңдей бастады. Көрмеген елі, өлшемеген жері, таразыламаған топырағы, татпаған тағамы қалмады. Ара-арасында ғана туған жерге жіберетін еді. Бірде, Құран туралы айтуға да болмайтын кездер ғой баяғы, сол қасиетті кітаптың жалғыз данасын шекарадан алып өтемін деп, партия қатарынан шығарылды. Партиядан шыққаным — ең жоғары сенімнен айрылғаным-дағы, ендігәрі кері жібермес деп, бір жағынан жұбаныш жастанған-ды. Бөлені ме, бұдан өзге жер жөніндегі жөпшенді маман емге табылмай, демнің арасында қызыл билетті қайтарып беріп, Қара құрылықтың қақ ортасындағы қос сұлтанатқа жөнелтті.
Тарақан тәріздес жәндіктің қорапқа салынып сатылатынын сонда көрді. Шегір шегірткеден жасалған сорпаға сонда дәнікті. Лажсыздан, әрине. Жыланнан кесілген әсіпті әдемілеп тұрып жеуге әбден құнықты. Көлбақаның сирағынан шымшып ұстап, шиборбайын мүжігенде, Бөген құс фабрикасының бипыл балапандарынан кем көрмеуге үйренгені де сонда ғой.
Қос сұлтанаттың жағрапиялық жағдайы жағынан да, тұрғындарының ұлттық құрамы, салт-санасы, ішіп-жемі жағынан да, ұқсастықтары жетіп-артылады. Айырмашылықтары да аз емес. Қайбір жылы Сомали деген сормаңдайлау ел мен Пушкиннің арғы аталары шыққан Эфиопияның арасында жер дауы асқынып, соғыс бұрқ ете қалды. Қос сұлтанатқа ортақ бір мақал бар: «Пілді жел шайқаса, маймылды аспаннан ізде». Сомали мен Эфиопияңыз ол жақта алып мемлекеттер саналатындықтан, құртымдай ғана қос сұлтанаттың сұрқы қашты. Мәскеудің мысқыл миығы мен көгереңдеген көз қиығы ол аймақтағы жер дауын түп-түгел, түбегейлі шешпекті көздемес. Шынашақ айналмас аумақтарды шатақ өлшетері сондықтан. Зайырын түптегенде, жер жөніндегі өкілдер кәдуілгі күнәһар саясаттың құрбандары саналғанымен, кейбір жағдаяттарды жайбағыстап, талай-талай тайпаларды мұқым құрып кетпектен сақтамаққа септеспеді дей алмайсыз. Сана түкпіріндегі саңылтыр сызаттардың азапқа салмай, көбінесе кермектеу болса-дағы, мұнарлы-мұңды сағыныштың сазын шертер ызың қурайдай ырғалма елес туғызары, жеңіл ғана сырқырайтыны содан-ау, сірә.
Ой түбінен ой оянып, Қара құрылықты қиялмен кезіп отырғанында, балконның үстіңгі бұрышындағы ескірген әйнекке таң арайының жалқыны да жұққантұғын. Бәсіребек Төлеңгітұлы жуынып-шайынып, күндегіден бетер баптана қырынды. Сүйсініспен ішетін сүтсіз кофесін бабымен ұрттап тұрып, радио тыңдады. Пәлендей жаңалық айтылған жоқ.
Актив жиналысы бұрынғыдай үлкен мәжіліс залында емес, бөтендеу бітімде өтетінге айналған. Еурожөндеуден шыққан кіші мәжіліс залында, таңертеңгі сағат тоғызда деп хабарланған екен. Сақтық жасағандары ғой, әйтпесе, кәдімгідей сағатыңыз онды соққанда басталды. Алдымен Үлкен Кісінің өзі көрінді. Бұдан екі жыл бұрын келгендегісінен көп өзгерген секілді. Шаршаңқы, көздерінің алдындағы көлеңкелер қалыңдай түскен бе, қалай өзі? Қайрат пен құштарлық, сіреспелікті жолатпастай сергектік қат-қабат жараса жарысар жанарларында мұңдылау мазасыздық басымырақ. Хаттама жүргізушінің жүрегі жуалдыз шаншығандай шым етті. Үлкен Кісінің соңынан екі адам: кететін әкім, сосын келетін әкім шықты.
Хаттама жүргізуге арналған, магнитофон, тағы басқа жасау-жабдықтар орнатылған тұстан аумақтағы барлық аймақ атқамінерлерінің артқы шүйделері мен көк желкелері түп-түгел, ап-анық көрінетін еді. Бәсіребек Төлеңгітұлы қатты күрсінді. Айнала-төңіректегілердің бәрі бері бұрылып, бұған қарап қалғандай сезілді. Бірақ мүлде олай емес-ті. Мұның күрсінгеніне бірде-бір жан баласы мән-маңыз беріп жатпады. Хаттама жүргізуші неліктен соншама таусыла күрсінгенін өзі де түсінбеген. Үлкен Кісіні аяды ма, кететін әкімді аяды ма, келетін әкімді аяды ма, қаймана кара жұртты аяды ма? Жоқ, әлде көз алдындағы көк желкелерді аяп, мүсіркеді ме? Кенет күліп кеп жіберді. Тағы да жиналған жұрттың бірі қалмастан, толайым-түгел бұрылып, бұған таңырқағандай әсерленген. Сөйтсе, тап жанына жалп етіп отыра кеткен жалпы бөлімнің меңгерушісі де селт етпепті, бәрінің ындыны төргі тұста.
Үлкен Кісі сөйлеп тұр. Шаршаңқылау кейпіне ашу мен реніш, сонымен қатар, хаттама жүргізуші түсіне бермес тағы бірдеңелер қосылғандай. Қайтадан қатты аяп кетті.
Қызығын қараңызшы, қолы үшбу хаттаманы жүргізіп отырып, ойы қиырдағы қарақоңырлар мекендейтін қос сұлтанатқа кетіп қалды. Баяғыда, сонда жүріп, Бірінші сұлтанаттың да, Екінші сұлтанаттың да бір-бір әкімінің ауысқанына куә болған. Бірінші сұлтанатта бәрін «Табиғаттан басқаға тәуелсіз сот» шешеді. Олардың Табиғат дегені — Құдай дегені. Ал, соттары солай аталады.
Әкімдерінің кетуі былай еді. Оны ортаға отырғызады. Сөзді қор қылмайды, бәрін бимен-ақ білдіреді. Алдымен сүйектері саудырлаған, қабырғаларын қиналмай санауға болатын сегіз шал шығып, ойхай, билейді дейсіз. Кәнігі кәрі қақсалдарыңыз секеңдей секіріп жүріп, бір кезде табан астынан кілт бұрылып, орнынан түсетін билеушіні басып-жаншып жіберердей жетіп барысады да, ежірейе қарасып қалады. Беттерінен бір әжім білінбес, пісте майға қуырылған жасымықтай жалт-жұлт етер. Кәрі-құртаңдықтары арық-тұрақтықтарынан ғана аңғарылар. Сірескі күйде тізелерін сәл бүгіп, сегіз шал бір мезгілде шаңқ етер. Сол сәтте «Табиғаттан басқаға тәуелсіз соттың» төрағасы — тоғызыншы шал аспаннан түскендей пайда бола кетіп, өткір қайшысымен қарш еткізіп, билеушінің желкілдеген айдарын кесіп алар. Кесілген айдар сегізге бөлініп, сұлтанатты құрайтын сегіз аймақтың әкімдеріне таратылар. Ендігі сәтте сегіз әкімнің биі басталар. Босқа билемес, әрине. Билері арқылы ойларын айтар. Ақырында уыстарындағы айдар шашты отқа тастағандары қызметтерінде қалар, лапылдаған жалынға қимағандары... белгілі ғой. Сәлден соң-ақ жаңадан тағайындау басталады. «Табиғаттан басқаға тәуелсіз сотыңыздың» тоғыз тарланы орнында қалғандардың да, тыңнан тағайындалғандардың да желке тұлымдарын жоғары қайырып тастап, тас-түйінденіп, шүйделерінен үш-төрт елі төмен өлшеп, көк желкелерге шүйіле үңіледі-ай келіп.
Мұның мәнісі мынадай-дүр. Сұлтанат адамдарының бет-жүзінен бірдеңе білмек пен сезбек — қиынның қиыны. Әсіресе, үлкенді-кішілі, жоғарылы-төменді әмірші-әкімдердің арамдығы мен адалдығы, тағысын тағылары тек қана көк желкедегі құбылыстардан айқын аңғарылады деп есептеледі. Бет біткеннің қарақоңыр, қан-сөлсіз, сай-сызықсыз, қызыл-қызықсыз, жанарлардың жансыз көрінетіндігінен болар-ау деп түйіп жүрсе, Бәсіребек Төлеңгітұлының онысы-дағы онша дұрыстыққа саймады. Бірінші сұлтанаттағылардың пайымдауынша, адам, жер жүзіндегі күллі адамзат та бұл ғасырыңызда бет-жүзден, оның ішінде көз жанарынан түк білдірмеуге, ештеңе байқатпауға, дым сездірмеуге әбден машықтанып біткен. Сондықтан, енді анау-мынауды тек көк желкеден көрінетін құпиялардан ғана анықтай алуыңыз мүмкін.
Әнекиіңіз, солай. Жаңадан болған билеушіден һәм ант қабылдағанда, «Табиғаттан басқаға тәуелсіз сотыңыздың» сегіз мүшесі көк желкеден көз жазбай, міз бақпай, тесіліп қарап қалар. Төрағасы ғана төр жақтан таразылап тұрар.
Ал, енді Екінші сұлтанаттың адамдары шетінен шешен келеді. Сонда-дағы, өтірік айтқаннан гөрі өлім құшқанды артық санайды. Сөзге сенбеу, уәдені орындамау дегендейін ұғымдар Екінші сұлтанаттағыларға мұқым түсініксіз нәрсе. Алайда, еуропалықтардың енуіне байланысты бұл елдің салтына да сетінеу құрты түскелі ондаған жылдар өтіп үлгерген. Бәрібір, сөзі кем, әні жоқ, биі басым біріншіліктердей емес, екіншіліктер шешендікке басымырақ мән беруден танбаған. Сөз шіркін қорланып, аяқ астына түспес. Бірде Бәсіребек Төлеңгітұлы Екіншідегі әріптесінен: «Әмірші-әкімдеріңіз орнынан не үшін алынды?» — деп сұрады. Әлгі досы: «Суға батып бара жатқан кемені құтқармақтың орнына оның мұржасын бояумен әуреленгені үшін», — деп жауап берді.
Қос сұлтанат жайшылықта бейбіт қатар өмір кешеді. Екі ортада шатақ шығар шақ Шекара атты өзенге байланысты. Шекара өзені бір түнде, күтпеген жерден, білдірмей ғана бір қадамдай, әлде жарты қадамдай аунап ағады. Міне, сол сызашық салған әлектен, сынық сүйем жер үшін қос сұлтанаттың қарақоңыр тұрғындары жан берісіп, жан алысар. Бәсіребек Төлеңгітұлы және оның әріптестері үшін тыныс бермес тынышсыз жұмыс басталатын.
Қандай қателік жібергенін кім білсін-ай, кім білсін, шұғыл түрде туған еліне қайтарылып, екі жылдай қызметсіз жүрді бұл. Бүзіріктің мүдірігіндей мініңізге шайтан мінгессе, сезегендігіңізден жаңылып, сенделмеге түсерсіз. Кесіркенген жері жоқ еді, есіркенбеді де, мүсіркенбеді де, әйтеуір. Дегенмен, жер жөніндегі сарапшы маман ретінде жерде қалмады. Бұл жолы Бұланай тауларынан ары асты. Бірақ бәрібір, бұрынғы көңіл күйінен адаланып үлгеріпті. Тарақан тәріздес жәндіктен буланып пісірілетін палаудан ба, жылан әсіптен бе, шегір шегірткенің шылпылынан ба, бірдеңеден ұшынғандай, дел-сал тартып, тұйық тұнжырланып, өз ішіне өзі түсіп кеткендейтұғын. Сол себептен бе, ендігі жерде халықаралық ұйымның арнайы топтарында тек қана хаттама жүргізуші болып, қайта қалыптасты. Шығыс Азияның шет пұшпағында жүргенде, КСРО тарады, жер жөніндегі топтың мүшелері біржолата жұртына қайтты. Содан бермен қарата Бәсіребек Төлеңгітұлы осы кеңседе хаттама жүргізіп келеді.
Содан бермен қарата бірқатар әкімнің келгенін көрді, кеткенін көрді. Талай-талай бөлім бастықтарымен бірге тіршілік кешті. Тек бір мәрте ғана ескерту естігені бар. Ол кезде мынадай магнитофон, анандай компьютер дегендеріңіз әлі жаңбырша жауып, саңырауқұлақша қаптай қоймаған. Хаттаманы бастан-аяқ қолмен жазатын. Хаттама жүргізіп отырып, кейде келіп қалған ойларды, есіне түсіп кеткен мақал-мәтелді, данышпандар айтып өткен акыл-нақылды жаза салатын, артынан өзінің көк дәптеріне көшіріп алып, өшіре салатын әдеті бар-тын. Сонда ғой, әлгі хаттаманың қақ ортасына: «Қарны жарылғанша мелдектеп тойып алған мыңбасы, жүзбасы әскери кеңеске келіп, кекірік атып отыратын болса, олардың басы алынсын». (Шыңғысхан) «Ал, мына кеңестегі бастықтардың көпшілігі кекірік атып отырыпты», — деп жазып, онысын көк дәптеріне көшіріп алып, өшіріп тастауды ұмытып кетіп, хаттамаға басылып кетіп, ойхай бір, қызық болған. Қызығы құрысын-ай, қатаң ескерту алған.
Хаттама қалыпты түрде жүргізіліп жатты. Үлкен Кісі сөзін аяқтады. Ол кісінің сөзінен, басқаларды кім білсін-ай, кім білсін, хаттама жүргізушінің жон арқасы мұздап, талай талқыны көрген тайқы маңдайы терлеп жөнелді.
Әдеттегіше, кететін әкім сөйледі. Күреңітіңкіреп бастап, күлгінденіп барып аяқтап, жылы жымимаққа әрекеттенді. Келген әкім өз сөзін қызылбуданданып бастап, жасандылау жайқарланбаққа қол жеткізіп, келісті күлімсіреумен тәмәм етті. Хаттама жүргізушінің есінде ғой, кететін әкім де баяғыда, алғаш келгенінде, өзін-өзі шамамен осылай ұстап, тәуір-ақ күлімсіреген еді. Жалпы, кім-кімнің де, қандай әкімнің де келген кезден-ақ кетер сәтін сараптағаны жөн екен дә-ә-ә... Бұрынғы ата-бабаларымыз хаттама жасап, айтып-ақ кеткен екен дә-ә-ә...
«Ал, кәне, кім сөйлейді? — деді Үлкен Кісі. — Айтатындарыңыз бар ма?»
Ләм-мим бола қоймады. «Немене, сөйлейтін адам жоқ па?» — деді Үлкен Кісі. Бір-екі шал-шауқан бірдеңелер айтқандай. Хаттама жүргізуші Қара құрылықтың қақ ортасына барып қайтты. Бұл шалдар ол шалдарға жуымайды. Жоғарылы-төменді, жай кездері шіренгенде жер жарықтықты шайқайтын атқамінерлердің бірде-бірі үн қата алмады. Бұл жолы Бәсіребек Төлеңгітұлы Бұланай тауларынан ары асып, асығып оралды. Шыңғысханның баяғы, қағазына түсіп, құжатына кіріп кете жаздаған сөздері тілін түйіртпектеді. Сол әуенге салып: «Жүзбасылар мен мыңбасылар... Актив жиналысына аш келіпті-ау», — деді.
Тарап бара жатқандардың соңынан қарап, неше алуан көк желкелердегі құбылыстарды шынымен-ақ оқып тұрды. Хаттамаға түсіріп алар ма еді асықпай, деп ойлады.


 1 234>>>

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу